Ел ертеңі –жастар. Алаш арыстарының бірі Мағжан Жұмабаевтың: «Көздерінде от ойнар, Мен жастарға сенемін!» деген жолдары ойыма орала берді. Иә, біздер – тәуелсіздіктің қадірін түсінетін , ата-бабаларымыздың жанымен, қанымен қорғап келген кең байтақ қазақ жерін үлкен аманаты деп білетін , Отанымыз-Қазақстанды арым да, бақытым деп есептейтін, қасиетті әнұранның әуезінде тербеліп өсіп келе жатқан ұрпақпыз. Ел келешегі мен тәуелсіздік тарихын бөле-жара алмаймыз. Тәуелсіздік тарихын зерделесем, оның терең тамыры зор, сол жолда шейіт болған ел көсемдері есіме түседі. Керей-Жәнібек хан шаңырағын көтеріп, іргесін бекіткен күннен бастап, тәуелсіздіктің көк туы қайта желбірегенге дейінгі аралықта қазақ халқы қаншама қиындықты басынан өткізді. Елді, жерді қорғау тек ақ білектің күшімен, көк найзаның ұшымен ғана шешілген жоқ, ол бүкіл сананың, ақыл-ойдың да арпалысы болды. Сағынғали Сейітовтың өлеңі ойыма орала кетті:
Тәуелсіздік. Бабалардың ұраны,
Бейуақытта бойға таққан тұмары.
Тәуелсіздік. Түнектерде тұншығып,
Ызғар ұрып жанбай қалған шырағы.
Иә, тәуелсіздіктің шырағын сөндірмеу, қазақ халқының келешекте де бейбіт өмір сүруі біздің қолымызда. Биыл Тәуелсіздікке 30 жыл толды.Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, бүкіл елдің тағдыры үшін бұл ғасырға бергісіз уақыт. Расында, осы жылдар ішінде Отанымыз бүкіл әлем мойындаған жетістіктерге жетті. Біздердің, жастардың ең басты мақсаты –қазақ елінің мәңгі ел болып қалуы үшін күресу, еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосу үшін жанталасу.
Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде: «Мәңгілік ел –ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман –әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ендігі ұрпақ –мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұттық идеясы –мәңгілік ел! Мен мәңгілік ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары «Қазақстан 2050» стратегиясының түп қазығы етіп алдым»-деп ұрпаққа сенім артады.
Біздер, жастар ұлы Абайдың ұлы сөздерін жанымызда жаңғыртып өсіп , келешектің қамы үшін, тәуелсіз еліміздің тұғырын одан әрі жаңғыртып ұстап тұру үшін, бізге ең алдымен білім керек. Осыған сәйкес қазақта: «Қоянды қамыс, батырды намыс өлтіреді» дейді. Намысшыл, қайсар тұлға болып қалыптасу үшін тапжылмай білім алудамыз.
Қазірдің өзінде елдің намысын қорғап ұлы ел екенімізді бүкіл әлемге мойындатып жүрген қазақ жастары көп. Атап айтсақ, биылғы Токио олимпиадасының қола жүлдегері атанған жап-жас боксшы Сәкен Бибосыновтың ерлігіне бәріміз тәнті болдық. Алтын үшін жанын аямаған боксшы қола алғанда сағы сынып, жылап жібергенде көзімнен еріксіз жас шықты. Елімнің алтын алады деген үмітін ақтай алмадым деген спортшы бүкіл елден кешірім сұрап хабарлама жіберіпті. Неге, Сәкен аға?! Кешірім сұрамаңыз. Сіз барыңызды салдыңыз. Сіз секілді қайсар да патриот азаматы бар елім бақытты деп ойлаймын. Сізді үлгі тұтамын. Сіз секілді спортты бағындырмасам да, келешекте тіл маманы боламын деген үлкен арманым бар. Қазақтың жеріндей кең дауысты әнші Димаш Құдайбергеннің әлемді бағындырғанын бәріміз білеміз. Біз Димаш ағамен мақтанамыз. Біздер –Міржақып, Мағжан, Әлихандардың ұрпағымыз. Сондықтан да елдің намысын қорғайтын, жоғарыда аталған ұлы тұлғалардың ізін жалғастыратын ұлттың болашағын ойлайтын жастардың болмауы мүмкін емес.
Сол себептен де қазақ елінің атын бүкіл әлемге әйгілі ететін, намысты қолдан бермейтін, Әлия мен Мәншүк апаларымдай қайсар тұлға болу үшін аянбай тер төгуім керек. Келешекте осындай аға-әпкелеріміз секілді болашақ ұрпақ тәрбиелейтін ұлағатты ұстаз болғым келеді. Тілімнің көркеюі үшін еңбек еткім келеді. Дәл сол кезде жетістіктерім үшін бүкіл қазақ елі қуанатына нық сенемін. Ұлы Абай өлеңінде:
«Пайданы көрсең бас ұрып,
Мақтаңды іздеп, қайғы алма.
Мініңді ұрлап жасырып,
Майданға түспей, бәйгі алма.»-дейді. Иә, арман мен мақсатқа майданға түскендей алысып жету керек.
Еліміздің тәуелсіздігі бізге берілген үлкен мүмкіндіктердің бірі болды. Сондай-ақ біздің алдымыздан жарқын болашаққа тұсаулы бұғаудың есігіндей айқара ашылған, үлкен мүмкіндіктер мен жаңа бастамалардың бастауы болды. Осыншама жылдар ішінде атқарылған жұмыстар, сыртқы мемлекеттермен жасалған тығыз байланыстар мен ұлтаралық тату қарым-қатынастар осы күнгі тәуелсіздіктің арқасында. Мен сияқты өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ үшін тәуелсіздіктің маңызы ұшан-теңіз екендігіне сенімім мол. Мен осындай елде туып-өскенімді мақтан тұтамын. Басқалардың қолы жете бермейтін тәуелсіздіктің бізге келгені-үлкен мақтаныш, дәреже, бақыт. Бүгіндері Қазақстан Республикасы тәуелсіз, еңсесі биік, басқа дамыған мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең егеменді мемлекет болып қалыптасты. Ата-бабамыздан қанмен берілген өжеттік, қайсарлық сияқты қасиеттер болашақ ұрпақты да тек алға, жаңа белестерге жетелейтіні анық. Шығыстан алтын күн нұрын төгіп, еркіндіктің самалы ескен осы кезеңнің баянды болатынына кәміл сенемін.
Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетінің 1-ші курс студенті Балтабай Балнұр
Жетекшісі: Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Джолдыбаева.У.М
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі