Ой түбінде жатқан сөз
Жылдар шіркін құба жонның құланындай зымырап өтіп барады. Арман сабаздың көбейе түспесе, азая түсер түрі жоқ. Абай айтатын «сағаттың шықылдағы» да бұрынғыдан гөрі жиірек соғып, қаттырақ естілетіндей. «Алдағы жолың арттағы жолыңнан аз болмаса, көп емес» деп үсті-үстіне қайталап тұрғандай.
Мұндайда көңіл жазған қайдан байыз таба алсын! Сан тарапты шарқ ұрып, сан гәптің басын шарпиды. Бұрынғыдай жолығысқа бара жатқан бозбаладай айна алдында көлеңдеп, өзіңді-өзің қызықтамайсың. Қарақан басыңды емес, қарлас, қарындас, қандас, қауымдас төңірегіңді ойлап тебіренесің. Әсіресе, өзіңнен кейінгілерді еске алып, абыржисың. «Бізді қойшы. Біраз жерге келдік қой. Бұйырғанын көрдік қой. Бұйырмағанды бізден кейінгілерге бұйыртса да, шүкірлік. Тек олар бізге бұйырғаннан да мақұрым қап жүрмесе жарар еді...» Сол бір күмән талай гәптің тұсында көкірегіңде тікендей қадалып тұрып алады.
Осыдан біраз жыл бұрын өз балаларымызға: «Тек соғыс болмаса екен... Кешкі ас үстінде таңдағы ас есіңе түсіп, түйіліп әзер жұтып өскен біздің өзіміз біраз дәуренді сүріппіз. Сендердің кім болатындарыңды кім білген?! Шырқап кететін шығарсыңдар!» — деуші едік. Енді, міне, күнде жұмыстан қайтқанда, құлыншақтай құлдырап алдымыздан жүгіріп шығып, мойнымызға асылатын бүлдіршін немерелерімізге ондайды айтып, желпіне алмаймыз.
Сөйтсек, шынында да, бақытты емір сүру үшін тек зеңбірек күркілдеп, бомба жарылып жатпайтындығы жеткіліксіз көрінеді. Бақыттың соғыстан басқа да «дұшпаны» аз емес секілді. Соның ең үлкені бүгінгіге мәз болып, ертеңгіге бола бас ауыртпайтын ұшқарылық па деп қорқамын.
Қалай ғана таңғалмассыз! Небір зіл батпан зілзалаларды бастан кешіре отырып, қандай көбелек көңіл, ұшқалақ болғанбыз?! «Біз де, міне, миллион тұрғыны бар қалада тұрамыз», — деп күллі алматылықтар боп, кеуде соққанымыз күні кеше ғана емес пе еді?! Ал сонда біздің көз алдымызда бұдан туындайтын миллион деген санды цифрмен жазғандағы бір-біріне тіркескен көп дөңгелектей көп проблема самсап келе қалды ма? Жоқ. Миллион адамда миллион ауыз, миллион жүрек бар екенін ойладық па? Жоқ. Сөйтсек, бір миллион адам тұратындай кеңістік мейлінше көгалдандырылған күннің өзінде тәулігіне 25-30 мың тонна оттегін шығара алады екен. Ал ол керекті мөлшерден 300-400 есе аз. Ондай мөлшерде оттегімен қамтамасыз ету үшін қаладағы құрылыс тұрғызылған көлемнен 100 есе көп, шамамен, 15-20 мың шаршы километрді алып жатқан қосымша көгал кеңістік керек көрінеді. Мұндай қаладағылар жылына ең кемі 400-500 миллион текше метр су тұтынады. Ондай су ең кемі 20 мың шаршы километр кеңістіктен жиналады екен. Миллион адамы бар ығы-жығы қалада тұратын адам, ең болмаса, аптасына бір рет табиғат аясына шығып, емін-еркін демалмаса, жүйке ауруына ұшырамақшы. Ал ондай сейіл жасайтын рекреациялық аймаққа тағы да 15—20 мың шаршы километр жер қажет боп шығады. Оның үстіне, мұншама қыруар жанды етпен, сүтпен, көкөніспен қамтамасыз ету үшін қанша гектар жерге мал ұстап, қанша гектар жерге егін салуға тура келетінін ескеріңіз.
Оны айтасыз, табанымыздың астындағы қара жердің күнара «мөңкіп» тұратынымен де шаруамыз болмады. Алматыда сейсмикалық жағынан қаупі аз аймақ — Абай проспектісінен жоғары жатқан тау бөктері ғана. Одан төменгі Ташкент көшесіне дейінгі алап сейсмикалық жағынан қауіпті аймақ, ал Ташкент көшесінен Бұрындайға дейін аса қауіпті аймақ болып табылады. Сонда әлгі сейіл-серуен жасайтын көгал нуы, ет-сүт, жеміс-жидек өндіретіндей құнарлы топырағы, мөлдір суы мен таза ауасы бар тау бөктерін аман сақтаудың орнына самсатып үй түрғызудан, бықсытып асфальт төсеуден, құжынатып машинаға толтырудан басқа амал қалмады. Сөйтіп, өз нәпәқамызды өзіміз тәрк қып,— өз демімізге өзіміз тұншығуға мәжбүр боламыз. Мұндай жерде денсаулықтың қайдан көсегесі көгере қойсын?! Астана басымен Алматы, мәселен, бала ауруы мен бала өлімі жағынан алыстағы ауылдармен бара-бар түсуде.
Бұл да аз болғандай, әлгіндей өз-өзінен безгегі ұстап, қалтырап-дірілдеп тұратын «геологиялық фундаментіміз» өңкей сусыма қиыршық, малта тас қабаттардан тұрады. Сондай сәбидің еңбегіндей қаралай бүлкілдеп, әзер тұрған әлсіз жыныстардың астында буы бұрқырап жер асты ыстық көлі жатыр. Осындай қырық қатердің үстінде орналасып қалған қаланы миллион адамнан асқанша дамытып, соза беру үшін де нағыз жүрек жұтқан... жауапсыздықтан басқа ештеңе керек емес шығар.
Күллі бір республиканың, күллі бір ұлттың бүкіл интеллектуалдық потенциалы, күллі ғылыми-әлеуметтік ойының «қаймағы» жиылған астананың ахуалы осындай болғанда, қалған аймақтардың қарқ боп жатпайтындығы айтпаса да түсінікті.
Өйткені, ең болмаса, өз бастарына жақсылық жасай алмаған республикалық штабтар қалған кең байтақ территорияны әлгіндей «экологиялық жанықастықтан» қайдан аман алып қала алсын! Қала алмады да...
Онсыз да экологиялық оңтайлы қонысқа орналаспаған республиканың бар болғаны он проценттік таулы аймағы кен өндіру, түсті металлургия, химия өнеркәсібінің еншісіне тиді. Теріскейіндегі мал өсіруге таптырмайтын шүйгін жазықтарды түп-түгел жыртып салып, бүкіл құнарын желге ұшырдық. Азғантай өзендердің алқабын бірыңғай техникалық дақылдар егіп, гербицид пен пестицидке бөктірдік. Әуелден де өсімдік жамылғысына кедей шөл мен шөлейт алқаптарда кен қазып, қара металлургия өркендетіп, шаң мен түтінді бұрқыраттық. Жиырма миллионнан астам гектар жерді беталды соқаға тырнатсақ, сонша жерді әскери полигондарға беріп, ең қатерлі қаруларды сынайтын Қазақстанның көп жерді күкірт, сынап, кадмий, таллий, литий, уран, хлор сынды улы химикаттардың молдығынан онсыз да денсаулық үшін қатерлі аймақ екендігі аз болғандай, көмір мен бокситті, темір рудасы мен фосфоритты ғана емес, радиактивті стратегиялық шикізаттардың өзін ашық карьер қазу жолымен өндірдік. Бұның бәрінің табиғи ортаны мекендейтін халықтың денсаулығына тигізіп жатқан әсері қандай? Ол жайында қам жеген ешкім болған жоқ. Қайта оның орнына бізден өндірілген кең астық, мұнай, шикізат тиелген эшелондар тізбегінің жер шарын қанша рет орап алуға жететінін айтып мақтандық. Ештеңенің есебі бар деп білмедік. Бәрін таусылмастай, сарқылмастай көрдік. Сөйтіп жүргенде күні кеше көл-көсір кесіліп жатқан Аралдың айдыны жоғалып, Балқаштың шалқары тартылып бара жатқанын бір-ақ көріп, есімізді әзер жинадық. Ол үшін: «Бәрі сендерден болды», — деп, көршілерімізге саусағымызды кезендік, алдымен өзіміздің озбыр «көлтаусарларға» айналып алғанымызды сезбедік. Кешегі тау жатқан миллиондаған гектар жер қыртысы көкке аунап, бойындағы ылғалынан айырылса, еріндері кезеріп, ауадан жандәрмен бу тартпай ма? Ол бу айналадағы өзен, көл, тоғандардан ұшпаса, қайдан ұшады? Бұрын алда-жалда бір ауыл зорға ұшырасатын самиян сар далада бірінің оты біріне көрінетіндей қып, самсатып қалалар, поселкелер, селолар салдық. Олардың арасына ат құрғатпайтындай қып теміржол, тас жол тарттық. Түтінін будақтатып, заводтар, фабрикалар, комбинаттар тұрғыздық. Олардағылардың да өзені бар екенін былай қойғанда, әлгіндей құжынаған елді мекендердегі аса көп шоғырланған тіршілік көздерінен қанша энергетикалық қуат жылу мен газ бөлініп шығатынын, оларды қайтадан салқындату үшін маңайындағы кеңістіктен қаншама оттегі мен ылғал соратынын неге ескермейміз? Ол ылғалды Қазақстан аспаны, Қазақстан үлкен көлдері мен топырағынан сормағанда, жер түбіндегі Миссисипи мен Ніл дариядан сорып әкеледі ғой дейсіз бе? Бір ұшқанда ауадағы миллиондаған тонна оттегіні өртеп кететін әуе, ғарыш кемелері ашық айдындардың қанша ылғалын бу қылып аспанға ұшырып, шаң қылып, өзі жаққан ауаның орнына шашып кететінін кім есептеп жатыр? Бұның бәрі азғантай айдындарымызды үстінен сорып тартса, астынан ешкіемердей еміп, байқалтпай суалтып жатқан қанша «айдынды» білеміз? Бір кезде Қазақстан шөлдерінің астында жер асты мұхиты жатыр екен деп бөстік. Сөйттік те, кез-келген жерден артезиан құдықтарын қазып, малымызды да, жанымызды да, өндірісімізді де содан суардық. Ал жер асты суының тек атмосфералық ылғалдан ғана түзілмейтіні, оның көбі негізінен планетаның өзімен бірге жаратылғаны, сондықтан жер астынан ашылған су қорының қайтадан қалпына келе салмайтыны қайсымыздың қаперімізге кіріп-шықты? Табиғаттың өзі әуелде тым қатыңқы жаратқан азғантай ауыз су қорымызды тіптен рәсуа пайдаланудамыз. Сондықтан да тек Арал мен Балқаш қана емес, Жайық, Ертіс, Сыр, Тобылдан бастап барлық өзендеріміз, келдеріміз, бұлақтарымыз, құдықтарымыз тартылып, жылдан-жылға шөп өнімі кеміп, ұлан-байтақ даламыздың бұрынғыдан бетер шөлейттене түскенін әлі ескермей келеміз. Суға қалай бей-берекет қарасақ, жеріміздің құнарына да солай бей-берекет қарадық. Бабаларымыз аттың тұяғынан қорғаштаған жерді шынжыр табанды, резина табанды доңғалақтарға сұраусыз таптаттық. Ғалымдардың есептеуінше, 18 сантиметрлік құнарлы қабат жасау үшін табиғатқа 7000 жыл уақыт керек екен. Ал біз оны санаулы айларда, астын үстіне шығарып, аударып салып, санаулы жылдарда өз нәрінен айырып, тонна-тонна бедірейіп жатып алар бетпақ түзге айналдырдық. Сөйтіп, елді де, жерді де қорегінен айырғанымызды аңғармадық. Аңғармағанымыз тек бір бұл ғана емес. Біз тіпті қашқан аң басын тығып паналайтындай оңаша жер қалдырылмай, төтен игөріліп жатқан өлкеміздегі экономикалық өзгерістердің ешқандай табиғат қорғау саясатынсыз қалай болса солай жүргізіліп отырғандығынан, оның экологиялық зардаптарының шын мөлшерін, ешқайда ешкім біліп жарымайтындығынан атымен бейхабар келдік. Олар өздерінен де жоғарыдағыларға сенді.
Ал олар шетінен атеист болғандықтан тәңірдің өзіне де шекелерінен қарады. Сонда мұндай ештеңенің алды-артын ойламай, көре-тұра басакөктеп жөнелетін «өзім білемдік» күллі адам нәсілінің тағдырын қатерге тіккен қанқұйлы қылмыс болмағанда не болады?! Экономикадағы «экологиялық жендеттік» синдромы осылай пайда болды. Бүгінгі таңдағы ресми есеп бойынша республикада ауаға жылына тек энергетика, қара және түсті металлургия кәсіпорындары тарапынан 5,4 миллион тонна, автотранспорт тарапынан 2,9 миллион тонна улы зат ұшады екен. Бұл, әрине, дәл есеп емес. Басқаны қойып, Алматының өзінде ауаның зақымдануын бақылап отыратын орталықтың әлі күнге дейін жоқ екенін ескерсек, қандай дәл мәлімет жөнінде сөз болуы мүмкін? Ал Алматы, Жамбыл, Өскемен, Лениногор, Зырян, Теміртау, Шымкент қалаларындағы ауаның ауа емес, улы газдардың қойыртпағына айналып кеткендігін анықтау үшін ешқандай аспаптың қажеттігі де шамалы. Қарашығанақ, Теңіз кен орындарын игерудегі асығыстықтың салдарынан күллі Каспий маңы ауасындағы күкіртті сутегі, күкіртті ангидрид мөлшері ешқандай ғылым білмейтін шексіздік дәрежеге жетті. Қысқасы, басқа жерде қолдан жасалған сутегі бомбасынан қорқып отырсақ, мұнда жер қойнауынан өз-өзінен атқылап жатқан дәл сондай қатерлі «қырып-жойғышты» шыбын шаққан ғұрлы көрмей, жайбарақат отырмыз. Екібастұз өзімізді қойып, көрші мемлекеттерді тұншықтыруда. Сыр, Талас, Шу бойындағы талайға «Алтын жұлдыз» тақтырған химиялық тыңайтқыштар көрші өңірлерді тосап боп басып, дала жусандарын көктей солдыруда. Мұндай жағдайда таза су қайдан қат болмасын? Бүгінгі таңдағы республикадағы пайдаланылып отырған ауыз су сапасы жағынан сын кетерерлік дәрежеде емес. Ауа қалай уланып жатса, топырақ та солай былғанып жатыр. Ол екі ортада су қалай былғанбасын?! Мәселен, Ертіс суындағы мыс пен цинк шекті мөлшерден ондаған есе асып түседі. Жайық, Елек, Сырдария, Бадам, Нұралардан ауыз шаюдың өзі қауіп. Каспий маңында құс ұша алмай, итбалық пен бекіре ауруға шалдығып, жағаға шығып, теңкиіп-теңкиіп өліп жатыр. Шымкент, Жамбыл, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарының бұлақтары мен құдықтарының өзінен сескенбей су ішу мүмкін емес. Тоғыз жүз елді мекен жер түбінен тасымалдап әкелініп, лас ыдыстар мен құдықтарға уақытша құйылын алынған өлі су ішеді. Мұндай жағдайда ауру қайтып көбеймейді? Халықтың өмірі қысқарып, өлім жиілеуде. Бұл — көрер көзге өз-өзінен мен мұндалап тұрған келеңсіздіктер. Әйтпесе республиканың әр аймағының экологиялық жағдайының толық ғылыми сипаттамасын жасау, күллі территориямыздың эколого-биогеохимиялық режимін түзу ісі әлі қолға да алынбай отыр. Сондықтан күллі республиканың экологиялық жағдайы жағынан қатерлі аймаққа айналып отырғанын көп жұрт бүгінге дейін біле бермейді. Олар экологиялық жағдайсыздық жайында сөз болса тек Арал, Балқаш, Дегелеңді ғана ауызға алады. Онда да тек бұрын Бүкілодақтық баспасөз айтқан деректер теңірегінен шырқ айналып шыға алмайды содан келеді де, Дегелеңдегі белгілі полигон жабылса, республика территориясындағы радиактивті ситуация қауіпсіз бола салады деп ойлайды. Байыбына барар болсақ, барлық стратегияны шикізат өндіретін кен орындарының радиактивті әсері бар басқа да минералдар өндіретін кен орындарының, радиактивті заттар пайдаланатын ғылыми өндіріс орындарының технологиялық режимін жан-жақты тексеру, космос, әскери қару-жарақ, сынау полигондарын, минералдық шикізаттарды тасымалдау мен қоймалаудың экологияға әсерін жан-жақты анықтау ісін тыңғылықты қолға алмайынша, біз республика көлеміндегі радиактивті ситуацияның шын ахуалын толық біле алмаймыз. Оның үстіне, бір ауылымыздың қасындағы әлгіндегі «қатерлі сынақты» сөндіргенмен, екінші ауылымыздың қасындағы дәл сондай, немесе одан бір де кем емес «қатерлі сынақтың» отын одан сайын маздата түсуіміз ықтимал. Қатерлі «экологиялық нүктелермен» бұлайша бір-бірлеп күресу кей жағдайда қоғамдық пікірді онсыз да әшкере боп қалған объектілерге ғана аударып, жұртты былайғы кесапаттардан әлі де бейхабар ұстауға жағдай жасауы да мүмкін. Мәселен, Маңқыстаудағы бір кездесуде оқырмандар экология жайында сөз болғанда Арал, Балқаш, Байкал, Чернобыль жайында ғана үсті-үстіне сұрақ жаудырды. Баспасөз бетінде не көп айтылса, тек соны ғана сұрастырды. Сейтсе, олар алдында ғана халық депутаттығына кандидат болып ұсынылған атом өнеркәсібінің ірі басшы қайраткерімен кездесіпті. Бірақ оған тап іргелеріндегі атом электр станциясының технологиялық қауіпсіздігі, онда пайдаланылған судан жиналған жасанды көлдің жергілікті фауна мен флораға, әсіресе, бүкіл аймақ нәрем айырып отырған жер асты суларына ықпалының қандай болатындығы жайында сауал қою ешкімнің де есіне келмепті. Алыстағы экологиялық апатқа алаң бола отырып, іргедегі экологиялық қауіпті елемепті. Экологиялық санамыздың деңгейі, міне, осындай. Бір кезде ештеңеге қиналмайтын «экологиялық мәңгүрттік» енді не жайында көп айтылса, сол жайында өлімін сатып, ұрынып-берініп, қалған тараппен шаруасы болмайтын «экологиялық алаңғасарлыққа» ауысқан бұндай санамен дүкенде күні кешеге дейін тіреліп тұрған «бөбектер азығы» консервілерінің 31 процентінде, колбасалардың 21 процентінде, көкөніс, жеміс-жидек консервілерінің 26 процентінде, сәбилерге арналған сүт кухнясы тағамдарының 42,5 процентінде пестицид шекті мөлшерден әлденеше рет асып түсетінін білмей келдік: «Өзіміз неге аллергияға ұшыраймыз?», «Балаларымыз неге аллергияға ұшырайды?» — деп қайран қалып, жүйкеміздің сәл нәрсеге бола неге бұліне қалатынына түсіне алмадық. Сөйтсек, көпке дейін балалар өлімі жөнінен дүние жүзінде 44-орынды иемденіп, өмірдің ұзақтығы жөнінен 47 және 48-орынды Шри Ланкамен бірге бөлісіп келгенімізді де байқамаппыз. Мұндай экологиялық бейхабарлық әлеуметтік ынжықтыққа ұрындырмай қоя ма? Кей аудандарда әйелдер: «ауыз суды тазарт», — деп талап қоюдың орнына, су таза болмағандықтан бала көтеру зияндылығын айтқан үгітке сеніп, бала көтермейтін операциялар жасатқан. Сонда бүгін аналық ләззаттан, ертең ауыз судан, бүрсігүні қоректен, одан арғы күні ауа мен тыныстанудан бас тартуға тура келетіндей күйге жетер болсақ, мұндай тіршіліктің өзі түбірімен мәнсіздік болып шықпай ма?! Біздіңше, халықты бүйтіп экологиялық бейхабарлықта ұстап, төтеден тап болған кездейсоқтықтар тұсында әлгіндей ертеңгі ұрпақтың көрер жарығын қырқатын әрекеттерге итермелеу тура қырғын соғысқа бара-бар моральдық қылмыс саналуға тиісті. Ондай «экологиялық бейхабарлық» тактикасы өлкелердің экономикалық ресурсын төгіп-шашып, ысырап пайдаланатын «экономикалық бейбастақтықты» көлегейлеуге қажет болған тәрізді. Біз өз жерімізде бүгін не ашылса, ертең басқа жаққа көшіп кететіндей, неғұрлым тез қазып ап, эшелондарға тиеп үлгергенше асығатын мінез шығардық, Одан мемлекетке түсетін пайданы жақсы білеміз. Өндіруші, өңдеуші өнеркәсіп салаларына түсетін пайданы жақсы білеміз. Ал сол шикізатты шығарып отырған өлке мен ондағы халықтың мұндай мол байлықтан қандай қайыр көретінін ойлап, ешкім басын ауыртпапты. Сөйтіп мәз боп жүргенде өзіміздің «қалай дотацияға отырып, күндердің күнінде кісі үстінен күн көріп келгендер атанып шығуымыз» кәдік екені қиялымызға да кірмепті. Сөйтіп, шикізат тиелген эшелондардың уақтылы жөнелгенін қанша мұқият қадағалағанымызбен, өзіміздің мәдени әлеуметтік дамудан қаншалықты кенжелеп қалғанымызбен еш шаруамыз болмапты.
Малшы аудандар туралы көп кісіге айтқызсаңыз, бұл — сондағы тұрғындардың мәдениеті төмендігінен. Басқаны былай қойғанда, атақты композитор Соловьев-Седой біраз жылдар бұрын кезекті мәдениет онкүндігінен кейін республикақаны аралап шығып: «Біз қазақ бауырларға қалай тұрмыс құруды үйретуіміз керек екен»,— дегенде біреулеріміз бас шұлғып, біреулеріміз апшып қалып ек. Сөйтсек, қазақ ауылдарындағы тұрмыстың мәдени деңгейі, расында да, қанағаттанарлық жағдайда емес екен. Үйреткен, әрине, жөн. Ең дұрысы, жақсы тұрмыс құрудың экономикалық жағдайын жасау ғой. Бір республикадағы, тіпті бір аймақтағы екі кәсіпорынның әлеуметтік дамуындағы әлгіндей ала-құлалықтың сыры олардың экономикалық ахуалының бірдей еместігінде. Мәселен, жуырда Шевченко қаласындағы бір одақтық маңыздағы кәсіпорынның демалыс аймағын аралап көрдік. Ондағы профилакторий іргесіндегі малшыларға арналған профилакторий түгілі қазір екінің бірі көзге шұқып айта беретін «үкіметтік» санаторийлеріңіздің өзін шаңына ілестірмейді. Сонда немене, әлгі кәсіпорын осынша байлықты басқа жақтан көшіріп әкелді ме? Жоқ, осындағы территориядан тапты. Ендеше сол игілікті осындағы тұрғындармен неге бірге бөліспейді? Одақтық ведомствоның өз бюджеті болғанмен, өз территориясы жоқ қой. Өз экономикалық мүддесін осындағы аймақтық тұрғындарының әлеуметтік мүддесімен неге үйлестірмейді? Айталық, республика өз тұрғындарын театрмен, музыкамен, циркпен, музеймен, концерт орындарымен қамтамасыз ету жағынан бүкілодақтық деңгейден әлдеқайда төмен тұр. Ал бізде одақтық салалық өнеркәсіп орны орналаспаған бірде-бір облыс жоқ. Бірақ, оларда әлгіндей одақтық ведомство салып берген бірде-бір театр, филармония, цирк жоқ. Сонда территория мен ондағы халық өз іргесінен алынып жатқан мол дәулеттен не көреді?! Көретіні сол, сол дәулетті игеру үстінде одақтық кәсіпорындар жіберген экологиялық қателіктерді түзету үшін жергілікті бюджеттен ондаған театр салуға болатын қаржы жұмсауға мәжбүр болады. Мәселен, өткен сайлау тұсында Гурьев сайлаушыларына Каспий маңындағы экологиялық жағдайды түзеу үшін 23 миллион сомнан астам қаржы бөлуге уәде берілді. Мұндай экологиялық қолайсыздық талай жерден табылады. Бірақ бүйтіп ондаған миллион сомды қоржынынан бір күнде суырып бере алатын депутат қалаған мөлшерде табыла бермейді ғой. Табылғанда да, ол әлдеқашан қиюы кетіп қалған істі бірден түзеп бере ала ма? Біздің көптеген аудандарымыз экологиялық, әлеуметтік экономикалық жағынан бірдей тұралаған. Ондағы жұрт көп нәрседен күдерін үзген. Тіпті, айналада не боп жатқанынан атымен алаң болмай, аш құлақтан тиыш құлақ отыра беруге әбден үйренген. Мұндай жағдайда жақсы тұрмыс құруға деген ынтаның өзі жоғалады. Ондай жердің театры да, филармониясы да, циркі де, музейі де, түптеп келгенде, бір бөтөлкенің ішіне сыйып кетеді. Содан кеп, аймақтық экология былай қалып, үй-ішілік экологияның ойран-ботқасы шығады. 80-ші жылдардың басында біздің елімізде, ғалымдардың айтуынша, жан басына шаққанда 17-19 литр этанол (таза спирт) ішіліпті. Москва мен Ленинградта ол көрсеткіш 20-25 литрге жетіпті. Егер орта есеппен әр адам IV литрден астам этанол ішсе, онда сәбилердің тең жартысы әлжуаз боп, әрбір алтыншы бөбек ақыл-есі кем боп туады екен. Егер 25 литрден ішілсе, «үш ұрпақ заңы» дейтін механизм іске қосылады екен. Ол деген сөз, атасы сау болса, әкесі жартылай сау, баласының денсаулығы төрттен бір мөлшерінде, ал немересінің денсаулығы бар болғаны он алтыдан бір мөлшерінде болады деген сөз. Немесе ішкіштер әулетінің төртінші ұрпаққа жетпей тұқымы тұздай құрып бітеді деген сөз. Статистиканың айтуынша, біздің еліміздегі 285 миллион тұрғынның 135 миллионы сау, 150 миллионы әлжуаз, дімкәс, оның 50 миллионы жарымжан, мүгедек. 1988 жылдың басында 24 жасқа дейінгілер 117 миллион адам болса, соның 60-80 миллионы немесе 55-80 проценті әлжуаз, дімкәс. Алпысыншы жылдары туғандардың 54-55 процентінің күндізгі мектепте оқып, орта білім алуға қабілеті жетпейді. Ең әлжуаз абитуриенттердің көбейетін тұсы мамандардың айтуынша, 1988-2003 жылдар аралығы. Жастардың интеллектуалдану коэффициенті жағынан КСРО 1953 жылы дүние жүзінде үшіиші орынды иемденсе, қазір 42-ші орынға дейін неге құлдырап кеткендігіне осыған қарап-ақ түсіне беруге болады. Ұлттық денсаулық және интеллектуалдық жағынан бұлайша «азып» кетуінің бір себебі — біздің еліміздегі альконаркомафияның табысы 100 проценттен 500 процентке дейін өсіп кетіп отырғандығы болса, екінші себебі - ішкі және сыртқы ортадағы уландырғыш факторлардың көбеюі — тағамның, судың, ауаның, топырақтың сапасының бұзылуы, елді мекендерде тұрғындар санының орынсыз ұлғаюы электромагниттік зақымдағыштардың арта түсуі. Қысқасы, ошақ басынан бастап, күллі Отан аясына дейінгі табиғи ортаның экологиялық құнарсыздануы. Экологиялық күрестің де мақсаты сол. Ендеше, экология — адамдардың бақытты өмір жолында өзін қоршаған табиғи, рухани ортамен жарастықты қарым-қатынас жасай білуі. Ендеше ол барша тіршілік әрекеттің бәрін біріктіреді. Сол әрекеттер үстінде қалыптасатын барша әлеуметтік ынтымақтастықтың бәрі қатынасады. Бірақ бұл күресте де біреуге сенуге, өзгеге иек артуға болмайды. Қорек айыру жолында қалай қол қусырып отыра алмайтын болсақ, экологиялық үйлесім жолында да дәл солай қарекеттенген лөзім. Ендеше сау-саламат тіршілік жолындағы майданға семьядан бастап күллі адамзатқа дейінгі ұйым бірліктің бәрі де атсалысуға тиісті. Бәрінің де нақты семьялық, аулалық, көшелік, қоныстық, аймақтық, өлкелік республикалық, құрлықтық, планталық іс-қимыл бағдарламасы болғаны жөн. Ондай бағдарлама өзі тектес өзге бірліктің мүдделі мақсаттарына нұқсан келтірмейді. Ортақ мақсат жолындағы күреске өз күштерін түгел және тиімді жұмылдыруды ғана көздейді. Сонда ғана экологиялық жарасым жолындағы күрес әлеуметтік әділет жолындағы күреске айнала алады. Тұрмыс экологиясынсыз аймақтық экология, аймақтық экологиясыз планеталық экология дегеніне жете алмайды. Өз денсаулығыңды күтуден бастап, планета тыныштығын қамтамасыз етуге дейінгі жарастықтың бәрін қамтитын бұл күрес майданында, әсіресе әйелдер шешуші қызмет атқара алады. Болашақ жұбайға қойылар талапшылдық пен ұрпақ күтімімен басталатын ұлт саламаттығы, адамзат саламаттығы жолындағы күреске тек әйелдер, қыздар, келіншектер, аналар, әжелер белсене араласқан күнде ғана қалған балалар, жігіттер, күйеулер, әкелер, аталар түгел қатысатын күллі ұлттық, адамзаттық қозғалысқа айнала алады. Ондай белсенді ынтымақсыз, бүкіл қоғамдық ықылассыз тек белгілі бір ғылыми, экономикалық, мемлекеттік салалар араласуымен атқарылар экологиялық, программалар бүгінгі көзі тірілер мен келешек ұрпақтардың сау-саламаттығы жолындағы шешуші майданға айнала алмайды.
Ал ендігі жерде өз бауырымыздан шыққан бүлдіршіндерден басталатын болашақ адамзаттың бақыты жолында бел шешіп, білек сыбанып күресуге тұратындай жалғыз майдан осы. Жарастықты өмір — сау саламат тіршілік жолындағы күрес. Өйткені, айналаң — аялы алтын бесігің. Бесігін ардақ тұтпаған береке қайтып таппақшы?!
1989
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі