Тіршіліктің сан - қырлары мен алаулаған жалынын шәкіртіне жеткізіп, жүрегіне сөнбестей жарық нұрын сыйлайтын жан - ұстаз. Ұстаз берген тәрбие алып таулардан да биік. Ұстаз шәкірттері үшін алысқа ұшырар қанаты, жол нұсқайтын темірқазық жұлдызы. Ұстаз - талай ұрпақтың рухани тәлімгері, ақылман абызы. Шын ұстаз болу - өмірдің жаңа қырларын ашу мен білім кілтін оқушыларға сыйлау деп ойлаймын. Ғ. Қайырбеков айтқандай,
Ұстаз болу - жүректің батырлығы,
Ұстаз болу - сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу - мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы.
Жалпы айтқанда, ұстаз болу - жаңа әлем есігін айқара ашу. Мен үшін сондай ұстаздардың бірі, әлемнің екінші ұстазы, ғұлама ойшыл, философ, ғалым - Әбу Насыр Әл-Фараби. Әл-Фараби мектебі өз шәкірттерінің қатарын жыл асқан сайын, уақыт азған сайын қалыңдатып отыратын ұлағатты мектеп. Ол мектепке шәкірт боп кірген адам, ғұлама болып шығатынына еш күмәнім жоқ. Оның өмірі - біз үшін айтылар ойға сыймас, қыры - сыры мол дүние. Сондықтан, тәлімгердің өмірін бірге зерделеп, қарастырайық. Әбу Насыр Әл-Фараби адам жанымен сырласа білген. Әл-Фарабидің арқасында өзіңді тауып, өзіңді танып, өзіңнің дүниетанымыңды білуге болады. Сонымен қатар, Әл-Фараби атамыз өмірдің қыр-сырын, қоғам мінезін, адам табиғатын, адам болмысын әр жақтан талқыға салған. «Жақсы сөз – жанға қуат» дегендей, оның нақыл сөздерін зейін салып оқысақ, көпті үйренуге болады. Мысалы, «Бақыттың мәні — парасаттылықта, әркімнің өз алдында игілікті мақсат қоя білуінде. . . адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында» деп, нағыз бақыттың қандай екенін көрсеткен. Ал, әлем қазығына келетін болсам, «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары» трактаты. Бұл трактат – болашақтан көрінер сәуле. Не себептен?Себебі, сол сәуле өз төңірігіне жарқырап нұрын шашады, болашағымызға жол сілтейді, бізді бір үлкен әлемге саяхатқа апарады. Ол саяхатқа шығатын негізгі бағыт - жүрек. Әл-Фараби атамыз «Жүрек - басты мүше. Бұдан кейін ми келеді. Бірақ, мұның үстемдігі бірінші емес» деп айтқан. Жүрек- маңызды фактор. Ол факторды дамыту үшін өз санаң мен біліміңді тереңдету керек. Әбу Насыр Әл-Фараби сонымен қатар, философия бағытына көп көңіл бөлген. Алуан қырлы гауһардай шапақ атып, әрқайсысымыздың жүрегімізге ізгілік нұрын себетін Әбу Насырдың философиялық ойлары - ешқашан ескірмес ойлар сынды. Өйткені, олар әлі де қолданыс үстінде. Мысалы, үш философиялық бағыты мен ойы;ақыл-парасат туралы ойы, танымның болмысқа тәуелділігі, дүниенің мәңгілігі. Осы ойлардан - ақ оның тер төгіп, ізденгенін көруге болады. Оның философиясы - әділеттік жолы, парасат ордасы, руханият мекені деуге болады. Сонымен қоса, «Ғылым - теңіз, білім - қайық» дегендей, адамдардың өмір теңізі білім мен ғылымға толсын деген мақсатпен «Ғылымдар тізбегі» сынды еңбегін қалдырған
Қорыта келсем, сіздерді ғаламның екінші ұстазын құрметтеп, даналығын даралауға шақырамын. Оның еңбектерінен ғылым жайлы көп мәлімет алып, өмірлік жолда айнымас құрал ретінде қолдануға болады. Шынымен, білім, ғылым, ақыл - өмірдің басты жетістіктері, ал сіз үшін мықты ұстаз кім?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі