Өлең, жыр, ақындар

Ғұмар Қарашев және «Қазақстан» газеті егіз ұғым

 Ғұмар Қарашев – 1875 жылы Батыс Қазақстанның Кырқұдықелді мекенінде, қазіргі Жәнібек ауданында дүниеге келді. Ғұмар ноғай-қазақ руынан шыққан. Жастайынан әкесінен ерте айырылып, ауқатты туысқандарының қолында тәрбиеленеді. Уфа қаласында, Башқұртстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде Ғұмар Қарашев жайлы нақты мағлұматтар, өзі жазып қалдырған хаттамалар жетерлік. Соның бірінде ол өзінің ұстаздары жайлы былай деп жазады:

 "Ғылым тахсил еткен медреселері яки имамдары, ұстаздары – Уральский област Сламихин қариесінде ахун молла Ғұбайдулла Ғаликеев, Уфа шаһарында молла Хайрулла Ғұсманов, Қазанда молла Ғабдолғаллам Салихұғлы хазретлерінден".

 Мұны қазіргі қазақшаға икемдесек – "Ғұмардың ілім алған медреселері мен ұстаздары – Орал облысы Сламихин (қазіргі Жалпақтал) ауылындағы ахун молда Ғұбайдолла Ғалікеев, Уфа қаласынан молда Хайролла Ғұсманов, Қазанда Ғабдолғаллам хазірет Салихов" болып шығады.

 Ғұмар 1909 жылдары Орынбор дін басқармасының жергілікті жердегі өкілі – ахун қызметінде жұмыс атқарған. Сонымен қатар ауыз әдебиеті нұсқаларын жинақтап,  “Көксілдер”, “Шайыр” атты қос хрестоматия бастырып шығарған. 1911-1913 жылдар аралығында Оралда жарық көрген “Қазақстан” газетін шығаруға атсалысып, “Газет деген не зат?”, “Газет не үшін керек?” атты ағартушылық мақалаларынан бастап, әлеуметтік мәселелерге арналған мақалаларын жазып тұрды.

 Ғұмар Қарашевтің есімі аталғанда есімізге бірден "Қазақстан" газеті түсері сөзсіз. Ендеше, "Қазақстан" газеті төңірегінде сөз өрбітсек. "Халықтың қай дәрежеде алға кеткендегі ел арасына таралған газет, журнал һәм кітаптардан білінеді" деген Мұхаметжан Сералин атамыздың айтқанындай, 20 ғасырда біршама газет, журналдар шыққаны баршамызға мәлім. Солардың ішіндегі бірі де бірегейі осы "Қазақстан" газеті. 1911 жылдың наурызының 16-шы жұлдызынан бастап 1913 жылдың шілдесіне дейін Орал мен Ордада шығып тұрған болатын. Осыншама қысқа мерзім арасында 18 саны жарық көріп, күллі қазақтың жарқын болашағының, жарқын келешегіне құлаш сермеуіне септігін тигізді. Ол – қазақ  жеріндегі ең алғашқы демократиялық-ағартушылық басылым. Бұл газетті шығарысуға көмек берген сол уақыттағы ең алдыңғы қатарлы оқу орындарында оқыған демократиялық-интеллигенция өкілдері еді. Қазақ халқының мұң-мұқтажын, ағартушылық мәселелерін, әлемде болып жатқан жаңалықтарды өз бойына қамтыған баспасөз құралы.  "Қазақстан" газетінде мақалалар қазақ, орыс, татар тілінде жарияланған. Газет демократиялық бағыт ұстанды. Газет басқармасы Борсыда жайғасады, ал басылымның ресми редактор - шығарушысы жаңақалалық мұғалім Елеусін Бұйрин, қазақша жағын дұрыстаушы Ғұмар Қарашев болады деп шешілді.

 Жоғарыда аталғандарды қорытындылай келе "Қазақстан" газеті өз заманының тарлығын, мұң-мұқтажын, заман зарын жеткізе білді десек артық айтқанымыз емес деп білемін. Тарихшы Исатай Кенжалиев өзінің "Ғұмар Қараш" еңбегінде: "Газет Ғұмар Қараштың ұсынысымен "Қазақстан" деп аталды",-деп жазады. Осыдан-ақ "Қазақстан" газеті мен Ғұмар Қарашев есімі егіз ұғым деп нық сеніммен айта аламыз. Ойымды қазақ журналистикасының көрнекті қайраткері, белгілі тұлға Х.Бекхожиннің сөзімен қорытындыласам, "Қазақстан газеті елдегі революциялық жаңа өрлеудің ықпалымен ол прогресшіл, демократиялық бағытта болды".


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз