Өлең, жыр, ақындар

Ахмет Байтұрсынов — публицист. «Қазақтың бас ақыны»

Көрнекті ағартушы, ақын, журналист, ғалым, Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы әдебиеттану, тіл білімі, түркітану, педагогика, философия, әлеуметтану, мәдениеттану, журналистика салалары бойынша мол мұра қалдырды. Алаш арысының ғылыми-шығармашылық мұрасында Абайдың алар орны бөлек. Абайды қазақтың бас ақыны деп таныған А.Байтұрсынұлы ұлы ұстазының сөзін қашанда ғибрат тұтқан. Ұстаз бен шәкірт арасындағы шығармашылық байланысты А.Байтұрсынұлының өлеңдерінен, аудармаларынан, еңбектерінен анық көре аламыз, оған  дәлел 1913 жылы жарыққа шыққан «Қазақтың бас ақыны» деген көсемсөзі. Онда Ахаң: «Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ», — деп бірден тұжырым айтады. Әрине, бұлайша баға беру үшін Абайды жақсы танып, білу қажеттігі бәрімізге аян. 

Бірі білсе, бірі біле бермес Ахаң Абай туралы қаншама құнды еңбек жазса да ұлы ақынмен жүзбе-жүз кездесе алмаған. Бұл туралы мынадай дерек бар.

Міржақып Дулатов Абай шығармаларымен 19 жасында, 1904 жылдан танысқан екен. Сол Жақаң өзінің «Абай» атты көсемсөзінде Абай  өлеңдерінің жазбасын алғаш Омбыға барғанда Ахмет Байтұрсыновтан көргендігін айтады. Сонда Ахаң Абай туралы былай деген екен:  «Естуімше, Абай өз өлеңінін басылып шығуын тілемейді hәм бастыруға рұқсат бермейді екен. Күзде Қарқаралы қаласына барамын, сонда әдейі бұрылып Абайға сәлем беремін, танысамын hәм өлендерін бастыру жайымен сөйлесемін…»

Өкінішке қарай, Ахаңның бұл ойы орындалмайды. Абай сол жылы 23 маусымда дүние салады. Ахаң Абаймен таныса алмаса да, ақынның шығармаларымен жете танысқан, кейін тіл туралы жазған оқулықтарына кеңінен пайдаланған. Мәселен, Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» оқулығына қажетті  жерлеріне мысалды Абай өлеңдерінен көптеп келтірген. 

Ахмет Байтұрсыновтың  «Жиған-терген»  деген өлеңі  Абайдың «Сегіз аяғының» жалғасы, жаңа көрінісі іспетті:

Қазағым – елім,

Қайқайып белің.

Сынуға тұр таянып,

Талауда малың,

Қамауда жаның,

Аш көзіңді, оянып.

Қанған жоқ па әлі ұйқың,

Ұйықтайтын бар не сиқын !?

Ахмет Байтұрсыновтың елді бірлікке, «бас-басына түйе айдаған» ырың-кезекке емес, ынтымаққа шақыруды Абай ойларымен үндесіп-ақ тұр. Абайдың тарихи орнын, рухани болмысын қазақ оқырмандарына тұнғыш рет терең түсіндірген «Қазақтың бас ақыны» атты көсемсөзін Ахмет былайша аяқтайды: «Абайды қолымыздан келген қадірлі жұртқа таныту үшін мұнан былай кейбір өнегелі, өрнекті сөздерін газетке басып, көпке көрсетпекшіміз». Еліміздің әдебиеті, мәдениеті мен өнеріне, ұлттық ойлау мен парасат әлеміне Абай мен Ахметтің қосқан үлесі орасан зор.

Байназарова Аружан


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз