Epлiк туралы сага
БІРІНШІ КІТАП
Орыс тілінен аударған Мыңбай Ілес
ИСЛАНДИЯ ІЗАШАРЫ
БІРІНШІ БӨЛІМ
БІРІНШІ ТАРАУ
КОЛУМКИЛЛИ
Исландтар шежіресінде айтылатынындай, ерте заманда Исландия жеріне Батыс елдерінен келген адамдар қоныстана бастаған. Олардан қалған белгілер — айқыштар, қоңыраулар, сиқырлап көз бояушылықтың алуан түрлі құралдары ғана. Латын жазба деректерінде папалықтың бастапқы жылдарында мұнда келгендердің аты-жөндері де бар; олардың алғашқы ізашары дұға оқып, аруақ шақыратын атақты сиқыршы ирландиялық Колумкилли еді. Ол кезде Исландия топырағы ерекше құнарлы болатын Кейінірек бұл өңірге солтүстіктің тұрғындары келе бастады да, алғашқы қоныстанушылардың қашуына тура келді. Шежірелерден белгілі: кәнігі сиқыршы Колумкилли кейінгі келімсектерден кек алу үшін, олардың басына қайдағы жоқ қырсықты үйіп-төгіпті-міс; соның салдарынан Исландия топырағы азып-тозып, құнарлылығынан айырылыпты-мыс, сортаң тартып, өнім бермейтін болыпты-мыс...
Уақыт шіркін өте берді. Солтүстіктен келгендер өздерінің байырғы ақиқат дінінен бас тартып, өзге тайпалардың үлгісімен түрлі пұттарға табынатын болды. Сөйтіп Исландияны астан-кестен рухани төңкеріс жайлап алды. Солтүстік тұрғындарының құдайлары көзге құбыжық көрінетін мазаққа айналып, қорланатын болды, жұрттың көбі өздеріне Шығыс пен Батыс елдерінен әкелінген құдайлар мен құдай сымақтарға құлшылық ететінді шығарды. Аңыздың айтуына сенсек, Колумкиплиді есте сақтау құрметіне сол кездің өзінде осынау ашық аңғардағы ғибадатхана салыныпты-мыс. Кейіннен барып, бұрын бос жатқан сол жерде үп-үлкен Альбогастад хуторы бой көтеріп, өсіп шығыпты-мыс.
Ал 1750 жылы әлдебір сиқырлы күш сол хуторды жермен-жексен етіп қиратып кеткеннен кейін Утиредсмири-Рейкдальдағы окруктық судьялық судья Иоун, жұрттың аузындағы сөзіне қарағанда, көзге елес беретін жын-шайтандар жайлайтын биік жотадағы сол аңғардың қандай құпиясы бар екенін ашуға құмартыпты. Сөйтіп ол ондағы адам айтса нанғысыз оқиғаларды өз көзімен көріп, куә болыпты-мыс және бұл жөнінде өзінің "Альбогастадтағы жын-шайтандар туралы" деген атышулы хабарламасында жазып та беріпті. Қыстың орта шенінен бастап Үш Құдай мерекесіне дейін әлгі жын-перілер кімнің болса да үрейін ұшыратын қорқынышты үн шығарып, зар еңіреп жылапты, халық хуторды тастап, кентке қарай бет-бетімен қашыпты. Әлгі жын-пері судья Иоунның құлағына екі рет оның атын атап, айқайлапты-мыс. Мұның "Сен кімсің?" деп қойған сұрағына біресе қайдағы бір латынша ұятсыз өлеңмен, біресе бейауыз боқтық дөрекі сөздермен жауап қайтарыпты-мыс.
Судья Иоун жарық дүниеге келмей тұрған есте жоқ ерте заманнан бері әлгі жын-шайтандар туралы сақталып келе жатқан неғұрлым кеңінен танымал аңыз туралы айтқанда келешекте жағалаудағы жотаның аңғарын аралап көргісі келетін, бір кезде ат тұяғы таптаған, ал қазір шөп басып кеткен ескі сүрлеулермен жүріп өтуді қалайтын, тіпті сонау бір көне заманда хутор тұрған, қазір батпақты ойпаңның ортасында қалған төбеге де қызыға ден қоятын адамдар үшін мына бір аңызға да тоқтала кету тіпті де артық емес деп отыратын.
Епископ Гудбранның* өмірінің соңғы жылдарында Альбогастад хуторында ерлі-зайыпты екі адам ғана тұрды. Күйеуінің атын білмейміз, ал әйелінің аты әлде Гунвер, әлде Гудвер еді. Жұрттың айтуынша, ол әйел жүгенсіз кеткен мінезсіз бетпақтың нағыз өзі екен, көз бояйтын сиқыршылықпен айналысыпты, жұрт одан аулақ жүруге тырысыпты. Күйеуінің ынжықтығы сонша, әйелінің айтқанынан тым болмаса бір елі де шыға алмапты. Сол отбасы алғашқыда тым жұпыны тіршілік етіпті, олардың батырақтары өте аз болыпты. Аңыздың айтуына қарағанда, Гунвер босанған сайын өз нәрестесін күйеуінің өлтіріп тастауын талап етіп, оларды тауға алып барып, жалпақ тастың астына бастырып кетуге мәжбүр етумен болыпты. Жыл сайын бүгінгі күнге дейін көктем шыға, күннің көзі жылт етіп көрініп, кар ери бастаған кезде бейшара нәрестелердің шырылдап жылаған дауыстары естілетіні содан деседі. Ал күйеуі кейде шақалақ нәрестені мойнына тас байлап, көлге батырып жіберетін де болыпты. Қазір қақаған аязды айлы түнде көл жақтан өксіп-өксіп жылаған нәрестенің даусы естілетіні де содан көрінеді — мұның өзі ауа райының бұзылып, қолайсыз болатынын білдіреді.
Жыл өткен сайын әлгі Гунвер адамның қызыл қанын ішіп, аппақ миын жеуге құныға түсіпті. Жұрттың айтуынша, ол өзінің тірі қалған балаларының күре тамырын қиып жіберіп, қанын сорады екен. Ол күйеуіне үйінің ту сыртына лашық тұрғызуға әмір етіп, өзі онда жын-шайтанның дию басшысы Колумкиллидің құрметіне от жағып, иіс шығаратын болыпты.
Былай деп те айтады: бір күні бейшара күйеуі әбден ығыры шыққандықтан одан қашып құтылуға, сөйтіп өзінің сиқыршы әйелінің қылықтары туралы бүкіл шындықты жалпақ жұртқа жария етіп, масқара етуге бел байлапты. Бірақ соңынан әйелі қуып жетіп, Редсмири асуында оны ұстап алыпты да таспен ұрып өлтіріпті, марқұмның мәйітін масқара етіп, әбден қорлапты. Оның сүйегін жиып-теріп өзінің лашығына алып кетіпті, ал етін ит-құсқа жем болсын деп асу үстінде қалдырыпты. Ол былайғы жұртқа "Күйеуім жоғалған қойларды іздеп жүріп, тау ішінде мерт болды" деп хабарлапты.
Күйеуінің қазасынан кейін Гунвер қатты байып шыға келіпті, небір тамаша арғымақ аттар ұстапты, ал шіркеуге жиналған жұртқа бұл байлыққа Колумкиллидің сиқыры арқасында ие болғаннан деп жариялап жүріпті.
Ол кезде бұл жердегі кентке әр жақтан көп адам келеді екен: жаздыгүні көшпелі мұз астынан балық аулау үшін, ал көктемде — күнге кеуіп, қақталған балық қорын жасап алу үшін келетін көрінеді.
Адамдар бірте-бірте Гунвердің күмәнді қылықтарын сезе бастайды, оның жылқысы үсті-үстіне көбейіп бара жатқанын байқайды. Өйткені Гунвер шіркеуге баруын барғанымен, тіпті Үш Құдай мерекесі күнінде де Редсмири шіркеуінде Құдайға жалбарынып болысымен не аспанға, не күнге көз салу дегенді білмейтін еді.
"Ел құлағы — елу", ақырында Гунвердің күйеуі тіпті де өз ажалынан өлмепті, оны да, өзге де адамдарды өлтірген әйелінің өзі екен деген сыбыс естіліп, жалпы жұртқа жайылып кетіпті. Ол біреуді ақшасына бола, ал енді біреудің қанын ішіп, миын жеу үшін өлтіреді екен. Альбогастадтың маңындағы аңғардың оңтүстік қиыр шетінде Сүліктер көлі деп аталатын кел бар — Гунвер өз қолынан қаза тапқандардың мәйітін сонда батырып жіберетін көрінеді. Әдетте ол өзінің мейманын түн ішінде ұйықтап жатқан жерінде жарып өлтіріп, кеңірдегін тісімен қиып, қанын сорады екен, етінен ет кесіп алып жейді екен, ал сүйектерін Колумкиллимен бірге ойыншық етіп ойнайды екен. Бірде ол біреуді ай тақыр болып бос жатқан иен далаға дейін қуып барып, оны ай сәулесіне шағылысып жарқ-жұрқ еткен қанды қанжарын қадап өлтіріпті; ол әйелдің қарулы болғаны сонша, тіпті кез келген еркекпен күш сынаса алады екен. Оның үстіне, жауыздық пен зұлымдық жасауына оған дию Колумкилли көмектесетін көрінеді. Адамдарды әлгі бос жатқан йен даланың бетіндегі аппақ қардан қызыл қанның жосып жатқан ізін әлі күнге дейін, әсіресе Рождество мерекесі қарсаңында жиі көретіні содан деседі.
Гунвер өлтірген адамдарының мәйітін аңғарға алып барып, мойындарына тас байлап, сондағы көлге батырып жібереді екен; содан соң олардың бар байлығына - киім-кешегіне, мініп келген атына, қалтасындағы ақшасына ие болып шыға келетін көрінеді. Оның балалары шетінен ақыл-есі кем, нақұрыс біреулерге айналыпты — үйдің төбесіне шығып алып, ит болып үруден, табалдырық түбінде жатып алып, тістерін сақылдатып айбат шегуден шімірікпейді екен. Дию оларды сөйлеу қабілетінен де, ойлау қабілетінен де айырып, жұрдай еткен көрінеді. Ал жалмауыз кемпір күні бүгінге дейін түн қараңғылығы түсе бастағаннан-ақ балаларға мынадай өлең айтып, ән салатын көрінеді:
Жаяу жеткен жолаушыны
Алдап-сулап, арам оймен
Гунвер қонақ етеді.
Соры қалың бейшараның
Қанын ішіп, етін жеп,
Гунвер қорек етеді.
Содан кейін ол сорлының мәйіті
Мойынына тас байланып,
Тұңғиық көл тереңіне
Мәңгі-бақи кетеді.
Қанға бөккен жолдың бойы
Әрқашан да бар болғай,
Ұйықта, балам,
Құдай бізге жар болғай!
Салт аттылы жолаушыны
Алдап-сулап, арам оймен
Гунвер қонақ етеді.
Соры қалың бейшараның
Қанын ішіп, етін жеп,
Гунвер қорек етеді.
Әзәзілдің қанжарынан
Ол да мерт боп кетеді.
Қанға бөккен жолдың бойы
Әрқашан да бар болғай,
Ұйықта, балам,
Құдай бізге жар болғай!
Құдай деген адал жанды
Алдап-сулап, арам оймен
Гунвер қонақ етеді.
Соры қалың бейшараның
Басын жарып, миын жеп,
"Әуес асым менің" деп,
Оны қорек етеді,
Гунвер сөйтіп, түбіне оның жетеді.
Қанға бөккен жолдың бойы
Әрқашан да бар болғай,
Ұйықта, балам,
Құдай бізге жар болғай!
Гунвер сені алдап-сулап,
Арам оймен өз үйіне
Қонақ етіп шақырса,
Өз сорыңның қайнағаны
Сол болар — аяқ-қолың
Жілік-жілік, бүкіл етің боршаланар,
Ал Гунвердің қорек етер
Құмар асы мол болар.
Қанға бөккен жолдың бойы
Әрқашан да бар болғай.
Ұйықта, балам,
Құдай бізге жар болғай!
Кәрі дию Колумкилли
Мені осылай қанішер ғып,
Тәрбиелеп, баулыған,
Гунвер үшін қанның дәмі
Қандай тәтті керемет!
Ал жұмсақ ми одан өткен тамаша!
Әр күн сайын солар маған табылып,
Қайран менің қорегіме жараса!
Қанға бөккен жолдың бойы
Әрқашан да бар болғай,
Ұйықта, балам,
Құдай бізге жар болғай!
Уақыт өте келе Гунвердің зұлымдығы әшкере болды; оның мойнында көптеген кінәсіз жанның қаны бар екенін жұрттың бәрі де білді. Қанішердің қолынан ерлер де, әйелдер де, балалар да қаза тауыпты. Содан соң ол түн жамылып, кәнігі дию Колумкиллиге табынып, дұға оқумен болады екен. Округтық тинг* (жергілікті халық жиналысы) Гунверді өлім жазасына кесті де Үш Құдай мерекесінен кейінгі алғашқы жексенбіде ол Редсмири зиратының қақпасы алдында төрт тағандалып, қолы қолдай, бұты бұттай кескілеп өлтірілді. Гунвер бұл өлімді қаймықпай қарсы алды, өліп бара жатып адамдарға сұмдық қарғыс айтып кетті. Оның бөлшек-бөлшек болып кескіленген мәйіті қапқа салынып, асудағы Альбогастадтың батысына таман көмілді, мола үстінде едәуір биік төбешік пайда болды. Ол қазір де анадайдан көрініп тұр. Үстін шөп басып кеткен. Гунвер моласы деп аталады. Жолаушы асудан асқанда оның моласына тас тастап, кешірім сұрап өтеді. Бұлай ету түрлі бәле-жаладан сақтандырады дейтін көрінеді; ал кейбіреулер оның жанынан өтіп бара жатып тас тастап кету арқылы өздерінің аман-саулығы мен тыныштығын қамтамасыз етуді ойлайды екен.
Егер Гунвер тірісінде қатыгез зұлымдығымен әйгілі болып танылса, өлгеннен кейін ол одан сайын құтырынып кетіпті. Қараңғы түн жамылып, хуторға келген сайын өз қолынан құрбан болғандарды — ерлерді де, әйелдерді де, балаларды да тірілтіп, ертіп жүретін көрінеді. Ондайда Альбогастад тұрғындары үрейі ұша қорқады екен. Өзінің ескі әдетіне басқан Гунвер тірілерді де, өлілерді де әбден қинайтын болыпты. Хуторда түні бойы азан-қазан болып, улап-шулап жылаған дауыстар құлаққа келеді екен. Бейне бір ауыр азапқа шыдай алмай, дамылсыз ерсілі-қарсылы ызғып жүрген бейшаралардың шағым айта күңіренген аянышты дауыстары сияқты естілетін болыпты. Кейде жер бетіне будақ-будақ күкірт буы көтеріліп, адамдар тынысы тарылып, тұншыға қиналады екен, ал ыза буып, долданған иттер, бірін-бірі жеп қоярдай өшіге таласады екен. Кейде Гунвердің жіберген сұмдығының күштілігі сонша, тіпті үйдің төбесін жабуға салынған бөрене мәткелердің өзі де сықыр-сықыр етіп, сынып кете жаздайтын; қаншалықты мықты деп салынған үйлердің бірде-бірі құтырынған соққы мен түні бойғы тынымсыз дүбірден аман қала алмайтын. Адамдарды не жануарларды ауыздықтап мініп алған сияқты жалмауыз Гунвер қорадағы сиырлардың белін үзіп кететін, әйелдер мен балаларды естерінен тандыра үрейлендіретін, тіпті көпті көрген қарттардың да зәресін ұшыра қорқытатын; Құдайға жалбарынып шоқынған, сиқырлы дұғалар оқыған әрекеттердің ешқайсысы да оған әсер ете алмайтын. Аңыздың айтуына қарағанда, оны жеңген, сөйтіп тау ішіне қашып құтылып, бой тасалауға мәжбүр еткен бір-ақ адам болыпты — ол көп оқыған ғұлама ғалым, Редсмири шіркеуінің пасторы көрінеді. Гунвер тауға қашып барғанда қарсы алдынан үлкен жартас ортасынан қақ айырыла үңірейіп, оның аңғарға өтіп кетуіне жол беріпті-міс. Ол үңгір таудың биік шыңынан осы уақытқа дейін қарауыта көрініп тұр. Біреулер Гунвер әлдебір құбыжық мақұлыққа айналып, сол жартастың қуысына жайғасып алыпты деседі, енді біреулер ол әлі күнге дейін көл түбінде өмір сүреді дейді.
Шынында да бізге белгісіз бағзы заманнан бері осы көлде қайдағы бір құбыжық мақұлықтың болып келгені екінің біріне мәлім емес пе еді? Көп адамдар оны өз көздерімен көріпті-міс. Оның растығына тіпті ешқандай да елес атаулыға сенбейтін жандардың өздері де ант-су іше куәлік бере алады. Кейбіреулер әлдебір сиқырлы алапат күш Альбогастад хуторын үш қиратқан десе, басқа біреулер жеті рет қиратқан дейді. Сол себепті де ол хуторда қалуға бірде-бір шаруаның жүрегі дауаламапты да хутор қаңырап бос қалыпты. Ал Рейкдальдағы округтық сот бір кезде оны Утиредсмири аумағына қосып жіберген көрінеді. Ол содан бері қойдың қысқы жайылымына айналыпты. Оның "Қыстау" аталуы да содан екен. Қазір онда қозы бағылады.
ЕКІНШІ ТАРАУ
ЖЕР
Батпақты алқаптың орта тұсындағы аласа төбенің үстінде жартылай жапырайған ескі үй тұр.
Бәлкім, табиғат бұл төбені жарты етіп жаратқан болар. Бәлкім, бұл дүниеден әлдеқашан өтіп кеткен шаруалар осы алқаптың аңғарындағы шағын өзеннің бойына бірнеше ұрпақтары кезінде өздеріне баспана салумен келген болар, қираған хутордың үстіне бірінен соң бірі талай хутор тұрғызылған да шығар. Бірақ соңғы жүз жылдан астам уақытта бұл өңір қой жайылатын өріске айналғаны рас. Бұл өңір соңғы жүз жылдан астам уақыт бойы қой қоздап, қозы маңырап, у-шуға бөленіп келеді.
Осы төбеден оңтүстікке қарай кеңінен созылып жатқан шалшықты батпақтың әр жер-әр жерінен арша бұтасы өскен кішкентай төбелер көрінеді. Анау Редсмири асуынан төмен қарай осы батпақты алқапты бетке ұстап өзен ағады. Енді бір өзен көлдің өзінен бастау алып, бос жатқан йен даланың шығыс бөлігіндегі аңғар арқылы ары қарай кетеді. Жайылымның солтүстігіне қарай тау жотасы тік көтеріледі. Оның беткейі бейне бір қолмен сеуіп тастағандай қиыршық тастарға толы, ойдым-ойдым жерлерде арша өседі. Кей жерлерінде аспанға атылған үшкір жартастар кездеседі. Ортасынан қақ жарылған осындай бір жартастың арасынан көктемге салым едәуір жіңішке, шапшып ағатын құлама су пайда болды. Ал оңтүстік етектен соққан жел оның суын жоғары көтерген кезде бұл су төмен қарай емес, бейне бір жоғары қарай шапшып ағатын сияқты көрінеді. Жартастың төменгі жағында қойтастар шашырап жатыр. Жайылым бос жатқан йен даладағы бұрынғы Альбогастад хуторының орнында. Ол көпке дейін "Қыстау" деп аталып келді.
Әлгі кішкентай ғана шағын өзен қой қораның жанынан ағып өтіп, жайылымды сыртынан жарты шеңбер жасап қоршайды. Мөп-мөлдір суық суы ешқашан үзілмейді. Жаздыгүні оның сылдырап аққан суына күн сәулесі тынымсыз ойнақ салады, жағасынан күйіс қайтара үйездеген қойды көруге болады.
Көгілдір тымық аспанның да, айдынында аққу қалқып жүзген көлдің де, асығыс ағып жатқан өзеннің де, мөлдір суда еркін жүзіп, асыр салған форельдің де жарасымды жарқын көрінісі көз қуантады, олардың шұғыла шашқан күн астындағы әдемі үні құлаққа келгендей болады.
Аңғарды бір жағын тау қоршаса, екінші жағын кеңінен көсілген жазық дала алып жатыр. Батыс жақта жіңішке асу көрінеді, оның арғы бетінде Утиредсмири, Редсмири немесе жай ғана Мири, жергілікті діни қауым ұйымы басшысының мекен-жайы бар. Ол бұған дейін осы таулы аңғарды түгелдей иемденіп келген болатын.
Редсмириден төмен түскен сайын хуторлар мен қыстақтар көбейе береді. Бос жатқан йен жазықтағы жайылымның шығыс бөлігін Фьордқа баратын жол кесіп өтеді. Асықпай жүрген салт атты жолаушы қалаға бес сағатта жете алады. Оңтүстікке қарай толқынданған тау сілемі созылады. Ол бірте-бірте биіктеп барып, Блауфьедль тауына ұласады. Ол тау төменнен қарағанда көк аспанның өзімен жалғасып тұрғандай көрінеді. Оның биік шыңдарындағы қар Иванов күні мейрамы келгенге дейін ілуде бір рет қана ериді. Блауфьедльдің арғы жағынан бос жатқан кең жазық тағы да басталады. Көктем кезінде бұл аңғарды жылы жел еседі.
Бұл аңғарға көктемгі жел соғып. өзен жағасындағы былтырдан қалған шөп те, көл айдыны мен ондағы аққулар да күн көзінің мейірімді шұғыласына бөленген, батпақты өңірдің өзінен жас өскіндердің еліге өсе бастаған кезінде сонау бір замандарда осы бір құнарлы аймақта адам айтса сенгісіз сұрапыл сұмдық оқиғалар болған дегенге иланғыңыз келмейді. Салт атты адамдар ғасырлар бойы ат тұяғы таптап тастаған тасты сүрлеумен өзен жағалап, көктемнің жылы желіне кеудесін тоса, күн шұғыласына маужырап, рақаттанып жатқан аңғарда серуен салған кезде өткен күндердің келеңсіз оқиғалары өзінен-өзі ұмыт болады.
Қазіргі жас ұрпақтың қайдағы бір сиқырлы елестердің бір кезде адамдарды қалай қинап, қорлағаны туралы естігісі де келмейді. Алайда сиқырлы сұрапыл күштер кең жазықтағы Альбогастад хуторын қанша рет қиратты десеңізші, зұлым күштердің қырсыққан қарсылығына қарамай, адам оны қанша рет қайтадан қалпына келтірді десеңізші! Ал кедей бейшаралар әрбір жүздеген жыл сайын өз мекен-жайларынан қашып шығып, қол мен жартастың аралығындағы осы төбеге қанша рет көтеріліп, өз бақыттарын сынап көруге, осы бір құнарлы алқапты сиқырлаған, адам қанын судай ағызған зұлым күштерге қарсы күресуге берік бел байлады десеңізші. Өз өмірлеріне қастандық жасап, қырсыққа шалдырған дию күштерге ерегіскенде тап осы төбеде бірінен кейін бірі қанша кембағыл қоныстанып, ерінбей еңбек еткен еді десеңізші. Сонымен бұл аңғардың тарихы әр жолы әр түрлі бөтен атпен пайда болып келген құбыжық елестер сиқырымен жекпе-жек күресуге қаймықпай қарсы шыққан, аялаған арманына жетуді аңсаған жеке дара дербес адамдар хикаясына толы. Ол сиқырлы зұлым күштер біресе шайтан, ібіліс, жартылай құдай түрінде пайда болып, бүкіл елді қарғыс атқан қырғынға ұшыратты. Біресе өз құрбандығының сүйегін бір соққанда-ақ сындыратын жалмауыз кемпір түрінде келіп жүрді. Біресе бүкіл хутордың астан-кестеңін шығара түгел қирататын құтырынған құбыжық күш ретінде бой көрсетті. Ал шын мәнінде мұның өзі адамдарды ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан ғасырға дейін қыр соңынан қалмай қырсыққа душар етіп келе жатқан бір ғана сиқырлы зұлым күш еді. Қазіргі адам оған: "Жоқ, мен саған бас имеймін!" деп батыл айта алады.
Міне, хутордың соңғы рет қиратылғанынан кейін жүз жыл өткенде Альбогастадқа бір адам бірінші рет аяқ басты. Ол асудағы
Гунвер моласының жанынан өтіп бара жатып оған қарата қатты ашу-ызамен түкіріп жіберіп: "Қарғыс атқан жалмауыз кемпір, сен менен өзіңе тас тастап кетеді деп ешқашан дәмеленбей-ақ қой. Олай болмайды!" деді. Өзі айтқандай, оған өзге жолаушылар сияқты тас тастаған жоқ.
Қарсы алдынан соққан желдің күшін қайткенде де жеңуге тырысып, әрең жүріп келе жатты, жердің ойлы-қырлы бедерінің ыңғайына қарай бейімделумен болды. Оның соңынан үсті-басы кір-қожалақ, тұмсығы сүйір бір сары ит еріп келе жатты. Шамасы, қора күзететін ит болса керек. Оның жүнінде қаптап жүрген бүргенің көптігі сондай, ол бейшара бүргенің шаққанына шыдай алмай, қинала қыңсылап, ауық-ауық аунап түсіп, әр төмпешікке сүйкене қасынып өтеді. Ит шөптің басын шалып жеп келеді, яғни оған витамин жетіспейді. Қалай дегенде де бір нәрсенің басы ашық — оны ішек құрт та мазалап, діңкелететін көрінеді. Әлгі адам екі бетін көктемгі салқын желдің лебіне тосып келеді. Ол дәл қазір шұғыла төгіп тұрған күннің астында өзін сонау бір ерте замандарда осы жермен құйғыта шапқан тұлпарлардың жібек жалы бетінен сипап өтіп жатқандай сезінді, ал желдің буырқана соққан екпінінен ат тұяғының дүбірі естілгендей болды... Содан бері сан жүздеген жылдар ішінде осы өзен жағасындағы сүрлеу жолды тұлпарлар тұяғы талай рет таптап өткен болар. Ал қазір онымен адамдар жүреді. Міне, солардың бірі, исландиялықтардың отызыншы ұрпағының өкілі, еш нәрседен тайынбайтын ер жүрек жігіт, кешеге дейін батырақ болған, ал бүгін хутор иесіне айналған адам итін ертіп, сол сүрлеумен жүріп келеді. Көктемгі күннің шуағына бөленген аңғарды көз жүгірте сүйсіне шолып қояды. Иті оны қуып жетіп, үстіне секіре еркелейді, тұмсығын өз иесінің жарыла — жарыла құс басқан қолына тықпалайды. Әне ол енді құйрығын бұлаңдатып, иесіне көзін сүзеді, ал иесі оған ойлы көзбен қадала қарап қалыпты. Иттің бұл не айтса да, соның бәрін тыңдап, беріле адал болуы иесінің бойында әлдебір берік сенім оятып, жігерлендіре түскендей болды. Ол қас қағым бір сәтке адамға тән қиял құшағына берілді — бейне бір өкімет билігіне ие болғандай, өзіне барынша адал, шын берілген әскеріне сүйсіне қарап тұрған қолбасшыдай сезінді. Сол екі арада сары ит өзен жағасына барып, шөптің үстіне жайғасып, иесінің аяғына жанаса жатты. Онысымен қоймай, иесіне әлдебір сұраулы көзбен сұқтана қарады. Ал иесі оған: "Адамнан іздеп таппағаныңды өз итіңнен табады екенсің-ау дегенін өзі де сезбей қалды.
Әлгі адам сүрлеуден шығып, кең жайылым жаққа бұрылып, шалшықты батпақты кешіп бара жатып та жаңағы ойын дауыстап қайталай берді. Еш өзгеріссіз сол ойы сияқты: ит те өзінің іздегенін адамнан табады екен. Іздей беру керек, ақыры табасың. Ол ақырын еңкейіп, мүкті шалшықта өсіп тұрған шалғындағы қияқтың біреуін жұлып алып, тамырының ұзындығы қандай екенін өзінің жуан саусақтарымен салыстыра байқап көрді. Сөйтті де шалбарының санына сүртіп-сүртіп, аузына салып жіберді де кәдімгі қой сияқты шайнай бастады. Тіпті қой сияқты түйсігін ойланды. Борықтың дәмі әлі ащы екен. Сонда да болса оны ұзақ шайнады. Осы шөптің арқасында биыл көп қойын аман алып қалды, ұзаққа созылған қыстан көтерем шыққандарында да өлім-жітім кездеспеді. Қияқ қанша ащы болса да, одан балдың аздаған тәтті дәмі байқалады. Көктем шыға қияққа іліккен қойдың қоңы көтеріледі, күзге қарай семірген қой адамдардың аузын майландырады. Әлгі адам қияқ туралы қиялдаумен жайылымның өзіне де жетті. Міне ол маңдағы ең биік төбенің басына шықты. Бір кезде осы жерді мекендеген алғашқы тұрғын сияқты бұл да өзінің болашақ баспанасын қай жерден салғаны жөн екенін барлай бастады. Алғашқыда солтүстікті — тау жақты, содан соң шығыс жақты — батпағы, көлі батпақты кесіп баяу ағып жатқан өзені бар алқапты, енді бірде оңтүстікті — көсіле түсіп, сонау көкжиектегі төбесін қар басып жатқан Блауфьедльге барып тірелетін мидай тегіс кең жазық жақты кезек-кезегімен шолып шықты. Күннің көзі жайылымға шуағын молынан төгіп тұрды.
Төбенің оңтүстік жақ етегінде Утиредсмири жақтан көк қуып, бөлініп келген екі қой жайылып жүр екен. Ол қойларды келген жағына қарай қуып, алыстата айдап тастады. Олардың өз қожайынының қойлары екеніне де қарамады. "Бұл енді менің жерім!" деген мақтаныш сезіммен бөтен малды одан түңғыш рет қуып шықты.
Кенет оған мынадай бір ой сап ете түсті: ойбай-ау мен бұл жердің ақысын қожайынға әлі толық төлеп болған жоқ екенмін ғой. Сөйтті де қойларды ұзағырақ қуып тастамақ болып жүгіріп жүрген итін жекіре зекіп, кері шақырып алды.
Өз өмірінде жер учаскесіне түңғыш рет ие болған әлгі адам айнала төңірегін қоршап тұрған ғажайып дүниеге — ертеңгі күні қарызын толық өтеп, ез меншігіне сатып алатын дүниеге сүйсіне көз жүгіртуден жалықпады. Көп ұзамай бұл жерді жаздың жайма-шуақ жақсы күндері жылытатын болады. Ол итіне былай деді:
— "Қыстау" деген атау бұл хуторға тіптен де жараспайды. Ол дегенің атау да емес қой. "Жайлаудағы Альбогастад" деген де келіспейді. Өйткені ол қайдағы бір жоққа сенетін кездегі сиқырлықтың зұлымдығын және папа билеп тұрған дәуірді еріксіз еске салады. Беті аулақ сайтан алғырдың! Менің хуторымның атауы сонау бір кездегі сұмдық оқиғаларды ойға оралтпайтын болуы керек. Менің өз атым — Бьяртур*. Ол Айқын деген мағына береді. Менің хуторым да "Жазғы мекен" деген жақсы атауға лайық болуы тиіс.
Міне, сол Жазғы мекеннің иесі Бьяртур өз меншігіндегі жерді рақаттана аралап жүр. Ол бұрынғы қираған үйлердің шөп басып кеткен үйінділерін, жартылай қирап қалған қоралардың дуалдарын мұқият қарап келеді. Мұның бәрін құлатып, тегістегеннен кейін осы кең жазық жайлаудың шығыс бөлігінде бір кезде өзі туып-өскен хутордан айнымайтын дәлме-дәл сондай хутор салып алуды қиялдап та қояды.
— Мәселе хутордың үлкен болуында емес, — деп қояды ол итіне, бейне бір ол мұның қиялындағы асыл арманын айна-қатесіз түсініп қойғандай-ақ. — Мен саған айтсам, өз еркіндігіңнің өзіңде болғаны үйдің төбесінің биіктігінен әлдеқайда маңыздырақ, сондай бостандыққа жету үшін мен он сегіз жыл бойы бел жазбай жұмыс істедім. Біздің елімізде кімнің өз меншігінде жері болса, ол ешкімге тәуелсіз азат адам, ол өз тағдырына өзі қожайын адам. Егер мен әр қыстан малдан шығын бермей, аман шықсам, қойларымның қоңын түсірмей, жақсы азықтандырсам, борышымды жыл сайын мұқият төлеп тұрсам — ал мен жақында бүкіл қарызымнан құтылатын боламын, онда қолымдағы қойлар түгелімен менің меншігіме өтеді. Біздің бәріміздің де көксейтініміз — бостандық. Титла, сен мұны ұғып ал. Кімде-кім ешкімге борыштар болмаса, нағыз король, міне сол! Кімде-кім қолындағы қойының қоңын түсірмей, қыстан аман алып шықса, міне, сол патша сарайындай кен үйде тұрғандай сезінеді.
Титла оның айтқандарын толық түсінгендей-ақ, құйрығын бұлғаңдата көңілді қуанышпен үсті-үстіне үрді. Ол иесін айнала бірнеше рет жүгірді, ақырында кәнігі аңшы иттер сияқты тұмсығын жерге тіреп, иесінің ізін кескен сияқтанып жатып алды, қайтадан тұра салып, оны тағы да айналып жүгіре берді.
— Жарайды, жарайды, жетер енді, — деді Бьяртур барынша байсалды сөйлеп. — Бар өнеріңді көрсете берме! Мені де сен сияқты айнала жүгіріп, үріп ойнайды ғой деп ойлайсың ба? Немесе менің де жата қалып, тұмсығыммен жер иіскеуім керек пе? Әлде мені еріккеннен еркелеп немесе әлдебіреудің жолын тосып, торуыл құрғалы жүр дейсің бе? Жоқ, мен ондай қылмысты қылықтарға барсам, ешқашан да өз еркіндігіме қол жеткізе алмаған болар едім. Мен Утиредсмириде он сегіз жыл бойы староста қожайыныма, ақын әйелге, қазір Данияға жіберіліпті-міс деп жүрген Ингольв Арнарсон Иоунссонға адал кызмет еттім. Сонда менің, сеніңше, өзімнің жеке басымның рақаты үшін кең жазық жайылымның оңтүстік бөлігін тынымсыз кезген, қақаған қыстың сақылдаған сары аязында қожайындарымның жоғалған қойын іздеп, тау беткейлеріне жайдан-жай өлермендікпен өрмеледі ғой деп ойлайсың ба? Бір күні мен тау ішіндегі күртік қардың астында түнеп шықтым. Сонда мен ертеңіне кар астынан әрең дегенде еңбектеп, аман құтылып шыққаным үшін әлгі адамдарға қайырымды жандар ретінде алғыс айтуға тиісті болмақпын ба?
Осы кезде оның иті тынышталғандай болып, шоқиып отыра қалды да үстіндегі бүргесін теріп, қуалай бастады.
— Менің тыным таппай жұмыс істегенімді кез келген адам айтып бере алады. Менің мына жер учаскесі үшін алғашқы жарнамды дер кезінде — келісім-шартта көрсетілгеніндей, пасха мерекесі болатын күні ертеңгісін төлеп құтылуымның сыры да, міне, осында. Енді менің өз меншігімде жүні қырқылмаған жиырма бес буаз саулығым бар. Менімен салыстырғанда көп адам өз шаруашылығын бұдан әлдеқайда кем малдан бастаған болатын. Ал өмір бойы борышынан құтыла алмай, кіріптар тәуекелдікте қалып келе жатқандар тіпті де көп. Олардың өз отарлары бола қояды деп мен ешқашан ойламаймын. Менің өз әкем сексен жасына дейін өмір сүріп еңбек етсе де екі жүз крон қарызынан құтыла алмай-ақ кетті. Ал ол қарызды жас кезінде жергілікті, діни қауым ұйымынан емделу үшін алған көрінеді.
Иті бұл айтқандарыңа сене қою қиын екен дегендей оған күмәнді көзімен қарады, содан соң бірдеңе деп үргісі келіп еді, ол ойынан тез айныды, аузын кере ашып, ұзақ есінеді де қоя қойды.
— Сен мұны, әрине, түсінбейсің, — деді иесі. — Ит өмірінің түк те қызығы жоқ, ал адам өмірінің жағдайы одан да жаман. Егер менің сүйікті қалыңдығым Роза Жазғы мекенде жиырма бес жыл бойы тұратын болса, діни мереке кезінде батырақтарға көтерем кәрі жылқының сүйегінен жасалған тағам ұсына қоймас деп үміттенемін. Ал Утиредсмиридегі ақын әйел былтыр масқара болғанда, өз қызметкерлеріне Рождество мейрамы қарсаңында тап сондай тағам сыйлап қонақ етті ғой.
Ит өзінің бүргесін тағы да үсті-үстіне тістелеп қағып, қуа бастады.
— Әрине, ондай адамдардың иті де жарымайды, аштықтан шөп жейді. Бұл — айдай айқын нәрсе. Ал ас-сумен айналысатын әйелдің қолына қойма кілті жиырма жылда бір рет те тиіп көрмеген болар, сірә. Ал староста қожайынының аты ше? Егер оған кенеттен тіл біте қалса, талай нәрсені айтып, зарлап қоя берер еді. Қойлар туралы сөз етудің де қажеті жоқ. Олардың да бұл жылдар ішінде көрмеген қорлығы қалмады. Бейшаралардың көк аспан үстіне шағым айтар әділ қазыларының жоқ екені жақсы — немесе талай қожайынның басына әңгіртаяқ ойнар еді.
Таудан төмен қарай шағын өзен шапши ағып жатыр. Ол әуелі тік ұмтыла түссе, бірте-бірте батысқа қарай бұрылады да төбені жартылай шеңбер жасап, айналып өткен соң шалшықты батпаққа қарай төтесінен тарта жөнеледі. Оның екі жерінде биіктігі тізеден келетін шоқы арал, ал кей жерлерінде тереңдігі тізеден асар-аспас кешулері бар. Өзеннің табаны бейне бір құм аралас ұсақ жылтыр тас төсеп тасталғандай. Ол әр бұрылыс жасаған сайын әр түрлі сыңғыр шығарады. Онысы мұңды сырыл емес, жас дәуреннің көңілді күлкісі сияқты естіледі. Оның әуенінде алуан түрлі нотаның бар екені байқалады. Ол жүздеген жылдар бойы ешкім құлақ қойып тыңдамаса да оған қысылып-қымтырылмай, тоқтаусыз жырлай беретін нағыз скальдтың* (жыраудың) өзі сияқты. Бьяртур бәрін де аралап, мұқият көріп шықты. Ол жоғарғы шоқы аралдың жанына аялдап: "Бұл кепкен балықты жібітуге қолайлы екен" деп қойды өзінше. Ал төменгі шоқы арал тұсына жете бере: "Бұл — кір жууға таптырмайтын орын!" деді. Ит тұмсығын суға батырып жіберіп, оны шалп-шалп жалай бастады. Ал иесі жағаға етбетінен жата қалып, бас қойды да өзеннен мейірін қандыра су ішті. Бірақ мұрнына су кетіп, аздап шашалып тұрды.
— Қандай тамаша су! — деді Жазғы мекеннің иесі Бьяртур, итіне бір қарап қойып, әрі өзінің аузы-басын жеңімен сүртіп тұрып. — Бұл маған сиқыры бар қасиетті су сияқты көрінеді.
Ол осылай деуін десе де "Сиқырлы зұлым күштердің алдында өзімді әлсіз сезінетін адам сияқты болдым-ау!" деген ой сап ете түсті де былай деді:
— Сөздің шыны, бұл судың қасиетті сиқыры бар ма әлде жоқ па, маған бәрі бір. Мен сенен қорықпаймын, мыстан Гунвер! Егер менің бақытқа жетуіме кесе-көлденең тұрып, қырсығыңды тигізбек болсаң, онда менен жақсылық күтпе, жалмауыз кемпір! Мен ешқандай да құбыжық елестен айылымды жимаймын. Ол қос жұдырығын түйіп, ашу-ызалы кейіппен биік таудағы жартастың қарс айырыла қарауытып тұрған қуысына да, батыс жақтағы асуға да, оңтүстіктегі еңісте жатқан көлге де бір-бір қарап шығып, көне сагалардағы ер жүрек кейіпкер сияқтанып, өзіне-өзі былай деді:
— Сенің зұлымдығың іске аспайды!
Ит жатқан орнынан атып тұрып, ырғып-ырғып секірген бойы төбенің етек жағында шашырай жайылып жатқан қойларға қарай жүгіре жөнелді: ол иесі Бьяртурдың әлдебір нәрсеге ашуланғанындай болғанын көріп, мына қойлардың бақайларынан тістеп, өш алып беруге бекінгендей. Ал, шындығына келгенде, Бьяртур жаңа заманның рухымен жігерленіп, өз елінің ешкімге тәуелсіз, азат бостандықтағы азаматы болуы жөніндегі алыстағы арманын аңсаған адам сияқты болып, берік шешімге бел буған еді. Осы өңірге өзінен бұрын келіп қоныстанған ұрпақтардың бәрі де тап осындай болған сияқты көрінген еді оған.
— Колумкилли! — деп бір рет айқай салды да өзінің ешнәрседен қорықпайтынын білдіре сақ-сақ күлді. Сөйтіп итіне жекіре бір балағат сөз айтып болып, былай деді: — Бәрі де шылғай өтірік! Әлдебір сайқымазақ біреудің кәрі-құртаң кәрілердің бастарын қатырып, ойдан шығарған түкке тұрғысыз бос мылжыңы ғана.
ҮШІНШІ ТАРАУ
НЕКЕ ҚИЯР ТОЙ
Жаз жайлауға қоныс аударар көші-қон күндері* Исландияда жасыл шөптің қаулап өсіп, бой көтеретіні сонша — қолыңа орақ ал да ора бер. Бұл кезде қойдың қоңы көтеріліп, семіре бастайды; көк шалғын биіктей түсіп, көл бетіндегі қарауыта қураған ескі бұталарды көрсетпейді. Мұндай кезде өмірдің өзі де құлпырып, жайнап сала береді. Тап осындай кезде үйленген бәрінен де жақсы.
Ескі үйлердің орнындағы үйінділер әлдеқашан тегістеліп, атжалман тышқандардың інінен тазартылған жерде салынған жап-жаңа үй түр — бұл Бьяртурдың хуторы, яғни Жазғы мекен. Тас әкеп төгіп, ойылған шым жеткізілгеннен кейін үйдің қабырғалары қаланып, арқалық мәтке салынды, сырғауылдар орнатылып, шатыр жабылды, қабырғалардағы қуыс-қуыстың бәрі мүкті жеммен бітелді, пеш салынып, темір плита орнатылды, түтін тартатын мұржа көтерілді — үй салынып бітті деген, міне, осы! Ол бұл маңайдың көрінісін көркейте түсіп, сәнін кіргізді
Неке қияр той Нидуркот хуторында, қалыңдықтың ата-анасының үйінде өткізілді. Тойға келген қонақтардың басым көпшілігі тау етегіндегі тап осы сияқты хуторлар мен асудың оң жапсырыла салынған хуторлардан келгендер еді. Ол хуторлардың әрқайсысының жанындағы көгалды кесіп, шағын өзен ағып өтеді. Одан төменіректе шалшықты батпақ жайылып жатады, оның орта шенімен ағысы баяу өзен одан әрі кете береді. Егер ондай хуторларды бірінен кейін біріне барып, аралай берсеңіз, олардың бәрі де бірдей аталатын сияқты көрінер еді. Олардың тұрғындары да бірінен-бірі аумайды, тағдырлары да бірдей. Еш жерде болмайтын құбылыс! Мысалы, Нидуркот хуторының қарт тұрғыны Тоурдурды алайық. Ол өзеннің ағысы күшті жеріне шағын су диірмен салып алуды, сөйтіп айнала төңіректегі шаруалардың арпасын тартып, үн етіп, өзіне нәпақа табуды көптен бері армандаушы еді. Сол арманына әрең дегенде жетті. Бірақ тап сол кезде, бейне бір қасақана қырсық шалғандай, елеулі жаңалық болды — Исландияға бұрынғыдай бітеу дән емес, дайын үн әкеліне бастады. Жұрт оны жапа-тармағай жабыла сатып алысты. Көктем шыға таң қараңғылығы сейіліп, жарық түсе бастаған кезде Тоурдурдың балалары диірменнің жанында ойнауды ұнататын; сол күндердің көгілдір ашық аспаны олардың есінде мәңгі қалып қойған да болар, сірә. Қарттың ол кезде жеті баласы бар еді. Қазір олардың бәрі туған жерін тастап, бет-бетімен тарап кеткен. Екі ұлы алыс жақтың жат теңіздерінде жүріп, суға кетіп әлді, бір ұлы мен бір қызы ит арқасы қияндағы алыс Америкаға кетіп қалды. Дегенмен де, шамасы, бір елде, бір жерде тұратын, сіңірі шыққан кедей-кепшік туыстарды бір-бірінен бөліп жататын қашықтықтан алыс ешнәрсе жоқ шығар. Қарттың екі қызы тұрмысқа шығып, таяу маңдағы балықшылар кенішінде тұрған еді, бір қызы шиеттей бала-шағасымен жесір қалды; күйеуі көкжөтелден қаза тапқан және бір қызы қазір діни қауым ұйымының асырауымен күн көреді... Өмір деген опасызың, міне, осындай.
Шалдың кенже қызы Роза әкесінің үйінде олардың бәрінен ұзақ тұрды. Ол ақырында Утиредсмиридегі старостаның үй қызметшісі болып істеді. Хуторда қарт ата-анасы мен олардың үйіне кірген сексен жастағы бір кемпір ғана қалды. Ол кемпірдің пәтерақысы мен күнкөріс қаржысын жергілікті діни қауымның ұйымы төлеп тұрады.
Міне, бүгін Роза тұрмысқа шықпақшы. Енді оның үй қызметшісі болып істеуіне тура келмейді. Ертең әке-шешесінің үйінен ол да кетеді. Олардың қарауында кішкентай диірмен ғана қалады... Өмір деген опасызың, міне, осы.
Бьяртур бала кезінен-ақ орталық үлкен елді мекенде тұрып келсе де оның таныстарының көпшілігі алыс хуторлардағы кедей-кепшік жандар еді. Олардың ешқайсысы да сауда-саттықпен айналыспайтын, Бьяртур сияқты тек қой соңында жүріп күн көретін. Көпшілігінің өмірі өле-өлгенше солай өтетін. Тек ілуде біреуінің ғана әл-ауқат жағдайы жақсарып, кәдімгі жәшікке ұқсас, шатыры кеңірдек буылтықты темірмен жабылған ағаш үй тұрғызып алуға шамасы келетін. Ондай үйлерде уілдеп өтпе жел соғады да тұрады, сыз қаптап, зәктеніп кетеді. Өтпе желден сарыпқа душар болсаң, сыз бен зәктен өкпе ауруына шалдығып, көкжөтел болып тынасың. Шаруалардың көпшілігі өздерінің ондай лашығының қабырғаларын ең болмаса бес жылда бір рет жаңғырта жөндеп алуды армандаумен өтеді. Рас, тамаша өмір үлесін армандаушылар әр хуторда-ақ жетіп артылады. Олар әлдебір белгісіз тылсым тәсілмен жоқшылық атаулыны жеңіп шығар күн туар ма еді деп, жүздеген жылдар бойы тәтті қиялға берілумен келеді, өзіміздің хуторларымыз, ғажайып қоныс-жайларымыз болып, тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк болатын күнге жетер ме екенбіз деп армандаудан жалықпайды. Бұл — кедей шаруалардың ғасырлар бойы аңсап келе жатқан арманы. Олардың кейбіреулері ондай арман аспанның арғы қабатына көтерілгенде ғана орындалатын шығар деп ойлайды.
Бұл өңірдің адамдары қой өсіруді мақсат етіп, Фьордтағы саудагер-көпес Тулиниус Иенсенмен (Брунимен) сауда жасасуды ғана білетін. Ал бір ғана адам, староста ғана, өз қойларын Викаға алып барып сататын. Өйткені ол жерде өз қойларының бағасын өзі белгілейтін. Соған қарағанда, жұрт оны, шамасы, сауда фирмасының тең ортақ иесі болар деп ойлайтын.
Бруниден несие алудың өзі зор сәттілік саналатын. Алайда саудагер-көпес шаруаға арнап есеп ашты дегенше-ақ оның көзіне мүлде ақша көрсетпейтін. Бірақ мұның есесіне көпестің қамқор қолтығына енген бойда-ақ ол бейшара қыстан ө1йтіп-бүйтіп әйтеуір бір аман шығатынына қалай да сенімді болып, онша уайым жемейтін. Өйткені өз отбасын асырау үшін одан несиеге қара бидайдың ұнын, екінші сортты кепкен балық, сондай-ақ кофе алып тұратын. Соның өзінде көктемнің көк өзек шағында күніне бір-ақ рет тамақтануға мәжбүр болатын Ал өзінің ықыласы түскен адамға Бруни тіпті жер сатып алуына да көмектесетін. Сөйтіп кешегі шаруа енді хутор иесі болып шыға келетін — дұрысын айтқанда, мұндай дәрежеге ол қарызынан толық құтылып, салық квитанциясының түбіртегіне ие болу және жергілікті діни ұйымның мүшелері тізіміне ену арқылы ғана жететін, ал өлгеннен кейін оның есімі марқұмның қай шежіреге жазылуы тиіс екенін анық білу үшін шіркеудің кітабындағы тізімге енгізілетін.
Ондай адамдар өздерін құлмыз деп есептемейтін, жалпы кедейлер бұқарасының ерекше тобымыз деп білетін. Олар өздеріне өздеpi ғанa сенетін, өзіміздің ең басты ірі капиталымыз ешкімге тәуелсіз дербестігіміз деп санайтын. Олар шынында өз күштеріне өздері кәміл сенетін, өздерінің іскерлік қабілетін жоғары бағалайтын, аздап ішкілік ішіп алғаннан кейін ежелгі сагалар мен өлең-жыр жолдарын жарыса жатқа соғатын. Олар темірдей берік ерік-жігерінің арқасында ешқандай да қауіп-қатер кедергілерінен қорықпайтын. Алайда оларды ешкім де күнделікті ішіп-жемін ғана күйттеуден ары бара қоймайтын қайдағы бір мейірімсіз материалистер деп ойлай да алмас еді. Олар көптеген ежелгі аллитерациялы* өлең-жырларды жатқа білетін және оларды өз ырғағымен, екпінімен нәшіне келтіре шебер орындай алатын. Ал кейбіреулері тіпті өз жандарынан да өлең шығаратын — өздерінің достары туралы, машақаты мол ауыр тіршілігі туралы, қайдағы бір қауіп-қатерлер, табиғат туралы жырлайтын, аспанның арғы қабатында ғана орындалуы мүмкін неғұрлым жарқын бақытты күндер туралы армандайтын, тіпті мөлдір махаббатты да ұмыт қалдырмайтын (рас, ол кезде махаббат тақырыбын жырлау ерсі саналатын). Солардың қатарында Бьяртур да өлең шығаратын. Шаруалар ақылынан адасып, алжаса. бастаған әпенділеу, қылжақбас шалдар мен кемпірлер, дарақы пасторлар туралы білетін талай оқиғаны әңгіме ететін. Олардың рухани басшысы саналатын дін қызметкерлерінің өзі де қалжыңға құмар болатын, бірақ ол арсыз ақымақ та, алаяқ алдамшы да емес еді. Сондықтан да олар пастор Гунмундур туралы толып жатқан қызықты әңгімелер айтатын. Оның үстіне, олар бұл пасторға қойдың тамаша тұқымын шығарып бергеніне ерекше риза болатын. Ол бұл тұқымды діни қауымның өзі басқаратын ұйымы шеңберінде шығарғандықтан "пастор Гудмундур тұқымы" деп аталып кеткен. Солай бола тұрса да пастор өзінің уағыздарын айтқан кезде ұйымға мүше шаруалардың қойдың бұл тұқымын шектен тыс жақсы көріп кеткендіктері сонша, тіпті құдіреті күшті Жаратқан Иеміздің өзін ұмытып бара жатқанын қайта-қайта айтып, ұдайы ескерту жасаудан жалықпайтын. Қалай дегенде де пастордың шаруаларға жасаған жақсылығын елеусіз қалдырудың жөні жоқ еді. Ол шығарған қойдың тұқымы анау айтқан тым ірі болмаса да өте мықты әрі суыққа тезімді екендігімен жоғары бағаланды. Сондықтан да шаруалар пасторды қатты құрметтейтін және оның оны-мұны қылжақбас қылығына кешіріммен қарайтын.
Пастордың ойынша, адамдардың Құдайды ұмытып, одан бойларын аулақ салуына ақыл-парасатпен тереңірек ойланып, о дүниеге барғанда жандарын жазадан құтқарудың қамын жеуден мақұрым қалып бара жатқанына қойдың жаңадан шыққан жақсы тұқымы, оған деген ынта-ықыластың күшеюі ғана кінәлі емес, сонымен қатар шаруаларды жазадан құтқаратын құдіреті күшті Құдайдан — бірден-бір нағыз ақиқат діннен бездіріп отырған осы Утиредсмиридің билеуші бибісі, қазір жұрт "фру" деп атап кеткен адуын әйелдің жасап отырған әрекеттері де кінәлі. Ендігі сөз сол әйел туралы.
Бұл фру Вика қаласынан шыққан шіріген байдың қызы еді. Ол сондағы қыздар мектебінде оқып, тәлім-тәрбие алды. Содан соң Йоун атты бір бай хутордың қожасына тұрмысқа шықты. Ондағы басты мақсаты селолық өмірдің қуанышына құмарын қандырып, рақаттана ләззат алу еді. Ондай ғажайып өмір шетелдік кітаптарда, әсіресе Бьлрнстьерн Бьлрнсонның шығармасында керемет суреттелген болатын. Ол кітаптарды әкесінің үйінде, одан соң қыздар мектебінде жүргенде оқыған еді. Күйеуге тиіп, екіқабат болған кезінде оған Исландия топырағына алғаш рет аяқ басқан ізашар Ингольв Арнарсон түсінде аян беріп, оның ұл табатынын, оның атын Ингольв деп қоюды айтқан екен. Фру өзінің жасау мүлкі қатарында күйеуіне құны жиырма мың ақша тұратын жер, сондай-ақ жылжымалы мүлік ретінде өзінің мұралық үлесін де ала келген болатын. Ол кең даламен шектесіп жататын аңғарда тұратын шаруаларды бұл дүниеде бәрінен де жақсы көретінін айтып, күмәнсіз сендіретін және шетсіз-шексіз кең далада өмір сүріп, жасыл шалғынды жазирада өлуден өзге ешқандай зор бақыттың жоқ екенін реті келген әрбір ыңғайлы сәтте дәлелдеп бағуға тырысатын. Фру бұл округке түгелдей рухани нұр сеуіп тұратын тұлғаға айналды. Ол осында әйелдердің жергілікті одағын құрды және оның алғашқы төрайымы болды, астаналық орталық газеттерге селодағы тіршілік тұрмыстың ғажайып сұлулығы туралы мақалалар мен өлеңдер жіберіп тұрды, сондай-ақ табиғат аясында өткізілетін өмірдің ғана адамдарды тән сұлулығы мен жан сұлулығы сияқты ғажайып игілікке бөлей алатынын жазумен болды. Ол Исландия өсіп-өркендеуге құқықты әрі лайықты бірден-бір кәсіп түрі жекеменшікті ұсақ қолөнер деп санады. Бұл ретте оның өзі қолдан жасалған қарапайым ағаш өрмектің өзімен де көздің жауын алатын көркем бұйымдар тоқи білетін. Сондықтан да ол әйелдер одағының астанада өткен съезіне делегат болып сайланған да еді. Онда жекеменшікті ұсақ кәсіпшілік туралы және қазіргі аумалы-төкпелі ауыр кезеңде Исландия халқының басына төніп тұрған қауіп-катерден құтқаратын күш тек селолық жерлерде пайда болуы мүмкін моральдық құндылықтар туралы мәселе жан-жақты талқылаған еді.
Жылдың ауыспалы мезгілдері мен көгілдір таулардың құбыла өзгеріп тұратын сұлу көріністерін Утиредсмиридегі өз үйінің терезелерінен қарап отырып-ақ сүйсіне шынайы бағалай білуге тек осындай әйел ғана қабілетті. Фру ондай сұлулық туралы алуан түрлі жиындарда осы өңірді өздерінің жазғы демалыстары кезінде арнайы аралап көруге келген туристерден бір де кем емес шабытпен жігерлене сөйлеп бере алады. Ол табиғат аясында жұмыс істеуді аса пайдалы дене шынықтыру деп санайды. Оның үстіне, мұның бәрі де туып-өскен жер аясындағы тамаша табиғатты суреттеуге тіл жетпейтін ғажайып жаттығу болып табылатынын айтады. Сондықтан да ол тіпті, өзінің ойынша, атқаратын ауыр жұмысы да, жұмсалатын ақшалай шығыны да жоқтың қасы кедей шаруалардың жағдайына қызыға да, қызғана қарайтын. Оның күйеуі, ірі-ірі құрылыстар салдырамын, жер суландыртамын, ауылшаруашылық машиналарын сатып аламын деп жүріп, қарызға белшесінен батып қалды. Қазіргідей қиын заманда батырақ жалдауға кететін қыруар шығын тағы бар. Ал шаруалардың шынымен толық бақытқа жетуі үшін бір сағат ерте тұрып, бір сағат кеш жатуы, жұмысты жан-тәндерін сала істеуі тиіс екені белгілі. Әл-ауқаты жақсы дәулетті адамдар өздерін ілуде бір рет қана бақытты сезіне алады, ал кедей-кепшіктер, анда-санда болмаса, барлық уақытта дерлік бақыттымыз деп біледі. Әлдебір кедей шаруа үйленіп, некесін қидырған соң аңғарға барып қоныстанса, фру онымен "рухани етене қауышып кетеді", тіпті оның "басқан ізін сүюге құлықты болады". Бьяртурдың неке қияр тойын өткізуі үшін жұрттың емін-еркін сыйып, жайғасып отырып, кофе ішуіне, құттықтау сөз сөйлеуіне, әңгіме-дүкен құруына болатын кең шатыр тіктірді.
Шаруалар әуелі аулаға келіп, жиналып тұрды: біреулер үйдің босағасына таяу, енді біреулері қабырғасын жағалай сүйеніп тұрды. Олар насыбай иіскеп, бет-ауыздарын тыржита үсті-үстіне түшкірініп, күйеу жігітпен әңгіме құрды. Әңгіме арқауы мұндай көктем кезіндегі қалыптасқан ескі әдет бойынша, қойдың әр түрлі аурулары еді. Қойдың таспа құрты шаруалардың атам заманнан бергі ең қауіпті жалмауыз жауының бірі саналатын. Ал қазір иттерді дұрыс емдей бастағалы бәлекеттің беті қайтқандай-ақ еді. Бірақ соңғы кезде қойға бұрынғыдан да бетер қауіпті құрттың тағы бір түрі — өкпе құрты пайда болыпты. Таспа күрт туралы әңгіме әлі де болса көбірек айтылып жүргенімен мына жаңа қатер жөнінде көктем сайын жаппай сөз ету етек алып барады.
— Мен баяғыдан бері айтып жүрмін ғой, — деді Гильтейгадан келген Тоурир. — Егер қыс кезінде қойыңды іші өтіп, сатқан болудан сақтай білсең, ешқандай да қауіп жоқ. Тіпті таспа құрт қойдың танауынан салбырап тұрса да қорықпаңдар, ең бастысы — жануардың ішкі сарайының, ішек қарнының сау болғаны керек. Ішек қарны сау мал көктемнің көгін жақсы қорытады. Менің осы сөзім дұрыс емес десеңдер, айтыңдаршы, қане...
— Иә, дұрыс айтасың, — деді күйеу жігіт, — қазір ажал аузында жатқан урдарсельдік Тоурарин де тап осылай деген еді. Оның бұл мәселеден хабары күшті ғой. Жас қозылар сатқан бола бастасымен оларды насыбай темекісімен емдеуге кіріскенін көргенмін. Әлі есімде, осыдан бірнеше жыл бұрын мен оның үйіне қонып қалған күні ол маған кейбір қыс кезінде жас қозыларға бір атым насыбайдың төрттен бірін жегізгенін айтқан болатын. Қозыдан темекі үнемдегеннен гөрі, қантты былай қойғанда, кофеден үнемдеген әлдеқайда жақсы.
— Рас, мені біреуге үлгі болар өнегелі қожайын деп ешкім ешқашанда санаған емес, — деді әдетте псальмдар мен еске алып, жоқтау өлеңдерін шығарумен аты кеңінен мәлім болған шыққан ақын Ундирхлидтен келген Эйнар. — Менің байқауымша, өз қара басының ғана қамын жеп, құлқынның құлы болған адамдар үшін өте қиын болатын түрі бар. Тағдыр оларды бейне бір тәлкек ететін сияқты. Егер қозыны жем-шөппен аман алып қалудың сәті түспесе, темекінің күшімен аман алып қаламыз деу — құр далбаса. Білмеймін, бәлкім, бәлекеттің беті қайтқан кей жағдайда насыбайдың да пайдасы болатын шығар. Бірақ, қалай дегенде де, темекінің аты темекі, ал жем-шөптің аты жем-шөп қой. Солай емес пе?
— Бұл жерде айтылған әңгіменің бәрі де дұрыс, шынайы шындық, — деп сөзге араласты Истадальден келген Оулавюр. Ол барынша тез, әрі ащы дауыспен шәңкілдеп сөйледі. — Жем-шөптің жөні бөлек, оған ешнәрсе де жетпейді. Бірақ жем-шөптің де жем-шөбі бар. Солай ғой? Мұны жұрттың бәрі де біледі. Мал дәрігерлерінің газеттерде не. жазып жатқанын білесіздер ғой. Олардың жазуына қарағанда, әлгі жем-шөптің өзінде қарғыс атқыр микроб деген болады екен. Таспа құртың да, өкпе құртың да содан пайда болып, бірте-бірте көбейіп кететін көрінеді. Микроб микроб болып қала береді. Осы уақытқа дейін бірде-бір таспа күрт, бірде-бір өкпе құрт микробсыз пайда болған емес. Мұны білмейтін ешкім жоқ. Сонда әлгі микроб жем-шөптің өзінде болмағанда қайда болады? Мен осыны сұрап тұрмын Айтыңдаршы, қане!..
— Қайдам, бұл сұрағыңа не айтарымды білмеймін, — деп ескертті Таурарин. — Біз әйтеуір жем-шөпті қойға берерде абайлап, мұқият іріктейміз. Балаларымызға да Құдай жолынан ауытқымауды, сақ болуды үйретеміз. Сөйтсек те, қайдан екені белгісіз, қойдың ішінен құрт шыға келеді. Мұндай жағдай жануарларда ғана емес, адамдарда да кездеседі.
Ал әйелдер жағы үйдің ішінде өсектің өртін өршітіп отырды. Әңгіме әкесінің шаңырағында оң жақта отырып қалып, бүкіл шаруашылығын жүргізген гилтейгалық Сдейник туралы еді. Ол өткен аптада босанған болатын. Әйелдердің біреуі оған арнайы барып қайтқан көрінеді — олардың некесіз бала туған әйелге барып, қызмет көрсетіп, көмектесуге әрқашан құлшынып тұратын әдеті. Әсіресе алғашқы апта солай болады. Баланың әкесі кім екенін білгенше тыным таппайды. Бейшараның толғағы өте ауыр болыпты, ал шарананың әлсіздігі сонша, тіпті тірі қалуының өзі екіталай көрінеді. Әңгіме қыза келе әйелдердің әрқайсысы өздерінің қалай толғатып, қалай босанғанын, қаншалықты қиналғанын, ауру баланы бағып бастары қатқанын айтып кетті. Қазір ешкім де денсаулығым мықты деп мақтана алмайды ғой. Шешек, оба сияқты сұмдық ауру соңғы кезде кездеспейтін болғанымен, қайдағы бір сырқат түрлері көбейіп кетті. Біреудің жанын көзіне көрсете тісі ауырса, енді біреудің тұла бойына бөртпе шығады, жүрегі ауырған, буын-буыны ісіп, сырқырайтын, қараптан-қарап жүріп, бір нәрсеге соқтығып жараланған, ауа жетіспей тынысы тарылатын, онымен қоймай, жөтел қинайтын, кеудесі шаншығанда шыдай алмайтын, алқымы ісіп кетіп, мазасын алатын ауру түрлері қаншама десеңізші. Ішегі шұрылдап, іші кеуіп азап шегетіндер де аз емес. Соның бәрінен де жаманы жаныңды да, тәніңді де қажытатын, әбден әлсіретіп титықтататын "жүйке ауруы" шығар, сірә.
Утиредсмиридегі бас бәйбіше әлгіндей әңгімелерден құлағы сарсыған соң ақырын жылыстап, сыртқа шықты да ауладағы еркектердің арасына барды. Мұндағы әңгіменің сиқы қандай екенін көріп, "Тоқтаңдар түге!" деп, тыйып тастады. Еркектер жым болды. Бас бәйбіше келісті келген денелі, көзілдірік киген, беті жап-жалпақ, еңгезердей ірі әйел болатын — бір қарағанда Рим папасының суретіне ұқсайтын. "Көктемнің мақпалдай жұмсақ мынадай маужыраған тамаша күнінде, — деді ол, өзінің сүйікті көгілдір тауларын, шайдай ашық аспан, көк шалғынға оралғалы тұрған кең жазираны қолымен кезекпе-кезек нұсқап, сендерге жөні түзу әңгіме табылмай қалды ма сонша? Араларыңда бүкіл аймаққа белгілі екі бірдей скальд (жырлайтын, өлең оқитын ақын) тұр емес пе?! Олар — бүгінгі күйеу бала мен Ундирхлидтен келген Эйнар. Оның үстіне, бұлардың арасында Истадальдан келген Оулавюр де тұр. Бұл — ғылым десе ішкен асын жерге қоятын әуесқой әрі "Халық достары" одағының мүшесі. Көктемнің мынадай көркем көрініске толы әсем табиғатының аясында адамдарға алуан түрлі небір ғажайып, асқақтаған ұшқыр ойлар келмеуші ме еді!?"
Бірақ бұл әйел бар жерде бұл өңірдегі бірде-бір скальд өлеңдерін оқудан өлердей бас тартатын. Оның өздеріне деген ыстық ықыласы мен достық ниеті де олардың тіршілігінің табиғи түріне әрқашан сүйсінуі де иліктіре алмайтын. Өйткені оның жылы шырай білдірмек болып күлімсірегенінің өзінен бейне бір сірескен мұз басып жатқан теңіздің салқындығы сезіліп тұратын. Оның үстіне, мына екі скальд пен Утиредсмиридегі бас бәйбішенің ой-пікірлері өзара түсінісе алмастай бір-бірінен тым алшақ болатын. Бас бәйбіше ұлы ақындарды сүйіп оқитын әрі село тұрмысының өзіндік ерекшелігінен барынша рақат табатын. Ол бүкіл әлемді ашса, алақандарында, жұмса жұдырығында ұстап тұрған Құдайдың құдіретіне құлай сенетін. Құдай кез келген заттың бойынан табылады, ал адамның міндеті барлық істе де Құдайдың тура жолының бұрмаланбауына барынша жәрдем жасау болып табылады деп білетін. Бірақ о дүние туралы жұмған аузын ашпайтын. Ал пастор (шіркеу басшысы) оның мұндай қылығын пұтқа табынудың тікелей көрінісі деп айыптайтын. Эйнар өмірге сын тұрғысынан қарайды. Ол өзінің дүниеден қайтқан жерлестері туралы ғана жоқтау өлеңдер жазады, ал діннен болашақта Құдай кедейлерді де әйтеуір бір мүсіркеп, жарылқайтын болар деген үміт күтіп, өзін-өзі жұбатуға тырысады. Бірақ пастор Эйнардың шығарған өлеңдерін діни қауымның өз ұйымына мүшелерді жерлеу кезінде оқуына тыйым салып тастаған болатын. Өйткені діни ілімнен хабары жоқ қатардағы қарапайым шаруалардың жұртқа танылған белгілі псальмашылармен бой таластырып, бәсекеге түсуіне жол беруге болмайды ғой. Бьяртур болса, халық поэзиясына тән ежелгі халықтық рухқа жақын еді, оның үстіне, әркім йомсборгтік Берноут немесе Борнейяркаппи сияқты викингтер* және басқа да ерте замандағы қаһармандар сияқты өз күшіне, өз қабілетіне сенетін адамдарды жоғары бағалайтын. Ол өлең жазудың ережелерін ежелгі заман ақындарына еліктеп үйренген болатын және өлеңнің өзінің ішкі ырғағы сақталмаса, оны өлең деп санамайтынды шығарды...
Бұл үйге келе жатты. Ол ырс-ырс етіп, ентіге қиналып біреудің демеуімен атынан зорға түсті. Пастор дене пішіні сұлу тұлғалы, ұзын бойлы сұрғылт жүзді, ақ шашты, түсі суық әрі тік мінезді қатал адам болатын. Ол біреудің айтқан пікіріне ешқашан қосыла қоймайтын. Бұл жерде оның назарына бірден іліккен ақын әйел — бас бәйбіше болды. Бұл оның көңіл-күйін көтере қоймады, кайта су сепкендей басты.
— Мен мұнда шақыртқандарың бекер-ақ болған екен, — деді ол — Бұл жерде халық алдында суырылып шығып, менен де жақсы сөйлейтін жан бар екен ғой.
— Оныңыз рас, — деді, мәз бола ыржиған Бьяртур. Сөйтті де оның атын шылбырынан ұстап, байлауға алып бара жатты. — Бірақ біздің некемізді сіз қиып, махаббатымызды сіздің заңдастырып бергеніңізді қалаймыз.
— Қайдағы махаббатты айтасың? — деп міңгір ете қалды да пастор үйге қарай бет алды.
Ол неке кию рәсіміне дейін кофе ішіп алғысы келетінін айтты. Пастордың уақыты тым тығыз екен — бүгін күн сенбі, біреудің баласын шоқындыруы, одан қала берсе, діни қауымның өзіне тән тіркелген ұйымына, осы жерден солтүстікке қарай едәуір қашық Сандгилдегі шіркеуге баруы керек. — Мен сендерге кітапта жазылған дұғалардан өзге ешнәрсе де айтпаймын. Менің неке тойына арнап сөз сөйлеуім жетеді енді! Өйткені қазіргі жастар еш нәрсеге бет қаратпай, ойланып-толғанып жатпай, асығыс-үсігіс үйлене салады, ал шын мәніндегі христиан некесінің қандай болуы керек екенінен бір түйір де түсінігі жоқ. Мұның ақыры не болады? Оны өздерің де көріп жүрсіңдер. Мен бір-бірімізді сүйеміз, күйіп-жанып, өліп барамыз деген он екі жастың некесін қидым. Ал қазір солардың бәрі де ырың-жырың болып, ажырасып кетті — діни қауым ұйымының мойнына масыл болып алды. Ондай жастарға арнап сөз сөйлеп, діни уағыз айтудың өзі артық! — Ол басын маңдайшаға соғып алмас үшін екі иіліп барып, ішкі кірді.
— Аздан соң старостаның әйелі ұлттық киім киіп, сәндене түскен қалыңдықты шатырға алып кірді. Қалыңдық жан-жағына көзінің қиығымен ғана қарап қойды, бір түрлі қысылып тұр. Олардың соңынан топырлаған әйелдер, ит жетектеген еркектер кірді. Ең соңынан үсті-басындағы киімі уқалана мыж-мыж болған пастор келді. Оның кофе ішіп болғаны да сол еді.
Бұл кезде қалыңдық Роза жиырма алты жасқа толған болатын Ол дөңгелек жүзді, қызыл шырайлы, сүп-сүйкімді қыз еді. Көп сөйлемейтін ұяң мінезді, көзін қылиландыра қарайтыны, жұп-жұмсақ томпиған, орта бойлы тұлғасы өзіне жарасымды-ақ. Ол өзінің алжапқышына қадала қараған бойы көзін жоғары көтерген жоқ.
Шатырдың ішіне шағын үстел қойылды. Ол шіркеудегі мехрабты алмастырғандай. Пастор оның жанына тұрып алып, дұға жазылған кітабының беттерін қайта-қайта аударыстырумен болды.
Жұрттың бәрінде үн жоқ. Құстардың сайраған дауыстары ғана естіледі. Бір кезде әлдебір сүйкімсіз дөрекі дауыстар неке тойында айтылатын псалом әуенін бұзып-жарып, жарыса бастап кетті. Әйелдер көздерінің жасын сүрте бастады.
Пастор қалтасын олай шарлап, бұлай шарлап, сағатын зорға тапты. Тоқтап қалған сағатын күйеу жігіт пен қалыңдықтың тап тұмсығы астына тақап тұрып бұрады да, қайта жүргізді. Неке қию рәсімін бастап, кітабында жазылған дұғаларды оқуға кірісті. Енді псалом айту тоқтатылды. Пастор өзінің борышын өтеу барысында екі жасты құттықтаған болды. Сөйтті де іле-шала күйеу жігітке қарап, одан өзінің байлаулы атын шешіп әкелуге біреудің кеткен-кетпегенін сұрады, уақытының тым тығыз екенін тағы да қайталады. Бьяртур атты алып келуге зор ықыласпен тұра жөнелді, ал әйелдер жағы қалыңдықты тұс-тұсынан қоршап алып, бетінен сүйіп, құттықтауға асықты.
Енді кофе ішудің қамын ойластыру керек болды. Бір-біріне жалғастыра қойылған үстелдердің екі жағына ұзын-ұзын отырғыштар қойылды да қонақтар дастарқан басынан орын алуға шақырылды. Старостаның әйелі үйленіп жатқан екі жастың жанына отырды. Пастор кете салысымен қымбат бағалы тәтті мейіз қосып пісірілген бәліштер, жұқа жайылып, қуырылған қытырлақ бауырсақтар табақ-табағымен жеткізілді, еркектер жағы танауларына насыбай иіскеп, әңгіменің бетін тағы да малға қарай бұрды. Кофе келтірілді. Алғашқыда едәуір үнсіздік орнады. Меймандар бар ынтасымен кофеге зор баға берді — біреулер төрт шыны аяқ, енді біреулер сегіз шыны аяқ кофе ішті. Мейіздің майда сүйегін әр ауыздың тістері шықыр-шықыр шайнағаны естілді.
Бьяртур жүзі бал-бұл жанып, қуанышы қойнына сыймай, ақжарқын көңілмен меймандостық тынытып отырды.
— Кофені көбірек ішіңіздер, — деді ол — Өзіміз ұнтақтап, өзіміз қайнатқанбыз. Дәмді-ақ өзі.
Ақырында жұрттың бәрі де кофені мейірлері қанғанша ішіп болды. Сырттан балықшы құстың бір түрі — кроншнептердің шик-шик еткен даусы келді құлаққа. Бұл кез — олардың махаббаты оянатын шақ. Редсмиридің бас бәйбішесі орнынан көтерілді. Оның Рим папасы сияқты айбынды, маңғаз да тәкаппар тұлғасы меймандардың арасында ерекше көрінеді. Ол көйлегінің қалтасына қолын сүңгітіп жіберді де толтыра жазылған әлдебір қағаздарды суырып алды.
Осы бір салтанатты сәтте екі жас жүрек бірін-бірі қалап, қосылған шақта, өзінің бірнеше жылы сөз айтпаса болмайтынын ескертіп етті. Өздерінің отан алдындағы, ең алдымен құдіреті күшті Құдай алдындағы қасиетті де құрметті борыштарын өтеу үшін өздерінің тағдырын бір-бірімен байланыстырып, үлкен өмірге қадам басқалы отырған екі жастың некеқияр тойында олардың болашағына нұр шаша шешіле сөйлеу, бәлкім, менің емес, басқа біреудің міндеті де шығар. Ал ондай қасиетті міндетті атқаруды Құдайдың өзі жүктеп қойған жан бойын аулақ салып, жылыстап кетіп қалған соң, несі бар, менің өзімнің шағын да болса құттықтау сөз сөйлемеуге лажым жоқ дегенді айтты. Мұны өзінің парызы деп біледі екен. Өйткені бір-бірімен бұрыннан-ақ туыстас болып кеткен сияқты бұл екі жас оның үйінде шын беріле адал қызмет етіпті, күйеу баланың қой бағып келе жатқанына он сегіз жыл болыпты! Ал олардың ерлі-зайыптылар ретінде өмірдің ұзақ сапар ақ жолына аттанып бара жатып, менің бір ауыз жылы сөзім мен ақыл-кеңесімді естімей кетуің көз алдыма тіпті де елестете алмаймын деп барып, бір тоқталды. Оның Құдай берген табиғи мінезінің өзі осындай: ол еңбек сүйгіш шаруаны, оның бойыңдағы ғажайып сұлу қасиеттерді мадақтаудың қандай да болса мүмкіндігін босқа жібермейді. Рас, мұның езі алғашқыда қалада өсті. Алайда Құдай сәтін салып, шаруаға тұрмысқа шықты, шаруаның әйелі болғанына тіпті де өкінбейді. Өйткені көркем табиғат Құдайдың жаратқан игілікті нәрселерінің ішіндегі ең жоғары дәрежеде тұр. Табиғаттың аясында өткен әмір — ең жақсы, жан-жақты жетілген өмір. Онымен салыстырғанда былайғы өмірдің бәрі бос әурешілік, шаң-тозаң басқан, іріп-шіріген тұл тіршілік қана.
— Қала тұрғындары, — деді фру, — табиғат-ананың бізге арнайтын тамаша тып-тыныш ғажайып сыйы туралы не түсінеді? Ондай ғажайып өмірге кенелгенше адамдар өздеріне қайдағы бір абыр-сабыр, әуре-сарсаңға толы өткінші өмірден жұбаныш іздеумен болады. Олар мазасыздана тыным таппайды, қас қағым сәттік қызыққа ұмтылады, өз тәндерін өздері үздіксіз сылап-сипаумен болады, сырт көзге әдемі болып көрінуге тырысады, әр түрлі сәнқойлыққа салынады, түкке тұрғысыз бос қызықты қуалайды. Ал, село тұрғындары көсілген кең дала мен жасыл желек жамылған жазиралы шалғынды жерде тұрады, тап-таза жұпар иісті ауаны көкірек кере емін-еркін жұтады. Осының өзінен-ақ олардың жаны мен тәніне жаңадан әлдебір тың күш-қуат пайда болады. Табиғат аясында түсті кілемдей құлпырып, село тұрғындарының, аяқ астында жататын көркем көріністің өзі неге тұрады! Оның бойында сұлулық сезімін күшейтіп, әлдебір хош иісті дүниеге бөлемей ме? Міне, жер-ананың жанға жайлы, жібектей жұмсақ лебі есіп, мүлгіп тұрған тыныштықта дем алғанның өзі қандай рахат десеңізші! Ойдым-ойдым ойпаттар, биіктен құлаған сарқырама сулар, көгілдір таулар жастық шақтың ұмытылмас жан достары сияқты эсер қалдырады. Біздің тауларымыз қандай құдіретті, қандай көркем! Жүрек қылын асқақ та абзал асыл тұлға сынды әрі күшті, әрі шебер шертетін ешнәрсе де жоқ. Таулар аңғар-аңғарды мекендейтін бізді жан-жағымыздан қоршап, қамқорлықпен қорғап тұрады, олар біздің өзімізді де барлық әлсіз атаулыны аяп, аялауға үйретеді. Өздерің айтыңдаршы, — деп сұрақ қоя сөйледі фру, — бұл дүниеде жайқала өсіп тұрған, мен айтар едім, періштелердің жанарындай жарқырап, биік көк аспанға қадала қарап, тұнып тұрған түрлі-түсті гүлдер жауып жатқан тау аңғарларынан асқан қандай қызық әрі тұп-тұнық керемет тыныштық бар? Олар адамдарды бейнебір табиғат-ананың құдіреті алдында бас иіп, оның шексіз сұлулығына, ақыл-парасатқа толы жарасымды болмысына және мейірге толы шынайы махаббатына табынуға шақырып тұрғандай емес пе? Міне, оның шын мәніндегі және жан-жақты ұлылығы да осында.
Орта ғасырларда өткен серілер әлсіздерді қорғап, оларға пана болған еді. Ал біздің неге тап солар сияқты ізгі іс-әрекеттер жасамауымыз керек? Ақын әйел бұл жерде әлсіздер деп өздерінің мүмкіндігі жеткіліксіз, өзгелердің көмегіне мұқтаж адамдарды айтып түр еді.
— Ал сонда қақаған қысқы суықта малға күтім жасаудың өзі де тамаша ізгілікті іс емес пе? Менің аузыма бір сөздер түсіп тұрған кезде мен саған өз алғысымды ойша жаудырып тұрмын, Бьяртур. Біздің Утиредсмирдегі қойларымыздың аман-сау болуы сенің арқаң, әрине. Сен біздің есігімізде жалшы болып, қой бағып жүргенде қандай алғысқа болса да лайықты жақсы істер тындырдың. Ежелгі ескі өлеңдердің бірінде: "Бақташыңды жақсы көр өз тәнің мен жаныңдай" деп тегін айтыла салмаса керек.
Бақташы байғұс таң сәріден тұра салып, қақаған суыққа қарамай, тілсіз жануарлардың жағдайын жасайды. Онысына тіпті де ренжіп, қиналмайды! Оларда жанашырлық сезім күшті. Сондықтан да карлы боранның өзінде қажымайды, барған сайын қайраттанып шыныға түседі. Ол өз бойында соншалық күш-жігер бар екеніне таң қалады. Күтпеген жерден кездескен сұрапыл күштерге қарсы күресте ғажайып ерлік танытады. Дәрменсіз әлжуаз жануарлар үшін соншалықты қиындықтарға төзіп, жеңіп шыққанына шын жүректен қуанады.
Табиғат аясындағы өмір мейлінше ғажап! Ол — адамдарға тәрбие берудің нағыз қайнар көзі. Шаруалар — ұлттық мәдениетіміздің мықты тірегі. Олардың ең ардақты борышы — отанымыз бен халқымыздың игілігі жолында аянбай еңбек ету, жақсылыққа жету жолдарын жалықпай іздестіру.
Ақын фру өзінің сезін кәміл иландыра әрі жалынды шабытпен аяқтады. Шатырдың іші қапырық болып, ысып кеткені сонша, оның маңдайынан да, қызыл шырайлы келген екі самайынан да тер моншақтап акты. Ол қалтасынан бет орамалын алып, терін сүртті.
— Сіздер парсылардың дінімен таныссыздар ма, әлде жоқ па? Ол жағын мен жақсы білмеймін. Олардың нанымына қарағанда, жарық күннің құдайы мен қараңғы түннің құдайы бір-бірімен ұдайы жауласумен болады екен. Адамдардың пешенесіне жарық күннің құдайына көмектесу жазылған көрінеді. Сондықтан да олар жер өңдеп, топырақтың құнарын арттырады екен. Міне, бұл — шаруалардың үлесіне тиетін қасиетті міндет. Олар, былайша айтқанда, Құдайға көмектеседі, Құдаймен ынтымақтаса әрекет етеді, түрлі егін егеді, мал өсіреді, өздеріне ұрпақ өрбітеді. Жер бетінде бұдан асқан құрметті міндеттің болуы мүмкін емес. Сондықтан да мен осында отырған барлық шаруаларға, соның ішінде әсіресе бүгінгі күйеу баламыз Бьяртурға мынадай сөз арнамақпын.
Сендер, шаруалар мен шаруа әйелдер, таңның атысынан күннің батысына дейін бел шешпей қажырлы еңбек ету арқылы қандай үлы да игілікті іс тындырып жүргендеріңді жақсы сезінетін болуларың керек, сендер Жаратушы иеміздің жасампаздық ісіне белсене атсалысасыңдар, ал Ол сендердің іс-қимылдарыңа сүйіспеншілікпен көз жіберіп, көріп тұрады. Сендердің ұрпақтарыңның жалғасып, өсіп-өнуі Соның ғана қолынан келетінін ұмыта көрмеңдер.
Осыдан кейін фру Розаға арнап бірнеше соз айтты. "Нитуркотта туып-өскен, жақсы тәрбие алған, мінезі салмақты қызды біздің
Утиредсмириде үй қызметінде көмекші болып істеген соңғы екі жылдың ішінде бәріміз де жақсы көріп кеттік", — деді ол.
Бүгінгі қалыңдық — Жазғы мекеннің ертеңгі билеуші бикесі. Біліп қойыңыздар, билеуші бике! Үйдің шаруасын дөңгелентіп алып кететін сарамжал келіншекке мұндай құрметті атақ тектен-тек беріле салмайды. Біздің бұрынғы өткен ата-бабамыз үй ішіндегі бала-шағаның бәріне бірдей аналық мейірімін, жүрек жылуын аямай төгетін, қамқор болудан жалықпайтын бірден-бір адам ол әйел заты екенін жақсы білген. Әйел заты олардың тәніне қамқорлық жасап қана қоймайды, сонымен қатар ішкі дүниесіне, бүкіл өміріне жан шуағын шашады. Үйдің берекесін кіргізетін билеуші бике, бала тауып, ана болу бақытына жеткен әрбір әйел өзінің үлесіне тиген бұл міндеттердің соншалықты биік те асқақ әрі кең ауқымды екенін және мұның өзі оның үшінші не төртінші, тіпті мен айтар едім, мыңыншы ұрпағы кезінде алдынан кезігетін жақсылыққа кенелетінін бір сәт те естерінен шығармаулары тиіс. Жігітке жар болу, үйдің берекесін кіргізетін билеуші бике болу — өте-мөте жауапты жұмыс. Өте-мөте жауапты болатын себебі, оған міндет атаулының ішіндегі ең ұлы әрі ең ізгі түрі — адамға бақыт сыйлау міндеті жүктелген.
Көптеген әйелдер өз үйін барлық уақытта бірдей шаттыққа, сылдыраған күміс күлкіге толтырып, жайнатып қою мүмкін емес деп ойлайды. Бірақ болмашы ғана ұсақ-түйектің өзіне зор мән беріп, жақындарының жүрегін бейне бір қуанышқа бөлейтін періштелер сияқты бола білу керек. Шаңырағында ынтымақ, ырыс орнаса, әр адам-ақ үлкен ерлік жасай алады — олар өз жүректерін өшпенділік, көре алмаушылық, жек көру, уайым-қайғы деген азаптан арылтады. Міне сонда отбасы мүшелерінің бәрі де өздерін құдіреті күшті Құдайдың өзі мәңгілік ізгі мұраттардың шуақты көктемі арқылы ілгері бастап келе жатқандай көреді. Олар өздерін жандары таза, ер жүрек адамдар ретінде сезінеді және өздерінің Құдайдың назарында екеніне, оның сүйіспеншілігіне бөленгеніне көз жеткізеді. Ал мұның — өзі шын мәнінде өте қиын, жауапкершілігі мол міндет. Бірақ ол — сонымен қатар абзал аналар мен үйдің берекесін кіргізуші билеуші бикеге Құдайдың өзінің тікелей жүктеп отырған міндеті. Ондай міндетті орындау қолымнан келе қояр ма екен деген күмәнің қаншалықты коп болса да сенің бойыңнан ол міндетті орындауға жеткілікті күш әрқашан табылады. Сенің қолыңнан бәрі де келеді. Ол үшін Құдайдың қолдау көрсететін мейірімділігі мен сүйіспеншілігіне сенуің керек. Ондай керемет күш өмірдің шуақты беткейін жайлаған, жақсы тәлім-тәрбие мен білім алған әйелдердің ғана емес, сонымен қатар өмірдің көлеңкелі жағында қалып қойған, жүдеп-жадап тоңып жүрген, құрқылтайдың ұясындай тар үйлерде тығылысып, зорға сыйысатын, оқу-білімнен мақұрым қалған әйелдердің бойынан да табылады. Сендердің барлықтарыңның бойларыңда ондай ізгілік белгілері көп, өйткені сендердің бәрің де Құдайдың жаратқан сүйікті құлдарысыңдар.
Өзінің шаңырағы мен ошағын жер бетіндегі бақыттың биігіне көтере алған әйел күшінің ұлылығы сонша, ол жатаған лашықтардың өзін асқақтаған биік сарайлармен теңестіре алады. Олардың екеуі де соншалықты кең, жарық, жылы сезіледі. Міне, осы бір орасан зор күште нағыз теңдік бар.
Роза, әрқашан есіңде болсын. Сен күн сайын болып жатқан толқындар қозғалысын тудырасың. Ол толқындар дүниенің қиыр шегіне дейін жетеді, тіпті мәңгілікке кетеді. Бірақ толқынның да толқыны халықтың жүрегін мұздатады, қайғы-қасірет шектіреді.
Сен өз махаббатыңды неғұрлым толық жетілген, бәріне де көнетін, шыдай білетін қалпыңда қабылда. Адам жанының ең жоғары асқақ та асыл сезімдері, міне, осындай махаббатта ғана бір-бірімен жарасымды үйлесе алады. бұл өмірдегі барлық пасық та сасық нәрсенің бәрін де тек шынайы махаббат қана жеңіп шығатынын ұмытпа. Жатаған лашықтарды салтанатты сарайларға, кедейлікті жемісі төгіліп тұрған мәуелі баққа, қақаған суық қысты мәңгі-бақи жадыраған жылы жазға айналдыруға бірден-бір қабілетті күш махаббат күші екені есіңде болсын.
* * *
Жаңа үйленгендер мен меймандар сөзді үнсіз тыңдап шықты. Үнсіздікті танауларына насыбай атқан шаруалардың анда-санда түшкіріп-пысқырғаны мен шатырдың ішінде тынымсыз ұшып жүрген екі үлкен шыбынның үздіксіз ызыңы, сырттағы құстардың сайраған үндері ғана бөлді. Фру орнына қайта жайғасып отырғаннан кейін ғана жұрттың мұрындарын шұқылап, тазалай бастағанға батылы барды. Мәз бола масаттанған әйелдер өзара күбір-күбір әңгімеге қайта кірісті. Содан соң тағы да едәуір үнсіздік орнады.
Меймандар күшейе түскен қапырық пен ыстық кофенің буына балқып, маужыраған бойы шатырдың ішкі аппақ қабырғаларына түскен күн сәулесі мен әлгі шыбынның біркелкі ызыңына елтігендей болып, жым-жырт отырып қалды.
Кельдтен келген қоңқақ мұрынды, сақалы қудай аппақ қарт шаруа Хродлогур Бьяртурдан:
— Бьяртур, сендердің Утиредсмирилеріңде биылғы көктемде қойдың топалаң ауруы шығыпты деген не сөз өзі? Рас па? — деп сұрады.
Бұл сөзді естігенде жұрттың бәрі де — әлгі бойлары балқып, маужырап отырғандар да, әлде бір қиялға кетіп, ойланып отырғандар да — елең ете қалып, шошып кетті. Биылғы көктемде бұл өңірде әр жер-әр жерде кездесіп жатқан топалаң ауруын естеріне алып, әңгіме ете бастады. Таспа құрт ауруы туралы да кейбір келеңсіз сөз айтылды. Олардың бәрінің келген ұйғарымы мына жағдайға сайды: соңғы екі жылдың ішінде иттердің асқазанын тазарту ісі қалай болса, солай жүрдім-бардым жасалып жүр. Кейбіреулер бұл үшін әрі шіркеудің кіші қызметкері — пономарь болған, оның үстіне, пастордың тікелей қолдауымен әрі ит дәрігері қызметіне дейін жоғарылаған Тау королін* кінәлауға бейім тұрған
— Басқаларды қайдам, әйтеуір мен әр күз сайын өз итімнің асқазанын өзім тазалаймын және оны өз есебімнен, өз қаржыма жасаймын, — деп жауап қатты күйеу жігіт.
Мұндай шараның дұрыс екенін бәрі де қуаттады. Қойдың ауру атаулыдан аман болуының бірден-бір кепілі — иттің асқазанын мезгілінде тазартып түру. Солай бола тұрса да адамдар кейбір жақсы шаруашылықтардың өздеріне де микробтарға қарсы күреске тіпті де мән бермейді, бұл іске селқос қарайды.
— Егер адамдар миробтардан сақтана білетін болса, — деді Тоурир, өзінің бұл салада бай тәжірибесі бар екенін айта келіп, — онда біздің ештеңеден де қауіптенуіміздің қажеті қалмас еді. Бірақ барлық бәленің түп тамыры бейқамдықта жатыр. Егер жұрттың бәрі бірдей микробқа қарсы күресудің маңызын жете түсінген болса, онда олардың иттері де ауырмас еді. Ал итін ауыртып алған адамның өз обалы өзіне.
Осы тақырып төңірегіндегі әңгіме көпке созылды. Әркімнің өз білгенін айтып қалғысы келді. Эйнар адамдардың мұндай іске араласа беруін онша қолдай қоймайтын. Өйткені, деп санайтын ол, бәрібір, ақырында бүкіл дүниенің апатқа ұшырап, жойылатыны ондай жағдайдан ешқандай дәрі-дәрмектің де, дәрігерлер мен бақсы-балгерлердің де аман алып қала алмайтыны белгілі. Ал біздің заманымызда мұның өзі ерекше айқын бола түсуде. Оның үстіне, иттің аты ит қой, микробтың аты микроб, ал қойдың аты қой! Бұған Оулавюр қолма-қол қарсы шықты. Оның айтуынша, топалаң ауруының өзі қойды топалаң ауруына душар етеді. Иттерді ережеге сай дұрыс емдемеудің салдарынан қой түгілі адамның ауруға ұшырауы әбден мүмкін. Егер иттерді емдеу дұрыс жолға қойылса, онда олардың асқазаны да тап-таза болар еді.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
КӨШПЕЛІ БҰЛТТАР
Ертеңіне Бьяртур жас келіншегін өз үйіне алып кетті. Оны Блесиге мінезді де, атты шаужайынан мықтап ұстап, жетектеп жүрді. Өйткені Блеси әлі жөнді бас білдірілмеген еді, тартынып, тепсініп, мінез көрсетумен болды. Атқа Розаның мықтап буылған құс төсегі артылған-ды. Екі қапқа бөліп салынған неке сыйлықтары ердің үстінен асыра екі қанжығаға бөле байланған болатын. Ондағы қалайы мен кәстрол шөміш біріне-бірі соқтығысып, салдыр-күлдір ете қалғанда ат есі шыға үркіп, бір жақ шетке ойнақшып шыға кеткісі келеді. Бірақ қарулы Бьяртурдың әлеуетті қолдары бейне бір теңізге тасталған зілді зәкірдей Блесиді тырп еткізбеді. Титла бұлардың соңынан сүйретіле еріп келе жатты, кәдімгі жайма шуақ ашық күндердегі барлық иттердің үйреншікті әдетіне басып, көктемгі сыз топырақты тұмсығын тыға, жайбарақат бейқамдықпен иіскеп қояды. Блеси үркіп, тулаған сайын оның артқы аяғынан тістеп алғысы келіп, ат пен оның үстіндегі келіншектің одан бетер зәресін ұшырды. Бьяртур біресе атық біресе итін сөгіп, балағаттаумен болды. Роза асудан асатын бүкіл жол бойы Бьяртурдың аузынан дөрекі балағаттан өзге бірде-бір жөні түзу сөз естімеді.
Олар Гунвердің төбешік моласына таяна берген кезде Розаның аттап түсіп, молаға тас тастағысы келді: осылай ету оның ойынша, бақытты болуына көмектессе керек.
— Гунвер тас тастауды талап етіп жатыр. Ол бұл асудан өтіп жататын адамдардың бәрін де байқайтын көрінеді.
— Жоқ, — деді Бьяртур, оның сөзін кесіп тастап. — Ол бізге ешқандай да бақыт сыйлай алмайды. Менің ондай сиқырлы елеске ешқашан жағымпазданғым келмейді. Кәрі мыстан өз жайымен жатсын...
— Менің дегенмен де аттан түсіп, оған тас тастап өткім келеді, — деді келіншегі.
— Сенің тастаған тасың оның атасының басына керек пе? Оған мен де, менің ең жақын адамдарым да ешқандай тас тастап өтпейді! Менің ойымша, әлдеқашан сүйегі құрап, тозақтың төрінен орын алғандардан гөрі қазіргі көзі тірі адамдарға құрмет көрсеткеніміз жөн.
— Бьяртур, менің аттан түсуіме көмектесші, — деп өтінді келіншегі.
— Жоққа сенетін, бос сандырақтың қажеті қанша?! — деп жауап қатты Бьяртур.
— Бьяртур, мен айттым ғой, өтінемін сенен, тас тастап өтейінші. Бұл — менің борышым.
— Егер мен ұмытып қалмасам, пасторға да, басқаға да неке қияр қарызымды толық өтедім ғой деймін. Бірақ ол бір ауыз жылы сөз де айтпады. Олай болса, мен ешкімге ештеңе де борыштар емеспін.
— Бьяртур, егер менің тас тастап өтуіме рұқсат етпесең, біздің екеуіміз де әлдебір бәлеге шалдығамыз.
— Менің ойымша, біздің Құдайға сенуіміз де, пастор Гунмундурға сенуіміз де аздай-ақ, енді қайдағы бір сүйегі қурап қалған мыстан кемпірге сенуіміздің еш қисыны жоқ! Өзің ойлап қарашы, сен енді өз еркің өзіңдегі азат жансың ғой!
— Жарқыным, Бьяртур, — деп жалбарынды Роза, көзіне жас іркіліп. — Мен бір бәлеге ұшыраймыз ба деп қорқамын. Тас тастамасам, болмайтын сияқты. бұл — ежелден келе жатқан нанымымыз, әдет-дәстүріміз емес пе?
— Сайтан алсын сол кәрі қақпас жалмауыз кемпірді! Жүр тезірек, Блеси. Шәуілдей бермей, жап аузыңды, Титла!
Қатты шошынып, зәресі ұшқан жас нәресте сияқтанған келіншек аттың жалына қос қолымен құшақтай жабысып қалды. Бірақ оның кемсеңдеген иегі мен дір-дір еткен ернінің дірілі жас нәрестеге тіпті де тән емес еді. Енді оның бір соз айтуға да батылы бармады, тек үн-түнсіз ілгері қарай жүріп келе жатты. Олар асудан асып, еңіске темен түскен бойда шалшықты балшыққа таянды. Анадай жерден Жазғы мекен көзге түсті. Бьяртур аз-кем кідірді де, Розаға жаңа хутор жақты нұсқады. Үй жасыл шоп басып кеткен аласа төбенің беткейіне жабыстыра салыныпты. Бір түрлі көңіл көтерерліктей жылы көрінетін сияқты. Ту сыртында — биік тау, қарсы алдында — едәуір кең шалшықты балшық, одан әрі айнадай жарқыраған қол. Батпақты жермен ирең қаққан шағын өзен ағып жатыр. Үй қарауытып көрінеді — ойма шыммен катпарлана жабылған төбесі көгеріп үлгермепті.
— Әне, көрінді, — деді Бьяртур. Ол бұл сәттің қуанышын көптен бері күтіп келген еді: алып келе жатқанда келіншегіме хуторымды сонадай жерден, таудан еңіске түскендегі осы жерден нұсқап көрсетсем, ол риза болғанынан, тіпті қатты қуанып кетіп шаттанғанынан алақайлап, дауыстап жіберсе деп дәмелене армандайтын. Алайда тап қазір Роза осынау аңғарды ерекше енжарлықпен алыстан шолып қана келеді, жүзінде әлдебір ренішті өкініш пен қорқыныштың табы байқалады. Бәлкім, ол үйдің төбесінің әлі көгере қоймағанына бола ренжіп келе жатқан шығар?
— Үйдің төбесін бірден жасыл желек жаба қояды деуге болмайды, — деді Бьяртур. — Әлі-ақ көресің, келесі жазда үйдің төбесі қайсы, жасыл шөп басқан жайылым қайсы екенін айыра алмай қаласың.
Келіншегі үн қатпады.
— Үй жаман емес, барған соң көресің ғой, — деді Бьяртур, әр айтқан сөзін қайталап, жіктей түсіп.
— Гунвер-төбешік тұсынан өтіп бара жатқанда менің аттан түсуіме неге рұқсат етпедің?
— Сен сол бір жалмауыз кемпірдің моласына тас тастап өтпедім деп әліге дейін бұртиып келемісің өзі? — деп сұрады Бьяртур.
Келіншек аттың жалынан көз алмаған бойы барынша қасарысқандай енжар қалпында отыра берді. Кенеттен бүкіл аңғарды да, бос жатқан кең жазықты да көлеңке жаба бастады. Жаздың бас кезінде бұл өңірде ауа райы адамның бет жүзіндей болып, сағат сайын құбылып тұрады. Бүгін де сондай күндердің бірі еді. Түйдек-түйдек шудаланған ақ бұлттар аспанды жауып, бейне бір адамның ұшқыр ойындай жылдам жылжып, көше берді. Көлеңкесі жерді жауып бүкіл аңғарды тұмшалай түсті. Дегенмен күн шұғыласы тау шыңдарын әлі де жарқыраған нұрға бөлеп тұрды. Әйелі үндемеген соң Бьяртур аттың шылбырын шаужайынан ұстады, ешқандай қажеті болмаса да енді итін шақырған үн қатты да ілгері бастады; ердің екі жағына асыра артылған қапшықтардағы той сыйлықтары тағы да салдырлай түсті.
Жол енді Редстад өзені асудан темен қарай құлап ағатын шатқалдың бойындағы еңіспен ылдиға қарай тартты. Жаңбыр тамшылай бастады. Үнсіздікті келіншек бұзды:
— Бьяртур, — деді ол.
— Айта бер, саған тағы не керек? — деп сұрады күйеуі, келіншегіне жалт бұрылып.
— Ештеңе де керек емес, — деп жауап қатты Роза. — Аттан түсуіме жәрдемдесші. Менің өз үйіме қайтқым келеді.
Бьяртур кілт тоқтады да келіншегінің бетіне қадала қарады.
— Немене, сенің есің дұрыс па өзі, Роза? — деп дауыстап жіберд ол.
— Менің өз үйіме қайтқым келеді, — деп қайталады.
— Қайдағы өз үйіңді айтып келесің?
— Төркінімдегі үйіме кетемін.
— Мен сенің мұншалықты есуас екеніңді бұрын білсемші, Роза! — деп, Бьяртур атты ілгері жетелеп жүре берді.
Келіншектің көзіне мөлт-мөлт жас іркілді. бұл дүниеде өксіп-өксіп жан дүниеңнен шыққан көз жасынан ыстық әрі тәтті ештеңе де жоқ.
Ерлі-зайыпты екі жас еңіске түсіп келе жатты. Соңдарында иті ілесіп келеді. Хуторға таяп қалғанда Бьяртур шалшықты батпақты кеше-меше атты тура төтесінен үйге қарай жетеледі. Бұл өзі миы шығып жатқан батпақты түс еді. Бір жерге жете бере ат бауырына дейін дерлік батып қалды. Ол босанып шығамын деп ілгері-кейінді жұлқынған кезде үстіндегі әйелді ұшырып түсірді. Роза лай су мен батпаққа малшынып, үсті-басын түгелдей былғап алды. Бьяртур оның тұруына жәрдемдесіп, қол орамалымен оның бетін сүртті.
— Әйел жарықтық еркектерге қарағанда әрқашан әлсіз деген осы, — деп қойды оған әлдебір ғибратты ақыл айтқандай болып.
Роза жылағанын қойып, жолдың қалған бөлігін күйеуінің жанында қатарласа жүріп өтті. Ол хутордың жанынан ағып өтіп жатқан шағын өзеннің жағасына отыра қалып, белдемше көйлегін жуып, тазартып алуға кірісті. Ал Бьяртур аттың ер-тұрманын алып, аяғын шідерлеп, жайылымға қоя берді. Қаптаған бұлт ыдырап, көлеңкесі қаша бастады: шағын жайылым үстінде күн қайтадан жарқырай түсті.
Үй мен қой қораның шатыры біріктіріліп, тұтасынан жабылған еді. Ойма шымнан қатпарлана қаланған қабырғаның орта тұсынан қос бағандап салынған жақтауы бар ағаш есік көрінді. Ол табалдырығы биік, маңдайшасы аласа кәдімгідей тар есік еді — ішке еңкейіп қана бас сұға аласың. Қой қора жағы әрі қараңғы, әрі салқын екен. Ылғалдың молдығынан көгерген зең басып кетіпті. Төбедегі тесіктің қақпағы ашылғанда жоғарыдан әлсіз жарық сібірлейді. Қабырғаларды жағалай ақырлар қойылыпты. Бір жақ қапталдағы қабырғаның арғы түкпірінде пішен сарайға шығатын болашақ есіктің нобайы байқалады. Жеті басқышты текпішек саты арқылы жоғарыдағы жатын бөлмеге көтерілуге болады. Бьяртур ол текпішек сатының берік те қауіпсіз екенін көрсетпек болып, жоғарыға алдымен өзі шықты. Іле-шала келіншегі де көтерілді. Роза күйеуіне үйдің терезелері тым кішкентай екенін айтты.
— Бұған дейін салтанатты сарайда тұрып келгендей сөйлегеніңе жол болсын, — деп кекете сөйледі күйеуі. — Егер саған күннің көзі керек болса, сыртқа шық — жарық жетіп артылады.
— Редсмиридегі сияқты үлкен терезелердің жоқ екені өкіншті-ақ дегенім ғой.
— Бәлкім, сен Редсмириде қалып қойған тағы бір нәрселерге де өкінішті шығарсың?
— Сен нені тұспалдап тұрсың өзі? — деді келіншегі. — Ұялсаң етті!
Бұл Бьяртурдың төбесі тіреліп қаларлықтай шағын ғана аласа бөлме еді. Еденге төселген, төбесі жабылған тақтайлар сияқты ағаштан жасалған қос кереует бір-біріне жымдастыра қабырғаның іргесіне қатар қойылыпты, ал үстел терезенің табанша тақтайына қоса шегеленіп, бекітіліпті. Ішке кіре берістің сол жақ қапталында кішкентай плита пеш бар, оның үстіңгі жағында үй шатырының құлама ылдиында үлкендігі алақандай ғана екінші терезе бар екен. Оның әйнегінен шатырдың етегінде жайқала ескен жасыл шөптің бірнеше сабағының тербетіліп тұрғаны көрінеді. Қабырғаларының қалыңдығы сондай, терезенің әйнегі арқылы жарықтың бірде-бір сәулесі ішке ене алмайды. Ол үшін күннің көзі терезеге жоғарыдан емес, бір жақ жанынан тік түсуі керек.
Ерлі-зайыптыларға арналып, үстелге таяу орналастырылған кереуеттің үстінде ішіне мүк толтырылған төсеніш жатыр. Кереует асты жер еден. Кереуетке таяу жерде Бьяртур ішіп-жеуімізге деп дайындап қойған азық-түлік — қара бидайдың ұны, Бруниден әкелінген ең жоғары сортты қант, әлдебір ерекше жағдайда құймақ пісіруге арналған азын-аулақ бидай ұны салынған жәшік тұр. Кім біледі, егер шындап іздесе, бұл жәшіктен, бәлкім, шамалы мейіз де табылып қалатын шығар. Жәшіктің терең түкпірінде керемет кептірілген бір қап балық жатты. Гилидегі досы Круси бұған үйлену тойларыңа арнаған сыйлығым деп қойдың екі қанар көңін атқа теңдеп әкеліп берген болатын. Өйткені алдыңғы жылы Бьяртур оның балшыққа батып, шыға алмай жатқан жерінен бір құлынын аман алып қалған. Ондай көңді сақтау керек — әзірше аршаның шырпы бұтағы мен мүкті жаға тұрса да жарайды, батпақты жердегі шымтезек те жетіп артылады, тек қазып алып, жинай бер.
Роза лай жұғып, былғанған көйлегімен ерлі-зайыпты екеуіне арналған кереуеттің үстінде отыр, көзінің қабағы қызарып кетіпті, екі тізесіне еріксіз салынған күректей үлкен қолдарына қадала қарап қалыпты.
— Немене, саған бұл жер ұнамай отыр ма? — деп сұрады Жазғы мекеннің иесі Бьяртур.
— Мен бұдан артық бір нәрсе бола қалады деп күтті ғой деп ойлайсың ба? — деді Роза.
— Қалай дегенде де бір нәрсенің жақсы екені даусыз: мұндай хуторы бар адамның біреуге жалданған батырақ сияқты екі қолды қусырып күні бойы босқа қарап отыруына болмайды, — деді Бьяртур. — Мен сені барлық уақытта ақылды, өзінің ешкімге тәуелсіз дербестігін барынша қымбат бағалайтын қыз деп ойлаймын. Өйткені бұл өмірдегі ең маңызды нәрсе — ешкімге тәуелсіз дербестік. Менің пікірім — онсыз өмірдің өзін өмір деп білуге болмайды. Тәуелсіз дербестігі жоқ адам — ол әлі нағыз адам емес. Ондай адам — үрерге иті, сығарға биті де жоқ бейшара біреу.
— Иті де жоғы қалай? — деп Роза барынша немқұрайлы, ықылассыз сұрады, мұрнын бырқ еткізе бір тартып.
Бьяртур терезе алдында едәуір уақыт тұрып, тау жаққа үнсіз қадала қарады да, терең ойға шомды.
— Бұл аңғар біздің бір отар қойымызды жұтатпайды, — деді бір кезде Бьяртур.
Келіншегі бұл сөзге онша мән бере қоймай, қолының сыртымен мұрнын бір сүртіп қойды.
— Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір. Бізді өлтірмейді әйтеуір, — деп сөзін одан әрі жалғастыра берді Бьяртур. — Әкем марқұм өте дұрыс айтатын: адам мен қойды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды, екеуі біртұтас дерлік нәрсе.
— Мен бір жаман түс көрдім, — деп күбір ете қалды Роза.
— Онда тұрған не бар? Түс — түлкінің боғы, қан қысымы көтеріліп, басқа шапқанда немесе жайсыз жатып қалғанда, тіпті төсенішің буылтықтанып, жамбасыңа батқанда түсіңе не болса сол кіреді. Биыл көктемде, бұрынғы құлап қалған үйдің үйіндісін тегістеп жүрген кезімде мен де бір түс көрдім: қарсы алдымыздағы тау қарс айырылып, жартастың қуысынан ай десең, аузы бар, күн десең көзі бар керемет сұлу бір келіншек шыға келді. Сұлулығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
— Иә, тауықтың түсіне тары кіреді, — деп сөз қыстырды келіншегі. — Еркектердің бәрі бірдей. Түсінде де әйелдердің етегіне көз салғанын қоймайды.
— Мен, әрине, түске сенбейтін адаммын, — деді одан әрі Бьяртур. — Бірақ әлгі түсімді биылғы күзде қозыларымызды сәті түсіп, қымбатқа сататын шығармыз деп жоруға болатын шығар.
— Жұрттың айтуына қарағанда, бұл төңіректе айдың аманында адамдардың көз алдында Гунвер аралап жүретін көрінеді ғой, — деді келіншегі, өз ойынан хабар беріп. — Алдыңғы жылы осы маңда бір ат, қалай үріккенін қайдам, тапа-тал түсте шауып ала жөнеліп, біржола жоқ болып кетіпті деседі.
— Сол бір қарғыс атқан жалмауыз Гунвер туралы әңгіменің ешқайсысын да тыңдағым келмейді, — деп, оның сөзін бөлді күйеуі.
— Мына бос жатқан кең алқапты жұрттың көбі содан қорыққанынан тастай қашты емес пе?
— Шөптің басын сындыруға ерінетін, сандалбай жалқаулардың айтып жүргені ғой оның бәрі. — Екі қолы алдарына сыймай отырса да не істерін білмейтіндер бүкіл кінәні басқа біреуге аудара салуға шебер келеді.
— Сонда, сенің ойыңша, бұл дүниеде зұлымдық деген атымен жоқ па?
— Мен олай деген жоқпын. Теңізде де, құрылықта да адамның өміріне қауіпті, тіпті ажал төндіретін жағдайлар кездесе береді. Оның ақыры неге соқтырады сонда? Не ажал тырнағына ілінесің, не аман құтылып кетесің. Қайдағы бір сиқырлы елеске, зұлым күштерге, құбыжық атаулыға сенетіндердің бәрінің дендері сау емес. Менің ойымша, олардың қандары бұзылған.
— Сонда иттер қалай болады? Олар коп нәрсені жақсы сезеді ғой, — деді келіншегі.
— Қалай болғаны қалай? Ит дегеніміз кәдімгі ит дағы, — деп қарсылық білдірді Бьяртур.
— Сен иттер бұл дүниедегінің бәрін де жақсы біледі деп едің ғой.
— Мен бұлай деп ешқашан айтқан емеспін. Мен адам жанын түсінетін бірден-бір хайуан иттер ғана деп санаймын. Бірақ ит дегеніміз ит, ал адам дегеніміз адам. Уиндирхлидтегі Эйнар тап осылай деп біледі.
— Барлық көріпкелдер бұл аңғарды сиқырлы елестер жайлайды деп бір ауыздан қайталайды.
— Менің ондай көріпкелдерге түкіргенім бар, — деді Бьяртур. — Өз сезіміне өзі ие бола алмайтындардың бәрін де әбілет бассын түге! Олардың көзіне қайдағы бір жын-шайтандар елестейді. Фьордта жуырда ғана жұрттың бәрін әуре-сарсаңға салып, бастарын қатырған бейне бір қаңғып жүрген жарымес біреу сияқты. Әлгі есуас неме өзін-өзі ұстай алмай, әлдебір басқа әлемге енгенін, сондай-ақ дүние туралы, Иисус Христос туралы, бердлалық Кари туралы, IX Христиан* туралы сан алуан сандырақтарды соққан болатын. Сөйтіп жүріп, округтық соттың қолын сыртынан қойып, жалған құжат жасағаны үшін ақыры түрмеге жабылып тынды.
— Бьяртур, мен сенің тіпті Құдайдың өзіне де сенбейтініңе толық көз жеткіздім. Бұған ешқандай күмәнім жоқ, — деп терең ойға шома күбір-күбір етті Роза.
— Менің дінге сенімім туралы әңгіме қозғамай-ақ қояйық, — деп жауап қатты Бьяртур. — Ал қойдың пастор Гудмундир ойлап тапқан мына тұқымы біздің бүкіл округымыздағы ең тамаша тұқым деп айтуымызға әбден болады.
— Сонда сенің түнде ұйықтар алдында шынымен-ақ дұға оқымайтын болғаның ба?
— Неге олай дейсің? Оқимын, әрине! Егер ұйқасы жақсы болса, ұйқыға кетер алдында, кейде бір-екі дұғаны қашан көзіме ұйқы тығылғанша қайта-қайта оқимын. Дұрысында, қазіргідей жұмыс басты емес кезімде жап-жақсы оқитынмын. Бірақ "Біздің әкеміз деген дұғаны ешқашан оқыған емеспін. Өйткені ол өлеңмен жазылмаған ғой. Мен ешқашанда жын-шайтанға, дию-періге сенбеймін. Сонда мен не үшін дұға оқымақпын десеңші! Көп сөздің керегі не, одан да кофе ішейік.
— Сенің сөзіңді тыңдасам, төбе шашым тік тұрады, не істерімді білмей, есімнен танамын, — деді Роза. — Осындай сөздерден кейін Құдайдың жіберген періштелерінің бәрі де бізден теріс айналып кететін шығар. Сеніңше, бұл дүниеде көз алдыңда қалқайып көрініп тұрғандар ғана бар екен ғой шамасы. Сені мұндай екен деп ойласамшы!
— Менде бес түрлі сезім бар, — деп жауап қатты Бьяртур. — Сол да жетеді. Маған алтыншы немесе жетінші сезімнің не қажеті бар?
— Сенен әлдеқайда артық, білімді де маңыздырақ адамдар бар. Қайырымдылық пен зұлымдықтың бар екеніне солар да сенеді.
— Әбден мүмкін, — деді Бьяртур. — Сенің кім туралы тұспалдап айтып отырғаныңды жақсы білемін. Көктемде, Мириде, әйелдердің ортасына қақтығыса-соқтығыса кіріп алып, қайдағы бір елестер туралы бос әңгімелермен сендердің бастарыңды қатыратын да тап соның өзі еді ғой.
— "Сендердің" дегенің кімдер тағы? — деп сұрады Роза, көзін көтере қадала түсіп. Оның сәл ғана қылилау көзінен тұңғыш рет әлдебір ұшқын жалт ете қалды. Сонымен сен не демексің?
Бьяртур ежелгі бір ескі әуенді әндете жүріп, қазаншаны іздей бастады. Ол енді су қайнатып, кофе ішуге берік бел буған еді. Текпішек сатыға жете бере келіншегіне кері бұрылып қарады да, былай деді:
— Сонда жастық шағыңда шынымен-ақ біреулердің біреулермен жүріп, ойнап-күлмегені ме? Мен ондай жағдайға тіпті де таң қалмаған болар едім.
БЕСІНШІ ТАРАУ
ҚҰПИЯ СЫР
Бьяртурдың абайсызда айтып қалған зілсіз ескертпесі, былайша қарағанда, белгілі бір болған оқиғаны тұспалдау емес еді, оның үстіне, бәлендей мән бере қоятындай да нәрсе емес болатын.
Дегенмен де осы бір жағдай Жазғы мекендегі жас жұбайлардың өмірінде өкінішті өшпес із қалдырды, бұған әсіресе Бьяртурдың байқамай айтып салған бір ауыз сөзі себеп болды
— Жоқ, — деді Роза, — бұл айтқаның қып-қызыл жала! Барынша қорланған, бақытсыз бейшара ол енді қабырғаға қарап теріс айналып, қасарыса отырып алды.
— Ол кім еді өзі? — деп сұрады Бьяртур.
— Ешкім де емес! Сен жала жауып тұрсың.
— Сенің орныңда болсам, мен жасырмай-ақ, айта салар едім.
— Сен өзің туралы тіс жарып ештеңе деген жоқсың ғой.
— Несі бар, айтып бере аламын. Мен де құпия сыр деген атымен жоқ.
— Ал менің ондай сөзді тіпті де тыңдағым келмейді.
— Сендердің бәрің де күйеуге шыққанша қой аузынан шөп алмас момақан көрінуге тырысасыңдар. Ал кімдермен байланысып, кімдермен шатасып жүргендеріңді бір Құдайдың өзі білсін. Бізге, байларыңа, махаббат емес, көзін әлдеқашан лашын құс шұқып кеткен бейне бір өлі жемтік сияқты бір нәрсе ғана бұйырады.
— Ал, сен өзіңді күнәдан пәк періштемін деп ойлайсың ба?
— Ол әлгі Тинстадтан келген ұятсыз неме емес пе?
— Соның өзінен барып сұра.
— Әлде жер жыртуға жәрдемдеспек болып, Фьордтан келген малғұн ба?
— Мүмкін сол да болар.
— Бәлкім, гилтейгалық Сдейнканың үйінде бірге тұрып, оған некесіз бала таптырған қатынқұмар мұғалім шығар?
— Байқаймын, сен осы өңірдегі барлық қатын құмарларды тізіп шығуға серт еткеннен саумысың өзі?
— Ал сен солардың бәрімен де шатасқан болсаң, оған мен түк таң қалмас едім. Оңаша орынды жын-шайтан жайлайды деген емес пе?
Ашу-ызаға булығып шыдай алмаған Роза орнынан атып тұрып, жан даусымен айқайлап жіберді:
— Бір Құдайдың өзі куә, мен өз өмірімде әйтеуір бір нәрсеге өкінер болсам, онда әлгілердің бәрімен шатасқаным үшін емес, қойды адамнан артық санайтын, адамнан гөрі итке көбірек сенетін сен сияқты сұмырайға күйеуге шыққаныма өлердей өкінетін шығармын! Бүгін жарым жолдан кері қайтып, төркініме кетіп қалуға ерік-жігерімнің жетпегені қандай өкінішті!
— Бағана үйге қайтқым келеді дегеніңде-ақ мен бірден сезгенмін: сен жалмауыз кемпірден қорыққан жоқсың, ойыңда басқа бір нәрсе болған екен ғой, — деді күйеуі. — Сен, немене, мені көз алдыңдағыдан басқаны көрмейді, құпия сырды сезбейді деп ойлайсың ба? Бірақ сен ойлап қалма: мен сенің шыныңды күштеп, зорлап айтқызғалы отырған жоқпын. Әйелдің құпия сырын білу үшін көз байлайтын сиқыршы болудың тіпті де қажеті жоқ. Сендердің ежелден қандарыңа сіңген әдеттерің ғой: алдап-сулап келеке еткендерді сүйесіңдер, бірақ көздеріңе жексұрын көрінетін басқа біреуге күйеуге тиесіңдер.
— Өтірік айтасың! Жалған! — деді Роза.
— Биылғы көктемде сені неге ұдайы ұйқы басып жүргені белгілі болды. Тап сол кезде ол ауылшаруашылық мектебінен қайтып келген еді. Сонда сен дербестік еркіндікті осылай түсінген болдың ғой. Оның шыққан тегі менің шыққан тегімнен жоғары деп ойлаған шығарсың. Ал оның әкесінің сараң болғаны сонша, тіпті өзіне-өзі адам сияқты ас ішуді де қимайтын! Ақырында балықтан сығып алынған майға қара май араластырып ішіп, шашалып өлді, ол өз жолдастарына су қосылған арақ сатумен де айналысқан болатын. Ол өзінің азын-аулақ тапқан табысына базардан көтерем аттарды сатып алып, бір азырақ бордақылап, пайда табу үшін базарға қайта алып барғанда оларды бір орында тұрғызбай, тынымсыз тыпыршытып, дилы көрсету үшін құйрығының астына ащы қыша жағып қоятын. Пайдакүнем, өсімқор әрі алаяқ әкесінің айла-шарғысы арқасында жолы болған жігіт деп соны айту керек. Қалтасы қалың адамға айналған ол түні бойы қыз аулағанды қызық көрмегенде қайтеді? Содан кейін күні бойы ол да ұйқы соғады.
— Өтірік айтасың, бәрі де жала! — деп жынданып кете жаздады келіншегі.
— Ал мен бейшара ол оңбаған үшін он сегіз жыл бел шешпей жалшылық қызмет еттім. Он сенгіз жыл өмірімді соның жылқыларын асыл тұқымды етуге жұмсадым. Оның оқу бітіріп, кең дүниені аралап серуен құруы үшін еңбектендім! Сол оңбағанның кесірінен сенің өзің де балағат сөз естіп, қорлығына төздің емес пе? Сондағы бар таққан айыбы — түнгі дәретке отырған нәжісі бар ыдысты неғұрлым тез алып кетуге үлгере алмай
Қалғаның! Соның бәрі аз болғандай, енді мен оның шатасын өз үйімде тәрбиелеп өсірмекпін бе?!
Сөйтіп, Жазғы мекен иесі Бьяртур өзінен-өзі жынданып кете жаздады. Төсектің үстіндегі орнынан атып тұрып, жартылай жалаңаш келіншегі жамылып жатқан құс мамықты жұлып алды. Енді болмағанда оны ұрып, сабауға да бар еді. Үрейі ұшқан Роза тізерлеп отыра қалды да оны мойнынан құшақтай алды. Өзіне бірде-бір еркектің жақындап көрмегенін айтып, ең қасиетті дегендерінің атымен жалбарына ант-су ішті. Ондай нәрсе ешқашан, ешқашан, ешқашан болмаған!.. "О, құдіреті күшті Құдай, осы айтқандарым өтірік болса, мені аяусыз жазаға душар еткейсің! Мен осы бір құрып кеткір хуторды қарғыс атқан жер деп бұрыннан да естіп білуші едім. Сиқырлы зұлым күштер мен жын-перілер бұл хуторды жер бетінен жеті рет жойып жіберген болатын! Енді оны Жазғы мекен деп жақсы атағаннан не пайда? Егер сен, Бьяртур, мені езіңнің келіншегіңді, неке төсегіне жатар түні өлтіргің келсе, сөйтіп сүйек-саяғымды саудыратып Колумкиллиге қалдырғың келсе, не шара!.."
Бьяртур оны қашан аяп, райынан қайтқанша Роза ашына жылап, екі сөздің басын құрап айтуға шамасы келмей, әлдебір нәрселерді күбірлеп, кешірім сұрап, аяушылық жасай гөр деп жалбарынды. Әйел затының еркектерге қарағанда әлдеқайда әлсіз де нәзік екенін есіне алған Бьяртур енді бір шымшым насыбайды танауына тақап, иіскеді де үн-түнсіз жатып қалды.
Олардың неке түнінің, жазғы түнінің түрі осылай өтті.
Олардың бас қосып, бірлескен өмірі осылай басталды.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
КӨРГЕН ТҮСТЕР
Күн сайын таң боз бере орнынан тұратын Бьяртур әйелінің тәтті ұйқысын бұзуға тіпті де қимайды... Өзі киініп жатып, оған бір қарап қояды да өзіне-өзі былай дейді:
— Гүлдей жайнап жатуын қарашы.
Бұл кезде Бьяртур оның көп нәрсесін кешірген болатын.
Дегенмен де бір нәрсеге таң қалады. Мына ұйқы құшағында күнәден пәк жатқан әйелдің басқа еркектерді сүймеуі мүмкін емес, бірақ бұл онысын тіпті де мойындағысы келмейді. Өзі соншалықты момақан, соншалықты жасқаншақ... Бьяртур бұрын ол туралы былай деп ойлайтын: "Міне, нағыз қыз деп осыны айт. Өзінің ар-ұятын өзі сақтай біледі, еркектердің еркінсуіне жол бермейді. Мен оған үйленбей қоймаймын, өзіме жер де сатып аламын". Міне, енді бұл оған үйленді, жер де сатып алды. Одан не шықты? Сөйтсе, басқа еркектерді сүйеді екен. Тек онысын ешкім де білмейтін көрінеді. Ұйықтап жатқанда ол соншалықты бақытты көрінеді, ал ұйқысынан оянса-ақ Бьяртур оның көзқарасынан әлде-бір өкінішке толы мұңаюдың іздерін байқай қояды. Сондықтан да ол қазір өзін Розаны оятуға мәжбүр ете алған жоқ. Олар бір-бірімен тіпті кем сөйлеседі және батылы барып, бірінің бетіне бірі қараудан тартына береді. Бұлар бейне бір жиырма жыл бұрын отасқан, енді бірін-бірі байқай беруден қалған жандар сияқты. Үйдің бұрышынан айналып өте бере Бьяртур үйреншікті әдеті бойынша күншығысқа қарап тұрып шоқынды, бірақ онысына ешқандай мән берген жоқ. Терезенің астыңғы жағындағы жатағында мүлгіп жатқан иті ұшып тұра келіп, оның аяғына еркелей оралды, қуана үріп, құйрығын бұлғаң-бұлғаң еткізіп, көңілденді. Бейне бір ұзақ уақыт көріспей, әбден сағынысып қалғандай. Ол Бьяртурды айнала біраз жүгіріп, шәуілдеп үрумен болды. Иесінің соңынан қораның бір шетіне дейін жүгіріп барды да бір пысқырды, содан соң тұмсығын тыға көк шөпті иіскеледі, ақырында Бьяртурды шабындыққа қарай шығарып салды. Ол бұл кезде пішен шабуға кіріскен еді.
Таңғы уақыт әлі ерте болатын, дене түршіктірерлік салқын самал есіп тұрды. Көлдің беті айнадай жарқырайды. Ондағы аралда екі аққу ұя салып алыпты. Көгала үйректер мен шүрегейлер жағалауға таяу жерлерде шағын-шағын тобымен тербетіле жүзеді. Барылдауық үйректер өздерінің ұялары жағалауда болса да судың неғұрлым терең тұсын таңдапты. Шаруа Бьяртур кежек үйректердің қауырсындарына қызыға қарап, бірнеше рет кідірді. Шығыс жақтан ұшып келген бірнеше балықшы құс Бьяртурды көріп, онымен шуылдаса амандасқандай болды. Көлдің жағасында жұмыртқа басып, балапан ашқан теңіз қарлығаштарының ендігі арманы — оларға нәпақа боларлықтай құрт аулап әкелу. Жабайы қаздар көл жағалауында екі-екіден маңғаздана байпаңдайды. Олар қадам басқан сайын мойындары шөптің бойынан көтеріле көрінеді. "Құстар адамдардан әлдеқайда бақытты: өйткені олардың қанаты бар. Сүр ана қаз, сен маған қанатыңды бере тұршы!" Шүрегей үйректің жабырқаңқы мазасыз үні әлдебір ызалы шағымға толы сияқты естіледі... Жазғы мекеннің иесі шалғы орағын қолға алып, пішен шабуға құлшына кірісіп кетті.
Алғашқыда Бьяртурдың денесі солғын тартып, тұла бойын енжарлық биледі. Қазір осыдан он-он екі жыл бұрынғыдай таңертең өзін сергек сезінуден қалып барады. Бір кезде оған шаршау деген түк емес еді. Ұйқыны да, дем алуды да елең қылмайтын. Таңертеңгі асын шабындықта орағының сабына сүйеніп, тікесінен тік тұрған бойда ішіп жүре беретін. Ал шаршау дегеннің не екенін соңғы бес жылдан бері ғана біле бастады. Енді оның әр күні біресе ол жерім, біресе бұл жерім шаншып ауырады деп жиі-жиі шағым айтудан басталатын болды. Бірақ қалай дегенде де ол қазір заңды жер иеленуші — жергілікті халық жиналысында (тингта) тап осылай деп жарияланды. Енді он екі жылдан кейін ол жердің бүкіл борышынан ең соңғы эйрирына (тиынына) дейін төлеп құтылады. Сол күнге дейін бұл жалпы есебі отыз жыл бұрын тынбай еңбек еткен болып шығады. Міне, ол қазірдің өзінде жеке мемлекетінің короліне айналған, ғажайып мол қауырсыны, сайрап салған әні бар анау құстардың бәрі де мұның жеке өзінің құрметті қонақтары сияқты. Үйде келіншегі рақаттана ұйықтап жатыр. Мейлі, бұған дейін басқа біреулермен байланысып, шатасқан болса да ол қазір мұның өзінің, Бьяртурдың, заңды әйелі ғой. Қазір бұл таңертеңгі мезгілде өз ойларын өлең жолдарына түсіреді, бірақ оларды ешкімге де оқып бермейді. Осы кезде оның иті шалшықты балшықтағы құстарды қуана қуып, ойнақ салып жүрді. Кейде ол тауқұдірет не жылқышы тәрізді құстардың біреу-жарымын ұстап та алады. Ондай олжасын жағадағы шалғынға шығарып, шоқайып отырған бойы жеп бітіріп, аузы-басын жаланып болған соң алысқа көз жіберіп, сақтықпен бір қарап алады да, қос құлағын тіге тың тыңдайды. Сөйтеді де биіктеу бір томарлы төмпешікке шығып, бүк түсіп жатып қалады. Күн барған сайын көтеріліп, көлеңке қысқара бастады. Түске қарай аспанды бұлт қаптап, бүкіл алқапта суық та ылғалды жел есті. Түскі ас ішетін уақыты да болды. Жұмысты өндіртіп істейтін мезгіл өтіп барады. Бір таң екінші таңға ұқсамайды. Әр таң өзінше жаңа таң болып көрінеді. Бүгін де солай болды. Сағаттар сырғып өтіп жатты, құстардың сайраған дауыстары да сиреді, Блауфъедлдің реңкі сұрғылт тартып, күңгірттене түсті. Несі бар күн де ересек адамға ұқсап өзгереді, таңертеңгі уақытта ол да әрқашан жап-жас сияқты көрінеді.
Бьяртур тәтті қиялға берілді. Қазір үйге барғанда құшақ жая қуанып қарсы алса, дәмді кофеге қандырса... Мүмкін мұның жарқыраған күн мен қоңырқай тартқан тау жотасы туралы өлең жолдарын тыңдағысы келетін де шығар... Бірақ келіншегі онша зауықты емес екен. Бәлкім, сырқаттанып қалған болар, әйтеуір өлең тыңдап, рақат таба қоятындай көңіл күйі болмай шықты. Оның үстіне, оның поэзия туралы түсінігі де оңып тұрған жоқ еді.
Бьяртур оған жаздың жайдары, шуақты күндерінде киіп жүруге жарасатын жап-жақсы түрлі-түсті гүлді көйлек сатып алып берген еді. Бірақ Роза қас қылғандай, ол көйлекті кимейді, баяғы Редсмириде жүргенде сиыр саууға барғанда киетін көнетоз кенеп көйлегін немесе жүннен тоқылған, бірақ ескіріп тоза бастаған белдемше көйлегі мен жамау-жамау кеудешесін үстінен тастамайды. Қашан көрсең де сырқаттанады да жүреді. Кейде басы айналып, көзі қарауытып, құлап қала жаздайды, жүрегі айнып, құсқысы келеді. Бұлар, ерлі-зайыпты екеуі, таңертең әдетте тәтті қара кофені қара бидайдың нанымен қоса ұрып алады. Бұрын Роза пішенді көзді ашып-жұмғанша тез жинайтын, жалпы алғанда, ол қай жұмысты болса да тындырымды атқаратын. Енді, тырманың сабына сүйеніп, ұзақ-ұзақ тұрып алатынды шығарды.
— Түрің неге бозарып кетті? — деді Бьяртур.
Ол үндеген жоқ.
— Жаны бар адамдай жылдамырақ қимылдасаң қайтеді? — деді Бьяртур.
Тағы да үн-түн жоқ. Ернін тістеніп тұрып алды. Ертеңгі ас ішерден бір сағат бұрын ол балық пісіріп әкелу үшін үйге кеткен Кейде оның плиталы пештің отын тұтата алмай қалатын кездері де болатын. Ондайда шабындықтағы күйеуіне мұздаған балық, суық кофе, қара бидайдың нанын әкелетін.
— Сол бір құдай атқыр қантты үнемдегенді сен қашан үйренесің осы? — деп міңгір-міңгір етті. Ол әдетте тәтті атаулыны ұнатпайтынын айтумен болатын.
Тамақтанып болған соң ол өзеннің жағасына барып дем алу үшін бірнеше минөт жатты. Роза көк шөптің үстіне отырып алып, әлдебір терең ойдың үстінде мүк жұлумен болды.
Жексенбі күндері Бьяртур тауға шығып арша бұтақтарын алып қайтатын немесе өрістегі жайылып жүрген қойларын көріп сүйсініп, рақаттанып келу үшін кең далаға тартып кететін. Ол әр қойын жеке-жеке түгендейтін, олардың тұқымы қандай, жасы қаншада -бәрін-бәрін білетін малсақ еді. Ол сонымен қатар шатқалға үлкен тастарды құлатудан зор ләззат алатын.
Әйелі өзеннің төменгі табалдырықшасында кір жуып отыратын кезекті бір жексенбі күні Бьяртур көпке дейін келмеді. Бірақ үйге қуанышы қойнына сыймай, мәз-мейрам болып оралды. Ол өзінің жүрегі жарылғанша қуанып келуінің себебі не екенін әйелінен әдейі сұрады. Сөйтсе ол өзінің Ақмүйіз аталатын саулығының өзеннің оңтүстік жағында адамның әуесі келетін жас қозысын ертіп жүргенін көріпті!
Күзге қарай сол қозы отыз фунт салмақ тартпаса мұрнымды кесіп берейін!
Бірақ әйелі бұған қуанып, мәз бола қойған жоқ. Барынша немқұрайлылық мінез танытты.
— Шіркін, Гудмундурдың қойының тұқымы-ай! — деді Бьяртур, қуанышын баса алмай.
— Олар жер-көкке тұрақтамай, кең даланы ешқандай мән-мағынасыз кезіп кететін қаңғыбас қойлар емес. Өздеріне қажетті қанағат етерлік шүйгін шөпті тапқан жерінен кетпей, бір орында жайыла береді. Өте ақылды мал Мен енді бұл тұқымның қошқарын көптеп өсіретін боламын.
— Иә, иә, — деді әйелі. — Мұның өзі саған әбден лайық, ұқсас тұқым екен.
— Бұл сөзіңе түсінбедім, — деді Бьяртур.
— Иә, бұл тұқым жақсы екен дегенім ғой, — деп жалтара жауап кайтарды әйелі.
Роза күйеуінің қуанышын шын ықыласымен бөлісе қоймады — өйткені оның ойлаған ісіне соншалықты енжар немкеттілікпен қарады да, әлдебір ойға шомудан танбады.
— Бьяртур, — деді әйелі біраз үнсіздіктен соң. — Менің ет жегім келеді, етті әбден сағындым.
— Еті несі? — деп сұрады Бьяртур таң қалған кейіппен. Жаздың ортасында қайдағы ет?
— Қойларды көрген сайын етті аңсап, сілекейім шұбырып қоя береді.
— Сілекейім шұбырады? — деп қайталап сұрады Бьяртур. — Мүмкін, сенің тамағың ауырып жүрген шығар?
— Мына бір тұзға қақталған тісті балықты ит екеш ит те жемейді.
— Қымбаттым, сен ақылың ауысқаннан саумысың өзі?
— Редсмириде біз аптасына екі рет ет жейтінбіз.
— Сен маған бұдан былай сол бір тіске кіретін жылқы еті туралы айтушы болма!
— Бізге жексенбі сайын қой етін беретін, тіпті жазда да бере беретін! Ал жылқы еті ең тамаша ет қой.
— Онда, сендерде, жүмысшылар үшін кәрі-құртаң арық қойлар мен көтерем жылқылар ғана сойылады. Олардың еті бастарында еркі жоқ, не берсе, соны жейтін тәуелді адамдарға беріледі.
— Сонда басқа қандай ет бар?
— Өз еркі өзіндегі тәуелсіз адамдардың балықты да қанағат етуіне әбден болады. Тәуелсіз дербестік дегеніміз ең қасиетті нәрсе!
— Ал менің түсіме қан аралас пісірілген өсіп кіреді. Мен оны қазаннан ыстық күйінде алып, қолыммен ұстап көремін, майлы сорпасы сорғалап, сілекейімді шұбыртады... Кейде ол қан аралас пісірілген өкпе-бауыр, ішек-қарын шұжығы болып та көрінеді... О, Иисус, өзің қолдай гөр!
— Бұл түсің ауа райының бұзылатынына көрінген екен, — деп жорыды Бьяртур. — Майлы сорпа көрсең, күннің көзі ашылатын болар. Бәлкім, қазіргі қолайлы ауа райы ұзағырақ сақталар. Бұл дегенің мал азығын молырақ дайындап алуымыз үшін жақсы ғой.
— Менің түсіме сондай-ақ сүт кіріп жүр.
— Сүт? Жаз ортасында сүт кіргені қалай? Құдай ұрып, қар жауып жүрмесін, әйтеуір?
Бьяртур соңғы түсті басқаша жору мүлде мүмкін емес деп білді.
— Мен өзімді Редсмириде жүр екенмін-ау деймін. Қоймада сүтті сеператордан өткізіп жатырмын. Оның бір шүмегінен майы алынған сүт, екінші шүмегінен кілегей қаймақ құйылады. Ара-тұра кілегей қаймақ менің аузыма да құйылатын сияқты.
— Қайдағы жоқты қайдан есіңе аласың да отырасың осы? Мұның бәрі де түкке тұрмайтын бос мылжың ғана, — деді Бьяртур. Ол енді Розаның көрген түстеріне ешқандай мән бермеуге ұйғарды.
— Мен тапа-тал түсте ұйқысыз отырған кезімде де сүтті ойымнан шығара алмаймын. Тіпті шабындыққа келіп, пішен жинап жүргенде де сүт есімнен шықпайды. Етті де аңсаймын.
Бьяртур біраз ойланып қалды да ақырында былай деді:
— Қымбатты Роза, мен сенің жүрегің ауыра ма деп қорқамын.
— Бьяртур, сен мынаны айтшы, біздің өз меншігімізде сиыр ұстайтын күніміз бола ма өзі? — деді сөзін одан әрі жалғастыра түскен әйелі.
— Сиыр деймісің? — деп пысықтап сұрады бір түрлі таң қалған Бьяртур. — Сиыр, ә?
— Иә, сиыр, — деп қасарыса әдейі қайталады Роза.
— Сенің жүрегіңнің ауыра бастағанына енді менің ешқандай да күмәнім қалмады, — деді Бьяртур. — Менің марқұм шешемнің де осындай әдеті бар болатын. Қайдағы бір адам таң қаларлық тілектерін баяндайтын, — содан әлдебір дауыстардың естілгенін айтатын. Содан біз оны әуелі тәуіпке көрсеттік, одан көмек болмаған соң дәрігерге алып бардық. Егер сенің мына қасіретіңнің беті қайтар болмаса, онда маған ашық айт — кешігіп қалмай тұрғанда Финсенде әлдебір қуаты күшті дәрі тамшылары табылса, алып келейін.
Маған ешқандай қуаты күшті дәрі тамшыларының керегі жоқ. Сиыр сатып әпер.
— Омы жаятын жайылым қайда? Осы бір сайтан алғыр шағын төбешіктен қанша пішен шауып алуға болатынын өзің де көріп-біліп, шамалап жүрсің ғой деп ойлаймын. Пішен шабуға бара жатқанда жанынан күнде өтіп, күнде көріп жүрген жап-жалаңаш төмпешіктердің жағдайын жақсы білесің ғой. Сонда біз сиырды асырайтын пішенді қайдан шауып алмақпыз?
— Өзеннің екі жағасында көкорай шалғын қияқ көп қой.
— Оны кім шабады? Кім тасиды? Үйге қалай жеткіземіз? Сенің ойыңша, біз бай адамдармыз ба? Біз бар болғаны кедей шаруалармыз. Хуторға ие болғанымыз да биыл ғана. Ал сиыр сатып алуға ақшаны қайдан таппақпыз? Сенің есің дұрыс па өзі?
— Мен сені өз еркі өзіндегі король деп ойлап едім, — деді Роза.
— Бізде тұздалған балық жеткілікті емес пе осы? Өзімізге өзіміздің қожа екеніміз рас. Бірақ өз хуторымызға жайғасқанымыз да жаңа ғана. Біз Миридегі сияқты борсып кеткен, иістеніп бұзыла бастаған балық жемейміз. Тұзға қақталған хош иісті тісті балық жейміз ғой. Сырттан сатып әкелген картобымыздың таусылғаны да таяуда ғана. Құдайға шүкір, нан жетеді. Қант та жетіп артылады. Ал егер қара бидайдың ұнынан пісірген жұқпа наның көгеріңкіреп кетсе, оған өзін кінәлісің. Оны сақтай бермей аракідік жеп тұру керек еді. Сонда көгермеген болар еді. Жұқпа нан — сырттан тасып әкелінетін піскен тағам ғой, қымбаттым-ау. Байқау керек оны.
— Көкорай шалғыннан шабылған қияқты үйге тасып жеткізу үшін менің әкем үш арық атын бере тұратынына мен кәміл сенімдімін.
— Менің алақан жайып, ешкімнен ешнәрсе де сұрағым келмейді. Егер аса қиын жағдайда біреуден бір нәрсе сұрай қалсам, оның ақысын қолма-қол нақты әрі толық төлегенді ұнатамын, — деді Бьяртур. — Осы әңгімені доғарайықшы! Кедей шаруаның қайдағы бір сиырды армандап, мылжыңдай беруі — бос қиял ғана. Біздің негізгі шаруамыз — қой өсіру, сол қойдың арқасында табыс тауып, байып шығу! Бұдан былай ақылға қонбайтын далбаса сөзді тыңдағым да келмейді! Жетеді енді!
— Егер мен нәрестелі болсам ше?
— Менен туған бала болса, емшек сүтімен қоректенуді қанағат етеді. Мені алғашқы бір жыл бойы балық сорпасын, сондай-ақ балық майын емізікпен беріп-ақ асырапты. Ештеңесі де жоқ — адам қатарына қосылып кетіппін.
Роза күйеуінің бетіне шошына қарады. Сөйтті де аяқ астынан өзгеріп шыға келді, өз айтқандарына өзі ыңғайсызданды. Ал Бьяртур одан бейне бір кешірім сұрағандай болып, былай деді:
— Өзің де көріп отырсың ғой. Әуелі ең басты ісімізді тындыруымыз — хутор үшін төлеуге тиісті қарыздарымызды толық өтеуіміз қажет. Биылғы алынатын қозылардың жартысынан көбін мына жердің өтемі ретінде староста алып қояды. Сондықтан да ай-шай жоқ қарызға белшемізден бата беруімізге, қайдағы бір сиыр үшін қойымызды сойып сатуымызға тіпті де болмайды. Алдағы жылдан бастап мен өзімнің сүйіктім үшін шағын бақша егетін боламын.
Осылай деді де Бьяртур атының арқасынан қаққандай етіп әйелінің иығынан қайта-қайта қағып қойды.
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
ЖҮРЕК АУРУЫ
Розаның денсаулығы барған сайын нашарлай берді. Сөйтіп Бьяртур Финсеннен дәрі алуды ұйғарды. Роза оны күн сайын тұзға қақталған суық балықпен және қара бидайдың ұнынан пісірілген нанмен тамақтандырып жүрді, ал өзіне арнап қою сұлы ботқа әзірлейтін болды. Бөлме ішін түтін қаптап кетті — өйткені отын жөнді кептірілмеген еді. Бьяртур балықты сүйегі мен қылтанағынан тазартып, әр бөлігін бір-бірінің үстіне мұқият қабаттап қойып, нанмен қоса соғып отырды. Онысы бейне бір бутерброд болып шықты. Жеген сайын көзінің астымен әйеліне қарап қояды. Роза бұдан бір жыл бұрын шекесі торсықтай қызыл шырайлы қыз еді, әр кеш сайын жуынып-шайынып, сәнденіп шыға келетін, әлдебір нәрсеге қызығып көңілденсе, сыңғырлаған күлкісі естілетін. Ал қазір ол тұрмысқа шыққан әйел. Бұрын сиыр сауғанда киетін көнетоз кенеп көйлегін тастамайды. Жүзі жүдеу, боп-боз, бетінің қызылы қашқан, жанары да солғын, сымбатты тұлғасы да бұзылып, бір түрлі толысып, жалпайып барады. Кеше ғана жайнап тұрған гүл, неге екені белгісіз, тым тез солып үлгеріпті. Ал, бұларда не қажеттің бәрі де — балық та, нан да, ботқа да жеткілікті еді, картоп пен жұқпа нанның таусылғанына да көп болған жоқ. Жұқпа нан сырттан әкелінетін тағам ғой. Сонда бұған не болған? Әлде әйтеуір біреуді сағынып, сарғайып бара жатқан болар? — деді Бьяртур, өзіне-өзі іштей тіл қатқандай болып; мейлі, естісе ести берсін, бұл одан қорықпайды. Бір нәрсе әбден белгілі еді: Розаның оны ұнатпай, сүйкімсіз көретіні сонша, тіпті оның көзі ұйқыға кеткенше төсекке жатпайтын, ал егер ол осы кезде оянып кетсе, одам теріс айналып, үн-түнсіз жатып алатын. Егер ол мұның құлағына әлдебір нәрсені сыбырлап айта бастаса, естімеген адам болып, бейне бір мәйіт сияқты қимылсыз жата беретін. Бьяртур осының бәрінен қатты мазасызданатын. Оны қинайтын және бір нәрсе еркектік әлсіздігі болатын. Ол өзін-өзі әбден қалжырап, шаршаған адам ретінде сезінетін, өзіне-өзі ренжіп, іштей балағат сөздер айтумен жататын: өз өмірінің ең жақсы он сегіз жылын староста мен оның отбасына қызмет етумен қор қылып өткізгеніне өлердей өкінетін. Ал енді, міне, өліп-талып, тәуелсіз дербес жан болдым ба дегенде құдай қосқан қосағының қызығын көріп, ләззат алып, ерлі-зайыптылардың бақытына бөлене алмағанына іші удай ашиды. Сөйтіп жүрген Бьяртурдың түсіне бүгін түнде құтырған сиыр кірсе болар ма! Ол баяғы бала кезіндегісі сияқты қатты қорқып кетті. Ояна келе ұйқылы көзін ашпай жатып: "Сиыр сатып алғаннан гөрі өлгенім әлдеқайда артық!" деп күбірлей берді. Содан бері күн сайын таңертең ескі әдеті бойынша дұға оқып шоқынған кезде: "Құдай-әкенің, оның ұлының, қасиетті рухтың атымен ант етемін! Сиыр сатып алғанша, өлгенім жақсы! Мәңгі-бақи солай болғай, әмин!" дейтін болды.
Әйелі ботқа пісіріп отырып, плиталы пештегі қазанның астына құрғақ шөпшекті үсті-үстіне салумен болды. Ол сытырлап барып, лаулап жанды да үйді барған сайын түтін қаптай бастады.
— Қымбаттым-ау, құрғақ шөпшекті аз-аздап жақсаңшы, — деді Бьяртур.
Оның сөзіне құлақ қойған Роза болған жоқ, қайта құрғақ шөпшекті одан сайын көбірек жақты.
— Мейлі, өз еркің білсін, қымбаттым. Шөпшекті теретін де, жағатын да өзің...
Көп ұзамай ботқа пісті. Роза өзіне тостағанды лық толтыра салып алды. Мұнша ботқаны қалай жеп тауыса алады? Шынымен-ақ жеп қоя ма? Роза тәтті мұз қант толы жәшікке қолын сұғып жіберіп, бір кесек үлкен қантты алды да ботқамен қосып жеп қойды. Бьяртур оған көзінің қиығымен жақтырмай қарап, қант пен ботқаны қалай қосып жегеніне таң қалып отырды. Мұнысы мұз қантты қимай, қызғанғандығынан емес, қайта, керісінше, әйелінің мұның өзі өсірген сұлының ботқасын мұз қант қосып жеп қойғанын біртүрлі мақтаныш еткендіктен еді. Бірақ Роза қазанға екінші рет жақындап тағы бір тостақ ботқаны толтыра салып алып, мұз қант қосып жей бастағанда Бьяртурдың екі көзі шарасынан шыға абыржып, не істерін білмей, шошып кетті. Үйме-төкпе екі тостақ ботқаны жеп қою оңай ма? Оның үстіне әйел адам жеп қойса ше! Жай өзін емес, қант қосып жегенін қайтерсің! Ол ол ма, тағы да қант жегісі бар! Бьяртурды өз әйелінің жүрек ауруынан пайда болған мына шектен тыс қасарысқан қылығы бәрінен де күшті таң қалдырып, түңілтті. Кеше ғана ол ет жеп, сүт ішкісі келетінін айтып еді, енді бүгін екі тостақ тола ботқаны мұз қантпен қоса қылғытты, ертеңгі күні ол, бәлкім, пілдің етін жегім келеді дейтін шығар? Бірақ Бьяртур әйеліне ешнәрсе дей қойған жоқ. Тек не істерін білмей, дағдарысты қиын жағдайға душар болған кездегі үйреншікті әдетіне басып, өзі туралы күрделі қиын ұйқаспен жазылған өз өлеңдерін оқуға кірісті. Ол өлеңнің орта тұсындағы ішкі ұйқасқа екпін түсіре әндетіп оқыды. бұл оның жан дүниесінің монологы болатын. Кешкі астан кейін Роза өзінің бірнеше жұп кір шұлықтарын алып, өзенге барып жуып келмек болды. Бьяртур ұйықтауға жатып қалды.
Ол таңертең ұйқысынан оянғанда оның жанында Роза жоқ болып шықты. Мұндай жағдай бұрын ешқашан кездескен емес еді. Бьяртур тез киіне салып, сыртқа шықты да еңіске қарай жүгіре жөнелді.
Ол хутордың алдындағы алаңға барып, бар даусымен "Роза!" деп айқай салды. Содан соң бүкіл хуторды айнала жүгірді, тау жаққа қарап, тағы да: "Роза!" деп айқайлады. Бірақ осы бір әдемі аттың жаңғырығы да естілмеді.
Күн ұясынан шығып, көтеріле берді. Жер бетіндегі ұзын-ұзын көлеңкелер шағын хутордың өзін берік бекініске айналдырып жібергендей болды. Бірақ батыс жақ әлі күңгірт тартып тұрды. Жаз аяқталып келе жатқан кез еді, құстар өздерінің ең тәтті сайраған саздарын таусып біткен тәрізді. Олар уақыттың өзгергенін енді ғана түсінгендей-ақ әрі қысқа, әрі асығыс ысқырғандай болады.
— Титла! — Бьяртур енді итін іздеп дауыстады. Иттің де үні естілмеді... Үй іргесіндегі күрке жатағында да жоқ болып шықты. Шамасы, иті де опасыздық жасап кеткен-ау. Қырсық қалай шалады дерің бар ма?! Бірақ оған берілер Бьяртур жоқ. Ол қос жұдырығын қатты түйіп алып, біресе әйелін, біресе итін іздеп, дауыстап шақырумен болды,
— Егер мені балталап, кесіп, бөлшектеп тастаса да қиындыққа мойымаймын да, берілмеймін де! Роза! Титла! Қайдасыңдар түге? Мейлі мені кескілеп, боршалап тастаса да мойыта алмайды. Мен бәріне де шыдаймын! деп күбірлеуден танбады.
Ақыры итінің дауысы естілді-ау әйтеуір! Ол Титла батыс жақтан, сонау асудан бері қарай жүгіріп келеді екен. Бьяртур жан ұшыра қарсы ұмтылды.
Роза қайда? — деп сұрады ол итінен.
Иттің үсті-басы адам көргісіз былғаныш еді, екі өкпесінен ентігіп, демін зорға алады, тілі салақтап кетіпті. Сонда да болса ол иесінің кеудесіне секіре ұмтылып, ашық аузы мен тұп-тура оның бетін жалап үлгерді де кейін бұрылып, батыс жаққа қарай жүгіре жөнелді, балшықты, шалшықты жерлермен төтелей тартты, Бьяртур оның соңынан қалмай, ілгері ұмтылды. Ит оқтын-оқтын кідіріп, иесін күтіп алумен болды. Иесі қуып жеткен бойда тағы да жүгіре жөнеледі. Ақылды ит деп осыны айт! Күннің бетін бұлт жаба бастады да салқын леп есті — жаңбыр жауып кететін түрі бар. Титла жол бастап, ілгері ұмтыла берді, ал Бьяртур оның соңынан қарғы бауынан жетелеген ит сияқты қалыспай еріп отырды. Олар асуға жетіп, Гунвердің моласына жақындағанда ғана тоқтады.
Иттің иісшіл қабілеті күшті болып шықты. Анадай жерде Гунвердің моласының тап түбінде Бьяртурдың әйелі ұйықтап жатыр екен. Үстінде — көнетоз кенеп көйлегі, басында — шаршы орамалы бар, екі тізесіне дейін балшыққа былғаныпты, шұлықтары осы асуда өліп жатқан жерінен табылған қаңғыбас әйелдікі сияқты аяғының басына түсіп кеткен, бір түйіншекті жастанып алыпты. Бьяртур оны оятуға кірісті. Роза шошып кетіп, асып-сасқанынан жан-жағына алақтап қарай берді, денесі тоңып, дip-дip етеді, тісі тісіне тимей, тынымсыз сақылдайды. Бьяртур онымен сөйлеспек болып еді, бірақ ол бұған жауап қатқан жоқ. Орнынан тұруға әрекет жасап көріп еді, көтеріле алмады. Мұны бұл жерге түсінде шынымен-ақ сиқырлы зұлым күштердің жетектеп жеткізгені ме?!
— Роза, саған не болды өзі? Сен қайда бармақшы болып едің?
— Жоғал әрмен, көрінбе көзіме!
— Сен мұнда түсіңде келіп жүрсің бе? Қалай болды өзі? — деп сұрады Бьяртур.
— Менің мазамды ала бермей, жайыма қалдыр!
— Сені біреулер сүйреп әкеп тастағаннан саумысың?
Бьяртур жоққа сенуді иттің етінен де жек көрсе де тап осы жолы мына оқиғада сиқырлы зұлым күштердің белгілі бір рол атқарғанына илануға бейім еді. Ол Розаны тік көтеріп тұрғызды да аяғының басына түсіп кеткен шұлықтарын жоғары көтеріп, жөндеп қойды. Роза суыққа тоңып дір-дір етіп, зорға дегенде тіл қатты. Әбден қалжырағандықтан аяғын тәлтіректеп әрең басты. Бьяртур оны соқпақ жолға дейін қолтығынан сүйеп әкелді.
— Аяғыңды нық басып көрші, Роза, жаным менің, — деді ол.
Сондағы Розаның зорға айтқан сөзі мынау болды:
— Мен сүтті соншалықты аңсаймын!
— Иә, — деді Бьяртур. — Бұл сенің дертіңнің салдары ғой.
Сөйтсе бұл оның Утиредсмириге барып сүт сатып әкелмек,
сондай-ақ жолшыбай реті келген сәтті пайдаланып Гунверге деген борышын өтей кетпек болып шыққан беті екен.
Яғни, оны мұнда сүйреп әкелген қайдағы бір сиқырлы зұлым күштер емес, оның есесіне жүрегіне жабысқан махаббат дертінің зұлым күштері болғаны ғой. Көрдің бе сүт ішкісі келе қалғанын! Бьяртур өзінің мұншалықты қорлануды естігісі де келмейтін: Жазғы мекен иесінің бөтен хуторға тостағын алып барып, қайдағы бір қайыршыдай сүт сұрап жүргені сұмдық қой!
— Менің алақан жайып, қайыршы болу тіпті де ойымда болған жоқ, — деді Роза.
— Мынау не қылған түйіншек? — деп сұрады Бьяртур.
Роза түйіншекті жалма-жан жұлып алды да, қолтығының астына тыға қойды. Бейне бір Бьяртур оны тартып алатындай көрді.
— Бұл менің өзімдікі, — деді ол.
Бьяртур оның не нәрсе екенін көрсетуді талап етті. Сөйтсе ол Розаның төркінінен ала келген Кодла деген саулықтың азын-аулақ жүні болып шықты. Кодла Розаның осы шаруашылыққа қосқан өз үлесі, бауыр басқан бірден-бір бәсіресі еді. Оны жиырма жыл өмірінің ішінде қожайынның үйінің отымен кіріп, күлімен шығып жүргендегі аса ауыр еңбегі үшін алған, табан ақы, маңдай терімен тапқан табысы болатын. Кодла — күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жүрген қиын кезеңнің куәсіндей жеке меншігі. Роза кеше үйден шыққанда Утиредсмиридегі өзінің бұрынғы билеушісі бас бәйбішеге осы жүнді бір бөтелке сүтке айырбастап алуды ұсынбақ ойда болатын. Бірақ асуға жете бере әбден қалжырап құлаған еді. Оның аяқтарынан әл кетіп қалатын әдеті бұрыннан бар-тын. Сөйтіп ол Гунвердің моласына бір тас апарып қосқан бойда ұйықтап кеткен.
— Келесі жазда біз алты-жеті саулықты іріктеп алып, сүтін сауатын боламыз.
Әбден тоңып, оның үстіне есінен тана қалжыраған әйелдің жағдайы өте нашар еді. Оның жүрегі қатты айнып, жол бойы қайта-қайта құсты. Бьяртур оның басын сүйеп, демеумен болды. Қас қылғандай, жаңбыр жауды: алғашқыда ірі-ірі сирек тамшылар түсіп тұрғанымен, кейін жиілеп кетті. Розада енді ешқандай әл-дәрмен қалмады. Оның үстіне, жаңбыр да шелектеп құйып берді. Бьяртур оны шалшықтан да, шалшықты балшықтан да қос қолдап көтеріп алып өтті.
— Мына Құдайдың күні құтырынғанын қашан қояр екен? — деді Бьяртур. — Аспан ашылып, күннің көзі көрінсе ғой, шіркін! Ал, Құдай оның бетін аулақ қылсын, егер теңіз жақтан жел тұрып, нөсер жаңбыр ала келсе, онда шыдап көр кәне!
Кейде ауа райының бір күнгі қолайсыздығынан бірнеше күнгі еңбегің еш кетеді. Ауа райының қыңырайған құбылмалы қырсық мінезін алдын-ала болжап білу тіпті де оңай емес. Бейне бір өзіндік сипаты бар дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан сияқтанады: Бьяртур сол майдандағы қолбасшылардың бірі тәрізді: оның қол астындағы кіп-кішкентай армия оған адалдығымен беріле бағынады. Бірақ дүниежүзілік сұрапыл ғаламат соғыстар жақсы таныс ең кішкентай сол армия азық-түлікке соншама зәру — онда не сүт, не уақытымен пісіп тұрған дәмді тағам жоқ.
Олар, ең болмаса, өліп-талып тапқан пішенін де маяға салып үлгере алмады. Қырсыққанда тағы да нөсер жаңбыр төніп келе жатыр.
* * *
Ауа райының осындай қолайсыз күндерінің бірінде Роза көл маңындағы шабылған пішенді тырмалап жинап жүр еді. Өзеннің шоп қалың өскен, лайы мен батпағы мол бір тармағында әлдебір жанды нәрсенің ирең қағып, жүзіп бара жатқанын байқап қалды. Ол әлгі жылжи жүзіп бара жатқан жанды мақұлықты қолындағы тырманың сабымен бар күшін жұмсап, қойып кеп қалып еді, ұзындығы бір шынтақ келетін үлкен бір жылан балықты ұрып алды. Оны тырманың жүзіне іліктіріп көтере лақтырып еді, өзінің төбесінен асып барып, ту сыртындағы анадай жерде шабылған пішеннің үстіне топ ете түсті. Бейне бір үлкен, алып құрт сияқты ирелеңдеп, бұлқынып жатты. Розаның бойында әлдебір аңшылық түйсік пайда бола кетті. Жылан балықтың құрғаққа құлағандағы жағдайы мәз емес еді. Роза оны бас салып ұстап алып, жеп қоюға бел буды. Бірақ Бьяртурдан именіп, аздап қорқақтап тұрды.
Өйткені ол мынадай жылан балықты жемек болғаны үшін мұны жер-жебіріне жете балағаттап, соғудан тайынбайды. Дегенмен ол қалтаға салып жүретін пышағын суырып, балыққа бас салды. Бірақ ол мұның қолынан сусып, қайта-қайта тайып шығып кете берді, тіпті бір рет мұның білегіне оралып қалып, зәресін ұшырды. Дегенмен де Роза оны ақыры екі бөліп кесті. Енді оның қолында екі жылан балық тұрғандай болды. Оның екеуі екі жаққа қарай қашып, әуреге салды. Оларды ұстап алудың өзі қиынға соқты. Ақырында Роза басындағы шаршы орамалын ала салып, балықтың екі бөлігін де соған мұқият орап, бір төмпешіктің үстіне тастай салды. Орамал шоршыған балықтың бұлқынысымен кешке дейін бұлк-бұлк етіп қозғалып жатты. Ал Роза кешкі ас әзірлеу үшін үйге кетуге жиналып, қайта келгенде орамалға ораулы түйіншек манағы төмпешіктің түбінде жатыр екен.
— Жарқыным-ау, құрғақ шөпшекті мынадай жеркенішті бәлеге бола шашып-төгіп жаға бергенді қойсаңшы! — деді Бьяртур. Сөйтті де мұның өзінің ойынша, жүрегі ауыратын әйеліне аянышты қамқорлықпен бір қарап қойды. Жылан балықтың бөлшектері кәстрөл-қазанның ішінде әлі де бүктетіле бұралып, қимылдап жатты. Олар қашан қайнап, пісіп қалғанша осындай күй кешті. Бір кезде Роза оларды қазаннан сүзіп алды да Бьяртурға:
— Балықпен қалайсың? Жейсің бе? — деді.
— Жоғал әрмен сайтан алғырды! Қайдағы бір құртты жеп, не көрініпті маған! Сенің жегелі отырғаның суда жүзетін құрт қой.
— Жемесең, жемей-ақ қой. Тойғанымша өзім жеуіме жақсы, — деп жауап қатқан Роза жылан балықты сүйсіне жеуге кірісті. Ал күйеуі оған жеркенішпен қараумен болды, Розаның осындай жеркенішті мақұлықтың етін қылғыта жеуге қалай тәбеті тартатынын түсінбей дал болды. Ал Роза жылан балықты түгел жеп, тауысып қойды.
— Менің ойымша, жаңағы жегенің электрлі жылан балық болуы керек. Сонда ол да теңіздегі әлдебір құбыжық мақұлықтың бірі. Ал сен оны жеркенбей жеп қойдың.
— Иә, жеп қойдым! — деді де, әйелі енді оның сорпасын сораптап іше бастады.
— Үйде кәдімгі ішіп-жемнің түр-түрі толып тұрғанда менің әйелім қайдағы бір құбыжық мақұлықтың түкке тұрғысыз жаман етін жейді-ау деп тіпті де ойланбаппын ғой.
— Ал егер түкке тұрғысыз жаман етке келетін болсақ, ол ең алдымен сенің іріп-шіріп бұзыла бастаған тісті балықтарың. Сен болсаң, мені бүкіл жаз бойы сонымен ғана ұялмай тамақтандырып келесің, — деді Роза.
Бьяртур түнгі ұйқыға кетер алдында жүрегі ауру әйелімен айтысып-тартысып, дау-дамай туғызбай-ақ қоюды ұйғарды. Ол емін-еркін шешініп, о жер бұ жерін қасынып болды да, күбір-күбір етіп Жаяу Хрольв батыр мен Гримур Теңіз Тролі туралы рим* өлеңдерін оқуға кірісті.
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
АҢЫЗАҚ ЖЕЛ
Жаңбыр басылды, бірақ солтүстіктен құтырынған жел соқты. Ауа райы құрғады. Қанша құрғады дегенмен одан келген иненің жасуындай да пайда болмады! Жел құшағындағы пішенді жұлып әкетіп, жан-жаққа ұшыра берді. Бір бөлігі әлі орылмаған шабындыққа шашылса, енді бір бөлігі суға түсіп жатты. Үш апта бойы тыным таппай еткен қажырлы еңбектің тең жартысы босқа кетті. Бьяртур мен Роза шашылған пішенді үш күн бойы жинаумен болды, кішкентай шөмелелерге салды. Содан кейін жел басылғандай еді, қара бұлт қайтадан үйіріле бастады. Жаздың ең қолайлы жақсы күндері осымен өтіп бітті. Енді мына күн бұзылып кетпей тұрып, қалған пішенді қайткенде де түгелдей қора басына жеткізіп алу керек. Отбасындағы аяқ-табақпен ғана айналысып, қарынның қамын ойлайтын кез емес, ұйқыны да ұмыта түру керек — табиғаттың сұрапыл күшінің алдын алып, оны алдап кету сонда ғана қолдан келеді. Барлық күш-қайратты қажымай-талмай жұмсап қалу қажет. Мұның өзі — Жазғы мекеннің иесі Бьяртур үшін азаттық жолындағы нағыз жанқиярлық күрес. Әне-міне дегенше кеш болды. Қалай дегенмен де жаз аяқталып, күннің қысқарып қалған кезі ғой. Қас қарайып, көз байлана бастаған кезде Бьяртур атын тауып әкелуге кетті — енді мына пішенді үйге жеткізіп алу керек. Ол әйелін маяның жанында қалдырды. Аздап көз шырымын алсын дегендегісі. Ол өзінің Блесиін редсмириліктердің жылқысы ішінде жайылып жүрген жерінен тапты. Оны ерттеп, ат әбзелдері мен құрал-саймандарды түгендеп келемін дегенше тан да боз беріп қалды. Роза маяның түбінде ұйықтап жатыр екен. Олар шөпті екеулеп жүріп баулап, буып-түюге тағы да кірісті. Содан кейін бұлақтың суынан ұрттай отырып, қатқан балықты қорек етті. Аспанды бұлт қаптап бара жатты. Әне-міне дегенше жаңбыр жауып кетуі әбден мүмкін. Пішенді қораға тасып алып үлгеру үшін барынша асығу керек. Бьяртур әйеліне атқа артылған пішенді үйге жеткізген бойда тез қайтып оралуға әмір берді.
Роза пішен артылған атты жетекке алып, балшықты жермен төтелеп жаяу тартты. Қораға жеткен бойда пішенді аударып тастады да атқа қонып, шабындыққа қарай шаба жөнелді, тағы да пішен әкелуге асықты. Құрғақ ауа райы өзгермеді. Бұлтты жел айдап кетті. Жаңа туған айдың алтын орағы көрінді. бұл жағдай Розаны жігерлендіре түсті. Ұзақ уақытқа созылған ауыр еңбек сағаттарынан кейін жаңа туған айдың жүзін көру бейне бір ертегідегідей әсер етті. Мұндайда адамдарға қарағанда аульвалар* әлдеқайда бақытты сияқты көрінді. Өйткені олар тау ішіндегі жартастың үңгірінен шығып алып, аспандағы айдың көрінісін емін-еркін тамашалай алады. Ал адамдар... Түнге қарай Роза айға қызыға қарауын қойды, өйткені ол мұның қара орманға құмар қиялының қылын шерткен жоқ, мүлгіген тыныштыққа да бөлемеді; шұрқыраған аш құрсақ пен қалжыраған әлсіздік мұрша бермеді. Роза пішен артылған атты түні бойы балшықты, шалшықты жермен неше рет жетелеп өтті десеңші! Оның діңкесінің құрығаны сонша, аяғын нық басып жүре алмады. Қадам басқан сайын сүріне берді, тіпті құлап та қалып жүрді. Үйге барып, пішенді аудара салып, атқа мінген бойда ердің басынан ұстап, қалғып-мүлгіп шабындыққа зорға дегенде қайта жетіп жүрді. Жолшыбай астындағы аты от шалып, кідіріп қалған кезде ұйықтап та кететін.
— Соншалықты ұйқышыл болармысың! Сергісеңші — біз басқа біреудің емес, өз жұмысымызды істеп жүрміз ғой, — деп ескертіп қояды Бьяртур.
Ал Роза ешқандай жауап қатпады, сөйлеуге де мұршасы келмеді. Ол айдың су бетіндегі жарқырай дірілдеген сәулесінен көз алмады. Суда су құстарының бірнеше балапаны бастарын барынша әсем иіп жүзіп жүр екен. Ешнәрседен алаңсыз бақытты балапандардың асығатын жұмысы жоқ, айдың сәулесін қызыға тамашалайды. Таң атып, жарық түсе бастады. Ат аяңын барған сайын баяулатып, ауыр қозғалып келеді. Ай қара бұлттың арғы жағына жасырынды. Орылған көк шөптің кеше ғана мұрын жаратын жағымды иісі де таусылғандай. Роза тап қазір өзінін не шалшық су кешкен қалпында, не жағалаудағы құрғақ жер бетін басып келе жатқанын айыра алмайды. Оған бүкіл дүние балқып тұрғандай. Адам төзгісіз, жүрек айнытарлық ауыр сезім мен күйініштен өзге ешнәрсе де қалмаған сияқты. Аузында удай ащы әлдебір жағымсыз дәм бар. Оқтын-оқтын, едәуір жер жүрген сайын амалсыз аялдауына тура келеді. Өйткені аузын толтыра ащы запыран құсады. Ол маңдайындағы шып-шып шыққан суық терді сүртіп тастап, ащы сілекейін жұтып қоюға тырысады, әбден азапқа түседі. Міне, дүниежүзілік соғыс деген осындай болады!..
Аспан сұрғылттана түсті, ал түйдек-түйдек шудаланған қара бұлт барған сайын қоюлана берді. Роза пішенді үйге және бір рет алып барды. Бьяртур ең соңғы шөмеле жинастырды. бұл енді жеңістің төбесі көрінді деген сөз. Бірақ бұған қуана қойған Роза жоқ. Дүниежүзілік соғыста үлкен жеңіске жеткенде адам қандай қуанушы еді! Ал бұл болса, әбден қалжырап, тірсегі тірсегіне соқтығысып, жеңіске әзер жетті. Ол таңдайын кептірген шөлін қандырғысы келіп, өзеннің мүк өскен жағасына етбеттеп жата кетті де алақанымен көсіп су толтырып алмақ болды. Осы кезде көз алдына әлдебір ғажайып көрініс келе қалды: әлдебір мейірімді де жұмсақ қамқор қолдар мұны қапсыра құшақтап алғандай болды, ал әлгі құшақ мұны барған сайын өзіне тартып, қыса түсті. Ғажайып рақат дүниеге бөленгендей болды. Тіпті ақ адал ажалы жетіп, о дүниеге біржола, мәңгі-бақи ризашылықпен аттанған әжесін есіне түсірді. Ол бұған өзінің жалғыз мамық көрпесін мұра етіп қалдыруға өсиет етіп кеткен болатын. Роза құлай берді, құлай берді. Енді бір қараса, оның судағы бейнесі жым-жылас жоқ болып кетіпті. Өзі жермен бірге биік кеңістікке көтеріле ұшып бара жатқан сияқты. Әлдебір періште мұны жаны шыққаннан кейін бір бөтен дүниеге алып кетіп бара жатқандай. Осы кезде оған жердің күзгі ғажайып иісі тағы да сезілді. Сөйтсе жер бейне бір аяулы анасындай болып, бұған жұмсақ бетін тосып жатыр екен. Кенет құлағына махаббат тілінде әлдебір нәрсені сыбырлаған судың сылдырап аққан үні естілді. Көзін ашып қарап еді — әлгінің бәрі де бірден ғайып болды.
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
ОРМАНҒА САЯХАТ
Күн жексенбі еді. Жаңбыр жауа бастады. Бьяртур әйелін өзен жағасында ұйықтап жатқан жерінен тауып алды. Үсті-басы малмандай су болған Роза бетін жерге төсеп ұйықтап жатыр екен. Құшақ-құшақ пішен кішкене өзен үстіне үйіліп қалыпты. Тартпа үзіліпті, аударылған ер-тоқым жерде жатыр. Аттың өзі емін-еркін жайылып жүр. Роза ес-түсін білмей, шырт ұйықтап жатқан Бірақ әлдебір оңбаған оны сол тәтті ұйқысынан кенеттен бекер оятып жібергендей болып жан-жағына үрейлене қарады. Күйеуі былапыт сөздермен балағаттап тұр екен. Оны үнсіз тыңдай берді. Белін көтере алмайды, қатты ауырады. Бьяртур пішен су болып қалмасын деп, оның бетін ойма шыммен жабуға тырысты. Роза аяғын ілби басып, үйге әрең жетті. Онда барған соң тағы да ұйықтап кетті. Тіпті кофе қайнатуға да мұршасы келмеді.
Түске қарай күн қайта ашылды. Үйге асығыс-үсігіс кіріп келген Бьяртур әйелін оятты да, тез кофе қайнатуға әмір берді. Бұларға шығыс жақтан шалшықты балшық арқылы салт атты біреулер келе жатқан көрінеді. Бірнешеуі жағалауды бойлап шауып келеді екен. Тіпті таяп қалыпты. Шамасы, көрші поселкенің еріккен есерсоқ немелері болу керек. Серуенге шыққан түрі болар. Тапқан екен серуенге шығатын уақытты!
— Мен мына түріммен жұрттың көзіне көріне алмаймын ғой, — деді әйелі.
— Егер олар хуторға ат басын бұрар болса, кофе ішіңдер демесек, ұят болады, — деп Бьяртур өз айтқанынан қайтпады. — Қысылып-қымтырылатын дәнеңе де жоқ.
Ол шақырусыз келе жатқан қонақтарға алыстан еңкейе түсіп, үңіле қарады. Жақындаған сайын салт аттыларды да, тіпті олардың астындағы аттарын да тани бастады. Келе жатқандар бай шаруалардың ұлдары мен қыздары екен. Аралардында пастордың үш қызы, Утиредсмиридегі маусымды мердігер жүмысшылар және өзінің кәдімгі сүр айғырына мінген агроном Ингольв Арнарсон бар.
Бьяртур кері бұрылып қарағанда әйелі зым-зия жоқ екен. Жас жігіттердің салт атқа мініп, серуен салғысы келсе, қыздар мына кең даланың төсінде уылжып піскен жидек термек еді. Мұны олар өздерінше "Орманға саяхат" деп атады. Ала келген тамақтарын осы орманда отырып ішіп-жеуге ұйғарған еді. Ингольв Арнарсон аттан түсіп, үйге бас сұқпады. Біреуді Бьяртур өзеннен балық аулап, шалшықты балшықтан құс атуға, ал қыздардың тау етегінен жидек теруіне рұқсат етер ме екен, біліп келші деп жұмсады.
Бьяртур олардың өзінен рұқсат сұрап тұрғанына төбесі көкке жеткендей мәз болды. Ол: "Сәті түсіп келіп қалған екен, қыздардың қалауы білсін. Жидек қызғанатын жан емеспін — қалағандарынша теріп ала берсін". Бірақ бұлар тек жидек теру үшін ғана келмеген болар деп те ойлады. Егер жексенбі күні сыйлы ақсақалдың үлы өзен-көлден екі-үш бейшара балық аулап, аяқ басқан сайын пыр-пыр ұшатын бірнеше кінәсіз құсты атып алғысы келсе, оның да еркі білсін, деді қарсы емес екенін білдірді.
— Дегенмен, — деді Бьяртур, — агроном мырзаның аттан түсіп, хуторға бас сұғып, менімен сәлемдесе кеткені артық болмас еді. Мен оны бала күнінен жақсы білемін ғой. Тіпті ыстан бауды қалай баулау керек екенін де үйреткенмін. Мен оның әкесінің алдында өз борышымды барынша адал атқардым. Адал болғаным сонша жұрттың бетіне ұялмай, тіке қарай аламын.
Бірақ әлгі сайтан алғыр Роза қайда құрып кетті?! Түсінсем — бұйырмасын! Әйелдердің осы әдеті-ай, қонақтарға күнделікті киіп жүрген киімімен көрінуге ешқашан көнбейді. Қайткен күнде де әдемі киініп, сәнделіп, бәлсініп жүріп алатынын қайтерсің!
— Кәне, аттан түсіңіздер, ішке кіріңіздер. Әйел қайда кетер дейсіңдер, қазір-ақ көрінеді өзі де. Біздің Жазғы мекенге қош келдіңіздер! Бізде кофе жеткілікті, әйтеуір. Ал жақсылап іздестірсе қант та табылып қалады.
Бірақ қонақтар алғыстарын жаудырып, сыпайылық танытты, кофеге әуре болмауын өтінді. Ал кейбіреулердің үйге кіріп көргісі де келді. Бұл жігіттер мен қыздардың көпшілігі бай хуторда тұратын еді. Сондықтан да мына Жазғы мекеннің тар есігінен үш бүктетілгендей болып, иіліп ішке әрең дегенде кірудің, оның үстіне, күңгірт қапас бөлменің еденінен аңқып есіп тұрған жер иісін сезінудің өзі қызық сияқты. Біреулер сықыр-сықыр етіп тұрған сатымен жоғары көтерілді, ал басқалар ат үстінде тұрып-ақ созса, қол жететін аласа терезе арқылы ішке үңіліп қарады. Кейбір қыздар Розаның жағдайын үсті-үстіне сұраумен болды. Олар оны өздерімен бірге жидек теруге ала кетпек еді. Розаны ары іздеп, бері іздеп ешкім таба алмады. Дауыстап шақырғанға да үн қатқан жоқ. Ол ат ақырдың тасасындағы қабырғаға жабысып, "Е, Құдай, ешкім таба алмаса екен!" деп тығылып түр еді. Оның бұл есуастық қылығы Бьяртурдың жүйкесін жұқартып, төзімін тауысып біткен болатын... Ол әлеуетті қарулы қолымен Розаны ақырдың тасасындағы қуыстан суырып алды. "Бұл не деген масқара! Сен соншалықты неге ұяласың? Менің заңды әйелімсің ғой!" дегендей ашулы көзімен қарады.
— Мен қонақтарымның кофе ішіп аттанғанын қалаймын, — деді ол әйеліне. — Құдайға шүкір, кофе жеткілікті ғой, әйтеуір. Адамды көрсе, шошитын тағы аң сияқты саяқ болмау керек. Бар, осы үйдің әйелі екеніңді білдіріп, қонақтармен амандас.
Ол Розаны жоғарыға алып шықты. Оның үстінде баяғы сауынға киетін көнетоз кенеп көйлегі, иығына жамыла салған ескі жүн орамалы бар еді. Үсті-басына шаң-топырақ, көгерген зең жұғып қалыпты.
— Міне, табылды!
Қонақтар байсалды бола қалып, Розамен байыппен аман-саулық сұрасты.
Жоқ, кофеге әуре болудың қажеті жоқ. Қыздар Розаны қолынан жетектеп, өзенге қарай ала жөнелді. Онда жасыл жағалауға отырып алып, әңгіме соқты. Үйдің тап түбінен ағып жатқан мына шағын өзен іздесе таптырмайтын тамашаның нағыз өзі екен. Қандай сүйкімді, қандай мөп-мөлдір десеңші! Содан кейін қыздар мұның қалай тұрып жатқанын сұрастырды. Роза:
— Жаман емес. Жап-жақсы тұрып жатырмыз, — деді.
Қыздар енді мұның беті неге ісініп тұрғанын сұрастырды.
— Тісім ауырып жүр.
Қыздар "Ел-жұртсыз айдалада тұрған қандай екен? Саған ұнай ма өзі?" деп те сұрады. Роза мұрнын ыңғайсыздана бір тартып қойды да көзін көтере ашып қарамастан: "Мұнда мейлінше емін-еркін" екенін айтты. Қонақтар сиқыр мен зұлым күштер туралы да сұрақ қойды. Роза мұнда ешқандай да сиқырлы зұлым күштердің жоқ екенін айтты. Сонымен қонақтар аттанып кетті.
Жастар жағы көк шалғынды кешке емін-еркін аралады. Олардың көңілдене салған әндері, күмістей сыңғырлаған күлкісі мен оқыған өлеңдері сонау тау етегінен хуторға естілумен болды. Шалшықты балшық жақтан атылған мылтық даусы бірнеше рет гүрс-гүрс естілді. Бьяртур соңғы кезде күн демей, түн демей тынымсыз жұмыс істегендіктен бүгін, жексенбі күні, демалып жатыр еді. Ұйықтап бара жатқан, ал әйелі терезенің алдында отырып алып, атылған мылтық даусына құлақ түрумен болды. Ол шалшықты балшық жақтан көз алмай, әр атылған мылтық үнін үрейлі қорқынышпен күтіп отырды. Оған бұл атылып жатқан оқтар бейне бір мұның өзіне тиіп, жаралы .етіп кетердей болып көрінді. Ол оқтың тап жүрегіне тиіп, жазылмастай жаралы етіп кетуі ғажап емес. Ал Бьяртур қатты ұйқыға кете қоймаған болатын, қалғып-мүлгіп жатып, әйелінің әр қылығын бақылауда еді. Ол мылтық атылған сайын әйелінің селк ете түсіп отырғанын байқап, былай деп сұрады:
— Сен оның мылтық атқанын бұрын да естіген боларсың, сірә?
— Мен бе? — деп асып-сасқан әйелі кенет орнынан ұшып тұрды. — Естіген емеспін!
Мұндай адамдар, олардың отбасы мүшелері көзіне көрінген тіршілік иесін пайдаланып қалмай, олардың өмірін қор қылмай, босқа жібермейді, — деді де, Бьяртур тағы да ұйықтап кетті.
Қонақтар ымырт жабыла хуторға қайта оралды. Олар әбден қас қарайып, қараңғы түскенше құс аулауға кеткен аңшыларды күтуге бел байлады. Қыздар тостағандарын толтыра жидек теріп кайтыпты. Әрқайсысы Розаға арнап аздаған жидек беріп жатты. Сөйтіп оған да бір тостаған жидек тиді. Бұл — Жазғы мекен иесіне арналған сый.
Роза бұл сыйлықты алмай-ақ қойғысы келіп еді, қыздар көнбеді.
— Саған не болған, Роза? Біз мұны сенің тауыңнан тердік қой. Ала бер — ас иесімен тәтті! — деп тұрып алды.
Қонақтар енді Бьяртурдың қотанында бірнеше топқа бөлініп, әр түрлі ойын ойнауға кірісті. Олардың көңілді күлкісі мен айқайлаған даусынан кешкі тау жаңғырығып жатты. бұл күнгі кеш соншалықты тымық еді. Көл айнадай жарқырайды. Аулада шыбын-шіркей қаптады. Аспанда жаңа ай баяу жылжиды. Кең алқаптың үстін мүлгіген тыныштық басты.
— Біздің поселкеде, шамасы, пішен оруға деген ықылас онша болмады-ау деймін, — деді Бьяртур. — Мен ақсақалдың жайылымын қалай таптағандарыңды және сендердің қожайындарыңның көктемге салым қалай безек қаққанын көрер едім. Ол үшін менде пішен таусылып, олардан аздаған пішенді қарызға сұрауым керек болар, сірә.
Бірақ Мириден келген пастордың қыздары мен олардың қызметші, нөкерлері Бьяртурдың сары уайымға салынып сөйлей түсуіне мұрша бермеді, оны қалай да көңілдендіруге тырысты. Тіпті өз орталарына еріксіз сүйреп, доп ойнауға қатыстырды. Кімде-кім доппен ұрса, доп тиген адам оны қуып жүріп ұстауға тиіс. Қыздар Бьяртурды талай рет ұстап алып жазалады, өзін доппен ұрған сотқар қыздарды өз кезегінде бұл да ұстап алумен болды. Оларды қуарда алақанына бір түкіріп алып, "Сендер қашаған қозыдан жүйрік емессіңдер ғой, бәрібір ұстап аламын!" деп ескертіп қойды. Бір кезде қыздар Бьяртурды бір шетке оқшаулау шығарып алып, оның өлең оқуын, анау-мынау емес қызықты, көңіл көтеретін күлкілі қалжың өлеңдер оқуын сұрады. Бьяртурдың бұған ризашылықпен құлшына кіріскені сонша, тіпті өзінің бейауыз ұяттан жұрдай қалжың өлеңдерін де түгел оқып біткенше тоқталмады. Жаяу сал Хрольв туралы өлеңдердің Эльвирдің Хрольвті Вильяльмге деген табиғилықтан тыс, тым дөрекі тағылық құмарлығы үшін айыптайтын жерінен бастап (осы кезде қыздар беттерін басып, бірінің тасасына бірі тығылып, жырқ-жырқ күлкіден тыйыла алмады), Ингеборгтың нәжіс толы қыш құмыраны Мендулдың басына төңкере салғанына дейін (қыздар ішек-сілелері қата қатты күлкіге берілді) оқыды. Енді қыздар Бьяртурдан өздері туралы өлең шығаруды сұрады. Бьяртур оларға тап бүгін, тау стегінен жидек теріп жүргенде, ойына бірнеше өлең жолдары келгенін, бірақ оларды әлі өңдеп, жетілдіріп үлгермегенін айтты. Дегенмен оның алғашқы төрт жолы едәуір тәуір ырғаққа бейім екен:
Жасыл желек жайқалған
Көгалымды көрдің бе,
Сыңғырлаған сұлудың
Үніне құлақ түрдің бе.
Гуннаның терген жемісі
Бір қапшықтай болыпты,
Ал Рунна оңаша
Сұлуменен жолықты.
Олар бұта тасалап
Жидек терген болады.
Балдай тәтті ернімен
Сүйісіп те алады.
Қалың өскен қарамық
Қай мамықтан кем еді?!
Құдай атқан қу жігіт ұят болар демеді —
Асыр салып алысты,
Жидектен де тәттірек
Еріндерге жабысты.
Бұл өлеңдерді олар мәз болып, қуана қабылдады, рақаттана күлкіге бөленді. Бір жігіт оны жалма-жан жазып алып жатты.
Жұрт әбден көңілденіп, қызу қуанышқа кенелген кезде бұлардың ортасына старостаның үлы Ингольв Арнарсон Иоунссон келді. Оның жүзінде әдеттегісінше өзіне-өзі әбден риза, бірақ салқын күлкінің ізі бар. Тап осындай күлкі шешесінің жүзінен де әрқашан байқалатын және оның оқыған өлеңдерін неғұрлым әсерсіз әрі түсініксіз ете түсетін Ингольв иығынан асыра асып алған жіңішке арқанның бір басында — атып алынған қаздар мен үйректер, ал екінші басында — форель балықтар. Ол екі салпыншақты да атқосшы бақташысына берді де ердің қанжығасына мықтап байлауды бұйырды. Содан кейін барып Бьяртурмен амандасты. Жүзінде әлі де сол салқын күлкі ойнайды, қамқорсынған кейіппен жүйкені жұқарта әсер ететін кейіп байқалды. Мұндай кейіп оның отбасы мүшелерінің бәріне тән болатын.
— Менің ойымша, әкем қатты қателесіп, үлкен жаңсақтық жіберіп алған-ау деймін. Немесе мұншалықты мол байлығы бар қысқы жайылымды саған сыйға тарта салар ма еді?! Сенің жеріңде аң аулағаным үшін мен енді саған қанша қарыздармын? Айтшы өзін.
— Өздерің сыйға тартқан жерден құс атып, балық аулағандарың үшін бір нәрсе талап етудің ешқандай қисыны жоқ қой, — деп жауап қатты Бьяртур. — Шынында да өзің айтып тұрғандай, бұл бір қасиетті, құнарлы жер. Мен оны — сен білесің бе, білмейсің бе, Жазғы мекен деп атадым. Мұндағы байлық көзінің тұнып тұрғаны сонша, мен мына сен сияқты — сен маған әлі кішкентай Ингасың ғой — біреудің хуторынан өлексе татитын құс аулауға қызықпаймын. Менің қойларыма осы шағын өзеннің бойындағы көк шалғын шөптен артық ештеңе қажет емес. Ал сендер, бәлкім, Мириде, малды пішенге құс пен балық қосып бордақылайтын шығарсыңдар? Бұларың жаңалық болуға лайық екен.
— Тіліңе шиқан шықсын сенің, Бьяртур. Баяғы мінезің әлі қалмапты ғой, сайтан алғыр! — деді Ингольв Арнарсон, барынша паңдана жымиып. Сөйтті де әлгі салпыншақ тізбектен бірнеше үйрек пен балықты бөліп алып, Бяьяртурдың аяғының астына тастай салды.
— Мен сенің мұндай нәрсені менің қотанымда қалдырмағаныңды қалаған болар едім, — деді Бьяртур. — Өйткені қасиетті жексенбі күні мұншалықты тірі құс пен балықты өлтіргенің үшін ертеңгі күні Құдай алдында өзің жауапты болғаның дұрыс деп санаймын.
Олардың осы әңгімесіне қыздар келіп килікті. Олар Бьяртурдың мына үйрек пен балықты алып қалудан тіпті де бас тартпауын өтінді. Ең болмаса Роза үшін алып қалуын сұрады.
— Бұл қазір барып тұрған тамаша құс! — десті.
— Менің бар кезімде Утиредсмириде тауық еті жеуге жарамсыз саналушы еді. Оның есесіне жылқы етіне деген құштарлық күшті болатын, — деді Бьяртур. — Ал қазір онда жабайы құстың еті құнды болса, онда мына өлексе жемтікті өзге біреуге емес, старостаның өзіне сыйлағандарың жөн.
— Ал мен мұны Розаның қуана-қуана қабыл алатынына кәміл сенімдімін! — деді қыздардың біреуі. — Ол бейшара биылғы жазда жас ет жеп, құмардан шықты дейсің бе?!
— Сен өйтіп қамқорсымай-ақ қой. Біз үшін, яғни кедей шаруалар үшін, ең басты нәрсе — мал азығының мол болуы, — деді Бьяртур. — Адамдар жаздың күні ет жемесе де ештеңе етпейді. Оның есесіне, қысқы маусымда мал азығы мол болса, әбден жетіп жатыр.
Мына жауапты естігендердің бәрі де күліп алысты. Олар кедей шаруаның өмірден түйген данышпандығына барынша ұшқырлықпен жеңіл-желпі қарады. Олардың көпшілігі Жастар одағына мүше еді. Одақтың торағасы Ингольв Арнарсон Иоунссон болатын. Жастар өз еліне шын берілген адал перзенттер саналатын. Олардың ұраны: "Бәрі де Исландия үшін!", "Исландиялықтар үшін!". Енді міне, олар оз еркі өзіндегі дербес селолық қожайын болып табылатын, өз елінің бақытты келешегіне кәміл сенетін, оның үстіне, мұның бәрін де оз ісімен дәлелдей білген адаммен бетпе-бет кездесіп тұр. Рас, олар мұның ойлау жүйесінің ерекшелігіне күліп те алды.
Қалай дегенде де бүгінгі тып-тымық жексенбілік кеште өзінің жеке меншік қотанын мақтаныш етіп тұрған, бастаған ісін бүкіл дүниенің қарама-қарсы кедергісіне қарамай, өжеттікпен ерегісе түсіп, аяғына дейін жеткізуге әрқашан әзір, ол үшін бостандық жолындағы күресін табиғи және табиғаттан тыс жауыз күштерге қарсы қажымай-талмай жүргізуге бекем бел буған адам, міне, осы. Бұл адам оларға күшті әсер етті. Олар атқосшы қызметкерлер аттарды алып келгенше әлі де біраз уақыт күтті. Бьяртурдың делқұлылау есерсоқтығына олардың ешқайсысы да ренжіген жоқ.
Ингольв ән айтуды ұсынды.
— Біз Бьяртур екеуіміз байырғы ескі достармыз, тіпті емшектес егіз туыстар сияқтымыз, — деді ол. — Біз қаншама уақытты бірге өткіздік десеңдерші! Бір-біріміздің тереңдегі сырымызды жақсы түсіне аламыз. Мен, сендер қалай десеңдер, олай деңдер, мен Бьяртурды жоғары бағалаймын. Розаны да одан кем көрмеймін. Бұл екеуі елімізді алғаш рет қоныстанушылардың ерлігі бүгінгі исландиялықтың бойында да сақталып қалғанын көрсетіп берді. Исландиялық шаруа жасасын!
Ол өзінің серіктерін ән салуға көндірді. Олар шырқатып ән сала бастады.
Еңсені езген еңбегің
Қаншама ауыр болса да,
Бірлігіміз жасасын —
Ата-баба жолымен
Әлі ілгері басасың.
Ел мен жердің бағына
Күш-жігерді аямай,
Тау суындай тасасың!
Еңсені езген еңбегің
Қаншама ауыр болса да,
Бірлігіміз жасасын —
Ата-баба жолымен
Әлі ілгері басасың.
Ел мен жердің бағына
Күш-жігерді аямай,
Тау суындай тасасың!
Бұл өлеңнің Бьяртурды, тек қана соны дәріптеуге арналғанына бәрі де келісті. Исландиялық түңғыш ізашардың, тау алқабы тұрғынының, Исландияның осы бір ер жүрек перзентінің даңқы арта берсін! Жазғы мекеннің тұрғындары Бьяртур мен оның әйелі жасасын! Қонақтар мұндай отансүйгіштік, патриоттық әндердің бірінен соң бірін айтты:
Тау мен тасқа патшайым,
Қасиетті Жер-ана,
Ақ сүтіңді ақтаймын,
Саған деген мөп-мөлдір
Сезімімді сақтаймын.
Қанша өлкені кезсем де
Сенен артық ұжмақты
Бұл дүниеден таппаймын.
Туған өлкем — қимасым,
Мен де сенің қимасың!
Жасасын жас Исландия, ура! Бұлардың даусы тауды жаңғырықтырды. Оның жалғасы тамылжыған тұп-тұнық жазғы кеште одан әрі естіліп тұрды. Бұған көлдегі гагарка құстар (солтүстікті мекендейтін құстардың көп тараған түрі) үн шығармай таңданысты. Атқосшылар аттарды алып келді. Бірнеше әйел Розамен қоштасып шығу үшін үйге кіріп кетті. Бірақ ол тағы да зым-зия жоқ болып шықты. Жұрттың бәрі атқа қонған кезде Ингольв Арнарсон тағы да ән салуды ұсынды. Шалшықты балшық жақтан Жазғы мекеннің иелерін құттықтауға арналған, селолық өмірді дәріптеп, мадақтаған ән әуені көпке дейін үнсіз естілумен болды. Осынау иен далада:
Менің үйім дара тұр.
Бақыт тапқан сол үйден
Демеді ол маған: "Бара тұр",
Құшағына алып баурады.
Қара тасты жылытқан
Күн шуағы сияқты.
Дегендей боп: "Бұл байғұс
Қалжырады, жаурады".
Қайран менің ер халқым
Мақтан етсем, тұрарлық
Болаттай берік достығы,
Қиналсам, көмек сұрарлық.
Сен барда менің көңілім
Көтеріңкі әрқашан
Дос сүйініп, дұшпаным
Күйінгеннен жыларлық!
Сонау тұрған жалғыз үй —
Жазғы мекен сондай үй,
Өзгелер өнеге аларлық!
Көңілді ән әуені ұзақ уақыт естіліп бара жатты. Ал, әншілер шалшықты балшықты артқа тастап, құрғақ та қатқыл жерге шыққан бойда астарындағы аттарына қамшы басқан соң құлаққа ат тұяғының дүрс-дүрс еткен дүбірі келді. Жазғы кештің ымырт қараңғылығы алдағы аңғар мен көсілген кең даланы тұмшалай түсті. Шаруа Бьяртур өз қотанының төрінде біраз тұрды да ұйықтау үшін үйіне кетті.
Қайдан шыққаны белгісіз, Роза кіріп келді. Ол күйеуінен ешнәрсе туралы сұраған жоқ.
— Төменде, өзеннің жағасында, саған арналған сый-сияпат жатыр, — деді Бьяртур.
— Маған арналған дейсің бе?
— Иә, құс пен балық.
— Оны кім берді?
— Бар да өзің көрсеңші. Бәлкім, оның салып кеткен белгісінен танырсың.
Бұл жағдайды пайдалана қойған Роза лып беріп сыртқа шығып кетті. Өзенге келді. Шыныңда да онда оның құсы мен оның балығы жатыр екен. Бұған енді осында ән салған адамдардың дауыстары әлі де естіліп тұрғандай. Шалшықты балшық үстінде жайылған ән әуені мұның құлағына әлі де келіп тұрғандай болды.
Қотанның бір жақ шетінің үстімен үрейлі бір топ үйрек сампылдап тым төмен ұшып өтті.
— Енді сендердің үрейленіп, қорықпай-ақ қоюларыңа болады, — деп жас келіншек өзіне-өзі сыбырлады. — Ол кетіп қалды — бұл жерде жоқ.
Ол өзен жағасында қою қараңғылық құшағында терең ойға шомып, кепке дейін тұрып қалды. Құлағына манағы салынған ән әуендері мен әлдеқашан қол жағалай оқтын-оқтын тарс-тұрс атылған мылтық даусы қайтадан естіліп жатқандай еді. Бұл оның өлтірген кінәсіз құстары туралы да ойға қалды.
Енді көп ұзамай, күз түседі.
ОНЫНШЫ ТАРАУ
ТАУҒА САПАР АЛДЫНДА
Тауға сапарға шығар алдында Бьяртур жазда өсіріп жіберген сақалын қырып тастамақ еді. Ол мұндай әурешілікті жек көретінін жасырудың қажеті жоқ екенін бұрыннан да білетін, ал қазіргі қырыну кезінде өзіне-өзі қатты ұрысумен болды. Бірақ жалтарып кетуге мүмкіндік қалмады. Қой мерекесі жақындап қалған еді. Оны және бір ыңғайсыз жағдай күтіп тұрды. Бьяртурдың келіншегі ол жоқта хуторда бір өзі қалудан өлердей қорықты. "Несі бар, онда тұрған ештеңе жоқ — жүрек ауруының зардабы ғой" деп ойлады Бьяртур. Ол тауда үш күн бойы жүруге, жоғалған қойын іздеуге, содан соң басқа да шаруалармен бірге сатуға арналған қозыларды қалаға айдауға тиіс болатын. Ал келіншегі қайткен күнде де хуторда жалғыз қала алмайтынын, ең болмаса, оның итті өзімен бірге ерте кетпеуін өтінді. Ал, ол, Бьяртур, тауға итсіз бару — таудың биік шыңына аяқсыз көтерілумен бірдей екенін айтып, түсіндірді. Роза райынан қайтты, яғни енді оған бір-ақ жол қалады — Утиредсмириге кетуі керек. Өйткені оның бұл жерде қаптаған қалың зұлым күштердің арасында, жападан-жалғыз шошайып отыра беруіне болмайды. Бірақ Бьяртур үшін оның өзінің немесе әйелінің Утиредсмири жақтан көмек сұрап, жалынышты болуы адам төзгісіз ауыр азап сияқты болып көрінді. Мәселе былай шешілді: Бьяртур таяуда хутор маңындағы өзінің шағын отарында көрген бір тоқтыны ұстап әкеліп, Розамен бірге қалдыруға уәде етті. Сақалын алып болғаннан кейін ол әлгі тоқтыны іздеуге кетті. Ақыры оны итінің көмегімен ұстап алып, кешке қарай үйге жетелеп келді. Қотанның бір шетіне байланған тоқтыны Гудлбрау — Тас жарғыш деп атады. Бірақ ол күнгі кеште Роза үйықтай алмады: байлаулы тоқты үздіксіз маңыраумен болды — өйткені оған адамдардың бұл қатыгез қылығы тіпті де түсініксіз еді.
Ит ерткен қойшылар таң енді саз берген кезде хуторға аттарын екпіндете жетіп келісті. Бьяртур оларды есік алдында күтіп тұрған. Шалбарының балағын шұлығының ішіне жіберіпті. Мұнысы оған әлдебір салтанатты сән бергендей еді. Қонақтарды риза болған жарқын жүзбен қарсы алған ол келген адамдардың бәрімен жеке-жеке амандасып болды да, кофе ішіп шығуға шақырды. Көпшілігі Бьяртурдың баспанасын көре кетуге ұйғарды. Кейбіреулері үйдің екінші қабатындағы түтінге толы бөлмеге көтерілді. Оларға ілесе-мілесе иттері де жоғары шықпақшы еді, бірақ тым тік сатымен көтеріле алмай, шәуілдеп үріп, қыңсылаған бойы төменге сырғып түсіп жатты.
— Салып алған сарайым, міне, осы, — деді Бьяртур. — Әзірше өз борышымды мұқият өтеп келемін.
— Көп адам тап осылай шағын істен бастап, шаруасын шалқыта өсірген танымал тұлғаға айналған, — деді Тау королі. Ол өзінің де кіші жұмыстан бастап, бірте-бірте ел қатарына қосылғанын еске салып өтті: қазір ол бір қауым елдің шіркеуіндегі кіші қызметкерге дейін өсті, әрі ит емдеуші мамандығына ие болды; егер сәті түсіп жатса, діни қауым кеңесінің мүшелігіне сайланудан да үмітсіз емес.
— Аңыздың айтуына қарағанда, хусавиктік Иоунның өзі де бүкіл шаруасын жын-періден сұрап алған аядай жерде бастаған көрінеді ғой, — деп абайсыз әңгіме айтып қалды қазіргі өмірдің қолайлы жағдайларына ие болған жас жігіт.
— Ал, жігіттер, тезірек қозғалайық, — деді Тау королі. Ол жол бойы өзінің көңілін аулап, күлдіріп келген жастарды үйден ертерек шығармақ болды. Өйткені олар тауға қарай көтерілгенде мұның соңынан еріп отыратын, ал шалшықты балшықты кешкен кезде бұған лай суды шашырата басып озып, алға суырыла шығып кететін. Оның кім болса сонымен кофе ішуге тіпті де зауқы соқпайтын. Ол неғұрлым байсалды, салмақты адамдармен ғана асықпай отырып кофе ішуді ұнататын. Ондайда бір жұтым арақтан да кет әрі емес болатын. Ал, қазір мұнда кіші-гірім бала-шағамен, қарауында қызметкері жоқ, бірлі-жарым қойы жоғалса, оны тек өзі іздеуге мәжбүр болатын ұсақ-түйек хуторлықтармен уақытты босқа өткізу қажет емес деп білді. Осы ұсақ-түйек адамдар арасында нидуркоттық Тоурдур қарт та бар еді. Ол — Жазғы мекен иесі Бьяртурдың туған қайын атасы. Бейшара балаларының көбінен жастай айырылды, ал тірі қалғандарынан ешқандай опа таба алмады. Бірден-бір үміт артқан арманы — жекеменшік диірменінің рақатын да көре алған жоқ. Ол осының бәрін басынан кешіріп, бәріне де төзе білді. Бірақ әдеттегі өзге жұрт сияқты қатыгездікке де салынбады, тағдырына да налымады. Бәрін де пәлсапалық байсалдылықпен, басқа түссе баспақшыл тақуа діндарлықпен қарсы алып, шыдай берді, шыдай берді. Тап қазір оған өзінің сүйікті қызы Розаның мына түтінге толы бөлмесі әлдебір ерекше құттыхана сияқты болып көрінді. Тіпті көзіне жас алды. Роза оның сатымен көтерілуіне көмектесті. Күн қақты болған бетіне, ұйпалақтана өскен аппақ сақалына өзінің бетін басып, бауырына тарта құшақтап көрісті.
— Шешең байғұс сенің алдыңда шын жүректен бас иіп, тағзым етуімді әрі мына бір азын-аулақ сыйлықты табыс етуімді сұраған еді, — деп, бет орамалға буылған кішкентай ғана түйіншекті ұсынды, оның ішінде жарты қадақ қант пен азырақ кофе бар еді.
Роза әкесінің құшағынан айырылмады. Оның төсіне басын төсеп, алжапқышының етегімен көзінің жасын сүртумен болды. Розаның бұл мінез-құлқынан шын жүректен шыққан перзенттік мейірім мен өзіндік берік бір беттілік айқын аңғарылғанына Бьяртур таңдана қарады. Ол Розаның мұндай жан екенін бірінші рет көріп тұр. Енді бір қас қағым сәтте Роза уайым-мұңды батыл сілкіп тастады да өзінің сезімінің қандай екенін көрсетуден тайынбайтын қыз екенін толық танытты.
— Ардақты әкем, аяулым менің! — деді ол. — Мен сені соншалықты қатты сағындым ғой!
Розаның әкесін көргісі келіп, сарғая сағынғаны, төзімі таусыла күтіп жүргені Бьяртурдың ойына осы уақытқа дейін бірде-бір рет кіріп те шықпапты. Оның әкесінің төсіне жас балаша еркелеп жабысып қалғанын көргенде неке қиылған тойдан кейінгі алғашқы түннің өзінде-ақ, мұның бұған дейін көз алдына елестетіп, армандап жүргеніндей, өзінің жеке билігі, яғни көсіліп жатқан кең дала королінің билігі, тіпті де шексіз емес екен-ау деп, ұялап қалған күдікті ойын қуып тастап, одан арылуға мұршасыз екеніне тағы да көз жеткізді.
Ер азаматтар жайғасып отырды да қалталарынан насыбай шақшаларын суырысты. Енді олар алдағы ауа райы туралы өте байсалды да мазмұнды әңгімеге кірісті. Бұл тақырып талқыланған кезде білгірсінген ескі әдетпен жиі-жиі қайталанатын бірыңғай ұқсас сөз тіркестері қайта-қайта ауызға алынды. Олар әуелі қыс айларындағы ауа райының қандай болғанына жалпы шолу жасасты, бірте-бірте көктемдегі жағдайға тоқталды. Содан кейін ғана саулықтар, қозылар, олардан қырқылған жүннің сапасы туралы әңгімеге ауысты, жазғы ауа райын да ұмыт қалдырмады. Әр апта сайын болып отырған өзгерістер туралы егжей-тегжейлі айтып өтті, бірінің сөзін бірі түзетіп, нақтылай түсті. Айтылған тұжырымдардың дәлдігіне кепілдік беруге болатындай жағдайға келісті. Олар ауа райы құрғақ болған, нөсерлете жаңбыр жауып, дауыл соққан кезеңдердің бірде-бірін ұмыт қалдырмай, егжей-тегжейлі әңгімеледі. Тіпті ауа райының қандай болатынын алдын ала болжаған көріпкелдердің лағып кетіп айтқандары жайына қалып, бәрі де табиғаттың өзінің қалауынша болып өткендерін де ұмытпапты. Сөйтіп әркім табиғаттың қатыгез күштеріне қарсы, өзіндік дұрыс дүниежүзілік соғысын жеке өз бастарынан қалай өткізгені сөз болды. Әркім өзінің орған пішенін құрғақ кезінде немесе жаңбырдың астында қалып, бұліне бастаған шағында атқа артып, үйді-үйлеріне қалай тасып алғанын айтты. Кейбіреулердің шапқан шөбі жинаусыз қалыпты, енді біреулерінің шөбін жел ұшырып кетіпті, үшінші біреулердің шөбін өзендегі су ағызып әкетіпті.
Бұлардың ішінде Тау королінен өзгелерінің бәрі де батырақ жолдауға шамасы жоқ кедей шаруалар болатын. Сондықтан да олар әдетте өздерінің жасөспірім балаларын, кәрі-құртаң шалдарды, ақыл есі кем, сондай-ақ кемтар жандарды көмекші ретінде пайдаланатын.
— Иә, мен оз шаруашылығымды он бес жыл бойы батырақ жалдамай-ақ, жалғыз өзім жүргіздім, — деді қазір әл-ауқаты жағынан орта шаруа қатарына қосылған Тау королі. -Шынымды айтсам, менің ең бақытты шақтарым да сол жылдар екен. Жалданған жұмысшыларға жалақы төлеу дегенің — кімді болса да қайыршылық халге душар етпей қоймайтын шығын.
Ундирхлидтік Эйнардың пікірінше, байлар не десе десін, өзіңе қолбала боларлық жанашыр жақының керек. Немесе әйтеуір бір жалшы қызметкер ұстау қажет. Онсыз бұл өмір, өмір емес! Тіпті ешқашан да жөнді өмір бола алмайды. Ол дегенің тәнің үшін азап көруден көз ашпайтын нағыз итшілік өмір, ол рухани жаның үшін арып-ашып, аштан өлумен бара-бар.
— Басқаны қайдам, тап сенің жыланатын жөнің жоқ, Эйнар, — деді Гилиден келген Круси. — Қолында ұлың Стейни бар ғой.
Бірақ Эйнар мұның өзі мардымсыз жұбаныш қана екенін еске салды: оз адамың болса да, өзге адам болса да ақы талап ететінін білмейсіңдер ме түге? Оның үстіне, жердегі жұмысты теңіздегі жұмыспен салыстыруға болмайды. Шамасы, Стейни де, бір күні басқалар сияқты тайып тұрады-ау деп қорқамын.
Жастар өсіп жетіле салысымен ата-анасына қарасын көрсетпейтін қырсық шалды ғой бізді. Өйткені, жердің аты — жер, теңіздің аты — теңіз. Мысалы, Урдарсельде тұрған марқұм Таураринді алайық. Бейшараның үш ұлы бар еді. Бәрі де соқталдай-соқталдай жігіт болды. Бірақ, амал қанша, оз күндерін өздері көрер кезде үшеуі де теңіз төсіне тайып тұрды. Біреуі сонда жүріп, суға кетіп өлді. Қалған екеуі сонау Америкадан бір-ақ шықты. Олар биылғы көктемде әкелері өлгенде сорлап қалған шешесіне ең болмаса төрт-бес жол хат жазып, көңіл айтуды да білмеді емес пе? Олай ету ойларына кіріп шықпапты. Шешелеріне бірнеше крон ақша салуға да жараған жоқ. Енді қызы мен екеуі ғана қалған кемпір байғұс өз хуторын пасторға беріп отыр. Өйткені пастордың оларды шіркеудің діни қауымы есебінен асырауды міндетіне алғаны белгілі.
Эйнар тап осындай күн менің де басыма туатын болар деп шамалайтын. Өйткені оның да екі ұлы кетіп қалған болатын, ал қолындағы үшіншісі мұның сөзіне құлақ қоюдан қалып барады. Бірақ Гилиден келген Круси балалардың қайғысы әлі ештеңе емес қой, ең қиыны кәрі-құртаң мүсәпір қарттарды бағу деп санайтынын айтты. Олардың арандары ашылып, қомағайлана тамаққа тоймайтынын айтсаң, ешкім сенбей күйдіреді түге. Крусидің өз әкесі осыдан бір жыл бұрын сексен бес жасында қайтыс болған еді.
— Бәріңіз де білесіздер, мен қайын енемді асырап бағуға мәжбүр болдым. Менің төлейтін салығымның мөлшері сол үшін де аздап қана кемітілді. Қазір сол кемпір сексеннің екеуінде. Қайтадан кәдімгі бала сияқты болып қалды. Көзіне не көрінсе, соны алып, ойнап отырады. Биылғы жаз бойы ас үйдегі ыдыс-аяқ атаулыны одан жасырып қоюмен болдық. Ақылынан адасып, алжасқаны сонша, қолына іліккен затты бұрыш-бұрышқа тығып қоятынды шығарды.
— Ал кезінде ол өз ісіне өте пысық, жинақы жан еді ғой, — деп сөзге араласты нидуркоттық Тоурдур.
— Ей, қайырымды жандар, сендер бүйтіп уайымдай бермеңдер, — деді Гилтейгадан келген Тоурир. Бұл Сидейнка деген қыздың әкесі болатын. Сол қыз өткен қыста ойламаған жерден бала туып алып, әкесін ата атандырған еді. Тағдыр қайда айдаса да ұлдар өз күндерін өздері көреді ғой. Кәрі-құртаң қарттар да ештеңе емес. Олардың кейбіреулері тым ұзақ жасайды демесең, төніп тұрған ажалынан қашып құтыла алмайды. Кезегімен о дүниеге аттана береді. Қыздарды айтсаңдаршы, қыздарды, қайырымды жандар- ау! Оларды не бай алмайды, не құдай алмайды. Неше түрлі әуре-сарсаңға салады, машақат көрсетеді! Мынадай қиын-қыстау заманда мен қыз өсірген бейшараларды қатты аяймын. Сіздер қалай деп ойлайсыздар? Қазіргі сапалы жүннен үйде қолдан тоқылатын жүн шұлықтарды кие қояды деп ойлайсыздар ма? Қателесесіздер, өліп бара жатса да кимейді! Оларға тек жұп-жұқа жібек шұлық киіп, кербездену керек. Ата-анасымен жыл бойы салғыласып ұрсысудан көз ашпайтыны да содан.
— Көп адамның жақсылықты қыздан көріп жүргені бекер емес, — деп қарсы дау айтты Тау королі. — Қыздардың күміс күлкісі мен сыпсың-сыпсың тез сөйлеген үнін өз үйінде естіген қандай ғанибет десеңізші!
— Онда тұрған қайдағы ғанибет? Олардың қалтасын ақшаға толтырып беру оңай емес. Ал олар қалаға барып, ақшаны бет қаратпай, оңды-солды шашқанды қалайды. Тіпті талап етеді. Оңтүстікке барып қызмет еткенді ұнатады. Егер ата-анасы бұған келісім бермесе, онда оларға көресіні көрсетеді! Бәленің басы биттің қабығындай жұп-жұқа жасанды капрон шұлық сатып әпер деуден басталады. Ал сонда ол қандай шұлық? Барып тұрған көзбояушылық! Қаншама ақша шашып, сатып алған әлгі шұлықты түкке алғысыз зат демеске амалың жоқ. Сайтан алғыр сол шұлықтың ұзындығы сонша, тіпті қыздардың шабына дейін жетеді, бірақ титтей де жылытпайды. Ал егер, резеңке бауы босап, аяқтың басына түсіп кетсе, қолдан келер қайран жоқ, масқара болады! Біздің кезімізде шұлық деген әйелдердің іш киіміне — панталонға жетіп тұрса, жарай беретін, ешқандай да айып саналмайтын. Ол кездегі әйелдер қазіргідей ұятсыз емес еді ғой, қазіргідей бір тұтам ғана белдемше көйлек кимейтін.
— Иә, тап солай болатын, — деп келісе кетті Тау королі. — Бірақ қазіргінің бір жақсы жері — белдемше көйлек тігуге бұрынғымен салыстырғанда аз ғана мата жетіп артылады.
— Мұның ақыры немен тынар екен? Менің білетінім, сенімді біреудің айтуы бойынша, қағаз сияқты жұп-жұқа жасанды шұлықтар көп ұзамай-ақ іске аспай қалатын көрінеді. Сондықтан да бір қыз бір емес, екі жібек шұлық сатып алып, қабаттап киіп алатынды шығарыпты, — деді Тоурир.
— Не дейді? Жібек шұлық?!
— Иә, дәл солай. Жібек шұлық! Тап-таза жібек талшықтарынан тоқылған! Мен ол қыздың кім екенін де айтып бере аламын: пастордың ортаншы қызы. Ол өткен жылы Рейкьявикке барып қайтып еді ғой.
— Жұрт не демейді, аузына келгенін оттай береді, — деп міңгір ете қалды Нидуркоттан келген Тоурдир.
— Менің қызым Сдейнканың бойындағы кемшілігі аз дей алмаймын Бірақ өсек-өтірікке өзгелердей тым құмар емес. Ол әлгі жібек шұлықты өз көзімен көргенін айтып, ант-су ішті. Әйелдер әуелгіде сәнқойлықтың, соңынан ақымақтықтың салдарынан өзі қысқа бір тұтам белдемше көйлектің ішінен іш киім киюден қашқақтайды. Содан барып шабына жеткізе жұп-жұқа жасанды шұлық киюге тырысады. Ал ондай шұлықты бір қозының бағасына зорға сатып аласың. Содан белдемше көйлекті қысқарта түспегенде қайтеді? Ұятсыздықтың өршіп кеткені сонша, енді көп ұзамай, тек жібек шұлықпен ғана жүру сәнге айналады. Сонда белдемше көйлектің мүлде керегі болмай қалады.
— Соңғы жеті жылдың ішінде мен өзіме жөні түзу бір шалбар да сатып алмадым, — деп тағы да міңгірлеп қоя берді Тоурдур. — Сонда мынадай сәнқойлық бізді қайда алып барып соқтырады? Әрине, қалтамызды қақтырып, тақыр кедейге айналдырады. Егер жұрттың бәрі ар-ұятты жиып қойса, арына да, жарына да адал әйел қалмай бара жатса, сондай сұмдықтан басқа не күтуге болады?! Ондай ұшып-қонба жеңілтектік талай қыздың әкесінің сорын қайнатады, бүкшең қағып ертелі-кеш тынымсыз еңбек етуге мәжбүр етеді.
Біреу тұрып пастордың қыздары өте жақсы өмір сүреді, оларға бәрі де жеткілікті екенін айтып қалады...
— Оларға, әрине, бәрі де жеткілікті, — деді Тоурир. — Пастордың өзі де жаман тұрмайтынын білмейсің бе? Қалай жаңа жыл дегенше қазынадан оның қалтасына бір жарым мың крон тегіннен-тегін өзі келіп құйыла бастайды. Сонда бұл оның дарақы қылжақбастығына жасалған сый-сияпат болғаны ма? Міне, нағыз өмір деп осыны айт! Ал, біз сияқты бейшараларға ондай өмір қайда?
— Олай болуы мүмкін емес, — деді нидуркоттық Тоурдур, — Бір жарым мың крон дегеннің қандай байлық екенін білесің бе өзің? Шамасы, бұл оған берілген уәде ғана шығар.
— Мен өзім сөзімнен танып көрген жан емеспін, — деп, оның бетін қайырып тастады Тоурир.
— Оу, тоқтаңыздар, ол кәрі қақпастың жақсы жақтары да бар, — деді Бьяртур. Оған пастор туралы айтылған жағымсыз сөздер ұнаған жоқ еді. Өйткені қойдың тәуір тұқымын ойлап тапқан оны жан-жүрегімен жақсы көретін. — Өзі ғалым басымен соншалықты қылжақбас қарт болғанына қарамай, қойлары қандай тамаша десеңіздерші! Мен оның әлгі бір жарым мың кронды үш қызына қоса жасау ретінде берсе де алмас едім — одан гөрі асыл тұқымды бір қошқарын алғанды артық санаймын. Айтпақшы, осы күзде қалада еттің бағасы қандай екенінен хабарларыңыз жоқ па?
Тау королі оз естігендерін егжей-тегжейлі айтып берді. Бірақ мәселе бағаға келіп тірелгенде сырттан сұрап білген бағаға сенім артуға болмайтынын да ескертіп өтті. Қауым старостасы хуторларының бірін жалға алған, Кельдтен келген Хродлогур өзінің тоқтыларын әрқашан Миридегі Иоунға сататынын айтты. Өйткені оның Йоуннан жалға хутор алғаны үшін оған бәрібір ақы төлеуіне тура келеді екен. Ал оның есесіне мүттәйім карт бағаның айырмасын бұған қолма-қол қайыратын көрінеді. Сөйтіп ол мұның тоқтыларын неғұрлым арзанға алуға тырысады. Ал, бұл қымбатқа сатамын деп алысқа мал айдап әуре болмайтын көрінеді: көк аспанда тыраулаған тырнадан қолға қонған сары шымшықтың өзі артық деп жүре бергенді ұнатады екен. Оның үстіне, Фьордта нақты ақшаны ешқашан уақытылы ала алмайсың — қашан болса да қарызға белшеңнен батасың да жүресің.
Бьяртур кейде қолда нақты ақшаның болғаны жақсы екенін жоққа шығармайды. Ал егер кімге қарыз беру, кімнен қарыз алу дегенге келетін болсақ, онда тоқтыларды тек Бруниге несиеге беру керек. Өйткені қауым старостасымен мәміле жасаса қалсаң, ақшаны көзімен көріп, қолымен ұстайтын тек соның өзі ғана болып шығады. Ол Бруни кімнен несиеге тоқты алуға келіспесе солардың есебінен ғана байып отыр. Себебі, ол бұл жерде Фьордтағы Бруни беретін бағаның үштен екісін ғана ұсынады. Ал оңтүстіктегі, атап айтқанда, Викадағы тірі қойларды сатудан қанша пайда табады? Бруни сұрайтын бағадан екі есе қымбатқа өткізеді. Оның үстіне, бұл қойды өзгелер сияқты жиырма-отыз бастан ғана емес, жүз-жүздеп сатады. Ол аз десеңіз, Викада сауда фирмасындағы бағаны тек өзі ғана белгілейді.
— Дәл осы айтқаның рас бола қояр ма екен? — деп тағы да күмәнданды Нидуркоттан келген Тоурдур, құлашты кеңге сермейтіндерге сене бермейтін әдетіне басып. — Шіркіннің тәуекелшілін соншама! Қойларын көсіліп жатқан ұшы-қиырсыз кең даламен талай поселкелерді басып өтіп, сонау оңтүстікке айдау кімге болса да қымбатқа түседі. Жолшыбай мал шығыны да болмай тұрмайды, жиі кездеседі.
Тау королі Брунидің несиесі коп адамды қиындықтан құтқарып қалып жүр деп пайымдайтынын білдірді. Бруни өзінің әріптестерін ренжітпеуге, олардың шаруасы шалқайып, кері кетпеуіне қамқорлық жасайды. Бруни өзі сенген біреуге қарыз бермепті дегенді естіген жан жоқ болар-ау, шамасы? Рас, ол қазіргі қиын-қыстау кезеңде қолма-қол нақты ақша төлеуді ол да ұнатпайды. Шамасы, көптен бері одан нақты ақша ала қойған ешкім де жоқ шығар. Оның үстіне, Бруни тәуір тауарларға тым сараң. Оның есесіне, өзімен істес болған әріптестердің жоқшылықтан қиындық көргендері кемде-кем. Ондай жағдай жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы көктемде ғана кездесіп қалатыны да рас. Сайып келгенде, Тау королі сөзін былай деп түйіндеді: жалпы алғанда, барлық мәселе ақшаға барып тіреледі деуге болмайды: мен ақшаның не кенін көзімен көрмеген талай жанның ел қатарына қосылып, абыройға бөленгенін білемін.
— Ұмытпай тұрғанымда айта кетейін... — деді ол. — Биылғы көктемде бас қосқан жиында округтық судья менен "Ит емдеудің тәсілін білетін тәуір біреуді табуыңа болмас па екен?" деп сұрады.
— Сұрағаны дұрыс қой, — деді Бьяртур. — Иттердің жағдайын қатаң қадағалап тұру қажет. Бәлкім, сен өз құлағыңмен естіген де шығарсың? Мен үйлену тойым жүріп жатқанда айтып едім ғой: сенің түкке тұрғысыз сұйық дәрің көмектесуге дәрменсіз болып шыққан кезде мен өз итімді өзім емдеймін.
— Менің округтық дәрігердің өзінен алған дәрімді түкке тұрғысыз деуге ешкімнің де құқығы жоқ, — деп, оның сөзін бөлді Тау королі салқын үнмен. — Ол дәрі ғылымның ережелері түгел сақтала отырып жасалады. Бірақ ол дәрі барлық уақытта бірдей дұрыс қолданылады деп кепілдік беруге болмайды. Округтық судьяның маған дені дұрыс көмекші табуың қажет деуінде осындай сыр бар.
Шаруалар қайткен күнде де шұғыл шара қабылдау керек деген ұйғарымға келді. Өйткені биылғы көктемде Утиредсмиридің өзінде де топалаң ауруы кездескен болатын.
— Иә, мен бұл жағдайды ойластырамын, — деді Тау королі өзіне жүктелген міндеттің жауапкершілігі соншалықты зор екенін сезінген адамша. бұл — өте маңызды жұмыс. Бірақ дәрігердің жалпы алғандағы жұмысы сияқты абырой әпере бермейтін жексұрын қызмет. Бұған ысылған іскер адам керек. Бәлкім, мен өзімнің болашақ көмекшіме судьяның жоғары еңбекақы тағайындауына қол жеткізе алармын. Бірақ әзірше ондай уәде бере алмаймын.
— Бұл жұмысты қауым старостасының өзіне жүктеуге де болады ғой, — деді Бьяртур. Мири туралы естелік мұның жан-жүйесіне тікендей қадалып, мазасын алатын. — Меніңше ит емдейтін ең жақсы көмекшіңіз болуға сол лайық.
Бұл ұсыныс жай қалжың ретінде қабылданды да қонақтардың ықыласын аудара қоймады. Олар қабақтарын тыржитып, мырс-мырс күлді де қойды.
Осы кезде үйге Роза кофе алып кірді. Шыны аяқ жетіспегендіктен жұрт кофені екі кезекте ішуіне тура келді.
— Ішіңіздер, іше түсіңіздер, — деді Бьяртур. — Майлы кілегейіміз жоқ — асқазанымыз ауырады деп қорықпай-ақ қойыңыздар. Оның есесіне біз кофе дәнін аямаймыз.
— Даниялықтардың майлы кілегейінен дәм татып көріңдер, — деді Тау королі, қойныңдағы төс қалтасынан қаңылтыр жайпақ құтыны шығарып. Оның тығынын аша бастағанда шаруалардың көздері күлімдеп, жүздері жайнап сала берді. Мен тауға сапар шеккенде өз серіктестерімді сыйлауға әрқашан қуаныштымын, — деді ол, сөзін жалғастыра түсіп. Сөйтті де әр ыдысқа аздап арақ құя бастады. — Кім біледі, ертең поселкеге қайтып оралғанда, бәлкім, сендер де мені әлдебір нәрсемен қуантатын боларсыңдар. Соңғы жылдары салықтың зіл батпан салмағы шаруалардың еңсесін езіп бара жатқанын өздерің де жақсы білесіңдер. Бәлкім, таяудағы болашақта кедей-кепшік шаруалардың қауымдық кеңесте өз өкілі де болып қалатын шығар. Жарайды, оны айтып, күні бұрын тон пішпей-ақ қоялық.
— Печеньеден де алып отырыңыздар, достар, — деп өтінді Бьяртур. — Мына сайтан алғыр қантты да қалдырмаңыздар. Роза, Тау короліне тағы бір шыны аяқ кофе құйшы.
— Иә, иә, достарым, — деді Тау королі, өз қойнынан суырып берген қаңылтыр құты отырғандарды түгел аралап шыққан кезде. Биылғы пішен шапқан кезде ауа райы онша қолайлы бола қойған жоқ. Бірақ соған қарамай, шамасы, әлдебір өлең жолдарын шығарған боларсыңдар.
— Дұрыс айтасыз. Қазір жақсы өлең тыңдағанның өзі де бір ғанибет қой, — деп қолдай кетті оны өзгелер.
— Түсінуге қиын өлеңдерге менің құмар емес екенімді білесіңдер, — деп сөз қыстырды Эйнар.
— Кейбір жағдайда өзім шығаратын қарапайым ғана болмашы өлеңдерімде мен ондағы ырғаққа мән беріп, бас қатырып жатпаймын, барынша шындықты айтуға тырысамын.
Жазғы мекен иесі Бьяртур Эйнардың поэзиясын менсінбейтін. Мұны жұрттың бәрі де білетін. Өйткені оның өзі ежелгі өлең үлгілеріне еліктеп өскен. Бірақ дінді дәріптейтін мақтау өлеңдер мен тым жаңаша сән қууға бейім өлеңдер жазуға мүлде құлықсыз болатын. Сондай-ақ қисынсыз қиялға құрылған ерсі өлеңдерді де жек көретін.
— Әкем марқұм, — деді ол, — өлеңді өте жақсы көруші еді. Өзі де жаман жазбайтын. Өлең жазудың ережесін бала кезімде сол кісіден үйренген едім. Сол әдісті әлі күнге дейін қатаң ұстанып келемін. Қазіргі скальдтардың (ақындардың) неше түрлі құбылтып, соңғы кездегі сұлусымақ сәнге салмақ болған әрекеттерін, мысалы Утиредсмиридегі бас бәйбішенің жаңалықсымақтарын тіпті де қажетсінбеймін. Мен өз әкемнен оның өлеңдерінің жеті жинағын мұра етіп алып қалдым. Мынаны атап айтуға тиістімін: бұрын біздің елімізде өлең жазатын небір шебер шайырлар болған. Олар өлеңнің өз өлшемін қатаң сақтайтын: бір шумақ өлең төрт жолдан ғана тұратын. Олардың өлеңдері әр түрлі мақаммен оқи беруге жақсы келетін. Соның өзінде көркемдік қасиетін, мазмұны мен мәнін ешқашан жоғалтпайтын. Олар қайдағы бір қайғы-қасіретті, мұң-зарды, әр түрлі жылаңқы жырларды жазудан аулақ болатын. Дінді дәріптейтін псаломдар жазуды пасторлардың үлесіне қалдыратын. Олар ешнәрсеге мойымаған, шағынып жылап-сықтауды білмеген ержүрек жандар еді, көкіректерін қағып, желпіне мақтанудан да аулақ болатын. Мысалы, Ульвар туралы римдерді* алыңыз. Оларда тек үлы шайқастар, ерен ерлердің қанға бөккен кескілескен ұрыстары ғана суреттеледі, әсерлі жырланады. Міне, жүрек жұтқан нағыз батырлар деп соларды айту керек! Олар қазіргі ақындар сияқты әйелдердің алдында құлша жорғалап, еңбектеген емес. Ал әлдебір атақты сұлу туралы естіп-біле қалса, ол қыз дүниенің қай қиырында болса да бас салып тартып әкелуге аттанатын. Мақсатына жету үшін талай елді бағындырып, халқына ойран салатын. Олардың жүріп өткен жерінде тау-тау өліктер қалатын.
Шаруалар поэзия туралы ұзақ дауласты, әрқайсысы өз пікірінде қалды: біреулері ежелгі жырларды, оның ерлік рухын жақсы көретінін, ал енді біреулері бүкіл адами немесе Құдайға құлшылық ететін поэзияны сүйетінін айтысты. Олардың осындай дау-дамайға беріліп, ұзақ отырып алғаны сонша, тіпті бірде-біреуінің оз өлеңін оқуына уақыт қалған жоқ.
— Кімде-кім кісінің түсінуі қиын күрделі де терең ойлы өлең жазса, оның өзінше менменсіп, дандайсып кететін әдеті болады. Ондайлар адамның жан дүниесі туралы жазатын ақындардан өздерін тым жоғары қояды, — деді Эйнар.
Бьяртур оның бұл сөзіне жауап ретінде өзін ешқашан да ұлы скальд деп санамағанын, дегенмен қалай болса солай атүсті сүйкей салынған өлеңсымаққа жаны шыдай алмастай қарсы екенін айтып салды. Төрт жолдан ғана тұратын бір шумақ өлеңнің де ырғақты ұйқасы өзара үйлесім табатын болуы тиіс.
— Егер мені шын мәніндегі скальд деп танысаңдар, — деді ол — шумақ сайын үштен кем ырғақты да үйлесімді ұйқасы жоқ өлеңді* халық арасына таратуға ешқашан да келіспес едім.
Тау королі өзі сыйлаған ішкілік бұлардың барған сайын бойын қыздырып, ойын оятып, сөзді көбейтіп бара жатқанын көрді де бұл жерде поэзия мәселелерін айтысып-тартысып талқылап отыруға уақыт жоқ екенін ескертпек болып былай деді:
— Мен сендердің қызу айтыс-тартыстарыңа аралассам, саған не жоқ деп қарсы бола қоймассыңдар деп ойлаймын. Мен өз өмірімде бірде-бір өлең жазып көрген жан емеспін. Бірақ, меніңше, ақындар әрқашан ақиқатқа деген махаббат пен үйлесімді ырғақты ұйқастың қақ ортасын мықтап ұстануы керек сияқты. Олар шынайы шындықты ырғақты ұйқасқа айналдыра білетін болсын, онсыз ешқашан да шындықты жырлай алмайды.
— Ырғақты ұйқасқа түспеген ақиқатты шындық деуге болмайды, — деді Бьяртур. — Егер ырғақты ұйқас дұрыс қосылса, осының өзі ақиқат.
— Түк түсінсем, бұйырмасын, — деп қарсы пікір айтты Эйнар. — Сіздер сияқты ақылды адамдардың аузынан осындай сөздерді естігеніме таң қаламын. Өйткені ырғақты ұйқас дегеніміз ырғақты ұйқас, ал ақиқат шындық дегеніміз ақиқат шындық қой. Олардың бір-біріне қандай қатысы бар?!
Истадальдан келген Оулавюр бұл пікірталасты барынша немкеттілікпен селсоқ тыңдап отырған болатын. Бірақ өзінше ғылыми сипаттағы әйтеуір бір ой-пікір айтып қалуға, сөйтіп күрделі проблеманы шешіп тастағансып отыруға құмар ескі әдетіне басып, мына әңгімеге аз да болса өз үлесін қосуды артық санаған жоқ:
— Иә, жігіттер! бұл өмірде шынында да түсінуі қиын құпия құбылыстар аз емес, — деп, ыңғайы келіп қалған кезде сөз қыстыра қойды. — Сонымен келесі пасха мерекесі сенбіге тура келеді деседі ғой...
Отырғандар әңгіме тақырыбын күрт бұрып жібергендіктен аз-кем аңтарылып, үнсіз қалды.
— Сенбіге? — деді ойланыңқырап барып үн қатқан Тау королі. — Олай болуы мүмкін емес, пасха мейрамы барлық уақытта тек жексенбіге тура келеді.
— Иә, мен де тап осылай деп ойлайтынмын, — деді масайрай сөйлеген Оулавюр. — бұл жолы мен мұны "Халық достары" одағы шығарған күнтізбеден көрдім. Онда соқырға таяқ ұстатқандай етіп, айқын жазып қойыпты: келесі жылғы пасха сенбіге тура келеді екен.
— Шамасы, бұл қателік болар, — деді Тау королі.
— Күнтізбеде де қателік болушы ма еді? Қате кетуі мүмкін емес. Күнтізбеде қате жіберуге кімнің жүрегі дауалай алады? Осынша ойға қалып, басым қатты... Айтпақшы, мынадай бір жағдай есімде сақталып қалыпты: осыдан бірнеше жыл бұрын пастор Гунчмундурдың үйінде қонып шыққаным бар еді. Сонда бір көне кітаптан оқығанмын: күн жыл сайын аздап кешігетін көрінеді. Егер осы жағдай рас болса, онда уақыттың да кейін қалып, кешігуі дұрыс қой. Таураттың бір жерінде жазылғанындай, күн бір орында қозғалмай, тұрып қалған* деседі.
— Қымбатты Оулавюр, — деді Бьяртур. — Осы айтып отырғаныңа өзіңнің сенетініңді жан баласы ести көрмесін. Кітаптарда жазылған нәрселердің бәріне де құлап сене бермей, абаймен қарау керек. Мен кітап атаулыға, соның ішінде әсіресе Таураттағы әңгімелерге ешқашан да сенбеймін. Кітапта жазылған нәрсенің дұрыстығын тексеріп шығуға ешкімнің де шамасы келмейді. Кітаптар қанша қажет болса, сонша өтірік айта береді. Өйткені сен онда айтылған оқиғалардың басы-қасында болып көрген жоқсың ғой... Егер уақыт шіркін шынында да анда-санда бір күннен кешігіп тұратын болса, онда Пасха мейрамы әйтеуір бір кезде Рождество мейрамымен бір күнге тұспа-тұс келер еді.
— Мен тарихта айтылатын бір нәрсеге кәміл сенемін, — деді Тау королі. — Өлі Иисустың жексенбі күні таңертеңгісін қайта тірілгені анық. Олай болса, пасха мейрамы жексенбіге тура келуі тиіс: бұл жерде уақыттың кешігіп артта қалып қоятынында немесе ілгері озып кететінінде тұрған дәнеңе жоқ.
— Мен оның қашан тіріліп жүргенін білмеймін, — деді Бьяртур. — Өзім қасында болғаным жоқ. Бірнеше әйел ғана болыпты-мыс қасында. Бәлкім, олар ұстамалы қояншық ауруы бар әйелдер шығар. Олардың сөзіне қалай сенерсің? Бір мысал келтіре кетейін. Осыдан бірнеше жыл бұрын Утиредсмириде оңтүстік жақтан келген бір әйел болды. Бір күні ол біреудің тау беткейіне тастап кеткен нәрестесінің жылаған даусы құлағыма үздіксіз естіліп тұр деп болмады. Жаздыгүнгі түнге қараған кешкі мезгіл еді. Нәресте шырылдап жылап, өксігін баса алмай жатыр деп қайталауын қоймады. Бардық. Сонда не болды деңіз? Нәресте деп жүргеніміз мауыққан жабайы мысық екен, сайтан алғыр!
— Жарайды, жетер енді! — деді Тау королі. Оның мынадай ұзақ-сонар дерексіз әңгімеге араласқысы жоқ еді. — Бьяртур жабайы мысық туралы айтып өтті ғой. Ал сендер түлкі туралы не ойлайсыңдар? Айтыңдаршы!..
— Ойлап қою ғана аздық етеді. Нақты бір нәрсе жасау керек, — деп жауап қайтарысты оған. — Бұл туралы қауым старостасымен ақылдасып алған жөн болар?
— О, сұмпайы жылпос қу түлкі қауым старостасын онша мазасыздандыра қоймайды, — деді Бьяртур. — Былтыр ол жиырма түлкі терісін сатты, сатқанда да қымбатқа сатып, мол пайда тапты.
Басқалар да пікірін білдірді: "Көресіні әлі түлкіден көретін боламыз" десті олар. Түлкі былтыр қойға қара күзде қырғидай тиген еді, сол қылығын биыл да қайталайды. Шаруалар түлкіні тілдері жеткенінше балағаттап, қарғап-сілеумен болды. Ал Тау королі байсалды кейіппен сөйледі: түлкінің адамдар үшін зұлым жауыз болып табылатынына күмән жоқ екенін беделді түрде мәлімдеді. Ал Нидуркоттан келген карт ақырында былай деп қорқытты:
— Түлкі былтыр күшті лаң салып еді, әсіресе көктемде құтырып кеткен болатын. Енді оның салар сойқанын күзде күте беріңіздер, — деді ол.
Кофе ішіліп бітті. Тау королі қаңылтыр құтысының аузын жауып, қойын қалтасына қайта салды. Таң атып, айнала жарық болып қалған еді. Қойларды бір-бірінен айқын айыруға толық жетеді.
— Иә, — деді Тау королі, орнынан көтеріле беріп. — Мына көсілген далада мен талай рет болған едім. Бірақ бұған дейін мені ешкім де ешқашан бүгінгідей жайдары меймандостықпен жақсы қарсы алған емес. Қонақжай қожайынның үйіне қыстың суық күнінде келген қандай жақсы! Бізді өте жақсы күтті, дәм татқызды. Енді қойларды қуып ұстап, бөлуге кірісу керек.
Бірақ Бьяртур мәселе меймандостықта тұрған жоқ деп пайымдайтынын айтты.
— Ең бастысы, — деді ол, — ешкімге тәуелсіз дербестікте. Сен өлісің бе, тірісің бе, онда өзіңнен өзге ешкімнің жұмысы жоқ болса, міне, сол жақсы! Меніңше, нағыз тәуелсіз дербестік дегеніміз, міне, осы! Біреудің қол астында бағынышты болған адамның қанына сіңген қасіреті — бостандықты аңсап, оған ұдайы сағынышпен сусап көз ашпауы.
— Иә, — деді, Тау королі. — бұл жағдай маған өте түсінікті. Исландиялықтар — тәуелсіз дербестікті жанындай жақсы көретін халық. Исландияда бір кезде оз бостандығы өздерінде болған хевдингтер* тұрған. Олар елінің короліне бағынып, бас игеннен гөрі еркіндікте өліп кеткенді артық көрген. Олар тап мына өзің сияқты жүрек жұтқан батырлар болған, Бьяртур. Сенің өзің, Бьяртур, және сен сияқты басқа да жандар — бостандықты бәрінен жоғары бағалайтын исландиялықсыңдар. Сендер исландиялық тәуелсіз дербестіктің арқа сүйеп келген, әлі де арқа сүйей беретін нағыз берік тірегісіңдер. Роза, шамасы, мына аңғардың солғын гүлі сияқты жүдеп-жадап бара жатпаған сияқты ғой. Мен оның тап бүгінгідей гүл-гүл жайнағанын бұрын-соңды көрген емеспін. Роза, өзің айтшы, мына мидай жазық кең далада өзіңді-өзің қалай сезініп жүрсін?
— Әрине, мұнда өзіңді-өзің өте-мөте емін-еркін сезінеді екенсің, — деп жауап қатты Роза, мұрнын сып еткізіп бір тартып қойып.
— Иә, — деді Тау королі әлгі ішілген арақтан кейін оның үнінде бай шаруаға тән әлдебір айбынды тәкаппарлық пайда болған сияқты. — Егер тап осы үйдегі сияқты рух күштілігі біздің бүгінгі ұрпағымыздың бәрінің бойында болса ғой, шіркін! Онда Исландия өзін қандай болашақ күтіп тұрғанын ойлап, алаңдай қоймас та еді.
— Солай деңіздер, — деді Нидуркоттан келген қарт Тоурдур. — Біздің аттанатын уақытымыз болып қалған жоқ па? Менің әлгі көтерем көлігіме қонғанымша қаншама уақыт керек десеңдерші!
Ол босағада тұр еді. Ұзақ жасап, өмір бойы кедейшіліктен көз ашпай, әлдебір алыс арманды аңсаумен келе жатқан осы бір қаудырап-қаусап тұрған қарттың көңілін аулап, оған бір ауыз жылы сөз айтпай жанынан өте шығу қиын болды. Тау королі оны арқасынан бір-екі рет жігерлендіре қағып-қағып қойды да былай деп тіл қатты:
— Иә, құдіретті Тоурдур қартым! Мына өмір біздің бәріміз үшін бейне бір лотерея ойыны сияқты.
— Қалай-қалай дейсің? — деп қайталап сұрады ешнәрсе ұқпай қалған қарт. Ол әлгі теңеудің не екенін түсінген жоқ. Өйткені өзі өмірінде қолына лотерея билетін бір-ақ рет ұстап көрген еді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Редсмиридегі бас бәйбіше зиратты жөндеуден өткізу үшін деп бір құлынды қайырымдылық қорына арнап лотерея ұтысына тіккен болатын. Лотерея ойынының ұтыс қорытындысы бойынша қауым старостасы өз құлынын өзі ұтып алған еді.
— Әке, қымбаттым менің, — деді Роза, оны сүйемелдеп аулаға алып шыққан соң. — Бүгін түнде таудағы лашыққа қонғанда абай болыңыз — жылы жамылып жатыңыз.
Шынымды айтсам, осы бір қашаған қозыларды тау мен таста, мидай жазық кең далада қуалап жүретін қуатым қалған жоқ қой. Мен несіне әуре боламын, осы? Жасым сексенге келді. Хутордың өзінде де қалт-құлт етіп, әрең жүремін, — деді ол, атының тізгінін қолына ала беріп.
Ер азаматтар тау беткейінде жүрген иттерін шақырысты. Қотанның бір шетіндегі қашаға байлап қойған саулық мына абыр-сабыр мен жүгіріскен иттерді көріп, мазасыз маңыраумен болды.
Қарт Тоурдур қоштасарда қызының маңдайынан сүйді. Сөйтті де атқа қонуға әрекет етті. Роза оның аяғына үзеңгі тосып, қолтығынан демеді. Ердің үстінде қарттың құйрығына жұмсақ болуы әрі ерді бұлінуден сақтауы үшін қара қойдың терісінен жасалған бөстек бар екен. Роза қазіргі кәрі байтал Глайсаның тұмсығын жұмсақ алақанымен қайта-қайта сипады. Бұл оны құлын кезінен білетін. Ол кездегі хутор қандай қызық еді! Содан бері он сегіз жыл өтіп кетіпті. Ол кезде Нидуркоттағы балалардың бәрі де өзді-өздерінің үйлерінде болатын. Ал қазір дүниенің түкпір-түкпіріне тарап кетіскен. Осы кезде тілін салақтатып Самур жетіп келді. Шамасы, бөтен итпен таласып қалған болуы керек. Ол Розаны танып, қуана қыңсылап, еркелей ұмтылды. Әлгі өзімен таласқан иттерді ұмытып та кетті. Роза әкесіне еріп келген итіне балық беру үшін үйіне кіріп шықпай тұра алмады.
— Әке, Самур сізге өте-мөте керек қой. Әйтпесе бір түнге маған қалдырып кетуіңізді өтініп сұраған болар едім. Бьяртурдың маған серік болсын, ес болсын деп қалдырып бара жатқан қойынан қайран болмай ма деп қорқамын.
Блесиін жетектеп Бьяртур келді. Ол келіншегін жанына өте бере асығыс-үсігіс сүйді де әлдебір тапсырмалар бере сала атқа қонды. Ердің үстінде отырып, итін шақырып алды. Адамдардың бәрі де кетіп болды. Роза оларды көзімен ұзатып салды. Олардың ең соңында әкесі кетіп бара жатты. Ол бүкшие түсіп кәрі байтал Глайсаның қос бүйірін әлсін-әлсін тепкілеп қояды. Бейшара Глайса шалшықты балшықта ілби басып, әрең кетіп барады.
ОН БІРІНШІ ТAPAУ
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ ТҮНІНДЕ
Көп ұзамай жаңбыр сіркірей бастады. Аспанды қаптаған сұрғылт бұлт тұтаса келіп, жаңбыр тамшылары бірте-бірте ірілене әрі ауырлай түсті. бұл нағыз күзгі жаңбырға айналды. Оның бүкіл айнала төңіректі сатырлатып ала жөнелген даусы біртүрлі үрей туғызды: аспан әлемінің кеңістігінен шелектеп құйып тұрған нөсердің шеті-шегі болатыны көрінбейді. Алдыңғы жақты тұтасқан сұрғылт бүркеніш көлегейлеп тұрғандай, ешнәрсе көрінбейді: тұтас бір өлкені жабырқаңқы көңіл күй жайлап алғандай, бір сарынды әрі біркелкі жауған жаңбыр шалшықты жерде өсіп, солғын тарта бастаған шөпті жуып, көлшіктің бетін астан-кестен етіп, лайландырып жіберді, сұрғылт құмшауыт қайраңдарды да, көмірдей қарауытып тұрған тауды да көзден ғайып етті. Хутор біткеннің бәрін де қалың нөсермен тұмшалап, өзге дүниеден бөліп тастады. Үздіксіз сатырлаған, басылар деп үміттенуге болмайтын дыбыс үйдің ішіндегі бұрыш-бұрыштың бәрін де жайлап алған сияқты: құлақты тұндырып, алыс пен жақынның бәрін де таса етті. Мұның өзі өмірдің өзі туралы күнделікті көңілсіз көп хикаят сияқты. Бейнебір не шарықтаусыз, не құлдыраусыз тепе-тең әрі елеусіз етіп жатқан өмірдің өзі деуге боларлық. Бірақ соның өзінде де ол сені кеңдігімен, тереңдігімен қызықтыра тартып әкете алады. Міне, тап сондай шулы мұхиттың түпсіз тереңінде жатқан бір ғана оңаша үйде жүрегі ауыратын жалғыз әйел қалған болатын.
Роза шұлығының тесігін торлап жамап алмақ еді, бірақ .оның қолының іске бара қояр түрі болмады; ол терезенің алдында қимылсыз отырып алды — сырттан естіліп тұрған сатыр-сұтыр дыбыс бейне бір сиқырлап тастағандай. Терезеден сонау кең алқапты тұмшалап тұрған сұрғылт тұманға қадала қараумен болды. Терезенің алдында пайда болған шалшыққа да ара-арасында жас балаша қызыға үңіліп қояды. Кешке қарай күшті жел тұрды. Ол жаңбырды көтеріп әкетіп, тұтасқан сұр бұлтты сатырлаған ақ тасқынымен қоса-моса бейне бір топырлата айдаған қойдай қуа бастады. Жаңбырдан соңғы тасқын су балшықты шалшыққа қарай көбік ата асығып ақты. Ол кей жерлерде теңіз толқыны сияқты жоғары көтеріліп барып, өзеннің жарлы жағасына шарпи соқтығысады да быт-шыты шыға шашырайды.
Қотандағы байлаулы қой маңырағанын қойды, байланған арқанның ұзындығына қарай қазықтан ұзаңқырап барады да басын төмен салып, қос мүйізін желге қарсы тосады. Роза оны аяп кетті: жалғыз өзі аяқ-қолы матаулы тұтқында қалғандай бейшараның халі шынында да мүшкіл еді. Роза оны ең болмаса жабынды шатырдың астына кіргізуді ойлады. Ал Гудлбрау өзіне таянып келе жатқан әйелді көріп, қашып құтылып кетпек болды, бірақ мықтап байлағандықтан қаша алмады. Роза арқаннан ұстаған бойы оған жақындай берді, ақырында қос мүйізінен сүйреп, үйге қарай алып жүрді. Оны қараңғы қораға итеріп кіргізді де есіктің ішкі ілгегін салып, тарс жауып қойды. Гудлбрау қораға кіргеннен кейін де маңырауын қоймады. Үстінің суын бір сілкіп тастады да енді еркін бостандыққа шығуы мүмкін емес екенін сезген ол бұрынғысынан да қаттырақ маңырады, даусы бүкіл хуторды жаңғырықтырып жіберді. Роза Гудлбрауды тыныштандыру үшін су әкеліп беріп еді — ішпеді, шоп беріп еді — жемеді. Ол мына әйелден үркіп, бір бұрыштан бір бұрышқа айналып қашумен жүрді.Қараңғы қорада әлдебір көгілдір сияқты анда-санда жылт-жылт ете қалатын көзімен сенімсіз түрде қарап қояды. Бір кезде алдыңғы екі аяғының тұяғымен тарс-тарс еткізе жер тарпып, әйелдің өзіне айбат шеккендей болды. Роза оған аздаған балық үгіндісі мен нанның қиқымын беріп те көрді. Гудлбрау бұл сый табақтан да біржола бас тартты. Ақырында Роза "Ал ендеше!" дегендей, оны жөніне қалдырды. Бірақ бейшара қой барған сайын жиі маңырағанын қоймады.
Уақыт өте берді. Іңір қараңғысы түсе бастады. Роза ботқа пісіріп, жеп алды. Осы кезде көзге түртсе көргісіз қою қараңғылық орнады. Роза пештегі отты өшірмеуге тырысты. Өйткені үйдің іші әрі суық, әрі сыз еді. Төбеден екі жерден тамшы ағып тұрды. Оның үстіне, жанып тұрған шам да жоқ. Ал үйдің іші жарық болса, немесе кем дегенде сөніп бара жатқан шоқтың сәулесі түсіп тұрса, ол да сеп қой — өзіңді-өзің қауіпсіз сезіне аласың. Роза пештің жанында ұзақ отырды. Оттың жарығы түсіп тұрсын деп, оның қақпағын жартылай ашып қойды. Ол өзіне өзі сый жасағандай мәз болып, шешесі сәлемдемеге беріп жіберген түйіншектен алып, кофе қайнатып ішті, әдеттегі бір түйір орнына бес түйір қант жеді. Өйткені бұл өзінің сыбағасына тиген қант еді. Ол бірінен соң бірі бірнеше шыны аяқ кофе ішіп отырып та пештегі оттың шоғынан көз алмады — бүгінгі түні өзінің тұла бойын билейтін үрейлі қорқынышты ысырып тастауға тырысты. Дегенмен денесі дірілдеп, елегізи берді. Роза бір кездегі қуанышты күндерін әдейі еске түсірумен болды. Мұның өзі оның жанын әлдебір рақат сезіміне бөленгендей жақсы әсер етті. Гудлбрау да маңырағанын қойып, жатып қалды. Бірақ жаңбыр терезені бұрынғысынша сабалап, тынымсыз жауып тұрды. Жел де үдей түсті, — тіпті үйдің өзін шайқалтып жіберердей көрінді. Уақыттың тым кеш болғаны сонша, Роза пештің жанынан кетуге қорқа бастады: оған мына қою қараңғылық қойнында қайдағы бір зұлым күштер қаптап жүрген сияқты болып елестей берді. Екі аяғын астына басып, екі қолын қойнына тығып отырды — егер ол екі қолын екі жаққа жазып жіберсе, әлдебір зұлым күш шап беріп ұстаған бойы мұны сүйреп ала жөнелетіндей болып көрінді. Осы қалпында қимылсыз ұзақ отырды, қорқыныш та сейіле бастағандай еді. Бірақ жата-жата елегізіп, зеріккен қой орнынан атып тұрып, қайтадан мазасыздана маңырап қоя берді. Қараңғылық қойнынан құлақ жарып жіберерлік әлдебір ащы айқай естілгендей болды. Бәлкім, мына Гудлбрау да содан шошып оянған болар. Немесе өзін әлдебіреу қуып, ұстай алмай жүрген шығар. Әйтпесе қораның бір бұрышынан екінші бұрышына жан ұшыра айналып қаша берер ме еді?! Ол алдыңғы екі аяғының тұяғымен жер тарпып, екі рет тоқтады. Розаға біреудің бетіне біреу ышқына үрлеп тұрғандай естілді. Апыр-ай бұл кім болды екен өзі? Бәлкім, ешкімнің бетіне ешкім де үрлеп тұрмаған шығар...
Ақырында Роза төмен түсетін текпішек сатыға қарай еңкейіп:
— Қошақаным-ау, қорықпай-ақ қой! — деді.
Ол үнсіз меңіреу ішінде жаңғырыққан өз даусын өзі естігенде жүрегі тулап қоя берді: ол оз даусын өзі таныған жоқ. Роза төменге түсетін тесік қуысының жанында сілейген бойы тапжылмай тұрып қалды. Иә, иә, бүгінгі түнде өзі күткен мақұлық зұлым күш тіпті таяу келіп қалған сияқты. Төбе шашы тік тұрып, тұла бойы қалтырап, дірілдеп қоя берді, жүрегі аузына тығылып, іші-бауыры тілгіленгендей ауырсынды. Төменде біреу бар, қойды бұрыш-бұрышқа қуып жүрген де сол Ақыры оны ұстап алып, тамағынан буындырған соң бейшараның маңырауға шамасы келмей қалған болуы керек. Содан соң оны қораның бір бүйіріне лақтырып тастаған шығар. Әлдебіреу, әлдебір нәрсе... Бір кезде Гудлбрау қайтадан маңырап қоя берді. Енді оның даусы барлық нәрседен үмітін жанталаса біржолата үзгендей болып, өте аянышты, бұрынғысынан да қорқыныш-үрейге толы сияқты естілді.
Жоқ, Роза есінен тана құлап қалған жоқ. Ол ошақтағы шоққа тамызық салып, от жағуға, үйдің ішіне жарық беруге кірісті. Өйткені мына сытыр-сытыр жанып жатқан отынның жалыны түсірген жарық оның сенім артқан бірден-бір үміті еді. Сондықтан да отты өшіруге тіпті де болмайды!
"Мүмкін, соншалықты қорқатындай ештеңе де болған жоқ шығар", — деп ойлады Роза, жаны кетіп, сіресіп қалған саусақтарымен әрең дегенде пештегі отқа құрғақ отын тастап жатып.
Әлдебіреу, әлдене... Бәлкім, ешкім де, ешнәрсе де жоқ болар. Өзінін шағын ғана жеке отбасындағы ошақтың кіп-кішкентай пешінде жанып жатқан отқа — бостандықтың, тәуелсіз дербестіктің лаулап жана түскен отына сүйсіне де қызыға қарап қойып, енді елегізіп алаңдамауға бекем бел буды. Ешқандай да қорқынышты елес, ешқандай да Колумкилли жоқ. Мына көсіліп жатқан кең далада бостандық пен еркіндіктің қайырымды Құдайы ғана бар. Ол адамдарды иттерден жоғары қояды (солай болуы әбден мүмкін). Кім біледі, енді жиырма үш жылдан кейін бұл да қауым старостасының әйелі, Утиредсмиридегі бас бәйбіше сияқты біреу болып шыға келер. "Өмір дегеніміз лотерея ойыны сияқты" деген жоқ па бүгін мұның әкесіне Тау королі. Құдай менің қайырымды қартыма қуат бере гөр! Әлгі лотерея ойынында өкпесіне суық тигізіп, ауруын асқындырып ала көрмеген. Оның жасы сексенге келіп қалды. Соған қарамай, бүгінгі түнді толығымен таудағы лашықта өткізбекші... Жоқ, Розаның мұндай ауыр ойдан арылуы керек. Ол жамандық туралы емес, тек жақсылық, әсемдік туралы ойлауы тиіс. "Тау-патшайым, Жер-ана!" Иә жер — өзіміздің анамыз.
Роза көптен бері ән салмаған еді. Енді, міне, пеш алдында отырып, әлдебір әдемі әннің әсем әуенін сызылтып сала бастады. бұл — оның осы өлкеге жас келіншек болып келгелі салған бірінші әні. Бірақ мұндай әдемі әнді нақышына келтіре салуға дауысы жетпейтін сияқты көрінді. Қалай тырысып, әрекет етіп бақса да дауысы жетпей қала берді, үрейлі қорқыныштың салдарынан үні үзіліп шығып, әннің иіріміне келгенде қайта-қайта сүрінумен болды. Әнді неғұрлым ұзақ айтқан сайын жүрегі дүрс-дүрс соқты. Отан сүйгіш патриоттық мұндай әнді әлі ешкім де тап осылай мақтаныш сезімімен айтып көрмеген де болар. Бірақ оның әніне мұның тап өзі сияқты елегізіп қорыққан қойдың "Ме-е-е..." деп маңыраған үрейлі үні ұласты.
Иә, бұған дейін отан сүйгіш бірде-бір ән тап осылай неғұрлым үйлесімді үнмен айтылып көрмеген де шығар.
Ақырында қойдың маңырауы үмітін үзе қажыған, тіпті қарлыққан дауысқа айналды. Роза енді күдіктене бастады: осы дауыс шынында да қойдың маңырағаны ма өзі? Өйткені кәдімгідей маңырау емес, әлдебір торыққан шағым сияқты естілді. Бәлкім, мұны әбден азапқа салып, қорқытқысы келіп жүрген әлдебір жауыз құбыжықтың өзі шығар? Машақатты әбігер мен ары-бері жүгіріс аз-кем үзілістен кейін қайта жалғасты. Әлдебіреу сатыға жармасқан сияқты. Есіктің жанынан оның мұрнының шуылы естілгендей болды. Тіпті үйдің арқалық мәткесі де сықырлап қоя бергендей. Содан соң аздап тыныштық орнағандай болды. Тек боранның терезені соққан дыбысы ғана естілді. Роза боран енді басылатын болар деп үміттенді. Қой да саябыр тапқандай болды. Жүрегі бір қалыпты соға бастағандай. Бірақ тап осы кезде кенет үйдің сыртқы есігін біреу барынша қатты соққандай болды, бүкіл үйді солқылдатып өткендей сезілді. Боран қайта құтырына түсті, тарс-тұрс еткен, сықыр-сықыр еткен, шиқ-шиқ еткен дыбыстар үсті-үстіне қабаттаса естілді. Бейне бір барлық нәрсе қирап бара жатқандай.
Розаға алғашқыда мұның бәрі де тау жақтан естілгендей болып еді. Енді міне, үйдің алдыңғы бөлігі құлап бара жатқандай эсер етті. Соған іле-шала төменнен шырылдаған шуыл келді құлағына. Ол енді қойды біреу буындырып жатыр деген ойға қалды. Роза кереуеттің бір шетіне мықтап жармасқан бойы қалтырап-дірілдеп, үрейі ұшқан қалпында сіресті де қалды. Ол бейне бір жан тәсілім етер алдындағы адам сияқты Құдайға жалбарынумен болды. Ақырында көйлегін шешкісі келді, бірақ шеше алмады. Өйткені болмашы ғана сыбыс мына қараңғылық құшағында демін ішіне тартып тым-тырыс жатқан құбыжық зұлым күштің иесін оятып жіберетін сияқты көрінді. Ол мейлінше сақтықпен құс мамықтың астына кірді, еш жерден уілдемейтіндей мұқият қымтанды. Тіпті басын да бүркеп алды. Роза осы жатқаннан бүкіл денесі діріл қағып, жүрегі сыздап ауырып, ұзақ жатты. Оған ешқандай да естеліктерді есіне алу көмектесе қоймады. Бұрынғы басынан кешкен қуаныштарының барлығынан да мына бүгінгі қорқынышы күшті болды. Ол енді әлі ұзақ күтетін таң жарығы туралы ойлауға тырысты. Адам деген үмітін ешқашан үзбейді екен. Тіпті, әбден тығырыққа тіреліп, құтылып шығу мүмкін емес сияқты кезде де үмітін жоғалтпайды. Адамдар көзге түртсе, көргісіз қандай қараңғы әрі ұзақ түнде де таңның әйтеуір бір атарына кәміл сене үміттенеді.
Роза әлгі сұмдықтан қалшылдап-дірілдеп ұзақ жатты. Ақырында не ұйқы емес, не демалыс емес, әлдебір қалғып-мүлгіген жағдайда шексіз дүние арқылы — не кеңестігі, не уақыты жоқ дүние арқылы — тылсым сыры мол киын сапарға өз еркінен тыс аттанып бара жатқандай сезінді. Ол сонау бір кезде өткен алыс күндердің ақылға қонбайтын небір оқиғаларын қайтадан басынан кешіргендей, өзі сол бір кездері таныс болған адамдармен қайта кездескендей болды. Мейлінше таң қаларлығы сол елестердің көз алдынан барынша айқын көрінуі еді. Роза әлдеқашан ұмытылған бір дауысты — бірақ өзі үшін ешқашан да бәлендей маңызы болып көрмеген дауысты — тағы да естіді. Мұның өмірінде кездейсоқ жылт ете қалған, қазір ұмыт болған бір жылы жүздің әжімі тағы да айқын аңғарылғандай еді. Көз алдында пайда болған адамдардың жүздері мұның миын бейне бір қатерлі ісік сияқты жегідей жеп жатты. Мысалы бұған бүгін таңертеңгісін осында мейман болып кеткендер, олардың ұятсыздықпен шектесетін ерсі қылықтары соншалықты егжей-тегжейлі елес беріп өтті. Сол адамдардың бейнелері неғұрлым айқын әрі дәлірек елес берген сайын мұны одан сайын үрейлендіре түсті. Олардың Розаның санасына терең сіңіп қалғаны соншалықты, олардан ойша арылудың өзі мүмкін болмады. Олар таң қараңғылығында ұйқылы-ояу жатқанда да көз алдынан кетпей-ақ қойды, өлген адамдардың қатып-семіп қалған жүздерінің әдетте түске кіретін көріністері сияқты тұрып алды. Бірақ олар бейне бір тірі адамдар сияқты келіп, өздерін өздері тірі адамдар сияқты ұстайтынын қайтерсің. Сонда да болса сіз мұның түс екенін, ол адамдардың дүниеден озғанын, тіпті әлдеқашан жерленіп те қойғанын айқын білесіз. Олардың жабырқаңқы мұңды күлімсірегені — өлі аруақтың күлкісі. Олардың қорқынышты әңгімелері — өлі жандардың әңгімелері. Олардың бет пердесі — сөзсіз апатқа ұшыраудың алдындағы үрейлі қорқынышты бүркемелеп тұратын мұздай суық жамылғы тәрізді. Біз кезде олар да елеулі адамдар қатарына қосылудан үмітті еді. Бірақ ақыл-есі бүтін бірде-бір адам ондай үміттің актала қоятынына ешқашан сенбейтін. Мысалы, Бьяртур енді жиырма үш жылдан кейін қауым старостасы болармын деп ойлайды. "Ал сонда мен кім боламын?" деген ой сап ете қалды Розаға. Оның әкесі де бақуат шаруа, тіпті, бәлкім, қауым старостасы болуды армандаумен келді. Сондай мақсатпен ол өзен бойынан диірмен де салған еді. Бірақ бүгінгі түнде ол қайда қалды екен? Жасы жетпістен әлдеқашан асып кеткен, кеудесінде әлсіз ғана жаны бар, сарып ауруы меңдеген, ауру аяқтарын жөнді баса да алмайтын аянышты қарт бүгінгі түнде елсіз-жұртсыз бір қуыстағы тау қойнауында жатқан болар. Ал оның өзен жағасында арманына арқау болған диірменін мүк басып қалғалы қашан! Көп болды, Нидуркоттағы балалар ойнайтын қой асықтары қайда екен? Бала кезінде бұл да қора-қора қойы, желіндері жер сызған толып жатқан сауын сиырлары, тау қойнауындағы шөбі шүйгін жекеменшік жайылымда тай, құлындары аралас асыр салып, жарысқан үйір-үйір жылқылары бар байлықты көз алдына алыс арманындай елестететін. Сөйтіп өзі де қауым старостасының бәйбішесі сияқты әрі ақылды, әрі талантты болуды, үлкен де сән-салтанатты әдемі үйде тұруды армандайтын. Ал қазір бұл қайда тұрып жатыр? Мұның өріс толы малы қайда? Тасып тұрған таланты қане? Жазу-сызудың өзін зорға үйренді. Оның небары жалғыз саулығы ғана бар. Диірменшінің лашығында өткен бала кезінде бұл өзінше бай адамның бірі сияқты еді. Роза кәдімгі өлең-жырларда айтылатындай табын-табын сиырлары, үйір-үйір жылқылары болатындай үміттенетін. Өзеннің өзіндік ерекше әуені естіліп тұратындай еді. Тіпті әлі ешқандай іске қосылмаған диірменнің де теңдесі жоқ тамаша өзіндік әдемі қасиеті бар сияқты болатын. Ол өзен жағасындағы лашықтың жанында алдына қой асығын шашып тастап, әкесі теңіз жағалауынан тауып әкелген әдемі ұлу қабыршағымен ойнап отырғанын елестетті. Роза әсіресе ұлу қабыршағын өте жақсы көретін: оны бұл дүниедегі ең қымбат зат деп есептейтін. Оны апа-сіңлілеріне де, аға-інілеріне де бермейтін. Олардың ұлу қабыршағымен ойнауына рұқсат етпейтін... Ені, міне, сол ұлу қабыршағы қайда қалды десеңізші?..
— Ме-е-е...
Осы бір ащы дауыс оны бірден оятып жіберді. Құлағына адам таң қаларлық әлдебір үмітсіз торығудың үніндей естілді.
Түсінде оған бұл қой сойылғандай елестеп еді. Енді, міне, арада үш сағаттай уақыт өткенде оны жын-перілер келіп қайта тірілтіп кеткендей. Мына жер астынан шыққандай қарлыққан дауыстың тірі мақұлықтан шығуы мүмкін емес сияқты. бұл ертедегі жазуларда айтыла беретін, қорлық көріп, азап шеккен жандардың біреуінің жан айқайы болуы керек. Иесіз кең-байтақ даладағы барлық жын-перілер мен зұлым күштер түгелімен бәрі жиналып келіп, осы қойдың бойына енгендей. Ел-жұртсыз тасты шөл даладағы жартастың астына лақтырып тасталған жас балалардың елесі де, миын алып жеу үшін өлтірілген кінәсіз бейшаралардың да немесе Құдайды да, оның ұлы Иисусты да жек көретін әлдебір папашылдардың да елестері кезіп жүрген сияқты. Олардың бәрінің де арманы біреу-ақ: барлық жанды мақұлықтар өздерімен бірге мәңгі азап шегіп, қорлық көре берсе екен дейді.
Бұл қорқынышты түн осылай өтті.
Ақырында Роза құс мамықтан басын шығарып, жан-жағына көз жүгіртуге тәуекел етті. Ол бөлме ішіне сібірлеп түсе бастаған бозғылт жарықты көрді. Өзін адам айтып болмастай жеңіл сезінгені сонша, тіпті бүкіл өміріндегі ең ұзақ және ең қорқынышты құбыжық түннің аяқталуға тақап, таң атып келе жатқанын байқады. Жел басылыпты. Бірақ бүкіл дүниені сатырлата соғып, толассыз жауған жаңбыр әлі құйып тұр екен. Гудлбрау тағы да маңырай бастады. Жарық бірте-бірте күшейе түсті. Розаның көңіл күйі де өзгеріп сала берді. Ағарып атқан таңның алдында түнгі құбыжықтың бәрі де тым-тырақай қашып кеткендей. Міне, әбден жарық болды. Роза қойдан қорыққанын қойды. Енді оны өлердей жек көрді, өзінің ең зұлым қас жауы санады. Өйткені Гудлбраудың маңыраған даусы Розаның жүйкесін жұқартып бітті. Жоқ, Роза бұл жын-перінің үнін өшірмесе болмайды екен! Әлі де сәл-пәл жарық бола түссін. бұл оның батылдығын арттырады. Сонда бұның мына қарғыс атқан қойдың қылығынан біржола құтылуына ешкім де, ешнәрсе де кедергі бола алмайды. Ақырында өзінің төзімі таусылып, асыға бастады. Ол төсегінен қарғып тұрды да, киімін киюді де ойламастан, бөлме ішінде құр қол, кеудесі жартылай жабылған күйде ерсілі-қарсылы жүре бастады. Бүгінгі ұйқысыз өткен түннен кейін ол әдеттегісінен әлдеқайда бозғылт көрінді, ал екі көзі тағының жанарындай жарқ-жұрқ етті. Роза шатырдың астындағы қабырғаны айналып жүріп, Бьяртурдың ілулі тұрған шалғы орағын тауып алды. Оның жүзін кенеппен орап қойыпты. Роза терезенің жарығына жақын барып, орақтың жүзі қандай екенін қылшыққа салып, байқап көрді. Өткір екен. Сөйтті де төмен түсті. Гудлбрау бір сұмдықты сезгендей, бір қабырғадан екінші қабырғаға қарай атыла қашумен болды. Роза оны қуып берді. Түнгі астан-кестең кезінде құлап түскен тырма мен бір бума арқанға сүрініп жығылып қала жаздады. Бірақ енді ол ешнәрседен де қорыққан жоқ. Оның батыл ойын ешнәрсе де өзгерте алмады. Шаршап-шалдығып жүріп қойды ақыры ұстап алды. Мойын жүнінен мықтап ұстаған бойы Гудлбрауды аулаға алып шығу үшін сүйрей жөнелді. Қой төрт аяқтап тартынып, кері шегіншектеді, осқырынып, пысқырып, қиғылық салды. Роза оны қотан арқылы өзеннің жағасына сүйреп барды. Бұл өзеннің балшықты шалшыққа барып құятын тұсы еді. Роза осы жерге қойды жығып салып, торт аяғын буды. Енді айнала түп-түгел жап-жарық болған еді.
Роза онша асыққан жоқ. Қойдың алқымындағы жүнінің жігін кәдімгі тәжірибелі қасап сияқты мұқият ашты. Гудлбрау ажалының жетіп қалғанын білгендей, бүкіл денесін қалш-қалш еткізіп, әйелдің екі қолына ерік бермеуге тырысты, маңырағысы келіп, аузын ашты, танауын желбіретті, байлаулы аяқтарын серіппек болып, жанталаса әрекет етіп көрді. Бірақ бұл кезде Розада ешқандай да аяушылық немесе жанашырлық сезімі қалмаған еді. Ол қойдың үстіне нық отырып алып, оны екі аяғының арасына салып, қысып ұстады. Ақырында орақтың өткір жүзімен қойдың алқымын тартып кеп жіберді. Бірақ орақтың жүзі өткір болғанымен қой бауыздауға пышақ сияқты онша ыңғайлы емес еді. Роза өзімді жаралап алар ма екенмін деп сақтанды. Содан кейін ол орақты екі қолымен бірдей ұстап, қойдың алқымын қиқалап кесе бастады. Бір кезде қойдың жып-жылы қаны бетіне шапшып кетті. Қансыраған қой аздап әлсірей бастады. Бір кезде оның бас көтеруге мұршасы келмеді — қимылсыз қалып, қорылдай бастады. Ақырында қойдың бүкіл денесі бір сілкініп, дір ете қалды. Енді қойдың құйрығының ұшы ғана соңғы рет қимылдады. Роза қойдың басын денесінен бөлек кесіп алды да қанын өзенге қарай ағызды. Алайда көк шөптің үстінде аққан қанның шалшығы қалып қойды. Роза өзеннің жағасына отырып алып, екі қолын, бетін жуды, орақты мұқият түрде мүкке сүртіп, тазалады. Розаның денесі қалтырай бастады, ол қатты шаршағанын енді білді, өзінің не істеп, не қойғанын да ойлап жатпастан, үйге қарай аяқтарын ілби басып бара жатты — киінгісі келді. Бөлмеге кірген бойда кереуетке отыра кетті. Абыржығаны басылайын деді. Ол енді өзіне-өзі келгеннен кейін бұған дейін бүкіл денесін қысып, құрсап тұрған қалпынан айығып, жанына жағымды бір түрлі әдемі әлсіздікті сезінді. Бөлме ішін сұрғылт жарық жайлап алды. Роза жалаңаш иықтарын құс мамықпен қымтап, бірден тәтті ұйқыға кетті.
Роза ұйқысынан оянғанда күн түске таяп қалған еді. Түсіне не кіріп еді өзі? Ол алақанымен бетін және екі көзін сипап өтіп, түсі мен өңінің, түсінде көргені мен қазіргі көріп отырғанының екі арасын ажыратқысы келгендей болды. Оның түсіне Утиредсмиридегі бас бәйбіше кірген еді. Ал бұл, Роза, бүкіл қауымда құлақ естіп, көз көрмеген бір сұмдық әрекет жасапты: бас бәйбішені бауыздап тастапты. Жалт бұрылып терезеге қарап еді, таңға жуық небары қой бауыздағаны есіне түсті. Өйткені ол қой бүгінгі түнгі жалғыздықта иесінен бетер елегізіп, үздіксіз маңырап, ұйқы бермей, қорқытумен болған еді. Бірақ Роза бұл әрекетінен қысылып-қымтырылып, ұяла қойған жоқ. Тек өзіне-өзі таң қалды. Оның бүгінгі ұйқысыз өткен түннен кейін таң ата бере тап осы төсектен тұрып, бейне бір жан алғыш әзірейілге ұқсаған әйел сияқты болғанын есіне алғысы келген жоқ. Роза үстіне киімін киді, басына орамалын тартты. Енді ол болған оқиғаның ізін жойып, өзінің қылығын Бьяртурға қалай да білдірмей, жасыру керектігін түсінген еді. Ол қой жатқан жағалауға келіп, оны теуіп көрді. Қойдың тұтас ұшасы. Шынымен-ақ тұтас ұша ма, Құдайым-ау?! Розаның тәбеті арандай ашылды, құмарлық пен қуаныштан тұла бойы дір-дір етіп қоя берді. Міне, қойдың ішек-қарны, жас жігері, дәмді еті — бәрі-бәрі бар!.. Ол өзінің не істегенін енді түсінгендей болды: кастрюльге сыярлықтай етіп ет кесіп алды. Оның жаз бойы аңсаған асыл арманы енді орындалғандай еді.
Розаның сілекейі шұбырып қоя берді, ашыққан қарны рақаттана тоятынын алдын ала сезіне бастады. Тезірек етті мүшелеп бөліп, кастрюльге салу керек те, отқа қою қажет. Ол қалтасынан бәкісін алып, қайрап-қайрап, қойдың терісін іреуге кірісті. Бұрын теріні іреу, етті жіліктеп бөлу дегенді өзі білмесе де өзгелерден кергені бар болатын. Әуелі қойдың ішін жарып, ішек-қарынын аударды, іш майын сылып, өкпе-бауырын өті жарылып кетпейтіндей ептілікпен бөлек алды. Ішек-қарынды өзеннің суына жуып тазалады. Бұл жұмыстардың бәрін атқарып біткен бойда шыдай алмайтын болған соң үйіне жүгіріп барып, кәстрөлді отқа қойып, ет салып келді. Ішектің ішіне іш май мен туралған қарын салып, өсіп жасады. Оны бауырмен және бүйрекпен қоса асты. Көп ұзамай бөлменің ішін пісіп жатқан әуес астың буы бұрқыраған хош иісі жайлап алды. Ет піскенше Роза қойды түгел жіліктеп, жинап-теріп үлгерді. Қой сойылған орынның тап-таза болғаны сонша, тіпті қарғалардың шұқып жеуіне де ешнәрсе қалдырмады. Қойдың тоқ ішегін есіктің жақтауына іліп қойып, әбден тазалап алды. Етті мұқият тұздап, жәшікке салып қойды.
Бұл жұмыстарды түгел атқарып біткенше кәстрөлдегі ет те езіліп піскен еді.
Шамасы, ең бай деген хутор иесінің мерекелік дастарқанындағы тағам да тап бүгінгідей дәмді де бай болып көрмеген шығар. Қалай болғанда да, Гудмунд Бай* заманынан бері бірде-бір дәмді тағам ешқашан дәл бүгінгідей ешкімді де сілекейін шұбырта рақат сезіміне бөлемеген болар. Роза сөзбен айтып жеткізгісіз дәмді, майы сорғалаған әсіпті екі шетінен алма кезек кесіп жеп, ара-арасында қойдың жұп-жұмсақ етті жүрегі мен өзіндік ерекше тамаша дәмі бар бүйрегінен де алып отырды. Семіз малдың майы кілкіген, емге ішерлік бал татыған жас сорпасын тамсана отырып, сүйсіне ішті. Тәбеті барған сайын ашыла түскен Роза тағамды ұзақ жеді, қайта-қайта жеді, сонда да тоятын сияқты көрінбеді. Бұл оның күйеуге тигелі бергі ең алғашқы бақытты күні еді. Содан соң Роза шешесі сәлемдемеге беріп жіберген кофені қайнатты, оған қантты молынан салып, рақаттана ішті.
Түстен кейін оның бойы балқып, тағы да рақат сезіміне бөленіп, қалғып-мүлги бастады. Алғашқыда ол пештің жанында екі аяғын алға созып жіберіп, екі қолын тізесіне сала отырып еді. Аздан соң бұлай отыра беруге мұршасы келмейтінін сезінді де төсегіне барып жатты. Сол жатқаннан тәтті ұйқыға кетті. Ұзақ, өте ұзақ ұйықтады.
ОН ЕКІНШІ ТАРАУ
ДӘРІГЕРДІҢ КЕҢЕСІ
Бьяртур қойларын айдап төртінші күні кешке қарай келді де өзге шаруаларымен бірге тағы бір сапарға — бұл жолы қалаға аттанды. Ол жайлаудағы қойларын түгелдей дерлік айдап келген болатын. Солардың ішінен жиырма қозыны сатуға бөліп алды. Он екі қозы қауым старостасының жерін пайдаланған қарызынан құтылу үшін сатылды, ал қалған қозының ақшасына бір қап қара бидай ұнын, бірнеше фунт кәдімгі ақ бидай ұнын, тұздалған балық, кофе, қант, сұлы және иіскейтін аз ғана насыбай сатып алды. Сондай-ақ екі қозының ішек-қарнын ала келді. Ол қала мен екі араға үш рет барып қайтты — басқа біреулердің атын жалдап қарыздар болғысы келмеді. Көз шырымын шала-шарпы ала салып, күндіз демей, түн демей, жол жүрумен болды. Өзге бақуат шаруалар сияқты бір-ақ рет қатынағаннан төрі үш рет барып кайтқанды дұрыс көрді — тасымал жасағаны үшін тағы да қарызға белшесінен батып қалғысы келмеді. Тынымсыз түнгі жүрістен әбден қалжыраған, күзгі нөсер жаңбырда малмандай болып су өтіп кеткен, миы езіліп жатқан жолдың шашыраған батпағына тізесіне дейін былғанып келген ол әйелінің гүлдей жайнап, уылжып тұрған балауса жүзін көргенде қуанып кетті: ол бұған күзде пісіп толысқан шалқан сияқты көрінді. Шамасы, Роза зұлым күштердің елесі туралы ойлағанды қойып, батылданып алған соң өзі кетерде бұған серік болсын деп қалдырып кеткен байлаулы қойды босатып қоя берген сияқты.
Бьяртур қалада болған кезінде дәрігерге жолыға кетуді ұмытқан жоқ еді: жүрек ауруы — қасарысқан қыңыр дерт, аяқ астынан қайталап ұстай салады. Сондықтан да сақтық жақсы. Құдай да сақтанғанды сақтайды. Бьяртур қалтасынан домалақ дәрі таблеткалары салынған шыны құтыны алып, әйелінің қолына ұстатты. Ол дәріні доктор Финсен беріп жіберген болатын.
— Жұрттың айтуына қарағанда, бұл дәрінің күші де, қасиеті де көп. Ғылымның бүкіл құдіреті де осында деседі. Бұл кәдімгі иттерді емдейтін дәрі емес. Бірақ сонда да, сенің ішкі сарайыңды тазартады, яғни саған ешқандай ауру қатерлі болмайды. Дәрінің құрамында әлдебір ғажайып сол бар көрінеді. Ол барлық зиянды нәрсені өз бойына тартып алады. Ішектің шаншып, бүріп ауыруы атымен болмайды. Қаныңа да ерекше қуат береді.
Роза шыны құтыны алақанына салып, салмақтап көрді.
— Бұл үшін мен қанша төледім деп ойлайсың? — деп сұрады Бьяртур.
Роза оны білген жоқ, біле де алмайтын еді.
— Қалтама қол салып әмиянымды ала бергенімде маған Финсен қарттың не дегенін білесің бе? "Қымбатты Бьяртур, болмашы нәрсеге бола қалтаңа қол салмай-ақ қой, — деді. — Біз бір партияның адамдары емеспіз бе, есептесіп жатқанымыз жараспайды". "Бұныңыз қалай? — дедім мен. — Мен бұрын-соңды мұндай құрметке ие болып көрген емеспін! Атақты дәрігер мені өз партиясының мүшесі деп санайды! Ал мен әншейін қатардағы қарапайым шаруа ғана емеспін бе? Оның үстіне, өзімнің жеке хуторға ие болғаныма бір-ақ жыл". Ол маған не деді десеңші: "Қымбатты Бьяртур, айтып жіберші, соңғы сайлау кезінде біз қандай бағыт ұстанып едік?" Мен: "Қандай бағыт еді?" дейсіз бе? Оны мен қайдан білейін. Альтингтің мүшесі өзіңіз білесіз де. Ал маған келетін болсақ, қазір қандай бағыт ұстансам, онда да сондай бағыт ұстанған болуым керек. Жалпы алғанда, батырақтың немесе кедей шаруаның мемлекеттік істерге, елді басқаруға араласып, бастарын босқа қатыруының не қажеті бар? Бәрі де бос әурешілік! Мен былай деп санаймын — мен ғана емес, жұрттың бәрі де осылай деп санайды — үкімет әрқашан қалталы байлар мен балталы күштілерді ғана қолдайды, оның ұсақ-түйек адамдармен жұмысы болмайды. Солай болған соң жалаң аяқ жарлы-жақыбайлардың бұл заманның шынжыр балақ, шұбар төс мықтыларымен істес болуының қажеті де жоқ" дедім.
"Қымбатты Бьяртур, — деді ол, мені өзімен терезесі тең адам санап, — бұл айтқаныңды дұрыс деп ойлаймын. — Үкімет ең алдымен халыққа қажет, сол үшін өмір сүреді. Егер халықтың дауыс беруге, соның өзінде дұрыс дауыс беруге ақыл-ойы жетпейтін болса, онда үкіметтің құрамына жауапсыз адамдардың өтіп кетуі ғажап емес. Біз бұл жағдайды ешқашан да ойымыздан шығармауға тиіспіз. Соның ішінде байлығы жоқ, кедей адамдар да солай етуі тиіс". — "Иә, дұрыс айтасыз, — дедім мен (ал, сен білесің бе, менің ақылды қартпен айтысып-тартысуға тіпті ықыласым болған жоқ). — Сіз, Финсен, әрине, көп білетін ғалым адамсыз".
Мен әрқашан да біздің жолымыз болған екен деп ойлаушы едім: өйткені альтингтегі өз өкіліміз доктор еді ғой. Рас, ол ғылымнан хабары мол ғалым адам. Оның докторға тән жіп-жіңішке нәзік саусақтары мен жарқыраған алтын көзілдірігін көрген адамның бірден осылай ойлайтынына күмән жоқ.
"Мен, — дедім оған, — қандай зат сатып алсам да ақшасын толық төлеуге әдеттенген адаммын. Менің ойымша, халықтың емін-еркін бостандығы мен тәуелсіз дербестігі дегеніміз оның ешкімге қарыздар болмай, өз күнін өзі көре алатын дербес қожайын бола алуы. Сондықтан да, қымбатты Финсен, қысылып-қымтылып ұяла көрмеңіз, мына дәріңіз үшін тиісті ақшасын алуыңызды сұраймын. Мен бұл дәріні өзіңіздің қолыңыздан алып тұрғаннан кейін оның өте жақсы, пайдасы мол екеніне кәміл сенімдімін".
Бірақ қарт дәрігер менің ақша туралы айтқан сөзімді құлағына да ілмеді. «Оның есесіне, — деді ол, — күзге қарай бір-бірімізді есімізге алатын боламыз. Бір қолайлы жерде жолығып, ыңғайлы кезде кездесетін шығармыз. Сонда қалай дауыс беру керектігін сөз етерміз. Қазір заман қиын болып кетті, деді ол, өте қиын бола түсуде. Альтингтің алдында шешуші қиын күрделі мәселелер көбейіп бара жатыр. Оларды шешу үшін, жарлы-жақыбай кедейлердің адам төзіп болмайтын ауыр жағдайын жеңілдету үшін және Исландияның тәуелсіздігі жолында аянбай күрес жүргізу үшін ақыл-парасаты мол адамдар қажет.»
Сөйтіп сол ізгі ниетті, құрметті де мейірбан адам орнынан тұрып, менің арқамнан қағып, былай деді: "Әйеліңнің алдында менің атымнан міндетті түрде тағзым ет және оған мына дәріні ішіп көру үшін арнайы беріп жіберіп отырғанымды айт. Бұл — адам ағзасындағы сұйықтыққа қарсы қолданылатын ең сенімді дәрі. Әсіресе жүректің жұмысын жақсартуға пайдалы".
ОН ҮШІНШІ ТАРАУ
АҚЫН ӘЙЕЛ
Күзге қарай қонақтар Жазғы мекенге жиі-жиі соғатын болды. Өйткені поселкеден қалаға баратын жол осы аңғар арқылы ғана өтеді. Жүк тиелген аттардың шұбатылған керуендері күн сайын дерлік осы өзенді бойлап, бос жатқан кең дала арқылы шығысқа қарай ағылумен болады. Дәулетті шаруалар олай қарай да, былай қарай да салт атпен жүріп өтеді, тиеп бара жатқан жүктерін алып келуді батырақтарға тапсырады. Ауқатты бай шаруалар кей-кейде қызу кезінде түн жарымында келіп, Бьяртур мен оның әйелін шырт ұйқысынан оятып жібереді. Поэзия туралы, қыздар туралы қай-қайдағы әңгімелерді ішектей созып, даурыға сөйлесіп, түні бойы ұзақ отырып алады. Өйткені олар жасанды құрастырылған қалжың өлең шумақтарын, отансүйгіштік әнұрандарды, әдептен тыс былапыт әндерді, күлкілі псаломдарды дауыстары қарлыққанша орындап, түні бойы көңіл көтеріп, мәз болысады. Ақырында олар жыртылып айырылыса тарайды. Ерлі-зайыпты екеуі содан кейін ғана төсегіне жатып, көз шырымдарын алады.
Бұлардың үйіне бай шаруалардың сән-салтанатты салт ат мінген әйелдері де соға кететін. Олар Жазғы мекендегі сүйікті Розаны бір көріп, сүйіп кету үшін ғана жолдарынан бұрылып, балшықты шалшықты кешіп өтіп, арнайы келетін. Бірде олардың арасында Утиредсмиридегі қауым старостасының әйелі де бар еді. Өзінің Соути деген сүйікті атына мініп, ол да қалаға бара жатыр екен. Фрудың үстінде салт атқа мінгенде киетін көйлегі бар болатын. Оның етегінің кеңдігі сонша, тіпті жарты қауым сыйып кететіндей көрінді. Басында — жұп-жұқа бет пердесі бар қалпақ. Фру бет пердені өзінің танауынан жоғары көтерді де қымбатты Розасының бетінен сүйген болды. Оның Розаға жақсылық жасап, құрмет көрсеткені сонша, қатарынан торт шыны аяқ кофе ішті. Оған үйдегі азық-түлік қорының қанша екені де көрсетілді. Оның есебі бойынша, тұзға қақталған балық Рождество мерекесіне дейін, ал қара бидайдың ұны, шамасы, жаңа жылға дейін жететін болуы керек. Бірақ, әрине, Роза оларды үнемдеп жұмсай білсе. Фру жаңа жерлерге қоныстанудың мейілінше жарасымды жақсы құбылыс екенін айтып өтті. Мұның өзі халықтың тарапынан күшті қолдау тауып келе жатқан көрінеді. Мұның өзі Исландияны алғашқы қоныстанушылардың ерлік рухына толы. Ол біздің халқымыздың өткен кезеңдегі бақытынан гөрі болашақтағы бақытына әлдеқайда зор әсерін тигізбесе, кем әсерін тигізбейді. бұл қозғалыс "жеке адамдар бастамасына" кең жол ашып келеді. Сондықтан да ол қазір теңіз жағалауындағы қалаларда күшейе түсіп отыр деген келеңсіз бағытты басып тастап, жеңіп шығатын болады. Мәселенің мәнісі адамды дене еңбегі мен ой еңбегі тұрғысынан алғанда кәдімгі иттердің деңгейіне дейін төмендеткісі келетіндердің әрекетінде ғана емес. Фру жерден қол үзген адамдарды өздерін-өздері жоғалтқандар деп санайды. Олар күні ертең-ақ апатты жағдайға сөзсіз душар болады деп біледі. Кең аңғарда кілемдей құлпырып жайқала өсіп тұрған гүлдерді немесе адамзаттың жүрегіне қасиетті көк аспанға көтерілер жолды көрсетіп тұрған көгілдір тауларды адамдардың қалай көзі қиып, тастап кететіні таң қаларлық нәрсе емес пе? Хуторларға берік орналасып алғандар — Құдайдың шын мәніндегі сүйген құлдары, сеңімді көмекшілері. Жер бетіндегі ізгілік пен сұлулық атаулыны қолдайтын да, нығайта түсетіндер де солар. Аңғарды жайлаған шаруа -Исландия халқының өткендегі, қазіргі және болашақтағы арқа сүйер мықты тірегі.
— Иә, — деді Роза, — тәуелсіз дербестікке жетер ешнәрсе жоқ. Ең бастысы — бостандық, еркіндік.
Оның бұл сөздері ақын әйелге өте-мөте ұнап кетті. Роза өзінің ойын тамаша айтып жеткізді. Мұндай қарапайым әрі айқын ойланудың қасында қала өмірінің әншейіндегі сыртқы сұлулығы солғын тартып сала береді. Міне, біздің алдымызда — , ең жоғары асыл мұраттарды іздеп армандайтын әйелдің толыққанды бейнесі. Оны бұл жолдан ешқандай да зұлым күштердің үрейлі елесі тайдыра алмайды. Өйткені ол елсіз-жұртсыз бос жатқан кең даладағы зұлым күштердің елесі туралы алыпқашпа әңгімелердің барлығы да ежелгі ерте заманда өмір сүрген ой-өрісі тар, барынша надан әрі қорқақ, жігерсіз жандардың ойдан шығарған жалған нәрселер екенін жақсы біледі. Ақын әйел сөз арасында Жазғы мекен иесінің қайнатқан кофесі ерекше дәмді екенін айтып өтті. Бірақ оны әсіресе сүйсіндіріп, қызықтыра түсіп отырғаны — мына кіп-кішкентай шағын бөлме. Мұнда не қажеттінің бәрі де қол созым жерде тұр. Ал үлкен үйдің машақаты қаншама мол десеңізші! Ондай үйдің тұрғындары қаншама түн бойы ұйқы көрмей, таңды таңға ұра көздерімен атқызуға мәжбүр. Мысалы, ол өз үйінде ең кемі жиырма үш бөлме бар екенін, мұны Розаның өзі де растап бере алатынын айтты. Оларда жиырмадан астам адам тұрады. Тұрғындардың жас мөлшерлері де, мінез-құлықтары да әр түрлі. Олардың бәрінің де қасы-қабақтарына қарау керек, өз міндетіне жауапсыз қарап, оны ықылассыз атқаратын қызметшілердің іс-әрекеттерін қадағалау қажет, кейбір келеңсіз жайларды жуып-шайып, білдірмеуге, адамдардың көңіл-күйін көтеру үшін бергі жағыңмен болса да жылы сөздер айтуға тура келеді.
— Нағыз бақыт үлкен үйіңнің болғандығында емес, — деді ол, — Тіпті де онда емес! Шағын ғана хуторың, аз ғана жерің, кіп-кішкентай үйің болғанға не жетсін! Неге олай? Мен оның себебін ақынның сөзімен айтып берейін, қымбаттым: "Болған жерде махаббат пен ынтымақ әрқашанда бақыттысың сен тым-ақ!" Содан кейін балалы боласыңдар — бұл да бір бақыт, қуаныш. Айтпақшы, қымбаттым, сенің айы-күнің жететін кезің қашан еді? Сұрағаным үшін айып етпе.
Осы бір өзі күтпеген тосын сұрақтан қатты қысылып қалған Роза көзін басқа жаққа тайдырып әкетіп, жөпелдемеде не жауап айтарын да білмеді. Ал бас бәйбіше келіншектің ішін сипап көрмек болғанда ол шошына жалт бұрылды. Фрудың қолының тиіп кетуін әлдебір әдепсіз қылық санағандай, едәуір шегініп кетіп, өзінің құрметті қонағына қымсына ұялып, бір түрлі таңдана қарады. Мұнысы олардың бұған дейінгі жарасымды жылы лебізді әңгіме әуеніне онша үйлесе қоймады. Сонда қалай болғаны: қорқыныш па, жақтырмай жек көру ме, ұялып қысылу ма әлде осының бәрінің қосындысы ма? Оның бұл көзқарасынан бір ғана нәрсе айқын аңғарылған еді: "Сен енді маған тиіспе!" дегенді, сондай-ақ "Уайымдап, қорықпай-ақ қой, мен сенен бұдан былай жәрдем сұрап, мазаламаймын!" деген әлдебір сенімді мақтанышты байқауға болатын.
Ингольв Арнарсонның шешесі Розаның бұл көзқарасын өзінше қалай түсінсе, олай түсінсін, әйтеуір бір нәрсенің басы ашық еді: Фрудың өзі де аздап қысылып қалды. Сөйтті де болашақ нәресте туралы әңгімені кілт тоқтатты. Бірақ одан әрі не айтуды білмей қиналды. Келіншектің бетіне қараудан қаймыққан фру енді терезеден сыртқа көз жіберді. Бірақ, өкінішке орай, Блауфьедльді тұман тұмшалап тұр екен. "Тау шыңдарының көк жүзіне қарай атылуын қарашы!" дегісі келіп еді, оған қисын таба алмады. Фрудың ыңғайсызданып қысылғаны сонша, тіпті Жазғы мекен иесіне қазір және алдағы кезде қандай көмек ұсына алатынын да айтуды ұмытып қалды. Ақырында ол бұл өмірдегінің бәрі де адамның өз басының не нәрсеге қабілеті бар екенін қаншалықты дұрыс айыра білуінде жатыр деп мәлімдеді. Осы бір данышпандық нақыл соз оны өзінің дағдылы сабасына қайта түсірді:
— Бос жатқан айдаланы мекендеген ерлі-зайыпты екі жастың өздерінің қабілеті неде екенін дұрыс таба білгеніне күмән келтірудің қажеті жоқ. Менің байқауымша, кедей жандар өздерін баймыз деп есептейтіндерге қарағанда әлдеқайда бақытты. Өйткені байлар дегеніміз кімдер өзі? Олар байлығы шіріп жатқан адамдар болғанымен шын мәніне келгенде қолдарында ештеңе де жоқ, тек сол байлықты қалай сақтап, қалай арттыра берсем екен деген уайым-қайғыдан азап шегумен жүреді. Ақырында бұл дүниеден өзге кедейлер сияқты олар да өтеді, жиған-тергені артында қалады. Олар тірі кезінде не ішіп, не жесем екен дегенді ойлап бастарын қатырумен болады, өмірдің нағыз қызығынан құралақан қалады. Мысалы, өзім туралы айтайыншы: тірнектеп жиған тиын-тебеніміз (эйриіміз) қызметкерлерге ақы төлеуден артыла бермейді. Үстіме жаңа көйлек тіктіріп кисем деп армандап жүргеніме үш жыл болды. Сол мақсатыма әлі жете алмай-ақ келемін.
— Рас қой, — дей салды Роза.
— Менің біреуге қол ұшын бергім келеді де тұрады, — деді фру. — Бірақ мынадай қиын-қыстау күндерде ондай жақсылық жасаудан, амал жоқ, тартына тұруға да тура келеді.
— Ал, біздің бос жатқан айдалада бәрі де жетіп артылады, — деді Роза оның сөзіне жауап ретінде.
Мұны естіген фру ерекше қатты қуанып кетті: халықтың тәуелсіздігі осылай ойлауға негізделуі тиіс.
— Қымбатты Роза, сен білесің бе, әлде білмейсің бе, қайдам, — деді барынша маңғаздана сөйлеген ол. — Осыдан коп жыл бұрын біздің қауым менің күйеуімнің сенің Бьяртурыңа жер сатуына соншалықты қасарыса қарсы болған. Ал, сен, шамасы, Бьяртурдың оның қыр соңынан қалмай, ұзақ уақыт бойы жалынып жүріп, ақыры оз айтқанына көндіргенін білетін шығарсың. Ал қауымдағылардың пікірі басқаша еді: мына бос жатқан айдалада Бьяртур ешқашан жалғыз әйелін де асырай алмайды, шұбырған балалы болғаннан өзге түк те бітірмейді деп ойлады. Соңғы кезде толып жатқан тұтас отбасылар қауымның қамқорлығына өтіп, тегін тамақ асырайтын масыл болып жатқаны үйреншікті құбылысқа айналып барады. Қолдарында әлі де болса азды-көпті бір нөсерлері барлардың салық төлеуге құлқы жоқ. Ал бай тұратын ауқатты деген біздің өзіміздің иығымызға түскен адам төзгісіз зіл батпан ауыртпалық еңсемізді күн өткен сайын езіп барады. Осы өткен қыста сүйреңдеген қызыл тілдеріне ерік бергендердің Бьяртур екеуің туралы айтқан сөздері есіңде болар. Шамасы, тап сол кезде қауым кеңесінің мәжілісі болды. Мәселеге өзім араласқым келіп, былай дедім: "Сендер Бьяртурдың қамын жеп, босқа әуре болмаңдар. Егер біздің қымбатты нидуркоттық Тоурдурдың қызы хуторда оз қабілетін таныта білмесе, бұл ретте Бьяртурға қамқор қолғанат бола алмаса, онда көп ұзамай менің де қауым қамқорлығына көшіп, оның мойнындағы масыл болуыма тура келетін шығар. Егер біздің қауымда шынында да нағыз сенімді әрі еңбексүйгіш бір адам бар дейтін болсақ, ол өзіміздің нидуркоттық Тоурдур екеніне күмән жоқ. Өйткені ол салықты әрқашан бірінші болып төлейді. Менің күйеуіме келіп, ақша тапсыратын кездері әрдайым көз алдымда елестейді де тұрады. Қалтасында ақшасы бар ол әуелі бас киімін шешіп, үстел астына қояды да камзолының ішкі қалтасының аузын түйреп бекіткен ағылшын түйреуішін асықпай-саспай ағытады. Қалтасынан бір қызыл, бір ақ бет орамалға мұқият оралған әмиянын алады. Міне, мұндай адамдар басқа біреулер үшін ешқашан да арамтамақ масыл болмайды. Немесе Бьяртурды алайық, мен оны өзімді қалай білсем, тап солай білемін. Ол қайдағы бір қызық оқиға қууға немесе оңай пайда табуға құмар емес. Ешкімге жағымпаздық жасамайды. Былайша айтқанда, ең сенімді, ең адал адам. Оның ешкімге ешқандай қарызы да, борышы да жоқ. Ондай адамдар қауымға масыл болмайды. Біздің халқымыздың асыл қасиеттері қанына тән, сүйегіне сіңген абзал адамдар, міне, осындай".
Роза оның бұл сөзіне ешқандай жауап қатпады. Өйткені фру өзінің қызметші әйелдерінің бірі әлдебіреумен өте ыңғайсыз орында және өте ыңғайсыз кезде шатасып жатқан жерінде үстінен түскеннен кейін оның Бьяртур емес екендігіне кепілдік беріп, араша түскені бар еді. Дегенмен де Розаның назарынан староста әйелінің көңілі толмағандай реніші тыс қала алмады. Өйткені ол, фру, Бьяртурдың тағдырына белсене араласып, оның осы хуторды сатып алуына мейілінше күш салғаны туралы ұзақ әңгімесін Розаның қалай болса солай немқұрайды, ықылассыз тыңдағанын анық байқаған болатын. Сөйтті де көп ұзамай-ақ орнынан тұрып, өзін кофемен сыйлағанына ризалық ретінде оның бетінен сүйген болды, бет пердесін төмен түсіріп, Соутиге мініп алды да жүріп кетті.
ОН ТӨРТІНШІ ТАРАУ
ҚОШТАСУ
Тауға барып қайтқан екінші сапарынан кейін Бьяртур бір кәрі қойын сойып, етін бөшкеге салып, тұздап алды; ол бұл етті жексенбі күндері және қыстың күндері жиі-жиі болып тұратын басқа да мерекелер үшін сақтауды ойлады. Бірақ кей-кейде жексенбі күндері әлі сөлі мол ғажайып жас еттің бір түйірін кесіп алып, "Кәрі қойдың тарамыс еті де мұншалықты жұмсақ болады екен-ау!" деп, таң қалатын. Ол тауды екінші рет аралап, шарлап қайтқанда да Гудлбрауды іздеп, таба алмай қойған болатын. Енді Бьяртурдың мазасы кете бастады — әртүрлі ойлар мен болжамдар жасауға көшті. Ол неғұрлым ықтимал нәрсе байлаулы тұрған қойдың өзінен-өзі шошына үркіп, жібін үзген бойда оңтүстікке қарай, сонау Блауфьедльді бетке алып, безіп кеткен болар — енді оны іздеп табу мүмкін емес деген тоқтамға келді. Сонда да болса әйелінен ол қойды соңғы рет қашан көргенін қайта-қайта сұрауын қоймады. Ал Роза Гудлбраудың жібін үзіп, шалшықты балшыққа қарай қашып кетіп, көзден біржола ғайып болғанын айтудан танбады.
Шаруалар тауға үшінші рет көтерілді. Бьяртур Гудлбраудан басқа қойларын түгел тауып алды. Бұл жағдай оған барынша түсініксіз әрі оғаш көрінді. Оның тынышсызданғаны сонша, өзін жоғалған қой туралы ежелгі ескі тәмсілдегі адамдай сезінді.
— Қандай тамаша қой еді десеңші! — деді ол. — Ғажайып жануар болатын. Бұралған имек мүйізді, екі бүйірі шығыңқы, өте сақ жануар. Пастор Гудмундур ойлап шығарған нағыз етті жануардың өзі дерсің. Ойлы көзқарасының өзі неге тұратын! Барынша батыл әрі күмәнмен қарайтын: мен өз еркім өзімдегі қоймын, ешқандай адамның көмегін қажет етпейтін дербес жануармын деп тұрғандай көрінетін... Ондай саулықтар тау ішіндегі нағыз ханымдар сияқты болатын. Рас, едәуір үркек еді, бірақ беталды қашып кетпейтін. Неғұрлым жақсы, шөбі шүйгін жайылым іздейтін және оны таппай қоймайтын.
Кешке ұйқыға жатар алдында, Бьяртур былай деді:
— Е, Құдай, бүгін Гудлбрау түсіме кірсе екен!
— Сен қашаннан бері түске сенетін болғансың? — деді әйелі.
— Мен неге сенгім келсе, соған сенемін, — деп, Бьяртур қатқыл үнмен жауап қатты. Ақылға қонымды нәрсеге кәміл сенемін Бірақ жүрек ауруына душар ететін және сергек сезімді жоғалтатын түске сенбеймін. — Ол ашулы кескінмен қабырғаға қарай теріс айналды.
Бір күні таңертең ол өзінің бейне бір көптен күткен тілегі орындалғандай көтеріңкі көңіл күйде оянды.
— Маған Гудлбрау тірі жүрген сияқты көрінеді де тұрады. Оған ешнәрсе болмаған-ау шамасы, — деді ол. Түсімде оның шағын шатқалда, шөбі шүйгін жерде жайылып жүргенін өз көзіммен көрдім. Егер тап қай жердегі шатқал екенін есіме түсіре алсам ғой, шіркін! Түсімдегі ол шатқал маған таныс сияқты. Тіпті бұрын онда бірнеше рет болғанмын-ау, шамасы. Өзімнің қай жерде екенімді байқау үшін тау басына шығуға қанша әрекет жасасам да сәті түспей-ақ қойды. Менің ойымша, ол Блауфьедльдің оңтүстік жағындағы жылы бұлақтарға таяу шатқалдардың біреуі болуы тиіс. Өз қойымды өзім жете таныдым. Ол менің Гудлбрауым екеніне күмәнім жоқ.
— Солай де, — деді әйелі, үстел үстіне нан мен жексенбі күнгі түскі астың қалдығын қойып жатып. Ал мына қабырға Бьяртурдың түсіне кіріп жүрген қойдың қабырғасы болатын.
Күздің аяқталар кезі еді. Нөсерлеткен жауын еріп жауған қарға ұласты. Төбелер мен қыраттардың беті ақ көрпе жамылып үлгерді. Бос жатқан йен даланың әр жер-әр жері де ағара бастады, ал таулар ақ қалпағын баса киіп алды. Бірақ әлі суық түсе қойған жоқ. Қойлар қолға қарамаған, өз аяғымен жайылып жүр. Бьяртурдың отары хутордың атыс жағында редсмирлік отарлармен аралас-құралас жайылып жатты. Күннің көзі бірнеше күн ашық болды да хуторға таяу таулардың қары еріп кетті. Шатқалдардың солтүстік беткейлерін ғана ақ қырау жауып жатты.
— Бүгін менің Гудлбрауым үшін, ол қайда жүрсе де, ауа райының тамаша болатын түрі бар, — деді Бьяртур.
Күтпеген жерден қатты аяз түсті. Бір күні таңертең көлдің бетінде қабыршақ мұз пайда болды. Солғын шөптерді қырау басты. Тіпті сылдырап ағып жатқан бұлақтардың жиегін де жұп-жұқа қабыршақ мұз көмкерді. Олардың астынан көпіршік ауа аралас су асыр сала ойнап жатты. Бұлақтан бастау алған өзен қандай көркем әрі мөп-мөлдір еді. Ол қабыршақ мұз қатқан екі жағалаудың арасындағы арнамен асыға ағып жатты. Роза жағалауда үнсіз тұрып, өзен ағысының сылдырын құмарта тыңдаумен болды. Су диірмені салынған өзеннің жағасында өскен өзі сияқты мұның нәрестесі де осы өзеннің бойында ер жететін болады деген қиял құшағында еді ол.
Бьяртур оған былай деді:
— Жарқыным, маған үш күнге жетерлік азық-түлік әзірлеші, бос жатқан иен даланың оңтүстік жағын бір шолып қайтайын.
Бұл қыс түскен алғашқы күннен екі апта өткендегі жасалмақ әрекет болатын.
— Ақылға қонбайтын нәрсені қойсаңшы, — деді әйелі. — Мен ол қойдың әлдебір жыраға жығылып өлгенініне тіпті де күмәнданбаймын.
— Жыраға құлап өлгені қалай? — деп қайталап сұрады қатты намыстанған Бьяртур. — Менің Гудлбрауымды айтып тұрмысың? Пастор Гудмундур ойлап шығарған тұқымның қойын айтып тұрсың ба? Сен оны бейне бір көтерем болған әлдебір бейшара тоқты деп санап тұрғаннан саумысың? Өзіңнің ақыл-есің дұрыс па?
— Ал, онда ол қойың топалаң тиіп өлген шығар! — деді Роза.
— Жоқ, олай болуы мүмкін емес, — деп келіспеді Бьяртур. — Ол топалаңнан өлген жоқ. Есуастық сандырақтауың жетеді енді!
— Қыстың қақап тұрғанына қарамаймысың? Ауа райының қалай боларын қайдан білесің?
— О, мен иен даланы бұдан да қатал қысқы кезде талай рет шарлағанмын. Оның үстіне, өзімнің емес, өзгенің қойларын іздегенмін. Сонда маған ешкімнің де жаны ашып, мүсіркеп көрген емес. Аяйтын да түрі жоқ болатын.
— Сен менің жағдайымды ойыңа да алмайсың ғой.
— Құс мамықтың астындағы ауа райы әрқашан жақсы болады.
— Не деген ұятсыз едің!
— Бұл жерде сөз жарыстырып тұрудың реті жоқ, — деп Бьяртур да алған бетінен қайтпады. — Тауратта айтылғандай, жоғалып табылған бір қой, қорадағы жүз қойдан артық.
— Ал егер ол қой топалаңнан өліп қалған болса ше?
— Онда менің арым таза болады: мен оның өлі не тірі екенін білуге тиістімін. Бәлкім, сен мені ар-ожданымның қинай түскенін қалап тұрған боларсың?
— Ал, сен жоқта ауырып, қиналып қалсам қайтемін?
— Ауырмайсың! Құдайға шүкір, ондай күнге дейін әлі едәуір уақыт бар.
— Сенің өзің қақаған қарлы боранда үсіп өлсең, не болмақ?
— Жетеді енді! — деді Бьяртур. — Сенің сандырақ сөздеріңе әбден тойдым. Мұның бәрі — жүрек ауруының зардабы. Иттің тамағын уақтылы беріп түр. Ал маған қан аралас бірнеше әсіп пен ішек қарыннан жасалған шұжық орап бер. Бір бөтелке суық қою кофе құйып берсең, тіпті жақсы.
Роза қас қағым сәт ойланып қалды: Бьяртурдың кетер-кетпесін бір ауыз сөзбен шеше алатын жағдайы бар екенін есіне алды. Бірақ ондай өктемдікке баруға іштей намыстанды. Оның есесіне, қауіп-қатермен қорқытуға көшті. Бірақ күйеуінің үйде қалуына бұл тәсіл де жарамсыз еді.
— Егер сен менің бір өзімді қалдыратын болсаң, онда мен поселкеге кетемін.
— Поселкеге? Жоқ, сен өйтіп масқара болуға тиіс емессің. Сен өз тағдырын өзі билейтін дербес адамсың.
— Ал мен қайткенде де барамын.
— Егер, қасарысып, ерегісе түссең, әрине барасың. Қойлар ғана қасарысқан қыңыр ма десем, онысы әйелдің қыңырлығына қарағанда түк те емес екен ғой.
— Сен менің аяғымның ауыр екенін, айы-күнім жақындап қалғанын білесің ғой!
— Мен бір нәрсені анық білемін. Менің балам жарық дүниеге жаңа жылдан кейін ғана келеді. Ал басқа біреудің баласымен жұмысым жоқ.
— Оның қимылдай бастағанына көп болды.
— Олай болуы әбден мүмкін. Оған менің ешқандай қатысым жоқ...
Әйелі не айтса да Бьяртур алған бетінен қайтпады. Ол екі жұп жылы шұлық пен жүннен тоқылған кеудешесін киді. Әйелінің жол азық даярлап берер ниеті жоқ екенін сезген ол енді оны өзі қамдастыруға кірісті. Роза пештің жанында бұған теріс қарап отырып алды. Қойды өзінің сойып алғанын мойындау оның ойына да кіріп шықпады. Бьяртур Роза әлі де болса ақылға келер деген үмітпен кібіртіктеп кідіре берді, міңгір-міңгір етіп, бірнеше өлең оқыған болды. Бірақ оның беті бері қарар түрі байқалмады, қыбыр етпестен, тапжылмай отыра берді.
— Жарайды онда, — деді Бьяртур. Мен едәуір кідіріп қалдым. Уақыт күтпейді.
Роза басын төмен салған бойы қыбыр етпестен мелшиіп отыра берді.
Бьяртур байпақтарының бауын тағы бір рет тексеріп шықты да әлдебір нәрселерді айтып, міңгірледі. Үй бейне бір құлағалы тұрғандай оның шатыры мен итарқалық бөренесін жұдырық сүйегімен тықырлата қағып көрді. Сөйтті де әлдебір дастаннан міңгір-міңгір етіп бірнеше жол өлең оқыды...
— Ал енді қош бол, — деді Бьяртур.
Оған ешқандай жауап та, қыбыр еткен қимыл да болған жоқ.
— Әлде саған итті қалдырып кетсем бе екен? — деді Бьяртур. — Мен соншалықты коп қой жинай қоймаспын.
Тағы да үнсіздік.
— Яғни, мен саған итті қалдырып кетемін. Бірақ сенен өтінерім — қия басып ешқайда кете көрме. Олай етсең, кімге болса да тәуелді масылға айналасың. Ал сен өз тағдырын өзі билейтін тәуелсіз дербес әйел екеніңді ұмытпа.
Тағы да үнсіздік.
— Сайтан алғыр, саған не болды соншама? Тірі өлік сияқты үн-түнсізсің! — деп, дауыс көтере айқай салды Бьяртур. Өйткені оның төзімі таусылған еді. — Көрге кірген соң үнсіз жатып үлгересің әлі-ақ!..
Ол төменге түсіп, итін шақырды. Титла иесінің сапарға шығуға бет алғанын бірден сезе қойды. Алғашқыда оған еріп жүретін болдым ғой деп қуанғандай еді. Бірақ өзін үйге шақырғанынан бір түрлі сезіктене түсіп, жақын барғысы келмеді. Ол қожайыны жоқ кезде үйде қамаулы қалып зерігуден қатты қорқатын.
— Қане, кел өз орныңа! — деп бұйырды Бьяртур. Сендердің, әйел заты атаулының, бір-біріңе жақын жатқандарың жақсы.
Ит әр түрлі амал-айла жасап, жақын барғысы келмеуге тырысып бақты: құйрығын бұлаңдатып, басын шайқады, қыңсылап та көрді. Бьяртур оны қуып барып, тоңазып, қатып қалған көк шөптің үстінде жатқан жерінен тапты. Титла шырылдаған жас нәресте сияқты қатты қыңсылады. Таянып келіп қалған иесін көріп, енді оның ыңғайына тез көне қойды: бір бүйіріне аунай түсіп, тұмсығымен жер иіскеді, көзін жұмып, тып-тыныш жата берді. Бьяртур келген кезде шалқасынан түсе жата қалып, дір-дір еткен бойы аяқтарын созып, ұсына берді. Бьяртур оны қолтығына қыса ұстап, үйге алып келді. Сөйтті де текпішек сатымен көтеріле беріп, оны мойнынан қыса ұстап, бөлмеге кіретін қуыстың тесігінен асыра ішке лақтырып жіберді. Әне енді ол еденде жатыр, бұрынғысындай қасарыса қарсыласуын да қойды. Тек әлі де дip-дip етеді.
— Көрдің бе, Роза? — деді Бьяртур, — Ит әне жатыр. Оны тез қамап қой. Өйтпесең, менің соңымнан еремін деп қашып кетеді. Қош бол, қымбаттым. Мені әлгі сайтан алғыр старостаның алдында масқара ете көрме — хутор кезіп, қаңғып кетпе.
Ол жол азық салынған түйіншек пен таяғын алды да қоштасарда әйелінің бетінен сүйді.
— Қош бол, жарқыным менің Роза! — деді ол
Әйелі оның мына сөздеріндегі жылылықты сезген бойда бұған дейін мұз басып қатып қалған жүрегінің қалай тез ери бастағанын сезді. Орнынан тұрып, күйеуін сүйіп үлгергенше екі көзінен ыстық жас қалай ыршып-ыршып кеткенін бір-ақ байқады.
— Қош бол, — деп сыбыр етті ол, жеңінің ұшымен көз жасын сүртіп тұрып.
Титла жатқан жерінде аяқтарын созған күйі қозғалмай қала берді.
Бьяртур сықырлаған текпішек сатымен төмен түсті де үйге кіретін қуыс тетіктің есігін бекітті. Сыртқы есікті де сарт еткізіп жауып, жылдамдата адымдап, ақ қырау басып жатқан балшық арқылы йен далаға бет түзеді...
ОН БЕСІНШІ ТАРАУ
ЖОҚ ІЗДЕУ
Жазғы мекен иесі Бьяртур таудағы жайылымның алыс-жақын ықпыл-жықпылын өзгелердің бәрінен де жақсы білетін. Оларда қаумалап іздестіруден қалып қойған қойлардың болуы әлі де әбден мүмкін еді. Ол бос жатқан орасан зор иен даланың шығыс жағындағы беткейде, ал жас кезінде батыс жағындағы беткейде ұдайы қой баққан. Енді ол оз еркі өзіндегі тәуелсіз дербес шаруа болып алғаннан кейін бұрын өзі талай аралап өткен алқаптардың бірінде ғана тұрып жатыр. Ол бұл алқаптарды бес саусағындай түп-түгел біледі, олардың аңқыған иісін де, сайраған құстарын да әбден зерттеген болатын. Өзін осы алқаптарға жіпсіз байлап, таңып қойған қойларды, қарлы боранда да, жаймашуақ ашық күндерде де жоғалған қойларды іздеп, талай рет шарлаған. Бірақ бұл орасан зор иен даланың Бьяртур үшін әлі де ашыла қоймаған ғажайып құпия сыры бар еді. бұл дала оның туған анасындай жақын болып кеткен. Оның сәулетті сарайы да, кең-байтақ әлемі де сол. Теңізші үшін теңіз қандай жақын да ыстық болса, бұл үшін ол да сондай. Ерте түскен қыстың аязды ашық күндерінде таудан соққан тап-таза желге бетін тосып, даланы жалғыз аралаған кезде оған туып-өскен отан туралы әндер әлдеқайда түсінікті бола түсетін. Ол өзін поселкеде өтіп жататын күнделікті ұсақ-түйек күйкі тіршіліктен әрқашан жоғары сезінетін әрі бостандықтың ғажайып сезіміне бөленетін. Ондай сезімнің күштілігін қойлардың өздері туып-өскен тауға деген құштар құмарлығымен ғана салыстыруға болады. Қойлар, егер өздерін жексұрын иттер поселкеге қайта қуып тықпаламаса, сонда, тау ішінде, өлуге әрқашан дайын. Күздің мұндай күндерінде Бьяртур бір өзеннен екінші өзенге, бір асудан екінші асуға өтіп, ұзақ сапар шеккенде оның жүрер жолы мәңгі таусылмайтындай көрінетін, белгілі скальдтың көңіл күйі әрқашан көтеріңкі болатын. Тау ішіндегі оңаша сәттер оның поэтикалық шабытын шақыра түсетін. Ол жеке сөздердің өзін сағаттар бойы қайта-қайта құбылтып, әсерлі өлең өрнегіне түсірмейінше тыным таппайтын. Мұнда оның ойын поэзиядан бөліп әкететін ешнәрсе де болмайтын. Бүгін, ол кең-байтақ иен дала төсінде өзінің көптен таныс ескі досы — ышқына соққан асау желмен қайта кездескенде, әйелімен қоштасар кездегі көңілсіз ойлар табиғаттың бойындағы кең тынысты нағыз еркіндіктен рақаттана ләззат алуына тіпті де кедергі болған жоқ. Күздің осындай күнінде йен далаға ұзақ сапар шегуден артық ешқандай да қызық болмайды. Ал Блауфьедль өзінің жарқыраған сұлу көркімен тап осы кездегідей ешқашан да тартымды бола бермейді. Иен даланың жазда келген қанатты қонақтары әлдеқашан тарап, жылы жаққа түгелдей ұшып кеткен. Мұнда қазір тек ақ құрлар ғана қалған. Олар тоңазып, қата бастаған батпақтың үстімен төмен ұшып өтеді, тынымсыз қыт-қыттайды, қызыққұмар көздерін жыпылықтата ашып-жұмады. Үйрек атаулы жылы көлдер мен теңіздер жаққа кетіп біткен: өйткені йен даладағы көлдер мен өзендердің беті қазірдің өзінде мұз жамылып үлгерген болатын. Қарқылдаған қарғалар ғана ерсілі-қарсылы қалықтайды. Олардың жексұрын үніне қарағанда осы төңіректің бір жерінде ақырғы демі таусылып, тұяқ серпер халі қалмаған немесе арам өліп қалған қой жатқан сияқты. Қар әлі де жұқа еді. Ешқашан да шүйгін шөп өспейтін, тастақты топырақ сірескен мұзға айналыпты. Әне бір қырдың астынан қу түлкі қылаң беріп өтті. Аздан соң жұмсақ қардың үстінде бірнеше бұғының ізі жатқанын көзі шалды.
Бьяртур бұл күні екі аңғарды аралап өтті: оның біріндегі қыраттарда қалың арша өсетіні, оның арасында қойдың паналауы, ал екіншісіндегі жылы бұлақтардың айналасындағы шалшықты балшықта көк шөптің өсіп тұруы әбден мүмкін екенін есіне түсірді. Бірақ еш жерден де тіршіліктің белгісін байқай алмады. Аңғардың оңтүстік жағындағы балшықтан төменіректе, өзеннің мұз қата қоймаған жылымында бір топ жабайы үйректің емін-еркін жүзіп жүргенін көрді.
Кеш түсіп, көз байлана бастады. Бьяртур енді Блауфьсдльге қарай бет алды: онда түнеп шығуға қолайлы орын бар екенін білетін. Ал ертең ертемен таудың ішін, әсіресе оның ық жағындағы едәуір жылы оңтүстік бөлігін кезіп, жоқ іздейді. бұл аңғарда қойлардың тіпті қыс бойы жайылып жата беретіні де белгілі болатын. Кешкі қараңғылық қоюланған кезде Ай туды. Қыраттар мен аңғарларға көгілдір жарығын төкті. Үйірілген жұқа құм басқан мұздың беті бейне бір алтындай болып жарқырады. Иен далада меңіреу үнсіздік орнады. Осындай тыныштық пен осындай жарықтың құшағындағы өз өмірінің мәні мен мазмұнына қажет нәрсені қажымай-талмай іздеп жүрген адамды табиғаттағы ең жетілген тұлға деуге болатын еді.
Бьяртур өзінің түнеп шықпақ орнына — Сдрутфьедльдің етегіндегі үңгірге әбден кештетіп жетті. Ол үңгірдің ауыз жағында отырып, айдың жарығымен кешкі асын ішті. Үңгірдегі ұсақ тастардың ортасында беті теп-тегіс үлкен қойтас жататын. Бұл жермен әрі-бері өткен жолаушы ежелден сонда жатып дем алатын. Бьяртур оны-мұны азық-түлік салынған түйіншек қапшығын жастық етті де ұйқыға кетті. Ол бұл үңгірге көп жылдан бері күздің аяғында келіп қонған бірден-бір адам еді. Бьяртур ауа райының кез келген жағдайында да тас төсектің үстінде өзінің денсаулығына зиян келтірмейтіндей болып ұйықтай білетін. Бұл жер оған бұрыннан ұнайтын. Көз шырымын едәуір алған ол ұйқысынан оянып кетті. Денесі қалтырап, тоңа бастапты. Бұл үңгірде ол мұндай жағдайға бұрын да талай рет тап болған. Бірақ одан қорықпайтын. Өйткені денесін қалай тез жылытудың тәсілін жақсы білетін: орнынан атып тұрып, үлкен қойтасты қос қолдап, ары-бері қозғалтуға кірісетін, денесі жылынғанша солай жасайтын. Сөйтіп ол осы түні де орнынан үш рет тұрып, әлгі қойтасты қайта-қайта он сегіз реттен қозғалтты. Өзге қай жерде болса да мұның өзі үлкен қиындық тудырған болар еді. Өйткені қойтастың салмағы кемінде елу фунт келетін. Бірақ Бьяртур үшін әлгі қойтасты бір түннің ішінде елу төрт рет қозғалту әбден үйреншікті нәрсе еді.
Ол мұндай үлкен тастарды қозғауды қатты ұнататын. Денесінің қалтырап-дірілдегені тез басылып, түйіншегін жастана сала қайтадан ұйқыға кетумен болды. Ол төртінші рет оянғанда өзін жақсы дем алып, сергек сезінгенін байқады. Таң боз беріп, енді-енді атып келе жатыр екен. Жалма-жан жолға шығып, таудың ішін аралауға кірісті, оның қуыс-қуысын шолып шықты. Жаяу жүріп, денесі жылынған кезде тағы бір тастың үстіне отыра қалып, қан аралас пісірілген әсіптен жеп, оразасын ашты.
Бьяртур тау арасындағы асудан асып, түске қарай Рейкья аңғарына қарай түсті. Мұнда кейбір жерлер әлі жып-жылы екен. Олардың құмдауыт беткейлерінен бу бұрқырайды. Бірақ жылы бұлақтар көрінбейді. Енді аздап темен түссе, иен дала басталады. Оның кей жерлерінде темірлі судың беті қызғыш түске боялған сияқты көрінеді. Тау етегінен еңіске құлаған беткейдегі шалғынды алқапты арша мен бұта аралас шөп жауып жатыр. Қойлардың бұл жаққа жайылу үшін жиі-жиі өтіп кететін әдеті бар болатын. Бірақ бұл жол осы жақта Бьяртур қалай аталатынын өзі де біле бермейтін бейтаныс құстардың даусынан өзге ешқандай тіршіліктің белгісі байқалған жоқ. Олар өздері жайғасып алған жылы орындарынан көтеріле ұшады. Шамасы, жылы бұлақтардың маңында болатын көп құстардың бір түрі болса керек.
Бұл аңғарда емдік қасиеті мол бірнеше жылы арасан бар еді. Бьяртур мейірін қандыра су ішіп алу үшін солай қарай бұрылды. Ол осы судың адам ағзасындағы зиянды сұйық атаулыны жуып-шайып әкететініне, қан құрамы мен бауырды тазартатынына, әр түрлі аурудың алдын алып, күнілгері сақтандыратынына құлай сенетін. Сондықтан да бұл суды кем дегенде жылына бір рет рақаттана ішіп тұруды қажет деп санайтын.
Бьяртур енді шығысқа қарай барғысы келді. Ондағы өзіне белгілі шатқалдарды түгел аралап шықпақ болды. Ол шатқалдар иен даланы кесіп ағатын Иекуль өзеніне қарай құлдилайтын. Бүгін йен даланың шығыс жиегі шектесетін тау етегіндегі лашықта түнеп шықпақшы. Жол тым алыс еді. Аяз онша күшті емес болатын. Бірақ аспанды бұлт қаптай бастады. Кейінірек, күндіз қалың қар түсті. Бьяртур Иекуль өзенінің батыс жағалауымен жүріп отырды. Өзеннің арғы бетінде өзге округтың жайылымы жалғасып жатыр. Қойлар ағысы қатты, мол сулы терең өзеннің арғы бетіне ілуде бірде ғана өте алатын Өзеннің ирең-ирең етіп, бұралаңдап ағатын иіндерінде шоп қалың өсетін де онда қойлар қыс ортасына дейін жиі-жиі бой тасалап қала беретін.
Осы аңғарда поселке мен мұздақ биіктің арасында бір кезде жалғыз хутор болатын. Бірақ онда көптен бері ешкім тұрмайтын. Өйткені, айтушылардың сөзіне қарағанда, хуторды құбыжық сиқыр күштер жайлап алған көрінеді. Өзеннің ағысы боран соғып тұрғандай қазір де қатты еді. Бір түрлі қарақошқыл көрінеді, ал ағысының гүрілі алыстан естіледі. Қалың қардың бүркеп тұрған пердесінің тасасындағы қараңғылық әдеттегіден әлдеқайда қою сияқты. Жапалақтап жауған кар жер бетін көп ұзамай-ақ тұтасымен жауып үлгерді. Жүру қиындай түсті. Аяз да күшейе бастады. Ол суықтың бәрін де қатты ағып жатса да енді-енді қата бастаған Иекуль өзені өзімен бірге алып келіп жатқандай.
Бьяртур мұндай қою қараңғылықта қой іздеп болмайтынын түсінді. Қарды боран күшейе түсті, айналаны түнерген қараңғылық басты. Ол енді өзінің үйінің төңірегінде жайылып жүрген қозыларын уайымдай бастады. Өйткені мынадай қарлы боранда олардың қырылып қалуы ғажап емес. Ал қазір ол қозыларды құтқарып қалу үшін иен даланы кесіп өтіп, үйге оралу — ақылға қонбайтын нәрсе. Бьяртур осылай деп санады: кеш батып, түн болып қалды. Ұйтқып соққан карлы боран күшейіп келеді, ал өзі тау кезген ұзақ жүрістен қалжырап бітті. Сөйтіп ол енді ақылға қонымды бірден-бір дұрыс шешім қабылдады — алғашқы жоспары бойынша Йекуль өзенінің сол жағалауы бойымен жүріп отырып, тау етегіндегі лашыққа жетіп, қонып шықпақ. Алайда адам өзінің қас пен көздің арасында қандай жағдайға тап болатынын барлық уақытта бірдей біле бермейді. Кейде алдын-ала дәлме-дәл жасалған жоспарды ақылға қона бермейтін, адам сенгісіз кездейсоқ жағдайдың өзі де быт-шыт етеді. Жазғы мекеннің иесі Бьяртурдың бүгінгі түнде көздеген жоспары тап осылай болып шықты. Тау беткейін жырып жатқан коп шатқалдың бірін Бьяртурдың енді кесіп өтпек болғаны сол еді, анадай жерде шатқалдың беткейінде секіріп ойнап, асыр салып жүрген бірнеше жүйрік жануарды көріп қалды. Олар судың жиегіндегі жардың басына барып тоқтады. Бьяртур олардың бұғылар екенін айқын аңғарды — біреуі бұқасы, үшеуі ұрғашысы екен. Олар едәуір уақыт жағалауда топтанып тұрып қалды: бұқа-бұғы жағалаудағы жардың дәл басында, ал үш ұрғашы бұғы оның арт жағында тұрды. Бұқа-бұғыдан әлдебір қорғаныс қимыл күткендей. Бір кезде бәрі де мүйіздерін желге қарата бұрды да, адамға теріс қарап тұрды. Өйткені жел өзен жақтан соғып тұр еді.
Бьяртур шатқалдың бір шетіне тоқтады да, бұғыларға мұқият қараумен болды. Бұғылар тұрған тұрыстарын ұдайы құбылтты,
Бьяртур оларды тек арт жағынан ғана көре алды. Олар, шамасы, өлі де жап-жас ғажайып жануарлар болуы керек. Бьяртур: "Менің жолым болайын деген екен" деп ойлады. Несі бар, бір бұғыны, әсіресе олардың бұқасын ұстап алса, тіпті де жаман емес қой! Өйткені, оның денесінің ірілігіне қарағанда, етке қарық қылатын түрі бар. Ал бұғының еті — байбатша шонжарлардың дастарқанына қойылатын сүйікті тағамның тап өзі! Егер, Бьяртур жоғалған қойды іздеп таппаған күннің өзінде, бұғыны ұстап алмақ болған әрекеті сәтті аяқталса, ештеңеден де ұтылмайды. Ал, егер бұқаның өзін ұстап алса, оның қанын жерге тигізбей, қалай сойып алмақ? Бұғының қаны дегеніңіз ғажайып дәмді шұжық қой! Сондықтан да оны үйге мүмкіндігінше тірі жеткізген дұрыс болар еді. Енді Бьяртур қалтасынан жолаушы үшін өте қажет екі затты — пышақ пен бір буда бас жіп іздей бастады. Оның екеуі де бар болып шықты — бір буда жуан жіп пен бүкпелі бәкі табылды. Енді ол өзінше былай деп ойлады: "Қазір мен бұқаның үстіне секіріп түсіп, жығып салайын: пышақпен танауын тесіп, жіп өткізіп аламын да шылбырлап жетелеймін Сонда оны иен дала арқылы алып өту қиын болмайды. Жоқ дегенде белгілі бір жерге дейін жетектеп барып, мықтап байлап кетемін де, көмекке адам ертіп келемін. Бұл жерден Жазғы мекенге дейін небары бір-ақ күндік жол". Осындай жоспар жасап алған Бьяртур ақырын-ақырын бұқпалап барып, шатқал мен өзен арасындағы тар жерде топталып тұрған бұқаларға таяп қалды.
Ол шатқалдың биіктеу жағасына өте-мөте сақтықпен өрмелеп шығып, байқап қарап еді, бұғыларға дейін небары он екі футтай ғана жер қалыпты. Оның бойында әккі болған жырынды аңшының сезімі ойнап шыға келді. Тіпті жүрегі дүрс-дүрс соғып қоя берді. Ол шатқалдың қия бетімен тағы да жоғары көтеріле түсіп, ең биікке шығып алды да, бұқаға таман таянып барды. Енді жарты қадам қалғанда оны бірден бас салып, бір мүйізінің түбінен мықтап ұстады да, айырылмай қойды. Бейқам жануарлар ойда жоқта адамның қалай пайда бола қалғанынан қатты шошып, селк ете түсті де, бастарын жоғары көтеріп, құлақтарын үрейлене тіге қалысты. Ұрғашы бұғылар қарлы боранның құшағына еніп, төмендегі өзенге қарай жан ұшырып қаша жөнелді. Бұқа-бұғы алғашқыда мүйізіне жабысқан Бьяртурды қоса-моса алып қашпақ болды. Бірақ Бьяртур аяғын жерге мықтап тіреп тұрып алды, ал әлеуетті қолдары бұғыны тырп еткізбеді. Бұғы басын қалай бұлғалақтатса да адамды лақтырып тастауға дәрменсіз болды. Аздан соң Бьяртур бұғының әлдебір нәрсемен майлап қойған сияқты мүйізінен айырылып қалатынын сезді. Бұқа-бұғы соншалықты тез, шапшаң қимылдайды екен Ал, Бьяртурдың оны мықтап ұстайтын өзге нүктесі болмады, іздеп таба алмады. Ақырында ол тіпті бұл бұғыға шамасы келетініне күмәндана бастады. Бұғының мүйізі — қауіпті құрал. Егер ол ішіңді жарып, ішек-қарныңды араластыра ақтарса, одан ләззат ала алмайсың. Бұқа-бұғы мен Бьяртурдың арасындағы жанталасқан жекпе-жек арпалыс осылай басталды. Ал бұл айқаста Бьяртурға қарағанда Бұқа-бұғының жағдайы өте-мөте ұтымды еді. Тіпті жағаны бойлап, Бьяртурды едәуір жерге дейін сүйреп әкетті. Бьяртурдың есіне кенет өзінің бала кезінде құрық тимеген шу асауды бас білдіріп үйреткен бір әдісі түсе кетті: ол енді Бұқа-бұғымен қатарласа жүгіріп барып, арқасына қарғып мініп алуы тиіс. Бьяртур тап солай етті де. Қас қағым сәт өткенде ол бұғының үстінде жайдақ отырып, оның мүйіздерінен мықтап ұстады. Кейін оның өзінің айтуына қарағанда, желаяқ жүйрік бұғыны салт міну оның өзіне таныс өзге жануарлардың қай-қайсысынан болса да өте-мөте қиын әрі қолайсыз екен: құлап қалмау үшін соншалықты көп күш-жігер жұмсапты. Абырой болғанда ол серуен көпке созылған жоқ. Арқасындағы жексұрын жолаушысын едәуір жерге дейін алып қашып, шауып барған, бірақ оны лақтырып тастап, құлатып кетуге мұршасы болмаған Бұқа-бұғы енді мейлінше жанкештілік әрекет жасауға тәуекел етуді ойлады. Әне, ол бір жағына шұғыл жалт бұрылды да Иекуль өзеніне қойды да кетті, онда өзінің жүзуіне қолайлы тереңдікті де тез тапты.
Иә, жоғалған қойын іздеп, жолға шыққан Бьяртур толып жатқан осындай оқыс оқиғаларға тап болды: әне, ол Йекуль өзенінің суына белуарынан батып кетіп бара жатыр. Астына мінгені үйреншікті кәдімгі ат емес, қайдағы бір шытырман оқиғаларды іздеген атақты серілер мінетін сәйгүлік тұлпарлар сияқты ойнақшыған жүйрік көлік. Бьяртур тап осы оқиғаны мақтаныш тұта қойды ма екен, сірә.!? Әй, қайдам, ондай мақтаныш оның үш ұйықтаса, түсіне де кірмейтіндей болған шығар! Оның өзіндік әрі әдеттегіден тыс сол бір сапары туралы ойланатын бос уақыты да қалмаған болар, шамасы. Өйткені оның бүкіл назары қайткен күнде де тепе-теңдік сақтауға шоғырланып, бұғының арқасынан ауып түсіп қалмауды ғана ойлаған шығар. Ол бұғының мүйізінен қатты ұстаған бойы оның екі бүйірінен аяғын босатпау үшін екі тақымын барған сайын қыса түскен болатын. Бьяртур ауаны үсті-үстіне қомағайлана терең жұтты, екі көзі қарауытып сала берді. Ағыс бұғыны кей-кейде төменге қарай ала жөнеледі. Соған қарағанда, бұғының жағаға шығатын ойы тіпті де жоқ болуы керек. Өзеннің арғы жағасы тік жар әрі биік екен. Соның өзінде қалың тұман арасынан анда-санда зорға көрінеді. Бьяртур өзін-өзі шетсіз-шексіз мұхиттың асау толқынды айдынында ескексіз ескі қайықпен еріксіз жүзіп бара жатқандай сезінді. Өзеннің екпінді ағысы бұғыны суға батырып та жіберді. Ондай кезде су Бьяртурдың иегіне дейін жетеді. Ал судың суықтығы сүйектен өтеді. Бьяртурдың көзі қарауытып, басы айнала бастады. Ол әуелі не сұмдықтың бұрын болатынын біле алмады — өзі есінен танып, құлап қала ма әлде бұғы суға батып кете ме? Мұның қайсысы болса да осымен бәрі де бітті деген сөз еді. Олар Иекуль өзенімен одан әрі жүзіп бара жатты.
ОН АЛТЫНШЫ ТАРАУ
ЖЫР ЖОЛДАРЫ
Ақырында Бьяртур Бұқа-бұғының жағаға шыққысы келетінін сезді-ау әйтеуір. Байқап қараса, бұлар өзеннің шығыс жақ жағалауына едәуір жақын жүзіп келеді екен -жағалаудағы мұздың жиегіне дейін бірнеше шынтақтай жер бар. Олар мұзды жағалауды бойлап, әлі де біраз жүзді. Өзеннің жиегіндегі жып-жылтыр көкпеңбек тайғақ мұздың арғы жағы алынбас биік қамалдың қалың қабырғасы сияқты. Оған шығу тіпті де мүмкін емес. Бьяртур әйтеуір бір қолайлы кезеңді күту керек екенін сезді: бұғы жағалауға неғұрлым жақын қалған сәтте оның арқасынан аунап түсіп, мұздың бетіне еңбектеп барып шығып алуға әрекет жасау қажет. Мына суық судың ішінде қала беруге ендігі жерде тіпті де болмайды. Бірақ ол көзсіз ерлік жасап, суға секірудің ажал қатері екеніне күмәнданбады. Бір кезде бұғы жағалаудағы мұздың жиегіне жарты шынтақтай жақын қалды. Осы сәтті пайдалана қойған Бьяртур бұғының мүйізін қоя бере салып, суға аунап түсті. Сөйтіп Бьяртур бұғымен біржола қоштасты. Оны қайта көре де алған жоқ. Содан бері оның бұл жануардың тұқымына деген жеркенішті жек көруінде шек болмады.
Сол кезде де, одан кейін де Бьяртурға бұғы да Колумкиллиден бір де кем емес сұмырай албастының өзіндей көрініп кетті.
Жағалаудағы мұздың шеті осал еді. Мұз Бьяртурдың салмағына шыдай алмай, сытыр-сытыр сынап кете берді. Сынып түскен осындай бір мұз бөлігімен бірге ағынға ілесіп, ағып кете жаздады. Шамасы, пешенесіне жазылған әлі де көрер жарық дүниесі бар болған шығар — бір кезде оның қолы едәуір қатты қалың мұзға ілікті де өлдім-талдым дегенде мұздың үстіне зорға шықты. Оның тұла бойы қалш-қалш етіп, тісі-тісіне тимей сақылдаумен болды. Үсті-басы малмандай су. Жағалаудағы мұз үстінде қала беру әлі де қауіпті еді. Бьяртур тезірек жағалауға көтерілуге тырысты. Бірақ бұл да қауіпті. Өйткені, тік жардың бетін жып-жылтыр көк тайғақ мұздақ басып жатыр. Егер қолы не аяғы тайып кетсе, жарық дүниемен біржола қош айтысудан өзге ешнәрсе қалмайды. Суық суға шомылып шығуға осылай мәжбүр болып, әбден қалжыраған Бьяртур жағалаудың құлама тік жарының үстіне әзер дегенде өрмелеп көтерілді. Енді, міне, ол аман-сау қалпында асау Иекульдің шығыс жағалауында — өзге оркугтың жайылымы жағында тұрды. Үстіндегі кеудешесін шешіп, суын сықты. Содан кейін денесін қыздырып, киімін құрғатпақ болып қардың үстімен ары-бері сырғанауға кірісті. Қар Йекульдің суынан әлдеқайда жылы көрінді. Оқтын-оқтын тоқтап қалып, екі қолын қайта-қайта құлаштап сермеді — бұл да денесін жылытудың әрекеті. Ол Бұқа-бұғының өзен суымен сүйрелеп, қандай қатерлі ойын көрсетіп, масқара еткенін енді ғана сезінді. Біріншіден, Бьяртур өзеннің тау етегіндегі батыс жақ жағасында тұрған дап-дайын баспана лашықта түнеп шығу мүмкіндігінен айырылды. Оны бұдан да гөрі қатты мазалаған нәрсе өзінің ойда жоқ жерде өзеннің шығыс жақ жағалауына шығып қалғаны болды — жүрер жолы арғы бетте, батыс жақ жағалауда қалды. Енді арғы бетке өтуінің бір-ақ жолы бар: үйіне барар бағытынан кері бұрылып, талай жерді айналып өту арқылы паромға жетуі керек. Ал ол жақтан бері қарай Иекуль өзенінің аңғарымен кейін түсіп, ең таяу хуторға бару үшін кемінде он бес сағат жол жүруге тура келеді. Мұның өзі Бьяртур күндіз демей, түн демей, тынбай жүріп отырғанның өзінде кемінде екі тәулік уақытты қажет етеді. Оның үстіне, ауа райының мынадай жағдайын қайтерсің! Ал қораға қамалмай, жайылымда қалып қойған қозыларының тағдыры не болды екен?!
Бьяртурдың бүкіл денесі сырқырап ауырды, бірақ ол мұны оншалықты елеген жоқ. Егер ол қарға көміліп жатпақ болса, үстіндегі су киімі суықтан бәрібір сақтай алмайтын еді. Қар барған сайын қиыршықтанып, тікендей өткір болып, аяз күшейе түсті. Қар қалыңдай бастады. Оның қаудырап қатып қалған сырт киімі өзі қозғалып жүрген кезде суықты ішкі киіміне өткізбейтін сияқты. Кірпігі мен сақал-мұртын ақ қырау қаптады. Азық қалтасында тас болып қатып қалған бір жарым тостаған қан аралас шұжық бар. Қолындағы таяғынан айырылыпты. Көзге түртсе, көргісіз қараңғылық орнады. Ол пышақпен тілгілейтіндей қою. Шығыстан соққан жел бетіне үрлейді. Бьяртур кез келген төмпешікке сүрініп-қабынып әрең жүріп келе жатты. Кей-кейде қар үріндісі көміп тастаған белуардан дерлік келетін шұқанаққа құлап түседі. Қиыршық қар жел ұшырған күл сияқты -Бьяртурдың көзін аштырмайды. Бір жақсысы — Бьяртур алған бағытынан жаңылыспайды, ауытқымайды. Өйткені оның сол жағында сарқырап ағып жатқан өзеннің көңіл жабырқатар шуы үздіксіз естіліп келеді.
Ол өзін қаншалықты нашар сезінсе, тағдырын соншалықты көбірек тілдеп, балағаттаумен болды. Ежелгі ақындардың жырларында дәріптелетін атақты шайқастарды есіне түсірді. Тісі тісіне тимей келе жатса да ең жақсы өлең жолдарын, әсіресе Гримур мен Андри сияқты алып күш иелері туралы шумақтарды міңгірлеп айта берді, айта берді. Ол өзін зұлым алып Гримурмен ұзақ арпалысып келе жатқандай сезінді: трольгамалық бұл жексұрын жын-перімен баяғыдан бері үйреніскен жауы секілді әрдайым шайқасқа шығып жүргендей көрінетін еді оған. Бірақ тап бүгінгі шайқас шешуші шайқас болмақ. Ол Гримурдың жүрек айнытар жексұрын өмір жолын, оны сәуегей балгер Грауа су жағасында жолықтырған кезінен бастап ойша шолып шықты. Ашу-ыза кернеп, сұп-сұр болып кеткен ол әлдебір зұлымдықпен қастық ойлайды. Бьяртур оның, кек кернеген зұлым сиқыршының, бұл әрекетін скальдтың өлең жолдарымен суреттеді. Әне, оны жер жұтып, белуарына дейін батып барады. Жан даусын шығара айқай салады, аузынан жалын лаулайды. Ешқандай адамның оны жеңіп шығуы мүмкін емес сияқты еді.
Бір құбыжық түн жамылып,
Жүрді жолдың бойында.
"Адам етін қорек етсем,
Қызыл қанын сімірсем,
Жіліктерін мүжісем!"
Деген арам ниеті бар ойында.
Тау сілкініп, теңіз тулап,
Астан-кестен болсын мейлі дүние,
Оны елейтін құбыжықтың түрі жоқ:
Тамашалап, риза боп қуанбақ ол
Ыза буып, ашу қысқан
Сайтандардың биіне!
Бьяртурдың бұл сайтанға деген бір мысқал да аяушылығы жоқ еді. Ол әр шұқанаққа құлаған сайын өршелене түсті, тіпті де берілмеді — еселенген күш-қуатпен қайта-қайта өрмелеп шығып, ілгері жүре берді, жүре берді. Қиналған кезде тістене түсті, аузынан от-жалын шашқан Гримурды үсті-үстіне тілдеп, балағаттаумен болды. Ол өзін Гримурды қашан тозақтың ең алыс азапты түкпіріне қуып тыққанша, сөйтіп оны семсерін сүңгіте тілгіленгенше, жер мен теңіздің казіргі астан-кестен қозғалысы сияқты ақырғы демі біткенше қалтырап-дірілдеп, жан тәсілім еткенінше тыным таппауға бейне бір бекем бел буғандай сезінді.
Бьяртур Гримурдың сазайын тартқызып, тозаққа қуып тықтым-ау ақыры деген әсерден арыла алмай, оны қайта-қайта көз алдына елестете берді. Оны ақынның мәңгі өлмейтін өлең жолдарымен күшейте түсті. Алайда және бір асудан асқанда қарсы алдынан ұйтқып соққан қарлы боран Бьяртурдың көзін аштырмады, аяғын да ілгері бастырмады. Онда ұзыннан өші, қысқадан кегі бардай-ақ құлағына ышқына уілдеумен болды — шамасы келсе, құлатып түсірмек. Аласапыран айқас үздіксіз жалғаса берді. Бьяртур жер мен көкті сілкіндірген жан түршіктірерлік керемет дүлей күштің құбыжық иесімен жекпе-жекке түскендей:
Басын шайқап, тісін қайрап,
Құтырынды құбыжық.
Тастар ұлып, би биледі сайтандар,
Мың құбылтып, қисаңдатып бет-аузын,
Азан-қазан, айқай да шу —
Қарап тұрсаң бір қызық!
Бұл жолы Бьяртурдың көз алдынан Андридің Гарекпен шайқасы өтіп жатты:
...Аузын ашып, ақситады тістерін
Ақ көбігі шашырайды жан-жаққа
Аттың басын қоя беріп Андри
Қуып жүріп ұстап алмақ Гаректі.
Құйын ұйтқып, алаулайды от-жалын,
Ысқырады, ызылдайды айнала.
Таңдамайды адам ба, әлде басқа ма,
Болат семсер соғылады тасқа да.
Әне, Гарек сілтеді сом семсерін —
Тіліп түсті ол Андридің сауытын.
Қан майданда кім елейді ондайды,
Андри де ұмтылды алға долдана.
Дүлей күшпен сермеді ол да қаруын —
Жауын жеңіп, кек алмаса бола ма?!
Кескілескен шайқас суреттері осылай одан әрі жалғаса береді, жалғаса береді.
Жоқ, жоқ, мұндай зұлым жын-перілердің лайықты қатаң жазасын тартқызбай болмайды. Гаректің немесе Жаяу батыр Хрольвтің, тіпті Бернауттың шешуші шайқастарда жеңіліс тапқанын естіген жан бар ма, сірә? Жоқ! Тап сол сияқты Жазғы мекеннің иесі Бьяртур қаншама сүрініп-жығылып, шұқанаққа құлап шыққанымен де табиғаттың зұлым күшіне қарсы тұра алмапты деген сөзді ешкімнің естімеуі де, айтпауы да керек! "Қарлы боран қаншалықты құтырына қатты соққанымен жеңілмеймін, ең ақырғы демім қалғанша қарсыласып бағамын!" Ақырында ол аз-кем кідірді де арқасын кәдімгі үйдің қабырғасына сүйегендей етіп, желге қарсы тосты. Бірақ жел де, бұл да бірін-бірі тұрған орындарынан қозғалта алған жоқ. Енді Бьяртур қарға көміліп жата қалуды, сөйтіп тынығып алуды ұйғарды. Ол үшін терең шатқалдың ішінен өзіне қолайлы ық жерді іздей бастады. Күртік қардың астынан қос қолдап үңгір қазды да оған еңкейіп кірді, содан соң сыртқы тесікті қармен бітеп алуға кірісті. Алайда қар онша тығыз емес еді, құлап түсе берді. Ал Бьяртурдың қолында өзге ешқандай құралы болған жоқ. Жарытымсыз нашар баспана тұрғызған болып еді, бәрібір қайта-қайта құлаумен болды. Бьяртурдың күртік қардың астында ұзақ уақыт қалуы да қауіпті еді — денесіне суық өтіп, аяқ-қолы сіресіп, жан кеткендей ұйи түсті. Тұла бойы тоңазып, қатып қалғандай болды. Ең жаманы сол — ұйқы қыса бастады. Ал мынадай қарлы боранда ұйқы-дұшпан ажал құшағына оп-оңай енгізеді. Бәрінен де бұрын жып-жылы әрі тып-тыныш сияқты жалған үміт әлемінің алдап-арбап қызықтырғанына бой алдырмауы керек. Бьяртур ондай әзәзіл әрекетке беріліп, қар үстінде ұйықтап қалмауы үшін әдетте бала кезінен жатталып, есінде қалып қойған қайдағы бір бейауыз, былапыт өлеңдерді бар даусымен айқайлап оқитын еді. Бірақ қазіргі жағдайда өлең айтуға мұршасы келмеді, даусы шықпай қала берді. Оның үстіне, ұйқы-дұшпан барған сайын қыса түсіп, сезімі мен санасын әлдебір бұлыңғыр үмітпен шырмап, тұмшалай берді. Бьяртурдың өзі көріп-білген адамдардың немесе ежелгі дастандардан оқыған кейіпкерлердің бейнелері көз алдынан ойша елес беріп, тізіліп өтіп жатты: үлкен табаққа салынып, буы бұрқырап тұрған жылқы еті келді, қой қорада у-шу маңыраған қойлары көрінгендей болды. Енді бірде оның алдында сауыт-сайманын киген Берноут батыр тұрды, пастордың жібек шұлық киген жеңілтек қыздары ұшқалақтана көлбеңдеді. Ақырында ол өзінің өзге бір адамға — Ульвар Балуанның бауыры менмен Гримурға айналып шыға келгенін байқамай да қалды. Ағайынды ол екеуінің әкесі король еді, ол қартайып, қаусаған шағында жап-жас ханымға үйленген болатын. Төсек қызығын көре алмай, түні бойы іші пыса зерігіп, жабырқана жалыққан жас әйелге тіпті қиын еді. Бір күні оның назары өзінің сымбатты сұлу тұлғасымен де, күш-қайратымен де, ерлігімен де елдегі еркек атаулының бәрінен де асып түсетін менмен Гримурға, корольдың үлкен ұлына түскен еді. Жас ханымның ғажайып жас жігітке деген ынтызар ықыласы мен махаббаты күшейе түсіп, күндіз күлкісін қашырды. Төзімі таусылған ол ақырында бір күні түнде Гримурдың жатын бөлмесіне өзі баруға тәуекел етті. Гримурдың әкесі, қаусаған карт король туралы зілді де күлкілі кескінмен ғашығына былай деді:
Оның маған корольдігі не керек!
Король мені мазақ етті, қорлады.
Қаусаған шал, қауқары жоқ бойында —
Ұзақ таңға от-жалын боп жанды тәнім,
Дөңбекшідім, күттім талай ынтыға.
Гримурға өгей шешесінің бұл қылығы тіпті ұнаған жоқ. Ал ұяттан жұрдай мына сөздері арына тиді. Ол енді өгей шешесін ақылға келіп, арам ниетінен қайтару үшін көп әрекет етті.
"Орынымнан қозғалуым киын!" деп,
Жатады, тек түні бойы — тірі елік.
"Сен зарыға күткен мынау сыйың" деп,
Құмарымды қандыратын түрі жоқ.
Үмітімді үздім мүлде әкеңнен, —
Онда әлгіндей әрекеттің бірі жоқ!
Менмен Гримур асып-сасып есін жиямын дегенше мынадай оқиға болып үлгерді:
Құмарын бір қандыруға ынтыққан,
Есі шыққан әйел сонда шыдамай,
Ар-ұятты жиып қойып біржола,
Кіріп барды төсектегі өгей ұлдың қойнына.
Көрген кім бар бұрын-соңды өмірде
Шектен шыққан зор сұмдықты, масқараны мынадай?!
Енді Менмен Гримурдың төзімі таусылды, өгей шешесінің өрескел масқара ниетіне қалай да жол бермеу керек екенін жете түсінді. Сөйтті де атып тұрып, қасиетсіз ханымды барынша ашу-ызамен көкірегінен кері итеріп жіберді:
Король ұлын ашу қысты ызалы,
Шапалақпен екі тартты аямай —
Өгей шеше қылығына төзбеді,
Ол аздай-ақ көкірегінен бір тепті.
Шалқасынан құлады ол еденге,
Жорта жылап көрсетті көп көз жасын
"Сен бұзылған зинақорсың!" дегенге.
Король ұлы айқай салды күйініп:
"Жоғал әрмен! Көрсетпе енді қараңды!..
Қуу керек адам емес, айуанды, арамды!.."
— Сайтан алсын сені! — деп айқай салды Бьяртур. Енді ол күртік қардың ортасында тікесінен тік тұрып, ойы бұзық ханымды, оның барлық арам ниетті айла-шарғысына қарамай, кеудесінен өзі кері итеріп тастағандай сезінді. Дастандардың кейіпкерлері бұзылған әйелдің ырқына көніп, зинақорлыққа салынғанын құлағы естіп, көзі көрген кім бар? Өйткені ондай жағдай шешуші шайқастар кезінде әдетте қорқақтардың ырду-дырду қуанышына айналумен аяқталады ғой. Ондай сабаздардың бәрі де әдемі әйелдердің құшағына енгенде өздерін ең мықты батырлар ретінде сезінеді, ал кескілескен қанды шайқастар кезінде нағыз қоян жүрек қорқақтардың өздері екенін көрсетіп шыға келеді. Жазғы мекеннің иесі Бьяртурдың кескілескен қиын-қыстау шайқастың қызған кезінде ту сыртын өзінің өліспей беріспейтін дұшпанына қарсы тосып, әлде бір ханымның қылығына қызықпай, қайсарлық танытқанын ешкімнің де ести алмайтыны әбден өкінішті-ақ. Бьяртурдың ызасы келді. Ол күртік қардың ортасында бар күш-жігерімен жанталаса тырбанып, үсті-басын екі қолымен ұрғылай берді. Тұла бойы рақат тыныштыққа бөленуге, жауға беріліп, қолындағы қаруын тастауға қызықтыра арбап тұрған маужыраған қатерлі зұлым сезімнен арылғанша тыным тапқан жоқ.
Бьяртур бір мезгіл денесін жылытып алу үшін ілгері жүруің жалғастыра берді. Ақырында мұз болып қатып қалған қан аралас шұжықтың бір бөлігін қойнына тығып жылытпақ болды. Қойнында алақанымен жұдырығын қыса ұстап, әзер жылытқан оны қатыгез қысқы түннің қараңғы құшағында қармен тұздықтағандай етіп, шетінен кеміріп жеуге кірісті.
бұл өзі шексіз ұзақ түн болды. Бьяртур бір түннің ішінде тап бүгінгідей мұншалық көп өлеңді өте сирек оқитын. Бүгін ол өз әкесінің бүкіл өлеңдерін, ежелгі барлық көне дастандарды ойша оқып шықты.
Өзіне белгілі барлық өлеңдерді, басынан аяғына қарай, аяғынан басына қарай жатқа оқып шығуға болатын, соншалықты шеберлікпен жазылған өз өлеңдерін де қырық сегіз түрлі мақамға салып оқыды. Неше түрлі былапыт, әдепсіз шумақтарды да ұмыт қалдырған жоқ. Бір кезде марқұм шешесі үйреткен бір псаломды да оқып жіберді. Осы өлкедегі старосталар, көпестер мен судьялар туралы ел арасына ежелден кең тараған әзіл өлеңдер де назардан тыс қалмады. Ол күртік қардан оқтын-оқтын тысқа шығып, қашан алқынып, тыныс алуы қиындағанша кеудесі мен екі иығын қос қолдап сабалаумен болды.
Оның үсіп кетемін бе деп қорыққаны сонша, енді күртік қардағы үңгірден кетуге тәуекел етті. Шамасы, таң атуға жақын қалған болуы керек. Бір күн бойы қардың астында жату, талғажау ететін тамақ та ішпей, адам тұратын баспанадан алыста болу тіпті оңайға түскен жоқ. Ол тағы да жолға шықты. Алғашқыда ол басын тік көтеріп, кеудесін желге қарсы тосып, қаттырақ адымдап еді, шатқалдан көтеріліп, бір асудан асқаннан кейін әбден қалжырады, аяғын басып жүруден қалды. Амал жоқ, төрт аяқтап еңбектеуге көшті. Тасты беткейлерде аяғы тайып кетіп, тас қияға сырғанап, шатқалға, оның жыралы жерлеріне талай рет құлады. Қолындағы қолғабы да түсіп қалыпты. Енді сірескен саусақтары ашып, икемге келмей, жаны кете бастады.
Келесі күні Йекуль аңғарындағы ең таяу хутор Брунның тұрғындары тәтті ұйқының құшағында жатқанда, қарлы боран бұрынғысынан бетер құтырына бір тәулік бойы соқты. Сонда да болса хутордағы ұйқысы сергек әйел терезе сыртынан естілген әлдебір жұмбақ дыбыстан біреудің алқына ентіккен тынысы мен қатты қағылған есік тарсылынан оянып кеткен еді. Әйел жалма-жан күйеуін оятты. Олар есік қағып тұрған қандай жан болды екен деп таң қалысты. Мынадай қақаған карлы боранда бір қияндағы алыс хуторға қонақ келе қояды деп күту — ақылға қонбайтын нәрсе. Сонда бұл адам ба екен, әлде жын-пері мен екен? Үй иелері үстіне жылы киімдерін жамылып, қолдарына шам ұстап, есікке таянды. Сөйтіп сыртқы есікті ашқан кезде күртік қардың үстіне, бұлардың аяғының астына бір адам құлап түсті. Рас, оны адам деп тану да қиын еді. Мұз құрсауға тұмшаланған ол соқталанған қар сияқты ішке қарай аунады. Беті-жүзін мұз қабыршақтары тұтасымен жауып алыпты. Үсті-басы қардан көрінбейді. Ол қос тізерлеп отырып, арқасын қабырғаға сүйеп еді, әлсіз мойны былқ-сылқ етіп, басы кеудесіне құлап түсті. Мұны біржола өлтіріп тынудан үмітін үзген әлдебір зұлым күштің құбыжық иесі осы есікке әдейі айдап әкеп тыққандай. Шамның әлсіз жарығы қонақтың бетіне түсті. Ол тынысын зорға алды, кеудесінен қарлыққан сырыл ғана естіледі. Бейшараның жөтеліп, түшкіргісі келеді, бірақ мұршасы жоқ. Үй иесі оның кім екенін, қайдан жүргенін сұрады. Әлгі адам кеудесін көтеруге тырысты да өзінің Жазғы мекеннің иесі екенін айтты. Осы кезде үй иесінің баласы да ұйқысынан оянған еді. Олар әкелі-балалы екеуі қонақты ішкі бөлмеге сүйемелдеп алып бармақ болды. Бірақ ол ондай көмектен бас тартты.
— Мен өзім жүріп бара аламын, — деді ол.
Бьяртур үй иесі ұлының кереуетіне кесе-көлденең түсіп жатты. Алғашқыда сұрақтарға жөнді жауап қайтара алмады, мас адам сияқты тілі бұралып, әлдебір нәрселерді зорға дегенде міңгірледі. Мөңірер алдында демін ішіне тартып, ырс-ырс ететін өгіз сияқтанып, ауыр тыныс алып жатты. Бір кезде оған тіл бітті.
— Менің сұйық бір нәрсе ішкім келеді, — деді ол
Үй иесі әйел оған бір тостаған жылы сүт берді. Шамасы, бір жарым литрдей болар. Бьяртур оны бірден сіміріп салды. Тостағанды иесіне қайтарып беріп жатып:
— Сізге үлкен рахмет, шешей! — деді Бьяртур.
Ол мосқал жастағы әйел екен. Қолына шам ұстасы да, бұған сүт ұсынуы да — бәрі-бәрі де мұның өз шешесіне өте-мөте ұқсайды екен. Ол мұның сақал-мұрты мен қасы-қабағындағы мұзды жылы алақанымен сипап тазартты, сіресіп қатып қалған киімдерін қос қолдап тартып шешіндірді, үсіген жерлерін мұқият іздестірді, қолы мен аяғының саусақтарында мүлде жан жоқ сияқты, еш нәрсені сезбейді. Ал үсік шалған терісі оттай ыстық екен. Алайда, оншалықты қауіпті ешнәрсе жоқ сияқты. Тұла бойын құрсаған қабыршақ мұз еріген соң ол осы үйдің баласының жылы төсегіне жалаңаш шешініп жатты да, басын құс мамықпен жауып, тұмшалап алды. Ол мұндай рақат төсекті ілуде бір рет қана көре алатын еді. Әйел қонаққа ас әзірлеу үшін шығып кеткен кезде әкелі-балалы екеуі қонаққа таяу келіп отырды. Одан асып-сасып абыржыған түрмен көз алмады — мынадай кісі таң қаларлық құбылысқа сенерін де, сенбесін де білмеді. Тіпті не деп айтар соз таппады. Ақырында қонақтың өзі тіл қатты. Ол құс мамықтың астында жатып, қарлыққан дауыспен былай деп сұрады:
— Сіздер қойларыңызды жайылымнан жинап алдыңыздар ма?
Үй иелері қойлардың әлдеқашан қорада ұсталып келе жатқанын айтты. Одан адам өміріне қауіпті мынадай қақаған қарлы боранда бұл жаққа, мына йен далаға, қалай келіп қалғанын сұрады:
— Адам өміріне қауіпті дедіңіз бе? — деп мазасыздана сұрады Бьяртур. — Онда тұрған не бар тәйірі! Мен қашан да болсын ең басты, ең маңызды мәселе қойлар шығар деп ойлаймын.
Олар енді Бьяртурға үстін-үстін сұрақ қоюмен болды.
— Сіздер білесіздер ме, мен мына йен далаға өзім үшін рақат сезіміне бөленуді мақсат тұтып, жоғалған бір тоқтымды іздеп шыққанмын. Сөйтіп жүріп асудан асып түскенімді де сезбей қалыппын.
Ол аз ғана үнсіздіктен соң сөзін қайта жалғады:
— Бүгінгі боран қандай қатты болды десеңізші!
— Бүгін ғана емес, кешегі түнде де содан кем болған жоқ, — деді үй иелері. — Ауа райына дауа жоқ. Нағыз күшті дауыл
— Иә, — деп келісті Бьяртур. — Өткен түнде де жел құтырына қатты соқты.
Үй иелері Бьяртурдың сол сұрапыл боранда қайда қонып шыққанын сұрады.
— Күртік қардың астында, — деп жауап берді Бьяртур.
Ал олар әсіресе мұның Йекульдің бергі бетіне қалай өткеніне таңдана да қызыға сұрады. Бірақ Бьяртурдың бұл туралы ешнәрсе айтқысы келген жоқ.
— Мұндай қақаған суықта қозылардың өрісте қалып қоюы жақсылық емес, — деп мұңая тіл қатты Бьяртур.
Ал үй иелері бұған жауап ретінде: егер біз сенің орныңда болсақ, қойдың қамын жеп уайымдамай-ақ, тірі қалғанымыз үшін Құдайға мың да бір мәрте шүкіршілік етер едік десті.
— Сіздердің ауқатты бай адамдар екендіктеріңіз бірден белгілі болды, — деп жауап қайтарды оларға Бьяртур. — Ал мен өзімнің еркім өзімдегі дербес адам болу үшін әлі де қажымай-талмай күресумен келемін. Шағын отар қойымның болуы жолында мен он сегіз жыл бойы бел шешпей дерлік, үздіксіз жұмыс істедім. Ол отарымның қар астында қырылып қалғанынан гөрі өзімнің өлгенім әлдеқайда артық.
Үй иесі әйел Бьяртурға кешкі асты төсек үстіне әкеп берді. Ол сылқия тойып алды да жастыққа шалқалап жатты, тез ұйықтап кетті де қатты қорылға басты.
ОН ЖЕТІНШІ ТАРАУ
ҮЙГЕ ҚАЙТЫП ОРАЛУ
Бьяртур үйден кеткеніне бесінші күн дегенде кешке қарай балшықты алқап арқылы кері қайтты. Ол жоқ іздеген сапарының соншалықты сәтсіз болғанына өлердей өкініп, қатты ұялды. Жайылымда қалған қойларының тағдыры қандай болғанын біресе әйтеуір бір жақсы үмітпен, біресе үрейлі қорқынышпен ойлап уайымдады. Осының бәрі аздай-ақ, ол өз хуторына қайтып оралғанының қуанышты белгісі боларлық жылт еткен оттың нышанын да көре алмады. Үйді қар басып қалыпты — есік пен терезе алдындағы қар да күрелмеген. Күртік кар арқылы өтетін тар соқпақ та жоқ. Пештің мұржасынан шығып жататын түтін байқалмайды. Ол үйге жеткен бойда терезені үрінді қардан жалаңаш қолымен тазартты. Сөйтті де терезеден айқай салды.
— Роза, маған есік арқылы күректі алып бер!
Бөлме ішінен иттің әлсіз қыңсылап, баяу ұлыған дауысы ғана естілді. Бұл оның әлгі сөзіне берілген бірден-бір жауап еді. Бьяртур әйелін дауыстап шақырумен болды. Ит терезенің тегіне секіріп шығып, алдыңғы екі аяғымен әйнекті тырналай бастады. Бьяртурға: "Мүмкін әйелім ауырып жатқан болар" деген ой келді. Ол біртүрлі қобалжиын деді, есікті сыртынан көміп тастаған үрінді қарды бар күшімен қос қолдап аршуға кірісті. бұл өте қиын жұмыс еді. Есікті ары ырғап, бері ырғап жүріп, өзі әзер сиятындай қуысты өлдім-талдым дегенде зорға жасады-ау әйтеуір.
Бьяртур текпішекті сатымен жоғары көтерілгенде иті жүгіріп келіп, аяғына оралды. Тап қазір оның құйрығын біреу аямай басып кеткендей жаны қинала шағынып ұлыды. Бұл қараңғылық тез түсетін кез еді. Бөлмеде қара түнек орнады. Қар басып қалған терезеден жарыған жарық та түспейді. Бьяртурдың түртінектеп қана қозғалуына тура келді. Оның еден үстімен бір адым жасағаны да сол еді, аяғы әлдебір қалың қапқа сүрінгендей болды. Әдетте мұндай жағдайда аузы қалып алып кеткен үйреншікті балағаттау сөзін айтты.
— Бұл не пәле тағы да!
Бьяртур сіріңке іздеп көп әуре болды. Сіріңкені зорға таптым ба дегенде шамның майы таусылып қалғанын білді. Шынысын қап-қара күйе басыпты. Ол шамға май құйып, оның білтесі май тартып жанған кезде не сұмдықтың болғанын бір-ақ көрді: сөйтсе ол жаңа өзінің әйелінің мәйітіне сүрініп кетіпті. Еденде сұлап жатқан Розадан тіршілік белгісі білінбейді. Қанға малшынып өліпті. Қазір қан қатып қалған. Шамасы, ол әлдебір мұқтаждықпен төсегінен тұрған бойда құлап түскен-ау. Ал орнынан қайта көтерілуге мұршасы келмеген болуы керек. Оның қолында қанға малынған сүлгі қалыпты. Әйелінің мәйітіне қарап, Бьяртур не болғанын енді түсінді. Төсекке көз тастай бергенде одан кенеттен итінің секіріп түскенін көрді. Оның бауырында жатқан көзі жұмулы әлдебір титімдей қызылшақа нәрестенің сарғыш тартқан жүзін байқады. Бір қарағанда бетін әжім басқан қартқа ұқсай ма, қалай өзі? Оның жүзінде әлдебір әлсіз діріл пайда болды. Болар-болмас шіңкіл мен сырыл естілді.
Ит жұдырықтай ғана нәрестенің денесін бауырына басып қымтай бастады. Оның өз қамқорлығына алған нәрестеге көрсетер бірден-бір көмегі осы — өзінің аштықтан бұралып, әбден арықтаған әрі кір басқан денесінің аздаған жылуын беру ғана. Бьяртур жақынырақ келіп, кіп-кішкентай тіршілік иесін анығырақ көрмек болып еді, ит тісін ақситып ырылдап қоя берді: "Сенің бұл нәрестеге ешқандай қатысың да, көруге құқығың да жоқ" дегенді білдіргісі келгендей. Бейшараның шешесі оның кіндігін кесіп, әлдебір жылы матаға орап қойған еді. Шамасы, ол төсегінен тұрғанда су жылытып, нәрестені шомылдырмақ болған сияқты. Пеш плитаның үстінде су толтырылған кәстрөл тұр. Суы суып қалыпты. Өйткені оттың өшкеніне көп болған. Мына нәрестенің бойында әлі де тіршілік белгісінің бар болуы әлгі иттің жылуы арқасында ғана екен.
Бьяртур әйелінің мәйітін еденнен көтеріп алып, ерлі-зайыпты екеуінің кереуеті қарсысында бос тұрған кереуетке салды. Розаның қатып-семіп қалған денесін жазып, түзетіп жатқызудың өзі көп қиындыққа түсті. Өйткені ол қайтыс болған кезде қалай жатқан болса, солай сіресе қатып қалған еді. Екі қолы кеудесіне айқастырып қоюға келмей, біраз қиналды. Көмескі тартып, бозарған көздері, әсіресе әдетте қылиланып тұратын оң көзі оңайлықпен жабылмады. Марқұмның өз қыңырлығы сияқты. Бәрінен қиыны жас нәрестенің бойындағы сақталып қалған тіршілік ұшқынын қалай қайта тұтату еді. Ал мұның өзі әлдеқайда маңызды мәселе болатын. Міне, өз еркі өзіндегі тәуелсіз дербес адамның алдында шешуі күрделі осындай міндет тұрды. Бұл ретте тәжірибесі мол қол, әсіресе әйел адамның қамқор қолы қажет. Өзінің жас нәрестеге тіпті қолын тигізіп көруге де икемі жоқ еді, батылы да жетпеді. Енді шынымен-ақ бөгде біреулердің көмегіне мұқтаж болмақ па? Оның үйден кетерде әйеліне берген ең соңғы өсиеті бөгде біреулердің көмегін сұрамау емес пе еді? Өз еркі өзіндегі тәуелсіз дербес адамның ондай көмек сұрауы өзінің ең жауыз қатыгез дұшпанының алдында бас иіп, масқаралықпен бағынуымен бірдей ғой. Енді, міне, Жазғы мекен иесі Бьяртурдың ондай көмекті өзі іздеп, қорлыққа бас иіп еріксіз шыдауына тура келеді. Ол бұл жұмыс үшін кім қанша ақы сұраса да төлеуге біржола батыл бел буды.
ОН СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
УТИРЕДСМИРИДЕ
— Соңғы күндері мені тағдыр қайда сүйреп, сандалтпады десеңші! — деп міңгірледі Жазғы мекен иесі Бьяртур, Утиредсмиридегі ас үйдің есігін кешке қарай қағып тұрып.
— Ақыры келдің-ау әйтеуір, — деді оған есік ашқан қызметкер. Ол аяғына үйық киген бойда шыға салыпты. Қолында жаңа ғана басылған, әлі буы бұрқырап тұрған бір бөлек жұқа киізі бар. Редсмириде мұндай кәсіпшілік күшті дамып келеді. — Біз сені өліп қалған шығар деп ойлаған едік.
— Мен өлімге асығып жүрген жоқпын, — деді Бьяртур. — Жоғалған қойымды іздедім.
— Сен немене, ақылыңнан адасқаннан саумысың өзі? — деп сұрады үй қызметкері.
— Тауда жүрген бір тоқтым жоғалып кетті.
— Бұл саған ғана тән қылық: мұнда, тау етегінде, бүкіл отарыңды иесіз қалдырып, жоғалған жалғыз тоқтыны іздеп кеткенің қай сасқаның?
— Несі бар, бәлкім, мен қателік жіберген шығармын. Бірақ Тауратта "Тауда жоғалып, табылған бір қой, қорадағы жүз қойдан артық" деп жазылған емес пе? — деді Бьяртур, Таураттағы қой туралы жазылған сөздерді мейлінше құрметтейтінін білдіріп. — Оның үстіне, бай адамдармен бекер қоңсы қонған жоқпын ғой. Бәлкім, олар ауа райының қиын-қыстау күндерінде қол ұшын созар деп үміттенгенмін...
Шынында да солай болып шыққан еді: қарлы боран ұйтқып соққан сол бір күні кешке қарай Редсмиридің малшылары Бьяртурдың қойларын оз қойларымен қоса қуып келген-ді. Староста оның отарын ертеңгісін таң ата салысымен Жазғы мекенге айдап барып табыс етуді, ал Бьяртурдың өзіне не болғанын біліп қайтуды кеше ғана қатты бұйырған еді.
— Іздеген жоғыңды таптың ба?
— Сайтан алсын түге, йен даланың өне бойынан Блауфьедльдің оңтүстік жағындағы Жылы бұлақ басында ұшып-қонып жүрген құстардан өзге тіршілік белгісін байқай алмадым, — деді Бьяртур. — Ал мұндағы қозылардың жағдайы қалай? Пішенге отығайын деді ме?
— Бірте-бірте үйреніп келеді, — деді үй қызметкері. Ол уайымдайтын ешнәрсенің жоқ екенін, қозылар көп ұзамай-ақ пішенге жап-жақсы отығып кеткенін айтып, Бьяртурдың үмітін күшейтіп қойды.
Олар үй шаруасын жүргізуші әйел Гудни есіктен кіріп келгенше осылай әңгіме соғып отыр еді. Әйел Жазғы мекен иесін даусынан танып, оны ас үйге шақырды. Мұның ботқа жегісі келе ме немесе тіпті, жылқы етінен дәм татқысы келе ме — соны сұрады. Бьяртур үсті-басын қатып қалған қардан кішкентай бәкісімен қырып, тазалаған болды, басындағы құлақшынын есіктің жақтауына ұрып, қарын қақты. Ac үй үлкен болатын. Ондағы адамдардың әрқайсысы өз ісімен емін-еркін айналысуына мүмкіндік мол еді — біреулер шұға тоқумен, киіз басумен, енді біреулер аттың қылын тазартып өңдеумен айналысып жатыр екен. Қыздар жағы жабағы түтіп, жүн сабауда. Иттер еден үстіне керіліп жатып алыпты. Бьяртурға мұндағылар түгел таныс. Оны тіпті иттер де жақсы біледі. Бьяртурдың қарны қатты ашып келген болатын. Қызметкерлер кенеттен соққан қарлы боран туралы, оның қойларға қандай қолайсыз әсері болатыны туралы әңгіме айтып отырды.
— Шамасы, биылғы қыс та сұмдық сұрапыл суық болатын шығар. Рождество мейрамына дейін түскен қазіргі суық соны көрсететін сияқты...
— Розаның қалы қалай?
— Ім... — деп міңгір ете қалды Бьяртур, аузын толтыра асаған ботқаны жеп бола алмай. — Иекульдің шығыс жағалауында соққан суық желді айта көрмеңіз. Ондай суықты мен иен даланы неше түрлі қарлы борандар кезінде шарлап жүріп кездестірген емеспін
— Йекульдің шығыс жағалауында дейсің бе? — деп таңдана сұрақ қойысты отырғандар. — Йекульдің арғы бетінде болдым деген өтірігіңе сене қоятын біреу табыла қояр екен, шіркін?
— Неге табыла қоймасын? Өзенді йен даланың өзінде де кешіп өтуге болады ғой. Жұрттың бәрін өздерің сияқты үйкүшік қой деп ойлайсыңдар ма түге?
— Жұрттың айтуына қарағанда, осындай қиын-қыстау қаһарлы қыста айы-күні жетіп отырған байғұс Розаның бір өзін қалдырып,
иен далада сандалып жүруіңе жол болсын?.. — деді үй шаруашылығын жүргізуші әйел, Розаға жаны ашығанын білдіріп.
— Басқа біреудің жұмысына араласушы болма, Гудни! — деп жаны жаратпаған кекесінді күлімсіреп жауап қатты Бьяртур. — Менің өз билігім өзімде, не істесем де өз еркімде. Сен мұны шынымен-ақ білмеуші ме едің? — Сөйтті де ол қолындағы мүжілген сүйекті иттердің біреуіне лақтыра салды. — Үйдің иесі бас бәйбіше қайда? Әлден-ақ жатып қалған ба?
Старостаның әйелі ішкі бөлмелердің бірінен сымбатты сұлу тұлғасына мақтанғандай болып, келісті келген кеудесін кере, шайқатыла басып шығып келе жатты. Ол қызыл шырайлы екі бетіне табиғи түрде қоса біткендей жарасымды көзілдірік арқылы Бьяртурға бір түрлі сын көзімен қадала қарап келеді. Жүзінде әдеттегісінше менмендік пен салқын күлкі ойнайды. Тап осы бір паңданған тәкаппар күлкісі, оның өлеңді жақсы жазудың өзінше берік ұстанатын биік мұраттары мен шеберлігі зор екеніне қарамай, ақын әйел мен аман-саулығымыздың романтикаға қатысы жоқ деп санайтын өзге жандардың арасындағы берік тосқауыл болатындай қалың қабырғаға айналған.
Бьяртур ботқа мен етке тойғызғаны үшін сыпайы алғыс айтты.
— Сен мені бір ожау ботқа жегенің үшін алғыс айтуға шақыртпаған боларсың деп ойлаймын, — деді фру, жылқы еті туралы тіс жарып ештеңе айтпай.
— Ол үшін емес, әрине, — деп жауап қатты Бьяртур. — Сенен бір мәселе жөнінде аз ғана көмек сұрағым бар. Көрдің бе, қырсыққанда мынадай бір жағдай болып қалды... Біздің оңаша сөйлесуімізге болмас па екен?.. Сен білесің бе, менің саған және сенің күйеуіңе қойларымды аман алып қалғандарың үшін мың да бір алғыс айтқым келеді. Мен тау кезіп жүргенімде сендердің қызметкерлерің менің қойларымды да аман алып қалғаны үшін шексіз мол рахмет!
Бас бәйбіше Бьяртурдың бұл хутордағы жалпы тәртіппен бұрыннан жақсы таныс екенін есіне салып өтті. Малдың жағдайының бұған ешқандай да қатысы жоқ. Ондай іспен басқалар айналысады.
— Ол жағын білмеймін ғой, — деді Бьяртур. — Мен қойларымды айдап қайтуға ертең келсем бе деп едім. Менің ойымша, олар старостаның пішенін жеп, тауыса қоймайтын шығар. Егер пішен қажет болып, жетіспей жатса, менде шөп жетеді. "Қарыз қайтқанымен қызық" деген, көктемде қанша қажет болса, сонша шөп беремін. Ала берсін.
— Сен бір нәрсені қайта-қайта айтып, мылжыңдай бермей, менің қымбатты да аяулы Розамның қалы қалай екенінен хабар берсеңші.
— Міне, барлық мәселенің шешуші түйіні де осында жатыр. Менің сені шақыртқаным да тегін емес. Саған болмашы ғана бір ісім түсіп тұр.
Фру Бьяртурға жалт бұрылып қарады: мынау әлдебір нәрсені сұрағалы тұр-ау деген күдік пайда болды. Бас бәйбішенің жаңа ғана жадырап тұрған жан дүниесі кенеттен аққан жұлдызша суық әлемнің шексіз-шетсіз кеңістігіне ұшып кеткендей. Мұнда, жер бетінде, оның аяр күлкісі ғана қалды.
— Мен бұл әңгімені менің күйеуімнің де естуіне болатын шығар деп ойлаймын. Саған солай еткен пайдалы болады, — деп, фру оз ойын батыл кесіп айтты.
— Жо-жоқ, староста ондай ұсақ-түйек іспен айналыса қоймайды, — деді Бьяртур.
Фру Бьяртурды осы үлкен үйдегі ең кіші бөлмеге — старостаның бөлмесіне ертіп барды. Ерлі-зайыптылар бір төсекте жатуды әлдеқашан қойған болатын. Фру кенже қызы Одурмен бірге бөлек бөлмеде жатады. Старостаның жатқан бөлмесі қуықтай тар әрі өте жұпыны екен. Мұндай баспанада әдетте шіркеу қауымының қарауында күн көретін әлдебір бақытсыз бейшаралар ғана қысылып-қымтырылып тұра береді. Мұндағы айырмашылық — бір қабырға тола кітап сөрелері. Қара мұқабалармен қапталып, түптелген том-том қалың кітап-қағаздар - үкіметтік жарлықтар мен қарарлар жиынтығы. Мұқабалардың түп жағында қай жылғы құжаттар екені көрсетіліп желімделген түбіршек қағаздар ағараңдайды. Сөрелер сүргіленбеген тұрпайы тақтайлардан құрастырылып, қабырғаға шегемен бекітіліпті. Кәдімгі кедейлерге тән күйкі көріністер. Боялмаған жүн салынған, әбден тозығы жеткен көрпе жатыр. Еденде құм сағат түріндегі жаман түкіргіш тұр: кереуеттің бас жағында қабырғаға қолдан жасалған ағаш сөре ілініпті. Онда өрнекті сурет салынған шағын ғана, көзге қораш көрінетін керамикалық құмыра мен сүйек сырқырап ауырғанда жағатын май салынған банка қойылыпты. Оларды баттаса шаң басқаны айқын байқалады. Қабырғаға таяу жерде сүргіленбеген тақтайдан дөрекі жасалған үстел түр. Оның үстінде осы заманғы жап-жақсы жазу-сызу құралдары жатыр. Терезенің тап алдында — үлкен жәшік. Үстелге жалғаса тозығы жеткен сынық орынтақ тұр, үстіне жабатын қабы жоқ, серіппелері сынған жерлерін жіппен шандып, байлап тастапты. Қабырғада Христостың көз тартарлық әлем-жәлем ашық түсті майлы бояумен салынған бейнесі, орыс патшасы Николайдың портреті, Виктегі көпестің аты-жөні жазылған күнтізбе ілулі тұр.
Староста Йоун төсекте екі қолын желкесіне қойған қалпында шалқасынан жатыр екен Көзілдірігі мұрнының ұшына дейін түсіп кетіпті — шамасы, ол жаңа ғана газет оқыған сияқты. Староста мұрнынан міңгірлеп, шала-шарпы естілген әлдебір түсініксіз сөздер айтып амандасқан болды. Өйткені ол қымбат бағалы темекі шайнап жатқан еді - соның сілекей суы ағып кете ме деген қауіппен аузын аша алмаған болатын. Ол темекінің әp тал жапырағын қайта-қайта ұзақ шайнауды әдет қылып алған еді. Сөйтіп оның сөлін мүмкіндігінше молырақ, сарқа соруға тырысатын. Нағыз бейшара кедей сияқты киініпті -умаж-умаж, бірнеше жерде жамауы бар, жағал-жағал дақтары көп, түймесі жоқ кеудешесінің жағасын ағылшын түйреуішімен түйреп қойыпты. Оның үстіне, садыра жұғыпты, оған қойдың қылшықты жүні жабысып қалыпты. Соған қарағанда, ол жаңа ғана қой қорада болып қайтқан-ау, шамасы. Бұтына кигені — тозығы жеткен ескі шалбар. Оның жамау салынған жерлерінің жиегі жырым-жырым, шашақтана салбырайды. Балақтарын қоңыр түсті жүн үйықтың ішіне салыпты; жылқының көн терісінен тігілген кебісінің өкшесі қисайып кетіпті. Одан сасық иіс мүңкиді — иесінің қой қораны жаңа ғана түгел аралап келгенін дәлелдеп жатқандай. Старостамен салыстарғанда Жазғы мекен иесі Бьяртур әлдеқайда келісті де сымбатты көрінеді.
Сонда әлі ысылмаған, өмірлік тәжірибесі аз қарапайым шаруаға қарағанда старостаның бойынан оны ерекшелендіретін елеулі белгілердің шынымен-ақ табылмағаны ма? Ондай белгілері жетіп артылады. Ол былайша қаншалықты мүсәпір кембағал сияқты болып көрінгенімен оның өзгелердің бірінен де жоғары тұрғанына және олардың тағдырын шешіп отыратынына ешқандай күмән келтіруге болмайды. Ол аузындағы темекі сілекейінің сорғалап ағып кетпеуі үшін екі ернін жымқырып қыса түсті. Иә, бұл оның байырғы әдеті — қолына түскен не нәрсенің болса да сөлін ең соңғы тамшысына дейін сүліктей сорып алмай айырылмайды. Оның әдеттегіден тыс өткір, қатал да суық сұрғылт көздері, беті-жүзінің жоғары бөлігінің жарасымды дұрыс бітімі, қара қошқыл қою қара шашы, құлақшын тәрізді жауып тұрған кең маңдайы, ақ кіре бастаған екі самайы, айқын бедерлі жақ сүйектері мен иегі, сұп-сұр салқын жүзі — міне, мұның бәрі де коп отырып, жалықпай жұмыс істейтінінің белгілері. Әсіресе, жіп-жіңішке, аппақ әдемі қолдары, жұмсақ алақаны мен салалы саусақтары, күтушінің жоқтығына қарамай, өздерінің күнкөріс нәпақасын табан ақы, маңдай терімен еңбек етіп табуға мәжбүр адамдармен салыстырғанда мұның неғұрлым күшті әрі күрделі тұлға екенін көрсетіп тұрғандай.
Бьяртур өзінің бұрынғы қожайынына қол беріп амандасты. Ал староста, әдеттегісінше, бірде-бір сөз айтпастан, оң қолының екі саусағын ғана ұсынды, қалған үш саусағын жұдырығына түйді. Старостамен жиырма жылдай таныс болған уақыт барысында Бьяртур онымен қарым-қатынас жасаудың ерекше тәсілдерін қалыптастырып алған болатын. Ол тәсілдер Бьяртурдың басынан кешіруге мәжбүр болған лажсыз тәуекелділік жағдайларынан туындаған еді. Мұндайда ол өзінің қожайыны күмән келтіретін жағдайдың бәрінен де ұдайы қорғану қажет екенін білетін. Ал ондай жағдай келе-келе күштілердің алдында өзінің адам ретіндегі құқығын қорғау жолындағы күрестің ынтызар құштарлығына ұласады. Ал ешқашан бәсең тартпаған ол күрес ұзақ жылдарға созылды, күрес кезінде әлдебір ымыраға келу туралы сөз етуге де болмайтын.
Старостаның әйелі қонақтың жәшік үстіне отыруын өтінді. Ол орынтаққа отыруға старостаның өзінен өзге адамдардың икемі келмейтінін арнайы ескертіп өтті.
— Ту, қойыңызшы соны! — деді қарсылық білдірген Бьяртур. — Маған отырудың қажеті қанша. Жасымыз жетіп, қарттық келгенде емін-еркін жайғасып отыруға уақыт молынан табылады ғой. — Сөйтіп, былай деді: — Құрметті Иоун, мен бас бәйбішеге айттым. Егер қыстыгүні қысылатын болсаңыз, онда менің қойларымды сіздің қызметкерлеріңіз екі тәулік бойы күтіп баққаны үшін көктемде менен қанша шөп аламын десеңіз де еркіңіз білсін.
Староста басын жастықтан соншалықты мұқият сақтықпен көтерді — аузындағы темекінің сілекей суын ішіне жұтып қоюдан да, сыртқа ағызып алудан да сақтанды. Сөйтіп аузын ашпаған бойы:
— Өз ісіңнің қамын өзің жөндеп же, жігітім, — деді.
Оның өзіне өзі риза болып, масаттанған әрі аяушылық білдіріп айтқан бұл сөздері қазір Бьяртурдың арына ашықтан-ашық тию болып табылған жоқ еді. Бірақ старостаның аузынан шыққан ондай сөздер бұрын мұны адамзаттың ең аянышты азғыны қатарына қосқандай, бұған әлдебір қылмысты ісі үшін айып тағып тұрғандай болып естілетін. Сөздің ондай сарыны мұның бойында әлдебір жауынгерлік өшпенділік отын тұтатып, бостандыққа, еркіндікке деген ұмтылыс тудыратын, өз еркі өзінде болатын тәуелсіз дербестікке жетсем деген рухын оятатын.
— "Өз ісіңнің қамын жөндеп же, жігітім" дедіңіз бе? Ол жағына алаң болмай-ақ, толық сене беріңіз. Мен өз ісіме өзім қамқор бола аламын. Құрметті қартым, есіңізде болсын, әзірше менің сізге өзіміз жасасқан уәдеміз бойынша тиісті нәрседен өзге ешқандай берешегім жоқ.
Старостаның әйелі Бьяртурға: "Айтатын нәрсеңді тезірек айтсаңшы, уақыт кеш болып барады" дегенді ескертті.
Бьяртур алғашқы жасалған ұсыныс бойынша жәшіктің үстіне жақсы жайғасып отырды. Сөйтті де: "Ім" деп, ақырын ғана желкесін қасыды, бет-аузын тыржитты.
— Мәселе былай болып түр... — деп бастады ол әңгімесін, фруға көз қиығын жүгіртіп. бұл — оның жалпы жағдайды байқап білгісі келгендегі әдеті. — Мәселе, міне, мынада. Менің тауда жүрген бір тоқтым жоғалып кетті...
Осыдан кейін Бьяртур тағы да ұзақ үзіліс жасады. Жақтырмаған фру оған көзілдірігі арқылы қадала қарады. Төзімі таусылып, былай деп сұрады:
— Айтсаңшы енді, содан кейін не болды?
Бьяртур қойын қалтасынан шақшасын алып, алақанына бір шымшым насыбай салды.
— Ол тоқтымды Гудлбрау деп атаушы едім, — деді ол, сөзін жалғастырып. — Өткен көктемде ол бейшара тұп-тура бір жасқа толған болатын. Өте жақсы өсіп келе жатқан еді жануарым. Сіздің Гедмир деген тоқтыңыздан айнымайтын. Екеуі де пастор Грудмундурдың шығарған асыл тұқымынан ғой. Мен осы тұқымдағы қойды өте жақсы көремін. Таза асыл тұқымды қойлар! Таудағы қойларды айдап келу үшін алғашқы сапарға шығарда мен оны әйеліме серік болып, бір мезгіл көңілін ауласын деп, үйде қалдырып кеткенмін. Сөйтсем ол байланған жібін үзіп, неге екенін қайдам, айдалаға қашып кетіпті. Қойларды қаумалап жинағанда табылмады. Содан кейін мен өзіме-өзім: "Сүп-сүйкімді кішкентай Гудлбрауымды іздеп табуым үшін иен даланы кесіп өтіп, оңтүстік жақты шолып шыққаным дұрыс шығар" деген ойға келдім. Сөйтіп Гудлбрауды іздеуге шықтым. Таудағы қойларды қаумалап жинағаннан кейін мен оның оңтүстік бөлігінің ішінде қалып қойған талай қойды, оның үстіне, өз қойымды емес, өзгелердің қойын тауып келгенімді өзіңіз жақсы білесіз. Былтырғы жылға дейін солай болып келді ғой.
Староста мұның не айтқысы келіп отыр дегендей, сезіктенген сұраулы жүзбен мойнын бұра қарап қойды. Бірақ әңгіменің бетін Бьяртурдың қайда бұрып келе жатқанын түсіне алмады.
— Сөйтіп мен иен даланы кесіп өтіп, оңтүстікке қарай жол тарттым, жоғарыға, Блауфьедль тауына көтерілдім, Рейкья өзенінің аңғарын араладым, одан әрі Йекуль өзенінен өтіп, оның шығыс жағалауына шықтым.
— Шығыс жағалауына деймісің? Иекульден қалай өттің? — деп таң қалды фру.
— Ол жағын айтып қайтейін, бірақ мен ол өлкеде ешқандай тіршілік иесін кездестіре алмадым. Тек қана, сайтан алғыр құстардан өзге ештеңе жоқ. Олар да Жылы бұлақтардың жағасында ғана бой көрсетті. Өзім жануарлар қатарына қосқым келмейтін бір жексұрын бұғы туралы сөз еткім де келмейді. Сонымен мен бұл сапарға тұп-тура бес күн, төрт түн уақытымды сарп еттім. Ал өлдім-талдым деп үйіме бүгін кешке қарай зорға жеткенімде мен не көрдім деп ойлайсыздар?
Ерлі-зайыпты екеу бұл жұмбақты шеше алмады, шешу үшін бас қатырып, әуре болғысы да келмеді. Старостаның әйелі: "Сонымен не болды? Ток етерін айтсаңшы!" деген ұсынысты тағы да жасады.
— І-ім, сен поэзияны қатты құрметтейсің ғой. Сондықтан да мен саған жауап ретінде өлең оқып берейін. Бұл өлең менің үйімнің шаңырағында не болып жатқанын өз көзіммен көрген кезде ойыма өзінен-өзі сап ете қалды.
Сөйтті де Бьяртур, өзінің ескі әдетіне басып, өлеңнің ішкі ырғағына көбірек екпін түсіріп, мынадай өлең оқыды:
Мен тоқтымды таба алмадым —
Аязға ұшып өлген-ау,
Ал үйімде, пеш түбінде, көргенім —
Солып жатқан гүл анау.
Староста "Мынау не деп отыр өзі?" дегендей, қасы-қабағын көріп, Бьяртур жаққа баяу ғана мойын бұрды. Ол аузын ашып, соз сөйлеуден әлі де сақтанып отыр еді. Оның орнына әйелі асығыс сұрақ қойды.
— Мен сенің мына өлеңіңді Роза бір қырсыққа ұшырап қалғаннан сау шығар деген үмітпен түсінгенім дұрыс болар, сірә?
— Қандай қырсыққа ұшырағанын тап басып айта алмаймын. Қалай десем екен, мен тұратын мекенде енді оның өзі де жоқ, көзі де жоқ.
— Біздің Розамызды айтасың ба? — деп тебірене толқып сұрады фру. — Сонда оның шынымен-ақ өлгені ме? Сен не айтып отырсың? Ол әлі он екіде бір гүлі де ашылмаған, жап-жас еді ғой?..
Бьяртур манадан бері алақанына салып отырған насыбайын барынша мұқияттылықпен мұрнына салып, құмарта иіскеді, темекінің иісі көзінен жас парлатты. Ол маңғаздана бас көтеріп, былай деді:
— Иә, ол жападан-жалғыз жатып, жан тапсырыпты.
Мына жаңалықты естіген староста орнынан қозғала тұрып, екі аяғын еденге түсірді де кереуеттің жиегіне жайғасып отырды. Ол аузындағы темекісін шайнауды әлі де қойған жоқ — оның қымбат бағалы сілекей-сөлін түкіріп тастауға әлі ерте деп санады.
— Алайда ең жаманы әлі бұнда ғана емес, — деді Бьяртур қайдағы бір пәлсапа соғып. — Ажал деген бәрімізге бірдей ортақ борыш қой. Оны бәріміз де әйтеуір бір өтейтін боламыз. Ажалдан қашып құтылатын адам жоқ. Оның тырнағына тіпті сіз де ілігесіз. Құдайдың аманатын тапсыруға жұрттың бәрі де қабілетті. Оның есесіне, өмір деп аталатын нәрседе қолымыздың қысқалығы көп жағдайда сезіліп қала береді... Өмірге жаңадан тіршілік иесі келіп жатады, ол өз әкесінің кім екенін білгенше асығып, ақымақ болады. Бірақ жас нәрестеге қамқорлық жасау үшін кейбір жағдайда оның әкесінің кім екенін айқындау да артық болмас еді. Сіздер маған сеніңіздерші, мен бұл жерге әйелімнің қайтыс болуына байланысты келіп отырған жоқпын — енді оны бәрі бір қайта тірілту мүмкін емес. Ал кінәсіз жас жетімек әрең-әрең тыныс алып, иттің бауырында жатыр. Құрметті фру, мен сізге осы жағдайға байланысты келдім. Маған керегі... Менің сізге бір өтініш жасағым бар.
— Жарқыным-ау, қысқартып айтшы, сонда маған не демексің? — деп сұрады фру. Оның жасанды күлкісі де, көзілдірік әйнектерінің арғы жағынан қадала қараған көздері де сұп-суық көрінді.
Ал староста түкіргішке еңкейіп, аузындағы сілекей-сөлді соңғы тамшысына дейін бір-ақ рет шырт түкірді. Аузында қалған темекі жапырағын тілінің ұшымен бір ұртына тығып қойды. Көзілдірігін кеңсірігіне түсіріп, қонағына оның өңменінен өтіп кетердей өткір көздерімен қадала қарады.
— Менің білгім келгені — сенің тұспалдап отырғаның не нәрсе өзі? — деп суырыла сөйледі ақын әйел. Егер сен әйеліңнің өліп қалғанын, ал нәрестенің тірі екенін айтқан болсаң, жұмбақтамай турасына бір-ақ көш. Біз жұрттың бәріне дерлік ақысыз-пұлсыз тегін көмектесетініміз сияқты саған да қол ұшын созуға әрқашан әзірміз. Өзіңе не керек — соны айт. Бірақ мен сенен бір нәрсені ерекше қатты талап етемін: бұдан былай маған да, менің отбасыма да көлеңке түсірерлік қайдағы бір ақылға қонбайтын, адам таң қаларлық түсініксіз тұспалдар айтып, сен де келме, басқа біреулер де келуші болмасын. Онда өз обалдарың өздеріңе!
"Сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма?" дегендей, барлық істің шешуін өз әйелі қолына алғанын көріп, старостаның жаны жай тапты да, үйреншікті әдетіне басып, ұзақ есіней бастады. Оның аузында темекінің сілекей-сөлі жоқ кезде әрқашан ұйқы қыса бастайтын әдетіне басып, қалғып-мүлгуге көшті, әңгіме тыңдаудан зерікті. Оның есесіне фру тыным таппай, тыпыршумен болды: Бьяртур барлық күмәнді бір-ақ сейілткенде барып, жаны жай тапты. Сөйтсе, Бьяртур шынында да Жазғы мекенде қарны ашып, шырылдап жатқан нәрестенің әкесі кім екенін анықтау үшін келмеген екен.
— Құрметті фру, мен жас нәресте туралы емес, жас қозылар туралы әңгіме айтуға шебермін, — деді ол, әлдебір кешірім сұрап ұялған жандай кейіппен — Мен мұнда сізге бір ғана өтінішпен келдім — әлгі қызылшақа жетімекке қорек болар аз ғана жылы сүт табылар ма екен? Мен қанша қажет болса, сонша ақысын төлер едім, әрине.
Түсініспеушілік күдігі толық сейілгеннен кейін фру өз өміріндегі ең үлкен әрі ең соңғы қуанышы қазіргідей қиын-қыстау күннің өзінде де әлсіздерге көмек қолын созуда, олардың аяқтарынан тік тұруына жәрдемдесуде, нәрестенің жаңа басталып келе жатқан өміріне қамқорлықпен қолдау көрсетуде деп білетінін мәлімдеді. Өйткені оның жомарт жүрегі тек қуанышты сәттерде ғана емес, қайғы-қасірет кезінде де шаруалар мүддесін көздеп соғатынын айтты.
ОН ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
ӨМІР
Старостаның әйелі құрғақ уәдемен шектеліп қалмады. Тап сол күнгі кеште ол өзінің үй шаруашылығын жүргізуші әйел Гудниді атқа мінгізіп, Жазғы мекенге жөнелтті. Оны жаяу Бьяртур ертіп кетті. Гудни өзімен бірге бірнеше бөтелке сүт, примус және жас нәрестеге қажет жаялықтар ала жүрді. Жол бастаған Бьяртур жетегіндегі ат жүретін қар үстінде сүрлеу салып отырды.
Гуднидің Жазғы мекенге келген бойда байқағаны мүңкіген сасық иіс болды. Қой қораның қабырғалары зәктеніп кетіпті. бұлінген балықтың иісі қолқаны қабады. Жоғарыдан мәйіттің иісі келеді және шамның қоңырсыған түтіні сезіледі. Білтесі кебуге айналған шамның жарығы болар-болмас қана қызарып, өшіп барады екен. Үй шаруашылығын жүргізіп машықтанған Гудни бөлмені жедел түрде желдетіп алуға нұсқау берді. Ол кереуеттің үстінде ұзынынан сұлап жатқан мәйітті көрпемен мұқият қымтап жапты да жас нәрестені қолына алуға жақындай берді. Бірақ оны иттің бергісі келмеді — өзі аштан-аш бүрісіп жатқан ит ырылдап айбат шеккен болды. Жас нәрестенің бейне бір туған анасы сияқты. Оны өзінің бүкіл денесін тосып қорғағансыды. Бірақ иттің оған соншалықты берілген адалдығын бағалаған адам болған жоқ. Ол тіпті Гудниді қауып алмаққа да әрекеттеніп көрді. Қарсыласып баққан итті желкесінен ұстап, сатыдан темен қарай лақтырып жіберуге тура келді. бұл кезде нәрестенің бойынан тіршілік белгісі білінуден қалып бара жатты. Гудни оны қолына алып, ары-бері айналдырып көрді. Басын төмен салбыратып та байқады, есік жаққа алып барып, бетін сырттағы желге тосып та қарады. Бірақ мұнысының бәрі де бос әурешілік болды: жарық дүниеге ешкімнің шақыруынсыз әрі қалауынсыз келген кіп-кішкентай қызыл шақа дене бұл әлемде өмір сүру құқығы жолындағы ерлігін де, ықыласын да біржола жоғалтқан сияқты.
Жас келіншек кезінде жесір қалған Гудни мына нәрестенің өлгеніне тіпті де сенгісі келмеді. Ол жалғыз әйелдің жалғыз үйлі хуторда, тау ішіндегі қақаған қарлы боран ұйтқып тұрғанда босануы дегеннің не екенін жақсы білетін. Гудни примусты жағып жіберді де, үстіне су толтыра кәстрол қойды. Бұл оның өз өмірінде жас нәресте үшін екінші рет су қайнатуға кіріскені еді. Су жылыған кезде ол нәрестені шомылдырып, оның бүкіл денесін жылы суға батырып ұстады. Мұрнына су кетіп қалмауын сақтықпен қадағалады. Нәресте жылы су ішінде осылай біраз уақыт жатты. Мұны көрген Бьяртур Гудниден: "Нәрестені пісіріп жегелі отырған жоқсың ба?" деп сұрады. Бірақ ол бұл сұрақты естіген жоқ. Жас нәрестеге тіршілік белгісінің қайта оралар түрі байқала қоймады. Содан кейін Гудни оны екі аяғынан ұстап, басын төмен қарата салбыратып, ауада бірнеше рет айналдырды. Бьяртурдың мазасы кете бастады. Жасалып жатқан әрекеттердің бәрін жіті бақылап жүрген оған бейкүнә бейшара нәрестені мұншалықты азапқа салудың ендігі жерде тіпті де қажеті жоқ шығар, енді тоқтату керек болар деген ой келді. Араша сұрауға бел буды.
— Сен, немене, оның екі аяғын бірдей жұлып тастамақпысың, сайтан алғыр-ау?
Бьяртурдың мұнда екенін, шамасы, енді ғана байқаған Гудни оған:
— Жоғал ары! Өзім шақырмайынша, мұнда келуіңе рұқсат етпеймін! — деді.
Сөйтіп ол Бьяртурды оның өз үйінен бірінше рет осылай қуып шықты. Басқа қандай жағдайда да ол мұндай ақылға қонымсыз өктем бұйрыққа бағынбай, қарсы шығып, өзінің Гудниге ешнәрсе де қарыз емес екендігін шегелеп тұрып есіне салған болар еді. Бірақ қазір ол өзін таяқ жеген төбеттей сезініп, әлгінде Титла лақтырылған текпішек сатымен, ешнәрсе сездірмей, төмен түсіп кетті. Ол қорадағы қараңғы қапаста не істерін білмеді. Толып жатқан қиыншылық атаулының бірінен соң бірін басынан кешірген ол әбден қажып бітті, өзін-өзі жеке басының еркі жоқ, бәріне тәуелді, бұл өмірге мүлде қажеті жоқ әлдебір басы артық адам сияқты сезініп, әбден қорынды. Оған тіпті мынадай да ой келді: бұл өмірде тірі адамдар, өлген адамдарға қарағанда өздерінің мүлде қажетсіз басы артық адамдар екенін кей-кейде іс жүзінде көбірек сезінеді екен-ау. Ақырында жинаулы тұрған шөмеледен бір құшақ пішенді жұлып алып, еденге төседі де бейне бір бұралқы ит сияқты бүк түсіп жата кетті. Қалай дегенде де ол тап қазір өз үйінде ғой.
Таңертең Бьяртур жас нәрестенің іңгәлап жылаған даусынан оянып кетті. Ол жоғары көтерілген кезде ерлі-зайыптылардың төсегі үстінде нәрестені қос тізесінің арасына алып отырған Гудниді көрді. Ол кеудесінің түймесін ағытып жіберіп, нәрестені өз кеудесінің қызуымен жылытып отыр екен. Ал оның қарсы алдындағы кереуетте Бьяртурдың қайтыс болған әйелі, жас нәрестенің туған анасы жатты. Гудни бір шымшым жүнді матаға орады да бөтелкенің тығыны етіп, емізік жасады. Содан соң емізік соруды үйрете бастады. Бьяртур бөлменің ортасына жете бере тоқтады да, мына көріністі қысылып-қымтырыла тамашалады. Оның бойында әлдебір ұялшақтық сезімі оянғандай болды. Содан соң оның жел қаққан сақалды жүзі мен қызара ісінген екі көзінде қуаныш күлкісі ойнап шыға келді.
— Міне, сенің қызың. Аман-сау. Өмірге қайта оралды! — деді Гудни, жас нәрестені қалай тірілтіп алғанына айрықша мақтанып.
— Аман қалғанға ұқсайды, — деді Бьяртур. — Бейшараның көрер жарығы бар екен ғой!
Ол Гуднидің тізесінде жатқан әлі әлсіз, нәзік жаралған, жұдырықтай ғана жанды сүйсіне тамашалап, қызыға қарап шықты.
— Бұл нәрестені бірден тәй-тәй басып, шауып кетеді деп ойлауға болмайтын еді, әрине, — деді Бьяртур, біртүрлі кешірім сұрағандай. Тәңір жарылқасын, өзің-ақ айта қойшы, адам баласын мұндай кезінде көру қандай аянышты еді!
— Ah, қандай сүйкімді сәби, — деді Гудни, нәрестені маңдайынан мейірлене сипап. — Енді саған әкең қандай әдемі ат ойлап табар екен?!
— Әрине, қалай дегенде де, мұның, кіп-кішкентай нәрестенің әкесі, енді, әрине, мен боламын ғой. Бұған ең әдемі ат тауып қоямын.
Гудни аз-кем үнсіз қалды. Ол нәрестенің аузына емізік салды да әлдилей бастады. Бьяртур бұларға аз ғана қарап тұрды да өзінше әлдебір нәрселерді ойлап болып, ақырында батыл шешіммен үн қатты:
— Бәрі де жақсы болды! — Ол дию-перінің күлін көкке ұшырарлық, құс басқан күшті де тұрпайы қолымен нәрестенің бетін сипаған болды. Сөйтті де: — Мен бұған Ауста Соуллилья* деген ат қоямын.
Бьяртур бұл кіп-кішкентай тіршілік иесінің ешкімі де жоқ екенін бір түрлі мақтаныш еткендей болып, ендігі жерде онымен қайғыны да, қуанышты да бірге бөлісуге біржола батыл бел буды.
— Бұл туралы енді қайтып сөз етпейтін боламыз, — деді ол, бейне бір өзінше тіл қатып.
Бьяртурды күтіп тұрған машақаты мол әрекеттерді айтып тауысудың өзі де қиын еді. Өйткені қойлар Утиредсмириде қалып қойды. Әйелін жерлеудің қамын ойластыру керек. Табыт табу қажет. Пасторды шақыру, мәйітті жерлеушілерді қабылдау, қалаға барып қайту, ас беру сияқты шаралар бастан асады.
— Қымбатты Гудни, — деді Бьяртур, — менің саған бір өтініш айтқым келеді: сен менің қамыр илеуіме жәрдемдесе аласың ба? Асқа арналған бәлішті барынша мол пісіруіміз керек. Оған мейізді де, әлгі дөңгелек ірі қараны — сендер қалай деп атаушы едіңдер, алхор ма еді? — соны да аямай қоса бер. Үнем жасаймын деп әуре болма. Ақысын жақсылап төлеймін. Құймақ та жетіп артылатын болсын. Жұрттың бәрі тойғанынша емін-еркін жесін. Мен әйелімнің асынан ешнәрсені де аямаймын, қонақтарды кейбіреулер сияқты дәмсіз быламықпен шығарып салуды қаламаймын.
ЖИЫРМАСЫНШЫ ТАРАУ
МАШАҚАТЫ МОЛ ӘРЕКЕТТЕР
Жазғы мекенде әлдебір сиқырлы елес күштердің жүгенсіз қылықтары қайтадан басталғанына жұрттың ешқандай күмәні қалмады. Гудни онда жалғыз болмауы үшін өзіне серік қызметкер іздеді. Розаның өлімі туралы алып-қашпа әңгімелер тарады. Ондай әңгімелер Жазғы мекеннен қаншалықты ұзаққа жеткен сайын соншалықты үрейлі, қорқынышты бола түсті. Жұрт оларға құлай сенді. Өйткені бұл хутор тұрған жер туралы жаман атақ ертеден бері кеңінен мәлім болатын. Хутордағы алғашқы жылдың өзінде мұндай сұмдық басталса, болашақта бұдан да масқара оқиғаларды күту керек шығар деген күдік күшейді. Шіркеу қауымы кеңесінің төрағасы бірде поселкеде Бьяртурмен кездесіп қалған кезде оған мынадай емеурін танытты: "Қазір бізде бір қызмет орны кез келген күні босағалы түр. Келемін десең, ойланып көр, Бьяртур. — Сенің хуторыңдағы қазіргі қиын жағдайдың, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір кезде бүкіл қауым тұрғындарына қауіп төндіретінін ұмытпа. Өзің бойдақ қалдың, қолыңда жетімек жас нәрестең бар — ендігі көрер күнің не болмақ? Жұрттың айтуына қарағанда, Утиредсмири қожайындарының жас жетімек нәрестені өз тәрбиесі мен қамқорлығына алуы туралы өтініш жасасаң, оған құлақ асып, күп алатын түрі бар. Тіпті әдеттегідей ақы да сұрамайтын көрінеді. Бірақ саған қояр жалғыз шарты оларға өз иелігіңдегі жерді қайтарып беру екен.
— Мен айтар едім: бұл ұсыныс саған өте-мөте тиімді, — деді төраға, сөзін түйіндей келе.
Бьяртур Утиредсмири қожайындары, мұның өзіне тікелей айтпаса да, басқа біреулердің аузымен ұсыныс жасағанына қарағанда, мұнда бір құйтұрқы сыр болуы керек деп ойлады.
— Сіздер, бастықтар, — деді ол, — балаларды Утирдсмириге тәрбиеге беруді тиімді деп санайтын болуларыңыз мүмкін. Ал мен олай деп ойламаймын: Керісінше, тым қымбатқа түседі. Мұны өз басымнан өткізген тәжірибеден білемін. Мен олардың тәрбиесінде он сегіз жыл бойы болдым емес пе? Ал қазір, өз еркім өзімде, ешкімге тәуелсіз болған, еліміздің азат азаматына айналған кезде, өз балаларымды өзім тәрбиелеп, адамдар мен Құдай алдындағы борышымды адал орындайтын боламын. Оларды басқа біреудің тәрбиесіне бермеймін.
— Мынадай да жағдайдың болуы мүмкін ғой, — деді шіркеу қауымы кеңесінің торағасы. — Сен қаншалықты күш сала қиналсаң да қарызыңнан құтыла алмасаң ше? Әсіресе иен далада шоп шабу үшін қызметкерлер жалдаған кезде қайтпекшісің? Сонда сенің өз еркің өзіңдегі тәуелсіз бостандығыңның не тамтығы қалмақ?! Ал өз басың қызметке кіріп алсаң, жағдайың жақсарып сала берер еді.
— Мен өз отарыма ие болу және жер сатып алу құқығына қол жеткізу үшін он сегіз жыл өліп-талып жұмыс істедім. Өзіме сарай салып алдым. Рас, ол корольдер тұратын, әшекейлі мәрмәр тастар мен порфирден салынбаса да сарай деген аты бар ғой әйтеуір. Оның іргетасын қалау үшін он сегіз жыл еңбек еттім ғой. Әзірше мен шіркеу қауымына да, көпестерге де ешқандай қарыз емеспін Ал старостаға жерім үшін жарнамды мұқият төлеп келемін. Сондықтан да менің үйім де сіздің немесе старостаның үйі сияқты "өзі үйім, кең сарайдай боз үйім". Менің старостаның балаларында ешқашан жұмысым болған емес. Олардың кімнің фамилиясын алып жүргеніне де мән бермеймін — ол жөнінде шу көтеріп те жүрген жоқпын. Оның есесіне мен старостадан бір нәрсені батыл талап ете аламын: менің жеке басымның ісіне араласпасын, артына қарап, жайына жүрсін! Мен баламды қалай шоқындырамын, оған қалай деп ат қоямын — онда жұмысы болмасын! Старостаға да, басқаларға да тап осылай деп сәлем айтыңыз.
Сол күні Бьяртур Стадурда тұратын пасторға кетті. бұл оны осы шіркеу қауымындағы қойдың тамаша тұқымын ойлап шығарғаны үшін қатты құрмет тұтатын. Бьяртурдың ішке кіруін өтінді: бөлмені темекінің көк түтіні қаптап алыпты. Пастор ерсілі-қарсылы тынымсыз адымдап жүр екен. Шамасы, не діни уағыз айтуға, не өзінің шаруашылық есебіне дайындалып жүрген болуы керек. Ол өте сирек кідіріп, одан да сирек отырды. Пастор толық денелі, шашы қудай аппақ, мұрны көкшіл тартқан, қазымырлығы мол әрі іскер қарт еді. Ол қашан болса да бір жаққа асығып тұрғандай болып, аса бір менмен маңғаздық танытуды ұнататын. Шыққан тегі атақты да күшті . Оның жас кезінде оңтүстік жақта өзіне қарасты шіркеу қауымы болатын. Бірақ өз өмірінің басым көпшілігін осында өткізіп келеді. Уақыт өте берді, пастор дәулетті әрі шаруаға бейім адам болып шықты. Соған қарамай, шаруалар қатысып отырған кездің бәрінде де жер бетіндегі өткінші игілік атаулы туралы барынша жеркенішпен әңгімелейтін, ауыл шаруашылығы туралы өзінің білгенінің бәрін де жасырын ұстайтын. Пастор әдетте ісі басынан асып жататын адамдардың басым көпшілігі сияқты өте аз сөйлейтін. Өзімен әңгімелесіп отырған адамның айтқан сөздерінің бәрін де қисыны жоқ сандырақ бір нәрсе деп қабылдайтын. Пікір айтуға келгенде тым қатал еді, әңгіме не туралы болса да оз айтқанынан қайтпай, қырсығып отырып алатын. Бірақ ол пікірінен өзгелер келіскеннен кейін тез қайтатын. Пастор адамдарға мейлінше аз сеніп, одан
Кім туралы болса да жылы лебіз ести қою өте қиын еді. Бұл ретте ол тек Дания королінің отбасы мүшелерін ғана жоғары бағалайтын. Оларды барынша талантты әрі қайырымды жандар деп білетін. Әсіресе принцесса Августаға табына бас иетін. Оның портреті мұның жұмыс кабинетінде ұдайы ілулі тұрады. Алайда ол принцесса өмірден әлдеқашан озған болатын. Пастор өзіне қарасты шіркеу қоғамы мүшелерінің мінез-құлқының тазалығына сене бермейтін. Егер бұл туралы сөз бола қалса, тек тұманды бұлдыр тұспалдармен ғана шектелетін. Өзі осы қоғамға келгелі бері құпия қылмыс түрлері көбейіп кетті деп ойлайды. Жалпы жұрттың пікіріне қарағанда, пастор Гудмундур басына қайғы-қасірет түскен адамдарға көмек қолын созудан ешқашан тартынбайды. Ол біреудің біреуге ұрсып жатқанына да немесе біреуді біреудің мақтап жатқанына да шыдай алмай, шыр-пыр болады. Әдетте Құдайға сене бермейтін адамдар арасында дін туралы барынша байсалды ыждағаттықпен ұзақ уағыз айтуды ұнататын. Ал дінге құлай сенетін адамдар арасындағы әңгімесі бәлендей тақуалық сипатта бола қоймайтын. Діни уағыздары бір-бірімен тығыз байланысты бола бермегендіктен, кей-кейде тіпті түсініксіз болып кететіндіктен тыңдаушы муридтері пастор Гудмундурдың айтқандарына онша сенбейтін.
— Сенің тағы да хутор аралап, сенделіп жүрісіңе жол болсын? — деді пастор Бьяртурға, әдеттегі қазымырлық қылығына басып. Сөйтті де жанынан жылдам жүріспен өтіп бара жатып қолын ұсынды. Қорқорын құшырлана сорып, түтінін будақтатып өтті. Көкала түтін шауып бара жатқан аттың артында қалатын қою шаң сияқты Бьяртурдың төбесіне будақ-будағымен үйіріліп, төне түсті.
— Менің хутор аралап, сенделіп жүргенімді қашан көріп едіңіз? — деп сұрады Бьяртур. — Бірақ мен бұл жолы поселкеде болғанымды және шіркеу қоғамы кеңесінің төрағасымен жолыққанымды жасырмаймын.
— Тьфу, қойшы сол қауым кеңесінің төрағасын! — деп, пастор жеркеніш білдірді де, пеш жанында көмір салулы тұрған шелекке түкіріп өтті.
— Біз онымен едәуір әңгімелестік. Мен өзіме-өзім былай деп сұрақ қойдым: осы біз екеуіміздің қайсымыз бостандықта, ерікті болуды жақсы көреміз. Соны сұрау үшін сізге, пасторға, арнайы бұрылдым.
— Бостандықты? Осылай дедің бе? — деп қайталап сұрады пастор. Ол жүрісін кідіртіп, Бьяртурдың бетіне кішкентай көздерін қадап, тесіле қарады. Қандай бостандықты жақсы көретінін түсіндіруді талап етті.
— Мен кедейлерге керек бостандықты айтамын.
— Ал, меніңше, бостандық дегеннің байларға да, кедейлерге де керегі жоқ, — деп асыға-үсіге жауап берген пастор тағы да ілгері жүріп кетті.
— Өзіңіз қараңызшы, — деді Бьяртур, — менің және шіркеу қоғамы кеңесінің арамыздағы түсініктің арасындағы айырмашылық мынада: мен әрқашан бостандық беруді талап етумен келемін, ал ол біздің қай-қайсымызды да жерге тәуелді етіп қоймақшы.
— Біздің жолымызда өзін-өзі құрбан етіп, азап шеккен Құтқарушымыз берген бостандықтан өзге бостандықтың болуы мүмкін емес, — деді пастор, аузы аузына жұқпай жылдамдата сөйлеп. Оның сөз мәнері болар-болмас аз ғана бір нәрсе сатып алғысы келіп тұрған адамға "Менде кенептен басқа мата қалған жоқ" деп менсінбей қарап, одан құтылғанша асыққан төзімсіз саудагердің қылығын еске салды. — Бұл жерде мәселе ертедегі ғұламалардың жазып кеткендегісіндей екен. — Сөйтті де әлдебір түсініксіз басқа тілде дәйектеме келтірді. Содан соң былай деп сұрақ қойды: — Бостандық дегеніміз не өзі? Иә, өзім де ойлаушы едім, сені бұл жөніндегі түсініктен мақұрым болар деп. Бірақ сенің тау етегіндегі өз хуторыңда өзің емін-еркін тұрып жатқаныңа қарсы екен деп ойлап қалып жүрме. Ол жер саған өте-мөте жайлы да қолайлы. Бұрынғы ата-бабалар айтып кеткендей... — Осы жерге жеткенде пастор тағы да түсініксіз және бір бөгде дәйектеме келтіріп өтті.
— Қымбатты пастор, мен сізбен ежелгі еврейлер тілінде пікір таластыра алмаймын, — деді Бьяртур. Маған басқа біреулердің не айтып, не қойғанының бәрібір, оған мән бермеймін. Ал, қой мәселесіне келетін болсақ, оны ешкімнен кем білмеймін деп айта аламын. Мен сіз шығарған қой тұқымының осы өлкеге коп пайда келтіргенін де жақсы білемін.
— Қарғыс атсын соларды! — деді пастор, тоқтаусыз жүріп бара жатып. Көп пайда келтіріпті-міс. Солай ма? Әрине, қарнының қамын жеп, құлқынына құл болғандар үшін "пайдалы болған" шығар. Бірақ олар бұған мәз болмауы тиіс, қайта ұялуы керек емес пе?
— І-ім, Тауратта қойды Құдай жіберген құрбандық — Көк қошқар демеуші ме еді?
— Жоқ, олай емес, — деп жауап қатты пастор. — Мен Таураттағы қойды Құдай жіберген құрбандық — Көк қошқар еді деп түсіндіруге қарсымын. Бұл жерде мен қойды да Құдай жаратқан дегенді жоққа шығарғалы отырған жоқпын. Бірақ Құдай иеміз қойды өзге жануарлардан артық көреді-міс дегенге үзілді-кесілді қарсымын! — Ол азырақ үнсіздіктен кейін біртүрлі айып таққандай үнмен былай деп қосып қойды: — Тау мен тасты, елсіз иен даланы кезіп, қой соңынан жүгірудің не қажеті бар? Сонда тұрған мән-мағына қайсы?
— Мен ағымнан жарылып, шын жүрегімнен шыққан шынымды айтар болсам, онда біз екеуіміздің қой туралы пікірлеріміз бір-бірінен тіпті де алшақ кетпейді. Мен сияқты оқымаған адамнан күтуге болатын алшақтықтан әлдеқайда аз. Шынымды сізге айтайын, пастор Гудмундур, мен бұл жерге аса бір маңызды мәселе жөнінде ақылдасқалы келдім. Көптен бері ойымда бар, тіпті түсіме де кіріп жүрген мәселе еді. Сондықтан менің сізден сұрайын дегенім... сіз күзге қарай маған бір ісек қошқарыңызды сатпас па екенсіз? Құдай қаласа, ақысын қолма-қол, нақты төлейтін боламын Қажет болған жағдайда, Құдайдың қолдауымен, сіздің көпестегі есебіңізге ақшалай аударуыма да болады.
Бьяртур пастордың тікелей шабуылға шығуына сылтау қалдырмау үшін тақуалық тәртіп пен "қарынның қамын ойлап, құлқынның құлы болудың" қақ ортасындағы қолайлы қағиданы табуға бар күшін жұмсап бақты. Бірақ бұл әрекеті іске аспады. Пасторды қандай амал-шарғымен болса да алдап түсіруге болмайтын еді.
— Ақша аударуыма да болады? — деп, жақтырмаған ашулы сарынмен сұрақ қойды. — Құдай үшін өтініп сұраймын: маған арнап ақша аударудың қажеті жоқ. Менің аға қызметшіммен сөйлесіп көр..
— Менің өзіңізбен келісіп алмай тұрып, қызметшіңізбен сөйлесуге құқығым жоқ қой.
— Егер кофе ішкің келсе, бірден айт, — деді пастор. — Құдайдың өзі куә, менде арақ жоқ.
— Мен арақ жоқ жағдайдың қай-қайсысында да кофеден бас тартып көрген емеспін. Өмірін арақсыз өткізуге тура келген мен сияқтылар аз емес, өте көп.
Пастор кофе қайнатуға тапсырма беру үшін ас үйге шығып кетті. Аздан соң темекісінің түтінін үздіксіз бұрқыратып қайта оралды — төбесінде түйдек-түйдек түтін үйірілді.
— Сен тек қана цикорий алатын боласың, — деді пастор. — Айтпақшы, мен сенің өз жаныңды о дүниедегі азаптан құтқарудың қамын жеп жүргеніңді ешқашан байқаған емеспін. Сендердің қай-қайсың да тау ішінде сенделумен жүріп, кешірілмес бейқамдыққа бой алдырып қана қойған жоқсыңдар, ежелгі надандықтарыңның салдарынан белшелеріңнен күнәға батып тынғансыңдар. Онымен де қоймай, адамды қалай болса солай алдап кетуді ойлаудан шаршамайсыңдар.
Пастордың сәнді киінген қыздарының біреуі қош иісі бұрқыраған кофе құйылған үлкен мыс шәйнек, әдемі суреттер салынған фарфор кеселер, әр түрлі сортты пирожныйлар, қант және қаймақ алып кірді. Пастордың қызы Бьяртурды танып, оның Жазғы мекенінде өзіне және жанындағы бірге барған достарына шын жүректен жақсы қабылдау жасағаны үшін алғыс айтты. Ол тіпті Бьяртурдың өткен жазда қолма-қол суырып салып шығарған өлеңдерін де есінде сақтапты, әлі күнге дейін ұмытпапты. Оны Бьяртурдың құрметі үшін жатқа соғып, оқып та берді. Пастор ол өлеңдерді ықылассыз тыңдады да өзінше әлдебір нәрселерді міңгірледі.
— Тьфу, — деді ол. — Мұның бәрі қай-қайдағы былапыт нәрсе ғой. Латын тіліне аударуға келмейді. Сен бара бер, Гунса, бұл жерде саған қарап тұрған ештеңе жоқ.
Қыз шығып кеткен бойда пастор еңкейе түсіп, жазу үстелінің тартпасын тартып, жәшігін ашты да мойнына дейін дерлік толтыра арақ құйылған құтыны суырып алды. Сөйтті де оның тұтас бір стақанын шәйнектегі кофеге араластырып жіберді. Содан соң кофені фарфор кеселерге құя бастады. Бьяртур пасторға және кофеге деген құрмет білдіріп бір ауыз сөз де айтқан жоқ. Екеуі кофе іше бастады. Үшінші кесені ішіп болғанда Бьяртурдың маңдайынан шып-шып тер шықты.
— Іш, досым, іш, — деді пастор. — Мынадай ауа райында әйелдер сені кофеге қансын деп сыйлады емес пе?
— Мен қазірдің өзінде үш кесе ішіп қойдым, — деп, сыпайылық танытты Бьяртур.
— Қайдам, мен өзім күніне отыз кеседен кем ішіп көрген емеспін, — деді пастор оған жауап ретінде. Сөйтті де біресе Бьяртурдың кесесіне, біресе өзінің кесесіне кофе күюмен болды. Сонымен әрқайсысы алты кеседен кофе ішіп, үлкен шәйнекті де босатты. Бьяртурдың маңдайынан да, екі самайынан да ірі-ірі тер тамшылады. Ол кеседегі әшекейлі суретті тамашалай отырып, былай деді:
— Мына еріккен қыздар тым тәуір екен-ау, өзі. — Ол кесенің сыртындағы жапон қыздарының суретін айтып еді. — Менің Жазғы мекеніме жүздерінде ғажайып күлкі ойнаған перизат қыздардың суреті салынған әдемі кеселер жеткенше қай заман десеңізші! Міне, солай, қымбатты пастор, — деді ол, маңдайының терін жеңімен сүртіп жатып. — Ал бұл екі арада менің өмірімнің ұйқы-тұйқысы шығып бітті. ... Әйелім, айтпақшы, өткен көктемде некемізді өзіңіз қиған әйелім, қайтыс болды.
— Не дейді? Қалай қайтыс болды? — деп әлдебір күдікпен сұрады пастор. — бұл жерде менің қандай кінәм бар? Ешқандай қатысым жоқ қой!
— Әрине, ешқандай кінәңіз де, қатысыңыз да жоқ. Менің айтайын дегенім, тіпті басқа нәрсе еді, — деді Бьяртур болған оқиғаға пастордан барлық жауапкершілікті түгел алып тастағандай сыңаймен. — Ол бейшара табиғи өз ажалынан қайтыс болды, шамасы. Қансырап қиналғаннан өлген болуы керек. Мен бұл сұмдықтың қалай болғанын жақсы білемін. Оны қойыңызшы, тұқымын өзіңіз шығарған қойдың бір жасар тоқтысы Гудлбрау қайда құрып кетті десеңізші!.. Адамның ақылына қонбайтын нәрсе! Ол қорада байлаулы қалған. Содан із-түзсіз жоқ. Бұл оқиға өткен күзде, таудағы қойларды алғашқы қаумалап айдап қайтқан кезде болған еді... Мен Гудлбрауды үйде қалған әйеліме серік болсын, бір мезгіл оның көңілін ауласын деп тастап кеткенмін...
— Бұл жайында мен ештеңе де айта алмаймын, — деп, өте салқын үн қатты пастор. — Өзің білесің, мен қой ұрлаумен айналыспаймын ғой. Менің сенен өтініп сұранарым — мені бұл іске араластыра көрме.
— Жалпы алғанда менің бір тоқтамға келіп, батыл бел бууым керек қой, — деп, ойға шома жауап қатты Бьяртур. — Тым болмаса әйелім жөнінде. Енді не істеуім керек?
— Бұл ретте мен саған дәл қазір-ақ басқа бір әйелді айттыра аламын. Мінезі жібектей жұмсақ. Айтқаныңды екі етпейді, көнбіс қыз. Бірақ өзімен бірге тұратын кемпір шешесі бар. Тәуекел етемін десең, қабырғаңмен кеңесіп, ойланып көр. Кемпірдің бір қасиеті — псалтырды түгелдей жатка соғады.
— Әуелі әйелімді жерлеп алғаным жөн болар, — деп, әдеппен тіл қатты Бьяртур.
— Ой, осы жерлеу дегеннен жек көретін нәрсем жоқ, — деп ескертті пастор.
— Мәселе мынада болып түр, марқұмды жерлемей тұрып, хуторда ешкімнің де қалғысы келер емес. Адамдардың ақымақтығында, қайдағы бір жоққа сене кетуінде шек жоқ қой.
— Сендер оны уақытша, ең болмаса көктемге дейін өздерің жерлей тұрсаңдар да жарайды ғой. Мен мынадай ауа райында биік тауға көтеріле аламын деп уәде етуге де жарамаймын. Мен әбден қалжырап, қажып біткен қартпын. Туа біткеннен өкпем жарым, бәлкім тіпті бауырымда қатерлі ісік те бар болар. Оның үстіне, сенің әйеліңнің ажалы неден болғаны да анық емес, әлі дәлелденбепті. Сендер, сол аңғардың тұрғындары, біздің әйелдеріміз өзіміз тауда қой іздеп жүргенде ана дүниеге аттанып кетіпті деп айта салудан ешқашан тайынбайсыңдар. Ал, менің білуімше, әйелдерге де қойдың күтімі сияқты қамқорлық жасалуы тиіс. Тіпті де кеш болмауы керек. Өзімді қатал тағдырым айдап келіп, осы өңірде өткізген отыз жыл өмірімнің барысында мұнда кездескен сан-алуан ажал түрлері туралы ерінбей-жалықпай, егжей-тегжейлі ұзақ әңгімелер айтып бере аламын. Егер өз мүридтеріме жаным ашымайтын адам болсам, толып жатқан қылмысты сұмдықтың бетін ашып, дәлелдеп берер едім. Оның үстіне, өзіміздің іріп-шіріген өкімет орындарымен шатасып, айтысып-тартысып жатуға мұршам жоқ. — Әбден қартайдым, қалжырап біттім. Өйткені біздің өкімет нағыз ірі ұрыларды, әзәзіл бұзық арандатушыларды, тіпті кісі өлтірушілерді, ешқашан саусақпен шертіп те жазаламайды. Қайта маңдайларынан сипап, босатып қоя береді.
— Дегенмен де сіз менің Розамнан әлдеқайда күмәнді жағдайда өлгендердің талайын жерлегеніңіз өтірік емес қой.
— Иә, солай да шығар, — деп ауыр күрсінді пастор. — Бірақ қазір мен, "бір аяғым жерде, бір аяғым көрде" дегендей, ажал аузында тұрмын ғой. Ауруым асқынып кеткен...
— Менің сізден өтініп, жалбарынып сұрайтын бір-ақ нәрсем бар
— Егер ауа райы қатты бұзылып кетпесе, Редсмириге келе қойыңызшы.
— Редсмири шіркеуіндегі күрек сынып қалған. Құдай-ақы солай, — деді пастор, қайдағы бір болмашы сылтауларды бірінен соң бірін шұбырта тізіп. — Егер бүтін күрек болмай, әлдебір сынық нәрсенің қалдығы ұсынылса, онда мен марқұм Розаның қазіргі тағдыры үшін жауапты бола алмаймын. — Қиямет күні де, одан кейін де, кепілдік бермеймін. Ал сен, байқаймын, менен марқұмға қатысты бірнеше жылы сөз айтып, лебіз білдіруімді талап етпексің. Ондай лебіздің мынадай ауа райында не қажеті бар? Өз басым түсінбеймін. Оның үстіне, айта берер сөз де қалмады.
— Ұзақ сездің өзі де қажет бола қоймас, — деді Бьяртур.
— Бәлкім, мұндай сөзді редсмирилік ақын әйел айтар? — деп ұсыныс жасады пастор. — Былтырғы көктемде суырылып сөйлеп, тоқтамай қойып еді ғой. Енді қара күзде сөйлемейтіндей не көрініпті оған?
— Сізден жасыратын не сырым бар менің? — деді Бьяртур. — Өз басым ол әйелдің сөзіне илана қоймаймын. Сізге енді айтайын, сол көктемде сөзді өзіңіз-ақ сөйлегенде дұрыс болатын еді. Дегенмен де мен, шынымды айтсам, жалпы алғанда, ондай сөздердің, әсіресе ұзақ сөздердің ешқайсысына да сенбеймін.
— Алайда мен сөйлер болсам, ұзаққа сермеймін, көп сөйлегеннің көкесін танытамын, — деп жауап қатты пастор. — Өйткені сөз сөйлей бастаған кезде толып жатқан ойлар бірінен соң бірі іркілмей ағылып келе береді, келе береді. Ондайда өзіңді-өзің қалай тоқтатарсың, бәрін де — адамдардың бір-біріне деген өзара қарым-қатынасы туралы да, шіркеу қауымына деген көзқарасы туралы да қалай айтпай кете аларсың!..
— Бұл өзі қалай қарауға байланысты. Кейбіреулердің ойынша, соз аз болса, жауапкершілік те кем. Бірақ, маған салса, бәрібір, не айтсаң да бола береді, тек марқұмның атына жаман сөз айтылмауы тиіс. Ең бастысы — сөзді пастордың өзі дер кезінде және тиісті орында сөйлегені. Олай болмаса, кімнің аузына қақпақ қоярсың? Кім көрінгеннің тілі қышып, ойларына келгенін соға береді: мені жарытып сөз сөйлеуге жөнді тапсырыс та бере алмапты деуі ғажап емес. Ал мен ондай қорлыққа төзе алмаймын. Өйткені өз еркі өзінде, ешкімге тәуелсіз дербес адам деген атым бар. Әйелім де өзім сияқты тәуелсіз, дербес адам болатын.
— Сонда сен ондай соз үшін қанша ақы төлей аласың?
— І-ім... Бұл жөнінде өзіңізбен келісіп алуымыз керек сияқты. Менің ойымша, сіздің маған деген берешегіңіз бар болуы керек. Есіңізде ме, өткен көктемнен қалған еді ғой. Сол қарызыңызды өтегеніңіз жөн-ау деп санаймын. Тегі қарызды өтеуді тым кешіктіре бермеген дұрыс.
— Жоқ! Олай деме! — деп, пастор үзілді-кесілді қарсы болды. — Мен сенің өзіңмен небәрі бір жаз бойы ғана некеде тұрған, оның үстіне, күтпеген жерден өліп қалған әйелің туралы соз сөйлемеймін. Менің бұл істі ушықтырмағаным үшін Құдайға мың да бір мәрте шүкір де. Біздің былай деп келіскеніміз жөн: мен неке қияр кезінде сөзді тегін айтқан боламын. Ал ондағы сөздің орнына марқұмды жерлеу кезіндегі созбен ауыстыру жөніндегі мәмілеге бара алмаймын.
— Мен былай деп ойлаймын, қымбатты пастор: менің әйелімді жерлеу кезінде де сіздің сөз сөйлеуіңізді талап етуге заңды құқығым бар. Рас, Роза қосағымен қоса ағаратын күнге дейін өмір сүре алған жоқ. Бірақ ол қалай дегенде де менің әйелім. Оның үстіне, христиан қызына тән ғажайып мінез-құлқымен жақсы әйелім бола білді ғой.
— Ол христиан дінінде ме еді өзі? — деп, ашу шақыра тіл қатты пастор. Өйткені ол, кім де болса мейлі, біреу туралы айтылған мақтау сөзге төзе алмайтын іші тар адам болатын.
— Иә, христиан дінінде болатын, — деді Бьяртур. Пастордың қайткен күнде де көңілін аулап, ықыласын аударуға құштарлық танытпақ болып. Бәлкім, шын мәніндегі христианка бола қоймаса да оған өзінше ұқсап бағуға барынша тырысатын еді.
— Міне, мұның жаңалық екен. Бұл жақтағы адамдар шынында да христиан болуға бет бұра бастапты, — деп, пастор қызбалықпен тіл қатты. — Ал Рангарвальд округының тұрғындарын дінді қатаң ұстанатын шын мәніндегі тақуа жандар деуге әбден болады. Ондағы әрбір екінші хутордан кем дегенде бір әулие немесе пайғамбар адамды кездестіресің. Ал мен мұнда қуғын-сүргінде жүрген отыз жылдың ішінде шынайы христиан сезімі бар, Құдай алдында құлшылық етіп, өзінің күнәлі ісіне өкініп жүрген бірде-бір жөні түзу адамды кездестіре алған жоқпын. Қайда қарасаң да қаптаған қылмыстан, жүрек айнытарлық ауыр қылмыстан көз аша алмайсың... Он төрт адамның өлімін, толып жатқан тастанды балаларды көрдім. Ал қасақана түсік жасау туралы сөз етпей-ақ қояйын.
— Жарайды, ол жайында мен ешнәрсе білмеймін. Білетінім — бір-ақ нәрсе: өз әйелім өте жақсы адам еді. Ол Құдайға да, адамдарға да жан-тәнімен беріле кәміл сенетін. Бірақ онысын жұртқа жария етуді ұнатпайтын. Егер сіз менің әйелім туралы соз сөйлейтін ниетіңіз бола қалса, онда, Құдай үшін деп айтайын, тек қана әлдебір жақсы сөз айта көріңіз. Өйткені мен оны өте жоғары бағалаушы едім.
Күйеуімен небәрі бір жаз ғана тұрып, қайтыс болып кеткен қатардағы әйелдің атына артық айтылған бұл әсіре мақтауды пастор Гудмундурдың әдеттегісінше жоққа шығаруына қарапайым әдеп сақтау ережесі мұрша бермеді. Бұл жолы ол шешенсіген әрі ғибрат айтқансыған ділмарлықпен әлденеше ишарат жасап, принцесса Августаның ілулі тұрған портретін нұсқап, мынадай сөздерді айтумен ғана шектелді:
— Егер сен әйел атаулының, соның ішінде ғажайып принцессаның, адамгершілігі мол әйелдің үлгісі бола алатын жанды көріп-білгің келсе, ол, міне, көз алдыңда тұр. Ал сендер, түкке тұрмайтын аянышты адамсымақтар, бұл періштелердің қасиеттері туралы ойландыратын аз да болса бір нәрсе біле алсаңдар, сол да жетіп артылар еді. Сендер, өздеріңнің шама-шарықтарыңа қарамай, ізгі ниетті қасиетті рухтың алдында өздеріңнің биттеп кеткен бастарыңды июге әрқашан арланған боласыңдар. Былайша алып қарағанда, сендер өздеріңнің кінәларыңнан және ішек құрттың салған әлегінен әр көктем сайын қырылып жататын қой құрлы жоқсыңдар, сана жағынан олардан да төмен деңгейде қалып қойғансыңдар. Ештеңе ойламайсыңдар. Ал король Христианның балаларын күн сайын таңғы сағат алтыда оятатын тамаша тәртіп болған — олар, балалар, ауа райының қандай екеніне қарамай, Құтқарушы иемізбен рухани сұхбаттасудан жалықпаған. Олар сарайдағы шағын шіркеуде ондағы дін қызметкері аштан бұралып, дауысы қырылдап, жөнді шықпай әлсірегенше Құдайға құлшылық етуді ұнататын. Көрдің бе, адамдар сондай болуы керек.
Осы кезде Бьяртур шыдай алмай, қарқ-қарқ күліп жіберді:
— Ха-ха-ха! Мұнысы Редсмиридегі бір қомағай иттің қылығына ұқсайды екен! Ол ит жылқы етіне қанша тойса да оны жеуден бас алмайтын болыпты.
— Сен не деп оттап кеттің? — деп сұрады пастор, байсалдылық танытпақ болып. Бірақ өзінің ешнәрсеге түсінбей, аң-таң қалып, аузын ашып, қасын керген қалпында қимылсыз отырып қалғанын аңғарған жоқ.
— Мәселе былай болған екен, — деп түсіндіре бастады Бьяртур. — Редсмириде қаладан келген бір жас жігіт тұрыпты. Есіл дерті біреулерге арамдық жасау, бұзықтық істеу болғандықтан жұрт оны жек көріп кетіпті. Сөйтіп жүріп ол ауладағы иттердің бәрінің көңілін тауып, достасып алуға ұйғарыпты. Соның ішінде менің де итім болған деседі. Менің итті жақсы көретінімді өзіңіз де жақсы білесіз ғой. Итім өзіме әбден берілген нағыз досым еді. Өзі ақылды болатын. Ха-ха-ха!..
— Түкке түсінсем, бұйырмасын! — деді пастор, әлі де аң-таң қимылсыз қалпын өзгертпей.
— Түсінбейтін ештеңесі де жоқ, — деп жауап қатты Бьяртур, күлкісін тыя алмай.
— Ит жұдырықтай-жұдырықтай етті бірінен соң бірін қылғытып жұтып жатқанын көргенде барып мен де бір-ақ түсінгенмін. Мәселе мынада екен: әлгі Құдай атқан жігіт иттерді өзіне үйретіп, олардың көңілін табу үшін ас үйдегі жылқы етін қыс бойы ұрлаумен болыпты. — Мына әңгімең адамның жүрегін айнытады! — деп айқайлап жіберді пастор. -Құдай үшін жоғал арман! Қараңды батыршы!
— Жарайды, қымбатты пастор, қарамды батырайын, — деді Бьяртур байсалды үнмен. — Өзінің ойын білдіргені үшін ешкім айыпты бола алмайды ғой. Солай емес пе? Мен бұдан ешкімге ешқандай зиян келе қоймас деп ойлаймын. Кофе беріп сыйлағаныңыз үшін үлкен рахмет! Мен мұндай дәмді кофені көптен бері ішкен емеспін. Сонымен біз күздігүні сатылатын тоқты туралы, басқа мәселелер туралы да келістік қой? Солай ма?
— Мен алдағы көктемге жетер-жетпесте-ақ өлетін шығармын деген үміттемін. Өле кетсем, қайдағы бір қағылған-соғылған сұмырайлардан біржола құтылар едім. Көрісе алмай қалсақ, осымен мәңгілікке қош бол
Бірақ Бьяртурдың пастормен бұлай қоштасу ниеті жоқ еді. Ол салмағын бір аяғынан екінші аяғына ауыстыра тұрып, ақырында ойындағысын батыл айтып салуға бекінді:
— Менің айтқалы тұрғаным мынау, пастор Гудмундур. Егер мен дұрыс есітіп, дұрыс түсінген болсам, сіз маған бір, бір емес-ау екі әйел туралы әңгіме айттыңыз ғой деймін.
— Не деп тұрсың? — деді пастор мезі болып, ашуланған сарынмен. Немене, екеуін де алып кетпек ойың бар ма? Мен олардан құтыла алмай отыр екен деп ойлап қалма.
— Сонда олар не қылған адамдар өзі?
— Олар қайырымы мол Құдайдың құдіретімен аспан асты, жер үстінде тұратын адамдар. Бұрын солтүстік жақтағы иен дала Сандигилде тұрған. Сандигил менің қарамағымдағы діни қауым құрамына тіркелген. Отағасы әлдебір ішкі дерттің зардабынан қайтыс болған. Олардың қолдарындағы бар байлығы — небәрі он жеті арық-тұрық қой, тозығы жеткен оны-мұны үй-мүліктері, өткен күзде өздерімен бірге ала келген екі көтерем жылқы. Иә, бар байлығы осы ғана. Бейшаралар қайғыдан қажып, еңселері езіліп отыр. Марқұм шалы қырық жыл бойы хуторға ие болса да алдағы қиын-қыстау қаралы күндерге арнап ешнәрсе артылдыра алмапты. Жерінің де құнары кем екен, өнім өндіріп те жарытпапты.
— І-ім, әйтеуір бір жапырақ болса да жері бар екен ғой! Солай ма? — деп сұрады Бьяртур.
— Иә, олардың жері бар екені бар, — деп жауап қатқан пастор кенет жалт бұрылды да, есікті айқара ашып, дауыстап жіберді: — Финна мен Халбера кемпірді тез шақырыңдар. Мұнда оларды өз үйіне алып кеткісі келетін адам отыр деңдер.
Аздан соң есік ашылып, арғы жағынан екі әйел қатар көрінді. Шешесі бір нәрсені тоқып келеді. Ол қолдан тоқылған сұрғылт, қоңыр түс аралас тор тақия киіп алыпты. Тұйық адамдарда жиі кездесетін әдет бойынша екі қасы жоғары көтеріңкі. Ол басын көтеріп, тік қараған жоқ. Мойнын аз ғана бұрды да, көзінің қиығын салды. Онысы бейне бір өзінің мұрнының ұшына қарағандай болып көрінді. Қызы қырық жастарда. Бірақ біртүрлі икемсіз. Сондай-ақ бір аяғын аздап қиралаңдата басады екен. Оның есесіне, жүзі жылы: жұп-жұмсақ әрі нәзік көрінді, шешесіне тіпті ұқсамайды.
Екеуі табалдырықтан аттай бере кілт тоқтады. Бір-біріне иін тіресе таяу тұрғаны сонша, есікті жабу мүмкін болмай қалды.
Кемпір іс тоқуын тоқтатпады. Ал қызы әлдебір үміт ұшқыны жылт-жылт еткен үлкен көздерін ер адамдарға аудара қарады. Шамасы, бетін аздап үсік шалған-ау — көкшіл қызғылт белгі байқалады. Дәл қазір оның жүрегі аттай тулап, жиі соғып тұрған болуы керек.
— Біздің еңсемізді езіп бара жатқан зіл батпан ауыртпалықты жеңілдетіп, қамқорлық жасауға ниет білдірген адам, міне, алдарыңызда отыр, — деді пастор. — Бұл сендерді өзімен бірге ала кетпекші. Мұның әйелі кеше ғана қайтыс болды. Бұған Құдайдың өзі куә. Ал мұның қайғы-қасіретінде шек жоқ.
— Иә, түсінікті. Бейшараға қиын болған екен! — деп күбір ете қалды кемпір. Бірақ бұларға әлі де басын көтеріп қараған жоқ. Қызы Финна мына соры қайнаған адамға барынша жаны ашып, аянышпен қарады.
— Егер мен қателесіп отырмасам, бұлар Урдарсельден келген сияқты, марқұм Тоурариннің жесірі мен қызы болып жүрмесін, — деді Бьяртур, екі әйелге кезек-кезек қолын ұсынып. Осыдан бес жыл бұрын, күзді күні старостаның тау ішінде жүрген қойларын айдап келуге барғанында өзіне соншалықты меймандостық көрсетіп, жылы шыраймен қабылдағанын еске алып, бұларға шын көңілінен алғыс айтты. Иә, бұл өзінің ескі досы Тоураринді, сол бір жаны жайдары, іскер адамды ұмытпаған болатын. Ауру қойларды емдеуге келгенде онымен теңесе алатын ешкім табылмайтын. Қозыларды темекі жапырағынсыз қалдырғаннан гөрі өзінің отбасы мүшелерін қантсыз, кофесіз қалдыруға әбден құлықты еді. Өзінің қойларына ен салғанда олардың екі құлағын да шеміршегіне дейін шұнтита кесіп алатынын да ұмытпапты. Мұның есінде қалған және бір нәрсе -Тоурариннің ақшыл қоңыр түсті иті болатын. Ондай ит өте сирек кездесетін — ол көзге түртсе көргісіз қараңғының өзінде күндізгі жарықтағыдай айқын көре алатын. Кәдімгі көріпкелдің өзі еді. Енді ондай итті табу қайда? Табу өте қиын!
Барлық істің сәті түсе кетті. Алғыс сезіміне бөленген Финнаның жүзі жайнап шыға келді. Ол бір кезде өз үйінде болған қонақтың еш нәрсені де ұмытпай, бәрін де есте сақтағаны үшін дән ризашылықпен қатты тебіренді. Өйткені сол күнгі болған оқиға мұның өзінің де түп-түгел есінде еді. Қалай дегенде де ол күні бұлардың үйінде Редсмиридегі атақты бақташы Бьяртур болып еді ғой... Күні кешегідей есінде. Оның үстіне, оларға қонақ жиі бара бермейтін. Әсіресе ірі шонжарлар тұратын мекендерден өте сирек келетін. Сонда шешесі мен қызы бір-бірінің құлағына сыбырлап: "Утиредсмириден келген қонақтың бабын табу киын. Өйткені олар қолайлы жақсы өмірге үйренген. Енді не істеу керек?" дескен. Сонда Халбера тұрып: "Сөніп бара жатқан шоқтың қозына күлше пісіріп берсек қайтеді?" деген болатын. Ал қызы: "Жоқ, олай етуге болмайды. Сіз оны шымтезектің шоғына піскен күлшені жей қояды деп шынымен-ақ ойлайсыз ба? Ол Утиредсмириден келіп отыр ғой!" деген
— Сіздің есіңізде ме, мама? — деп сұрады қызы.
Бірақ кемпір:
— Ешқайсысы да есімде жоқ, ұмытып қалыппын, — деп жауап қайтарды.
Шынында да ол өзінің оңтүстік жақта өскенінен және бірнеше псаломнан өзгенің бәрін де есінде сақтай алмаған еді. Қазір әбден қаусап біткен кемпір ғана. Құдіреті күшті Құдай Тоураринді өзіне алып кеткен кезде, Құдайына қараған осы бір ізгі ниетті адам, осы отырған пастор, аяушылық білдіріп қамқорлық жасамағанда бұл бейшаралардың күні не болатын еді? Оны кім білсін?..
— "Жазғы мекеннің иесі Бьяртурдың сендерді өз үйіне алып кеткісі келеді", деп мен айтқан жоқ па едім? Міне, айтқаным келді! — деп, пастор шыдамсыздана сөз бөлді. — бұл өткен көктемде кең аңғардан тамаша жер сатып алды. Бұл — жаңа тұрпатты қоныстанушы. Бьяртур қазір альтинг отырыстарында жиі айтылып, астаналық газеттерде қайта-қайта жазылып жатқан жаңалықтарды өз жерінде кеңінен қолданбақ...
— Мен астаналық газеттерде жазылып жүрген нәрселерге илана бермеймін. Бірақ кімде-кім бостандықты аңсап, жоғары бағалайтын болса, кімде-кім өз еркі өзінде, ешкімге тәуелсіз дербес адам болғысы келсе, Жазғы мекеннің жайлы орын болатынына, жақсылыққа кенелетініне көміл сенімдімін.
Кемпір қарлыққан даусын созып, былай деді:
— Қымбатты Бьяртур, менің заманым кезінде сенің әйелің жайдан-жай, өз ажалынан өле қалды дегенге ешкім де сенбеген болар еді. Мұндағы байырғы тұрғындардың айтуына қарағанда, сен тұрған төбе мен қой қора тұрған жер туралы жаман атақ атам заманнан бері сақталып келе жатқан көрінеді ғой.
— Тьфу! — деп, жүрегі шошып кеткендей тіл қатты пастор. — Сенің Урдарселіңде де қорқынышты құбыжықтар туралы әңгіме аз емес еді ғой! Мен өзім де сондағы тауда жүріп, тапа-тал түсте екі рет адасып кеткен болатынмын. Күн шайдай ашық жексенбі еді ол. Өтірік айтсам, Құдайдың өзі куә!
— Иә, кей-кейде бізге кейбір қонақтар келер алдында неше түрлі құбыжық елестер байқалып т\ұратын. Оның есесіне, көршілеріміздің бәрі де жақсы адамдар еді. Қырық жыл қатар тұрғанда бір жамандығын да көрген емеспіз. Бұған Құдай да, адамдар да куә.
— Менің шешем ол кезде бізді ешқандай да елестің мазаламағанын айтып отыр. Рас, кейбір қонақтар келер алдында ондай әңгімелер гу-гу естіліп қалатын, — деп түсіндірді қызы. — Ал онда, иен далада, біздің жақсы көршілеріміз болатын. Олар бізден риясыз көмегін ешқашан аямайтын.
— Сен қайдағы жақсы көршілер туралы көкіп отырсың?! Шіркеу кітабында ондай бірде-бір адамның аты жоқ.
Ал біз олармен көптеген кесе кофе ішкенбіз. Әңгіме-дүкен құрғанбыз. Аңсаған армандарымызды бірге бөліскенбіз, — деді қызы. Қант үнемдеуді де білмейтінбіз.
— Рас, онда бізді қонақ етіп, керемет сыйлайтын: кофе де, қант та, басқа түрлі тағамдар да жетіп артылатын, — деп, кемпір мақтанышпен қостай түсті.
Пастор бөлме ішінде ерсілі-қарсылы тынымсыз жүрді, бұртиып ашуланғанын жасыра алмады. Ал Бьяртур бұл өмірде, жалпы табиғатта адам таң қаларлық түсініксіз нәрселер көп екен-ау деп ойлады.
Шіркеу кітабына жазылмаған деп қанша қайталап айтсақ та жаны жақсы, жүрегі жомарт адамдардың өмірде аз болмағанына, қазір де бар екеніне сенуге әбден болады. Олардың ешкімге зияны жоқ, қайта пайдасын тигізеді, қайырымдылық жасайды. Ал, қайдағы бір құбыжық елестер, сиқырлы зұлым күштер бар деу ешқандай ақылға қонбайды. Мұның өзі кез келген христианға жанаспайды да, жараспайды да. Шамасы, менің ойымша, папа дәуірінен қалған қисынсыз нәрсенің, жоққа құлай сенудің сарқыншақтары болу керек, — деді Бьяртур.
Ол әлгі екі әйелді қайдағы бір қисынсыз қиялдан туған құбыжық күштерден қорқудың тіпті қажеті жоқ деп көздерін жеткізе иландыруға бар күшін салды.
ЖИЫРМА БІРІНШІ ТАРАУ
СҮЙЕКШІЛЕР
Сенбі күні таңертең сүйекшілер көрінді. Олар хуторға соғатын жолмен тіке тартып келеді. Ертіп алған иттері бар. Өздері төртеу — бәрі де Бьяртурдың ескі таныс достары: Тау королі, ундирхлидтік скальд Эйнар, адам сенбейтін әрі әдеттен тыс оғаш оқиғаларға құмар истадальдық Оулавюр және марқұм Розаның әкесі, өзінің туған қайын атасы нидуркоттық Тоурдур қарт. Олар мына жолға әрқайсысы әр жерде бейне бір кездейсоқ түскендей-ақ бір-бірінен едәуір алшақ, үзіліп-созылып келеді. Бірінші болып Тау королі жетті, одан кейін бірінен соң бірі тағы да екеуі келді. Ең соңында нидуркоттық Тоурдур екен. Бәрі де тойға келе жатқандай салтанатты киініпті, шалбарларының балақтарын ұйықтарына мықтап салып алыпты.
Блауфьельді қалың қар басып жатыр еді. Оның үстіне, сықырлаған сары аяз түскен болатын. Жел тұрып, жаяу борасын басталған. бұл кезде қойдың бәрі қорада қолға қарап қалған.
Бьяртур қайғы келсе, еңсесі езіліп, құлай бермей, қарсы тұра білетін қайратты да қажырлы жандардың бірі еді. Ол езінің қонақтарын құшақ жая қуанып, риза болған көңілмен қарсы алды:
— Қане, келіңіздер, төрлетіңіздер. Мына аяз сүйек-сүйектеріңізден өтіп кетті-ау, шамасы. Қазір оның бір амалын табамыз: әйелдер кофе қайнатып жатыр. Ыстық-ыстық кофе ішіп алыңыздар.
Қонақтар қалталарынан пышақтарын алып, үстеріндегі қатып қалған қарды қыра бастады.
— Иә, ауа райы оңбай түр, аяз қарып барады, — деді карт Тоурдур. — Ол аздай-ақ, қар да біртүрлі жабысқақ. Табаныңнан түспейді, қатып қалған.
Қарт аһілеп-үһілеп барып, сыртқы есіктің жанына жайғасты: әбден қалжырапты — бүрісіп отыр. Бет-жүзі көкпеңбек, сирек біткен көсе сақалына саусылдаған мұз қатыпты, қабағы қызарған, көзінің сыртқы мөлдір қабығының түсі мүлде өңіп, өзгеріп кетіпті.
Табыт қой қораның ортасына қойылыпты, астына шым ойып төселгендіктен едәуір көтеріңкі түр. Оған қойдың жүні жаппай жабысып қалыпты. Шамасы, өзендегі ойықтан су ішу үшін жапатармағай ұмтылып, сүйкеніп өткенде шырышты тақтайға жабысып қала берген болуы керек.
Тоурдур карт қызының табытын көгерген суық қолдарымен ұстап көрді. Бейне бір табыттың қаншалықты мықты екенін байқағысы келгендей. Бәлкім, оның мұнысы қызының маңдайынан соңғы рет еркелете сипағаны да болар... Сөйтті де табытқа жабысып қалған қыл-қыбырды біртіндеп жұла бастады. Қой қораның бір бұрышы саулықтарды қамауға, екінші бұрышы қозылар мен жалғыз ат үшін тең бөліне бейімделіпті. Мұндағы иіс-қоңыстың бәрінен күшті мүңкіп тұрғаны — аттың несебі. Өйткені оның ағып кететін жолы бұзылып, бітеліп қалыпты.
Жоғарыда шатыр ішінде, екі әйел әбігер әрекет үстінде: біреуі жас нәрестені жұбатумен, ал екіншісі пештің оты сөніп қалмасын деп әлек. Олар еденді де, үйдің төбесін де қырып, тап-таза етіп сүртіп қойыпты. Марқұмның мәйітіне құрмет ретінде итті үйге кіргізбей, сыртқа жіберіпті. Ал еркектер жағы ескі әдеттеріне басып, ауа райының жағдайы туралы бұрынғы қай кездегіден болса да қызу әңгіме қозғап, екіленген іскерлікпен пікір таластырды. Насыбай шақша бір қолдан бір қолға өтумен болды. Ундирхлидтік Эйнар мынадай жағдайға байланысты еске алу өлеңін ала келіпті. Умаждалған бір жапырақ қағазға жазылған өлеңді ол Бьяртурдың қолына ұстата берді. Ал бұл мысқылшыл жүзін тыржың еткізіп, бір жиырды да өлеңнің бас тақырыбына көз жүгіртті. Бьяртур өз досының поэзияда ұстанатын бағытын ұнатпайтын — қағазды ары-бері аударыстыра қарап шықты да, шатырға жабылған бөрененің бір қуысына тыға салды. Нидуркоттан келген қарт темекінің дағы бар бет орамалымен қызара суланған көзін сүртті. Қонақтар шығыстан соққан суық желдің, шамасы, енді ұзаққа созылатыны туралы бір тоқтамға келген кезде Тоурдур енді өзінің осы қыстан аман шығарлық қана мұршасы қалғанын айтты. Содан кейін сөзге араласқан жоқ. Өйткені оның қазіргі жасы ауа райының қандай болатынын болжау үшін әуре болатындай халде емес еді. Қарттың ендігі өмірінде су диірменнің жанындағы жапырайған жаман лашығынан өзге ешнәрсе де қалған жоқ болатын. Бірақ, тап қазір мұның ол жағдайға ызасы келіп отырған жоқ — тек соз айтуға шамасы келмей отыр. Өйткені аузын аша берсе болды, тамағына әлдебір тас тұрып қалғандай қиналады. Тоурдурдың түрі адам таң қаларлық еді — енді болмаса қиқ-қиқ күліп жіберетіндей көрінді, ақылынан адасып, алжаса бастағандай. Оның беті-жүзі сыртынан емес, ішкі жағынан жырым-жырым жарылып, сол ғана күш түссе, қаусап түсетіндей эсер етеді. Тіпті ауа райы туралы айтылған артық әңгімені де көтере алмайтындай.
Оулавюр әдетте жаңбырлы жаздан кейін аязды қыс келетінін айтты. Бұл түсінікті де, деді ол. Өйткені ылғалдылық пен құрғақшылықты табиғаттың өзі реттеп, бірін бірімен ауыстырып отырады. Тау королінің айтуынша, биылғы суықтың ерте түсуіне қарағанда, Рождество мерекесіне дейін жылымық күндер туып, ұзақ сақталады. Осыдан алты жыл бұрынғы қыстыгүні тап солай болған көрінеді. Ол аязды күндер қаншалықты ерте түссе де қыстың шаруаға жайлы, жұмсақ болатынына, жалпы алғанда күні бұрын уайым жеп, даурығуға негіз жоқтығына жеке оз басының сенімді екеніне, тіпті мына отырған жұртты түгел иландырмақ болды.
Ал Эйнар қыстың қандай болатынын әдетте өзінің күні бұрын байқайтын сезімі мен көрген түстеріне қарай анықтайтынын мәлім етті. Ол биыл қыстың қатты болатынын сезіпті. Сондықтан да жем-шөпті осы бастан үнемдеп жұмсау қажет көрінеді. Оның есесіне, көктемнің жайма-шуақ жылы күндері әйтеуір бір туатын сияқты: өйткені түсінде оңтүстік жақтан әдемі киінген қыздар келіп жүр екен. Бірақ ол күндерді коп күтуге тура келетін шығар, шамасы.
— Ой, түсіңде әйел баласын көріп жүрсең, онда жақсылық күтпей-ақ қой, — деп жорыды оның түсін Бьяртур, алдамшы үміттен алдын ала сақтандырғысы келгендей. Әйелдерге түс түгілі, өңіңде де сенбеу керек.
— Ал егер, жалпы алғанда, түске сену керек болса, әйелдерді көрген түстің несі жаман, несі кем?
— Ой, масқара-ай! — деп сөзге араласты Редсмириден келген, үй шаруашылығын жүргізуші әйел — "Әйелдерге сенбеу керек!" деген не сұмдық? Әйелің әлі табытта жатқанда бұлай деп айтуға қалай аузың барады? Ұялмайсың ба?!
— Қане, көрген түстеріміз туралы қай-қайдағы әңгімелерді осымен доғара тұрайықшы, — деді Тау королі, әлгі екі көрнекті ақын-скальдты әрқашан татуластырып жүретін әдетімен. — Күздігүні осында бас қосқанда айтқан әңгімелеріміз естеріңде ме? Ұмытпай тұрғанда айтып қояйын: мен Финсеннен жаңа дәрі-дәрмектер алдым. Оған жергілікті тұрғындардың, соның ішінде сенің де, Бьяртур, шағымдарыңды толық жеткіздім. Сонымен ол бізге ең жаңа, арнайы жасалған ерекше дәрі-дәрмектер жазып берді. Енді ол жаңа дәрі-дәрмектің иттерді ішек құрттарынан құтқарып қана қоймайтынына, сонымен қатар олардың қанын тазартып, жүйкесін нығайтатынына жан-тәнімен ант-су ішіп, уәде беріп отыр.
Жұрттың бәрі де "Мұның өзі өте дұрыс болған екен" десті. Түлкі деген Құдайдың бәлесі, ал ішек құрт одан да жаман. Бұл отырғандардың әрқайсысы өз иттері туралы бір нәрсені қайталап айтудан жалықпайтын еді: ішек құрт ол иттердің қай-қайсысына да қатты зардабын тигізген. Мұның өзі адамдарға да, хайуандарға да қатерлі. Сондықтан да мына отырғандардың барлығы да Тау королінің осы қатерге жол бермеуін өтініп сұрады.
— Иә, әрине, солай етуім керек. Коп ұзамай, өткен жылдардағы сияқты, менен арнайы хат алатын боласыңдар. Мен емдеу жұмыстарын альтинг сайлауы кезінде жүргізсем деймін. Бәрің де иттеріңді ерте келіңдер. Сонда екі жұмысты да қатар бітіреміз. Өз көмекшілері жоқ хуторлықтарға екі жұмысты осылай қатар бітірген өте пайдалы.
— Ит емдеушінің көмекшісі туралы мәселе не болды? — деп сұрады Истадальдан келген Оулавюр. Өйткені ол да, басқалар сияқты, осы бір әрі жіліктің майлы басы боларлық, әрі құрметке бөлерлік қызметтен дәметіп, қызыға армандап жүретін. — Өткен күзде округтық судья біздің округқа ондай қызмет беру мәселесін шешіп те қойды деген жоқ па едіңіз?
— Мен саған қалай десем екен, — деп, бәлдене жауап қатты Тау королі. — Заман қиын болып түр ғой. Ондай кез-келген шығынды көтеруге округтың шамасы келе қояр ма екен өзі? Оның үстіне, сен білесің бе, біздің шіркеу қауымына ондай көмекші беру осы жұмыспен жан-тәнімді сала айналысып жүрген маған, маған ғана емес, доктор Финсеннің өзіне де сенімсіздік білдіру болып шығар еді. Мұның өзін тіпті өкіметке сенімсіздік білдіру деуге де негіз бар. Бізді, қалай дегенде де, дәрі-дәрмекпен жабдықтап отырған солар ғой. Мені қойыңдаршы, өз орнымды өзге біреуге қуана-қуана бере салуға қазір-ақ дайынмын. Мен судьяның өзіне былай деп ашық айтқанмын: "Мен бұл қызметтен не біржола кетемін, не оның бүгінгі жағдайына толық жауап беретін боламын!"
— Мен баяғыдан бері айтып келе жатырмын ғой, — деді Оулавюр, онша өкініш білдірмей-ақ. — Егер дәрі-дәрмек жолындағы ғылыми ізденіске қаржы жұмсауға о бастан сараңдық жасамағанымызда иттеріміздің бәрі де сау болар еді.
— Мен сендерге айттым ғой, — деп жауап кайтарды Тау королі. — Бізді дәрі-дәрмекпен өкіметтің өзі ғана жабдықтайды.
— Өкімет бізді, әрине, алдамайды, — деді Нидуркоттан келген қарт, қайдағы бір қисынсыз сенімге берілгендігін білдіруге асығып.
— Дұрыс айтады, — деп сөзін жалғай түсті Тау королі. — Мен де осындай пікірдемін. Біздің өкімет, әсіресе соңғы кездегі өкіметіміз, халық игілігі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Ал альтингтегі өкіліміз — өте жақсы адам. Өздеріңіз көріп жүрсіздер ғой, доктор, емдеуші дәрігер ретінде де қолынан келгеннің бәрін де аянбай жасауға әрқашан әзір.
Аз ғана үзіліс орнады. Ер азаматтар ойға шомды, көздерін төмен салып, күректей жап-жалпақ құс басқан алақандарына қарады. Ендігі әңгіме саясатқа бет алып бара жатқанын байқады.
— Менің ойымша, бұл мәселеге кейбір адамдар мүлде басқаша қарайтын сияқты, — деп, қарсы пікір білдірді Эйнар. — Бір нәрсенің басы ашық: кімде-кім Фьордтағы көпеспен сауда-саттық жасаспаса, ол адам фьордтық кандидат үшін дауыс беруге қатыстырылмайды.
— Ол рас. Біз өзіміздің старостамызды жақсы білеміз ғой, — деді Бьяртур. — Ол, егер саудаға салынатын болса, үкіметтің өзін сатып алуға да бар. Ал оны қымбатырақ бағаға сатып алушы табыла қалса, пайда табу үшін тағы біреуге сатып жіберуге әрқашан әзір.
Үй шаруашылығын жүргізуші әйел пеш плитаның жанында әлдебір нәрсемен әбігер бола жүріп, күбір ете қалды:
— Өзін жарылқап отырған қамқор адам, тіпті өкіл әкесі болып кеткен кісі туралы Бьяртурдың аузынан мұндай сөздер есту қандай ұят, қандай масқара еді! Жақсылықты білмейтін адамның қыр соңынан қырсық атаулының екі елі қалмайтынына таң қалудың қажеті жоқ екен-ау, өзі.
Эйнардың саяси көзқарасын дұрыс деп тануға болмайтыны айдай айқын нәрсе еді. Сондықтан да Тау королі оған дұрыс бағыт сілтеуге көшті.
— Эйнар, Құдай үшін айта қойшы, марқұм шешең бір кезде үзбей алып келген дәрі-дәрмектері үшін доктор Финсеннен "Қарызыңызды төлеңіз" деген қағаз алып көріп пе еді?
Эйнар дәрігерге екі жүзге тарта шыны сауыт дәрі-дәрмек үшін күні бүгінге дейін қарыз екенін жасыра алмады. Тау королінің не айтқалы отырғанын емеурінінен таныды.
— Сол қарызыңа енді аз ғана тиын-тебен қоссаң, сиыр сатып алуыңа да болады екен-ау! — деді Тау королі, кекесін білдіре.
Эйнар кенет сөзден тосылып қалды: өйткені, ол сиыры мен қойларының тең жартысын кепілге қоюға мәжбүр болған еді. Старостаның қарызынан осылай құтылуды ойлаған. Әңгіме мұның "Сиыр дегеніміз сиыр, дәрі-дәрмек дегеніміз дәрі-дәрмек, ал үкімет дегеніміз үкімет қой" деген сөзімен тамам болды. Енді бұл алдағы сайлауға дауыс беруге қатыспай-ақ, үйінде тып-тыныш отырғанды артық санады.
Әңгіме саясатқа бет бұрған кезде истадальдік Оулавюр оған шала-шарпы әрі тым ықылассыз құлақ түрді. Осы кезде жас нәресте оянып кетіп, жылай бастады. Үй шаруашылығын жүргізетін әйел орнынан тұрып, оны тербетуге бет алды. Оулавюр кіп-кішкентай тіршілік иесіне — егер өлі тіршілік иесі деп айтуға келе қойса — сүйсіне қараудан жалықпайтын жандардың бірінен болатын. Оның үстіне, бұл нәресте жарық дүниеге одан кеткен адамның орнын басып келіп отыр ғой.
— Осыны ойлай бастасам-ақ, ақылым жетпей басым қатады. Сонда қалай өзі — кенет жаңадан кіп-кішкентай дене пайда болады, оған жан бітеді. Осының бәрі қайдан келеді және неге келеді? Біліп көр, қане! Өз басым осыны күндіз демей, түн демей жиі ойлаймын, жатсам да, тұрсам да есімнен шықпайды. Ал егер өмірге адамдардың бірі келіп, бірі кетіп жатпай-ақ, өздері ұзақ өмір сүре беретін болса, мұның өзін өте оңай түсінер едік қой. Бәлкім, қарапайым еңбек адамдары тұрмысы оңалып, ғажайып жақсы өмірге кенелгенше тірі жүре тұратын заман алдағы кезде әйтеуір бір туатын да шығар.
Бұл мәселені үй шаруасын жүргізуші редсмирилік әйелдің өзі де түсінбейді, не түсінгісі келмейді. Истадальдан келген Оулавюр сөзін одан әрі жалғай түсті.
— Өмірге жаңа келген жас нәрестені суға қоя бере салсаң, өзінен-өзі жүзіп кете алады деседі ғой. Сол рас па екен өзі? Мені таң қалдыратын бір нәрсе — міне, осы! Сенің бұрынды-соңды осылай етіп көргенің бар ма, Гудни?
Гудни ондай тәжірибені ешқашан жасап көрген еместігін айтты. "Әлгіндей қисынсыз деректерді қалтаңызға қайта салып қойыңыз!" деп, салқын жауап қайтарды. "Егер ондай тәжірибені оз балаларыңызға жасап көрсеңіз, былайғы жұрт оған қалай қарар еді, не дер еді, ә?" дегенді де ескертті. Оулавюр оған бұл жөнінде қиналып, әуре бола қоймаңыз, мен емізулі жас нәрестенің машақатты тәрбиесімен айналысуды онша ұната бермеймін дегенді айтты.
— Бірақ күшіктерді талай рет суға тастап көрдім, — деді ол сөзін жалғастырып. — Сізге өтірік, маған шын, сонда мынадай бір қызық жағдай болды. Қажет десеңіз, айтып бере аламын. Мен өзеннің жағасында тұрып, жан қалтамдағы бәкіммен олардың басын кесіп алып, денелерін суға тастап жібердім. Сен қалай деп ойлайсың? Олар жүзіп кете алды ма, жоқ па?
бұл әңгіме жұрттың назарын бірден өзіне аударды, саясат туралы пікір талас та, біреуін Фъордтан, екіншісін Виктен екі бірдей кандидат ұсыну туралы дау-дамай да жайына қалды. Әйелдердің ойынша, күшіктер, әрине, су түбіне батып кетті деп саналды. Эйнар "Бәлкім, олар су ішінде өздерін өздері ұстай алған шығар" деген болжам айтты. Ал Тау королі күшіктер су түбінде жүзіп жүрді деген пікірінен қайтпады.
— Жоқ, олай емес, — деді Оулавюр, мына отырғандардың барлық есі-дертін саясат мәселелерінен ғылыми тақырыпқа бірден аударып жібере алғанына шынымен-ақ мақтанып. Мен сіздерге айтайын, олар кәдімгі басы бар, басқа да дене мүшелері түгел тірі күшіктерше жүзіп кетті. Өліп кетейін, менің осы айтқандарым өтірік болса!
— Бұл жерде түсініксіз нәрсе көп, — деп, сөзге араласты Бьяртур. — Оған ешкімнің де таласы жоқ. Сіздер сенсеңіздер де, сенбесеңіздер де, мынадай бір мысал келтірейін. бұл жағдай марқұм әкемнің басынан бала кезінде өткен екен. Бірде ол хутордың есігі жанындағы қия беткейінде бұзау сойғалы түр екен. Оны екі бұтының арасына қатты қысып, кәдімгідей етіп, алқымынан бауыздап жібергенде, мен сіздерден сұрайын, не болды деп ойлайсыздар? Әлгінде Олуавюрдің қойған сұрағын қайталайын, бауыздалған бұзау не қылды?
Бұл сұраққа жауап беруден Оулавюрден басқалардың бәрі де алдын ала тосылып қалды. Ал ол, өзінің ғылыми ақыл-ойға бейімділігін танытқысы келіп, былай деді:
— Меніңше, бауыздалған бұзау, басы жоқ болса да, өзінің күнделікті өрісіне қарай қаша жөнелген болуы керек.
— Таптың, жарайсың? Оулавюр! — деді Бьяртур. Сенің ойың дұрыс-ақ дерлік. Бірақ оншалықты дәл емес. Өйткені Рейкья аңғарының хуторға жап-жақын жерінде жылы бұлақ бар еді, онда тереңдігі кісінің белуарынан келетін иірімді шүңет болатын. Жұрт онда кір жуатын, басқа да заттар, тіпті жүнді де жуатын. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, әлгі басы кесіп алынған бұзау ылдидағы тап сол бұлаққа қарай тікелей тартқан көрінеді.
— Мен ондағы төбенің етегінде жылы бұлақ болғанын қайдан білейін! — деді Оулавюр, ренішті, өкпе сарынын аңғартып.
Тап осы кезде көптен күткен кофе әкелінді, табиғаттың ғибрат аларлық ғажайып сырлары туралы қызықты әңгіме тоқтатылды. Кофе өте дәмді екен — мұндай кофені қоғамда жоғары лауазымы бар адамдардың өздеріне де ұялмай ұсынуға әбден болады! Ішкен сайын шып-шып терлетеді.
— Ішіңдер, достарым, ішіңдер!
Кофемен бірге Рождество мейрамына ірі мейіз қосылып пісірілген, бәліштің қалың кеспелтектері де, майға пісірілген, молынан қант себілген қытырлақ нан мен жұмсақ құймақтар да келтірілген еді.
— Жеңдер, достарым, жеңдер!
Отырған жұрт тәтті тағамға жабыла лап қойды. Мұндайда әлгіндей пікір тартыстары мен дау-дамайдың не қажеті бар, сайтан алсын түге! Адамдар кофе құйылған кеселерді бірінен соң бірін босатып, қайта ұсынумен болды. Ауыздардың шылп-шылп шайнағаны, қытыр-қытыр тістегені, өңештердің қылқ-қылқ жұтып жатқаны, насыбай иіскеген мұрындардың пысқыра пысылдағаны .ғана естіледі.
— Енді менің сіздерді қашан қонақ етіп, дәм тарттырарымды бір Құдайдың өзі ғана біледі, — деді Жазғы мекен иесі Бьяртур.
Олар тамақты кеңірдектеріне келгенше тоя ішіп-жеді, ауыздарын қолдарының сыртымен немесе жеңдерінің ұшымен сүртіп әлекке түсті. Сонда барып үнсіз тыныштық орнады. Мұндай үнсіздіктің бүгін әйтеуір бір орнайтыны белгілі еді. Өйткені мәйітті жерлейтін уақыт келді. Жұрт жыбырлаған тамақтарын кәдімгі шіркеуге кіргендегідей үсті-үстіне жөтеле жұтынды, көздерін мән-мағынасыз босқа адырайтты.
— Қалай, жаназа үйде оқылмай ма?
— Жоқ — деді Бьяртур, — мен анау оңбаған, қырсық пасторды олай айтып, бұлай айтып, тауға қарай көтерілуге көндіре алмадым. Басын сайтан дуалап қойғандай, қай-қайдағы сылтауларды айтады... Дегенмен жаназаның қажеті қанша? Онсыз да бәрібір емес пе?
— Шешесі байғұс үйде жылап қалып еді. Сүйегін шығарарда Құдайға сыйынып, әлде бір дұға оқып, дауыс шығарыңдаршы деп өтінген де болатын, — деп, қарт бейшара имене жасқанды. — Мен де киіз кітабымды — иманшартты ала келіп едім...
— Соның қажеті қанша, қымбатты Тоурдур? — деп сұрады Бьяртур.
— Өйткені Роза марқұм біздің перзентіміз еді ғой. Ол христиан қызы болатын, — деп, күрсіне көзіне жас алды Тоурдур.
— Қыз әкесінің бұл рәсімге қаншалықты зор мән беретініне көз жеткізген Бьяртур ақырында оның айтқанына амал жоқ көнді.
Сыртқы есіктің жақтауына байланған Блеси ерттеулі тұр. Ол ауыр қимылдайтын, тұмсығы ұзын, ерінді келген ат еді. Оқтын-оқтын астыңғы ернін қыбырлатып, үстіңгі ернін жыбырлатып, пысқырынып алады. Бейне бір өзімен-өзі сөйлесіп тұрғандай. Тіпті құлағын қайшылап та қояды. Мынау үйдің ішіндегі болып жатқан оқиғаларды оның мұңлы көзінен көріп, оқуға да болғандай еді. Текпішек сатының астындағы ит құйрығын бұтына қысқан бойы дір-дір етеді, ұлып та қояды.
Суаттан кайтқан қойлар қотанға келе бастады. Олардың кейбіреулері аттың жанынан қысылып-қымтырыла сүйкенген бойда қораның ішіне кірді, шоп салынбаған бос ақырға тұмсықтарын тығып, көңілдері қалғандай кезек-кезек маңырады. Қораға одан кейін кірген қойлар да тап солай реніштерін білдірді. Біраз қой сыртта қалып қойды. Олар бөтен иттердің көбейіп кеткеніне таңдана қарасты. Мұның бәрі де жерлеу алдында марқұмды шығарып салып, қоштасып қалуға жиналған топтың қарасын көбейткендей әсер етті. Қазіргідей қалың қар иен даланы да, қатып қалған шалшықты балшықты да қымтай жауып жатқанда осылай қара көбейтудің өзі де көңілге көп жұбаныш сияқты.
Жұрт табыттың жанына жиналып, оны жан-жағынан қоршап алды. Нидуркоттан келген Тоурдур қарт кемпірі бет орамалға мұқият орап, арнайы беріп жіберген иманшартты — киіз кітапты қойнынан шығарды. Оның бүктеп белгіленген бетін іздеп, біраз әуреленді.
— Біздің арамызда жаназаны бастап жіберетін даусы күшті ешкім жоқ па? — деді ол
Киіз кітап қолдан қолға өтті. Бірақ жаназаның әуенін білетін ешкім табылмады. Мұнда жиналғандардың бәрі де шіркеуге ілуде бір бас сұғатындар еді. Жаназаны қандай әуенмен айтуды естерінде сақтай алмапты. Иманшарт ақыр аяғында Тоурдур қарттың оз қолына қайта оралды. Сөйтіп ол өз білгенінше есінде бар әуенмен дауыс шығарып көрді.
Оған жалт қараған бір қой қоса маңырап қоя берді. Ал қарт әке сүйікті перзентінің жаназасын шығару үшін білген әуенін айта берді. Оның айтып тұрғаны киіз кітаптағы жиырма бесінші псалом еді. Онда жаралы Христті алып шығып, жер қойнына берген кездегі қайғылы жыр мен әуен айтылуы тиіс болатын. Тоурдур мұның бәрін жатқа білетін. Сондықтан да киіз кітапқа қарамай-ақ, өлімсіреген әлсіз, қырылдап шыққан даусымен бар білгенін айта берді. Бірақ жаназа әуенін ол да дұрыс орындап жарытпады, қайта-қайта жаңылысып қала берді. Тыңдап тұрғандардың бәрі де оның әуенді бұзып, жалған айтып тұрғанын бір кісідей түсінді.
Байлаулы тұрған ат құлағын тіге қайшылады да пысқырып жіберді. Ит жаназа әуеніне қосыла әлдебір үрейлі үнмен ұлуын қоймады. Оны біреу ұрып қинап жатқандай естіледі. Ақырдан жемшөп таба алмаған қойлар қораның ішінен де, сыртынан да маңырап, улаған-шулаған болды.
Тоурдур карт жаназа жырының ең соңғы жолын бар даусымен қатты, түгел естірте оқыды. "Шынында да сен Құдайдың сүйікті ұлысың!" деп аяқтады ол жаназаны. Оның қызара қабынған екі көзінен төгілген ыстық жас бұл кезде сирек сақалына сорғалап тұрды. Ол сөздерді дұрыс айта алмай, бұрмалай бергенін, тісі жоқ қызыл иегі икемге келмей, дауысы ыбылжып шығумен болғанын, айтқан әуені үздік-үздік дауыс желбезегі мен жақ сүйектерінің әлсіз дірілі сияқты естілгенін өзі де сезінген еді. Ол бұл түрінде сөйлейін десе әлі тілі шықпаған, тек тынымсыз жылауды ғана білетін кішкентай жас нәрестені елестететін еді. Тағы да үнсіз тыныштық орнады. Ер кісілер бір-біріне қысыла көз тастасты. Тоурдур карт өзінің қып-қызыл бет орамалымен жүзін жауып, бүкіл денесі селк-селк етіп, қалтырап-дірілдеген жылауын тоқтата алмады. Редсмириден келген Гудни осы кезде сыбыр ете қалды:
— "Біздің қамқор әкемізді" оқымайсыз ба?
Тоурдур қартты құлап қалмасын деп қолтығынан демеп тұрған Тау королі оның құлағына:
— Гудни енді "Біздің қамқор әкемізді" оқыған дұрыс болар еді, — дейді деп сыбырлады.
Бейшара қарт қалтырап-дірілдеген, бойын да тік ұстай алмаған, жүзін жапқан қызыл орамалын да жылжытпаған қалпында "Біздің қамқор әкемізді" еңіреп жылап тұрып зорға оқып шықты. Сөзінің көбі еңіреген даусымен араласып, анық естілмеді. "Біздің қамқор әкеміз, егер сен жеті қат аспанда болсаң, ..." бізден тым алыста, қайда екеніңді ешкім білмейтін жерде екенсің ғой. Сені еш жерден табу мүмкін емес... "Біздің күнделікті нәпақамыздан айыра көрме... Аз да болса беріп тұр... Біз оны сенің даңқың арта берсін деген ниетпен ішіп-жейміз ғой. Егер өзіміздің көпеске немесе несиесін алып, қарыз болған біреулерге берешегімізді өтей алмай қалсақ. онда бізді кешіре гөр". "Бізді азғындық жолға сала көрме". Онда біз өзіміздің бақытымызға жете алмай, жұрдай боламыз ғой. Ал біз "сенің жеті қат аспандағы жанға жайлы тамаша патшалығыңа барудан үміттенеміз".
Осы бір тамаша дұғаны оқып шығу үшін бұдан қолайлы жерді іздеп табу да қиын еді. Оны құтқарушы Иенің өзі тап бүгінгі жағдайға арнап шығарғандай көрінді. Ер адамдардың бәрі де бастарын төмен салбыратып, ұнжырғалары түсіп кеткендей. Тек Бьяртур ғана басын тік ұстап, қасқая қарап тұрды. Өйткені ол ырғағы келіспеген жырға да, дұғаға да ешқашан бас иіп те, қосылып та көрген емес. Олай ету ойына да кіріп-шықпаған.
Табытты алып шығып, атқа артты. Көлденеңінен шандып байланған табытты оның бас жағы мен аяқ жағынан екі адам ұстап, сүйеп жүрді.
— Аттың өзімен сөйлескен қайсың бар? — деп сұрады Тоурдур қарт. Ондай ешкімнің жоқ екенін білген ол енді аттың екі құлағын тарта ұстап тұрды да, ежелгі әдет-ғұрып бойынша мұндайда айтқан сөзді ат та түсінеді деген сеніммен былай деді: — Сен енді марқұмның мәйітін алып жүретін боласың... Сен енді марқұмның мәйітін алып жүретін боласың...
Жерлеу процессиясы жолға шығып, бірте-бірте ұзап бара жатты.
Тау королі процессияның алдында жүрді. Ол қауіпсіз, қар үріндісі неғұрлым аз жермен бастап келе жатты. Ундирхлидтық Эйнар атты шаужайынан ұстап жетелеумен болды. Оулавюр мен Бьяртур табыттың біреуі бас жағынан, екіншісі аяқ жағынан сүйеп жүрді. Ал Тоурдур қарт өзінің үлкен биялай киген қолындағы бунақтанған түйіні бар қисық таяғына сүйеніп, олардың ең соңында ілби басып бара жатты.
Жылап-сықтап үйде қалған әйелдер есіктің сырт жағында тұрып, процессия құйын тәрізді ұйтқыған қардың арғы жағына сіңіп, көрінбей кеткенше соңынан көз алмай қарады да тұрды.
ЖИЫРМА ЕКІНШІ ТАРАУ
ҚАРЛЫ БОРАНДА
Олар асудан асарда өте баяу жүрді. Ат қия беттегі шұңқырларға жиналған үрінді қалың қарға оқтын-оқтын омбылап қала берді. Екі жанында келе жатқан екі адам табыттың аударылып қалмауын қадағалаумен болды. Олар Редсмириге күн кешкіріп, ымырт түсе бергенде әрең жетті. Пастор әлдеқашан бұрын келген екен. Беті-жүзінен ешқандай сыры білінбейді, безірейген бойы бірқалыпты отыр. Алайда бір жаққа асығыс кетуі тиіс екені сезіледі. Бірнеше адам қонақасы жеп болғаннан кейін де біреуді жерлеуге баратын секілді. Пастор мәйітті шіркеуге шұғыл түрде тез жеткізуге әмір берді. Қоңыраулар қағылып, дыбыс бере бастады. Бірақ оның үні қақаған аязда қатып-семіп қалған мына қысқы ландшафтта балалардың сылдырмақ ойыншығынан шығып жатқандай естілді. Адамдар шіркеуге кіре бастады. Өлген адамның алдында бәрінде де үн жоқ. Шетінен моп-момақан. Ажал құрығынан ерте ме, кеш пе, әйтеуір ешқашан қашып құтыла алмайтынын сезетін сияқты. Мұндағы азынаған суық аппақ кеңістікте, күн батып, қас қарая бастаған сәтте естіліп тұрған әлсіз қоңырау үні соны еріксіз еске салады. Жерлеуге старостаның әйелі келген жоқ. Мазам болмай отыр деп, үйінде қалыпты — суық тигендегі ең жақсы ем деп мұрнын жылы сумен қайта-қайта шайып жатқан көрінеді. Оның есесіне, мұнда старостаның өзі жүрді: жамауы жалбырап, үзіліп түсіп қалғалы тұрған ескі шалбарын киіп келіпті. Дегенмен жерлеу рәсімінің құрметіне жексенбілік пиджагын киюді ұмытпапты. Бұрынғы әдетінше, мехрапқа жақын жайғасып алып, бүкіл рәсімнің барысында ауыз ашпай, үнсіз отырды. Блеси сырттағы қоршауына байлаулы тұр. Титланы шіркеудің ішіне кіргізбей, қуып жіберген. Бейшара дір-дір қағып, табалдырықтың сырт жағында иесін күтумен жүр.
Бір кезде пастор келді. Ол ақ жағалы, бірақ умаждалып қалған шекпен киіп келіпті. Мойнында бұғағынан төмен түсіре тағатын дөңгеленген ақ матасы жоқ. Оны таға қоятындай салтанатты жиын емес қой деп санаған болуы керек. Бірнеше адам қосылып, "Мен тірімін, мен білемін" деп әндеткен болды. Бірақ әрқайсысының даусы әр жаққа кетіп жатты. Тоурдур қарт босаға жақта отырды. Ол жылағанын қойыпты. Шамасы, көз жасы сарқылған да болар. Табыттың жанында тұрған пастор қалта сағатын екі рет алып қарады. Мұндай ұсақ-түйек шаруаға бола уақытын сарп еткісі келмейтіні көрініп түр. Әлгі әншілер тоқтаған кезде пастор көзілдірігін киді де, әбден тозығы жеткен иманшарт кітапшасын алды. Одан әлдебір мағынасы түсініксіздеу, қып-қысқа бір дұғаны оқып шықты. Бүгінгідей нашар ауа райы кезінде осы да жарайды дегендей. Оның үстіне, пастордың даусы да қарлығып қалыпты. Ол қысқа ғана сөз сөйледі. Ұзақ сөз сөйлеймін деп қорқытқаны есінен шығып кеткен сияқты. Ол сиқырлы зұлым күштердің адамдардың қыр соңынан қалмай, қастық істеп келе жатқанын тағы да ескертті. Ал Құдайға сенбейтін дінсіздер туралы аузына келгенін айтып, оларды балағаттауға дейін барды.
— Көптеген адам құдіреті күшті Құдайды да ұмытып кетеді. Түкке тұрғысыз ақымақ тоқтыны іздеп, тау мен тасты кезеді. Соншалықты құрметтейтіндей қой дегеніміз не өзі? — деп, өзіне өзі сұрақ қойды ол жауапты да өзі айтты: — Қой дегеніміз исландиялықтар үшін барып тұрған қырсығы мол пәлекеттің тап өзі. Ол түлкі мен ішек құртты қоса алғандағыдан да жаман. Қой терісінің ішінде бәрінен де зұлым бөрі — қорқау қасқыр жасырынып жатады. Оны жергілікті тұрғындар Альбогостад албастысы немесе Колумкилли деп атайды. Адамдар қойдың соңынан құныға қуалағанын сонда да қоймайды. Қой — адамдарды Құдайдың ақ жолынан адастыратын көздің құрты, алыстан жылтырап көрініп, бір орында тұрмай, тынымсыз жылжып, таптырмай кететін жалған жұлдыз. Бір ғана шынайы ақиқат қой бар. Ол — Құдайдың өзі құрбандық етіп шалуға жіберген қасиетті Көк қошқар! Біздің бүгінгі оқиғадан алған сабағымыз, міне, осындай.
Содан кейін пастор марқұмның өмір жолын бірнеше сөзбен суреттеп берген болды. Ал, шын мәнінде, ол байғұс ешқандай да өмір жолынан өткен жоқ еді. Мұның өзі кейбір адамдардың аты-жөні шіркеу кітабына жазып қалдырыла тұрса да олардың өмірі соншалықты түкке тұрғысыз екенін дәлелдей түседі. Пастор мынадай сұрақ қойды:
— Жалпы алғанда жеке адам дегеніміз кім өзі? Ешкім де емес!.. Ол — біреудің аты ғана. Зор болғанда — туған күні мен өлген күні ғана. Бүгін сен өлесің, ертең мен өлемін. Тірі қалатын ешкім жоқ. Олай болса, бәріміз бірігіп, дұға оқу, Құдайға құлшылық ету арқылы топтасайық. Құдай біздің бәріміздің қалай жүріп-тұрғанымызды, не ойлап, не қойғанымызды көріп-біліп тұр. Шіркеу кітабына жазылған аты-жөніміз қашан өшіп біткенше солай бола береді.
Жүрек қылынан ешқандай да көз жасын төгетін әсерлі әуен де, сөзім де шыққан жоқ. Тек "Біздің әкеміз" деген дұғаның ұйқы келтірер әуені мен "Әумин!" деген соз шала-шарпы, жартылай естілді. бұл пастор өзіне тон қарама-қайшылықтарымен қоса алғанда жалпы еліміз сияқты құпия да жұмбақ сырларға толы еді. Ол өздерінің қойлары мен иттерінен басқа ешкімге де ешнәрсеге де жандары ашымайтын мейірімсіз адамдарға қарсы наразылық білдіру үшін ғана Құдайға сенетін сияқты. Ол қой тұқымын жақсартқанда да оған деген жеркенішті өшпенділікті ұлғайту мақсатын көздеген болу керек. Бәлкім, ежелгі халық аңыздарындағы исландиялық пасторларға ұқсап, осындай болған шығар. Мұндайда оның қатысуының өзі де біртүрлі жұбаныш сыйлап, бәрі де рет-ретімен дұрыс екендігіне кепіл болатындай.Табыт сыртқа шығарылды.
Табытты екі жерінен жіппен байлап, көрге түсірді. Халық оның жанында аз ғана аялдады. Үш шаруа кісі, қарлы боран соғып тұрғанына қарамай, бас киімдерін шешіп, "Жайқалған жалғыз гүл еді" атты өлең оқыды. бұл қақаған суық аязды күн бейне бір Хатльгрим Пьетурссонды* еске алу күні сияқты болды. Титла құйрығын екі бұтының арасына қысып, Бьяртурдың жанында дip-дip қағып тұрды. Өзін біреулер ұрып-соққандай шағына ұлып қояды. Осы кезде пастор ең болмаса ернін жыбыр еткізіп, бір де сөз айтпастан, табытқа топырақ салды. Содан соң өзінің кіші қызметкері Тау королінің күшті насыбай салынған шақшасын құшырлана иіскеді. Ал сүйекші қорқаулар күректерін қолына алып, көз ілеспес жылдамдықпен тезірек көміп бітіруге асықты. Жұрт біртіндеп тарай бастады.
ЖИЫРМА ҮШІНШІ ТАРАУ
ҚАБІР БАСЫНДАҒЫ СӨЗ ОРНЫНА
"Жүрегінде Иисус барлар шаттансын" әнінің әуенімен. Біз Құдайды ұмытқанбыз! Әлде бізді ұмытты ма Ол? Аяқасты қалдық тегі, Езгілейді бізді заман етігі, Өмір баяу өтіп жатыр, Ажал жетер дер кезінде бір күні.
Жарық дүние күңгірт тартты, Еш нәрсе де көрінбейді еш жерде, Құтқарылған жандар ғана Өмір сүрер күн сәулелі эфирде, Шаттық әнін шырқайды олар Таулы алқапта тамаша. Қайғы-зардың не екенін ұмытқан, Көз жасын да төкпейді олар — Шеттерінен қасиетті таза жан!
Шаттықты ізде, шерлі жаным! Тап таудағы салтанатты сарайды. Кемеліне келмегендер жоқ онда, Бәрі саған шын құрметпен қарайды Жан жарасын жазарсың тек сол жерде, Ит өмірден құтыла алмай қиналып, Азап шегіп жүрген болсаң егерде, Мұның сыры бәрімізге ақиқат — Құтқарушы әке бізге болды жат!
Ундирхлидтен келген Эйнар Йоунссон.
ЖИЫРМА ТӨРТІНШІ ТАРАУ
АЯЗДЫҢ АЛТЫН ОТТАРЫ
Бьяртур Жазғы мекенге келесі күні ғана қайтып келе жатты. Соңындағы итінің көңіл-күйі жақсы — бір қуанышқа келетіндей асыға жүгіреді. Үйге қайтудың да өз қуанышы бар деген осы. Титла Бьяртурдың алдына озып шыққан сайын кері қайырыла қарап қойып, иесіне деген шексіз құрметінің белгісі ретінде оны алыстан айнала орағытып өтіп, қайтадан соңынан ереді: алда жүре беру ыңғайсыз. Ит өзінің іздеген бақытын әдетте адамнан табады. Бьяртур қарсы алдынан ұйтқи соққан боранға кеудесін еңкейе тосып, ілгері жүріп келеді. Жетегінде — Блеси. Анда-санда итіне — бүрге мен ішек құрттың азабын шегіп жүрген бейшараға — аянышпен көз салып қояды. Өйткені Титланың қоңыр көздерінен иесіне деген адал белсенділігі айқын байқалады. Ондай берік сенімді ешнәрсе де өзгерте алмайды. Бьяртурдың басына үсті-үстіне үйіліп-төгіліп түскен бақытсыздық қайғы-қасіреті да, жақсы атына жабылған жаман жала да, ар-ожданы алдында опына шеккен азабы да — бәрі бәрі де осы сенім ұшқынын өшіре алмақ емес. Осы бір аянышты күшіктің көз алдында Бьяртур әрқашан ең ұлы, ең жақсы, теңдесі жоқ мейірімді адам болып қала береді. Адам өзінің адамнан іздеген бақытын иттің көзінен табады екен.
Сайтан алсын түге, Блесиді жетекке алып жүру бүгін неге соншалықты ауыр еді?! Оның үстіне табытқа салынған мәйіт артылған жоқ, тірі адам мініп келеді ғой.
Тірі адам дей ме? Ол кім еді сонда?
Ол Ударсельден келген кемпір болатын. Қалың жүн орамалға оранып, қымтанған ол аттың үстінде бір бүйірлеп отырып келеді. Екі әйелдің көйлек-көншек, оны-мұны ұсақ-түйек көр-жері қанжығаға бөктере байланыпты. Финна аттың соңында жаяу еріп келеді. Оның екі беті аяз шалып, көгеріп кетіпті. Етегін жоғары көтере ұстап, ебедейсіз ауыр адымдайды.
Ешкім бір ауыз тіл қатпайды. Шағын процессия Жазғы мекенді бетке алып, үнсіз жүріп келеді. Адамы бар, айуаны бар — барлығы бесеу. Солтүстіктің қып-қысқа шолақ таңында қызара көтерілген күн әне-міне дегенше бір төбеден екінші төбеге ауысып үлгереді. Шамасы, қазір түс әлеті болу керек. Күн сәулесі иен даланы жауып жатқан қалың қардың шымылдық пердесін алтын түске бояды да орасан зор от-жалын теңізіне ұқсатып жіберді. Айнала төңіректі ғажайып алтын өрт қаптағандай эсер етеді. Оның лапылдаған жалыны мен ұшқын аралас ұшып жатқан түтіні шетсіз-шексіз қарлы кеңістіктің шығысынан батысына дейін созылып жатқандай. Жолаушылар қақаған суық аяздың алтын оттарын кешіп, өз жолдарымен жүріп бара жатты. Бұл көріністі ежелгі поэзияның өзіне бірден тартып ала жөнелетін сиқырлы күшімен ғана салыстыруға болатын еді.
Кеше хуторда қалып қойған әйелдер жаңадан келген бұларды үнсіз сыпайылықпен қабылдаған бойда Бьяртурдан жас нәрестеге деп поселкеден ала келуге уәде еткен сүтті талап етті. Олар бұған дейін емізікті қара суға пісірілген сұйық ботқамен толтыруға, нәрестені сонымен ғана қоректендіруге мәжбүр болған еді. Жанадан келгендер үшін кофе дайындап болғаннан кейін әлгі әйелдер біз өз міндетімізді түгел атқардық, енді кетеміз дегендей өздерінің ұсақ-түйек заттарын жинастыра бастады.
Бьяртурдың "Сендерді асудан асыра шығарып салайын" деген ұсынысын қабыл алмаған олар мұнда қалатындардың бәрімен де бұрынғысынша, немқұрайды селқос сыпайыгершілікпен қоштасты. Жас нәресте енді Финнаның қолында қала берді. Финна бөтелкенің аузынан өз өмірінде түңғыш рет бала коректендірді. Ал кемпір шешесі үй ішінің тірлігімен әлде бірдеңелерді айта жүріп айналыса бастады.
Қойларға шөп салып келген Бьяртур уақыт әлі ерте болса да жайлана жатып, дем алуға кірісті. Ол өлердей қатты қалжыраған еді. Өйткені Гудлбрауды іздеп шығар сапардың алдындағы сонау бір түнді өз үйінде әйелінің жанында өткізгеннен бері дем алудың не екенін біржола ұмытқан еді. Сол жолы сапарға шығар алдында өзінің Розасымен қоштасып кеткені қандай жақсы болған десеңізші! Иә, бұл кезде Бьяртурдың басында адам таң қаларлық алуан түрлі машақатты оқиғалар болып өтті. Соның ақыры әйтеуір бір аяқталғаны рас па, өтірік пе дегендей, өзін өзі енді ғана еркін сезінген еді. Шынында да ол үйінен кеткелі бері тыныш ұйықтап көрген жоқ-ты. Поселкеде енді жатып, көзі іліне берейін десе, кенет үстіне қар құйылып кеткендей сезінеді, есінен айырылып, әлдебір жалған рақатқа бөленгендей болса, екі аяғы қатып-семіп бара жатады. Ол бірте-бірте жоғары өрлеп, екі санына, тіпті бауырына дейін жеткендей болады. Мұндайда орнынан атып тұрып, егер ұйықтап кетсем, күртік қардың астында өліп қалармын деп қауіптеніп жүрген сияқты елеске беріледі. Сөйтіп түн жарымында әлдебір былапыт мәтінді он салып немесе старостаны әлде көпесті мазақ ететін күлкілі әзіл-қалжың айтып жатып оянып кете берумен болатын. Ол орнынан атып тұрып, тоңазып қалған тұла бойын жылыту үшін екі қолын екі жаққа сермеп, әуре болуға әрқашан әзір тұратын.
Ал бүгін кешке ол өзін-өзі ондай азаптан қауіпсіз болатындай сезінді.
Үнем жасау үшін шам өшірілген еді. Кемпірдің кереуетінің тұсындағы қабырғаға орнатылған сөредегі кішкентай май шам ғана сығырая жылт-жылт етеді. Шешесі мен қызы осы бір өлімсіреген жарықтың алакөлеңкесінде ұзақ отырып, барынша жай сыбырласып сөйлесумен болды. Анда-санда төмендегі қойлардың баяу маңырағаны естіледі. Блеси өзінің тар қорасында салмағын аяқтарына қайта-қайта ауыстырып салып, бос астауға тұмсығын тыға бере пысқырып қояды. Титла қабырғаның жанындағы тақтаның астындағы қуыста жатыр. Оқтын-оқтын орнынан тұрып, қасынып алады. Ол үшін артқы екі аяғымен қабырғаны қоса соққылайды. Содан кейін бір есінеп, қайтадан бүк түсіп жатып қалады. Өз алдына бөлек кереуетте жатқан жас нәрестенің дем алған тынысының дыбысы, кейде шағына жылағысы келгендей болар-болмас шіңкіл естіледі. Содан жылауға үлгермегендей қайтадан ұйықтап кетеді.
Бір кезде екі әйел өзара сыбырласа сөйлескенін қойды. Финна төсегіне келіп шешіне бастады. Бьяртур оның кеудешесінің түймесін қалай ағытып, белдемшесін қалай шешкенін сезіп жатты. Оның іш көйлегі тар екен, басынан асыра зорға шешті. Содан кейін ол жас нәрестенің кереуеті жанындағы төсекке жатты. Құс мамықтың астына кіргеннен кейін әлдебір киімін тағы да шешті. Бьяртур оның түймелерінің сырт-сырт ағытылғанын, іш киімдерін сыпырып жатқанын түгел естіді. Финна құс мамықтың астына емін-еркін жайғасқаннан кейін тыр-тыр қасынып болып, бір есінеп алды да, әлсін-әлсін созыла қорылдаған ұйқыға кетті.
Кемпір жылт-жылт етіп сығырая жанған шамның ала көлеңке жарығында кереуеттің жиегіне шығып алып, екі шынтағымен тізесіне сүйенген сұқ саусағын тіссіз кемиек аузына салған бойында ұзақ отырды. Ол едендегі кіріп-шығатын тесік арқылы төменге көз тастады, әлдебір нәрсені міңгір-міңгір айтты. Содан соң төсектің жиегіне екі рет жақындап барып, тағы да бір нәрселерді міңгір-міңгір етті де үшкіріп жіберді. Сөйтті де ежелгі бір ескі дұғаны оқи жөнелді:
Тоқта, тозақ түлкісі,
Бізден аулақ, жолама!
Біздің мекен қасиетті —
Мұнда Иисус бар Құтқарушы.
Аулақ, Куркур! Жолама!
Құтқар бізді, Иисус!
Колумкилли, жоғал әрі!
Қолда, Құдай, біздерді!
Жоғал сен де, Регарист!
Таза үйімді былғама
Жоғал әрмен, Меледикт!
Құтқар бізді Бенедикт.
Дұға оқып болған кемпір қайта-қайта шоқынды да былай деді: — Біз Құдайдың құдіретіне табындық, Қайырлы түн болғай!
Кемпір төменге түсетін тесіктің есігін жапты. Сөйтіп олардың бәрі де ұйқыға кетті.
Ленарватн-Барселона.
1933 жылдың жазы (1929 жылғы нобайдың ізімен).
ҚАРЫЗЫНАН ҚҰТЫЛҒАНДАР
ЕКІНШІ БӨЛІМ
ЖИЫРМА БЕСІНШІ ТАРАУ
ҚЫСҚЫ ТАҢДА
Солтүстік таңы баяу, өте баяу атады.
Адам ұйқысынан оянып, ауыр қабағын ашқанша шексіз ұзақ таң жалғаса береді, жалғаса береді, сағаттан соң сағат емес, ғасырдан соң ғасыр, тіпті бір әлемнен соң бір әлем өтіп жатқандай сезіледі, кәдімгі зағип адамның бір өмір шындығынан екінші өмір шындығына ауысқандай әсер қалдырады. Бір кезде бәрі де жоқ болады да жарқ етіп таң атады: дүние жап-жарық болып шыға келеді. Қысқы таң мен күндізгі уақыт арасы осынша ұзақ болғанына қарамай, көкжиектен көрінген алғашқы әлсіз сәуле мен үйдің терезесінен түскен күндізгі жарық өз алдарына әр түрлі бастау, әр түрлі қайнар көз сияқты. Егер таңның өзі осылай ұзақ ататын болса, күн түсіп, күн қалай бататын болады? Күн мезгілдері — таң да, тал түс те, түстен кейінгі сағаттар да әлі әйтеуір бір алда, алыста. Олар өзіміз ер жеткен кезде барып, емін-еркін аралауды армандайтын алыс елдер сияқты елес береді. Ал кеш дегенің сенің кеше кешке кенже ұлыңа әңгімелеп берген алыс ажал сияқты ол да қашықта. Ол ажал аналардың бауырындағы балаларын тартып алады, содан соқ олар старостаның бауының ішіне алып барып жерленеді. Ажал алып кеткен адам енді қайтып оралмайды, әжесінің ертегісіндегі сияқты зым-зия жоғалады. Ол ажал өзіңе жетемін дегенше сен де әбден қартаясың, қайтадан бала боласың.
— Олай болса, тек жас нәрестелер ғана өледі екен ғой. Солай ма?
Ол неге мұндай сұрақ қойды екен?
Айтпақшы, мұның әкесі кеше төменгі поселкеге түсіп еді-ау. Шетінеген нәрестесін жәшікке салып, арқалап алып кеткен болатын. Оны пастор мен староста жерлеген. Пастор старостаның бауы ішінде көр қазуға әмір берген және дұға оқыған.
— Әйтеуір бір кезде мен де қайтадан жас нәрестеге айналамын ба? — деп сұрады жеті жасар бала.
Оның анасы оған әдемі әндер салып, алыстағы ғажайып елдер туралы әңгімелеп беретін. Ал, бүгін ол ауырып, төсек тартып жатыр. Сондықтан да ол қалжыраған үнмен баяу ғана жауап қатты:
— Адам қартайған кезінде қайтадан кәдімгі жас нәресте сияқты болады.
— Содан соң еле ме?
Баланың көкірегіндегі нәзік сезім ішегі үзіліп кеткендей болды. Ол балалық шақтың нәзік сезімі ішектерінің бірі еді. Ол ішектердің әдемі үн шығаратын ғажайып қасиеттерін танып білемін дегенше әлі талайы үзілетіні мүмкін екенін бала байғұс қайдан білсін. Ол ішектер сол бойы үн шығармай-ақ ғайып болады. Ол ішектердің үзілмеген сау кезіндегі сонау бір алыс кеткен күндер туралы кейін бұлыңғыр естелік елестері ғана қалады.
— Біздің бәріміз де өлеміз. Ажалдан ешкім қашып құтылмайды.
Сол күні аздан соң ол осы әңгімені тағы қозғады. Бірақ бұл жолы әжесін мазалады:
— Мен ешқашан өлмейтін, мәңгі тірі болатын біреуді білемін.
— Тәйт ары, ақымақ неме! — деп әжесі шошып кетті. Ол біреумен әңгімелескен кезіндегі әдетіне басып, оған едәуір қырын қарап бұрылды. — Ол кім екен сондай-ақ?
— Ол менің әкем, — деді бала барынша берік сеніммен. Сөйтті де солай ма дегендей әжесінің бетіне қадала қарады.
— Жоқ, ол да өледі, — деді кемпір. Баланы аяған жоқ. Қайта қасақана ерегіскендей қатаң айтты. Сөйтті мұрнын бір пысқырып қойды.
Бірақ бала өлі байыз таппады. Тағы да сұрақ қойды:
— Әже, қара шөміш те өле ме?
— Өледі! — деді кемпір ашу шақырып. Ол өзін мына бала мазақ етіп отыр деп ойлап қалды.
— Ал, қара құмыра ше?
— Жаны жоқ нәрсенің бәрі өлі, балам, — деді ол райынан қайтыңқырап.
— Жоқ, әже, — деп қарсыласа кетті бала. — Олар тіпті де өлі емес. Таңертең мен ұйқыдан оянған кезде олар бір-бірімен жиі-жиі сөйлеседі.
Осы жерде ол басқа ешкім білмейтін бір қызық құпияны қалай айтып қойғанын өзі де байқамады. Таңсәріде, жұрт әлі ұйқыда жатқан кезде, кәстрөлдер мен табалар адам бейнесіне кіреді екен. Жұрттың бәрінен бұрын оянатын бұл олардың өзара қалай сөйлескенін, не туралы әңгіме айтқанын естіп жататын көрінеді. Олар ас үйдегі оны-мұны заттарға тән терең байсалдылықпен маңғаздана сөйлеседі екен. Айтпақшы, баланың аузына бірінші болып қара шөміштің түсуі тегін емес еді. Өйткені ол өте маңызды құрал, етті сорпа пісірген кезде ғана өте сирек қолданылады. Рас, қара шөміш қырнай тазаланған күйінде қабырғада ұзақ уақыт ілулі тұрады. Ол орнынан алынды дегенше-ақ атқаратын рөлі өте маңызды бола түседі. Баланың қара шөмішке ерекше құрметпен көңіл бөлуі, оны старостаның әйеліне ғана теңеуінде коп мон бар. Ал қара құмыра — басқа ешкім де емес, старостаның тап өзі. Өйткені староста аузына темекі жапырағын толтыра салып алып, сілекейлі сөлін сорады да жүреді. Әрқашан ботқаға толы қара құмыра десе, дегендей. Оның түбінде ботқа күйіп, көңірсіп жатса, сырт жағын қара күйе мен ыс қаптайды. Қара құмыра қашан болса да қайнап, бұрқылдайды да тұрады — шамасы, оның асқазанында ұдайы от жанатын да тұратын болуы керек. Ал оған әйел ішіндегі қайнап жатқан нәрсені мезгіл-мезгіл араластырып түру үшін қажет. Олай етпесе, сақырлап қайнаған кезде ернеуінен аса тасып төгілуі мүмкін ғой. Қараңғы түнде балаға басқа заттар да әлдебір атақты немесе ешкім біле бермейтін басқа біреулердің кейпіне кіретін сияқты: пышақтар — баланың өзі қорқатын қатыгез шаруалар, ал кеселер — алжапқыштарына раушан гүлін таққан томпиған сүйкімді қыздар болып көрінеді екен. Ол кеселерден баланын қатты қысылатыны сонша, тіпті ол күндіздің өзінде, тамақ ішіп отырған кезде, оларға қолын тигізуден сескене тартынатын болды. Ол ол ма, көз қиығын салып қараудан да қашқақтайтын — бәлкім, олар өздерінің қылығын мына бала біледі-ау деп ойлап қалуынан қорқатын. Ал, түнде олар соншалықты маңызды көрінгенімен, күндіз бейне бір мұрындарын пыс-пыс тартып, отырған орындарынан тырп етіп қозғалуға да батылы бармайтын әлдебір салдыр-салақ, кір-қожалақ, адам аярлық мүсәпір қонақтар сияқты. Бала олардың түнгі өмірін жақсы білгендіктен де оларды күндіз барлық жәбір-жапаға төзетіні үшін аяйды.
Бірақ ол балаға бәрінен де қымбат, күндіз де, түнде де бірдей жақсы көрінетін бір зат бар еді. Ол зат өзінің ғажап әдемілігімен өзге нәрселердің бәрін де жолда қалдырып, солғын тарттыратын. Онымен салыстырғанда өзге заттар түкке тұрғысыз қиқым сияқты болып қала беретін. Ол зат сандықтың түбінде барынша мұқият сақталатын. Сондықтан да балалар оны анда-санда бір рет — Рождество немесе үш Құдайдың құрметіне арналған мереке күндері үйге өте-мөте маңызды, сыйлы қонақтар келген кезде ғана көре алатын. Соның өзінде балалардың ол затқа қол тигізуіне рұқсат етілмейтін, қатаң тыйым салынатын. Өйткені ол затты өте жоғары бағалайтын, мақтаныш ететін. Ол зат Утиредсмиридегі старостаның әйелі баланың шешесіне тарту етіп сыйлаған үлкен табақ болатын. Оған көп бәліш сыйып кететін... Ол бұлар үшін үлкен, дүние жүзінде теңдесі жоқ әдемі табақ саналатын. Оның бетінде шешек ата гүлденген бұталардың арғы тасасынан жартылай көрініп тұрған ғажайып үйдің суреті бар. Үйге қарай созылып тақтайдай тегіс жол жатыр. Оның екі жақ жиегін көкпеңбек жасыл желекті бұталар көмкерген. Ал сол жолдың үстінде көк көйлек, ақ қалпақ киіп, қолына гүл шоқтарын ұстаған, жан дүниесін күн сәулесі жарқырата түскендей қыз кім? Бала ол қыздың кім екенін жақсы білетін, бірақ оны ешкімге айтпайтын. Ол, әрине, Одур, страростаның қызы. Ол қыз өткен күзде оңтүстікке кетіп, көктемде жыл құсы сияқты қайтып оралған болатын. Әлгі шешек ата гүлденген бұталардың арғы тасасындағы үй — Одурдың үйі. Ол мұнда емес, сонау алыстағы көп елдердің бірінде. Кім біледі, әйтеуір бір кезде Нонни де әжесінің төсегінде жатып ұйқы соғатын қазіргі кішкентай бала қалпында қала бермейтін шығар-ау...
Ол әжесінің кереуетінің бір шетінде едәуір уақыт бойы отырады да өз аяқ киіміне арнап ұлтарақ тоқиды. Бірақ көп ұзамай, шыдамы таусылып, орнынан тұрып кетеді.
— Қалай десең де мен ешқашан өлмейтін, әйтеуір бір нәрсені білемін! — Ол тоқып отырған ісін қасына қоя салды да, әжесінің бетіне қадала қарады.
— Ол не нәрсе болды екен?
— Ешқашан өлмейді, — деді ол тағы да.
— Айта қойшы, жарқыным. Оның не болғаны сонда?
— Қайтсең де айтпаймын!
Бала қолындағы жіпті сол қолының сұқ саусағына екі рет орады да тұзақ жасап қойды. Қазір ол өзінің тағы бір құпия сырын ақтарып салуы мүмкін. Бірақ өмірден де, өлімнен де жоғары тұратын бір зат бар. Ол түнгі еркіндіктен де, күндізгі еркіндіктен де жоғары. Оны ешкім де ешқашан біле алмайды. Ол өлмейтін зат — қымбат бағалы табақтың құпиясы. Адамның жанын жегідей жейтін ең үлкен өкініш — өзгелер ұйықтап жатқан ерте кездегі құлқын сәріде оянып кету. Сол оянған сәтте адам түстегі көргендері өңіндегі өмір шындығынан қаншалықты жақсы екенін айқын аңғара алады. Баланың түсіне жиі-жиі кіретін нәрсе — бағасы елу эйрир, бір крона, тіпті екі крона тұратын ақшалар. Бірақ олар көзін ұйқыдан ашқан бойда ғайып болып кетеді. Ол кезде түсінде үлкен қасықпен семіз ет туралған майлы сорпа ішіп жүреді. Еттің семіздігі сонша, оның майы саусақтарынан сорғалап ағып тұрады. Ол құшақ жетпес үлкен табақтан Рождество мейрамы құрметіне пісірілген бәліштің қалың кеспелтегін де жейді, — оның қалыңдығы сонша, тіпті ішінен адамның көзіне барабар үлкен жүзім шыға келеді. Ұйқы кезіндегі түс адамды, міне, осындай бақытты сәттерге бөлейді! Бірақ байғұс бала көзін жұмып, қанша тырысып баққанымен әлгі түсін, онда көрген әлгі тамаша заттарды немесе ақшаларды, әкесі хутор үшін борышын өтерде старостаға берген теңгеден айнымайтын күміс ақшаларды қайта көре алмай босқа әуре болады. Ал егер түсінде көрген сол ақшаларды қолына түсіре қалса, бұл бала өзіне баяғыдан армандап жүрген мейізді де, печеньені де, бәкі мен жіпті де сатып алған болар еді.
Ол ұйқыдан оянған кезде ішегі шұрқырап аш жатқанын жиі-жиі сезетін. Ондайда бейне бір майлы сүйек кеміруді аңсаған ит сияқты болып әлгі түсінде көргендерін армандайтын. Бірақ оған бұдан былай ерте тұрып алып, біреуді оятып, нан сұрауға қатаң тыйым салып қойған болатын. Ондайда әкесі: "Аяқ-қолыңды байлап, пастор Гудмундурдың қойларына қосақтап қоямын!" деп қорқытатын. Ал, ол қойлардың біреуі кейде кез-келген қоймен түні бойы сүзісіп шығатын. Ойыңа түсіп кетсе, төбе шашың тік тұрады! Сондықтан да Нонни "пастор Гудмундурдан өзге ешкімнен де тап бұлай қорықпайтын. Адам көрсе, құтырынып кететін әлгі қошқар кей-кейде Нонниді түсінде қуалап та жүретін. Ондайда байғұс бала әлгі құбыжық қошқардан өлердей шошып, қашып құтылмақ болып, бір түсінен екінші түсіне ауысқанша үрейлене асығатын. бұл қошқарды әкесі қанша жақсы көріп, мақтаныш тұтса да, ол баласы Нонниге семіз ет туралған майлы сорпа мен рождество бәліші сияқты тамаша тағамдар қаншалықты табиғаттан тыс, ауылы алыс нәрселер сияқты тәтті елес берсе, тап соншалықты бұрын-соңды болып көрмеген құбыжық күш сияқты көрінетін. Соған қарағанда, адам өзіне төнген қатерден түсінде де қашып құтыла алмайды екен-ау өзі.
Нонни ішегі шұрқырап қарны ашып жатқанын ұмыту үшін шкаптарда тұрған құмыралар мен табақтардың әдеттегі әңгіме-дүкеніне құлақ тігуге кірісті. Сонда олар не деп бөседі? Жас баланың үлкендер айтатын әңгіменің арқауына түгел ілесіп отыруы оңай емес. Өйткені олар шіркеу қауымындағы алуан түрлі істің жанына тоқталады, әрқайсысы әр түрлі пікір айтып, дауласады, өз айтқандарын мақұлдатқысы келеді. Қауымның қамқорлығында болуы тиіс кедейлердің, былайша айтқанда, жұрттың бәріне бірдей масыл болған кәрі қақпастардың Құдай сүймес қылықтарын айтып шағынады. Қыздар мен жас келіншектердің әдеп сақтаудан қалып, бұзылып бара жатқанын, жастардың қалаға қарай ағылуын, заманның барған сайын қиындай түсуде екенін айтып күйінеді. Азық-түлік бағасының шарықтап әсіп бара жатқаны, қойларды ішек құрттың жаңадан шыққан бір түрі қинай түскені тағы бар. Қара шөміштің пікірі бойынша, егер ән мен сазға көбірек көңіл бөлінген болса, онда барлық жағдай өзгеріп, жақсарып шыға келер еді. Кәстролдің, табалардың, шөміштер мен қасықтардың осы бір айтатындары үлкендердің өңіндегі әңгімелеріне соншалықты ұқсас, тіпті бірдей екендігі таң қалдырады. Баланы әсіресе таң қалдыратыны — олардың ақыл-ойларының, іс-тәжірибелерінің, білімдерінің күштілігі, сөздерінің әсерлілігі ғана емес, сонымен қатар қалалар мен селолардың, жер-су аттарының жиі-жиі дәлме-дәл қайталанып отыратыны, қайдағы бір қиырдағы алыс хуторларда өткен үйлену тойлары туралы көзбен көргендей баяндайтыны, небір өлеңдердің суырып салып шығарылатындығы, қызыл кеңірдек айтыс-тартыстардың қалай шиеленісе түсетіні. қаладан далаға жеткен өсек-аяңның қалай қаулап бара жатқаны туралы әңгімелері. Олардың арасында не болса содан шығатын ұрыс-төбелестер де болмай қалмайды. Мысалы, бұған әлдебіреудің бүгін шіркеудегі қоңыраудың даусы жөнді шықпады немесе Фьордтағы көпестен гөрі Викадағы көпеспен істес болған жақсы деген сөздері жеткілікті себепке айналады. Енді бірде әлдекімдердің некесіз туған шата балалары туралы, тіпті елдің ұлттық тәуелсіздігіне сенуге ешқандай негіз жоқ екендігі жөнінде сөз болады. Ол ол ма, кейбіреулердің пікірінше, қара құмыра жылқының тезегін толтыра салып қоюға ғана жарайтын ыдыс көрінеді-міс. Ал енді біреу өлеңді тек былай жазу керек деп өзеурейді:
Иисус, өзің көмектес,
Құдайым, өзің сақтай гөр.
Аяғыңа бас ұрған
Мен құлыңмын — жақтай бер!
Екінші біреулерге мынадай өлең ұнайтын көрінеді:
Сира римса помса прамс
Пийна лимса фийра
Кийра симса рамса рамс
Рийра димса нийра.
Құдайым-ау, таңның ататын түрі бар ма өзі?
Нонни қараңғыда жасырынып тұрған сиқырлы зұлым күштің иесі көріп қалмасын дегендей, басын ақырын ғана көтерді.
Таң атуға жақындаған сайын жарық көбейе түсті, ас үйдегі оны-мұны ыдыс-аяқтардың да әңгіме қоры таусылайын деді. Өйткені ол бір түнге ғана жетерліктей болатын. Олардың үні бәсеңсіген сайын бала енді басқа дауыстарға құлақ түре бастады. Төменнен қойлардың қозғалып, маңырағаны естіледі. Олардың кейбіреулері артқы екі аяғына тұрып алып, алдыңғы екі аяғымен ақырға асыла бастапты, мүйіздерін арбаң-арбаң еткізіп, бірін-бірі итермелейді. Олардың осы әрекеттерін сезген сайын баланың таң ататын болды-ау ақыры деген сенімге толы үміті күшейе түсті.
Бірақ ондай таңғы белгі берудің ең зоры әкесінің қорылы еді.
Мана, бала ұйқысынан оянған кезде, бұл қорылдың даусы ұзақ-ұзақ бөлініп, тым тереңнен шығып жатқандай естіліп еді. Оны таңғы қорыл емес, түнгі қорыл десе де болатын. Ол қорылдың қазір біз өмір сүріп, әрекет етіп жүрген ортаға тіпті де қатысы жоқ. Оның оз алдына бөлек басқа бір бөтен әлемге — әлдебір шетсіз-шексіз кеңістікке, өлшеусіз мол уақытқа сапар шегіп бара жатқан адам таң қаларлық тіршілік иелерінің дүбірі сияқты естіледі. Иә, сол сапардағы сарбаздар мінген арғымақ тұлпарлар тұяғының дүбірі. Ол тұлпарлар біздің күнделікті көріп жүрген аттарымыздан мүлде өзгеше сияқты.
Таң жақындаған сайын әкесінің қорылы бәсеңдейін деді, кеудесінен шығып, анық естіліп жатқан дыбыс ұяң тартып басылуға бет алды, бірте-бірте алқымынан, одан соң аузы мен мұрнынан естілді. Ақыр аяғында екі ернінің арасынан шиқылдап шықты, ырс-ырс етіп демін қинала алып жатты. Соған қарағанда, жетеміз деген нысана жақын қалған болуы керек, арғымақ тұлпарлар шетсіз-шексіз кеңістіктегі құлақ тұндыратын шудың ара-арасымен аман-есен жеткеніне қуанып, тұяқтарымен жер тарпитын көрінеді. Міне, енді туған өлке де кең құшағын жайып қарсы алғандай болды.
Өзгелердің тыныс алуы тіпті басқаша еді. Олардың үнінде әкесінің қорылына тон ерекше күшті екпін жоқ. Арғымақ аттардың шабытты шабыс дүбірі де байқалмайды. Мысалы, қарт әжесінің тыныс алуына қараңыз. Байқап отырсаңыз, бұл баланың қатарында қандай да бір тіршілік иесі жатыр екен деудің өзі қиын емес пе? Тыныс алуы тым баяу әрі әлсіз, анда-санда бір рет зорға дегенде қимылдайды. Мұндайда кемпір байғұстың тыныс алуы біржола тоқтап қалған жоқ па екен деп те ойлауға болады. Бірақ бала оның үстіне еңкейе түсіп, тынысын мұқият тыңдағанда әлдебір леп шығып жатқаны, тіршілік белгісінің бар екені байқалады. Кемпір бірнеше сағат жаны жоқ адамдай қимылсыз жатқан еді, енді оның бойынан бейне бір ұзақ уақыт бойы тұрып қалған шалшықтың астынан ілуде бір көтерілетін кішкентай көпіршіктер тәрізді белгілер біліне бастады. Ол белгілер кемпірдің әлдебір нәрселерді айтпақ болған міңгірінен, ашулы үнінен, болымсыз ғана былдырынан, естілер-естілмес сыбырынан о дүниенің хабары сияқты қайдағы бір қорқынышты дұғалардың үзіліп-үзіліп естілген түсініксіз сөздерінен байқалады. Өйткені бұл кемпірдің де өзге барлық адамдардағы сияқты басқа ешкімге белгісіз өз дүниесі бар болатын. Ол тылсым дүние марқұм әкесінің өмір бойы жақтырмай, жек көріп өткен дұғалар мен әуендер, ішекше созылатын ұзақ өлеңдер дүниесі еді. Ол тылсым дүние әрі қатыгез, әрі мейірімді Құдайдың, бәріне де шыдай білген жаны сірі төзімді әкесінің, тозақтың адам төзгісіз ауыр азаптарын айтып, алдын ала қорқытатын діни қызметкерлердің дүниесі болатын. Кемпір байғұс бұл туралы тіс жарып ешқашан ешкімге айта қоймайтын. Ал әлдеқалай сұрай қалсаң, оған түсінуі мүлде қиын қайдағы бір дұғалар оқу арқылы жауап қайтаратын. Әжесі соншалықты көп дұға оқи алатынына, дүниедегі мәңгілік өмірдің рақаты туралы өте-мөте мол білетініне қарамай, өзінің берік ұстаным сенімін өзге ешкімге тықпаламайтын. Рас, ол Нонниге ұйқыға жатар алдында дұға оқуды үйрететін. Өйткені дұға атаулы оның оз дүниесінің тілі болатын. Бірақ Нонни үшін әкесінің қорылын естігенде елес беретін дүние өмір шындығынан қаншалықты шалғай жатса, ол дұғалар да соншалықты қисынсыз бір нәрселер сияқты көрінетін. Әжесінің оқитын дұғалары мен орындайтын әуендерінен, айтатын сөздерінен еріксіз үзіп-шалып зорға елес беретін мүлде өзге жат дүние баланың бойында қорқыныш сезімін тудыратын. Ол қорқыныш шалшықты батпақтың әрі лай, әрі ұлы суы, ол судағы балдыр мен әлдебір сүйкімсіз түкті өсімдік, жыбыр-жыбыр жүзіп жүрген жәндіктер туғызатын үрейден күшті болмаса, тіпті де кем емес еді.
Әке-шешесінің төсегіне қарама-қарсы тұрған кереуетте жасы үлкен ересек үш бала -Хельги мен Гвендур кереуеттің бас жағында, ал Ауста — аяқ жағында жататын. Хельгидің ұйықтап жатқандағы тыныс алуы, Аустаның өксіп жылаған үні мен тісін шықырлатқаны -ұйқының бұл тілі қай дүниеге тон болды екен?
Сөзсіз әрі мағынасыз тілде ақылға қонбайтын парықсыз ашу-ызадан өзге ештеңе де жоқ. Ал, көзінен жас, өңменінен өксік шықпай құр жылау — тәніңе біз сұғып алғандай қатты ауыртады. Мұның езі әлдебір қорқынышты сұмдық хабар қыздың тұла бойын тесіп етіп, бір дүниеден екінші дүниеге ауысып жатқандай. Ол дүниелердің бірде-біреуі, ол дауыстардың ешқайсысы бүгінгі күннің заңдарына немесе әдеттегі жан дүниеміздің сезімдеріне тіпті де бағынбайды.
Осы бір қысқы таңда, үйде бейне бір ешкім жоқ сияқты, жұрттың бәрі де тым алыста, өзді-өзі ұйқы құшағында жатқан кезде, мұның шешесі қайда болды екен? Жазғы мекендегі шағын бөлмені бөтен дүниенің көлеңкесі тұмшалап алған, онда неше түрлі ғажайып оқиғалар болып жатқан кезде мұның шешесі неге көрінбейді?
Ол да тәтті ұйқыда ма екен, әлде көзі ашық қалпында күйзеле қиналып жатыр ма екен? Әкесінің қорылы оның ауырсына ыңырсығанын жөнді есіттірмейтін де шығар? Ауруын ұмыттыратын шипалы қол түсінде де табылмағаны ма? Байғұс бала бір өзі ояу жатыр, күндізгі жарықты зарыға күтумен болды. Ал оны айнала қоршаған тастай суық әрі жат дүние үшін баланың бары-жоғы бәрібір сияқты көрінеді. Мұндайда бала анасының ыстық құшағын бұрынғысынан да күштірек сағына түседі.
Бірде, шамасы, қысқы күннің жарығы әлі біліне де қоймаған түн ішінде болуы керек, бала тіпті алыста, өзінің түсі әлемінде жүр еді. Қаншалықты қысып қинайтын болса да, түн жарымындағы соншалықты тәтті қалғып-мүлгудің де өз рақаты бар. Осылай ұйқылы-ояу жатқан кезінде мұны белгісіз біреу шақырып тұрғандай болды. Ол кім екен өзі? Алғашқыда оның даусы алыстан естілгендей болып еді, бірақ бұл оған онша мән бере қойған жоқ еді. Енді бірде әлгі дауыс бұл көрмеген шет елдердің бірінен келіп тұрғандай көрінді. Бірақ бірте-бірте жақындап келе жатқан сияқты. Тіпті ыңырсыған үні мен ауыр күрсініп, дем алғанына дейін естілгендей болды. Барған сайын жақындап, келіп те қалғандай. Жаңа ғана поселкені аралап жүргендей еді, енді тіпті бөлмеге кіріп үлгерген бе, қалай? Сөйтсе әлгі дыбыс шешесінің жатқан кереуетінен келуде екен. Ноннидің ұйқысы шайдай ашылып кетті. Өзі әжесінің төсегінде жатыр екен. Бөлмеде кіп-кішкентай май шам өлімсірей жанып түр. Әжесі белі бүкшиіп, мұның әке-шешесінің кереуеті жанында қыбыр-қыбыр етіп, әлдебір нәрсе жасап жүр. Бейшара еш тыным таппайды. Әкесі кереуеттің жиегінде шешесінің қолынан ұстап, сүйемелдеп отыр. Екінші кереуеттегі балалар құс мамықты жамылып, жатып қалыпты. Бірақ анда-санда бастарын шығарып, қорқынышқа толы көздерін бадырайта ашып, әкесі отырған кереует жаққа қарап қояды. Олар бірінің бетіне бірі қараудан қорқады, өтірік ұйықтаған болады. Бүгінгі түн олардың шешесі қатты қиналды. Ыңқылы барған сайын күшейе түсті, үні де аянышты естілумен болды. Бейшара жаны қиналғанда айқай сала шыңғырып жібереді, жылап та алады. Бұл дүниенің қайғы-қасіреті осындай-ақ болар. Бала орнынан атып тұрып, неге бұлай екенін сұрамақ еді. Бірақ батылы бармады, төсегіне бүк түсіп жатып қалды. Әжесі пеш-плитаның жанында тағы бір нәрселермен әуре, шамасы, от жағудың қамы болар — бұл оның отпен жүргізетін бітіспес күресі. Кемпір байғұс бірнеше ұрпақты тәрбиелеп өсіру барысында су жылыту үшін от жағамын деп қанша азап көрді десеңізші! Арада аз уақыт өтті. Бала тағы да ұйқыға кетті. Сыбыр-сыбыр дауыстар және бір жақтан естіле бастады. Оның әкесі текпішек сатыны сықырлатып төмен түсті. Қазір ол қайда екен? Редсмири шіркеуінде болар, әлде одан да алыс бір жаққа кетті ме? Жоқ, ол үйде шығар. Бірақ ол төменге түсіп-шығатын тесіктің қақпағын жауып, бір жаққа кетіп барады.
Әкесі есікті жапқан бойда шешесі еңіреп қоя берді, бұрынғысынан да қатты шағынып жылады. Әлдебір суық саусақтар пышақтай өткір сүйір тырнақтарын баланың жүрегіне сұққылап жатқандай боды. Дүниедегі ең жақсы көретін адамыңның қайғы-қасіреттен көз ашпай, қинала қор болатын себебі не екен осы?! Соны көріп-біле отырып, оған ешқандай көмек көрсетуге дәрменсіз болғаннан ауыр не бар?..
Баланың санасына бір ой сап ете қалды: шешесінің қор болып, қайғы-қасірет шегіп жатқанына тек әкесі ғана кінәлі екен. Өйткені Бьяртур оны қашанда жеке меншігі ретінде иемденіп, тағдырына қалай болса солай, қатал билік жасап келеді емес пе? Енді келіп оған соншалықты қамқор бола қалғаны қалай? Осының өзі екіжүзділік емес пе? Тіпті қолынан ұстап сүйемелдей қалғанын қарашы. Бұрын ол ешқашан бұлай етіп көрген емес. Оның үстіне, түн ішінде поселкеге қашып барады.
Сүйген жүрек те осынша тұрақсыз, осынша опасыз болады екен-ау! Дегенмен де адамға деген жанашырлықты тек жүрек арқылы ғана сезуге болады. Бірақ ұйқы — дұшпан. Ол сүйген жүректің қандай асыл сезімінен де күшті. Шешесінің соншалықты қатты қиналып жатқан кезінде анау өлімсіреп тұрған шамның жарығы да өшіп бара жатты, сақырлап қайнаған судың дыбысы да алыстап, әлсірей бастады, тұтанған отынның шырт-шырт жанғаны да естілген жоқ. Қарт әжесінің күңкілдеген сездері де, сыбыры да, міңгірлеп оқыған дұғасы да қалғып-мүлгіп отырып көрген түсіндегі оқиғалармен араласып кетті. Әлгіде ғана жүрегіне қадалып қиналған өткір пышақтай үшкір тырнақтар да ұмыт болды. Енді қауіп-қорқыныштан да, жанды қинаған азаптан да ада, бейне бір аульвалардың ғажайып өміріндей тамаша түс көру басталып кеткендей еді. Міне, ол түн жарымындағы аса қызықты тәтті түстің шырмауында қалды да оның санасы ұйқының түпсіз тереңіне суси төгіліп, ақырын батып бара жатқан құм сияқты бұлдырап, бәрін де ұмыта бастады.
Кеше мұның әкесі жас нәрестенің мәйітін поселкеге жерлеу үшін алып кеткен болатын.
Ал шешесі ше? Оның жаны жай таба алды ма? Бір бірінен айнымайтын, алдағы үміт сәулесі сезілмейтін қысқы күндердің қиындығына ол да мына өз балалары сияқты амалсыз көндіге алды ма? Әлде ол өзінің бәрінен де үміт үзіп, торыққан қиын-қыстау жағдайын жасырып жатыр ма? Енді оның ешқандай кешірімді жақсылық бола қоймайтынына, адам жүрегіне жанашырлық жәрдем күтудің керегі де жоқ екеніне шынымен-ақ көзі жеткені ме? Балалардың қорқынышы бірде күшейіп, бірде басылумен болды. Ал олардың шешесінің үздіксіз шерлі жүрегі шеккен азапта шек жоқ еді.
Балаға адамдар тап бүгінгі таңдағыдай ешқашан ұзақ ұйықтап көрмеген шығар деген ой келді. Қойлар әлдеқашан қимылдап, тұрып кетіпті, тіпті бір-бірімен сүзісіп жатқаны да естіледі. Әкесі, қазіргі қорылына қарағанда, енді көп ұзамай оянатын болуы керек. Асханадағы оны-мұны ыдыс-аяқтардың бәрі де таңның атуына таяу қалғанын сезгендей тым-тырыс. Селдіреген сұп-сұйық көгілдір жарық себелей бастаған терезе қысқы күннің өте баяу ашылып келе жатқан көзі сияқты. Мыналардың бәрі де оянып кетерміз деп шынымен қорқып жатқаннан сау ма өзі? Бала ақырын болса да қабырғаны тақылдатып ұруға кірісті. Әкесінің қаншама тыйым салып, жазамен қорқытпақ болған әрекеттеріне қарамай, ол бұл әдетін қойған емес. Әсіресе таңның атуы тым ұзаққа созылып бара жатқанда осылай жасайды. Бұдан ешнәрсе шықпаса, шиқылға басатын, әуелі тышқанның ақырын шиқылына, содан соң бірте-бірте неғұрлым күшті шиқылына көшетін. Қазір де солай етті. Бұл шиқыл бейне бір байқаусызда иттің құйрығын басып кеткенде шошына қыңсылағанындай күшті шықты. Бұдан да нәтиже шықпаған соң енді ит болып қатты қыңсылады. Енді ашық тұрған есіктен зюйд-вестің өзі баса-көктеп кіріп келе жатқандай еді.
— Қане, қағынба енді! Осы жынданғаның да жетеді!
Мұны айтқан әжесі еді. Бірақ бала өз дегеніне жеткен болатын. Кемпір әлдебір нәрселерді міңгірлеп айта бастады. Содан соң орнынан көтеріліп тұрмақ болды. Ақырында ентіге ырсылдап төсектен әрең шықты. Оның күндегі ерлігі осылай басталады. Ол қаудыраған қалың кездемеден тігілген кеудешесі мен белдемшесін киді. Содан кейін сіріңке іздей бастады. Сығырайған шамның шала көлеңке жарығында бала оны әлі орамалын тартпаған жалаңбас күйінде көрді. Жел қағып тотыққан, қатпар-қатпар қалың әжім тілгілеп тастаған беті-жүзін, омырайған аузын, имиген иегін, тыриған арық мойнын, түсе-түсе сұйылып, сиреп кеткен сұрғылт шашының жіп-жіңішке бұрымын көрді де үрейі ұша қорқып кетті — сиқырлы зұлым күштің өзі екен деп қалды. Бала әжесі басына жүн орамалын салған кезде барып таң енді ғана атты деп санады.
Әне, әжесі орамалын тартты. Оның әрбір баяу қозғалысы мен жан-жағына жүгіре алаңдаған көзқарасы бала үшін жаңа күннің жолдаған құттықтауы, қайта оралған шындықтың берген сәлемі сияқты еді. Осы бір томаға-тұйық жанның жүн орамалдың арасынан көрінетін әбден танымал беті-жүзі, міңгірлеп сөйлеген сөзі, мұрнын пысылдата тартқаны, күңкілдеген үні - бәрі-бәрі бала үшін тап сондықтан да қымбат болатын. Кемпір төмен қарағанда көзінің қиығымен өз мұрнының ұшын көргісі келген адам сияқты еді. Ол от жақпақ болып көп әуреленді, ырс-ырс етіп қиналды. Енді көп ұзамай әкесі оянады, тыр-тыр қасынып, қақалып-шашалып жүріп, қақырынып-түкірінеді, бір шымшым насыбай иіскеп болып шалбарын іздейді. Киіне салып, қойға шөп салуға шығады.
Атқан таңның қайнаған қызу еңбекке толы алғашқы кезі, міне, осылай басталады. Мұнда күннен-күнге өзгеріссіз қайталанатын бір-ақ нәрсе бар, деп ойлады бала. Ол әжесінің пеш-плитаға от жағу үшін тамызық тұтата алмай азапқа түсуі. Өйткені отын қашан да ылғал болады. Ал кемпір байғұс ірі-ірі ылғал шымтезекті ұсақтап, жұқа қатпарларға айналдыратын, оның неғұрлым құрғақтарын тамызыққа таяу қалауға тырысатын. Бірақ оның өзінде де от оп-оңай жана қоймайтын, баяу сырт-сырт етіп, үйдің ішін көзді ашытатын қою ылғал түтінге толтыратын, тіпті танауың мен қолқаңды қауып, тынысыңды тарылта түсетін. Бала басын мамық көрпенің астына тықты. Бірақ түтін оның ішін де кеуледі. Қабырғадағы май шам төменге алынып, оның жарығы жақыннан түсті. Кемпірдің үйреншікті міңгір-міңгір сөзінің таусылатын түрі жоқ болса да шам жарығының жақындауы — жақсылықтың белгісі, көптен күтіп, ынтыға аңсап жатқан таңертеңгі кофенің буы бұрқырап, иісі аңқып келіп қалатынының белгісі. Ұнтақталған кофенің отта тұрған шәйнектегі қайнап жатқан суға салған кездегі мұрны жаратын хош иісі-ай десеңші! Бойға қуат, ойға нәр беретін кофені рақаттана ішетін кез де жақындады-ау, әйтеуір!
Плита-пештегі оттың қашан лаулап жанатын уақыты ұзаған сайын әлгі қуанышты сәттің ауылы әлі алыста қала береді, кофеге деген құштарлық та күшейе түседі. Мұндайда уақытты неғұрлым тезірек өткізу үшін Нонни үйдің төбесін жабуға салынған сырғауылдарға барынша мұқият үңіле қарауға кірісетін әдетіне көшті. Рас, бала оларды таң ата бере күн сайын көреді, олардың қайсысының қандай ерекшелігі бар екенін түгел біледі. Солай бола тұрса да Ол көзін аша сала сол зерттеуін жалғастыра түсуден танбайды. Әсіресе әне бір екі сырғауылдың бұтақтарын көру үшін қайта-кайта үңілді. Егер бөлмедегі түтін азайып, от қызып жана бастаса, әлгі бұтақтарды егжей-тегжейлі айқынырақ көруге болар еді. бұл бәрі де дұрыс, су қазір-ақ қайнайды дегенді білдіреді. Сонда бұл екі бұтақтың қандай қасиеті болғаны? Олар ағайынды екі жігіт сияқты. Бір-біріне қатты ұқсайды: екеуінің де қақ маңдайында жалғыз-жалғыздан көзі бар, екеуі де дөңгелек жүзді — баланың шешесінен айнымайды. Сонда олар мұның шешесінің аузынан түсіп қалғандай болып, қалай ұқсаған? Мәселе былай еді: ол екеуі мұның шешесінің туған бауырлары болатын. Олар өздеріне табысы мол жұмыс, жанға жайлы жақсы тұрмыс іздеп, бұл бала өмірге келмей тұрғанда-ақ теңіздің арғы жағына кетіп қалған. Барған жерінде мақсаттарына жеткен көрінеді — содан бері тым-тырыс, еш хабар-ошар жоқ.
* * *
— Менің тан, қалатыным — неге екенін қайдам, осы баланың көзіне көрінбейтін нәрсе жоқ, — деп ойлады ішінен шешесі бір күні Нонни оған таң ата бере көзіне елес беретін көріністер туралы онымен көзбе-көз әңгімелесіп отырғанда. Олардың сыбыр-сыбыр сөйлескен бұл әңгімесін өзге ешкім де білмеуі тиіс еді. Өйткені бұлар әр түрлі ән-жырлар, ғажайып алыс өлкелер туралы сөз етіп отырған болатын.
— Егер адам құлақ естіп, көз көрмеген алыс жаққа кетіп қалса ше? — деп сұрады баласы шешесінің кереуеті шетінде оның қолынан еркелей ұстап отырып. — Сонда ол өзі арман еткен бақытына жете алар ма еді?
— Жете алады, жаным, жетеді әрине, — деді шешесі шаршаған үнмен.
— Қандай адам болғысы келсе, сондай адам бола ала ма?
— Бола алады, — дей салды ол, селқос жауап қатып.
— Көктем келе салысымен мен хутордың қарсы бетіндегі таудың шырқау биігіне шығамын да алыстағы сол елдерді көруге тырысамын.
Шешесі бұл жолы үндеген жоқ.
— Мама, былтыр мен бір күні аңғарда атқылап жатқан сарқырама су көрдім. Бір қызығы — ол желдің соққан күшімен төменнен жоғары қарай көтеріліп, таудан ары асып ағып кетті.
— Жаным-ау, мен де сені түсімде көріп жүрмін, — деді шешесі.
— Айтшы, қалай көрдің, не көрдің?
— Түсімде аульва әйел мені биік жартасқа алып кетіпті. Енді қарасам, бір құмыра сүт ұсынып, "Іш осыны!" деп түр екен. Мен сіміре ішіп салдым. Сонда ол былай деді: "Сенің ұлың Нонни дүние жүзіне белгілі әнші болады. Сен оны жақсы көр, әрқашан мейірімді бол!"
— Қалай әнші бола алмақпын сонда? — деп сұрады баласы.
— Білмеймін, — деді шешесі.
Бала шешесінің кеудесіне бетін басып, құшарланған мейіріммен, иіскеді. Бұл сәтте оған шешесінің дүрсілдеп соққан жүрек жылуынан өзге ешнәрсе де керек емес еді.
Бір кезде ол басын көтерді де:
— Мама, мен неге бүкіл дүние жүзіне белгілі әнші болуым керек?
— Ол жай ғана түс қой, — деді шешесі.
— Сонда мына мен ұшы-қыры жоқ йен далаға да арнап ән салатын боламын ба?
— Иә, жаным. Солай болады.
— Шалшықты балшыққа ше?
— Оған да.
— Тіпті тауларға да арнап ән саламын ба?
— Аульва әйелдің айтуы солай, — деді шешесі.
— Яғни, менің Редсмири шіркеуіне барып, он үйренуім қажет екен ғой. Солай ма, мама? — деп ойланып қалды баласы.
— Солай болатын сияқты, — деді шешесі.
Бала шешесінің кеудесіне тағы бетін басты. Оның айтқан тамаша болашағы туралы рақаттана ойға шомды. Өзін қанаттандыра шарықтатқан тәтті қиялдың құшағынан көпке дейін босана алмады.
— Мама, деді ол ақырында, — сен маған дүние жүзіне арнап ән айтуды үйретесің бе?
— Үйретемін, — деп ақырын ғана сыбыр етті. Көктем шықсын.
— Сөйтті де ол шаршаған қалпында көзін қайтадан жұмды.
Баланың назары төбедегі сырғауыл бұтақтардан шкап сөресіндегі оны-мұны ыдыс-аяқтарға, қабырғада ілулі тұрған қара шөмішке, еденде тұрған қара құмыраға ауды. Ал олардың бәрі де бейне бір ештеңе бола қоймағандай-ақ жайбарақат қарап түр екен Бірақ ол бейне бір құлпыра әсем киінген әдемі қыздар сияқты, сезімді билеп ала жөнелетін нәзік те көркем кеселерді көргенде әлдебір ынтықтырған құштарлыққа бой алдырды, тіпті олар туралы ешқашан тіс жарып ешнәрсе айтпаймын деп өзіне өзі берген сертін де ұмытып кетті. Ол өзінше әдеп сақтаған болып, бір көзін жұмғанымен әлгі көркем қыз кеселерден екінші көзін ала алмады. Бала былай деп ойлап жатты: бір қарағаннан шошып кетерліктей көрмеңдер, мен де оңай емеспін. Сондағы оның ойына алғандары өзінің дүние жүзіне арнап он салатын әндері, қысқы кеш ертеңгі таңға дейін қаншалықты ұзақ болса, соншалықты алыс, әлі өзі көріп ілмеген ғажайып елдер болатын.
* * *
Ақырында шәйнектің әдетте ысылдаған таныс дауысы естілді. Бұл — ондағы судың бұрқ-сарқ қайнауына өте аз қалғанының белгісі. Мұндай кезде баланың қарны ашқаны қатты сезіледі — ол атып тұрып, жиюлы тұрған шөптің, тіпті шымтезектің немесе жай тезектің үстіне ескіріп кетуге әзір сияқты. Сөйтіп жатып, оның өзіне берілетін бір үзім нан туралы ойланып, зарыға үміттенетінін қайтерсің! Мұнысына таң қалуға болмайды. Бір жапырақ ол нанның үзімі қандай болады? Әжесі оны бүтін наннан кесіп бере ме әлде жарты наннан үзіп бере ме? Ол нан арғы жағынан күн көрінетіндей жұп-жұқа болып жүрмей ме? Оған не жағып жеуге болады? Әжесі нанның үстіне балықтың майы тамшылаған семіз кесегін салып берер деймісің! Бермейді! Олай етсе, нанның қатты қабығы тап кешегі сияқты жібімей де қалады-ау. Ол аузынан дәмі кетпейтін ондай дәмді майлы тағамды ешқашан тоя жеп көрген емес. Әділін айту керек, әжесі байғұс онша сараңдық жасамайды -кей-кейде оң қолының бас бармағын балықтың тоңазыған майына молынан батырып алып, қара нанға жағып бере салады. Оның есесіне, қантқа келгенде өте үнемшіл — шақпақ қанттың бір шетінен ұшып түскен жұп-жұқа сүйір сынығын ғана береді. Бірде Нонниге қанттың ең кішкентай сынығы тигені бар... Бала, міне, осының бәрін әлдебір үреймен қауіптене еске салып жатты.
Бөлме ішін кофенің хош иісі жайлады. бұл бүгінгі таңның ең салтанатты сәті еді. Осы хош иісті сіміре жұтқан кезде көрген қиыншылық атаулының бәрі де ұмыт болып, болашаққа деген үміт оты лаулай түседі. Бәлкім, бұл шынында да алыс өлкелерге, бір қияндағы ғажайып елдерге кетіп қалатын шығар? Адам айтса нанғысыз дерлік бір сәтті күн, көктем де шығар, құстар ән салып, тау беткейлерінде сарғалдақ гүлдер де бой көрсетер. Бәлкім, оған дейін мамасы да ауруынан айығып, құлан таза жазылып кетер. Былтырғы және оның алдындағы жылдардағыдай күн де ұзара түсер.
Шәйнектегі қайнаған судың кофе әзірленетін ыдысқа құйылған сарылымен қатар әжесінің бүгінгі ең бірінші сөзі — шырт ұйқыда жатқан Аустаны ояту үшін жалынышты дұға оқығандай болып естілетін кіріспе сөзі құлақтың құрт етін жей жаздайды. Ондай дұға құдайдың құтты күні таң ата салысымен қайталанады. Аустаға ол дұға әрқашан жаңа сияқты болғанымен Нонни оның ор сөзіне дейін өмір бойы ұмытпайтындай етіп әлдеқашан жаттап алған.
— Қане енді, ұялмайсың ба? Бұл дегенің масқара ғой! Бой жетіп қалған қыз дейді-ау сені де. Енді не десем болады, айтатын сөзім де қалмады! Осылардың ойында не бар екен өзі?
Мұндай болмашы ғана жазғыра ұрысқаннан оянып жатқан ешкім жоқ. Олай деп күтудің өзі де қиын емес пе? Былайғы жұрт мына кемпір қайдағы бір ескі псаломды жаңа дұғамен араластыра оқып жүрген шығар деп ойлайды.
Ауста, әрине, ояна қойған жоқ, кереуеттің бір шетіне басын беріп, аузын жартылай ашқан бойы шалқалап ұйықтап жатыр. Бір қолын құлағының астына төсепті, екінші қолы құс мамықтың сыртында алақан жая жартылай ашық қалыпты. Түсінде бейне бір әлдекім оның қолына бақыт ұстата қоятындай. Көйлегінің жағасына таяу салынған жамау көрініп жатыр. Кемпір байғұс өлі де жалынышты дұға оқып жүргендей міңгір-міңгір етеді.
— Бұлардың басында бір шайнам ми болсайшы, түге. Құдай біледі — түк жоқ! Қалай адам болар екен? — Кемпір Ауста туралы айтқанда әрқашан көпше түрде сөйлейтін. Қазір де солай: — Бұлардың дені бүтін көйлегі де жоқ тіпті!.. — Енді ол даусын қаттырақ шығарған болды: — Соула, тұр енді! Іс тоқуға кірісетін уақытың болды, қызым-ау. Қазір ертеңгі ас ішесіңдер. Арғы жағында көп ұзамай түскі ас та әзір болады.
Балалар әжесінің уақыт туралы түсінігіне таң қалумен жатыр.
Қайнаған су кофе әзірлейтін ыдысқа соншалықты әдемі әрі естілер-естілмес дыбыспен құйылып, буы бұрқыраған қалпында мұрынды жарардай хош иіс аңқытты. Ауста бәз баяғысынша әлі ұйықтап жатыр, ал әжесі оны оята алмай әлек.
— Мына қалпыңмен қалай адам боласыңдар? Өздеріңе өздерің сірә шарасыз масыл болумен өтесіңдер ғой өмірден.
Ауста Соуллилья сонда да оянған жоқ.
— Сен, немене, мен саған кофені байдың бәйбішесіне апарғандай етіп, төсекте жатқан жеріңе әкеліп береді деп шынымен-ақ ойлайсың ба? Сен әлі он үштесің ғой. Рас, он төрт жасқа толатын кезің жақын қалды. Шіркеуге барып, шоқынасың, дін жолына түсесің. Оған дейін саған әкеңнен талай таяқ жегізіп үлгертемін әлі.
Әжесінің таңертеңгі кезекті өсиет-уағызы Соулаға бұл жолы да мүлде әсер етпеді. Қарттықтан қалжырап, әбден титықтаған Халбера кереуетке таянып келіп, ұйқыдағы Аустаны әлсіз қолдарымен шамасы келгенінше сілкілей бастады. Қыз тек сонда ғана сығырайтып көзін ашты. Соның өзінде зорға ашты. Үрейлі көзін жыпылықтатып, жан-жағына абыржи алақтады. Бір кезде есін жиып, беті-жүзін екі алақанымен жаба түсіп, мұрнын пысылдатты.
Ауста қара шашты, аққұба келген, сопақ жүзді, иегі шығыңқы жас қыз болатын, бір көзі сәл-сәл қылиланып тұрады, қастары мен кірпіктері қап-қара, ал көзінің өзі болат түстес сұп-сұр. Ол осы хутордағы беті-жүзі құлпыра жайнап тұрған әдемі де айқын келбеті бар бірден-бір жан еді. Сондықтан да Нонни өзінің әпкесіне таңдана қарап, бұл өзі бәрімізден өзгеше қалай пайда болған деп ойланып қалатын. Бүгін оның жүзі өте солғын. Оның ересек жандардың бет әлпетіне ұқсас сопақ жүзінде талай қиыншылықты басынан кешірген деуге боларлық әлдебір қынжылысты қам-қарекеттің табы бар. Ноннидің есі кіргелі бері Аустаны өзімнің әпкем деп біледі. Қыздың екі иығы мен кеудесінің кескіні әлі жартылай ғана ашылған гүлдің бейнесіне ұқсай қоймайтын. Ол не әлдеқашан ашылып біткен, не гүл ашатын түйіні болмаған сияқты болып көрінеді. Жасына қарай кемеліне келе бой жеткен қыздың жұп-жұмсақ дөңгелене томпиған пішіні байқалмайды. Рас, дәл қазір Аустаны әлі жап-жас қыз деп те, кемеліне келе бой жеткен деп те айтуға келмейтін еді.
— Міне, мен сенің кофеңді мұнда қойдым, Соуллилья, — деді әжесі қолындағы кофе құйылған кесені бөлменің алысырақ шеткі бұрышына апарып қойып жатып. — Мен саған кофені жақын барып қолыңа ұстатады деп ешқашан да үміттенбе.
Қыз әлі шашын тарап, керіле есінеп, үсті-үстіне тамсанып отырып алды. Ол жастықтың астында жатқан белдемшесін суырып алды да жылы мамық көрпені жамылып отырған күйінде киді. Көрпенің астынан шығарған ұп-ұзын жалаңаш аяқтарына кимек болып, жуан жіптен тоқылған қалың шұлықтарын алды, ешкімнен ұялып, қысылып-қымтырылмай-ақ бір аяғын екінші аяғының үстіне айқастыра салып отырды. Нонни оның әлі толысып жетілмеген дене бітіміне көз жүгірте қарап шықты. Ол жасы үлкен әпкесі болса да бұл дене бітімі жағынан өзінің ағаларымен салыстыра қарағанда әлдеқайда төмен деңгейде екеніне кәміл көз жеткізді.
Бірақ баланың бұдан артық ойға беріле түсуіне уақыты қалмады — әжесі кофе әкеп берді де енді мұның ағаларын оятуға кірісті.
Нонни өзіне тиесілі сыбағасы нанның қай шетінен қалай кесілгенін, балық майы қаншалықты мөлшерде жағылғанын, оның сыртқы қатты қабыршаққа да жетер-жетпесін, бұған қанттың қандай шақпағы — үлкені ме, әлде кішісі ме — қайсысы тигенін өз көзімен енді ғана көре алды. Терезеден бірте-бірте баяу шашырап жарық түсе бастады. Қысқы таң қалың қабағын тағы да көтере ашты.
Күн осылай басталды.
ЖИЫРМА АЛТЫНШЫ ТАРАУ
КҮНДІЗ
Бұл отбасында тамақты әдетте үнсіз, бірақ салтанатты жағдайда отырып ішеді. Былайша қарағанда бір түрлі құпия дастарқан ба деп те қаласың. Әркім тізесінің үстіндегі тарелкаға үңіле түсіп, балықты сүйегінен соншалықты мұқият назар аударып тазалаумен болады. Сағат жөндеуші шебердің жұмысын көзге елестетеді. Ал ботқа жегенде тостағанды иегінің астынан алыстатпайды. Әкесі үлкен тостағандағы ботқаны көзді ашып-жұмғанша тез жеп бітеді! Кемпір байғұс тамақты пештің жанында жұрттың бәріне теріс қарап отырып ішеді. Таңертеңгі асқа әр күні сұлыдан пісірілген ыстық ботқа, қан аралас өсіп, бір үзім нан, кешегіден қалған тұзды балық, бір түйір қант салынған ыстық кофе беріледі. Соның ішінде бәрінен тәттісі қант. Шешесі тамақты бейне бір қонақтаған құс сияқтанып, кереуеттің шетіне жартылай жайғасып отырып жейді, әне ол альтинг мүшесі жіберген сексен шыны ыдыстың біреуін алды да дәрі ішуге кірісті. Оның беті бозарып, солғын тартқан, бадырайған көздері тынымсыз ойнақшып жылт-жылт етеді. Аузы ойылып кеткен сияқты, тамақты қинала шайнайды. Әкесінің тостаған тола ботқаны соншалықты тез тауысып қойғанына, ал шешесінің енді-енді ғана балыққа қолын тигізіп, оны жеркене жұтып отырғанына бала кей-кейде біртүрлі ыңғайсызданып қалады. Балалар тамақ ішіп болғаннан кейін бір шайнам дәмді ет пен қара бидай нанының қалың бір тілімін сүйсіне жеуді әрқашан армандаумен келеді.
Бьяртур таңертеңгі асын ішіп бола салысымен төсектің бір шетіне қисая кетті. Бұл — оның бала кезден қалып қойған дағдысы. Қатты қорылдап, бірнеше минөт көз іліндіріп алғаннан кейін ол басына аяқ астынан қатерлі қауіп төнген адамша орнынан жалма-жан ұшып тұрып, қой қораға қарай асыға ұмтылатын. Бьяртур ол қора мен бастырманы үйге жапсарлас салып алған болатын. Ал жас қозылар мен тоқтылар тұрған бөлмеге жалғас қашаға қамалатын. Ересек балалар шөп салынатын ақырларды тазартады, малдың астын күрейді, өзеннен мұз ояды, үй маңындағы қайта-қайта қар басып қала беретін жолды аршиды. Қойлар күртік қардың үстіне он сегіз текпішекті жіңішке қуыс жол арқылы көтеріледі. Адамдар да солай жоғары шығады. Терезенің тұсындағы қардың арасынан да op тәріздес қуыс қазылған. Ол арқылы күннің жарығы үйдің ішіне жетеді.
Хутордағы нағыз күндізгі үйреншікті тіршілік Бьяртур мен ересек балалар қой қораға шыққаннан кейін басталады және таусылмастай ұзаққа созылады. Кештің ауылы өте алыс, тіпті бүгін кеш түспейтін сияқты көрінеді. Үйдің ішіне жарытымсыз жарық түсті — өйткені терезенің көздері тым кішкентай, ал сырттағы күртік қар терезеден әлдеқайда биік. Күндіз екі кереуеттің төсегі жинаулы тұрады, ал үшіншісінде шешесі қимылсыз жатады да қояды. Кейде ол төсегінде өте баяу қимылдап, ауырсына аударылып жатады. Ондайда естілер-естілмес жартылай ыңырсиды. Өйткені бейшараның жата-жата жамбасы тесілуге айналған. Бұрын ол әр босанған сайын әр қыста үш ай бойы төсек тартып жатуға мәжбүр ететін кеселге душар болатын. Ал былтыр босанғаннан кейін өзі қатарынан төрт ай жатып қалды. Нәрестесі шетінеді.
Ауста терезе алдындағы кереуеттің үстінде өзіне кеудеше тоқып отыр. Оның аяғы еденге жете қоймайды. Оның есесіне, оқтын-оқтын қабырғаға сүйеніп, қалғып-мүлгіген бойда көз шырымын алып үлгереді.
Әжесі ұршығын алып, жіп иіре бастайды. Үй ішінде ұзақ күнге созылатын зырылдаған ызың естіледі. Шыр айналған ұршық уақыт доңғалағы сияқты. Ол бізді өзімен бірге сонау бір алысқа, әркімнің өзі жетіп жығылатын жеріне алып бара жатқандай.
Енді Ноннидің біраз ғана ойнауына болады. Ол малды өріске айдап салуға кірісті: яғни әр кереуеттің үстіне асықтарын бір-бірлеп қоя бастады. Бұл — оның өріске шыққан малдары. Ол қойларды ең жоғары жайғастырды. Мұнысы — оларды тау басына және оның қия бетіне айдап салғаны. Қойдың жақ сүйектері сиырларды бейнелейді. Сондықтан да оларды кереуеттің аяқтарына арқандап қойды. Кішкентай Ноннидің сиырға деген көзқарасы Жазғы мекен иесінің көзқарасынан мүлде бөлек. Сондықтан да ол бірден он сиыр ұстайды. Енді бір кезде ол әлдебір алыс сапарға аттанады. Оның аттары да сүйектер.
Ол иен дала мен таудың арғы жағындағы жат өлкелерге баратын жолдарды жақсы біледі. Сондықтан да өзінің жылқыларын фьордтардың (тауға еніп жатқан шығанақтардың) жағасына айдап апарады: жол ұзақ әрі қиын. Бұл бөлменің ішінде ондай алыс сапарлар жасау баланың бір өзіне ғана белгілі ережелерді ұстанған жағдайда ғана мүмкін бола алады. Ол үшін тіпті кереуеттің шеттері — күртік қар басып жатқан және сиқырлы зұлым күш иелерінің елесі қаптаған қатерлі тау шатқалдары мен тасты соқпақтар саналады. Кейде ол жолда келе жатып (терезенің алдындағы үстел астында) түнеп те қалады. Нонни үшін көктем шығып, қар кеткен, шешесі ауруынан жазыла бастаған кезде ғана оның алдынан нағыз кеңістік ашылады, бөлмедегі қиялмен елестететін жалған кеңістік біржола жойылады. Нонни "сиыр қорасы" мен бөлменің төменге түсіп-шығатын есігінің аузына дейінгі алақандай ғана жерге орасан зор қашықтықты сыйғыза алмай қиналудан құтылады.
Нонни қалада дәрігерлермен және дүкеншілермен сөйлесіп жүреді. Ол орасан көп мөлшерде мейіз сатып алады — өйткені оның үйінде тәттісіз тамақ ішілмейді ғой. Сөйтіп баланың бөшке-бөшке, жәшік-жәшік, қап-қап мейіз, ақ шақпақ қант сатып алуына тура келеді. Докторда дәрі құйылған бес жүзге тарта шыны құты бар екен — Утиредсмиридегі староста қойының санымен бірдей. Бірақ баланың одан бір тамшы да дәрі сатып алмағаны таң қалдырады. Сонда ертең альтинг сайлауы болған кезде одан сатып алған мына дәрі-дәрмектері үшін ризашылық белгісі ретінде дәрігерге дауыс беруден әкесі сияқты бұл да бас тартатын болғаны ғой. Нонни тап осы дәрігердің берген дәрі-дәрмегінен ащы әрі жеркенішті жағымсыз иісі бар өзге еш нәрсені де білмейтін. Тіпті оның ойына: шешесінің ауруынан жазыла алмай жүргені осы дәрілердің зардабынан емес пе екен?» деген күдік те ұялайтын. Ол ол ма, әкесі мұның шешесінен біржола құтылу үшін осы дәрігердің дәрі-дәрмегін әдейі сатып алып жүрген шығар? Бәлкім, осы екеуінің бірлесе жасап жүрген зұлымдық әрекеті болар? Сондықтан да Нонни бұл докторды иттің етінен жек көреді және альтинг сайлауы болған кезде оған дауыс бермейді, қайта үзілді-кесілді қарсы болады. Оның есесіне, мейізін мол сатқан дүкеншіге дауыс бергені артық. Дәрігердің балаға өкпелеп ренжігені сонша — оны сотқа бермек болады. Бірақ одан қорқатын Нонни жоқ. Ол дәрігерге мазақ ретінде кәрі қаншық сыйламақ болады. Ол қаншық та қойдың сүйегі. Ызасы келген дәрігер баланы аузына келген жаман сөздермен балағаттайды.
— Бұл не деген у-шу сонша, Құдайым-ау? — деп сұрады әжесі.
Бірақ бала не болғанын бірден айта қоймады. Өйткені әжесінің өскен ортасы тіпті басқа әлем. Ондағы орныққан тәртіп те басқаша болатын: бәрі де басқа ереже, басқа өлшемдер, басқа болжамдар. Әжесі мұны жаман сөздермен балағаттап ұрса бастаса, бұл солтүстік жақтан сұрапыл суық боран келе жатыр дегенді білдіреді.
— Егер сен өзіңді-өзің балағаттап отырған болсаң, онда қайыс белбеумен құйрығыңның сыбағасын беру керек болғаны шығар!
— Әже, — деді бала. — Сенің бұл жерге ешқандай қатысың жоқ. Сен — сұрапыл суық борансың. Ал мен ұзақ жолдың үстінде келе жатырмын.
— Сен әбден есуас болған шығарсың осы! — деді әжесі. — Ұялмайсың ба?! Сомадай жігіт болғаныңа қарамай, тапа-тал түсте қайдағы бір ақылға қонбайтын ақымақтық жасайсың. Сен әлі іс тоқуды да жарытып үйренген жоқсың.
Бала Фьордтағы маңғазсынған әлдебір менмен мырзамен әңгімесін кілт үзді.
— Әй-әй-әй. Мен сізге айтып едім ғой! Әне ол сұрапыл боранын соқтырды!
Сөйтіп әлгі мырзамен тез қоштасып болды да бөлме ішін бірнеше жерінен кесіп өтіп жатқан бұралаңдаған тасты соқпақтармен асығып-үсігіп үйіне кайтты. Бірақ жарым жолға жете бере оны әжесі қуып жетеді — дұрысын айтқанда, иен далада үстінде кенеттен дауылды боран басталып кетеді. Ол суыққа ұшып өледі... Ойын осымен аяқталады. Әжесі оны желкесінен алып, кереуетке отырғызды да іс тоқуды бұйырды. Ол жіптің ұшын саусағына екі рет шалып алды да іске кірісті. бұл оның бір апта бойы бітіре алмай, тіпті жартылай да тоқып үлгермеген өз ұлтарағы болатын. Бейне бір еш нәрсе де тұрған орнынан қозғалмаған, бәрі де үзіліп-созылып жатқан, қалай аяқталатын соңы да белгісіз сияқты — ұлтарақ тоқудың да, ұзақ күннің де, әкесінің үйінде өтіп жатқан өмірдің де шегі жоқ. Осындай ойлар оның ұйқысын і ағы да келтірді. Ол өзінің жолда келе жатып, суыққа ұшып өлгенін есіне алды.
— Әже, — деді ол есіней түсіп. — Мен сиқырлы елеске айналып бара жатырмын.
— Ой, кіп-кішкентай оңбаған неме! Шамасы, сен бүгін әлі де ешқандай дұға тыңдамаған болдың ғой?!
Рас, бүгін ол шынында да, қасиетті дұғалардың ешқайсысын да тыңдамағанын есіне алды. Бірақ бұл оның басында жиі-жиі бола беретін оқиғалардың ең сорақысы емес еді. Оның әжесі "қасиетті дұғалар" оқуға бар ынтасымен беріле кірісіп, көзін жұмған бойы әндете жөнелгенде мұны жағымсыз қылығы мен шалағай жаман істері үшін ұрсуды ұмытып кететін. Әжесі "ерекше жақсы" ұзақ дұға оқи бастасымен бұл да тоқып отырған ісін тоқтата салып, отырған орнында ұйықтап кететін. Әжесі сондай дұғаның бірін тағы да бастап жіберді:
In dulci jubilo
Шын жүректен аңсаймыз.
Impre seapio —
Қуаныш бізге сыйлай гөр
gremio — әз Ана.
Alfa hesido!
Alfa hesito!
Иисус parvuli —
Шыныменен бар болсаң,
О pura oftime
Көк аспанның терінде
Prinsinn glorii,
Жанымызды сақтай гөр!
Жанымызды сақтай гөр!
O Peturs Karitas!
О Cari Penitas!
Қиямет күні болғанда
Per nosta crimina
Жалбарына сұраймыз,
Selorum gaudia,
Құтқарушы бола гөр,
Құтқарушы бола гөр.
Нәсібі бар әркімнің!
Жайнаған жәннат бағында
Құдайдың құлдары ән салып
Kanticaны мақтайды,
Тақуа, сопы — барлығы:
"Қошеметті жанбыз" деп.
Тұрып жатыр шетінен
Kuria бөлмелерінде.
Сезілмейді оларға еш
Дүниенің тарлығы.*
Бұл дұға ұзақ оқылды. Балалық шақта ұзақ дұғадан жаман нәрсе жоқ сияқты. Оның түсініксіз бөтен тілі көкейіңе еш қонбайды. Ал, адамның қартайған шағында дұға оқуға кеткен уақыт зу етіп, тез өте шығады. Осы бір қасиетті де ежелгі, латын сөздерімен жиі шұбарланған дұғалардың өлең жолдарын әжесі өз әжесінен үйреніп, жаттап алған екен. Сол дұғалардан оған бөтен бір дүние есігі ашылғандай болатын. Дұға әуенінің ырғағына қарай шыр айналған ұршықтың зырыл қаққан ызылы ол үшін нағыз сүйкімді саз сияқты естілетін. Оны беріле тыңдаудан бөлменің аласа төбесі қашан мәңгілік көкжиекпен ұштасқанша, ұршықтың жібі үзіліп, екі қолын қос тізесіне қойғанша, сөйтіп ұршық тоқтап, зырылдаған үні өшкенше жалыққан жоқ. Сонымен дұға әуені де аяқталды. Дұғаны жыр жолдарындағы әуеннің соңғы сарыны әлі жан дүниесінде және ернінің қосыла жыбырлаған дірілінде сақталған әже ұршықтағы жіптің үзілген шетін іздейді, тапқан соң оны аузына салып, түкірігімен сулайды да қайта сабақтайды. Содан соң ұйқыдағы баланы түртіп оятады.
— Осылай да тоқи ма екен? — деді әжесі, оған жекіре сөйлеп. — Әрі ұят, әрі масқара! Top көздерінің үлкендігі балықшының ауындай далиып кетті, ал бүгін бітеліп қалғаны сонша, оған ине шаншып та өткізе алмайсың! Біздің әрқайсымыз төрт ұлтарақтан тоқып үлгердік. Сен әлі қалай тоқуды да үйренген жоқсың. Қане, жіпті саусағыңның басына екі рет шалып ал, ақымақ неме сол! Әйтпесе, тоқығаныңды кайта тарқатып тастаймын!
Күн сайын дайын тұратын мұндай қатаң сөгістен қалай құтылып кетудің әйтеуір бір амалын табу керек. Бірақ оны әжесіне сездіруге болмайды. Мұның әр түрлі тәсілдері бар. Кейде кемпірдің көңілін тауып, одан дұғаның бұлар естімеген жаңа түрін әндете оқуды немесе қызықты бір ертегі айтып беруді өтініп сұрау керек. Мұндайда ең бастысы — кемпірдің назарын басқа бір жаққа аударып әкету. Бүгін мұның сәті түсе кетті. Ауста арқасын қабырғаға сүйеген бойы иегін кеудесіне қадап, қолындағы тоқыма біздерін тізесінің үстіне түсіріп алды да ұйықтап кетті.
— Әже, ана қараңызшы, — деді бала әбден ыза болғандай. — Ауста ұйықтап қалды.
Сөйтіп Нонни әжесінің назарын Аустаға аударды. Ұйқы басқан қыздың денесі де көрген жан таң қаларлықтай еді — оны жартылай адам ба деп қалуға да болатын.
— Бұл не деген масқара! — деді әжесі, ашуға булығып.
Ал Аустаны әдеттегісінше зарлап отырып оятқаннан кейін бәрі де баяғысынша қайта басталды.
Бүгінгі күн де бұрынғысынша сынық сүйем де ілгері жылжымапты. Шешесі күндегісінше төсек тартып аянышты ыңқылдап жатыр. О pura oftimi, drag on postea.
Drag in Postea...
Уақыт доңғалағы тағы да айналды. Бала өзінің ұзақ уақыт бойы сиқырлы зұлым күш иесі болғанын есіне алды
— Сиқырлы зұлым күш иелері... — деді ол — Өздері нені қаласа, соған ие бола алады дейді ғой. Сол рас па?
— Оны қайтесің?! Бәрі де бос сөз!
— Олар не жасағысы келсе, соны жасай алады ғой?
— Мен саған қой дедім ғой. Тоқы, ана қолыңдағы істі, тезірек тоқы!
— Әже, сиқырлы зұлым күш иелері туралы ертегі айтып берші.
— Ол ненің ақысы соншама?
— Тым болмаса, біреуі туралы ғана айтшы.
— Мен саған қайдағы сиқырлы зұлым күш иелері туралы не айтып бере аламын? Жасы жетіп, қаусап отырған кемпірден не күтесің? Отырсам тұра алмаймын, тұра алсам отыра алмаймын. Қарға адым жер жүруден де қалдым. Білгенімнің бәрі дерлік ұмыт болды емес пе?..
Сәлден соң ол мұрнының астынан міңгірлеп әлдебір нәрселерді айта бастады. Онысы келе жатқан дауылдың алғашқы лебі сияқты. Бірақ бірте-бірте күшейе түсетін түрі бар. Кемпірдің ертегілерінің бәрі бір сарынды болып келеді: не аштық кезіндегі, не жанартау атқылағаннан соңғы*, қарны ашқан жұрт қатқан тулақ пісіріп жеген тұстағы, адамдар әбден жадап-жүдеген, үсті-басын бит басып кеткен кездегі оқиғалардан басталады. Ол замандар кемпірдің есінде әлі күнге дейін сақталған. Бір күні француздардың шағын бір кемесі дауыл көтеріліп, күшейген кезде теңіздің құмды жағалауына соғылып күл-талқаны шыға қирап қалыпты. Команда мүшелері түгел қырылыпты. Мұны көрген бір бай шаруа жағада жатқан бүкіл дүние-мүлікті, соның ішінде ақша салынған темір жәшікті де, қызыл шарап толы бөшкені де ұрлап әкетіпті. Сонда кеменің өліп қалған капитаны мен аспазы әлгі бай шаруаның жеті атасына дейінгі ағайын-туғандарының қыр соңдарынан қалмай, қырсығын тигізумен болыпты. Ол екеуі әлгі бай шаруаның немерелері мен шөберелеріне, одан кейінгі де ұрпақтарына осы уақытқа дейін қайта-қайта соғып тұратын көрінеді. Бұл жөнінде алуан түрлі аңыздар айтылады. Бірде, деп және бір аңыз айтуға кірісті кемпір, ағайынды екі жігіт қалаға барыпты. Біреуі үйге таң ата ерте қайтыпты, екіншісі ертеңіне жолға шығыпты. Жол ұзақ екен, оның үстіне, таудан асып өту қажет. Жолда бет қаратпайтын күшті қарлы боран ұйтқи соғыпты. Бірінші кеткен жігіт тау ішіндегі лашыққа жетіп жығылыпты. Ол маңайда сиқырлы зұлым күш иелері болады екен. Түн ішінде келіп, есікті қағыпты, лашықтың төбесіне шығып, шатырды тепкілепті. Ондағы жатқан жігіт еденнің астындағы үлкен тастарды алып, есікті ішкі жағынан тіреп, мықтап жауыпты да ашпай қойыпты. Сырттағы сиқырлы зұлым күш иесі жан даусын шығара "Ашшы-аш!" деп айқай салыпты. Ал іштегі жігіт бекіністі одан сайын нығайтып, сырттағы сиқырлы күш иесін аузына келгенін айтып балағаттапты.
Ертеңгісін оянса, боран басылып, сықырлаған сары аяз күшіне мініпті. Жігіт түндегі тастарды былай алып тастап, есікті ашып қараса, босағаға сүйенген бойы суыққа қатып, өліп қалған өз бауыры, құшағына құлап түсіпті. Мұның сиқырлы зұлым күш иесі дегені оз бауыры болып шығыпты. Сөйтіп, марқұм бауыры сиқырлы зұлым күш иесіне айналыпты да, тірі қалған бауырына елес боп келіп, есін шығарумен жүріпті. Қалың күртік қар басып жатқан шетсіз-шексіз кең дала да, адамдардың құлап түсуі оп-оңай түпсіз терең құздар да, өзендегі қатып жатқан мұзды ойып суат жасаймын деп жүріп суға құлап түскен жанды сонау теңіздің өзіне дейін ала кететін ағын су да - бәрі-бәрі де бірте-бірте сиқырлы зұлым күш иелеріне айналып, үй-үйдің терезелерін қағатын, есіктерін тепкілейтін, дуамен арбап, қайдағы бір дұғалар оқитын сиқырлы зұлым күш иелеріне айналатын көрінеді. Ондай құбыжық күштер адамдарға таудағы жартастың түбіндегі үңгірлерден шабуыл жасайтын, үйлерді қиратып, құлатып кететін, үйде жеке қалған әйелдерді үрейін ұшыра қорқытатын көрінеді, Жұрт Колумкилли сайтан мәңгі өлмейді деп санайды. Жалмауыз кемпір Гунвер де осы хуторда тұрған. Ол Колумкилли құпия келісім жасасып, жас нәрестелерді де, ересек адамдарды да өлтіріп, олардың етін жей беріпті. Сол жалмауыз кемпірдің жексенбі күні Үш құдай мейрамынан кейін қалай торт бағандап керіп тасталғаны, Редсмири шіркеуіне кіре беріс аулада қалай кескілеп, бөлшектенгені туралы толып жатқан әңгіме бар. Сондықтан да Құдайдың жолына беріліп, оған жалбарынған әрбір жан Гунвердің моласына қарай аяқ баспауы тиіс. "Ол менің жамбасымды қиратты, ол менің аяғымды ақсатып, білегімді сындырды" деген әңгіме коп. Колумкилли туралы жырда: "Қанға бөккен жолдың бойы әрқашан да бар болғай, ұйықта, балам, Құдай бізге жар болғай!" деп айтылуы тегін емес.
Осы кезде кенеттен Бьяртурдың басы есіктің төменге түсіп шығатын тесігінен көріне кетті де ол былай деді:
— Халбера, отқа су қоя бер, қонақтар келе жатыр.
Кемпір ұршығын жиып қойып, жарты сөзге келмей жатып, ықылассыз жауап қатты:
— Өзім де сезіп едім. Округты кезіп, қаңғып жүргендерден тыным болмай-ақ қойды-ау, әйтеуір! Таң атпай жатып жаман ырым байқалып еді...
— Ештеңе етпес, құймақ пісіруге Соула жәрдем береді. Кофе қоюлау болсын. Мұндай кезде адамдар жайдан-жай жүре бермейді. Бір маңызды шаруамен келе жатқан болуы керек. Қане, жылдамырақ қимылдаңдар.
Көп ұзамай-ақ әлгі Бьяртур көтерілген тесіктен старостаның қою шашына ақ кіре бастаған қазандай басы айқын көрінді. Оның үстінде салт атпен жүргенде киетін қалың кеудешесі, мойнында тізесіне дейін шұбатыла түскен бөкебайы, қолдан тоқылған қонышты шұлығы, итбалықтың терісінен тігілген етігі бар екен. Қолына ұстаған солқылдақ шыбыртқы таяқшасы үш жерінен күміс сақинамен әшекейленіпті.
Ол қалаға бара жатқан бетінде Бьяртурға соға кетпек болған еді. Жанында өзіне ерте шыққан бір батырағы бар. Амандасып қол бергенде ол әдеттегісінше екі саусағын ғана ұсынды да мұрнының астынан әлдебір нәрсені айтып, түсініксіз міңгірледі. Ауста оған балалар жататын кереуеттен орын босатты, ал Бьяртур өз төсегінің бір шетіне, әйеліне жақын орналасты. Бөлмеде табадағы алғашқы піскен құймақтың иісі шықты.
— Солай да солай, Йоун қартым, — деді Бьяртур оны мүсіркеген үнмен. — Шамасы, жолдың жағдайы қандай екенін тексере шыққан екенсің ғой?
— Жолдың жағдайы жаман емес, тексеретін дәнеңесі де жоқ, — деп жауап қатты староста, ұйқысы келе манаурап. Ол иегін бір сипап қойды да ұзақ есінеді. Сөйтті де бөлме ішіне көз жүгіртіп, бір шолып шықты.
— Е, солай де! Қар қалың түскен кезде шалшықты балшық өте қауіпті деп талай рет өзің айтушы едің ғой, — деді Бьяртур старостаның сөзін ешқашан басынан асырғысы келмейтін әдетімен. — Әйтеуір, мен ат сұраған кезімде ұдайы солай дейтінің есімде. Әрине, атының қаһары қандай, оған не қауіпті, не қауіпсіз екені ең алдымен оның иесіне мәлім ғой.
— Ал мен белгілі бір мақсатпен болмаса, мына иен дала арқылы еріккеннен жүре бермеймін ғой, — деді староста, сөзінде көп мон бар екенін сездіре. — Оның үстіне, аттар да өзімдікі.
Бяьртур оның тұспалдап айтқан сөзіне жауап ретінде мынаны ескертті: байлар да, кедейлер де қалаға жүрсе де, иен даланы кезсе де әрқашан белгілі бір мақсатты көздейді. Ол жасырын емес. Дегенмен мен саған мынаны айтуым керек — соңғы кезде йен далада жатқан кар аз емес, жетіп артыларлық. "Сендерде, төменгі жақта, қандай екенін білмеймін".
Староста өздерінің жағында жатқан қар әдеттегі қыс кезіндегіден артық емес екенін айтты. Ол күмістелген темекі қорабын алып, саусағымен үлкен бір жапырақтың шетінен тістеп, сындырып алды да аузына салды. Содан соң қораптың аузын абайлап қана ақырын жапты. Үстіме биті жұғады-ау деп қорықпай, төсекке тереңірек отырып жайғасты.
— Жарайды, жарайды, қартым, — деді Бьяртур, онымен кайта жарасып, ымыраға келгендей болып. — Солай-ақ болсын дейік. Айта отырсаңшы, өздеріңде не жаңалық бар?
Староста өзінің жеке басына қатысты ешқандай жаңалық жоқ екенін айтты. Ал өзгелерге байланысты не жаңалық бар екенінен хабарым жоқ.
— Қойлардың ішек құрты немесе іші өткені туралы ештеңе естілмей ме?
— Менің оз қойларымда ма?
— Мейлі солай-ақ болсын Мен сенің әуелі оз қойларың туралы айтатын әдетің бар екенін бұрыннан білемін ғой.
Қазіргі баға жағдайында қойларда ішек құртының бар не жоқ екенінің бәрі бір емес пе? Сорлы қойлар ендігі жерде ешқандай пайда келтірмейтін кәдімгі басы артық масыл болуға айналды.
Бьяртур бай адамдардың қойдан күдер үзіп шағынғанда олар әдетте қулықпен өтірік айта салады деп ойлайтынын жасырмады.
— Қалай ойласаң, солай ойла, маған бәрібір, — деді староста.
— Сен жайылымды қардан тазартып, тебін жасау жөнінде нұсқау бердің бе?
— Нұсқау беріп қайтемін, әзірше өзімнің шөбім жеткілікті.
— Шөп менде де жетіп артылады, — деді Бьяртур.
Бұл кезде староста кереуеттің үстіне аяғын созып, жантая жайғасып жатып алды. Құмарта шайнаған темекі жапырағынан жиналған сілекей-сөл аузына толып кеткендіктен көп сөз айтудан жалтарумен болды. Ол жартылай жұмған көздерін бөлме ішіне жүгірте түсіп жатып, құймақ пісіріп жүрген Аустаны көргенде қадала қарап қалды.
— Ең қажетті зәру нәрсеге мұқтаж болғанда сенің де көмек сұраған кезіңді көріп едік-ау, — деп, бір сөз қыстырды староста.
— Оған сенің әйеліңнің өзі кінәлі — берген азын-аулақ сүтінің ақысын қанша рет ұсынсам да алмай қойған. Менің ол сүтті шалажансар жетім нәресте үшін алып тұрғаным рас. Ал жердің ақшасын өзіңе түгел төлегенмін — бір эйрир да қарыз емеспін. Бұл Құдайға да, жалпы жұртқа да аян. Ол үшін саған он екі жыл бойы өліп-талып еңбек еттім.
— Байқаймын, саған әлі де жер жетіспейді-ау өзі.
— Жер жетіспегені қалай? Түсінбедім...
— Сен маған күні кеше ғана бір нәрсені арқалап келіп кеткен жоқсың ба? Егер қателеспесем, осымен төртінші рет қой деймін. Өлген жандардың мүрделерін менің үйімнің жанындағы қорымға алып барып жерлей беретін болсаң, онда осыншама жерді менен несіне сатып алдың?
— Сонда сендерде Редсмириде ешкім де өлмейтін болғаны ма? — деп сұрады Бьяртур.
Бірақ староста оның бұл қыршаңқы сұрағына ешқандай жауап қайтарған жоқ.
— Егер мен қалада судьяны ұшырата қалсам, оған сенен не сәлем айтайын?
— Оған былай де: былтыр Ивандар мерекесі күні оның балшыққа батып қалған жерінен суырып алып, ажалдан мына мен арашалап қалған қойы қыршаңқы қотыр болып шықты.
Староста бұл сөзге жауап ретінде аузындағы темекі жапырағын тағы да шайнай түсіп, жиналып қалған сілекей сөлін Бьяртурдың аяғының тап жанындағы еденге былш еткізіп түкіре салды.
— Мына қызыңның жасы қаншада? — деп сұрады Аустадан көзін алмай.
— Он үштен он төртке қарай қадам басты. Бұл бейшара, әлі есімде мен саған жердің алғашқы жарнасын төлерден аз ғана бұрын дүниеге келген болатын.
Хуторда он торт жыл тұрып, бір сиыр да ұстамайсың. Солай етпесең, сен, қиқар Бьяртур боларсың ба?
— Иә, мына сатып алған жерім үшін төлейтін қарызымды қашан толық төлеп біткенше жанымды жегідей жеп, ар-ожданымды қинаған қылығының болмағанда, әрине, менің сиыр сатып алуыма да, тіпті батырақ жалдауыма да шамам келетін еді. Бірақ менің өмір бойы берік ұстанып келе жатқан мақсатым — бостандыққа ие болу, өз еркі өзіндегі ешкімге тәуелсіз дербестікке қол жеткізу. Бұл дегенің сиыр ұстаудан әлдеқайда қымбат та қасиетті нәрсе. Сиыр сатып аламын деп қарызға белшемнен батудың не қажеті бар маған!
Староста екі иінінен дем алып, ентігіп қалды.
— Бұл қыздың аты кім? — деп сұрады ол
— Ауста Соуллилья.
— Бұл ат не магына білдіреді?
— Мен саған бұл аттың не мағына білдіретінін айтайын, қартым. Бұл хуторда мен тірі жүргенде ол ешқашан ешкімге тәуелді болмайды — жанымен де, тәнімен де кіріптар еткізбеймін деген сөз. Осымен бұл әңгімені доғарайық.
Ал старостаның Жазғы мекен иесі Бьяртурдың ешкімге тәуелсіз дербестігіне деген жек көрушілігінде шек жоқ еді.
— Сенің бұл қызды менің үйіме жіберіп алуыңа болады. Менің әйелім бұған жазу-сызуды, оқуды басқа да нәрселерді зор ықыласымен үйрете алады. Біз бұл қызды бір ай бойы тегін тамақтандырамыз.
— Тамақ біздің Жазғы мекенде жетіп артылады. Сендердің Редсмириде оны-мұны жазу-сызу үйреткендерің, бәлкім, пайдалы да болар. Бірақ ондай пайданы сендер өзіміздің баламыз деп білетіндерге ғана тигізесіңдер ғой.
Староста алға қарай еңкейе беріп, аузына жиналып қалған сілекей-сөлін еденнің үстіне тағы да түкіріп тастады. Сөйтті де ұйқылы қалпында есінегенін баспақ болып, маңдайы мен екі бетін уқалай сипап өтті.
— Оны қайтесің, мен оз балаларымның қамын, ал сен оз балаларыңның қамын жегенің дұрыс қой, — деген сөзді қосты Бьяртур, старостаның еденге тағы да былш еткізіп түкіргеніне назар аударған жоқ.
— Сенің әйелің аурудан кез ашпай қойды ғой өзі, — деді староста. — Қыс бойы ішкен дәрі-дәрмегі үшін қанша ақша төлеуіңе тура келді?
— Бұл тіпті басқа мәселе. Менің әйелден аузымның салымы болмағанын жасырмаймын. Бірінші әйелім де, екінші әйелім де жүрек ауруынан зардап шегетін болып шықты. Ол да болса Құдайдың басқа салған немесе қатыгез тағдырдың тәлкегі шығар. Оның өзімнен өзге ешкімге қатысы жоқ.
Мұндай қатты әрі тік айтылса да тура берілген жауапқа староста ешқашан ренжіп көрмейтін, қайта соның өзін ұнататын. Ол қазір денесін қасына бастады. Шамасы, бит мазалай бастаған болуы керек. Енді ол оз сөзін ешкімге арнап айтпай-ақ былай деді:
— Жоқ, менің ешкімнің ішкі ісіне араласқым келмейді. Бірақ менің әйелім жас баланы қалай да оқыту керек деп санайды. Өйткені бізде міндетті түрде оқыту жөнінде заң шықты ғой. Ал менің бұл туралы пікірім жұрттың бәріне мәлім: оқуға байланысты бітіп болмайтын керанау істердің бәрі де қатардағы қарапайым халықтың соры.
— Ал менің пікірім мынадай: кімде-кім қатардағы қарапайым халықтың баласы болса, оны қарапайым халықтың өзі, ал кімде-кім байдың баласы болса, оны байлардың өздері оқытсын. Фруға менен сәлем ретінде осы сөзімді жеткіз.
— Халықты оқытқаннан менің жеке басыма келетін бір эйрир де пайда жоқ, — деп жауап қайтарды староста. — Ал ана жақта, оңтүстікте мұның өзі талап етіледі. Иә, менің тағы не айтқым келіп еді өзі?.. Енді есіме түсті: біздің төмен жақтағы әйелдер сені сиыр ұстасын деп шулағанда тіпті естерінен тана жаздайды.
— Мен өзіме өзім қожайынмын. Ол жағын өзім білемін. Жұмыстары болмасын түге.
— Егер бұл іске судьяның өзі араласқысы келсе, оған не айтайын?
— Оған мұндағы, йен даладағы, біздің өз еркіміз өзіміздегі, ешкімге тәуелсіз дербес жандар екенімізді айт.
— Иә, сендер өздеріңнің көрлеріңді өздерің осылай қазасыңдар әлі, — деп староста кекесінмен мырс ете қалды.
Бьяртур бұл сөзге лайықты жауап табамын дегенше плита жақтан жарықшақтана барылдаған дауыс үзіліп-созылып естілді:
— Староста дұрыс айтады. Біздің қазіргі өміріміз өмір емес. Мен Ударселде қырық жыл тұрғанда қолымыздан сиыр үзіліп көрмеген еді. Сол қырық жылда Құдай маған біреуден алақан жайғызып бір нәрсе сұратқан емес.
— Айтпақшы, сен мені тыңдашы, — деді староста, ойына бір нәрсе кездейсоқ түсе кеткендей болып. — Алсаң, мен саған сиыр сата аламын. Кәрі емес, жеті жаста. Алдағы жазда бұзаулайды. Өте ыңғайлы, сенімді сиыр. Рас, соншалықты сүтті емес, бірақ ұзақ уақыт бойы сауылады.
"Мынау тағы да езбесін езетін болды-ау", — деп ойлады Бьяртур, старостаның ондай әдетін көптен бері жақсы білетінін еске алып. Бұл онымен талай рет қызыл кеңірдек болып айтысып-тартысып дауласқан да. Бірақ оны жеңу басыңды тауға да, тасқа да ұрып, босқа әуреленгенмен бірдей. Старостаның қанына сіңген бір әдеті бар: мәселені қашан болса да тап өзі тоқтаған жерден қайта бастайды. Өз айтқанынан өліп бара жатса да қайтқан емес. Старостаның бұл қасиеті Бьяртурдың не ашуын келтіріп, ызаландыратынын, не табандылығына таң қалдыратынын біліп, тап басып айту қиын болатын. Бірақ мына жерде Бьяртурдың тез жауап таба алмай, кібіртіктеп қалуы бір нәрсеге түрткі болды.
Оның ауырып жатқан әйелі шынтағына тіреп кеудесін көтеруге әрекет жасап жатып еркектер жаққа мойнын бұрды да:
— Е, Құдайым, бере гөр! — деді. Сөйтті де селк етіп қайта жатты.
Әйелінің күрсіне ыңқылдағаны басыла бере Бьяртур старостаға былай деп жауап қатты:
— Қартым-ау. ол сиырыңды сатпақ болып, маған былтыр немесе оның алдыңғы жылы сұрансаң, қайда қалдың? Ол кезде менің соңғы жарнамды уақтылы төлей алатыным өлі белгісіз болатын еді-ау.
— Мен саған ол сиырдың жем-шөбін де қоса бере алатын едім ғой, — деді староста, сөзін одан әрі жалғай түсіп.
— Жақсылығың Құдайдан қайтсын, жарқыным! — Бьяртурдың әйелінің күрсіне ыңқылдап жатып риза болып айтқан сөзі тағы да естілді.
— Сен дәрі-дәрмекті Финсеннен алып тұрасың ғой, — деді Бьяртур. — Ал одан ешқашан да тапшылық көрген емессің. Солай ғой?
Округқа шіркеу қоғамындағы қамқорлыққа алынып, тамақ асырап, күн көріп жүргені мүсәпір адамдарды гемеопатия тәсілімен емдеу арқылы аты кеңінен танылған староста Бьяртурдың өз әйелі Финнаға Фьордтағы жергілікті дәрігер, альтинг депутаты Финсеннен алып келіп жүрген дәрі-дәрмектерін көруге рұқсат сұрады. Финна бұрышта, кереуеттегі төсектің бас жағында ілулі тұрған шағын шкаптың бетіндегі пердені тартып қалып еді, оның үш қабат сөресіндегі ығайма-сығай қаз-қатар тізіп қойылған әр түрлі мөлшердегі әр алуан түсті шыны ыдыстардың көз тартарлық мол жиынтығын көрді. Ол ыдыстардың көпшілігі босап та қалыпты. Староста бірнеше кішкентай бөтелкені қолына алып қарады, содан соң тығынын ашып қайта-қайта иіскеді. Ол ыдыстардың бүйіріне жапсырылған қағаздарда дәрігерлердің әдетте біреу түсініп, біреу түсініп болмайтын бұралаңдата асығыс жазылған бір ғана мазмұнды мынадай жазу бар екен: "Тоурарин қызы Гудфиннаға. Бір-біріне тең аралықты сақтап, күніне үш рет ішу арқылы қабылдау керек". Староста екі-үш кішкентай бөтелкені жүрегі айнығандай жеркенішпен иіскеп шықты да қайтадан орын-орнына қойды. Содан соң былай деді:
— Кәрі қақпас қазан-қазан улы ішірткі қайнатып беріп, халықты алдағанын қоймады-ау!
Осы кезде кофе құйыла бастады. Бьяртур қонақжай мінез танытып, староста мен оның серігіне құймақ жеп отыруды ұсынды. Кемпір байғұс пештің жанында әлдебір нәрселермен тынымсыз айналыса жүріп түсініксіз міңгірлейді. Сиыр мен оқу туралы әңгімелерді түгел естіген Ауста бір саусағын аузына салып алыпты. Ол жаңа ғана өзі пісірген құймақты старостаның үсті-үстіне сүйсіне қылғытып отырғанына қызыға қарап қалыпты. Қант себілген үйме табақ құймақ аласарып, барған сайын азайып бара жатқан. Көрген балалардың көздері шарасынан шыға бадырая түсуде. Олардың құймаққа қарай қолдарын соза ұмтылғысы-ақ келеді. Бірақ құймақ таусылып барады, әне, табақтың түбіндегі раушан гүл мен ертегідегі сұлу қыздың суреттері де көрінді. Сонда олардың, балаларға шынымен-ақ ештеңе қалдырмай, түгел жеп қоятын болғаны ма?
— Мен және не айтпақшы едім, Құдайым-ау? — деп ескерткен болды староста. Менің ұлым Ингольвтің осы аңғарға жұмыс бабымен келіп те қалуы мүмкін.
— Міне қалай, — деді шаруа Бьяртур. — Несі бар, келе берсін. Мен оның жолына кедергі қоймаймын. Ол өзі оңтүстікте үлкен бастықтың бірі болыпты дейді ғой.
— Тұтыну қоғамының өкілі, — деп нақтылай түсті староста.
— Ә-о! бұл дегенің жаман емес қой.
— Қайдам. Ал сен ендігі жерде жүннің бағасы Брунидің бізге былтырғы төлегенінен үш есе артық болатынын білесің бе? — деді староста. — Ол оңбаған биылғы күзде еттен де қыруар мол пайда тапқанға ұқсайды.
— Менің бар білетінім, — деді Бьяртур, — өзімнің саған және дүкеншіге заң талабына сай төлеуім тиіс берешегім ғана. Сендер, яғни байлар, бір-біріңді алдамшысың, көз бояушысың немесе ұрлықшысың деп айыптайсыңдар ма, маған оның бәрібір. Біздің жерімізге алғашқы келіп қоныстанған адамның кезінен бастап күні бүгінге дейінгі үйреншікті жағдай ол.
— Сендердің бәрің қорқақсыңдар. Соншалықты су жүрек болармысыңдар түге? — деді староста ызаланып. — Барынша бейқам өмір сүресіңдер және өздеріңнің жон терілеріңді сыпырғанша аяусыз қанайтын қатыгез жандарға құлай сенген бойда өлесіңдер әлі!
— Жұрттың айтуынша, олардан сен де қалыса қоймайсың: малды тірідей салмағы бойынша сатып аласың да тиын-тебен ғана төлейсің. Өткен күзде маған дүкеншінің айтуы бойынша, сен оңтүстікке, Викаға алып барып сатқан әр қозыдан бес-сегіз крон таза пайда тауыпсың. Жұрттың бұдан басқа да айтатын әңгімесі толып жатыр.
Старостаның адам таң қаларлық бір қасиеті бар: ол өзін біреу сен ұрысың, сен қанішер жауызсың деп айыптап жатса да ешқашан ашуланып күйіп-пісу дегенді білмей, тағат тауып отыра береді. Керісінше, мұның өзі оның талғамына әбден сай келетін сияқты. Бірақ ол бір нәрсеге ғана — ақшаға құнығып қылмыс жасайсың деген айыптауға төзе алмайтын. Ондай қиянатты жалаға шыдай алмай, жынданып кете жаздайтын да аузына келгенін айтып, тілін тыя алмайтын. Енді міне қас-қағым сәттің ішінде жаңа ғана қалғып-мүлгіп отырған ұйқысының қайда кеткенін білмей қалды, бүкіл денесімен ілгері қарай ұмтыла түсті, бет-аузын тыжырайтып жіберді, көздері шатынап қоя берді, оның мұздай болып жайбарақат отыратын салқын сабырлылығының ізі де қалмады, қызыл тіліне де барынша ерік берді.
— Бақытыма қарай, мен оз ісімнің жағдайын Фьордтағы қайдағы бір дүкеншіден гөрі жақсы білемін. Қолымдағы құжат қағаздарымды қай уақытта болса да жайып салып, көрсете аламын. Сонда кез келген адамның көзі жетеді: менің сатып алып жүрген қойларым маған осындағы ғана емес, бүкіл округтағы шаруаларға таудағы түлкінің ондаған жылдар бойы қой жеп тигізген қыруар зардабынан әлдеқайда көп зиян шектіріп жүр. Сен сол бір оңбаған дүкеншінің: "староста өзінің жеке бас пайдасына қой сатып алумен айналысады" деген далбасасына бекер-ақ сенесің. Істің шын мәніне келгенде мен шаруаларға жаным ашып, оларды аяғаннан ғана қой сатып аламын. Ал сен өзің адамға деген аяныштың не екенін білесің бе? Білмесең, түсіндірейін: адамға деген аяныш — оның басына іс түсіп, қиналған кезде оған қол ұшын беріп, риясыз көмек көрсету. Бір қарағанда, менің ондай аяушылық жасауымның не қажеті бар сонша? Бейшара біреулердің былыққан ісіне араласып, ақымақ адамша сау басыма сақина тілеп алып, не азап деймін-ау?! Ал менің мақсатым әлгі бейшараларды аштықтан құтқару, қарызын төлеуіне көмектесу, банкрот болып қалуынан сақтандыру. Басқаша айтқанда, мұның бәрі де өзіміздің округтағылардың қамын жеу үшін жасалатын әрекеттер. Ал сонда бұдан маған қандай пайда түспек? Әлгі бейшаралардың бәрі бірдей шіркеу қауымының қамқорлығына, шіркеу қауымы округтың қамқорлығына, ал округ мемлекеттің қамқорлығына көшіп, алақан жайып отырса, менің нем кетер еді? "Бәрін де сайтан алсын!" деп отыра бермес пе едім?! Сонда қалай, әлгілердің бәрін "Маған келе қойыңдар!" деп мен өзім шақырды ғой деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, мен олардың ешқайсысын да шақырған емеспін. Алақандарын жайып, көздерін сүзіп, өздері келген соң, не істеуім керек? Амал жоқ, аяймын. Олардың біреулері астыққа, екіншілері қантқа, енді біреулері жем-шөпке, төртіншілері ауызға салып шайнайтын темекі жапырағына, бесіншілері кәдімгі насыбайға зәру. Ал кей-кейде темекі жапырағы өзіме де тапшы болып қалады. Алтыншы біреулерінің сұрамайтыны жоқ — оларға бәрі керек. Жетінші біреулерінің темекіні уатып, насыбайға айналдырып бер дейтінін қайтерсің?! Мұны да менің тікелей міндетім сияқты санайды! Ал сенің әлгі дүкенші Бруниің мені жұртқа бейне бір шүлен тарататын қойманың иесі, одан әркім өзіне не қажеттің бәрін тегіннен-тегін алып кете береді деп ойлайтын болуы керек. Енді сенен мынаны сұрайын — сенің Тулиниус Иенсенің өзінің сауда-саттық ісін қайтарымсыз несие беретін банк етіп неге қайта құрмай отыр? Олай етпейтін себебі бар! Ал сен Бруниге менің атымнан мынаны айт: маған жыл бойы үздіксіз келіп жүретіндердің бәрі де соның өзі қанын сүліктей сорып қанап, тыр жалаңаш қалдырған, оның үстіне, аштықтан аршып-аршып отырған балаларының жұмырына жұғын боларлық бір уыс ұнды жеке бет есептері бойынша қарызға ала тұруына тыйым салынып тастаған жандар. Сонда қайыршыланып, титықтап біткен ондай бейшара шаруалардан күздігүні не өндіріп ала қоярсың? Амал жоқ, арық-тұрық көтерем қозыларын аласың. Ал ондай қозылар тіпті түлкіге жемтік етуге жарамайды.
Староста мұндай бұрқан-тарқан қатты ашудың ызасынан кейін қалтасындағы темекі жапырағын салатын қорабын іздей бастады. Әдетте ол өзінің қарсыласының пікірін өзгертіп, жеңбей тұрып, немесе оған қолды бір сілтеп теріс айналып кетпей тұрып темекі жапырағын салатын қорабына өте сирек қол жүгіртетін.
— Түсінетін уақыт жетті ғой, — деді ол темекі жапырағын әлі аузына салмай тұрып. — Қазіргі жағдайдан тым болмаса аз ғана түсінігі бар шаруалардың бас қосып, өзара кеңесетін, өздері үшін мұнда да, басқа жақта да ненің пайдалы болатынын ақылға салатын кезі келіп тұр. Сонда мына мен сияқты қаржысы аз, жауапкершілігі көп әлжуаз адамның әлгі залым дүкенші әбден титықтатқан бейшара адамдарға босқа шашылып, қайыршылануына тура келмес еді. Қайыршыланғаны былай тұрсын, оған алғыс айтудың орнына кейін оны ұры деп масқаралайтынын қайтерсің!..
— Бұрынғылар: "Егер сен өзге біреулерге қамқорлық жасай бастасаң, өзіңнің де ісің оңып тұрмағаны" деп айтып кеткен ғой, — Бьяртур сөз арасына мұны әдейі қыстыра қойды.
— Сен бір нәрсеге кәміл сене бер: мен сенің Финнаң үшін ең жақсы дәрі-дәрмек жасап бере аламын. Ол сенің Финсеннен алып жүрген араққа камфора қосқан түкке тұрғысыз нашар дәрі-дәрмек емес. Олар Тулиниус екеуі бір бұтақтың улы жемісі ғой, бірінен бірі өткен сұм. Маған белгілі болғанындай, альтингде ауыз жаласып табысқан "ағайынды" екеуі мұхитта жүзетін сауда пароходтары үшін айлақ салдырудан басқа түк бітірген жоқ. Оның есесіне: сол құрылыстың есебінен әбден байып бітті: бір емес, екі айлақ салдырамыз деп мемлекеттен қыруар қаржы алды. Бірақ ол айлақтарды әлі салынып болмай жатып таудай толқындар тас-талқан етіп қиратып кетті. Әлгі әккі болған қулардың көктен іздегені жерден табылды. Қазынадан тағы да жүз мың крона алған әлгі алаяқ мырзалар енді оған әлгі қирап қалған айлақтарды теңіздің тасқынынан қорғайтын әрі соларға кіретін жол боларлық құрылыс салдырамыз деп бөсті. Теңізге лақтырып тасталған қоқыс сияқты болған әлгі қираған құрылыстарға жұмсалды деп олардың жұмырларынан өтіп кеткен қыруар мол қаржы енді кімнің есебінен өтеледі? Ойланатын түгі жоқ, шаруалардың, яғни сені мен мен сияқтылардың есебінен өтеледі. Тікелей салық дей ме, жанама салық дей ме, әйтеуір қанағанда қанымызды ішіп, ең соңғы сөлімізге дейін сорып алады. Иә, сонымен біз, исландиялық шаруалар, көпестердің қаққанда қанымызды ішетін, соққанда сөлімізді соратын қатыгез қанауында қалып қоймаудың қамын қарастыруымыз керек. Осыдан отыз жыл бұрын Тингенда болған оқиға сияқты оз құқығымызды қорғау үшін қалай да бірігуіміз қажет.
Ол орнынан тұрып, бойын түзеді де мойнына шұбатылған ұзын мойын бөкебайын шандып орай бастады.
— Иә, иә, қызым, — деді ол Аустаның жанына аз-кем кідіріп. Қызға ерекше бір еркелеткендей мейірімді көзбен қадала қарады. Оның бет-келбетінен әлдебір күш-жігерінің мол екені барынша
айқын байқалды. Қыздың шашы түбіне дейін қызарып кетті, жүрегі тулап, дүрсіл қақты. -Менің саған екі крона сыйлағым келіп тұр. Сендей әп-әдемі жас қызға бет орамал сатып алған жар'асады. — Сөйтті де әмиянынан таза күміс ақша шығарып, қыздың қолына ұстатты. Қыз старостадан бұрын да қорқушы еді, мына минөтте одан сайын шошып кетті.
Балаға көз қиығын салуды да артық санаған ол кеудеше киімінің түймелерін сала бастады.
— Саған бір сиырдың құны небары жүз елу крона болғалы тұр. Ал жейтін жем-шөбінің бағасы жөнінде қосымша келісе жатармыз.
ЖИЫРМА ЖЕТІНШІ ТАРАУ
КЕШ
Кеш түсіп келе жатты. Күні бойы естіген жырлар мен ертегілерден кейін баланың көңілі қобалжып, үрейлене бастады. Орнынан қозғалуға да қорқады. Әлдебір сиқырлы зұлым күш иелері қаптап келе жатқандай сезінеді. Бірақ қолындағы ісін үн-түнсіз тоқи берді. Әжесі мен әпкесі бұған теріс қарап тұрып, өте бір маңызды да жауапты іспен — кешкі ас әзірлеумен болды. Олар бар ықыластарымен қимылдауда. Ылғал шырпының шырт-шырт еткен дыбысы естілгенімен жөнді жанғысы келмейді. Бөлме ішін түтін қаптап, қолқаны қауып, ашыта түседі. Бұл — осы үйдің ащы түтін ішіндегі үйреншікті поэзиясы. Ал баланың көз алдына ұйтқып соққан қарлы боран, қауіп-қатер келіп, қайдағы бір бейтаныс шатқалдар елестейді, адамдардың қылмысқа толы күнәлі істері — per nostra сriminасы үшін жаза ретінде жіберілген сиқырлы зұлым күш иелері көз алдында көлбеңдеп жүргендей болып көрінеді. Аулада анда-санда екі ағасының бір нәрсеге бола ұрсып-таласқан айқай-шуы естіледі. Бірақ Нонни үшін оған көңілі бөлініп, келіп-кетіп жатқан еш нәрсе жоқ — жабырқау қалпында қала берді. Ұлтарақты барынша енжарлықпен зорға тоқып отырды. Оның үстіне, сол қолының сұқ саусағы әлдеқашан ұйып қалған. Ал аядай бөлменің алакөлеңке іші біртүрлі кеңіп, орасан зор кеңістікке айналып бара жатқан секілді. Адамның ол кеңістікке көтерілуі мүмкін емес сияқты. Тіпті ауырып жатқан шешесі де алыстап кеткендей. Шамасы, бұл оның көкірегіне енді кайтып басын төсеп, жабыса иіскей алмайтын шығар. Ең қорқыныштысы — ол анау қою тұманның арасына сіңіп, біржола жоқ болып кететін болар. Өйткені өмірдің де, өлімнің де поэзиясы тұмшалаған сол тұманда ғой...
Балалар кешкі ас ішу үстінде біртүрлі бұйығып отырды. Құлаққа ұрған танадай тыныштық. Бьяртурға көздерінің астымен ұрлана қарайды, содан соң бір-біріне өзара көз жүгіртеді. Аустаның тамаққа зауқы болмады. Кемпір көзін көтермей, әлдебір нәрсе деп, күмілжи күбірледі. Тұздалған балықты, пісірілген картопты тоя жеген олардың енді таңертеңгі астан қалған ботқаға тәбеттері тартпады. Ауста үстелдің үстін жинастырды. Біртүрлі толқу үстінде жүрген ол әдеттегісінен гөрі күштірек қимылдады. Үлкен екі ұл оны мазақтап сыбырласты, мұны құлағы шалып қалған шешесі де оларды сыбырмен тоқтатты:
— Қане, қане, қойыңдар түге, балақандар!
Кемпір сөреде тұрған тоқыма ісін қолына алды да мана айтып отырған ертегісін келген жерінен жалғастыра түсті:
— Тірі болсаң, мөңіреші, мөңіреші Букодла!
— Не деп кеттің тағы да? — деп сұрады Бьяртур.
— Құйрығымнан бір тал қылды жұлып ал да жерге қой, — деп ыбылжи былжырап, сөзін жалғастырған кемпір енді іс тоқуға бар ықыласымен кірісіп кетті. Мүлгіген тыныштықта аяздың сықырлағаны естілгендей болды.
Балалар бір-бірімен ұрсысып-төбелесе бастады.
Қолында тарелкасы бар Ауста кенет әкесіне жақын келді де былай деді:
— Әке, менің оқығым келеді.
Сірескен мұз құрсауы бұзылды.
— Мен пасторға барғанша оқу дегенді білген емеспін. Ол кездегі тәртіп солай болатын. Сондағы бар оқығаным "Орвар Одд туралы сага"* ғана еді. Оны да сұрақ-жауап түрінде жаттап оқығанмын, — деп жауап берді Бьяртур.
— Әке, менің оқығым келеді, — деп, айтқанынан қайтпай, өжеттене түсті. Ол басын иіп, көзін төмен салып тұрды. Оның үнінен де, еріндерінен де аздаған діріл байқағандай болды. Қолындағы тарелка да қимыл қақты.
— Жарайды, қызым. Мен саған бір реті келгенде Берноут туралы жырды оқып беремін. Сен оны жаттап алатын боласың әлі.
Қыз ернін тістеніп, үндемей қалды. Содан соң былай деді:
— Менің Борноут туралы жырды жаттағым келмейді.
— Міне, қызық! — деді Бьяртур. — Сонда сенің нені оқып білгің келеді?
— Құдай жолының заңдарын оқып білгім келеді.
— Оны саған Халбера кемпір де үйрете алады ғой.
— Жоқ, — деп қасарыса түсті қыз. — Менің староста айтқандай, Редсмириде оқығым келеді.
— Не үшін олай етпексің?
— Құдай туралы көбірек білсем деймін.
— Мұндай далбасаңды менің енді кайтып тыңдағым да келмейді! — деді Жазғы мекеннің иесі Бьяртур.
— Ал менің бәрібір Редсмириге кеткім келеді.
— Е, солай де, қызым! — деді Бьяртур қатуланып. — Қара да түр, редсмириліктер менің балаларымды тәрбиелейміз дегенше олардың балаларын мына мен тәрбиелейтін шығармын.
— Менің Редсмириге кеткім келеді.
— Мен өлгеннен кейін ғана кетесің, — деді әкесі.
— Редсмириге... — деді тағы да.
— Сенің марқұм шешең де Редсмириге кетпек болған. Бірақ кеткен жоқ. Одан гөрі өлгенімнің өзі артық деп санады. Сөйтіп жүріп өлді де. Міне, нағыз асыл адам деп соны айтса болады! Утиредсмири сол баяғы Утиредсмири бойынша қала береді. Мен оған алғаш рет барғанда он сегіз жаста едім. Сол сол-ақ екен, отыз жыл бойы бел жаза алмай жұмыс істедім. Мен олардан осы күнге дейін қашып құтыла алмай келемін — енді олар маған қайдағы бір сиырын тықпаламақшы. Сенің шешең тап осы бөлмеде жатып-ақ өлген. Ал ол ешкімнен қайыр-садақа сұрап көрген жоқ, алған да емес. Өз еркі өзінде, ешкімге тәуелді болмай, дербес жан ретінде дүниеден өткен әйел сондай-ақ болар.
Енді, алғашқы әйелі қайтыс болғаннан кейін он үш жыл өткенде, Бьяртур оны өте күшті мақтан ететін еді. Оның қазір есінде сақталған бейнесін көз алдына сағына елестетіп, сүйсініп отыратын, Розаның бойындағы кемшілік атаулының бәрі де ұмыт болған. Ал қазір теріс қарап, еңкейе ыдыс-аяқ жуып тұрған қызының екі иығы селк-селк етіп жылағанын көргенде Бьяртурға "Әйел баласы еркектермен салыстырғанда шынында да осал екен-ау. Олардың көңілін тауып, алдап-сулап болса да жұбату керек екен ғой" деген ой келді. Оның үстіне, осы бір көзі қылилау қызын соншалықты нәзік сезіммен ерекше жақсы көретін. бұл оған ешкімде жоқ жақсы әрі әдемі ат тауып қойған болатын. Әр жексенбі сайын сыртынан сүйсіне қарайтын. Жазда жауын-шашыннан қамқорлықпен қорғайтын. Ол мұның бәрін де бір ауыз артық соз айтпай, үн-түнсіз жүріп жасайтын. Қазір ол Аустаға күні ертеңнен бастап оқу үйретуге уәде берді. Сонда редсмириліктер ештеңе дей алмай, ауыздары жабылатын болады. Бьяртурда гамаша өлеңдер басылған жеті жақсы кітапша бар.
Ал көктем шыға, кім біледі, біз Орвар Одд туралы кітапты, бәлкім, өзіміз де сатып алармыз. Тіпті бет орамал да...
Арада үнсіздік орнады.
— Қызым, өзіңдегі күміс теңгені маған беріп қойғаның жақсы. Ол әзәзіл Иуданың күміс теңгесі ғой.
Қыз жауап қатпады.
— Кім біледі, біздің сандықтан, бәлкім, саған шақ келетін әдемі көйлек те табылып қалар. Иә-иә.. табылады. Ол менің мереке кезінде киетін кеудешемнің ішінде ораулы жатыр. Көктемге дейін өзің де бойшаң болып өсіп қаласың.
— Мөңіре, сиырым, мөңіре! — деп күбір ете қалды кемпір. Ол ұршығының үстіне еңкейе түсіп, жіпті ернімен сулап, сабақтады.
— Халбера, мен сенің балалар отырған жерде ондай түкке тұрғысыз мылжың әңгімелер айтуыңа тыйым саламын! — деді Бьяртур.
— Құйрығымнан бір тал қылды жұлып ал да жерге қой.
Аустаның көзінен әлі де жас тамшылап түр.
— Сен қазірдің өзінде-ақ бой жетіп қалған болсаң, мен саған бір қойды бәсіре етіп берсем деп отырмын. Бізде өте әдемі сарғыш-қоңыр тоқты бар. Аздап өзіңе ұқсайды.
Бьяртур қызының сымбатты сұлу тұлғасына қысыла көз жүгіртті. Осы бір қар басып жатқан алқапта ол қыздың өзі аңсаған асыл арманы бар болатын. Оның екі иығы селкілдеп, жұбана алмай, жылап тұрғаны тіпті де тегін емес... Ол қызына жақын барды да жайқалған жас гүлдей сүйкімді маңдайынан сипады.
— Көктемге қарай, — деді Бьяртур, — мен сені қалаға ертіп барамын. Қалаға бару Мириге бару емес, одан әлдеқайда жақсы әрі қызықты. Сен онда барғанда теңізді тамашалайтын боласың әрі жер көресің, өмір көресің.
Әкесі жанаса келіп, маңдайынан сипағанда қыз мұңайғанын тез қоя қойды, жабырқаңқы көңілі көтеріліп сала берді. Ол Аустаны ете сирек еркелететін... Қыз әкесінің бауырына жабыса түсті және дүниеде мұнан артық қуатты, тартымды күштің жоқ екенін алғаш рет сезді, әкесінің мойнында, көйлегінің жағасы мен сақалының астында бір ғажайып қызу жері бар болатын. Қазір қызының жаңа ғана жас жуған ыстық еріндері дір-дір етіп, сол ғажайып қызу жерді іздеп, жоғары ұмтылды да ақырында іздеп тапты. Кейде өмірдің бүкіл азапты қайғы-қасіретінен тап осылай құтылуға болады. Қара көлеңке бөлме ішіндегі қас қағым сәт бәрін де ұмыттырады.
Шам жағылды.
Қалың кар басып жатқан ұшы-қиырсыз кең даланың қойнында елеусіз қалып, ептеп-септеп ілдалаған күн кешкен адамдардың өзіндік кіп-кішкентай дүниесінің үйреншікті өмірі қайта жанданғандай болды. Бьяртур мал қораға қажетті тақтай сүргілеуге кірісті. Оның сақалына мүктің майда сабақтары мен бүктетіле ұшқындаған жаңқа бөлшектері жабысумен болды. Ол оқтын-оқтын әлдебір өлең жолдарын әндете ыңылдап айтып қояды. Ересек екі бала жүн түтіп отыр. Ол екеуі бір-біріне мүлде ұқсамайды. Үлкенінің шашы бұйра, қолы ұзын. Оның мінезін түсіну қиын, ішімдегіні тап дейді де отырады. Ортаншы, екінші ұл, дембелше келген төртпақ, тығыз денелі, әдетте ақкөңіл, жайдары жандарға тән белгі — қызуқандылығымен және болмайтын жерден бұрқ ете қалатын ашушаңдығымен ерекшеленетін. Үлкені, әкесінің ту сыртынан жиі-жиі бет-аузын тыржитып, тілін шығарып мазақ ететін. Күндіз үйге жүгіріп кіріп, үстелдің үстін шегемен тырнап кететін. Мұндайда ол шешесіне ештеңені де сезбейтіндей ақымақ әрі қасақана қырсық тұр танытып, көзінің астымен бір қарап өтетін. Отырған кезде екі тізесін біресе қосып, біресе жайып, тыным таппайтын. Ортаншы ұл өзінің ұйқысын қашыру үшін екі көзін бірдей бадырайтып, тіпті болмай бара жатса, көзіне сіріңкенің шырпысынан тіреу қоюға дейін баратын. Бұл — оның өзінің ойлап тапқан амалы. Ол аяғын басып тұра алмайтындай қалжырағанша жұмыс істей беруден жалықпайтын. Ағалы-інілі екеуі жүн түтіп отырып та бірін-бірі минөт сайын шынтағымен түрткілеуді қоймайды. Мұндайда істің аяғы насырға шауып, ойын түбінен от шығып кету қауіпінің төнбесіне кім кепіл бола алады.
Ауста тағы бір қатарды жалғастырды. Бірақ қойшы соны! Соны да адам деп! Ол жартылай ана адам ғой. Оған жетіспейтін нәрсе көп. Қайдағы бір болмашы нәрсе үшін еңіреп қоя береді. Аустаның көз жасын көлдететін болмашы нәрсе үшін жылау керек пе, жоқ па, ол жағы былайғы жұрттың ойына да кіріп шықпайды... Бүгін де жылағанын зорға дегенде қойды-ау. Ал шешесінің жағдайы түзелетін емес, бүгін де бұрынғысынша: кеше, оның алдыңғы күні қандай болса, әлі де солай. Бәлкім, ол енді старостаның жасап беретін дәрі-дәрмегін ішіп, жазылып кететін болар?
Ұршықтың зырыл қаққан үні кеңістік пен уақытқа бірдей тарап жатты.
Кішкентай Нонни, қазірдің өзінде кеш түсіп үлгергеніне қарамай, бүгінгі кеш туралы ойға шома қойған жоқ. Оны сезбейтін де сияқты. Бөлмедегі адамдар да, асханадағы ыдыс-аяқтар да қараңғылық қойнауына бірте-бірте сіңіп, байқалмай бара жатыр. Енді міне бөлме орасан зор әрі тұлғасы белгісіз бір нәрсеге айнала түсті. Соған қарағанда осы бөлмеден өзге мән-мағынасыз әрі қисынсыз әлдебір нәрсені көзге елестете қоюдың өзі өте қиын. Ол бейне бір резина тәрізді жан-жаққа созылып бара жатқан сияқты. Тіпті анау отырған әженің иірген ұршығының зырыл қаққан дыбысы да жақыннан емес, сонау бір қиырдағы алыстан естіліп жатқандай. Ол тіпті көз керіп, құлақ естімеген әлдебір биік таулардың жанынан ұли соғып өтіп жатқан күшті желдің даусына да ұқсап кетеді. Кемпірдің басындағы тоқыма тақиясының астындағы екі шекесін қайдан келе жатқаны белгісіз қара бұлт тұтас жауып бара жатқандай. Соула Құдай туралы ілімге қанығып қайту үшін Утиредсмириге жіберілген бе, қалай өзі? Әлде ол армандап аңсаған сиырына ие болды ма екен? Жоқ, олай емес. Мұның сиыр деп жатқаны босағадағы ит екен. Ол біресе аузын кере ашып есінейді, біресе артқы екі аяғын қабырғаға тіреп тұрып қасынады. Содан соң бүк түсіп, қайта жатады.
Ноннидің шешесі әлдебір әдемі ән туралы жағымды естелік қана сияқты. Ол ән де бүкіл дүние жүзіне таныс-ау, шамасы. Бала өзінің күні бойы бір жаққа жету үшін ұмтылумен болғанын, бірақ қайда ұмтылғанын өзі де ұмытып қалғанын елестетеді. Шіркін-ай, сол жаққа ертерек жетіп жығылар ма еді? Оның барлық арманы орындалатын уақыт тым жақын қалған сияқты. Бірақ әзірше бірде-бір арманы орындалып көрген жоқ.
Сонымен кеш түсті Таусылмастай ұзақ көрінген күндізгі уақыт та өте шықты. Әр кеш әр түрлі бейнелердің тұтас бір тізбегін өзімен бірге ала келеді, ал олар бірте-бірте бұлдырап, тастай батып, судай сіңіп, көзден ғайып болады. Адамдар да солай. Олар да әлгіндей жоқ болып кететін бейнелер сияқты дүниеден озып, уақыттан тыс жым-жылас жоғалады.
Әжесі ұйықтап бара жатқан Ноннидің аяқ киімін шеше бастады.
ЖИЫРМА СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
ӘДЕБИЕТ
Нәзік жанды аяулы,
Қимас досты, бәлкім, мен
Ұмытпаспын ешқашан.
Көз жұмғанша мәңгілік.
Қос бұрымын білектей
Ақ күмістей маңдайын —
Өтермін жырлап, ән қылып.
Тағатсыз оны іздеймін.
Бірақ ондай қыз қайда —
Көрінбейді маңайда,
Шықтай тұнық, тап-таза
Жайнап тұрған жүзіне,
Тең келмейді күн, ай да!
Дәл өзіңдей келісті
Қараса көз тоймайтын
Пісте мұрын жан қайда?
Албыраған алқызыл
Сенің сұлу жүзіңе
Далап жағып қойғандай.
Алаулаған кең дала
Қар астынан арылып,
Алаулайды қызғалдақ
Қандай көркем, ой, қандай!
Көктем келсе тұра ма
Дала шіркін құлпырып,
Гүл атаулы жайқалмай.
Қыздың қымбат қылығын
Жырға қостым мен талай.
Әр беретін
Бет шұңқырын кішкентай
Өрттей қызыл қос ернін
Керген сайын тұрармын
Жырға қоспай мен қалай?!
Көрінсеңші, қыздар-ау,
Шабыт қосып шабытқа
Жыр жырлайын әрқалай!
Алаулаған жүзі бар,
Бұраң қаққан қос бұрым,
Көз алдымда — кең маңдай.
Жалғыз қалдым жабырқап,
Бірақ сені ұмытпан
Өле-өлгенше сүйсініп,
Келбетіңе таңырқап.
Қайырымсыз қара тас
Жасырып тұр жүзіңді,
Қайғырармын қан жылап,
Сағынармын өзіңді
Қаңырап қалды бұл дүние
Кім тыңдар менің сөзімді!?
Ауста Соуллильяны оқыту Иомсборг викингтері туралы жырдан алынған махаббат туралы осы бір өлеңнен басталады. Қыз өлеңнің алғашқы шумағын ежелеп оқып шыққаннан кейін Бьяртур орындықтың арқалығына сүйене отырып, көзін жартылай жұмды да оны ән әуенімен орындап берді. Содан соң кейбір түсініксіз жерлерін түсіндіре бастады. Ауста әлгі оқылған шумақтарды түгел жаттап алып, өзі жеке қалған кезінде ақырын ғана әндете орындайтын болды. Бұл махаббат өлеңдерінің бәрі де Роза атты бір қызға ғана арналған болып шықты. Ауста ақынның өте жақсы өлеңі деп өзі топшылаған бұл жырдың кімге арналғанын ешқашан сұраған емес. Бірақ ол қызды өзінің әкесімен ұдайы бірге жүргендей өте жақсы көретін. Жырдағы кейбір аңғырт сөздер әжесінің иіріп отырған ұршығын кілт тоқтатып айтатын әлдебір тақуалық діни уағызы сияқты естілсе де олардың мән-мағынасын тереңірек түсініп алуға тырысатын.
Өлеңнің қалай пайда болып, қалай басылып шығатыны жөнінде Аустаның түсінігі тым төмен, бұлдыр еді. Әкесінің даусы мен өзінің жан дүниесіндегі әлдеқашан өмірден өткен ақынға деген сүйіспеншілік арқасында әлдебір асқақ әрі тамаша түсінік туа бастады. Шелек толы су бетіндегі өз бейнесін көрген кезде оның кәдімгі балаларға тән тәтті қиялға беріліп, жырдағы дүниеден озғанына көп болған әлдебір ғажайып әйелге ұқсағысы келіп кететін...
Махаббат туралы өлеңдерден римдерге — күрделі жырларға көшкен сайын оқу да қиындай түсті. Өйткені оның кейбір күрделі жерлеріне Бьяртурдың берген түсіндірулері жеткіліксіз болып қалды. Әлі толық қалыптасып үлгермеген оқырман мағынасы түсініксіз әрі айтылуы қиын сөздердің қаптаған қалың тұманы арасында абыржи адасып жүргендей сезініп, ол сөздердің өзара ешқандай да байланысы жоқ сияқты болып көрінетін. Жыр кейіпкерлері викингтер де, олардың жорықтары мен кескілескен шайқастары да қыздың әлі жұтаң қиялына сыйымсыз еді. Ал оқиға викингтердің махаббат машақатына қатысты өрбіген кезде әкесі жырдың ондай жерлерін тек өзінің ішінен ғана оқып өте шығатыны да: "Әй, әйелқұмар иттер-ай!" деп еңк-еңк етіп күлетін. Содан соң кітапты жабатын да "Жастардың ондай нәрселерді оқуынан да, тыңдауынан да зияннан басқа пайда жоқ. Оның үстіне, өте ыңғайсыз" дегенді айтатын. Ақырында викингтердің әдепсіз қылықтары соншалықты шектен шығып кеткен кезде ондай кітаптарды оқуды мүлде тоқтатуға тура келетін. Мұндайда Бьяртур Берноут туралы римдерді (жырларды) қолға алатын. Өйткені оны жастар үшін оқу неғұрлым дұрыс деп білетін.
— Махаббат машақаты туралы менің оқып-білуіме неге болмайды? — деп сұрады қызы.
— А? Не дедің?
— Менің олар туралы көп оқып-білгім келеді.
— Ұятсыз! Ұялсаң етті! — деп әкесі қызын шапалақпен тартып жіберді.
Онымен күні бойы сөйлеспей қойды. Міне, содан бері қызы жұрттың көзінше ондай нәрселер туралы естіртіп еш нәрсе айтпайтын болды. Ал Берноут туралы жырды оқыған кезде оның басты кейіпкері киімін ауыстырып киіп келіп, ханшайым Фаустинаның жатын бөлмесіне кіріп барған жеріне жеткенде өзінен-өзі қысылып, беті қызарып кетті. Берноут былай дейді:
Сенің өткір кезіңнен жүрегіме
Қадалды бір махаббаттың жебесі,
Содан бері беймаза күн кешемін —
Ал сен маған: "Қойыңызшы!" демеші.
Ханшайым да тіл қатты, күттірмеді: —
Мен де сізге ынтықпын, "Құп!" дер едім.
Қыздың жолы жіңішке — амал қанша, "
Оңашада — мен сендік! Күт!" дер едім.
Сонымен ханшайым мен сері жігіт түні бойы бірге болып, көрер таңды көздерімен атырады. Ауста тіпті тіс жарып бірде-бір соз айтқан жоқ. Ол қабағын да көтермеді. Ал ор күні кешке ұйықтар алдында құс мамықты басынан асыра бүркеніп алып жататынды шығарды. Мұндайда Жазғы мекендегі кіп-кішкентай тар бөлме көзден ғайып болады. Айдай сұлу ару Фаустина өз бөлмесінде отырып, жауды жапыра жеңіп қайтуы тиіс сүйген серісін сағына күтіп, терең ойға шомады, оның неғұрлым тезірек келуін күтеді. Ал Фригиядағы оның зарыға күтуі ұзаққа созылады. Өйткені кектенген корольдің зұлымдықпен жасаған қастық әрекеттерінен әрең қашып құтылған Берноут бір қияндағы Борнеарх аралына барып бой тасалаған еді. Оны өлтіру үшін дүние жүзіне атышулы жауыз жендеттер жіберілген Фаустина өзінің ұйқыжайында оңаша отырып, оны ойлаған сәттерде Берноут алыстағы аралдың жағалауында бір өзі сансыз коп жендеттермен жанталаса кескілескен шайқасуда болатын.
Анау қызу қып-қызыл қан майданда
Оңды-солды сермеді ол ақ семсерін —
Баудай түсіп жаулары, жатты жерде,
Жұрт таң қалып көрісті ердің ерін.
Сауытына жаңбырдай жауды жебе,
Қалқанына бұршақтай борап берді.
Торлейф те болаттай берік екен,
Қайта-кайта құлаған жауын көрді.
Адам қаны су боп акты — оңай ма!
Тау-тау болып үйілді әне мәйіттер
Қияметте жаза тартқан жандардай.
Сонда оған кім болмақшы айыпкер?
Қалай болса, олай болсын — бөрі бір —
Торлейфтің даңқы артады, қарап көр!
Бұл әкесінің әндеткен даусы.
Ауста мамық көрпенің астынан сығалай қарап, тыңдап еді, әкесі жұрттың бәрі жатып қалғаннан кейін әлдебір аспапты жөндеп отыр екен. Дәл қазір үй ішінде қыбыр еткен жан жоқ, бәрі де шырт ұйқыда жатыр. Ояу — әкесі ғана. Әндете жыр оқуда екен. Көйлекшең отырған оның шымыр тұлғасы, қақпақтай кең жауырыны, әлеуетті қолдары, ұйысқан қалың шашы анық байқалады. Қою қара қастары екі көзінің үстіне көтеріле өскен, бейне бір тау беткейіндегі биік жартастар тәрізді. Оның иегіндегі қалың сақалының астындағы жуан келген мығым мойнында бір жұмсақ жер бар. Қызы оған ұзақ қарап жатты: әкесі бұл дүниедегі ең күшті адам, мықты скальд болар, шамасы. Оның білмейтіні жоқ. Қандай сұраққа болса да жауап бере алады. Барлық саганы жатқа соғады. Ешкімнен де айылын жимайды. Еш нәрседен де қорықпайды. Қандай алыс аралдың жат жағалауында қаптаған қалың жаумен жалғыз өзі шайқасқа түсе береді. Ол — ешкімге тәуелді емес, өз еркі өзіндегі азат адам.
— Әке, — деп дауыстады қызы мамық көрпенің астынан
Оған мына отырған адам Берноут батырдың тап өзі сияқты.
Соның өзі, одан өзге ешкім де емес. Қазір Ауста оған осыны айтуы керек. Бірақ ол мұның сөзін естіген жоқ.
— Әке, — деді бұл тағы да, күбір ете қалып. Бірақ оз даусын өзі тани алмады.
Жоқ, бұл жолы әкесіне ешнәрсе деген жоқ — батылы бармады. Әкесі мойнын бұрып қарап еді, қыз тұла бойы дірілдеп, үрейленді. Сөйтті де көрпесін жамылып жатып қалды. Жүрегі аттай тулап, дүрс-дүрс соғумен болды. Бәлкім, ол мұны қазір де шапалақпен тартып жіберер ме еді, кім білсін? Иомсборг викингтері туралы римдерді оқыған кезде жеген шапалақ есіне түсіп кетті. Қазір мұның үндемей қалғаны қандай жақсы болды!
Бьяртур қозыларды байқап қайту үшін қой қораға кетті. Онда да әлдебір нәрсені айтып Жүрді. Ауста оны құлақ түре мұқият тыңдаумен болды. Әкесінің басқан әрбір қадамын санады. Ол текпішек сатымен жоғары көтеріліп келе жатып та әлгі әуенді ыңылдап айтып оралды. Аустаның жүрегі бұрынғысынан да қатты соқты.
Менің әнім ежелгі әнмен тең емес,
Көз алдымнан кетпей Қойды тек елес.
Өз әнімді сүйіктіме арнаймын
Сан сұлудың бірінен дe кем емес.
Ауста мамық көрпенің астынан тағы бір сығалағанда әкесі шамды өшірді. Қараңғы түн.
ЖИЫРМА ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
СИЫР
Наурыз айының бас кезі. Қар басқан алқапқа күннің шуағы төгіліп тұрды. Осы күні Жазғы мекен тұрғындарының өмір бойы естерінде қаларлық маңызды оқиға болған еді. Оның қаншалықты маңызды екенін олардың басынан өткен жағдайды оз бастарынан кешкендер ғана түсіне алады. Батыс жақта, сонау алыс тау беткейінде, қарауытқан әлдебір үлкен нәрсе ақырын жылжып төмен түсіп келе жатты. Сагалармен таныс болған балалар оны біреулермен соғысу үшін келе жатқан әскер шығар деп ойлады. Мұның өзі, қолына таяқ ұстаған жалғыз-жарым адамның жол жүруінің өзі, сирек оқиға саналатын тап қазіргі кез үшін үлкен бір жаңалық еді. Әлгі әскер аңғарды бойлап, баяу жүріспен төмен түсе берді. Кішкентай Нонни мен Ауста үйдің жанындағы күртік қар үйіндісінің үстіне шығып алыпты. Олардан қалысқысы келмеген әжесі де күртік қар үйіндісінің үстіне алып шығатын он сегіз басқыш текпішекпен әрең дегенде көтеріліп, алақанымен көзін қалқалап, әлгі бір нәрсе қарауытып келе жатқан жаққа қадала қарап қалыпты.
— Анау қарауытып келе жатқан сиыр ғой, — деді ол бір кезде.
— Иә, иә, шынында да сиыр шығар! — деп, шу ете түсті балалар.
Ең соңынан Бьяртур көтерілді. Оның үсті-басына пішеннің қиқымы жұғып қалыпты. Ол ызаға шыдай алмай, жарылып кетуге шақ қалып түр: мұнда сиыр тұратын орын жоқ қой! Қойдың шөбін сиырға бере алмайды. Атты тебінге жіберіп жаюға да еш құлқы жоқ. Итін қоспағанда бұл жалғыз атын кез келген өзге жануарлардың бәрінен артық көреді. Сөйтіп Бьяртур төмен түсіп кетті, өзін шақырғанша қайтып жоғары шықпай қойды.
Шеру батпақты жер арқылы баяу жылжып жақындай түсті. Сиырдың соңында - ат жегілген шана. Оған шөп тиеліпті. Келе жатқан шынында да сиыр екен.
— Айттық қой, шынында да сиыр екен! — деп, тағы да шу ете түсті балалар.
Сиыр онша ірі емес еді. Үстіне жабылған жабудан оның ақ шұбар теңбілі бар басы ғана көрініп түр. Екі көзі айнала төңірегіне бір түрлі таңдана әрі күдіктене қарайды. Емшегін қарға сүйретіліп үсіп кетпесін деп жүн орамалмен желінін орап, шандып тастапты. Жалпы сапар шегуге, оның үстіне, жерде қалың қар жатқан кезде таудан асып қысқы сапарға шығуға үйренбеген жануарды тап осылай қамқорлықпен жабдықтаған жан Редсмиридегі үй шаруасымен айналысатын әйел Гудни еді. Қазіргі шыңылтыр аязда сиырдың екі танауынан бу бұрқырап, жоғары көтеріледі. Тұмсығының айналасындағы жүніне ақ қырау қатыпты. Мұржадан шығып жатқан түтін мен тұрғын үйдің иесі оның құмарлық сезімін оятты; екі құлағын қимылдатып, демін ішіне тартты да ырс-ырс етті. Әлдебір сәлемдесу ретінде ұзақ мөңірегісі келіп еді, оған шамасы болмады — мойын жібі тым қысып, қылғындырып барады екен.
Таяғына сүйене ақсаңдай басқан кемпір шерудің алдынан шығып, қарсы алмақ болды.
— Құдай бере салған қасиетті жануар, — деп, үзіп-созып ыбылжи сөйледі кемпір. — Қош келдің бізге! Құдайдың қайырымы мол болсын! Жарылқай берсін!
Сиыр кемпірді иіскеді де, бейне бір оны бірден танығандай болып, тағы да мөңіремек болып әрекет жасады.
— Құдай бере салған қасиетті жануар, — деп қайтадан күбірледі кемпір. Оның аузына басқа сөз түсе қоймады. Дегенмен де ол тап осылай өте сирек мейірленетін. Ол сиырдың қырау басқан тұмсығынан бір сипап қойды. Сиыр жұтқыншағынан шыққан қысқаша қорылмен жауап қатып, ризашылығын білдірді. Ол екеуі бірін-бірі осылай тез түсіністі. Солай бола тұрса да, сиыр бейтаныс өңірді күдіктене жатырқады. Абаймен қозғалды, салмағын торт аяғына алма-кезек ауыстырып сала берді. Денесі дір-дір қағып, демін ауырсына алды, ырс-ырс етіп, осқырына түсті.
Бьяртур жаңа келгендерден не мақсатпен жүргенін сұрады. Не мақсатпен жүргенін сұрағаны несі? Сиырды тапсыру үшін келді емес пе? Қайдан? Кімнен? Әрине, старостадан!
— Иә, мұндай сыйлық жасағаны үшін оны қарғыс атсын! — деді Бьяртур, сагадан жаттаған сөзімен. Сөйтті де сиырды сойып тастау үшін пышағын қайрамақ болып, сес көрсетті.
— Ол сенің өз шаруаң, өз еркің, — десті келгендер.
— Менің аяғымнан шалып сүріндіруге ендігі жерде старостаның шамасы келмейді. Бұлай ету оның отыз жыл бойы қолынан келген жоқ. Енді сиыр сыйласа да ешнәрсе жасай алмайды! — деді Бьяртур.
Ақырында шаруа сиырды кәрі Белси тұрған қоршауға кіргізумен аяқталды. Ондағы еденге шымтезек төселді. Ат қоршаудың арғы бетіне, бұрын әлсіз қозылар қамалатын орынға шығарылды. Бьяртур суық пен жарық өтетін барлық қуыстар мен саңылауларды мұқият бітеп тастады. Сиырды қалай күтудің жағдайы оған бұрыннан белгілі. Халықтың ежелден келе жатқан тәжірибесіне қарағанда, сиыр суық пен жарықтан аулақ болған сайын сүтті де көп береді деп білетін.
Келген адамдар кері қайтпақ болған кезде Бьяртур олардың сәл кідіре тұруын өтінді. Сөйтті де кереуетіндегі төсектің асты-үстін ақтара түсіп, әйелі жамылатын мамық көрпенің астынан әзінің ескі қолғабын тауып алған бойда былай деді:
— Старостаға сәлем айта барыңдар. Мен оған осы уақытқа дейін өзіміз жасасқан келісімдегіден артық ешнәрсе де қарыз болып көрген жоқпын. Ал егер ол биылғы күзде менің қозыларыма суық қолын сұқпақ болса, қатты қателеседі. Өздеріңді куәға тартамын. Егер менің қозыларымның бағасына келіспейтін болса, онда мына сұмырай сиырын күні ертең алып кетсін. Олай етпейтін болса, мен бұл сиырды кез келген кештің бірінде бауыздап тастаудан тайынбаймын.
Бұл батыл сес көрсету еді.
Бьяртур өзінің азат, өз еркі өзінде, өзге ешкімге тәуелсіз дербес адам екенін, старостаға да, басқаларға да тәуелді емес екенін, тіпті қажет болып бара жатса, сиыр үшін нақты ақшамен қолма-қол есеп айырысуға да әзір екенін корсетті. Бірақ мына келген адамдар бұдан ақша алудан үзілді-кесілді бас тартты, біздің ондай өкілеттігіміз жоқ дегенді тілге тиек етті. Шынына келгенде олар бұл сиыр үшін старостаның ақша күтетінін немесе оған басқа біреудің алдын ала төлеп қойғанын да білмейтін. Алдын ала төлеп қойған? Басқа біреу төлеп қойғаны қалай? Басқа біреу болғанда о л кім?
Бұлар ақылынан адасқан ба өздері? Әлде мұның арғы жағында жасырын сұмдық сыр жатыр ма? Сонда мұның әлі де басқа біреуге тәуелді болғаны ма? Бәлкім, олар мұны кедейсініп, сиыр үшін ақша таба алмайды деп ойлайды ма екен? Жо-жоқ, достар, бұл қазір ешнәрсеге де мұқтаж емес. Бьяртурдың ақшасы жетіп артылады. Рас, бұл былай деп ойлайды: жем-шөпті қойлардың аузынан жырып алып, сиыр ұстаудың не қажеті бар! Егер керек бола қалса, бұның бір емес, бірнеше сиыр сатып алуға шамасы келеді. Ақшасын қолма-қол нақты төлей алады. Бьяртур өз шаруасында не мақсат көздейтінін о бастан-ақ өте жақсы біледі. Болашақта ақшаны қайда жұмсау қажеттігінен де хабары мол. Сонда ақшаны қайда жұмсамақ?
— Егер сендерге ақшаны қайда жұмсайтынымды сұрап білуді бұйырған болса, оны да айтайын. Бәлкім, менің өзіме арнап сарай салып алғым келетін шығар. Оның айнала төңірегіне жайқалған бау-бақша өсіріп, гүлдендіріп жіберетін болармын! Міне, солай деп айтыңдар. Жолдарың болсын, аман-сау жетіңдер!
Сиыр көп ұзамай-ақ Жазғы мекеннің Бьяртурдан өзге тұрғындарының бәріне қатты ұнады. Олар өзара достасып кеткендей болды. Бьяртур бұрынғысынша иті мен көтерем кәрі аты Блесиді ғана жақсы көрді. Кемпір байғұс жоғарыға бір шелек сүт көтеріп шыққан. Сөйтіп балаларының аузы бір-бір кесе сүйікті жылы сүтке жарып қалған. Ал Финна — олардың шешесі — бір тостаған сүт ішіп, мейірін қандырған кеш ұмытылмастай мерекеге айналды. Мына ұшы-қиыры жоқ йен даладағы аңғарда! жаңа заман басталған сияқты көрінді. Бәрі де жайнап сала берді. Сырттағы қар басып жатқан шетсіз-шексіз далада қысылып-қымтырылған тіршілік дүниесіне бейне бір көрікті көктем қайта келгендей болды. Тіпті ағалы-інілі ересек екі баланың арасындағы таусылмайтын айтыс-тартыс та тоқтады. Олардың бірін-бірі былапыт балағат сөздермен сыбауы да, "Мен сенің көресіңді көрсетемін әлі!" деген өзара қоқан-лоққысы да естілмейтін болды.
Ауста өзінің кеудешесін тоқып бола салысымен тоқыма бізіне жаңадан жіп ілгегін орап, іш көйлек тоқуға құлшына кірісті — ол бұл іске күні бұрын алдын ала үлкен әзірлікпен және үлкен сеніммен кірісу талап етілетін сияқты сезінді. Ал оның әжесінің есіне қайдағы бір әдемі әрі түсінікті оқылатын псалом-дұғалар түсті. Оларда бейтаныс латын сөздері сирек кездеседі екен. Кемпірдің айтқан ертегілерінде кездесетін сиқырлы зұлым күш иелері де бұрынғысына қарағанда әлдеқайда қайырымды бола түскен сияқты. Ол кенет бұрын оңтүстік жақта болған бір сиқырлы күштің елесін көз алдына келтіре қойды. Ол елес, егер өзіне күнделікті тамағын беріп тұрса, осы үйдің отбасы мүшелері сияқты мүлде жайбарақат, тыныш өмір сүре беретін сияқты көрінеді. Қар астында қатып-семіп қалған адамдар да бұрынғыдай үрей туғыза қойған жоқ. Тіпті мынадай оқиғалар да болыпты — түпсіз терең құзға құлап мертіккен адамдар үш тәуліктен кейін аман құтқарылыпты. Екі аяғы бірдей сынып, мүсәпір мүгедек болып қалғанына қарамай, адам айтса сенгісіз ұзақ ғұмыр кешіпті. Ең кереметі сол — арада апта өтпей жатып-ақ көптен сырқат Финна кереуетінен тұрып, біреудің сүйемелдеуімен бөлме ішінде бірнеше қадам жасай алатын болды. Ол сөзге араласа бастады. Үйдегі отынның жағдайы қандай екенін сұрасатын халге келді. Бұл — былтырғысына қарағанда кеудесін үш апта бұрын көтерді деген сөз. Ол өзіне шұлық сұрады. Ол шұрқ тесік екен. Финна өзінің тоқыма бізін тауып алып, төсегінің үстінде отырған бойы шұлықтың сетінеген жерлерін бүтіндеп тоқуға кірісті. Енді бір күні ол ұйқысынан ерте тұрып, епті қолымен пешке от жақты. бұл таңда бөлме ішінің түтіні әлдеқайда аз болды — шөпшек отын шапшаң тұтанып, кофе де тез қайнады. Келесі күні Бьяртур әйелінің сиыр қорада жүргенін көрді: Финна сиырға шөп салып, оны әукесінен сипап, әлдебір нәрселерді айтып, әңгімелесіп тұр екен.
— "Мен бұл сайтан алғыр жануарға мұншалықты ерте шөп салу керек екенін білген жоқ едім!" деді де қойларын азықтандыруға бұрылып жүре берді.
Міне содан бастап оның әйелі күн сайын ерте тұрып, сиырға шөп салатын, оны уақытымен сауатын болды. Сиыр қораның едені құрғақ әрі таза болуына қамқорлық жасады. Мұндай күтімге сиыр да риза еді. Финна оны сүйсіне отырып, қақтап сауып алып жүрді. Сауған сайын алғысын білдіре оған бір нәрселерді шын ықыласымен айтатынды шығарды. Финна өз бойында туа біткен сезімді басшылыққа алып, халықтың ежелгі тәжірибесіне қарсы шықты — ол сиыр қораның есігін оқтын-оқтын ашып, оның ауасын тазартып отырды, тіпті үйдің төбесінен күннің жарығы түсетін тесікті біржола бітеп тұрған ойма шымды алып тастады. Кәрі Блеси өзінің мұндай көңілсіз сиырмен катар тұратын көрші болғанына ренжулі сияқты — бір түрлі жүйкесі жұқарып, төзімсіз бола түсті. "Қартайған шағымда құдай маған мұндай көршіні қайдан душар қылды?" деп тұрғандай. Бұған қарағанда "Гудмундур қошқары" мен оның бақталас серігінің қылығын "тамашалау" да жетіп артылатын еді ғой — олар ортадағы қашаның арғы жағында бір-бірімен түнімен тепсініп, сарт та сүрт сүзісіп шығады. Олардың қылығын өлердей жек көретін Блеси сан сағаттар бойы тікесінен тік тұрып шыдайтын. Анда-санда құлағын қайшылап қойып, ортадағы қашаның қоршауынан мойнын асыра беріп, сиырдың алдындағы ақырдан Редсмириден келген шөптің бір уысын қарпып қалудың сәтін аңдып тұратын. Ал түнде ұйықтамай тұратын кезінде сиырды тістеп алудан да тайынбайтын. Сондықтан да Финна қашаның қоршауына тағы бір ағаш қосып, шекараны қауіпсіз етті.
— Мұның бізге жасаған жақсылығы көп-ақ, — деді әйел, мына сиырға деген зор сүйіспеншілігі мен ризалығын білдіре.
— Бәлкім, сен күзде осы сиырға арнап шөп оратын батыраққа өзің ақы төлейтін шығарсың деп үміттенемін, — деді Бьяртур, кекете сөйлеп. — Қарғыс атқан осы сиыр үшін қысқа шөп қалдырамын деп бір қойымды союға тура келер еді. Бірақ мен ешқашан олай етпеймін!
— Біздің Букодланың қамын бір Құдайдың өзі жей көрсін, — деді Финна оның сөзіне жауап ретінде. Ол көзіне жас ала жүріп, сиырды бұрынғысынан бетер мейірлене сипаумен болды. бұл әйелдің Құдай туралы өзінше түсінігі бар еді. Оны Шығыс елдерінің кейбір халықтары сияқты сиырмен тікелей байланыстыратын. Ал ол елдерде Құдай дегеніміз сиыр деген ұғыммен пара-пар. Сондықтан да оны қасиетті, киелі жануар деп құрмет тұтады.
бұл жылы көктем бірден шығып, қар тез еріп кетті. Бьяртур қойларын шалшықты балшыққа айдап салды. Онда олардың аузы көкке тезірек тиеді: көктемгі тамаша шоп -қияқтың жас өскіні оны жеген және асқазаны қорыта алған қойларды ауруынан құлан таза айықтырып жібереді. Ал биыл қойдың қоңы әдеттегіден әлдеқайда жақсы — тіпті бұдан да жұмсақ жайлы қыстан кейін де олар дәл қазіргідей мықты болып көрген емес. Шалшықты балшықты кешуге зорға дегенде мұршасы келетіні, жүні ұйысқан, кір-қожалақ, сорайған арық мойындарын созып, баяу қимылдаған көтерем қойлардың жасаураған көздерін көрудің өзі соншалықты аянышты болатын.
Бьяртур қойды өзі бағып жүрді. Олар батпаққа батып қалса, сүйеп шығару керек деп сақтық жасады. Бірақ биылғы көктемде тек кейбір қойларды ғана екі тізесіне дейін батпаққа батқан жерінен шығарып алуға тура келді.
Жылғалар мен жыралардағы қарға дейін түгел еріп бітті. Күннің көзі оңған шүберектей түсі қашқан құрғақ шөптер мен тасқын суының деңгейі көтерілген өзендерді шұғыласына бөледі. Оңтүстік жақтан йен даланың алғашқы достары — жыл құстары келе бастады. Әне, жылы желдің өтінде отырған ала мойын торғайдың баяу сайраған көктемгі әні естіледі. Езіле еріген балшықтан көк қияқтың жас иісі мен шіріген шөптің ескі иісі аралас сезіледі. Тыным таппай сайрайтын балшықшы құс қойларды қораға дейін шығарып салады: шамасы, әлдебір қызықты да күлкілі оқиға туралы түгел айтып сайрағысы келетіндіктен "хи-хи-хи-хи!" деп шырыл қаққанын қоймайды.
Кішкентай Нонни өзінің сүйікті ойыншықтарын — қой асықтары мен сүйектерін — таудың етегіндегі қия беткейге алып шықты. Кішкентай өзеннің тасып, суы жайылғаны сонша, тіпті үлкен теңізге ұқсап кетті. Бала қиялындағы қиян дүние осы теңіздің арғы жағынан басталатын шығар деп ойлап қалуға да болады. Бірақ таудағы қар түгел еріп біткен кезде өзен қайтадан кішірейіп, баяғы қалпына қайта келеді. Бәлкім, оның да сары уайымға салынып, мұңға бөленгені болар? Тіпті де олай емес. Мөп-мөлдір әрі көңілді қалпында табанымыздағы тап-таза құм мен ұсақ тастардың үстімен, сарғыш тартқан өсімдік басып жатқан жағалаудың екі арасындағы арнамен сылдыр қағып, жөңкіле ағады. Ол мыңдаған жылдар бойы тап осындай көңілді ағысынан танған емес: әp көктем сайын оз тілінде әлдебір қысқа сагалар айтып, азын-аулақ әуенге де басады.
Жағасында отырған бала мыңдаған жылдардың үніне құлақ түреді. Бала мен өзен мәңгілік айырылмас екі дос іспетті. Олардың төбесінен шетсіз де шексіз бұлтсыз көк аспан сүйсіне қарайды.
Иә солай!
ОТЫЗЫНШЫ ТАРАУ
ЗАМАННЫҢ ШЫНЖЫР БАЛАҚ,
ШҰБАР ТӨС МЫҚТЫЛАРЫ
Староста қаладан үйіне қайтып келе жатты. Ол өткен жолғысындағы сияқты тағы да бір өзі емес, соншалықты маңызды адамға тән жаңа серіктері де бар. Олар өзінің екі перзенті — оңтүстіктен енді ғана оралған өкілетті уәкіл Ингольв Арнарсон мен осы заманғы білім бұлағынан сусындап келе жатқан жиырма жасар жас сұлу Одур еді. Малды өріске айдап салып, қораның көңін тазартып жатқандар оларды көрген бойда жұмыстарын тоқтатып, күректеріне сүйеніп, өздері бұрын көрмеген көрініске таңдана қарап қалысты. Бьяртур жаңа ғана қоздаған саулықтар мен өлі әлжуаз қозыларды қоя салып, қонақтарды қарсы алу үшін олардың алдынан шықты. Қыз ат үстінде қозғалмай отыра берді. Мына лайға малынып, былғануға асықпағысы келеді. Ал староста ықылассыз болса да лажсыз атынан түсті, оған іле-шала аяғында қорқынышты саптама етігі бар лауазымды өкіл де солай істеді. Староста өзінің әдеттегі дағдысы бойынша екі саусағын ғана ұсынып сәлемдесті. Үй иелерімен Ингольв мүлде басқаша амандасты. Ол өкімет билігінің басында отырғандармен аралас-құраласы бар, былайша айтқанда мүмкіндігі мол адам ретінде қарапайым адамдарды жатырқай қойған жоқ, Жазғы мекен иесі Бьяртурмен оның қолын қысып, амандасуға арланбады. Қайта оны иығынан қағып-қағып қойды. Тіпті құшақтасып амандасуға сол-ақ қалды. Шамасы, бұл шешесінен жұққан әдеті болу керек. Қазір ол жаңа ғана агроном болып келген, әлі ұшқалақ, бөтен біреудің жерінде ешқандай кінәсіз құстарға үстін-үстін оқ атып, мәз-мейрам болып жүрген немесе Жастар одағының мүшелерімен бірге салт атпен салтанат құрып, отансүйгіштік әндерді шырқата салып жүрген баяғы желөкпе жас емес. Жоқ, ол бұл жылдар ішінде әлдеқайда байсалды болыпты. Көрген жанды өзіне бірден тартып әкете алатын тұлғалы азамат. Кәдімгі көп жиналыстарда шешендерге тон салмақты да дәлелді сөйлеудің әртүрлі әдістерін үйреніпті. Қолын сермеп, көкірегін алға беріп, басын кейін қарай шалқайта тастап, барынша мәнерлеп сөйлеуге тырысады. Жазғы мекеннің иесі Бьяртур Ауста Соуллильяға бұрын қалай көрінсе, қазір де сол қалпында. Ол қандай маңызды тұлғаларға болсын құрдай жорғалап, құрмет көрсетіп, жағыну дегенді білмейді. Тіпті олардың әдетте қарапайым бұқара халықпен қалай болса солай тіл табыса кететіндеріне де иліге қоймайды. Онымен қатар қойып салыстырғанда маңғазсынған мына мырзалар қайдағы бір ақылға қонбайтын — алты саусақты, үш көзді құбыжық біреулер сияқты.
— Менің мына бикештің аттан түсуіне көмектесуіме болар ма екен? Ат үстінде аяғы сіресіп қалатын болды ғой, — деді Бьяртур сыпайы ғана. Бірақ жас қыз аттың үстінен есіктің жанындағы тасқа ешкімнің көмегінсіз-ақ секіріп түсті. Оның атқа мінгенде киетін балағы тар, денемен дене болып тұратын тар шалбары, жарқыраған жаңа етігі бар еді. Қыз таудың оңтүстік күнгей бетінде желден таса өсіп тұрған әрі мықты, әрі күшті солқылдақ тал шыбық сияқты көрінеді. Оның салт атпен аз сапар шекпегені көпті көріп, көпті білгені бірдей байқалады. Сәнді киініп, гүлдей жайнаған ол үйдің тас табалдырығының үстіндегі тар есіктің жанында тұрды. Бұл үйді салу үшін Гудбьяртур Йоунссон өзінің, өлгені бар, тірі қалғаны бар, балаларымен бірге он екі жыл бойы қарызын өтеп келген, оған дейін он сегіз жыл бойы жатпай-тұрмай зорыға еңбек еткен болатын. Ал Одур бикеш шайқала өсіп тұрған гүлдердің арасындағы еңселі сарай үйде тұрады, оған тас төселген, тап-таза жолдар арқылы жетуге болады.
— Рахмет, — деді қыз. — Біздің асыққанымыз жөн болар. Мен үйімді қатты сағындым, тезірек жеткім келеді.
Алайда староста ұлымен екеуі үйдің ішіне кіріп шыққанды қалады. Үй иесімен ақылдасатын маңызды мәселе бар көрінеді. Өкінішке орай, қашан болса да алдыңнан әлдебір жұмыстар шыға келетінін қайтерсің! Олар есіктің алдындағы көлкіген судан аман өтіп, жоғары көтерілген соң Одур әлгі екеуінің кереуеттің үстіне отыруына қолынан келгенінше кедергі жасап бақты — биті жұғар деп қорықты. Бірақ староста ешнәрсені елең қылып, жеркенген жоқ. Бит деген де сөз болып па — талай көрген үйреншікті нәрсесі. Ол бұрын өзі келген сайынғы әдетімен жалп етіп отыра кететін кереуеттің үстіне емін-еркін жантая жатты. Ингольв Арнарсон сандықтың үстіне барып отырды. Ол басын шалқалата бөлме ішін шолып шықты. Жүзінен күн шұғыласы төгіліп тұрғандай болғанымен күлкісі шешесіне тартқан екен — тым суық. Жас бикеш үстелдің үстіне отырды. Старостаның өзімен-өзі болып, терең ойға шомғаны сонша, өзіне қойдың жағдайы мен ауа райы туралы қойылған сұрақтарды естіген жоқ. Ақырын қозғала түсіп, қойнынан әмиянын шығарды — ақшаға тиер-тиместе саусақтары дір-дір етті. Бірақ жүзінен қайдағы бір қастерлі құрмет белгісі байқалады, онысын бар ынта-шынтымен беріле байсалды түрде жасағандай болып көрінеді. Белгілі бір жауапкершілікті сезінетін сияқты. Ол әмиянын ашып қарады да басын ақырын ғана кейін шалқайтты, темекі жапырағының аузындағы сілекей сөлін төгіп алмас үшін төменгі ернін жымқыра түсті.
— Сенің маған сиыр үшін өткен қыста беріп жіберген ақшаңды өзіңе қайтарып берсем деген ой мені көптен бері мазалап жүр еді. Сиырдың ақшасын басқа біреулер төлеп қойған болатын.
— Қоя тұр, қоя тұр. "Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?" Жазғы мекен иесі Бьяртурға мұндай сыйлық жасап жүрген кімдер сонша? "Басқа біреулер төлеп қойған болатын" деген не соз тағы да? Менің борышымды өтей салыңдаршы деп мен ешкімге де қолқа салған емес едім ғой! Менің қарызымды өтемек болып сандырақтағандардың бәрін де сайтан алсын шетінен!
— Бұл борышың қалай десең де өтеліп қойды.
— Мен ондай садақа сыйлықты көктен де, жерден де күткен емеспін. Қабыл алмаймын. Тіпті Құтқарушының өзі жіберсе де қабыл алмаймын! Менің қарызымды басқа біреулердің өтеуге ешқандай құқығы жоқ. Мен ондай "қамқорлық" жасаушыға тыйым саламын!
— Қайдағы Құтқарушыны айтып кеттің!? Саған қол ұшын созып, көмек көрсетіп отырған — Әйелдер одағы! — деді староста.
— Енді жетпей тұрған сол болғаны ғой! — деп тез жауап қатқан Бьяртур әлгі Әйелдер одағын жерден алып, жерге салып әбден балағаттады. — Өзімен-өзі болып, жайына жүрген адал жандарды өздеріне ұдайы қарыздар әрі қара табан құл етіп алмақ қой. Жәрдем көрсеттік деп жер-көкке жая мақтанбақшы десеңші одан да! Мен бұл сиырды әйтеуір бір күні бауыздап тастаймын да етінің борша-боршасын шығара қиқалаймын. Бұған күмәнің болмасын! Бұл сұмырай сиыр менің балаларымның үйреншікті тамағына деген тәбетін жойды. Қазір олардың жүдеп-жадап, тыриып қалғаны сонша, тіпті бір-бірімен төбелесуіне де шамалары жоқ. Ол ол ма, әйелдер де қыңырланып, шәлкес мінез шығара бастады. Бір сөзбен айтқанда, бұл сиыр бізге сор болды — ұрыс-керісті күшейте түсті.
— Жұрттың айтуына қарағанда, сенің балаларың да, әйелің де осы көктемнен бері әлденіп, тәуір бола бастаған көрінеді ғой.
Алайда Бьяртурды бұл ескертпе де жуасыта алмады. Ол өзіне жаны ашып қамқорлық жасағысы келетіндердің бәріне де әрқашан бір түрлі күдікпен қарайтын.
— Сенің де, Әйелдер одағының да менде, менің әйелімде еш жұмыстарың болмасын! Балаларыма да жандарың ашымай-ақ қойсын түге! Мен әзірге саған да, Әйелдер одағына да бір эйрир де қарыз емеспін. Мұны мықтап естеріңде сақтаңдар! Менің отбасымның ішкі істерінде сенің де, Әйелдер одағының да шаруасы болмасын! Әйел де, балалар да, өлі-тірісі бәрі бірдей, менікі. Олар жүдеп-жадап, ауруынан айығып, қутаң қағып кете ме -бұл тек менің ғана жұмысым! Мен кішкентай шоқы аспанмен таласқан биік төбеге, шағын шұңқыр түпсіз терең тамұққа айналғанша өзімнің адамгершілік ар-ожданым мен құқығымнан, өзімнің ешкімге тәуелді емес дербестігімнен өлсем де айырылмаймын!
Староста мұның екілене соққан екпінді борандай батыл байламына не деп жауап қатудың ретін іздей қоймады. Соншалықты немкеттілікпен жадыраңқы жайнаған жүзіне қарағанда әлгі сөздер оның жанына бата қоймаған да секілді. Өйткені ол да ешкімге тәуелді жан емес, құлашын кеңінен сермеуге дағдыланған адам. Ал, шындығына келгенде, қайырымдылық, христиандық сезім атаулыға сенбейтіндігі жағынын Бьяртурдан бір де кем түспейтін
Ол қолындағы бір уыс қағаз ақшаны масаттанған байсалдылықпен әмиянына қайтадан салды. Сөйтті де бұл түкке тұрғысыз азын-аулақ ақша өзінің иесіне қайтарылатынын айтты. "Мен сені бұл ақшаны алсаң да ал, алмасаң да ал деп қыстамаймын" деді.
Сонымен, жалпы алғанда, христиандық өзара қайырымдылықтың үлгісі болуға тиісті әрекет жөніндегі әңгіме тамам болды. Қазіргі заманның шынжыр балақ, шұбар төс күштілерінің өз еркі өзіндегі ешкімге тәуелсіз дербес шаруаны жақын тартқансып, оны бойға үйрету, өз айтқандарынан шығармау жөнінде жасамақ болған ерекше ғажап әрекетінен ешқандай нәтиже күтудің қажеті қалмаған сияқты да еді. Бірақ тіпті олай емес екен! Лауазымды өкіл енді өзінің әшекейлі күміс шақшасынан өте ұсақ уатылған, хош иісі бұрқыраған насыбай ұсынды. Сөйтті де осы бір ешкімге тәуелсіз қарапайым адамның қасынан айналсоқтап шықпай қойды.
— Иә, иә, құрметті қартым, — деді Ингольв. — Сені ырыққа көндіру оңай емес екенін көріп тұрмын.
Екеуі де бір-бір шымшым насыбай иіскеді.
Содан кейін өкілетті уәкіл Жазғы мекен иесі Бьяртурдың мұны бір шағын іс жөнінде күткен-күтпегенін сұрап білмек болды.
— Күтуін күткен жоқпын. Күтсем деген ойым да бола қойған жоқ.
— Бәлкім, сен мынадай жағдайды білетін де шығарсың? — деп бастады сөзін өкілетті уәкіл. — Англия тоқымашыларының арасында қозғалыс пайда болды. Ол өзі көпестер құрған кіріптарлық торына түскен мына сендер сияқты шаруалар үшін өте пайдалы. Ондай қозғалыс Исландияда өткен ғасырдың өзінде-ақ етек алған болатын: Тингей округындағы көпестердің езгісінен қайыршыланған шаруалар ақырында өздерінің тұтыну қоғамдарын құрған еді. Исландиядағы кооперация қозғалысы осылай басталған Ал қазір ондай қоғамдар бүкіл елімізде жаппай канат жайып келеді. Олар сауда-саттық жасау барысында шаруалар үшін әділет орнатуды қамтамасыз етеді. Енді, міне, ондай тұтыну қоғамдары аса ірі сауда кәсіпорындарына айналып, көпестерді сауда саласынан ығыстырып шығуда. Ағылшын тоқымашыларынан үлгі алған Тингей округының кедей шаруалары қазірдің өзінде Исландияның енді қалыптасып келе жатқан жас қоғамы үшін тамаша үлгі көрсетіп отыр.
Біздің поселкедегілер Фьордтағы сауда-саттық сендерге, шаруаларға, мүлде тиімсіз деп санайды. Өйткені сендердің өнімдеріңді ондағы көпестер өздері белгілейтін өте арзан бағамен сатып алады да одан өздері жасаған тауарларды өте қымбат, удай бағамен қайта сатады. Міне, мұның аты — шаруаларды аяусыз қанау, ту-талақай етіп тонау. Олар осы тәсілмен жыл сайын сендердің қыруар қаржыларыңды қысылып-қымтырылмай молынан қымқырады.
Өкілетті өкіл жергілікті шаруалардың қалталарынан көпестер бір жыл ішінде қағып әкететін ақша бұлардың өздеріне арнап өте жақсы бір үй, тіпті орташа үй, ең болмады дегенде әр хутор сайын дұрыс жабдықталған электр қондырғысын сатып алуларына толық жететінін есептеп шығарды
— Ондай электр қондырғысы сендерге ғана лайық шығар деген ой келеді, — деді Бьяртур.
Ол ақшаларды Бруни сауда үйі оз қалтасына басып қалады. Дегенмен оның қыруар бөлігі Тулиниус Иенсеннің және оның отбасы мүшелерінің ұдайы Данияға барып тұруларына — көңіл көтеріп, серуен құрып қайтуына немесе емделіп келуіне жұмсалады. Бірақ көпестердің балалары сіңірі шыққан кедей, азап шеккен аянышты жандардан фирма сүліктей сорып алатын мол қаржыны қаншалықты дарақылана төгіп-шашқанымен тауыса алатын түгі жоқ.
— Кішкентай Инге, кезінде Данияға сен де барғыш едің ғой, — деп сөз қыстырды Бьяртур. Бірақ оның бұл сөзіне көңіл бөлген Ингольв болған жоқ. Сөзін одан әрі жалғастыра берді.
— Фирма меңгерушісінің Фьордта өзіне арнап нағыз салтанатты сарай салып алғанын жұрттың бәрі біледі. Тіпті көрген жанды таң қалдыратын тамаша зәулім мұнарасын қайтерсің! Фирманың ғимараттарын қайта салуға сан мыңдаған крон жұмсалды.
— Иә, — деді Бьяртур, — ол кәрі қақпас өзіне мұнара тұрғызғысы келсе, салып алмағанда қайтеді?
— Оның үстіне, дәрігер альтингте сол фирманың мүддесін қорғайды. Қазынадан қыруар қаржыны осы фирманың айлақтар және оларға кіре беріс жерде құрылыстар салуына бөлдірді. Бұл жерде мәселенің бүкіл мәні мынада: дәрігер сол фирманың Фьордтағы балық кәсіпшілігінің ортақ иесі болып табылады. Біз өзіміз қаншалықты құнарлы, бай өлкеде тұрсақ та өзге округтардан коп артта қалып қойдық — қоғамдық даму сатысының төменгі деңгейінде тұрмыз. Бірақ қазір жаңа заман туып келеді. Оңтүстік жақтағы халыққа жаны ашитын бауырларымыз қатардағы қарапайым шаруалардың қаншалықты қайыршыланып бара жатқандарын айқын көре білді. Сондықтан да олар Тингей округының үлгісі бойынша шаруалардың көзін әлгі қанды қол қарақшылардың қылмысты қылығына қарсы күреске шығу үшін қол ұстаса күш қосу қажеттігіне кәміл жеткізуді қалайды. Өйткені қанды қол қарақшылар жеке тұлғалардың да, мемлекеттің өзінің бар байлығын да сыпырып-сиыра талан-тараж етіп, өз қалталарын толтыра түсудің ғана қамын жейді. Ал сендер, кішкентай шашыранды хуторлардағы соры қайнаған шаруалар, саусақтарыңды сорып, әрең-әрең күн көресіңдер. Сендердің, керек десеңдер, жөні түзу киімдерің де жоқ. Ал азық-түліктің тапшылығынан көктемге қарай нағыз ашаршылыққа душар боласыңдар. Өліп-талып күш-жігер жұмсай жүріп жинаған бірнеше крондарыңнан өзге ақшаны жылдар бойы көрмейсіңдер...
— Жазғы мекенде ақша дегенің әбден жеткілікті, — деп қарсы дау айтты Бьяртур.
— ...Бәлкім, жылына бірнеше крон жинай алатын шығарсыңдар. Сен мұны өзің де жақсы білесің ғой, қымбатты Бьяртур. Бұл — шырылдаған шынайы шындық. Ішкеніміз — алдымызда, ішпегеніміз — артымызда, уайым-қайғымыз жоқ, төрт құбыламыз түгел деуіңнің мүлде қисыны жоқ. Ең адал жан саналатын сенің өзіңнен сұрайыншы, осының бәріне қалай қарайсың? Халықтың тоналып, қайыршыланып бара жатқанына не дейсің???
— Ім... Шынымды айтсам, мен сендердің, шіріген байлардың, бір-бірлеріңмен қырқыса тістесіп, шайнаса таласқандарыңды көргім де келмейді. Бұл өзі жақсы нәрсе емес қой. Ал менің көпесте шаруам жоқ. Оның ісіне араласпаймын: олай етіп нем бар, маған бәрібір. Одан жамандық көрген жерім жоқ. Мен бір нәрсені жақсы білемін: биыл менің қойларым қыстан аман шықты, Құдай алдында да, адам алдында да қарызым жоқ, оз ақшам өзіме жетіп артылады, менің өзім де, отбасымның мүшелері де денсаулығымыз нашар деп шағына алмаймыз. Бір сөзбен айтқанда, редсмириліктерден кем тұрмаймыз. Олар да ажал тырнағынан қашып құтыла алмайды. Біз де солаймыз. Ал, шындығына келетін болсақ, менің балаларымның денсаулығы Фьордтағы көпестің балаларының денсаулығынан әлдеқайда күшті. Сенің сөзіңе қарағанда, ол өзінің балаларын емделуге жыл сайын теңіздің арғы жағына жіберетін көрінеді ғой. Бізде мына иен даланы өзге ешқандай жерге ауыстырғысы келе қоятын ешкім жоқ.
— Тым бөсіңкіреп кеттің, қымбатты Бьяртурым...
— Мен "қымбатты Бьяртур" емеспін. Менің аты-жөнім — Гудбьяртур Иоунссон. Жазғы мекеннің ешкімге тәуелсіз шаруасымын.
— Жарайды, солай-ақ болсын, Гудбьяртур Иоунссон, — деді салқын күлкімен өкілетті өкіл. Ал менің аты-жөнім Ингольв
Арнарсон. Менің атымнан байқалып тұрғанындай, осындағы алғашқы ізашарлар ұрпағынанмын.
— Ол рас, сенде көп нәрсенің аз-аздап қоспасы бар, — деп келісе кетті Бьяртур.
— Мен осы елдің байлығы тезірек игерілгенін қалаймын. Адамдар мұнда суыққа тоңып, көп өмірін босқа өткізді. Мың жыл бойы өзін де, малын да ашаршылықтан арылта алмай, қатты қиналды. Еліміздің байлығын сонда да игере алмады. Мен саған мынаны айтайын: біздің елімізде екі партия бар. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайтыны сияқты, олар бір-бірімен тату-тәтті ынтымақта тұра алмайды — қашан бірін-бірі жеңгенше тынымсыз күресе беретін болады. Олардың бір жағында — консерваторлар мен реакционерлер. Шаруаларға күн көрсетпейтін де солар. Өйткені ол партияның мүшелері — көпестер, теңізде жүзетін кемелердің иелері, шенеуніктер, дәрігерлер. Ал екінші партияның шаруаларға көмектескісі келеді. Олардың өндірген өнімдерін лайықты бағамен сатқанын қалайды. Ал оларға сатылатын нәрселердің өзгелердің ғана баюына жол бермеуін кездейді. Сондықтан да тұтыну қоғамдарын құру ауадай қажет. Содан кейін біз шаруаларды арзан жұмыс қолымен қамтамасыз етпекпіз. Бұл мақсатқа теңіз жағалауындағы қалалардан капитализмнің көзін жойғанда ғана қол жетеді. Өйткені олардағы жүмысшылар деревняға қайта қоныс аударуға мәжбүр болады. Ақырында шаруаларды ақшамен қамтамасыз ету қажет. Ол үшін біз ауылшаруашылық банкін ашпақпыз. Мемлекет сол банк арқылы шаруаларға өте төменгі өсім пайызымен несие бере алатын болады. Міне, сонда олардың құрылыс салуына, электр қуатын хуторға жеткізуіне, ауылшаруашылық машиналарын қанша мөлшерде аламын деп қаласа, сонша мөлшерде сатып алатын болды. Міне, бұл — біздің бағдарламамыз, Исландияның жаңа ізашарларының бағдарламасы. Сөйтіп исландиялық шаруалардың өздерінің азат елінде азат азаматтар ретінде өмір сүре алатын жаңа заманы жақындап келе жатыр. Біз исландиялық шаруаның қоғамнан өзіне лайықты жоғары орын алуын, олардың сый-құрметіне бөленуін қалаймыз. Халықтың бұл тобы осының бәріне де лайықты еңбек сіңірді. Өйткені бұл топ қара түнек қаскөй күштерге қарсы күрес жүргізуде Жаратушының өзіне көмек көрсетуге бейім тұруы тиіс.
— Иә, мұндай жырды тыңдай-тыңдай құлағым сарсыған, — деді Бьяртур, желкесін қаси түсіп.
— Бірақ сен, аяулы досым, ақырында, мынаны түсінуің керек: саған ақша табудың тиімді жолы мен тәсілі көрсетіліп отыр ғой.
Бірақ Бьяртурдың тап осыны түсінгісі жоқ еді. Бай шаруалар мен олардың бай балалары мұның байып шыға келуіне көмектесетін болады деген қағида миына мүлде қонбады, қонатын да емес. бұл олардың өздері үшін Әйелдер қоғамын және Тұтынушылар қоғамын құрамыз дегеніне тіпті де қарсы емес. Мейлі, қанша қажет болса, сонша құра берсін.
— Бірақ менің байлардан көмек сұраған жерім жоқ еді ғой. Олардың айтқанына көніп, айдауына жүруімді күтуге уақыттары жете қоймайтын шығар. Бұған дейін әрқашан былай болып келді: одақ құрмай да, одақ құрып та ақшаны көсіп алумен болдыңдар. Ал енді шығынға белшелеріңнен баттыңдар. Мен бәрін де білемін Мені ондай одаққа кіруге ешқашан қызықтыра алмайсыңдар — сендердің шығындарыңды бөліп төлескім келмейді. Өткен отыз жылдан бері мен тек биыл ғана старостаға берешек қарыздарымнан зорға дегенде құтылдым. Кім біледі, мен әлі, бәлкім, жап-жақсы жаңа қора салып алармын. Қозылардың қорасы бөлек болатын шығар. Өйткені менің малым жылдан-жылға азайып бара жатқан жоқ, қайта көбейіп келеді. Отарымда жабағы жүні қырқылмаған жетпіс саулығым бар, оған жиырма тоқтыны қос. Мұншалықты көбейген себебі — мен бұған дейін ешқашан сиыр ұстап көрген жоқпын. Маған әлі де болса уақыт беріңдер, мен сендердің Редсмиридегілеріңдегіден де көп сиыр сатып алатын боламын. Ал өзіме арнап жаңадан тұрғын үй салып алу — жан рақаты. Дегенмен әзірше ондай ешқандай да қажеттілік туа қалған жоқ. Үйдің төбесін жабуға салынған арқалық мәткелер әлі мықты. Тек төбеден аздап тамшы таматыны бар. Ал байлармен бірге көпестерге қарсы одаққа кірудің беті аулақ. Көпестер менің олармен істес болған кезімнің бәрінде де маған ешқандай жамандық жасаған жоқ. Жиырма жыл бойы тек адалдық танытумен келеді...
— Бірақ соның бәрі де шіркеу қарамағындағы қайырымдылық қауымының қамқорлығына алынып, тамақ асырауға көшумен тынушы еді ғой. Соны қалай ұмыттың, досым-ау? — деп, оның сөзін бөлді Ингольв Арнарсон.
Бьяртур орнынан ұшып тұрып, бір-бірімен байланысы жоқ, қисынсыз әңгімені қызбалана айтып кетті. Ол — өз еркі өзіндегі азат исландиялық азамат. "Бәрін де сайтан алсын түге, мен үшін бәрібір — сырдың суы сирағымнан келмейді! ... Маған десе, тірідей кескілеп, қиқалап бөлшек-бөлшек етіп тастасын. Утиредсмиридегі зират қақпасы алдында Гунверді осылай өлтірген болатын. Бірақ ол сонда да бағынбай, бәрімізді қарғап-сілеп кетті. Біз, қалай десеңдер де, соның қарғысына ұшырадық. Енді келіп Әйелдер одағы немесе Тұтынушылар одағы дей ме-ау, қай-қайдағы бір нәрселерді айтады. Жо-жоқ, мен, Бьяртур, басымды кесіп алсаңдар да кірмеймін ондай одаққа!.."
— Қане, әкетай, Инги! Болсаңдаршы енді, жетті ғой әңгімелерің! Ертерек үйге жетіп алайық. Уақытты босқа өткізіп отырғандарыңды шынымен-ақ түсінбейсіңдер ме? Ендеше мен бір өзім кете беремін. Босқа сандырақтауды ұнатсаңдар, онда қала беріңдер.
Мұны айтқан старостаның өз қызы еді. Оның төзімі таусылған болатын. Ол әкесі мен ағасы сияқты бір айтқанынан қайтпайтын қиқар емес еді. Бірақ қазіргі заманның шынжыр балақ, шұбар төс мықтылары бола тұра осы бір қатардағы қарапайым шаруаны жалынғандай үгіттеп, соншалықты күш-жігер жұмсауының, оны әлдебір апатты жағдайдан қайтсе де құтқарып қалудың не үшін қажет екенін мүлде түсіне алмады. "Бұлардың несі кетті? Ақымақтық жасаса, жасай берсін, оны зорлықпен дұрыс жолға саламыз деп, бастарын сонша қатырғаны қалай?". Егер Одур бикеш осылай асықтырмағанда олардың әлі қанша уақыт бойы отыра беретіні белгісіз еді.
— Мына қыздың аты — Ауста Соуллилья, — деді староста өзінің ұлына, қарапайым шаруаның қора жанында тырмаға сүйеніп тұрған қызын нұсқап көрсетіп. Қыз жол жүріп бара жатқандарға аңыра таң қалып, көз алмай қарап түр еді. — Биыл он торт жасқа толады.
— Дұрыс-ақ, — деп қостай тіл қатты өкілетті өкіл Ол атының тізгінін тартып тұрып қызға қадала қарады. — Қап, мен ұмытып барады екенмін ғой. Амансың ба, Ауста?! Сен өзің бой жетіп, үлкен қыз болып қалыпсың ғой.
— Сен өзіңе орамал сатып алдың ба? — деп сұрады староста. — Есіңде ме, өткен қыста мен саған ақша беріп кетіп едім ғой.
— Ол бақыр теңгені батпаққа түсіріп, жоғалтып алған, — деп айқайлағандай болып жауап қатты тас табалдырық жанында тұрған Бьяртур. — Әрине, әдейі жоғалтқан жоқ. Кездейсоқтық қой. Соны соз етудің де қажеті жоқ. Ол мынадай ақша еді ғой, көрдің бе, қарашы бері...
— Сен, оңбаған неме, қиқарлығыңды қоймайсың-ау әйтеуір, — деп соз қыстырды староста.
— Қане, қозғалсаңдаршы тезірек! — деп айқай салды старостаның қызы шалшықты балшық жақтан. Үйге жетіп алуымыз керек қой!..
— Иә, Ауста Соуллилья, — деді өкілетті өкіл — Сен сүйкімді қыз болып қалыпсың. Әзірше қош бол Қош бол!
ОТЫЗ БІРІНШІ ТАРАУ
ӘН ТУРАЛЫ ОЙ
Таң боз бере шырылдайды қызғыш құс,
Торғайлар да өнмен таңды тойлайды.
Сылдыр қаққан өзендерде балық шоршып ойнайды
Ал қарақұс су бетінде қалықтауын қоймайды.
Әнші құстардың оңтүстік жақтан осындағы үйреншікті жазғы мекенін — шалшықты балшыққа қайтып оралғанына да біраз уақыт өтті. Сүттей сұрғылт тартқан былтырғы шоп аңғарлар мен төбелердің күнгей беткейлерінде бой көрсетіп үлгерген жасыл желектермен біте қайнасып кеткендей тұтаса араласып көрінеді. Бұл — көктемнің күшіне міне бастаған кезі. Енді сиырды өріске шығаруға болады. Осы төңіректегі әңгіменің жалғасып келе жатқанына да бір аптадан асып барады. Финна ондай мереке үшін жанға жайлы, шуақты, жадыраңқы жылы күнді таңдауға ұйғарым жасаған еді. Міне, бүгін тап сондай күн де келіп жетті: қораның қақпасын ашып, сиырды сыртқа алып шықпақ болды. Аяқтарын нық баса алмай, әлсіз ырсылдап келе жатқан сиыр даланы көре сала кең танауын кеңінен керіп, рақаттана мөңіреп жіберді. Қыс бойы қараңғы қапастағы мүңкіген қолаңса сасық иіс-қоңыстан кейін күннің шуақты жарығын көргені, көктемнің аңқыған хош иісін сезгені қандай қуаныш еді десеңші!
Өзгерістің аяқ астынан тез болғаны сонша, сиыр оған бірден бейімделе алмады. Хутордың сыртындағы алаңға шыққаннан кейін ол көктемді қуана қарсы алғанын білдіріп, барынша қатты мөңіреді. Содан соң жерге деген сенімін біржола жоғалтқандай-ақ аяғын әлі де дүдәмал күмәнмен басып, бірнеше қадам жасады. Көктемнің жұпар ауасын молынан жұтып тағы бір рет мөңірегісі келіп еді, бірақ ол ойынан тез кайтты. Өйткені осы көріп келе жатқаным өңім бе әлде түсім бе деп таң қалды. Ол қорадағы қараңғы қапаста мүңкіген қолаңса сасық иіс-қоңыстан әбден ығыр болған еді, көктемнің осындай шуақты ашық күнін аңсап, тәтті қиялға жиі-жиі берілетін, көк-жасыл көгалды көксейтін. Сол асыл арманының орындалғаны рас па әлде өтірік пе? Міне, ол соған сене алмай келеді. Сиыр қия беткейге жеткенде желе жортып көрді — қуанышын әлі баса алатын емес! Бір кезде ол құйрығын жоғары көтеріп, шоқырақ шабысқа көшті. Қыс бойы қапаста тұрғандықтан өзін бұғаудан енді ғана босанған әлсіз екенін сезінсе де шалшықты балшықты бетке алып, жөңкіле жөнелді. Бірнеше үлкен шеңбер жасады, ирек-ирек айнала жүгіріп, тұзақ та жасады, ырс-ырс етіп шаршады. Бірақ бұл көктемнің көңілді биі еді. Сиыр батпақты жерге жете беріп, аяқтары тізелеріне дейін балшыққа батып кетіп, алқына тоқтағанша балалар оның соңынан күлкіге көміле жүгіріп, у да шу, мәз-мейрам болды. Сиыр түске қарай ғана дамыл тауып, отқа қарады — көк шөптерді жұлып жей бастады. Алғашқы күндері Бьяртур сиырдың өрісте емін-еркін жайылуына рұқсат етіп, кешірімді қайырымдылықпен қарап жүрді. Соңынан пейілі тарылып, сиырға бір тал шөпті, тіпті қураған қылтанақты қимайтын болды. Өрісте сиырдың жайылуына жетіп артылатын бітік шөп бар еді. Бірақ Бьяртур оны қойлардың қыста жейтін қымбат бағалы азығы санады. Ол Букодланы осы хуторға баса көктеп кіріп алған, сөйтіп бәрін де астан-кестен еткен кесапат ретінде әлі де жек көретін. Иесін иті де қолдайтын. Осы бір кәрі ит барынша консерватор болатын. Ол өзінің енесі сияқты ақылды емес еді — жаңа туылған жетімек жас нәрестені бауырына басып жылытып, ажалдан аман алып қалуды білмейтін. Ендігі Титла тас табалдырыққа отыруды ұнататын. Ұйқылы-ояу әрі мұңлы күйде отырса да әрқашан сақ болатын. Сиырдың қия басқан аяғын аңдып отырып, ойда жоқ жерде, оған арт жағынан ұрланып барып, аяғын тістеп алуға тырысатын. Қорғанбақ болған сиыр оны тарс еткізіп теуіп жіберуге немесе сүзіп өлтіруге тырысып бағатын. Кейде оны қуып ала жөнелетін. Бірақ жете алмайтынына көзі жетіп, қуғанын қоя қоятын. Өйткені ит оған қарағанда әлдеқайда жылдам, епті де айлақор болатын. Әне ол екеуі бір-біріне қарама-қарсы қадала қарап түр: ит тұмсығын жоғары көтеріп, тістерін ақситады, ара-арасында шәу-шәу етіп, үріп те қояды, ал сиыр басын бұлғақтатып, ашулы үнмен пысқырады.
— Осы бір қарасан келгір-ақ иттің мазасын алып болды-ау, — деді Бьяртур, әрқашан итін жақтап шыға келетін әдетімен.
Бьяртур балаларының тұздалған тісті балық, сайда және треска сияқты екінші сортты деп аталатын балықтарды, сондай-ақ былтырдан қалған, қан аралас ескірген әсіпті барған сайын ықылассыз жейтін болғанына өте-мөте ренжулі еді. Ол мына әйелінің сиырды соншалықты ризашылық сезіммен жақсы көргенін әлдебір әдепсіздік сияқты санайтын. Өйткені бұған барынша қымбатқа түскен азық-түлік түрлеріне балаларының тәбетін тарттырмай қойған сол сиырдың кесірі деп білетін.
Бір күні сиырды тау ішіндегі шөбі шүйгін сайға айдап салған болатын. Солып, шіри бастаған былтырғы өсімдік сабақтарының ара-арасынан бойлап өсіп келе жатқан жас өскіндер шалшықты балшықты көк көрпемен тұмшалай түсіпті. Бүкіл аңғар көкжасыл түске еніпті. Бірақ бұл ұшы-қиыры жоқ иен далада жалғыз сиыр зеріге бастаған сияқты. Ол талай рет тау беткейімен батысқа қарай қашып кетпек те болды. Келесі күні Букодланы бағып қайтуға ересек екі баланы жұмсаған еді. Олармен бірге топ құру сиырға мүлде ұнаған жоқ. Букодла Утиредсмиридегі қорада тұрған сиырларды сағынып, соларға жетуді көкседі. Жайылу орнына поселке жаққа мойнын бұрып, тұмсығын көтере мөңіреумен болды. Ақырында, балалардың бар-жоғына да қарамай, қаша жөнелді. Нағыз қуғын басталды. Балалар оған тау беткейінің орта шеніндегі сайда қуып жетті де бас жібінен мықтап ұстап, үйге қарай жетеледі. Есік алдына келгенде сиыр әбден қалжырап, балаларға еріксіз бой ұсынып, бағынған болатын. Оның жақ сүйегінің үстіндегі тамырлары білеуленіп кетіпті. Құлақтарын қайта-қайта қайшылап, сілкілей берді. Үйден Финна шыққанда барып байыз тапты. Ол енді сиырдың әукесінен, арқасынан сипап тұрып, онымен адамдардың өмірі туралы сырласты. Басыңа қиындық түсіп, не істеріңді білмей, дағдарып тұрған кезеңде саған жаны ашып, қолдау көрсететін, жұбатуға тырысатын жақсы достың болғанына не жетсін! Ертеңіне Финна сиырды өзі бағып қайтуға ұйғарды. Қасына кішкентай Нонниді алмақ болды. Көктемнің жайма-шуақ жайлы күндері туды. Олар біріне-бірі ұқсас, өзгеріссіз еді. Ал бұл — ауа райының жақсы болатынының белгісі. Ол күндер жас баланың есінде ұмытылмастай қалып қойды. Ешқандай бөтен оқиға жоқ: тіршілік етіп, өмір сүре бер, емін-еркін ауа жұтып, рақаттана түс — одан басқа ештеңе де қажет емес.
Өрістегі жайылымда көп ұзамай қаз оты бой көрсетті, қызыл және ақ қарамықтың хош иісті гүлдері ашылды. Жасыл бұталардың арасында аралар гуілдеп ызың ,қағады. Иен далада құстар алғашқы жұмыртқаларын сала бастады. Олардың аспанды әуелетіп махаббат әнін әлі шырқап жүргендері де аз емес. Адыр-бұдырлы дөңестердің ара-арасындағы жылға-жылғаны қуалап, бұлақ ағып жатыр. Көк майса алқаптағы ойпаңда сиыр емін-еркін жайылып жүр. Қуысында аульвалар мекендейтін биік жартастар аспанмен тілдесе бой көтереді. Тау беткейлері көк-жасыл масатыдай құлпырды. Күн шұғыласы бірнеше күн бойы мейірлене құйылып тұрды. Содан кейін тұман түсіп, күннің көзі екі күн бойы көрінбей кетті. Мұндай тұманда дөңестер мен төмпешіктер әдеттегісінен әлдеқайда биік сияқты көрінеді, ал биік таулар көзден ғайып болып кетеді. Төмпешікті басқан мүк неғұрлым ашық түсті бола түсті. Шөптердің хош иісі аңқып тұрды. Оларды шық басып, ылғалы көбейді. Шөптердің жапырағы мен сабақтарындағы, сондай-ақ жер бетіндегі мөлдір маржан тізбегі көз қызықтырады.
Тұман сергіп, айнала ашыла түсті. Жоғарыдан аспан көрінді. Көкжиек кеңейіп сала берді, бірте-бірте үлкен сайдың үстіне дейін жақындады. Биік шоқылар аспанмен тілдескендей, оған ілесе аңқыған хош иіс, жасыл желек және әсем ән қосыла көтеріліп бара жатқан сияқты. Сен өзіңді бейне бір бұлт арасында ұшып жүргендей сезінесің. Сиыр ақырын қозғала жүріп, көк шөптің сабағын тілімен орап, жұлып жейді. Ол жасыл талдың өзен үстіне төгіле салбырап тұрған бұтағына да мойнын созады. Бала қолында іс тоқитын бізімен тынымсыз жұмыс істеп отырған шешесіне жақын барып, жар басына жайғасып алды. Олар сиырдың, шөптің, өзеннің сыбдырына — бәрі-бәріне мұқият құлақ тігіп отырды.
"Баяғыда бір адам болыпты. Бір күні ол екі хутордың арасында келе жатып қалың тұманда жолынан адасып қалыпты. Кенеттен қараса, өзендер еңіске қарай емес, биікке беттеп, тауға қарай теріс ағып жатқандай көрінеді. Ақырында ол ұшы-қиыры жоқ биік жартастар мен үшкір найза тастардың арасынан бір-ақ шығады. Жартастардың биіктігі таудың өзімен бірдей, аспанға атылғандай әсер қалдырыпты. Әлгі адам одан енді қайта еш жерден жол тауып шыға алмайтындай сезініпті. Сол кезде қалың тұман арасынан көгілдір көйлек, аппақ тоқыма тақия киген бір әйел шыға келіп, оған: "Ер менің соңымнан" депті. Әйел басқа бір ауыз сөз қатпай, оны әлдебір шағын хутордағы өзінің үйіне ертіп барыпты. Үй өте таза әрі әдемі екен. Әйел әлгі адасқан жолаушыға ет турап, сарымсақ қосылған дәмді сорпа беріпті. Оны қалағанынша ішіп бола бергенде үрімдей семіз ет және қою кофе ұсыныпты. Содан кейін жолға шығарып салыпты. Тұман сейіліп, көкжиек ашылған кезде жолаушы өзінің қай жерде екенін танып біліпті. Ол енді өзіне көмек көрсетіп, ажалдан аман алып қалған әлгі әйелге алғысын жаудырайын деп бұрыла берсе, әйел де, шағын хутор да жер жұтып кеткендей зым-зия жоқ — орнында манағы найзатастар тұрыпты. Содан ол адам өз үйін тауып келсе, онда ешқандай найза тастар да жоқ, тау да жоқ екен. Өзендер де өрге қарай емес, еңіске қарай жөңкіле ағып жатыпты".
"Баяғыда тағы бір адам болыпты. Көктемнің көзге түртсе көргісіз қараңғы түнінде әлдебір жақтан өзінің үйіне қайтып келе жатыпты. Жол ұрып, қатты қалжырапты. Салы суға кеткендей ауыр күй кешіпті. Ол староста мен көпеске қапа болып, оларды сыртынан балағаттай беріпті. Өйткені енді оның шіркеу қауымының қамқорлығына өтіп, күн көруден өзге амалы қалмаған сияқты. Бейшара өзінің белшесінен батқан қарызынан құтыла алмапты. Қырсыққан көпес несие бере тұрудан біржола бас тартыпты. Ал староста оның үйін тартып алмақ болып, доқ көрсетіпті. Бәлкім, отбасын да шіркеу қауымының қамқорлығына көшіретін болар. Балаларын әр жаққа таратып берер — қайда жіберерін кім білсін? Жай күндері ішектерін шұрқырата аштан қатырып, жексенбі күндері жұдырық пен таяқтың астында төмпештен көз аша алмай жүретін жерлерге жіберетін шығар? Үйдегілер отағасын тамаққа талғажау боларлық бір нәрсе ала келер деп асыға күтумен отырыпты. Ал ол лажсыз құрқол оралыпты. Өйткені өте тәкаппар әрі менмен болғаны сонша, ешкімнен ешқандай көмек сұрай алмайтын. Ол аяғын ауырсына баяу басып келе жатты. Бірақ бұл дүниеде тап осы сағатта салы суға кетіп, еңсесі езіліп бара жатқан ешкімге белгісіз адамдар аз деймісің? Енді бұған не істеу керек?
Осылай ауыр ойға шомып, уайымдап келе жатқан ол кенет жартастардың арасынан жарқырап тұрған жарықты көрді.
Бұрын ол бұл жартастардың жанынан шайдай ашық күндіз де, тас қараңғы түнде де талай рет етіп жүріп, мұндай жарықты көрген емес еді ғой! Қалың жартастардың арасында мұндай жарықтың қалай пайда бола қалғанына ақылы жетпей, аңырып келе жатты. Жақын келіп қарап еді, шағын хутор бар екен. Есік алдында біреу түр. Ол жолаушыға бірден жылы ұшырады. Хутордың иесі екен — аульва (періште) көрінеді. Өзі аз сөйлесе де саз сөйлетін ақ жарқын, қарапайым, байсалды екен. Аульвалардың бәрі де сондай болады — олардың басқа біреулерге қайырымды қамқорлық жасаудан өзге жұмысы жоқ және айтқанын екі етпей орындайды. Әлгі шаруаға жартастардың арасында кофе қайнатып берді. Өте қою әрі сүт қатқан, дәмді екен. Кофе ішіп отырып, аульваға өзінің бар сырын жайып салды. Қалай қиналып жүргенін айтты. Қоштасарда аульва оған былай деді: "Ертең ұйқыңнан оянғанда табалдырығынан аттап, тысқа шыққан бойда жан-жағына қарарсың" дейді.
Шаруа өз үйіне келсе, ондағылардың бәрі тәтті ұйқыда жатыр екен. Шаруа өзінің тартқан жол азабын айтып, олардың мазасын алғысы келмейді. Ал таңертең ұйқысынан ояна салып, тысқа шыққанда өз көзіне өзі сенбей, таң-тамаша қалады — қапшық-қапшық үн, жәшік-жәшік қант, қап-қап тамаша балық тізіліп тұр!
Бұл өңірде мұндай балықты әлі ешкім жеп көрмеген де болар. Ол ол ма, тіпті құмыра-құмыра сусын да бар екен".
"Баяғыда бір кішкентай бала болыпты. Ол иен даладағы аңғарда тұратын бөгде біреулердің қолында өсіпті. Оны өзге балалармен бірге шіркеуге кіргізбепті. Оның не інісі, не қарындасы болмапты: оз ата-анасынан алыста тұрыпты. Бірде, жаздыкүнгі жексенбіде, жұрттың бәрі жақсы киініп, шіркеуге бет алыпты. Біреулер салт атпен, біреулер жаяу-жалпы шұбырыпты. Ал әлгі бала тұрған орнында олардың соңынан көз алмай, қадала қарапты да қалыпты. Әлгілердің соңында өзенді бойлай созылатын жалғыз-ақ соқпақ жолдың шаңы аспанға көтеріліп бара жатты. Бала жүруге қауқары жоқ кәрі-құртаң кемпір-шалдардың қасында жалғыз өзі қалып қойды. Қалай деп ойлайсың, осы жағдай оған оңай тиді ғой дейсің бе? Жоқ, оңай тиген жоқ. Бала хутордан шығып, еңіреп жылаған бойы жоғары көтерілді — тау етегіндегі жартастарға барды. "Адам өміріндегі жамандық атаулының жақсылықтан көбінесе жоғары тұратын себебі неде екен осы?" деген сұрақ төңірегіндегі терең ойға шому оған ауыр тиді. Бірақ сен қалай деп ойлайсың? Ол тау етегіндегі жартастардың арасында не есітті? Ол онда ғажайып он әуенін есітті. Ондай әнді кімнің сала алуы мүмкін? Және оны бір адам емес, екі адам емес, тіпті үш адам да емес, шіркеу қауымының бүкіл мүшелері қосыла салып тұрғандай естіліпті. Бұл кәдімгі шіркеу қызметіндегілер сияқты еді. Бала мұндай көркем псаломдарды бұрын-соңды естіп көрмеген болатын. Ән әуені қайдан естіліп түр өзі? Кенет әлгі сиқырлы биік жартас баланың көзіне зәулім шіркеу болып көрінді. Оның есігі бұған айқара ашық әрі тамылжи төгілген күн нұрына бөленіп түр. Шіркеудің ішінде аульвалар отыр. Жасыл киім киген пастор мехрап бөлмесінде тұр. Бала осы бір ғажайып шіркеудің ішіне кірді. Бұрын-соңды мұндай жүзі жылы, келісті де сұлу өрі өздерін бақытты сезінетін адамдарды көрген емес. Өмірді онмен өрлеп, бейбіт күйде жарасымды келісіммен өткізу неткен жақсы еді! Псалом айтылып болған соң пастор амвонға (уағыз айтылатын орын) көтерілді. Бала жүрек тебірентерлік мұндай тамаша уағыздарды бұған дейін ешқашан естіп көрген емес еді. Рас, ол мұндай дұғаны содан кейін де бірде-бір рет естіген жоқ. Сонда да болса оны ұмытылмастай етіп жаттап алды. Оңашада ол туралы коп ойланумен болды. Әрқашан осы уағызда айтылған қағидаларға, заңдарға сай өмір сүруге тырысып бақты. Бірақ ол уағыздың не туралы екені жөнінде ешкімге тіс жарып, ештеңе айтып көрген жоқ. Бәлкім, онда бұл өмірде жақсылық жамандықты, қайырымдылық қатыгездікті ерте ме, кеш пе әйтеуір бір жеңетіні туралы айтылатын болар. Содан соң пастор амвоннан түсіп, жұртпен бірге түскі намаз оқуға кірісті. Ол соншалықты жұмсақ та жағымды, құлаққа жылы тиетін дауыспен әндете ғибадат етті. Балаға біздің жер бетіндегі пасторларымыздың бірде-біреуі тап осылай қырағатымен әндете алмайтын сияқты көрінді. Оған әлдебір қайырымды адамның жұмсақ алақаны маңдайынан сипап, жүрегін жылыта эсер етіп тұрғандай сезілді. Ең соңғы псалом оқылып болғаннан кейін жұрттың бәрі де орын-орындарынан тұрып, сыртқа қарай беттеді. Олармен бірге бала да тысқа шықты. Жан-жағына көз салып қарап еді, онда ешкімді де көре алмады. Шіркеу де жоқ, тек сиқырлы алып, жап-жалаңаш жартас бұрынғысынша өз орнында мызғымай тұр екен. Құстардың шықылықтаған дыбыстары естіледі. Олардың біразы жартастың қуыс-қуысындағы ұяларына тынымсыз кіріп-шығып жүр. Пыр-пыр етіп ұшып та кетеді. Бала содан қайтып сиқырлы жартастың қақ жарылып, шіркеуге айналғанын көрген жоқ. Бірақ бұрынғы көргендерін есінде мықтап сақтап қалыпты. Бір нәрседен қатты қиналып қысылғанда сол естеліктерінің өзін жұбаныш етіп, қанағат тұтады. Сөйтіп сол бала тым жұпыны өмір сүріпті, бірақ өз тағдырының ауыртпалығын айтып шағыну дегенді білмепті".
Осындай әңгімелердің бірінен соң бірін шұбырта айтып, тұман тұмшалаған ақшыл аспаннан күннің көзі көрінер ме екен деп тәтті қиялға бөленіп отырған шешесінің басына мың-мыңдаған майда мөлдір шық-маржандар төгіліп, жабысып үлгерген еді. Ол әлгі ертегілерін айтып бола бере, бейне бір соның бәрі де Құдайдың құдіретімен болған нәрседей-ақ, салтанатты байсалды түр танытып, еріндерін жымқыра қысып қойды, тоқып отырған ісінің ілгек көздерін алақанымен сипап өтті. Айнала төңіректі әлдебір көтеріңкі көңіл құпиясы жайлап алғандай. Жеңіл де жайбарақат рақаттана тыныс алуға болады. Шешесінің ең жақсы көретін бір дос аульва қызы болған екен. бұл ол қыздың ағасын да жақсы білген көрінеді. Бірақ мұның бәрі де сонау ерте кезде, әкесінің үйінде, Ударсельде жүргендегі өткен оқиғалар еді.
— Мен шынымен-ақ ілгегімді тарқатып алғаннан саумын ба өзі? — деп, ол өзіне-өзі сұрақ қойды да бір күрсінді. — Жарайды, оқасы жоқ. Ал әлгі әңгіме өте ертеде болған оқиға еді. Қазір оның ешқандай маңызы қалмады. Кезінде не болмады? Бәрін де бастан кешірдік. Енді ол күндер ешқашан қайта келмейді.
Бірақ Нонниге мұның бәрі де өте-мөте маңызды болып көрінді. Сөйтті де ол әкесі Аустаны Фьордқа алып кеткен кезде шешесінің сол достарына кетіп қалып, өзіміз де аульв болайық деген ұсыныс айтты.
Біз өзімізбен бірге Букодланы да ала кетеміз, — деді Нонни.
— Жоқ, олай болмайды, — деді әйел, терең ойға шомып. — Тым кеш. Біз кетіп қалсақ, әженің қас-қабағына кім қарайды? Оған кім көмектеседі?
Бала бұл сұраққа жауап таба алмады. Тек шешесінің мұңлы жүзіне қадала қараумен болды. Ол үшін бұл дүниеде шешесінің мұңлы болса да мейірімді жүзінен артық, одан әдемі еш нәрсе де жоқ еді. Шешесінің беті-жүзінен әрқашан төгіліп тұратын қайырымдылық, нәзіктік, мұңлы көзқарасты өзге еш нәрсемен салыстыруға болмайтын. Кейін, коп уақыт өткен соң да, осы күндерді есіне алғанда оның көз алдына шешесінің сүйкімді беті-жүзі, бүкіл болмысы ең алдымен елес беретін. Мұндайда ол өзін көгілдір таулармен біте қайнасып кеткендей, әлдебір ғажайып асқан сұлулық әлеміндегі бақытты шаққа бөленгендей болатын. Оның бүкіл жан дүниесі тамаша дем алып, сауыға түскендей. Ірілі-ұсақты нәрселердің бәрін де — сұлулық пен қайғы-қасірет атаулыны араластырып, тұтас бір тасқынға айналдырып жіберетін орасан зор күштің рақатын сезінетін. Бұдан басқа ешқандай тілек тілеудің де қажеті болмай қалатын. Тіпті зіл батпан салмағымен еңсені езіп жіберетін ауыртпалықтың, тіпті таусылмайтын қайғы-қасіреттің зардабын тартқан күннің өзінде де бұл өмірден түңілуге болмайды, өмір қалай еткенде де қымбат деп ойлаудан танған жоқ.
Сыбызғының үні өшкенде, жан досым,
Жер бауырлап, құстар безіп қашады.
Тұман басқан соқпақтар да сенімсіз,
Шатқалдар мен биік таулар еңсеңді езіп басады.
Ондай кезде туған өлкем жарқырайды жол бойы
Жер бетінде жайнап тұрған ұжмақтай.
Отандасым ол да келер көмекке,
Қасиетіңнен айналайын, пай-пай, пай!
Сырымыз бір, мұңымыз бір әрқашан
Сыбызғының сазға толы үніндей.
Оның үні бізге таныс әрдайым —
Өзгермейді, естіледі бұлінбей.
Аспаптың құлақ күйі бұзылса да
Қос ішек үзілсе де әлдеқалай,
Ол әнді жалғастыру одан әрі
Борышым бұл дүниеде болар талай.
Шешесі оған қалай әндете әуен айтуды үйретті. Кейін ол ер жетіп, тынымсыз теңіз әнін тыңдаған кезде де шешесінің үйреткен әндерін есіне алып, терең ойға шомудың өзі де үлкен бір бақыт екенін, одан артық бақыттың болмайтынын білді. Өйткені ол әндерде адамзат үшін ең қымбат, ең асыл армандар болатын. Шешесі отырған кішкентай шоқының өзі аспанмен таласқан биік таулармен бой таластыра алатын. Қанатты әнші құстардың өзі мұның шешесінің әнін — өмірлік ғажайып әнұран ретінде тамсана тыңдайтын.
ОТЫЗ ЕКІНШІ ТАРАУ
ҮЛКЕН ӨМІР ТУРАЛЫ
Иван Купала күнінің қарсаңындағы түн. Бұл түні кімде-кім өзен суына шомылса, алдағы болашағын болжап біле алады-мыс.
Дене бітімі тал шыбықтай сымбатты жап-жас Ауста өзен жағасын бойлап, шалшықты балшықтың жып-жылы суын кешіп, төмен түсіп бара жатты. Ертең ол қалаға сапар шегеді, ондағы үлкен өмірді оз көзімен көреді
Ауста Соуллильяның бұл қуанышты күнді алдын ала үлкен үмітпен күткеніне көп болған еді. Сонау қыстан бері күндіз де, кешке де, ұйқыға жатарда да осы сапар тезірек болса екен деп армандаумен келді. Күндіз есінен, түнде түсінен қаланың елесі кетпей қойды. Шамасы, ол елесті жүздеген рет көрген болар. Соңғы түндері Ауста ұйықтап кетемін бе деген қауіппен көзін жұмбай жататынды шығарды. Сондағы асыға күткені — алдағы шат-шадыман қызық өмірді көріп, тамашалау.
Бүгін күндізгі сағаттар зымырап өте шықты. Енді олар алысқа ұзап кеткен жел сияқты. Қыз саусақтарының ұшы ұйып қалды, беті дуылдап қыза түсті, кімнің не айтқанына мән бермейтін, тіпті естімейтін де болды. Ауста сұрғылт-көк түсті жұқа жүн матадан тігілген іш көйлегін алдын-ала буып-түйіп, осы сапарға шыққанда киюге әзірлеп те қойған болатын. Оны жексенбі күндері әдейі алып қарап, әдемілігіне құмары қанғанша сүйсінетін. Ол сонымен қатар түрлі — қызыл және көк түсті жолағы бар қоңыр белдемше көйлегін де осы сапарда кимек болып сақтап жүрген еді. Ал бүгін кешке қарай әкесі Бьяртур осы үйдегі бірден-бір қойма, аузы құлыптаулы сандықты ашып, ішінен өзінің мереке күндері ғана киетін кеудешесіне орап салып қойған әдемі шұбар көйлекті суырып алды.
— Сен өлі тым талдырмаш болсаң да туған анаңның мерекелік көйлегін киетін уақытың келді. Менің қызым жұрттың көзіне түскенде назары бәсең тартып, қысылып-қымтырылмайтын, ұялып тұрмайтын болуы керек, — деді әкесі.
Аустаның қуанғаны сонша, оның екі бетіне қан жүгірді — ду етіп қызарып шыға келді, көзі оттай жайнап, күлімдеп қоя берді. бұл оның өміріндегі ең бір салтанатты, қуанышты шағы еді. Рас, көйлектің матасы аздап өңін беріпті, қажалып сетінеген жерлері де бар сияқты. Бірақ не күйе түспепті, не үйдің дымқыл ауасынан бұлінбепті. Көйлектің өне бойында теңіздің арғы жағында өсетін алуан түрлі гүлдердің суреті бар екен. Кеуде тұсында молынан салынған қаз-қатар бүрмесі бар. Соңғы айларда Аустаның бойы тез өсіп, денесі аздап толыса түскенімен әлі де болса сұңғақ бойлы жіп-жіңішке қыз еді — анасының көйлегі шақ келе қоймады, екі иығы салбырап, төмен түсіп кетті, белі де кең, оның үстіне, ол да өз орнында емес, қолпылдап тұр.
— Бақшаға қоятын қорқынышты қарақшыдан айнымай қалдың! Ресмириде мұндай қарақшыны талай көргенмін, — деді Хельги қыздың жынына тиіп.
Әкесі оны бөлмеден қуып шықты.
Дегенмен де көйлек жарасады екен. Разы болған Ауста әкесін құшақтау үшін оған атыла ұмтылды, сақалының астындағы өзі жақсы көретін ыстық жерге бетін басып, жабыса түсті. Қыздың еріндері толысқан екен-ау, терезенің жарығы жағынан қарағанда астыңғы ерні сәл шығыңқы көрінеді, әдейі иіп, қапсырып қойған Қызыл жидекке ұқсайды, екі езуінде кәдімгі жасамыс адамдардағы сияқты, бірақ болар-болмас жұқа қатпар байқалады. Бейшара қыз... Әкесінің сақалы оның қабағын қытықтап қышыта берді.
Жып-жылы лай су қыздың жалаңаш балтырына шашырап жатты, аяғының астынан шылп-шылп еткен дыбыс естілді. Осы түні Ауста мөп-мөлдір шыққа шомылады. Ол өзінің сымбатты тұлғаларының бар екенін бүгін ғана сезінгендей. Өзеннің ағыны баяу шеткі қойнауында жүзіп жүрген құтандар тұра қалып, қызға тағзым еткендей болады. Иван Купала күні қарсаңында бұл батпақты ортада құтандардан өзге бірде-бір құс тап осындай сыпайы әдептілік таныта алмайды. Сағат он екіден асып, бірге кетіп бара жатты. Аңғарда көктемнің бейне бір жас ару сияқты жанға жайлы мамықтай жұмсақ түні тамылжып тұрды.
Суға сүңгісе ме екен әлде сүңгімесе ме екен? Ауста асықпады, аяғының ұшымен басып ақырын жүріп келеді. Міне, енді таң да атады. Сұрғылт тартқан ақ тұман батпақты дала үстінен көтеріліп, бейне бір кеңінен жайылған жұқа мата сияқты қия беткеймен жоғарылай берді, тау тұлғасын жартылай белдеулеп, оның аясын жайлап, сыпайы ғана жауып қалды. Көлдің айнадай жарқыраған теп-тегіс бетінде әлдебір таң қаларлық белгісіз бір тіршілік иесінің, бәлкім, су перісінің көмескі кескіні көрінгендей болды.
Өзен жағасындағы жылғаға қарай шық үстімен абайлап басқан екі аяқтың ізі жосылып жатыр. Бұл кезде құстар да сайрағанын аз-кем үзе қойыпты. Ауста олардың сайрағанын тағы да тыңдағысы келіп, жағада үнсіз күтіп отырды. Енді ол күнделікті киіп жүретін көне көйлегін шешіп тастап, тұтас бір өмірдей ұзаққа созылған қысқы қаракөлеңке күндер туралы естеліктердің бәрінен арылта алатын аспанның, Иван Купала түні аспанының астында үлкен үмітпен отыр. Осы түннің әйел құдайы мүсініндей көрінген Ауста оның жартылай балалық жалаңаш тәніне күн шұғыласы құйылғанда ерекше жетілген мінсіз сұлу секілді еді. Бұл өмірде адамның аңсаған асыл арманы орындалар күннің қарсаңындағы түннен, сол түннің өзі мен мөлдір шықтарынан артық тамаша ештеңе де жоқ. Ондай кеште адамның тәні мен жаны бір-бірімен етене табысады. Әрі сол біртүтас табысудың тілегі мөлдір шық сияқты тап-таза болады. Ауста өзенді кешіп тұрып әуелі шашын жуды, содан соң оны мұқият тарады. Суда тұрған екі аяғының саусақтары өзеннің құмды табанына батты. Көрген жан таң қаларлық әлдебір су құстары қызды айнала жүзіп өтіп, күтпеген жерден оған бұрылып, сыпайы бас иіп, тағзым еткендей болады. Шамасы, бұл дүниеде ешкім де тап сол құстар сияқты әдептілікпен құрмет көрсете алмайтын шығар.
Денесі тоңазыған қыз дірдек қағайын деді. Ол жағалауда ары-бері жүгірді. Аустаның жүгіріп өткен іздері астаналық үлкен қалалардың көшелері сияқты бір-бірімен айқыш-ұйқыш қиылысып жатты. Қыз өзін соншалықты жеңіл сезінді. Мына тұманнан пайда болған ұсақ шық сияқты. Түннің ылғалды жасыл көрінісі аясында ол кімді болса да таң қалдырарлық тамаша тұлғаға айналды. Біраз жүгіргеннен кейін денесі жылынайын деді.
Құстар ұйқысынан оянды. Аспандағы көрініс өзінің барынша бай бояуына еніп, құлпыра түсті. Енді бір сағаттан соң күннің көзі арыстан аузы аталатын мына шөптердің шығын кептіре бастайды. Сөйтіп Иван Купала түнінің қасиетті шықтарымен шынымен-ақ қоштасуға тура келеді.
Күннің алғашқы сәулесі түсе бастағаннан-ақ Бьяртур төсегінен атып тұрып, бір шымшым насыбайды молырақ қамтып, ерніне салды. Сөйтті де асығыс-үсігіс киінуге кірісті. Ауста Соуллилья бүгінгі қасиетті ұлы таңда шынымен-ақ ұйықтап қалып жүрмесе не қылсын?! Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Қыз орнынан тұрған бойда екі көзін уқалап, ұйқысыз өткен бүгінгі түнде көргендерін ұмытуға тырысты. Әкесі киініп болғанша одан көз алған жоқ. Бьяртур атын алып келуге кетті, ол Ауста өзінің жап-жаңа іш көйлегін бүгін түңғыш рет жуып тазартқан тәніне киіп алды. Ол өзінін бұл тәнін жаңа көргендей болған еді. Содан соң белдемше көйлегін, жаңадан тоқылған жүн шұлығын, қой терісінің былғарысынан тігілген кебісін киді. Ең соңында анасының көзіндей болған әдемі көйлегін киіп, сәндене түсті. Ауста бөлме ішінде ары-бері жүріп көрді. Әлдебір абыржыған үрей мен асып-сасқан мазасыздықтан оның жүрегі алып ұшып, лүпіл қағумен болды. Өгей шешесі кофе қайнатумен айналысты. Төсектен әжесі де тұрды. Ол әдеттегісінше, сұқ саусағын аузына салды.
— Байғұс бала, фуфайкаңды ұмытып кетіп жүрме. Ауа райына сенбе. Жаңбыр жауып жүрсе, үсті-басыңа су өтіп кетеді.
Ой, осы әйелдердің бір-бірінен айнымайтынын қайтерсің! Сонда Ауста жырым-жырымы шыққан, оның үстіне кір-қожалақ ескі-құсқы киіммен жұрт көзіне қалай көріне қояды деп ойлайды екен?
— Күн құбылмалы, жаңбырдың қалай құйып кеткенін байқамай да қаласың.
— Аспанда бір шөкім де бұлт жоқ қой, — деді Ауста.
— Күннің көзіне қарап, алданып қалма. Өкініп жүрсең, кеш болады.
Бірақ таңертеңнен шайдай ашық күнге қалай сенбейсің? Сенесің! Көк-жасыл масатыдай құлпырған аңғарға күн шұғыласы төгіліп тұр. Көгілдір аспан астында көгілдір таулар да әлдебір тәтті қиял құшағында алаңсыз мүлгіп жатқандай көрінеді. Байлардың үйіндегі жүздері жарқын, өздерін әрқашан бақытты сезінетін балалар анау ұшы-қиыры жоқ шексіз көгілдір аспанды енді кайтып ешқашан бұлт шалмайды деп қалай ойласа, бұл да солай үміттенетін сияқты. Тап осындай тамаша күнде жаңбырдан қорқып, тозығы жеткен ескі киім киіп шығу жан дүниесінде қайдағы бір есуастық ойлардың орын алуына жол бергенмен бірдей ғой. Ауста өзінің күңкілдеуік әжесімен осылай қоштасты.
Міне, енді ол әкесімен бірге сапарға шықты — кең дүниені өз көзімен аралап көрмек. Кәрі Блеси жүк тиелген арбаны тартып келеді. Бұлар жолға шыққан кезде әкесі Аустаның жүн толтырылған қаптардың үстіне шығып отыруына рұқсат етті. Ал өзі алға шығып, атты жетегіне алды. Тамылжыған тамаша таң. Ауста келер күннен мұншалықты мол қуанышты ешқашан күтіп көрген емес еді. Қазір ол нағыз еркіндікке бұлқынып шыққандай сезініп келеді. Оның алдынан барған сайын коп кеңістіктер ашыла түсетін, ал өз өміріндегі қызығы жоқ сұрғылт та сұрқай күндер енді біржола артта қалып бара жатқан сияқты көрінді. Көктемнің хош иісті салқын самалы оның танауын ешқашан тап бүгінгідей жағымды қытықтап көрмеген. Ал құстардың салған әні тап бүгінгідей алыстан, жаңғырған жаңаша үнмен естілген емес. Оның үстіне, мұндағы құстар да бұлардың аңғарындағыдан өзгеше көрінеді. Әнді де басқа бір әлемге арнап салатын сияқты. Жолдың жиегіндегі жоталар да түрін өзгерткен. Оларда өсетін шөп те басқаша. Таулардың көріністері өзгеріп сала берді. Олардың бұрыннан таныс шыңдары кейін қалып жатты немесе қыруар қыраттардың тарау-тарау сілемдері пайда бола бастады. Өзендер бұлардың аңғарындағыдай емес, мүлде басқа бағытқа қарай ағады. Сай-салалар мен жыраларда жасырына өсіп тұрған әлдебір таныс емес өсімдіктердің өзгеше хош иісі тәжірибесі аз жолаушы қызды қызықтыра түседі. Ауста, кедір-бұдыры мол нашар жолдың үстінде өзін арбаның селкілі аямай соғып келе жатқанына қарамай, бүгінгі күн мен жол үстіндегі мына сапардың әлдебір ұсақ-түйек ерекшелігіне дейін егжей-тегжейлі есінде сақтауға тырысады. Оған айнала төңіректегі көріністердің бәрі де дүние жаратылған алғашқы күндегідей эсер етті.
Бұлар қалың арша өскен беткейдегі бұралаң жолмен жоғары көтеріліп келе жатты. Әр жотаға шыққан сайын бұрын-соңды көрмеген құстарды тамашалады. Олардың келесі жотаға жеткенше шығарып салғанға дейінгі сыңғырлаған әсем әндерін тыңдады. Осылай жүріп отырып, бұлар йен даланың шетіне де жетті. Күн түс болуға таянды. Өсімдік түрлері азайып, бірте-бірте жұтаң тарта берді. Бір кезде суық жел соқты. Жолаушы жас қыздың алдында көз жалықтырарлық біртектес сұрғылт иен дала кеңінен көсіліп сала берді. Құстар барған сайын сирек ұшырайды. Ал өзен дегенің мүлде жоқ. Сонау алыстан күн көзіне шағылыса жарқыраған көл айдыны көрінді. Бейне бір күшті дауыл үйінді тастармен қоса қол жағасына шығарып тастағандай балшықты, жап-жалаңаш құлама жарлар толқындана көзге түседі. Мүктің немесе бұл өңірде сирек өсетін басқа да өсімдіктердің топ-топ көгілдір дақтары байқалады. Жайлауға жақын жерлерде күн көзіне арқаларын тосып жатқан саулықтар мен жас қозылар бар екен. Олар кездейсоқ жолаушыларды көріп, үрке жөнелді. Қыз денесін жылытып алу үшін арбадан түсіп, әкесімен қатар жүрді. Үстінде шешесінің қолпылдаған шұбар көйлегі бар. Иен даланың далиып жатқан суық қойнауы бұл екеуін құшағына алды. Екеуі де үнсіз. Бір-бірінен айнымайтын бір тектес көріністердің үздіксіз қайталануынан жалыққан Ауста енді өзіне беймәлім нәрселерге назар аударғанды, оларға бола үсті-үстіне қуанғанды да қойды.
Қыз келесі бұрылыста мұны әлдебір өзгерістер, жаңа көріністер күтіп тұрғандай үміттене келе жатты. Солай бола тұрса да бәрі де бір-біріне ұқсас сұрқай көріністер қайталана берді. Көлден алыстап кетті. Ауста әлде бір ерекше нәрсені күтуден шаршаған еді. Бір кезде жол кенеттен терең аңғардың бойымен еңіске қарай тартты. Аңғардың ортасында өзен ағып жатыр екен. Қыз аңғардың ішімен келе жатып және бір жота көрінер ме екен деген үмітпен шығысқа қарай көз жіберді. Бірақ ондай еш нәрсені көре алмады. Оған енді мына дүние осы аңғардың терең табанына біржола түсіп кеткен сияқты еді. Жоғарыдан тек аспан ғана көрінеді. Ол да түрін өзгертіп, жаңаша көгілдір түске енгендей. Әлде аспанның өзі көкжиектегі көгілдір жасыл шынының жарқыраған қалың қабырғасына тіреліп тұр ма екен? Аспан астындағы бұл жаңаша көгілдір көрініс алдағы алыста жатқан қыруар құпия атаулыны түгел тұмшалап, қалқалап тұрған сияқты. Осынау шетсіз-шексіз кеңістіктің қойнында қалғандай болған Ауста кенет бір минөттей кілт тоқтады. Оған өзі бұл дүниенің қиыр шетіне жеткендей көрініс елестеді.
— Әке, — деп сыбырлады ол, бір нәрсені сұрауға батылы жетіңкіремей. — Біз осы қай жерге келдік?
— Біз иен даланың шығыс шетіне дейін келдік. Енді анау жатқан — теңіз.
— Теңіз дейсің бе? — деп, ақырын ғана қайталады есі шыға абдырап қалған Ауста, сонау шығысқа қарай кеңінен көсіліп жатқан кеңістіктің көгілдір жамылғысынан көзін алмастан. Оның тұла бойын мақтаныш аралас қорқыныш сезімі дірілдетті. Өйткені оның маңдайына ұшы-қиыры жоқ йен даланың шығыс шетіне дейін жетіп, құрылық аяқталған, теңіз басталған жерді көру бақыты жазылған екен. Одан әрі дүниежүзілік мұхиттың өзі! Қандай қорқынышты!
— Мұхиттың арғы жағында енді ештеңе де жоқ па?
— Ол жақта бөтен елдер бар, — деп жауап қатты Бьяртур, бұл көріністің қызына беймәлім егжей-тегжейін түсіндіре алатын қабілетінің бар екеніне мақтанғандай болып. — Ол елдер мен корольдіктер туралы жазылған талай кітаптар бар.
— Иә, солай екен-ау, — деп қызы мақтанышпен сыбыр ете қалды.
Ауста содан кейін ғана өзінің ойланбай орынсыз сұрақ қойғанына өкінді. Өйткені ол жас кейіпкер батырлардың өздерінің даңқын арттырған ерліктерін осы теңізде жүзу кезінде жасағанын, олар туралы толып жатқан кітаптар жазылғанын, бұл теңіздің арғы жағында ертегілерде айтылатын ғажайып елдердің бар екенін білуге тиіс еді. Енді, міне, сол ғажайып елдердің бергі шетіне дейін созылатын теңізді өз көзімен көргені қандай бақыт десеңші! Бұл теңіз — талай ғажайып, адам айтса сенгісіз тамаша оқиғаларға бастайтын қасиетті жол. Олар аңғардың шығыс жақ қия беткейіндегі ең жоғары орынға жайғасқан еді. Бұл кезде Ауста өзінің қарны ашқанын ұмытып кетіп, теңізден көз алмай, оны ұзақ тамашалаумен болды. Оның ғажайып көрінісіне зор мақтаныш сезімімен қарай берді. Өйткені теңіз дегеннің көкжиектен аса мұншалықты шетсіз-шексіз созылып жататынын бұған дейін ешқашан да көз алдына елестетіп көре алған емес еді.
Иен дала шығысқа қарай барған сайын тік ойыса берді. Көп ұзамай қаланың төбесі керінді. Жүйектерінің ара-арасы атқан оқтай түзу бақшалар қарауытады. Қала Аустаны оның әдеттегі түсінігінен тыс әлдебір ерекше тамаша көріністерімен таң қалдырды. Ол қалада мұншалықты көп ғимараттар болады деп ойламайтын. Енді қараса, үлкен де сәнді үйлер қатар-қатар сап түзеп тұр. Утиредсмиридегі тамаша үйден бір де кем емес. Көшенің шағын бөлігіне рет-ретімен салыныпты. Ол үйлерден будақ-будақ шығып жатқан түтін де хош иісті дерлік әсер қалдырады — Жазғы мекендегі жаман шымтезектің қоңырсыған сасық иісінен тіпті бөлек. Аздан соң бұлар беткейге жапсарлас салынған алғашқы үйлердің тұсына жетті. Қарсы алдарынан біраз жаяу-жалпы, кейбіреулері салт ат мінген, енді біреулері арбамен келе жатқан жүргіншілер кездесе бастады. Олардың арасында кәдімгі жай күннің өзінде соншалықты сәнді киінген, ауыздарында тістеген папиростары бар, мойындарына галстук таққан бір топ жас жігіт бар екен. Шамасы, бұлар ойын-күлкіні сүйетін нағыз сауықшыл жастар болуы керек. Олар Аустаға қарады да қарқ-қарқ күлді. Сөйтті де бірнеше адым ұзап кеткен бойда мұны ұмытып кетті.
— Әлгі жас жігіттер кім? — деп сұрады Ауста.
Әкесі ол жігіттердің жүрісін тіпті де жақтырған жоқ еді.
Папирос сорғаннан басқаны біле бермейтін сандалбай серілер ғой! — дей салды.
Бұлар сиді тас төселген көшеге шықты. Оның екі жағында да терезелеріне перде тұтылған, гүл қойылған үйлер одан әрі жалғаса түсті. "Бұл дүниеде өспейтін нәрсе жоқ екен-ау!" деп ойлады Ауста. Әне, бірімен бірі қолтықтасқан екі жас қыз қарсы келе жатыр. Екеуі де бау тағылған ботинка мен пальто киіпті. Біреуінің қызыл, екіншісінің көк қалпағы бар. Екеуі соншалықты кербез Ауста олардың біреуін Миридегі Одур екен деп қалды. Ал олар тіпті таяп келгенде екіншісі Одурға қатты ұқсап кетті. Ауста олардың қайсысы Одурға көбірек ұқсайтынын аңғара алмай, шатасып қалды.
Ол екеуі қаланың кәдімгі қатардағы қыздары еді. Бұлардың жанынан өтіп бара жатып, өзара қиқылдап күлді. Шамасы, мұнда, Фьордта, күлкі мен көңіл көтеріп, шаттықта жүруі үйреншікті әдетке айналып кеткен болу керек.
Әкесі әлгі қыздарға тіпті де назар аударған жоқ.
— Бұл қыздар ма? — деп қайта сұрады Бьяртур. — Бұлар қайдағы бір қаңғыбас, ұяттан безген, ешқандай жұмыс істемей, ата-анасына масыл болып жүрген еркетай қыздар ғой!
Үйлер барған сайын бір-біріне жанасып, тығыз орналасыпты. Олардың арасында тіпті, аула болатын жер қалмаған, күнге қураған шағын бақша ғана байқалады. Мал ұстайтын жер туралы сөз етудің де қажеті жоқ. Көшеде жергілікті тұрғындар мен сырттан келгендер бірімен-бірі өзара сапырылысады. Жүк артылған аттар да, жеңіл арбалар да бар. Су бетінде қаптаған қайықтар, үлкен-үлкен кемелер көрінеді. Ауста өзі бұрын көріп-білмеген көптеген нәрселер туралы сұрай беруден шаршамады. Оның басы қатуға айналды. Бейне бір түс көргендей болып, әрі-бері жүгіріп жүр. Ерсілі-қарсылы ағылған, бір-біріне бейтаныс адамдар. Олар өзара амандаспайды да. Ауста Бруни дүкеніндегі зат сатылатын үстелдің жанындағы әкесімен өзінің қалай қатар тұрғанын байқамай да қалды. Бұлардың алдында дүниежүзілік мәдениет жетістіктері жасап шығарған тауарлардың барлығы дерлік жаюлы жатыр. Періштенің қанатындай аппақ шұлықтар дейсіз бе, жаңбырда киетін жұп-жұқа әдемі плащтар дейсіз бе, бүйірі томпақ гүлді кеселер дейсіз бе, кәдімгі май шам немесе ауызға салып шайнайтын темекі жапырағы дейсіз бе - бәрі-бәрі табылады. Үстелдің арғы жағында — жақсы киінген сатушылар. Шеттерінен сымбатты да түлғалы жігіттер. Олардың кейбіреуі әлдебір нәрселерді жазумен айналысып жатса, енді біреулері сатып алушылардың сұраған тауарларын алып көрсетуде. Әне бір адам бірдеменің жарқ-жұрқ еткен саф алтыннан жасалған жіп-жіңішке бауын көріп тұр. Аустаның әбден есі шығып кетті. Ол өзінің үстіндегі кең көйлегі олпы-солпы көрінетініне де, шұлықтарының төмен түсіп кеткеніне де, аяғындағы кебісінің былғаныш екеніне де назар аударған жоқ. Мына керемет көріністерді тамашалап, әлдебір кеңістікке терең ой үстінде қадала қарап қалыпты. Бұлардың қасына қоймашы кісі келді. Ол сыпайы да сымбатты, сенім ұялататын адам екен. Бьяртурдың алып келген жүнін өлшеп болғаннан кейін Аустаға екі рет көз қиығын салып, сынай қарады.
— Мен Бьяртурдың қызы бар екенінен тіпті хабарсыз болыппын ғой. Өзі бой жетіп те қалыпты. Менің Мангама қалыңдық болуға өте лайық екен, — деді ол
Бірақ Бьяртур оған бұл тақырыпта әңгіме қозғауға әлі ерте екенін айтып жауап қатты. Бойшаң көрінгені болмаса, алдағы көктемсіз әлі шіркеуге де барған жоқ, ондағы айтылатын уағыздарды да тыңдаған жоқ. Күтпеген жерден тұспалдап айтылған әлгі сөздерден кейін қыздың екі беті қысылғаннан ду етіп, қызарып кетті. Ол әңгімені мұның сұңғақ бойлы әрі ілмиген жүдеулігіне қарай бұрып жібергені үшін әкесіне қатты риза болды. Ауста аңғарда аңдамай сөйленген аңғал сөз саналатын нәрселерді қалада қалай болса солай сандырақтай беруге болатынын әлі білмейтін еді.
Осыдан кейін Ауста әкесімен бірге кеңседе отырған көпестің өзіне кірді. Ол бұл көпестің аты-жөні Бруни екенін бұрыннан білуші еді. Енді қараса, оның Тулиниус Йенсен деген таң қаларлықтай және бір аты-жөні бар екен. Қыз оған Редсмиридегі діни қызмет кезінде дұға оқып, уағыз айтылатын орынға шақырылғандай жүрексіне ыңғайсызданды. Бірақ оның мұндай жағдайда болғаны әкесіне ешқандай эсер еткен жоқ. Ол жалпы алғанда еш нәрсеге таң қала қоймайды — тіпті Тулиниус Иенсеннің өзі оны құшақтап амандасқанның өзінде де былқ етпеді. Шамасы, ұлы деп танылатын адамдардың айқара ашқан құшағының өзі де мұның әкесі үшін таңсық емес болуы керек.
— Достық дегеніміз қазіргідей қиын-қыстау заманда ілуде бір кездесетін оқиғаға айналды ғой. Міне, сондай кезде өзіңнің сенімді достарыңды көргеніңе не жетсін, шіркін! Сен, әрине, болып өткен жиналыс туралы естіген шығарсың?
— Шет жағасынан хабарым бар, — деді Бьяртур. — Әр түрлі одақтар құру туралы ойдан шығарылған алып қашпа әңгімелердің біразы маған да жетті. Өткен көктемде осы мәселеге байланысты Жазғы мекенге арнайы келіп кеткен қонақтар да болды. Бірақ мен осы уақытқа дейін өзге ешкімнің сыртымнан айтқан ақылына илікпей, бұрынғы әдетім бойынша оз ақылыммен жұмыс істеуді қалайтынымды бірден ашып айттым.
— Өте дұрыс жасағансың! Өкілетті өкіл Ингольв Арнарсоп Йоунссон әлгі бір Тұтынушылар одағы деп аталатын бірлестіктің бастығы болып шыға келді. Осыдан бірнеше күн бұрын пароходпен түкке алғысыз нашар тауарлардың алғашқы партиясының жеткізілуі-ақ мұң екен, шаруалар, — иә, иә, бұрын менімен істес болып келген шаруаларды айтармын — менен теріс айналып, соған қарай лап қойды. Бұған не дерсің енді! Бірақ, әліптің ақырын күтейік. Енді бірнеше жылдан соң байлардың шеккен зияны деген сылтаумен олардың бүкіл борышы кедей-кепшік кішкентай адамдардың мойнына бөліп жазылған және олардың өз меншігіндегі азын-аулақ жерлерін пайдалануына тыйым салынған кезде, не деп зар қағатынын көреміз әлі! Былтыр Раппсвиктегі тұтынушылар одағының мүшелері тап сондай ауыр жағдайға душар болды.
— Қайдам, ол жағын білмеймін, — деді Бьяртур. — Мен біреудің табысын қызғанбаймын. Басқаның белшесінен шығынға батқанына да жауап бермеймін.
Көпес Тұтынушылар қоғамының халыққа тигізер бір эйрир де пайдасы жоқ екенін, қайта оларды қайыршыландыра түсетінін айтумен болды. Өйткені басқа да барлық монополиялық қоғамдар сияқты олар да халықтың қанын сүліктей сорып қанау үшін, жеке тұлғалардың өзіндік игі бастамаларына жол бермей, тұншықтыра басып тастау үшін, олардың бостандығы мен ешкімге тәуелсіз дербестігін жою үшін ғана құрылып отыр.
— Оның есесіне, менің дүкенім сен үшін әрқашан ашық. Ондағы бар нәрсенің бәрі де сендер үшін, қымбаттым Бьяртур! Айтпақшы, есімнен шығып барады екен-ау, сенің ғажайып қызың қазірдің өзінде-ақ бой жетіп қалыпты.
— Жоқ, әлі жас, тіпті шіркеу бетін де көрген жоқ. Бірақ өте ақылды. Оқи алады. Ежелгі ескі сагаларды біледі. Қане, жаным Саула, айта қойшы, "Қалқан ағашы"* дегеніміз не? Өзіңнің біліміңді көрсетші.
— Бұл үшін сен мақтауға әбден лайықты екенсің, — деді көпес қыз "Қалқан ағашы" деген сөздің мағынасын түсіндіріп берген соң. — Біздің қазіргі заманымызда жастар арасынан "Эдданы"* білетіндерді таба қою өте қиын. Мен бұл туралы өзімнің кішкентай Сванвитама айтып баратын боламын. Бірақ ол тек қана дат тілінде оқи алады.
— Ім, дат тілінде оқи алады, — деді Бьяртур оның сөзіне таң қала қуаныш білдіре қоймай, -Мүмкін, өзі үлкен дәрежесі жоғары адамдар үшін жақсы-ақ болар. Бірақ біздің алып аңғарда тұратын халық байырғы ақындарға көбірек сеніп, соларды көбірек құрмет тұтады. Айталық, Магнус ормандарынан шыққан Магнус Магнуссонды* жақсы көріп, сүйіп оқиды. Исландияда енді қайтып ондай ақын дүниеге келмейді. Қарт ақынның мына сөздері өте дұрыс.
Оқымысты ақын, бәлкім,
Жазып берер жақсы өлең.
Бірақ одан жай халықтың
Ескі жырын жөн көрем.
Кәне, менің Соула жаным, ақынның ең күшті дастанының кіріспе бөлімін жатқа оқып берші — көпес атаң тыңдасын.
Ауста әкесінің айтқанын екі еткен жоқ — Берноут туралы римнің он екінші жырын оқи бастады. Қыз басын төмен иіп тұрып, жыр оқуға кіріскен кезде төбе шашына дейін қызарып кетті. Ентіге түсіп, тез оқығаны сонша, тіпті жырдың кейбір сөздерін айқын аңғару өте-мөте қиын еді. Жырдың жарым ортасына жете бергенде ол өлең жолдарын шатастарып алды. Одан әрі оқуға тынысы жетпей, одан сайын қысыла толқып, қинала түсті. Тіпті тілі байланып қалды. Ауста ұялғанынан жерге кіріп кете жаздады.
— Қандай ғажап! — деді көпес. — Өте тамаша! Шын шеберлік деп осыны айтса болады! — Сөйтті де ұялта бермейін деп Аустаға екі қолын бірдей ұсынды. Мұнысы, шынында да, қызды қысылтаң жағдайдан тез құтқарды.
Көпес мына қыздың ерекше қабілетті өнер иесі болатынына кәміл сенетінін білдірді. Осы жағдайға байланысты Аустаға он эйрирлік күміс теңге ұсынды — "Өзіңе ұнаған керемет бет орамал сатып ала ғой" деді. Шамасы, жасы үлкен адамдардың бәрі де бет орамал сыйлауды ұнататын болғаны ғой. Содан кейін ол есікті өзі барып ашып, қонақтарды дүкеннен сыпайы әдеппен шығарып салды. Бұл дүкеннің ішіндегі бүкіл дүние-мүлік жаңа ғана бұлардың еркіне толық берілген сияқты болып көрініп еді. Енді...
Күннің қалған уақытын бұлар ары-бері жүгірумен өткізді, әр түрлі заттар іздестірді. Ауста өзіне тұңғыш рет бет орамал сатып алды. Орамалдың жиегінде әдіп ретінде кестелеп салынған гүл суреттері бар екен. Тек бет орамал ғана емес, оның жібек жіпке тізілген көк аспан түсті тамаша моншақтары да бар еді. Ауста қала қызына ұқсау үшін ол моншақты мойнына таға қойды, ал бет орамалын қолына ұстап жүрді — өйткені оны салып қоятын қалтасы жоқ болатын.
Іс мұнымен ғана біткен жоқ.
Менің есімде, — деді әкесі қызына. — Қыстыгүні бірде мен саған Орвар Одд* туралы сага сатып әперемін деп уәде беріп едім-ау.
Сөйтті де бұлар кітап дүкеніне қарай бет алды.
Дүкен иесі жасы жетіп, қартайған, әбден қаусаған шал еді. Қалт-құлт етіп, құлап қала жаздап, аяқтарын әрең басатын. Қолындағы таяғына сүйене бері жақындады. Дегенмен де ол өзін заман ағымынан қалмай, қатар жүріп келе жатқан жан ретінде аты шығып, кеңінен танымал болған еді. Оның кітап дүкені ауланың артқы бір шетіндегі өзге құрылыстардың тасасында құлағалы тұрған ескі үйдің шатырындағы жан-жағынан қоршалған шағын қуыста екен. Баспалдақ саны таусылмастай көп, аяқ басқан сайын сықырлап, әндетіп тұратын қара қоңыр сатымен әрең дегенде жоғары көтерілуге тура келді. Бұлар келгенде шал өзіне жермаймен жанатын примусқа қойылған кәстрөлге жас балықтан сорпа пісіргелі әуре болып жүр екен. Бөлме ішін бу қаптап кетіпті. Кітаптардың салмағымен белі майысып кеткен сөрелер қалың тұман ішіндегі жартастар сияқты бірде бұлдырап көрініп, бірде мүлде көрінбей кетеді. Шал таяғына сүйеніп, кәстрөлдің жанынан бері жақындап, келген қонақтармен сыпайы амандасты.
— Сізден кітап сатып алуға бола ма? — деп сұрады Бьяртур.
— Қандай кітап алғыңыз келетініне қарай көреміз, — деп жауап қатты шал.
— Менің Соулама қажет кітаптар болса, — деді Бьяртур. — Қызымның кітапқа деген құмарлығы күшті. Мен бұған өткен қыста Орвар Одд туралы сага сатып алып беремін деп уәде етіп едім. Соны беріңіз. Мен ақшасын қолма-қол, нақты төлеймін.
— Құдай жарылқасын сені, азамат! — деді сатушы. — Менің ол кітаптың ең соңғы данасын сатқаныма отыз жылдан асып кетті. Қазір адамдар мәдени даму сатысының жоғары баспалдағына көтеріліп кетті ғой. Ондай кітаптарды оқымайды. Егер қаласаңыз, оның есесіне басқа кітаптар баршылық. "Соломонның алтын кеніштері" туралы тарих бар. Онда Умслопогаас деген кейіпкер туралы баяндалды. Менің ойымша, ол да өзінше ұлы адамдардың бірі, Орвар Оддтан бір де кем емес.
— Бұл сөзіңізге сену қиын, — деді Бьяртур. — Мұныңыз әлдебір жаңа сарынды сәнқойлыққа ұқсас сандырақ сияқты. Өйткені әлгі айтқан кейіпкер жігітіңіз бойы тұп-тура жиырма дат шынтағына тең келетін Орвар Оддпен тең түсе алады деп мені бірде-бір тірі жан иландыра алмайды.
— Құрметтім, сіз тыңдаңыз, өмір бір орында, адамдар бір даму сатысында тұрмайды. Зымыраған заманмен бірге алға кетіп барады. Ал біздің, кітап сатушылардың, бұл жағдаймен санаспауымызға мүлде болмайды. Сен өзің айта қойшы, кішкентай жас бикеш, заман ағымынан артта қалып қоюға бола ма? Көне, бері келе қойшы, жарқыным. Мына бүгінгі"3аман әдебиеттерін қарап шықшы. Міне, мына роман бүкіл дүние жүзіне танымал.
Күймеде кетіп бара жатқан адамды біреулердің қалай өлтіргені туралы. Ал мына кітап — папалық тәртіптің азғындап іріп-шірігені туралы ғылыми еңбек. Орта ғасырларда өмір сүрген, бұзылған тақуа жандар — монах еркек пен монах әйелдің бірін-бірі ұятсыз масқара әрекеттерге қалай көндіргені туралы. Енді сәнқой қыздарға арналған жаңалық. Кішкентай жас бикеш, мүмкін сендерге осы кітап ұнайтын шығар?
Сатушы соншалықты қаусаған шал бола тұра мұны "Кішкентай жас бикеш" деп қошеметтеп отырғаны үшін Ауста қатты қысылып, төбе шашына дейін қызарып кетті. Қыз батыл армандарын аялап аңсаған кездерінде де өзін басқа біреудің осылай атайтынын ойша болса да көз алдына елестете алмайтын. Ол ол ма, бүгінгі әдебиет тақырыбына тап осындай қаусаған қартпен әңгімелесетіні туралы ойлап та көрген емес. Ал қазір алдында жатқан кітаптың алғашқы бетіндегі суретке көзі түсіп кеткенде — Ой, сұмдық-ай! — жүрегі тоқтап қала жаздады. Соншалық таң қаларлық, бірақ елеулі болса да, бұрын ешкімнің аузынан естіп көрмеген, бірақ мұның өзі викингтер туралы рималармен оқып танысқан, жануарлардың әдепсіз әрекеттерінен кездейсоқ, еріксіз көрген оқиғалардың адам өмірінде қалай қайталанатынын көз алдына бұлыңғыр елестететін. Енді, міне солар туралы тұтас кітаптар туындапты. Соның бірі — мына "Махаббат құпиялары. Еркектер мен әйелдер арасындағы қатынастарға қатысты пайдалы кеңестер" деп аталатын кітап.
Қатынастарға қатысты? — осыны ойлағанда қыз әкем шапалағымен тағы да тартып жіберер ме екен деп шошып кетті. Денесі дір ете қалды. — Мұны қалай түсінуге болады? Еркектер мен әйелдердің арасындағы қатынастар... Әкемнің көзі мына кітаптың бас тақырыбына түсіп кете көрмесе еді. Бұрын ешқандай кітап қыздың ынтыққан құмарлығын мұншалықты қоздырып көрмеген еді. Ол ешқандай кітаптан тап осылай шошына қорыққан да емес. Дәл қазір бұл жерде өзінен өзге ешкім жоқ болса да мұндай кітапты сатып алуға батылы жетпес еді. Бірақ кітаптың бас тақырыбы мұны қатты қызықтырды. Бірақ көрсе де көрмеген болып, көзін басқа жаққа тез тайдыра қойды. Енді ол басқа кітаптарға назар да аударған жоқ. Ал әлгі кітапты әкесі де көріп үлгеріпті. Мұндай жағдайда әрқашан шарт кететін шатақ мінезін тағы да танытты:
— Қайдағы бір жүрек айнытатын жексұрын қылықтарға толы махаббат машақаты. Оңтүстіктегі оңбағандар ойдан шығаратын осындай кітаптар-ақ әйелдерді бұзып болды! — деп ызаланды ол
— Қателесесіз, бұл кітапты әйелдер өлердей сүйіп оқиды, — деп қарсы дау айтты сатушы. — Соңғы бес жылдың ішінде мен бұл кітаптың кем дегенде отыз данасын сатып үлгердім. Әлі де сұраушылар көп. Тек қана кісі өлтіру немесе ғылыми жаңалық ашу туралы кітаптарды оқу жеткіліксіз. Адамдардың шым-шытырық махаббат машақаты туралы көбірек оқып білгісі келеді. Рас, Орвар Оддтың бойы биік-ақ шығар, он екі дат шынтағы болар. Бірақ махаббатты шынтақпен өлшеуге болмайды ғой.
Мұндайда Бьяртурдың күтпеуге болмайтын мінез танытатыны бар еді. Ол енді сатушымен осы заманғы және өткен ғасырлардағы рух пен шеберлік туралы ұзақ дауды бастап кетті. Ауста әбден абыржыған қалпында үнсіз тұра берді. Кәстрөлдегі балық сорпасы әлдеқашан тасып төгіліп жатты. Кітап дүкеніне бас сұғу Бьяртурдың Қар аруы туралы ертегі кітап сатып алып, оны қызына сыйлағанымен аяқталды.
— Сатып тұрған кітаптарына қарағанда, бұл шалдың кемінде некесіз туған жеті шата ұлы болуы керек, — деді Бьяртур, өздерін "Махаббат құпияларына" алып шыққан сықырлауық сатымен төмен түсіп келе жатып.
Бьяртур ілгері қарай бүкшие түсіп, аяғын ауыр әрі ебедейсіз басып келеді. Өйткені ол қала көшесімен қалай жүрудің тәсілін жөнді біле бермейтін. Ауста оның соңынан еріп келе жатты. Әкесіне қарап ірі адымдағысы келеді. Ілмиген жіп-жіңішке әрі именшек қыздың шұбар көйлегінің тым кең екені бірден көзге түседі. Ол бет орамалын тершіген алақанына қысып ұстап, моншағын мойнына тағып алыпты. Ары-бері өткен жұрттың бәрі бұл екеуіне таңдана қарайды.
Кешке қарай бұлар жолаушылар түнейтін керуен сарайына келді. Ол бір шатырының үстіне екінші шатыр бой көтерген үлкен ғимарат екен. Бір шатырдың үстінде — және бір шатыр. Ол сырланбаған ақ қаңылтырмен жабылыпты! Осындай да үй болады екен-ау! Айқай-шу, гүрілдеген азан-қазан әр түрлі дауыстар. Есіктер сарт-сұрт ашылып-жабылады. Ac пісіретін жақта аяқ-табақтың сылдыры. Қыздардың шырылдап шыңғырғаны, былапыт боқтық сөздер, иттің шәуілдеп үргені - бәрі-бәрі де естіледі! Міне, нағыз қарапайым бұқара халықтың ырду-дырду ортасы деген, шамасы, осы болар?
Мұндай үйде бір күннің ішінде не болып, не қоймайды десеңізші! Мына ырду-дырду, азан-қазан у-шудан есі шыға абыржыған қыз өзін соншалықты жалғыз және ешкімге елеусіз мүсәпір жандай сезінді. Тіпті өмірден тыс қалғандай еді. Бұл үй "Махаббат құпиялары" туралы ғажайып құштарлық күшіне толы, бірақ қолға түсуі қиын кітапты ескі түсірсе болар ма? Өмірдің өзіне еліктіріп, бойды билеп әкететін мынадай қызығы мол, абыр-сабыр думанды, асханасы бар ортасында жүре алатын жандар қандай бақытты десеңізші! Ал Ауста өзін ешкімге керек емес, бұл жерде бейне бір басы артық адам сияқты сезінді. Сөйтті де асхананың бір бұрышындағы ұзынша орындықтың бір шетіне үн-түнсіз отыра кетті. Ал әкесі көпшілігі тап өзі сияқты шаруалар болып табылатын әлдебір адамдармен әңгімеге кірісті: әңгіме әдеттегісінше жайылым жағдайы, сауда-саттық және қойдың ішек құрты туралы болды. Қыз бір-ақ нәрсеге риза: мына шаруалар мардымсыған қала тұрғындары сияқты бұған қайта-қайта сүқтана қадалып қараған жоқ. Көпшілігі көздеріне де ілмеді. Қыз қатты шаршаған еді. Оның үстіне, қарны да ашты, әр түрлі әсерлерден ығыр болды. Оның кебісінен шеті шыға көрініп тұрған тоқыма ұлтарағын түзетіп кайта салуға да құлқы қалмады. Ол әбден умаждалған әрі кір болған бет орамалын қысып ұстап отырған бойы бір жаққа ғана қадала қарап қалыпты. Әне, бөлмеге сұңғақ бойлы сұлу бикеш кіріп келеді: екі беті алаулап қызарып тұр, көгілдір көздері де, толық кеудесіндегі тырсиған қос алмасы да өзіне жарасып тұр. Егер Аустаның үстіндегі көйлегін, шіркін-ай, осы қызға кигізсе, тіпті де олпы-солпы болып көрінбес еді! Ол асханадағы у-шу мен азан-қазан дабырдың арасынан адам қызығарлық байсалды сабырлылықпен бері шығып келе жатты. Қолында жаңа пісірілген, буы бұрқыраған балыққа толы үлкен сабағы бар. Келді де мына жұртты үстелге жақындап отыруға шақырды. Ілмиген ашаң Ауста оған көзінің қиығымен ғана қарады. Ол қандай сұлу болса, сондай пысық, өткір екен. Ол Аустадан кімнің қызы екенін сұрап алды да әкесінің жанына жайғастырды. Ол әркімнің өзіне тиісті үлкен үлесін алуын жіті қадағалады.
Алдарына балық келген бойды әлгі дабырласқан топ тып-тыныш бола қалды.
Олар ұйықтар алдында тілдеріне тағы да еркіндік берді. Тағы да сауда-саттық туралы, қойдың ішек құрты жөнінде сөз болды. Мұнда түнеп шығуға тағы да басқа біреулер келіп жатты. Олар өздерін өте-мөте таң қаларлық ұстады: әй-шайға қарамай, үйді Пастарына көтере ән салды, теп-тегіс еден үстінде жоқ жерден сүрініп, құлаумен болды. Үсті-бастарына қарасаң, балшыққа аунап тұрғандай. Олардан бейне бір ашытқының иісі сияқты мүңкіген қышқыл иіс шығады. Көздері домбыға ісіп кеткен. Аустаның зәресі ұшайын деді: өйткені олар бұған әлдебір адам таң қаларлық көзқараспен қарауын қоймады. Тіпті құшақтағысы келгендері де болды. Әкесі Аустаның "Қорықпа, әншейін мастар ғой" деп жұбатты. Бірақ олар бұған тиісуін қоймады, мына бір өрімдей жап-жас әдемі келіншектің кімнің әйелі екенін сұрап білгілері келді. Бьяртур оларға ашулы тіл қатты — жас баланың мазасын алмауын талап етті. Қыздың жасы он үшке жаңа ғана толғанын, әлі шіркеу есігін ашып та көрмегенін айтты. Ал әлгі еркектер қыздың күйеуге тиетін уақыты әлдеқашан толғанын Құдай атымен қарғана дәлелдеуге тырысты. Олардың біреуі еденге лақ еткізіп құсып жіберді. Бұл дарақы да дөрекі жандарға ешкім де ренжіп, өкпелеген жоқ. Қайта, еш нәрсе бола қоймағандай-ақ, бәз баяғы сауда-саттық туралы даулы әңгімелеріне тағы да көшті. Пікірлер, әдеттегідей, әр түрлі болып шықты. Біреулер шаруаларды көпестердің езгісінен құтқармақ болғандарды қолдап, мақтай ала жөнелсе, енді біреулер көпестерді қорғаштады — олардың шаруаларға зиян келтіріп отырғанына мән де берген жоқ. Ақыры мынадай ұйғарымға келісті: халық. осыдан отыз жыл бұрын Тингейдегі шаруалар сияқты тұтыну қоғамдарының негізін қалауы тиіс. Ауста олар көпестерді қанішер қанаушылар, ұры-қарылар деп атап, тым қатты қиянат жасаған сияқты деп ойлады. Сонда мұның әкесі көпестерді бекерден-бекер қорғайтын болғаны ма? Бірақ ол өз әкесінің Ингольв Арнарсонды соншалықты ұнатпайтын себебін ұға алмай-ақ қойды. Ал ол өте келбетті сұлу жігіт қой. Оның үстіне, биылғы көктемде мұнымен өте сыпайы әрі жылы сәлемдесті емес пе? Ал староста, осы өкілетті өкілдің әкесі, буған екі кроннан екі рет жайдан-жай сый жасады ғой. Ауста өз әкесінің старостаның ұлымен қырғи-қабақ жау болуын қалаған жоқ еді. Өйткені Ингольв Арнарсонның жүзінен жақсылық нышаны төгіліп тұр ғой — ол шаруалар үшін қолынан келгенінше бар күш-жігерін жұмсап, көмек көрсетуге әрқашан әзір сияқты.
Айтыс-тартыстың қатты шиеленіскені сонша, Ауста ақыр аяғында өзінің кімге қолдау көрсетуі тиіс екенін түсіне алмай, басын әбден қатырды: көпес жағына ма әлде тұтыну қоғамының өкілетті өкілі жағына ма? Ол, бәлкім, әкем жағына жақындағаным жон болар деп ойлауға тырысты. Хутордан келгендердің біреуі көпестер ұры-қары ғана емес, бас кесер қанішер де екеніне иландырмақ болып жанталасып бақты. Ол Брунидің несие беруден бас тартуы салдарынан талай адамның өте қатал киын жағдайға душар болғаны туралы толып жатқан мысал келтірді. Ол көпестің жасаған кесапат қылығы салдарынан соңғы жылдарда бір жапырақ нан таба алмай, аштан өлген талай адамның аты-жөнін атап та бере алатынын байқатты. Ал тұтыну қоғамы дегеніміз шаруалардың өздерінің сауда жасайтын кәсіпорны. Онда барып тұрған жарлы-жақыбайлардың өздері ешкімнің аяусыз тонап кетпейтініне, аштан өлтірмейтініне кәміл сенімді бола алады. Екінші біреу тұрып, қазіргі тұтыну қоғамдары, алғашқы кезде Тингейде болғанындай, кедей шаруалардың қолында емес, басқа біреулердің байлардың қолына өтіп кеткенін айтып өзеуреді. Миридегі старостаның тұтыну қоғамын құруды қолдап, жаны шыға шырылдап жүргені мүлде тегін емес. Сонда оның кедей шаруаларды жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүр деп ойлап, шарқ ұрып жүрмін дегеніне сенетін аңғал ақымақ табыла қояды деп шынымен-ақ ойлайтын болғаны ма?! Мәселенің басты мәні мынада: оның өзі шығынға ұшырап, сазға отырып қала жаздады. Викадағы дүкеннен береке кетіп, іс ілгері баспай қойды. Өйткені одан тауар сатып алушылар тұтынушылар қоғамына қарай ауып шыға келді. Міне, ол тап сондықтан да енді Фьордта қолға алатын жаңа ісімен баюды көздеп тұр. Сөздің қысқасы, ендігі жерде тұтыну қоғамынан шаруаларға келетін пайда жоқ. Кезінде көпестер келтірген пайданың кебін киеді. Шаруа белшесінен қарызға батып, тынысы тарыла түседі. Оның үстіне, бұл жерде монополия деген бәле тағы бар. Сендер, сайтан алғырлар, газет оқымайсыңдар ма түге?
— Мен ешкімге еш нәрсе қарыз емеспін, — деді Жазғы мекен иесі Бьяртур.
Дауласып отырған екі шаруа да қарызға белшелерінен батулы екен. Өйткені, әрине, екеуінің сиыры бар болып шықты. Ал сиыр жүрген жерде қарыздан қалай құтыларсың?! Олар Бьяртурдың әлгі сөзіне назар аударған жоқ. Өйткені бұл екеуінің дауы жалпы қарыз туралы емес, кімге қарыздар болған жеңілірек тиеді деген мәселенің төңірегінде еді. Өзеуреген екеуінің дауы басылар емес. Барған сайын қыза түсті. Ақырында олардың біреуі қыза-қыза келе "Өз әйеліңнің алдындағы борышыңды өтей алмай жүрген сен байғұстан ақылға қонатын қандай жөні түзу сөз шығады деп едім-ау!" деп қалды. Ал екіншісі қасында отырған біреулерді куәге тартып, "Ал сенің әйелің өзіңді адам екен демейді. Он екі жыл бойы есігіңдегі батырақпен көңілдес. Тіпті бірде-бір балаң өзіңнен емес!" деп қалды.
— Қане, "Іріген ауыздан шіріген соз шығады" дегендей, қайдағы былапыт әңгімені айтқанды доғарыңдар енді. Ең болмаса, мына қыз баладан ұялсаңдаршы! — деп, Бьяртур олардың сөзін бөлді. — Ал Ауста болса, әлгілердің сөздерінен бәлендей былапыт ештеңе аңғара қойған жоқ. Қайта "Сонда некесіз балалардың әкесі кім болды екен?" деген сұраққа нақты жауап таба алмай қиналды. Әлгілер Бьяртурға дүрсе қоя берді: "Айқайламай, өшір үніңді!
Бұл жер саған балабақша емес. Ересек еркектердің арасына қызыңды ертіп келіп нең бар? Қандай сайтан түрткіледі? Біз маңызды мәселе туралы дауласып отырмыз. Бізде жұмысың болмасын!" Сөйтіп қыза-қыза келгенде әлгі әйелдің күйеуінің көзіне қай жерде, қай күні қалай шөп салғаны бейне бір солардың қасында қарап тұрғандай етіп барынша дәлдікпен айтып берді. Тіпті "...сол күні ол әйелдің бұтында қып-қызыл панталон болғанын" да айтып салды. Енді оларға сөзбен сайысу аздық етті де жұдырық жұмсасуға көшті. Бірінің-бірі тісін опырып түсірмекші болды. "Қып-қызыл панталоны болған" дедің ғой? Ал енді тұмсығың қып-қызыл қанға боялады! Көзіңнің алдын көкала қойдай, көк торғайдай етіп жібермесем бе сені, иттің ғана баласы! Ауста Соуллилья осы кезде ғана әңгіменің шынында да "қаншалықты маңызды мәселе" төңірегінде болғанын толық түсінді. Жолаушылар түнейтін керуен сарайында қайдағы бір "қызыл панталонның" дәлелге келтірілгені үшін шыққан мына қып-қызыл төбелесті қыз оз көзімен көргенде сагаларды оқыған кезінде оның көз алдына елестейтін тау-тау өліктердің үйінділері де солғын тартып сала берді. Яғни өмірде жаман адамдардың болатыны рас екен ғой. Қызыл ала қан болып төбелесіп жүрген екеуін былайғы жұрт арашалаумен болды. Арашаға тіпті Бьяртур да араласып кетті. Оқиға жұрттың бәрі, кімнің кім екеніне қарамай, бірін-бірі шеттерінен сұлатып салумен аяқталар түрі бар. Еден үстінде тырбаң-тырбаң етіп жатқандар қаншама! Ауста әкемді әлдебір сұмырай өлтіріп қояр ма екен деген қауіппен бар даусымен бақырып, жылап жіберді. Төбелеске араласқандар бірте-бірте есік жаққа баяу жылжып бара жатты. Ақырында төбелесті бастаған жаңағы екеуін бір-бірінен ажыратып, сыртқа "таза ауаға" шығарудың сәті түсті. Сөйтіп енді екеуін татуластыруға көшті. Оларға темекі ұсынды. Бьяртур мен өзгелер бөлмеге қайтып оралған кезде қыз әлі өксігін баса алмай, дір-дір етіп жылап тұр еді. Әкесі жұбата алмай, көпке дейін әуре болды.
— Әке, — деді ол өксігін баса алмаған бойы, — менің үйге қайтқым келеді! Айналайын, әкетай, үйге қайтайықшы!
Ал әкесі кішкентай қызынан жылағанын қоюды өтінумен болды.
— Бұл ақымақ немелерге осының өзі қызық. Ішіп алады да, ақылынан адаса қызады. Болды енді, ұмыт оларды. Шешін де ұйықта. Біз екеуімізге ортақ бір кереует алып, жиырма бес эйнир үнемдедік.
Кереуеттер екі қабат етіп, қабырғаға бекітілген екен. Қыз төменгі қабатқа жайғасты. Үстіндегі шұбар көйлегін шешті, бірақ белдемше көйлегін шешуге батылы бармады.
Татуластырушылар төбелестің неден шығып, қалай басталғанын алуан түрлі пікірлер тұрғысынан егжей-тегжейлі талқылауға кірісті. Бүкіл бөлмеде күбір-күбір әңгіме жалғаса берді. Ерлі-зайыпты жандардың бірінің көзіне бірі қалай шеп салғаны жайында неше түрлі оқиғалар айтылды. Жұрттың пікірі бойынша, адам төзгісіз дерлік шектен шығып кеткен нақты мысалдар келтірілді. Ауста олардың күбірлескен әңгімелеріне құлақ тікпесе де көпке дейін үйықтай алмады. Ол өзіне-өзі әлі де келе алмай, дір-дір етіп, мазасыздануда еді. Өйткені дастандарда ғана суреттелетін сұмдық оқиғалар жаңа ғана мұның көз алдында соншалықты дөрекі әрі жеркенішті түрде болып өткен-ді.
Аустаның жүрегі еркектердің ұйқыға жатуға жинала бастағанын көргенде ғана орнына түсті. Олар қақырынды, түкірінді, сіңбірінді, бәтеңкелерінің бауларын шешті, дамбалдарын көтеріңкірей тартып қойды. Әкесі кереуеттің бір шетіне отырды. Мұрнын шұқып, тазартқан болды. Аяқ киімінің бауын ағытты. Шалбарын шешті. Ауста оның әр қимылын қалт жібермей, қарады да жатты. Ол соншалықты ұзақ шешінетіндей көрінді. Әкесі өзінің қасына жатқан кезде барып көңілі жай тапты. Ауста ешқашан әкесінің бауырына дәл қазіргідей қысыла еніп көрген емес еді. Ал әлгі төбелестен кейін оған барынша жақындай түскісі келді. Ол өзінің бүкіл денесін қалтыратып, дірілдеткен қорқынышты жағдайдан әлі де арыла алмай, тісі тісіне тимей сақылдаумен жатқан болатын
Еркектер, христиан дінінің әдеті бойынша, бір-біріне жайлы жатып, жақсы тұру туралы тілек білдірісті. Олар аунап түсіп, жайғасып жата бергенде астарындағы сым кереует сықыр-сықыр етті.
— Сәл әрірек жылжышы, қызым. Мына сайтан алғыр кереует тым тар екен ғой. — Ауста амал жоқ, қабырғаға қарай сығылыса түсті. — Міне, осылай, жаным менің! Қабырғаға қарап жатып,ұйықтай бер енді.
Ауста қабырғаға бұрылып, теріс қарап жатты.
Бірақ қыздың бәрібір ұйқысы келмеді. Қабырға суық екен — мұның қалтырап-дірілдеп жатқаны да сондықтан болар. Мамық көрпе енсіз. Әкесі оның басым көпшілігін өзіне тартып алды. Енді мұның арқасы ғана жылыды. Бірақ қалтырап, дірілдегенін қоймады. Еркектердің бәрі ұйқыға кетіп, қорылға басты. Ал Аустаға қабырғадан соққан суық ұйқы бермеді. Уақыт өтіп жатты. Қызда әлі ұйқы жоқ. Ақырында көзін ашып жатты. Терезелерге перде тұтылған екен. Үйдің іші жартылай қараңғы. Шамасы, уақыт түн жарымынан асып кеткен болуы керек. Қыздың екі тізесі көрпеден шығып жатыр. Қалқаланған қабырғаның қуыс-қуысынан суық соғып тұрған сияқты. Әкесі бұған жайлы жатып, жақсы түр деген тілек те айтқан жоқ еді. Мұның үрей құшағында жатқанын біле тұра ондай тілек айтпағаны несі екен? Біртүрлі қорқынышты. Бұл — құпия сыры мол осы үйдегі, өзі көптен көруге құштар үлкен өмірдегі оқиғалар тізбегі. Соның салдарынан көзінің шырымын алуға да шамасы жоқ. Үйықтай алмайды. Енді, міне, сол өзі аңсаған өмірдің ортасында жатып кенет тағы да қорқып кетті. Бойын үрей билеп, тағы да үйықтай алмай қойды. Өзін әйелдері қызыл панталон киетін сұмырай еркектер жан-жағынан түгел қоршап алғандай сезінді. Міне, өзінің табиғатына мүлде жат әрі түсініксіз өмірдің ортасында бұл, жападан-жалғыз қыз, қалай жатып, қалай ұйықтай алмақ?
Жападан-жалғыз? Жоқ, жоқ, жоқ, бұл тіпті де жападан-жалғыз емес. Қасында әкесі барда бұл ешқашан жалғыз бола алмайды. Мейлі, ол бұған жайлы жатып, жақсы тур деген тілек айтуды ұмытып кете-ақ қойсын, бәрібір жалғыз болмайды. Өзінің қасында қатар жатса, тірі жатса болғаны! Әкем, жаным, әкем, әкетай. Сенің кішкентай Аустаң осында. Өзіңнің қасыңда жатырмын. Ол әкесінің мойнындағы, сақалы мен көйлегінің жағасы арасындағы жұп-жұмсақ, жып-жылы аппақ жері қайдан, қалай ойына түсе кеткенін өзі де білмей қалды. Ол жерге екі ернін жапсыра жақындап, жабыса түскенде қорқыныш атаулының қайда қашып кеткенін білмей қалды. Жұрттың бәрі қорылдап жатқанда мұның жалғыз өзі тіпті ұйықтай алмаса да, тұла бойының қалтырап-дірілдегені әлі басыла қоймаса да, әкесінің жанында жатқанына Ауста өзін барынша бақытты сезінді. Өйткені әкесі — мұны барлық бәле-жаладан, қиындықтан батыл қорғайтын, ешкімге ешқандай қарызы жоқ, ешкімге тәуелсіз, ешқашан еш нәрсеге таң қалмайтын, қандай сұраққа болса да қаймықпай жауап бере алатын білгіш, қазіргі Жазғы мекеннің иесі әрі белгілі ақын — елге танымал тұлға. Енді Ауста төсекте жатып, әкесіне қарай барынша баяу, кереуеттің бірде-бір сықыры естілмейтіндей сақтықпен ақырын аударыла бастады. Өзінің қыбырлап қимылдағанын ешкімге сездірмеуге тырысты. Ақырын-ақырын аударыла түсіп, аз ғана тоқтады да тағы да жабыса жақындай түсті. Бөлмеде құлаққа ұрған танадай тыныштық. Адамдардың о дүниеден естіліп жатқандай түнгі қорылы, сыртта, қала үстінде ұшып жүріп сайраған құстардың тынымсыз шықылықтаған үні ғана құлаққа келеді. Сөйтіп жатып Ауста әкесіне қарай толық аударылды. Жоқ, ол бұл дүниеде жалғыз емес екен — сенімді сүйенішінің жанында оның алып та күшті кеудесіне басын тығып, көзі шайдай ашық жатыр. Енді бірде басын жастыққа жақындата түсіп, көзін тарс жұмды да бетін әкесінің сақалы астына басты, оның мойнындағы жақсы көретін сүйікті жеріне ернін тақап, еміріне жабысты. Ауста дүние есігін енді ашқалы шала-жансар жатқан сол бір суық түнде әкесінің қорқынышты құбыжық күштермен құр қол шайқасқан қажымас батырдың нағыз өзі болғанынан хабардар еді.
Ауста алғашқыда әкем ұйықтап жатыр, ешнәрсені байқаған жоқ деп ойлады. Уақыт өте берді. Қызы оның тыныс алған деміне, жүрегінің дүрс-дүрс соққан күшті дүрсіліне құлақ тігіп жата берді. Бірақ оның өте баяу да сақ қозғалысына қарағанда, әкесі де ұйықтап жатқан жоқ сияқты. Қыз өзінен-өзі ұялып, қатты қысылды. Құдайдан енді оның орнынан атып тұрып, мұны шапалақпен тартып жіберуін ғана тіледі. Өйткені ол бұған қабырғаға қарап, ірі бұрылып жат деп еді ғой. Бері бұрылып жатуға батылы қалай барған?! Өзінің ендігі жердегі соншалық дәрменсіздігі салдарынан Ауста әкесіне одан сайын тығылып, жабыса түсті. Тағы да едәуір уақыт өтті. Олардың жүректері біріне-бірі қарсы таяу жерден аттай тулап, жылдамдата соқты. Ауста ұйықтап жатқан болып, қыбыр еткен жоқ. Ерні әкесінің мойнына жабысып қалған қалпында. Әкесінің абайсызда аздап қана қызына қарай жақындаған қолы жағдайды өзгертіп жіберді. Қыздың киген панталонының түймесі ойда-жоқта ағытылып кетті. Соның артынша Ауста оның қарулы қолының жып-жылы алақанын сезді.
Қыз бұған дейін мұндай жағдайды ешқашан сезінген емес еді. Енді өзінің қорқынышы қайда кеткенін сезбей қалды. Бүкіл тәні мен жанын билеп алған діріл енді тіпті басқаша байқалды. Қыздың ернінде көпке дейін тамақ ішпей, ашыққан адамның үстел үстінде жайнап тұрған тағам түрлерін көргендегі ашқарақ тәбеті ашылғандағыдай әлдебір құштарлық пен құмарлық сезімі оянғандай болды. Ал сол бір сезім әкесінің қимылдағанынан да қысылмады. Мұның әкесінің бауырына кіріп, жабыса түсуіне еш нәрсе де кедергі бола алмайтындай көрінді. Сөйтті де әкесінің мойнынан қос қолдап, қатты құшақтады. Әлдебір рақат сезіміне бөлеген осы бір белгісіз өктем сезім қыздың қас қағым сәтке дүниедегінің бәрін де ұмытуға мәжбүр етті. Бәлкім, үлкен өмірдің әлі белгісіз ғажайып сыры да осында болар?
Тап осы сәтте ол өзінің өмірінде ешқашан ұмыта алмайтын тосын оқиға болды — қыздың енді ғана оянған жастық сезіміне жарық сәуле емес, қара көлеңке түскендей еді! Ауста бұл дүниедегінің бәрін де ұмытып, рақат сезіміне бөленіп жатқан кезде әкесі оны іргеге қарай итеріп тастап, төсектен тұрды да киіне бастады. Шұлығы мен шалбарын тез-тез киді де, бәтіңкесінің бауын байлады. Кеудешесін киіп, сыртқа шығып кетті. Есікті итере жапты. Ауста оның дәлізбен кетіп бара жатқан адымдарын да анық естіп жатты. Енді сыртқы есікті тарс еткізіп жапты да, қайда кеткені белгісіз, біржола ғайып болды. Қыз қорылдап жатқан еркектердің арасында жападан-жалғыз қалып қойды. Қазір ол есінен тана мелшиген, қимылсыз қалпында жатыр. Еш нәрсені ойлауға да мұршасы жоқ сияқты. Әкесі сол кеткеннен мол кетті. Қыздың жан дүниесінде әкесіне деген өкпе өршіді. Бұл оған не істеді соншама? Дүние бұлінетіндей дәнеңе де болған жоқ қой. Ауста еш нәрсені жөнді түсіне алмады. Бірақ әйтеуір бір жан түршігерліктей сұмдық оқиға болғандай, бәрін де бұлыңғыр сезінеді. Мұның өзі оның өткен қыста Аустаның сага мәтініндегі түсініксіз сөзге бола шапалағымен тартып жібергенінен жүз есе жаман еді. Сонда бұл оның өмір бойы кешірмейтініндей шынында да әлдебір ұят нәрсе жасап қойғаны ма? Бірақ бұл әкесіне не істеді соншалықты? Оны тап мұның істегені қалай? Бұл кешірілместей сұмдық оқиғаның өзі де әкесінің мойнынан құшақтап, бауырына етене ене түсіп, жабысқанына қатысты болатынын бұл қайдан білсін? Сонда бұл қандай күйге душар болды? "Аяулы әкетайым-ау, мен саған не жаздым соншама? Менің соншалықты шектен шыққан ақымақ болғаным ба?" Оның жүзін жас жауып кетті. Өксіп-өксіп, өкіне жылады. Бетін құс жастыққа басып жатты — қорылдаса, тыныш ұйқыдағы еркектерді оятып алармын деп қорықты. Шамасы, әкесі үйге кетіп қалған-ау. Егер бұл оның соңынан ермек болса, кері қуып жібереді-ау! Масқара!..
Ақырында қыздың көз жасы сарқылды. Ол төсектен көтеріліп отырды. Әбден торығып, бар нәрседен үмітін үзгендей. Иә, әкесі шынымен-ақ кетіп қалыпты. Бұл енді жалғыз қалды. Мына сұрқия зұлымдыққа толы өмірде бір өзінің қолынан не келеді? Дәрменсіз бейшара емес пе? Тамақты қайдан табады? Қарны ашса, не істейді? Бәлкім, Мангидің әкесі — кеше таразыға тартып, жүн өлшеп алған қоймашы мұның өз үйінде тұруына рұқсат етер? Әлде батылданып алып, көпестің тұп-тура өзіне барғаны дұрыс па? Немесе өткен көктемде мұнымен мейірімін төге еркелетіп сөйлескен өкілетті өкіл — Иоунның ұлы — өз үйінде қалдыра тұрар ма екен? Белгілі бір тоқтамға келе алмай, Ауста бар нәрседен күдерін үзіп, орнынан тұрды да көйлегін, одан соң кебісін киді. Мойнындағы алқасының бауы үзіліп, ұсақ моншақтары төсекке шашылып қалыпты. Әкесі тастап кеткеннен кейін енді мұның моншақ не теңі? Бүкіл өмірі қор болды емес пе? Өйткені бұл өмірде жападан-жалғыз қалды ғой!
Ауста аяғының ұшымен ақырын басып, есікке жетті де қаракөлеңке дәлізге өтті. Табалдырықтан асыға-үсіге аттап, сыртқа шықты. Көктемнің жап-жарық түнінде көшеде қыбыр еткен жан жоқ. Майда жаңбыр сіркіреп түр. Тұман тау беткейінің бел ортасына дейін көтеріліпті. Ауста қазір сағаттың қанша болғанынан хабарсыз. Таң толық атқанша әлі талай уақыт бар сияқты — көшеде тірі жан көрінбейді. Үлкен шығанақ үстінде теңіз құстары шаңқылдайды — олардың үні дала құстарының тамылжытып, сайрата салатын әніне мүлде құсамайды. Ауста басының ауған жағына қарай жүре берді.
Ол мына кең дүниенің қыбырлаған тірі жан көрінбей, қаңырап бос тұратынын, тіпті қаланың өзі де елсіз дала сияқты меңіреу тыныштыққа бөленетінін бұған дейін көз алдына елестетіп көрген емес. Төңіректе ешкім жоқ. Көшелер мен үйлердің үстін салқын жаңбыр тұмшалап тұр. Кейбір ғимараттар қисайып, қыңырайып кеткен сияқты. Терезелерінің көздері қирап қалыпты. Үйдің шатырына жабылған қаңылтырлардың бояуы көтеріліп, сыдырылып түскелі тұр. Кейбір тұтас қаңылтыр табақшаларды жел ұшырып түсіріпті. Қара май жағылған қағаздың сыртындағы лақтарды су шайып кетіпті. Қабырғада жалбыраған қағаздары ғана көрінеді. Қай дуалдың, қай шарбақтың болсын жанынан балықтың сүйектері мен басының мүңкіген жағымсыз иісі шыға келеді. Теңізге түсе берістегі беткейде бірнеше сиыр күйіс қайтарып тұр. Бір мысық көшені кесіп, жүгіріп өтті де жоқ болып кетті. Әлем-жәлем сәнді киінген жас жігіттер де, далап жағынған жас сұлулар да көрінбейді — қаңыраған кеңістік пен мүлгіген меңіреу тыныштық қана...
Ауста қаланың бас көшесімен тауға қарай соншалықты сенімсіз де дәрменсіз, аяғын ілби басып бара жатты. Шашынан жаңбыр өтіп кетті, көйлегі де малмандай су болды. Оны елең қылмады. Инді бұған бәрібір емес пе? Кенет қарсы алдынан тұманды жара ат жетектеп келе жатқан біреудің бұлдыр бейнесі көрінді. Ол жақындап келген кезде бұл әкесін тани кетті.
— Бұл не жүріс? Жатып ұйықтай бермедің бе? — деп сұрады Бьяртур.
Қыз басын көтерместен теріс айналды, әкесінің сұрағына жауап қатқан жоқ.
— Осында күте тұр, — деді әкесі. — Мен қазір арбаны алып келейін
Ауста бір тастың үстіне жайғасып отырды. Жаңбыр оның шашы мен мойнына құйылып, жуып барады. Саусақтары сіресіп, қатып қалды. Сөйтіп ол көңілсіз енжар қалпында отыра берді. Қалтырап-дірілдеп тоңды, қарны ашты, әлсіреп қалжырағандықтан ұйқысы келді. Бір кезде түнгі тыныштықты арба дөңгелегінің сақұр-сұқыр еткен дыбысы бұзып жіберді. Бұл арбасын атқа жегіп келе жатқан әкесі еді.
— Арбаға мінгің келсе, міне ғой, — деді ол.
Бірақ Ауста жаяу жүргенді ұнатты.
Әкесі арба жегілген атын бұралаңдаған қисық жолмен өрге қарай жетелей берді. Қыз арбаның соңынан ілесіп келеді. Жаңбыр күшейе түсті. Сонау жоғары жақты ауыр қалың перде сияқты берік тұмшалап алды. Аустаның үсті-басы манадан бері малмандай болды. Су шашынан ағып, мойнына, арқасына, кеудесіне құйылды. Кенет ол өзінің бет орамалын есіне алды. Оны осы заманның шынжыр балақ, шұбар төс мықтылары үлкен ықыласпен сыйлап еді-ау. Ал бұл қуана қабылдаған. Кішкентай Аустаның бет орамалы қайда қалып қойды екен?! Жоғалтып алған болды ғой. Бірақ мұның өзі соншалықты маңызды да емес қой. Қазір бұған бәрі-бір емес пе? Еш нәрсенің де қажеті жоқ. Ол осылай ой үстінде келе жатып, аяқ астындағы езіліп кеткен балшыққа тайып жығылды. Орнынан көтерілгенде көйлегінің былғанып, тіпті жыртылып та қалғанын көрді.
— Ат бейшара асу үстінде аздап демін алсын, — деді әкесі. — Өзіміз де тамақтанайық.
Кешегі о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін теңізді жаңбыр мен тұман тұмшалап алыпты. Түк те көрсетпейді. Үлкен қала орналасқан ойпат та көзден ғайып болды. Алдыңғы жақта толып жатқан төбелердің сілемі тұманның қойнына сіңіп бара жатқандай. Ендігі жүрер жол әрі суық, әрі ұзақ болатын сияқты. Ауста алда өзін бір-біріне ұқсас, мәңгі таусылмайтын күндердің тізбегі күтіп тұрғандай сезінді.
Бұлар жол жиегіндегі ылғал тастың үстіне отыра кетті. Әкесі бұған аркасын беріп, теріс қарап отырды. Оның тізесі үстінде азық-түлік салынған дорба бар. Ол Аустаға қатып қалған бір жапырақ нан мен балықты өзінің иығынан асыра ұсынды. Бұл кеше түскі астан қалған болатын. Қыздың тамаққа тәбеті болмады. Осыдан біраз бұрын қарын ашқанын да ұмытып кетті. Нан мен балық су тигеннен кейін тіпті дәмсіз көрінді. Сонда да қинала-қинала шайнап жұта берді. Әкесі бір ауыз тіл қатпады. Олар бір-біріне теріс қараған бойы отырды. Жаңбыр тас үстіне тырс-тырс тамып тұрды. Екі-үш шайнамнан кейін Аустаның жүрегі айнып, құсқысы келді. Бірнеше адым жерге ұзап барып, әрең дегенде құсты. Әуелі әлгі ішіп-жегенін құсты. Содан соң лақылдата запыран тастады.
Артта ұшы-қиыры жоқ иен дала қалып бара жатты.
ОТЫЗ ҮШІНШІ ТАРАУ
ҚАТЫГЕЗДІК
Бұл жаз хутор тарихындағы естен шықпайтындай кез болды: Бьяртур үй ішіндегілер әлдебір оқиға туралы айта бастаса-ақ, оның уақытын : "бұл үйде Фрида сайтан тұрған жаздан пәлен жыл бұрын" немесе "бұл үйде Фрида сайтан келген жаздан түген жыл кейін" деп көрсететін болды.
Фрида кім еді сондай-ақ?
Фриданы жұмысқа жалдау оқиғасы былай еді. Бұрынғыдай емес, енді хуторда сиыр пайда болған соң қосымша жұмыс қолы керек еді — қысқа қажет пішен дайындау осыны талап етеді. Кезінде ресмириліктердің қояр да қоймай ұсынуымен Бьяртурға сұмырай сиырды қалай еріксіз тықпалаған болса, тағы да тап солай, солардың күштеп көндіруімен жалдамалы жұмысшы әйел осы хутордан бір-ақ шықты. Әрине, Бьятур бірден көне қойған жоқ.Олардың,редсмириліктердің, мұның ісінде несі бар? Бьяртур олар туралы не ойлайтынын қайдағы бір ұят, былапыт сөздерді қысылып-қымтырылмай-ақ, молынан қолдана жүріп толық жеткізді. Солай бола тұрса да Фрида Жазғы мекеннің бір тұрғынына айналды.
Бүкіл поселкені қалай болса солай алдап-сулауға амал-айласы әбден жеткілікті староста Бьяртур үшін оның қалтасы қиналмай көтеретін қызметші әйелді, әрине, оп-оңай таба қойған еді. Фриданың шіркеу қауымы есебінен жәрдемақы алып қана күн көріп жүргеніне көп болатын. Ол барып тұрған сүйкімсіз әрі жексұрын, ұрысқақ әрі қазымыр кемпір саналатын. Сондықтан да оны қолына алуды қалайтын адам табыла қоймайтын. Ол өзінің қожайындарымен ұдайы ұрсысатын да жүретін және тап қазір кімге өзі қызмет етсе, соның үстінен алуан түрлі өсекті өрттей қаулататын. Оларды "жалаң аяқ, жалаң бас сараңдар" деп атайтын. Мұнысы шындыққа жақын да еді. Ол әдетте өзінің ойын бүкпей, ашық айтатын. Оның оны-мұны ауру-сырқауы таусылмайтын, денсаулығын түзеу үшін ұдайы дәрі-дәрмек қабылдауға құмар болатын. Ал дәрісі таусылып қалса, төсек тартып жатып алатын.
"Мен мұндай "сән-салтанатты" сырқаттан бас тарта қоймаймын" деп күйдіретін өзгелерді. Алғашқыда оған дәрі-дәрмек шіркеу қауымы есебінен дәрігер Финсеннен сатып алынып жүрді. Бірте-бірте бұл жағдай старостаға ұнамады. Бүйте берсе, салық төлеушілерді қайыршыландырып бітірер деп ойлаған староста енді оған дәрі-дәрмекті өзі қайнатып, өзі жасап беретінді шығарды. Өйткені ол өзін медицина саласынан едәуір хабарым бар деп білетін. Әсіресе шіркеу қауымына масыл болғандарға қатысты кезде осылай деп ойлаймын Олардың еңбегін тегін пайдаланатын Оның өзі жасайтын дәрілер удай ащы келетін. Сонда да болса, оларды алушыларға күңкілдеп ұрсып жүріп, зорға дегенде беретін Фридаға келгенде сараңдық танытпайтын — әдетте ондай дәрінің тұтас бір, кейде екі бөтелкесін бірден бере салатын. Өйткені бұл кемпірдің еңбегіне жұмыс қауырт болып, бастан асып жатпаса, ақшалай ақы төленбейтін. Ал биылғы жазда старостаның көмегі арқасында Бьяртур Фриданың көрсететін қызметі үшін оған аптасына бірнеше крон ғана ақы төлейтін, қалған жартысына жүнмен нақты есеп айырысатын артықшылыққа ие болды.
Фрида қайдағы бір Иусуспетрус дегенге құлай сенетін және бүкіл дұғасын соған арнап, тілек тілейтін. Жазғы мекенде адамдар бір-бірімен әңгіме ететін еш нәрсе бола қоймаушы еді. Фрида келді де ол көзге шыққан сүйелдей ерекшеленді. Аулада жүргенде Бьяртурдың есіктің сыртынан сөйлесетін әдеті бар еді. Сөзін бейне бір аспанға қарап, айдалаға айтып тұрғандай болатын. Кімге арнап сөйлегені де белгісіз сияқтанатын. Оны үйдегі әйелі Финнаның естіген-естімегенімен де жұмысы жоқ. Сонда оның айтып жүретіні: бүгінгі ауа райының қалай-қалай құбылатыны, үй шаруашылығына катысты мәселелер немесе әйтеуір бір тапсырмалар туралы әңгімелер. Мұның бәрі кімге айтылып жатқаны белгісіз болғандықтан да нақты жауап естуді қажет етпейтін. Мұндайда екі үлкен ұлы әкесінің көзін ала бере бірімен-бірі итерісе кететін Ал егер Бьяртур олардың бұл қылығын байқап қалса, сазайларын беретін — не шапалақпен тартып жіберетін, не жұдырық жұмсап, қойып қалатын. Балалардың іссіз ерігіп қарап отыруына рұқсат етілмейтін.
— Хельги, саған ұят емес пе, баланың мазасын ала бермесейші! — дегенде Бьяртур үнемі Хельгиді кінәлі санайтын. "Бала" деп Гвендурды атайтын.
Қарт әже өзінше тербетіле отырып, әлдебір нәрселерді міңгірледі. Ал Ауста Соуллилья бой жетіп қалған қыздың сұраулы көзімен бейне бір қабырғаның арғы жағынан не төбедегі аспаннан құлақ түре қарап тұрғандай көрінеді. Ол ешкімге сырын ашпайды, ойын бөліспейді. Бұл мінезі үн-түнсіз үндемей жүріп, өлең шығаратын, содан соң ол өлеңдерін жұрттың бәрін таң қалдыра қонақтарына оқып бере қоятын Бьяртурға ұқсайды.
Барлық тұрғыны өздерін бір-бірінен аулақ ұстауға, өз ойларын өздері ғана білуге тырысатын хуторға күтпеген жерден бой бермейтін сөз тасқыны лап қойды.
Бір күні арқасында оны-мұны салған түйіншегі бар бір кемпір осы Фрида келе қалды. Ол келгеннен жағы тынбай, сөйлеуден тіпті де танған жоқ. Күні бойы үзбей сөйледі. Нонни мен әжесі әбден жалығып, ұйқыға кеткенде ғана дамыл тапты. Оның әр нәрсенің басын шатып мылжыңдаған ұзақ сөзі жаңбырлы күні шатырдың төменгі жиегінен тынымсыз сорғалап құйылатын су сияқты эсер етті. Шабындықтағы орылған шөпті жинап жүріп те өзімен-өзі сөйлесуден шаршамайды. Балалар оның сөзін ұрлана келіп тыңдайды. Кемпір шіркеу қауымында не болып жатқанын, хутордағы істің жайын егжей-тегжейлі баян етеді. Қай әйелдің күйеуіне немесе қай еркектің әйеліне опасыздық жасап, бір-бірлерінің көзіне шоп салып жүргені жайындағы өсек-аяңды өршітеді, некесіз туған қай баланың әкесі кім екенін айтып береді. Қойларды аштан қатыратын бай шаруалардың атына былапыт балағатты қардай боратады. Поселкедегі қадірлі де құрметті саналатын адамдарды барып тұрған ұры-қары деуден танбайды. Саростаның өзін де оңдырмай жамандайды. Оның қабатында пастордың да, тіпті судьяның өзінің де, бүкіл басшылықтың да сыбағасын беріп үлгереді. Өзгелер былғаныш саздан басқаны байқамайтын жерден бұл коп нәрсе көретін тәрізді. Өзін өзгелерден әрқашан биік санайды. Сыртынан кімді болса да сыбап сынап, жекіп, ұрсып жүреді. Ол өзінің сөзін әрқашан біреулерге қарғыс айтумен ұластырады. Әсіресе басқаларға қысым жасаған қатыгездердің масқара қылығын, "тағылық іс-әрекетін" айыптап, ашу-ызаға булығып, күйіп-піседі де жүреді. Ол өңінде не түсінде өзімен-өзі немесе далада өзінше кетіп бара жатқан біреулермен сөйлессе де осы тақырыпқа соқпай өтпейді. Итпен, қоймен, тіпті әнші құстармен сөйлессе де'осы. Ол "қатыгез тағылық іс-әрекеттерге" қарсы мәңгілік әрі өліспей беріспейтін наразылық күрес жағдайында жүретін. Сондықтан да оның көзқарасынан адамның түсіне кіретін, бірақ қанша жақындап қалса да анықтап көруге болмайтын, қандай тұқымдас топқа жататыны белгісіз құбыжық жыртқыш аңдарға ғана тән әлдебір ызалы өжет, шамшыл мінез танылатын. Қарт әже бүкірейген иығын Фридаға қарай беріп, теріс айналды да, иен даланың ғасырлар бойы үнсіз жатқан меңіреу мінезіне басып, өзінше терең ойға шомғандай болды. Финна ешқандай мән-мағынасы жоқ қысқа буынды бірер сөзді анда-санда ғана қыстыра қояды. Хельги бұл әңгімелерді көздерін сығырайта түсіп, мәз болып мазақ еткен күлкімен тыңдайтын. Кейде кешке қарай кемпірдің белдемше көйлегін тығып қоятын немесе жеп отырған ботқасына байқатпай тас тастап жіберетін. Ал Бьяртур: "Көресіні осы кемпірден-ақ көретін болдым-ау!" дегендей, "қарғыс атқан жалмауыз кемпірдің" бірде-бір сұрағына жауап қатпай, жеркенішті көзқараспен бір қарап, өте шығатын. Гвендур болса, әкесінің басқа да қылықтарын айнытпай қайталайтыны сияқты, бұл мінезіне де қатты еліктейтін. Бірақ кішкентай Нонни көздерін бадырайта түсіп, кемпірдің сандырақ сөздерін құмарта тыңдап, олардың басын қосып біріктіре алмай, әуре-сарсаңмен отыратын. Ол барған сайын кемпірге жақындай түсіп, оның тілінің қалай-қалай бұралаңдайтынын және екі ернінің қалай-қалай жыбырлайтынын жақсылап тұрып көруге тырысатын. Сондай-ақ оның аузынан атқылап шығып жататын тасқынды сөздердің саны мен әсерлі күш-қуатын тамашалаудан да жалықпайтын. Мұндайда кемпір де онымен ересек адаммен сөйлескендей, сөз таңдап жатпай, аузына келгенін айтып, кез-келген тақырыпта сандырақтап, әңгіме соға беретін.
* * *
"Бір күні қыстың қаһарлы қатты бораны соғып тұрғанда, корольдің әйелі сарайдың терезесі алдында іс тоқып отыр еді..." Пішен жинар алдындағы түні Ауста Соуллилья сыртқы есіктің табалдырығы жанындағы тас үстінде шамның жарығымен оқыған кітап осылай басталатын. Оны түннің жарымы ауа бере оқып болып, қайтадан тағы бір рет оқуға кіріскен еді. Екінші рет оқып шыққанда тан да атып қалды. Ол иен даланың үсті арқылы шығысқа қарай ұзақ көз тікті. Әлгі ертедегі оқиғалардың бәрін көз алдына елестетті. Қар аруына бір аспаз кезігіп, оның соңынан жеті таудан асқанша, оны қиындықтан құтқарғанша жүріп отырады. Сонымен Қар аруы ергежейлілер арасына барып пана табады. Бірақ оның басына алуан түрлі қауіп-қатер қайта-қайта тонумен болады. Ақырында өліп қалған аруға керемет сұлу бір ханзада тап болады. Ол Қар аруын шыны табытқа салып, өз корольдігіне алып кетеді. Аустаның кішкентай Қар аруына жаңы ашып, оның барлық қуанышы мен қайғысына ортақтасқаны сонша, көзіне талай рет жас іркіліп, кеудесі өксікке толды. Бірақ мұның бәрі де қайғы-қасіреттің удай ащы әрі ауыр өкініш сезімінен емес, қайта ізгі жақсылық пен сұлулық жолында жан аямай, мерт болуға дейін алып баратын жан дүниесіне бұл ертегінің мейлінше жақын әрі түсінікті болғанынан еді. Мөлт-мөлт тамған көз жасының арасынан әлгі керемет сұлу тірі ханзаданы, ал шыны табыттың ішінде жатқан өз бейнесін де анық көргендей болды. Корольдің қызметшілері табытты көтеріп келе жатып сүрініп кеткенде Қар аруының жұтқыншағына тіреле тұрып қалған алманың бір түйірі ытқып шығады. Енді ол орнынан көтеріліп, ханзадаға қарады. Екеуі бір-бірімен құшақтаса сәлемдесті. Бейне бір баяғыдан бері таныс жандар сияқты. Қар аруы басынан кешірген қыруар қайғы-қасіреттен кейін корольдің келіншегі болды. Ауста адам тағдырын барынша шыншылдықпен, ізгілікке деген жанашырлықпен және орасан зор сүйіспеншілікпен көрсете білетін поэзияның ғажайып құдірет-күшін өз өмірінде бірінші рет сезінді. Мұндайда адамдардың өздері де жақсара түсіп, өмірді неғұрлым тереңірек түсінеді екен. Сондықтан да біз ор адамның өмірінде ізгілік пен жақсылықтың әйтеуір бір жеңіп шығатынына сенеміз, үміт артамыз.
Бьяртур қызметші кемпір жалдағанымен өзінің жеке дара шаруаға төн әдеттерінен арыла алған жоқ. Бұрынғысынша тынымсыз жұмыс істей берді. Қашаннан қалыптасқан әдеті бойынша түн жарымынан тұрады, оған іле-шала аш қарын жүріп, жұмыс істейді. Ал балалардың кофе қайнағанша ұйықтай тұруына рұқсат етіледі. Кемпір пештің жанында қыбыр-қыбыр әуреленеді. Немерелерін ұйқысынан ояту оған жаздың күнінде де, қыстың күнінде де оңайға түспейтін. "Осындай да балалар болады екен-ау! Бұрын-соңды көрсем, көзім шықсын" дейді. Оның дауыс көтере шырылдағанын балалар естімейді. Естісе де елең қылмайды. Сондықтан оларды төсектен күшпен жұлып тұрғызбақ болады. Бірақ бұл әрекетінен де түк шықпайды — балалар резинадай созылып жата береді. Бейшараның әлсіз қолдары оларды одан әрі сілкілеп-жұлқылауға жарамай қалған кезде балалар бұрынғысынан бетер қатты ұйқыға кетеді. Көздеріне қорғасын құйып қойғандай — тіпті ашылмайды. Ақырында әйтеуір бір төсегінен тұрып, киіне бастағанымен көздері қайта жұмылып, бойларын ұстай алмаған адамдай теңселе түседі де, бастарын жастыққа қойып, тағы да жантаяды. Ондайда амалы таусылған кемпір олардың жақтарынан су шүберекпен салып-салып қалады — тезірек ұйқысынан оянып, көздерін ашсын дегендегісі. Әжесі оларға әр таң атқан сайын: "Сендер ешқашан оңған адам бола алмайтын шығарсыңдар түге!" — деп, күңкілдеп ұрсумен болады.
Балалар үйтіп-бүйтіп тұрғаннан кейін де жүйке жұқартып бітеді: еш нәрсе ішуге де тәбетіміз жоқ, құсқымыз келіп тұр деп күйдіреді. Олардың тәбеті даладағы жұмыс қызып, едәуір уақыт өткеннен кейін ғана ашылады. Дәмді тағамдарды көргендей-ақ тамсана түседі. Содан соң балалар жұмыс басындағыларға арнап кофе құйылған құтыны көтеріп, топалаң тиген қойлар сияқты аяқтарын зорға басып, шалшықты балшық жаққа қарай баяу ілбіп бара жатады. Аяқтарының жүруге икемі келмейді, тізелері шаншып ауырады, бүкіл денесі ауыр тартып, дем алуды аңсайды. Шіркін-ай, ана бір екі төмпешіктің арасына сүрініп құлай кетер ме еді! Сүрінуге ешкім тыйым салмайды ғой әйтеуір. Үстіміз былғанады деп қорқудың да қажеті жоқ. Қас қағым сәттен кейін-ақ орнымыздан тұруға әрекет жасап бағамыз ғой. Соның өзінде тәтті ұйқының рақатын тағы бір сезініп үлгереміз! Кейде балалардың қиналатыны сонша, тіпті маңдайларынан суық тер сүмектейді. Шалшықты балшықты кешіп келе жатып, белдерін бүге еңкейіп тұрып, құсып та алады. Терлері қатып қалғанын сонда барып сезеді. Әлгі ішкен кофесін қайта құсқанда ол бұрынғысындай тәтті емес, ашқылтым дәмі бар бірдеңе болып кері шығады. Содан кейін ауыздарына удай ащы сұйық бір нәрсе толады. Таңертеңгі кезде балалардың тісі жиі-жиі ауырады. Кейде күні бойы қинайды. Ондайда балалардың аузында әлдебір жағымсыз дом пайда болады. Демінен мүңкіген қолайсыз иіс шығады.
Ересек екі балаға бір-бір шалғы орақ берілді. Ал кішкентай Нонни әйелдердің орған шөбін жинауға жәрдемдесті. Өйткені әйелдер шалғышы ерлерден қалып қоймауы тиіс. Балалар әp күні он алты сағаттан жұмыс істейді. Ара-арасында тамақ ішу үшін екі рет, кофе ішу үшін бір рет үзіліс жасалады. Түстен кейін ашық аспан астында жатып азын-аулақ көз шырымын алуға рұқсат етіледі. Күн шұғыласы төгіліп тұратын ашық күндері шамадан тыс ауыр еңбектің өзі де ұмыт болып, адамдар болашақты ойлап, тәтті қиялға беріледі, алдан күтетін армандарынан алданыш тапқандай болады, неғұрлым еркін бостандықта, мүлде басқа бақытты өмірге кенелетіндей сезінеді. Бақытты өмір туралы мұндай мәңгілік арман-қиял адамзаттың таңы атып келе жатқан сонау ежелгі заманда да құлдардың алдамшы жұбанышына айналғанын ешкім ескере бермейді. Ондай шуақты сәттерде аспандағы Күннің өзі де сенің жағыңда сияқты көрінеді. Бірақ, өкінішке орай, биылғы жазда ондай шуақты ашық күндер аз болып тұр, яғни балалар шалғы орақтарын ырғақты серпінмен сілтей жүріп, қайдағы бір алыстағы бақытты ел туралы қиялға берілетін сәттер сирек кездеседі. Өйткені жаз жаңбырлы болды. Ал шалшықты балшықтағы көгалды кешіп жүріп шөп орғаныңмен тұрмай, жаңбыр өтіп, үсті-басың малмандай болған кезіңде қазіргідей нақты шындықтан шалғай қайдағы бір тәтті қиялға берілуге де мұршаң қалмайды. Балалардың мереке күндері киетін оңды киімдерінің жоқ екені сияқты жаңбырдан қорғайтын киімдері де жоқ. Бар киімі — шұрқ тесік фуфайка, кенеп көйлек немесе іріп тұрған шыт көйлек. Қазіргідей қиын-қыстау кезеңде жүнді, жүн матаны ең қажетті деген мақсатқа болмаса, кез келген нәрсеге рәсуа етіп жұмсай берудің реті жоқ. Бьяртурдың өзінде ғана жалғыз былғары кеудеше бар. Оны тек салтанатты жағдайларда, мысалы, қойшылардың жиналысына немесе күздігүні қалаға барған кезінде киеді. Жазғы мекендегі үйде киім деп атауға тұрарлық нәрсе сол ғана. Бьяртур оны жұмысқа ешқашан киген емес. Өйткені ол былғары кеудеше — мұның ешкімге тәуелсіз дербестігінің символы ғана. Кейде жаңбыр таңертеңнен бастап құйып кетсе және оның жуық арада басыла қоюына үміт жоқ болса, онда Бьяртур өзінің былғары кеудешесін қызына ұсынатын Ауста кеудешені киіп алып, әкесіне көзінің астымен бір қарап қойып, басын көтермейтін. Бар болғаны сол. Ал Фрида кемпірдің, мейлі ол шіркеу қауымының қамқорлығында болса да, жуан жіптен тоқылған көнетоз жүн кеудешесі бар. Сондай-ақ оның дөрекі кендір белдемшесі де болатын. Сөйтіп биылғы жаздың үздіксіз дерлік жауған жаңбыры үш кішкентай қорғансыз қызметкердің және қыс бойы төрт ай төсек тартып жатқан әйелдің үсті-басын малмандай су етумен болды. Олардың ескі-құсқы киімдерінің әр талшығына дейін су өтіп кетті, орамалдары мен тоқыма қалпақтары умаждалып, мыж-мыж болған бір нәрселерге айналды. Шаштарынан да су өтіп, мойындары мен беті-жүздеріне сорғалап ақты. Бас киімдерінің бояуы езілген су арқылы кеуделеріне құйылды, үсті-бастарын ағал-жағал етті. Осылайша ол бейшаралар шалшықты балшықтағы көгалды әрі балдырлы суды кешіп бірнеше сағат бойы тұрып қалып жүрді. Ондай кезде толассыз жауған жаңбырды көріп, біріне-бірі: "Немене, Құдайдың шелегінің түбі түсіп қалғаннан сау ма өзі?!" десетін. Су болған көк шөп шалғы орақтың астында шылқ-шылқ етіп құлап жатады. Ол барған сайын ауыр тартады. Мұндайда уақыт та жылжымайды. Денеге жабысып қалған су көйлек сияқты бір орында қозғалмай тұра беретін сияқты.
Жазғы маусым: құстардың жарыса сайраған үні естіле бермейді. Таяуда бір жерлерде тек балықшы құстардың тынымсыз әбігер әрекетте жүргені байқалады. Олар өздерінің таусылмайтын таң қаларлық ұзақ ертегісін айтудан жалықпайды: дала үстінде қиқылдаған үндері өшпейді. Құстар шын бақытты ғой: олардың жұмсақ та жылы қалың қауырсындарынан су өтпейді. Ал мұндағы үдей түскен жаңбырдың тарсылынан тіпті заржақ кемпір Фриданың даусы да естілмейді. Ал балалар бірнеше сағат бойы өздерінің ішектері қалай-қалай шұрылдағанын тыңдайды. Үстерінен су өтіп, қалжырап қалғаны аздай-ақ, әбден ашыққан да еді. Енді олардың әлдебір аульвалар көмектесер деген үміттері үзіліп бітті.
— Иә, мұндай қатыгез тағылықтан қашып құтыла алмайсың. Бұдан да жын-перінің қолынан өлген әлдеқайда артық. Құдай да, адамдар да куә, менің өлердей қиналып жүргеніме көп болды. Шіркеу қауымының қайыршыға жасайтын қамқорлығы арқасында ғана күн көріп келемін. Бірақ мен соншалықты сорлы болсам да сырт киімсіз қалуға дейін жеткен жоқпын әлі. Жұрттың жабыла алдағанына да, қыспаққа салып қинағанына да, қайыршы халге душар еткеніне де шыдап келемін. Балам, сен менің мына сөзімді есіңе сақта: қатыгез әкелерің сорлы шешелеріңді азапқа салып, әбден қинап бітті. Ол бейшара алдағы жазға жетпей өледі. Қарғыс атқан жексұрын қатыгездік-ай!
Кемпір осылай бір нәрсені қайталап айтып, қақсайды да отырады, қақсайды да отырады.
Шынында балалардың сорлы шешесінің жаздың күнінде де жиі-жиі ауыратыны рас. Жұмысқа жарамай қала береді. Ал балаларға келетін болсақ, олардың де мұрындарынан қан кетіп жүргені өтірік емес.
— Бірақ бәріне де өзім кінәлімін. Әлгі сұмпайы сұрқия старостаның мені әр жаз сайын сығарға биті, үрерге иті жоқ, кесіп алсаң қан шықпайтын сараң тақыр кедейлерге жіберіп жасайтын "жақсылығына" неге көне бердім екен? Олардың қара кофесінің өзі де кофеге ұқсамайды. Құдайдың құтты күні өлсең де, тірілсең де жейтінің — тұзға қақталған тісті балық немесе былтырдан қалған удай ащы тұзды тағам ғана. Жесең, ішек-қарның өртеніп қоя береді. Қышқылдығы сонша — тынысыңды тарылтады. Ең болмаса жексенбі күні бір түйір ет сұрап көрші — Құдай сақтасын, маңына жолатпайды! Иусуспетрустың атымен ант етемін, тап солай! Оларда біреуге қайырымдылық жасау деген адам өлтіргендей күнә саналады.
Қатыгездік — тасқа тырс-тырс үздіксіз тамып тұратын тамшы. Ол әлгі тасты ақыры бір тесіп тынады. Тап сондай қатыгездік тамшысы да балалардың жан дүниесіне тынымсыз тамшылап тұрғандай әсер қалдырады.
Сол бір қарғыс атқыр сіңірі шыққан сараңдардың сырын менен артық ешкім білмейді. Мен оларға жарты ғасыр дерлік күң болдым, табандарына басқан жұмсақ та жайлы төсенішке айналдым. Менің оларды бірінші рет көруім емес қой! Ақылының ең ақырғы қалдығының жеткен жері — қолындағы барының бәрін топалаң тиген қойларына жем етіп беруге әзір. Сайтанның сайтан екенін оның тұяқтарына қарап білуге болатыны сияқты бұларды да көкейлерін тесіп бара жатқан байлыққа құнығуларына қарап .айыруға болады. Менменсіп дандайсудан ешқайсысы да кенде емес. Рас, олар шіркеу қауымының қамқорлығына ене қойған жоқ. Өздерінше ешкімге тәуелсіз, өз еркіміз өзіміздегі дербес адамдармыз деп ойлайды! Қайдағы дербестік! Мен ондай жырдың талайын естігенмін, құлағым сарсыған! Өздерің-ақ айта қойыңдаршы, мұнда тұрған қайдағы дербестік?! Ол дербестік топалаң тиіп ауырып өлген немесе иелерінің көзінше аштан қырылған қойлардың ішек қарнында болғаны ма? Мен олардың байлығының қандай екенін жақсы білемін, балам: кофе сұрасаң, жуынды береді, тағам сұрасаң, сасып кеткен піскен балық ұсынады! Міне, олардың азаптан көз аша алмай жүрген сорлы балаларының миын Колумкилли білдіртпей сорып жүр. Ал ол, әкесі, балаларына қамқорлық жасап жүрмін деп ойлайды өзінше.
Балалар кемпірдің сандыраған сөзін ұзақ тыңдады. Оны ертегінің бейне бір қосымша жалғасы сияқты қабылдады. Егер кемпір ұдайы қайталай берсе, оп-оңай жатталып қалатын түрі бар. Әкесі қайдағы бір жарымес кемпірдің сөзіне құлақ қоя берудің қажеті жоқ екенін айтты. Бьяртурға мына иен далада псалом тәрізді, бірақ жұрт ынта қоя тыңдарлықтай емес, әлдебір жаңа нәрсе кенеттен пайда болған сияқты көрінді. Ал балалар Фриданы бет-ауыздарын қисаңдатып, жексенбі сайын мазақ етіп отыратын.
Балалар әкесінің беделіне сөзсіз бас иіп, бір айтқанын екі етпеуге дағдыланған еді. Өйткені Бьяртур — хутордағы ең жоғары билік иесі. Бәрі де соның айтуымен болады. Осы бір шағын әлемдегі тоқтау салуға бой бермейтін тегеурінді тағдыр тәрізді. Олар барлық бәленің, қырсық атаулының басы Бьяртурдан деп білмейтін. Оның жеке-дара жүргізетін билігі өзгелердің тарапынан айтылатын сын-ескертпелерді түгелдей тыйып тастап отыратын. Оның берген тапсырмалары мен нұсқауларына бірлесе отырып, батыл қарсы шығу деген атымен болмайтын. Дегенмен ондай жағдай да пісіп жетіліп келе жатқандай еді. Бұл ретте шешесінің ұзақ ауыруы мен нәрестелерін шалажансар туа беруі ең елеулі себеп болды. Балалар мұның бәріне әкеміз кінәлі шығар деп ойлайтын. Бірақ әлі ашу-ызаларын ашық білдіре алған жоқ еді. Ал тамыз айында да тоқтаусыз жауған жаңбыр астында отырып тыңдаған талай әңгімелерге қарағанда, Фриданың сөзі жарымес адамның сандырағы болудан қалып барады. Онда әлдебір шындықтың ұшқыны бар сияқты. Суық нөсердің, үздіксіз құйылып тұрған жаңбыр суы тасқынының салдарынан алба-жұлба киімдерінің малмандай су болып, жас денелеріне жабысып қалуы туғызған ашу-ыза, он алты сағатқа созылатын жұмыс күнінің ұзақтығы, жылт еткен үміттің болмауы мен қат-қабат қатыгездік балалардың жан дүниесінде ешқандай да қуаныш сезімін қалдырмай, езіп тастаған болатын. Бұған дейін олар өздерінің төзгісіз ауыр тағдырының әлдебір себебін сұрап біліп, түсіну мүмкін шығар деп мүлде ойлаған емес еді. Сөйтсе мына жалмауыз кемпірдің сандырағында өмірде адамдардың еңсесін езіп, бой жаздырмайтын зіл батпан салмаққа қарсы әділетті наразылық білдіруге болатын терең сыр бар болып шықты. Ол бостандық жолындағы күреске шақыратын жігерлі үн екен. Ондай үнді кемпірден соншалықты келеңсіз түрде естіп жүрсе де енді бұларға ұнап қалды. Саналарына саңылау түсе бастағандай. Неге екенін қайдам, әйтеуір Хельгидің кемпірді мазақ етіп, бет-аузын тыржаңдатып, жексенбі сайын ызаландырғысы келмейтін болды. Сөйтіп ол әкесінің бұйрықтарын бұрынғыдай екі айтқызбай, тез орындауын сиретті. Егер бұрын әкесінің бір нәрсесі ұнамаса, оған көрсетпеуге тырысып, ту сыртынан тілін шығарып, бет-аузын тыржитатын болса, енді бұл қылығын көзінше көрсетуден тайынбады. Шешесінің неге ауыра беретінін кішкентай Нонниге дейін біліп алыпты. Сөйтсе әкесі мұның шешесіне пальто сатып әпермепті.
Бұл иен далада жылт еткен жақсылықтың шынымен-ақ жоқ болғаны ма? Неге болмасын, бар. Ол — тамақ ішетін уақыт: тұзға қақталған балық, қара суға пісірілген ботқа, қан аралас ескірген шұжық жейтін кез. Мұндағы өмірдің бар қызығы осы ғана. Сиыр өлі туа қойған жоқ. Көптен күткен үміттің жылт ете қалатын сәулесі әдетте әкесінің Аустаға үйге барып, түскі ас әзірлей бер деп бұйыратын кезінде ғана көрінетін еді. Енді ол уақыт та сағыздай созылып, көп күттіреді. Балалар әкесінің бетіне жалтақ-жалтақ қараған сайын оның осы бір қас қағымдай ғана сағынышты сәтті қасақана кейінге ысыра түсіп отырғанын айқын сезді.
Ақырында Ауста Соуллилья ас әзірлеуге үйге кетті-ау әйтеуір. Ол жылдам адымдап бара жатты. Өйткені әкесі күн ұзаққа созылатын қатал шайқасты оның бір мезгіл үзуіне қашан рұқсат ететінін шыдамсыздана күтумен болған еді. Енді әне қолындағы тырмасын тастай салып, үйге жеткенше, сөйтіп пеш жаққанша асығып барады. Қайран от! От лау етіп жанған бойда Ауста үстіндегі су киімдерін шешіп, плитаның үстіне қойып кептіруге және ас әзірлеуге кірісті. Ара-арасында қанттың ұсақ қиқымын алып, тілінің астына сала қояды. Кәстрөлдегі суға кепкен балықты қайната отырып, жылынып та қалды.
Құдай, өзің қаһарыңнан сақтай гөр!
Өкінетін әр ісіне өлердей
Құдіретіңе бас иетін құл болып,
Абайсызда шалыс басқан өткенде
Құлдарыңа тозақ отын бұйыртпа
Ертеңгі күн қияметке жеткенде.
Бер жазаңды үсті-үстіне аямай,
Біле тұра күнәсіне белшесінен
Қасақана малтығып, Құдайменен
Ісі болмай, бет-бетіне кеткенге!
Әжесі бұл псалом-дұғаны қабағын төмен салған бойы шұқшия іс тоқып отырып, міңгірлете оқыды. Бірақ қыздың Құдаймен де, оның құдіретімен де, жазалайтын істерімен де жұмысы болған жоқ. Оның есесіне, қазір сыртта жаңбыр өлі құйып тұрғанда өзінің жылы жерде ештеңеден қауіп-қатерсіз отырғанына рақаттанды. Қалжырап шаршағаны, суға малынған ауыр көк шөп, балдыр өскен шалшықты балшық, мазасын алған жауын, су құстарының мұңға толы баяу үні — бәрі-бәрі бір сәтке ұмыт болғандай. Кострөлдегі ботқа пісуге жақын — бұрқ-бұрқ қайнап жатыр. Бөлменің ішінде тұзға қақталған балық иісі мүңкиді. Ошақтағы от та лаулап жанып, жарқырай түсті.
Шабындықтағы балалардың шалғы орақтарының жүзі мұқалып, өтпей қалғаны қашан. Өздерінің бұлшық еттері де ескі шүберектей босап кетті. Су болған көк шөпке тартқан шалғылары баяу да ауыр қимылдайды. Жұмыс өнбейді, су шашырайды, жердің бір түйір балшығы қоса ілінеді. Былтырғыдан қалған ескі шөптің сабағы шабылады, сынып түседі. "Ауста хуторға барған соң, Құдай атып, ұйықтап қалған шығар. Ботқа пісіруді де ұмытқан болар!"
Қолымда құтысы мен ыдыс-аяқтары бар Аустаның қарасы қотаннан шыға бергенде-ақ көрінді. Ол қандай көз қуанышына айналды десеңізші!
Шабындықтағы түскі ас... Кез-келген қуаныш әдетте оны үмітпен күтіп отырған кезде болатыны белгілі. Түскі астың дастарқан мәзірі еш өзгермейді: қара суға пісірілген ботқа, тұзға қақталған балық, қара бидайдың наны, қан аралас пісірілген ескі шұжық. Ал олардың тұздығы — тынымсыз жауып тұрған жаңбырдың сорғалаған суы. Солай бола тұрса да, бір жақсысы — Жазғы мекен иесі ешкімге жалынбайды, ешкімнен еш нәрсе сұрамайды. Көпестің де, тұтынушылар қоғамының өкілетті өкілінің де соңғы жарты жыл бойы бірімен-бірі жарыса "Сені жарылқай қаламыз" деп үйіп-төгіп беріп келе жатқан үмітіне де, уәдесіне де құлақ асқан Бьяртур жоқ. Жаңбырмен жібіген тұзды балықтың иісі бұрынғысынан да күшейе түсті және көпке дейін кетпей тұрып алды. Өйткені киімге де, қолға да сіңіп қалған еді. Тамақ жеп бола бере шөмеледе жатқан жерлерінен көтерілген балалардың тәбеті енді тіпті күшейе түсті...
Бьяртур ауа райы қандай болып тұрса да түскі астан кейін жеке өзі бір шетке бөлініп шығып, шөмелеге салынған шөптің үстіне қисая кететін де, көз шырымын тез ала қоятын. Ұйқылы-ояу жатып, бір жағынан екінші жағына аударылайын дей бергенде шалшық суға құлап түскен кездері де болған. Ондайда ұйқысы бірден ашылып кететін. Бұған қуанып та қалатын. Өйткені ол ер адамға күндіз бірнеше минөт көз іліндірсе, соның өзі әбден жеткілікті деп санайтын. Ал ұйқысынан тез оянбаса, көңіл-күйі бұзылып, өзіне-өзі ренжитін. Әйелдер жағы тамақ ішіп болған соң пішеннің астына кіріп, пана тапты. Су пішеннің асты суық еді - көп ұзамай, қалтырап-дірілдей бастады. Саусақтарының жаны кетіп, аяқтары сыздап ауырғанына қарамай, олар орындарынан зорға дегенде көтерілгеннің өзінде де шалғы орақтары мен тырмаларына қайта жармасты. Бьяртур олардың: "Шөп әлі су әрі салқын ғой!" деген қарсы шағымына әрқашанғы әдетінше таңдана жауап қайтарды: "Сендер не деген ақымақсыңдар өздерің!? Шөп су ма, құрғақ па, сендер үшін бәрі бір емес пе? Дүниеге осындай да адамдардың келетіні таң қалдырады!".
— Сендер үшін шөптің қалай да кебу, құрғақ болғаны керек қой. Бұл қайдан шыққан бап таңдау өзі? Қарғыс атсын түге сендерді! Мына менің жаңбыр мен қардың астында малмандай су болып, суыққа тоңғаныма жарты ғасырдан асып барады. Маған сонда да ештеңе бола қойған жоқ қой!
ОТЫЗ ТӨРТІНШІ ТАРАУ
МАҢЫЗДЫ ОҚИҒАЛАР
Пішен шабу науқаны аяқталуға таянып, күн әдеттегісінен әлдеқайда қысқарып қалған кез еді. Бір күні кешке қарай орақшылар таудың беткейіндегі жолсыз ашық даламен жаяу келе жатқан бір адамды көрді. Жетегінде үстіне жүк артылған аты бар. Ол көлдің шығыс жағалауына қарай бет алды. Жолаушының кім екені белгісіз. Адам таң қаларлықтай қаңғып жүргені несі? Бәлкім, соңында қуғыншылары бар қашқын болар? Басқа біреудің жерінде тентіреп жүргені қалай? Әлде аульв па екен? Қалай болғанда да бұл бір жұмбақ жан сияқты. Тіпті Бьяртурдың өзі де шөп шапқанын қоя салып, шалғы орағына сүйенген бойы қадала қарап қалды. Жолсыз жермен дала кезіп жүрген бұл кім болды екен? Не іздеп жүр? Жолаушы көлдің жағасына, оның өзіне, тіпті мөп-мөлдір таза ауасына сүйсіне қарады. Сонда бұл шетелдік ғалым немесе оңтүстіктен келіп, жер саудасымен айналысатын біреу болды ма? Ондай саудагердің басқа біреудің жерінде не жұмысы бар? Әлгі жолаушы көлдің жағасына тоқтады. Атының үстіндегі жүгін түсірді де, оны көлдің шығысына қарай жайылуға қоя берді: Сонда бұл не қылған сайтан болады екен?!. Содан кейін көлдің жағасын жартылай айналып өтіп, шөпті хуторлықтарға қарай бет алды. Ал олар қыбыр етпей қарады да тұрды. Қандай жұмбақ? Қандай құпия? Біліп болмайды. Айдаладағы шалшықты балшықта бейтаныс біреудің жүруі әдеттегіден тыс тосын оқиға ғой! Тіпті балалар да он бес сағат бойы жұмыс істеп қалжырап шаршағандарын ұмытып кеткендей.
Бейтаныс кісі мұндағы адамдарға мүлде ұқсамайды. Жалаң бас. Үстімде қоңыр көйлегі, жеңсіз тоқыма кеудешесі бар. Жүзі қара торы, жүдеу тартқан. Дене бітімі еңкіштеу келген. Жағы пышақ жанығандай, жұп-жұқа. Сақал-мұртын мұқият қырынған. Көздері ақылды көрінеді. Сонда мұның шетелдік біреу болғаны ма?
— Қайырлы кеш! — деді ол.
— Қайырлы кеш! — деп, ойлана байқап жауап қатты бұлар.
Фрида кемпір жерде жатқан тырмасын қолына жұлқып алды.
Бұл — оның жолаушыны жақтырмаған белгісі.
— Осы жұрт неге тентірейді де жүреді!? Алыстан келген адамға ұқсайды... Үйлерінде тып-тыныш отыра берсе болмай ма?!. Әлде қаңғырып жүру қандарына сіңген әдеті ме екен?
— Жазғы мекеннің несі сіздерсіз бе? — деп сұрады бейтаныс адам жақын келіп.
— Болсақ болармыз, — деп, Бьяртур салқындау жауап қатып, шалғы орағын қолынан тастамай, қонаққа қарай бірнеше қадам жүрді. — Бұл жер менің жерім деп саналады. Сіз кім болсаңыз, ол болыңыз — маған бәрібір. Бірақ басқа біреудің жерін кезіп жүргеніңізге жол болсын! Түсінбедім! Не тіміскілеп жүрсіз?
Бейтаныс жігіт ешкімге де әдеттегідей қол беріп амандасқан жоқ. Бірнеше қадам жақындады да іңірдегі күңгірт жарықта жан-жағына тамсанып, шола қарады. Қалтасынан қорқоры мен темекісін асықпай алды да:
— Тамаша аңғар екен. Көркіне көз тоймайды.
— Тамаша аңғар дейсіз бе? — деп сұрады Бьяртур. — Бұл өзі мына шапқан шөбіміз шіріп кете ме әлде аман қала ма, міне соған байланысты. Сізді мұнда біреулер арнайы тапсырмамен жібергеннен сау ма?
Арнайы тапсырмамен? Құдай сақтасын, ешкімнің де тапсырмасымен жүрген жоқ екен. Мына аңғардың өте тамаша екеніне қызыққан ол көлдің анау шығыс жақ жағалауына шатыр тігуіне рұқсат сұрады.
— Иә, бұл — менің жерім. Ол оңтүстігінде йен даланың терең түкпіріне дейін, солтүстігінде — сонау көгілдір тауларға дейін, батысында — асудың жартасына дейін, ал шығысында — жыралы сайға дейін созылады. Осы кеңістіктегі ойпаттың бәрі де менікі.
Бейтаныс жігіт бұл ойпатты түгелдей жыртылған егістікке айналдыруға да болады екен-ау деп, күмілжіте бір нәрсе айтқан болды.
— Егістікке айнала ма, жоқ па, ол — менің жұмысым, — деп наразылық білдірді Бьяртур. — Өйткені жер менікі. Мен біреудің ісіне қаңғырып жүрген бөгде біреудің арсыздықпен араласқанын қаламаймын. Қирап қалған ескі қоныстың орнына осы хуторды салып алғаныма таяуда он торт жылдың жүзі болды. Редсмиридегі қожайынмен толық есеп айырыстым. Маған бұрын бұл маңда қайдағы бір сиқырлы құбыжық күштер мекендейді дегенді айтушы еді. Бірақ мен ондай зұлым күштерден де, айлакер арам адамдардан да қорыққан жоқпын... Менің тамаша қойларым бар.
Бейтаныс жігіт оның айтпақ ойын толық түсініп, басын изеп қуаттады:
— Кедей-шаруа үшін жақсы бастама екен.
— Қайдам? Олай деп мақтанғым келмейді. Бірақ бір нәрсенің басы ашық: мен бұл өңірдегі шіркеу қауымының қамқорлығында күн көріп жүрген жеке басты бейшаралардан әлдеқайда артық тұрамын. Тіпті олардың көбінен жағдайым жақсы. Өйткені қарызға батып қалудан қатты сақтанамын. Өзімнің пішенімді пайдасыз малға рәсуа етпеймін. Әйтеуір биыл қыста әлдебіреулер бір жалмауыз жебір сиырды өзімнің еркімнен тыс тықпалап кеткенше солай болып келді. Бірақ менің бай-шаруаларға теңескім келетін ниетім тіпті де жоқ, әрине. Өйткені өз байлығым өзіме жетіп артылады деп ойлаймын. Сондықтан да менің ісіме өзге біреулердің ешқайсысының да араласуына жол бермеймін. Қандай одақ, қандай қоғамға болса да кіргім жоқ. Оларға тәуелді, кіріптар болудың не қажеті бар?!
Бейтаныс жігіт жаңа "Жақсы бастама екен" дегенде бұған жұрттың бәрі де ірі-ірі жер иеленушілер болуы тиіс дегенді айтпақ ниетті көздемегенін түсіндірді. Оның үстіне, бұл жігіттің өзінің де бай-шаруалармен байланысқысы келмейді. Одан да өз ақшасының кедейлеу шаруаның қолына тигенін қалайды екен.
Бьяртур бұл жігітті әлдебір жаңаша сауда жасау жоспарларымен жүрген біреу болды ғой ойлап қалды. Сондықтан да өзінің бір ғана көпеспен сауда жасасуға бұған дейін-ақ бекем бел буғанын алдын ала мәлімдеді. Қиын-қыстау күндерде де ол көпес көп адамдарға көмек қолын созған болатын. Миридегі Йоун тұтынушылар қоғамын ұйымдастыруға жанталаса кірісіп, шаруалардың оз тауарларынан жақсы жылдардың өзіндегі сияқты мол пайда табуына уәде етіп жүрсе де, сол пайданың басым бөлігін өз қалтасына басып қалатын болады деп санайтынын Бьяртур жасырмай айтып салды. Өйткені Йоунның бір өзінде әр күз сайын үш жүз елуге дейін қозы болады. Ал сонда әрқайсысында қырық-отыздан ғана қозысы болатын аз ғана кедей-шаруалардың табатын майдасы жарытымсыз бірдеңеден ғана айналады. Жыл жаман болған кезде ше? Ондай кезде тұтынушылар қоғамның өзі тақырға отырып қалып, оның зардабын шаруалар өздері үшін ғана емес, өзге біреулер үшін де тартуға мәжбүр болады. Ал мына өзі сияқты ешкімге тәуелсіз пақырдың ісіне келетін болса ...
Бейтаныс жігіт Бьяртурға оның әлгі көпеспен жақсы қарым-қатынасын бұзу ниетінің ойында да жоқ екенін айтып түсіндіруге асықты. Ол өзінің бұл жаққа жаздың жайдары жақсы күндерінде қолына мылтығы мен қармағын алып, серуен сала қыдырып, дем алып қайту үшін ғана келгеніне, мұның өзі оның жаны жақсы көретін үйреншікті әдеті екеніне сендіруге тырысып бақты.
— Мен сіздің бұл жерде құс атумен де, балық аулаумен де айналыспайтыныңызды естіген соң "Бәлкім, менің құс атып, балық аулауыма рұқсат етер" деген оймен келіп қалып едім. Тегін емес, әрине. Ақысын төлеймін.
Бұл көлде оңған балық та жоқ, — деді Бьяртур. — Есі бүтін адамның ондай мардымсыз іспен айналысуға уақыты қайда? Мына шалшықты балшықтан ауланған құстың да, балықтың да қойға титімдей де пайдасы тимейді. Мүмкін, бай шаруалар мен олардың балаларының қойына пайдалы болар? Мен Редсмири старостасының ұлы туралы айтып тұрмын. Ол қазір өкілетті өкіл деп аталады. Парсы дінінің рухында тәрбиеленген. Қазір тұтынушылар қоғамындағы ең мықты шонжар сол. Кінәсіз біреуге қажет емес сиырды еріксіз тықпалау үшін Әйелдер одағын мұның әкесімен бірге әдейі құрған өз шешесі, яғни старостаның әйелі сияқты, бар билікті өз қолына шоғырландырды. Ол оңбаған бұзақы неме көзіне көрінген аң мен құсты қырып салуға құмар-ақ.
Ай-шайға қарамайтын ожар мінезіне басқан Фрида кемпір де анадай жерден қабаттаса айқай салды:
— Үстіндегі ағылған битінен арыла алмай жүріп, осы бір оңбағандардың өзінен жоғары адамдарды жамандауға келгенде алдарына жас салмайтынын қайтерсің! Ал өздері де ешкімді, еш нәрсені аямайды, өлген-тірілгеніне қарамай, аяусыз езеді. Үстіндегі биттеріне ғана тимейді.
Бейтаныс жігіт кемпірдің мына сөздеріне қарап, не дерін білмей қысылған қабақ танытты — темекісінің түтінін солай қарай будақтатты.
— Қарғыс атқыр алжыған қақбастың сөзіне назар аудармаңыз. Аузына не келсе, соны айта беретін әдеті бар, — деді Бьяртур әлдебір түсініксіздік туып қалмауы үшін.
Бейтаныс жігіт енді өзінің өтінішін қайталауға мүмкіндік алғандай болды.
— Жарайды, егер сіз жер саудалап жүрген саудагер қу болмасаңыз, ешқандай одақтың тапсырмасымен жүрмеген болсаңыз, онда несі бар, шатырыңызды тігіп алыңыз да, бірнеше күн бола беріңіз. Тек менің жерімнің шөбін таптай көрмеңіз. Маған ешқандай да саудагердің, ешқандай да одақ мүшелерінің мүлде қажеті жоқ. Мен ондай одақтарды жастардың соры деп білемін. Ал менің жерім ешқашан сатылмайды. Біз, өзім және әйелім, балаларымыз, бүкіл отбасы мүшелеріміз, осы жерде бір шаңырақтың астында тату-тәтті, айқай-шусыз жақсы тұрып жатырмыз. Бәрі де қойларымыздың қамы үшін. Өйткені қойларымыздың жағдайы жақсы болса, біздің өзіміздің де жағдайымыз жаман болмайды. Қойларымызға барлық жағдай жасасақ, өзімізге де бәрі жеткілікті болады деген соз. Тек ауа райының қолайсыз жауын-шашынынан сақтасын Құдайымыз.
Бейтаныс жігіт өзінің жер саудалап жүрген саудагер де, әлдебір одақтың арнайы жіберген өкілі де емес екеніне Бьяртурдың көзін жеткізгеннен кейін келіссөз басталды. Ол кәдімгі оңтүстік жақтың тұрғыны болып шықты. Жаздыгүнгі дем алуға, серуен құрып, көңіл аулауға келуді әдет еткен көрінеді. Біреу оған осы маңдағы көлде балық көп дегенді айтыпты. Бірақ оның нақты аты-жөні кім екенін ұмытып қалыпты. Осы жерде бірнеше күн болғысы келетін ойы бар екен. Оған еш нәрсе де қажет емес көрінеді — бәрі де өзінде бар сияқты. Бұған дәлел ретінде қалтасынан қағаз ақшаға толы әмиянын алып көрсетті. Нағыз ақшаның дәл өзі! Оңтүстік жақтағылардың банкісі өздерінің қол астында ғой. Олар мұндай қағаз ақшамен қажет болса, құйрықтарын сүртеді дейді біреулер. Бьяртур ақшаны қаншалықты ұнатпайтын болса да уыс толатын мына ақша оған әжептәуір қызығарлықтай әсер етті. Ол тіпті мына бейтаныс жігіттің шатырын құруына жәрдемдесуді ұсынды. Бірақ ол бұл ұсыныстан бас тартты. Өзінің де оп-оңай құрып алатынын айтты. Келген бойда қалай немқұрайды амандасса, тап солай қош айтысып, жүріп кетті. Оның соңында адам таң қаларлық хош иіс пен темекінің көгілдір түтіні қалып, ауаға бірте-бірте жайылып, сіңіп жатты. Бұл келген адам өте аз сөйлейді екен — өте қысқа амандасты. Оның ақшасының көптігі мұндағылардың қиялын шарықтатты. Мұндай адам, мұндай мейірімді мырза, бірақ ертегілерде ғана айтылатын алыстағы бекзат ханзада енді, міне, ойламаған жерден бұлардың хуторына көрші бола кетті! Оның көңілінің жақындығы көптеген жай күндер арасындағы жарқын мереке шұғыласындай, жауынды-шашынды бұлт арасынан жарқ ете қалған күн көзіндей, сұрғылт көкжиектен көз тартқан шамшырақтай әсер етті. Мұндағылардың ұйқыдағы санасын оятқандай, мұң басып жатқан жабырқаңқы өміріне жаңаша жарқын жан бітіргендей болды. Осы түні Аустаның түсінде өзінің жұтқыншағына тұрып қалған алма түйірінің қалай ытқып түскені кірді.
Осының ертеңіне сиыр бұзаулады. Сөйтіп бір тәулікке жетер-жетпес уақыт ішінде үлкен-үлкен екі түрлі оқиға болды.
Соңғы апталарда сиыр байғұс қатты қиналып жүр еді. Оның жағдайын жете білетін және жақсы түсінетін Финна ғана. Ол сиырды таңертең өріске шығаруды да, кешке қарай айдап келуді де ешкімге сеніп тапсырмайтын болды. бұл жұмысты оның өзінен басқа ешкім де соншалықты мұқият сақтықпен атқара алмайтын. Букодла қораның тар есігінің екі жақтауына екі бүйірі тіреле қысылып-қымтырылып кіріп-шыққанға дейін ешкім де сабыр сақтап, күтіп тұруды білмейтін. Сиыр сазды балшықта жүруге қиналып, тым жай жүргеннің өзінде де оны жіңішке шыбықпен жай ғана үру Финнаның ойына кіріп-шықпайтын. Сиыр оқтын-оқтын тоқтап, ырс-ырс етіп, қинала демін алатын, құлақтарын қимылдатып, мөңіреп қоя беретін. Олар бір-бірінен өзен жағасындағы сайда ажырасатын.
Финна сиырдың бүйірінен сипап қойып, былай дейтін:
— Енді көп ұзамай біздің бұзауымыз болады. Ол үлкен басын әзер көтеріп, әлсіз аяқтарын тарбита талтайып түрегелетін болады әлі!.. Ештеңе етпейді, бәрі де жақсы аяқталады. Кешке тағы көрісеміз. Алаңдап, мазасызданба. Біз бір-бірімізді ойымыздан шығармаймыз ғой.
Сөйтіп Финна үйге қайтатын. Ал Букодла өзен жағасындағы балауса көк шөпті баяу жұлып жеп, сабырмен шайнайтын, тұмсығын рақаттана көкке көтеріп қоятын.
Бұл кеште Финна сиырды әдеттегі жайылып жүретін жерінен таба алмады. Мұның өзі таң қаларлық жағдай болды. Бұзаулайтын уақыты жақындаған сайын ол тынышталып, сабырлы да жуаси түскен сияқты еді. Бұрынғы келген жағына қашып кету дегенді мүлдем қойған болатын. Әйел байғұс бір төбеден бір төбені асып, ілгері қарай жүре берді, жүре берді. Таудың етегіне дейін жетті. Букодланы дауыстап шақырумен болды. Ақырында сиырдың өзен жағасындағы бір кішкентай сайдан үні естілді-ау, әйтеуір. Ол жауап қатып, бір-ақ рет мөңіресе де Финна оны тез тауып алды. Сиыр бұзаулап тұр екен. Бұл оның бошалап келген жері болып шықты.
бұл кеш Финнаға өте ауыр тиді. Сиыр өз иесінің ырқына көнбеді. Бұзауын айналып, бір орында тұрып алды. Оны біресе иіскеп, біресе жалап, тыным тапқан жоқ. Ақырын ғана мөңіреп қояды. Жанымда біреу жүр-ау деп елең де қылмады. Финна оның бұл жағдайын жақсы түсінді. Жас төл дүниеге келгенде ол өзінің енесі мен оны бұрыннан жақсы көретін иесінің екі ортасында болады. Сиырдың тұла бойын бақытты аналық сезім біржола билеп алып, оның адамға деген сүйіспеншілікпен жақсы көру сезімін бәсеңсітіп жіберген еді. бұл күн Букодланың барлық арман-мақсаты толық орындалғандай болды. Енді оған еш нәрсенің де қажеті жоқ. Тіпті адамның аяушылық танытып, есіркеуінің өзі де артық сияқты. Финна сиырды қораға әрең дегенде айдап әкелді.
Үйдегілердің Бьяртурдан басқаларының бәрі де ұмтылыса сиыр мен бұзаудың алдынан шықты. Жүгіріп жеткен балалар бұзауды
Қызық көргенше тағат таппады. Енесіне ұқсас теңбілі бар сұрғылт бұзауды жан-жағынан қоршап алды. Ол еркек бұзау екен. Ауста Соуллилья оны жақсы көргені сонша, дөңес маңдайынан иіскеп, сүйіп-сүйіп алды. Ал бұзаудың енесі мұны ақырын мөңіреп, сүйсіне қарап тұрды. Әдетте сиырды артқы аяғынан тістеуге құмар есалаң болса да бұл жолы ол қылығын қайталамады. Тіпті шәуілдеп үрген де жоқ. Сиыр өзіне қарай ұмтыла бергенде құйрығын артқы екі аяғының арасына қысып, сыпайы түрде кейін шегіншектей берді. Өмірге жаңа келген жас төлге ол да құрметпен қарайтын сияқты. Қарт әже тырманың сынып қалған сабына сүйеніп, дуал жағалап, қисалаң-қисалаң етіп, әзер жүріп келе жаттық Бұзау мен енесін оның да еркелетіп, мәпелегісі келеді. Тіпті Фрида кемпірдің өзі де әдеттегісіне қарағанда әлдеқайда мейірімді бола қалғандай.
— Бейшараға, — деді ол, — Иусуспетрус жар болғай!
Осы кезде үйден Бьяртур де шыққан еді.
— Міне қызық! — деді ол, — Пышақты қайрай беруге болады екен.
— Айттым ғой, бұл қарғыс атқыр қанішер осылай дейді деп! — айқайлап жіберді Фрида кемпір.
Әйелі Бьяртурдың жанынан есік жаққа өтіп бара жатып, оған жалынышты көзімен қарады да:
— Қымбаттым менің Бьяртур! — деді ақырын баяу үнмен. — Аясаңшы жас төлді.
Сиырды өзінің оңаша қоршауына байлады да бұзауын қасына қалдырды. Әбден кеш болып, енді жұрт ұйқыға жинала бастаған. Ал әйелдер сүйкімді жас бұзау туралы әңгімені әлі де жабыла жалғастырып, хуторда жас төлдің пайда болғанына қуаныштарын баса алмай, бейшара сиырдың аман-есен бұзаулап, бәрі де сәтті болғанын жасыра айтып жатқан кезде Бьяртур бұзау туралы әңгімені бастады:
Әттең, алдағы жексенбіге дейін уақытымның жоғын қарашы! Немесе бұзаудың былбыраған жас етін Фьордқа алып барып, сатып келер едім.
Келесі күні бұлар үй-ішімен уыз ішті. Ең бір жақсы күндер туды. Енді олар Букодлға шеттерінен сүйсіне қарайтын болды. Ал ол таңертең бұрынғыдай жалғыз өзі емес, өзін айналып шапқылайтын бұзауын ертіп алып, аяғын тез әрі жеңіл басып, өріске қарай кетіп бара жатты. Сиырдың өзіне салса, оған ендігі жерде есіркеп-мүсіркеудің де, еркелете мәпелеудің де қажеті жоқ сияқты. Ол бұзауын түрткілеп, маза бермейтін балалардан неғұрлым тезірек ұзап кетуге тырысады. Сиыр бұзауымен бірге өте алыс кетіп, тау етегіне барып, алаңсыз жайылатын болды. Енді ол адамдарға тәуелді емес сияқты. Ал бұған дейін Финнаның қамқорлығын қатты қажет ететін Енді адамдардан қашқақтайтын болды. Кешке таман Финна айдап қайтуға келгенде Букодла оған бейне бір бейтаныс біреуді көргендей қарайтынды шығарды. Бірақ Финна оған еш ренжімейді. Өйткені ол ана болу қуанышын оз басынан талай рет кешірген. Әбден жақсы біледі. Ана болу адамды аспандата ардақтатады, өзге нәрсенің бәрін де ұсақ-түйек нәрсе ретінде төмендете түседі. Ал Финна мұны әрқашан терең сезінеді.
Финна сиырдың кешкі сауымда сүтті тым кем бере бастағанын Бьяртурға айтудан тартынып жүрді. Өйткені ол бұзауды күні бойы байлап қойыңдар деп бұйыра ма деп қорықты. Финна сиырдың ұзақ уақыт жалғызсырап күйзелгенінен әрең дегенде құтылған шағында енді оның жанындағы жалғыз серігі — бұзауынан біржола айырылуы мүмкін-ау деген ой түскенде төбе шашы тік тұрғандай шошып кететін.
Күн жексенбі еді. Таң жаңа ғана атқан. Мұндай күні әдетте Бьяртурдан басқалардың барлығы да ұзақ ұйықтайды. Ал ол үшін күндердің бір-бірінен ешқандай айырмасы жоқ. Тіпті мереке күндері де таңмен таласа оянып, әр түрлі жұмыстармен айналыса бастайды -бір нәрсені тыңнан жасайды, енді бір нәрсені жөндеп жүреді. бұл күнгі таңда ол үстіңгі бөлмеге түсіп-шығатын тесіктен көтеріле беріп: "Немене, бүгін бұл үйдегілердің бәрі қырылып қалғаннан сау ма өзі?" деп дауыстап сұрады.
— Мұның қалай, сен өзің жексенбі күні де маза бермей, қыспаққа алмақсың ба? — деп, баж ете қалды Фрида кемпір.
— Бұзаудың ішек-қарны есік алдында жатыр, — деді Бьяртур. — Жаңбырдың астында қалып, бұлінсе бұліне берсін десеңдер, өздерің біліңдер, әрине. Мен оның жас етін алып, Фьордқа кеттім.
бұл күні Финна жатқан орнынан тұра алмады. Қабырға жаққа аударылып түсіп, теріс қарап жатты. Ауырып қалды. Халбера әже, Фрида кемпір, балалар — бәрі де өре түрегелді. Бұзаудың жып-жылы ішек-қарны табалдырықтың сырт жағындағы астау ыдыста әлі буы бұрқыраған қалпында жатыр екен. Ал Бьяртур көтерем кәрі Блесиге мініп, шалшықты балшықты кеше-меше шығысқа қарай кетіп бара жатты. Ердің екі жағында көпестің жылы-жұмсақ қуырып жеуіне арналған жас ет салынған қоржынның екі басы көрінеді.
— Бұл әлі біздің бәрімізді де тап осылай бауыздайтын болады! — деді Фрида кемпір. Ол балағат сөздерін әдейі есіттіре қатты дауыстай жүріп, ішек-қарынды тазалауға кірісті, жуа бастады.
Аң-таң қалған балалар саусақтарын ауыздарына салып, мына жағдайға мұңая қарады, басқалардың айтқан сөздерін ден қоя тыңдады.
Қайран Букодланың бұзауы!.. Балалар оның әрбір жас нәрестеге тән ұқсас қимылын, көзқарасын естеріне алды. Ол кеше ғана бұларға еркелей қарайтын, аулада біресе алдыңғы екі аяғын, біресе артқы екі аяғын көтере асыр салып жүгіретін. Ауста оны үш түсті деп жақсы көретін. Бұзау беткейді кезіп жүріп, хош иісті жас шөпті рақаттана иіскейтін. Жаңбыр жауа бастаса, енесінің бауырына барып тығылатын.
Бұл күн Жазғы мекендегі хуторда қалғандарды ауыр мұңға батырып, қатты жабырқатқан жексенбі еді. Букодла байғұс қорадан шықпай, бұзауын іздеп, үздіксіз мөңіреумен болды. Қанша рет өріске айдап салса да қайта оралып келіп, табалдырықтың жанында мөңіреп тұрып алады. Үйдегілерге зарын айтып, мұның шаққандай болады. Оның мөңіреген зарлы үні тау жаңғырығына жалғасады. Бақытсыз бейшараның үлкен көздерінен ірі-ірі жас тамшылары бырт-бырт төгіледі. Сөйтсе, сиырлар да жылайды екен.
Финнаның Букодлаға тура қарауға апта бойы дәті шыдамады — өзін кінәлы сезінгендей жүрді. Сондықтан да оны Фрида кемпір сауатын болды. Адамнан қатыгез ешкім жоқ. Олар тілсіз момақан жануарлардың алдында өз кінәларынан қалай ақтала алмақ? Азаптың алғашқы күндері әрқашан ауыр болады. Бірақ адамның бір бақыты уақыт өте келе қандай ауыр қылмысты да, оның азабын да ұмытып кетеді. Кәдімгі баянсыз махаббат сезімін ұмытып кеткен сияқты.
ОТЫЗ БЕСІНШІ ТАРАУ
ҚҰТТЫ ҚОНАҚ
Жаңбыр құйып тұр. Ауста Соуллилья түскі ас әзірлеу үстінде. Ол су болған көйлегін шешіп кептіріп алу үшін ыстық плитаның үстіне жайды. Оның буы шыға бастады. Ауста жалаң аяқ, жалаң бас, тозығы жеткен жыртық белдемшесімен жүр. Балық тазалаумен әуре. Кәстрөлдегі су көпіршіп қайнай бастады.
Кенет төменнен біреудің аяғының тықыры естілді. Сыртқы есік ашылып, біреу қора арқылы кіріп келе жатты. Сатының сықыры да естілді. Артынша жоғарыға көтерілетін тесіктің қақпағы ашылды. Әне келген адамның өзі де көрінді. Ол жан-жағына көз жүгіртіп шықты. Басында — қалпақ, үстінде — су өтпейтін плащ.
Оның ішінен жағалы пальто киіпті. Доғалы белдік, былғары бау, жалт-жұлт еткен мыс түймелер. Аяғында қонышы биік брезент саптама етігі бар. Қандай нөсер болса да су өтпейді. Көгілдір көздерінің жанары ашық. Жылы жүзді жан екені байқалып түр. Ол Аустаға жап-жас жігіт сияқты болып көрінді. Қонақ жігіт сыпайы сәлем берді, ал қыз не деп сәлемдесерін білмей, бұрынғы әдетінше үн қатпастан қолын ұсынды. Бірақ, бір таңқаларлығы, жігіт қолын созбады — қыздың қолын алмады. Кең де қалың пальто киген ол бұлардың кішкентай бөлмесінде коп орын алып тұрғандай. Ауста ол басын үйдің аласа төбесіне соғып алар ма екен деп қауіптене ыңғайсызданды. Қонақтың берген сәлеміне қарт әже де жауап қатқан жоқ. Ол тоқып отырған ісін қоя салып, қонаққа көзінің қиығымен қарады. Қонақтың қолында екі түйіншек бар еді — бірінде форель балықтар, екіншісінде ақбас қараша қаздар болатын.
— Жас балық пен құс еті, — деді қонақ. — Әуес ас қой. Тағамдарыңыздың бұл да бір түрі болсын.
Ер адамның күнге күйіп, тотыққан жүзінен інжудей аппақ бейне бір әдемі тізілген тістері жарқ ете қалғандай болды, ал оның күміс қоңыраудай сыңғырлаған сұлу үні Аустаға ерекше жағымды естілді.
— Соула, — деді карт әжесі қарлыққан даусымен, - қонаққа орындық ұсынсайшы.
Бірақ Аустаның отырыңыз деп айтуға батылы жетпеді. Тозығы жеткен белдемше көйлегінен, өзіне епетейсіз ұзын сияқтанған қолдарынан, балтырына жұғып қалған балшықтан қысылды. Ол аздай-ақ, плитаның үстіне кептіруге қойған жыртық көйлегінен бу бұрқырап жатқан еді... Қыздың қысылғаны сонша, қонақтың жүзіне, тіпті түрлі түсті бояуымен құлпырған форельге де тура қарай алмады. Шамасы, бұл адам осылардың ішіп-жейтін тағамы жоқ шығар деп ойлап тұрған да болуы керек. Енді бұл оған не демек? Осы жерде әкесі болғанда не дер еді?..
— Қане, бірнеше форельді кострөлге салайық, — деді де, қонақ жігіт қолына пышақ алды. Оның жіп-жіңішке қоңырқай қолдары тап-таза әрі нәзік көрінді. Еш жерінде ойылып, құс басқан, сызат түскен белгі білінбейді. Қолы қолына жұқпайтын шебер де екен — өте әбжіл қимылдайды. Бірнеше форельдің ішін көзді ашып-жұмғанша дерлік аршып тастады. Оның ұрық бездері мен уылдырығын тостағанға аударып, бір бөлек қойды. Ал жуып тазартылған балықты кәстрөлге салды.
— Тамаша балық екен, — деді оя Салмағы төрт фунтқа жуық. — Сөйтті де форельді қарт әжеге көрсетті. — Өте жақсы, дәмді балық.
— Иә, иә, — деп қуанды қарт әже. — Солай да болар. Әркім үйренген тағамын жақсы біледі ғой. Бірақ өзгелер үшін өз талғамыңмен ғана тағам-тамақ таңдамау керек. Менің жаңадан ауланған балықты жеуге тәбетім тартпайды. Ал тұщы суда өсетін балықтың тіпті де дәмі болмайды. Жаңадан ұсталған балықтың жас етін асқазаным қорыта алмайды. Бір түрлі күшті сияқты көрінеді де тұрады. Содан барып, денемді бөртпе басып кетеді.
Қонақ жігіт олай болуы мүмкін еместігін айтты. Өйткені балықтың жас еті денсаулыққа өте пайдалы ғой.
— Сіз қай жақтан келдіңіз өзі?
— Оңтүстіктен.
— Өзім де солай шығар деп ойлап едім. Мүсәпір екенсіз ғой, — деді кейуана көбінесе үйінен жырақта жүрген жанға қарт адамдардың аяушылық білдіретін әдетімен.
Ауста Соуллилья қонақ жігіттің қолы қолына жұқпай форельді көз ілестірмейтін әбжілдікпен тез соятынына тұрған орнынан қозғалмай, қадала қарапты да қалыпты. Қолының қозғалысы әбден машық болған қасаптың қимылындай өте тез әрі сенімді. Бейне бір бар жұмыс өзінен-өзі жүріп жатқан сияқты. Оның үстіне, бәрі де дұп-дұрыс. Оның Ауста жақ бетінде әлдебір күлімдегендей белгі білінеді. Бірақ оның ойында күлсем деген ниет мүлдем болған жоқ еді. Қонақ жігіт өте сұлу да сымбатты әрі мейілінше мейірімді көрінді. Ол форельді кәстролге салып болды да, оның ернеуіне дейін толтыра су құйды. Содан кейін аздаған тоң май сұрады. Қайнап жатқан форельдің жағымды хош иісі бүкіл бөлмені алып кетті. Бұл бір атақты үлкен адам, құтты қонақ болды ғой. Ал, оның осы маңға келген алғашқы күнінен бастап Аустаның ойында не болғанын, нені армандағанын ешкім біліп болмайтын еді.
Қонақ қорқорын алып, темекіге толтырды. Содан соң рақаттана тартты. Тобылғының бал-шырын аралас, тіпті одан да тәтті, одан да ұнамды иісі аңқып қоя береді. Мұндай тәтті хош иіс оз алдына бір дүние тәрізді. Ол жағымды иіс қонақ жігіт кеткеннен кейін көпке дейін сақталып тұрады.
— Қош болыңыздар, — деді де, қонақ жігіт көзден ғайып болды. Оның өзінің соңынан сыртқы есікті жапқаны естілді.
Ауста терезе алдына тез жетіп барды да оның құйып тұрған жаңбыр астында су өтпейтін қалпағы мен плащын, кең пальтосын киген қалпымен жүгіре басып кетіп бара жатқанына қарады да тұрды. Жоқ, мұндай адамға жаңбыр дегенің түк те қорқынышты емес. Жүрісі қандай жеңіл әрі жарасымды еді! Қыз кенеттен басы айналып, жүрегінің аттай тулағанын сезді. Жүрегінің дүрсілі басылғанша сол орында тұра берді.
Қарт әже қонақ жігіт оңтүстік жақтан келгендіктен одан бір нәрсе туралы сұрамақ болғанын енді ғана есіне түсірді. Бірақ қарттықтан қаусап, әбден шаршап-шалдыққаны сонша, тіпті не туралы сұрамақ болғанын ұмытып та қалды.
— Сен, Соула, ұялсаң етті — әлгі бейшараға кофе ішіңіз деп айтпадың да ғой.
Ал Ауста Соуллилья оның не деп отырғанын естіген де жоқ. Ол өзін адам таң қаларлықтай ыңғайсыз сезінген қалпында қалған еді: ұп-ұзын қолдары мен сидиған арық жалаңаш аяқтарын, тозығы жеткен жыртық белдемше көйлек кигенін көрсеткенінен әлі қысыла ұялып тұрған болатын Өзімді нағыз ұнамсыз кейпімде көріп кетті-ау деген өкініш өзегін өртеп бара жатқан.
— Мынау құс па? — деп, жақтырмай сұрады Бьяртур кешке қарай, қонақтың қалдырып кеткен түйіншегін көріп. — Құстың етін жеп тойынған жанды көрсем, көзім шықсын!
— Оны асып берсем қайтеді? — деп сұрады әйелі.
— Менің естуімше, атақты адамдар тек қана құстың етін жейтін көрінеді ғой, — деді Халбера.
— Француздар тіпті құрбақаны да жей береді деседі, — деді Бьяртур.
Ол күс етіне қолын да тигізген жоқ. Бірақ балық пен құс алып келіп тастаған қонаққа ренжімегені де көрініп тұрды. Келесі жексенбі күні таңертеңгі ас ішіп болғаннан кейін былай деді:
— Танымайтын басқа біреуден жарымаған жарлы жан сияқты сый-садақа қабылдауға шеттеріңнен шеберсіңдер. Ал әлгі бейшара жігітке тым болмаса жексенбі күні бір ұрттам сүт беріп жіберу ешқайсыңның ойларыңа кірмейтіні қалай? Ұят емес пе?
бұл әңгіме йен даладағы көлдің шығыс жағалауындағы шатырға Ауста Соуллильяны бір құмыра сүт беріп жіберуге жұмсаумен аяқталды. Онымен бірге кішкентай Нонни де кетті. Ол беті-қолын тазалап жуып, шашын тарады. Аустаның біреуі түзу, екіншісі қылилау көздері өте үлкен әрі қап-қара сияқты көрінді. Ауста қой терісінен тігілген кебісі мен марқұм шешесінен қалған көйлегін киді. Ол көйлегін қалаға барып келгеннен кейін жуып, тазалап жамап қойған болатын. Бірақ өңі оңып кеткен. Түсі көз тартарлықтай емес еді -кәдімгі көп шүберектің бірі сияқты көрінді. Бірақ Аустаның бақытына қарай, сиыр бұзаулап, қуанышы қойнына сыймай жүрген. Мұны оның өңі кірген жадыраңқы жүзінен де байқауға болатын.
Құмыра толы сүт көтерген әпкесі мен інісі шалшықты балшықтың бойын жағалап шығысқа қарай бара жатты. Ауста Соуллилья бір түрлі толқу үстінде еді — бір ауыз тіл қатқан жоқ. Үш күннен бері жаңбыр басылып, жер құрғап қалған. Бірақ ауа райын біржола жақсарды деуге болмайтын еді. Соның өзінде шабылған шөптің көпшілігін жинап алды. Ал бүгін күннің көзі шайдай ашылды. Рас, шалшықты балшықтағы шөп солғын тартып, күн шұғыласының көктемгі кездегідей нәзік-көгілдір түсінен айырыла бастаған кезі. Шалшықты балшықты мекендейтін құстар жылы жаққа топ-тобымен қайта бастаған кез еді. Өткен өмірінің кінәлі істеріне өкінгендей болып, шөп түбінде жападан-жалғыз жасырынып жататын тау құдірет ілуде бір кездесіп қалады. Әне, ол Аустаның аяғының астынан пыр етіп ұша жөнелді. Қыз қорыққанынан селк ете қалды. Құстардың сайраған әуендері естілмейді - құлаққа тек жүректің сыңғыр қаққан сұлу әні ғана келіп тұрғандай.
Шатырдың айналасында еш нәрсе көрінбейді. Әпкесі мен інісі шатырға жете бере тоқтады. Бір түрлі ыңғайсызданды. Есігі де, есігінің жақтау-босағасы да жоқ мына шатырдың қай жерін қағып, белгі берерін білмей, аңтарылды. Дегенмен батылы ұстап, шатырдың ішіне сығалап қарады. Іші түкті қап-төсектен шығып келе жатқан жігіт бұларға ұйқылы көзімен қарады.
— Сіздер маған келіп тұрсыздар ма?
— Жоқ, — деп жауап берді Ауста Соуллилья. Сөйтті де сүт құйылған құмыраны жерге қоя салды. Інісінің қолынан шап беріп ұстап, жетектеген бойы қаша жөнелді.
— Ей, балалар, тоқтаңдар! — деді ол. — Мынау не? Мен мұны не істеймін?
— Ол сүт қой, — деді кішкентай Нонни, қашып бара жатып, қайырыла мойнын бұрып.
— Тоқтаңдар дедім ғой. Ұялмаңдар, — деді шатыр иесі бұлардың соңынан.
Балалар оны тыңдамай қаша берудің ретін таппады. Тоқтай қалып, оған бейне бір үріккен аң сияқты одырая қарасты.
— Бері келіңдер. Жақындасаңдаршы, — деп тағы да қайталады ол.
Бірақ балалардың оған жақындауына батылы жетпеді. Бір орында тұрып, оған қадала қарады. Ал ол құмыраның қақпағын ашты да аузына тосып, әлдебір сақтықпен бір жұтым сүтті ұрттады. Сөйтті де ернін сүртіп, түкіріп тастады.
— Тоқтаңдар, қуырылған құс етінен дәм татыңдар, — деді ол.
Балалар оған қадала қараған бойы тұра берді. Содан кейін
шағын төмпешікке отырысты. "Қуырылған құс еті" деген қандай болады екен деп таң қалысты. Бұл не істер екен деп ойлады олар. Әлгі адам жалаң аяқ, жалаң бас, шалбаршаң әрі көйлекшең жүрген бойда шатырдың жанында ас әзірлеуге кірісті. Балалар оның әрбір қимылына жіті қараумен отырды.
Ол балаларға бұрылып қарамастан:
— Жақынырақ келулеріңе болады. Бұл тіпті де қауіпті емес, — деді.
Оның бұларға бұрылып қарамастан, теріс қарап отырған сәтін пайдалана қойған балалар шынында да жақынырақ келді. Шатыр иесі балаларға қорқатын, ұялатын дәнеңе де жоқ екенін, шатырдың ішіне кіріп отыруларына болатынын айтып түсіндірді. Әлдебір нәрсе ойлап, секем алып қалмасын дегендей, олардың беттеріне бұрылып қарамауға тырысты. Балалар оған ілесе шатырдың ішіне кірді. Әуелі ұл, одан кейін қыз кірді. Екеуі де шатырдың тіреуіне арка сүйеп отырысты. Олардың өмірінде бұрын-соңды тап мұндай тосын оқиға болып көрмеген еді. Темекінің, жемістің, иіс судың хош иісі аңқиды. Ауста кофе түстес қоңыр қолдардың әбжіл қимылынан көз алмай, қызыға қарады да отырды: примусты қалай тұтатып, қалай жаққанын, табаға қалай май салып, қалай шыжғырғанын тамашалаумен болды. Үй иесі табаға ішек-қарны алынып, жуып тазаланған үш үйректің етін салып, қуыра бастады. Қуырылған еттің тәтті иісі басқа да хош иістермен араласа шықты. Жігіттің жұп-жұмсақ көрінген қоңырқай жүзінен әлдебір жылы күлкінің ізі байқалады. Ауста оның бұларға бұрылып қарамағанына қуанды.
— Сендер ойын ойнай білесіңдер ме? — деді ол, бұларға көз аудармастан.
— Жоқ, білмейміз, — деп жауап қатты балалар.
— О-оһ! — деп, созылыңқы үн қатты ол. — Неге білмейсіңдер!? Сонда қалай болғаны?
— Әрқашан белгілі бір іспен айналысу керек, — деді Нонни.
— Неге олай?
Балалар неге олай екенін шынында да білмейтін.
— Ойын деген қызық қой, — деді ол.
Ал балалар неге қызық екенін түсінбеді. Оның осы балалардың өздері туралы немесе өзі тұратын жердегі адамдардың балалары туралы айтып отырғанын айыра алмады. Ауста ол менің жүзіме тура қарап қояр ма екен деп қауіптенді. Сөйтіп екі беті қызарып шыға келді.
— Сендер неге құс атып жемейсіңдер? — деп сұрады үй иесі.
— Әкеміздің құс атқысы келмейді, — деді Нонни. Бірақ оның мұндай сөзді қашан айтқаны тіпті де есінде жоқ болатын.
— Ал сендер мен сыйға алып барып берген құсты қайттіңдер? Асып жедіңдер ме? Оны майға қуырып жеу керек еді.
— Біздің үйде май жоқ.
— Неге?
— Әкеміздің май шайқайтын күбі сатып алғысы жоқ.
— Сонда сендердің әкелерің нені жақсы көреді?
— Өз қойларын жақсы көреді, — деп жауап берді Нонни.
Шатыр иесі балаларға бір түрлі таңдана қарады. Ол енді ғана байқады: бұлардың сөйлесіп отырғаны кәдімгідей мазмұнды әңгіме екен.
— Өз қойларын жақсы көреді? — деп қайталап сұрады жігіт, бұрыннан таныс сөздердің мағынасын түсінбеген адамдай. Сөйтті де табадағы үйректің етін аударыстыра бастады. Оның астыңғы жағы қызыл қоңыр түске еніпті. Шыжғырылған май бұрынғысынан бетер шыжылдай түсті. Шатырдың іші қоңырсыған майдың жағымды иісіне толды.
— Яғни, өз қойларын ғана жақсы көреді екен ғой, — деді үй иесі. Ол өзіне-өзі сөйлегендей болып, басын шайқады. Балалар қойды жақсы көру оншалықты жақсы нәрсе емес екендігін жете түсінбесе де аздап бір нәрсені сезінгендей болды. Нонни Хельгиге сол нәрсені жеткізуге асықты: мына жүрген атақты үлкен адам, шамасы, бұлардың әкесінің пікірімен онша келісе қоймайтын сияқты.
Ауста үй иесін басынан аяғына дейін шолып шықты — оның беліне, аяғының саусақтарына дейін қарап үлгерді. Жағасы айқара ашық қоңыр көйлегі жарасып түр. Ауста мұндай көйлекті бұған дейін көрген емес. Мұндай адам нені қаласа, соның бәріне де ие бола алатын сияқты. Әшекейлі әдемі табақтың бетіне салынған, ертегілердегі айтыла беретін керемет үй осы жігіттің үйі емес пе екен? Жоқ, олай болуы мүмкін емес — ол үйдің алдында жап-жас қыз тұр еді ғой. Мұның үйі орманның ортасында тұрған жеке үй болуы тиіс. Алдыңғы жылы жерге түсіп кетіп, қойлар тұяғымен таптап тастаған әдемі күнтізбедегі суреттен көрген үй сияқты болуы керек. Орманның ортасындағы жеке үй. бұл сонда бір өзі тұратын шығар. Ол үйдегі бөлме көп болар, шамасы. Редсмиридегі бөлмелерден де әдемі болуы керек, сірә. Редсмиридегі диваннан әлдеқайда әдемі диваны да болуы тиіс. Аппақ Қар аруы туралы ертегі тап осы жігіт туралы шығар.
— Сенің атың кім? — деп сұрады ол
Күтпеген сұрақтан қыздың жүрегі тоқтап қала жаздады.
— Ауста Соуллилья, — деді ол, тез жауап қайтарып. Бірақ өлердей шошып кетті.
— Ауста... Содан соң қалай-қалай? — деп сұрады ол.
— Соуллилья, — деп жауап қайтарды кішкентай Нонни әпкесі үшін.
— Таң қаларлық әдемі ат екен! — деді де, қызға арнайы бұрылып қарады. Шынында да күн шұғыласына бөленген лала гүл сияқты сұлу ма екен деп көз жеткізгісі келгендей. Қыз өз атының соншалықты ерсі екенін енді ғана біліп, аздап өкінгендей болды. Ал ол сол ғана күлімсіреді де қойды, қыздың қысылғанына кешіріммен қарады. Жігіттің көзінен әлдебір ізгіліктің, өте күшті әрі нәзік ізгіліктің нышаны ойнап шыға келгендей болды. Қыздың жан дүниесі жабырқап, сағына күтіп, армандап жүргені тап осындай ізгілік нышаны еді ғой. Ауста ондай ізгілік нышанын түңғыш рет осы жігіттің көзінен көрді... Бәлкім, енді қайтып ешқашан көре алмайтын да болар. Бірақ ол көріп те, оны түсініп те үлгерді. Бұл -өзі аңсап армандаған ізгілік нышанының дәл өзі!
— Мына аңғардың неге соншалықты сұлу, әдемі екені маған енді ғана түсінікті болды, — деді шатыр иесі.
Оның бұл сөзіне Ауста Соуллилья не деп жауап берерге сөз таппады. Аңғар неге соншалықты сұлу да әдемі дегені несі? Қыздың осыны ойлап әбден басы қатты. Сонда оның бұған не айтпақ болғаны? Оның бұған дейін естігендері өте әдемі жүн, өте әдемі иірілген жіп, әсіресе өте әдемі қойлар туралы ғана болатын Бірақ бұған аңғардың қандай қатысы бар? Ал аңғар дегеніміз мына жатқан шалшықты балшық емес пе? Жабысқақ сазды лай ғана. Онда тобығыңа дейін су кешіп қана жүре аласың. Ал ағысты жерлері бұдан да терең. Бұл аңғарда көлкіп жатқан көл бар. Онда, жұрттың айтуынша, су перісі жайлайтын көрінеді. Ондағы төменгі төбенің үстінде жападан-жалғыз үй — хутор тұр. Жалаңаш жартасты тау бар. Жарық күндер өте аз кездеседі. Қыз аңғарды тағы бір шолып шықты, шалшықты балшыққа — өзі жаз бойы үсті-басы малмандай су болып, соншалықты бақытсыз жан ретінде лай аралас пішен жинаған күндерін көз алдына елестеткен жеркенішті шалшықты балшыққа қадала қарады. Сондағы күндер мәңгі таусылмайтындай ұзақ көрінетін: атқан таңы мен батқан күнін айырып болмайтын. Енді, міне, сол сұрықсыз аңғарды бұл соншалықты сұлу, әдемі деп атағанына жол болсын!? "Мына аңғардың неге соншалықты сұлу, әдемі екені маған енді ғана түсінікті болды" деуіне не мән баp? Неге олай дейді? Жоқ, оның бұлай деуі мұның атының Ауста Соуллилья болғандығынан емес шығар. Ал егер бұл аңғар шыныменен-ақ сұлу да әдемі болса, ол бұл жаққа осы бір ғажайып жігіттің келуінен ғана шығар?..
Табадағы қуырдақ әлі де шыжылдап жатты.
Бір кезде шатыр иесі оларды сыртқа шығуға шақырды. Олар көл жағасына келіп отырды. Күндізгі сағат үштің шамасы еді. Жылы жел соқты. Жігіт көк шөптің үстіне шалқасынан жатып, керіле созылды да көк аспанға көз тікті. Ал балалар оның жатысына қарап, ұзақ қызықтады, аяғының саусақтарына дейін қарап отырды.
— Сендер бір нәрсені білесіңдер ме? — деп сұрады ол, аспаннан көз алмай жатқан бойы.
— Білмейміз, — деді балалар.
— Сиқырлы құбыжық күш иелерін көрген кездерің болды ма?
— Жоқ, болған жоқ.
— Ал қолдарыңнан не келеді өзі? — деп тағы сұрақ қойды жұмбақ жігіт.
Балалар оның қойған сұрақтарының бәріне бірдей "Жоқ, жоқ" деп жауап бергенді тым ыңғайсыз сияқты көрді. Енді "Қолымыздан ештеңе де келмейді'' деп бірден айтқылары жоқ еді. Айтпақшы, Ауста Соуллильяның қолынан не келуші еді өзі? Есіне түсіргісі келіп, ойланып көргенімен онысынан еш нәрсе шыға қоймады.
— Нонни ән сала алады, — деді Ауста.
— Қане, айтып көрші, — деп ұсыныс жасады, жұмбақ жігіт. Бірақ дәл осы кезде Нонни, шамасы, әннің әуені қалай басталуы тиіс екенін ұмытып қалған болуы керек — айта алмады.
Менің аяғымда қанша саусақ бар?
Ом саусақ бар, — деп, асыға қойып қалды Нонни, оның саусақтарын алдын ала санап шықпай-ақ. Бірақ осынша асығыс жауап бергеніне өкініп қалды: бәлкім, оңтүстік жақтағы адамдардың аяқтарында, кім білсін, он бір саусақ болатын шығар деп ойлады. Ауста теріс айнала беріп, күліп жіберді. Ол қандай күлкілі сұрақ қойды десеңші! Ол күлкісін тыя алмады.
— Өзім де осылай деп біліп едім! — деді жұмбақ жігіт, шаттана үн қатып. Ол қыздың қалай күлетінін көру үшін көк шөптің үстінен көтерілді. Қыздың күлкісінен оның бүкіл болмысы жандана түсіп, жарқылдап көрінген еді. Көздерінен қулана қуанған ұшқын шашырады. Бұл — қыз ыңғайға көне бастады деген сөз. Оның бет-әлпетінен қыздарға тән жұмсақ та жылы көрініс байқалды.
Табадағы қуырылған үйрек еті не болды екен? Шатырдың айнала төңірегінде оның хош иісі аңқып қоя берді. бұл өзі өте дәмді де хош иісті ерекше тағам болар деп ойлағанда балалардың ауыздарынан сілекейі шұбырды. Жұмбақ жігіт тәтті жемістер салынған қаңылтыр құтыны алып, оның ішіндегісін тостағанға құйды. Тағам әзірлеумен барынша беріліп айналысқаны сонша, енді балаларға назар аударуға мұршасы қалмады. Ауста кішкентай Ноннидің мұншалықты ақылсыз әрі іш пыстырарлық көңілсіз болғанына ызасы келіп, кенеттен ашу шақырды:
— Менен қалмай, ере келгенді білесің! Ал ән салуды неге білмей қала қойдың? — деп кейіді.
Кешке жақын есік алдындағы табалдырық таста отырғанда өзінің аппақ Қар аруы туралы ертегіні неге айтып бермегеніне өлердей өкінді — ертегінің мәтінін басынан аяғына дейін жатқа білетін еді ғой! "Қыстың бір күнінде..." деп басталатын. Рас, Ауста осы ертегіні айтуға сәл-ақ қалған еді. Бірақ онымен мұның не айтқысы келгенін сезіп қояды ғой, дұрыс түсінбесе, қайтемін деп қорыққан болатын. Ал қазір "Не болса, о болсын!" деп айта бермегеніне өкініп отыр. Қазір, ала көлеңке іңір қараңғылығында, қол жағасынан зорға дегенде көрінетін шатыр жаққа қайта-қайта көз жүгіртумен болды. Ауста бүгін үйдегілер түгел ұйқыға кеткенше төсегіне жатпауды ойлады. Сөйтіп отырғанда ол біреудің бұлдыр бейнесін байқап қалды. Бейне бір поселке жаққа бет алып бара жатқан сияқты. Әрине сол, соның тап өзі!
Жазғы мекендіктер ұйықтау үшін әлдеқайда жатып қалған кезде оның батысты бетке алып, асудан асып кетпек болғаны қалай? Жолға мұншалықты кеш шыққаны несі? Бәлкім, ол поселке жаққа әр кеш сайын барып қайтатын шығар? Ауста оның мұнысын бұған дейін байқамаған болуы керек. Айтпақшы, ол "Бұл аңғар соншалықты сұлу, әдемі" демеп пе еді? Сонда ол не айтпақ болды екен? Бәлкім, ештеңе де айтқысы келген жоқ шығар. Бұл сонда оның әзілдеп айтқан қалжыңына шынымен сеніп қалғаны ма? Егер бұл аңғар шынымен-ақ сұлу да әдемі болса, онда ол неге батысқа қарай бет алады, неге таудан асып, әрмен қарай кетпекші? Түн қараңғылығы қоюланып, күн суыта бастады...
Ауста оны содан кейін екі күн көре алмады. Атқан мылтығының даусы да естілген жоқ. Бірақ ол бәрібір қайтып оралды. Уақыт тым кеш еді. Жұрттың бәрі жатуға ыңғайлана бастаған. Аустаның белдемше көйлегін өлі шешіп үлгермегені қандай жақсы болған!
Ала көлеңкеде жұмбақ жігіт жоғары көтерілетін тесіктен басын шығара беріп: "Қайырлы кеш!" деп дауыстады. Ол енді қалтасынан түн ішінде жарқ-жұрқ еткен бір қорапты суырып алды. Ал әйелдер ішкі көйлектерімен ғана қоршалана тұрған болатын. Жігіттің темекі тартатын қорқорынан жылт-жылт еткен шоқ көрінді. Ол бықсып тұтанған темекісін құшырлана сорған сайын бөлме ішіне темекінің жағымды хош иісі жайылып бара жатты.
— Мен кетіп бара жатырмын. Қоштасып шығу үшін бұрылдым, — деді ол
— Сонша неге асықтың? — деп сұрады Бьяртур. — Мен оңтүстіктің адамдары асықпайтын жандар шығар деп ойлаушы едім. Ешкім қуып жатқан жоқ. Әлі біраз бола тұруыңа рұқсат еді ғой, досым-ау.
— Оныңыз рас. Дегенмен кетуімен тура келді.
— Жуырда сен біздің балаларға қуырылған құс етін беріп, қонақ етіпсің. Айтып келді. Оныңа көп рахмет! — деді Бьяртур.
— Сол да сөз болып па? Ұсақ-түйек сый ғой, — деп, сыпайы жауап қатты қонақ.
Оның рас, — деді Бьяртур. — Ол деген ұсақ-түйек сый. Ешқандай қауқары жоқ тағам ғой. Адамның ашыққан кезде ғана жеуіне болады. Сен, байғұс бала, мұндағы шалшықты балшыққа келгелі қатты жүдеп қалған шығарсың?
— Жоқ. Керісінше, едәуір салмақ қостым.
— Ал біз мұнда қуаты мол тағамды жақсы көреміз. Тұздалған, қышқыл тағамдарды ұнатамыз, — деді Бьяртур. — Айтпақшы, сенің құрылыс салудан хабарың мол шығар, деп ойлаған едім. Білесің бе, менің құрылыс салып, қонысымды кеңейтпек ойым бар.
Осы кезде Фрида өзін-өзі ұстай алмады.
— Қарай гөр мұның құрылыс салғышын! — деп, Бьяртурдың сөзін бөліп жіберді. — Одан да ақыл-ойыңның құрылысын қайта жөндеткенің жақсы болар еді. Оны іші-сыртынан бірдей сырлап, әрлеп қойғаның жөн.
Иә, Бьяртурдың құрылыс салғысы бар еді. Бірақ ондай ойы бар екенін қайдағы бір ақыл-есі ауысқан, құдайшыл, масыл, ашу-ызаңды келтіретін сұмырай біреулердің алдында айтудың қажеті жоқ еді.
— Қалай болғанда да мен сені өз жерімде көргеніме әрқашан қуанышты боламын. Күндіз демей, түн демей, емін-еркін келе бер.
Жұмбақ жігіт үй иесіне қонақжайлығы үшін алғысын білдірді, бұл ғажайып сұлу, әдемі аңғарға тағы да айналып соғатынына сендіріп, уәде етті.
Бьяртур мұнымен алғаш рет кездескендегісіндей жауап қайтарды:
— Ғажайып сұлу, әдемі аңғар дейсің бе? Оны шабылған шөптің сапасына қарай көре жатармыз.
Қонақ жігіт қоштаса бастады.
Осы кезде әлдебір оқыс оқиға болды. Әдетте ешқандай әңгімеге араласа қоймайтын қарт әженің ойына бір нәрсе аяқ астынан сап ете қалған сияқты. Ол қонақ жігіттің қоштасқалы ұсынған қолын өзінің әлсіз қолымен шап беріп ұстай алды да, жібермей қойды. Оған әлдебір нәрсе дегісі бар.
— Егер мен дұрыс түсінсем, осы жігіт оңтүстік жақтан келген болуы керек. Солай ма? — деп сұрады ол
— Солай екені рас, — деп қаттырақ дауыстады Бьяртур, қонақ жігіттің мазасын ала беруді тоқтатқысы келіп. — Әрине, бұл жігіттің оңтүстіктен келгенін өзіңізге талай рет айттым емес пе?
Қарт әже ол сөздерді өзінің жөнді ести алмай қалуы әбден мүмкін екенін айтты — асарын асап, жасарын жасап, қаусап отырған кемпірден одан артық не күтуге болады?
— Иә, — деп, құптай кетті Бьяртур. — Сіздің бір аяғыңыз жерде, бір аяғыңыз көрде екенін жұрттың бәрі де біледі.
— Менің бұл жігіттен ақырында сұрайын дегенім бар... Мына мен де оңтүстік жақтанмын ғой.. Ол жақта менің сіңлім қалып еді. Бәлкім, бұл жігіттің оны білуі немесе кездейсоқ болса да жолығып қалуы әбден мүмкін емес пе?
— Жоқ. Қайдағыны айтып қайтесіз?! — деп дауыстады Бьяртур.
— Олай болуы мүмкін емес. Бұл жігіт оны көрген жоқ.
— Сайтан алғыр-ау, бұл жігіттің оны көрген-көрмегенін сен қайдан біле қойдың? — деп, киліге кетті Фрида кемпір.
Қонақ жігіттің қарт әжеден кейбір нәрселерді егжей-тегжейлі сұрап білгісі келді. Кім біледі, бұл оның сіңлісімен кездейсоқ кездесіп те қалған болар. Ол кісінің аты қалай болды екен?
Ол қарт әженің жүзіне қалта шамының жарығын түсірді. Кемпір байғұс нұры қашқан көздерін сығырайта жүгіртіп, қонаққа әлдебір үмітпен қараумен болды. Оның сіңлісінің аты Одрун екен.
— Одрун дейсіз бе? Рейкьявикте тұра ма?
— Жоқ. Ол еш жерде де тұрмайды. Оның ешқашан өз үйі болған емес. Ол Меддаландтағы мырзалардың есігінде жүрді. Біздің туып-өскен жеріміз сонда.
— Ой, сіз де қызықсыз, — деп, қарт әженің сөзін бөлді Бьяртур.
— Ондай адамдарды бұл қайдан біледі? Жыбырлаған жәндіктер сияқты ұсақ-түйек біреулерді сұрайсыз...
— Мен оның ең соңғы хабарын естіген кезімде сіңлім Викаға таяу маңдағы Мирдал деген жердегі біреулердің есігінде жүрген болатын. Аяғын сындырып алып, ауруханаға түсіпті деп естігенмін. Оның өтініші бойынша біреулер маған хат жазып жіберіпті. Менің ол хатты пошта арқылы алғаныма отыз жылдай уақыт өтті. Содан бері бір-бірімізден хабарсызбыз. Біз ағайынды екеуіміз-ақ болатынбыз...
— Иә, ол сіңліңіз әлдеқашан о дүниелік болып кеткен деп санай беріңіз онда, — деді Бьяртур.
— Тьфу! — деді зығырданы қайнап, ашу-ызаға булыққан Фрида кемпір. Сөйтті де қайтадан шабуылға шығып, дүрсе қоя берді: — Біздің бақытымызға қарай, Құдай мен адамдар сенің айтқаныңа көніп, айдауыңа жүрмейді әйтеуір. Әйтпесе сенен бәрін де күтуге болар еді.
Қонақ жігіт Одрун деген атты естімегенін, өйткені бұрын-соңды Меддаланд жақта болып көрмегенін айтты.
— О-о! Ол Меддаландтан әлдеқашан кетіп қалған, — деді қарт әже. Бірақ оңтүстіктің бір жерінде жүруі мүмкін-ау...
— Солай деңіз, қария, солай болуы да ғажап емес, — деді қонақ жігіт.
Хабар-ошар алыстан жетем дегенше не заман, — деді қарт еже қамығып.
Ол рас, деп қостады қонақ жігіт.
Менің сенен өтініп сұрайын дегенім мынау: сен оған менің атымнан иілім сәлем айт. Әрине, егер кездестіре қалсаң. Сен оған былай де: еркелетіп айт: менің жағдайым, Құдайға шүкір, жаман емес. Тек қана, өзің көріп тұрғандай, тәнім де, жаным әбден тозып, қаусап бітуге таяу. Оған тағы да мынаны айт: мен осыдан он үш жыл бұрын Тоурариннен біржола айырылып қалдым — ол бейшара қайтыс болды. Ал ұл балаларым әлдеқашан бет-бетімен кетіп қалды. Америкаға кетті дейді. Қазір мен күйеуге тиген қызыммен бірге осында тұрып жатырмын.
— Иә, бұған бәрі де белгілі болды! — деп, дауыс көтерді Бьяртур.
Қонақ жігіт қоштасарда қарт әженің қолын тағы да қысты.
Оңтүстікке барған соң, сәті түсіп, жолыға қалсам, сәлеміңізді Одрунге қалай да жеткіземін деп уәде берді. Ол үй ішіндегі басқа жандармен де қоштасты. Әсіресе, Аустамен қимай қоштасты.
— Ауста Соуллилья, — деді, оны жас нәресте сияқты бетінен сипап. "Ғажайып сұлу аңғардағы ғажайып сұлу есім!" дегенді қосып қойды. — Мен бұл есімді ешқашан ұмытпайтын боламын.
Ауста ұйқысы келмей, ояу жатты. Құдайдың кім екенінен хабары болмаса да одан жалбарынып тілек тілеумен болды.
Ойында — қонақ жігіттің "Мен бұл есімді ешқашан ұмытпайтын боламын" деген жалғыз ауыз сөзі ғана. Иә, ұмытпайды. Ешқашан ұмытпайды... Ауста оның алдағы жазда тағы да келетінін көңіліне медеу тұта қуанды. Содан кейін көңіліне күмән ұялады: әнеугүні түнде ол таудан асып, қайда барды? Батысқа қарай неге кетті екен?
Таңертең бұлар ұйқысынан оянып, сыртқа шығып қарағанда шатыр орнында жоқ болып шықты. Жаңбыр шелектеп құйып тұрды. Күздің таянып келе жатқаны айқын сезілді. Жаңбырдың көңіл жабырқатар сатырлаған даусына қарағанда, бейне бір басқа дүниеден құйылып жатқандай тасқын судың тоқтайтын түрі жоқ. Белгілі бір ырғақтан, өрлеу мен құлдыраудан ада жаңбыр үздіксіз әрі жалықтырарлық бір қалыпты үнмен, еш нәрсеге бой бермейтін адуын күшпен жауды да тұрды. Бүкіл өлкені ауыр мұңға бөлеп, қымтап алды.
Бөлмеде қонақ жігіт тартқан темекінің хош иісі әлі де тарқамай тұрған. Ауста таңертеңгі ас әзірлеу үшін үйге қайта кіргенде мұны айқын сезді. Алайда ол хош иіс көп тұрмады, бірте-бірте әлсіреп, ақырында жоқ болып кетті.
ОТЫЗ АЛТЫНШЫ ТАРАУ
БЬЯРТУР ҮЙ САЛУҒА КІРІСТІ
Утиредсмири старостасы Иоун әдетте өзінің қойларын кімге және әрқашан қандай бағамен сатқысы келетінін тек өзі ғана белгілейтін. Ал Бруниге қарыздар болып қалған шаруалар бейне бір байлаулы бұзаудай тырп ете алмай, тек соған ғана сататын. Округта өзінің Тулиниус Иенсенге деген қызғанышы мен өшпенділігін жұртқа есіттіре ашық айтудан тайынбайтын бірден-бір адам — ол староста. Ол қойды шаруалардан сатып алып, йен дала арқылы солтүстікке айдап баратын да Викада өте қымбатқа өткізетін. Ондағы сауда үйінің серіктес иесі өзі болатын. Бірақ уақыт өтіп, заман өзгере берді. Тұтыну қоғамына жаппай қызығушылық бірте-бірте арта түсті. Қоғамның бөлімшесі Викада да ашылды. Оның жұмысы жақсы жүріп берді. Сауда үйі староста қанша көмек көрсеткенімен де шығынға белшесінен батып, берекесі кете бастады. Міне, қиын-қыстау кезде ондай одақтар ең күшті деген жеке адамдардың өздері үшін де катерлі бола алады екен. Сөйтіп, Миридегі Иоун енді ұсақ шаруалардың бірлестігіне бар күшін жұмсап, қырғидай тиетін шығар деп ойлауға әбден болатын еді. Өйткені оның Викадағы сауда үйінің шаруасы шалқайып, күйзеліске ұшырады ғой. Бірақ староста олай етпеді.
Неге? Ол енді Рейкьявиктегі ұлын, өкілетті өкілді шақырып алды да Фьордта онымен бірге тұтынушылар қоғамын құра бастады. Сөйтіп, ол қоғамға жақын маңдағы, борышын өтеп құтылған ерікті азат шаруаларды ғана емес, сонымен қатар Бруниге қарыздар кедей шаруаларды да тарта түсті. Оларға өте тиімді шартпен көп ақша берді, қайткен күнде де көпеске берешек қарыздарынан тезірек құтылып, тұтынушылар одағына кіруді ұсынды. "Біз, шаруалар, бір-бірімізді қолдауымыз керек" деді ол. Бұрын жеке дара болуды ғана көксейтін ол енді аяқ астынан бірлестікті жақтаушы, шаруалардың қамын жеуші жанашыр жан бола қалды. Мұндай адамдар кімге қай кезде не деп айтуды жақсы біледі. Ол, егер исландиялық шаруалар шынымен-ақ көпестердің табан астындағы тепкісінен құтылғысы келетін болса, әлдебір әрекет жасап, шара қолдануы, өздерінің мүдделерін өздері қорғауы керек дегенді айтты. Ал тұтынушылар қоғамы шаруалардың өндірген өнімін әділетті бағамен сатып алады және оларға қажетті деген тауарларын арзанға беретін болады. Шынтуайтына келгенде, тұтынушылар қоғамы дегеніміз пайда табуды ғана көздейтін іскерлік кәсіпорын емес, қайта шаруалардың бір-біріне өзара көмек көрсетуіне негізделген қайырымдылық қоғамы болып табылады деп үгіттеді. Мысалы, дүниежүзілік рынокта баға жақсы болып тұрса, шамамен отыз қозы сатқан шаруаның алпыс крон пайда табуына болады. Ал үш жүз-төрт жүз қозысы барлар ақшаның астында қалады, мыңдаған кронға не болады. Ондай одақтардың кедейлерге де, байларға да тиімді болатыны басқалар түгілі, балаларға дейін белгілі. Ешкім ешкімді алдап соқпайды.
Күзге қарай Бруниден хат келді. Онда ол өзінің алыс-беріс сауда жасайтын клиенттеріне шетелге барған сапарынан жақында ғана қайтып оралғанын хабарлапты. Ол жақта қай кездегіден де керемет сәтті сауда-саттық жасағаның өз клиенттеріне бұрын-соңды болып көрмеген өте тиімді артықшылықтар беретін мәмілелерге қол қойылғанын жазыпты. Хатқа қоса тауарлардың бағасы көрсетілген прейскурантты жіберіпті. Бұл 0бағалар тұтынушылар қоғамындағы бағадан әлдеқайда арзан болып шықты. Сөйтіп күздігүні бұрын-соңды болып көрмеген сауда қызу жүріп берді. Бақталастық бәсекелесі күшейді. Ингольв Арнарсон шаруаны иығынан қағып жақын тартса, Тулиниус Йенсен оны мойнынан құшақтайды. Ингольв Арнарсон клиентті құшақтаса, Тулиниус Йенсон оның бетінен сүйді. Бір созбен айтқанда, христиан дінінің біріңді-бірің жақсы көріңдер деген қағидасының рухы сауда-саттық саласында ақылға қонымды әрі әдеттегі үйреншікті шекараның шегінен шығып кетті. Біреудің біреуге берешек қарызы туралы сөз ету ұмыт қалды. Ол ол ма, жалпы жұртқа қаладағы қымбат бағалы тауарлар бейне бір далада қалғандай тықпалап ұсынылатын болды. Бұған қарағанда, енді бір-екі жылда жұрттың бәрі де бақуат шаруаларға айналатын шығар!
Бьяртур мұндай ұрымтал сәтті жағдайды пайдаланып, өзіне көптеген құрылыс ағаштары мен темір-терсек сатып алды.
— Енді, міне өзіңе екі қабатты бетон үй салып алуыңа да болады, — деді Тулиниус Йенсен, оны құшағына алып тұрып. — Ал егер қаржы жағынан қиналып бара жатсаң, қысылма, ақша табылады. Қалауың білсін, керегінше ала бер. Мен саған көмек қолын созуға әрқашан әзірмін.
— Үй салып алатын болдық! — деп Жазғы мекендегі балалардың қуаныштары қойындарына сыймай, шуылдасты. Олар жаңадан салынатын үй Утиредсмиридегі сияқты екі қабатты болар ма екен әлде Тау королінің үйі сияқты бір қабатты үлкен үй болар ма екен деп, төзімдері таусылғанша бастарын қатыра болжам жасаумен болды. Қалай дегенде де енді тұрғын бөлмеден басқа сән-салтанатты үлкен бөлме де болады әйтеуір. Болашақ құрылыс олардың қиялын сан саққа жүгіртті. Бірақ олардың бұл туралы бір нәрсе сұрап білгісі келсе, Бьяртур бірден тыйым салып тастаудан танбады. Өзінің қандай жоспары бар екенін айтқысы келмей: "Онда сендердің шаруаларың болмасын, өз жұмыстарыңды біліңдер!" деп, беттерін қайтарып тастаумен жүрді. Балалар әкесінің айтқанына амалсыз бағынды. Бірақ құрылысы әлі басталмаған үйдің алуан түрлі артықшылықтары туралы қиялдары қанат қағып, шарықтаумен болды. Ауста өзінше үлкен ас үйдің суретін салып, бірнеше дөңгелек қақпағы бар темір плитаның, ыдыс-аяқтар қойылатын шкаптар мен сөрелердің қай жерлерінде болатынын ойша белгілеуден жалыққан жоқ. Ол жаздыгүні үйге келіп, түскі ас әзірлеуге қалай кірісетінін көз алдына елестетіп, күні бұрын қуанып жүрді. Міне, сондай кезде кенет есік ашылып, жарық та кең ас үйге баяғы кең пальтолы қонақ жігіт кіріп келсе ғой, шіркін! Ол құс пен балық тізілген түйіншекті тастай беріп, бұған достық қолын ұсынып сәлемдесер еді-ау. Кейбір адамдардың ондай достық қолы ұсынылғанын өмір бойы, тіпті өле-өлгенше ұмытуға болмайды екен. Ауста өзі туралы осылай қиялдап, армандады. "Ал, әкеміз сән-салтанатты кең бөлме сала қойса, — деп уайымдады ол, — біз оған ілетін әдемі суреттерді, қабырғаға жақын қоятын диванды қайдан табамыз?"
Шабындықтағы ылғал пішеннің ең соңғы қалдықтарына дейін жинап алынды. Ауста оны мұқият тырмалады, ал әкесі шөмелеге салумен болды. Әкесімен бірге жұмыс істеу қызға қатты ұнайтын Өйткені мұның жұмысына риза болып, оның өте-мөте мақтағанына тең келетін еш нәрсе де жоқ. Міне, ең соңғы бір құшақ пішенге дейін жинап алынды. Үсті бастарын су басқан, киімдері былғанған олар ылғал шөмеленің үстіне отырыса кетті. Бьяртур бір шымшым темекі алып иіскеді. Ал, Ауста жұмыстан қалжыраған қолдарының жап-жалпақ алақандарын екі тізесіне қойып отырып, тобығына дейін су кешкен аяқтарына аянышпен қарады. Қыздың маңдайы жазық болатын. Мұндай кең де ашық маңдай бұлардың әулетіндегі ешкімде жоқ. Бұлардың маңдайлары енді келгенімен тым тар. Иә, қыздың доға тәріздес қиылған қара қастары да оны бұлардың әулетінен басқаша көрсететін сияқты. Бет әлпеті де солай: көркем үлгімен құйып қойғандай келісті иегі дөңгеленген бітімімен екі жақ бетіне жарасымды жалғасады. Алқызыл түсті топ-томпақ төменгі ернінің иіле жымдасқан тұстарында қаншама сұлулық тұнып түр десеңізші!.. Әне, Ауста әкесіне жалт бұрылып қарап еді, мұның көзі оның көзіне түсті. Оң көзі адам таң қаларлықтай мөп-мөлдір, жап-жас әрі бақытты нұрға тұнып тұрғандай мейлінше тап-таза екен. Ал аздап қылиланған сол көзінен мүлде бөлек жанның басқаша сезімі — жау қолына байлап берілген тұтқынның қорқынышты құшағындағыдай әлдебір құпия әрі әлжуаз нәзік қиял тәрізді бір нәрсе байқалады. Марқұм шешесінің көзінен айнымайды. Аузына келіп тұрған сөзін ешқашан еркін айта алмаған, ұдайы қорқыныш пен үрейде өмір сүріп, күтпеген жерден қаза болған, некесі қиылған заңды жары бола тұрса да, мұның жүрегін жібітіп, жақсы көргізіп үлгере алмаған марқұм Розаның көзі. Бейшара толық ашылып бітпей жатып, солып қалған гүл сияқты жап-жас күйінде дүниеден өтті. Бьяртур уақыттың мұнарланған пердесі арқылы бұрынғы өткен бұлдыр күндерге көз жіберіп жатқандай еді. Кенет күздің салқын лебі бетін сипап өткендей болды да, ол өзінің қатты шаршағанын сезінді. Беті-жүзін күздің сұрғылт салқын тұманы қалқалай бастады. Мұндайда байқап қарасаң, аз өміріңнің өзін де өзге біреудің өмірі ме деп қаласың!
— Әке, — деді Ауста. — Мен сенің үй салатын болғаныңа қуаныштымын.
Осы кезде ол әкесінің жүзіне, бұрын ешқашан ешкімге көрсетпеген, бұған дейін ешкім біліп болмаған, тіпті оның әдемі жазылған өлеңдерінде де бейнеленіп көрмеген жүзіне сүйсіне қарады. Бұл оның әкесінің жан дүниесінің жарқын жүзі еді. Оның мұндай жүзін бұған дейін Аустадан өзге ешкім де, ешқашан да көрмеген болатын. Оның өлеңдері құйтырқы қызық әзілдерге толы болғандықтан мазмұнын қалай жұтаңдатса, оның өміріне солай әсер ететін. Қазір Аустаның оның мойнына асыла кетіп, сақалды иегінің астындағы жып-жылы жеріне бетін басқысы келіп-ақ еді. Бірақ ол орнынан тұрып, қызының су болған шашынан мейірлене сипады.
— Сенің әкең өз өмірінің жайнаған гүліне арнап әйтеуір бір үлкен үй салып беретін болады, — деді ол — Бірақ биыл күзде емес. Асықпай қоя тұр...
Бірақ биылғы күзде емес.
Бұл күзде ол осыдан он екі жыл бұрын өзеннің жағасына таяу жерден қазылған ескі жертөлесінің орнына төбесі қаңылтырмен жабылған қой қора салумен қанағаттанды. Сиырдың тұратын орнын қозы қамайтын қораға айналдырды. Өздері тұратын бөлменің астындағы орын сиыр мен атқа арнап қайта жасақталды. Еденге тас төселді, бір жақ бүйіріндегі қабырғадан тесік шығарылып, одан сыртқа көң-қоқыр лақтырылатын болды...
Балалардың көңілдерін қалдырып, қаншалықты түңілдіргенімен мұның өзі үлкен оқиға еді. Хуторда округтағы нағыз шеберлер саналатын жаңа адамдар пайда болды. Олар қой қораның қабырғаларын шымтезектің ойып алынған қатпарлы қабаттарынан қалап тұрғызды. Сондықтан да ол алыстан қарағанда жолақ өрнектер салынған тоқыма бұйымға ұқсады. Мұнда қолына қағаз, қалам, сызғыш және ара ұстаған шебер ағаш ұстасы да келген еді. Бірақ ол еш нәрсені жазып-сызып жатпай-ақ, көзбен мөлшерлеп, ойша есептеп шығара береді екен.
Ағаштың жас жоңқасының жағымды иісі күзгі лас лайсаң мен тезек аралас жаңбыр суының иісімен араласып, қолқаны қабады. Түскі ас кезінде даурыға дауыстап айтылатын алуан түрлі әңгіме, шайналып сөлі сорылған темекі жапырағының иісі де, жарыса өлең оқу да осында. Алыс елдерден жетіп жатқан жаңалықтар айтылады, тосыннан бейтаныс соз тіркестері, кей-кейде ұрыс-керіс, бейауыз былапыт сөздер естіліп қалады. Қант қосылған кофе ішіледі...
— Көпес қашаннан нағыз опасыз доңыздың тап өзі еді ғой. Шаруалардың қанын сүлікше соратын тойымсыз болатын. Арзанға алып, қымбатқа сату — ежелден келе жатқан әдеті. Қайтсе де пайда тауып, ақшасын көбейтуді көздейді. Қазір көпес шаруалардың қарғыс атқан қас жауына айналғаны жұрттың бәріне аян болды.
— Дегенмен де ол қиын-қыстау кезде көбімізге жәрдем жасап, көмек қолын созды емес пе?
— Оның ондай махаббаты көпке созылмайды. Тиісті мөлшердегі сомадан артық қарыздана қалсаң, сенің есебіңнен қос уыс қара бидай ұнын да босаттырмайды. Шаруа өзінің есебінен әлгі қос уыс ұнды жалынып-жалбарынып сұрап алуы үшін табанынан тозып, қаншалық азапқа түседі десейші!
Қазір тұтыну қоғамы пайыздық өтем дегенді енгізді. Егер мәміле сәтті де тиімді бола қалса, сауда жасалған соманың есебінен саған деген пайыздық төлем есептеп шығарылады. Бірақ шаруаның ондай төлем алғанын көрген кім бар қане? Олай ету көпестің ойына да кіріп-шыққан емес.
— Иә, бұл редсмириліктердің ойлап тапқан амал-айласына ұқсас пайыздық төлем ғой! Пайыздық төлем деген аты ғана. Жіліктің майлы басын бәрі бір оз қолдарынан шығармайды.
— Енді олар Фьордта несие беретін касса ашуды ойластырып жатқан көрінеді. Оны ашуға кімде-кім үлес қосса, пайыздық өсім алады-мыс.
Пайыздық өсім дегені не сонда?
Иә, егер несие кассасына ақша салсаңыз, ол өзінен-өзі өсіп, көбейе береді-міс. Ал егер ол ақшаны әлдебір бай адам қарызға ала тұрса, оны өз кезегінде кассаға мол мөлшердегі пайыздық өсімімен қоса қайтаратын көрінеді.
— Ал редсмириліктер қарызға алынған ондай ақшаны жоғалтып алдық деп, әдейі көзбояушылыққа дейін барудан тайынбас еді. ()л өзгелердің есебінен өйтіп-бүйтіп жағдайдан шығудың жолын тауып, шығынның есесін қайтарған бола қояды.
Бьяртур басқалар қанша үгіттеп, жалынса да өзінің көпесіне құлай сеніп, оған ақырына дейін адалдық танытты. Старостамен істес болғаннан гөрі көпеспен істес болу әлдеқайда тиімді деп білді. Редсмириліктер құрған одақтардың бәрі өзге де ойлап тапқан айлакерлік амал-әрекеттері сияқты тек өздерінің ғана пайыздық төлемдер алып, мол табысқа кенелуін көздейді. Бьяртурдың ойына мынадай өлең жолдары орала кетті:
Әйел бізде жеткілікті, бірақ ішерге асы жоқ,
Құдай білсін - қайтсем қойым болар тоқ?!
Редсмириден қарыз алман, беті аулақ! —
Өле-өлгенше құтылмайсың — жол сол-ақ!
Бар малыңды ең әуелі санап ал,
Содан кейін қойларыңды қырып сал
"Редсмириден қарыз алып көргеннен
Өле қалған көп артық қой!" — дер ем мен.
Өлген жақсы жексұрын боп жүргеннен
Редсмирилік болып өмір сүргеннен!
Көпестер, тұтынушылар қоғамдары атаулының бәрінен де жүректі тебірентетін тәтті қиял артық. Әсіресе, күзгі кеште, аспанда көшіп бара жатқан бұлттарды тамашалаған қандай жақсы! Көз алдында керемет көріністер пайда болады. Ауста Соуллилья кішкентай терезенің алдына отырып алып, аспандағы бұлттардың құбыла түскен ойынына қызыға қарап қалыпты. Төменде Финнаның сиырмен сөйлескен даусы естіледі. Оны азықтандырып болып, енді қашан су ішкісі келетін кезін күтіп жүргендей. Қарт әже белі бүкірейген қалпында кереуетке сүйеніп отыр. Қара көлеңке үйде бір саусағын аузына салып отыратын әдетімен әлдебір псалом-дұға оқуға кірісіпті. бұл өзі қандай жұмбақ жан еді? Айтуына қарағанда, оңтүстік жақта сіңлісі бар болып шықты ғой.
Әне, көк аспанда әлдебір материктердің сұлбасы пайда болып, теңіздердің айқын ашық бояулы құбылмалы жағалаулары, ертегілердегі сияқты әлдебір ғажайып елдер мен қалалар бірінен соң бірі тізіліп өтіп жатқандай. Теңіздің айнадай жарқыраған көгілдір айдынында қара қошқыл, қызыл түсті сарайлар бой көтергендей, ал артынша биік мұнараларымен бірге суға батып кеткендей болады. Бір кезде теңіздің өзі де жайылып, гүлге оранып, жайнап тұрған жеміс бағына айналады. Оның айнала төңірегін қоршап жатқан таулардың таң қаларлық керемет көріністерін тамашалауға болады. Оларды кәдімгідей жаны бар тірі шыңдары бір-біріне бастарын ие жақындасып, құшақтасады. Қашан бұлтты жел айдағанша құшақтарын жазбайды. Бұрын Ауста терезе алдында бұлай отыра бермеуші еді. Енді онда отырып алып, өзінің ол жігіт туралы бүкіл ой-арманын аспандағы жөңкіле көшетін бұлттар арасында пайда болатын құбылмалы бейнелермен байланыстыратын болды.
Ол жігіт туралы ой-арман. Ертегілердегі айтылатын алыстағы ғажайып елдер, төсінде алуан түрлі қайықтар жүзіп бара жатқандай көк теңіздер, бұл өмірде жоқ тамаша бояулары жарқыраған көркем қалалар мен гүлге оранған жеміс бақтары — бұлардың бәрі де жөңкіле көшкен бұлттардың ғана арасынан көрінеді. Мұның бәрі де сол бір жігіт туралы бейне бір үнсіз, мылқау ойлар ғана, оқиғасыз естеліктер, ешқандай негізі де, қоршаған кеңістігі де жоқ болашақ туралы ой-арман ғана. Ал ол, ол... Ауста сиырдың сыздықтата ақырын су ішіп тұрған дыбысын, өгей шешесінің Букодламен өмір туралы... — бәлкім, ол да бұлттар арасындағы өмір туралы болар — әңгіме айтып тұрғанын естіді. Ал Ауста өзін ол жігітпен бірге мына бір халық жырында айтылатынындай, тұтас елдердің иесі сияқты сезінеді:
Менің жарым салт атпенен орман кезіп келеді,
Қалың орман, жасыл орман
Оған өзі жолын ашып береді.
Елестейді көк теңіздің төсінде
Желбірете желкен жайып жүргенің,
Сүйіктім-ау, мейлі қайда жүрсең де,
Мен сенімен біргемін!
Менің жарым жан көрмеген
Басқа жақта, жат өңірде жерленді,
Оған қалай барар жолды
Таба алмаспын мен де енді.
Қымбаттым-ау, қайғы-зарым ұмыт болар.
Менің осы - ойлай-ойлай білгенім.
Сүйіктім-ау, мейлі қайда жерленсең де,
Meн сенімен біргемін!
Сүйген жарым, біз екеуміз кездесіп ек,
Әлі есімде, орманда,
Көктемдегі гүлге оранған
Жеміс бағы сияқтанып тұрғанда,
Тағдырымды, бақытымды
Тек сол жерден тапқанымды білгенмін.
— Сүйіктім-ау, мейлі қайда болсаң да,
Мен сенімен біргемін!
Шіркін-ай әлгі көрініс мәңгі созылып тұра берер ме еді! Құбылмалы ашық түсті бояуларға бөленген әлгі ойындар ғасырлардан ғасырларға жалғаса берер ме еді!..
Сөйтіп Ауста әр кеш сайын көк аспанның үнсіз сазын қиял құшағында тыңдайтын болып алды.
ОТЫЗ ЖЕТІНШІ ТАРАУ
КІШКЕНТАЙ ГҮЛ
Жаңа қой қораның кең болғаны сонша, Бьяртурды: "Қойымды көбейте түссем бе екен!" деген ой қайта-қайта мазалай берді. Ондайда аузы тыным таппайтын қорен сиырды қоса асырап отырғанын ұмытып та кететін. Ол қойдың аяғымен жайылуына болатын әрбір күнді құр жібермеуге қуана тырысты. Ондай күндері балалар қойды шалшықты балшықта бақты.
Бьяртур өзінің қойларын бұрынғысынша жақсы көретін. Олардың қамын жеп, тынымсыз ойланатын. Қойды қалай бағудың жай-жапсарын жақсы білетіндігімен кеңінен танымал болатын. Отарын биылғы қыстан, әсіресе, ең бастысы, көктемнің көк өзек шағынан аман алып шыға алса ғой, шіркін! Өйткені жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін кезі — көктем өте-мөте қауіпті. Қойдың қырылып қалуы оп-оңай. Бұл — мыңдаған жылдардың тәжірибесінен белгілі жайт. Өйткені ешқандай жазығы жоқ осы бір момақан жануарлар көктем кезінде өле салуға тым бейім.
Оның есесіне биылғы қыстан адамдар жақсы шықты. Финна көп жылдан бері қыста қинайтын ауруынан айықты. Оның жүкті болып қалғаны таяуда ғана, яғни наурыздың бас кезінде белгілі болды. Өйткені Финна да шешесі сияқты еді — емшегі көпке дейін білінбейтін. Бықсып жанатын плиталы ошақтың үздіксіз будақтаған ащы түтінінен таңертеңгі мезгілде екі әйел де тұншыға жөтелумен болатын. Ол жөтел кешке қарай от қашан жақсы тұтанып, лаулап жанып кеткенше ұстамалы ауру сияқты тағы да қайталанатын. Оның үстіне, сиырдың жас тезегі мен аттың сұйық зәрінен қабаттаса шығатын жеркенішті қоламса иіс қолқаны қабатын, өкпенің тыныс алуын қиындататын. Финнаның қайта-қайта ауыра беруінің бір себебі сол болатын.
Сонда да болса ол бейшара сиырды күтіп-бағудың соңында өзі ғана жүретін. Бірақ Бьяртур жексұрын Букодлаға жем-шөп салуға тыйым салып тастады. Өзі жеткіліксіз жем-шөпті Финнаның сиырға молынан шашып, ысырап етуіне жол бермеді. Бьяртур ендігі қалған жақсы шөпті жас қозылар мен олардың енелеріне, өзге жем-шөпті нашар жейтін қойларға сақтауға ұйғарған болатын. Финна сиырға жем беріп, суарып, астын тазалап, көң-қоқырын сыртқа шығарады, қораны тап-таза етіп ұстайды. Ондай күтімді сиыр да біледі — сүтті молырақ беруге тырысады. Ол Букодланы ескі тарақпен ерінбей-жалықпай ұзақ қасылайды, онымен әңгімелескен болады. Оған реті келсе, итке деген балық сүйегін Бьяртурға көрсетпей, жасырып әкеп береді. Тіпті аздап кебек аралас үн шалып та жемдейді. Кейде сиырдың да іші пысып, зерігетіні болады. Ондай кездері Құдайдың көктемі шығатын күн бола ма, болмай ма деп төзімі таусылып, торыға қамыққандай даусын соза түсіп, кәдімгідей шағынған үнмен ұзақ-ұзақ мөңірейді. Оның мұңын түсінетін әйел сол сәттерде сиырдың жүрегі де жиі-жиі соғып, мына өмірдің мақсат-мұратсыз, босқа өтіп жатқан азапты өмір екенінен шошынатынын сезеді. Өйткені Финнаның өзі де бұл өмірдегі рақат дегеннің не екенін көріп-білмей-ақ келеді. Ол тапа-тал түсте сиыр қораға түсіп, сиырдың әукесі мен арқасын сипап жұбатқан болады. Бұл өмірде ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір кезде ізгіліктің зұлымдықты жеңетін кезі келетінін айтып, түсіндіруге тырысады. Оның мұнысын аз да болса түсінгендей сиыр саябыр тауып, тынышталады да қайтадан күйіс қайтаруға кіріседі. Осы бір аузы тынбайтын тойымсыз қорен әрі ақымақ жексұрын сиырмен қайдан қоралас болғанына өкініп, одан қалай құтылудың амалын таба алмағандай қоршаудың арғы жағында тұрған ат жеркенішті өшпенділікпен қатты пысқырып жіберді. Оның есесіне, балалар сиырды қалай жақсы көруді шешелерінен үйренді. Жаныңды жадыратып, жай таптыратын, бүкіл отбасындағы өмірдің көркін кіргізетін қасиетті сүт беретіні үшін бағалайтын болды. Сүттен Халбера кемпір де дәм тататын. Тіпті Титла итке де қалатын. Кәдімгі ұн шалып, малға берілетін сұйық быламық.
Ішіңді қатырып, қинайтын осы бір тағамға жоламайтын жалғыз жан бар. Ол — Бьяртур. Ол темекі жапырағы қосып қайнатылған сүтпен ауру қозыларды емдеуді ғана біледі.
Рас, соңғы кезде балалардың беттеріне қан жүгіріп, қызыл шырайлана бастады. Көздерінен денсаулығы жақсы балалар сияқты нұр шашылып тұратын болды. Бұрын олар сәл болса-ақ суық тиіп ауыра беретін. Әлжуаз әрі босаң еді. Бойкүйез еріншектікті қойды, кеудесіндегі әлдебір жабырқаңқы немесе мұңды көңіл күйден арылғандай күй кешті. Бұрынғыдай іштерін су мен ауа керіп тұрғандай қолайсыздықтан құтылды. Ауста Соуллилья әкесі оқып шық деп берген дастандардың ең бір күңгірт, бұлыңғыр тұстарын да оп-оңай түсіне алатын болды. Әкесінен қара күйемен ысталған әйнекке жазып жүріп, әріптерді біліп алудың сәті түсті. Ауызша есеп шығаруда да қабілеттілігін көрсете білді. Биылғы қыста қыздың бойы тез өсіп әрі толысып шыға келді. Көйлектері тар болып, сыймай қалды. Жеңін және белінің бүйірін тіліп, қосымша үшкіл салып, кеңітуге тура келді. Ауста — қазір он төртке шыққан үлкен қыз. Екі беті қызыл шырайлы, төсіндегі қос алмасы томпайып тұр. Бойында әлдебір түсініксіз сезімдер мен түсініктер пайда болатынды шығарды. Кейде мазасы болмай, ауырып та қалады. Оның көйлегінің етегіне жап-жалпақ көмкерме әдіп салынды. Өйткені жұп-жұмыр қос балтыры мен мықты екі тізесі сандарына дейін жалтырап көрініп тұратын болған еді.
Қыстыгүні пастор келді. Аустаның оқуын байқап көріп, табыстарына таң қалды. Ол өзінің ғана емес, өзіне тете інісінің де сауатын ашқан еді. Бірақ қыздың Құдай туралы, дін заңдары жөніндегі білімі қандай? Масқара болғанда дін заңдарынан хабары жоқ екен — оны тіпті де оқымапты. Құдай туралы түсінігі болмаса да оған бет алды босқа табынады екен әйтеуір.
— Бұл — жарамайтын іс, — деді пастор. — Құдайды білмеу — ұят. Тіпті заңға сай келмейді. Қызды шіркеуге алып барып, шоқындыратын уақыт әлдеқашан жетті.
— Менің осы жаңаша христиандыққа сене қоятын құлқым жоқ, — деді Бьяртур. — Бұрынғы пасторымыз жақсы-ақ еді. Марқұм болған пасторымыз Гудмундурды кім білмейді!? Оны бір көрген адам өмір бойы ұмыта алмайды. Әсіресе оның жаңадан шығарған қойларының тұқымын айтсаңшы! бұл өңірде оның даңқын шығарған да, оның есімін ғасырлар бойына сақтайтын да сол қойлар.
Мына бір жаңадан келген пасторға Бьяртур адам екен деп те қарамайды. Соны да пастор деп атауға бола ма екен?! Нағыз тазша баланың өзі. Қойлар туралы түсініктен мүлде мақұрым екенін қайтерсің?! Рас, ол қой туралы соз еткенді жақсы көреді, бұл салада өзін білікті біреу етіп көрсеткісі келеді. "Ауылшаруашылық хабаршысы" деген басылымнан оқыған теориясымақ бір мәселелерді соғады да отырады. Енді, міне, арнайы кітап ашып, оған барлық қойларды тіркеп жазып, олардың әрқайсысына ен салып, нөмірі жазылған сырға тағу керек дегенді шығарыпты. Бұл кейін, күздігүні әр қозының қай саулықтан туғанын шатастырып алмау үшін керек көрінеді-міс. Ол сонымен қатар әлжуаз нашар қозыларды тірі қалдыруды қойлардың алдында да, әркімнің өзінің алдында да, тіпті Құдайдың алдында да өлім жазасына лайық күнә жасау деп біледі. Өйткені оларды сату тиімсіз көрінеді — қойлардың болашақтағы тұқымы сондай әлжуаз нашар қозылардан тарайтын болады, сөйтіп мал тұқымы азғындайды екен.
— Пастор Гудмундур қой туралы ешқашан ешкіммен тіс жарып сөйлеспейтін, — деді Бьяртур. Қой тіркейтін ешқандай кітап та жүргізген емес. Онда өзінің ежелгі еврейлер туралы жалғыз кітабынан өзге ешнәрсе де болған жоқ. Бірақ қой туралы білімі нағыз үлы адамға, ғұлама ғалымға тон еді. Оның қызметкерлерінің айтуына қарағанда, Гудмундур өзінің қойларын өзге қойлардан жүріп кеткен ізіне қарап айыра біледі екен. Біздің шіркеу қауымының маңдайына енді қайтып ондай пастор біте қоймас, сірә!
Олар Аустаны шіркеуге алып барып шоқындыруды келесі жылға дейін, Хельги біраз өскенше қалдыра тұру жөнінде келісті. Бірақ пастор оны биылғы қыстың өзінде, яғни шоқындырудан әлдеқайда көп бұрын поселкеге алып келуді, сөйтіп Құдай туралы діни ілімді — ең болмаса, оның ең қажетті негіздерін оқып үйренуін талап етіп отырып алды. Сондай-ақ қыздың бұл жаста білуі тиіс басқа пәндерден де — атап айтқанда географиядан, зоологиядан, Исландия тарихынан хабардар болуы керектігін айтты.
— Қалай дедің, "география" дедің бе? Балалардың екеуі де өзіміздің аңғарды бес саусағындай біледі. Оларға аңғардағы әрбір шоқы, әрбір жартас, әрбір бұлақ-бастау, өзеннің әрбір бұрылысы жақсы таныс. Олар мұнда ешқашан адасып кетпейді — кез-келген ауа райында да жол таба біледі. Ал зоологияға келсек ше? Олардың бұл пәннен де хабары мол. Хутордағы әрбір қойды жаңылмай таниды. Өйткені олармен, өзіңіздің қолымыздағы жануарлармен, бірге жүріп, бірге өсіп келеді. Оларға қашан және не қажет екенін айтқызбай түсінеді. Тарихты да жаман білмейді. Қане, кішкентай Аустам менің, айтып жіберші, Гримур Эгир деген кім болған?
Ауста Соуллилья ұяла жауап берді:
Жаяу Хрольвтің қас жауы болған.
Дұрыс айтасың! — деді Бьяртур. — Ал ол өлгеннен кейін қайда барды?
Ауста ұяла тұрып, басын төмен салды:
— Тозаққа барды, деді ол.
— Әне, ол сорлыға не болғанын көрдің бе, пастор Теодоур? — деді Бьяртур, қарқ-қарқ күліп. Сөйтті де сөзін жалғастырды. — Осымен қош бол, пастор Теодоур. Өзің де сондай жағдайға ұшырап қалып жүрме.
Наурыз айының бас кезі болатын. Бьяртур шалшықты балшықта жайылып жатқан қойға баруға бет алды. Ауа райы құбылып тұрды біресе жабысқақ қар жауды, біресе басылды, тіпті күннің көзі шайдай ашылып та кетті. Балалар қойды кезегімен жаятын. Бьяртур Хетья деп аталатын бір қойдың басы қан жоса болып жүргенін байқап қалды. Алғашқыда қойдың мүйізі сынған болар деп ойлап еді, соңынан неғұрлым мұқият байқап қараса, оның екі құлағына бірдей ен салынып, әлдебір таңба басылыпты. Мұндай жаңалыққа қатты таң қалды. Қойдың қан-қан құлақтарын ақырын-ақырын кезекпе-кезек ұстап көріп, бұл өзі не қылған ен екенін, жалпы не болғанын байқап білмек еді, бірақ олардың құлақтарының шұнтитып кесілгені сонша, ондағы басылған нендей таңба екенін айырып біле алмады. Бұны кездейсоқ оқиға деуге болмайтын еді. Бьяртур ойланып қалды. Ол үй ішінің адамдарының бірінен де олардың көздеріне аңғарда жүрген бөгде біреулер түскен-түспегенін егжей-тегжейлі сұрап шықты. Жоқ, олар ешкімді де көрмепті. Арнайы келген де ешкім болмапты. Сонда Бьяртур былай деді:
— Егер аңғарда жүрген ешкім көрінбеген болса, мұның өзі көп жылдар бойы кездеспеген түсініксіз жағдай екен! — Содан соң ол қойдың құлағындағы таңбаның адам таң қаларлықтай өзгеше екенін айтты.
Осы кезде Хельги күтпеген жерден былай деді:
— Бағана, қар жауып тұрған кезде маған бір салт атты адам көлді кешіп өткен сияқты көрінген болатын.
— Көлге қарай дейсің бе? Қол жақтан не жейді ол? Өзіңнің есің дұрыс па?! Атының түсі қандай?
— Ол жағын байқай алмадым, — деп жауап қатты Хельги. — Аты болған жоқ-ау деймін...
— Өзі кімге ұқсайды екен? Байқап қарамадың ба, есуас неме?
— Жапалақтап қар жауып тұрғанда қалай байқайсың?! — деді бала. — Меніңше, ол адамға ұқсамайтын сияқты еді.
— Сонда неге ұқсайды? Айтсаңшы адам сияқты!..
Бала нені көргенін анықтап айта алмады: әйтеуір дөңгеленген бір нәрсе көлге барыпты да суға түсіп кетіпті.
Бьяртур одан сайын ойланып қалды. Басқалар да аң-таң болысты. Іс тоқып отырған кемпір әлдебір нәрсе деп міңгірледі. бұл өзі, не де болса, жақсылықтың белгісі емес қой!..
Көктемде айрықша абай болу керек. Осында хуторда отырып, біз де әлдебір нәрсені байқағандай едік. Бұл құбыжық зұлым күштер бізге көресіні көрсетеді әлі... Немесе тапа-тал түсте отардағы қойға, ай-шай жоқ, ен салып, таңба басты деген не сұмдық?!.
Күн жылына бастады. Ойда жоқ жерден болған оқыс оқиға тудырған қорқынышты уайым да сейілді. Жылы жел тұрды. Көктемгі жаңбыр жауды. Еңістегі қар еріп кетті. Бұған дейін қар көрпесін жамылып жатқан сарғыш қоңыр солғын шөпті аңғардың сай-саласы енді жасыл түске ене бастады. Көп ұзамай жайылымға жасыл желек жайқала өсті. Өзен тасып ақты, көлдегі сең бұзылды. Финна есік алдына шығып, көктемгі таза ауаны сіміре жұтты. Қарғалар хутордан алысқа ұшып кетіп жатты.
Кішкентай Нонни қой асықтарын беткейге алып шығып ойнады. Бір күні үйге ол өте маңызды жаңалық айтқалы жүгіріп келді: хутордың тап түбінде сап-сары бақбақ гүл өсіп түр! Таулы аңғарда жылдың бұл мезгілінде бақбақтың гүл ашуы — сирек кездесетін оқиға. Балалар шешесін ертіп кішкентай гүлді көруге шықты. Гүл өзінің жап-жас әлсіз сабағын қысқы күннің көзіне бағыттап, батыл да қуанышты қалпында жоғары қарай ұмтылады. Мәңгілік гүл сияқты. Олар өздерінің жаңадан пайда болған досына шаттанған қуанышпен әрі мейірлене сүйсініп, ұзақ қарап тұрды. Өйткені ол алдағы жаздың келе жатқанын қыс ортасында жеткізген хабаршы ғой. Олар бейне бір қасиетті орынға зиярат етуге барған адамдардың құдіретті күш-қуатқа үнсіз ықыласпен тауап етуге ниет еткеніндей ықыласты тебіреніспен гүл жапырағының шетіне саусақтарының ұшын тигізіп көрумен болды. Оған бейне бір: "Сен бұл жерде жалғыз емессің, біз бармыз. Біз де сен сияқты өмір сүруге ұмтыламыз" деп жатқандай. Сөйтіп, бұл күнді ерекше шұғыла шашқандай сезінді. Қыстың қорқынышты да қолайсыз жексұрын күндері артта қалды. Бұл күн жайдары да шайдай ашық бұлтсыз көк аспам сияқты жадырап сала берді. Олар үшін бұл күн нағыз бақытты күндердің бірі болған еді. Олар бұл күнді өмір бойы ұмытпақ емес. Кенеттен аттың кісінегені естілді. Оның алғашқы кісінегені ерекше сыңғырға толы. Әлдебір жүрексіне жасқанумен қатар ризашылықтың белгісі де сезіледі. Ол қатерлі ажал тырнағынан құтылған сәтте "Уһ!" деп, ауыр дем алғандағы сияқты үзіліп-үзіліп шықты. Бірақ соның өзінде де байсалды қуаныштың лебі еседі.
Қыстың қыспағы мол күндерін Құдай туралы ілімнен хабары жоқ жас қыз да ұмыта бастады. Бірақ ауа райының қолайсыз күндерінде әлдебір нәрседен қорыққан жоқ дейсіз бе? Қорықты, әрине. Қорыққанда қандай! Бір бұл ғана емес, басқалар да қорықты. Ондай үрейлі ұзақ түндерде оңайлықпен таң да ата қоймайды. Ал күндізгі күн күндізге ұқсамайтын. Тек көктемнің келуін тағатсыздана күтесің, сол үшін ғана өмір сүретіндей боласың. Бірақ оның тез келе қоятынына сенімің жоқ екенін сезесің. Міне, алғашқы бақбақ гүлі, жылқының алғашқы кісінеуі. Қашан мәңгілік көз жұмып, о дүниеге аттанғанша үзілмес үмітпен тағатсыздана күтетін көктемнің сағынышты сазды белгілері білінді. Енді аздан соң шалшықты балшық та көк-жасыл түске енеді. Ондағы тіршілік те өткен жаздағы сияқты қыза түсетін болады: құтандар су кешіп тұрып бейне бір инабатты жас қыздар сияқты сыпайылық танытып, иіле сәлемдеседі. Тау ішіндегі кішкентай сарқырама сулар күнге бір табан жақындай түсу үшін аспанға атыла ағады. Міне, сол кезде алыс өлкеден ол да — баяғы жұмбақ жігіт те келетін болады.
Қорқынышты жұма да келіп жетті. Жазғы мекен тұрғындары бұл күні әйтеуір біреудің — не Құдайдың өзінің, не Иисуспетрустың төрттағандалып өлтірілгенінен еміс-еміс хабардар болатын. Дегенмен олар төрттағандап азаптап өлтіру дегеннің қандай болатынын тым бұлдыр елестете алатын. Өйткені айқышты ағаштың қандай екенін ешқашан көріп білген емес. Ал оған адамды қалай төрттағандап өлтіретінін көз алдарына мүлде елестете алмайтын. Ондай сұмдықтың қандай болатынын көрсек, білсек деген ынта-ықыласы атымен болған жоқ-ты. Ал поселкеде осы төңіректе ойдан шығарылған алуан түрлі ежелгі ескі әңгімелер тіпті де таусылмайтын. Қасақана тап сол күні ауа райы бұзылып, суыта бастады. Кешке қарай жел күшейе түсті, аспанды қою сұр бұлт қаптады. Үй-іші енді ұйқыға жатар алдында қар борап қоя берді. Кешке қарай Жазғы мекен иесі Бьяртурдың да қабағы қатуланып, суыта бастаған болатын. Түн жарымы шамасында ол шалбарын, аяқ киімін киіп, ауа райын байқау үшін сыртқы шықты. Қар өлі құйып тұр екен. Қалыңдығы жұлықтан асатын болып қалыпты. Таңға қарай сақырлаған сары аяз аралас ұйтқыған қарлы боран соқты.
Бьяртур көктемнің ерте шыққанына тіпті де қуана қойған жоқ еді. Өйткені оның биылғы белгілері көңілін көншіте алмаған: гүлдердің тез ашылуы да, құстардың шықылықтап сайраған әндері де мерзімінен бұрын сияқты көрінетін де тұратын. Күннің көзі қаншалықты ашық бола тұрса да, оның қойлары оңайлықпен қоңдана қоймады: жаңбырлы жаздан кейінгі пішен шіріп кеткендіктен мал оны жөнді жей алмады, даладағы қар жұқа ғой, жайылып тойынар деген үмітпен қойды жайылымға жиі-жиі айдап салғаны пайдалы бола қоймады. Бьяртурды бәрінен бұрын қатты шошытқан жағдай ішек құрттардың пайда бола бастағаны еді. Олардың әдеттегі ажырамас серік-дерттері — жөтелден, әлсіз босаңдықтан, іші өтіп, мазасы кетуден құтыла алмай қойғаны болды. Жем-шөптің жұғымы жоқ сияқты. Кейбір қойларының арықтағаны сонша, тіпті көтерем болуға айналды. Бьяртур не істерін білмей, басын қатырумен болды. Оларды үйдің ішіне алып, өрістен шөп жұлып әкеліп азықтандырмақ, тіпті үн шалып, ботқамен асырамақ болды. Өстіп жүргенде пасха мейрамы кезінде ауа райының бұзыла кетуіне қараңызшы! Оның қанша уақытқа созылатынын кім білсін, балшықты жағалауда емін-еркін көк қуып, ауызданып қалған малды енді қайтадан қораға қамап ұстауға тура келді. Олардың мардымсыз жем-шөпке байланып, қанша уақыт қорада тұратыны белгісіз.
Ауа райы мүлде бұзылды. Ұйтқи соққан нағыз қатал қарлы боран көз аштырмайды. Тау жақтан желдің бейне бір қасқырдың ұлығанына ұқсас сарылы естіледі. Ол әлдебір жауыз жын-перілердің сырнайлатып-кернейлетіп, хуторға қарай құтырына ұмтылып келе жатқанындай әсер етеді. Шатырдың бір бұрышында жатқан ит тұла бойы діріл қағып, мұңын шаға қыңсылайды. Балалар үйме-жүйме болып, төсектің ішіне тығылды. Сөйтіп пасханың алғашқы күні Халбера кемпірдің ауа райына қатысты псаломдарды басынан аяғына дейін түк қалдырмай түгел оқитын өте сирек күндерінің біріне айналды. Дүрліктірген дауыл мен нақұрыс жын-перілер туралы кімді болса да таң қалдыратын бұл псалом-дұғалар бұрын-соңды бар қыруар көп дұғалардың қай-қайсысынан да балалар үшін өте-мөте қорқынышты да үрейлі еді. Оларды псалом-дұғаның жан түршіктірерлік жексұрын кейіпкердің зұлым күштер азапқа салып, қинай түскен, тырдай жалаңаш етіп, бұларға өшіктіре айдап салған қорқынышты бейнесі ұйтқыған қарлы боран басылғаннан кейін де көпке дейін түстеріне кіріп, шошытумен болды. Тіпті бірнеше жыл өткеннен соң да балалардың түсіне тосыннан кірген сол бір сұрапыл елестер олардың жаздың жайдары күндеріндегі қуанышым да су сепкендей басатын болды. Әлгі жексұрын кейіпкер балалардың ойына күтпеген жерден, тіпті жап-жақсы жағдайда жүрген кезінде сап етіп, тосыннан орала кететін.
Бұғау, құрсау, кісендерін
Тас-талқан ғып үзіп тастап,
Еркіндікке шыққан бойда
Жыртқыш аңдай айбат шегіп,
Ұмтылады ол адамдарға.
Түн ішінде, қараңғыда
Бұдан асқан сұмдық бар ма?!
Жол тосады ол ұлы түсіп —
Дәндеген ол жолаушының
Етін жеуден, қанын ішіп.
Аямайды ол тіпті өзін де
Адамдарды азапқа сап, қинай түсіп.
Халбера кемпірдің псалом-дұғаны түгелдей оқып шығуды қажет деп санағаны жердің асты-үстіндегі зұлым күштер бұғаудан босанып кетті дегенінің белгісі болатын. Ол бұл псалом-дұғаны оқыған кезде бейне бір қиямет-қайымның қорқынышты сұрапыл сағаты соғып тұрғандай-ақ бүкіл тіршіліктен безінгендей сезімде болады. Бұл дүниедегінің бәрін де ұмытып, сіңірі тартылған, құрысып-тырысқан тарамыс торабы сияқты қос қолын кеудесіне айқастыра қойып, ілгері-кейінді жылжып, зікір салып отырғандай көрінді. Оның үні жүзі кетіліп, мұқалып қалған қанжармен жас етті мылжалап кескілгендегідей баяу естілді.
Қыс атаулы тап осындай ерте көктемгі кездегідей қаһарлы көрінбейтін-ақ сияқты еді. Күнәдан пәк балалардың үнсіз үрейі күшейе түсіп, жүректері шағын ғана дербес хуторды жан-жағынан қоршап алған қатыгез зұлым күштілердің алдында аттай тулап, дүрс-дүрс соқты.
Тап осы пасха мейрамының таңы ата бере шешесі байпағын шешті де тағы да төсекке құлады.
ОТЫЗ СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
ШАЙҚАС
Қарлы боран бес күн бойы құтырына соқты. Осы аз уақыт ішінде қойлар қаншалықты қажып, жүдеп бітті десеңші! Олар шалшықты балшықтан өткен жазда орылып, ылғалдан шіріп кеткен пішенді жемей қойды. Енді Бьяртурдың оларды бұған дейін тек сиыр мен қозыларға деп жайылымнан шауып алған азын-аулақ пішенмен қоректендіруден өзге амалы қалмады. Бірақ ол пішен барлық малды азықтандыратын болса, қаншаға жетер дейсің!? Өзі де, тым аз қалды. Әрине, бірінші кезекте қойларға қамқорлық жасауы тиіс. Бірақ, екінші жағынан, сиырды құр ауыз қалдыруға да болмайды. Өйткені шірінді шөптің қиқым-сиқымын ол да жемейді, жемек түгілі аузына да алмайды: шірінді ақырда толып тұрса да шағымдана мөңірейді, сүтті өте аз беретін болды. Шамасы, ол өз аяғымен жүріп жайыла алатын уақытқа дейін аман жетпейтін де шығар. Ал ондай күнге дейін әлі ұзақ — ең аз дегенде Иванов күніне дейін күту керек. Дегенмен ауа райы ашылып, жайылымдағы қар еріп кетсе, қойларды жақсы пішеннің қалдығымен өйтіп-бүйтіп аман алып қалуға болар еді. Ендігі жерде не қойларды, не сиырды аман алып қалу үшін таңдау жасау қажеттігі туды. Қарлы боран қаншалықты ұзаққа созылатын болса, екі жақтың әйтеуір біреуі соншалықты тез жеңіп шығатыны айқындала түсті. Көктемгі карлы боранның аңғардағы жалғыз хутор үшін қандай қаһарлы да қауіпті сынаққа айналатынын көруге болады. Мұндайда жүрекке қайдағы бір үмітсіздік сезімі ұялайтынына, ал ұйқысыз өткен уайымға толы түндердің ешқандай да қуаныш пен жұбаныш әкеле алмайтынына ешқашан тан қалуға болмайды. Тіпті ең тамаша деген естеліктердің өзі де бір кезде жарқ-жұрқ етіп, көз жауын алатын күміс теңгенің үйкеле тозып, көк өңізденетіні сияқты солғын тартып шыға келеді. Балалар әкесінің ұйқысы қанбай, ісініп қызарған көздерін уқалап, қабағы түсіп, ерте тұрып кететінін, ал шешесінің, түні бойы үн-түнсіз жылаудан беті домбыға ісінген бойы әлі де болса сиырына шығып, оны сипалап, қасып, жұбатып жүретінін өздері көріп, куә болысты.
— Көп ұзамай ауа райы жақсарады, — деді Финна. — Көп ұзамай саған да, маған да күннің көзі жарқырайды, қар ериді. Қойлар тағы да шалшықты балшыққа шығып жайылатын шығар, сонда жақсы пішенге жаритын боласың.
Көптен күткен көк шөп көрінісімен кішкентай Нонни мен шешесі тау бөктеріне шығып, сиырын жайып бағуға кіріседі. Құстардың сайраған үнін тамашалайды.
Құстардың? Жо-жоқ, бұл сөзді айтуға оның тілі оралмайды. Ақырдағы шірінді шөп сол күйінде жатыр. Сиыр мұңын шаға мөңірейді. Бұл жерде сөзбен айтып, іске көмек жасай алмайсың. Ал, бәлкім, құстар жазғы күндерде ән салып, сайрайтын болар. Финна сиырды әукесінен үнсіз сипалаумен тұр. Ажал аузында тұрған жанды сайраған оймен жұбатып, тойындыру мүмкін бе? Мүмкін емес! Финна Букодланы үрей үстінде сипалай түсті. Ал сиыр мұңая шағынып, мөңіреумен болды.
Пасха қарсаңында құтырына соққан қарлы боран ақырында басылды-ау әйтеуір. Күннің көзі жарқырап шыға келді. Осы бір шұғылалы ұзақ күндері қар едәуір тез еріді. Бірақ ауа райы әлі де қатал еді — түнде аяз күшейді. Бьяртур қойларын шалшықты балшыққа айдап шықты. Бірақ қалың қияқтың жас өскіндері жартылай немесе түгелдей дерлік үстіп кетіпті. Ал қар астында қара жерден өзге еш нәрсе көрінбейді. Қап-қара балшық қана! Көптеген қойдың арықтап, қалжырағаны сонша, көтерем болуға айналды Оларды өріске айдап шығудың өзі қиын. Олар кішкентай өзенді кешіп өтпек болғанда арғы беттегі биіктігі сирағынан аспайтын жағалауға тырмысып көтерілуге мұршасы келмейді -алдыңғы екі аяғын әрең дегенде жарға тірегенімен артқы екі аяғын қия беткейге тіреп баса алмай; босқа әуре болды. Ал Бьяртур оларды бөксесінен көтеріп, жоғары шығарғанның өзінде ілгері жылжуға құлық танытпай, бір орында жатып алуға тырысты. Енді мүйізінен көтеріп, орнынан тұруына жәрдемдескенімен тізерлеп еңбектеуден ары аса алмады. Несі бар, мұның өзі Исландияны алғашқы қоныстанушылардың заманынан бері әрқашан болып тұратын үйреншікті нәрсе ғой. Аз ғана жүргеннен кейін қойлар бір жақ бүйіріне қарай құлай кетеді. Ал төменде, шалшықты балшықта, ұйықты жерлерге сәл ғана батып қалса да одан тырмысып шығуға ешқандай әрекет жасай қоймайды. Қарғалар шалшықты балшыққа қайта оралды. Олар қойдың арқасына тырнақтарын қадап, тұмсығымен шұқуға, қарнын тірідей жаруға, көзін шұқып жеуге қолайлы кезеңді күтіп, аңди түседі. Бір күні қора маңында үш қой жатып қалды. Оларды Бьяртур ит қосып қумақ болса да орындарынан тұрмады. Ит оларға қарай үре ұмтылса да қимылдаған жоқ - тек көздерін жыпылықтата қарады да қойды. Бьяртур қалтасынан пышағын алды да әлгі қойлардың алқым жүндерінің арасын ашып жіберіп, бірінен соң бірін бауыздап тастады. Содан оларды көмуге кірісті.
Қойлардың бәрі де ішек құртымен ауырды. Бьяртур олардың біразын үйге кіргізіп, ерекше күтіммен ұстамақ болды. Бірақ онысынан да еш нәрсе шықпады. Қойлар аузына бір тал шөп алмады. Ал таңға қарай олардың біреуі немесе бірнешеуі жерде шалажансар сұлап жатады. Тіпті өліп те қалады. Ал Бьяртур әйеліне қара бидай ұнын шалып, ботқа жасауды бұйырды. Оны қойдың кейбіреуі жесе де басқалары татып алмады. Қара бидай ұнының қоры да тым мардымсыз еді. Адамдар өздеріне нан пісіруге қимайтын. Міне сондай жағдайда ұнның мынадай ысыраппен жұмсалуы көпке бармайтын. Кешке қарай Бьяртур қойларын қораға қамау үшін қолына пісірілген жұқа нан ұстап, қызықтыра ертіп кіргізетін болды. Әрбір екі-үш қадам жасаған сайын қойларға ол нанның шетінен кіп-кішкентай бір бөлігін бір тістетіп ертіп отырды. Бірақ бұл іс те өте өнімсіз болды. Әр қойдың өзін жеке-жеке қызықтыруға тура келді. Ал олар қораға кіремін дегенше қайта-қайта сүрініп, құлай берді. Қойларды қораға жаңа тәсілмен кіргізіп қамау үшін балалар әкесіне қолдарынан келген көмегін аяған жоқ, мүмкін болған нәрсенің бәрін де істеді.
Иә, жаздыгүні қойға қарасан, ол менмен жануар, тау жайылымының сәні болып көрінеді, йен даланың ханшасы сияқты. Ал оның тау беткейінде тастан-тасқа сергек секіріп жүргенін, бір биікке шығып алып, үрейлі маңырағанын немесе қалың талдың арасынан қулана қарағанын көрген адамның көктемде шалшықты балшықта қимылсыз жатқан аянышты жануарлардың тап солар екенін көзге елестетуінің өзі қиын.
Бьяртурдың күн сайын бірнеше қойын бауыздауына тура келді. Дегенмен де қойларының басым көпшілігі әлі де үміт күттірерліктей дилы еді. Дені сау қойлар шөпті де, жемді де құныға жеді. Олар үшін қолдан келгенше жағдай жасау керек болды.
Олардан сапалы шөпті бір талы қалғанша аямау керек. Ал маядағы шөп күн санап таусылып барады. Сиырдың қабырғаларының арса-арасасы шығып, әбден арықтап бітті, сүт беруден қалып бара жатты.
Мұндай жағдайда сүттің жетіспейтіні өзінен-өзі белгілі. Оның үстіне, Бьяртур, көктемгі көкөзек шақта жиі-жиі орын алатынындай, жаңа тәртіп орнатты: адамдар күніне бір-ақ рет тамақтанатын болды: адамдар да, мал да аштықтың азабын тартты.
Бір күні Финна бір басы томпақ түйінді таяқшаны мұқият сүргілеп тазартты да оған жуан жіптен тоқылған шашақ тақты. Балалар мұндай құрылғы аспаптың не екенін түсінбей, таң қалысты.
— Бұл не өзі? — десті олар.
— Мұның аты — піспек, — деді Финна. — Баяғыда бір кедей әйел болыпты. Бір күні оның үйіне Иисус келіп, осындай піспек жасауды үйретіп кетіпті. Бұл піспекпен сүтті піскен сайын, ол көпіріп көбейе түседі екен...
Финна сиырдың желінін қақтап отырып, сауып алған азғантай ғана сүтке бір түйір мәйек салды. Сөйтті де оны кәстрөлге құйып, әлгі піспекпен былғай бастады. Сүттің көпіршіп көбейе түскені сонша, ол кәстрөлдің ернеуінен асып кете жаздады. Егер Финна одан әрі пice бергенде сүттің қаншалықты көбейе түсетіні белгісіз еді. Балалары майы алынған сұйық сүтті ішкендеріне мәз болып, Иисустың тапқырлығына таң қала риза болысты.
Бір күні кешке Финна Бьяртурға былай деді:
— Жарқыным, Бьяртур, төменге, поселкеге түсіп, аз да болса сапалы пішен әкелгенің дұрыс болар еді.
Бьяртур бұл күндері біреумен әңгімелесуден мүлде қалғандай болатын. Ажал қатері төніп тұрған минөттегі шкипер, соғыс кемесінің командирі сияқты қысқа-қысқа бұйрық берумен ғана шектелетін. Бірақ тап қазір кенеттен жарылып кете жаздап, ашу шақырды: біреу жалаңаш етіне өткір пышақтың жүзін тақап тұрғандай сезінді. Сөйтті де былай деп сұрады:
— Мына сөзді маған айтып тұрсың ба? Поселкеге барып кел дедің бе? Поселкеде менің алыс-беріс еш нәрсем жоқ. Ешкімнен ештеңе сұрамаймын әрі алмаймын да!
— Бірақ, қымбаттым Бьяртур-ау, бір нәрсені түсінсеңші — сиырдың сүті қалмады. Ол бейшараның қабысқан қарнына қараудың өзі аянышты. Менің көз алдымда жүдеп-жадап, көтерем болуға айналды.
— Онда менің жұмысым жоқ! — деп, қысқа жауап қатты Бьяртур. — Мені поселкеге барып, шөп сұрап әкеледі дегенді біржола ұмыт! Біз өз билігіміз өзіміздегі дербес те тәуелсіз адамдармыз. Мен емін-еркін азат адаммын және өз жерімде өзім тұрып жатырмын. Ешкімге де тәуелді болғым келмейді!..
— Букодланың бізге жасаған жақсылығын білесің ғой. Оны қалай ұмытасың? — деп жалбарына тіл қатты әйелі.
— Иә, білгенде қандай! — деді ол. — Ол бізге әлі талай "жақсылық" жасайды — әсіресе ендігі қалған қойларды түгел қырып бітірген соң ақырында өзімізді де өлімге душар етіп тынады.
— Тым болмаса, аз ғана шөп сұрап көрші, — деп жалбарына жалынды әйелі.
— Сенің сұмырай сиырыңа бола мені қойларға опасыздық жасауға мәжбүр ететін ешқандай күш жоқ. Ондай күшті жердің бетінен де, көктің жүзінен де таба алмайсың! Бір отар қой өргізу үшін мен он сегіз жыл бойы бел шешпей жұмыс істедім. Хуторға деген борышымды он екі жыл бойы төлеп, әзер дегенде құтылдым. Мені ешкімге тәуелсіз дербес адам еткен менің қойларым ғана! Мен енді ешқашан ешкімнің алдында бас иіп, жалынышты болып тұрмаймын. Көктемде біреуге барып, алақан жайып, пішен сұрап, масқара болатын жағдайым жоқ! Ал маған староста мен Әйелдер одағы еркімнен тыс тықпалап алып келген, сөйтіп менің балаларымның үйреншікті тағам түрлеріне деген төбетін жойған және менің қойларымның сапалы пішеніне ортақ болып, оларды ашаршылыққа душар еткен сұмырай сиырдың сазайын тартқызатын кезім келді. Оның сазайын неғұрлым тез тартқызуым керек.
— Бьяртур! — деп ақырын ғана үн қатты әйелі. Ол екі адамды кейде бір-бірінен қарасы көз жетпестей алыстан қарауға мәжбүр ететін жағдайда Бьяртурға есінен тана көз жүгіртті. Букодланы бауыздағанша, мені бұрынырақ бауыздап тыншы!
ОТЫЗ ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
КӨКТЕМДЕ КЕЛГЕН АЖАЛ
Ауа райы жақсармады. Аспанды бұлт торлады, ышқына жел соқты, кей-кейде бұршақ жауды. Үйдің ішіне ауру қойлардан шығып жатқан сасық иіс сіңіп, тыныс алу қиындай түсті. Ішек құрттар қойларды әбден қинады, ол бейшаралардың қарлыға жөтеліп әзер маңыраған үні сиырдың шағына мөңіреген даусына ұласып жатты. Таңертеңгісін бір немесе бірнеше қой қорада өзге қойлардың аяғы астында тапталып, қимылсыз жатады. Олардан кейде пәлендей тіршілік белгісі білінбейді. Бьяртур оларды жалма-жан бауыздап, шымтезекті батпаққа қарай сүйрей жөнеледі. Өлген қойларды он да алып барып көмгеннен кейін пышағын мүкке сүртіп тазартады, жарық дүниедегі жер бетінде бар нәрсенің бәрін де неше түрлі былапыт жаман сөздермен сыбап тұрып сөгеді. Өйткені қазірдің өзінде оның жиырма бес тоқтысы өлді. Олардың бәрін де өзі мәпелеп өсірген болатын. Әрқайсысының қай саулықтан туғанынан бастап, одан арғы шыққан тегіне дейін түгел жатқа білетін. Әр тоқтының, әp саулықтың бүкіл түрі-түсін, мінез-құлқын, әдетін өзінің ең жақын досының қасиеттерін ұмытпайтыны сияқты түп-түгел есінде ұстайтын. Өткен жылдардың көптеген естеліктері сол қойларға тікелей байланысты болатын. Бьяртур оларды мейлінше сергек, бұйра жүні қалың өскен, күзге қарай таудан түсіп келе жатқанда өздерінің қутың қаққан қозыларын мақтаныш еткен қалпында есінде сақтайтын. Тіпті көктемде қоздаған саулықтардың қайсысы қай жасыл шатқалда өз төлдерінің шаранасын қалай жалап, қалай мекіреніп маңырағанына дейін ұмытпайтын. Олардың әрқайсысының өз белгілерін,өз қылықтарын, өз дене бітімін мүйіздерінің өзіндік ерекше түрін бір-бірінен жаңылыспай ажырата білетін. Бір қойдың маңдай жүнінің қалай үрпиіп тұратынын, екінші бір қойдың сарғыш нышанын,үшінші бір қойдың тұмсығы үстінде дөңгеленіп тұратын түймесін есінде ұстайтын. Олардың кейбіреуі үркек, енді біреулері шаруаның ұялшақ қызы сияқты жуас та момақан болатын. Қутың қаққан біреулері аласа қоршаудан қарғып кетуді, тасып жатқан шағын өзеншеден арғы бетке жүзіп өтуді ұнататын. Үшінші біреулері жырада жасырынып қалуға бейім болатын... Енді міне солардың бәрін де дерлік бауыздауға тура келді. Олардың қаны сорғалаған жарасынан ішек құрттар сүйретіліп шыға келеді, өкпелерін шұрық тесік етіп жеп қойған. Ринга, Скедла, Скесса, Кемпа, Гадла сияқты басқа да толып жатқан тоқтылары Бьяртурдың бүкіл өміріндегі сенімді сүйеніші, қозғаушы күші болған еді, Сондай жиырма бес қой... Ендігі кезек қай қойлардікі екенін кім біледі?
Қар жауып тұр. Қойды өріске шығарудың реті бүгін де жоқ. Үш қойды — Каупты, Лаудганы, Спурды — ертең сояды. Хутордағылардың ешқайсысында да үн жоқ. Маядағы шөп түгел желініп біткен. Шыммен жабылған қақпақтың астына тіреулер қойылған. Сиыр орнынан тұра алмайтын халде. Қар үздіксіз жауып тұр. Тағы да ұйтқи соққан боран басталды. Кішкентай терезе көзін қырбық кар басып қалды. Түтін үйдің ішіне қайта үйірілді. Қолқа қабатын бықсыған ащы түтін мен жағымсыз қоламса иістен тыныс алып болмайды.
Ал әлдебір жерлерде бау-бақшалар гүлге оранып, сәнді сарайлардың көз тартып тұрғаны анық. Сонда мына аңғардағы шағын ғана жалғыз хуторды бүкіл дүние шынымен-ақ елеп-ескерусіз біржола ұмыт қалдырғаны ма? Ал мына аты-жөндері өзгелерге белгісіз адамдардың ерлік істерін шынымен-ақ ешкім елеп-ескермей, даңқын арттырмай кете бере ме? Олар туралы кітап жазылмайтын болғаны ма? Оларды шынымен-ақ жұрттың бәрі елеусіз, ұмыт қалдырғаны ма?
Жоқ, тіпті де олай емес екен. Үйдің табалдырығын аттағалы тұрған қонақтар келіпті. Ұйтқи соққан қарлы боранмен араласа аттардың пысқырғаны, ат әбзелдерінің сыңғыры, бөгде біреулердің таныс емес даусы естіледі. Мұның өзі бүкіл үйді басып қалған үнсіз үрейден құтқарып, жеңілдік орнататын, адамдар үшін де, ит үшін де қуаныш ала келетін оқиға болды.
Үйдің жоғары бөлмесіне көтерілетін тесіктің қуысынан әлдебір әйелдің қар басқан бейнесі көрінді. Сәнді киінген оның дене бітімін тығыз кептелген рейтузы айқын байқатады. Оның сұрғылт көгілдір көздерінен, суық жел қызартқан екі бетінен жүзі жайдары жан екені көрінеді. Ол үстінің қарын өзі жоғары көтерілген тесіктің қуысына қағып тұрып: -Хи-хи-хи! — деп күлген кезде тістерінің мықты екені байқалды, әлдебір жағымсыз соз айтып, біреуді балағаттағандай болды. Оның қолындағы солқылдақ шыбық небары жиырма бес эйрир тұратын бірде-бір бұйымы жоқ мына үйде сән-салтанат затындай болып көрінді. бұл Миридегі Йоунның қызы Одур болып шықты. Оның соңынан іле-шала шатырға және бір адам көтерілді. Ол қыздың жол серігі, старостаның көп қызметкерлерінің біреуі екен. Оған Одурды Фьордқа дейін шығарып салу туралы бұйрық беріліпті. Өйткені қыз ертеңгі пошта пароходымен оңтүстікке, бұл жақпен салыстырғанда неғұрлым бақытты өлкеге сапар шекпек көрінеді.
— Аса құрметті фрекен, сенің екі бүйірің қалай толысып кеткен еді! — деді Бьяртур оны екі санынан еркелете қағып тұрып. — Тіпті бірде-бір сүйегің білінетін емес. Ішіп-жемнің мол да жақсы екені бірден көрініп тұр. Бұл қызға ең жақсы кофе құйыңдар. Қантты да аямаңдар. Дәмсіз сұйық быламық сияқты анау-мынау кофені ішпейді. Бұл мен алғаш рет үйленгенімде тіземнен де келмейтін кіп-кішкентай нәресте еді. Енді, міне, бой жетіп шыға келгенін қарашы!
Балалар тізіле қатарға тұрып, қонақ қызға ауыздарының суы құрып, таңдана қарады. Қандай үлкен, қандай сән-салтанатты киінген, қандай көңілді қыз десеңші! Қалай күшті балағаттай алады! Қандай алыс сапарға шыққан десеңші! Одур үстінің қарын қағып, сілкініп болды да көптен мәуе беріп келе жатқан, жаңадан ашылған гүлдерінің, енді дән байлай бастаған бүршіктерінің салмағымен бұтақтары аздап иілген жеміс ағашы сияқты тікесінен тік тұр. Жоқ, мынадай ауа райы бұзылып, құтырына қақап тұрған суықта иен дала арқылы сапарға шығу — ақылға қонбайтын нәрсе. Ал әйел баласы үшін ажал аузына ілігумен пара-пар. Сондықтан да ауа райы жақсарып,күннің көзі ашылғанша осында бола тұрғаны дұрыс. Қыз жан-жағына көз жүгіртті: қай жерге жайғасқаны дұрыс? Соны байқап көрді. Төсек үстіндегі көрпенің тазалығына күмән келтірді. Ақырында ерлі-зайыптылар кереуетінің бір шетіне отыра тұруды дұрыс көрді. Ол өзіне көңіл бөліп, әуре бола бермеуді өтінді, кешке қарай боран басылып, күннің көзі ашылып та қалар деген үміт білдірді. Сыпайы ізет сақтап, қойлардың жағдайы қандай екенін сұрастырды.
— Наурыз айының бас кезінде осында әлдебіреу болып кетіпті, — деді Бьяртур. — Жай кетпепті, менің бір қойым ен салып кетіпті. Ал сендердің поселкелеріңде бұдан да сорақы нәрселер болып жатады ма емес пе?
— Иә, дұрыс айтасыз, — деді қызметкер жолсерік. — Біздің поселкеден жақсы хабар күту қиын. Истадальдық Оулавюр тапа-тал түсте қырық қойынан айырылып қалды. Басын тауға да ұрды, тасқа да ұрды. Бірақ қолынан еш нәрсе келмеді. Бәрі ғылыми байламға сай өлген болып шықты. Ал ундирхлидтық Эйнардың отыздан астам қойы опат болды. Ендігі бар үміт олардың о дүниедегі жайылымдарының жақсы болуында қалып отыр. Гилтейгалық Тоурир тіпті қанша қойы қырылғанын да айтпайды.Оның кенже қызы некесіз ұл туып алды.
— Ол неге өзінің сүйген жігітіне тиіп алмаған? — деп сұрады старостаның қызы.
Бьяртур күлкісін тыя алмай, былай деді:
— "Төсегіңді қалай салсаң, ұйқыңды солай ұйықтайсың" деген сөз бар ғой. — Сөйтті де былай деп қосып қойды: бар бәленің басы сұмырай сиырда, қарада тұр ол оңбаған қомағай да мешкей сиыр пішенмен қоса сенің өзіңді де жеп қоюдан тайынбайды. Оның қарны Жерорта теңізі сияқты түпсіз терең құрдымның дәл өзі!
— Соның бәрінің есесіне Тау королінің малы дін аман, — деді қызметкер жолсерік. — Утиредсмириде қойларды ұн шалған ботқамен азықтандырады. Бірақ соның өзінде де көптеген қой арып-аршып, көтерем болып қалды. Әдетте көктем кезінде көп кездесетініндей, бірнеше қой пышаққа ілінді.
Иә, Редсмиридегі жағдайдың әрқашан осындай болып жататынын Бьяртур баяғыдан бері біледі. Дегенмен бірлі-жарым қойдың көп немесе кем өлгенінде тұрған не бар? Бұл староста үшін шыбын шыққанмен бірдей. Ол үшін ең бастысы — мініс аттарын ерекше жақсы күтіп баптау.
Қарлы боран басыла қоймады. Қыздың төзімі таусылып, жүйкесі жұқара бастады. Біресе төмен түсіп, біресе жоғары көтеріліп, тыным таппады. Қар тікелей есікке, қыздың бетіне ұйтқи жауды. Қар көктемгі кездегідей ешқашан тікендей өткір қиыршықтанып жаумайды. Қазір де тап солай. Қыз біресе балағат сөздерді боратса, біресе терең ойға шомып, уайымдай бастайды. Содан кейін бейне бір қояншық ауруы ұстағандай мазасызданады, ақырында өзін-өзі ұстай алмайтындай халге жетеді.
— Ағам Ингольв мені бүгін кешке дейін келеді деп күтіп отыр. Ол ендігі мені боранға ұшып өлді деп ойлаған да болар, Құдайым-ау, ертеңгі пароходқа үлгере алмай қалсам, не болмақ?!
— Жарайды, мазасыздана берме. Ауа райы түнге қарай түзелетін болар.
— Құдайым-ау, тек пароходтан қалып қоймасам етті!
— Қарлы боран көп ұзамай басылады.
— Құдіреті күшті Иисус ием-ау, пароход жүрем дегенше жетіп үлгермесем, менің жағдайым не болмақшы?!
— Онда тұрған не бар, келесі пароходты күте тұрасың.
— Егер мен ертеңгі пароходқа жетіп үлгермесем не болмақ?
— Егер сен келесі пароходпен барсаң, оңтүстікте еш нәрсе де бұлініп кете қоймас.
— Менің қайткенде де ертеңгі пароходқа жетіп үлгеруім керек, — деп қасарыса қарсыласты қыз. — Егер мен иен далада үсіп өлетін болсам да жетуге тиістімін. Сенбі күні қалай да оңтүстікте болуым керек!
— Соншалықты не болып қалып еді өзі?
Қыз тіс жарып түк айтпады. Бәрінен де торығып, үмітін біржола үзгендей. Ол мұнда тыныс алатын ауаның да жоқтығын айтып шағынды. Еш нәрсені ішкісі де, жегісі де келген жоқ. Қалай дегенде де оның бұл түні осында, мына қоламса сасыған тар үйде тұншыға қонып шығуына тура келеді. Қолдан келер басқа амал жоқ еді. Ол киімдерін шешкен жоқ, екі жәшікті бір-біріне жалғастыра қатар қойылған кереует-төсектің үстіне жамылғы көрпеге оранып жата кетті. Жайлы төсекке жатып дем алуы туралы ұсынысты тыңдағысы да келген жоқ. Түні бойы аһылап-үһілеп шықты. Ара-арасында сатымен төмен түсіп, сырттағы ауа райын көріп келумен болды. Бьяртур одан "Түнгі құмыра-түбек қажет болып жүрген жоқ па?" деп сұрап та көрді. Жоқ, олай емес екен. Ол ауа райын байқап қайту үшін біресе ішке кіріп, біресе сыртқа шығып, тыным таппай жүргенін айтты. Жүрегі айнып, құсқысы да келе ме, қайдам?.. Айтпақшы, ол сенбі күні қалай да Рейкьявикте болуым керек деп еді-ау.
Бұл түні хутордағы ұйқының мазасы болмады. Соншалықты асығарлықтай, бұл қыздың қандай шұғыл шаруасы болды екен? Әлде біреумен кездесуге берген уәдесі бар ма? Байқап тұрса, Аустаның да тап осы қызға ұқсас кең маңдайы, қияқтай қиылған имек қасы бар екен-ау!? Қазір Ауста да тек сұңғақ бойлы жасөспірім қыз ғана емес, нағыз бой жеткен қыз сияқты. Ол да мұңайып уайымдаудан, әлдебір торығудан көз ашпайтын сияқты. Қыздың ойына сол бір келіп кеткен қонақ жігіт келеді, оның ормандағы оңаша тұрған тамаша үйі елес береді де тұрады. Үйдің алдында табаққа салынған сарғыш-қоңыр самса сияқты ешқандай бой жеткен қыз көрінбейді. Жоқ, қыздың қиялында ол әдемі үй алдыңғы жылы үйдің жоғары қабатына көтерілетін тесіктен кездейсоқ түсіп кетіп, қойлардың аяғының астында қалып, мыж-мыжы шыққан түрлі-түсті күнтізбеге салынған суретке қатты ұқсайтын сияқты. Ауста өз қиялында ол үйге бірінші барып ие болды, өзін олардың жеріндегі құрметті қонақ ретінде сезінді. Әрине, ол мына Одурдың иелігіндегі жер емес! Құдайым-ау, Ауста ол жігіт туралы қыс бойы, тіпті хутордағы қойдың өлім-жітімі көбейіп кеткен бүкіл көктем бойы үздіксіз ойға шомып, тәтті қиялға берілген жоқ па еді?! Ол мына бүгінгі түнді де ұйқысыз өткізді, бұрынғысынша, тіпті одан да күштірек, одан да тәттірек қиял құшағында көз ілмей жатты. Бірақ тағдырдың салғанына амал қанша, біреулердің аурудан қырылып жатқан қойдың ортасында өліммен бетпе-бет қала беруіне, ал екінші берулердің оңтүстікке ғажайып, өлкеге ұзақ сапар шегуіне тура келеді.
Таңертең Ауста Соуллилья көзі ұйқыға енді ілініп бара жатқанда оянып кетті. Өйткені өмірге құштар бақытты біреудің сыңғырлаған әдемі күлкісі естілген еді. Күннің көзі шайдай ашылыпты. Старостаның қызы бақыт құшағына бөленіпті. Ол өзінің үйінен мил шыққан бутербродын жеуге құныға кірісті. Жоқ, ол енді пароходқа қалай да жетіп үлгереді! Рас, оның қызметші жолсерігі "Ауа райына сеніп болмайды. Ол ұдайы құбылып тұрады" деген сөзді қыстырып қойды. Бірақ старостаның қызы оны елең қылған жоқ, қарқылдап күлді де былай деді:
— Мейлі, сайтан алсын бәрін де. Бізге бәрібір емес пе?! — Қыз қайта-қайта "сайтан алсын бәрін де!" деумен сыртқа шығып, аттарға таянды. Ол өзінің қызметші жолсерігін үсті-үстіне іздеп, дауыстап шақырумен болды. — Жүріп кететін уақытымыз әлдеқашан жеткен жоқ па? Болсаңшы енді!
Ал қызметші жолсерік шатырдың ішіндегі бөлмеде жайласып отырып алып, үй иелерімен бірге кофені үсті-үстіне сораптап, асықпай ішуде еді.
— Бұл не қылған айқай-шу?! — деді ол.
— Қыз асығып тұр, — деді Бьяртур.
— Иә, — деп жауап қатты қызметші жолсерік, кофені рақаттана іше түсіп. — Байға тиер кезінде әйелдердің бәрі де ақылынан адасады. Бұл да солай ғой.
— Әлде мен қателесіп тұрмын ба, әлде шынында да солай ма, қыздың екі бүйірі шыға бастаған ба? Қалай өзі? — деп сұрады Бьяртур.
— Меніңше, анықтап қараған адамға бәрі де түсінікті сияқты.
— Сонда, сіздің жақта да әлдебіреу болып кеткен-ау, шамасы?
— Сен қалай ойлайсың? Олар, оңтүстіктен ағылып келіп жататын мықтылар, тұтыну қоғамының өкілдері тек сенің жеріңде ғана аң аулайды ғой дейсің бе?
— Е-е, яғни, бізге келген әлгі аңшы жігіттің де солардың жексұрын тобырынан болғаны ма? — деді Бьяртур. — Мен оның сондай екенін қалай байқамағанмын?!
Сонымен Бьяртур өзінің қонақтарын жол жиегіне дейін шығарып салды.
Ауа райы әлі де мәз емес еді — шамасы, тағы да қар жауатын болуы керек. Осы қар құрдымға кетіп, құрыса екен өзі! Әлгі кішкентай жын-сайтандар да мамық көрпенің астынан бастарын шығарып, шынымен-ақ уақытылы тұра қоймайтын болғаны ма? Бьяртур қолына кенеп матамен оралған екі үлкен пышақ алды. Олардың орауын ашып, кереуеттің өзі жататын шет жағына қойды. Сөреде жатқан тас қайрақты алып, оған түкіріп-түкіріп жіберді де пышақтарын қайрауға кірісті. Одан шыққан ащы дыбыс барлық өліні де, тіріні де тесіп өтіп бара жатқандай...
— Хельги, тұр енді. Сен маған қажетсің.
Хельги төсегінен ықылассыз тұрып, шалбарын киді, енді шұлықтарын іздей бастады. Әкесі пышақ қайрауын жалғастыра берді. Басқа балалар мамық көрпенің астынан сығалап қараумен болды. Бьяртур басынан бір тал шашын жұлып алып, пышақтың жүзі қаншалықты өткір болғанын байқады. Содан кейін жәшікте жатқан бұрауышты алды. Оны тот басып қалған екен Шалбарына сүйкеп-сүйкеп жіберіп сүрткен болды да оны да қайрауға кірісті.
— Киініп болдың ба, жалқауым?
— Менің не істеуім керек?
— Не істеуім керек? Мен не айтсам, соны істейсің. Түс темен!
Бьяртур баланы желкесінен итерген бойы оның соңынан ілесе отырып, сатымен төмен түсті. Әйелі төменге түскен күйеуі Бьяртурдың екі қолындағы қайраулы екі пышақтан бейне бір есінен айырылған адамша көз алмай, бір түрлі шошына қарады. Осы бір әбден азап шегіп, қорлық көрген, қинала қалжыраған, ізгілік атаулының түбінде бір жеңіп шығатынына кәміл сеніммен қарайтын, кезінде Иисус Христостың үйретіп кеткен әдісі бойынша сүт ұйытып, май шайқаған, аз айранды лажсыздан пісіп, көбейте білген бейшара әйел дәл осы сәтте мың жыл бойы — Исландия өмір сүріп келе жатқан мың жылдан бері тұтас ұлттың бостандығы мен тәуелсіздігінің негізі қаланып, жеңістен жеңіске жету жөніндегі мызғымас берік ерік-жігерді мұқалта аламын деп ойлады ма екен әлде?!
Ол екі қолына екі өткір пышақ ұстаған бойы төменге түскелі тұрған күйеуінің мойнына орала кетті.
— Жалғыз сиырды бауыздағаның — мені бауыздағаның, Бьяртур! деп, жалбарына жалынды ол. — Менің ендігі жерде балалардың қинала шырқырап ашыққанын көре алатын халім қалған жоқ...
Әйелі басынан аяғына дейін қалтырап-дірілдеп, көз жасын тыя алмай, еңіреп жылады. Ол көз жасының мөлдір шығы тұнып тұрған гүл сияқты болып кетті.
Бірақ Бьяртур оны әлеуетті иығымен бір қаққанда-ақ ұшырып түсірді. Ол енді күйеуінің соңынан сол есінен танған адамша қараған бойы қала берді, Бьяртур темен түсіп кетті.
Төменнен біраз уақытқа дейін үнсіз жасалып жатқан әрекеттің дыбысы естіледі. Бьяртур шумақтап оралған арқанның бір үшін тарқатып алды да одан тұзақ жасады. Содан кейін сиырды жатқан орнынан көтеріп тұрғызды. Ол бейшара аяғын зорға дегенде тіреп, ырс-ырс ете мұңая шағынды. Бьяртур оны қоршауынан шығарды. Бейшара ашық есікті көріп, тағы да шағынғандай болып, мұңая мөңіреді.
Міне, осы бір қас қағым сәтте Жазғы мекендегі Финнаның, әрқашан үнсіз жүретін, әнді жан жүрегімен сүйетін, отанның игілігі үшін және ажалдың араны үшін жарық дүниеге талай нәрестені әкелген әйелдің көз алдындағы дүние түгелдей астан-кестеңі шығып, біржола қирағандай болды. Ол өте қайырымды еді. Оның аульвалар арасында да достары болатын. Бірақ бейшараның жүрегі үрейлі қорқыныш пен қалтырап-дірілдеп зәресі ұшқан жағдайда ұзақ жылдар бойы тынымсыз соғумен өтті. Оның бар өмірі осы ғана. Дәл осы минөтте оның өмірі бастапқы қалпына қайта оралғандай болды. Дәрменсіз аяғын шалыс басып, тәлтіректеген бойы Финна Халбера кемпірдің алдына үн-түнсіз құлай кетті. Өз анасының солып-семіп қалған кәрі кеудесіне бейне бір тозаң мен күл қонғандай болды.
Барселона-Копенгаген.
1933/34 жылдың қысы.
(1932 жылғы нобайдың ізімен)
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі