Өлең, жыр, ақындар

Ұлт әскері – ел қорғаны

Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына - 30 жыл

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні! Бұл күн – қайсар мінезді ата-бабамыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасын тапқан күні. Елдің егемендігін, тұтастығын,  қорғанысын, азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұлттық армияның құрылған күні. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Қарулы Күштерін жетілдіру барысында орасан зор жұмыстар атқарылды.

Өз тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап мемлекет шешкен аса маңызды міндеттердің арасында негізгілердің бірі қазіргі заманғы және ел қорғауға, ұрысқа қабілетті армия құру мәселесі болды. Қазақстан Республикасы мен оның саяси жүйесінің қалыптасуы, экономиканы қайта жаңғырту, әлеуметтік басымдықтарды таңдау кезеңі сенімді әскери қауіпсіздік жүйесін құру мәселесін алдыңғы қатарға шығарды. Әскерлерді қаржылық, материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етуді қайтадан ұйымдастыруға тура келді. Өзіміздің әскери кадрларды даярлау жүйесін құру жөнінде шұғыл шаралар қабылдау қажет еді.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен шекарасының тұтастығын қорғау үшін өзінің жеке Қарулы Күштерін құрудың үлкен маңызы болды. Кезінде Алаш жетекшілері қазақ халқын аман сақтап қалу қағидасын ұстанды, сол үшін ұлттық әскер құрып, ел қорғауға зор маңыз берді. Әлихан Бөкейханов «Ұлттық әскері, ұлттық милициясы жоқ халық – қорғансыз ел» десе, Міржақып Дулатов «Ұлт әскері – ұлт қорғаны» екендігіне баса назар аударған болатын.   

1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ ҚСР-ның Мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Кейін республиканың қорғаныс мәселелерін толық түрде жеке шешуге көшуіне байланысты қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының министрлігі болып қайта құрылды. 1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты ҚР бірінші Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы шықты. Бұл Жарлық бойынша, Қазақстан аумағына орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі болып әскери қайраткер, Кеңес Одағының батыры, генерал-полковник Сағадат Нұрмағанбетов тағайындалды. Бұл күн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылған күні болғандықтан «7 мамыр Отан қорғаушылар күні» деп жарияланды.

Қысқа мерзім ішінде Қарулы Күштерді басқару жүйесі құрылды. Аталған жылы ҚР Президентінің Жарлығымен үш жүйелі штаб – жаяу әскерлер, әуе қорғаныс күштері мен әскери-теңіз күштерінің бас штабтары бекітілді. Аэроұтқыр күштерге Жоғарғы Бас қолбасшының резерві құзыры берілді. 2001 жылдан Қазақстан 4 әскери – Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс округке бөлінді.  

1993 жылы қабылданған біздің алғашқы Әскери доктринамыз нақ осы  Қарулы Күштердің қалыптасуы мен орнығуы кезеңінде Қазақстанның әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің шаралар кешенін айқындап берді. 1999 жылы Қазақстан Республикасының 1999-2005 жылдарға арналған Ұлттық Қауіпсіздік стратегиясы бекітілді. Бұл құжатты одан әрі дамыту мақсатында 2000 жылы 10 ақпанда Қазақстанның екінші әскери доктринасы қабылданды. Әскери доктрина әскери реформаның негізін қалаушы бірден-бір құжат. Бұл доктрина еліміздің әскери құрылысы саласын реттеуші басқа да құжаттармен қатар мемлекеттік саясаттың тұғырнамасын қалыптастырады. Қарулы Күштерді үйлестіру, әскери жарғыларды әзірлеу, оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру тәсілдеріне басты бағдарлама болып есептеледі.

2006 жылы Қазақстан ТМД елдерінің алғашқысы болып бүгінгі заман  талабына жауап беретін жаңа әскери доктрина қабылдады. Бұл 2006-2010 жылдарға арналған Қарулы Күштерді, басқа әскерлер мен әскери құрылымдарды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы. Сондай-ақ 2007 жылы наурыз айында қару-жарақ пен әскери техниканы, сонымен қатар қорғаныс-өнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2015 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Бұл бағдарлама әлемдік үздік стандарттарға сәйкес армияны қайта жарақтандыру мақсатында қабылданды. Сонымен қатар, 2011 жылы қазанда, 2017 жылы қыркүйекте жаңа әскери доктриналар қабылданды.

Бүгінгі күні Қазақстан өз азаматтарының әскери қызмет атқаруының жағдайы мен тәртібін дербес анықтайды, өз аумағында әскерлердің, қару-жарақтың және техниканың орналасу мәселесін шешеді. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жалпы мақсаттағы күштер, әуе-қорғаныс күштері, мемлекеттік шекараны қорғау күштері және де ұлттық гвардия мен ішкі әскерлер кіреді. Өз кезегіне қарай, қарулы күштер түрлі бөлімдерден және әр түрлі құрамалар мен арнайы әскерлерден тұрады.

30 жылдық қалыптасу кезеңінде ұлттық әскер күштері азаматтардың еңсесін тіктеп, еркіндігін кеңейтіп, аянбай қызмет етуде. Әскеріміз жаңарып, оның күш-қуаты жылдан жылға нығаюда. Осы жылдар ішінде взводтан бастап, рота, батальон, полк командиріне дейін қазақ офицерлерін дайындап, тағайындап үлгердік. Қарулы күштер сапында ел алдындағы әскери міндетін өтеу – әрбір ер азаматтың қасиетті парызы. Ал, оны абыройлы атқару – үлкен жауапкершілік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсеткеніндей: «ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек. ... Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажет».

Дәстүр бойынша, Отан қорғаушылар күнінде Қазақстан Республикасының Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті әскери атақтар тағайындап, көзге түскен әскери қызметкерлерді марапаттайды. Мереке күні құттықтау рәсімдері өткізіледі.

Қарулы Күштер – мемлекеттік қажеттілік қана емес, тәуелсіз мемлекетіміздің қауіпсіздігінің кепілі, ажырамас бөлігі. Яғни, ұлттық қауіпсіздік кепілі – қуатты әскер. Бүгінгі таңда біз армияны модернизациялаудың жаңа кезеңінің алдында тұрмыз. Білім-білігі жоғары кәсіпқойлар мен қазіргі заманғы қару-жарақ жүйесі Қарулы Күштер жаңа моделінің негізіне айналуға тиіс. Қарулы күштердің әлеуетін арттыруға және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Жақында ғана «Қазақстан халқы тыныш ұйықтай алады. Жауынгерлік әлеуетті, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді арттыру үдерісі жүріп жатыр. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері тарапынан конституциялық құрылысты да, мемлекеттің аумақтық тұтастығын да қорғау міндеттері орындалады», - деп мәлімдеді Қорғаныс министрлігінің басшысы.

Қорыта келгенде, Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылық етуімен қуаты мен ұтқырлығы жоғары, халықаралық талаптарға жауап беретін кәсіби Қарулы Күштерді жетілдіру жөнінде іс-шаралар жүзеге асырылуда. Тұтастай алғанда, бізде заманауи, ұрысқа қабілетті, халқымыздың ерлік дәстүрлерінің лайықты мұрагеріне айналған Қарулы Күштер қалыптасып, ойдағыдай дамып келеді деп айтуға болады. Отан қорғаушылар күні құтты болсын!

Сабырхан СМАҒҰЛОВ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер