Өлең, жыр, ақындар

«Түркістан уалаятының газеті» - тұңғыш қазақ басылымы

Түркістан Уәлаятының Газеті– 1870 жылы Ташкент қаласында «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша басылым ретінде тұңғыш қазақ тілінде шыққан аударма газет. Басылымның басты ерекшелігі газет тек қазақ тілінде емес, жалпы Ресей империясының қол астындағы барша түркі халықтары тілінде шыққан, алғашқы мерзімді басылым болды. Газет айына төрт рет шығарылып отырды, бастапқы екі басылымы қазақ тілінде жарық көрсе, ендігі екі басылымы өзбек тілінде шығарылып отырды. “Түркістан Уәлаятының Газетінің” алғашқы редакторы шығыстанушы Ш.М. Ибрагимов болды.

Газеттің түпкі көзделінген мақсаты - Түркістан генерал-губернаторы К. П. фон Кауфманның ұсынысы бойынша өңірді зерттеу болды. Бұл мәселеде негізгі тақырып үстем билікті бекіту болса да, газет журналистика құрылымының екі саласының белсенді бірігуінің мысалы болды. Газеттің өзінің алдына қойылған идеологиялық және де насихаттық функцияларды орындай отырып, сонымен қатар Қазақстанның мерзімді баспасөзінің бұқаралық ақпарат құралы ретінде тікелей қалыптасуының негізін салды.

Дәлірек айтқанда «Кәсіби қазақ журналистикасының» бастауына түрткі болды.  Журналистиканың ана тілінде пайда болуы, елдің мәдени мұрасындағы және тарихындағы маңызды кезең екені сөзсіз. Газет патшалықтың мүддесін білдіруге арналғанымен, оның басылымдарында қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси мәселелері туралы, Қазақстанның байырғы елінің әдебиеті мен өнері жайлы мақалалар, хат-хабарлар жиілеп шығып тұрды. Газет дәстүрінің тікелей ізін жалғастырушы 1888-1902 жылдары Орынбордан шығып тұрған «Ақмола облыстық ведомостарына» қосымша болған – «Дала уәлаятының газеті» екені бәрімізге мәлім. Ресми бөлімдерінде патша үкіметінің, жергілікті басшылық өкімдері, жарлықтары жарияланса, бейресми бөлімдерінде қазақ халқының ішкі өмірі туралы мақалалар, ақпараттық жазбалар ұсынылған және шығарылған. Көптеген материалдар жазушылардың, ақындардың, шығармашыл адамдардың әдеби шығармаларына арналды. Қазақтың көрнекті ақындары мен ағартушылары, публицистері А.Диваев, М.Ж. Көпеев, Қ.Бабажанов және басқаларының материалдары алғаш рет осы газет бетінде жарық көрген. Сонымен қатар газет басылымдарында өлкеде болып жатқан саяси-экономикалық, әлеуметтік, мәдени және т.б. сипаттағы үрдістер газет бетінде белгілі бір дәрежеде бейнеленіп отырды. “Түркістан Уәлаятының Газеті” шығып тұрған кезең қазақ халқының тарихында оларды толық және түпкілікті отарлау мақсатында жүргізілген кең көлемді шаралардың басталуымен ерекшеленеді. Сондықтан “Түркістан Уәлаятының Газеті”, ең алдымен Ресей империясының Түркістан жерін отарлау тарихының дерек көзі болып табылады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз