РОМАН
БІРІНШІ БӨЛІМ. КӘРІ ҚАРАҚШЫ
I ТАРАУ
"Адмирал Бенбоу" трактиріндегі тарлан теңізші
Сквайр Трелони, доктор Ливси, басқа да джентльмендер Қазына аралы туралы білетіндерімнің бәрін түгел жазып шығуымды өтінді. Олар Аралдың географиялық орнынан басқасының бәрін, бүкіл тарихын бастан-аяқ, егжей-тегжейіне дейін ешқандай бүкпесіз әңгімелеп беруімді қалады. Аралдың қай жерде екенін әлі де айтуға болмайды, өйткені біз әкетпеген қазына онда әлі күнге дейін сақтаулы жатыр. Сөйтіп, міне, мен биыл, 17 ... жылы, қолыма қалам алып, әлдеқашан өткен сонау бір алыс күндерді есіме түсіріп отырмын; ол кезде әкемнің "Адмирал Бенбоу" деген трактирі болған; бір күні трактирімізге бетінде қылыш жарақатынан қалған тыртығы бар, өңі күнге тотығып, қоңырқай тартқан бір қарт теңізші келіп тоқтады.
Күні кешегідей есімде: қарт теңізші аяғын ауырлай басып, біздің есігіміздің алдына әрең жетті: соңына ерген біреу қол арбамен оның сандығын алып келеді. Теңізші ұзын бойлы, мығым, ауыр денелі қара торы кісі екен Теңіздің тұзды суы бытыстырған бір өрім желке шашы кір-кір, май-май көк шекпенінің жаға тұсында шошайып, үрпие қалыпты. Екі қолы күс-күс, тілім-тілім, тырнақ біткен қап-қара, сынық-сынық, ал бетіндегі қылыш кескен тыртығы қорғасындай күлгіндене түсіп ала таңдақтанып тұр. Бейтаныс кісі баяу ысқырып, шығанақ жақты көзімен шолып тұрып, бір кезде жұлып алғандай, ескі бір матрос әніне басып айқайлап кеп жібергені.
Өліктің сандығына он бес адам,
Ио-хо-хо, тағы да бір шөлмек ром, —
деп, ол осы әнді артынан да жиі айтып жүрді.
Кәрі кісінің жарықшақ даусы көнетоз вымбовканың ащы шиқалындай шыңылдай естілді.
Қолындағы таяғы да ганшпугке ұқсайды екен. Сол таяғымен біздің есікті дүрс еткізіп түйіп қалды да, есік алдына әкем шыққанда дөрекі сөйлеп, бір стакан ром талап етті.
Ром әкелінді, сырына қанықтығын паш еткісі келгендей әр жұтым ромды аспай-саспай тамсана, дәмін ала ішті. Біресе тау жаққа, біресе трактир маңдайшасындағы жарнамаға қарап қояды.
— Кеме тоқтауға қолайлы қолтық екен, — деді ол, ақырында. — Тавернаға да табылған жер. Халық көп келетін шығар, солай ма, достым?
— Жоқ, өкініштісі де сол — халық өте аз келеді, — деп жауап қатты әкем.
— Ендеше, маған керегінің өзі де осындай жер, — деді теңізші... — Ей, достым! — деп дауыстады ол, қол арба сүйреп соңынан еріп келген кісіге: — Арбаңды бері әкел де, маған сандықты кіргізісіп жібер... Осында біраз аялдайтын болдым, — деп қосып қойды. — Мен өзім күй таңдамайтын кісімін. Маған ром, шошқаның төс еті, жұмыртқа құймағы болса жетіп жатыр. Өткен-кеткен кемелер көрініп тұратын ана бір мүйіс те бар екен.. Ә, аты-жөнімді білгіңіз келе ме? Несі бар, капитан деп атасаңыз болады... Иә, емеурініңізді түсіндім! Мінеки! — деді де, табалдырық алдына үш-төрт алтын теңгені лақтыра салды.
— Осы ақша таусылған соң, келіп айтарсыз, — деп, бейне бір бастық адамша зеки сөйлеп, әкеме қарады.
Шынында да, киімі жұпыны болғанымен сөзі тұрпайы, өзі қарапайым матросқа ұқсамайтын. Матростан гөрі басқалардың өзіне бағыныштылығына еті үйренген штурманға немесе шкиперге сайып қаларлық. Жұдырығын ала жүгіруден де тайынбайтыны сезіліп-ақ тұр. Қол арбалы кісінің айтуынша, бұл өзі "Георг корольдің қонақ үйіне" лаумен кеше таңертең келіп түсіпті де, теңіз жағалауындағы барлық мейманханалар жайын сұрастыра бастапты. Сірә, біздің трактиріміз жөнінде жақсы лебіз естіген болар: өзі оқшау тұр, мұны білген соң, капитан осында аялдауды ұйғарған тәрізді. Міне, жаңа тұрғынымыз жайында бар білгеніміз осы ғана.
Өзі тұйық кісі екен. Ұзақты күн жез дүрбісін қолынан тастамай, шығанақ бойын жағалап қыдырумен болады немесе жартастардың төбесіне шығады. Кешқұрым жұрттың бәріне ортақ қонақжай боп саналатын үлкен бөлменің бұрышына, от жанына келіп жайғасып алады да, сәл су араластырып, ромды жұтады да отырады. Біреу-міреу оған тіл қата қалса, жауап қайтарып әуре болмайды. Тұманды күнгі кеменің ысқырығындай, танауын шуылдата дем алып, көзін аларта бір қарайды да, отыра береді. Көп ұзамай-ақ біз де, біздің қонақтарымыз да ең абзалы оған тиіспеу екендігін ұғынып алдық. Күн сайын серуеннен оралысымен-ақ: "Үй жанынан өтетін жол бойында теңізшіге ұқсайтын бейсауат ешкім көздеріңе түспеді ме?" — деп сұрастыра бастайды. Алғашында біз мәжіліс құрып отыруына өзіндей ішкіш біреулер жетіспей жүр-ау деп ойлағанбыз. Бірақ кейін байқасақ, ондайларға тіпті жуығысы келмейді екен Қайсыбір теңізші әлдеқалай, жаға жолымен Бристольге бара жатқан бетінде "Адмирал Бенбоуға" тоқтай қалса, капитан алдымен оны есік пердесінен сығалап анықтап көріп алады, тек содан кейін ғана барып қонақжайға шығады. Ондай адамдар бар жерде әрдайым қойдан да жуас, жым болып отырады.
Істің мән-жайын тек мен ғана білетінмін: өйткені, неден қауіптенетінін маған капитанның өзі айтқан болатын. Бір күні ол мені оңаша шығарып алып: "Осы маңға бір жалғыз аяқ теңізші келе қалса, соны жіті қадағалап бақылап жүріп, көрінген бойда маған келіп айтатын бол, сол үшін әр айдың бірі күні төрт пенс күміс ақша төлеп тұрам", — деп уәде берді. Содан былай айдың бірінші жаңасы туса-ақ, капитанға келіп, одан өзі айтқан уәделі жалақымды талап ететін әдет шығардым, ал ол бетіме адырая бір қарап, танауын шуылдатады да үнсіз қалады. Бірақ кейін ойлап-пішеді де, апта өтпей жатып-ақ, ақшаны маған өзі әкеліп береді, "жалғыз аяқ теңізшіден" көз жазып қалма деп, қайтадан әмір етеді.
Енді сол жалғыз аяқ теңізші түсімде де менің соңымнан қалмай қойды. Дауыл үйіміздің төрт бұрышын түгел солқылдатып, дүлей толқын жағаға ұрып, сарыны жартастарды жаңғыртқан әлем-тапырық түндерде сол теңізші мың-сан құбылып, мың түрлі жын-шайтан болып түсіме енеді. Аяғы бірде тізесінен, бірде қара санының қақ түбінен кесілген болып шығады. Кейде жалғыз аяғы нақ кеудесінің орта тұсынан өсіп шыққан қайдағы бір жантүршігерлік албастыға айналып көрінеді. Сол жалғыз аяғымен шетен шарбақ, арық-апандардың үстінен орғып, секіріп мені қуалайды. Сөйтіп, маған ай сайын алатын төрт пенс ақшам оңайға түспеді: осындай азапты, үрейлі түс көруім соның өтеуі іспетті болды.
Бірақ жалғыз аяқ теңізшіден қанша қорыққаныммен, тап капитанның өзінен басқалардай зәрем ұша қоймайтын. Кейбір кештерде ол су аралас ромды ес-түсінен айрылғанша іше беретін де, трактир ішіндегі ешбір жанды көзіне ілместен, өзінің тұрпайы, қатыгез, о заманғы теңіз әндерін айтып ұзақ отыратын. Ал кейде отырған жұрттың бәрін өз столына шақырып алып, ром құятын стакан талап ететіні бар. Әлгілер үрейлері ұшып, қалтырап-дірілдей отырып, не капитанның теңізде бастан кешкендері туралы әңгімесін тыңдайды, не оған қосылып ән салады. Ондайда: "Ио-хо-хо, тағы да бір шөлмек ромыңнан" деген әннен үйіміздің төрт қабырғасы түгел селкілдеп, ұшып кете жаздайды. Өйткені капитанның сұрапыл мінезінен қорыққан жұрт, әйтеуір, сол разы болсын деп, ән салғанда бар даусымен айқайға басып, қайтсе де, бірінен-бірі асып түсуге тырысады. Олай болатыны — мұндай сәттерде капитан, тіпті, есіріктеніп кететін: бірде жұдырығымен столды соққылап, жабыңдар ауыздарыңды деп әкіреңдесе, енді бірде біреу-міреу әлдене сұрап сөзін бөлсе, одан сайын ашуға булығып, долдана түседі: ал егер, керісінше, ешкім ештеме сұрамай, үнсіз отырса, тіпті есіреді, өйткені оның ойынша, бұлары — оның әңгімесіне жөндеп құлақ қоймағандықтарының дәлелі. Ешқайсысын трактирден шығармай қояды. Жұрт тек капитан әбден қалжырап, қалғып-мүлгіп, ақырында, тәлтіректей төсегіне бет алғанда ғана жөндеріне кетеді. Бірақ, бәрінен қорқыныштысы — оның әңгімелері еді. Дарға асу, тақтай бойымен жүру, сұрапыл дауылдар жайлы, Драй Тортугас туралы, Испан теңізіндегі бас кесер ұрылардың мекендері, қарақшылардың ерліктері, — міне, оның әңгімелері осылар туралы болатын.
Өз айтуынша, бүкіл өмірін ол теңіздің небір жауыз баукеспелерінің арасында өткізіпті. Капитанның аузынан шыққан әр сөзге бір-бір боқтық сөз ілесе шығады: бұнысы өзі айтатын жан түршігерлік қылмыстар туралы әңгімелерінен еш кем түспей, біздің аңқылдақ, бала мінез деревня адамдарының зәресін ұшырады.
Әкем трактирді, сірә, жабуға тура келер: мына капитан келушілерді біржола бездірмесе қайтсін деп жиі айтып жүрді. Осыншама жәбір-жапа шегіп әрі үйіне жеткенше үрейі ұшқанға кім құштар болсын дейтін ол. Ал менің ойымша, капитанның бізге қайта пайдасы тиіп жүр. Келушілердің одан қорқатыны да рас-тын, бірақ сөйте тұра олар арада күн өтпей жатып-ақ капитанға қайта айналып соғуға асығатын. Қанша дегенмен ол осы бір түкпірдегі меңіреу тұрмысқа бір түрлі көңіл алдарлық жаңалық әкелгендей еді. Тіпті жастар арасынан капитанға қошемет көрсетушілер де табылды. Бізді оның ер жүректігі қайран қалдырады дейтін олар. "Нағыз теңіз тарланы ғой!" — деп сүйсінушілер болды. Олардың айтуынша, Англияның теңіз, мұхиттарды емін-еркін иеленген құдіретті елге айналуының өзі де тап осы капитан сияқты ержүрек адамдардың арқасы!
Бірақ, екінші жағынан келгенде, капитан, шынында да, бізді шығынға отырғызды. Апта соңынан апта, ай соңынан ай өтті; капитанның келген бойда берген ақшасы әлдеқашан-ақ жұмсалып бітті, содан қайтып ақша төлеген жоқ. Ал одан ақша талап етіп жатуға әкемнің батылы барар емес. Әкем ақша жөнінен емеурін білдірсе-ақ болды, капитан танауын пысылдатып ашу шақырады; жоқ, танауын пысылдатады дегенім жай сөз, ол тура ырылдай бастайды; алқымы ісініп, көзін аларта бір қарағанда, әкем байғұс зәресі қалмай бөлмеден ата жөнеледі. Мұндайда әкемнің өз қолын өзі бұрағыштап, шарасыздық білдірген кездерін көзіммен көргенмін. Әкемнің ажалынан бұрын қайғылы қазаға ұшырауына осы үрейлі күндердің де едәуір себепкер болғаны анық.
Капитан бізге келгеннен бері киім ауыстырған кісі емес, тек қыдырма саудагерден бірнеше пар шұлық сатып алғаны бар.
Қалпағының бір жақ шеті мыжырайып, салбырап кеткен; қатты желдерде берекесін қашырып, ыңғайсыздық туғызса да оған қыңқ еткен капитан жоқ, қалпағын сол күйінше-ақ киіп жүре берді. Шекпенінің де әбден тозығы жеткен. Жоғарыда, бөлмесінде отырып алып, қайта-қайта жамайды келіп, бірақ бәрібір алба-жұлбасы шығып жыртылғаны әлі есімде.
Өзі ешқашан ешқандай хат та жазбайтын, ешқайдан хат та алмайтын. Нағыз бір қатты мас кезінде болмаса, ешқашан ешкіммен сөйлеспейтін де. Және бір қызығы — біз ешқайсымыз да ешқашан оның сандығын ашқанын көрген емеспіз.
Капитанмен сөз таластырып жатудың тек бір рет қана орайы келгені бар — оның өзі де байғұс әкем өлім халінде жатқан ең соңғы күндердің бірінде болып еді. Бір күні кешқұрым ауру әкеме доктор Ливси келді. Науқасты қарап болғаннан кейін, ол анам алдына әкеп қойған асты апыл-ғұпыл ішті де, көлігі келгенше, шылым шегу үшін төмен түсіп, үлкен бөлмеге кірді. "Ескі "Бенбоуда" ат қора жоқтықтан, ол көлігін ылғи деревняда қалдыратын.
Оны үлкен қонақжайға ертіп әкелген мен едім, сәнді киінген, басында қардай аппақ паригі бар, талдырмаш денелі, сыпайыгерлік тәрбиенің ерекше мектебінен өткен қара көз доктор трактирімізге келіп-кетіп жүретін деревнялық дөрекі адамдардың ешқайсысына ұқсамайды екен, осыған қайран қалғаным есімде. Екі шынтағымен бірдей стол үстіне асылып, ромғалық тойып алып, былшиып отырған, үсті-басы кір-қожалақ, сұрықсыз, бақша басына құс үркітуге қоюға лайық біздің қарақшымызға ұқсайтын Капитан кенет барылдап өзінің үйреншікті әніне басты:
Өліктің сандығына он бес адам,
Ио-хо-хо, тағы да бір шөлмек ром!
Іше түс, шайтан суы емес харам,
Йо-хо-хо, тағы да бір шөлмек ром!
Алғашқы кезде мен бұл "өліктің сандығы" дегені кәдімгі жоғарыда, капитанның бөлмесінде тұрған өзімізге таныс сандық шығар деп жүрдім.
Үрей ұшырарлық түстеріме жалғыз аяқ теңізшімен бірге осы сандық та талай рет енген-тін. Бірақ, бұл әннің сөздеріне бірте-бірте бойымыз үйренгені соншалық, енді оған тіпті мән беріп жатпайтынбыз. Бұл кеште капитанның әні тек доктор Ливси үшін ғана жаңалық еді, және менің байқауымша, ән оған ұнамады. Доктор қарт бағбан Тейлорға құяң ауруын емдеудің жаңа әдістері туралы айтып отырған, сол әңгімесін қайта жалғастырмас бұрын ол капитанға наразы кейіппен бір қарап қойды. Өз әніне елігіп алған капитан бір кезде жұдырығымен столды қойып қалды. Бұл — оның тыныш отырыңдар деген бұйрығы болатын.
Дабырлаған дауыстар су сепкендей басыла қалды; тек доктор Ливси ғана қалиянын сора түсіп, көңілді әңгімесін қатты дауыстап жалғастыра берді. Капитан оған көзімен жеп қоярдай бір қарап, столды тағы бір рет қойып қалды, бұдан кейін бұрынғыдан бетер қаһарына міне түсіп:
— Әй, анау палубадағылар, үндеріңді өшіріңдер! — деп, айқай салды және өрескел боқтық сөзін қоса айтып, шегелей түсті.
— Сэр, сіз маған айтып отырсыз ба? — деді доктор.
— Дәл саған, — деп, капитан тағы бір рет сыбап алды.
— Мұндай жағдайда, сэр, менің сізге айтар бір-ақ ауыз сөзім бар, — деді доктор, — егер осылай маскүнемдікке салынуыңызды қоймадыңыз бар ғой, түбінде әлемді дүниедегі ең бір жексұрын сұмпайылардың бірінен құтқарып тынатын боласыз!
Капитан әбден ызаға булықты, ұшып түрегеліп, матростар ұстайтын шаппа пышағын суырып алды, осы пышақпен қабырғаға шегелеп тастасам қайтесің деп докторды қорқытып көрді.
Доктор айылын да жимады. Оған кейіп бұрылып та жатпады, бетін бір иығына қарай сәл бұрып, сол отырған қалпы — бұрынғысынша ұстамды, бірақ нықтай сөйлеп, тіл қатты:
— Осыдан пышағыңызды жылдам қалтаңызға қайта салмай көріңізші, көшпелі сотымыздың келесі сессиясынан кейін дар ағашында салбырап тұрмасаңыз, маған серт! — деді доктор, сірә, отырған жұрт түгел естісін деген шығар, даусын сәл қатайта сөйлеген тәрізді.
Олар кекті көздерімен тесіле қарасты. Бірақ капитан тез жеңілді. Пышағын қалтасына салып, таяқ жеп қыңсылаған иттей бірдемелерді міңгірлей түсіп, орындығына сылқ етіп отыра кетті.
— Ал енді, сэр, — деп доктор сөзін жалғастыра түсті, — өзіме қарасты округте сіз сияқты адам жүргендігін біле тұра, бұдан былай үстіңізден күндіз-түні аса қатаң бақылау қоймауға амалым жоқ. Дәрігер екендігім өз алдына, мен әрі сотпын. Үстіңізден тіпті сәл нәрсе үшін болса да, мысалы, осы бүгінгі сияқты біреуге тіл тигізгеніңіз үшін болса да, шағым түссе-ақ қатаң жаза қолданам. Сізді ұстап, бұл маңнан аластау үшін мен ештеңеден де тайынбақ емеспін. Сізге басқа айтарым жоқ.
Кешікпей доктор Ливсидің көлігі де жетті, ол атына мініп ап, тез жүріп кетті. Ал капитан жуасып, бүкіл кеш бойы жым болып, тып-тыныш отырды, бұдан кейін де ол талай кеш қатарынан осы қалпынан танған жоқ.
II ТАРАУ
Қара төбет келді де кетті
Ақырында, бізді капитаннан құтқарып тынған жұмбақ оқиғалардың ең алғашқысы кешікпей-ақ бой көрсетті. Бірақ кейін өздеріңіз де көрерсіздер, біз капитанның өзінен құтылғанмен оның әлі де талай машақат істерінен құтыла қоймаған екенбіз.
Қыс өте қатты болды, ұзаққа созылған қақаған аязды, дауылды-боранды күндер бітпей тұрып алды. Әкем байғұстың биылғы көктемді көру-көрмесі екіталай екені бірден-ақ белгілі болған Күн санап науқасы меңдей берді. Трактир тіршілігі мамам екеумізге қалды. Жұмысымыз онсыз да бастан асып жатқандықтан, мазасыз мейманымызға онша көңіл бөле қоймадық.
Қаңтар айының бір күні болатын, таңертеңгі мезгіл, аяз шатынап тұр. Шығанақ маңы қырау бүркеніп алған, аппақ. Су бетінің болмашы иірімі жағадағы қой тастарды жиектеп, еркелетіп жалап жатқандай. Күн көзі әлі көтеріліп үлгермеген, сәулесі тек биік төбелердің ұшар бастары мен сонау алыстағы айдың бетін ғана шарпиды. Капитан әдеттегісінен ерте оянып, теңіз жаққа бет алды. Тозығы жеткен көк шекпенінің даладай етегін қорбитқан кездігі байқалады. Қолтығында — дүрбісі. Қалпағын желкесіне қарай ысыра киіпті. Аузынан шыққан будың түтінше будақ-будақ ұшып бара жатқаны есімде қалыпты. Үлкен жартастың тасасына түсе беріп ызаланып, қатты кіжінгені келді құлағыма — сірә, доктор Ливсимен шекіскен кезін әлі ұмыта алмай жүрсе керек.
Анам жоғарыда, әкемнің қасында болатын, ал мен капитанның қайтып оралар тұсына дастарқан жайып, оған ертеңгі ас әзірлеп жатқанмын. Кенет есік ашылды да, бөлмеге бұрын ешқашан кездеспеген бір бейтаныс адам келіп кірді.
Өңі қуқыл, сол қолының екі саусағы жоқ. Белдігінде көздігі болғанымен, түрінде жауынгерлік айбар сезілмейді. Мен әрдайым, жалғыз аяқты болсын, екі аяқты болсын мейлі, әйтеуір, теңізші болса-ақ ондайларды мұқият қадағалайтынмын, ал мына кісі маған тіпті жұмбақ көрінді. Теңізшіге ұқсастығы шамалы, әйтсе де оның теңізші екенін мен бірден сездім.
Қонақтың неменеге зауқы бар екен деп сұрап ем, ол ром талап етті. Бұйрығын орындамақ боп, бөлмеден жүгіре басып шығып бара жатқанмын, стол жанына жайғасқан әлгі кісі мені қасына қайтадан шақырды. Сүлгім — қарымда, тоқтай қалдым.
— Бері кел, балам, — деді ол. — Жақынырақ кел. Мен жақын келдім.
— Мынау, сірә, менің тамырым — штурман Биллиге әзірленген дастархан ғой деймін? — деп сұрады қулана жымиып.
— Ешқандай штурман Биллиді білмеймін, ал дастархан өзіміз капитан деп атап жүрген осындағы бір кісі үшін әзірленіп жатыр, — деп жауап қаттым.
— Оқасы жоқ, — деді ол, — менің досым штурман Биллиді де капитан деп атауға болады. Одан келіп-кетер ештеңе де жоқ. Бетінің тыртығы бар шығар. Және өзі, әсіресе, араққа тойып алған кездерінде тым сыпайы болар. Әлгі менің жолдасым, штурман Билли, міне тап сондай кісі! Сіздердің капитан деп отырған кісілеріңіздің де бетінің тыртығы бар сияқты. Және тап оң жақ бетінде... Демек, бәрі де ойдағыдай деген сөз, солай емес пе?! Сонымен, менің білгім келетіні — менің жолдасым Билли қазір үйде ме, жоқ па?
Мен капитанның серуендеп кеткенін айттым.
— Қай жаққа, балам? Қалай қарай кетіп еді? Мен капитанның күнде барып жүретін жартасы жақты нұсқап, енді өзі де кешікпей келіп қалар дедім.
— Қашан сонда?
Тағы да осындай бірнеше сұрақ қойып, ол ақырында:
— Иә, сөйтіп, менің жолдасым Билли мені көргенде арақ көргеннен кем қуанбас, — деді.
Алайда, мұны айтқандағы оның бет әлпеті тым сұсты көрінгендіктен, әй, сірә, мұнымен кездескенде, капитан қуана қоймайтын шығар деп ойлауыма толық негіз бар еді. Бірақ менің ондағы жұмысым қанша деп өзіме-өзім сол бойда басу айттым. Және-дағы мұндай жағдайда не шара істей аларсың? Әлгі бейтаныс кісі трактир есігінің алдында міз бақпай, тышқан аңдыған мысықша, үйдің бұрышын бақты да тұрды. Шарбақ ішіне шыққым келіп еді, табан астында мені қасына шақырды. Қапелімде құлақ аса қоймап ем, қуқыл беті ашуға булығып, өзгеріп сала берді. Және жерден алып жерден салып боқтады-ай келіп, зәрем ұшқанынан кейін қарай ыршып түстім. Кейін қайтуым мұң екен, менімен тіпті бір түрлі жағымпазданғандай ма, әлде келеке қылғандай ма, әйтеуір, бұрынғысынша сыпайы сөйлесе бастады: арқамнан қағып, өзің жақсы бала екенсің, мен сені бірден жақсы көрдім деді.
— Менің де өзіңдей балам бар еді, — деді ол, — ал сен соған егіздің сыңарындай ұқсайды екенсің. Әкелік мақтаныш тұтарым — сол ұлым. Бірақ енді ер баланың басты қасиеті — тіл алғыштық қой. Солай, балам, тіл алғыштық. Егер Биллимен теңізде бірге жүзіп көрген болсаң, онда ешқашан екі айттырмас ең. Билли де, онымен бірге жүзген басқалар да берілген бұйрықты ешқашан екі қайталатып көрмеген.. Әнеки, штурман Биллидің өзі де келе жатыр, қолтығында дүрбісі бар, о, құдай, жар бола көр оған! Жүр, балам, қайтадан ішке кіріп, есік артына тығыла қалайық, сөйтіп, Биллиді күтпеген жерден бір қуантайық, о, құдай, жар бола көр оған!
Осылай деп, ол мені үлкен бөлмеге қақпайлап кіргізіп, бұрышқа, өзінің арт жағына жасыра қойды. Екеуміз де ашық есіктің қайырылысында тұрмыз. Өздеріңіз де түсінген шығарсыздар, жағдайым мәз емес-ақ, кәдімгідей сескеніп тұрмын, ал енді бейтаныс қонақтың өзінің де үрейленіп тұрғанын сезгенде, одан сайын құтым қашты. Ол кездігінің сабын босатыңқырап, қынынан сәл-пәл шығарып қойды, тамағына кептеліп қалған бір кесек бірдемені жұта алмай тұрған адамдай әуре-сарсаң бір қимыл жасайды.
Ақырында, есікті сарт еткізіп, бөлмеге капитан енді, жан-жағына бұрылып та қарамастан тұп-тура өзіне арнап даярлаған үстінде ас толы столға қарай жүрді.
— Билли! — деді бейтаныс кісі батырсынып, даусын қатқыл шығаруға тырысып.
Капитан өкшесімен айналып түсіп, бізге қарама-қарсы тұра қалды. Күнге тотыққаны зым-зия ғайып болып, тіпті мұрнының ұшына дейін көгеріп кетті. Өңі аруақ, жын-шайтан, әлде тіпті бұдан да сөкет бірдеме көрген адамдай қуарып кетті. Лезде қартайып, бет-аузы шалбарлана қалғанда — шынымды айтсам, өзім тіпті оны аяп кеттім.
— Билли, мені танымай қалдың ба? Кемедегі өзіңнің ескі досыңды, шынымен-ақ, танымай тұрсың ба, Билли? — дейді бейтаныс кісі.
Капитан тынысы тарылғандай, алқынып аузын ашты.
— Қара Төбет! — деді ол, ақырында.
— Соның дәл өзімін, — деді сәл көңілдене түскен бейтаныс кісі. — Өзінің кемедегі ескі досын, "Адмирал Бенбоу" трактиріндегі Билли деген досын көріп қайтпақ боп келіп тұрған Қара Төбет. Ай, Билли-ай! Міне, екі тырнағымнан бірдей айрылдым, содан бері қанша заман өтпеді, — деді ол өзінің жарымжан қолын жоғары көтеріп.
— Жарайды, іздеп келіп үстімнен түскен екенсің, міне, алдыңда тұрмын. Келген шаруаңды айт! — деді капитан.
— Сол баяғы Билли қалпың екені көрініп-ақ тұр! — деді Қара Төбет. — Жөн айтып тұрсың, Билли. Мен қатты ұнатқан мына тамаша балақай маған бір стакан ром әкеліп берсін. Содан соң қарсы болмасаң, екеуміз ескі достарша кең отырып, ағымыздан жарыла ашық сөйлесейік. Солай емес пе?
Мен шөлмек алып қайта кіргенде, екеуі капитанның столында қарама-қарсы отыр екен.
Қара Төбет есік жаққа таяу, бір қырын жайғасыпты, бір көзі ескі досында болса, екінші көзі есікте, қашып құтылу мүмкіндігін де ұмытпаған сыңайы бар:
— Есікті айқара ашық қалдыр да, өзің кете бер, — деді ол маған.
— Бұл — сенің саңылаудан босқа сығалап әуре болмауың үшін, балам, — деп түсіндірді маған.
Екеуін оңаша қалдырып, үлдірік жанына оралдым.
Содан құлағымды қанша тоссам да еміс-еміс міңгірлегендерінен басқа ештеме ести алмадым. Бірақ бара-бара дауыстары қаттырақ шығып, ақырында, сөздері (көбінесе капитанның боқтық сөздері) анық естіле бастады.
— Жоқ, жоқ, жоқ, жоқ! Бұл әңгіме осымен бітсін! Естідің бе? — деді, бірде капитан қатты айқайлап. Артынша:
— Егер іс насырға шауып, мен дарға асылар болсам, онда сол дар ағашының астында жалғыз мен емес, бәрің де салақтайтын боласыңдар! — дегенін де естідім капитанның.
Содан кейін кенет көбесі сөгілген қаптан ақтарыла салғандай, боқтық сөздер төтеп жаумасын ба кеп, стол, орындықтар да тасыр-тұсыр құлап жатыр, болат қанжарлардың сарт-сұрт дыбыстары, жарақаттанған біреуінің жан ұшырған айқайы естілді. Сәлден кейін барып, алды-артына қарамай, есікке қарай зытып бара жатқан Қара Төбетті көрдім. Капитан қуып келеді. Екеуінің де кездіктері қолдарында. Қара Төбеттің сол жақ иығы қанға боялған. Тап есікке жеткен кезде, капитан қашқынға кездігін ең соңғы рет өлтіре сұққысы кеп, қолын қатты сермеп кеп қалды: басын қақ айырып өлтіретін де еді, бірақ кездігі қапыда "Адмирал Бенбоудың" үлкен жарнамасына тиді де, Қара Төбеттің жаны қалды. Жарнаманың төменгі жақтауында кездік ізін әлі күнге дейін көруге болады. Ұрыс осымен тынды.
Жолға жүгіріп шыққан Қара Төбет жарақатын бұйым көрместен, көз ілеспей зытып барады, тіпті әп-сәтте-ақ төбеден әрі асып, көрінбей кетті. Капитан есінен танған адамша жарнамаға қадалған күйі қалшиып қатып қалыпты. Содан неше қайтара қолымен көзін сипап, үйге кірді.
— Джим, ром әкел! — деп бұйырды. Осыны айтқанда, өзі бір түрлі теңселіп кеп, тіпті құлай жаздап барып, қолымен қабырғаға сүйенді.
— Жарақаттанып қалғанбысыз? — дедім.
— Ром әкел! — деп қайталады ол. — Тезірек бұл жерден таймасам болар емес! Ром, әкел, ром!
Ромға жүгірдім, сасқалақтап жүріп шыныны сындырып, бөшкенің шүмегін ластап алдым. Бәрін жөнге келтіріп, басқа ыдыс тауып үлгергенше, ауыр бірдеңенің еденге гүрс етіп құлаған дыбысын естідім. Жүгіріп келсем, еденде ұзынынан сұлап капитан жатыр. Айқай-шу, төбелестен зәресі қалмаған анам маған көмектеспек боп төменге жүгіріп түсті. Екеуміз капитанның басын сүйемелдедік. Екі иінінен әзер дем алып, қиналып жатыр. Көзі жұмулы, беті қабарып, қызарып кеткен.
— О, жасаған, — дейді анам. — Мұндай да масқара болармыз ба! Енді трактиріміз не күйге түспек? Байғұс әкең болса, қас қылғандай ол да ауырып жатқаны анау!
Капитанға не жәрдем көрсетерімізді де білмейміз, бейтаныс кісімен жекпе-жекте өзі қатты жарақаттаныпты, енді оның өлетініне біздің еш шүбәмыз қалған жоқ. Ром әкеліп, аузына құйғым келіп, әрекеттеніп көрдім. Бірақ жағы қарысып қалыпты, темірмен шегелегендей.
Бағымызға қарай, есік ашылды да, ауру әкемді көріп кетуге соққан доктор Ливси кіріп келді.
— Доктор, жәрдемдесе көріңіз! — дедік екеуміз бірдей. — Не істейміз? Қай жерінен жараланыпты?
— Жараланыпты дейсіздер. Бекершілік! Ол жараланған болса, онда тіпті сен де, мен де жараланған боп шығармыз. Қаны тасып талып жатыр. Қайтеміз?! Өзіне ескерткен болатынмын...
— Миссис Хокинс, сіз жоғарыға, жұбайыңыздың қасына барыңыз және мүмкіндігінше оған ештеме айтпай-ақ қойыңыз. Ал мен қолымнан келсе мына бір құдайға да, адамға да қажеті жоқ сорлыны ажалдан арашалап көрейін. Джим, маған шылапшын әкел.
Мен шылапшын алып оралғанымда, доктор капитанның жеңін түріп, оның бұлшық еті білеудей, дырау қолын жалаңаштап үлгерген екен. Қолы бірнеше жерден шанышқыланып жазылыпты. Қарында: "Бақытты бол!", "Сәт сапар, теңізші!", "Арманыңа жет, Билли Боне!" деген жазулар көгеріп көрінеді.
Иығына таман дардың суреті салыныпты, дар астында асылған адам тұзаққа ілініп салақтап тұр. Суретті, меніңше, бұл іске аса бір қанық адам салған.
— Әулиелік сурет, — деді доктор, дардың суретін саусағымен нұқып. — Ал енді, Билли Боне мырза, шын атыңыз осы болса, қаныңыздың түсі қандай екенін көретін болдық... Джим, қан көргенде қорқатын әдетің жоқ па? — деп сұрады доктор менен.
— Жоқ, сэр, — дедім мен.
— Өте жақсы, — деді доктор. — Онда шылапшыныңды тос.
Ол ланцетпен күре тамырын қиып жіберді.
Капитан қарауытқан көзін ашқанға дейін біраз қан ақты. Докторды танып, қабағын түйе қойды. Мені көргеннен кейін барып сәл тынышталған сияқтанды. Кенет бетіне қаны теуіп, тұрғысы келіп жұлқынып:
— Қара Төбет қайда? — деп айқайлап жіберді.
— Бұл жерде өзіңіздің арқаңыздағы төбеттен басқа ешқандай төбет жоқ, — деді доктор. — Ромды тым көп ішетінсіз. Міне, айтқаным келіп, қаныңыз тасыды. Сізге жақсылық істеу ойымда да жоқ еді, бірақ, міне, көрден суырып алдым. Ал, мистер Боне!
— Мен Боне емеспін, — деп бөліп жіберді капитан.
— Бәрібір ғой, — деді доктор. — Менің бір Боне деген қарақшы танысым болған, атыңызды еске түсіріп, бас қатырып қайтем деп, жай айта салғаным еді. Ендігәрі есіңізде болсын, бір стакан ромнан, әрине, өле қоймассыз, бірақ сол бір стакан ішсеңіз-ақ ішкен үстіне іше бергіңіз келері айдан анық. Басыммен ант етейін, мына ішуіңізді тыймасаңыз, кешікпей- ақ өліп тынасыз. Түсіндіңіз бе, Тауратта айтылғанындай, жазмышта жазылған жайыңызға жетіп жығыласыз. Ал, кәне, тұрып көріңіз. Төсегіңізге жетіп алуға көмектесейін.
Капитанды әзер деп жоғарыға көтеріп шығарып, төсегіне жатқыздық. Әбден әлсіреп, жастығына сылқ етіп құлай кетті. Есін шала-шарпы біледі.
— Ал енді, айтпады демеңіз, оллаһи шыным: сіз үшін "ром" деген сөз де бір, "ажал" деген сөз де бір, — деді доктор.
Енді ол мені шынтағымнан ұстап, ауру әкем жатқан бөлмеге қарай жүрді.
— Түк емес, — деді ол артымыздағы есік жабылар-жабылмастан.
— Қанын едәуір ағыздым, енді ол біразға дейін тыныш жатады. Бір аптадай төсегінен тұра алмас, ал бұның оған да, сіздерге де еш зияны жоқ. Бірақ та қайтадан осылай талып құлар болса, одан аман қалмайды.
III ТАРАУ
Қара таңба
Түске таман мен салқын сусын ішкізейін, дәрі берейін деп капитанға кірдім. Сол өзіміз қалдырған күйде жатыр, тек сәл жоғарырақ жылжыпты. Едәуір әлсіреген тәрізді және әлденеге қатты тынышсызданатын да сияқты.
— Джим, — деді ол, — осындағылардың ішінде адамға татитыны тек өзің ғанасың. Мен сені әманда жақсы көргенмін, мұны өзің де білесің. Ай сайын төрт пенстен күміс беріп тұрдым ғой. Енді достым, мінеки, аурумын, әрі жұртта қалғандай жалғызбын. Джим, бір сапты аяқ ромды аямассың менен, солай емес пе?
— Доктор.., — деп түсіндірмек болып ем. Ол бірақ қатты ашуланып, докторды әлжуаз даусымен сыбай жөнелді.
— Доктор атаулы құрлықтан басқа ештеме көрмеген көртышқан емес пе? Ал сіздердің ана докторларыңызды алайық — ол теңізшілер жайында не білуші еді? Мен өмірімде талай ел, талай жер көрдім: жұрт Сары Джектен қырылып жататын ауасы қайнаған қара майдан да ыстық жер сілкінгенде, құрлығыңның өзі теңіздің толқынынан бетер шайқалатын ғажайып жерлер бар, мен сол жерлерде де болдым. Ал сіздердің әлгі докторларыңыз ондай жерлер туралы не біледі? Менің жанымды алып қалған да тек осы ром, иә, ром!.. Мен үшін ет те, су да, әйелім де, досым да — осы ром болды. Ал қазір ром ішпейінше, дауыл лықсытып, жағаға шығып қалған кемедей бейшара болам да қалам. Сонда менің обалым саған болады, Джим, сосын әлгі көртышқанға, докторға болады...
Осыны айтып тағы да боқтық сөздерді төкті-ай келіп.
— Міне, көрдің бе, Джим, саусақтарым дір-дір етеді, — деді ол жыларман дауыспен — Дірілін басуға менде дәрмен бар ма? Бүгін аузыма бір тамшы ылғал тамған жоқ. Ал, ол доктор дегенің ақымақ, шын айтам. Ром ішпесем, Джим, көзіме әрнеме елестеп неғыларға білмеймін. Оллаһи, шыным, бүгін талай нәрсе елестеді де! Арт жағымнан, анабұрыштан, маған кәрі флинт көрінді. Тірі адамдай ап-анық көрдім. Ал енді көзіме қайдағы-жайдағылар елестей бастаса болды, онда мен тура хайуанға айналам — өзім де бір қатал тіршілік кешкен сорлымын ғой. Бір стакан ішкеннен өле қоймаспын докторларыңыздың өзі де солай деді ғой. Джим, бір сапты аяқ ромың үшін алтын гинея берейін...
Ол жалынып-жалпаюын үдете түсті, тіпті даусы қатты шыға бастады, әкем естіп қала ма деп зәрем кетті. Сол күні әкем тіпті хал үстінде жатқан-ды. Толық тыныштық сақтау қажет еді. Доктордың бір стакан ром капитанға зақым жасай қоймас дегені де бір жағынан қамшы болды.
— Ақшаңыздың қажеті жоқ, — дедім мен, параға сатып алғысы келгені шамыма тиіп. — Әкеме қарыздар ақшаңызды төлесеңіз де жетер. Бір стакан ром берейін, бірақ содан қайтып сұраушы болмаңыз.
Бір стакан ром әкелдім. Ашқарақтана ұстай алып, дымын қалдырмай жұтып салды.
— Міне, енді жақсы болды, — деді ол, — бойым бірден жеңілейіп сала бергенін қарашы. Айтшы, достым, мен төсек тартып қанша жатпақ екенмін, доктор не деп еді?
— Ең бері дегенде бір апта, — дедім мен. — Одан кем емес.
— Жай түссін, жай түскір! — деп айқайлап жіберді капитан. — Бір апта дейді! Бір апта жатып алсам, олар маған қара таңбаны жеткізіп үлгереді. Тіміскілеп жүріп, қайда екенімді біліп алыпты, өңкей ысырапшы, жалқау сорлылар, өздерінікін сақтай алмаған, енді өзгенікіне көз алартады. Шын теңізші сөйте ме? Мысалы, мені алайық: мен ұқыпты адаммын, ешқашан ақшаны шашып-төккен емеспін, ал жиған-тергенімнен айрылғым да келмейді. Көр де тұр, оларды тағы да алдап соғам. Осы қайраңнан тайып тұрсам, шетінен бәрін тағы да жер соқтырармын.
Осылай деп ол иығымнан тартып, жайлап төсегінен тұра бастады; иығымды қатты қысқаны соншалық, ауырсынғаннан айқайлап жібере жаздадым. Екі аяғы ағаш қалыптай еденге сылқ ете түсті. Өршелене сөйлегені әрең естілген әлсіз даусына үйлеспейді.
Кереуетіне түрегеп отырғаннан кейін, біразға дейін үн шығара алмады. Ақырында:
— Мына доктор мені әбден құртқан екен... Құлағым шулап әкетіп барады. Жатуға көмектесші, — деді.
Бірақ мен ұмтылып үлгергенше, төсегіне сылқ етіп құлады да, біраз үнсіз жатты.
— Джим, — деді ол ақырында, — өткендегі теңізші бүгін көзіңе түспеді ме?
— Қара Төбет пе? — деп сұрадым мен.
— Иә, Қара Төбет, — деді ол. — Ол — өте жаман кісі, ал оны жіберіп отырған басқалары одан да өткен малғұндар. Джим, егер мен бұл жерден кетіп үлгермей тұрып, олар маған қара таңбаны жеткізді бар ғой, онда есінде болсын, олардың көздегені — менің мына сандығым. Онда атқа міне сал да... Сен атқа міне аласың ғой, иә? Иә, онда атқа міне сал да, бар пәрменіңмен шауып отырып... Әй, енді маған бәрібір ғой... Иә, онда шауып отырып әлгі көртышқанға жет... Әлгі анау қарғыс атқыр докторды айтам... барлық матростарын — өзінің сот мүшелерін палубаға жинасын да, "Адмирал Бенбоудың" үстінде менің барлық қонақтарымды — кәрі Флинттің бүкіл бас кесерлерін — қаншасы тірі қалса да, бірін қалдырмай түгелдей тапжылтпай келіп бассын. Мен кәрі Флинттің ең тәуір штурманы болғанмын. Иә, ең тәуір штурманы болдым және ол жердің қайда екенін жалғыз мен ғана білемін Флинт осы қазіргі мен құсап Саваннада өлім халінде жатып, бәрін маған өзі берген болатын. Ұқтың ба? Бірақ қара таңба келмей тұрып немесе Қара Төбеттің, әлде анау жалғыз аяқтеңізшінің келгенін өз көзіңмен көрмей тұрып, ешқандай әрекет істемегейсің. Басқаларынан гөрі сол жалғыз аяқтан сақтаныңқыра, Джим.
— Капитан, сол қара таңба деген не нәрсе өзі? — деп сұрадым.
— Ол — ескерту тәрізді нәрсе, достым. Олар әкелер болса, өзіңе айтармын. Тек, Джим, олардан өзің көз жазып қалып жүрме, сонда бәрін өзіңмен қақ жара бөлісем, бұны шын уәдем деп біл.
Даусы бірте-бірте міңгірлей түсіп, ақыры, сөзінен алжаса бастады. Дәрі беріп ем, бала құсап қағып салды.
— Бір де бір теңізші дәріге тап қазіргі мендей зәру боп көрмеген шығар.
Кешікпей ол есеңгіреп, талықсып кеткендей болды да, мен оны оңаша қалдырдым.
Бәрі өз қалпымен осылай жүре берген жағдайда не істер ем, оны өзім де білмеймін. Капитан өзінің сырын айтып қойғанына өкініп, мені өлтіріп тастай ма деп те қорыққанмын, сондықтан, сірә, бар естіп-білгенімді докторға айтқан болар едім деп ойлаймын. Бірақ жағдай басқаша қалыптасты. Кеште кенет әкем байғұс дүние салды, енді біз үшін басқа дүниенің бәрі ұмыт болды. Әкемнің қайғысы, көршілеріміздің келім-кетім көңіл айтуы, әкемді жерлеуге байланысты қам-күйбең, 24 трактирдің күйкі тіршілігі — осының бәрі капитан жайлы ойлауға да, одан қорқуға да еш мүмкіндік бермеді.
Келесі күні таңертең ол дәнеме болмағандай төменге түсті. Үйреншікті уақытында тамағын ішті, бірақ тәбеті тартпай отырғаны байқалады, есесіне мас болмағандықтан, сірә, әдеттегісінен көбірек ішті ме деп қорқам. Танауын шуылдатып, жөткірініп, ашу шақырып тұр екен, сондықтан шамадан тыс ішпе деп басу айтуға оған ешкімнің де батылы бармады. Кешке қарай, әкемді жерлер шақ жақындай түскен кезде, ол әдеттегісінше мас болып та үлгерді. Қара жамылған қайғылы үйімізде оның бейбастақ, барылдақ әнін есту жиіркенішті-ақ еді, ол қанша әлсіз болса да, біз одан зәре-құтымыз қалмай қорықтық. Көмейіне құм құйып, оның аузын аштырмайтын жалғыз-ақ доктор еді, ол бүгін жоқ: оны бірнеше миль жердегі бір ауру адамға шақырып әкеткен екен, әкем қайтыс болғалы ол біздің үйіміздің босағасын да аттаған емес.
Капитан әлсіз жатты деп айттым ғой. Айығып, тәуір бола алмағаны былай тұрсын, тіпті бұрынғысынан да меңдей түскендей басқышпен әрең көтеріледі, залдан діңгекке қарай жүрсе, теңселіп, бұлғақтап әзер жетеді. Кейде теңіздің ашқылтым ауасын жұтпақ боп, есіктен тысқа басын шығарса, құлап кете жаздап, қабырғаға жармасады. Тырмысып биікке өрмелеген адамдай ентігіп, демін екі иінінен алады.
Менімен өткендегіден қайтып сөйлескен жоқ, сірә, сол жолы іш тартып, сыр айтқанын ұмытып та қалған-ау деймін. Бірақ сонша әлсірегеніне қарамастан, бұрынғыдан бетер шырт етпе, ашушаң болып кетті. Мас болып ішіп, кездігін суырып ап, алдына, стол үстіне тастайды. Айналадағы ешбір жанға елең етпестен, ойға шомып, әлем-тапырық күйде сандырақ елестеріне елтіп отырады келіп.
Бірде деревня тұрғындары айтатын бір махаббат әнін ысқырып әндетіп, бәрімізді таң қалдырғаны бар. Сірә, жас шағында, теңізші боларының алдында үйренген әні болса керек.
Келесі күні тұман түсіп, ауа райы сұрықсыз, салқын болды; сағат түскі үштер шамасында есік алдына шығып, босаға жанында әкем есіме түсіп, жабығып тұрғанмын.
Кенет жол бойымен ілби басып, жаймен келе жатқан біреуді көзім шалды. Алдындағы жолын таяқпен шұқылап, бағдарлап келе жатқанынан соқыр екені көрініп түр. Мұрнының, көзінің үстін көлегейлеп, жасыл қалқан байлап алған. Кәрілік жеңіп пе, әлде ауру меңдетіп пе, әйтеуір, екі бүктеліп, бүкірейіп кеткен, үстіндегі тозығы жетіп, алба-жұлба болған матрос шекпені одан сайын сиқын бұзып тұр. Өмірімде мұндай ұсқынсыз қорқынышты адам көрсем не дейсіз! Трактирге аз ғана жер қалғанда, әлгі кісі кідіріп, даусын соза, мұрнынан мыңқылдай сөйлеп:
— Өзінің отаны — Англияны жан аямай қорғау үстінде, қайран екі көзінен айрылған бейшара соқыр кісіге қазір қай жерге келіп тұрғанын айтып жіберетін қайырымды біреу табылар ма екен? — деп, құла дүзге бет алды айқай салды.
— Үлкен кісі, Сіз Қара Төбе шығанағындағы "Адмирал Бенбоу" трактирінің қасында тұрсыз, — дедім мен.
— Даусыңызды естідім, — деді шал мыңқылдап, — жас адамның даусы. Қайырымды жас жігіт, маған қолыңызды беріп, осы үйге ертіп кіріңізші!
Қолымды ұсынып ем, әлгі маймөңкелеп тұрған көзсіз жексұрын шап беріп ұстай алды да, қысқаштай қыса түсті.
Зәрем кеткені сонша, қаша жөнелгім келді. Бірақ соқыр кісі жұлқып, өзіне қарай тартып қалды.
— Ал, бала, енді мені капитанға алып бар, — деді.
— Сэр, — дедім мен, — сенсеңіз, бар шыным, мен қорқам...
— Қорқам дейсің бе? — деп мырс етті ол. — Солай де! Қорқам дейсің! Дереу алып бар қасына, әйтпесе қолыңды сындырамын!
Осылай деп қолымды бұрап қалып еді, жан даусым шыға шыңғырып жібердім.
— Сэр! — дедім мен, — қорыққанда өзім үшін емес, сіз үшін қорқамын. Капитан қазір бұрынғы капитан емес. Кездігін қынынан суырып, дайын отыр. Оған бір джентльмен келіп кеткен еді, содан...
— Жүр тез! — деп, ол сөзімді бөліп жіберді. Мұндай мейірімсіз, қатал, жексұрын дауысты бұрын естісем, бұйырмасын! Қолымның ауырғанынан емес, оның даусынан зәрем кетті. Дегенін істемесем болмайтынын түсіндім де, ромнан басы мең-зең болып отырған қарақшыға жолықтырмақ боп, залға қарай беттедім. Соқыр темірдей саусақтарын қолыма батыра түсті. Маған сүйеніп, бар салмағын салғанда, тәлтіректеп, құлауға шақ қалдым.
— Тура өзіне алып бар, ал ол мені көрген бойда: "Билли, міне, сіздің досыңыз", — деп қатты дауыстап айт. Айтқанымды істемесең, мен былай етем!
Осылай деп, қолымды бұрап кеп жібергенде, есімнен тана жаздадым. Соқыр қайыршыдан зәрем ұшып келе жатып, капитаннан қорқуды да ұмытыппын, залдың есігін ашып, соқырдың айт дегенін қатты дауыстап айтып бердім.
Бейшара капитан басын көтеріп, көруі-ақ мұң екен, мастығынан лезде айығып кетті. Бет әлпеті үрейлі емес-ау, шексіз бір азап нышанын танытқандай болды. Орнынан тұрғысы келіп еді, соған да дәрмені жетпеген сияқты.
— Ештеме етпес, Билли, отырған жеріңде отыра бер, — деді қайыршы. — Мен сені көре алмағанмен, қолдарың діріл қағып, қалтырап отырғанын естіп тұрмын. Істің аты іс қой. Оң қолыңды созшы... Балақай, қолын менің оң қолыма таман жақындатшы.
Екеуміз де оның дегенін істедік. Таяқ ұстаған қолынан бірдемені капитанның алақанына салып жатқанын байқадым, — капитан алақанын дереу жұмып алды.
— Іс тынды, — деді соқыр.
Осыны айтар-айтпаста ол мені босатты да, жарымжан кісіге лайықсыз шапшаңдықпен қонақжайдан көз ілеспей ытқып шығып, жолға да түсіп үлгерді. Мен алыстап бара жатқан оның таяғының тықылына құлақ түріп, тұрған жерімде тапжылмай қатып қалыппын. Капитан екеуміз есімізді жиғанша, едәуір уақыт өтіпті. Мен оның білегін қоя бердім, ол қолын өзіне тартып, алақанына қарады.
— Сағат онның кезінде екен! — деді ол даусын саңқ еткізіп. — Алты сағат уақытымыз бар. Біз әлі көрсетерміз оларға көресісін!
Осыны айтып, ұшып түрегеліп еді, есеңгіреп, теңселіп кетті, қос қолдап алқымына жармасты. Осылай тәлтіректеп сәл тұрды да, бар салмағымен нендей бір сөлекеттеу дыбыс шығара, еденге гүрс ете түсті.
Қасына жүрелеп отыра кетіп, анамды шақырдым.
Бірақ, болары болып кетті. Қаны тасып жығылған капитан табан астында жан тәсілім етті. Қайран қалатыным — шынына көшсем, бұл адамды ешқашан жаным жаратқан емес, бірақ соңғы кезде байғұсты бір түрлі аяйтынмын, ал енді, міне, ақырғы демі бітіп, өлгенін көргенде, жылап жіберіппін. Бұл — мен көзіммен көрген екінші қаза еді, ал қабырғамды қайыстырып, жүрегімді удай ашытқан әкемнің қазасының зәрлі тақсіреті әлі қайтып үлгермеген-тін.
IV ТАРАУ
Матрос сандығы
Мен, әрине, анама сол бойда өзіме белгілі бар жайды жайып салдым. Оған ертерек айтуым керек пе еді, қалай. Сөйтіп, біз ауыр, қауіпті жағдайда қалдық.
Капитанның артында қалған ақшаның — егер ондай ақша бар болса — бір бөлігі біздікі екені сөзсіз. Бірақ, Қара Төбет, соқыр қайыршы сияқтылар марқұм боп кеткен жолдастарының борышын төлейміз деп әуре боп, өз олжаларынан бас тарта қояр ма екен. Капитанның атқа міне салып, доктор Ливсиге жет деген әмірін орындай алмадым: анамды қорғансыз, тірексіз жалғыз тастап кетудің еш қисыны болмады. Бұл туралы ойлап жатудың өзі де ретсіз еді. Бірақ бұдан әрі үйде отыра беруге де батылымыз жетпеді: ошақтағы оттың көмірі тырс етіп, астындағы темір торға құлап түссе де, селк етіп шошып кетеміз; тіпті сағаттың тықылынан да сескенеміз. Ана бұрыштан да, мына бұрыштан да біреулердің аяқ басқан тықырлары естілген сияқты болып, тіпті біреулер бізге жақындап қалғандай көрініп, елегізиміз де отырамыз.
Қасымда, еденде өліктің сүйегі жатқанын, тыста айналсоқтап жүрген соқыр қайыршының көзді ашып-жұмғанша үйге кіріп келуінің де мүмкін екенін ойыма алсам, төбе шашым тік тұрады. Бұдан әрі кідіруге тіпті де болмайтын еді. Әйтеуір, бір әрекет істеу қажет. Содан біз қасымыздағы деревняға барып көмек сұрауды ұйғардық. Айттық — бітті дегендей, жалаңбас күйіміз аязды күнгі тұман арасына қойып кеп кеттік. Кеш қараңғыланып та қалған екен.
Шағын деревня біздің үйіміз тұрған жерден көрінбейтін, бірақ онша алыста емес, бірнеше жүз ярд қана жерде, көрші шығанақтың қарсы жақ жағасында болатын. Менің жүрегім орнына түскені — соқыр қайыршы бұл жақтан емес, басқа жақтан келіп еді, кеткенде де сол келген жағына қарай кеткен шығар деп ойладым. Кей сәт тың тыңдап, тоқтай-тоқтай жүргенмен, тез жеттік. Жан-жақтан күнбе-күнгі етене дыбыстар — жарға ұрған толқын сарыны, орман қарғаларының қарқылдаған дауыстары ғана естіледі. Деревнядағылар шырағдан жағып та үлгерген екен, есік-терезелерден көрінген сол сарғыш сәулелердің жүрегімізді орнына түсіріп, жанымызды жай тапқызғанын ешқашан ұмытпаспын, сірә. Бірақ, жәрдем күткен бар үмітіміз де осымен шектеліп тынды. Бізге еріп "Адмирал Бенбоуға" баруға бүкіл деревнядан бір адам шықпай, масқара болдық.
Қауіп-қорқынышымыз жайлы айта түскен сайын, олардың да үрейлері ұшып, үйлерінің бұрыш-бұрышына тығыла түседі. Мен бұған дейін өмірі естіп көрмеген әлгі капитан Флинттің атын олардың көбі жақсы білетін боп шықты. Және одан өздері зәрелері қалмай қатты қорқады екен. Тіпті біреулері отырып aп, бірде "Адмирал Бенбоудың" жанында, бақшада жұмыс істеген кезінде үлкен жолда бейсауат жүрген қайдағы бір күдікті адамдарды көргендерін естеріне түсірісті. Әлгі бейтаныс адамдарды контрабандистерге ұқсатқан бұлар асыға-үсіге үйлеріне жетіпті де, есіктерін бекітіп алыпты. Біреулері тіпті Кит үңгірі деп аталатын шығанақта жүзіп бара жатқан кішкене люгтерді де көрген боп шықты. Енді капитанның достары туралы әңгіме болғанда қалшылдап, дірілдей қалғандары да сондықтан екен. Екінші бір айналмада тұратын доктор Ливсиге хабар жеткізуге келісім берген батылсымақтар болды, ал бірақ трактирді күзетуге ешқайсысы шықпады.
Қорқақтық та жұғады деседі ғой. Ал парасатты жөн-жосық айту, керісінше, адамға рух беріп, батылдық қосады екен. Бізбен бірге баруға ешкім шықпаған соң, анам не болса да, жетім ұлыма тиісті азын-аулақ қаржыдан тектен-тек айрыла алмаймын деп өз ойын айтты.
— Қорықсаңыздар мейілдеріңіз, бірақ біз Джим екеуміз су жүрек емеспіз. Келген ізімізбен кейін қайтамыз. Соқталдай-соқталдай ер-азаматсыңдар, бірақ қоянның жүрегіндей жүректеріңнің жоқтығы ұят екен! Біз енді өлсек те, сандықты ашып көреміз. Миссис Кросли, өзімізге заң бойынша тиісті ақшамызды салып алайық, ана бір сумкаңызды бере тұрмас па екенсіз, мың да бір рақмет айтар ем, — деді анам.
Мен, әрине, анаммен бірге баратынымды айттым, ал жұрт: бұл деген барып тұрған көзсіздік қой, — деп шулап қоя берді. Бірақ еш біреуінің аузынан, ендеше, шығарып салайық деген соз шықпады! Қастандық жасаса, құр қол болма деп, маған
'Люггср — кішкентай желкенді кеме.
оқтаулы тапанша берді, қарақшылардан қашып құтылардай күн туса деп, біз үшін аттарын ерттеп, даяр ұстайтындарын айтты, — міне, бар жәрдемдері осыдан аспады. Әйтеуір, бір жас жігіт қарулы көмек сұрамақ боп, атқа мініп, докторға шауып кетті.
Кейін қарай қауіпті сапарымызға шыққанда, жүрегім атша тулап, дүрсілдеп қоя берді. Түн өте суық екен. Дөп-дөңгелек боп ай туып келеді. Көкжиектен жаңа көтерілген толық ай тұман арасынан әзірше қызарып қана көрінгенмен, айнала сәт сайын сәулелене түсті. Кешікпей-ақ жан-жақ күндізгідей жап-жарық болатын түрі бар. Сонда бірден-ақ көзге түсетініміз белгілі. Сондықтан бұрынғыдан бетер асыға түстік. Дуал бойларын жағалап, үн-түнсіз ұрланып, тез басып жүріп келеміз, жолда қорқатындай бәлендей ештеңе кездескен жоқ, ақырында "Адмирал Бенбоуға" да жеттік-ау.
Үйге кірісімен есіктің ысырмасын тас қып бекіте қойдым. Ентіге дем алып, өлік жатқан қараңғы, қаңыраған бос үйде екеуден-екеу тұрмыз. Анам ас пісіретін бөлмеден шырағдан алып келді, екеуміз бір-біріміздің қолымыздан демей ұстап, үлкен қонақжайға кірдік. Капитан шалқасынан түсіп, бір қолын серпіп тастап, екі көзі жұмылмаған, сол әуелде біз қалдырған күйінде жатыр екен.
— Терезенің пердесін түсір, — деп сыбырлады анам, — бізді сырттан бақылап тұрулары да мүмкін. Ал енді, — деді ол, мен пердені түсіргеннен кейін, — сандықтың кілтін табу керек... Бірақ оның денесіне қол тигізуге қайсымыздың тәуекеліміз жетер екен? — деп анам жылап жіберді.
Мен тізерлеп отырдым. Еденде капитанның қолының қасында бір жағын қап-қара ғып бояған кішкене дөңгелек қағаз жатыр. Қара таңба дегендерінің осы екені күмәнсыз. Ала салып, екінші бетін қарап ем: "Саған кешкі сағат онға дейін мұрша береміз", — деп, ап-анық әдемі етіп жазылған жазу бар екен.
— Мама, оған белгіленген мерзім кешкі сағат онға дейін екен, — дедім мен.
Осылай деуім-ақ мұң екен, біздің ескі сағатымыз даң-дұң етіп соға жөнелгені. Оқыс дауыстан шошып кетіп, селк ете түстік. Бірақ, бізді қуантқан да сол дауыс болды: уақыт ерте, сағат әлі тек алты ғана екен
— Ал Джим, кілтті іздеп көр, — деді анам.
Капитанның жан қалталарын түгел тінткілеп шықтым.
Бірнеше ұсақ теңгелер, оймақ, жіп, тебен ине, бір ұшын тістеп үзіп тастаған темекі тұқылы, қисық сайты пышақ, қалтаға салып жүретін компас, шақпақ тас, міне, бар тапқаным осы болды. Енді күдер үзе бастадым.
— Мүмкін, мойнында шығар? — деді анам.
Жиіркеніп, аза бойым қаза боп тұрсам да, көйлегінің жағасын дыр еткізіп, жыртып кеп жібердім. Шынында да, кілтті жіп тағып, мойнына асып алған екен, капитанның өз пышағымен жібін дереу қиып жібердім.
Осы бір сәттік әрекетіміз жүрегімізде үміт отын қайта тұтатып, жоғарғы бөлмеге тез жеткіміз келді; бұл — капитан келген күннен бастап сандығын қойып, өзі ұзақ уақыт тұрған тар бөлме болатын.
Сандығы қарапайым, жай ғана матрос сандығы екен. Қақпағында темірмен күйдіріп жазған "Б" әрпі бар. Ұзақ ұсталғақ бұрыштары қажалып, мүжіліп, талайды көрген сандық екені сайрап тұр.
— Маған бер кілтті, — деді анам.
Құлпының бұрауы тым қатты екен, дегенмен анам күштеңкіреп ашып, қақпағын қайырып тастады.
Темекінің ащы иісіне араласа қара май иісі мүңкіп кетті. Алдымен көзімізге түскені — мұқият тазартылып, үтіктелген, анамның айтуынша, тіпті әлі иыққа сұғылмаған кереметтей бір жаңа костюм болды. Костюмді көтеріп алып едік, астынан квадрат, ескі испан сағаты, бірнеше, арзанқол болғанмен, шетелдерде жасалған кішігірім қолөнер бұйымдары, жезбен көмкерілген екі компас, Оңтүстік Үндістанда кездесетін бес-алты ұлутас, тағы осы сияқты алуан түрлі ұсақ-түйек нәрселер шықты. Кейін мен, бір орынға тұрақтап көрмеген, қауіп-қатерге толы қылмыскерлік өмір кешкен капитанға сол бір ұлутастардың не қажеті болды екен деп талай рет дал болғаным бар.
Сөйтіп, біз әлгі өзімізге түкке керексіз құйма күміс пен қолөнер заттарынан басқа бағалы ештеме де таппадық. Сандықтың ең түбінен теңізші киетін бір ескі плащ шықты; талай жағалаудың небір қайраңдарында тұзды су сорып, аппақ болыпты. Анам шыдамсызданып плащты жұлып кеп қалып еді — сандықтың басқа бұйымдары: клеенкамен оралған бума, оның ішінде бір буда қағаз бар сияқты және бір кенеп қапшық — сыңғырлаған дыбысына қарағанда, ішінде, сірә, алтын салынған болса керек, — осы плащтың астында жатыр екен.
— Бұл бас кесер залымдар менің адал әйел екенімді білсін. Артық бір фартингіне қызықсам не дейсің, тек өзіме берешегін ғана алам. Миссис Крослидің сумкасын әкел, — деді анам.
Анам қапшықтан ақшаны алып, санап, менің қолымдағы сумкаға сала бастады. Бұл өзі оңай емес екен, ұшан-теңіз уақытымыз кетті. Алуан елдердің алуан түрлі ақшалары жиналған екен, бәрі мидай араласып жатыр: дублон да, луидор да, гиней де, пиастр да, тіпті мен білмейтін басқа да ақшалар бар. Ең азы гиней екен, ал менің анам тек осы гинейді ғана санай біледі.
Капитанның бізге бересілі ақшасының жартысын санап үлгерген кезінде, мен оның қолын шап беріп ұстай алдым. Аязды түнгі тымық ауаның шырқын бұзған бір дыбыс жанымды түршіктіріп, тұла бойымды мұздатып қоя берді: бұл — тоң боп сіресіп қатқан жолға тық-тық тиіп келе жатқан соқыр қайыршы таяғының дыбысы еді. Тықыл біртіндеп жақындап келеді, біз демімізді ішімізге тартып тына қалдық. Сәлден кейін біреудің есікті тарс еткізіп қатты тартып қалғаны, тұтқаның қозғалып, ысырманың шиқылдағаны естілді. Бұл — қайыршының үйге бұзып-жарып кірмек болған әрекеті. Енді іште де, сыртта да жым-жырт тыныштық орнады. Ақырында, таяқтың тықылы қайтадан естілді. Тықыл бірте-бірте алыстай түсіп барып, кешікпей мүлдем тынды, енді осы тұстағы біздің қуанғанымызды көрсеңіз!
— Мама, ал бәрін де, тезірек қашып құтылайық, — дедім мен. Соқырдың есіктің бекітулі тұрғанынан-ақ секем алғанына менің шүбәм жоқ-тын, енді барлық ұяластарын ертіп келетін шығар деп зәрем жоқ.
Дегенмен есікті бекітіп қою есіме келгені мұндай жақсы болар ма! Бірақ мұнымды жексұрын соқырды жақсы білетіндер болмаса, басқалар қайдан бағаласын.
Алайда, анам қанша қорыққанымен, өзіне тиісті ақшасынан бір тиын да артық алғысы келмеді, бірақ кем алуға да келіспей, қасарысып тұрып алды. Әлі сағат жеті болған жоқ, ұлан-асыр уақыт бар дейді. Өз жөнімді білемін, өз ризығымды ешкімге олжалатқым жоқ дейді. Менімен осылай тайталасып тұрғанында, алыстан, төбе басынан жайлап ысқырған дауыс естілді.
Егесімізді тыя қойдық.
Анам ұшып түрегеліп:
— Жарайды, санап үлгергенімді ғана алайын, — деді.
— Ал мен есебіміз тең шығуы үшін мына біреуді де ала кетем, — дедім, клеенкаға оралған буда қағазды алып жатып.
Келесі сәт қараңғы жерде қармалап, сипалап төмен түсіп келе жаттық. Шырағданымыз босаған құр сандықтың жанында қалып қойды. Бекітулі есікті аштым, екеуміз үйден шығып, жолға түстік. Бір минутымызды да зая кетіруге болмайды. Тұман лезде ыдырай бастады. Ай жап-жарық, төбелердің басы ағарып көрініп тұр. Буалдыр тұман тек сай табанында ғана, трактир есігінің алдында ғана, әдейі біздің далаға шыққанымызды жасырғысы келгендей, кіреуке шымылдықша ырғалып, тұмшалана қалыпты. Бірақ жарты жолға жете бере, төбенің етегіне аяқ басып, сәл өрге көтерілген кезде, ай сәулесі түскен жап-жарық алаңқайды кесіп өтпеуге еш амалымыз қалмады.
Ол аз десеңіз — әрегіректен біреудің тез-тез басқан аяқ дыбысын естідік.
Кейін бұрылып қарасақ, бір от секек-секек етіп, бізге қарай жақындап келеді — қолына шам ұстаған біреу болса керек.
— Жаным, балам, — деді анам кенеттен, — ақшаны ал да, зыт. Мен, сірә, талып құлайтын шығармын...
"Екеуміз де құритын болдық-ау!" — деп түйдім ішімнен. Барымша су жүрек көршілерімізді сыбап келем! Бейшара анама, оның адалдығына, ашкөз сараңдығына да, манағы батылдығы, маған деген жанашырлығына да, әрі қазіргі шарасыздығына да зығырданым қайнап келеді!
Бақытымызға бір кішкене көпір тап бола кетті. Анам бұлғақтап жүре алмай қалып еді, демеп төменге, жағаға түсірдім. Сәл ес жиып, иығыма басын сүйеді. Өзіме сонша күш қайдан келгеніне қайран қаламың әйтеуір, анамды сүйрей жөнеліп, көпірдің астына жеткіздім. Тек тұрпайылық істедім бе деп қаймығам. Көпір тым аласа екен, астында төрт аяқтап, еңбектеп жүрмесең болмайды. Мен әрі қарай жорғалап, белағаштың астына жасырындым, ал анам еш панасыз дерлік, ашықта қалды. Бұл ара трактирден таяқ тастам ғана жер болатын.
V ТАРАУ
Соқырдың ӨЛІМІ
Трактир жақта не болып жатқанын білуге ынтызарлығым қорқыныш сезімінен де басымырақ болып шықты, отырған жерімде тынши алмадым. Сақтана-сақтана жылға бойына жорғалап шығып, шілік бұтасының артына жасырына қойдым. Бұл арадан трактир есігі алдындағы жол ап-анық көрініп тұр.
Өзімнің бақылау орныма орналасуым-ақ мұң екен, қаскүнемдер де көрінді. Өздері жеті-сегіз кісі екен. Тапыр-тұпыр басып ә дегенше жақындап та қалды. Шам ұстаған кісі бәрінің алдында дедектеп келеді. Оның соңынан қол ұстасып үш кісі келе жатыр. Тұман сейілмегенмен, "үштіктің" ортасында келе жатқан соқыр қарақшы екенін анықтадым. Кейін оның даусын да естіп, болжамым дұрыс екеніне көзім жетті.
— Құртыңдар есікті! — деп ақырды ол.
— Құп, сэр! — деп екеу-үшеуі қосыла жауап қатты.
Сөйтіп, "Адмирал Бенбоудың" есігіне шабуыл басталып та кетті: шырақ ұстаған кісі жұрттың ең соңында кетіп барады. Есікке жете беріп, тоқтай қалысты да, сыбырлай сөйлесіп, ақылдаса бастады. Сірә, есіктің бекітілмегеніне таң қалып тұрса керек. Соқырдың бұйрық берген даусы тағы естілді. Дегбірсіз, өктем даусы барған сайын шаңқылдап қаттырақ шығады.
— Үйге! Үйге кіріңдер! — деп ақырды ол жолдастарына, тым шабан қимылдайсыңдар, — деп тілдеп, ұрсып та тұр.
Төртеу-бесеуі үйге кірді де, екеуі зымиян қайыршымен бірге сыртта, жол бойында тұрып қалды. Бірнеше минутқа созылған жым-жырт тыныштықтан кейін бірдемеге таң қалған оқыс дыбыс естілді де, ізінше біреу ішкі жақтан:
— Билли өліп қалыпты! — деп баж ете түсті. Түк бітірмей қашанғы жүресіңдер деп, соқыр оларды тағы балағаттады.
— Үсті-басын тінтіп шықсаңдаршы, өңшең жалқау сұмпайы! Қалғандарың жоғарғы бөлмеге, сандыққа жетіңдер! — деп бұйырды ол.
Тозығы жеткен басқыштарды тарсылдатып дүрліге жүгіргенде, селкілдеп кетті. Содан тағы да таңырқаған дауыстар естілді. Капитан тұрған бөлменің терезесі тарс етіп ашылды да, сынған әйнектің шалдыр-шұлдыр етіп құлағаны естілді. Біреу терезеден басын сұқты. Ай жарығымен басы, иығы анық көрініп тұр. Ол төменде, жол бойында тұрған соқыр қайыршыға:
— Әй, Пью, мұнда бізден бұрын біреулер жетіп үлгеріпті! Сандықтың астан-кестені шыққан! — деді.
— Ана нәрсе орнында ма екен? — деп гүр етті Пью.
— Ақша орнында.
— Құрып кетсін ақшасы! Флинттің қағаздарын айтам! — деп айғайлады соқыр.
— Қағаз көрінбейді, — деді әлгі кісі.
— Ей, анау төменде тұрғандар, сендерге айтам, үсті-басының бір жерінде шығар, қараңдаршы! — деді соқыр тағы да айқай салып.
Екінші бір қарақшы — төменде капитанның қойын-қонышын тінтуге қалғандардың бірі болса керек — трактир есігінің алдына шықты.
— Оны бізге дейін-ақ аударып-төңкеріп үлгеріпті, — деді ол, — бізге ештеме қалдырмаған.
— Ендеше, бізді тонаған — осы үйдің адамдары. Анау күшік болды ғой! — деп айқайлады Пью. — Қап, сол жолы көзін ағызып-ақ кетсемші... Осы жаңа ғана олар осында болатын. Мен кірейін дегенімде есік бекітулі тұр еді. Жігіттер, іздеңдер! Бұрыштан-бұрыш қоймай сүзіп шығыңдар!
— Рас, осында болғандары анық. Шырағдан жанған күйінде қалыпты, — деді терезе алдында тұрған біреуі.
— Іздеңдер, іздеңдер! Астан-кестенін шығарыңдар үйдің! — дейді Пью қайталап, таяғымен жерді тақ-тақ соғып.
Сол-ақ екен, онсыз да қаусап тұрған бейшара ескі трактиріміздің, шынында да, астан-кестені шықты. Үй іші толған тарсыл-гүрсіл жүгіріс. Қираған жиһаз сынықтары ұшып түсіп жатыр, жоғарыда да, төменде де ашылып-жабылған есік тарсылы, осы ию-қию шу сонау құз, жартастарға жетіп, айнала тегіс жаңғырып кетті. Бірақ бәрі зая болды: қарақшылар бірінен соң бірі жолға шығып, оларды еш жерден таба алмадық деп баяндап жатыр.
Сөйткенше болмады, алыстан ысқырған дыбыс естілді, сол манағы, біз анам екеуміз марқұмның ақшасын санап жатқан кезде естіліп, зәремізді ұшырған ысқырық. Тек бұл жолы ысқырық екі рет қайталанды. Мен өткен жолғы ысқыруды соқыр қайыршының шабуылды бастаңдар деп, жолдастарына берген белгісі ғой деп ойлап едім. Ал қазір байқасам, ысқырық төбе жақтан шықты, біреу деревня жақ бөктерде тұрып ап, қауіп төнді деп, қарақшыларға белгі беріп тұр, мұны да түсіне қойдым.
— Бұл — Дэрк қой, — деді қарақшылардың бірі. — Естідіңдер ме, екі қайтара ысқырды. Жігіттер, таю керек!
— Қайдағы таю! — деп айғайлап жіберді Пью. — Ой, нақұрыстар-ай! Дэрк деген баяғыдан су жүрек, ақымақ емес пе!? Дэркті тыңдасаңдар, оңарсыңдар! Олар осы маңда. Алысқа ұзаған жоқ. Қазір-ақ табасыңдар! Іздеңдер, иттер! Іздеңдер! Түкпір-түкпірдің бәрін қараңдар! Қап, құдай-ай, — деп күйінді ол. — Әттең, екі көзім болса ғой!
Соқырдың айқайынан қарақшылардың рухы сәл көтерілгендей болды. Бір-екеуі ағаш арасын аралап іздеп жүр, бірақ құлықсыз, әрең қозғалады. Ниеттері іздеуден гөрі қашуға көбірек ауған тәрізді. Басқалары абыржып жол бойында тұр.
— Байлық дегенің уысымызға жүздеп, мыңдап өзі түсейін деп тұрғанда сендер нақұрыстарша ыбылжисыңдар! Ол қағаз табылса, бізбен салыстырғанда корольдің өзі де далада қалады, онда дүниеде сендерден бай ешкім болмайды! Қайда кетуші еді, ол қағаз осында, екі аттасаңдар-ақ табылайын деп тұр, ал сендер шегіншектеп зыта жөнелуге барсыңдар. Биллиге келіп, қара таңба тапсыруға да іштеріңнен біреуіңнің батылың жетпеді! Соқыр болсам да мына мен тапсырдым оны. Енді, міне, бар бақыт, байлықтан айрылғалы тұрмын, бұл да сендердің кесірің! Қап, пәуеске мініп, шалқып жүрудің орнына, мүсәпір күн кешіп, бір стакан арақтың өзін де қайыр сұрап ішетін болдым-ау!
— Бірақ, дублон бізде емес пе? — деп күңк етті біреуі.
— Шамасы, қағазды осылар тыққан болды ғой, — деді екіншісі. — Пью, ақшаңды ал да, жынданбай, сабаңа түс.
Пью, шынында да, жынданғандай еді. Қарақшылардың қарсыласқан соңғы сөздеріне бола ол тіптен ызаға булығып, бұрынғыдан бетер өршелене түсті. Ашу қысып, әбден құтырынып алды, имек таяғын құлаштай сермеп, көрмесе де жолдастарына тап беріп, бет алды құла-дүзді ұрып-соға бастады.
Олар да қарап қалмады, мына залымды сілейте боқтап, сазайыңды тартқызармыз әлі деп, лағынетті жаудырып жатыр. Имек таяғын шап беріп, қолынан жұлып алғылары келіп, әрекет істеп көрді.
Біздің жанымызды сақтап қалған да осы жанжал болды.
Бұлар осылай ұрсысып, төбелесіп жатқанда, төбе жақтан деревня тұсынан шапқан аттың тұяқ дүрсілі естілді. Осы сәтте қоршау шарбақтың ар жағынан от жарқ етті де, атылған тапанша даусы естілді. Бұл — ең соңғы дабыл екен. Қауіп тіпті жақын, төніп қалды дегендегісі. Қарақшылар тым-тырақай болып біреулері теңіз жаққа, шығанақ бойын жағалап, екіншілері жоғары қарай, төбе бөктерін бетке алып қаша жөнелді. Ә дегенше, жалғыз Пьюдан басқа жол бойында жан қалған жоқ. Қорқып, естері шыққан қарақшылар ұмытып кетті ме, әлде боқтап, ұрып-соққанына өшігіп, әдейі тастап кетті ме, белгісіз. Жалғыз қалған ол жанталасып, таяғымен жол үстін тық-тық түрткілеп, қолымен қармалап, ұтырластарын шақырады, сөйтіп жүріп жолдан мүлдем адасып, теңізге қарай қашудың орнына деревняға қарай жүгірді.
— Джонни, Қара Төбет, Дэрк... — деп, ол жыларман дауыспен басқа да біреулердің атын атап шақырып келеді. — Сендер кәрі Пьюді тастамайсыңдар ғой, қымбаттыларым-ау, достарым-ау, сендер кәрі Пьюді қалдырмайсыңдар ғой! — деп сөйлеп бара жатып, мені жанамалап бірнеше аттам жерден жүгіріп өтті.
Сол екі ортада шапқан аттардың тұяқ дыбысы тіпті жақындап қалды. Ай жарығы бес-алты салт аттыны анық ажыратып көруіме де мүмкіндік беріп тұр. Олар төбеден төмен қарай бөктерлеп бар пәрмендерімен шауып келеді.
Тіпті, басқа жаққа кетіп бара жатқанын соқыр енді ғана түсінді. Шошынып, айқайлап қалып, бұрыла жүгіргенде, жол жанындағы арыққа құлап түсті. Сол бойда ұшып түрегеліп, жанталаса қайтадан жолға шығып еді, шауып келе жатқан ең алдыңғы аттың тұп-тура тұяқ астына килікті. Шауып келе жатқан кісі кеш байқады, ат басын бұрмақ болып еді, үлгермеді. Соқыр түн қараңғылығын жарып жіберердей, жан ұшыра айқай салды. Аттың темірдей төрт тұяғы қойсын ба, жаншып, езіп жіберіпті. Бір қырынан құлап еді, жаймен аунап, шалқасынан түсті де, сол күйі қимылсыз қалды.
Мен орнымнан атып тұрып, салт аттыларға дауыстадым. Күтпеген жайсыз оқиғадан шошынған олар, бәрі де тұра-тұра қалыпты. Бәрін де бірден тани кеттім. Ең соңынан шауып келген — деревнядан доктор Ливеиге хабар беруге кеткен жас жігіт екен. Қалғандары — баж мекемесінің қызметшілері, жігіт оларды докторға бара жатып жолда кездестіріпті. Жігіт ақылы жетіп, мән-жайды айтып, көмектесулерін өтінген көрінеді. Кит жатағы шығанағында жүрген бейтаныс люггер жайында баж мекемесінің бақылаушысы Мистер Данс ертерек естіген болып шықты. Ал ол шығанаққа апаратын жол біздің трактиріміздің тап қасынан өтетін. Данстың жанына отрядын ертіп алып, хабар тиген бойда Китт жатағына қарай бет түзеп, шауып келе жатқан бойы екен. Міне, осы бір орайы түскен кездейсоқ оқиға бізді көпе-көрнеу ажалдан құтқарып алды.
Пью тіл тартпастан кетті. Анамды көтеріп, деревняға апардық. Сол жерде хош иісті тұз иіскетіп, бетіне су бүріккеннен кейін барып, есін жиып, көзін ашты. Анам бастан кешкен бар азабын елей те жатпай, капитанның ақшасынан өзіне тиісті барлық соманы түгел алып үлгермегенін қайта-қайта айта берді.
Сол екі ортада баж мекемесінің бақылаушысы Данс отрядымен бірге Китт жатағы шығанағына қарай құйғыта жөнелді. Бақылаушылар аса сақтықпен аттарынан түсіп, жетелеп, кейде тіпті аттарын сүйемелдеп, қарақшылардың тасадан бас салуы мүмкін екенін естерінен шығармай, бөктерді бойлап төмен қарай жүріпті. Ақыры, олар шығанаққа жеткенде, 40 кеме, әрине, зәкірін көтеріп, жағадан онша алыс ұзай алмағанмен, теңізге шығып та үлгерген екен. Данс дауыстап айқайлапты, сөйтсе кемеден біреу: егер жазмыш қорғасының қолқақты тесіп өтсін демесең, ай сәулесі түсіп тұрған жарық жерден тез кет деп ақыл айтқан болыпты. Ізінше Данстың иығын жанап бір оқ зу ете түспесін бе.
Кешікпей-ақ кеме мүйісті айналып, ғайып болыпты.
Мистер Данс жағада тұрып, өзімді "судан шығып қалған балықтай" сезіндім дейді. Теңізге киттер шығару қажет екенін айтып, ол табан астында Б...ға кісі жіберді.
— Бұл — тек бос әурешілік қой, — деді ол. — Олар ендігі ұзап кетті, қуып жете алмайсың. Пыо мырзаның қытығына тидік, мен өзім соған да шүкіршілік етіп тұрмын деп қосып қойды.
Мен бұған дейін-ақ оған соқыр туралы бар жайды айтып үлгерген болатынмын.
Данспен бірге мен "Адмирал Бенбоуға" қайтып оралдым. Үйіміздің қалай ойран-ботқасы шыққанын айтып жеткізудің өзі қиын. Анам екеумізді қолға түсіргісі келген қарақшылар қабырға сағатына дейін жұлып тастапты. Капитанның ақша салған қапшығы мен біздің кассамыздағы бірнеше күміс теңгелерден басқа олар ештеме әкете алмаған, бірақ ендігі жерде өзіміздің қайыршылық халге душар болғанымызды бірден-ақ түсіндім.
Данс мырза көпке дейін бір нәрсеге түсіне алмай дал болды.
— Ақшаны әкетіпті деп тұрсың ғой өзің. Ендеше, тағы не іздегені олардың, Хокинс? Басқа жерде де ақша бар деп, соны іздегені ме?
— Жоқ, сэр, олардың іздегені — ақша емес, — дедім мен. — Олардың іздеп таба алмаған нәрсесі — мына менің жан қалтамда. Шынымды айтайын, бұны қауіпсіз жерге орналастырмасам болмайды.
— Жөн... Жөн айтып тұрсың, балақай, — деді ол. — Қажет десең, сақтауға маған беруіңе де болады.
— Мен оны доктор Ливейге берсем бе деп едім, — деп бастап келе жатыр ем.
— Дұрыс айтасың! — деп ол қызу іліп әкетті. — Дұрыс айтасың, доктор Ливси өзі джентльмен, өзі әрі судья. Тіптімен де барып, мән-жайды оған немесе сквайрға баяндап шығуым керек екен-ау. Қанша дегенмен кісі өлімі... Пью өліп қалды ғой. Оған өкініп тұрған мен жоқ, бірақ кейін бәрін корольдік баж мекемесінің бақылаушысына, яғни маған жаба салатын біреулер табылып жүрсе қайтеміз. Хокинс, былай етейік. Сен менімен бірге жүр. Келіссең, екеуміз бірге барайық.
Мен оған рақмет айттым, екеуміз деревняға бет алдық. Өйткені аттар сонда болатын. Мен анаммен қоштасып шыққанша, бәрі де атқа мініп үлгерген екен.
— Доггер, атың жақсы еді. Мына жігітті артыңа міңгестірші, — деді Мистер Джонс. Мен Доггердің артына мінгесіп, белбеуінен ұстап үлгерер-үлгерместен, Данс ал кеттік деп әмір етті: отряд доктор Ливсидің үйіне қарай қатты желіспен сыдырта жөнелді.
VI ТАРАУ
Капитанның қағаздары
Бар пәрменімізше суыт жүріп отырып, доктор Ливсидің үйінің қасына кеп бір-ақ тоқтадық. Есік алды тастай қараңғы.
Мистер Данс маған аттан түсіп, есікті қақ деп әмір етті. Мені аттан оңай түссін деп, Доггер үзеңгісін тосты. Есікті дүрсілдетіп соққаныма қызметші әйел шықты.
— Доктор Ливси үйде ме екен? — деп сұрадым мен.
— Жоқ, — деді әйел. — Түс ауа үйге келуін келген, тамағын ішкесін бүгінгі кешті сквайрмен бірге өткізем деп, усадьбаға кетті.
— Ендеше, біз де сонда кеттік, — деді мистер Данс.
Усадьба жақын екен. Мен атқа мініп те жатпадым, Доггердің үзеңгісінен ұстап, жанамалап жүгіріп отырдым.
Парктің қақпасы да кейінде қалды. Жапырағы түсіп, жалаңаштанып қалған ұзын аллея жан-жағын ескі бақ қоршаған, алыстан ай сәулесімен ағарып көрініп тұрған помещик үйіне алып келді. Мистер Данс аттан секіріп түсіп, мені үйге қарай ертіп әкетті. Бізді күттірген жоқ, үйге бірден кіргізіп алды.
Қызметші бізді кілем төселген ұзын дәлізбен ертіп әкеліп, қожайынының кабинетіне кіргізді. Кабинеттің қабырғалары иін тірескен кітап шкафтарынан көрінбейді екен. Әр шкафтың үстіне бюст қойылған. Сквайр мен доктор Ливси лаулап жанған оттың қасында темекі тартып отыр.
Мен бұрын мұндай жақын келіп, Сквайрды көрмеген едім. Толық, бойшаң (алты футтан астам), саяхатта көп жүріп, күн, жел қағып, өңі тотыққан, беті қалың, түсі суық кісі екен. Қап-қара қастары дәйім қимылдап тұрады, ашушаң, тәкаппар болғанмен, дәу де болса, жалпы қайырымды сияқты.
— Мистер Данс, кіріңіз, қайырлы кеш! — деді ол менменсіңкіреп сөйлегенмен, бір жағынан, жайдарылық та көрсетіп жатыр.
— Қайырлы кеш, Данс, — деді доктор да басын изеп. — Достым, Джим, қайырлы кеш! Сіздерді мұнда қаңбақтай домалатып, қандай дауыл әкеліп тықты?
Баж мекемесінің бақылаушысы екі қолын денесіне жабыстыра қалып, тік тұрып, бейне бір жаттап алған сабағын қайталағандай бастан кешкендеріміздің бәрін түгел айтып шықты. Екі джентльмен мұның әңгімесі тұсында бір-біріне қайта-қайта қарап, қатты таң қалысты. Соншалық зейін қойып тыңдаған олар тіпті шегіп отырған темекілерін де ұмытып кетті. Ал енді түн ішінде менің анамның трактирге қайтып баруға батылы жеткенін естігенде, доктор Ливси өз санын өзі шарт еткізіп соғып кеп жіберді, сквайр "жарайсың" деп айқайлап, тіпті қолындағы ұзынша қалияның каминнің торына соғып, сындырып алғанын да сезбей қалды. Мистер Трелони (естеріңізде шығар, сквайрдың аты осылай еді ғой) бір кезде отырған креслосынан да тұрып кетті, енді бөлме ішінде ерсілі-қарсылы жүр: доктор жақсылап естиін дегендей, басындағы опаланған ақ паригін жұлып тастапты, енді жалаң бас отыр. Оның қысқа қидырылған шашын париксіз көрудің өзі бір түрлі ерсі екен.
Мистер Данс әзер дегенде әңгімесін аяқтады-ау, әйтеуір.
— Мистер Данс, — деді сквайр, — сіз өте инабатты адам көрінесіз! Ал енді анау барып тұрған зымиян қан ішерді құртқаныңыз — үлкен ерлік! Ондайларды тарақан құрлы көрмей тапап тастау қажет!.. Көріп отырмын, Хокинс те олқы жігіт болмай шықты. Хокинс, ана бір қоңырауды соғып жіберші, мистер Дансқа сыра әкеліп берсін.
— Сонымен, Джим, олардың іздеген нәрсесі енді сенде ме? — деп сұрады доктор.
— Мінеки, — деп, докторға клеенкаға оралған буманы ұстаттым.
Доктор оны аударып-төңкеріп мұқият қарап шықты. Дәу де болса, тезірек ашып көргісі кеп, әзер шыдай отыр. Бірақ өзін-өзі тежеп, буманы жайбарақат қалтасына салды.
— Сквайр, Данс қызмет адамы ғой, сырасын ішкесін, жұмысына барсын, — деді ол. — Ал Джим Хокинс біздің үйде қонады. Рақым етсеңіз, кешкі тамақ орнына мен оған салқын паштет әкелдірейін деп едім.
— Әрине, әрине, рақым етіңіз, Ливси! — деді сквайр. — Бүгінгі ерліктері үшін Хокинске одан да зорырақ қошемет көрсетсек артық емес.
Алдыма кішкентай столдардың бірін әкеліп қойып, көп етіп кептер паштетін ұсынды. Бұралқы иттей қарным ашып, әзер шыдап отыр ем, лықа тойып алдым. Сол екі арада тағы да талай мақтау сөз естіген Данс жұмысына кетті.
— Ал, сквайр, — деді доктор.
— Ал, доктор, — деді сквайр.
— Қабаттаса сөйледік-ау, — деп, доктор Ливси күліп жіберді.
— Сіз әлгі Флинт туралы бұрын естіп пе едіңіз?
— Естіп пе едіңіз дейді! Флинт туралы естіп пе едіңіз дейсіз ғой, иә? — деп, сквайр даусын көтере сөйледі. — Айтсам, бұрынғылары бар, қазіргісі бар — не заманғы теңіз қарақшыларының ішіндегі ең қанішері сол Флинт. Флинттің қасында анау Қара Сақал дегендеріңіз жазықсыз нәресте. Испандардың Флинттен зәрелері қалмай қорқатынын көргенде, сэр, сізге шынымды айтайын, мен тіпті оның ағылшын екендігін мақтан ететінмін. Бірде Тринидад маңында алыстан оның желкендерін көргенім де бар, бірақ капитанымыз су жүрек сорлы екен, кемемізді бірден Порт-оф-Спейнге қарай кейін бұрып әкетті.
— Ол туралы осында, Англияда, талай естігенмін, — деді доктор. — Бірақ соның ақшасы болып па екен өзі, мәселе сонда!
— Ақшасы болып па екен дейді! — деп айқайлап жіберді сквайр. — Жаңа Данстың әңгімесін өзіңіз естіген жоқсыз ба? Ол залымдар ақшадан басқа не іздеуші еді? Ақшадан басқаны не қылсын олар! Олар ақшадан басқа еш нәрсеге бастарын тікпейді.
— Бастарын не үшін тіккендері кешікпей-ақ анықталар, — деді доктор. — Сіз қызуланып кісіге сөз бермейсіз ғой. Флинт қазынасын қайда жасырды? Мына менің қалтамдағы, меніңше, соны ашуға көмектесетін кілт. Тек сол қазына көп пе екен?
— Көп пе екен дейді? — деп сквайр айқайлап жіберді. — Сэр, ендеше, тыңдаңыз. Егер мына біздің қолымызға түскен, шынында да, сол сіз айтып отырған кілт болып шықса бар ғой, онда мен қазірден бастап Бристольге аттанам да, докқа барып, мына деген кеме сатып алам. Менімен бірге сіз барасыз, Хокинс барады, тіпті жыл бойы іздесем де сол қазынаны таппай қоймаспын!
— Өте жақсы! — деді доктор. — Олай болса, егер Джим қарсы болмаса, буманы ашамын, көрейік ішіндегісін.
Осыны айтып, ол буманы қалтасынан шығарып, алдына стол үстіне қойды.
Бума жіппен мықтап тұрып тігілген екен. Доктор өзінің құрал-сайман салған жәшігінен хирургиялық қайшысын алып, буманың жібін қиып-қиып жіберді. Ішінде екі нәрсе бар екен: бір дәптер және аузы жабық конверт.
— Алдымен дәптерді көрейік, — деді доктор.
Ол маған мейірлене қарап, қасына шақырды: әлгінде тамақ ішкен жерімде отыр едім, буманың сырын бірге ашпақ болып орнымнан тұрдым. Доктор дәптер беттерін бір-бірлеп аударып көре бастады. Сквайр екеуміз иығының үстінен ентелей төніп тұрмыз.
Дәптердің бірінші беті толған жан түсінгісіз түрлі шатпақтар екен. Біреу іші пысып отырып еріккенінен бе, әлде қаламының ұшын байқап көргісі келгенінен бе, әйтеуір, ирек-ирек етіп сыза беріпті, сыза беріпті. Осы бірінші беттен бір көзіме түскені — өткенде капитанның қарынан өзіміз көрген: «Арманыңа жет, Билли Бонс!» деп шабақталып жазылған жазу және сол сияқты: "Мистер У.Бонс, штурман", "Жетті ғой ром ішкенің", "Палм-Ки маңайында ол тиісті сазайын тартты" деген де жазулар бар. Тек бұл емес, көбінесе жалғыз сөзден ғана тұратын түсініксіз бірдемелер де кездесті. Әлгі "тиісті сазайын тартқан" кім болды, сазайын қалай тартқызды екен, мені қызықтырып тұрған осылар. Қақ жауырыннан пышақ сұқты ма екен?
— Е, бұл беттен бірдеңе түсіну қиын екен, — деді доктор Ливси.
Дәптердің келесі он шақты беті бухгалтерлік есеп-қисап сияқты бірдемелер болып шықты. Әрбір жолдың бас жағында уақыт мерзімі көрсетілген де, аяқ жағында ақшаның жиынтық сомасы көрсетілген. Ал осы екі жазудың аралығына түрлі түсініктеме — цифрлар келтірілудің орнына әр жаңа жолдан әр бөлек айқыш-ұйқыш қосу белгісі қойылған. 1745 жылғы 12 шілде күні жазылған жолда жетпіс стерлинг фунты көрсетілген, ал бұл соманың қайдан шыққаны жайлы түсініктеменің орнына бар болғаны алты қосу белгісі қойылған. Бірақ анда-санда жердің аты көрсетіліп отырған, мысалы: «Қарақас маңында» деген жазу бар немесе "62° 17 20", "19° 2, 40" деп ендік пен бойлық көрсетілген.
Бұл жазбалар жиырма жылға жуық үзбей жүргізіліпті. Кіріске тіркелген ақшаның сомасы барған сайын көбейе түскен. Ең аяғында, бес-алты рет қате жазылып, сызылып тасталған цифрлардан кейін жиынтық сома көрсетіліп, астына: "Бонстың үлесі" деген жазу жазылыпты.
— Түк түсінсем бұйырмасын, — деді доктор Ливси.
— Түсінбейтін ештемесі де жоқ, бәрі де айдан анық! — деді сквайр. — Бүл — анау сұмпайы төбеттің кіріс кітабы. Суға батырылған кемелер мен тоналған қалалардың аттарын жазбай, крест қойып отырған. Цифрмен көрсеткені — ортақ олжадан өзіне тиісті үлесі. Кейін ұмытып қалам ба деп күдіктенген тұсында аз-кем түсініктеме жазып отырған. "Қаракас маңында" дегені сондай түсініктеме. Яғни: бір бақытсыз кеме Қаракас маңында тоналған деген сөз. Бейшара теңізшілер әлдеқашан су астында шіріп те біткен шығар.
— Дәл таптыңыз! Қанша дегенмен саяхатшының аты саяхатшы ғой, — деді доктор. — Дәл таптыңыз, міне, шені өскен сайын үлесі де өсіп отырған.
Осы жазулардан басқа бұл дәптерде көңіл бөлерлік ештеме жоқ болып шықты; тек кейбір таза беттеріне жер аттары жазылыпты және ағылшын, испан, француз теңгелерін күнделікті алыс-беріс ақшаға аударатын кесте бар екен.
— Мұқият адам екен, — деді доктор. — Оны есептен жаңылдыра алмассың.
— Енді мұнда не бар екен, соны көрейік, — деді сквайр.
Конверт бірнеше жерінен мөрленіп, жабылыпты. Mөp орнына басқаны — оймақ, сірә, әлгінде капитанның жан қалтасынан тауып алған оймақ болса керек. Доктор аспай-саспай конвертті сындырып ашып еді, ішінен бір аралдың ендік, бойлығы, жағаға жақын жерлердің тереңдігі, дөң-төбелерінің, шығанақ, мүйістерінің аттары түгел жазылған географиялық карта шықты. Картада әлгі беймәлім аралды оп-оңай іздеп тауып, еш қауіп-күдіксіз-ақ зәкір тастауға не керек болса, соның бәрі де көрсетіліпті.
Аралдың ұзындығы тоғыз, ені бес миль екен. Кеуде тұсын әнтек көтеріп, шалқалай қарап тұрған семіз айдаһарға ұқсайды. Біздің көзімізге дауыл өтінен қаға беріс кеме тоқтайтын екі гавань және аралдың орта тұсында "Қарауыл дүрбі" деген аты бар төбе шалынды.
Картада кейінгі кезде жасалған көптеген қосымша белгілер де баршылық екен. Басқаларынан гөрі ерекше, оқшауланып көзге түсіп тұрғаны — қызыл сиямен жазылған үш крес: екеуі — аралдың солтүстік жағына, біреуі — оңтүстік-батысына түсіріліпті. Осы соңғы крестің қасына дәл жаңағы қызыл сиямен:
"Қазынаның басты бөлігі осы арада", — деп, ұсақ, бірақ ап-анық етіліп жазылған жазу бар: капитанның шимай-шатпақтарына еш ұқсамайды.
Картаның сыртқы жақ бетіне де жаңағы кісінің қолымен түсініктемелер жазылыпты. Олар мынадай:
"Қарауыл дүрбісінің иінінемін бөлеп тұрған биік ағаш С.С.Ш-тан С-ке қараған бағыт.
Қаңқа аралы Ш. — О. — Н. және Ш. — қа қарай.
Он фут.
Құйма күміс кесектері солтүстіктегі шұңқырда. Оны шығыс жақ, төбенің бөктерінен Қара құздан он сажын түстікке қарай жүріп, маңдай алдыңды құзға қаратып тұрсаң, сол жерден табасың.
Қару-жарақтарды табу қиын емес, Солтүстік мүйістің С. шетіндегі құм төбеде жатыр, бетіңді Ш-қа және ширек румб С-ке қарай ұста. Д.Ф".
Міне, осы. Бұл жазуларды мен мүлдем түсіне алғаным жоқ. Бірақ тым шолақтығына қарамастан, әлгі жазулар сквайр мен доктор Ливсиді қатты қуантты.
— Ливси, — деді сквайр, — сіз осы бір жалақысы түкке тұрғысыз дәрігерлік жұмысыңызды тастасаңыз қайтеді. Мен ертең-ақ Бристольге жүрейін деп отырмын. Сэр, үш апта өтпей жатып-ақ... Жоқ, екі апта... біздің бүкіл Англияда кездеспейтін ең жақсы кемеміз және ең таңдаулы командамыз болады. Хокинс те бізбен юнга болып бірге шығады. Хокинс, сенен кереметтей юнга шығуға тиіс... Ал, сіз Ливси, кеменің дәрігері боласыз. Адмирал — менмін. Редрут, Джойс, Хантер — үшеуін өзімізбен бірге әкетеміз. Арқа тұстан сәтті соққан сәйгүлік жел ә дегенше-ақ бізді әлгі аралға дік еткізеді. Бір жетіп алған соң, тығылған қазынаны іздеп табу қиын болып па? Ал енді содан кейінгі өмірімізде ақша дегеніңіз ішіп-жейміз бе, тіпті сол ақшаға шомыламыз ба, әлде уыстап суға лақтырамыз ба — бәріне де жететін болады.
— Трелони, сізбен бірге жүремін, — деді доктор. — Джим де, мен де сіздің сеніміңізді ақтаймыз деп кепілдік бере аламын. Бірақ, менің сенім көрсете алмайтын бір адамым бар.
— Ол кім? Айтсаңызшы, маған ол иттің атын, — деді сквайр.
— Ол сізсіз, — деп жауап қатты доктор. — Өйткені, сіздің аузыңызға ие бола алмайтын бір әдетіңіз бар. Бұл қағаздар жайын білетін жалғыз біз емеспіз ғой. Бүгін кеште трактирді ойрандап кеткен ана қарақшылар, өзіңіз де білесіз, жүрек жұтқан батыл адамдар. Ал кемеде қалғандарын қайда қоясыз? Осы маңда олардан басқа да талайлары табылатынына мен кепіл. Солардың бәрі де осы қазынаны қолға түсіруге барын салып-ақ бағады. Сондықтан біз әбден теңізге шығып, жүріп кеткенге дейін жалғыз-жарым жүрмеуге тиіспіз. Мен Джиммен бірге осында қала тұрамын. Сіз Джойс пен Хантерді алып, Бристольге барыңыз. Ал ең бастысы — картаның бізде екені жайында ешқайсымыздың тісімізден шықпайтын болсын!
— Ливси, айтқаныңыздың еш қатесі жоқ, — деді сквайр. — Енді жұмған аузымды ашсам не дейсіз!
ЕКІНШІ БӨЛІМ. КЕМЕ АСПАЗЫ
VII ТАРАУ
Мен Бристольге жүрмекпін
Теңізге шығу сапарымыздың қарбалас әзірлігі, сквайрдың ойлағанындай емес, анағұрлым көп уақыт алды. Жалпы алғашқы жоспарымыздың бәрін де түгел өзгертуімізге тура келді. Ең алдымен доктор Ливсидің менімен бірге болсам деген тілегі іске аспады: ол айналадағы деревняларда өзі жоқ кезде қызмет істей тұратын дәрігер іздеп Лондонға кетті. Сквайрдың Бристольдегі жұмыстары басынан асып, таусылар емес. Ал мен кәрі қорықшы Редруттың бақылауында тұтқын адамдай усадьбада қалдым. Өзім арман етіп жүрген көз көріп, құлақ естімеген алыс аралдар, бастан кешкелі тұрған теңіз оқиғалары — бар ойлайтыным осы. Талай уақытымды картаны зерттеуге арнап, барлық белгілерін жаттап алдым. Усадьба шаруасын басқарушының бөлмесінде, от жанында отырып алып, ойша аралға әр тұстан кемемен талай рет жүзіп те келгенім бар. Аралдың мен зерттемеген сүйем жері қалған жоқ, Қарауыл дүрбі деп аталатын биік төбеге талай рет өрмелеп шығып, сан құбылып тұрған ғажайып табиғат көркіне төбе басынан сүйсіне көз саламын. Кейде арал үсті қаптаған тағы адамдарға толып кетеді, біз солардың шабуылына тойтарыс беріп жатамыз. Кейде айналаны жыртқыш аң жайлап, біз солардан қашып құтылудың қамында жүреміз. Бірақ, бұл сияқты ойша бастан кешкендерім кейін аралда өзіміз душар болған қайғылы тосын оқиғалармен салыстырғанда түк емес, жай ғана ойыншық тәрізді көрінді.
Апта соңынан апта сырғып өтіп жатты. Ақырында, бір сәтті күні бізге хат келді. Хат доктор Ливсидің атына жазылған екен, бірақ конвертте:
"Егер доктор Ливси қайтып оралмаған болса, онда хатты Том Редрут немесе жас Хокинс ашсын" деген де жазу бар екен.
Конвертті ашып оқып, екеуміз мынадай маңызды жаңалық білдік. (Дәлірек айтсам, хатты оқыған мен ғана, өйткені егер тасқа басқан әріптер болмаса, басқа жазуды танымайды екен).
"Ескі зәкір" мейманханасы, Бристоль, 17... жылғы 1 наурыз.
Қымбатты Ливси!
Сіздің Усадъбада екеніңізді, әлде әлі күнге дейін Лондонда екеніңізді біле алмай, хатты екі адреске де жазып отырмын.
Кеме сатылып алынды, жабдық-жасағы да дайын. Теңізге шығу сәтін күтіп қазір зәкір де тұр. Бұдан асқан кеме болады деп ойламаймын. Өзін жас бала да жүргізе алатын оңтайлы кеме. Екі жүз тонна жүк көтереді. Аты — "Испаньола ".
Бұл кемені табуыма ежелгі досым Блендли көмектесті, ол өзі бір ғажайып шебер, іскер адам. Осы абзал адам маған қара нәсілді құлым сияқты қызмет етті. Бристольдегілердің қай-қайсы да, обалдары не керек, қазына іздеп бара жатырмыз деп шет жағасын білдірсем-ақ болды, қол ұшын беруден қашқан жоқ..."
— Редрут, — дедім мен хатты оқуымды тыя қойып, — доктор Ливси сквайрдың мына сөздерін ұната қоймас. Демек, сквайр аузына ие бола алмаған...
— Сеніңше, — деп қорықшы күңк етті. — Сквайр мықты ма, әлде доктор мықты ма? Қайдағы бір доктор Ливсиге жағам деп, сквайр жұртпен сөйлесуден қалмақ па?
Оған түсіндірем деп әуре болмай-ақ, хатты әрі қарай оқи бердім.
"Блендли "Испанъоланы" өзі іздеп тапты, соның шеберлігінің арқасында бізге ол, тіпті тегін түсті деуге болады. Рас, Бристольде Блендлиді жек көретіндер де бар. Олардың ішінде осы бір кіршіксіз адал адамды қаралап, Блендлидің дедек қағып жүргені қара басының қамы ғой, "Испанъола" басқа ешкімдікі де емес, өз кемесі және дағы тым қымбат, үш есе бағаға сатты деп, айтып жүргендері де жоқ емес. Бұл әңгіменің құр өсек екені күмәнсыз. Алайда, солардың бірде-бірінің батылы жетіп, "Испанъоланы" жаман кеме деуге аузы барған емес.
Сонымен, кемені табуын оңай-ақ тауып ем. Бірақ, жабдықтау жағын жұмысшылар өте баяу жүргізіп жатыр, дегенмен, жүре-бере бәрі де дайын болмақ. Бәрінен көп уақыт ал ғаны — команда құрамын іріктеп алу қаракеті болды.
Мен өзім жол-жөнекей жабайы адамдар шабуыл жасап, қарақшылар кездесіп немесе әлгі қарғыс атқыр француздар man болып жүре ме деп, жиырма шақты адам жалдағым келіп еді. Іздей-іздей сілем қатты, ал сондағы бар тапқаным — алты-ақ кісі болды, бірақ, әйтеуір, кейін құдай оңдап, бір ізгі жан кездесті де, сол бәрінің ретін оп-оңай келтіре қойды.
Өзімен порт басында кездейсоқ, сөйлесе салған едім. Ескі теңізші болып шықты. Бүгінде таверна ұстап, құрлықта тұратын көрінеді. Бристолъдегі теңізшілердің бәрімен таныс екен. Құрлық денсаулығына жақпай, қайтадан теңізге шықсам ба деп, кеме аспазшысы қызметін іздеп жүр екен. Бірақ, өз айтуынша, сол күні портқа, әшейін, теңіздің тұзды ауасымен дем алып қайту үшін жай келсе керек.
Теңізді мұншалық құлай жақсы көруі мені қатты сүйсінтті, сондай-ақ сіздерді де сүйсінткен болар еді деп ойлаймын Өзін аяп кеттім, сол бойда-ақ, сол кездескен жерде-ақ кемеміздің аспазы болуға шақырдым. Аты — Ұзын тұра Джон Силъвер болып шықты. Өзінің бір аяғы жоқ:. Осының өзі-ақ оған ең жақсы мінездеме бола алатын шығар деп ойлаймын, өйткені аяғынан ол мәңгі ұмытылмас Хок қолбасшылық еткен отан үшін соғыста айрылған көрінеді. Ливсы, ол тіпті пенсия да алмайды екен, Көрдіңіз бе, заманымыз не болып барады өзі?
Иә, сэр, мен аспазшы ғана таптым деп ойласам, олай емес, толығымен бүкіл команданың үстінен түсіппін.
Силъвердің көмегімен бас-аяғы бірнеше күннің ішінде-ақ тәжірибелері мол, мұхит суында әбден тұздалып, шыныққан нағыз теңізшілердің ішінен таңдап жүріп, жақсы экипаж құрастырып алдым. Сыртқы кейіптерін man енді кісі қызығарлықтай деу қиын, бірақ оның есесіне, көздерінен көрініп тұр, бәрі де барып тұрған батыр адамдар. Қай капитанның да егер осындай командасы болса, тіпті фрегатыңның өзімен де ұрысқа жасқанбай қойып кете алады.
Өзім алғашқы күндері жалдап алған алты-жеті кісі бар еді ғой. Ұзын тұра Джон, тіпті солардың да кейбіреулерін шығарып жіберу керек деп кеңес берді. Өзеннен басқа суда жүзіп көрмеген оралымсыз бейшаралар ғой, қауіп-қатері мол теңіз сапарында ондайлардан аулақ болған жөн деп, мені әп-сәтте көндіріп алды.
Ал енді өзіме келсем, денсаулығым жақсы, тәбетім де керемет, ұйықтасам — тастай қатам. Бірақ, әлгі тарлан теңізшілерім шпилъді айналып тыным таппай жүгіріп, алыс сапарға бет түземей, көңілім көншитін түрі жоқ. Шіркін, ашық теңізге шыққанға не жетсін! Қазынасы бар болсын, мәселе онда емес қой! Қазына емес, теңіз ғой менің басымды айналдырып, дуалап жүрген! Сонымен, Ливси, тезірек жете көріңіз! Мені сыйласаңыз, уақытты босқа өткізбей, тез жетіңіз!
Жас Хокинс шешесімен қоштассын, үйіне жіберіп алыңыз. Оны Редрут ертіп апарғаны жөн. Содан кейін екеуі де уақыт оздырмай, тез Бристолъге жетсін.
Джон Трелони.
Post scriptum. Ұмытып барады екенмін, Блендли бізге керемет капитан тауып берді және-дағы айта кетейін, егер біз тамызға дейін оралмасақ, Блендли артымыздан көмекке тағы бір кеме жіберуге уәде берді. Ол тауып берген капитан өзі бір тамаша адам екен. Бірақ бір өкініштісі, өз дегені болмаса, ырыққа көнбейтін қыңыр кісі болып шықты. Ұзын тұра Джон Силъвер өте бір білікті штурман тапты, аты Эрроу. Алмен, JIuвcu, бір боцман таптым, өзі сыбызғы ойнай біледі. Сөйтіп, көрдіңіз бе, өзіміздің аты шулы "Испанъола " соғыс кемесінен еш кем түсейін деп тұрған жоқ.
Ұмыта жаздаппын ғой. Сильвер — дәулетті адам екен. Менің мәліметімше, банкіге салған ақшасы бар көрінеді, салған ақшасы кәкір-шүкір болмаса керек. Өзі қайтып оралғанша, тавернасын әйеліне тапсырып кету ойы бар. Әйелі ақ, нәсілділерден емес. Біз екеуміз сияқты кәрі бойдақтар Ұзын тұраны ашық теңізге қуып жатқан денсаулығы ғана емес, бір жағынан, сол әйелі шығар деп сезіктенсе, оған таң қалуға болмайды. Д. Т.
P. P. S. Хокинс бір кешін шешесінің қасында өткізгісі келсе, еш қарсылығым жоқ".
Хатты оқып шыққаннан кейінгі менің көңіл-күйімді түсіну қиын емес шығар. Қуанғанымнан не істерімді білмедім. Өзім үнемі бір күңкілдеп-қыңқылдаудан бір жаңылмайтын кәрі Том Редрутты өте жек көруші ем. Осы сапарға жас аңшылардың қайсысы болса да Редруттың орнына қуана-қуана барар еді. Бірақ, Том Редрутты қалаған сквайр, ал сквайрдың шешімі — қызметшілері үшін заң. Кәрі Редруттан басқа ешқайсысының тіпті күңкілдеуге де батылдары бармайды.
Келесі күні ертеңгісін Редрут екеуміз "Адмирал Бенбоуға" бет түзеп жаяулап жолға шықтық. Анамның денсаулығы жақсы екен. Көңіл-күйі де көтеріңкі. Капитан өлген соң анамның бар реніш, әуре-сарсаңы тыйылыпты. Үйімізді сквайр өз қаржысына жөндеп берді. Сквайр үйдің қабырғалары мен жарнамасын да қайта боятты. Азды-көпті жиһаз да сыйлаған: анамның үлдірік жанында отыруына ыңғайлы болсын деп, бір жайлы кресло да берді. Анама көмекші болсын деп, өз ақшасына бір бала жалдады. Бұрын мен істеген жұмысты енді сол бала атқаруға тиіс. Туған үйімнен ұзақ уақыт қол үзгелі тұрғанымды алғаш рет осы трактирде жүрген бөтен баланы көргенде ғана түсінгендей болдым. Бұған дейін мен қалып бара жатқан үйім жайында емес, алыс сапарда кездесуге тиіс түрлі қызық оқиғалар жайында ғана ойлайтынмын. Орнымда қалып бара жатқан ебедейсіздеу баланы көргенде алғаш рет көзімнен жас шықты. Қазір ойлап қарасам, сол балаға орынсыз қиянат жасап, бекер жәбірлеген сияқтымын. Оның жаңа қызметіне әлі үйреніп болмағанын ескеру жоқ, сәл ағаттық жіберсе-ақ, сәл жаңылыс басса-ақ, кешіру дегенді білмей, табалап шыға келдім бе деп қорқам.
Түнеп шығып, келесі күні түс қайта Редрут екеуіміз тағы да жолға шықтық. Аяулы анаммен, өзім дүниеге келген алғашқы күннен бастап жағасында өскен қимас шығанағыммен, қайта бояғаннан бері бір түрлі жатырқап жүргенмен, өзіме соншалық етене боп кеткен кәрі "Адмирал Бенбоумен" қоштасып тұрмын. Тіпті мен капитанды да, оның осы жағалауда талай қыдырған сәттерін, үш бұрышты қалпағын, бетіндегі қылыш жарақаттаған тыртығын, оның әлгі бір жез дүрбісін де есіме түсіріп тұрмын. Біз бұрыштан айналған кезде үйім тасада көзден ғайып болып қала берді.
Біз "Король Георг мейманханасының" алдынан пошта дилижансына мінген кезде, ымырт жабыла бастап еді. Мені Редрут пен бір жұп-жуан кәрі джентльменнің арасына әкеп, нығарлап отырғыза салды. Түнгі суық пен қатты жүріске қарамастан мен ә дегенше ұйықтап кетіппін. Бірде өрге көтеріліп, бірде ылдиға құлап, зырлап жүріп отырыппыз, ал мен болсам балпақ тышқанша ұзақ ұйқыға кетіп, жолдағы станциялардың бірін де көре алмай өте шығыппын. Біреудің бүйірімнен түрткенінен оянып кеттім. Көзімді ашсам, қалаға келіппіз, көшедегі бір үлкен үйдің алдында тұрмыз. Таң әлдеқашан атқанға ұқсайды.
— Қайда келдік? — деп сұрадым.
— Бристольге келдік, түс, — деді Том.
Мистер Трелони шхунадағы сапарға даярлық жұмыстарын бақылауыма ыңғайлы болады деп, доктың тап қасынан бір трактирге орналасқан екен. Мені қуантқан — теңізді жағалап ұзақ жүріп, үлкендігі де әр қилы, жабдықтары да әр алуан, түрлі ұлттардың көптеген кемелерін көргеніміз болды. Бір кемеде жұмыс істеп жатқан адамдар ән салып жүр. Екінші бір кемеде матростар сонау биікте төменнен қарағанда өрмекші торындай жіп-жіңішке көрінетін арқандарға ілініп, тас төбемде салбырап тұр. Өмір бойы теңіз жағасында өсіп келе жатқаныммен, мына жерде теңіз маған қатты әсер етті, тіпті туғалы бірінші рет көрген адамдаймын. Қара май, түз иісі мен үшін жаңалық. Мұхит асып, сапардан келген кемелердің тұмсығындағы тақтайдан ойып істелген әшекейлі суреттерден көз алмай қарап келемін. Құлақтарына сырға таққан, самай шаштарын бұйралап, желке шаштарын тұзды су ұйыстырған, қорбаңдап жүрген байырғы теңізшілерге де тесіле, қызыға қарағыштаймын. Бұлардың орнына корольдің өзін немесе архиепископты әкеліп көрсетсе де мен, сірә, тап қазіргідей қуана қояр ма екем.
Міне, енді мен де теңізге шықпақпын! Біздің шхунамыздың да сыбызғы ойнай білетін боцманы бар, біздің матростарымыз да шашын өріп, бұрым қойған, олар да ән сала біледі. Және теңізге жайдан-жай емес, беймәлім аралда көмілген қазынаны іздеуге шықпақпын.
Үлкен трактирге қарай келе жатып, жол бойы мен осындай тәтті ойлардың құшағында болдым. Бізді сквайр Трелони қарсы алды. Үстіне түсі көкпеңбек мундир киіпті. Мұндай мундирді, әдетте, теңіз офицерлері киеді. Есіктен шыққаннан сондай көңілді, екі езуі екі құлағында. Теңізшілерге еліктейтіні соншалық, теңселіп аяғын әзер басады.
— Міне, сіздер де келіп жеттіңіздер, — деді ол қуана сөйлеп.
— Доктор Лондоннан кеше келген. Тіпті жақсы болды! Енді командамыз түгелдей бір жерге жиналды.
— Сэр, біз енді жолға қашан шықпақпыз? — деп сұрап ем, даусым қатты шығып кетті.
— Қашан дейсің бе? — деп ол қайталап сұрап алды. — Ертең.
VIII ТАРАУ
"Қарауыл Дүрбі" жарнамасы астында
Ертеңгі асты ішіп болысымен сквайр шақырып алып, мына қағазды "Қарауыл Дүрбі" тавернасындағы Джон Сильверге апарып бер деді. Қалай іздеп табатынымды да түсіндіріп берді: теңіз жағасымен жүре берсем, есігінің маңдайшасында жарнама орнына үлкен дүрбі ілінген кішкене тавернаға кезігеді екенмін.
Кемедегілерді де, матростарды да тағы бір рет көруіме себеп табылғанына қуанып, сол бойда шыға жөнелдім. Пристань басындағы тай-тай жүк, күймелі арбалардың арасымен иін тіресіп, бықып жүрген көп халықты бұза-жара өтіп, ақырында, тавернаны да таптым-ау.
Кішкентай болғанмен, тым тәуір таверна екен: жарнамасы жаңадан боялған, терезелеріне жап-жақсы қызыл перделер ұсталған, еденіне тап-таза құм төселіпті. Есіктері көшенің екі жағына бірдей шығады екен. Екі есігі де айқара ашылған, аласалау кең бөлмені темекі түтіні жайлап алған, бірақ үй іші біршама жарық.
Тавернада отырғандар — теңізшілер. Даурыға сөйлескен айқай-шудан қаймығып, есік алдында тұрып қалдым.
Бүйірдегі бөлмеден бір кісі шықты. Ұзын тұра Джонның сол екенін бірден білдім. Сол аяғы қара санынан жоқ. Сол қолтығына қысқан балдағы бар, аттаған сайын құс сияқты секіре басқанымен, балдағын бұйым құрлы көрмей оп-оңай, тез қозғалады. Ұзын бойлы, мығым денелі кісі екен, табақтай қуқыл беті далиып жатыр, бірақ ақылды, әрі ақ жарқын, көңілді адам сияқты. Өзі әлденеге соншалықты қуанышты кейіп танытады. Ысқырып әндете жүріп, стол столдың арасымен зыр қағады. Таныстарын арқасынан қағып, әзілдесіп те қояды.
Шынымды айтайын, сквайрдың хатынан ұзын тұра Джон туралы оқып тұрып, бүл әлгі өзіміздің ескі "Бенбоуымызда" мен күтіп-күтіп, кездестіре алмаған жалғыз аяқ теңізші болып шықпаса жарар еді деп зәрем ұшып еді. Бірақ, мына жерде өзін көруім-ақ мұң екен, бар күмәнім ыдырап сала берді. Капитанды көргенім бар, Қара Төбетті көргенім бар, соқыр Пьюді көргенім бар, енді теңіз қарақшыларының кескін-кейпі қандай болатынын білетіндей болдым ғой деп тұспалдайтынмын. Жоқ, мына тап-тұйнақтай жинақы, ақ жарқын трактир қожасының қарақшыға еш ұқсастығы болмай шықты.
Бар батылдығымды жинап, есіктен кіріп, балдағына сүйеніп, қонақтарының бірімен сөйлесіп тұрған Сильвердің тура өзіне қарай жүрдім.
— Сэр, мистер Сильвер сіз боласыз ба? — деп сұрадым қағазымды ұсынып.
— Иә, мен болам, балақайым, атым Сильвер екені рас. Ал сен өзің кім боласың? — деді ол.
Сквайр жазған қағаз екенін көргенде, бір түрлі селк ете түскендей болды.
— О, білдім, білдім! — деді ол маған қолын беріп жатып. — Біздің жаңа юнгамыз өзің екенсің ғой. Танысқаныма қуаныштымын, — деп күректей жалпақ, қарулы алақанымен қолымды қатты қысып жіберді.
Осы сәтте алыс түкпірде отырған біреу кенет орнынан ұшып түрегеліп, есікке қарай тұра жүгірді. Есік оның жанында еді, ә дегенше болмай, жып етіп жоқ болды. Апыл-құпыл қимылына бола жалт қарап ем, әлгіні тани кеткенім. Әнеукүні өзіміздің трактирге келіп кеткен ісік бет, шолақ қол кісі.
— Әй, ұстаңдар, ұстаңдар ананы! — деп айқай салдым. — Анау Қара Төбет қой. Қара Төбет!
— Аты кім болса, ол болсын, ұрғаным бар ма? Ақшасын төлемей кеткенін айтсайшы! Гарри, тез жүгір, ұста ананы! — деп Сильвер де ойбайлап жатыр.
Есікке таяу отырған біреу де ұшып түрегеліп қуа жөнелді.
— Тіпті басқа емес, адмирал Хоктың өзі боп шықса да, ақшасын төлетпей жібермейтін едім, — дейді Сильвер.
Содан кейін қолымды тез қоя бере салып:
— Аты кім дедің? Қара... Содан кейін қалай еді? Қа-ра... немене дедің? — деп сұрады.
— Төбет, сэр! Қарақшылар туралы мистер Трелони өзіңізге айтпап па еді? Қара Төбетте сол қарақшылар тобынан, — дедім.
— Не дейсің-ей? — деп гүр ете түсті Сильвер. — Менің үйімді қарақшы жайлағаны ма? Бен, жүгір, Гарриге көмекке бар, ұстаңдар... Көртышқандардың бірі боп шықты ғой... Әй, Морган, сен осы жаңа онымен бір столда отыр едің ғой? Қане, бері келші!
Оның Морган деп шақырған кісісі — беті тотыққан, шашы аппақ қудай теңізші екен, аузындағы темекісін тамсанып, мүсәпір кейіппен қасына келді.
— Ал, Морган, шыныңды айт, бұдан бұрын әлгі Қара... қалай еді... иә, Қара Төбетті көргенің бар ма еді? — деп сұрады Ұзын тұра.
— Көрсем бұйырмасын, сэр, — деп Морган басын төмен иіп, ізет жасады.
— Атын естігенің бар ма еді?
— Жоқ, сэр, естігенім жоқ.
— Ендеше, бақытты боп шықтың, Том Морган! — деді Сильвер. — Ондайлармен әмпей болсаң, менің тавернама аяғыңды аттап баспайтын боласың, түсіндің бе? Сенімен ол не туралы сөйлесті?
— Анық есімде қалмапты, сэр, — деді Морган.
— М-м, анық есінде қалмапты... Ендеше, мына иығыңдағы бас емес, юферс боп шыққаны-дағы. Өзің кіммен сөйлестің, соны да білмейсің бе? Қане, онан да ол не деді, бәрін айтып бер! Теңіз, кеме, капитан деп бірдемелерді қоқсытып отыр едіңдер ғой. Қане, тез! Бол!
— Біз жазықтыларды киль астынан өткізу тәртібі жайлы сөйлесіп отырғанбыз, — деді Морган.
— Киль астынан өткізу... Саған жетпей жүргені тек осындай әңгіме еді. Эй, ақымақ, Том-ай, бар, орныңа барып отыра бер.
Морган орнына барып отырған соң, Сильвер маған қарай еңкейіп, құлағыма сыбырлап:
— Бұл — Том Морган деген сондай бір адал адам, бірақ барып тұрған ақымақ, — деді, өзім оның маған ілтипат жасап, осылай сөйлескеніне риза боп, масаттана түстім. — Ал енді есімізге түсіріп көрейікші, — деді ол бұдан кейін даусын естірте сөйлеп. — Қалай еді, Қара Төбет деп пе едің? Жоқ, ешқашан естімеген кісім. Бірақ өзін бір жерде көрген сияқтымын. Иә, иә... бір соқыр қайыршымен бірге келіп-кетіп жүретіні бар-ды.
— Иә, иә, соқыр! — деп айқайлап жібердім мен. — Мен ол соқырды да білемін. Оның аты — Пью.
— Дұп-дұрыс, — деді Сильвер, бірақ бұл жолы өзі бір түрлі абыржып қалды. — Иә, Пыю! Аты дәл солай — Пью болатын. Сыртқы түрінің өзінен-ақ алаяқ екені көрініп тұратын. Қара Төбет қолға түссе, капитан Трелони қандай риза болар еді. Бен деген жүйрік қой. Жүгіргенде одан озатын теңізші кемде-кем шығар. Жоқ, Беннен қашып құтылуы қиын. Бен кімді болса да қуып жетпей қоймайды... Теңізшілерді киль астынан өткізу туралы сөйлестік деп еді, әлгі Морган? Бәлем, тұра тұрсын, енді біз оның өзін киль астынан өткізіп шығарайық...
Сильвер балдағына сүйеніп, секіріп, әрлі-берлі жүргіштеп, столды ұрғыштап, шын күйіп-пісе сөйледі, мұнысын көрсе, тіпті Олд Бейлидегі судья да, немесе Лондонның полицейі де оның еш жазықсыз екендігіне қалтқысыз сенген болар еді.
Менің "Қарауыл Дүрбіде" Қара Төбетпен кездесуім бұрынғы күдік-күмәндарымның бәрін қайта оятып, енді мен аспазшыны қадағалап, бақылай бастадым. Бірақ ол менен әлдеқайда ақылды, тапқыр, айлакер екен.
Қара Төбеттің соңынан қуып кеткен екеу, ақырында, қайтып оралды. Иіндерінен дем ала сөйлеп, олар Қара Төбеттің көптің арасына кіріп, көз жаздырып кеткенін айтты. Ұзын тұра Джонның қатты ыза боп, әлгі екеуіне аямай ұрысқанын көрген соң, оның еш жазығы жоқ екеніне мен бұрынғыдан бетер сене түстім.
— Хокинс, естіп тұрсың ба, осы бір күтпеген оқиға мені апарып орға жықпаса қайтсін! Енді мен жөнінде капитан Трелонидің не ойлап қаларын кім білсін? Қарғыс атқыр, әлгі Голландтық теңізші төрімде отырып алып, менің арағымды ішеді екен де, содан бір кезде сен келіп, мынау отырған қарақшы — қарақшылар тобындағылардың бірі осы кісі деп мәлімдейді екенсің. Соған қарамастан, мен иллюминаторларымның дәл алдында отырған әлгі кісінің сенен оп-оңай қашып құтылуына мүмкіндік береді екенмін. Сонда қалай болғаны? Жоқ, Хокинс, енді капитан Трелонидің алдында мені өзің қорғап қалмасаң болмайды. Жас болғанмен өзің ақылсыз емес екенсің. Сені алдап соғу қиын! Иә, иә, иә! Мен бұны бірден-ақ байқағанмын. Енді капитанға өзің түсіндіріп бермесең болмайды, ағаш аяғымен қарғыс атқыр төбетті қайдан қуып жетсін деп айт. Шіркін-ай, бір кезде керемет маңдай алды-ақ теңізші болатынмын. Әттең, сол кезім болса, көрер едім мен оның қашып құтылғанын. Ә дегенше болмай, істікке де түйреліп, отқа да қақталып қалғанын бір-ақ білген болар еді, ал қазір ше...
Ол кенет сөзін тыя қойды, әлдене есіне енді ғана түскендей аузын ашып, қатып қалыпты.
— Айтпақшы, ақша қайда? — деп айқайлап жіберді содан кейін. — Үш сапты аяқ сыраның ақшасы қайда? Ә-ә, сайтан алғыр, ақша жайын ұмытып кетіппін ғой.
Орындыққа жалп етіп отыра кетті де, қарқылдап күлді-ай келіп, күлді-ай келіп, көзінен жасы аққанша күлді. Ол күле бергесін, күлкісі маған да жұққандай, қосылып мен де күлдім, содан бара-бара бүкіл таверна күліп, күлкіден үйдің қабырғалары селкілдеп, теңселіп кеткендей.
— Мен кәрі қақбасты маубас бұзаудай етіп алдап соқты-ау әлгі! — деді ол, ақырында, көзінің жасын сүртіп. — Хокинс, байқауымша, сірә, біз екеуіміз де бір-бірімізге сай болатын түріміз бар. Менің жаңа юнгадан нем артық? Енді бармасақ болмайды: қанша дегенмен, жігіттер, жұмыстың аты жұмыс емес пе? Мен өзімнің үш бұрыш кепкамды киейін, содан сенімен бірге капитан Трелониға барып, болған жайды түгел баяндап шығайын. Шынына көшсек, Хокинс бұл өзі оңай шаруа болмай шықты, маған да, саған да мұның абырой әперері шамалы. Жоқ, жоқ! Маған да, саған да: екеуімізді де тақыршаққа отырғызып кетті емес пе?! Дегенмен ол мені, сайтан алғыр, ақша мәселесінен де жаман қатырды!
Тағы да ол қарқылдай жөнелді, тоқтар емес, бұдан кісі күлерлік ештеңе де көріп тұрмасам да, оған қосылып еріксіз тағы да күлдім.
Екеуіміз енді жағалау бойымен жүріп келеміз. Сильвер — өте сөзуар, әңгімешіл адам екен. Өзіміз жанынан өткен әр кеме туралы ол маған толып жатқан мәлімет айтып берді. Кеменің жабдықтары қандай, қанша жүк көтере алады, қай елден келген — ол осының бәрін білетін боп шықты. Портта істеліп жатқан жұмыстардың бәрін де түсіндіріп келеді. Мына кеменің жүгі түсіріліп жатыр, ана кеменің жүгі тиеліп жатыр, ал ана үшінші кеме кешікпей ашық теңізге шықпақ деп тәптіштеп айтады. Кемелер жайлы, теңізшілер жайлы талай қызық жәйттерді де әңгімелеп үлгерді. Теңізшілер көп қолданатын әр түрлі түсініксіз сөздерді де айтып қояды және әдейі менің жадымда қалсын деп, неше рет қайталап та айтады. Сөйтіп, теңіз сапарында Сильверден артық жолдас табылмайтынына менің көзім жете бастады.
Ақырында, біз трактирге де келіп жеттік-ау. Сквайр мен доктор Ливси екеуі сыра ішіп, қуырылған қытырлақ ақ нан жеп отыр.
Енді шхунаға барып, оның жабдықталу жайын көрмекші екен.
Ұзын тұра Джон тавернада болған оқиғаны бастан-аяқ тез-тез сөйлеп, бір өтірік қоспастан тізіп шықты.
— Шынында да, осылай болған жоқ па еді, Хокинс? — деп, маған қайта-қайта қостатып қояды.
Ол сұраған сайын сөзінің еш өтірігі жоқ екенін білдіріп, мен де растай түсем.
Екі джентльменнің екеуі де Қара Төбеттің оңай құтылып кеткеніне соншалық қынжылып қалды. Бірақ, амал нешік? Джентльмендердің мақтауын тыңдап болғасын, ұзын тұра Джон балдағын алып, шығуға беттеді.
— Команда кемеге күндізгі сағат төртте жиналсын, — деді сквайр оның соңынан дауыстап.
— Құп, сэр, — деді аспазшы.
— Ал, сквайр, — деді доктор Ливси, — шынын айтсам, қызметке алған адамдарыңыздың көпшілігіне менің көңілім толмайды, бірақ мына Джон Сильвер маған ұнады.
— Тамаша адам, — деді сквайр.
— Джим де бізбен бірге шхунаға барады ғой, солай емес пе? — деді доктор.
— Әрине, әрине, — деді сквайр. — Хокинс, қалпағыңды киіп, бізбен бірге жүр, кемеміз қандай екен, көрейік.
IX ТАРАУ
Оқ-дәрі мен қару-жарақ
"Испанъоланың" тұрған жері жағадан едәуір қашық екен. Оған жету үшін қайыққа мініп, кеме-кеменің арасымен әзер дегенде келеміз. Алдымыздан кейде кеменің әр түрлі мүсіндер бейнеленген сәнді тұмсық жағы, кейде арт жағы шыға келеді. Кеме арқандары қайығымыздың астыңғы жағынан сықыр-сықыр етіп қалып жатыр. Төбемізден де салбырап төне қалады. Бізді өз кемемізде шапыраш көз, беті тотығып қарайған, құлағында сырғасы бар байырғы теңізші, штурман мистер Эрроу сәлем беріп қарсы алды. Сквайр екеуінің арасында жақын достық, аса сыйластық қарым-қатынас орнағанға ұқсайды.
Бірақ, сквайрдың капитанмен келісе алмай жүргендігі де көрініп тұрды.
Капитан тұйық мінезді кісі екен. Кемедегінің бәрі оның көңілінен шықпай жүрген көрінеді. Өзінің ренжу себептерін де жасырмай, бірден-ақ алдымызға жайып салды. Біз каютаға түсер-түспестен-ақ бір матрос келіп:
— Сэр, капитан Смоллеттің сізбен сөйлескісі келеді, — деді.
— Капитанмен сөйлесуге әрдайым әзірмін. Айт, осында келсін, — деді сквайр.
Елшісінің соңынан іле-шала капитанның өзі де келе жатыр екен. Каютаға кірген бойда, есікті кілттеп алды.
— Иә, капитан Смоллетт, не айтпақ едіңіз? Бүлінген ештеме жоқ шығар, әйтеуір? Шхуна сапарға дайын ба?
— Жағдай мынадай, сэр, сізбен араздасып қалам ба деп қорқып тұрмын, бірақ неде болса ойымды бүкпей, ашық сөйлескім келеді, — деді капитан. — Маған біздің осы экспедициямыз ұнамайды. Матростарымыз да, өзімнің көмекшім де ұнамайды. Бар айтарым осы.
— Сэр, мүмкін сізге, тіпті кеменің өзі де ұнамайтын шығар? — деді сквайр, оның ашулы екенін байқап.
— Теңізде жүзіп көрмей, шхуна туралы пәлен деу қиын, — деді капитан. — Кеме жаман жасалмаған сияқты. Бірақ, кесім айтуға әлі ерте.
— Сэр, ендеше, сізге шхунаның қожасы — мына мен ұнамайтын болғанымдағы, — деді сквайр.
Бірақ, оны доктор Ливси бөліп жіберді.
— Сабыр етейік, сабыр етейік, — деді ол. — Бүйте берсек, жанжалдан басқа ештеме де таппаймыз. Капитан көп жайды білдірді, бірақ тым шолақ қайырды, сондықтан бірер түсініктеме талап етуге қақым бар... Капитан, сіз ғой жаңа біздің осы экспедициямыз сізге ұнамайды дедіңіз, рас қой? Неліктен?
— Мен өзім осы қызметіме мына джентльмен кемені қайда апар десе, сонда апару үшін шақырылдым ғой деп есептеймін, ал бірақ сапарымыздың мақсаты жайлы маған ешкім ештеме айтқан жоқ, — деді капитан — Жақсы дейік, мен оны сұрап та жатпадым. Бірақ, кешікпей-ақ кемедегі ең жаман деген матростың өзі де сапарымыздың мақсаты жайлы менен әлдеқайда көп білетіндігіне менің көзім әбден жетті. Меніңше, бұл — келісті нәрсе емес. Ал сізше қалай?
— Меніңше де солай, — деді доктор Ливси.
— Содан кейін тағы бір білгенім — осы сапарымызда біз бір қазына іздеп бара жатқан көрінеміз, — деп жалғастырды сөзін капитан. — Есіңізге сала кетейін, мен мұны басқадан емес, өзімнің қарамағымдағы адамдардан естідім. Ал қазына іздеу сапары деген — екіталай кәсіп. Жалпы қазына іздеу деген — менің қолым емес, ондайға тіпті еш құштарлығым да жоқ. Әсіресе, мынадай құпия әрекетке кұштар емеспін Және-дағы, мистер Трелони, сіз кешіре көріңіз, ол құпияның сырын торда отырған тотыға дейін біліп алыпты.
— Сильвердің тотысы ма? — деді сквайр.
— Жоқ, бұл — жай мәтел ғой, — деді капитан.
— Құпияның енді ешқандай құпиялылығы қалған жоқ деген сөз. Меніңше, сіз өзіңіз кіріскен осы бір ісіңіздің қауіп-қатерін әлі де жете байыптамай жүрсіз, бұл тұрғыдағы өз пікірімді мен айтар болсам, сіз не өмір, не өлім дейтіндей қым-қиғаш шайқасқа киліккелі тұрсыз.
— Бұл сөзіңіздің жөні бар, — деді доктор. — Біз тәуекелге бел буып отырмыз, бұл — өте қауіпті іс. Бірақ, осы қауіпке бізді жете мән бермей жүр деп ойласаңыз — оныңыз қателескендігініз. Әлгінде команда ұнамайды дедіңіз, солай ғой? Сонда қалай, сіздіңше, біз жинаған теңізшілердің тәжірибе жағы ма жетіспей жатқаны?
— Солар маған ұнамай-ақ қойды. Турасына көшсем, команда құрастыруды маған тапсыру керек еді..
— Таласым жоқ, — деді доктор. — Менің досым Трелони екеуіңіз команданы бірлесе отырып құрғандарыңыз жөн еді. Бірақ, сенсеңіз, бұл жай, кездейсоқ кеткен ағаттық. Әдейі істелген ештеме де жоқ. Сосын сұрағым келгені — сізге мистер Эрроу ұнамайтын сияқты, солай ма?
— Иә, ұнамайтыны рас, сэр. Оның жақсы теңізші екендігіне күмәнім жоқ. Бірақ, маған жақсы көмекші болады деу қиын, өйткені команданы бетімен жіберіп жүр. Қарауындағы матростарымен әмпей-жәмпей болғысы келеді. Штурман кемеде матростардан оқшау жүруге тиіс. Ал ол болса матростармен бірге арақ ішеді.
— Сонда оны маскүнем демексіз бе? — деді сквайр.
— Жоқ, сэр, — деді капитан. — Менің бар айтқым келгені — команданы тым бетімен жіберіп жүр.
— Ал, енді, капитан, турасын айтыңызшы, бізге не істе дегіңіз келеді? — деді доктор.
— Осы сапарға шын бел буып отырғандарыңыз рас қой, джентльмендер?
— Біржола, — деді сквайр.
— Өте жақсы, — деді капитан. — Мен өзімнің бұған дейінгі айтқандарымның ешқайсысын дәлелдей алмағанмен, сіздер шыдамдылық көрсетіп, сөзімді бөлмедіңіздер, ендеше, тағы да тыңдай түсіңіздер. Оқ-дәрі мен қару-жарақ кеменің тұмсық жағына жиналып жатыр. Ал бірақ сіздің каютаңыздың астында өте бір қолайлы орын бар екен. Сол араға неге жинамасқа? Бұл — бір деңіз. Содан соң сіз сапарға өзіңізбен бірге төрт қызметші алған екенсіз. Менің естуімше, сол қызметшілердің біреуін кеменің тұмсық жағына орналастырмақ көрінеді. Ал менің ойымша, қызметшілердің бәріне сіздің каютаңыздың қасынан неге орын таппасқа? Бұл — екі.
— Үшіншісі де бар ма? — деп сұрады мистер Трелони.
— Бар, — деді капитан. — Кемеде гу-гу әңгіме көп.
— Рас, қысыр әңгіме көп екені рас, — деді доктор.
— Мен сіздерге тек өз құлағыммен естігендерімді ғана айтайын, — деп жалғастырды капитан Смоллетт. — Сіздерде бір аралдың картасы бар деседі. Сол картаның крест қойылған жерлерінде жасырылған қазына бар көрінеді. Енді сол аралдың қайда орналасқанын айтайын.
Капитан аралдың ендік, бойлықтарын айна қатесіз дәл айтып берді.
— Бұл — менің түсімнен шықпаған нәрсе, — деп дауыстап жіберді сквайр.
— Бірақ, бұны білмейтін кемеде бірде-бір матрос қалмапты, сэр, — деді капитан.
— Сыр шашып алған сіз болдыңыз, Ливси, — деді сквайр.
— Немесе, Хокинс, сенсің...
— Сыр шашқан кім болса да енді оның бәрібір, — деді доктор.
Менің байқағаным — мистер Трелони қанша ақталғанымен доктор да, капитан да оған сенбеді. Ол жерде оған мен де сенгенім жоқ, өйткені оның, расында да, сөзуар адам екенін білетінмін. Ал қазір ойлап қарасам, сол жолы оның айтқаны шын екен, аралдың қай жерде екенін команда бізсіз-ақ біліпті.
— Джентльмендер, мен картаның қайсыңызда екенін білмеймін, — деді капитан сөзін әрі қарай жалғастыра түсіп.
— Бірақ, менің талап ететінім — карта менен де, мистер Эрроудан да құпия сақталатын болсын. Өйтпеген күнде мені жұмыстан босатуыңызды өтінемін.
— Түсіндім, — деді доктор. — Сіз, біріншіден, басы артық, бос сөз тыйылса екен дейсіз. Екіншіден, кеменің арт жағын берік қамалға айналдырып, менің досымның қызметшілерінің бәрін сонда жинап, кемедегі бүкіл қару-жарақ, оқ-дәріні соларға бергіңіз келеді. Екінші сөзбен айтқанда, кемеде ереуіл шығады деп қорқатын көрінесіз.
— Сэр, — деді капитан Смоллетт, — бұл сөзіңізге мені ренжиді деп ойламаңыз, бірақ маған өзім айтпаған сөзді таңбағаныңызды қалар едім. Ереуіл шығатынын біле тұра, теңізге шығудан бас тартпаған капитанды кейін ешкім де ақтай алмас еді. Мистер Эрроудың адал екеніне менің шүбәм жоқ. Матростардың да көбі — адал адамдар. Тіпті, шетінен бәрі адал жандар болуы да мүмкін. Бірақ, кеменің қауіпсіздігі үшін, кемедегі әр адамның өмірі үшін жауап беретін мына менмін ғой. Кемеде көп нәрсе дұрыс істелмей жатыр, тиісті сақтық шараларын қолданыңыз. Әйтпеген күнде мені жұмысымнан босатыңыз. Бар айтарым осы.
— "Түйедей дегенім — түймедей болды" деген сөзді естігеніңіз бар ма еді? — деді доктор жымиып. — Кешірерсіз, сіздің мына әңгімеңізден сол мысал есіме түсіп кетті. Сіз осында алғаш кіргеніңізде бұл айтқаныңыздан әлдеқайда көп нәрсе талап етерсіз деп, басымдағы паригіммен серт етуге әзір едім...
— Доктор, сіз көреген адам екенсіз, — деді капитан. — Осында келгенде, мен есеп айырысуды талап етпек боп келіп едім, өйткені мистер Трелони менің бір ауыз сөзімді де тыңдап жатпас деп бірден күдер үзіп келгенмін.
— Тыңдамаған да болар едім, — деп айқайлап жіберді сквайр. — Мына Ливси болмағанда, сізді бірден-ақ қуып шығатын едім. Бірақ, енді не десек те сіздің бар әңгімеңізді тыңдап шықтым және бар айтқаныңызға көніп отырмын. Бірақ не пайда, сіз жөніндегі бұрынғы пікірім өзгеріп, енді тіпті нашар пікірде қалып отырмын.
— Ол жағын өзіңіз біліңіз, — деді капитан. — Өзімнің тиісті міндетімді атқарып отырғанымды кейін түсінерсіз деп ойлаймын.
Осыны айтып, ол шығып кетті.
— Трелони, — деді доктор, — сіз кемеге екі бірдей адал адам шақырған болып шықтыңыз: біреуі — капитан Смоллетт те, екіншісі — Джон Сильвер: бұл өзі мен күтпеген жағдай.
— Сильвер жөнінде айтқаныңызға қосыламын, — деді сквайр. — Ал енді жаңағы өтірікші, лепірме капитанның қылығы ер адамға да, теңізшіге, қала берді, ағылшынға да лайық қылық емес!
— Жарайды, кімнің қандай екенін кезінде көрерміз, — деді доктор.
Біз палубаға шықтық, матростар қару-жарақ пен оқ-дәріні кеменің арт жағына таси бастаған екен. Жұмыс үстінде олар "хо-хо-хо!" деп ән салады. Капитан мен мистер Эрроу бас-көз болып жүр.
Біздерді кемеде басқаша орналастырғандары өте ұнады. Бүкіл шхуна қайта жабдықталып шықты. Кеменің кейінгі жағында орта трюмнің бұрынғы түпкі қабырғасына таяп, алты каюта жасалды, олар сол жақ кенеремен өтетін жол арқылы камбузбен де, бакпен де жалғастырылды. Алғашында бұл каюталар капитанға, мистер Эрроуға, Хантерге, Джойсқа және доктор мен сквайрға берілуге тиіс еді. Бірақ кейін екі каютаны Редрут пен маған берді де, мистер Эрроу мен капитан екеуі палубада, төмен өтер жолдағы тамбурға орналасты: екі бүйірінен де кеңейтілгеннен кейін бұл тамбур кеменің арт жағындағы рубкадан айнымай шықты. Әрине, ол онша кең емес-тін, бірақ ішіне екі гамак сыйып кетті. Тіпті, штурманның өзі де кемедегі орынжайдың осылай бөлінгеніне риза сияқты көрінді. Кім біліпті, мүмкін ол да командаға сенімсіздік білдіріп жүрген шығар. Бірақ, бұл — тек менің долбарым. Өйткені кешікпей өздеріңіз де көрерсіздер, штурман шхунада ұзақ бола алған жоқ.
Ең соңында, оқ-дәрі тасып, каюталарымызды жөнге келтіріп, бар ынтамызды сала жұмыс істеп жатқан кезіміз еді, жағадан шлюпкаға, міне, ең соңғы матростар, олармен бірге Ұзын тұра Джон келді.
Аспаз кемеге маймылдан бетер тез, оп-оңай мінді де, біздің не істеп жатқанымызды көрген бойда:
— Әй, ағайындар-ау, бұларыңыз не? — деп айқай салды.
— Оқ-дәрі салған бөшкелерді көшіріп жатырмыз, Джон, — деді бір матрос.
— Оның не қажеті болыпты? — деді Ұзын тұра даурығып.
— Енді судың ертеңгілік кейін қайтуына үлгермейтін болдық қой!
— Олар мен берген бұйрықты орындап жатыр, — деп капитан оның сөзін бөліп жіберді. — Ал сіз, құрметтім, матростар кешкі астарын уақытында ішсін десеңіз, тез ас үйге барыңыз.
— Құп болады, сэр, — деді аспаз қолын самайына апарып, шашына тигізді де, ас үйге сүңгіп жоқ болды.
Бұл өзі бір тамаша кісі, капитан, — деді доктор.
— Мүмкін, мүмкін, тамаша кісі болуы да мүмкін, сэр, — деді капитан Смоллетт. — Жігіттер, абайлаңыздар, абайлаңыздар!
Бұдан кейін ол оқ-дәрі салған кеспекті домалатып келе жатқан матростарға қарай жүрді. Кенет, ол менің кеменің орта тұсына орнатылған айналмалы зеңбіректі қарағыштап жайдан-жай тұрғанымды байқап қалып, тап берді.
— Әй, юнга, жоғал бұл жерден! — деді ақырып. — Аспазға бар, жұмыс тауып берсін...
Ac үйге қарай зытып бара жатқанымда:
— Кемеде ешкімнің де ерке-тотай болуына жол бере алмаймын, — деп, капитанның докторға сөйлеп жатқанын естідім.
Сенсеңіз, осы сәтте мен сквайрдың капитанды шәлкес мінез, қыңыр адам деген пікіріне әбден қосылып, оны тіптен жек көрген едім.
X ТАРАУ
Теңізге шығу
Әбігеріміз түні бойы таусылмады. Заттарды бір жерден екінші жерге ауыстырып тасумен болдық. Сквайрға оң сапар тілеп "аман барып, сау қайт" деген сияқты лебіз білдірген сквайрдың мистер Блендли сияқты достары шлюпкамен бірі келіп, бірі кетіп жатты. Бұған дейін мен "Адмирал Бенбоуда" ешқашан мұндай көп жұмыс істеп көрмеген болатынмын.
Таң қылаң бере боцман сыбызғысын ойнап, команда зәкірді көтеруге кіріскен кезде, мен сілем қатып титықтап әбден шаршаған едім.
Бірақ, тіпті, бұдан екі есе көп шаршасам да, бүгін мені палубадан ешкім қуып кетіре алмас еді. Үзік-үзік бұйрықтар, құлақ жарған ащы ысқырық үні, кеме шамдарының күңгірт жарығы астында жұмыс жасап, әбігерлене жүгірген адамдар, — осы көріністердің бәрі де мен үшін соншалық қызықты, әсерлі жаңалық болды.
— Әй, Шолақ сан, он бастап жібер! — деп айқайлады бір матрос.
— Ескі әндердің бірін айтатын бол, — деді екіншісі.
— Жарайды, жігіттер, айтып көрейін, — деді, балдағын қолтығына қысып, сол арада, палубада тұрған Ұзын тұра Джон.
Ол:
Өліктің сандығында он бес адам, — деп бастағанда бүкіл команда хор айтқандай қосыла жөнелді:
Ио-хо-хо, тағы да бір шөлмек ром!
Соңғы "Хо"-ны айтқанда, матростар зәкір көтеретін арқанның тетігін барлығы бір кезде бір кісідей басып кеп қалды.
Есіме біздің ескі "Адмирал Бенбоуымыз" түсіп, марқұм Бонстың даусы да кенет жаңағы матрос хорына қосыла кеткендей болды.
Кешікпей зәкір де көтеріліп, кеменің тұмсық жағына бекітілді. Одан тамшылап су ағып тұр. Жел үрлеп, желкен көтерілді. Жер шегініп, кейін қалып барады. Жан-жағымызды қоршап тұрған кемелер де алыстай бастады.
Мен бір сағат та болса көз шырымын алуға кереуетіме барып жатуға тиіс едім: "Испаньола" мен жатпастан-ақ теңізге шығып, Қазына аралына қарай бет түзеді.
Сапарымыздың бар егжей-тегжейін тәптіштеп жатпай-ақ қояйын. Әйтеуір, өте сәтті сапар болғанын айтсам да жетер. Кемеміз де өте оңды боп шықты, командамыз да тәжірибелі теңізшілерден құралды, капитанымыздың да өз ісін қалтқысыз жақсы білетініне көзіміз жетті. Бірақ, Қазына аралына жеткенше, жол бойы айтуға тұрарлықтай екі-үш оқиға кездесті.
Мистер Эрроуымыз капитанның күткенінен де гөрі нашарырақ, тіпті өрескел жаман адам боп шықты, алдымен осыны білдік. Матростардың алдында түк беделі болмады, айтқанына құлақ асып жатқан бір адам жоқ. Тіпті, бұнысы да ештеме емес-ау. Теңізге шыққанымызға бір-екі күн өтпей-ақ палубаға шыққанда, көзі лай судай кілегейленіп, екі беті қабарып, қызара бөртіп келетінді әдетке айналдырды. Тілі күрмеліп, жөн сөйлей алмайды. Мастықтың басқа да белгілерінен құр алақан емес. Өзін ауық-ауық масқаралап, каютаға қуып тығуға да тура келді. Құлап, о жер бұ жерін көгертіп алып жүрді. Тіпті, ұзақты күн төсегінен тұрмай, каютасында жатып алатын күндері де бар. Рас, бір-екі күн онша қылжыңдамай сау жүрген кездері де болды. Ондайда өз міндетін атқарған сыңай көрсететін.
Ішімдікті қайдан алатынын білмейміз. Кемедегілердің бәрі осы жұмбақтың сырын аша алмай дал болды. Біз қадағалап бақылап-ақ жүрдік, бірақ өндіргеніміз шамалы. Арақты қайдан алып жүрсіз деп тура өзінен де сұраған кезіміз болды, ондайда мас болса; қарқылдап күлетін де, сау болса өмір бойы судан басқаны аузыма алсам бұйырмасын деп, ант-су ішетін.
Штурман ретінде одан түк пайда болмады және ол — ол ма, өзінің қарауындағы адамдарына теріс ықпал жасады. Бұнысы түбі жақсылыққа апармайтыны айдан анық еді. Сондықтан болар, кейін дауылды түндердің бірінде әлгі шіркін кемеден ғайып болғанда, оған ешкім таңырқамады да, қайғырып та жатпады.
— Ернеуден құлап кеткен ғой, — деп түйді капитан, — амал нешік, джентльмендер, іс осылай тынбағанда, біз оның қол-аяғына бәрібір бұғау салған болар едік.
Сөйтіп, біз штурмансыз қалдық. Енді бұл жұмысқа команда құрамынан басқа біреуді жоғарылату қажет еді. Таңдау боцман Джоб Эндерсонға түсті. Оны бұрынғыша боцман деп атап жүрдік, бірақ ол штурманның міндетін де қоса атқарды.
Көп саяхат шегіп, теңізді жақсы білетін мистер Трелонидің да бұл іске пайдасы тимей қалған жоқ — ауа райы ашық күндері ол да вахтаға тұрды. Екінші боцман Израэль Хендс — елгезек, тәжірибелі кәрі теңізші болатын, қандай жұмыс тапсырылса да оның қолынан бәрі келеді екен.
Айта кетейін, ол ұзын тұра Джон Сильвермен достасып жүрді, бәрібір атын атадым ғой, енді Сильвер жөнінде кеңірек әнгімелейін.
Матростар оны Шолақ сан деп атады. Екі қолы бос болуы үшін балдағын жіп тағып, мойнына іліп алатын Балдағын қабырғаға тіреп қойып, кеме шайқалғанда өзі де бір шайқала түсіп, құрлықта табанын жерге тіреп тұрған адамша асқан ептілікпен ас пісіргенін көрсеңіз! Дауылды күндері палубада, соның өзі үшін әдейі әр жерде керіп қойған арқандарды жағалап отырып, теп-тез әрі сонша ептілікпен зыр жүгіргенін көргенде бәріміз қайран қалатынбыз. Матростар әлгі арқандарды "Ұзын тұра Джонның сырғалары" деп әжуалайтын. Жүрген кезде бірде жаңағы "сырғаларға" жармасса, бірде балдағын тірек етеді, ал кейде тіпті балдақты бос тастап, сүйретіп кетіп бара жатады.
Әйткенмен де сау кезінде онымен бірге жүзген матростар, бұрынғы Джонмен қазіргі Джонды салыстыруға бола ма деп, өкініш білдіретін.
— Біздің Шолақ санымыз жай адам емес қой, — дейтін маған екінші боцман. — Жас кезінде білім құмар болды, қаласа өзі де кітапша сайрап қоя беретін. Ал батырлығын көрсең! Ұзын тұра Джонның қасында айбар шашқан арыстаныңның өзі түк болмай қалады. Құр қол келе жатқанында төрт кісі тап берген кезде, бастарын түйістіріп, төртеуін де жайғастырып кеткенін мына мен өз көзіммен көргенмін.
Бүкіл командамыз оны қатты сыйлайтын, тіпті бұйрықтарын да екі етпей орындайтын. Кіммен болса да тіл тауып, кімнің болса да ойынан шыға біледі. Әсіресе, менімен жылы сөйлесетін. Тап-тұйнақтай, тап-таза камбузына кірсем, тіпті қуанып қалатын. Ыдыс-аяқтарын ұқыптап іліп, кептіріп, жалтырата жуып, тазалап қояды. Бұрыштағы торда тотысы отырады.
— Хокинс, — дейтін маған Сильвер, — кірсейші, Джонмен әңгімелеспейсің бе. Басқа ешкімге де тап сен келгендегідей қуанбаймын, балам. Отыр, әңгіме тыңда. Мынау капитан Флинт... аты шулы қарақшының құрметіне тотымды Капитан Флинт деп атағанмын. Иә, мына Капитан Флинт сапарымыз сәтті аяқталады деп болжам айтады... Солай ма, Капитан?
Тотысы көз ілеспей:
— Пиастрлар! Пиастрлар! Пиастрлар! — деп тақылдай жөнелді.
Және әбден талып шаршағанша немесе Джон торын орамалымен бүркеп тастағанша тоқтамай қайталай берді.
— Бұл құстың жасы, Хокинс, тап бір-екі жүзге толған шығар, — дейді ол. — Тоты деген өлмейді ғой. Өмірде менің тотым көрген зұлымдық атаулыны жын-перінің өзі де көре қойды ма екен, сірә. Бұл тоты Инглендпен де, иә, атақты қарақшы Инглендпен де жүзді. Бұл Мадагаскарда да, Малабарда да, Суринамада да, Провиденсте де, Порто-Беллода да болды. Суға батып бара жатқан галеондардың жүгін құтқарғанды да көрді. "Пиастрлар" деуді де ол сол күні үйренген. Оған таң қалатын да ештемесі жоқ: сол күні, Хокинс, үш жүз елу мың пиастр теріп жинап алғанбыз. Бұл тоты Гоа маңында Үндістанның вице-короліне қастандық жасалғанда да бірге болған. Ал түріне қарасаң, балапан сияқты... Бірақ көрмегенің аз ғой, солай емес пе Капитан?
— Басқа галсқа бұр! — деп айқайлады тоты.
— Бұл — менің керемет теңізшім ғой, — дейді аспазшы, тотыға қалтасынан бір кесек қант алып беріп жатып.
Тоты тордың сымын тұмсығымен шұқылап боқтық сөздерді жаудыра түседі.
— Қара май арасында жүрсең, үстіңді былғамасыңа шараң жоқ, — деп түсіндірген болды Джон. — Бейшара кәрі құс шайтан ойнағында отырғандай былапыт сөздерді айтады, бірақ не айтып, не қойып отырғанын өзі де білмейді ғой. Бұл құдай алдында да боқтық сөздерін шімірікпей соға берген болар еді.
Осыны айтып отырып Джон маңдай шашын сәндене сипап қойды, мен дүниедегі ең ізгі адам осы шығар деп түйдім.
Сквайр мен капитан Смоллеттің арасы бұрынғысынша дүрдараз күйінде. Капитан жөнінде өзінің нашар пікірде екенін сквайр іркілмей ашық айтады. Капитан өзі келіп сквайрмен ешқашан сөйлеспейді, ал сквайр бірдеме сұрай қалса, қатал, салқын үн қатып, жауабын келте қайырады. Бір жолы қыспаққа алған кезде, команда жөнінде теріс пікірде болып келіппін деп — ол өз қатесін мойындауға да мәжбүр болғаны бар. Матростардың көпшілігі жұмыстарын жақсы істеп жүр, команда тұтас алғанда үлгілі дәрежеде болып шықты. Тіпті, кеме де оған қатты ұнады.
— Кемеміз жақсы әйелдің күйеуіне құлақ асқыштығы сияқты, рульдің ырқына көнгіш-ақ екен Бірақ, сэр, — дейтін ол, — біз әлі елге оралғанымыз жоқ және осы сапарымыз маған әлі де бұрынғысынша ұнамай келеді.
Мұны естігенде сквайр капитанға теріс айналады да, тұмсығын көтеріп қойып, палубада әрлі-берлі жүре бастайды.
— Мына кісі кешікпей-ақ шыдамымды мүлдем тауысатын шығар, — дейді ол.
Бір күні қатты дауылға ұшырадық, дауыл "Испаньоланың" жақсы кеме екенін растай түсті. Командамыз да риза сияқты, бірақ оған таң қалатын ретіміз жоқ еді. Сонау Нұхтың заманынан бері, сірә, бірде-бір кемеде команданы тап біздің кемедегідей ешкім еркелетіп ұстамаған шығар. Құрттай дәлел табылса-ақ болды, теңізшілерге екі есе етіліп шарап құйылады. Матростардың біреуінің туған күні екен дегенді құлағы шалса болды, сквайр жұрттың бәріне пудинг бергізеді.
Кім болса да тәбеті тартқан кезінде жей берсін деп, палубада әрдайым бір бөшке алма тұрады.
— Түбі жақсылыққа апармайтын нәрсе, — дейтін капитан доктор Ливсиге. — Көрерсіз де тұрарсыз, матростарды бұзғаннан басқа осының пайдасы жоқ.
Алайда, алма салған бөшкенің бізге керемет пайдасы тиді. Өзімізге төнген қауіпті дер кезінде біліп, залымдар қолынан қаза таппай, аман қалуымызға сол көмектесті.
Бұл былай болған еді. Біз алдымен пассатқа қарсы жүзгенбіз, ондағы ойымыз — өзіміздің аралдың жел жағына шығу болатын (бұдан анығырақ етіп айта алмай отырмын), ал енді қазір жел арт жағымыздан соғып тұр. Аралдың көрінетін уақыты болды ғой деп, күндіз-түні көкжиектен көз алмай қараймыз. Өз есебіміз бойынша, енді тәулік толмай-ақ аралға жетуге тиіспіз. Не бүгін түнде, не ең әрі кеткенде ертең түске дейін Қазына аралын көруіміз керек. Бағытымыз — оңтүстік, оңтүстік-батыс. Траверсте жел бірқалыпты соғып тұр. Теңіз беті тыныш. "Испаньола" алға қарай зырлап келеді, оның бушпритін де толқын көміп-көміп жібереді. Барлық жағдайымыз жақсы. Кемедегілердің бәрінің де көңілдері көтеріңкі, бәрі де сапарымыздың жартысының өткеніне қуанышты.
Күн батып, өзімнің барлық жұмысымды аяқтаған соң, кереуетіме барып жатайын деп тұрдым да, кенет: "Осы бір алма жеп алсам жаман болмас", — деген ой келе қалды. Лып етіп палубаға жүгіріп шықтым. Кезекші матростар кеменің тұмсық жағында тұрып алып арал көрініп қалмас па екен деген үмітпен теңізден көз алмайды. Рульдегі матрос жел жақтағы желкендерді қадағалап, жаймен ысқырып тұр. Жым-жырт, жайлы тыныштық, тек кеме ернеуінің ар жағынан сылп-сылп еткен судың ғана дыбысы естіледі.
Қарасам, бөшкенің түбінде жалғыз ғана алма қалыпты. Соны алам деп бөшкенің ішіне түсуіме тура келді. Судың бірқалыпты шылпылы кеменің жанға жайлы мамық тербелісі әлдилеп, бөшкеде отырып, ұйықтап кете жаздаппын. Кенет біреу бөшкенің жанына келіп, гүрс етіп палубаға отыра кетті. Бөшке орнынан сәл қозғалып кеткендей болды — әлгі кісі бөшкеге арқасын сүйей отырған тәрізді. Бөшкеден секіріп шықпақ боп жатқанымда, әлгі кісінің сөйлеген даусын естідім. Сильвердің даусы, бірден тани қойдым, ол екі-үш ауыз сөз айтып үлгермей жатып-ақ, енді мен осы бөшкеден неғылса да шықпайын деген шешімге келдім. Әрі қорқып, дірілдеп, әр сөзін естігім келіп, құлағымды тоса түсіп, бөшкенің түбіне жабысып-ақ жатырмын. Оның алғашқы сөздерінің өзінен кемедегі адал адамдардың бәрінің де тағдыры ендігі жерде менің қолымда екенін түсіне қойдым.
XI ТАРАУ
Менің алма салған бөшкенің ішінде отырып естігендерім
— Жоқ, мен емес, — деді Сильвер. — Капитан болған Флинт қой. Мен квартирмейстер болдым, өйткені бір аяғым ағаш қой. Кәрі Пью иллюминаторларынан айырылатын жолғы істе мен де аяғымнан айрылған болатынмын. Аяғымды кескен оқымысты хирург еді, өзі колледжде оқыған, бүкіл латынды жатқа соғатын. Бәрібір дар тұзағынан құтыла алған жоқ. Корсо-Каслода иттей қып басқалармен бірге салақтатып асып қойып, күнге қақтады. Иә! Олардың бәрі де Робертстің адамдары еді, өздері кемелерінің атын өзгерте беретін, ақыры, олардың түбіне жеткен де осы жай ғой... Бүгін кемесі "Король бақыты" деп аталса, ертең басқаша болып шыға келеді. Ал біздің тәртібімізше — кеме о баста қалай аталса, ғұмыр бақи сол аты сақталуы тиіс. Біз кемеміздің "Кассандра" деген атын өзгерткеніміз жоқ және Малабардан сол кемеміз, Ингленд Үндістанның вице-королін қолға түсіргеннен кейін, аман-есен үйімізге жеткізді. Флинттің байырғы кемесі "Морж" да атын өзгерткен жоқ, енді ол кеме өзі адам қанына ернеуіне дейін лықа толған кеме ғой, тіпті бір кезде тиелген алтынның қисапсыз көптігінен суға да кетіп қала жаздаған болатын.
— Әй, бұл Флинт деген өзі, шіркін, заманында болып өткен екен ғой! — деді, матростардың арасында ең тұйық мінезді саналатын бір жігіт, даусынан Флинтке сүйсінгендік танытып.
— Дэвис те одан кем түскен жоқ деседі, — деді Сильвер. — Бірақ мен онымен бірге жүзіп көргенім жоқ. Мен алғашында Инглендпен, кейін Флинтпен бірге болдым. Енді, міне, теңізге өзім шығып келемін. Мен Инглендпен жүзгенімде тоғыз жүз, ал Флинтпен жүзгенімде екі мың фунт стерлингтей ақша тапқан болатынмын. Қарапайым матрос үшін бұл аз емес. Ол ақшаны банкке салғанмын, қазір тым жақсы өсім беріп жатыр. Мәселе ақшаны көп таба білуде де емес, табылған ақшаны дұрыстап сақтап, ұстай білуде... Инглендтің адамдары бүгінде қайда жүр дейсің бе? Білмеймін... Флинттің адамдарын сұрадың ба? Көпшілігі осында, осы кемеде келе жатыр, ауыздарына пудинг тисе, соған да мәз болады. Байғұстардың көбі жағада қайыршылық күн кешіп жүрді. Шын айтам, аштан өлуге шақ жүрді. Көзінен айрылған кәрі қақпас Пью ар-ұятынан да жұрдай болып, бейне бір парламенттегі лорд құсап, жылына бір мың екі жүз фунт ақшаны оп-оңай ысырап етіп жүрді. Қазір қайда дейсіз бе? Өліп, жер астында шіріп жатыр. Бірақ осыдан екі жыл бұрын-ақ оның ішерге асы болған жоқ. Қайыр сұрауға дейін барды, ұрлық та жасады, тіпті қолына түскеннің кеңірдегін осып жіберуден де тайынған жоқ, ал бірақ бәрібір ішер асқа жарымады.
— Осыны көріп отырып, қарақшы болуға қалай жүрегіміз дауаламақ, — деді жас теңізші.
— Мәселе ақымақ болмауда! — дегенде Сильвердің даусы саңқ етті. — Бірақ әңгіме сен жөнінде емес: сен жас болғанмен ақылсыз емессің. Сені алдап соғу қиын! Сенің осындай екеніңді мен бір көргеннен-ақ білгенмін, сондықтан ер-азамат ер-азаматпен қалай сөйлесетін болса, мен де сенімен солай сөйлеспекпін.
Мына кәрі қақпас алаяқтың өткен жолы маған айтқан жарамсақ сөздерін аудармай басқаға да айтып тұрғанын естігенде, менің не күйге түскенімді түсіну қиын бола қоймас деп ойлаймын.
Қолымнан келсе, оны өлтіруге де бар едім...
Бұл екі арада сөзін басқа біреу естіп отырғанынан хабары жоқ Сильвер әрі қарай сөйлей берді:
Олжашыл джентльмендердің өмір бойғы көретіндері осы ғой. Оңай күн көріс жоқ, дар тозағына қай күні ілінер екенбіз деп үнемі қыл үстінде жүреді, ал бірақ енді ішіп-жеуге келгенде, төбелесер алдындағы әтештердей, лықа тояды шіркіндер. Теңізге шыққанда жүздеген қара бақырлары ғана болады да, кейін қайтқанда жүздеген фунт ақшаны тиеп оралады. Олжалары орнын табады, ақшалары сарқылады, содан кейін үстіндегі жалғыз көйлегімен теңізге қайта шығады. Ал бірақ мен өз басым олай істемейтінмін. Мен ақшамды бөліп-бөліп әр жердегі банктерге салатынмын және сезік туғызбау үшін шектен тыс үлкен сома салмауға тырысатынмын. Мен қазір, есіңде болсын, елудемін. Осы сапардан оралайын, содан соң нағыз джентльмендерше өмір сүретін болам. Әйтпегенде қашанға шейін демексің ғой, иә? Жоқ, мен бұған дейін де жаман тұрғаным жоқ. Ешқашан ешқандай мұқтаждық көрген емеспін. Төсегім жайлы, тамағым тоқ болды. Рас, теңізге шыққанда кейде қиналған кездерім болды. Бастағанда, қалай бастадыңыз дейсің ғой? Осы сен сияқты, матрос болудан бастадым.
— Бірақ, бұрынғы жиған ақшаңызды енді пайдалана алмайтын болдыңыз ғой, — деді жас матрос. — Мынадай сапардан кейін Бристольде енді көріне аласыз ба?
— Ол ақша қазір қайда деп ойлайсың? — деп сұрады Сильвер кекесін үнмен.
— Бристольдегі банктерде, тағы басқа жерлерде шығар, — деді матрос.
— Рас, Бристольде сақталғаны рас, — деді аспазшы. — Біз зәкір көтерген кезде ақша сонда болатын. Ал қазір кемпірім ақшаны бұрынғы сақталған жерлерінен түгелдей алып алды. Ол тіпті "Қарауыл Дүрбіні" де бүкіл жалдап алған жерімен қоса, келіп-кетіп жүрген адамдарымен, жабдықтарымен қоса сатып, бүгінде Бристольден кетіп үлгерді, енді өзіміз уәделескен жерде мені тосатын болады. Қай жерде екенін саған айтар да едім, өйткені өзім саған күмәнсыз сенемін, бірақ бізге неғып айтпаған деп басқалар ренжи ме деп қорқам.
— Ал кемпіріңізге сенесіз бе? — деп сұрады матрос.
— Олжашыл джентльмендердің бір-біріне сенуі деген сирек кездеседі, — деді аспазшы. — Және сонысының өзі дұрыс та. Бірақ, мені ешкім алдай алмақ емес. Кәрі Джон сұлап түссін деп арқанның бір ұшын жібере салған адам одан кейін ұзақ өмір сүре алмайды. Біреулер Пьюден, біреулер Флинттен қорқатын. Ал менен Флинттің өзі де қорықты. Менен ол қорқатын да еді, соған қарамай мені өзі мақтан тұтатын да еді... Оның командасы деген шетінен екі иығын жұлып жеген алғыр болушы еді... Олармен бірге ашық теңізге шығуға шайтанның да жүрегі дауаламас еді. Мені өзің білесің ғой, мақтанбай-ақ қояйын, бірақ квартирмейстер болған кезімде Флинттің кәрі қарақшылары менің алдымда құрдай жорғалайтын. О-о, кәрі Джон кемеде тәртіп орната білетін-ді.
— Имандай шынымды айтайын, Джон, осы әңгімеңізге дейін сіздер кіріскелі тұрған анау іс менің көңіліме қонбай-ақ келіп еді. Ал ендігі жерде, міне, қолым, мен келістім! — деді матрос.
— Сенің ер жігіт екеніңді білгенмін және өзің ақылсыз да емессің, — деп Сильвер матростың ұсынған қолын құшырлана қатты қысып жібергенде, бөшке орнынан қозғалып кетті. — Сенен өмірде маған әлі кездесіп көрмеген керемет олжашыл джентльмен шығуға тиіс. Бірте-бірте әңгімелерінің мән-жайын мен де түсіне бастадым. "Олжашыл джентльмендер" деп отырғаны — қарақшылар. Адал ниет матросты азғырып, қара ниет қарақшылар тобына тарту тарихының соңғы тарауына куә болып отырғанымды да түсіндім. Кім біліпті, кемеміздегі ең соңғы адал кісі мүмкін осы жігіт болған шығар. Айтпақшы, кешікпей-ақ қарақшылар қатарына қосылған жалғыз бұл матрос қана емес екеніне де көзім жетті. Сильвер жайлап ысқырып еді, тағы бір адам келіп бөшке жанына отыра кетті.
— Дик бізге қосылды. — деді Сильвер.
— Оның қосылатынын мен білгенмін, — деген екінші боцман Израэл Хендстің даусын естідім. — Дик ақымақ жігіт емес қой.
Біраз уақыт ол аузына салған темекісін тамсанып, үнсіз отырды да, ұзын тұра Джонға қарап сөйледі:
— Шолақ сан, айтшы, қашанға дейін біз маркитант қайығы құсап әрлі-берлі бұлтақтап, құр босқа жүре бермекпіз? Мына капитан дегеніңнен, құдай ақы, мен әбден мезі боп болдым. Оның осы күнге дейін бұйрық беріп келгенінің өзі де жетер! Менің де капитан жатқан каютадай жақсы бөлмеде тұрғым келеді, мен де олар сияқты жақсы тамақ, жақсы шарап ішкім келеді.
— Израэль, — деді Сильвер, — мына сенің бас деп жүргенің бас емес, түкке тұрғысыз бос қауашақ, өйткені оның ішінде ешқашан ми болып көрмепті. Бірақ, әйтеуір, құлағың үп-үлкен, тыңдай аласың. Сондықтан менің айтқаныма құлақ сал: сен каютада емес, бұрынғыша кубрикте ұйықтайтын боласың, қолыңа тиген асты ішіп, айтқанды екі етпей тыңдап, кішіпейіл қалпыңда және қажет сөзді менің өз аузымнан естігенше, тамшы шарап жұтпай, бұрынғыша жүре бер! Менің айтқаныма сенуің керек, балам, бәрін де мен өзім тындырып берем.
— Тыңдамайын деп отырған мен жоқ қой, — деп міңгірледі екінші боцман. — Тек қашан деп сұрағаным-дағы.
— Қашан дейді..., — деп дауыстап жіберді Сильвер. — Жарайды, айтайын қашан екенін. Әлі талай заман бар! Енді түсіндің бе қашан екенін? Капитан Смоллетт тамаша теңізші, кемені сондай жақсы жүргізіп келеді, бұл деген біздің пайдамыз емей кімдікі? Сквайр мен докторда карта бар, бірақ олардың картаны қайда тыққандарын мен қайдан білем. Оны сен де білмейсің. Сондықтан асығатын не бар, сквайр мен доктор екеуі қазынаны тапсын, бізге сол қазынаны кемеге тиеуге көмектессін, солай емес пе? Содан кейінгісін көре жатамыз. Мына сіздер сияқты голланд нәсілділерге сабырлылық көрсетіп, өздерін дұрыс ұстай алады деп сенер болсам, капитан Смоллеттке кемені әлде де біраз жерге дейін, кейін қарай жарты жолға дейін апарғызар едім.
— Біз өзіміз де тым жақсы теңізші емеспіз бе? — деп келіспеген болды Дик.
— Жақсы матроспыз десең бір сәрі, — деп Сильвер түзету айтты. — Біз тек рульді ғана бұра білеміз. Ал бірақ кеменің бағытын есептеп шығара алатын қайсысың барсың? Джентльмендер, бұған ешқайсыңыздың да шамаңыз жетпейді. Менің еркіме салса, капитан Смоллеттің кемені ең болмағанда пассатқа жеткізуіне мүмкіндік берер едім. Сонда, әйтеуір, дұрыс бағытта келе жатқанымызды және тұщы суды қасықтап бөлудің қажеті болмайтынын білген болар ем. Бірақ сендердің қандай адам екендерің маған белгілі. Сондықтан оларды, қазынаны осында, кемеге тиеген бойда, аралдың өзінде құртуға тура келеді. Бірақ — бұл ағат әрекет! Ал сендерге ауыздарың тек ромға жетсе болды! Шынымды айтсам, сендер сияқты саяз адамдармен бірге оралатыным есіме түскенде, жүрегім сыздап қоя береді.
— Ұзын тұра, таусылмай сөйлесеңші! — деді Израэль. — Сенімен таласып отырған кім бар?
— Нақақтан-нақақ опат болған кемелердің мен талайын көргенмін. Небір керемет жігіттердің күнге қақталып, дарға асылып салбырап қалғандарын да аз көргенім жоқ, — деді Сильвер. — Соның бәрі неліктен дейсің? Бәрі де асығыстықтан, асығыстықтан, тағы да сол асығыстықтан... Мен теңізде талай рет жүзген адаммын, өмірімде талай нәрсені көрген адаммын, сондықтан ең болмаса менің айтқанымды тыңдай білсеңдерші! Кеме жүргізе біліп, дауылды жеңе білетін адам болсаңдар, онда бәрің де баяғыда-ақ пәуеске мінбейтін бе едіңдер?! Бірақ сендерге ондай қайдан келсін! Сендердің кім екендеріңді мен білмейді деп пе едіңдер? Сендердің қолдарыңнан келетіні — ромға лықа тойып алып, содан кейін барып дарға асылу ғана.
— Сенің, Джон, капелланға лайық әдеттерің жұрттың бәріне де белгілі ғой, — деді оған Израэль. — Біз сенен басқа да кеме басқара білетін адамдарды көргенбіз. Бірақ олар көңіл көтеруді де теріс көрмейтін. Командирміз деп тұмсық көтермей-ақ, олар өздері де ішетін, басқалардың да ішуіне кедергі жасамайтын.
— Иә, оның рас, — деді Сильвер, — бірақ сол сен айтып отырған кісілер қайда бүгінде? Анау Пью сол сен айтқандай, шалқып-ақ жүретін еді, ал не болды, қайыршы боп жүріп, ақыры өлді. Флинт те осындай болатын — Саванна жақта оның түбіне арақ жетті. Рас, олар серілік құрып, көңілді жүруді сүйетін. Бірақ, сол мінездерінен, ақыры, не тауып, не қойды, мәселе сонда ғой!
— Қолға түсіргеннен кейін мыналарды қайтеміз? — деп сұрады Дик.
— Міне, бұл әңгімең маған ұнайды, — деді аспазшы сүйсіне сөйлеп. — Айтып отырғаның кәкір-шүкір емес, іс туралы. Өзің қалай ойлайсың, не істеу керек оларға? Елсіз бір жерге түсіріп кетеміз бе? Ингленд болса, сүйтер еді. Әлде барлығын шошқадай тізіп, бауыздап кетеміз бе? Флинт пен Билли Бонстың бірі болса, осылай етер еді.
— Иә, Биллидің сондай әдеті болатын, — деді Израэль. — "Өлген адам тістей алмайды" деуші еді ол. Енді оның өзі де өлді, мәтелінің дұрыстығын енді өзі де іс жүзінде байқап көруіне болады. Билли мұндай іске келгенде, шынында да, шебер еді ғой.
— Оның рас, — деді Сильвер. — Билли мұндайды қапы жібермейтін. Ешкімге аяушылық білдіріп көрген емес қой. Бірақ, мен көңілшекпін, джентльменмін ғой. Алайда істің насырға шабу қаупін көрмей отырғаным жоқ. Бәрінен қымбатты, жігіттер, міндетті борышыңды ұмытпау ғой! Сондықтан менің ұсынысым — өлтіру. Кейін өзім парламентке мүше болған кезімде, алтын жалатқан әсем пәуескеге қолым жеткен шақта, осы ши аяқтардың бірінің жетіп келіп, соңыма жармасқан шайтандай жағамнан ала түсуіне қарап отырып мүмкіндік беріп не жыным бар? Жемістің пісуін күткен жөн. Ал піскен кезде жұлу керек!
— Джон, айтары жоқ, ер жүрек адамсыз! — деді боцман.
— Бұған істің барысында көзің жетер, Израэль, — деді Сильвер. — Менің сендерден бір ғана тілегім бар: маған сквайр Трелониді қиыңдар. Бұзаубас неменің басын өз қолыммен шауып түсірейін... Дик, — деді ол күтпеген жерден сөзін басқа жаққа бұрып. — Бөшкеге секіріп түс те, маған рақым етіп, бір алма алып берші, тіпті тамағым кеуіп кетті ғой.
Зәрем тас төбемнен шықты. Егер шамам келген болса, ұшып тұрып, секіріп шығар едім де, қаша жөнелер едім. Бірақ тұла бойым жансыз қалғандай, буын-буынымнан әл кетіп, орнымнан қозғала алсамшы. Дик орнынан ұшып тұруға ыңғайланған сыңай танытып еді, бірақ Хендстің аяқ астынан:
— Джон, сол шірік алманы қайтесің? Онан да бізге ром құйсайшы, — деген даусы оны тежеп қалды.
— Жарайды, — деді Сильвер, — Дик, мен саған сенем ғой, міне, кілтімді берейін, тығып жүрген бір кішірек бөшкем бар еді. Барып, бір құмыра ром құйып әкелші.
Қорқып, үрейім ұшып жатсам да, сол сәтте: "Иә, мистер Эрроудың түбіне жеткен ром мына жерден табылған екен ғой", — деген ой келді.
Дик кеткен бойда Израэль аспаздың құлағына әлденелерді сыбырлай бастады. Құлағыма шалынғаны екі-үш-ақ сөз, бірақ соның өзі де жеткілікті болды.
— Қалғандарының ешқайсысы келіспей қойды, — деп сыбырлады Израэль. Демек, кемеде әлі де адал адамдардың бар болғаны!
Дик қайтып оралған соң, үшеуі құмыраны кезек-кезек көтеріп, біреуі — "бақытты болайық" деп; екіншісі — "қария Флинт үшін" деп; ал Сильвер тіпті:
"Сапар сәтті, олжасы да мол болсын!
Тұрмыс шатты, байлығымыз зор болсын!" —
деп әндетіп, ромды ішіп салды.
Бөшке ішіне жарық түсе бастады. Жоғары қарасам, крюис-марс пен жел үріп торсиған фок-зейлді күміс сәулеге бөлеп, ай едәуір көтеріліп қалған екен. Сол сәтте вахтадан:
— Жер көрінді! — деген дауыс та саңқ ете қалды.
XII ТАРАУ
Әскери кеңес
Палуба үсті жүгірген аяқ дүрсілінен тарсыл-гүрсілге толып кетті. Жұрттың каюталар мен кубриктерден жүгіре-жүгіре шығып, жиналып жатқанын естіп отырмын. Бөшкеден секіріп шығып, фокзейлдің ар жағына өттім де, ол жерден ашық палубаға бұрылып, Хантер және доктор Ливсимен бірге жел жақ скулаға жүгіріп бардым.
Осы араға бүкіл команда жиналды. Ай көтерілісімен тұман да серпіліп, айнала ашылып кетті. Алысырақта, оңтүстік-батыс тұстан бір-бірінен арасы екі мильдей қашықтыққа орналасқан аласалау екі төбе көрінді, сәл әріректе бұлардан гөрі биігірек тағы бір төбе қарауытады, оны тұмшалаған сұрғылт тұман әлі сейіле қоймапты. Төбелердің үшеуінің де сыртқы көрінісі түзу конусқа ұқсайды.
Ол төбелерге өңім бе, түсім бе екені айырғысыз бейжай күйде тұрып, салғырт көз салдым. Өйткені, әлгінде ғана бастан кешкен үрейден әлі ес жиып үлгермеген едім. Бұдан кейін капитан Смоллеттің бұйрық беріп жатқан даусын естідім. "Испаньола" енді жел өтіне қарсы тік бұрылып, аралдың шығыс жақ бетіне қарай жүрді.
— Жігіттер, — деді капитан, өзі берген бұйрықтары орындалғаннан кейін, — іштеріңде бұдан бұрын бұл жерді көрген қайсың барсың?
— Мен көрген болатынмын, сэр, — деді Сильвер. — Сауда кемесінде аспазшы болған кезімде, бір рет осы арадан келіп, ауыз су құйып алғанымыз бар.
— Тоқтауға сонау оңтүстік жақ, ана бір кішкентай аралдың арғы тұсы қолайлы сияқты ғой, солай ма? — деді капитан.
— Иә, солай сэр. Ол кішкентай арал — Қаңқа аралы деп аталады. Бұл өзі әуелде қарақшылар аялдайтын жер екен ғой, содан кемеміздегі бір матрос бұл араның қарақшылар қойған аттарының бәрін білетін боп шыққаны. Солтүстік жақтағы ана бір тау Фок діңгегі деп аталады. Солтүстіктен оңтүстікке қарай тізіле біткен: Фок діңгегі, Грот діңгегі және Бизань діңгегі деп аталатын мұнда үш тау бар, сэр. Бірақ Грот діңгегін — анау тұман қоршап тұрған, биік тауды — көбіне Қарауыл Дүрбі деп атайды екен, өйткені қарақшылар осында тоқтап; кемелерін жөндеген кезде сол таудың басына бақылау қоятын болыпты. Кешірерсіз, сэр, қарақшылар мұнда көбіне кемелерін жөндеуге келіп жүреді екен.
— Менде карта бар еді, — деді капитан Смоллетт. — Өзі сол арал ма екен, қарап жіберіңізші...
Қолына карта тиген кезде Ұзын тұра Джон көзі оттай жайнап, өзгеріп сала берді. Бірақ аяқ астынан көңілі сұлық басылды. Өйткені бұл карта — Билли Бонстың сандығынан біз тапқан карта емес, соның тек дәл көшірмесі ғана екен — жер аттары жазылыпты, төбелер мен тереңдікті көрсететін белгілер де қойылыпты. Бірақ үш қызыл крест пен қолдан жазылған ескерткіштері жоқ болып шықты. Алайда, қаншама опық жегенмен, Сильвер шыдамдылық көрсетіп, сыр білдірмеді.
— Иә, сэр, сол арал, — деді ол. — Өзі бір жақсы салынған карта ғой. Міне, қызық, сонда бұл картаны салған кім болды екен?.. Қарақшылар деген сауатсыз халық қой... Міне, мынау капитан Кидтің аялдамасы, осы араны әлгі менің матрос жолдасым осылай деп атайтын. Мына жермен оңтүстікке қарай өтетін қатты ағыс бар. Кейін, батыс жағалауға жеткенде, ағыс солтүстікке бұрылады. Сіз кемені бірден бейдевиндке бұрып дұрыс істедіңіз, сэр. Егер шығанаққа кіріп, кемені кренгіге қойғыңыз келсе, тоқтауға бұдан жақсы жер таба алмайсыз.
— Рақмет, — деді капитан Смоллетт. — Көмегіңіз қажет бола қалса, сізбен тағы да сөйлесермін. Қазір бара беріңіз.
Аралды өзінің бұрыннан білетіндігін айтқанда Джон ғажап ұстамдылық көрсеткеніне қайран қалдым. Оның енді маған қарай келе жатқанын көргенде, шынымды айтсам, зәрем ұшып қатты қорықтым. Әрине, менің бөшкеде отырып, барлық әңгімені естігенімді ол білмейді. Әйткенмен оның қаталдығын, екі жүзділігін, кеме командасына деген зор ықпалын білетін менің өз-өзімнен жаным тітіркеніп, онсыз да құтым қашып тұр еді, ал енді келіп иығыма қолын салғанда, селк ете түсе жаздап барып, өзімді әрең ұстап қалдым.
— Жаман жер емес бұл арал, — деді ол. — Сендей балаға жаман жер емес. Суға шомыласың, өрмелеп ағаш басына шығасың, тағы ешкілерді аулап, аңшылық етесің. Өзің де ешкіше секіріп тау-тас аралайсың. Шын айтам, осы ғаламат аралды көргенде, аяғым ағаш екенін ұмытып, мен өзім де жасарып кететіндеймін. Өзің бала болсаң және өзіңнің екі аяғың, он башпайың болса, шіркін, оған не жетсін! Егер қыдырып аралды көруге зауқың соға қалса, кәрі Джонға айтсаң жетіп жатыр. Ол саған жолыңа азық даярлап береді.
Ол достығын білдірген боп, иығымнан қағып кеп жіберді де, шойнаңдай басып жайына кетті.
Капитан Смоллетт, сквайр мен доктор Ливси — үшеуі шканцада әлдене туралы сөйлесіп тұр екен Өз естігенімді оларға түгелдей және неғұрлым тез айтып бергім келді. Бірақ, жұрттың бәрінің көзінше әңгімелерін бөлуге қорықтым. Қалай жақындаудың амалын таппай, сол маңда айналсоқтап жүр едім, кенет доктор Ливси өзі дауыстап, қасына шақырып алды. Ол төменде қалиянын қалдырған екен де, темекі шекпей ұзаққа шыдай алмайтын болған соң, қалиянын алып келуге мені жұмсағысы келген екен. Сөзімді басқа ешкім ести алмайтындай жақын келіп, оған сыбырлап сөйледім:
— Доктор, менің сіздермен сөйлесуім керек. Капитан мен сквайр каютаға түссін, артынан мені әлдебіреу сылтау тауып шақырып аларсыздар. Мен сіздерге жан түршігерлік бір жаңалық айтпақпын.
Доктордың түсі өзгере жаздап, бірақ тез бойын жинап алды.
— Рахмет, Джим, білгім келгені де осы болатын, — деді ол, осының алдында ғана маған әлденендей сұрақ қойған адамдай түр көрсетіп.
Содан кейін ол сквайр мен капитанға бұрылды. Ол еш қобалжымай, әңгімелерін жайбарақат жалғастырып тұра берді, дауыстарын да көтерген жоқ, ешқайсысы ысқырып та жібермеді, бірақ доктор Ливсидің оларға менің өтінішімді жеткізіп үлгергенін мен түсіне қойдым. Бұдан кейін капитан Джоб Эндерсонга бүкіл команданы палубаға шақыруға бұйрық берді.
— Жігіттер, — деді капитан Смоллетт матростарға, — сіздерге айтар әңгімем болып тұр. Алдарыңыздағы анау қарауытқан жерді көріп тұрсыздар ғой. Ол жер — сол өзіміз келе жатқан арал. Мистер Трелонидің қолы ашық, мырза кісі екенін бәріміз де білмейді емеспіз. Ол менен команда қалай, жұмысын жақсы атқарды ма деп сұрады. Мен әр матрос өзіне тиісті жұмысын бар ынтасымен орындап келді, бүкіл команданың жұмысы ылғи ойдағыдай деп, жауап қаттым. Мистер Трелони, мен және доктор — үшеуіміз каютаға барып, сіздердің денсаулықтарыңыз үшін, істеріңіздің сәтті аяқталулары үшін ром ішкіміз келіп тұр, ал сіздерге біздің денсаулығымыз, біздің ісіміздің сәтті аяқталуы үшін ішуге осында қазір шарап әкеліп құяды. Ал менің өз пікірімді білгілеріңіз келсе, сквайр бізге сый ишарасын жасап, өте дұрыс істеп отыр. Сквайрдың құрметіне — ура!
Олар "ура!" деп айқайлағанда, күдікті ештеме де байқалмады. Барлығы бір кісідей шын ниеттерімен айқайлады, шынымды айтайын, сол сәтте тап осы тұрған кісілер біздің бәрімізді өлтірмек болып жүрген қара ниет деуге сенуімнің өзі қиын болды.
Алғашқы "уралаған" айқай басыла бергенде:
— Капитан Смоллетке — ура! — деп айқай салды Ұзын тұра Джон — Бұл жолы да "уралаған" айқайды барлығы тез іліп әкетті.
Жұрттың осылай көңіл көтеруі әбден қыза келген тұста үш джентльмен каютаға түсті.
Сәлден кейін олар Джим Хокинске кісі жіберіп, шақырып алды.
Мен кіргенде олар столды айнала отырған екен. Алдарында бір құты испан шарабы, бір тарелка мейіз тұр.
Доктор паригін тізесіне салып, темекі шегіп отыр, бұнысы — қобалжу белгісі екенін бұрыннан білетінмін. Түн соншалық жайлы, жылы болған соң кеменің артқы иллюминаторын ашып қойған екен. Кейінгі жағымыздан ай сәулесінің түп-түзу күміс жолағы жылт-жылт етіп көз тартады.
— Ал, Хокинс, — деді сквайр, — сен бізге бірдеме айтқың келіпті ғой. Бастай бер.
Мен оларға бөшкеде отырып естігендерімнің бәрін қысқаша айтып бердім. Әңгімем әбден аяқталғанша олар сөзімді бөлген жоқ, маған көз алмай қадала қарап, қозғалмастан қатты да қалды.
— Джим, — деді доктор Ливси, — отыр.
Мені столға отырғызып, бір стакан шарап қойды, алақаныма мейіз салды, содан кейін үшеуі бірінен соң бірі менің денсаулығым үшін, бақытым үшін, батылдығым үшін деп, бастарын иіп, шарап ішті.
— Сөйтіп, капитан, сіздің айтқаныңыз жөн боп шықты, ал мен қателесіппін, — деді сквайр. — Есек екенімді жаңа түсіндім, сонымды мойындап, енді сіздің жарлығыңызды күтіп отырмын.
— Сэр, мен өзім де сондайлық есек болып шықтым емес пе? — деді капитан. — Бүліншілік жасауға бет алған команданың соншалық тіл алғыш, биязы болуын бірінші рет көріп отырмын. Басқа команда осылай етер болғанда, мен әлдеқашан-ақ бәрін түсініп, тиісті шара қолданған болар ем. Ал мыналар керемет алдап соқты.
— Капитан, сізді алдап соққан Джон Сильвер ғой, — деді доктор. — Ол өзі бір тамаша адам.
— Өзін реяға асып, салбыратып қоя алсақ, ол одан да тамаша адам болар еді, — деді капитан. — Бірақ енді бұның бәрі бос сөз. Осы айтылғанның бәрінен түйген менің азды-көпті тұжырымдарым бар. Егер мистер Трелони рұқсат етсе, сол ойларымды ортаға салайын.
— Мұнда капитан өзіңізсіз, бұйыра беріңіз, сэр — деді мистер Трелони ерекше қошеметтей сөйлеп.
— Біріншіден, — деді мистер Смоллетт, — бастаған ісімізді одан әрі жалғастыра беруге тиіспіз, өйткені кейін шегінетін жолымыз кесілген. Кейін қайтамыз деген сөз аузымнан шығар-шықпастан-ақ олар бүліншілікке кіріседі. Екіншіден, біздің әлі уақытымыз бар. Ең кем дегенде, қазынаны іздеп тапқанға дейін қауіпсізбіз. Үшіншіден, команданың ішінде әлі де бізге адал адамдар бар. Ерте болсын, кеш болсын, қарақшылар тобымен біздің шайқасуымызға тура келетіні күмәнсыз. Менің ұсынысым — олардың ниетін білетінімізді сездірмеу керек те, тұтқиылдан оларға алдымен өзіміз бас салуымыз керек. Мистер Трелони, сіздің кызметшілеріңізге сенуімізге болатын сияқты ғой,солай ма?
— Маған сенгеніңіздей сеніңіз, — деді сквайр.
— Олар үшеу, — деді капитан. — Және біз үшеуміз, және Хокинсті қоссақ, — міне, жеті кісі болып шыға келеміз. Ал команда құрамынан кімге үміт артуымызға болады екен?
— Жұмысқа Сильвердің көмегінсіз, Трелонидің өзі жалдаған адамдарға сенуге болатын шығар, — деді доктор.
— Жоқ, сенуге болмайды, — деді Трелони. — Хендсті де мен өзім жалдаған болатынмын, ал оның қазіргі жайы белгілі ғой...
— Мен де Хендске сенуге болатын шығар деп жүргенмін, — деп шынын айтты капитан.
— Және осылардың бәрінің де шетінен ағылшын екенін қайтерсіз, мұндай болады деп кім ойлаған? — деді сквайр. — Шынымды айтсам, сэр, жарылғышпен осы кеменің күл-талқанын шығарар едім.
— Сөйтіп, джентльмендер, мен бар ұсынысымды айтып болдым, — деді капитан. — Қолайлы сәтін күтіп, өте сақ жүруге тиіспіз. Бұның оңай емес екенін де білемін. Бірден бас салсақ, сәл жеңілірек болар еді. Бірақ, команда құрамындағы өзімізге адал адамдарды біліп алмай, әрекет жасау мүмкін емес. Сақ болуымыз керек те, күте білуіміз керек, — міне, менің бар айтарым осы.
— Бізге қазіргі жағдайда бәрінен көбірек пайда тигізе алатын — Джим, — деді доктор. — Матростар бұдан сақтанып жатпайды, ал Джим өзі өте зерек, байқағыш бала.
— Хокинс, мен саған көп үміт артып отырмын, — деп қосып қойды сквайр.
Шынымды айтсам, сенімдерін ақтай алмай ұятқа қалам ба деп өзім қатты қорқып едім, бірақ жағдайдың қалыптасуына қарай, шынында да, мен оларды өлімнен құтқарған болып шықтым.
Жиырма алты адамның ішінен біз тек жеті кісіге ғана үміт арта аламыз. Ол жетеудің біреуі — бала, яғни менмін. Егер ересектерді ғана есептесек, он тоғыз кісіге қарсы тұратын алты-ақ адам екенбіз.
ҮШІНШІ БӨЛІМ. ҚҰРЛЫҚТА
XIII ТАРАУ
Менің құрлықта бастан кешкен оқиғаларым қалай басталды?
Ертеңгісін палубаға шыққанымда, арал кешегідей емес, мүлдем басқаша көрінді. Жел тынғанмен, түнде біз едәуір ілгері жүрдік, енді біз шығыс жақ жағалауға аласа жиектен жарты мильдей жерге келіп тоқтап тұрмыз. Аралдың көпшілік бөлігін басып жатқан орман қарауытып көрінеді. Төңіректің бірқалыпты тұтасқан сұрғылт реңін ой жерлердегі құмдақ жағалаудың сарғыш түсі мен қарағай тәріздес биік ағаштардың жасыл бояуы ғана арагідік өзгертіп тұр. Кей жерлерге жалғыз-жарым боп, қадау-қадау боп, кей жерлерге тұтасып өскен бұл ағаштар орман деңгейінен оқшауланып жоғарыдан қарайды, әйткенмен де аралдың жалпы көрінісі көз тоқтатар ештемесі жоқ сұрықсыз екен. Әр төбенің ұшар басы сүйірлене біткен жалаңаш құздар. Төбелердің жалпы сырт бітімі мені қайран қалдырды. Қарауыл Дүрбі басқа төбелерден гөрі үш жүз не төрт жүз футтай биік екен және сыртқы болмысы тіпті қызық көрінді, беткейлері тіп-тік құлама да, нақ ұшар басы бейне ескерткіш орнату үшін әдейі кесіп түсіргендей теп-тегіс, жайпақ.
Мұхит "Испаньоланы" соншалық шайқалтып, теңселтіп тұр, шпигаттардан су атқылап жатыр. Рострлар мен блоктар бір-біріне тарс-тарс соғылады. Руль оң жаққа бір, сол жаққа бір соғылып, бүкіл кеме жеп-жеңіл ойыншық тәрізді секіріп басылып, жаны қиналып үһлегендей, сықыр-сықыр етеді. Мен бакштагты шап беріп ұстай алдым және сол бойда жүрегім лоблып кетті. Кеменің теңіз толқынын тіле-жара зырлап келе жататын жүрісіне үйреніп едім, ал қазір ол зәкірде тұр, бірақ соған қарамастан су бетіндегі құты сияқты қылт-қылт етеді, осынысынан менің, әсіресе таңертеңгі ашқарын кезімде, жүрегім айнитын болып жүр.
Не әсер еткенін қайдам — кеменің шайқалуы ма, әлде мынау сұрғылт орманның мұңлы сиқы ма, анау жалаңаш құздардың тұрпайы көрінісі ме, әлде тік жағаға аяусыз ұрғылаған теңіз толқынының айбарлы сарыны ма, әйтеуір, не болғанда да, ашық күннің бар әлемді ыстық сәулесіне көміп, жарқын нұрына бөлеп, құжынап жүрген, теңіз құстарының алуан түрлі дауысқа салып, су үстінде балық аулап, самғап жүргеніне қарамастан, көңілім жабырқау тартып, еңсем басылып кетті: ал, шынында, ашық теңізде сарылып ұзақ жүзгеннен соң құрлықты көргенде қай адам болса да қуануға тиіс қой. Қазына аралын алғаш көргеннен-ақ оны суқаным сүймеді.
Бүгін таңертең бізді ауыр жұмыс күтіп тұрды. Күн желсіз, тымық, сондықтан суға бірнеше қайық түсіріп, үш-төрт мильдей жерге верп көмегімен жылжытып отырып, мүйісті айналып өтіп, кемені Қаңқа аралының арғы жағындағы жіңішке бұғазға кіргізуімізге тура келді.
Маған тірелген жұмыс жоқ еді, сонда да қайықтардың біріне барып, мен де міндім. Күн ыстық, күйдіріп тұр, ауыр жұмысқа лағынет айтып, матростар үнемі күңкілдеумен болды. Біздің қайығымызды Эндерсон басқарып еді. Жұртқа басу айтудың орнына, ол өзі қосыла күңкілдеп, боқтық сөзді басқалардан да асырып түсірді.
— Жарайды, — деп, мықтап бір боқтап алды. — Кешікпей-ақ тып-типыл болар бәрі де.
"Жақсылық нышаны емес", — деп түйдім ішімнен. Бұған дейін жұрттың бәрі де бар ынтасын салып, жұмыстарын жақсы істеп келіп еді. Аралдың көрінуі-ақ мұң екен, тәртіп нашарлап сала берді.
Ұзын тұра Джон рульдегі матросқа кемені жүргізуге көмектесіп, үнемі соның қасында болды. Бұғазды өзінің бес саусағындай білетін ол өлшеп қараған жерлердің бәрінің де картада көрсетілгенінен терең шығып жатқанына еш қобалжу білдірмеді.
— Бұл өзі әуелде мұхит суының кейін серпуінен пайда болған тар бұғаз ғой, — деді ол. — Су кейін серіпкен сайын күрекпен қазғандай етіп, бұғаз табанын тереңдете түседі.
Біз картада зәкірдің суреті салынып, белгіленген жерге келіп тоқтадық. Біз тұрған жерден үлкен аралға дейінгі қашықтық — мильдің үштен біріндей жер. Қаңқа аралына дейін де — мильдің үштен біріндей. Судың түбі тап-таза, қайраң құм. Тастаған зәкір тарс-гүрс етіп суға құлап түскенде, орманнан қарақұрымдай көп құс дүрліге көтеріліп, шулап, айналып ұшып жүрді. Бірақ, сәлден кейін-ақ барлығы ағаш арасына сіңіп, жоқ болды да, қайтадан жым-жырт тыныштық орнады.
Бұғаз жан-жағы тұмшаланған, жабық екен. Айнала қоршаған қалың орманнан бұғаз, тіпті көрінбейді. Судың жиегінен-ақ орман басталады. Жағалау жайпақ, жазық жер. Әріректе амфитеатр тәрізденіп, төбе бөктері көрініп тұр. Тоған суындай тып-тыныш бұғазға жағалары шалшыққа, батпаққа айналған екі кішкене өзен келіп құйып жатыр. Өзен жағалауларында өсіп тұрған сарылы-қызылды әдемі өсімдіктер ауаға түрлі улы, қолайсыз иіс таратып тұрғандай сезікті әсер қалдырады. Кемеден қарағанда тұрғызылған құрылыс та, қоршаған шарбақ та көрінбейді. Оларды орман-ағаштар түгелдей көлегейлеп тұр, егер қолымызда карта болмаса, мұхит түбінен көтеріліп арал пайда болған сонау заманнан бастап күні бүгінге дейін бұл жерге алғаш аяқ басқан тек біз болармыз деп, ойлауымыз да мүмкін еді.
Ауа тымық, леп білінбейді. Тек аралдың екінші бір жақ шетіндегі жартастарға соғылып, шағылысып жатқан толқын сарыны ғана тыныштықты бұзып тұр. Кеме маңынан бірдеменің борсығаны сияқты дымқылдықтан базданған жапырақтардың, шіріген ағаштардың қолайсыз иісі біліне бастады. Доктордың үлесіне шірік жұмыртқа тиген кісіше бетін тыржитып, ауаны иіскегіштеп, өзімен-өзі болып жүргенін байқадым.
— Аралда қазына бар ма, жоқ па, қайдам, — деді ол, — бірақ безгек бар екеніне басымдағы паригіммен ант ете алам.
Команданың сыңайы қайықта отырғанымызда-ақ мені мазасыздандыра бастап еді. Енді кемеге оралғанда, тіпті асқына түсті. Матростар өзара сөйлесіп, палубада әрлі-берлі босқа сенделеді. Түкке тұрғысыз, болмашы бұйрықтың өзін наразы тыңдап, әрең-әрең орындайды. Наразылық індеті бейбіт матростарға да жұқты, ал жұртты тәртіпке шақыратын бір адам табылмады. Сөйтіп, бүліншілік толғағы жақындап, нажағайы жарқылдаған жауар бұлттай, басымызға қауіп төне түсті.
Каютадағы біздер ғана емес, қауіп төнгенін басқалар да сезген екен Ұзын тұра Джон бір топтан екінші топқа барып, бірде біреулерін үгіттеп, бірде өзі үлгі көрсетіп, тәртіп бұзылмауына барын салып-ақ жүр. Елгезектік білдіріп, сыпайы көрінуге тырысып, жаны қалар емес. Жұрттың бәрімен де жымия сөйлеседі. Не бұйрық айтылса да:
— Құп, құп болады, сэр! — деп көңілдене дауыстап, ағаш аяғымен шоқаңдай басып, алдымен Джон жүгіреді.
Ал, тіпті, істейтін еш жұмыс табыла қоймаса, басқа матростардың қабағы ашылмай, түнеріп жүргені онша көзге ұрмасын деп, ән сала бастайды және бірінен соң бірін шұбыртып айтады.
Осы бір қатерлі күнгі өзіміз көрген сорақылықтардың ішіндегі ең жиіркеніштісі — Ұзын тұра Джонның қылықтары болды.
Біз кеңесуге каютаға жиналдық.
— Сэр, — деді капитан, — мен бұйрық берсем-ақ бүкіл команда бізді бас салайын деп отыр. Жағдайды өзіңіз көріп отырсыз ғой, сэр! Қит етсем, анау да, мынау да бетімнен ала түседі. Дөрекі сөзге дөрекі жауап қайтарсам, күл-талқанымызды шығарар еді. Ал жауап қайтармай, бәрін үнсіз басымнан асыра берсем, оны Сильвер байқап қалуы мүмкін де, тіпті тақырға отыруымыз ықтимал. Ал қазіргідей жағдайда иек артатын біздің бір ғана адамымыз бар.
— Ол кім? — деп сұрады сквайр.
— Ол — Сильвер, сэр, — деді капитан. — Жанжал шығып кетпеуіне ол қазір бізден кем тырысып жүрген жоқ. Аналардыкі — шолжаңдық, ал Сильверге жағдай туғыза алсақ, мерзімінен бұрын бүлік шығармауға ол басқаларын көндіреді... Менің ұсынысым — қарақшыларын тыпыр еткізбей көндіруіне Сильверге жағдай туғызуымыз керек. Ол үшін қыдырып қайтыңдар деп матростарды жағаға жіберейік. Егер барлығы түгел кетсе несі бар... онда өзіміз кемені қолға түсіреміз. Ал енді ешқайсысы да кетпей қойса, каютаға кіріп бекінеміз де қорғанысқа көшеміз. Егер жарым-жартысы ғана кетсе, көрерсіз де тұрарсыз, Сильвер оларды кемеге оралғанда қойдан жуас, тіл алғыш етіп әкеледі.
Осы байламға тоқтадық. Сенімді адамдарға оқтаулы таланға үлестіріп бердік. Хантер Джойс, Редрут — үшеуіне ойластырған шешімімізді жасырмай айтып бердік. Бұл жаңалығымызды естігенде, олар онша таң қала қойған жоқ, біз күткендей емес, тіпті жайбарақат қарсы алды. Бұдан кейін капитан палубаға шығып, командаға арнап сөз сөйледі.
— Жігіттер! — деді ол. — Бүгін көп жұмыс атқардық, бәріміз де әбден шаршадық. Жағаға шығып, қыдырып қайту ешкімге де зиян бола қоймас. Қайықтар түсірулі тұр. Жағаға барғысы келетіндер қайыққа мінсін. Күн батуға жарты сағат қалғанда зеңбірек атып өзім белгі берем.
Әлгі ақымақтар қазынаны бізден бұрын-ақ тауып аламыз деп дәмеленген болса керек. Салған жерден қабақтары ашылып, көңілденіп кетті. Олар "ура" деп қатты айқайлап жібергенде, алыс төбелерде жаңғырығып шошыған құстар тағы да дүр көтеріліп, аспанды айналып ұшып жүрді.
Капитан өте дұрыс жасады: жағаға саяхат әбігерін басқаруды Сильверге тапсырды да, өзі кетіп қалды. Оның бұдан басқа істер амалы да жоқ еді. Палубада қалса, әлі де түк түсінбеген адам болып көріне білуі неғайбыл болатын.
Енді бәрі де айдан анық түсінікті болды. Капитандары — Сильвер, оның бүлікшілерден құраған командасы бар. Ал бейбіт матростар — (кемеде ондайлардың да бар екені анықталды) барып тұрған ақымақтар екен. Мүмкін, басшылары оларды да бізге қарсы қойып үлгерген шығар, бірақ түбі насырға шабатын іске олар қатысқылары келмеген сияқты. Тіл алмау, күңкіл шығару, жалқаулыққа салыну — бұл бір; кемені басып алып, кісі өлтіру, жазықсыздан-жазықсыз адамдардың қанын төгуге ортақтасу — бұл екінші бөлек қой. Ұзақ айтыстан кейін команда былай бөлінді: алтауы кемеде қалатын болды, ал қалған он үші, оның ішінде Сильвер де бар, бөлініп-бөлініп қайықтарға міне бастады.
Тап осы арада мен алғаш рет тәуекелге бел буып, бір күтпеген әрекетке қойып кеттім және осы қылығым кейін бізді ажалдан құтқарып қалды. Мен былай түйдім: Сильвер өзінің алты қарақшысын кемеге қалдырып бара жатқандықтан, біз кемені бәрібір басып ала алмаймыз. Екінші жағынан, олардың кемеде қалғандары тек алты кісі болғандықтан, менің қазір кемеде қажетім шамалы. Сондықтан мен аналармен бірге жағаға кетуді ұйғардым. Лезде кеменің ернеуінен ырғып түсіп, ең жақын тұрған қайықтың тұмсық жағынан кеп мініп алып ем, қайық та сол бойда жүріп кетті.
Маған мән бере қойған ешкім болған жоқ, тек ескекте отырған ең алдыңғы матрос:
— Бұл — сенбісің, Джим? Сәл бұғыңқырап отыр, — деді де қойды.
Бірақ, қайықта отырған Сильвер біздің жағымызға анықтап қарай түсіп, мен екеніме көзін жеткізу үшін дауыстап менің атымды атады. Бұлармен бірге кеткеніме, міне, осы сәтте өкінуіме тура келді.
Қайықтар жағаға қарай жарыса жөнелді. Бірақ, мен мінген қайық алдымен қозғалған болатын. Бұл өзі жеңіл, жүрдек қайық екен әрі ескекке отырғандар мықтырақ болып шықты ма, әйтеуір, біз бірден екінші қайықтан озып кеттік. Қайықтың тұмсығы жағаға тиісімен-ақ мен бұтақтан шап беріп ұстай алып, секіріп шықтым да, қалыңға қойып кеттім. Сильвер мен оның жолдастары менен жүз ярд шамасы кейінде қалды. Оның: "Джим, Джим!" — деген айқайын естідім.
Бірақ, оның айқайына қарайлаған мен жоқ, әрине. Алды-артыма қарамастан бұта біткеннен орғып, секіре, сындыра, қалың қау кездессе, арасына сүңги отырып, әбден әлім бітіп шаршағанша ілгері қарай жүгіре бердім, жүгіре бердім...
XIV ТАРАУ
Алғашқы соққы
Ұзын тұра Джоннан қашып құтылғаныма қуанған мен едәуір көңілденіп, енді жан-жағыма көз салып, бейтаныс жерді зерттей қарап келемін.
Алдымен бір батпаққа тап болдым, үйеңкі, қамыс өскен жер екен, бұрын мен көрмеген басқа да бір ағаштар кездеседі. Бұдан кейін бір жан-жағы ашық, ұзындығы бір мильдей құмдақ, жазық алаңның шетіне шықтым. Бұл арада әредік-әредік қарағай, тағы бір бұтақтары қисық-қисық боп иретілген, өзі еменге ұқсас, бірақ жапырақтары үйеңкінікі сияқты ақшыл келген ағаштар өсіпті. Алыстан қос өркешті тау көрінеді: екі ғажайып құз-жартасты шыңның басы күн сәулесімен шағылысып тұр.
Өзімді алғаш рет жат ел, бейтаныс өлкелердің зерттеушісі ретінде сезініп, көңілімді қуаныш биледі. Арал елсіз боп шықты. Менімен бірге келген адамдар көп жер артта қалды, енді мен тағы аң мен ұшқан құс болмаса, басқа ешкімді де кездестірмейтін болармын деп ойлап келем. Ағаш арасымен еппен басып жүріп келемін. Қалай қарай жүрсем де өмірде көрмеген өсімдіктер, гүлдер кездеседі.
Ана жерден де, мына жерден де жылан тап бола берді. Біреуі тастың қуысына жатып алыпты. Басын көтеріп, айбат шегіп, ысқырып жатыр, даусы айналып тұрған зырылдауық сияқты. Ол жыланның шағып алса, сеспей қатыратын улы жылан екенін мен сол сәтте білсем не дейсіз.
Ақырында, емен тәріздес қалың ағаштың арасына кірдім. Бұл ағаштардың мәңгі жасыл емен деп аталатынын кейін білдім. Құмдақ жерге өсіп тұр, мойыл бұталары сияқты аласа. Кедір-бұдыр бұтақтары, имек-имек жапырақтары үй төбесін жапқан сабан тәрізденіп ұйысып қалған. Тоғай құлама, құмдақ бөктермен төмендей-төмендей келіп, қамыс өскен үлкен батпақты шалшыққа тіреледі екен, ойпаң жақындаған сайын ағаштардың бойы биіктеп, аралары қалыңдай түсіпті: бұғазға құятын екі өзеннің бірі осы батпақтың үстімен ағып жатыр. Батпақ бетінен аспанға көтерілген будан Қарауыл Дүрбі дір-дір етіп, сағым көшкендегідей тербеліп көрінеді.
Кенет қамыс сылдыр ете түсті. Қырқ-қырқ етіп дауыстап, бір үйрек ұшып көтерілді, ізінше екіншісі ұшты, содан кешікпей-ақ шулап батпақ үстін айнала ұшқан құс қара бұлттай қаптап кетті. Батпақты бойлап біздің теңізшілердің біреу-міреуі келе жатқан болды ғой деп ойлап ем, қателеспеген екенмін. Сәлден кейін алыстан сөйлесіп келе жатқан бір-екі кісінің даусын естідім, жақындаған сайын дауыс анығырақ естіле бастады.
Зәрем ұшқаны соншалық, таяудағы мәңгі жасыл емендердің арасына, қалыңға жып етіп кірдім де, тасаға жасырынған тышқандай жым болдым.
Жауап қайтарған екінші дауыс естілді. Содан кейін қайтадан бірінші дауыс иесі сөйлеп еді, оның Сильвер екенін таныдым. Ол ауыз жаппастан сөйлеп келеді. Қасындағы серігінің жауап қайтаруы сирек. Дауыстарына қарағанда, өте қызбаланып, тіпті ызаланып сөйлейтіндері байқалады, бірақ сөздерін анық айыра алмаймын.
Енді дауыстары естілмей қалды, сірә, бір жерге аялдаса керек, олай дейтінім, құстар бірте-бірте шулағанын қойып, батпаққа қонды.
Осы сәтте өзім атқаруға тиісті міндеттерден қайткенде де тайқып отырғанымды түсіндім. Қарақшылармен бірге жағаға кетіп ақымақтық істегенім өз алдына, енді ең болмағанда, олардың әңгімелерін есітіп, не кеңес құрып жүргендерін білуге тиіспін ғой. Білдіртпей неғұрлым жақын барып, қисық-қисық бұталардың қалың жапырақтарының арасына кіріп, сөздерін тыңдау — бұл менің міндетім емес пе?
Әлі де үркіп, қона алмай шиқ-шиқ етіп, қалбақтап ұшып жүрген бірер құсқа қарап, екі теңізшінің қай жерде отырғанын дәл бағдарлаған сияқтымын.
Төрт аяқтап жорғалап келемін, жүрісім өнбейді, бірақ, әйтеуір, ілгері жылжып жақындай түстім. Ақыры, басымды көтеріп, жапырақ арасынан сығалап қарасам, батпақ жағасындағы көгалда, ағаш астында бір-біріне қарсы қарап, сөйлесіп тұрған екі кісіні көрдім: біреуі — Джон Сильвер де, екіншісі — тағы бір теңізші.
Екеуі де күнге шыжып тұр. Сильвер қалпағын жерге алып ұрды, оның жылт-жылт етіп тершіген табақтай үлкен, быттиған қуқыл беті қасындағы теңізшіге тіпті жалынышпен қарайтындай нышан танытады.
— Достым, — деді ол, — мен өзіңді хас алтындай қымбат бағалайтын адаммын. Егер өзіңді шын жүрегімнен жақсы көрмесем, сені ойлап, мазам кетер ме еді? Менің айтып тұрғаным — бәрі де кесіліп-пішілген нәрсе, енді сен бәрібір ештеме өзгерте алмайсың. Бар болғаны — мен сені ажалдан құтқарсам деп ем, әйтпесе қасыңда бұлай тұрмас та едім. Егер біздің матростар өзіңмен сөйлесіп тұрғанымды естір болса, мені түтіп жер еді, өзің осыны ойлап көрші!
— Сильвер, — деді, беті қызара бөрткен, қырылдақ даусы қатты керілген арқандай дірілдей шыққан теңізші, — Сильвер, сен ғой жас дейтін жас емессің, әрі ар-ұятың бар адамсың. Тіпті, жамандағысы келген адамның да сені алаяқ деуге аузы бармас еді. Ақшаға да мұқтаж емессің... тіпті ақшаға байсың... қай теңізшіден де қалталы екеніңді білеміз. Және қорқақ дейтін қорқақ емессің. Сөйте тұрып көртышқан сияқты мына пасық, бұзақы адамдармен ауыз жаласып жүруіңнің мәні не, маған осыны түсіндірші? Жоқ, сені олармен бірге деп ойлауға қимаймын. Ал мен өзім, тіпті, басым кесілсе де... ондай опасыздыққа барғым жоқ...
Кенет естілген айқай-шу теңізшінің сөзін бөліп жіберді. Ақыры, міне, бір адал теңізші кездестіріп тұрмын. Тап осы сәтте бұдан басқа тағы да бір адал теңізші бар екеніне көзім жетті. Батпақтың арғы тұсынан, алыстан ашулы, қатты айқай шықты, ізінше біреудің денең түршігерліктей жан даусы шыға шыңғырғаны естілді. Қарауыл Дүрбінің жартастарына жаңғырыққан әлгі дауыс бірнеше қайта тағы естілді. Ду көтерілген батпақ құстары аспанды жауып кетті. Кейін қайта қона бастаған құстардың қанат сусылынан, алыстан талып жетіп тұрған теңіз сарынынан басқа дыбыстың бәрі де басылып, жым-жырт тыныштық орнағанмен де, әлгі ащы дауыс көпке дейін құлағымнан кетпей қойды.
Иесі қатты тебініп қалған жүрдек аттай Том селк ете түсті. Ал Сильвер тіпті елең етпеді. Балдағына сүйенген күйі шағуға әзірленген жыландай, Томнан көз алмайды.
— Джон! — деп қалды теңізші оған қолын соза түсіп.
— Тарт қолыңды! — деп айқайлап жіберді Сильвер акробатша жып етіп, бір қадам кейін секіріп түсіп.
— Жарайды, Джон Сильвер, қолымды тартайын, — деді теңізші. — Бірақ, менен шошып кетуің өз ниетіңнің қаралығынан ба деп қорқам. Құдай ақына, айтшы, ана жақтағы не айқай?
— Не айқай дейсің бе? — деп қайталап сұрады Сильвер. Жымиып күліп еді, көздері әдеттегідей жарқылдамады, иненің жасуындай сығырайып, дағарадай бетінде әйнектің кішкентай қос сызығындай боп жылт-жылт етті. — Не айқай дейсің бе? Меніңше, бұл Аланның даусы.
Бейшара Том оған тұра ұмтылды.
— Алан! — деді ол. — Топырағы торқа болсын! Теңізші атына кір келтірмей өлді. Ал сен, Джон Сильвер... біз екеуміз көптен жолдас едік, енді жолдастығымыз пышақ кесті үзілді деп біл! Ит құсап өлсем өлермін, бірақ теңізшілік парызыма опасыздық жасамаспын. Аланды өлтірген сендер ғой, иә? Ендеше, қолдарыңнан келсе, мені де өлтіріңдер! Бірақ біліп қой, сендерден қорқайын деп жатқан мен жоқ!
Ер жүрек теңізші осыны айтып, аспазшыға теріс айналды да, адымдай басып жағаға қарай жүрді. Бірақ ұзай алмады: Джон бір бұтақтан жармасып ұстай алды да, қолтығындағы балдағын жұлып алып, Томның артынан шіреніп тұрып, айқай сап найзаша жіберіп кеп қалды. Бар күшімен лақтырған ауыр балдақ сүйірленген істіктей өткір ұшымен ауаны зу етіп тіліп өтті де, қос жауырынның ортасынан барып, кірш етіп, қадала қалды. Бейшара Том екі қолын аспанға көтеріп, қарманғандай болды да, құлап түсті.
Жарақаты ауыр ма, жеңіл ме білмеймін. Дыбысына қарағанда, омыртқасы морт сынған тәрізді. Сильвер оның есін жиюына мүмкіндік берген жоқ. Балдақсыз, жалғыз аяғымен секеңдеп барып, маймылша тез қимылдап, үстіне міне түсті де, дәрменсіз денесіне қатарынан екі рет пышағын сағасына дейін бойлатып, сұғып-сұғып алды. Қанішер жауыздың пышақ сұққандағы ырс-ырс еткен дыбысын бұта арасында отырып естідім.
Бұған дейін ешқашан есімнен танып көрмеген болатынмын, естен тану дегеннің не екенін білмеймін де. Енді, міне, бүкіл әлем сағымдай тербеліп, дөңгеленіп жүзіп барады. Сильвер де, ұшқан құс та, Қарауыл Дүрбінің құз жартасы да дөңгеленіп, айналып, теңселіп кетті. Алуан түрлі қоңырау соғылғандай, алыстан талып жеткен қандай бір дыбыстар екі құлағымды шыңылдатып алып барады.
Есімді жинағанымда жексұрын Сильвер балдағын қолтығына қысып, қалпағын басына киіп те алыпты. Алдында сұлап Том жатыр. Қанішер оған елең етер емес. Өзінің қанға боялған пышағын шөппен сүртіп, тазартып тұр.
Төңіректегі тіршілік бәрі сол баяғы қалпы. Буы бұрқырап, тұман көтеріліп жатқан батпақ үстін де, таудың сонау биік шыңын да күн аяусыз күйдіріп, қуырып тұр. Осының сәл-ақ алдында менің көзімше біреу біреудің қанын ішті дегенге сенудің өзі қиын.
Джон қолын жан қалтасына салып, ысқырғышын алды да, қатарынан бірнеше рет ысқырып жіберді. Күйіп тұрған ыстық ауада ысқырық даусы алысқа кетті. Мен, әрине, бұның не үшін берілген белгі екенін білгенім жоқ, бірақ бойымдағы үрей атаулы бас көтеріп өре түрегелді. Сірә, Сильвердің адамдары осында жиналатын болса керек. Онда олар мені оп-оңай тауып алады. Екі адал теңізшіні өлтірген олар, Том мен Аланнан кейін, мені де құрбандыққа шалмасына кім кепіл?!
Қыбыр етпеуге тырысып, бұталардың арасынан еңбектеп шықтым да, орманға қарай зыта жөнелдім. Қашып бара жатып, кәрі қарақшының өз жолдастарымен айқайласып, бір-біріне хабар берісіп жатқандарын құлағым шалды. Олардың даусы маған бейне қанат бітіргендей, бұрынғымнан бетер қатты жүгірдім. Қалың орман кейінде қалды. Өмірімде тап осындай қатты жүгіріп көрмеген болармын. Қайда, қай бағытта бара жатқанымды ойлап жатуға мұршам жоқ, мақсатым — әйтеуір, әлгі қанішерлерден неғұрлым ұзай түсу. Жүгірген сайын үрейім де үдей түсетіндей, тіпті, ақырында, зәрем ұша қорыққанымнан есімнен тана жаздадым.
Жағдайымның соншалық мүшкіл екенін білемін. Зеңбірек атылғанда, үстеріне адам қаны шашыраған мына қарақшылармен бірге барып қайыққа мінуге батылым жетер ме? Олардың кез келгені-ақ көрген бойда мойнымды бұрап үзбесіне кім кепіл? Менің жоқ болып кеткенімнің өзі-ақ менің олардан қорқатынымның, демек, сырларын сезіп қойғанымның дәлелі емес пе? "Бәрі құрыды, — деп ойладым мен. — "Испаньола", қош бол! Сквайр, доктор, капитан, қош болыңдар!" Менің енді, міне, аштан, не қарақшы қанжарынан өлетінім анық.
Бет алдым — құла түз, жүгірген күйіммен екі өркешті аласа таудың етегіне келіп қалғанымды бір-ақ білдім. Аралдың бұл бөлігіндегі мәңгі жасыл емендер сиректеу өседі екен де, бұтаға ұқсамай, кәдімгі орман ағаштары сияқты бойшаңырақ, үлкенірек боп келеді екен. Араларында әр жер әр жерінде төбелерінен қарап, биіктігі елу-жетпіс футқа жететін жалғыз-жарым қарағай кездеседі. Бұл жердің ауасы төмендегі батпақ маңындағыдай емес, бой сергітерліктей таза, хош иісті болып шықты.
Бірақ, бұл арада мені екінші бір қауіп тосып тұр екен, жүрегім тағы да тас төбеме шықты.
XV ТАРАУ
Арал тұрғыны
Таудың құлама құз, жартасты бөктерінен қиыршық тас, құм саулап құйылып кетті де, ағаш арасымен сусылдап төмен сырғыды. Басымды еріксіз көтеріп қалып ем, қарағай тасасына секіріп, жасырына қалған бір сөлекет мақұлықты көріп қалдым. Бұл не? Аю ма? Адам ба? Маймыл ма? Байқап үлгергенім — жүн-жүн, қап-қара бірдеме, шошып кетіп, кілт тоқтай қалдым.
Сөйтіп, алды-артым бірдей тұйыққа кезіктім. Артымда — қанішер қарақшылардың қақпаны тұр да, алдымда — мына бір не екені де белгісіз құбыжық тұр. Беймәлім қауіпке киліккеннен гөрі өзіме белгілі қауіпті көріп алғаным жөн шығар деген тұжырымға келдім бірден-ақ. Мына орман әзірейілімен салыстырғанда Сильверден зәрем ұшуы, тіпті, жай нәрсе сияқты көрінді. Кейін бұрылып, қайықтар тұрған жаққа қарай жүгіре жөнелдім. Қайта-қайта арт жағыма қарап қойып жүгірдім.
Әлгі құбыжық алыстан айналып өтіп, мені басып озды да, енді алдыңғы жағыма шықты. Мен қатты қалжыраған едім. Бірақ, тіпті шаршамаған күннің өзінде де мынадай жел аяқ жаумен тайталаса алмаған болар ем. Әлгі ғажайып мақұлық бір ағаштан екінші ағашқа дейін еліктей орғығанда, тіпті көз ілеспейді. Екі бүктетіліп, жерге тым еңкейе жүгіреді, бірақ, әйтеуір, адамша екі аяғымен жүгіреді. Иә, бұл адам екен, менің енді бұған шүбәм қалған жоқ.
Адам етін жейтін тағы адамдар жайында естігендерімнің бәрі есіме түсе қалды, тіпті енді болмаса көмектесіңдер деп айқайлауға да әзір едім. Бірақ, маған аз да болса, медеу болғаны — әйтеуір, бұл өзі тағы болғанмен де, адам баласы ғой деген ой еді. Енді Сильвердің алдындағы үрей сезімім лезде ояна қалды. Мына тосын жаудан қалай құтылармын деп сәл ойланып, тоқтап қалдым. Осы арада келіп жанымда тапаншам бар екені есіме түсті. Қорғанышсыз емес екеніме көзім жеткеннен кейін батылдана бастадым, енді әлгі арал тұрғынына қарай қаймықпай өзім қарсы жүрдім.
Ол тағы да жасырынып қалды, бұл жолы ағаш артына тығылды. Менің өзіне қарай бет алып келе жатқанымды байқап, тасадан шығып, маған қарсы жүргісі келгендей сыңай танытып еді. Бірақ, жүрексініп бір орында күйбеңдеп тұрып қалды, тіпті бір-екі адым кейін шегінді, содан тізерлеп отыра қалып, жалбарынып, екі қолын маған қарай созды. Бұл — тіпті менің мүлдем күтпеген жайтім еді, аң-таң боп өзім дағдарып қалдым.
— Сіз кім боласыз? — деп сұрадым.
— Бен Ганнмын, — деді ол: тот басып, шиқылдаған ескі құлыптай даусы әлем-тапырақ боп қырылдап шықты. — Мен Бен Ганн деген бақытсыз бейшарамын. Тірі жан көрмей, жападан-жалғыз жүргеніме үш жыл болды.
Бұл да мен өзім қандай болсам, сондай ақ нәсілді адам боп шықты, бет әлпетін, тіпті сымбатты деп айтуға болады. Тек күнге күйгеннен соншалық қарайыпты, тіпті еріндеріне дейін қап-қара. Қоңырайып, тотыққан бетінде екі көзі ғана бозғылданып ала бөтен көрінеді. Талай қайыршыны көргенмін, бірақ тап осындай алба-жұлба адамды көруім бірінші рет. Үстіндегі лыпасы — ескі желкеннің және матрос көйлегінің әбден іріп біткен сілемдері ғана. Сол сілемдердің бір жерін жез түймемен, бірін майысқақ шыбықпен, енді бір жерлерін қара май-қара май боп ұйысқан кендір талшықтарымен ұстатып қойыпты. Үсті-басындағы бірден-бір бүтін дүниесі — жез доғалы қайыс белбеуі ғана екен.
— Үш жыл болды дедіңіз бе? — деп таң қалдым мен. — Кемеңіз апатқа ұшырағаны ғой?
— Жоқ, достым, мені осы аралға тастап кетті ғой, — деді ол.
Қарақшыларда кінәлы болған жолдастарын азын-аулақ оқ-дәрі беріп, алыс түкпірдегі елсіз аралға жападан-жалғыз тастап кететін жазаның осындай бір сөлекет түрі болады деп естігенім бар-тын.
— Осыдан үш жыл бұрын мені осы аралға тастап кеткен болатын, — деп ол сөзін жалғастыра түсті. — Содан бері ешкі етін, жеміс-жидек, бақа-шаян жеп күн көріп келем. Адам тамағынан өтетін ас табылса, қайда болса да өлмейді екен ғой. Бірақ, кәдімгідей адамша ас ішуге қол жетер күн болар ма екен деп қалай зарыққанымды білсең ғой. Қалтаңда жарты уыс ірімшігің жоқ па?! Жоқ дейсің бе? Әттеген-ай, менің ірімшік пен нан түсіме еніп, сілекейім шұбырғанына талай заман болды... Ояна келсем, түк те жоқ, түсім болып шығады.
— Егер аман-есен кемеме жете алсам, қанша жеуіңізге де жететін ірімшік тауып берер ем, — дедім мен.
Үстімдегі кеудешемді ұстап көріп, қолымды сипап, аяғымдағы етігімді айналдырып қарағыштап, тірі адам кездестіргеніне балаша қуанып, мәз болып тұр байғұс.
Жаңағы сөзімнен кейін маған қулана қарап қойды.
— Аман-есен кемеме жетсем дейсің бе? — деп, менің айтқанымды қайталап айтты. — Саған кедергі болайын деп тұрған біреу бар ма сонда?
— Кедергі сіз емес, әрине, — дедім мен.
— Әрине, мен емес! — деді ол. — Өзіңнің атың кім, достым?
— Джим, — дедім мен.
— Джим, Джим..., — деп рақаттана қайта-кайта атымды атады. — Иә, Джим, өткен өмірімді әңгімелеуге менің өзім де ұялам. Осындай түрімді көріп тұрғанда, менің анамның инабатты, жақсы әйел болғанына кім сенер?
— Сену қиынырақ шығар, — деп шынымды айттым.
— Ал ол, шынында да, жақсы әйел болатын, ондай ана сирек кездеседі, — деді ол. — Мен тәрбие көрген сыпайы бала едім, катехизисті жатқа соққанымда, тез сөйлегенімнен жұрт бір сөз бен екінші сөздің жігін ажырата алмай қалушы еді. Содан, ақырында, не күйге түскенімді көріп тұрсың, Джим. Жасымда зират басына барып, балалармен түрлі құмар ойындардың соңына түстім. Оллаһи шыным, ақша ойыннан басталды да, содан белшемнен бата бердім, бата бердім. Өстіп жүріп түбінде құрисың ғой дейтін анам, сол айтқаны айнымай келді. Бірақ, бар-ау, осы аралда жалғыз қалғаным, түптеп келгенде, пайда болды ма деп ойлаймын. Көп нәрсені ойлап-түйіп, тәубеге келдім. Енді мені арақпен арбау қиын. Әрине, аздап ішуге мен қазір де қарсы емеспін, бірақ тек оймақтай ғана ыдыспен бақыт үшін деп, ырымға бола... Енді түзелем деп өзіме берген сертім бар және көрерсіз де тұрарсыз, сертімді бұзбаймын. Ал бірақ, ең бастысы, Джим... — деп ол жан-жағына қарап алып, енді сыбырлап сөйлеуге көшті, — ең бастысы — мен енді шіріген баймын.
Осы сәтте мына бейшараның жалғыздықтан шатасып, есі ауысқандығына әбден көзім жетті. Бұл пікірім бет әлпетімнен білініп қалса керек, ол қызбаланып, өршелене сөйледі:
— Рас айтам, баймын! Баймын! Джим, естіп тұрсың ба, мен сені адам етіп шығарам! Ай, Джим-ай, енді басқалардан бұрын алдымен өзің кездестіргенің үшін тағдырға рақмет айтуға тиіссің ғой!.. — Кенет оның бет әлпеті сұстанып, қолымды қатты қысып жіберді де, саусағын шошайтып, үрей туғыза:
— Джим, маған шыныңды айтшы, мынау Флинттің кемесі емес пе? — деді.
Маған осы арада: неге мына кісіні өзімізге одақтас жасап алмасқа деген бір жақсы ой сарт ете қалды. Сұрағына іле-шала жауап қайтардым.
— Жоқ, Флинттікі емес. Флинт өлді. Білгіңіз келгені шындық болса, шындық мынадай: кемеде Флинттің бірнеше ескі достары бар, біздің сорымыз болып отырғандар да солар.
— Ішінде... жалғыз аяқты біреуі жоқ па? — деді ол ентіге сөйлеп.
— Сильвер ме? — деп сұрадым мен.
— Иә, Сильвер! Сильвер! Оның аты — Сильвер болатын.
— Сол — біздің аспазымыз. Бүлікшілерге бас болып жүрген де сол.
Ол менің қолымды әлі босатпаған болатын, мына сөзімді естігенде, қолымды сындырып жібере жаздады.
— Егер Ұзын тұра Джон сені әдейі жіберіп отырса, онда менің құрығаным болды. Бірақ, өзіңнің қайда тұрғаныңды білетін шығарсың?
Не істеу керек екені жайында мен бірден-ақ дұрыс шешімге келген сияқтымын: өзіміздің осы сапарымыз туралы, қазір қандай қырсыққа душар болып отырғанымыз туралы бәрін дымын қалдырмай айтып шықтым. Мені зор ықыласпен тыңдаған ол әңгімем аяқталған кезде, басымнан сипады.
— Өзің жақсы бала екенсің, Джим, — деді ол. — Бірақ, енді бәрің де тұйыққа тіреліп тұрсыңдар. Ештеме етпес, Бен Ганнга сенсеңдер, көріңдер де тұрыңдар, ол сендерді құтқарып алады. Сквайр өзін пәледен құтқарған адамға қалай қарар екен, соны айтшы?
Мен оған бүкіл әлемде Сквайрдай мырза кісі жоқ деп жауап қаттым.
— Жарайды, жарайды... Бірақ, түсінсең, мен оған малайлыққа немесе күзетшілік қызметке ал деп өтініш айтпақ емеспін, — деп ол сөзін әрі жалғастырды. — Жоқ, ондайыңа қызығатын мен емес! Анау көп ақша онсыз да менің ақшам ғой, бірақ сол ақшадан Сквайр ең болмаса бір мың фунтын маған бере ме, сол ғой, менің білгім кеп тұрғаны?
— Беретініне еш шүбәм жоқ, — дедім мен. — Матростардың бәрі де ол қазынадан өз үлестерін алатын болып келе жатқан.
— Мені үйіме де апарып сала ма? — деп сұрады ол күдіктенген адамша бетіме сынай қарап.
— Әрине, — дедім мен. — Сквайр — нағыз джентльмен адам. Ол өз алдына, ал оған қоса, қарақшылардың құрығынан құтылсақ, сіздей тәжірибелі теңізшінің болуы біздің кемемізге артықшылық ете ме?
— Апыр-ай, сонда, шынымен-ақ үйіме апарасыңдар-ау, ә? — деп, ол жүрегі орнына түскен адамдай күрсініп қойды.
— Ендеше, менің әңгімемді тыңда, — деп, ол сөзін жалғастыра түсті. — Флинт қазынаны осында көмгенде — мен соның кемесінде болғанмын. Флинттің қасында еңгезердей, мықты-мықты алты теңізші болды. Олар Аралда бір аптадай уақыт өткізді, ал біз ол кезде ескі "Моржда" отырдық. Бір күні біз арал жақтан келе жатқан қайықты көрдік, қайықта Флинт отыр, басын көк орамалмен байлап алыпты. Күн жаңа шығып келе жатқан кез еді. Флинттің өңі құп-қу, сірә, өлген адам да мұндай қан-сөлсіз болмас... жалғыз жүзіп келеді, ал қалған алтауы өлтірілген.. Иә, өлтірілген де, көмілген болып шықты... Оларға қалай әлі жеткенін біздің ешқайсымыз ешқашан біле алмай-ақ кеттік. Олар төбелесті ме, пышақтасты ма немесе бірден мүрдем кетті ме... Әйтеуір, олар, алтау, бұл жалғыз болатын!.. Билли Боне — штурман, ал Ұзын тұра Джон — квартирмейстер болды. Бұлар Флинттен қазына қайда деп сұрап та көрді. "Жағаға барыңдар да, іздеп көріңдер, — деп жауап қатты ол. — Бірақ, өтірік айтсам, басыма жай түссін, кеме сендерді күтіп тұрмайды". Міне, Флинттің оларға қайтарған жауабы осы болды. Ал осыдан үш жыл бұрын мен өзім басқа бір кемемен жүзіп келе жатқанымда осы аралды кездестірдік. "Жігіттер, — дедім мен, — осы араға Флинт қазына көміп кетіп еді. Жағаға шығып, іздеп көрсек қайтеді? Капитанымыз қатты ашуланды. Бірақ, матростардың бірі қалмай бәрі мені жақтады да, содан кемені тоқтатып, жағаға шықтық. Күн өткен сайын жолдастарымның маған деген ашу-ызасы да өрши түсті. Ақыры, олар кемеге қайтпақ болды. "Ал сен, Бенджамин Ганн, осында қаласың, — деді олар маған. — Мына мылтықты, темір күрек, сүйменді саған қалдырамыз, Бенджамин Ганн... Осында қал, кім біліпті, мүмкін, Флинттің ақшасын да іздеп тауып аларсың". Содан бергі үш жыл бойы, Джим, осында тұрып, адам баласына лайық дені дұрыс тағам ішіп көрсем не дейсің. Өзің маған қарашы, мен жайдан-жай матросқа ұқсаймын ба?.. Ұқсамайсыз дейсің бе? Және ешқашан ұқсап көрген емеспін.
Ол бір түрлі ерсілеу етіп маған көзін қысты да, қолымды қатты шымшып алды.
— Сквайрыңа осылай айт, Джим, ол ешқашан жайдан-жай матросқа ұқсамаған де, — деп, ол сөзін әрі жалғастырды. — Бен осында, аралда жалғыздан-жалғыз үш жыл өткізіпті, күндіз де, түнде де, күн ашық кезде де, бұлыңғыр жаңбырлы кезде де ол жалғыз болыпты деп айт. Кейде, мүмкін, құдайға құлшылық етуін ұмытпаған шығар, кейде әлдеқашан дүние салған кәрі шешесін есіне алған шығар, — деп айт оған... Бірақ уақытының көбін... де... мұны айтуды ұмытуға, тіпті де болмайды... уақытының көбін Ганн басқа бір жұмысқа арнапты де. Осыны айтарыңда оның қолын былай шымшып ал.
Осылай деп, ол менің қолымды ең жақын досымша шымшып алды.
— Сен және оған былай де, — деп, ол сөзін әрі қарай соза түсті. — Ганн — өте жақсы адам, ол олжашыл джентльмендерден гөрі жаратылысынан джентльмен адамдарға көбірек сенеді: өйткені оның өзі бір кезде олжашыл джентльмен болған көрінеді де.
— Сіздің бұл айтқаныңызды түсініп жарымадым, — дедім мен. — Тіпті, қазіргі сәтте түсінгенде де, түсінбегенде де оның айырмасы шамалы, өйткені кемеге қалай жетудің амалын бәрібір біліп тұрған мен жоқ.
— Е-е, ендеше, жағдайың мүшкіл екен, — деді ол. — Бірақ, қорықпа, менің өзімнің тура мына өз қолыммен істеген қайығым бар. Анда бір ақ жартастың түбіне жасырып қойғанмын. Нағыз қиын болып бара жатса, біз қараңғы түскесін сонымен барармыз... Тоқта! Анау немене болғаны? — деп, ол кенет айқайлап жіберді.
Тап осы кезде кеме жақтан зеңбірек атылып, гүрс ете түсті. Жаңғырығып, гүр-гүр еткен бұл дауыс бүкіл аралды басына көтерді. Ал күн батуына екі сағаттай уақыт бар.
— Ойбай-ау, анда ұрыс жүріп жатыр ғой, — дедім мен де айқайлап. — Жүріңіз, менімен бірге! Тезірек! Тезірек!
Осыны айтып, мен әлгіндегі үрейлерімнің бәрін ұмытып, кеме тұрған жаққа қарай жүгіре жөнелдім. Бейшара тұтқын да маған ілесіп, аяқ-қолы жерге тимей дедек қағып жүгіріп келеді.
— Солға таман, солға таман! — деп маған ескертіп қояды. — Солға таман жүгір, Джим, айналайын! Орманның шетін ала жүрейік. Міне, мен осы арада алғаш рет ешкі атып алғанмын. Енді бұл араға ешкілер келмейтін болды. Олар қазір тек анау тау басында, жоғарыда жайылады, өйткені Бенджамин Ганн атып алады деп қорқады... Ә-ә! Міне, мынау — мола. Төмпешіктерді көріп келесіз бе? Мен анда-санда, сірә, күн жексенбі болар деп ойлаған кездерімде осында келіп, шоқынып кететінмін. Бұл, әрине, шіркеу емес қой, дегенмен осы жерде шоқынсам, бір түрлі салтанаттырақ өтетін сияқты. Уағызшысыз, тауратсыз жалғыз өзім болғанмен де, әйтеуір, көңіл үшін...
Ол жүгіріп келе жатып, тоқтамастан сөйлеп келеді, сөйлеп келеді. Менің жауабымды күтпейді және менің оған жауап қатып жататын шамам да жоқ болатын.
Зеңбірек атылғаннан кейін ұзақ уақыт тыныштық орнады, содан кейін бір дүркін бірнеше мылтықтың қатар атылған даусы шықты.
Тағы да тыныштық орнады. Содан кейін алдымыздағы орман үстінен бізден ширек мильдей қашықтықта британ жалауы желбіреп көрінді.
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ. АҒАШ ШАРБАҚ
XVI ТАРАУ
Бұдан кейінгі оқиғаларды әңгімелеп берген доктор.
Кемені қалай тастап кеткеніміз жайлы
Екі қайық та "Испаньоладан" сағат бір жарым шамасында, яғни, теңіз тілімен айтқанда, үш склянка соққан кезде кетті. Капитан, сквайр және мен — үшеуміз каютаға кіріп, енді не істейтініміз туралы ақылдасып отырмыз. Сәл жел тұрса-ақ кемеде қалған алты бүлікшіні тұтқиылдан бас салар едік те, зәкірді көтеріп, теңізге шығып кетер едік. Бірақ, жел тұрмады. Және сол екі арада Хантер келіп, Джим Хокинс жып етіп қайыққа мінді де, қарақшылармен бірге жағаға кетіп қалды деген хабарды жеткізді.
Әрине, Джим Хокинс опасыздық жасаған екен деп біз әсте ойлаған емеспіз, бірақ жазым бола ма деп қатты қынжылдық. Ол мейлінше-ақ тісін қайрап жүрген матростарға еріп кетіпті, сондықтан, шынын айтсам, Джимді енді қайтып тірі көрмейтін шығармыз деп ойладық. Асығып палубаға шықтық. Қарағай шырыны еріп, қуыс-қуысты толтырып, көпіршіп шығып жатыр. Батпақтың бусануынан айналаны мүңкіген сасық иіс жайлап алыпты, содан жүрегім лоблып кете жаздады. Бұл жиіркенішті арал безгек пен дизентерияның нағыз ұясы болса керек. Алты жексұрын бүлікші желкен астына кіріп, бак үстінде отыр. Қайықтар жағада, бір кішкентай өзеншенің теңізге құйып жатқан сағасына таяу жерде тұр, әр қайықта бір-бір матростан қалдырылыпты. Біреуі "Лиллибуллеро" әнін ысқырып салып отыр.
Арты не болар деп күтіп отыра беруге бұдан әрі төзе алмадық, ендігі жерде Хантер екеуіміздің кішкене қайыққа мініп, барлауға шығып келуіміз жөн шығар деп шештік.
Қайықтар кеменің оң жақ тұсында тұрған еді. Ал біз Хантер екеуіміз картада ағаш шарбақ көрсетілген жерге қарай тура тарттық. Қайықтарды күзетіп отырған матростар бізді көріп, қипақтап, әбігерге түсіп қалды. "Лиллибуллеро" тыйылды. Екеуінің өзара әлдене жайында айтысып жатқанын көріп келеміз: сірә, не істейміз деп, соны шеше алмай жатқан болса керек. Егер олар Сильверге хабар жеткізсе, барлығы басқаша болар ма еді, қайтер еді. Бірақ оларға дүние күйіп кетсе де, қайықты тастаушы болмаңдар деп бұйырылған тәрізді. Жайбарақат орындарына отырысты, біреуі "Лиллибуллеро" әнін қайтадан ысқыра бастады.
Жағалау осы тұста сәл иіліп, шағындау мүйіс құрайды екен, мен қайықты сол кішкене мүйіс біздің қай жерге тоқтағанымызды көрсетпей, дұшпан көзінен тасалап қалатындай етіп жүргізіп келем. Жағаға секіріп шығып, бар пәрменіммен жүгіре жөнелдім: күйдіріп, қуырып тұрған күннен басымды қорғау үшін қалпағымның ішіне жібек орамал салып алғанмын. Екі қолымда оқталған екі тапаншам бар.
Жүз ярд жер жүгіріп өтпей-ақ, ағаш шарбақтың дәл үстінен түстім.
Суы тап-таза, мөп-мөлдір қайнар кішкене төбешіктің тас төбесінен жерді жарып шығып, атқылап жатыр. Тап сол араға қайнарды қоршай, бөренеден қиюлап істеген биік үй салыныпты. Ішіне қырық шақты кісі сыйып кететіндей. Үйдің қабырғаларынан жағалай мылтық атуға ыңғайлы етіліп, тесіктер жасалған. Үйдің айналасының ағаштары кесіліп, жалаңаш алаң жасалған,ал алаңның жан-жағына жағалай биіктігі алты футтай ағаш қазық қағылып, кең шарбақ істеліпті: шарбақтың кісі кіретін есігі түгіл, тіпті ешқандай тесігі де жоқ. Шарбақты сындыру күшке түсер еді, ал үйде отырғандардың атқан оғынан шарбақтың арғы бетіне ығысып, бас сауғалаудың да еш мүмкіндігі жоқ. Кім де болса, үйдің ішіне кіріп, дұрыстап орналасып үлгерсе, сырттан шабуыл жасағандарды шілдей қырып салар еді. Қырағы күзетшілері, мол азық-түлігі болса болды, одан кейін мейлі тұтас полк шабуыл жасаса да, ондағылар төтеп берер еді.
Мені, әсіресе, қуантқан жаңағы қайнар болды. Шынында, "Испаньоланың" каютасы ішінде де жаман емес-тін, қару-жарақ көп, жауынгерлік оқ-дәрі көп, азық-түлік көп, тамаша арақ-шарап та жетерлік еді, ал бірақ ауыз су жоқ болатын. Біреудің өлер алдындағы шыңғырған жан даусы жеткенде мен өзімнен-өзім осындай әр түрлі жайларды ойлап отыр едім. Менің кісі өлімімен бірінші кездесуім еместін: өзімнің герцог Кемберлендскийдің армиясында қызметте болып, Фонтенуа маңында жарақаттанған кезім де болған-ды, әйткенмен, мына бір тосын айқай бүкіл жан дүниемді түршіктірді. "Джим Хокинс қаза тапқан болды ғой", — деп түйдім ішімнен.
Байырғы солдат болу — адамды ысылдырады, ал докторлық қызмет бұл ретте одан да маңыздырақ. Бұл дәрігерлік қызметте бір минуттың өзін де ысырап жасамауға дағдыланамыз ғой. Мен не істеу керек екенін табан астында ойластырып үлгердім де, ә дегенше, жағаға қайтып оралып, қайыққа секіріп міндім.
Бір жақсысы — Хантер есуге өте шебер екен. Бұғаз бойымен зымырап келеміз. Қайығымыз кеме бортына тіреліп тоқтаған бойда мен қайтадан кеме үстіне шықтым. Достарым үрпиісіп қалды. Сквайр өзі жақсы адам ғой, бәріміздің осыншама қауіпке душар болғанымызға кінәлы өзі екенін ойлап, түсі аппақ қудай боп отыр екен. Бак үстіндегі матростардың ішінде де біреуі өңі қуарып, абыржып отыр.
— Ана матрос, — деді капитан Смоллетт иегін көтеріп соны мегзеп, — талаушылыққа әлі еті үйренбеген кісі. Доктор, сіз оның әлгінде айқай естілгенде, есінен тана жаздағанын көрсеңіз. Сәл-пәл әрекет істеп көрсек, ол, сірә, біз жаққа шығатын шығар.
Мен капитанға өзім ойластырған жоспарымды айтып бердім, содан кейін бәріміз бірге соны талқыға салдық.
Редрут қарияны қолына үш пе, төрт пе оқтаулы мылтық, қалқан ретінде қалың матрац төсеніш беріп, каюта мен бактың арасындағы коридорға қойдық. Хантер қайықты кеменің арт жағына айдап әкелді, біз Джойс екеуіміз оқ-дәрі мен мылтықтарды, кепкен нан мен шошқа етін тией бастадық. Одан кейін қайыққа коньяк құйған бөшкені және менің дәрі-дәрмек салған баға жетпес жәшігімді түсірдік.
Бұл екі арада Сквайр мен капитан екеуі палубаға шықты. Капитан кемеде қалған матростардың бастығы — екінші боцманды шақырып алды.
— Мистер Хендс, — деді ол, — біз, міне, екі адамбыз, әрқайсымыздың екі-екіден тапаншамыз бар. Сіздердің араңыздан қандай болмасын белгі берген адам, кім болса ол болсын, оққа ұшатын болады.
Қарақшылар абыржып қалды. Содан кейін өзара сыбырласып, кеңесіп алып, алдыңғы жақтағы төмен түсетін тамбурға жүгірді, ойлары — бізді арт жағымыздан бас салу еді, бірақ тар сенекте мылтығын оңтайлап тұрған Редрутқа тап болып, сол бойда кейін серпілді. Біреуінің басы палубаға қылт етіп көрінген бойда капитан:
— Төмен жат, иттің баласы! — деп ақырып жіберді.
Бас ғайып болды. Зәрелері ұшқан алтауы да төмендегі бір бұрышқа тығылып, жым бола қалды.
Біз Джойс екеуіміз жүк атаулыны қалай болса солай лақтырып, қайықты бетімен бірдей етіп тиеп болдық. Содан кейін кеменің артқы жағындағы порттан өзіміз де түсіп, қайыққа мініп бар күшімізді сала есіп, жағаға қарай зымырай жөнелдік.
Біздің екінші қайтара келуіміз жағадағы күзетшілердің екеуін де қатты абыржытты. "Лиллибуллеро" қайтадан үзіліп қалды. Біз мүйістің тасасына кіріп үлгермей жатып, олардың бірі қайықты тастап, аралдың ортасына қарай жүгіре жөнелді. Мен осыны пайдаланып, қайықтардың көзін құртсақ па екен деп бір тұрдым да, әй, бірақ, егер Сильвер бүлікшілерімен бірге жағаға жақын бір жерде жүрсе, барға місе тұтпаймыз деп жүріп, аздың өзінен айрылып қалармыз деп қорқа соқтым.
Бұрынғы таныс жерімізге келіп, тоқтап, жүгімізді бекініске таси бастадық. Әліміз жеткенінше артынып-тартынып, жүгімізді портқа жеткізіп, ағаш шарбақ үстінен асырып, ішкі жаққа түсірдік. Күзетуге Джойсты қалдырдық. Ол өзі жалғыз қалып бара жатқанмен бір басына жетерлік бес-алты мылтығы бар. Хантер екеуіміз қайыққа қайтадан барып, тағы да жүктерімізді арқаланып, тасуға кірістік. Осылай дем алмастан тасып, бар жүгімізді жеткізіп алдық. Джойс пен Хантер бекіністе қалды да, мен бар пәрменімше есіп, кейін қарай "Испаньолаға" жөнелдім.
Қайықты тағы бір рет тиеп үлгергіміз келді. Бұл әрекетіміздің қауіпті екені де рас еді, бірақ мұны үстірт пайымдап, ойланбай істелген іс деп те айтуға болмайтын. Жауларымыз бізден сан жағынан көп болғанмен, біздің қару-жарақ жағымыз мықты еді. Жағаға кеткендердің ешқайсысында мылтық жоқ, олар бізге тапанша оғы тиетін жерге дейін жақындап келгенде, біз олардың кемінде алтауын атып түсіретініміз сөзсіз.
Сквайр кеменің арт жақ терезесі алдында мені күтіп тұр екен. Мені көргенде көңілденіп, жадырай түсті. Мен кеменің үстіне лақтырған арқаннан тартып, ол қайықты кемеге тақады да, біз тағы да қайыққа шошқа етін, оқ-дәрі, кепкен нан тией бастадық. Ең ақырында, Сквайр, Редрут және капитан — төртеуіміз үшін әрқайсысымызға бір-бір мылтық, бір-бір кездік таңдап алып, қалған қару-жарақ пен оқ-дәріні теңізге лақтырдық. Бұғаздың терендігі екі жарым сажындай екен, тап-таза қайраң үстінде болат қару-жарақ күн сәулесімен жалтылдап, ап-анық көрініп жатты.
Су кейін серпіле бастады, енді кеме зәкірді айналып, бетін басқа жаққа бұрды. Жағадағы қайықтар маңынан айқайласып сөйлескен дауыстар естілді. Хантер мен Джойс қайықтардың шығыс тұсында болатын, әлгі дауыстардың қайық қасынан естілуі — ол екеуін әзірше ешкім байқай қоймағанының дәлелі еді, бірақ сонда да асыға түсуді жөн көрдік.
Редрут өзінің күзет орнын тастап, қайыққа секіріп түсті. Енді біз капитан Смоллетті мінгізіп алу үшін қайықты екінші бортқа тақадық.
— Жігіттер, менің даусымды естіп тұрған шығарсыңдар? — деп айқайлады ол.
Бактан ешкім жауап қатпады.
— Абрахам Грей, мен саған айтып тұрмын. Үн жоқ.
— Грей, мен кемені тастап кетіп бара жатырмын, ал саған өзіңнің капитаныңның соңынан ілес деп бұйырып тұрмын, — деп, мистер Смоллетт даусын қаттырақ шығарып, сөзін жалғастырды. — Сенің, негізінде, жаман жігіт емес екенің белгілі, анау басқа жігіттер де өздерін соншалық жексұрын көрсетуге тырысқандарымен тап ондай қара ниет болмаса керек. Міне, мен қолымдағы сағатыма қарап тұрмын. Сенің бізге келіп қосылуыңа отыз секунд мерзім беремін.
Тағы да үн жоқ.
— Достым, тез бері шық, уақыт қымбат, босқа уақытымызды алма, — деп капитан әрі қарай сөйлей берді. — Кешігіп, зая кетірген әр минутымыз мына менің және қасымдағы джентльмендердің қазасына көрінуі мүмкін.
Үн-түнсіз алысып-жұлысып, бірін-бірі пергілеп жатқан дыбыстар естілді де, ізінше Абрахам Грей палубаға атып шықты. Бір жақ бетінде пышақ тиген жарақаты бар. Иесі шақырғанда жүгіріп келген ит құсап, ол капитанның қасына лып етіп жетіп келді.
— Мен сіздермен бірге кетем, сэр, — деді ол.
Олар екеуі де қайыққа секіріп түсті, біз сол бойда жүріп кеттік.
Кемені біз тастауын тастадық-ау. Ал, бірақ, ағаш шарбаққа жеткенше әлі талай заман бар.
XVII ТАРАУ
Доктор әңгімесін жалғастыра түседі.
Қайықтан қалай айрылдық?
Бұл ең соңғы — бесінші көшіміз алдыңғылардай онша сәтті аяқтала қоймады. Біріншіден, астаушамызға жүкті шектен тыс көп тиеп жіберіппіз. Өзіміз ересек бес адамбыз, олардың үшеуінің: Трелонидің, Редруттың және капитанның әрқайсысының бойы алты футтан кем емес — осының бәрі аз ба? Оған оқ-дәріні, шошқа етін, қапшық-қапшық кепкен нанды қосыңыз. Қайықтың құйрық жағындағы планширді су көміп-көміп кетеді, бірнеше рет қайыққа су құйылып та кетті. Кемеден жүз ярд ұзамай жатып-ақ менің шалбарымның балағы мен камзолымның етегі шылқылдап су болып қалды.
Капитан бізге жүкті орын ауыстырып, басқаша тиетіп еді, қайығымыз түзелейін деді.
Бірақ, бәрібір қайықты аударып аламыз ба деп зәреміз жоқ, бәріміз жым болып отырмыз.
Екіншіден, судың кейін серпуіне байланысты қатты ағыс басталды: ағыс батысқа қарай беттеп, содан оңтүстікке бұрылып, таңертең біздің кеменің бұғазға кірген өткелі арқылы ашық теңізге шығып жатыр. Біздің аузы-мұрнымыздан шыға тиелген қайығымызды, тіпті сәл иірімнің өзі де аударып кетуі мүмкін еді. Бірақ, бәрінен жаманы — ағыс менің бұрынғы тоқтап жүрген жеріме, мүйістің арғы тұсындағы жағаға жетуімізге мүмкіндік бермей бізді, тіпті, басқа бағытқа әкетіп барады. Егер қарсыласуға әліміз жетпей, ағыстың ырқымен жүре берсек, онда тұп-тура ана екі қайық тұрған жерден шыққан болар едік: ал ол арада қарақшылардың минут сайын қайтып оралуы да ықтимал ғой.
— Мен қайықты ағаш шарбақ тұрған жаққа бұра алмай келемін, сэр, — дедім мен капитанға. Мен рульде отыр едім де, ал әзірше шаршай қоймаған капитан мен Редрут екеуі есіп келе жатқан. Ағыс әкетіп барады. — Ескекке күш салуға болмас па екен?
— Ескекке күш салсақ, қайыққа су толтырып аламыз ғой, — деді капитан. — Әлде де бұруға тырысып көріңіз, тіпті тура ағыстың өзіне қарсы жүргізіңіз. Өтініп сұраймын, барыңызды салып бағыңыз.
Мен қайықтың тұмсығын тура шығысқа бұрып, өзіміздің жүруге тиіс бағытымызға кесе-көлденең бағыт ұстағанға дейің, бізді ағыс батысқа қарай ығыстырып әкете берді.
— Бұлай жүре берсек, ешқашан жағаға шыға алмайтын болдық қой, — дедім мен.
— Бұдан басқа қай бағыт ұстансақ та, ағыс бізді ықтырып әкетіп отыр. Сондықтан, сэр, осы бағытымыздан аумағанымыз жөн, — деді капитан. — Біраз жер ағысқа қарсы көтерілуіміз керек. Ал егер, сэр, ағыс бізді ағаш шарбақтың ық жағына айдап әкетсе, онда қай жерден шығарымыз, тіпті де белгісіз, — деп ол сөзін соза түсті, — және-дағы қарақшылардың шабуылына ұшырап қалуымыз да мүмкін Егер осы бағытымыздан танбай отырсақ, ағыс екпіні кешікпей басылады, содан кейін жағаға жақындаймыз да, қалай жүреміз десек те еркіміз болады.
— Ағыс қазірдің өзінде бәсеңдеді, сэр, — деді қайықтың тұмсық жағында отырған матрос Грей. — Енді жағаға қарай сәл бұруыңызға болады.
— Рақмет, айналайын, — дедім мен оған, арамызда ешқашан ешқандай ырың-жырың болмаған адамдай алғыс айтып.
Біз бәріміз де онымен осылай, тіпті о бастан-ақ ол біз жағында болған адамдай сөйлесейік деп, үнсіз ұғысқан болатынбыз.
Кенет капитан:
— Зеңбірек, — деп айқайлап жіберді, даусы өзгеріп, әлемтапырық шықты.
Капитан қарақшылардың бекіністерді зеңбіректен атқылау мүмкіндігі туралы айтып отыр ғой деп, мен:
— Ол туралы менің де ойыма келген-ді, — дедім. — Олар ешқашан зеңбіректі жағаға жеткізе алмайды. Ал, тіпті жеткізген күнде де, ол бәрібір орман ішіне батып қалады.
— Жоқ, сіз кейінгі жаққа қараңыз, — деді капитан.
Асығып-үсігіп жүріп, біз тоғыз фунттық зеңбіректі мүлде есімізден шығарыппыз. Бес бұзақы зеңбіректі айналшықтап, оның "күртесін" шешпек боп әуреленіп жүр. Олар "күрте" деп зеңбіректі қаптап қоятын май сіңген жамылғышты айтатын. Кемеде зеңбіректің дәрісі мен оқтары қалғаны есіме сарт ете қалды: қарақшылар оны қоймадан оп-оңай-ақ ала алады: құлпы балтамен бір соққаннан қалмайды.
— Израэль Флинттің зеңбірекшісі болыпты, — деді Грей қырылдай сөйлеп.
Мен қайықты тура жағаға бұрдым. Ағыс бәсендеп, енді қалаған жағымызға жүзетіндей болдық, бірақ әлі де жүрісіміз өнбей келеді. Қайықтың рулі ырыққа жақсы көнетін болды. Бірақ, ерегіскендей, қайық қазір "Испаньолаға" көлденеңдей жүзіп келеді, көздеп атуға, тіпті, ыңғайлы келдік.
Жексұрын Израэль Хендстің палубада оқты дүңк-дүңк еткізіп домалатып келе жатқанын көріп те, естіп те отырмын.
— Ортамыздағы ең мерген қайсымыз? — деп сұрады капитан.
— Мистер Трелони екені күмәнсыз ғой, — дедім мен.
— Мистер Трелони, қарақшылардың біреуін оққа ұшырыңызшы. Мүмкіндігі болса, Хендсті, — деді капитан.
Трелонидің жүзі болат қанжардай сұп-суық екен. Мылтығының оқталуын тексеріп алды.
— Тек, сақ болыңыз, сэр, — деді капитан, — қайығымызды аударып ала көрмеңіз. Ал сіздер дайындалып отырып, мылтық атылған кезде қарсы жаққа қисайып, қайықты тең ұстауға тырысыңыздар.
Сквайр мылтығын кезенді, ескіштер есуін тия қойды, біз қайықтың ернеуіне таяу ығысып, оны тепе-тең ұстауға тырыстық, бәрі ойдағыдай шықты: қайыққа бір тамшы да су кірген жоқ.
Қарақшылар бұл екі ортада зеңбіректі вертлюгада бұрып, Хендс прибойникті әзірлеп, зеңбіректің ауыз жағына келген екен, көздеуге жақсы нысана бола қалды. Бірақ, не пайда, жолымыз болмады. Трелони атқан кезде Хендс әлденеге төмен еңкейді де, оқ оның үстінен зу етіп өтіп, басқа бір матросқа тиді.
Жаралы матрос айқай салғанда оның даусы тек кемеде оның қасында тұрғандардың ғана емес, жағада жүргендердің де даусына ұласып, азан-қазан болды да қалды. Қарасам, орманнан шыға-шыға келген қарақшылар қайықтарына қарай жүгіріп барады екен.
— Қазір қайықтарына мінетін болды, сэр, — дедім мен.
— Есе түсіңдер! — деп айқайлады капитан. — Енді қайық аударыла ма, жоқ па, бәрібір жағаға жетіп үлгермесек, құрығанымыз.
— Сэр, тек бір қайық қана шығайын деп жатыр. Екінші қайықтың командасы біздің жолымызды кесу үшін жағамен жүгіріп кеткен сияқты, — дедім мен.
— Жүгіріп жету онша оңайға түсе қоймас, — деді капитан. — Теңізшілердің құрылықта шапшаңдық көрсете қоюы қиын нәрсе. Олардан қорықпаймын, зеңбіректен қорқам! Сайтан алғыр! Менің зеңбірегім көздеген жерден дәл тиетін еді. Сквайр, зеңбіректің білтесін тұтатқан бойда айтыңызшы, біз қайықтың бағытын өзгерте қояйық.
Жүгінің ауырлығына қарамастан, қайығымыз енді кәдімгідей тез жүзіп келеді және ішіне су да кірген жоқ. Ескекті отыз-қырық рет сілтесек-ақ болды, орман түбіндегі су кейін серпілгенде, жалаңаштанып қалған құм қайраңға жетіп-ақ барар едік. Қарақшылардың қайығынан енді қорықпасақ та болатын болды: мүйіс тасасынан қайық көрінбей қалды.
Әлгінде ғана бізге кедергі болған ағыс енді жауларымыздың да бізді қуып жетуіне кедергі жасады. Бізге қауіп төндіріп тұрған тек зеңбірек қана.
— Сәл кідіріп, тағы біреуін атып түсірсек, тіпті жақсы болар еді, — деді капитан.
Бірақ, зеңбіректің қайткенде де атылатыны анық болды. Қарақшылар жаралы жолдасына көңіл де бөлер емес, ол тірі екен, жылжып әрегірек кетуге тырысып жатқаны бізге көрініп тұр.
— Дайын болды! — деп айқайлап жіберді Сквайр.
— Тоқтай қал! — деген капитанның даусы да жаңғырық сияқты саңқ ете қалды.
Капитан мен Редрут жалма-жан бар күштерімен кейін қарай есе бастап еді, қайықтың құйрық жағы суға көміліп кетті. Гүрс етіп зеңбірек атылды. Джимнің естігені де осы дауыс болатын, ал бұның алдындағы Сквайрдың атқаны оның құлағына шалынбапты. Зеңбірек оғының қайда түскенін біз байқай алмай қалдық. Менің ойымша, оқ біздің басымыздан зу етіп өте шықты, ал оқ көтерген жел бізді бақытсыздыққа ұшыратты.
Қалай болғанда да зеңбірек атылысымен-ақ қайығымыздың арт жағы суға көміліп кетті және бірте-бірте бүкіл қайығымыз жайлап бата бастады. Бұл ара онша терең емес екен, небары үш футтай ғана екен. Капитан екеуіміз бір-бірімізге қарсы қарап, судың түбіне аман-есен аяғымыздан тік басып тұрып қалыппыз. Қалған үшеуі суға бір-бір сүңгіп шығып, ырсылдап, түкірініп тұрып жатыр.
Шындығында, біз оңай құтылыппыз — қатерге ұшыраған ешкім жоқ, бәріміз де аман-есен жағаға шықтық. Бірақ, азық-түлік, оқ-дәрі қорымыз су түбінде қалды және ең қиыны — қолда бар бес мылтықтың тек екеуі ғана суға тимей, аман қалыпты: мен мылтығымды өзім батып бара жатқанымда, үйренген әдет бойынша, жоғары көтеріп, аман алып қалдым, ал тәжірибесі мол капитан мылтығын арқасына асынғанда, құлағын жоғары қарай ілген екен: ол мылтық та судан аман қалды. Қалған үш мылтық суға қайықпен бірге сүңгіді.
Орман ішінен, тіпті жап-жақын-ақ жерден дауыстар естіле бастады. Енді болмаса бізді ағаш шарбақтан бөліп тастауы да мүмкін еді. Оған қоса, бес-алты қарақшы бірден шабуыл жасар болса, Хантер мен Джойс төтеп бере ала ма, жоқ па деген күдігіміз тағы бар. Хантер — табанды кісі, ал Джойсқа шүбәлымыз, өйткені ол өзі елгезек, сыпайы қызметші екені рас еді. Мысалы, щеткамен киім тазалауға жіберсең, тіпті шебер-ақ, ал бірақ соғысуға келгенде қолынан түк келмейтін.
Бүкіл оқ-дәріміздің, бүкіл азық-түлігіміздің тең жартысындайы тиелген бейшара қайығымызды жайына тастап, сол үрпиіскен түрімізбен суды жаяу кешіп, жағаға шықтық.
XVIII ТАРАУ
Доктор әңгімесін жалғастыра түседі.
Алғашқы күнгі шайқастың аяқталуы
Ағаш шарбақ пен екі арадағы орманды бойлай бар пәрменімізбен жүгіріп келеміз, қарақшылардың дауыстары да барған сайын жақынырақтан естіле бастады. Кешікпей-ақ олардың аяқ дүрсілдерін, құрғақ бұтақтардың тысырлап сынған дыбыстарын да естідік. Олар қалыңның арасымен жүгіріп келеді.
Басталғалы тұрған бұл шайқастың ойыншық емес екенін түсіндім де, мылтығымды тексеріп қарап алдым.
— Капитан, — дедім мен, — Трелони көздегенін қапы жібермейтін мерген болатын, бірақ оның мылтығына су тиді. Оған өз мылтығыңызды беріңізші.
Олар бір-бірімен мылтықтарын алмастырысты, бұрынғысынша үнсіз, сабырлы келе жатқан Трелони бір сәт тоқтай қалып, мылтығының оқталуын тексерді. Осы арада ғана Грейдің қарусыз екенін байқадым да, оған өзімнің қанжарымды ұсындым. Ол қолына түкіріп жіберіп, қабағын қатулана түйіп, қанжарды жалақтата ауаны зу-зу еткізін осып-осып жіберді. Мұнысына біз қуанып қалдық, өйткені қанжарды әр сермегеннің өзі жаңадан қосылған одақтасымыздың өзінің тамшы қаны қалғанынша тіресетінінің дәлеліндей еді.
Әлде де қырық қадамдай жүгіріп, орманның шетіне жетіп ек, ағаш шарбақтың тура үстінен түсіппіз. Шарбақтың оңтүстік қапталының орта деңгейінен тірелдік. Ал тап осы сәтте боцман Джоб Эндерсон бастаған жеті қарақшы даурыға дабырласа сөйлесіп, орманнан шарбақтың оңтүстік-батыс бұрышының тұсынан шыға келгені.
Қапелімде сасып қалған олар тоқтай-тоқтай қалысты. Естерін жиғызып үлгертпей, сквайр екеуіміз атып-атып жібердік. Бекіністе отырған Хантер мен Джойс та атты. Төрт мылтық қатарынан гүрс ете түсіп еді, әйтеуір, зая кетпеген болды: дұшпанның біреуі құлап түсті де, қалғандары ағаш тасасына жасырынып, жоқ болды.
Мылтықтарымызды қайтадан оқтап, құлаған жауымызды көрейік деп, шарбақ бойын жағалап жасырынып келіп едік.
Ол тұяқ серіппей жан тапсырыпты, оқ тура жүрегінен тиген сияқты.
Осы бір сәтті қимылымыз өзімізді қуантып тастады. Бірақ, күтпеген жерден бұта арасынан тапанша тырс ете түсті де, оқ менің құлағымның түбін жанап, зу етіп өте шықты, бейшара Том Редрут теңселіп кетті де, ұзынынан жерге гүрс етіп құлап түсті. Сквайр екеуіміз қабаттаса бұта жаққа атып-атып жібердік. Бірақ, жай долбармен атуға тура келгендіктен, сірә, оғымыз зая кетсе керек. Мылтықтарымызды қайта оқтап үлгеріп, бейшара Томға қарай жүгірдік.
Капитан мен Грей екеуі бізден бұрын кеп, оны қарап та жатыр екен Көзімнің қиығы түскен бойда-ақ оның енді қайтып қатарымызға қосыла алмайтынын бірден сездім.
Біздің жасқанбай, батыл оқ атып қарсы алғанымыз қарақшыларды шегінуге мәжбүр еткен тәрізді, сондықтан бейшара қорықшыны біз еш кедергі — қиындықсыз-ақ шарбақтың үстінен әрі түсіріп, блокгаузға, бөренеден қиюлап істеген бекініс ішіне көтеріп апардық.
Соры қайнаған кәрі жолдасымыз-ай! Аяулы адам еді, сапарымыздың басынан бастап не қауіп-қатер қиындық болмасын ауыртпалығын бірге көтеріп келіп еді, жан тәсілім етер алдында бекініс ішіне әкеліп жатқыздық, тап осы сәтке дейін ол еш нәрсеге таң қалып, не еш нәрсеге ренжіп, не қорқып көрген емес, не бірдемеге наразы болып, күңкілдеу дегеніңізді білген кісі емес еді. Нағыз троян жауынгерлерінше ержүректік көрсетіп, әлгінде кемеде коридорды қорғады. Не бұйрық болмасын үнсіз құп алатын да, бұлжытпай орындап шығатын. Өзі біздің қайсымыздан болмасын жиырма жастай үлкен еді. Міне, сол бір тұйық мінезді, кіршіксіз адал, кәрі қызметші біздің көз алдымызда жан тапсырғалы жатыр.
Сквайр оның алдына барып тізерлеп отыра кетті де, қолын сүйіп, жас балаша еңкілдеп жылап жіберді.
— Доктор, мен өлемін бе? — деп сұрады ол.
— Жазмыш солай болды, достым, — дедім мен.
— Өлер алдымда тағы біреуін оққа ұшырсам ғой, шіркін!
— Том айтшы, кешірдім деші мені, — деді сквайр.
— Өзімнің қожайынымды, мырзамды не кешірдім, не кешірмедім деу маған лайық па? Болары болып, өтері өтті ғой. Әумин!
Ол кішкене үнсіз жатты да, содан кейін біреуіміздің дұға оқып жіберуімізді өтінді.
— Сондай салтымыз бар ғой, сэр, — деп, кешірім сұрағандай боп қосып қойды, содан кейін көп кешікпей жан тәсілім етті.
Бұл екі арада капитан — мен оның бір түрлі қойны-қонышы толып, жан қалталары торсыйып кеткенін байқап қалып ем — тұла бойының о жер бұ жерінен бірдемелерді шығарып жатыр, шығарып жатыр. Британ жалауы, Таурат, домалақтап ораған жіп, қалам-сия, кеме журналы және бірнеше фунттай темекі шықты. Қабығы аршылған ұзын қарағай сырық тауып әкеліп, Хантердің көмегімен оны үйдің төбесіне, бір бұрышқа бекітті. Одан кейін өзі төбеге шығып, әлгі сырыққа британ жалауын байлап, жоғары көтерді. Бұл ісіне өзінің әбден көңілі толғаны көрініп-ақ тұр. Содан соң жерге түсіп, әлемде бұдан басқа еш жұмыс қалмағандай, біздің қорымызды тексергіштеп мұқият санай бастады. Дегенмен, ара-арасында Том жаққа көз салып қояды. Ал Том жан тәсілім жасағаннан кейін, ол басқа бір жалау әкеліп, оның үстіне жапты.
— Тым күйреуік болмаңыз, сэр, — деді капитан, сквайрдың қолын қысып. — Ол өзінің парызын атқару үстінде қаза тапты. Өзінің тиісті міндеттерін атқару үстінде қаза тапқан адамның о дүниедегі тағдырына қам жемесе де болады. Менің діни білім жағым мәз емес, бірақ пікірім негізінен дұрыс екеніне шүбәм жоқ.
Бұдан кейін ол мені бөлек алып шықты.
— Доктор Ливси! — деді ол, — Сквайр екеуіңіз көмекке кеме келеді деп жүр едіңіз ғой, ол өзі қанша аптадан кейін келмек?
— Ол деген тап жақын арада бола қоятын нәрсе емес, — деп жауап қаттым. — Оған дейін апта емес, бірнеше ай өтпек. Егер тамыздың аяғына дейін оралмасақ, Блендли кемені сонда ғана жібермек: бұдан ерте де келмес, бірақ кешікпес те. Ал енді кеменің қай уақытта келетінін өзіңіз есептей беріңіз, — деп мен сөзімді аяқтадым.
— Иә деңіз, сэр, — деп капитан желкесін қасыды. — Олай болса, тіпті жолымыз болды, ісіміздің сәті түсті дегеннің өзінде де жағдайымыз оңай болайын деп тұрған жоқ екен.
— Неге? — деп сұрадым мен.
— Жүк тиеп оралған екінші сапарымызда сәтсіздікке ұшырап, қайықтағы бүкіл жүгімізді құртып алғанымыз өкінішті-ақ болды, сэр, сіздің "неге" деген сұрағыңыздың жауабы да осы емес пе? — деді капитан. Біздің оқ-дәріміз жеткілікті болатын, бірақ азық-түлігіміз тапшы еді. Тіпті өте тапшы. Сондықтан басы артық адамнан құтылғанымызға, сірә, онша өкінбесек те болатын сияқты.
Осыны айтып, ол жалау жамылып жатқан марқұмды нұсқады.
Осы сәтте гуілдеп, шуылдап ұшып келе жатқан зеңбірек оғы бекініс төбесі үстінен едәуір жоғарырақтан зу етіп өте шықты. Оқ бізден көп оқшау, орманның арғы тұсына барып түсті.
— Ого! — деді капитан. — Бомбылай бастады ма? Бірақ, әйтеуір, оларда дәрі жағы тапшы.
Екінші көздеулері дәлірек боп шықты. Оқ ағаш шарбақтың ішкі жағына бекініс үйіне жетер-жетпес жерге келіп түсті де, құм атаулыны аспанға бір-ақ көтерді.
— Капитан, — деді Сквайр, — кемеден бекініс үйі көрінбеуші еді. Олар, сірә, біздің жалауымызды нысанаға алып тұрған сияқты. Соны түсірсек қайтеді?
— Жалауды түсірсек қайтеді дейсіз бе? Жоқ, сэр. Ту жығатын кісіңіз мен емес, ал басқа біреу табылып жатса, өзі білсін.
Біз оның ырқына бірден-ақ көне салдық.
Теңізшілердің намысқой жоралғы салты ұрыс кезінде ту жығуға қарсы. Және оған қоса, біздің бұнымыз — дұрыс саясат болып шықты: жалаудың жығылмай желбіреп тұра беруі-сендердің атқылаған әрекетіңнен ығып жатқан біз жоқ деген сөз емес пе?
Олар бізді бүкіл кеш бойы атқылай берді. Бір оқ басымыздан әрі асып кетті; екіншісі — ағаш шарбақ ішіне кеп құлады; үшіншісі — бекініс үйінің тура түбіне кеп түсіп, құмға сіңді. Бірақ, қарақшылар оқты нысанаға жеткізу үшін зеңбірек аузын тым жоғары көтеруге мәжбүр болып, жерге түскенше оқ күшін жойып, құмға сіңіп жоқ болып жатыр. Оқ құлаған жерінен қайта тайқып, бізге тиеді деген қаупіміз болған жоқ. Бір оқтың, тіпті, үйдің төбесін де, еденін де тесіп өткеніне қарамастан, біз олардың атқылағанына етіміз үйреніп, оған шілделік ызыңындай селқос қарадық.
— Бұның бір жақсы жағы да болып тұр, — деді капитан.
— Сірә, жақын мандаты орманда қарақшы атаулы болмаса керек. Судың кейін серпуі күшейе түсті, ендігі біздің оқ-дәрі, азық-түлігіміз судан көрінген де шығар. Әй, суға батып шыққан шошқа етіне құштар біреу-міреу табылмас па екен?
Елден бұрын Грей мен Хантер ықылас білдіріп, мұқият қаруланған олар ағаш шарбақтан әрі асып түсті. Бірақ, шошқа еті оларға бұйырмады. Қарақшылар біз ойлағаннан гөрі батылырақ болып шықты. Мүмкін, Израэль Хендстің зеңбірегіне әбден сенгендіктері шығар, кім біліпті?
Бес қарақшы біздің суға батқан қайығымызды оқ-дәрі, азық-түлік салынған жәшік, қапшықтарымызды арқалап, жақындатып әкеліп қойған өздерінің бір қайығына тасып жүр. Қайықта отырғандар үнемі тыным алмастан есіп отыр, әйтпесе ағыс қайықтарын ықтырып алып кететін жерде. Сильвер қайықтың құйрық жағында тұрып алып, бәріне нұсқау беріп тұр. Бәрі де шетінен бір-бір мылтық ұстапты, өздерінің құпия қоймаларынан алған болуы керек.
Бөренеге жайғасқан капитан кеме журналына әлденелерді жаза бастады. "Александр Смоллетт — капитан, Дэвид Ливси — кеме дәрігері, Абрахам Грей — ағаш шеберінің көмекшісі, Джон Трелони — кеменің иесі, Джон Хантер және Ричард Джойс — кеме иесінің жерлестері, әрі қызметшілері, — міне, оз парыз-міндеттеріне еш қобалжусыз, адал күйінде қалған адамдар осылар ғана. Өздерімен бірге он күнге ғана жетерлік азық-түлік алып үлгерген олар бүгін жағаға шығып, Қазына аралындағы блокгауз төбесіне британ туын тігіп отыр. Кеме иесінің жерлесі, әрі қызметшісі Том Редрутты қарақшылар өлтірді. Юнга Джеймс Хокинс...
Ол осыны жаза бастағанда мен бейшара Джим Хокинстің тағдыры не болды екен деп ойға қалдым.
Кенет орман жақтан бір айқай шықты.
— Біреу біздің аттарымызды атап дауыстап тұр, — деді күзетте тұрған Хантер.
— Доктор! Сквайр! Капитан! Эй, Хантер, бұл сенбісің? — деген біреудің даусын естідік.
Есікке қарай тұра жүгірдім, алдыңғы жақтан Джим Хокинс те көрді. Әйтеуір, қол-аяғы сау, аман екен, ағаш шарбақтың үстінен бері қарай сырғып түсіп келе жатты.
XIX ТАРАУ
Тағы да Джим Хокинс әңгімелейді
Блокгауздағы гарнизон
Британ туын көрген бойда Бен Ганн қолымнан шап беріп ұстай алды, кілт тоқтап тұрған жеріне отыра кетті.
— Әне, ана жердегі сенің достарың шығар, — деді ол. — Сөз жоқ, солар.
— Жоқ, қайта бүлікшілер шығар, — дедім мен
— Мүмкін емес! — деді ол. — Бұл аралда олжашыл джентльмендерден басқа тірі жан аяқ басып көрмеген осындай елсізде Сильвер тек қарақшылардың қара туын ғана көтерер еді. Бұл жөнінен менің тілімді ал. Мұндай істер жайын мен жақсы білемін. Бұлар — сенің достарың. Сірә, шайқаста сенің достарың жеңіп шыққан болса керек. Олар енді жағада, ескі шарбақ ішіне жайғасқан. Әуелде бұл ағаш шарбақты тұрғызған Флинт болатын. Қайда, одан бері көп жыл өтті. Шіркін, Флинттің басы істейтін еді ғой! Оның түбіне жеткен тек ром ғой. Сильверден басқа жан баласынан қорқып көріп пе еді. Бірақ, шынын айту керек, Сильверден кәдімгідей-ақ қорқатын.
— Ендеше, ағаш шарбақ ішіндегі біздің кісілер десеңіз, сонда бармаймыз ба? — дедім мен.
— Жоқ, — деп Бен келісе қоймады. — Тұра тұр. — Сен өзің бір жақсы бала көрінесің, бірақ қанша дегенмен әлі баласың ғой. Ал Бен Ганн болса, ол қу. Бен Ганн текке алданбайды. Ешқандай ішімдікпен мені сен қызықтыра алмайсың... Жаратылысынан джентльмен деп мақтап тұрған әлгі кісіңді өз көзіммен көруім керек, әуелі ол маған өзінің сертін беретін болсын. Тек сен менің осы айтқанымды ұмытып кетіп жүрме. Жүзбе-жүз сөйлескенде ғана адам бір-біріне сенім арта алады, міне, осылай деп оған турасын айт. Және қолын шымшып алуды да ұмыта көрме.
Осылай деп ол кәдімгідей, шынымен, менің қолымды үшінші рет шымшып алды.
— Ал Бен Ганн қажет болса, оны қайдан табуға болатынын сен жақсы білесің, Джим. Бүгін қайда кездестірсең — сол жерден табасың. Және менімен сөйлесуге келетін кісінің қолында ақ жалау сияқты бірдемесі болғаны жөн және өзі жалғыз келсін. Осылай деп өзің түсіндіріп, турасын айт. Бен Ганның да бұлай етуінің себебі бар ғой де.
— Жақсы, — дедім мен. — Ойыңызды түсінгендей болдым. Қоятын бір шартыңыз болса керек, сондықтан не сквайрмен, не доктордың өзімен кездескіңіз келеді. Сізді бүгінгі кездескен жерімізден табамыз. Осы емес пе айтқаныңыз?
— Ал қай кезде орнымда болатынымды неге сұрамайсың? Қабылдау уақытым — түс мезгілі мен алты склянка соққанға дейінгі екі аралық.
— Жақсы, жақсы. Енді жүре беруіме бола ма?
— Әйтеуір, ұмытпайсың ғой, иә? — деп ол күдігін жасырмай, нықтай түсті. — Тек жүзбе-жүз сөйлескісі келеді де және бұнысының себебі бар де, жарай ма? Ол екеуіміз ер-азаматтарша ашық сөйлессек дегенім ғой. Ал енді жүре бер, Джим, — деді ол, бұрынғысынша қолымнан мықтап ұстап жібермей тұрып. — Естіп тұрсың ба, Джим, егер Сильверді кездестіре қалсаң, Бен Ганнды ұстап бермейсің ғой, әйтеуір. Ат құйрығына байлап, сүйретсе де айтпайсың ғой? Ал енді қарақшылар жағаға шығып жайғасар болса, таңертең өзің айнып кетпейсің ғой, иә Джим?..
Оның сөзін зеңбіректің гүрс етіп атылған даусы бөліп жіберді. Зеңбірек оғы ағаш арасымен зу етіп асып өтіп, біз сөйлесіп тұрған тұстан жүз ярдтай жерге барып, құмға құлап түсті. Екеуіміз екі жаққа қарай тұра қаштық.
Бір сағат бойы аралда зеңбірек даусынан құлақ тұнды, жолындағысын күл-талқан қылған зеңбірек оғы орман ішін алай да, былай да тіліп түседі. Өзім бір ана жерге, бір мына жерге келіп жасырынған болам, бірақ қайда барсам да, зеңбірек оғы тура маған қарай ұшып келе жатқандай болады. Бірте-бірте бойымды жинап, біршама батылданайын дедім. Бірақ ағаш шарбаққа жақындауға әлі жүрегім дауалар емес, өйткені ол жаққа зеңбірек оғы жиірек түсіп жатты. Шығысқа қарай ағаш шарбақты айналыңқырап барып, ақыры, жаға бойындағы ағаштарға жеттім.
Күн жаңа ғана батқан, жағалықтың баяу желі орман ағаштарын шулатып, сұрғылттана көрінген бұғаз үстін иірімдендіріп, шымырлатып тұр. Судың кейін серпуі едәуір аумақтың құм қайраңды жалаңаштап кетіпті. Күндізгі аптап ыстықтан кейін ауа едәуір салқын тартып, жұқа қамзолмен ғана шыққан мен қатты тоңайын дедім.
"Испаньола" сол бұрынғысынша зәкірде тұр. Кеме үстінде "Көңілді Роджер" — өлген кісінің қураған басының суреті салынған қарақшылардың қара туы — желбіреп көрінеді. Кеме үстінен қызыл жалын бұрқ етіп бір көрінді де, зеңбіректің соңғы атылған даусын жаңғырық бүкіл аралға жайды. Атқылау осымен аяқталды.
Бұта арасына тығылып, шабуылдан кейінгі әбігерлерін бақылап жатырмын. Жағаның тура ағаш шарбаққа қарсы тұсында бірнеше адам балталап, бірдемені қиратып жатыр. Біздің бейшара кішкене қайығымызды құртып жатыр екен, мен оны кейін білдім. Алысырақта, өзеннің саға тұсындағы орман арасында үлкен от лаулайды. От пен кеменің арасына үзбей бір әрі, бір бері қайық қатынап жүр. Таңертеңгі қабағы түскен жабырқау матростар енді қайық ескенде айқайласып, күлісіп, бала құсап мәз боп сөйлеседі. Ром ішіп көңілденіп алғандарын дауыстарынан-ақ байқап отырмын.
Ақыры, ағаш шарбаққа баруға шын бел байладым. Өзім ағаш шарбақтан едәуір жырақта, бұғазды шығыс жақтан тұмшалап, су кейін серіпкен кезде, сонау Қаңқа аралына дейін созылып жататын құмдақ мүйісте отырған едім. Орнымнан түрегелгенімде, мүйістің сонау алыс түкпіріндегі аласа бұталар арасынан жалғыздан-жалғыз оңашаланып, бір түрлі бозғылдана, ағараңдап көрініп тұрған едәуір биік жартасты байқадым. Иә, мынау әлгінде Бен Ганн айтқан ақ жартастың тап өзі болды ғой, енді өзіме қайық қажет бола қалса, оны қайдан іздеп табатыным белгілі болды дедім. Орманның шетін ала ілбіп келе жатқанмын, бір кезде ағаш шарбақтың ең түкпірдегі теңізден ең жырағырақ тұрған бұрышына келіп тап болғаным. Жолдастарымның мені көргендегі қуанғанын көрсеңіз!
Бастан кешкендерімді айтып шығып, жан-жағыма көз салып отырмын. Ағаш үй түп-түгел — қабырғалары да, төбесі мен едені де — жонылмаған, қырналмаған қарағай бағаналарынан қиюластырылып істеліпті. Еденінің деңгейі құм үстінен кей тұста тұтас бір футқа, тіпті бір жарым футқа көтеріліп, жоғары тұр. Кіре берісте көлеңкелік қалқан жасалыпты, ал қалқанның астымен су ағып жатыр. Су ерекше бір жасанды бассейнге — капитан айтқанындай "ватерлиниясына дейін" құмға көмілген, түбі ойық кеменің шойын қазанына барып құйып жатыр. Үй ішінде дүние, зат жоқтың қасы. Тек бір бұрышта сандықша тәріздес темір торлы ошақтың жан-жағын қалқалап, тас тақта тұр; от қанша лауласа да, осы тастан аспайтын көрінеді.
Шарбақпен қоршалған төбешіктің бөктер-бөктеріндегі ағаш атаулының бәрі бір кезде құрылыс үшін кесіліп алынған екен. Кесілген томарлардың қисапсыз көптігіне қарағанда, тым тәуір шоқ тоғай құрығанға ұқсайды. Ағаш құрығасын, топырақтың үстіңгі қабатын жаңбыр шайып, тап-таза құм жалаңаштанып қалған. Тек судың қазаннан ағып шығып жатқан жерінде ғана мүк, қырыққұлақ, аласа бұталар өсіп тұр. Ағаш шарбақтың дәл түбінен биік орман басталады. Қорғанысты қиындатып тұрған да сол орман деп еді, солары рас екен. Құрлық жақтағы орманда ылғи қарағай, ал бұғаз жақта, — қарағай және мәңгі жасыл емен өсіп тұр.
Әлгінде айтқанымдай, кеште соққан жағаның салқын желі қалай болса солай құрастырыла салған мына үйдің бүкіл саңылау-тесіктерінен аяусыз үрлеп, ұсақ құм қиыршықтарын еден үстіне жаңбырша себелеп, толассыз төгіп тұр. Құм көзімізге түсіп аштырмайды, құм тісімізде шықырлайды, құм ішіп отырған тамағымызға түседі, құм қайнаған ботқадағы түйіршік дән құсап бұлақ ағып жатқан қазан түбінде бірін-бірі қуалап, айналып зырлап жүр. Үй мұржасыз екен — түтін төбедегі төрт бұрышты жалғыз тесіктен ғана самарқау шығып жатыр. Алдымен бүкіл үй ішін жайлап шарлап, бізді жөтелтіп, жылатып, содан кейін барып шығар тесігін тауып, көкке көтерілді.
Өзіміздің жаңа жолдасымыз — Грей бетін таңып алыпты: қарақшылар оны бетінен жарақаттапты. Ал қария Том Редрут жерленбеген, тұла бойы тастай боп сіресіп, қатып британ туын жамылған күйі қабырға түбінде әлі жатыр.
Қол қусырып, бостан-бос қарап отырсақ, ұнжырғамыз түсіп кетер еді. Бірақ, капитан Смоллетт бәрімізге де жұмыс тауып бере білді. Ол бізді қасына шақырып алып, екі кезекші топқа бөлді. Бір топқа — доктор, Грей және мен; екінші топқа — сквайр, Хантер және Джейс кірді. Күндіз, бәріміз де сілеміз қатып шаршаппыз, сонда да капитан бір-екеуімізді орманға отынға жұмсады, екеуімізге Редруттың көрін қазуды бұйырды. Доктор аспаз болды, мені есік алдына күзетші жасады, ал капитанның өзі бір топтан екінші топқа барып, бәріміздің де көңілімізді аулап, көмектесумен жүрді.
Доктор түтіннен қып-қызыл боп жасаураған көздеріне дамыл бермек боп ауық-ауық есік алдына шығып, таза ауа жұтып, менімен бір-екі ауыз сөз қақтығыстырып кетеді.
— Мына Смоллетт деген менен асып түсті, — деді ол бір жолы. — Ешкім зорламай, өзім мойындап тұрсам, шынында да, солай шығар, иә Джим?
Тағы бірде үнсіз біраз тұрды да, мойнын бұрып, бетіме сынай қарап:
— Әлгі Бен Ганн дегеннің өзіне сенуге болатын адам ба? — деп сұрады.
— Білмеймін, сэр, — дедім мен — Аздап миы ауыспаса қайтсін..
— Ауысса ауысуы да мүмкін, — деді доктор. — Үш жыл бойы елсіз аралда жалғыз тұрса, тырнағын сорудан басқа кәсібі болмаса, ондай адамның миы ауыспай қайтушы еді? Ондай адам біз екеуіміздей бола алмайды, Джим. Адам дегеннің жаратылысының өзі сондай ғой. Ірімшік жеуді арман етеді дедің бе сен?
— Иә, сэр, — дедім мен.
— Жарайды, Джим, — деді ол. — Көрдің бе, тәтті жеуді ұнатудың да пайдасы тиді. Сен осы менің шақшамды көргенің бар ма? Ал бірақ одан насыбай атқанымды көрген жоқсың. Шақшамда темекі емес, бір кесек пармезан — итальян ірімшігі жататын. Сол ірімшікті біз енді Бен Ганнға береміз!
Кешкі асымызды ішер алдында біз қария Томды құмға көміп, жерлеп, сәл уақыт бас киімімізді шешіп тағзым еттік.
Орманнан тау төбе етіп отын жинап әкеліп едік, бірақ капитан оны да қанағат тұтпады.
— Өздеріңді ертең жұмысқа жегіңкіремесе болмайды екен, — деді ол басын шайқап.
Ысталған шошқа етін жеп, бір-бір стаканнан ыстық шарап ішіп, капитан, сквайр және доктор — үшеуі ақылдасуға кетті.
Бірақ, сірә, ойларына онша ұтымды ештеме орала қойды ма екен! Азық-түлігіміз тым аз, көмек келуінен көп бұрын-ақ аштан өлетініміз сөзсіз. Біз үшін шығар жол біреу ғана: қарақшыларды неғұрлым көбірек өлтіруіміз керек, олардың қара туларын жыққанша немесе "Испаньолаға" мініп ашық теңізге шыққанша өлтіре беру керек, өлтіре беру керек. Он тоғыз еді, содан қазір он бесі қалды, олардың да екеуі жаралы, ал зеңбірек қасында оқ тиген біреуі, егер өліп тынбаса, қайткенде де ауыр халде жатса керек. Мүмкіндігі болса-ақ сәт сайын атқылай бермесек болмайды. Өз адамдарымыздың аман болуын мұқият қадағалап, сенімді екі одақтасымыз бар екенін — бізге ром мен ауа райы көмектесетінін есімізде ұстағанымыз жөн.
Ром пайдасын қазірдің өзінде-ақ тигізе бастады. Қарақшылар бізден жарты мильдей жерге орналасқан, бірақ соның өзінде де түннің бір уағына дейін олардың ән салып, айқай-шу шығарып жатқаны жақсы естіліп тұрады. "Кешікпей ауа райы да пайдасын тигізе бастайды, — деп, доктор басындағы паригімен серт етті, — қарақшылардың лагері батпаққа тиіп тұр, дәрі-дәрмек атымен жоқ, бір аптадан кейін-ақ тең жарымын безгек баудай түсіреді", — деді ол.
— Сонымен, — деді доктор, — бізді салған жерден жаһаннамға жіберіп үлгермесе, кейін олар өздері-ақ қуана-қуана аралды тастай қашып кемеге оралулары тиіс. Қолдарында кеме болғасын-ақ: ескі кәсіптеріне ауысып, теңізге шығып, тонаушы болуларына әрқашан да мүмкіндіктері бар емес пе?
— Бұл — қарауымдағы кемемнен тұңғыш рет айрылуым болды, — деді капитан Смоллетт.
Мен әбден сілем қата шаршаған екенмін. Әрі аунап, бері аунап, көпке дейін ұйықтай алмай жаттым, содан бір кезде қатып ұйықтап кетіппін.
Айқай-шу шыққанға оянып кетсем, жұрттың бәрі әлдеқашан тұрып, тамақтарын ішіп, көп етіп отын жинап қойыпты.
— Ақ жалау көтеріп келеді, — деді біреу.
Сол бойда таңырқаған екінші дауыс естілді:
— Сильвердің өзі екен!
Мен ұшып түрегелдім де, көзімді уқалап-уқалап жіберіп, қабырғадағы мылтық ататын тесікке жүгірдім.
XX ТАРАУ
Сильвер парламентер болып келді
Шынында да, ағаш шарбақ жанына екі адам келді. Біреуі — ақ шүберекті олай да, бұлай да бұлғайды, ал екіншісі — бұл басқа ешкім де емес, Сильвердің дәл өзі боп шықты — қыңқ етпестен оның қасында тұр.
Уақыт әлі тым ерте болатын. Таңертеңгілік кездің тап осындай салқын болғанын бұрын-соңды көрген емеспін. Суық етімнен өтіп, сүйегіме жеткендей. Аспан шайдай ашық, жарқырап тұр, ағаштардың ұшар бастары шығып келе жатқан күн сәулесімен қызғылттанып көрінеді, бірақ төменде, қасындағы серігімен бірге Сильвер тұрған жерде, әлі де қап-қараңғы боп көлеңке жатыр. Олардың аяқтарының астынан батпақ бетінен түні бойы ұшқан бу буда-буда аппақ тұман боп, аспанға көтеріліп келеді. Түннің өте салқын болуы және үнемі тұман түсіп тұруы — бұл аралдың екі бірдей айықпас дерті болса керек. Сөйтіп, арал дымқылды, безгекті, кесапатты жер болып шықты.
— Әрқайсың өз орындарыңа барыңдар! — деді капитан. — Бұлар бір айла ойлап тапқан болды, сол үшін ант-су ішуге бармын. — Бұдан кейін ол қарақшыларға қарап сөйледі. — Кім бұл келе жатқан? Тоқтай қалындар, әйтпесе атамыз! — деп айқайлады.
— Біз ақ жалаумен келдік! — деп Сильвер де айқайлап жатыр.
Капитан есік алдындағы көлеңке қалқанға шығып, жау оғынан қауіпсіз болу үшін тасада тұрды. Біз жаққа қарап, кейін бұрылып, бұйрық та беріп жатыр:
— Доктордың отряды — мылтық ататын тесіктерге барып, сақшылыққа тұрыңыздар! Доктор Ливси, солтүстік қабырғаға баруыңызды өтінем; Джим — шығыс қабырғаға; Грей — батыс қабырғаға барыңыздар. Екінші кезектегілер — мылтықтарыңызды оқтаңыздар! Тез қимылдаңыздар! Және сақ болыңыздар!
Бұдан кейін ол қайтадан қарақшыларға қарай бұрылып сөйледі.
— Ақ жалаумен келгенде, бізден не қаламақсыздар? — деп айқайлады ол.
Бұл жолы Сильвер емес, екінші қарақшы жауап қатты.
— Сэр, сіздердің борттарыңызға көтеріліп, капитан Сильвер сіздермен шарт жасасқысы келеді, — деп айқайлады ол.
— Капитан Сильвер дедіңіз бе? Мен өзім ондай капитанды естіген емеспін. Ол кім еді өзі? — деп сұрады капитан.
Біз оның бәсеңірек дауыспен:
— Қарай көріңіз! Капитан болып та үлгеріпті! Шені тым тез өскен екен! — дегенін естідік. Ұзын тұра Джон өзі жауап қатты:
— Бұл — мен ғой, сэр. Сіз қашып кеткеннен кейін, сэр, біздің бейшара жігіттер мені өздерінің капитаны етіп сайлап еді. — "Қашып кеткеннен кейін" деген сөздерді ол ерекше бір екпінмен айтты. — Бірақ біз сізге қайтадан бағынуға әзірміз, тек қоятын белгілі бір шартымыз бар: егер бізбен келісімге келетін болсаңыз — бағынамыз. Ал әзірше, капитан Смоллетт, мені аман-есен қайтарамыз, ағаш шарбақтан ұзап кеткенше оқ атпаймыз деп уәде берсеңіз екен.
— Сізбен сөйлесуге менің ешқандай зауқым болып тұрған жоқ, — деді капитан Смоллетт. — Ал егер нағыз сөйлескіңіз келсе, бері таман келіңіз. Бір сұмдық ойлап, опасыздық істер болсаңыз, онда бізге ренжімейтін боласыз.
— Осы айтқаныңыздың өзі де жетіп жатыр, капитан, — деп, Ұзын тұра Джон көңілдене түсті. — Бір ауыз сөзіңіздің өзі де жеткілікті ғой. Сіздің джентльмен екеніңізді білемін ғой, капитан, айтсаңыз-ақ оған шүбәсыз сенуге болады.
Ақ жалау ұстаған кісінің Сильверді тоқтатып, жібермеуге тырысқанын біз көріп тұрмыз. Оған таң қалатын да ештемесі жоқ-тын, өйткені капитан олармен онша сыпайы сөйлесіп тұрған жоқ. Бірақ, Сильвер оған қауіп бар деп ойлаудың өзі де сорақылық қой дегендей, иығынан қағып, күліп қана жауап қатты. Ол ағаш шарбаққа жақындап келіп, алдымен ішке қарай балдағын лақтырып түсірді де, содан кейін оп-оңай, теп-тез өзі де тырмысып шығып, секіріп түсті.
Шынымды айтайын, осының бәріне аузымды ашып қараймын деп, өзімнің сақшылық міндетімді атқаруды мүлде есімнен шығарыппын Шығыс жақ қабырғадағы мылтық ататын тесікті, яғни өзімнің күзет орнымды жайына тастап, капитанның желке тұсына кеп тұрып алыппын; ал капитан болса, екі шынтағын тізесіне тіреп, қолдарымен жағын таянып, ішіндегі суы жүз құбылып атқылап, құм, қиыршық тастар бірін-бірі қуалай билеп, үйіріліп жатқан темір қазаннан көз алмай, табалдырыққа құйрығын қойып: "Қыз-жігіттер, еріңіздер соңымнан", — деп мұрнынан әндетіп жайбарақат отыр.
Сильверге төбенің бөктерін бойлап, жоғары көтерілу азаппен тең болды. Өзінің балдағымен ол сусылдаған құм басқан құлама бөктерде, қайраңға кептелген кемедей, тіпті дәрменсіз екен. Бірақ, бәріне де сабырлылықпен үнсіз төзіп, капитанның алдына дейін өзі келіп, асқан бипаздықпен әскери сәлем берді. Үстіне ең тәуір киімін киіпті: толып жатқан жылтырақ жез түймесі бар, тізесінен келетін ұзын көк шекпен киіпті, басында жұқа, нәзік кестелермен көмкерілген, желкесіне қарай шалқайта киген қалпағы бар.
— Иә, жарқыным, сіз екенсіз ғой, — деді капитан, басын көтеріп. — Отырыңыз.
— Капитан, үйге кіргізсеңіз етті. Мынадай таңертеңгілік салқынға, сэр, құмға отырғым келмей тұр, — деп Ұзын тұра Джон жалына сөйледі.
— Сильвер, адал өмір сүрсеңіз, қазір өзіңіздің камбузыңызда отырмас па едіңіз? — деді капитан. — Өзіңіз емес пе кінәлі. Ал осы келгеніңізде: кемедегі аспаз ретінде келсеңіз — сізбен жөн сөйлесуіме болады, ал егер капитан Сильвер ретінде, бүлікші, қарақшы ретінде келсеңіз, онда менен дар тозағынан басқа ештеме күтпей-ақ қойыңыз.
— Жарайды, жарайды, капитан, — деді аспаз, құмға отырып жатып. — Тек кейін орнымнан тұрарда қол ұшын берерсіз... Жалпы өздеріңіз жаман жайғаспапсыздар! Әй, мынау Джим бе, әй? Қайырлы таң, Джим... Доктор, саулығыңызға құлдық! Е, өзі бәріңіз тату отбасындай түгел жиналыпсыздар ғой... бұл сөзімнің, сірә, артықшылығы жоқ шығар.
— Жарқыным, келген жұмысыңызға көшіңіз, — деп капитан бөліп жіберді. — Жай келіп пе едіңіз, сөйлей беріңіз.
— Айтуыңыз дұрыс-ақ, капитан Смоллетт, — деді Сильвер. — Бәрінен маңыздысы, әрине, жұмыс қой. Шынымды айтайын, бүгін түнде сіздер қулықтарыңызды асырдыңыздар. Кісілеріңіздің біреуі кім болса да, ганшпугпен соғуға шебер екен. Содан менің адамдарымның қайсыбірі — жоқ, қайсыбірі емес-ау, тіпті шетінен бәрі де — қатты шошынып, зәрелері жоқ. Шынымды айтсам, мен өзім де қайранмын. Шарт жасасуға келуім де, мүмкін, соның әсері шығар. Бірақ, капитан, өтірік айтсам, нажағай ұрсын, мұны екінші қайтара істеуге жол бермейтініміз анық деп біліңіз. Барлық жерге күзетші қойып, ромды да шамалап бермекпіз. Сіздер, мүмкін, бәрі қирай мас болды деп ойлаған шығарсыздар. Жоқ, сенсеңіз, итше сілем қатып шаршағаным болмаса, мен, тіпті де мас емес едім. Әттең, бір секунд бұрынырақ оянғанымда сіздер құтыла алмайтын едіңіздер. Жүгіріп жетіп келсем, ол әлі тірі екен.
— Сонымен? — деді капитан Смоллетт сабырлы, салқын қалпын бұзбастан.
Сильвердің бұл айтқандары капитан үшін жұмбақ болатын, бірақ ол қынқ етіп сыр білдірмеді. Бірақ мен өзім бірдемелерді түсініп қалған сияқтымын. Есіме Бен Ганның соңғы сөздері түсті. Сірә, ол түнде от қасында мас болып, қирап жатқан қарақшылардың лагеріне барғаны ғой. Енді жаудың он төрті ғана тірі қалды, мұны білуім — өзімді көңілдендіріп, серпілтіп тастады.
— Айтайын дегенім, — деп бастады Сильвер, — мақсатымыз — қазына болғандықтан, біз оны, әрине, таппай қоймаймыз. Ал сіздерге бас сауғалау керек, бұған толық қақыларыңыз да бар. Және карта сіздерде ғой, солай емес пе?
— Болуы да мүмкін, — деді капитан.
— Сіздерде карта бар екенін жақсы білем, — деп Ұзын тұра Джон сөзін жалғастыра түсті. — Тек менімен салқын сөйлесуіңізге таңым бар. Бұдан сізге түсер пайда жоқ. Бізге керегі карта ғана, ал сіздің өз басыңызға ешқандай жаман ойым болса не дейсіз...
— Жарқыным, осы сандырағыңыз да жетер, — деп, оны капитан бөліп жіберді. — Ондайыңызға сене қоятын кісіңіз мен емес. Ниет-пиғылыңызды айна қатесіз-ақ түсінгенбіз. Бірақ қорқа қоймадық. Қолыңыз тым қысқа көрінеді.
Капитан оған жайбарақат бір қарап, аспай-саспай қалиянына темекі нығарлады.
— Әлгі Эйб Грей болмағанда..., — дей бастап еді Сильвер, мистер Смоллетт қатты ақырып жіберді:
— Тоқтатыңыз! Грей маған ештеме де айтқан жоқ, мен одан ештеме де сұрағаным жоқ. Тіпті, жасырмай-ақ қояйын: мен қолымнан келсе, сізді де, оны да бүкіл осы қарғыс атқыр аралды да тас-талқан қылып, күлдеріңізді көкке ұшырар ем. Міне, айналайын, білгіңіз келсе, сіздердей қарақшылар туралы пікірім осы.
Капитанның кенет ашуға булыға қалғаны Сильверге ұнай түсті.
— Мейліңіз білсін, — дей салды ол. — Не ойласаңыз да мейліңіз білсін, оған тыйым салайын деп отырған мен жоқ... Капитан, темекі шеккіңіз келген сияқты еді... Рұқсат етсеңіз, мен де шегер ем.
Қалиянына нығыздап темекі толтырып, ол да темекі шекті. Екі ер адам бірде бір-бірінен көз алмай қарағыштап, бірде үнсіз темекілерін сорғыштап, бірде түкіріп тастау үшін ілгері еңкейіп ұзақ отырысты. Бұлай арбасуларын анадайдан көру, театр ойынында отырғандай, тіпті қызық болады екен.
— Шартымыз мынадай, — деді, ақырында, Сильвер. — Қазынаны табуымыз үшін бізге картаны бересіздер, біздің бейшара теңізшілерімізді тасадан атып немесе ұйықтап жатқан жерлерінде басын жаруларыңызды қоясыздар. Осыған келіссеңіздер, қай таңдағаныңызды алуларыңыз үшін ұсынатын екі жолымыз бар. Бірінші жолымыз — қазынаны тиеп болғаннан кейін, кемеге оралуларыңызға мүмкіндік береміз де, кейін аман-есен, әйтеуір, бір жағаға апарып, түсіріп кетеміз, бұл айтып отырғаным — имандай шыным деп біліңіз. Матростарымның көбі сіздерге тістерін қайрап жүр, сондықтан бұл жол сіздерге ұнамас та. Ендеше, екінші жол ұсынбақпын: сіздерді осында, аралда қалдырамыз. Азық-түлікті қақ жарып, бірдей етіп бөлеміз және бірінші кездескен кемені сіздерге жіберемін деп уәде ете алам. Менің ақылымды алсаңыз — осы шарттарға келіскендеріңіз жөн. Бұдан артық ұтатын ештемелеріңіз де жоқ. Ана жақтағы, үйдегі адамдарыңыздың бәрі де, — деп ол даусын көтеріңкірей сөйледі, — менің айтқандарымды естіген шығар деп ойлаймын, өйткені жалғыз сізге емес, бәріңізге арнап айтқаным ғой.
Капитан Смоллетт орнынан тұрып, қалиянынан сол жақ алақанына темекі күлін қағып түсірді.
— Бар болғаны осы ғана ма? — деді ол.
— Ақтық сөзім — осы, өтірік айтсам нажағай ұрсын! — деп жауап қатты Джон. — Егер бұны қабыл алмасаңыз, біліп қойыңыз, келесі жолы мен сөйлеспеймін, менің орныма мылтық сөйлесетін болады.
— Өте жақсы, — деді капитан. — Енді менің сөзімді тыңдап көріңіз. Егер қаруларыңызды тастап, бір-бірлеп осында келер болсаңыз, онда мен аяқ-қолдарыңызды бұғаулап, Англияға жеткізіп, әділ сотқа берем деп міндетіме алған болар ем. Ал бұған келіспесеңіздер, естеріңізде болсын: менің атым — Александр Смоллетт деген болады, мен өзім мына британ туының астында нық басып тұрған кісімін және бәріңізді шетіңізден жаһаннамның түбіне жіберетін де осы менмін. Біліп қойыңыз, қазынаны сіздер таба алмайсыздар. Кемеге мініп кету де қолдарыңыздан келмейді, өйткені араларыңызда кеме жүргізе білетін бір адам жоқ. Тіпті өздеріңіздің соғысу да қолдарыңыздан келмейді екен: бес адамыңыздың жалғыз Грейге әлі келген жоқ, ол бәрінен оп-оңай құтылып кетті. Капитан Сильвер, кемеңіз балшыққа белшесінен батқанда да жаман батты деп біліңіз және жуық арада одан шыға да алмайсыздар. Бұдан кейін және мұндай жөн сөз естимін деп те ойламаңыз. Ал келесіде тағы да кездесер болсақ, жалғыз оқ жалынсын, ту сыртыңыздан жұлыныңызды үзбесем көрермін. Енді тезірек тайып отырыңыз, қарашығым! Кідірмегеніңіз абзал!
Сильвер ашу қысып, көзі шатынап шарасынан шыға жаздады... Қалиянынан темекісін қағып түсірді.
— Түрегелейін, қолыңызды беріңізші, — деді қаттырақ дауыстап.
— Қолымды бермеймін! — деді капитан.
— Қолын берер кім бар екен? — деді Сильвер ақырып.
Ешқайсымыз орнымыздан да қозғалмадық. Боқтық сөздерді жаудыра түсіп, Сильвер кіре берістегі көлеңке қалқанға дейін жорғалап жетті де, содан ұстап тартып барып, орнынан тұрды. Ағып жатқан бұлаққа түкіріп жіберді.
— Мен үшін сіздер де бір, мына түкірігім де бір, — деді ол айқай салып. — Бір сағаттан кейін мына өлмеші блокгауздарыңызды бір бөшке шарап құсатып қыздырмасам көрерсіңдер. Күліп қалыңдар, нажағай түскірлер, күліп қалыңдар! Бір сағаттан кейін басқаша күлетін боларсыңдар! Сонда тірі қалғандарың, бүйткенше өлгенім жақсы еді демесеңдер көрермін әлі!
Тағы бір боқтап алып, құмға батып, қисалаңдай басып кетіп бара жатты. Шарбақтан әрі түспек боп төрт рет тырмысып көріп еді, төрт ретінде де құлап түсті. Ақырында, ақ жалау ұстаған кісі келіп көмектесіп, әрі қарай алып шықты да, екеуі ә дегенше-ақ ағаш арасына сіңіп, жоқ болды.
XXI ТАРАУ
Шабуыл
Сильвер әбден қарасын үзіп, көрінбей кеткенше, одан көз алмай қарап тұрған капитан енді біздерге бұрылып, күзетте, өзінің тиісті орнында жалғыз Грей ғана тұрғанын байқады.
— Орындарыңызға барыңыздар! — деп ақырды ол. Әрқайсымыз өз тесігімізге қарай тұра жүгірдік.
— Грей, сенің атыңды мен кеме журналына жазып қоям. Нағыз теңізші екенсің, өз міндетіңді жақсы атқардың. Мистер Трелони, мен сізге қайран қалдым, сэр!.. Доктор, сіз әскери мундир киген адам емес пе едіңіз?! Фонтенуа түбінде өз міндетіңізді осы бүгінгідей атқарған болсаңыз, онда жатқан төсегіңізден тұрмай-ақ қойсаңыз да ештеме етпейді екен!
Доктордың кісілері тесіктерінің қасына жетіп те үлгерді, қалғандары мылтықтарын оқтап жатты. Бәріміз де қатты ұялып, қып-қызыл боп кетіппіз. Капитан бәрімізді үн-түнсіз бақылап тұр. Содан кейін қайтадан сөйледі.
— Достарым менің, — деді ол, мен Сильвермен, кеменің бүкіл зеңбіректерінен оқ атқандай, айбар көрсетіп сөйлестім. Сөйтіп, оның әдейі жынына тидім. Оның айтқанына сенсек, бір сағат өтпей-ақ олар бізге шабуылға шығуға тиіс. Олардың сан жағынан бізден көп екенін білесіздер, бірақ оның есесіне біз қамал ішінде отырмыз. Осыдан аз уақыт бұрын мен өзіміз тәртіп сақтай білетін шығармыз деп ойлап ем. Жеңіп шығатынымызға мен өзім кәміл сенемін, бірақ жеңу үшін жеңіске талпынбасақ бола ма?
Бұдан кейін ол бірімізден соң біріміздің қасымызға келіп, бәрін тексеріп, байқап көрді де, бұл жолы бәрі дұрыс екен деп амалсыз мойындады.
Үйдің ені қысқарақ екі қабырғасында: шығыс жақ және батыс жақ қабырғасында — екі-екіден ғана тесік жасалған екен. Есік шығарылған оңтүстік жақта да екі тесік бар. Ал солтүстік қабырғадан бес тесік ойылыпты. Жеті кісіге бізде жиырма мылтық бар болып шықты. Отынды төрт қатар етіп, әр қабырғаның орта тұсына үйіп қойғанбыз. Үйілген отынды стол деп атадық. Қамал қорғаушыларының алуына оңай болсын деп, әр столдың үстіне оқталған төрт мылтықтан әзірлеп қойдық. Мылтықтардың аралықтарында көздіктер жатыр.
— Отты сөндіріңіздер, — деді капитан. — Күн жылынды. Түтін босқа кісінің көзін жасауратады.
Мистер Трелони темір тор ошақты сыртқа шығарып, шала көмірлерді құмға лақтырып сөндіріп жүр.
— Анау Хокинс әлі таңертеңгі асын ішкен жоқ... Хокинс, тамағыңды ал да, өз орныңа барып, сол арада тамақтан, — деді капитан Смоллетт. — Көп күйбеңдеме, достым, әйтпесе аш қаласың... Хантер, жұрттың бәріне де шарап құйып үлестіріп шық.
Біз өйтіп-бүйткенше капитан қорғаныс жоспарын да ойластырып үлгеріпті.
— Доктор, сізге тапсырылатыны — есік, — деді ол. — Бәріне абай болыңыз, бірақ тым алға сұғына көрмеңіз. Іште тұрып, есіктен сығалап атыңыз. Хантер, сен өзіңе шығыс қабырғаны аласың... Джойс, достым менің, батыс қабырғаға ие бола көр... Мистер Трелони, ішіміздегі ең мергеніміз сізсіз ғой, Грей екеуіңіз ең ұзын солтүстік қабырғаны алыңыздар, онда бес тесік бар. Ең қауіпті жақтың өзі де сол сіздер жақ. Егер олар осы қабырғаға жетіп, анау тесіктерден бізді атқылар болса, жағдайымыз бірден мүшкілденіп қалатыны сөзсіз... Хокинс, біз екеуіміздің мергендігіміз белгілі, бізден қайыр шамалы. Сондықтан екеуіміз мылтық оқтап, жұрттың бәріне көмектесетін боламыз.
Капитан қателеспеген екен. Күн көзі ағаш бастарынан биіктеп, сәл жоғары көтерілген кезде-ақ айнала ысып, тұман сейіліп кетті. Кешікпей-ақ шарбақ ішінің құмы табанымызды күйдіріп, үйдің қарағай бөренелерінің шырыны еріп аға бастады. Қамзолдарымызды шешіп, көйлектеріміздің жағаларын ағытып, жеңдерімізді түрініп алдық. Әрқайсымыз өз орнымызға келіп, күтіп тұрмыз. Әрі күннің ыстығы, әрі өзіміз күтіп отырған қауіптен сескенуіміз бар, бойымыз бусанып, тершіп кеттік.
Осылай бір сағаттай уақыт өтті.
— Ә, сайтан алғыр! — деді капитан. — Мезі боп кеттік қой. Грей ысқырып бір ән салып көрсейші.
Осы сәтте ғана өзімізге қарсы шабуыл әзірленіп жатқанына мен күмәнсыз сене бастадым.
— Сэр, сұрауға рұқсат етіңізші, — деді Джойс, — егер біреу-міреуді көре қалсам, атайын ба?
— Әрине! — деп капитан айқайлап жіберді.
— Рақмет, сэр, — деді Джойс сол бұрынғы жайбарақат, сыпайы қалпында.
Бөтен ештеме де бола қойған жоқ қой, бірақ Джойстың сұрағы бәріміздің де сақтана, серги түсуімізге себеп болды. Атқыштар мылтықтарын дайындап, атуға әзірленді, капитан еріндерін жымқырып, қабағын түйіп алған, үйдің ортасында тұр. Осылай бірнеше секунд өтті. Кенет Джойс мылтығын тесікке тығып, атып жіберді. Оның мылтығының даусы үзіліп үлгермей жатып, қатарласа атылған көп мылтықтың даусы бірінен соң бірі, бірінен соң бірі естіліп, үйімізге оқ жан-жақтан жауды да кетті. Бірнеше оқ ағаш шарбақтың бөренелеріне тиді. Бірақ ішке бір оқ та өтпеді, кейін түтін сейілгенде ағаш шарбақтың маңында да, орман ішінде де бұрынғыша жым-жырт тыныштық орнай қалды. Бір де бір бұтақ қозғалмайды. Бұта арасынан бір де бір мылтықтың аузы жылт етіп көрінбейді. Жауларымыз жерге сіңіп кеткендей ұшты-күйлі ғайып болды.
— Сен өзі біреу-міреуіне тигізе алдың ба? — деп сұрады капитан.
— Жоқ, сэр, — деді Джойс, — сірә, тигізе алмадым-ау деймін.
— Шыныңды айтқаныңа да рақмет, — деп күңк ете түсті капитан Смоллетт. — Хокинс, Джойстың мылтығын оқтап бер... Доктор, қалай ойлайсыз, сіз жағынан мылтық неше рет атылды?
— Дәл айтып берейін, үш рет атылды, — деді доктор Ливси. — Мен үш жерден тұтанған жалынды көрдім — екеуі қатар көрінді, ал біреуін әріректен, батыс жақтан байқадым.
— Үшеу дедіңіз ғой, — деп капитан қайталап айтты.
— Ал сіз жақта қанша болды, мистер Трелони?
Бұл сұраққа оп-оңай жауап қайтара қою мүмкін емес-тін. Солтүстік жақтан мылтық көп атылды. Сквайр небары жеті рет атылды деп сендірмек болды; ал Грей, сегіз немесе тіпті тоғыз рет атылды деді. Шығыс жақ пен батыс жақтан тек бір-бір реттен ғана атылды. Сірә, шабуылды солтүстік жақтан күткен жөн сияқты, ал басқа тұстардан атқандары тек бізді алдау үшін болса керек. Бірақ капитан Смоллетт алғашқы берген нұсқауын өзгертпеді.
— Егер қарақшылардың шарбақтан асып түсу қолдарынан келсе, — деді ол, — онда олар кез-келген қорғаусыз тұрған тесікті басып алып, өз қамалымыздың ішінде өзімізді сабауқұйрық құрлы көрмей, қырып салады.
Қайткен күнде де көп ойлануға бізде уақыт жоқ еді. Кенет солтүстік жақтан қатты айқай шықты да, қарақшылардың шағын отряды орманнан жүгіре шығып, шарбаққа қарай лап қойды. Және сол бойда жан-жақтан бізді атқылап та жатыр. Ашық есіктен кірген бір оқ доктордың мылтығының быт-шытын шығарды. Шабуылшылар маймылша тырмысып, шарбақтан асып түспек боп, барын салып жатыр. Сквайр мен Грей үсті-үстіне атады. Үш қарақшы құлап түсті. Біреуі бергі жаққа, екеуі арғы жаққа құлады. Бірақ, біреуі жараланғанынан емес, қорыққанынан құлаған тәрізді, өйткені сол бойда ұшып тұрып, қаша жөнелді де орманға кіріп жоқ болды.
Екеуі жерде құлап жатыр, біреуі қашып кетті, төртеуі шарбақ үстінен аман-есен бері қарай асып түсті. Қалған қарақшылардың жетеуі ме, әлде сегізі ме және әрқайсысында бірнеше мылтықтан болса керек, қалыңда жасырынып отырып алып, бекінісімізді толассыз атқылап-ақ жатыр. Бірақ, ол атқылауларынан біз зиян шеге қоймаған сияқтымыз.
Шарбақтан асып түскен төртеуі айқай салып, үйге қарай жан ұшырып жүгіріп келеді. Жолдастарын демей түсу үшін орманда қалғандары да айқайды салып жатыр. Біздің атқыштарымыз, тым асығыстықтан шығар, үзбей атып жатқандарымен, сірә, бір де тигізе алмаған сияқты. Төрт қарақшы ә дегенше төбеге өрмелей шығып, бізге тап берді. Әлгі боцман Джоб Эндерсонның басы орталық тесіктен қылт ете қалды.
— Аямай соқ! Аямай соқ! — деп гүр-гүр етіп айқай салады.
Тап сол сәтте екінші бір қарақшы Хантердің мылтығының аузынан ұстап, өзіне қарай жұлып алды да, тесікке қайтадан тығып, дүмімен Хантерді бар пәрменімен соғып кеп қалғанда, байғұс есінен танып, еденге жалп етіп құлап түсті. Сол екі арада үшінші бір қарақшы үйді оп-оңай айналып өтіп, күтпеген жерден есік алдына шықты да, кездігімен докторға тап берді.
Бұған дейінгі жауларымыздың жағдайы енді біздің өз басымызға келді. Осы жаңа ғана біз тасада тұрып, ашық жердегі қарақшыларды атқылап едік, енді біз өзіміз де ашықта қалдық, жаумен бетпе-бет қолдасып соғысуымызға тура келді. Үй ішін оқ-дәрі түтіні басып кетті, бізге соның пайдасы тиді. Сол түтін шымылдықтың арқасында тірі қалған сияқтымыз. Айқай-ұйқайдан, ыңқылдап, ыңырсыған дауыстардан, тапаншаның атылған гүрсілінен құлағым бітіп қалды.
— Алға ұмтылыңдар, қоян-қолтық соғысуға алға! Кездіктеріңді алыңдар! — деп капитан айқайлап тұр.
Отын үстіндегі қанжарға ұмтылдым. Тағы біреуі, ол да қанжарға жүгіргенде, саусақтарымды буынынан тіліп жіберді, бірақ ауырғанын сезсем не дейсіз. Есікке, сырттағы жарыққа қарай тұра жүгірдім. Кім екенін білмеймін, маған ілесе тағы біреу шықты. Менің тап алдымда бөктермен төмен қарай бір қарақшыны өкшелеп доктор жүгіріп барады. Бір соғып қалып, қарақшының қолындағы қаруын ұшырып түсірді, ізінше қанжармен бетін тіліп жібергенін өз көзіммен көрдім.
— Үйді айналыңдар! Үйді айналыңдар! — деп айқайлады капитан.
Осынша айқай-ұйқай, жалпы астан-кестен әбігер ішінде болғаныммен, капитаның даусынан мен бір өзгеріс байқағандаймын.
Берген командаға ойланып жатпай еріксіз бағынған мен шығысқа қарай бұрылып, кездігімді көтере ұстаған күйім, үйдің бұрышын айнала бергенімде Эндерсонмен бетпе-бет кездестім. Ақырып, айқайлап келіп, маған сілтеген пышағы жарқ етіп көрінді. Тіпті қорқып үлгермей қалдым. Пышақтан қашып құтылмақ боп жалтарғанымда, аяғым сусыған жұмсақ құмға шалыс басылып, төмен қарай басымнан аса құлап, сырғанай жөнелгенім.
Шабуыл кезінде мен есіктен шыға жүгіргенімде, басқа қарақшылар бізді біржола құрту үшін шарбақ үстінен тырмысып асып түспек болып жатыр екен. Олардың біреуінің басында қызыл түсті түнде киетін қалпақ бар, өзі кездігін аузына тістеп алған, шарбақ үстінен секіріп түспек боп, бір аяғын бері қарай салбыратып жатқанын көргенмін. Менің төбеден төмен қарай құлап түскеніме көз ілеспегені соншалық, құлаған жерімнен қайта түрегелгенімде, әлгі сол қалпынан ештеме өзгертіп үлгермеген екен. Қызыл қалпақты қарақшы әлі сол күйінде шарбақ үстінде отыр да, екінші қарақшының басы шарбақтың ар жағынан жаңа ғана қылтиып көріне бастапты. Дегенмен, осы бір болмашы сәтте соғыс та аяқталып, жеңіс біздің үлесімізге тиген боп шықты.
Есіктен менің ізімше жүгіріп шыққан Грей, ұзын бойлы боцман маған пышағын екінші қайтара сілтеп үлгергенше, табан астында-ақ оны жайратып салды. Екінші бір қарақшы тесіктен үйдің ішіне қарай мылтық атпақшы боп жатыр еді, сол арада-ақ өзі оққа ұшты. Әлгі сорлы өлер алдында жанталасып құм үстінде екі бүктетіліп, аунақшып жатыр, сонда да аузынан түтіні шығып бітпеген тапаншасын қолынан тастар емес. Үшінші қарақшыны доктор түйреп өлтірді деп, бұдан бұрын айтқан да болуым керек. Шарбақтан бері асып түскен төрт қарақшының жалғыз біреуі ғана тірі қалды. Кездігін ұрыс алаңына лақтырып тастап, өлердей боп зәресі ұшқан әлгі қарақшы қашып құтылу үшін шарбаққа тырмысады келіп, тырмысады келіп, бірақ қайта-қайта құлап түседі.
— Атыңдар! Үйдің ішіндегілер, атыңдар! — деп айқайлады доктор.
— Ал сіздер жігіт екенсіздер, тасаға барыңыздар!
Бірақ, оның айқайы зая кетті. Ешкім атып үлгермеді. Ең соңғы шабуылшы қарақшы шарбақтан аман-есен түсіп, басқалармен бірге орманға сіңіп көрінбей кетті. Бір минут өтпей жатып-ақ шабуылшылардың ішіндегі бір бесеуінен басқаларының бәрі де ғайып боп үлгерді: әлгі бесеудің төртеуі бекіністің ішінде, біреуі сыртында жатыр. Доктор, Грей және мен үшеуміз қалың қабырғалы үйдің ішінен баспана іздеп, ішке кіруге есікке қарай ұмтылдық. Өйткені тірі қалған қарақшылар ормандағы мылтықтарына жетісімен-ақ бізді қайтадан атқылай бастауы мүмкін еді. Оқ-дәрі түтіні сейілді, сол бойда-ақ біз әлгі жеңісіміздің құрбаны ретінде қанша адамымыздан айрылғанымызды көзімізбен көрдік. Хантер өзі күзеткен тесігінің қасында ес-түссіз жатыр. Басынан оқ тиген Джойс мәңгі тынышталып тыныпты. Сквайр капитанды сүйемелдеп тұр, екеуінің де бет әлпеттері құп-қу болып кеткен.
— Капитан жараланып қалды! — деді мистер Трелони.
— Бәрі де қашты ма? — деп сұрады мистер Смоллетт.
— Қашуға жарағандарының бәрі де қашты, — деді доктор.
— Бірақ, бесеуі енді ешқашан қаша алмайтын халде көрінеді.
— Бесеуі ме? — деп капитан айқайлап жіберді. — Жаман емес екен! Олардың бесеуі қатардан шығыпты, бізде тек үш кісі ғана, демек, енді біз тоғыз кісіге қарсы төртеу боп қалдық. Бұл о бастағымызбен салыстырғанда, едәуір тәуір. Онда он тоғыз кісіге қарсы жетеу едік қой.
БЕСІНШІ БӨЛІМ. ТЕҢІЗДЕ
XXII ТАРАУ
Менің теңізде бастан кешкен оқиғаларым қалай басталды
Қарақшылар қайтып оралмады. Ешқайсысы, тіпті, орман ішінен де атқан жоқ. "Олар өздерінің бүгінгі сыбағасын алды ғой", — деді капитан. Бізге асықпай жарақаттанған жолдастарымыздың жарасын таңып, түскі ас әзірлеуімізге мүмкіндік туды. Бұл жолы Сквайр екеуіміз ас пісіруге тиіс едік. Қауіптірек болғанмен біз асты аулада пісіруді ұйғардық, бірақ бұл жерге де жаралы адамдарымыздың ыңқылдап, ыңырсыған жан түршігерлік дауыстары естіліп жатты.
Ұрыс кезінде зақымданған сегіз адамның үшеуі ғана тірі қалды: мылтық ататын тесік түбінде жарақаттанған қарақшы, Хантер, содан кейін капитан Смоллетт. Алғашқы екеуінің жағдайы нашар, олар адам болады деген үміт жоқ. Қарақшы кешікпей операция кезінде өлді, Хантер біз қанша күш салғанымызбен бәрібір есін жия алмады. Біздің трактирімізде тоқтаған сонау кәрі қарақшының басына қан шапшығаннан кейінгі дем алғаны құсап, Хантер қатты дем алып, күні бойы тірі жатты. Бірақ, оның қабырғалары сынып, құлаған кезде бас сүйегінің де мылжа-мылжасы шыққан екен, сөйтіп, ол келесі түнге қарай еш қыңқыл-сыңқылсыз, сол есін жия алмаған күйі дүние салды.
Капитанның жарақаттары жанына қатты батқанымен, қауіпсіз болатын. Оның мүше-мүшелерінің ойсырай қираған ештемесі жоқ-тын. Эндерсонның оғы — капитанға алғаш оқ атқан сол Джоб екен — оның жауырын сүйегін тесіп өтіп, өкпесін жанап кетіпті. Екінші оқ балтырына тиіп, тарамысына зақым келтіріпті.
Доктор: "Капитанның жазылатыны кәміл, — деді, — бірақ, бірнеше апта бойы жүруге, қолын қозғауға және көп сөйлеуге болмайды", — деді.
Менің саусағыма кездейсоқ тиген пышақ орны түк емес нәрсе боп шықты. Доктор Ливси жараны пластырьмен жапсырды да, еркелетіп құлағымнан тартып-тартып қойды.
Түскі астан кейін Сквайр мен доктор екеуі капитанның қасына барып отырып, үшеуі ақылдаса бастады. Кеңестерін түс қайта аяқтады. Доктор қалпағы мен тапаншаларын алып, беліне кездігін қыстырды, жан қалтасына картаны салып, иығына мылтығын іліп алды, сөйтіп, шарбақтың солтүстік жағынан әрі асып түсіп, лезде қалыңға кіріп жоқ болды.
Біз Грей екеуіміз ақсақал жолдастарымыздың әңгімелерін естімеу үшін, үйдің ең алыс түкпіріне барып отырдық. Грей доктордың түсініксіз қылығына қайран қалып, аузындағы қалиянын шығаруын шығарды да, енді аузына қайта апаруды ұмытып, сол күйі аңырып қалды.
— Бұл не сорақылық? — деді ол. — Осы доктор Ливси ақылынан алжасқаннан cay ма?
— Мен өзім олай деп айта алмаймын, — дедім мен. — Ол ақылынан алжасса, бәрімізден соң алжасады.
— Сенің айтқаның, мүмкін, дұрыс та шығар, — деді Грей. — Бірақ, ол алжаспаған болса, демек, менің есуас болғаным.
— Жай әшейін, доктордың өз жоспары бар шығар, — деп түсіндірдім мен. — Меніңше, ол Бен Ганнмен кездесуге кетті.
Кейін менің осы айтқаным дұрыс болып шықты.
Үйдің іші адам төзгісіз боп ысып кетті. Түске қарай шақырая қалған ыстық күн аула ішіндегі құмды қатты қыздырды, осы кезде маған бір сөлекет ой келді. Мен салқын саялы орман ішін аралап, неше құбылтып ән салған алуан құстардың үнін тыңдап, қарағай орманының жұпар иісін еркін жұтып, жайбарақат кетіп бара жатқан докторға қызықтым, мен болсам тиіп кетсең киімің қарағайдың ыстық шырынына жабысатын, айналаның бәріне адам қаны шашыраған өліктердің арасында, қарғыс атқыр тамұқта ыстыққа күйіп, қуырылып жүргенім мынау.
Өзіміздің осы бір қамалымызға деген менің жиіркеніш сезімім — үрей сезімі сияқты ұшан-теңіз еді.
Еден жудым, ыдыс-аяқ жудым, ал осы маңға деген жиіркеніш сезімім барған сайын ұлғая берді, докторға деген күншілдік сезімім барған сайын өрши түсті. Ақыры, мен кездейсоқ кепкен нан салған қапшықтың қасынан бір-ақ шықтым. Бұнымды ешкім байқаған жоқ. Сөйтіп, мен қашқын болуға жедел әзірлене бастадым: қамзолымның екі жан қалтасын да кепкен нанмен сықай толтырып үлгердім.
Мені ақымақ екен деулеріңізге болады. Менің бұным — көзсіз ерлік, өте бір қауіпті іске бас тігіп барамын. Бірақ, әйтеуір, өз қолымнан келер сақтық шаралардың бәрін де қолданған сияқтымын. Мына кепкен нан мені кем дегенде екі күн аштан өлтірмесе керек.
Одан кейін екі тапанша алдым. Оқ-дәрім бұрыннан да бар болатын, енді осыдан кейін өзімді жақсы қаруландым деп есептеуіме болатын сияқты.
Жоспарым, байыптап келгенде, онша негізсіз де емес-тін. Бұғазымызды шығыс тұстан теңізден бөліп тұрған құмдақ мүйіске барып, өзім кеше кеште байқаған ақ жартасты іздеп көргім келді. Мүмкін, Бен Ганн қайығын сол жерге жасырып жүрген шығар. Бұл — меніңше, тәуекелге тұратындай іс. Сұрансам, мені өлсем де жібермейтіндерін жақсы білдім, қашуға ұйғарғаным да сондықтан. Әрине, өз пиғылымды жүзеге асыру үшін таңдап алған бұл жолым — өрескел, сөлекеттеу жол, сондықтан бүкіл әрекеттерімді басқалар теріс түсінулері де мүмкін, бірақ бір есіңізде болатыны — мен онда әлі баламын ғой, содан шығар, әйтеуір, бұл ісіме өзім батыл бел байладым.
Кешікпей қашып шығуыма бір қолайлы жағдай да кездесе кетті. Сквайр мен Грей екеуі капитанның жарасын қайта байлап жатыр екен. Жолымда ешқандай бөгет жоқ сияқты. Ағаш шарбақтан асып түстім де, қалыңға кіріп көрінбей кеттім. Олар менің жоқ екенімді байқап үлгергенше, мен көп жерге ұзап та кеттім, сондықтан олардың айқайлап шақырғандарын да естігенім жоқ.
Бұл жолғы есуастығым өткен жолғы қылығымнан да сөкеттірек еді, өйткені қамалда дені сау тек екі-ақ кісі қалған-ды. Бірақ, алғашқы жолғы сияқты, менің осы қылығым да бәріміздің өлімнен аман қалуымызға септігін тигізді.
Аралдың шығыс жақ жағалауына тура тарттым, өйткені кемедегілер байқап қалар ма деп қорқып, мүйістің теңіз жақ қапталымен жүргім келмеді. Күннің көзі әзірше едәуір жоғары тұрғанмен, кеш түсуге жақындап қалған кез еді. Орман ішімен келе жатып, алдыңғы жақтан гүрілдеп, сарылдап тынымсыз жағаға ұрған толқын сарынына қоса ағаш бұтақтарының сусылын да, жапырақ сыбдырын да естіп келем. Демек, бүгін жағалау самалы әдеттегіден гөрі күштірек соғып тұрғаны ғой. Салқын леп бет алдымды шарпып өтті. Тағы да бірнеше қадам жер жүріп, орман шетіне шықтым. Алдымда күннің алтын нұрына малынып, сонау алыс көкжиекке дейін созылған телегей теңіз көрінеді, ал жағаға таяу ара буырқанып қайнап, көбік атып жатыр.
Қазына аралының айналасында мен теңіздің тыныш жатқан кезін әлі көрген емеспін. Тіпті, күн ашық боп, айнала көз ұялта жарқырап, ауада еш діріл сезілмей, тып-тыныш тұрған сәттерде де таудай-таудай толқындар сыртқы жағаға арсыл-гүрсіл, толассыз ұрып жатады. Бүкіл Аралдан толқын сарыны естілмейтін тыныш жер, сірә, іздесең де табылмас.
Бұл өзі тамаша серуен болды, жаным жай тауып, жағамен жүріп келем. Ақырында, түстік жаққа едәуір жер ұзадым ғой деп ұйғарып, қалың бұталардың арасымен мүйістің төбесіне қарай асқан сақтықпен еңбектей, өрмелеп шыға бастадым.
Кейінгі жағым — теңіз, алдым — шығанақ. Теңіз желі өзінің сонша қатты соққанынан қалжырап қалғандай тынши бастады. Оның орнына енді оңтүстіктен және оңтүстік-шығыстан жеңіл самал соғып, қалың тұман үйіріле бастады. Қаңқа аралы қалқалап тұрған бұғаз суы, біздің алғашқы күні көргеніміздей, қорғасын түстес күңгірт тартып, қатып қалғандай қимылсыз тұр екен. Қара жалауы мүлгіген "Испаньола" ең биік діңгегінің ұшар басынан бастап, ватерлиниясына дейін түп-түгел бұғаз суына айнада көрінгендей анық көрініп тұр.
Кеме жанында тұрған кішкене қайықты көрдім. Қайықтың рулінде Сильвер отыр. Басқаны білмеймін, бірақ Сильверді мен қандай қашықтықтан болса да бірден таныр едім. Сильвер кеме ернеуінен өзіне қарай еңкейген екі қарақшымен сөйлесіп отыр. Біреуінің басында едірейген қызыл қалпағы бар. Бұл — осыдан аз бұрын ағаш шарбақ үстінен асып түсіп, қашқан анау жексұрын екен. Бәрі де әлденелерді мылжыңдап күледі, бірақ, әрине, тұтас бір мильдей жерде тұрған маған сөздері естілмейді. Содан бір кезде жан түршігерлік жаман ащы дауыс естілді. Алғашында жүрегім тас төбеме шықты, кейін барып бұл капитан Флинттің тотысының даусы екенін білдім. Тіпті, маған әлгі әлеміш құс Сильвердің қолында отырғандай боп көрінді.
Қайық кемені тастап, жағаға қарай зымырай жөнелді, ал қызыл қалпақты қасындағы жолдасымен бірге каютаға түсіп кетті.
Күн еңкейіп Қарауыл Дүрбінің тасасына кірді, тұман қоюлана түсіп, айналаны қараңғылық тұмшалай бастады. Қайықты ертеңге қалдырмай, бүгін тапқым келсе, уақыт оздыруға болмайтынын, тезірек қимылдауым тиіс екенін түсініп келемін.
Ақ жартас қалың ағаш арасынан жақсы көрініп тұр, бірақ мен тұрған жерден едәуір алыс екен, мүйіспен жүріп барғанда сегізден бір миль шамасындай, сөйтіп жартасқа жеткенше көп уақытым кетті. Жиі-жиі бұталардың арасымен төрт аяқтап, еңбектеп жүруіме тура келді. Жартасқа жетіп, оның кедір-бұдыр бүйіріне қолымды тигізіп, сипап көргенімше әбден түн болды. Жартастың етегін ала бір кішкене сай өтеді екен, сайдың өне бойын мүк басып, жап-жасыл боп көрінеді. Сай жақындап келгенде болмаса, анадай жерден көзге шалынбайды, оны айналасындағы құм шағылдар, менің тіземнен ғана келетіндей аласа бұталар жасырып тұр. Сай ішінен ешкі терісімен жапқан күрке көрдім. Англияда мұндай күркелерді көшкенде цыгандар алып жүруші еді.
Сайдың ішіне түсіп, күркенің етегін көтеріп қарап, одан Бен Ганның қайығын таптым. Мынау өзі не заманғы қолдан істеген қайықтардың ішіндегі ең бір анайысы екен. Мықты-мықты ағаштарды қисық-қисық етіп, бір-біріне шегелеп, жүнін ішіне қаратқан ешкі терісімен сыртын қаптай салыпты. Міне, қайықтың бар бітімі осы. Ішіне ересек адам қалай сыятынын қайдам, мен өзім оған сығылысып әзер міндім. Ішінде аласа орындығы, аяқ тірейтін табалдырығы және екі жағы бірдей қалақты ескегі бар екен.
Ежелгі британдықтардың қолдан тоқып істеген балықшы қайықтарын мен бұрын атымен көрмеген едім. Бірақ, тап сондай қайықтарды кейінірек көргенім бар-тын. Бен Ганның қайығының қандай екенін көз алдыңызға елестетіп көрулеріңіз үшін айтайын — бұл сол ежелгі қайықтардың ішіндегі ең алғашқысы, ең тұрпайысы деп ойларлық. Дегенмен, бұл қайық та ежелгі қайықтардың ең басты артықшылығынан құр алақан емес екен, өзі, тіпті, жеңіл болып шықты, бір жерден екінші жерге оп-оңай апарып, мініп жүре беруге оңтайлы-ақ.
Сіздер — мені қайықты тапты, енді блокгаузға оралатын шығар деп ойлауларыңыз да, мүмкін. Бірақ, осы екі ортада менің басыма тағы бір басқа ой келе қалды. Және бұл ойымның өзіме ұнағаны соншалық, тіпті ешқандай капитан Смоллетт мені бұл ойымнан қайтуға көндіре алмас еді. Түн қараңғылығын пайдаланып, "Испаньолаға" жүзіп барып, зәкірдің арқанын қиып жіберуге ниетім ауды. Кейін ағыс оны қай жағаға апарып шығарса да өзі білсін. Бүгін таңертең бізден дұрыстап сазайын тартқан қарақшылар енді зәкірді көтеріп, теңізге шығып кететініне менің еш күмәнім жоқ еді. Уақыт өткізіп алмай, бұл пиғылдарына тосқауыл қою қажет. Кемеде күзетшілердің қарауында бірде-бір қайық қалған жоқ, демек, менің бұл пиғылымды онша қауіптенбей-ақ жүзеге асыруға болады деген сөз.
Әбден қараңғы түсуін күтіп, құмға отыра кеттім де, кепкен нанды қаужай бастадым. Ойлаған осы бір ісімді сәтті орындап шығуға бүгіннен басқа тап мынадай қолайлы түн кездесе қояр ма екен, сірә. Аспан астын қалың тұман басты. Батқан күннің соңғы шапақтары сөнгенде, Қазына аралын көзге түртсе көргісіз мидай қараңғылық орап үлгерді. Ақырында, қайығымды иығыма көтеріп, сайдан шығып, сүріне-қабына теңізге қарай жүрген кезімде, тас қараңғы түн ішінде жылтырап екі от көрінді. Біріншісі — жағадағы, батпақ жанындағы от болатын, ол оттың қасында қарақшылар арақ ішіп отыр; екіншісі — шынын айтсам, жай от емес, менен бір түрлі көлегейленіп тұр: бұл — кеменің арт жақ терезесінің оты екен, ал кеме қазір мен жаққа тұмсығын беріп тұр. Менің от деп отырғаным — тұманнан жарық түсіп тұрған кішкентай сарғыш дағы ғана.
Су кейін серпе бастады, су мен жағаның арасында ылғал құмның кәдімгідей едәуір жалпақ белдеуі пайда болды. Шегініп бара жатқан судың артынан қуып жетпек боп малтығып талай жердің қоп-қою балшығын кешіп келе жатырмын. Әлде де бірнеше аттап барып, қайығымның түбін төмен қаратып, су бетіне оп-оңай түсіре қойдым.
XXIII ТАРАУ
Кейін серіпкен судың тұтқыны болғаным туралы
Бойы да, салмағы да мендей кісіге мына қайық, сірә, өте қолайлы болар деп ойлап ем, соным рас боп шықты. Өзі жеңіл, қолды-аяққа тұрмайтын жүрдек екен, бірақ соншама сыңар жақ, орнықсыз, қалаған жағыңа қарай айдап жүргізуің қиынның қиыны-ақ. Не істесең о істе, пышаққа түссең де мейлің, ал, бірақ қайық шыр көбелек айнала береді-ау, айнала береді. Кейін бірде ол қайықты жүргізу "оның қыңыр мінезіне үйренген" кісінің ғана қолынан келеді деп, Бен Ганның өзінің де мойындағаны бар-ды.
Ал мен болсам, әрине, оның "қыңыр мінезіне" әлі үйреніп үлгергенім жоқ. Қайық лып-лып етіп, қай жаққа жүзуге де әзір, тек маған керек жаққа жүзгісі жоқ. Бәрінен бұрын ол кейін қарай, жағаға қарай жүзуге құштар-ақ, егер сол күнгі судың кейін серіпкен ағысы болмаса, мен кемеге өлсем де жете алмайтын түрім бар еді. Әйтеуір, менің бақытыма, ағыс мені іліп алды да емпеңдетіп ағыза берді. Және тура "Испаньолаға" қарай әкетіп барады. Алдымен мен үлкен бір қара дақты байқадым, ол айналадағы қою түнектен де гөрі қаралау боп көрінді. Содан кейін барып, кеменің бүкіл тұлғасын, діңгектерін ажырата бастадым. Көзді ашып-жұмғанша болмай (өйткені, жағадан алыстаған сайын ағыс та күшейе түскен) мен зәкір арқанының қасына жетіп те қалыппын, шап беріп арқаннан ұстай алдым.
Зәкір арқаны қатты керілген адырнадай тырс-тырс етеді, өйткені кеме зәкірден жұлынып шыққысы кеп барын салып-ақ тұрғандай. Кейін серіпкен ағыс кеменің түп жағында таулы жердегі тасқындай, бұрқ-сарқ етіп сарылдап жатыр. Пышақпен арқанды қиып кеп жіберсем, "Испаньола" ағыс қайда қуса да жөнеле берер түрі бар.
Бірақ, керіліп тұрған арқанды бірден шорт кессем, оның үзігі мені ат тепкеннен жаман соқпай ма деген ой басыма сап ете қалды. Онда қайығым аударылып, су түбіне кете барар ем.
Енді өзімді-өзім тежеп, оңтайлы сәтін күттім. Жолым болып, кездейсоқ бір қолайлы жағдай тумағанда, өз пиғылымнан өзім бас тартқан болар ма едім, қайтер ем.
Әуелі оңтүстік-шығыстан, одан кейін оңтүстіктен соққан баяу жел түн қараңғылығы түскеннен кейін бірте-бірте бағытын өзгертіп, оңтүстік-батысқа шықты. Күтіп отырғанымда, ойда жоқта көтерілген қатты жел "Испаньоланы" ағысқа қарсы жылжытты. Арқан босап, арқан ұстаған қолым суға малынды. Қуанышымда шек жоқ.
Уақыт оздырмай, тез қимылдауым қажет, жалма-жан шаппа пышағымды шығарып ап, тісіммен аштым да, арқан тіндерін бірінен соң бірін қия бастадым. Екі тіні ғана қалып еді, сол кезде арқан қайтадан сіресіп, керілді де қалды. Желдің келесі дүркін күшеюін күтіп, тағы отырдым.
Манадан бері-ақ каютадан қатты сөйлескен дауыстар естіліп жатқан. Бірақ, шынымды айтсам, арқанды кесе алмай өзіммен-өзім болып отырып, ол дауыстарға мен ешқандай мән бермегенмін. Енді бәрібір бос отырмын, содан аздап тыңдай да отырғым келді.
Бір кезде Флинтте зеңбірекші болған екінші боцманның, Израэль Хендстің даусын таныдым. Екіншісі — өзімнің қызыл қалпақты досымның даусы екені күмәнсыз. Дауыстарына қарағанда, екеуі де удай мас және әлі де ішіп отырған сияқты. Тілі күрмеле бірдеме деп айқайлап сөйлеген біреуі кеменің артқы терезесінен әлденені суға лақтырып кеп жіберді, босаған құты болса керек. Және олар жай ғана ішіп отырған болмады, иттей ырылдасып, ұрсысып та отыр екен. Боқтық сөздер жаңбырша жауып жатыр, кей тұста мен, сірә, енді төбелес басталатын шығар деп күтемін. Бірақ, дауыстары бәсеңдеп, ұрсысулары басылып қалады. Ізінше қайтадан ұрсысады, бірер минуттан кейін дауыстары қайтадан басыла қалады.
Жаға жақтағы, ағаш арасынан жанып жатқан от көрініп тұр. Ол жерде біреу көңілсіз бір сарынды, ескі матрос әнін салып отыр, өлеңнің әp жолының соңғы сөзі бір түрлі қылғына шыққан зарлы әуенмен барып бітеді. Осы сапарымызда мен өзім бұл әнді сан рет естігенім бар. Бұл өзі бітіп болмайтын ұзақ өлең, оны айтушылардың ешқайсысының аяғына дейін айтқанын бір рет те көрген емеспін, әркім өзінің төзімі жеткенінше айтады да, кез-келген жерінен үзе салады. Ол әннің тек:
Жетпіс бесі оралмады бәрі де,
Дүлей теңіз жұтты мініп кәріне, —
деген бірнеше сөзі ғана есімде қалыпты.
Бұл мұңлы ән бүгін таңертең соншама жолдастарынан айрылған қарақшы атаулының қайғылы көңіл-күйіне, шынында да, үндесіп тұр екен деп ойлағанмын алдында. Кейін көп нәрсені өз көзіммен көріп, байыптап қарасам, теңіздің бұл антұрған қарақшылары өздері жүзіп келе жатқан теңіз қандай қатал болса, бұлар да тап сондай тас жүрек екен ғой.
Ақыры, жел тағы да күшейе түсті. Кеме де қайтадан маған қарай жылжи түсті. Арқанның босаңсығанын сезе қойдым да, оның қалған тіндерін бар күшіммен қиып кеп жібердім.
Менің қайығыма желдің әсері бола қоймады, сөйтіп, мен кенет "Испаньоланың" тура бауырына тығылып қалдым. Кеме енді ағыстың күшімен тұрған жерінде бұрылып, айнала бастады.
Енді, шынымен, аударып жіберетін болды-ау деп бар күшіммен есіп-ақ отырмын. Бірақ кеме қайығымды өзіне тартып жіберер емес, енді одан құтыла алатын түрім жоқ сияқты, бар қолымнан келгені — жайлап қана кеменің тұмсығынан арт жағына қарай бірте-бірте жылжып келем. Ақыры, әзер дегенде кеме біртіндеп алыстай бастады, қауіпті көршімнен енді құтылатын шығармын-ау деген үміт те қылаң бергендей болды. Бірақ, тап осы арада келіп кеменің арт жағында салбырап тұрған кендір арқан қолыма іліге кеткені. Сол бойда арқаннан шап беріп ұстай алдым.
Неге бұлай істегенімді өзім де білмеймін. Сірә, әлдеқалай ұстай салған болсам керек. Бірақ, қайткенде арқан қолыма бір іліккеннен кейін және оның үзілмейтін берік екенін білген соң, маған тағы бір қызықты ой келіп, енді каютаның терезесінен қарауға аңсарым ауды.
Екі қолыммен кезек ұстап, арқаннан тартып, орнымнан түрегелдім. Бұным енді өте-мөте қауіпті әрекет болатын. Қайығым кез-келген сәтте-ақ аударылып кетуі мүмкін еді. Сәл көтеріліңкіреп ем, каютаның бір бұрышы мен төбесі көрінді.
Сол екі ортада кеме де, оның серігі — қайық та ағыспен зулап қатты жүре бастады. Біз тіпті жағадағы оттың деңгейіне келіп қалыппыз. Теңізшілердің сөзімен айтқанда, кемеге "тіл бітті", яғни толқынды суылдатып, өршелене тіліп, жүрісін тездете түсті, ал өзім ішімнен анау кемені күзетуге қалдырған қарақшылар неғып дабыл қақпай жатыр деп ойлаймын, бұның себебін терезеден қараған кезімде ғана білдім. Барлығын түсіну үшін терезеге көзімнің бір рет түсуінің өзі-ақ жетіп жатты. Ал лып-лып еткен орнықсыз қайықта тұрып терезеге бір реттен артық қарай алудың өзі де мүмкін емес-тін. Хендс пен қасындағы жолдасы екеуі төбелелесіп, бір-бірін алқымынан ала түсіп жатыр. Тіпті бірін-бірі өлтіруден де тайынар емес.
Қайықтың орындығына отырдым. Түтіндеп тұрған май шамның күңгірт жарығымен екі көзі қанталап, екі беті әлем-жәлем болған қарақшыларды бекер-ақ көріппін, жексұрын кескіндері көз алдымда әлі елестеп тұр. Қараңғыға үйренейін деп екі көзімді тарс жұмдым.
Жағадағы ұшы-қиырсыз шұбатылған ән, ақыры, тыйылып, от басындағы сауықшылар енді өзіме жақсы таныс әне бір әнді бастады.
Өліктің сандығына он бес адам,
Йо-хо-хо, тағы да бір шөлмек ром!
Іше түс, шайтан суы емес харам,
Ио-хо-хо, тағы да бір шөлмек ром!
"Испаньоланың" каютасында ром мен ібіліс бірігіп, не істеп жатыр екен деп ойланып кеткен екенмін, бір кезде қайығымды бірдеме қатты итергендей болғанына қайран қалдым. Бір жағына оқыс қисайып барып, қайық бағытын күрт өзгертті. Ағыстың шапшаңдығы да кенет күшейе түсті.
Көзімді ашып, жан-жағыма қарадым. Ұсақ толқындар қараңғы түннің болмашы сәулесімен ағараңдай жылт-жылт етіп, жал-жал болып көбіктеніп, сусылдап ағып өтіп жатыр. "Испаньола" да бағытын өзгерткен сияқты. Қайығым бірнеше ярд жер кейінірек кемеден қалмай еріп келеді. Оның діңгектерін түн қараңғысында әзер ажыратып келемін. Абайлап қарай түскен сайын ағыстың кемені енді оңтүстікке қарай бұрып, айдап бара жатқанына еш күмәнім қалмады.
Кейін бұрылып қарап ем, зәрем ұшқаны соншалық, жүрегім жарылады екен деп қалдым. От енді менің арқа тұсымнан көрінеді. Демек, күрт оңға бұрылған ағыс үлкен кемені де, менің лып-лып еткен кішкентай қайығымды да соңына ілестіріп алып, жетелеп әкетіп барады. Асау ағыстың дыбысы да күшейе түскен, толқыны да биіктей бастады, бізді тар бұғаздың бойымен енді ай жоқ, шай жоқ ашық теңізге қарай сүйреп барады.
Кенет кеме тағы бір бұрылыс жасап, кемінде жиырма градусқа бағытын өзгертті, сол сәтте мен бір айқай естідім, ізінше екінші бір айқай шықты. Траппен жүгірген аяқтардың дыбысы естілді, мас қарақшылар төбелесулерін қойған болды ғой деп түйдім. Екеуін бастарына төнген қатер айықтырып жіберген тәрізді.
Мен, тағдыр енді неге жазса да көндім деп, өзімнің кішкентай мүсәпір қайығымның түбіне қисайып жатып алдым. Бұғаздан шығысымен біз алапат толқындардың құшағына енетініміз анық, содан кейін, сірә, өмірдің бар әурешіліктерінен оп-оңай-ақ құтылатын болармын. Өлем деп қорықпайтын тәріздімін, тек жансыз адамдай қимылсыз жатып, ажал қашан келеді деп зарығып күтудің өзі барып тұрған азап екен.
Осылай бірнеше сағат жатуыма тура келді. Үсті-басыма су шашырап, толқын мені былай да лақтырады, олай да лақтырады. Әрбір жаңа толқын тура менің ажалыма көрінуі мүмкін Бірте-бірте бойымды ерекше бір әлсіздік билеп алды. Халімнің соншалық мүшкілдігіне қарамастан, қимылсыз бейжай күйге еніп, бүкіл әлемді есімнен шығарғандаймын. Ұйықтап кеткен екенмін: түсімде туып-өскен жерімді, ескі досым — "Адмирал Бенбоуды" көрдім.
XXIV ТАРАУ
Қайықта
Оянсам, таң атып, айнала жап-жарық болыпты. Ағыс мені Қазына аралының оңтүстік батыс жақ жағалауымен айдап әкеле жатыр екен. Күн едәуір көтеріліпті, бірақ Қарауыл Дүрбінің теңіз жақ тұсындағы зәулім жартастары күн көзін менен әлі де көлегейлеп тұр.
Тіркеме Тау мен Бизань-діңгек тауының дәл түбіне келіп қалыппын. Бизань-діңгек жалаңаш екен, әлі көлеңкеде тұр, ал Тіркеме Таудың басын биіктігі қырық-елу фунттай құздар, үлкенді-кішілі жартастар қоршап алыпты. Мен тұрған жер мен аралдың екі аралығы ширек мильден артық емес. Ескекті қолыма оңтайлап ұстап, қайықты жағаға қарай бұрып көргім келді.
Бірақ, бірден-ақ бұл ниетімнен бас тартуға мәжбүр болдым: ағын жартастардың арасына кіргенде жын ұрғандай долданып, өкіріп, аласұрып кетеді екен. Таудай-таудай толқындар тулап, аспанға атыла, көбік шашып жатыр. Жағаға жақындасам-ақ, не сол толқындарға жем болып құритынымды, не жағаға аяғым тиген күнде де анау тіп-тік жартастарға өрмелеп шыға алмай, дымым құрып, босқа қор болатынымды білдім.
Менің зәремді ұшырған тек бұл ғана емес-тін. Стол тәрізді теп-тегіс жалпақ тастардың үстінде бір дәудей-дәудей құбыжықтар бауырымен жорғалап, изеңдеп жүр, үсті-бастары сілекей-сілекей бір алып құрттар сияқты. Анда-санда олар шалп-шүлп етіп суға секіріп, сүңгіп ала жөнеледі. Өздері жиырма-отыз шамасындай, үйір-үйір. Және ара-арасында шаң-шұң етіп үріп-үріп қояды, оны жартас-құздардың жаңғырығы көтеріп, азан-қазан болады да қалады.
Бұлардың теңіз арыстандары екенін, ешқандай зиянсыз жануарлар екенін мен кейін білдім. Бірақ, өздерінің түрі сондай қорқынышты болар ма, әрі жағаға өрмелеп шығу да соншалық қиын, жойқын толқын жартасқа ұрып, тас-талқаны шығып қирап кейін тебеді — осының бәрін көріп отырғанда, менің аралға қарай жүзейін деген ниетім аяқ астынан зым-зия болды. Әлгіндей толып жатқан қауіп-қатерлермен жүзбе-жүз кездесіп, зәрем ұшқанша, ашық теңізде аштан өлгенімнің өзі артық емес пе?!
Бірақ, сол екі арада аман құтылуымның екінші бір мүмкіндігі пайда бола қалды. Тіркеме Таудың солтүстік жағында су кейін серіпкенде жалаңаштанып, ашылып қалған ұзын, сарғыш құм қайраң бар екен. Ал әрегіректе, солтүстікке таман, екінші бір мүйіс көрініп тұр: біздің картамызда бұл — Орманды мүйіс деген атпен белгіленіпті. Бұл мүйісте өскен зәулім-зәулім жасыл қарағайлар тура судың жиегіне дейін жетіпті.
Қазына аралының батыс жағалауын бойлап, солтүстікке қарай өтетін бір ағыс бар деген Сильвердің сөзі ойыма сақ ете қалды. Өзімді тұтқындап айдап келе жатқан да сол ағыс екенін түсіне қойдым, күшімді босқа ысырап жасамай, Тіркеме Таудан өткесін, көзіме әлдеқайда жылы ұшыраған сол Орманды мүйістің жағасына тоқтауға барымды салмақ болдым.
Теңіз бетінде кішігірім толқын жосылады. Оңтүстіктен үнемі самал есіп тұр, менің ағыспен жүзуіме көмектесіп келе жатқан сол самал. Толқын белгілі бір ырғақпен бірде көтеріліп, бірде басылып көшіп жатыр.
Егер жел бұдан гөрі сәл ұйытқып соқса-ақ, мен әлдеқашан суға кеткен болар ем. Тіпті, жел баяу, бірқалыпты болғанның өзінде де мына титімдей жеңіл қайығымның аударылып, батып кетпей, соншалық ыңғайлы боп шыққанына таң қалмасқа лажым жоқ. Қайықтың түбінде жатып, жан-жағыма көз салған шақтарымда зәулім толқынның көгілдір жоны тас төбемнен төніп, құлап келе жатқанын талай көрдім. Міне, құрыдым, толқынның жұтқан жері осы болды деп ойлаймын. Жоқ, кішкене қайығым серіппеге табан тіреп секіргендей, оп-оңай орғып, билеп, толқынның желкесіне мініп алады да, қонайын деп келе жатқан құс құсап, қалықтап барып төмендеп, орнына түседі.
Бірте-бірте, тіпті, батылданып алғаным соншалық, жайлап қайығымды есіп те көрдім. Бірақ, тепе-теңдік сәл бұзылса-ақ, қайығымның да тәртібі өзгеріп шыға келеді. Сәл ғана қозғалуым мұң екен, қайығым бипыл жүрісін ұмытып, толқынның жалынан шұңқырға қарай күрт құлдилап жөнелгенде басым айналып кетті, іле суды бір бұрқ еткізіп шашыратты да, тұмсығымен екінші бір толқынға қойып кетті.
Үсті-басым малмандай су болып, зәрем ұшқанмен, қайықтың түбіне тағы да жата қалдым. Қайық бірден ақылы кіргендей бұрынғы бүлкіліне қайта басып, толқын-толқынның арасымен мені әрі қарай әкетіп барады.
Ендігі жерде қайықты есіп, береке таппайтынымды білдім. Ал сонда жағаға қалай шықпақпын?
Үрейленуін үрейлендім, бірақ, әйтеуір, сабырымды жоғалтпадым. Алдымен бас киімімді шештім де, сонымен қайық түбіне жиналған суды төге бастадым, содан кейін қайықтың жүрісіне зер салып, бақылап, оның аударылып кетпей, қалай жүзіп келе жатқанының шын сырын ұқпақ болдым. Менің байқағаным — жағадан немесе кеме үстінен қарағанда ұзыннан-ұзақ үлкен бір қырат сияқты боп көрінетін әр толқын, шынында, бір емес, бөлек-бөлек талай төбешіктердің тізбегі екен; сөйтіп, зерттей отырып, әр төбешіктің өз шыңы, өз бөктері, өз шатқал-сайлары болатынын білдім. Кішкене қайықты өз ырқына жібергенімде; ол құлама бөктерлерге, биік шыңдарға жоламай, сай-сайды қуалап отырып, оп-оңай жөн табады екен.
"Ендеше, тіпті жақсы. Ең дұрысы — тепе-теңдік ұстап, тыныш қана жату екен ғой. Реті келсе, анда-санда тегіс-тегіс жерлерде жағаға қарай ептей есіп те көрермін", — деп ұйғардым.
Және солай істедім де. Шынтақтап, өте бір ебедейсіз күйде жатқаныммен, әредік-әредік ескегімді сілтеп, қайықты аралға қарай бұруға тырысам.
Бұл өзі адамды мезі қылатын, өнбейтін іс болып шықты. Міне, енді Орманды мүйіспен қатарласа бере жағаға бар болғаны бірнеше жүз ярд жер қалса да, сол тиіп тұрған жердің өзіне жете алмай, жанамалап өте шығатынымды көріп келем.
Жасыл ағаштардың саялы салқын төбелері көрініп-көрініп кетеді де, шегініп қала береді. Самал жел оларды самарқау қозғап, тербелтіп тұр. Келесі мүйістен бұлай оп-оңай айырылып қалмайтыныма сенімді едім.
Уақыт өтіп жатыр, енді мені шөл қыса бастады. Күн шақырайып тұр, жылт-жылт етіп толқында ойнаған мың-сан сәуле көз қаратпайды. Бет-аузыма шашыраған теңіз суы лезде-ақ кеуіп кетеді, тіпті ерніме дейін бір қабат тұз басып, ашқылтым татиды. Тамағым кеуіп, басым ауыра бастады. Ал орман "кел, көлеңкеме кір" деп шақырғандай жап-жақын жерден көз қызықтырады. Бірақ, ағыс мені лезде-ақ мүйіс жанынан алыстатып әкетті. Ашық теңізге қайтадан шыққанда көргендерім менің бүкіл жоспарымды тағы да өзгертіп жіберді.
Тап қарсы алдымда, жарты мильдей, жоқ, тіпті одан да жақынырақ жерде, желкен атаулысының бірін қалдырмай көтеріп, "Испаньоланың" келе жатқанын көрдім. Енді мені қайтсе де байқап, кемеге мінгізіп алатыны даусыз болды. Шөлден өлердей қаталап келе жатқандығымнан шығар, не қуанарымды, не күйінерімді білмедім. Бірақ, ұзақ ойлап тұруға мұрша қайда? Бұдан кейінгі көргендерім мені, тіпті қайран қалдырды: бір қарағанымда, "Испаньола" грот пен екі кливерді ғана көтеріп келе жатыр екен. Әдемілігін айтып жеткізгісіз қардай аппақ желкендер күнге шағылысып, күмістей жалт-жұлт етеді. Алғаш көргенімде бүкіл желкендерді жел кеулеп тұр еді. Бағыты — солтүстік-батыс жақ болатын. Кемедегілер аралды айналып өтіп, кеменің бұрынғы тоқтаған жеріне қайтып оралайын деген болар деп ойлағам. Бұдан кейін кеме барған сайын батысқа қарай ойыса түсті. Мұны — олар мені байқап, кемеге мінгізіп алғысы келгендері ғой деп түйдім. Кенет кеме тура желге қарсы бұрылды да, желкендері босап, салбырап, әбден әлсіреп, дәрмені біткендей тоқтай қалды.
"Әй, хайуандар-ай, — дедім ішімнен. — Ес-түсін білмегенше ішкендері ғой. Осылай да кеме басқарады екен-ау, капитан Смоллетт болса ғой, көрсетер еді сендерге!"
Сол екі арада кеме бағытын сан өзгертіп, тұрған жерінде шыр көбелек айналды да, бір-екі минут бойы кәдімгідей шапшаң жүзді, содан кейін тағы да бетін желге бұрды, артынша қайтадан тоқтап қалды. Осылай бірнеше рет қайталанды. "Испаньола" желкендері желге жалп-жалп етіп, қазір ғана таңдап алған бағытын ізінше өзгертіп, басқа жаққа бұрылып бірде солтүстікке, бірде оңтүстікке, бірде шығысқа, бірде батысқа қарай жүзіп, әуре-сарсаң күйде тұр. Кемені басқарып, жүргізіп отырған ешкім жоқ екенін енді ғана білдім. Сонда адамдары қайда кеткені? Олар не ес-түссіз мас та, не кемені тастап кетіп қалғаны ғой. Егер кемеге қолым жетіп, палубаға көтерілсем, мүмкін, оны заңды капитанына қайтарудың сәті түсер ме еді, қайтер еді?
Ағыс қайықты да, кемені де бір шапшаңдықпен айдап келеді, бірақ кеме бағытын қайта-қайта өзгертіп, жиі-жиі тоқтағандықтан, ілгері озбай, сол бір орнында тұр десек те болады. Егер қайықта түрегеп отырып, ескекпен есе алсам, кемені сөзсіз қуып жетер едім. Бірде, шынымен, оны қуып жеткім келді: жаңа тосын бір оқиғалар күтсем керек, әрі кемеде ауыз су бар екені есіме түскенде, кемеге баруға құштарлығым ұлғая түскендей.
Орнымнан көтеріліп көріп ем, сол бойда-ақ бір толқын басымнан аяғыма дейін көміп кеп жібермесін бе... Бірақ енді бұдан онша қорқа қоймадым. Орнығып отырып алып, бар күшімді жинап, ептеп есе бастадым. Сөйтіп, ешкім басқармай, лағып келе жатқан "Испаньоланың" артынан қудым. Толқын бір жолы қатты лақтырып кеп жіберіп еді, жүрегім торға түскен құстай, дір-дір қағып атша тулап кетті. Тоқтай қалып, қайықтағы суды асығып-үсігіп төгіп жатырмын. Бірақ, әйтеуір, қайықтың бар сырын көпке жібермей ұғып алдым да, небір асау, дүлей толқындардың ара-арасымен ебін тауып жүре алатын болдым; енді анда-санда бетіме көбік шашырағаны болмаса, басқа пәлелерінен құтылдым.
Кемемен екі арамыз жақындап, оған қарай тез-тез жүзіп келем. Енді, тіпті кеме бұрылып, қозғалған кезде жалт-жұлт етіп, көрініп-көрініп кетіп тұрған румпельдің мысын да ажырата алатындай болдым. Палубада тірі жан болмай шықты. Сірә, қарақшылар түгелдей қашып кеткен болса керек. Ал егер қашпаған болса, өлгенше ішіп, мас болып кубрикте жатыр. Кубрикте болса, сырттарынан бекітіп, кемені түгелдей оз қарамағыма алып, ойыма не келсе, соны істемекшімін.
Ақыры, бақытыма, жел бір сәт қыбыр етпей тына қалды. "Испаньола" ағыс ырқымен сол тұрған жерінде тағы бір рет жайлап шыр көбелек айналып шықты. Кеменің арт жағын көріп отырмын. Каютаның терезесі ашық тұр. Таң әлдеқашан атып, күн жап-жарық болғанына қарамастан стол үстіндегі шам сөндірілмеген. Грот тымық күнгі жалау құсап салбырап кетіпті. Кеменің жүрісі енді, тіпті баяулаған, өйткені ол желкеннің қатысынсыз, тек ағыспен ғана жүзіп келеді. Арамыз біраз алшақтап кетіп еді, енді сәл күш салсам, тағы да қуып жетуге мүмкіндігім бар сияқты.
Небары жүз ярдтай ғана жер қалғанда кеменің желкендерін тағы да жел кеулеп, көтеріп әкетті. Кеме сол жақ тұсына бұрылып алды да, қалықтап ұшқан қарлығаштай толқын қуалап тағы да зырлай жөнелді.
Алғашында шошып, зәрем ұшқанмен сәлден кейін қуанып кеттім. Кеме шеңбер сызғандай орағытып, айналып келді де, енді тура маған қарай жүзді. Әне, кеме екі арадағы қашықтықтың жартысын жүзіп өтіп те үлгерді, енді үштен екісін, енді төрттен үшін өтті. Форштевень астындағы толқынның қалай көбік шашқанын көретіндей болдым. Менің титімдей қайығымнан кеме соншалық зәулім боп көрінеді.
Өзіме қандай қауіп төніп келе жатқанын енді ғана түсіндім. Кеме көз ілеспей жақындап келеді. Ойланып жататын уақыт та жоқ. Аман қалудың лажын іздеуім керек. Бір толқынның жалына көтерілген кезімде кеменің тұмсығы көрші толқынды жарып өтті. Бушприт тас төбемнен төне қалды. Ұшып түрегеліп, секіріп кеп кетіп едім, салмағыммен қайығым суға күмп беріп, батты да кетті.
Екі қолыммен утлегарьдан ұстап үлгеріппін, аяғым штаг пен брастың екі аралығына кірді. Зәрем кетіп, теңіз үстінде салбырап тұрмын. Төменгі жақтан кеменің бірдемеге соғылғанын сездім, бұл енді менің қайығымның су түбіне біржола кеткені екенін және өзімнің "Испаньоладан" енді ешқашан кете алмайтын болғанымды да түсіндім.
XXV ТАРАУ
"Көңілді Роджерді" түсіргенім жайлы
Әрең деп бушпиртке шықтым. Салбырап бос тұрған кливер зеңбірек атылғандай тарс ете түсті де, жел кеулеп, үрген қарындай томпая қалды, содан ізінше басқа бағытқа ауды. Кеменің өн бойы, тіпті түбіне дейін дір етіп, селк ете түскендей болды. Келесі сәтте басқа желкендердің бәрін де әлі жел кеулеп тұрғанымен, кливер тағы да бір рет тарс ете түсті де салбырап, босап қалды.
Кеме бірдемеге оқыс тірелгендей болды, мен екпініммен теңізге ұшып түсе жаздадым. Содан уақыт оздырмай бушприт бойымен тез-тез жылжып барып, палубаға басыммен жер сүзе құлап түстім. Бақтың ық жағына құлаппын. Кеменің арт жағын грот тасалап түр. Еш тірі жан көзге түспейді. Бүліншілік шыққан күннен бері жуылып көрмеген палуба үсті аяқ алып жүргісіз ластанған. Мойны сынық бір бос шөлмек бір әрі, бір бері домалайды. Ана жерде де, мына жерде де бес батпан лас аяқ киімдердің іздері баттиып көрінеді.
Кенет "Испаньола" тағы да ыққа қарай жүрді. Менің арқа тұсымнан тағы да кливерлер тарс-тарс ете қалды. Руль бұрылып, бір айналып еді, кеме дір ете түсті. Сол бойда гротагик бір жағына қисайып, шкот блоктарға тиіп, сықырлай жөнелді де, маған кеменің арт жағы көрінді.
Екі қарақшының екеуі де кеменің арт жағында екен. "Қызыл қалпақ" шалқасынан түсіп сұлық жатыр. Екі қолын креске керіп қойғандай, екі жағына құлашын жайып тастапты, еріндері ашылып тісі ақсиып көрінеді. Израэль Хендс басын салбыратып, төмен иіп, фальшборт түбінде отыр, екі қолы жаны кетіп қалғандай былқ-сылқ етеді, беті күнге күйіп қарайғанына қарамастан, өңі шырағдан балауызының түсіндей құп-қу.
Кеме асау аттай арындап, кейде тікесінен тік тұрғысы келетіндей. Желкендерін жел кеулеп бір бағыттан екіншісіне ауысады, гиктері бар күшімен тербелгенде, діңгектер сықыр-сықыр етіп, ойбай салғандай болады. Кей-кейде кеменің тұмсығын толқын көміп, фальшборт үстіне шашыраған су жаңбырдай нөсерлейді. Менің қолдан істеген, қазір опат болған кішкене қайығым да толқыннан тап мына жақсы жабдықталған зәулім кемедей зәбір көрмеген сияқты еді.
Кеме орғып, секіріп түскен сайын қызыл қалпақты қарақшы да шоршып түседі. Бірақ, менің зәрем ұшқаны — оның бет әлпеті сол баяғы қалпынан бір өзгерген жоқ, бұрынғысынша тісін ақситып, ыржиып күліп жатыр. Ал Хендс кеменің әр селкілінен барған сайын арт жаққа қарай жылжи түседі. Сөйтіп, ол бірте-бірте ернеуге дейін жетіп, бір аяғы суға қарай салбырап түсіп кетті. Маған оның тек сыңар құлағы мен бұйраланған бір түп самай шашы ғана көрінеді.
Осы сәтте мен олар жатқан жердегі палуба тақтайларының қарайып, жолақ-жолақ боп, қанға боялғанын байқадым, екеуі, сірә, мас болып, төбелесіп, бірін-бірі пышақтап тастаған екен ғой деп түйдім.
Бірақ кенет, кеме сәл тынышталып тоқтай қалған кезінде, Израэль Хендс ыңырси жылжып, өзінің бұрынғы орнына барды. Қиналып, азап шегіп жатқан адамның шектен тыс қалжырағанын білдіретін осы бір ыңырсуы және оның дәрменсіздіктен астыңғы иегінің салбырап түсіп кеткенін көруім бір сәт менің оған деген аяныш сезімімді оятқан сияқты. Бірақ өткен жолғы алма салған бөшке ішінде отырып естіген сөздерім есіме түскенде, аянышым су сепкендей басыла қалды.
Мен грот діңгектің қасына келдім.
— Міне, сөйтіп, мен тағы да кемеге оралдым, мистер Хендс, — дедім мен кекете сөйлеп.
Ол көзін әрең ашып, маған қарады, бірақ пәлендей таң қалған жоқ, өйткені өзі ес-түссіз мас екен. Бір ғана:
— Бренди! — деген сөзді айтуға шамасы жетті.
Уақыт оздыруға болмайтынын бірден түсіндім. Палубага баратын жолды бөгеп тұрған грот-гиктің астынан оп-оңай өтіп, траппен жүгіріп түсіп, каютаға кірдім.
Ондағы астан-кестені шыққан дүниені көз алдыңа елестетудің өзі қиын. Жәшіктердің бәрінің шетінен құлыптары сындырылыпты. Қарақшылардың іздегендері, сірә, карта болса керек. Еден үсті бес батпан лас, мұншама топырақты қарақшылар анау батпақ жақтан аяқтарымен әкелген, өйткені өткенде сол батпақ жағасында арақ ішті ғой. Ақ бояумен боялып, алтын түсті жалтылдақ сырмен әшекейленген тақтай беттерінде лас саусақтардың іздері баттиып жатыр.
Ондаған бос шөлмек кемемен бірге шайқалып, сыңғыр-сыңғыр етіп бұрыштан-бұрышқа домалап жүр. Доктордың дәрігерлік кітаптарының бірі беті ашық күйінде стол үстінде жатыр. Беттерінің кем дегенде жартысы жыртылып алынған: сірә, темекі шегуге қажет болған шығар. Осыншама бейбастақтықтың қақ ортасында күңгірт сәулесі жылтырап, баяғы бір шам әлі жанып тұр.
Мен погребке түстім. Бөшкелер жоқ; босаған сансыз көп шөлмек еденде шашылып жатыр. Бүліншілік басталған күннен бастап бүкіл қарақшы атаулы, сірә, мастықтан бір айығып көрмеген шығар.
Қоймастан іздеп, ақыры, Хендс үшін ішінде аздаған брендиі бар бір шөлмек таптым. Өзім үшін аздап кепкен нан, кептірілген жеміс-жидек, бір уыс мейіз және ірімшік алдым.
Палубаға көтеріліп, әлгі әкелгендерімнің бәрін боцманның қолы жетпейтін, одан алысырақ жерге, рульдің қасына үйіп қойдым. Анкероктен әбден шөлім қанғанша су іштім, содан кейін барып Хендске шишаны ұсындым. Ол брендидің жартысын тауысып барып қана шөлмектің аузынан басын көтерді.
— Өтірік айтсам жай ұрсын, маған керегінің өзі де осы еді ғой, — деді ол.
Мен бұрышқа отырып aп, әкелген тамағымды жей бастадым.
— Жарақатыңыз ауыр ма? — деп сұрадым.
Ол бір түрлі иттің үргеніндей, арпылдаған дауыспен жауап қатты:
— Қасымда доктор болса, оп-оңай-ақ жазылып кетер едім. Бірақ, көріп тұрсың ғой, өзім жолым ауыр адаммын.. Ал мына егеуқұйрығың өліп қалды, — деп, ол қызыл қалпақты кісіні нұсқап, басын изеді. — Өзі де бір нашар теңізші еді... Ал сен қайдан шықтың?
— Мен әдейі осы кемеге капитан болу үшін келдім, мистер Хендс, — дедім мен. — Бұдан былай келесі бұйрығыма дейін мені капитан деп біліңіз.
Ол менің бетіме көңілсіз тұнжырай қарады да қойды, ештеңе деп тіл қатпады. Екі бетіне аздап қан жүгіргенімен, түрі әлі де ауру адамның түріндей және өзі кеме селк етіп, қозғалған сайын ол да бір жағына қарай қисайып, құлап кетіп отырды.
— Айтпақшы, мистер Хендс, — деп, сөзімді жалғастырдым, — маған мына бір жалау ұнамай тұр. Егер рұқсат етсеңіз, соны түсіргім келіп отыр. Бұндай жалау ілгеннен, жалаусыз отырғанымыздың өзі жақсы емес пе?!
Мен гик тиіп кетпесін деп, орағыта өтіп, діңгектің қасына бардым: тиісті жіптен тартып, қарғыс атқыр қара жалауды түсірдім де, кеменің қанасынан асырып теңізге лақтырып кеп жібердім.
— Корольді құдай сақтасын! Құрысын капитан Сильвер! — деп айқайладым бас киімімді бұлғап.
Ол басын көтерместен жата берді, бірақ қалт еткізбей мені бақылап жатыр және бет әлпетінен нендей бір айла ойлап жатқанын байқадым.
— Менің топшылауымша..., — деді ол, ақырында, — менің топшылауымша, капитан Хокинс, екеуіміз амалдап жағаға шығып, жер бассақ, сіз оған қарсы болмассыз деп ойлаймын? Ендеше, осы мәселе жөнінде ақылдасып көрмейміз бе?
— Оныңыз рас, ақылдасып көрсек, несі бар? — дедім мен.
— Құлағым сізде, мистер Хендс. Айта беріңіз. — Осылай дедім де, жеп отырған тамағыма қайта еңкейіп, ашқарақтанып сыпырып соға бердім.
— Ана жатқан кісі..., — деп, ол өлік жақты басымен нұсқады. — Оның аты О'Брайен болатын... Ирландық... Ол екеуміздің желкендерді көтеріп, бұғазға оралғымыз келген еді. Бірақ, көріп отырсың, өліп қалды, енді, міне, трюмдегі сасық судай мүңкіп жатқаны анау. Енді кемені кім басқаратынын білмеймін Мен үйретпесем, кемені ырқыңа көндіре аласың ба? Маған тамақ әкеліп беріп, су ішкізсең, ескі бір шүберек орамал тауып алып жарамды байлап берсең... сол үшін өзіңе кеме жүргізуді үйреткен болар ем. Осыған келісесің бе?
— Бірақ тек есіңізде болсын, мен капитан Кидтің аялдамасына екінші қайтара барғым жоқ, — дедім мен — Мен кемені Солтүстік аялдамаға апарғым келеді, жағаға сол арадан шығам.
— Жарайды, — деді ол. — Есуас емеспін ғой. Түсінбейтін несі бар? Ойында мен өзіме тиісті жүрісімді істегенмін, бірақ амал не ұтылып қалдым, ұтыс енді сенікі болды. Несі бар... барғың келетіні Солтүстік аялдама ма? Құп алдық! Менде таңдап жататын жағдай жоқ. Өтірік айтсам, жай түссін, егер ана жақта сені дар дұзағы күтіп тұр, кемені сонда апар десең де көнген болар ем.
Маған сөзінің жаны бар сияқты көрінді. Біз осылай келісімге келдік. Үш минут өтпей жатып-ақ "Испаньола" Қазына аралын жағалап, ыққа қарай жүзіп келе жатты. Солтүстік мүйісті түске дейін-ақ айналып өтіп, су келуіне дейін Солтүстік аялдамаға кіретін де шығармын деп үміттеніп келем. Сонда біз ешқандай қауіп-қатерсіз "Испаньоланы" жағаға жақындатып апарамыз да, су кейін қайтқан кезде, құрлыққа шығамыз.
Румпельді бекітіп, төмен түстім, өзімнің сандығымды іздеп таптым да, өзіме анам сыйлаған жұқа, жібек қол орамалды алдым. Осы орамалмен Хендстің санындағы жарасын таңуға көмектестім: қанжар едәуір тереңдеп кіріпті, қаны тыйыла қоймаған жара екен. Аздап тамақ жеп, екі-үш жұтым бренди ішіп, ол кәдімгідей тыңайған сияқты. Дұрысталып тіке отырып, қаттырақ, анығырақ сөйлеуге әлі жетіп, тіпті адам болып қалды.
Жел артымыздан соғып тұр. Кеме шіркін құстай ұшып келеді. Жағалаудың минут сайын өзгерген талай көріністері көз ілеспей кейін қалып жатыр. Қазір сирек аласа қарағай өскен құмдақ жазық жағаны бойлап жүзіп келеміз. Міне, жағаның қарағайлы тұсы да кейін қалып қойды. Аралдың ең солтүстік шетін — жартасты төбені де айналып өттік.
Кеме жүргізу өзіме қатты ұнап келеді. Тамаша ашық күн, жағалаудың әдемі табиғаты жанымды жай тапқызып рақаттанып-ақ келем. Ішетін де, жейтін де тамақ жеткілікті. Қамалдан қашып кеткенім үшін ар-ұятым да мазалауын қойды. Өйткені осыншама үлкен жеңіске жеттім емес пе?! Боцманның мені бақылаған екі көзі өңменімнен өтіп барады. Сол болмаса, тағдырға тіптен риза болар ем. Ол мені келеке қылып қарайтын сияқты, ара-арасында бет әлпетін бір түсініксіз оғаш күлкі шарпиды. Азап шеккен дәрменсіз кәрі кісінің сары уайым, жабырқау, тұнжыр күлкісі. Бірақ келекесі де ішінде, опасыздық сарыны да аралас күлкі. Мен кеме жүргізіп, өзіммен-өзім болып келем, ал ол болса, айла-қулыққа басып, менен көз алмай қарайды келіп, қарайды келіп.
XXVI ТАРАУ
Израэль Хендс
Оңтүстіктен соққан жел бізге жаққысы келгендей енді бағытын өзгертіп батыстан соға бастады. Аралдың солтүстік-шығыс шетінен солтүстік аялдаманың кіре берісіне біз еш қиындықсыз-ақ оп-оңай жеттік. Бірақ, зәкіріміз болмағандықтан теңіз суы көтерілмей тұрып бұғазға кіруге сескендік. Күте тұру қажет болды. Боцман маған кеменің өзінен-өзі жайлап жүру үшін не істеу керек екенін үйретіп еді, мен кешікпей-ақ бұл бағытта да едәуір ілгері басқанымды байқадым. Содан кейін екеуіміз де үнсіз отырып, тамақ ішуге кірістік.
— Капитан, — деді Хендс, ақырында, сол баяғы кекесінді қалпымен күле сөйлеп, — мына жатқан О'Брайен деген менің ескі жолдасым болатын. Кеменің ернеуінен әрі қарай құлата салсаң қайтер еді? Мен өзім ар-ұят деген нәрселеріңе тым артық мән беріп жатпайтын кісімін, сондықтан оны о дүниеге жөнелтіп жібергеніме онша қынжылып отырғаным шамалы. Бірақ, меніңше, оны кемеміздің соншалықты бір сәнін келтіріп жатыр деу де қиын. Ал сеніңше қалай?
— Менің оған әлім жете ме? Және оған қоса, мұндай жұмысқа өзімнің зауқым да шамалы боп отыр.
— Мынау "Испаньола" дегеннің өзі мұншалықты бақытсыз кеме болар ма, Джим, — деді, ол маған көзін қысып қойып. — Екеуіміз Бристольден шыққалы бері бұл "Испаньолада" қанша адам өлтірілмеді, бақытсыз қанша теңізші опат болмады?! Өмірімде тап мұндай сәтсіз сапар көрген емеспін! Міне, мына О'Брайен де өліп қалды — оның өлгені шын ғой, иә? Мен оқымаған қараңғы адаммын, ал сен оқи да, есептей де білесің. Маған жасырмай, турасын айтшы, өлген кісі сол өлген күйінде қала бере ме, әлде кейін бір кезде тіріле ме?
— Мистер Хендс, адамның денесін өлтіргенмен, рухын өлтіре алмайсыз, — дедім мен. — Біліп қойыңыз О'Брайен қазір тірілді, ол енді біз екеуімізді ана дүниеден бақылап жүр.
— Қап, бұнысы өкінішті екен! Демек, босқа уақыт өткізген болғаным ғой. Бірақ, меніңше, рух дегеніңіз тірілерге онша зиян келтіре алмайтын шығар. Мен рухтан қорықпаймын-ау. Джим, естіп тұрсың ба, менің өтінгім келгені — каютаға барып, маған.. тфу ұмытып та қалдым ғой, не әкеліп бер дейін деп едім... ә, иә, бір шөлмек шарап әкеліп берші, Джим. Мына бренди мен үшін тым күштірек екен.
Боцманның әлгі қобалжулары күдік туғызды және шынымды айтсам, оған брендиден гөрі шарап көбірек ұнап отыр дегенге сене қоймадым. Бұның бәрі тек сылтау болса керек. Не мақсатпен болса да, әйтеуір, мені палубадан кетіргісі бар, бұнысы — анық. Бірақ сондағы мақсаты не? Маған тура қарауға өзінің дәті де шыдар емес. Көзін тайдыра береді: біресе аспанға, біресе өліп жатқан О'Брайенге қарайды. Және өзі үнемі көлгірсіп жымиып, тіпті қулығымды асырдым деп, тілін шығарып, әуре-сарсаң боп отыр. Мұндайда кішкентай сәбидің өзі де оның бір жаман ойы болып отырғанын түсіне қойған болар еді.
— Шарап дедіңіз бе? Жақсы. Тек қандайын әкелейін, ағын ба, әлде қызылын ба? — деп сұрадым.
— Достым, бәрібір, — деді ол. — Тек қызуы мол болсын да өзі неғұрлым көбірек болсын.
— Жақсы... Мен сізге, мистер Хендс, портвейн әкелейік Бірақ оны іздеп тапқанымша біраз уақыт кететін шығар.
Мен аяғымды неғұрлым қаттырақ, тарсылдата басып төменге жүгіріп түстім. Сосын кебісімді шешіп, дыбысымды сездірмеуге тырысып, басқа сенекпен барып, кубрикке өттім, одан траппен жоғары көтеріліп, алдыңғы жақтағы тамбурдан жайлап басымды қылтиттым. Мені сыртынан бақылап жүр деген Хендстің ойына да келер емес. Дегенмен, ештеме сезбесін деп сақтанып қараймын. Күдігімнің дұрыс екеніне бірден-ақ көзім жетті.
Ол орнынан көтеріліп, төртаяқтап, кәдімгідей-ақ шапшаң жорғалап, палубада кетіп барады, қимылдаған сайын жаймен ыңқылдап та қояды, сірә, жаралы аяғын қатты ауырсынатын болса керек. Жарты минут өтер-өтпесте су ағатын түтікше түбінде шиыршықталып жатқан кеме арқанына жорғалап жетті де, арқан астынан сабына дейін қып-қызыл қан, бір ұзын пышақ, жоқ пышақ емес-ау, кішігірім кездік суырып алды. Астыңғы иегі салбырап түсіп кеткен, қанжар өте ме, өтпей ме деп жүзін байқап көрді де, жалма-жан қойнына тыға салып, қайтадан жорғалай фальшборт түбіндегі өзінің бұрынғы орнына барды.
Мен өзіме қажет біраз нәрсені біліп алдым. Израэль жорғалап та болса жүре алатын болып шықты, әрі енді өзінің қаруы да бар. Мені жаңа палубадан кетіруге тырысты. Демек, құрбан еткелі отырғаны да мен екенім анық. Сонда мен өлгеннен кейінгі ойы не — бүкіл аралды кесіп өтіп, қарақшылардың батпақ жанындағы лагеріне бармақ па? Әлде зеңбірек атып, жолдастарын көмекке шақырмақ па, мұнысы мен үшін, әрине, жұмбақ.
Мүдделес кезімізде менің Хендстен қорықпауыма болады: екеуіміздің мақсатымыз — кемені бір қауіпсіз жерге жеткізу: тек ол жер — кейін кемені қажет кезінде еш қиындық, қауіп-қатерсіз кейін алып шығуға болатындай, ыңғайлы жер болуы тиіс. Бұл мақсатымыз іске асқанша, менің өміріме қауіп те төне қоймауға тиіс. Ойлана жүріп, уақытымды босқа кетірмеуге тырыстым: қайтадан білдіртпей қаютаға бардым, кебісімді кидім, қолыма іліккен бір құтыны ала салып, палубаға оралдым.
Хендс сұлата салған тең құсап мен кеткенде қалай жатса, тап сол қалпына еніп жата қалыпты. Соншалық әлсіреген немесе шақырайған жарыққа қарай алмай қиналған кісіше көзін сығырайтып, шала жұмып жатыр. Маған сынай бір қарап алып, шөлмектің тығынын үйреншікті дағдысы бойынша, оп-оңай ашып, әдетте айтылатындай:
— Сенің денсаулығың үшін! — деп, шарапты дем алмастан түбіне дейін тауысуға жақындатып, ішіп салды.
Содан кейін сәл дем алып, жан қалтасынан таңдайға салатын темекінің бір тақтасын шығарып, бір кішкентай бөлігін кесіп беруімді өтінді.
— Рақым етіп, кесіп берші, әйтпесе менде пышақ та жоқ қой, әрі әлім де жете қояр дейсің бе, — деді ол. — Әй, Джим-ай, Джим-ай, тіптен пайдаға аспай қалғанымды қарашы. Бір шетінен кесіп берші. Бұл өзі құдайдың қалған өмірімде шайнауға жазған ең соңғы темекісі болса керек. Ұзақ жатпаспын, сірә. Кешікпей-ақ о дүниеге аттанатын шығармын...
— Жақсы, — дедім мен — Қазір кесіп берейін. Бірақ, мен сіздің орныңызда болсам... жағдайым мүшкіл екенін білгесін, өлер алдымда құдайға құлшылық етіп, жалбарынып істеген күнәларымды жуып-шаюға тырысқан болар ем.
— Күнәларымды дейсің бе? — деп қайталап сұрады ол. — Қандай күнәларымды?
— Қандай күнәларымды дейсіз... Қандай күнәларыңыз бар екенін өзіңіз білмейсіз бе? — дедім мен. — Өзіңіздің адамгершілік парызыңызға опасыздық істедіңіз. Өмір бойы күнәға батып, өтірік айтып, мойныңызға адам қанын жүктеп жүрсіз. Әне, аяқ жағыңызда өзіңіз жаңа ғана өлтірген бір адам тағы жатыр. Сөйтіп жүріп, қандай күнәлар деп менен сұрайсыз! Күнәларыңыз — осы, мистер Хендс?!
Мен ештеме болмағандай, бейқам, жайбарақат сөйлесуге тиіс ем, бірақ оның қойнына тыққан қан-қан кездігі, оның өзімді өлтірмек екені ойыма түскенінен бе, әйтеуір, қызып кетіппін. Ал ол бойын шарапқа алдырғанынан ба, маған айрықша салтанатты жауап қатты.
— Отыз жыл бойы менің жүзбеген теңізім қалған жоқ, — деді ол. — Жақсыны да, жаманды да, дауылды да, тымықты да, аштықты да, тіпті пышақ сұғысқан кісі өлімін де көрдім, басқа да талай нәрселер кездесті, бірақ менің бір сөзіме сенуге тиіссің: ізгілік дегенің адамға титтей де пайда берген емес. Алдымен соққыға кім жықса, соныкі жөн боп шыға келеді. Өлгендердің қолынан кек алу келмейтіні ақиқат. Менің бар сенер дінім — осы. Аумин!.. Ал енді, — деді ол тіпті басқа дауыспен, — осы мылжыңдағанымыз да жетер. Су келіп, едәуір көтеріліп қалыпты. Менің командамды тыңда, капитан Хокинс, енді екеуіміз кемені бұғазға апарайық.
Шынында да, бізге екі мильдей жер жүрсек болғаны екен. Бірақ, жүзу өте қиын болды. Солтүстік аялдамаға кірер жол тар да тайыз, әрі өзінің ирек-ирек бұрылыстары көп екен. Мейлінше сақтық, шеберлік керек болды. Бірақ мен зерек орындаушы болып шықтым да, Хендс баға жетпес командир екенін көрсетті.
Екеуіміз қайраң атаулыны айналып өтіп, шеберлік көрсеткеніміз соншалық, егер сыртымыздан бақылаған біреу болса, сүйсінбей қалмас еді.
Екі мүйістің де жанынан аман өттік, енді біздің жан-жағымыз құрлық жер. Оңтүстік жағалау сияқты, Солтүстік аялдаманың жағалауларына да қалың орман өскен екен. Бірақ, бұғаздың ұзыны ұзын болғанмен ені тым тар екен, тіпті шындап келгенде, бұл бұғаз деуден гөрі өзеннің сағасына көбірек ұқсайтын болып шықты. Тура бет алдымыздан оңтүстік бұрыштан қираған кеменің шіріп, әбден құри бастаған ескі қаңқасын көрдік. Бұл өзі үлкен үш діңгекті кеме екен. Бұл жерде тұрғанына, тіпті көп уақыт өткен тәрізді. Онысы жан-жағын түгел балдыр қоршап алғанынан-ақ көрініп тұр. Палубада қызылды-жасылды гүлдерге толы әлдебір бұталар ұйысып өсіп тұр. Соншалық көңілсіз көрініс, бірақ осының өзі бұғаздың кеме тоқтауға өте қолайлы жер екенін дәлелдеп тұрғандай.
— Әне көрдің бе, — деді Хендс, — ана бір жер өте қолайлы-ақ екен, жағаға тіпті жақын баруға болады. Тап-таза, теп-тегіс құм, толқын деген атымен болмайтын шығар, өйткені жан-жақтың бәрі орман ғой, ал анау кеме дегенің мәуелі бақтан бір де кем емес, алуан түрлі гүл шешек атып, көздің жауын алады.
— Жағаға жақындаймыз деп, кемені қайраңға отырғызып алмаймыз ба? — деп сұрадым мен.
— Қайраңнан шығарып алу қиын емес қой, — деді ол. — Су кейін қайтқан кезде жағаға арқан тарту керек те, анау жуан қарағайлардың біріне орап, ұшын кейін әкеліп, шпильге байлау керек. Содан соң судың көтерілуін күт. Су көтерілген кезде бүкіл командаға жабыл, тарт арқаннан деп бұйрық бер. Кеме қайраңды жайына тастап, сылаң қаққан сұлудай, алдыңнан өзі-ақ шыға келеді. Ал, енді балам, абай бол. Қайраңға, тіпті таялып қалдық және кеме төтелеп қайраңға тірелгелі келеді. Аздап оңға бұрыл.. солай... туражүр... оңғатаман... сәл-пәл солға таман... тура... тура... тура жүр!
Ол бұйрық беріп жатты да, мен айтқандарын тез әрі дәл орындауға тырысып бақтым. Кенет ол:
— Желге қарай бұр, қымбатты достым! — деп айқайлап жіберді.
Мен бар күшіммен басып, рульге бар салмағымды салдым. "Испаньола" кілт бұрылды да, аласа орман өскен жағалауға қарай жүрді.
Осы айналыс-бұрылыстардың қызығымен жүргенде боцманның әр қимылын бағармын деген пиғылымды тіпті есімнен шығарыппын. Менің бар баққаным — кеменің түбі қайраңға қашан тиер екен деген ой болды. Өзіме төнген қауіпті таре ұмытыппын да, оң жақ фальшборттан асыла иіліп, кеменің алдыңғы жағында тулап, көбік атып жатқан теңіз суына қарап тұрыппын да қалыппын. Кенет әлденеге мазасызданып, бұрылып кейінгі жаққа қарамағанымда, ешқандай қарсылықсыз-ақ текке құриды екенмін. Бір сыбдыр естідім бе, әлде көзімнің қиығымен қимылдап келе жатқан әлдеқандай бір көлеңке байқап қалдым ба, әлде, мүмкін, мысықта кездесетініндей бойымда әлденендей бір инстинкт оянды ма, әйтеуір, кейін бұрылып жалт қарасам, тап қарсы алдымда Хендс тұр екен. Оң қолында кездігі, маған тіпті тақалып қалыпты.
Бір-бірімізге тіке қарап, көзімізге көзіміз түскен кезде, екеуіміз де қатты айқайлап жіберіппіз. Мен қорыққаннан айқайладым. Ол құтырынып алған сүзеген бұқадай, ызадан өршелене ақыра түсіп, алға, маған қарай тұра ұмтылды. Кеменің тұмсығына қарай секіріп түспек боп, румпельді қоя беріп ем, ол бірден кейін серпілді. Мені аман алып қалған да сол румпель болды: екпінімен барып Хендстің көкірек тұсына соғып кеп қалғанда, ол ұшып түсті.
Хендс тұрып үлгермей жатып, мен ол өзі айдап әкеліп тыққан мына бұрыштан тез қашып шықтым. Енді бүкіл палуба менің қарамағыма көшіп, Хендстен қанша жалтарам десем де мүмкіндігім болды. Грот-діңгектің алдына барып тоқтап, жан қалтамнан тапаншамды алдым, көздеп тұрып, шүріппесін басып кеп қалдым. Хендс маған қарай тура жүріп келе жатыр еді. Тапаншаның құлағы тырс ете түскенмен, оқ атылмады: оқ дәрісі суға тиіп дымқылданып қалған болып шықты. Осынша ұқыпсыздығым үшін өзімді-өзім сыбап-ақ тұрмын. Қаруымды неғып күні бұрын қайта оқтап алмағанмын? Уақытым жеткілікті-ақ болып еді ғой! Сөйткенімде, қазір осылай қасапшының алдындағы қой құсап, қарусыздан-қарусыз тұрмас едім ғой.
Хендс жарақатына қарамастан, ғажап тез қимылдайды. Ақ бурыл шашы қобырап, ызаға булығып, әрі бар күшін жинамақ боп, әбден қызара бөртіп алған. Мен екінші тапаншамды суырып алайын десем, соған мұршам жоқ. Және оған қоса, ол тапаншаның да мынау сияқты су боп қалғанына күмәнсыз едім. Бір ғана анық білген нәрсем — маған тура шегінгеннен пайда жоқ, онда Хендс әлгінде ғана кеменің артқы бұрышына тыққанындай, енді кеменің тұмсығына апарып тығырыққа тірейді, сондықтан бір әрі, бір бері бұлтақтап қашуым керек. Егер бұрышқа тығып, бетпе-бет келсе, анау қанды кездіктің талай сүйемі кірш етіп, денеме кірері сөзсіз. Едәуір жуан грот-діңгекті қапсыра құшақтап, бүкіл тұла бойым дір-дір етіп, күтіп тұрмын. Менің бұлтарып қашқым кеп тұрғанын сезіп, Хендс те кідіріп, тұрып қалды. Бірнеше секунд бірде оң жақтан, бірде сол жақтан шап бергісі келгендей түр көрсетіп, мені алдамақ болды. Мен де бірде оңға, бірде солға жалтақтап тұрып алдым. Екеуіміздің жекпе-жегіміз баланың ойыны сияқты: үйде, Қара Төбе бұғазының түбіндегі жартастар арасында, бір рет осындай ойын ойнағаным бар еді. Бірақ, әрине, ол ойын үстінде жүрегім қазіргідей атша туламаған-ды. Қанша дегенмен бұл ойынды ойнау балаға, санының едәуір үлкен жарақаты бар кәрі теңізшіден гөрі жеңілірек боп шықты. Мен біраз ес жинап, тіпті ойынымыздың қашан, немен бітетіні жайлы ойлап үлгердім. "Әрине, — деп ойладым мен, — осылай бұлтарып қашып, мен көпке дейін оның қолына түспеуім мүмкін, бірақ ерте болсын, кеш болсын, ол мені, әйтеуір, өлтіреді..."
Осылай екеуіміз қарама-қарсы арбасып тұрғанымызда, кенет "Испаньола" қайраңға келіп, кептеле қалды. Екпінімен соғылған кеме сол бүйіріне қарай қатты қисайып, құлауға шақ қалды. Палуба көлбей қырық бес градусқа қисайды да, науа бойымен атқылап су кіріп, палубада, фальшборт маңында көл-көсір қақ пайда болды.
Біз екеуіміз де тәлтіректеп барып құлап, сырғи жөнелдік те, тіпті құшақтасып қала жаздап, науаға барып тірелдік. Қызыл қалпақты өлік те сол баяғы құшағын жайған күйінен танбастан зіп-зілдей боп, төмен сырғыды. Мен басыммен боцманның аяғына қатты соғылып, тісім бір-біріне тигеннен сақ ете түсті. Өлік Хендстің үстіне барып түсті де, мен құлап, тұла бойымның ауырғанына қарамастан Хендстен бұрын ұшып түрегелдім. Кеменің кенет қисая қалғаны — енді палуба үстінде жүгіруге мүмкіндік беретін емес. Жан сақтаудың енді басқа бір амалын іздеу керек және бір сәт кешіксем-ақ құрығаным, өйткені дұшпаным қазір-ақ мені бас салғалы тұр. Бизань-діңгектің темір арқандары менің төбемнен салбырай қалған екен. Арқаннан ұстай алдым да, жоғары өрмеледім және салингке әбден жайғасып отырып алғанымша, бір мезет кідіргенім жоқ. Көз ілеспей тез қимылдағанымнан ғана жаным қалды: көтеріліп бара жатқанымда төменнен, аяғымнан жарты футтай ғана жерден қанжар жарқ ете түсті. Іші күйіп, не істерін білмей дағдарып қалған Израэль Хендс қайран боп, аузы аңырайып ашылған күйі төменде менен көз алмай қарай қалыпты.
Енді мен сол де болса дем алатын болдым. Уақытымды зая кетірмей, тапаншамды қайта оқтап алдым. Енді жазатайым қателікке ұрынбау үшін екінші тапаншаны да қайтадан оқтадым.
Хендс іші удай ашып, не істерін білмей, бәрін төменнен бақылап тұр. Жағдайының едәуір нашарлап кеткенін ол түсіне бастады. Сәл ойланып тұрды да, ақыры, әрең деп, арқанға жабысты, қанжарын аузына тістеп, жаралы аяғын сүйрете, қатты ыңқылдап, жаймен жоғары өрмелей бастады. Екеуіміздің арамыздағы қашықтықтың ол үштен бірін өтіп болғанша, мен екі тапаншаны да қайта оқтап үлгердім. Енді екі қолыма екі тапаншаны қатар ұстап, оған тіл қаттым.
— Енді бір қадам көтерілсеңіз-ақ, мистер Хендс, — дедім мен, — миыңыздың мылжа-мылжасын шығарам. Содан кейін, өзіңіз айтқандай өлген адам кек алады деп қорықпасам да болатын шығар, — деп қосып қойдым кекете күліп.
Ол бірден тоқтай қалды. Бір шешім ойлап тұрғанын бет әлпетінен көріп отырмын. Бірақ, бір тоқтамға келе алмай, қиналып, ұзақ ойланды, ал мен өзімнің қауіпсіз отырғаныма масайрап, қарқылдап күліп жібердім. Ақыры, ол бірнеше қайтара жұтынып, сілекейін жұтып алып, сөйлей бастады. Бет әлпетіндегі сол баяғы абыржу нышаны әлі айыққан жоқ. Сөйлеуге кедергі болғасын аузындағы қанжарды қолына алды, бірақ, әйтеуір, жоғары өрмелеуін қойды.
— Джим, — деді ол, — біз екеуіміз де едәуір орынсыз артық кеттік, — сен де, мен де. Енді екеуіміздің келісімге келгеніміз жөн. Жаңа кеме жағаға соғылып, бөгет жасамағанда мен сені құртқан да болар ем. Бірақ, мен ешқашан жолым болмайтын сорлымын! Амалнешік, кәрі теңізші болғанмен сенен, кеменің юнгасынан жеңіліс тапқанымды мойындамасқа лажым жоқ!
Мен оның сөздерін ұйып тыңдай түсіппін, ал өзім шарбақ басына ұшып шыққанына токаппарси қалған әтештей мәз болып, жымиып отыр едім, бір кезде ол кенет оң қолын сілтеп кеп қалмасын ба. Ауада атылған жебедей бірдеме зу ете қалды. Бірдеменің денеме кірт етіп тигенін сездім, денем шым еткендей ауырып кетті. Сөйтсем, иығым діңгекке шегеленіп қалған екен. Денем қатты ауырғаннан ба, әлде күтпеген жерден шошып кеткенімнен бе, тіпті ойлап істедім бе, әлде тек соқыр сезім бе, білмеймін, әйтеуір, екі шүріппені де басып қалдым. Тапаншалар атылуын атылды-ау, бірақ екеуі де қолымнан түсіп кетті. Бірақ бір жақсысы — құлаған тек тапаншалар ғана емес-тін: боцман арқанды қоя беріп, болар-болмас дауыс шығарды да, басын төмен қаратып құлаған күйі, суға барып күмп ете түсті.
XXVII ТАРАУ
"Пиастрлар!"
Кеменің қатты ауғаны соншалық, діңгектері, тіпті тұп-тура судың үстіне төніп тұр. Мен сырыққа қонақтаған тауық құсап, салингте отырмын, астыңғы жағымнан шығанақтың суы көрінеді. Мен құсап жоғары көтеріліп үлгермеген Хендс палубаға жақынырақ еді, суға мені мен фальшборттың аралығынан құлады. Қанды көбік арасынан су бетіне бір рет қана қылтиып көрінді де, мәңгі бақи батып, жоқ болды. Су беті тынышталғаннан кейін қарасам, көрініп жатыр. Кеме көлеңкесіндегі тап-таза ақшыл құмның үстіне құлаған екен. Денесінің үстінен екі кішкене балық жүзіп өтті. Кейде су тербелген кезде қозғалып, орнынан тұруға ұмтылып жатқан кісіге ұқсап кетеді. Оның өзін тіпті екі рет өлді десе де болады: әрі оқ тиді, әрі суға тұншықты. Өзі осы арада мені өлтірмекші болып еді, енді дәл сол өзі таңдаған жерінде балыққа жем болатын болды.
Жүрегім айнып, басым айналып, бойымды бір түрлі үрей биледі. Арқамды, көкірегімді қуалай ыстық қан сорғалап тұр. Иығымды діңгекке шегелеген әлгі қанжар қып-қызыл боп балқып, қызған темір сияқты, етімді күйдіріп қарып барады. Бірақ, менің қорыққаным — денемнің ауырғаны емес, ондай ауруға мен тіпті ыңқылдамай да үн-түнсіз-ақ шыдар ем, менің зәрем ұшқаны — салингтен құлап кетіп, анау әлі боцман жатқан тып-тымық жасыл судан бір-ақ шығам ба деген қауіп еді.
Салингті қос қолдап қатты қысып алғанмын, енді, тіпті саусақтарым сырқырай бастады. Қорыққанымнан көзімді жұмдым. Сәлден кейін аз-кем ес жиып, жүрегім орнына түскендей болды, енді сабырмен бойымды биледім.
Алдымен қанжарды суыруға әрекеттеніп көрдім. Бірақ әлде діңгекке тым терең бойлап кірген бе, әлде өзім жүйкемді билей алмай отырмын ба, әйтеуір, оны суырып алуға шамам жетпеді. Тұла бойым қалш-қалш етіп, дірілдеп кеттім. Бір ғажабы — сол дірілдеп, қалшылдағанымның ақырында өзіме көмегі тиді. Қанжар болмашы ғана, бір қабат терімді түйреп өткен екен, діріл қысып, селкілдеп тұрғанымда, жұқа тері жыртылып кетті. Қан бұрынғыдан бетер сорғалай жөнелді, бірақ оның есесіне, әйтеуір, өзім босап шықтым. Ал қамзолым мен көйлегім болса, олар сол діңгекке шегеленулі күйінде қалды.
Бар күшіммен қатты жұлқынып қалып едім, біржола босап шықтым. Палубаға кеменің оң жақ кенересіндегі арқандардан ұстап түстім. Осының алдында ғана Израэль қолымен ұстаған анау арқандарға мені ешқандай күш жақындата алмас еді.
Каютаға түсіп, жарамды байлап алғым келді. Жарам кәдімгідей қатты ауыра бастады. Қаны әлі тыйылған жоқ. Бірақ пәлендей қауіпті жара емес, қолымды қалай қимылдатам десем де, оған бөгеті жоқ. Жан-жағымды шолып, байқап көрдім. Енді кемеге мен жалғыз өзім ғана қожа боп қалдым, сондықтан кемедегі ең соңғы жолаушыдан — өліп жатқан О'Брайеннен құтылудың амалын ойластырғым келді.
Ол сырғанап, фальшборттың қасына дейін жетті деп бұрын да айтып ем ғой. Сол жерде ебедейсіз жексұрын бір қуыршақ құсап сұлап жатыр. Үлкен қуыршақ, бойы тірі адамның бойындай, бірақ тіршілік нышаны жоқ, өмірге тән жылылықтан жұрдай. Өзім бастан кешкен талай жан түршігерлік оқиғалар тұсында өліктерге әбден етім үйреніп, қазір олардан қорқуды қойғанмын, сондықтан одан құтылу маған онша қиынға түскен жоқ. Белбеуінен ұстап, кебек салған қапшық құрлы көрмей, көтердім де кеме кенересінен асыра лақтырып кеп жібердім. Күмп етіп суға құлады. Басынан ұшып түскен қызыл қалпағы су бетінде қалқып барады. Өлік құлағанынан су лайланып кетіп еді, енді, міне, су тынышталғанда мен олардың екеуін де — 'Брайенді де, Израэльді де ап-анық көрдім. Екеуі қатар жатыр. Судың баяу ағысы екеуін кейде жаймен тербетіп қояды. О'Брайен жас жігіт болғанмен мүлдем жылтыр бас еді. Басы тақырайып, өзін өлтірген адамның тізесін жастанған күйі бейқам жайғасыпты. Екеуінің де үстінен кішкене балықтар жып-жып етіп әрлі-берлі зулап өтіп жүр.
Сөйтіп, кемеде мен жалғыз қалдым. Міне, су кейін серпіле бастады. Күн едәуір еңкейіп қалған екен, батыс жағалаудағы қарағайлардың көлеңкесі бұғазды көктей өтіп, палубаға да жетіп қалыпты. Кешкі самал соқты, бұғазды шығыс жақтан биік екі шыңы таласқан үлкен төбе қолтығына алып, жел өтінен тасалап тұрғанмен діңгектер мен арқандар гуілдеп, желкендер тарс-гүрс етіп жалпылдай бастады.
Кемеге төнген қауіпті мен бірден түсіндім. Кливерлерді тез-тез жинап, палубаға түсірдім. Бірақ гротты түсіру оңай емес-тін. Кеме қисайған кезде, гик ернеуден асып түсіп, суға құлапты, тіпті оның бас жағы екі-үш футтай желкенімен қоса суға батып тұр. Осыдан келіп жағдай тіпті қиындай түсті. Оның бәрін орын-орнына келтіріп дұрыстау менің тіпті де қолымнан келер емес, сондықтан мен батылым барып еш нәрсеге де жақындай алмадым. Ақыры, пышағымды шығарып, фалдарды қидым. Гафель бірден төмен түсті де, ілініп тұрған желкеннің бауыр тұсы судың бетіне қалқып шыға келді. Бірақ қанша тырысқаныммен ниралға ештеме істей алмадым. Оған әлім жетер емес. Амал қайсы, "Испаньоланы" бір тағдырдың өзіне тапсырып, тастап кетуіме тура келетін сияқты. Не істей алам, қазір менің өзім де тағдырдың айдауына мойын ұсынған жанмын ғой.
Сол екі ортада бұғаз үстін кешкі қараңғылық тұмшалай түсті. Батар күннің соңғы сәулелері орман арасын көктей өтіп келіп, король шапанындағы асыл-жақұт тас құсап, кеме желкенінің әр жер, әр жерінде жалт-жұлт ойнайды. Салқын түсе бастады. Кейін серіпкен су азая берді, су азайған сайын кеме де құлаған бүйіріне қарай қисая түсті.
Мен кеменің тұмсық жағына өтіп, төмен қарадым. Кеме тұмсығы тайыз жерде тұр екен, дегенмен сақтық істеп арқаннан қос қолдап ұстап, жаймен кеме ернеуінен асып түстім. Су менің белуарымнан келді. Құм қатты екен, толқын қазғылап тастапты, сөйтіп, мен "Испаньоланы" бір бүйіріне жантайып, желкенін су шайған күйінде тастап, оп-оңай жағаға шықтым. Күн батты, қарағай басында жел шулайды.
Сөйтіп, менің теңіздегі бастан кешкен оқиғаларым осымен аяқталды. Және, сөз жоқ, сәтті аяқталды: кеме қарақшылардан тартып алынды, енді бізді мұхитқа тап осы қазір шығамыз десек те оған мүмкіндігіміз бар. Мен енді тезірек үйге, өзіміздің қамалымызға оралып, өзім істеген ерліктерім туралы мақтанғым келіп өліп барам. Маған, сірә, өз бетіммен кетіп қалғаным үшін аздап ұрсатын болса керек, бірақ "Испаньоланы" қолға түсіргендігім бәрін де жуып-шаюға тиіс, тіпті капитан Смоллеттің өзі де менің ерліктерімді мойындамай қала алмас.
Осындай ойларға беріліп, көңіл күйім сондай көтеріңкі, ағаш шарбаққа бармақ болып жолға шықтым: өз ойымша, шарбақ ішінде баяғыша өзімнің достарым күтіп отыр. Капитан Кидтің бұғазына құятын өзендердің ішіндегі ең шығыс жақтағысы қос өркешті төбенің түбінен басталатынын мен жақсы білетінмін. Сондықтан мен өзенді ең жіңішке жерінен кесіп өтпек болып, солға қарай бұрылдым. Орман, тіпті сирек екен. Бөктерді жағалай жүріп отырып, кешікпей төбенің шетін айналып өттім де, өзенді кешіп, арғы бетке шықтым.
Бұл — менің Бен Ганнды кездестірген жерімнің дәл өзі боп шықты. Жан-жағыма жітірек қарап, өте сақ келе жатырмын. Тіпті қараңғы түсіп кетті. Төбенің екі шыңының арасындағы шатқалмен келе жатып, жоғарғы жақтан жанған оттың алау сәулесін байқадым. Отты лаулатып жағып, сірә, Бен Ганн өзіне тамақ пісіріп жатқан ғой деп ойлап, ішімнен оның соншалық бейқамдығына таң қалдым. Шынында, мен көрген отты батпақ жанындағы өз лагерінен Сильвер де көріп қоймай ма?
Барған сайын түн қараңғылығы қоюлана түсті. Табан жолымды әрең тауып келем. Арт жағымдағы екі өркешті төбе мен оң жағымдағы Қарауыл Дүрбінің ұшар басын ғана адаспай жүруіме бағдар тұтып келе жатыр ем, енді олар да бірте-бірте қараңғыға сіңіп, көрінбей бара жатыр. Сирек жұлдыздар күңгірттеу жымың қағады. Қараңғыда бірде бұталарға сүрінем, бірде құм шұңқырларға түсіп кетем.
Бір кез айнала алагеуімдене түскендей болды. Жоғары жаққа қарадым. Қарауыл Дүрбінің төбесін бозамық сәуле шарпыпты. Төменіректе, қалың ағаш арасынан аумақты, күмістей жылтыраған үлкен бір дақ байқадым да, ай туған екен ғой деп түйдім.
Енді жағдайым жеңілдей түсті, шапшаңырақ жүрдім. Кей кез тіпті жүгіріп-жүгіріп алам, өйткені ағаш шарбаққа тезірек жетсем деп, шыдай алмай келем. Бірақ қамал айналасындағы орман ішіне кірісімен-ақ сақтану қажеттігі есіме түсіп, сәл баяулап қалдым. Осыншама ентелеп келе жатып, достарым жау деп қалып, оққа ұшсам, одан өкінішті не болмақ? Бастан кешкен бүкіл қым-қуыт сапарым зая кетпек пе?
Ай барған сайын жоғарылап, көтеріліп барады. Орман ішіндегі алаң-алаңдардың бәрі де сүттей жап-жарық болды. Алдыңғы жағымнан, ағаш арасынан, тағы бір жарық сәуле пайда болды, ай жарығына ұқсамайды. Қызарып көрінеді, от сияқты, бірақ кейде қара күңгірттеніп кетеді. Сірә, бұл кейде түтін сасып, күл көміп кетіп тұрған жанған от шығар деп түйдім.
Дегенмен, бұл өзі не болды екен, сайтан алғыр?
Ақыры, орманның шетіне шықтым. Ағаш шарбақтың батыс шетіне ай сәулесі түсіп тұр. Шарбақтың қалған жағы және үйдің өзі де қараңғылық құшағында, тек кей тұстарын ғана күміс сәуле тіліп-тіліп өтіпті. Ал үйдің арт жағында лаулап үлкен от жанып жатыр. Қып-қызыл жалын жұқа, солғын ай нұрындай емес, ап-анық боп сүйреңдеп көрінеді. Тірі жан жоқ. Жым-жырт.Тек ара-тұра самал тербеткен ағаш сыбдыры ғана естіліп кетеді.
Әрі таң қалып, әрі, сірә, қорыққанымнан да болса керек, тоқтай қалдым. Біз ешқашан мынадай үлкен от жақпайтынбыз. Капитанның бұйрығын орындап, дайын отынды үнемдеуге тырысатынбыз. Мен жоқ кезде достарым бір полеге ұшырамаса жарар еді деп үрейлене бастадым.
Үнемі көлеңке қуалап, сақтана жүріп отырып, бекіністің шығыс жағына өттім де, ең бір қараңғы тұсын таңдап алып, шарбақ үстінен асып түстім.
Босқа азан-қазан жасап қайтем деп, төрт аяқтап, үн-түнсіз үйдің бұрышына қарай еңбектедім. Бір кез жаным жай тапқандай болды. Жалпы өзім қорылдағанды жеккөруші ем; қорылдап ұйықтайтын адамдар — мен үшін барып тұрған азап болатын. Бірақ тап осы жолы достарымның қаннен-қаперсіз қорылға басып, тыныш ұйықтап жатқаны әсем сазды музыкадай жаныма жаға түсті. Ашық теңізде келе жатқандағы кезекші матростың: "Бәрі де орын-орнында!" деген түнгі айқайы қалай құлаққа жағымды естілетін болса, мына қорыл да мені солай тыныштандырып, ұнай түсті.
Бір анық байқағаным — ешқандай күзет қойылмапты. Егер қазір менің орныма бүкіл қарақшыларымен бірге білдірмей Сильвер келсе ғой, мыналардың ешқайсысы да таңға жетпестен о дүниеге аттанар еді. Бәрі де сол капитанның жарақаттанып қалғанының салдары ғой деп ойладым. Күзетке қоятын кісілері де жоқ, осындай қиын шақта достарымды тастап кетіп қалғаным — ерсілеу болды-ау деп өзіме-өзім ренжідім.
Есікке келіп, мойнымды созып, іш жаққа көз салдым. Үйдің іші өте қараңғы екен, ештеме ажыратып көре алмадым. Қорылға қоса қанатын қаққан құстың ба, әлде бірдемені тоқылдатып шоқыған құстың ба, әйтеуір, тағы да бір дыбыс естіледі. Екі қолымды ілгері созып, сипалап үйге кірдім. "Өзімнің әдеттегі орныма барып жатайын, — деп жымиып күліп қоям, — таңертең мені көргенде, барлығы қалай таң қалар екен?!"
Біреудің аяғына сүрініп кеткенім. Ұйықтап жатқан әлгі кісі екінші жанбасына аударылып түсті де, ыңырсып, ыңқылдап алды, бірақ, әйтеуір, ояна қоймады.
Осы арада кенет "Пиастрлар!.. Пиастрлар! Пиастрлар! Пиастрлар! Пиастрлар!" деген ащы дауыс қараңғыда өршеленбесін бе келіп. Тоқтау жоқ, құлағы бұралған сағат құсап, даусын сол бір қалпынан еш өзгертпестен, қайталап айта берді, айта берді.
Бұл — Сильвердің жасыл тотысы капитан Флинт болды. Қанатын қағып дыбыстаған да, ағаш қабығының кішкентай сынығын шоқып, тоқылдатқан да сол екен. Ешқандай күзетшіңнен кем түспей, ұйықтап жатқандарды бағып отырған да, менің келгенімді білдіріп, бір сарынды жексұрын даусымен қоймастан айқайлаған да тап соның өзі!
Жасырынып үлгере алмадым. Тотының қатты, ащы даусын есіткен жұрт оянып-оянып, ұшып түрегеліп жатыр. Мен Сильвердің даусын таныдым. Ол бір боқтап алып:
— Кім бұл? — деп айқай салды.
Мен тұра қашып ем, қараңғыда біреуге соқтығысып қалдым. Оны итеріп жіберіп ем, бірақ өзім барып со бойда басқа біреудің құшағына еніп кеткенімді білмей де қалдым. Ол қатты қысып ұстап алды.
— Кәне, Дик, мында жарық алып келші, — деді Сильвер.
Бір қарақшы жүгіре басып шығып кетіп еді, қолына шала ұстап, қайтадан кірді.
АЛТЫНШЫ БӨЛІМ. КАПИТАН СИЛЬВЕР
XXVIII ТАРАУ
Дұшпан лагерінде
Шаланың қызғылттау сәулесі үй ішін жарық етіп, менің ең жаман деген күдіктерімнің де шынға айналғанын растап берді. Қарақшылар блокгаузды да, біздің бүкіл азық-түлік қорларымызды да иеленіп алыпты. Коньяк бөшкесі, шошқа еті, қап-қап кепкен нан — бәрі де сол бұрынғы орындарында тұр. Зәрем ұшқаны — бірде-бір тұтқын көрінбейді. Шамасы, достарымның бәрінің де қаза тапқаны ғой. Жүрегім шерге толып, неғыларға білмей тұрмын. Бұдан да, солармен бірге өлгенім артық емес пе еді?
Алты қарақшы ғана тірі қалған еді, солардың бәрі де, мінеки, көз алдымда тұр. Ромды ішіп-ішіп беттері қабарып, ісінген бесеуі ұйқыларынан ояна салып, ұшып-ұшып түрегелді. Алтыншысы тек шынтақтап, басын ғана көтерді. Бет әлпеті өлік сияқты құп-қу. Басын қан-қан шүберекпен таңып алған. Демек, жаралы болғаны және өзінің жараланғанына да көп уақыт өтпеген. Қарақшылар шабуыл жасаған кезде, біреуіне оқ тигені және оның орман арасына кіріп, көрінбей кеткені есіме түсе қойды. Сірә, мынау сол болса керек.
Тоты ұзын тұра Джонның иығына мініп алып, тұмсығымен қауырсындарын тазалап отыр. Сильвердің өзі бұрынғыдай емес, өңі қуарған, тұнжыр. Үстінде сол өткенде бізбен келіссөз жүргізерде киіп келген әдемі шекпені бар, бірақ қазір онысы топыраққа былғанып, тікенекті бұта іліп, жыртылып қалыпты.
— Еһе, бұл кім десем, тура Джим Хокинстің өзі боп шықты ғой, — деді ол. — Ой, сайтан алғыр-ай, ә! Бұл енді қонаққа келгендігің ғой, ә? Кір-кір, ескі досым келсе, мен әрдайым қуаныштымын.
Ол бренди құйған бөшкенің үстіне отырып алып, қалиянына темекі нығыздай бастады.
— Дик, от жалғап жіберші, — деді ол. Содан темекісін тұтатып болып: — Рақмет, достым. Шаланы орнына апар, — деп қосып қойды. — Ал, джентльмендер, сендер ұялмаңдар, барып ұйықтай беріңдер. Сендер мистер Хокинстің алдында, командирдің алдында тұрғандай, тік тұруға әсте міндетті емессіңдер. Құдайдың өзі сақтасын, Джим сендерге кешірім жасайды. Сөйтіп, Джим, — деді ол темекісін сора түсіп, — келіп қалдым дейсің, ә? Бейшара кәрі Джонға бұл қуанарлық сый болды! Өзім бір көргеннен-ақ сенің шебер болайын деп тұрғаныңды байқағанмын, ал қазір қарасам, нағыз батыр сен боп шықтың.
Мен, әрине, жауап қатып, ештеме дей алмадым. Олар мені тап қабырғаға тақап тұрғызып қойып еді, мен тек басымды көтеріп тік тұруға және Сильвердің бетіне сабыр сақтап, тура қарауға тырысып бақтым. Бірақ не керек, ішім удай ашиды.
Сильвер темекісін бір-екі рет сора түсіп, жайбарақат қайтадан сөзге кірісті.
— Не болғанда да, Джим, бәрібір бізге қонаққа келіп қалған екенсің, енді мен саған ойымдағымды бүкпей, бәрін айтып шығайын, — деді ол. — Сен ақылың бар жігітсің, сондықтан өзіңді әрдайым ұнатып жүретінмін. Сені көргенде өзімнің сендей кезім, менің де сендей жас, әдемі жігіт кезім есіме түседі. Мен әрқашан да сенің бізге қосылуыңды тілейтінмін қазынадан өз үлесін алып, бай джентльмен болып, дүниенің рақатын көріп өлсе ғой дейтінмін. Міне, балам, ақырында, бізге келіп, өзің қосылып тұрсың. Капитан Смоллетт жақсы теңізші, мұны мен ешқашан жасырғаным жоқ, айтып жүрдім, бірақ енді тәртіп жағына келгенде өте қатал болатын. "Теңізшілік парызыңды бәрінен жоғары қоюың керек!" — дейтін ол, — және онысы өте дұрыс та. Ал сен болсаң одан қашып кеттің, өзіңнің капитаныңды далаға тастап кеттің. Тіпті, доктордың өзі де саған қатты ренжіпті. "Жақсылықты білмейтін жексұрын боп шықты", — деді ол сен жөнінде. Қысқасы, сен енді өз кісілеріңе барып қосыла алмайсың, олардың сені алғылары жоқ. Ал енді өзің бөлек үшінші бір команда жасақтаймын демесең, саған капитан Сильверге қосылудан басқа жол қалған жоқ.
"Иә, жағдай әлі онша мүшкіл болмады, демек, достарым тірі болғаны ғой", — деп ойладым мен. Қашып кеткенім үшін олар маған ренжулі деген Сильвердің сөзіне нануға да дайын тұрғаныммен, бәрібір өзім қатты қуандым.
— Сен біздің қолымызға түсіп қалдың, оны өзің де көріп тұрсың, мен, тіпті бұл туралы әңгіме қылғым келмейді, — деп Сильвер сөзін жалғастыра түсті. — Мен байыпты, дәлелді сөзді ұнатам. Босқа қорқытудан түсетін пайда бар деп ешқашан ойлаған емеспін. Егер бізге қызмет істегің келсе, біздің қатарымызға өз еркіңмен қосыл. Ал егер бұл ұнамаса, онда, Джим, "жоқ" деп турасын айт, бұл өз ықтиярың. Еркін, ойланып айт, ештемеден де қорықпа. Көріп тұрсың ғой — мен сенімен еш айла-қулықсыз, ашық сөйлесіп отырмын.
— Сонда менің жауабымды естігіңіз келеді ғой, иә? — деп сұрадым мен даусым дірілдеп.
Келекелей сөйлеген оның бұл сандырағынан басыма төнген өлі мен тірінің арасында дерлік қауіпті де мен сезбей қалғаным жоқ. Екі бетім оттай жанып, жүрегім атша тулап әкетіп барады.
— Ешкім де сені зорлап отырған жоқ, достым, — деді Сильвер. — Жақсылап ойланып ал. Асығатын неміз бар? Және сен бар жерде көңілсіз болушы ма еді?
— Жарайды, — дедім мен, сәл бойымды билеп, — менің кімді жақтап, қай жаққа шыққым келетінін білгіңіз келсе, алдымен маған не болып, не қойып жатқанын түсіндіріңізші? Сіздер қалайша мұнда келгенсіздер? Менің достарым қайда кеткен?
— Не болып, не қойып жатқанын дейсің бе? — деп қарақшылардың біреуі менің сөзімді қайталап айтты. — Бізде не болып, не қойып жатқанын түсіндіріп беретін біреу табылса, мен одан еш нәрсемді аямай, сый көрсетер ем.
— Сенен кім, не сұрапты, жап аузыңды! — деп, оны Сильвер бөліп жіберді, содан кейін осыған дейінгі сыпайы қалпымен бетін қайтадан маған бұрды. — Мистер Хокинс, кеше таңертең осында ақ жалау көтеріп, доктор келіп кетті, — деді ол. — "Капитан Сильвер, сіз мықтап тұрып қайраңға отырыпсыз, кемеңіз кетіп қалыпты", — деді доктор. Сөйтіп, ром ішіп, ән салып, мәз болып жүргенімізде, кемеден айрылып қалыппыз. Мойындамайтын амалым жоқ. Ешқайсымыз кемеге мән беріп, бақыламаппыз. Жүгіріп жағаға бардық, өтірік айтсам жай түссін, біздің ескі кемеміз, шынымен, ғайып болыпты. Есіміз шығып, тұрған жерімізде талып құлай жаздадық. "Енді амал қанша, шарт жасасып, келісімге келейік", — деді доктор. Біз — доктор екеуіміз — шарт жасастық, соның нәтижесінде, мінеки, сіздердің азық-түліктеріңізді, брендиіңізді, бүкіл бекіністеріңізді, сондай көрегендік көрсетіп жинаған отындарыңызды, қысқасы салингтен бастап кильсонға дейін бүкіл қайығыңызды біз алдық. Ал олар өздері кетіп қалды. Олардың қазір қай жерде екенін мен білмеймін.
Ол тағы да жайбарақат темекісін сорды.
— Ал егер өзіңді сол топтың ішіндемін деп ойласаң, онда мен саған доктордың соңғы айтқан сөздерін қайталап айтып берейін, — деп ол сөзін жалғастырды. — "Сіздер қанша кісі қалдыңыздар?" — деп сұрадым мен. "Төртеуміз, — деді ол. — Төртеу, бірақ төртеудің біреуі жаралы. Ал анау антұрған баланың қайда екенін білмеймін және білгім де келмейді. Біз үшін оны еске алудың өзі жиіркенішті", — деді ол. Міне, бұл — оның тура өз сөзі.
— Айтып болдыңыз ба? — деп сұрадым.
— Сен білуге болатын нәрселердің бәрін айтып болдым, балам, — деді ол.
— Ал енді мен өзім не таңдадым, соны айтуым керек пе?
— Иә, енді өзің не таңдадың, соны айтуың керек, — деді Сильвер.
— Жарайды, — дедім мен. — Не істеп, не қойғаныма есеп бере алмайтындай, мен ақымақ емеспін. Маған қандай жаза қолданғыларыңыз келеді, оны мейілдеріңіз білсін. Сіздермен кездескелі бері ажалдың бетіне тура қарауға үйренген де жайым бар. Дегенмен, алдымен сіздерге бірер нәрселер жайында айтпай қала алмаймын, — дедім, бірақ өзім әлі толқуымды баса алмай тұрмын. — Сіздердің жағдайларыңыз өте мүшкіл: кемеден сіздер айрылдыңыздар, қазынадан да айрылдыңыздар, адамдарыңыздан да айырылып қалдыңыздар. Жалпы сіздердікі құрыған шаруа. Осының бәріне кім себеп болғанын білгілеріңіз келе ме? Онда біліп қойыңыздар: себеп болған мына менмін, басқа ешкім де емес. Аралға таянған кезімізде алма салған бөшкенің ішінде отырып, сіздердің барлығыңыздың сөздеріңізді, — Джон, сіздің айтқаныңызды да, анау қазір теңіз түбінде тыныш тапқан Хендстің айтқанын да, — бәрін, бәрін де естіген мен болатынмын. Және естігенімнің бәрін сол бойда-ақ достарыма айтып бергенмін. Кеменің зәкірге байланған арқанын кесіп жіберген де менмін, сіздердің кемеде қалдырған адамдарыңызды өлтірген де менмін. Ақымақ болған мен емес, сіздер және сіздерден мен шыбын құрлы қорқады деп ойламаңыздар. Енді мені өлтіресіздер ме, әлде аяушылық жасайсыздар ма, оны мейілдеріңіз білсін Бірақ тағы бір айтатыным бар, сонымен жетіп те қалар. Егер аяушылық етсеңіздер, өткен істің бәрін ұмытуыма болады. Онда кейін қарақшылық қылмыстарыңыз үшін сотталған кезде, сіздерді дар тұзағынан құтқарып қалуға тырысам деп уәде бере алам. Енді таңдау кезегі сіздерге тиді. Менің өлімімнен сіздерге келер ешқандай пайда жоқ. Ал егер тірі қалдырсаңыздар, онда дардан аман алып қалуға тырысатын болам.
Енді үнсіз тұрмын. Булығып сөйлей алмаймын. Менің қайран қалғаным — ешқайсысы селт етіп орнынан қозғалмады. Көздері қойдың көзіндей бажырайып бетіме қарайды. Олар жауап қатпаған соң, сөзімді әрі қарай создым:
— Мистер Сильвер, осындағылардың ішіндегі іліп алары — сіз сияқтысыз. Егер осыдан қаза таба қалсам, мені ез болған жоқ, атына кір келтірмей өлді деп докторға айтуыңызды өтінер ем.
— Жарайды, есімде болсын, — деген Сильвердің даусы тіпті бір түрлі шықты: не келекелеп отырғанын, не ерлігіме сүйсініп отырғанын айыра алмадым.
— Есіңізде болсын.., — деп Морган деген, беті күнге тотығып, қап-қара болған кәрі теңізші айқайлап жіберді, бұл мен өзім Бристоль портындағы Ұзын тұра Джонның тавернасында кездестірген теңізші болатын. — Есіңізде болсын, өткенде Қара Төбетті танып қалған да осы болатын.
— Ол — ол ма, — деп Сильвер қоса түсті. — Қателессем жай ұрсын, Билли Бонстың сандығынан картаны алып кеткен де нақ осы бала, ойпырым-ай, бұл Джим Хокинстің қолымызға түсуін көретін де күн бар екен ғой!
— Қанын ішу керек! — деп Морган айқай салып, бір боқтап алды.
Және пышағын жалаңдатып, оп-оңай жиырманың ішіндегі жап-жас жігіттей орнынан атып тұрды.
— Қайт орныңа! — деп айқайлап жіберді Сильвер. — Том Морган, сен өзің кім едің соншама? Әлде, осындағы капитан мен емес, сенбісің? Жоқ, мен әлі үйретермін саған бағына білуді! Осыдан тек қарсы келіп көрші. Соңғы отыз жыл бойы жолыма бөгет болғысы келген адамдардың ішінен не желкен ағашына ілініп құрымаған, не теңізге құлап, балықтарға жем болмаған бірде-бірі жоқ. Иә, дәл солай! Ұғып ал, Том Морган: менімен тіл табыса алмаған адам қара жер басып жүре алмайды.
Том үнін өшірді, бірақ басқалары күңкілін тыя қоймады.
— Том дұрыс айтып отыр, — деді біреуі.
— Дарға асылсам асылайын, онсыз да бағынышты бола-бола тойғанмын, — деп қоса түсті екіншісі, — бірақ Джон Сильвер, мені алдап, жетегіңе ерте алмайсың!
— Джентльмендер, іштеріңде менімен шындап ұстасқысы келіп отырған қайсың барсыңдар? — деп гүр ете түсті Сильвер.
Бөшке үстінде отырған ол, енді сәл ілгері ұмтылды. Оң қолында тұтанған қалияны бар.
— Осы өздеріңе не керек? Айтпайсыңдар ма турасын? Немене, тілдерің байланып қалды ма? Ал, кәне, шық! Кімнің зауқы бар, күтіп алдым. Осынша жыл жер басып жүргенде қайдағы бір мас шошқа маған қарсы тұрып, қорсылдасын деп күтіп пе екем? Өзіміздің әдет-ғұрпымызды білмейтін бе едіңдер? Өздеріңді олжашыл джентльмен деп санайсыңдар ма? Ал, шығыңдар, мен дайынмын. Жүрегі тайсалмайтын кім бар? Шықсын, суырсын кездігін, балдақпен жүрсем де мына қалиян сөніп үлгермей жатып-ақ, ішек-қарнын аяғының басына түсірейін!
Ешкім орнынан қозғала алмады. Ешқайсысы ләм-мим деп аузын аша алмады.
— Міне, сендердің қашанғы әдеттерің осы, — деп Сильвер, қалиянын ернімен жымқырып, сөзін әрі қарай соза түсті. — Айтатыны жоқ, жігіт-ақ екенсіңдер!.. Батыр болған түрлеріңе болайын! Әлде қарапайым сөздің өзін түсінуден қалғансыңдар ма? Мұнда капитан менмін ғой, өздерің сайламап па едіңдер? Сендердің капитандарың менмін, өйткені бәрің қосылсаңдар да бәрібір тұтас бір мильге сендерден ақылдырақпын. Олжашыл джентльмендердің әдетінше, менімен жекпе-жекке шыға алмайды екенсіңдер, онда қате айтсам, басыма жай түссін, сендер менің айтқанымды тыңдауға тиіссіңдер! Бұл бала маған ұнап тұр. Мен өзім бұдан артық адамды әлі кездестірген емеспін. Сендердей егеуқұйрықтардың қайсысымен салыстырғанда да бұл өзі ер адамға екі есе көбірек ұқсайды екен. Ендеше, ұғып алыңдар: бұған тиген адамның ісі менімен болады!
Ұзақ уақыт ешкім үн қатқан жоқ. Мен сол баяғы тік қалпым, қабырғаға сүйеніп тұрмын. Жүрегім баяғы қалпы, балғаша тық-тық етіп тулап соғып тұр, бірақ енді, әйтеуір, үміт пайда болды. Сильвер енді қолын қусырып, арқасын қабырғаға сүйеп отыр. Қалиянын сорып қояды, шіркеуде отырғандай-ақ жайбарақат. Тек екі көзі тыным таппай, қыбыр еткенді бағып отыр. Байқатпай, өзінің тынышсыз командасын жітірек қадағалай түседі. Қарақшылар жиналып, әрірек, бұрышқа барып, сыбырласа бастады. Сыбыр-сыбыр етіп сөйлескендері кейде маған өзен суының сылдырап аққаны тәрізді боп кетеді. Кейде біз жаққа бұрылып қарап қояды, шала оттың қызғылтым жарығымен абыржыған, толқыған бет әлпеттері көрінеді. Бірақ маған қарамайды, Сильверге қарайды.
— Сендер байқауымша, бірдеме айтпақ ойларың бар ғой? — деп, Сильвер алысқа түкіріп жіберді. — Айтыңдар, құлағым сендерде.
— Кешіруіңізді өтінем, сэр, — деп бір қарақшы сөз бастады. — Соңғы кезде салтымызды жиі бұзатын болып жүрсіз. Бірақ, бұзғыңыз келсе де бұза алмайтын бір салт бар. Айтуға рұқсат етіңіз, команда наразы болып жүр. Ал түптеп келгенде, бұл команданың да басқалардай өзіндік хақылары болуы тиіс. Мысалы, біздің қажет деп тапсақ жиналып, өзара ақылдасып алуға хақымыз бар. Сэр, сіз біздің бәріміздің капитанымыз болғандықтан, кешірім өтінемін, бірақ жаңағы хақымды пайдаланып, бір мәселені ақылдасып алуға тысқа шығып қайтқым келіп тұр.
Ұзын бойлы, сарғыш көз, жүзінен бір науқас табы білінетін, жасы отыз бестер шамасындағы матрос осыны айтты да, Сильверге мәнерлей әскери ізет жасады; содан кейін жайбарақат тысқа қарай бет алып, есікті жауып, шығып кетті. Оның соңынан еріп, іле-шала басқа қарақшылар да тысқа шықты.
Шығып бара жатып, бәрі де бір-бірлеп Сильверге ізет жасап, ақталып, әлденелерді күбірлеп кетеді.
— Салтымыз солай ғой, — деді біреуі.
— Матрос жиналысына барып қайтам, — деді Морган.
Сильвер екеуіміз ошақ басында шалаларға қарап, оңаша қалдық.
Аспаз бірден-ақ аузынан қалғанын жұлып алды.
— Джим Хокинс, байқадың ба, саған өлім қаупі, тіпті одан да жаманы — азапты өлім қаупі қарақұстай төніп тұр. Олар мені капитандықтан түсіру әрекетін ойластырып жүр. Сені қалай қорғаштағанымды өзің көрдің ғой. Алғашында қорғайын деген ойым жоқ-тын, бірақ сенің бір ауыз сөзіңе бола пікірімді кілт өзгерттім. Сәтсіздік үстіне сәтсіздік басып, енді дарға асылмаған нем қалды деп, ұнжырғам түсіп кетіп еді. Сенің сөздеріңді естігеннен кейін өзіме-өзім: Джон, Хокинсті арашалап алып қал, кейін ол да саған араша түседі, Хокинстің соңғы көзірі сенсің, Джон. Ал ол, қателессем, басыма жай түссін, сенің соңғы көзірің! — дедім, "Сыйға сый, сыраға бал", сен түбінде сот алдына барғанда өзіңе қажет болатын куәгердің өмірін сақтап қал, ал ол кейін сені дар тозағынан суырып алады, — деп түйдім.
Мен істің мән-жайын енді-енді түсіне бастадым.
— Сонда сіз өзіңіз бастаған ойыныңыз ұтылыспен аяқталды дегіңіз келіп тұрған жоқ па? — деп сұрадым.
— Өтірік айтсам жын қақсын, шынында да, солай, — деді ол. — Кемесіз қалғасын-ақ, енді дарға асылуды күткеннен басқа еш лаж қалмағанын түсінгенмін. Мен өзім бір басыма қайсарлығым жеткілікті адаммын, Джим Хокинс, бірақ бұғазда кеме жоқ екенін көргенде, өзіміз бастаған ойынның ұтылыспен аяқталғанын бірден түсіндім. Ал мыналар бәрі де бастарында ми жоқ, ақымақтар ғой, ақылдасқысы келсе, ақылдаса берсін. Сенің жаныңды сақтап қалу үшін мен бәрібір барымды саламын. Бірақ, Джим, түбінде ұмытып кетіп жүрме, жақсылықты жақсылықпен қайтарар болар: кейін, әйтеуір ұзын тұра Джонды дардан құтқаратын бол, ұқтың ба?
Бұнысына мен тіпті қайран қалдым. Tic қаққан қарақшы, атаман, ал өзі суға кеткен тал қармайдының кебін киіп тұр.
— Қолымнан келгенін аямаспын, — дедім мен.
— Ендеше, әкел қолыңды! — деп айқайлап жіберді. — Тіпті өзің оңай құтылдың, енді менің де өтірік айтсам жай түссін, дардан құтылам ба деген дәмем бар.
Ол қисалаңдап отын жаққа барып, бір шаланы қолына алды да, тағы да қалғанын тұтатты.
— Джим, менің жайымды өзің түсінерсің деп ойлаймын, — деді ол қасыма қайтып келіп. — "Есің барда ел тап" деген, мен сквайр жаққа шығуға ұйғардым. Сен кемені қауіпсіз: дұрыс жерге жасырған болсаң керек, оған менің шүбәм жоқ. Бұның орайын қалай таптың о жағын білмеймін, бірақ, әйтеуір, бар екеніне, аман екеніне сенімім мол. Хендс пен О'Брайен екеуі де ақымақ екен. Өзімнің оларға сенген күнім де болған емес-тін. Есіңде болсын: мен саған ешқандай сұрақ қойып отырғаным жоқ және басқаларға да сұрақ қойғызбаймын. Мен ойынымыздың шарттарын және өзімнің ұтылыс тапқан адам екенімді жақсы білемін. Ал сен сақ бол, жассың және өзің сондай батыл жігіт болып шықтың, сондықтан егер екеуіміз ауыз бірлікті болсақ, біздің қолымыздан келмейтіні кем де кем болар еді.
Ол бөшкеден қаңылтыр сапты аяққа коньяк құйып алды.
— Аздап ішіп жіберсең қайтеді, достым? — деп сұрады.
Мен бас тарттым.
— Ал мен аздап ішіп алмасам болмайды, Джим, — деді ол. — Алда әбігер деген аз емес, сол де болса өзімді қамшылап жібермесем бола ма? Айтпақшы, әбігер демекші, Джим, айналайын, қалай ойлайсың, осы мына картаны доктор маған неге берді?
Менің бұл тосын жаңалыққа қайран қалғаным сонша, ол бет әлпетімнен-ақ түк білмейтінімді түсінді де, бұдан әрі сұрақ қойып әуреленіп жатпады.
— Иә, бұл оның өз картасы болмаса керек. Бұл арада бір сыр бар екені сөзсіз. Солай, Джим... бұл арада не бір жамандық, не бір жақсылық бар, әйтеуір, бұл тегін емес...
Ол тағы да коньягінен бір жұтып алып, келешек қырсықтарға күні бұрын мойын ұсынған адамдай, қазандай үлкен басын шайқай түсіп, тұнжырап кетті.
XXIX ТАРАУ
Қара таңба қайта кездесті
Қарақшылардың жиыны ұзаққа созылды. Әлден уақытта бір қарақшы блокгаузға қайтып оралып, Сильверге келемеж ретінде әскери ізет білдірді де, шаланы алуға болар ма екен деп рұқсат сұрады. Сильвер қарсылық етпеді, қарақшы шаланы әкетіп, бізді қараңғыда қалдырды.
— Дауыл таянып келеді, Джим, — деді Сильвер.
Енді ол менімен досындай сөйлесе бастады.
Бекіністің мылтық ататын тесіктерінің ең таяу біреуіне барып, аула ішіне көз салдым. От сөнуге жақындапты. Одан ешқандай жарық түспейтін болыпты: қарақшыларға шала қажет болғаны да сондықтан екен. Олар үй мен шарбақтың аралығындағы бөктерде алқақотан отырысыпты. Біреуі жаңағы шаланы ұстап, жарық түсіріп тұр. Екінші біреуі қақ ортада тізерлеп отыр. Оның қолындағы шаппасы ашылғақ пышағы айдың жарығына, кейде оттың сәулесіне шағылысып жалт-жұлт етеді. Қалғандары оның не істеп отырғанын бақылағандай, сол еңкейе түскен. Әлгі ортадағының қолынан бір кітап байқап қалдым. Кітап деген қарақшылар үшін жат нәрсе еді ғой, бұның қолына қайдан түсті екен деп ойлап үлгергенімше болмай, әлгі түрегелді, енді барлығы бірінен соң бірі шұбырып үйге қарай жүрді.
— Аналар келе жатыр, — дедім мен.
Мен өзімнің бұрынғы орныма барып тұрдым. Беделім түспеу үшін, қарақшыларға өзімнің оларды сыртынан бақылағанымды білдіргім келмеді.
— Келгілері келсе, рақым етсін, достым, — деді Сильвер көңілдене сөйлеп. — Мен де құр қол емеспін, дұрыстап қарсы аламыз-дағы.
Есік ашылды, бірақ бес қарақшы жоғары өрлемей, табалдырық қасында топырлап қалды, тек ілгері қарай біреуін итермелей береді.
Әлгілер сайлаған адам: уысы жұмулы, оң қолын ілгері созып, бір басып, бір тоқтап, зәресі ұшып Сильверге қарай ілбіп келеді, — мұны басқа бір кеңшілік жағдайда көрген кісі күліп жіберер еді.
— Достым, жақынырақ келсейші, қорықпа, мен сені жеп қояр дейсің бе? Өзің мұнша орапайсыз боларсың ба, әкел бері, немене анау қолыңдағы? Мен салтты білмейді ғой деп пе ең? Жаушыға тимеймін, — деді Сильвер.
Сильвердің осы сөзі демеу болып, қарақшы жүрісін тездетіп, Сильвердің қолына бірдемені ұстата салды да асыға-үсіге, тез кейін бұрылып, жолдастарының қасына барып тұрды.
Аспаз алақанын ашып көрді.
— Қара таңба ма мыналарың! Өзім де осылай болатын шығар деп ойлап отыр ем, — деді Сильвер. — Қағазды қайдан таптыңдар?.. Әй, мыналарың не, әй! Алда сорлылар-ай! Таураттан қиып алыпты! Енді осы үшін сазайларыңды тартпай көріңдер! Тауратты, құдай сөзін қайшымен қиып жүрген қай ақымақ?
— Көрдіңдер ме? — деді Морган. — Айтпап па едім осыларыңнан ештеме шықпайды деп?!
— Ал енді, бұдан кейін сендерге дардан құтылу атымен жоқ, — деді Сильвер. — Сендерге Тауратты беріп жүрген қай ақымақ?
— Дик, — деді біреуі.
— Дик пе? Ендеше, Дик, иманыңды айта бер, — деді Сильвер. — Өйткені сенің шаруаң бітті. Айна қатесіз шыным. Енді құрымасаң, құдай соқсын мені!
Осы арада еңгезердей сарғыш көз қарақшы кірісе кетті.
— Босқа сөйлеп, әуре болмай-ақ қой, Джон Сильвер, — деді ол. — Команда олжашыл джентльмендердің салты бойынша, жиынға жиналып, сатан қара таңба табыс етуге шешім қабылдады. Салт бойынша, аударып, екінші бетін көр де, не жазылғанын оқы. Содан кейін, сірә, басқаша сөйлерсің.
— Рақмет, Джордж, — деді Сильвер. — Сен өзің арамыздағы пысық жігітсің ғой, әдет-салтымыздың да бәрін жатқа соғасың. Көрейік, не жазылды екен. А-а! "Құлатылдың" деп жазылыпты. Міне, қайда жатыр мәселе! Және қандай әдемі жазылған десеңші. Тіпті, кітабыңнан кем емес, бұл өзі, шамасы, сенің жазуың ғой, Джордж? Несі бар, сен бүкіл командадағы маңдай алды жігітсің. Егер жұрт капитан етіп сені сайласа, мен оған таң қалмас едім. Рақым етіп, анау шалаға қол жалғап жіберші, әйтпесе қалияным тұтанар емес қой.
— Жарайды, жарайды, . — деді Джордж. — Босқа команданың басын қатырма. Сені тыңдасаң — өзіңнен асқан бір адам жоқ, дегенмен мына бөшкеден түспесең болмайды. Сен енді бізге капитан болудан қалдың. Сайлауымызға бөгет болмай, бөшкеден түс.
— Сені біздің салтымызды біледі деп, шын ойлап жүрсем, — деді Сильвер түйрей сөйлеп. — Әлде де күте тұрмасаң болмас, өйткені мен капитандығымнан әлі қала қойғаным жоқ. Сендер маған тағатын кінәларыңды айтып, менің жауабымды тыңдауларың керек. Ал оған дейін сендердің қара таңбаларың да бір, бір кесек кепкен нан да бір. Не шығарар екенсіңдер, көрейік.
— Салтты бұзады екен деп қорықпай-ақ қой, — деді Джордж. — Біз бәрін де әділ шешкіміз келеді. Саған қоятын біздің мынадай кінәларымыз бар. Біріншіден, сен істі сәтсіздікке ұшыраттың. Қанша батыл болсаң да бұған қарсы дау айта алмасаң керек. Екіншіден, дұшпандарымыз осында шын мәнінде қамауда отырған жерінен сен олардың аман кетуіне мүмкіндік бердің. Олар не мақсатпен кетті? Оны білмеймін. Бірақ кеткенде бір мақсаттары болғаны анық. Үшіншіден, біз өкшелеп қуайық дегенде сен бізге тыйым салдың. Е-е, Джон Сильвер, сенің біз білмейтін сырың қалған жоқ. Екі жақпен бірдей әмпей болғың келеді. Төртіншіден, мына балаға тигізбей қойдың.
— Бар болғаны осы ма? — деп Сильвер жайбарақат кейіппен.
— Осы да аз ба? — деді Джордж. — Сенің осы ашық ауыздығыңа бола енді өзімізді күнге қақтап іліп қоятын болды.
— Төрт айып таққан екенсіңдер, енді менің жауабымды тыңдаңдар. Жауабымды рет-ретімен айтайын. Істі сәтсіздікке ұшыраттың дедіңдер ғой? Бірақ, менің не істегім, қалай істегім келгенін өздерің де білмейсіңдер ме? Егер менің айтқаныма құлақ асқан болсаңдар, өтірік айтсам, басыма жай түссін, қазір аман-сау "Испаньолада" отырған болар едіңдер. Ал алтын, қазына дегенің трюмде жинаулы жатқан болар еді. Маған бөгет жасаған кім? Мені, өздеріңнің заңды капитандарыңды итермелеп, асықтырған кім? Аралға келген бірінші күннің өзінде маған қара таңба жіберіп, осы бір жын-шайтан ойнағын бастаған кім? Айтатыны жоқ, керемет-ақ ойнақ, мен де сендермен бірге ойнап жүрмін. Бұл ойнақтың кейбір керемет ойындарын анау Лондондағы дар тозағына ілінгендердің талайы ойнаған болатын. Ал осының бәрін бастаған кім? Бастаған Эндерсон мен Хендс және сенсің, Джордж Мерри. Бұл бұзақылардың ішіндегі тірі қалғаны жалғыз сенсің. Сөйтіп тұрып және өзің ұялмай-қызармай капитан болғың келеді! Бүкіл тобырды құрта жаздағаның ойыңда жоқ! Жоқ, бұныңнан түк те шығара алмайсың!
Сильвер сөзін доғарды. Джордждың да, басқаларының да бет әлпеттерінен оның сөзінің зая кетпегенін аңғардым.
— Бұл — айыптарыңның бірінші тармағы ғой, — деді Сильвер, тершіген маңдайын сүртіп, — шынымды айтсам, сендермен сөйлесудің өзіне жүрегім айнып отыр. Ақыл-естен жұрдай адамсыңдар. Шешелерің сендерді теңізге қалай жіберген, менің соған таңым бар! Теңізге жіберген! Олжашыл джентльмен болған түрлерің осы болса!.. Одан да тігінші болмайсыңдар ма?..
— Осы сөккенің де жетер. Тағылған айыптың қалғандарына жауабыңды жалғастыр, — деді Морган.
— Ә-ә, қалғандарына ма? — деп Джон айқайлап жіберді. — Қалғандарының да оңып тұрғаны шамалы. Ісіміз құрыған іс болды дейсіңдер! Қате айтсам, басыма жай түссін, ісіміздің қаншалықты құлдырап кеткенін сендер тіпті сезіп те жүрген жоқсындар! Дар ағашына тақалып тұрғанымыз соншалық, тіпті менің мойнымды қазірдің өзінде арқан қиып, буындырып бара жатқандай. Темір бұғау құрсанып, салақтап ілініп тұрғанымыз, аспанда қарғалар қарқылдап ұшып жүргені көз алдыма елестейді. Су келген кезде теңізшілер бізге қарай саусағын шошайтады. "Мынау кім болды екен?" — деп сұрайды біреуі. "Бұл — Джон Сильвер ғой. Мен оны жақсы білуші едім", — деп жауап қатады екіншісі. Асулы тұрғандарды жел шайқалтып, шынжырымыздың шылдырлаған дыбысын алысқа әкетіп жатады. Міне, Джордж Мерриге, Хендске, Андерсонга, басқа да осылар сияқты есуастарға бола біздің бәрімізді күтіп тұрған осындай көрініс екенін біліп қойғандарың жақсы. Содан кейін, сайтан алғырлар, сендердің білгілерің келетіні айыптарыңның төртінші тармағы — мына бала екен ғой. Ұқпайсыңдар ма, бұл деген аманат емес пе? Біз сонда аманатты да құртып жіберуіміз керек пе? Бұл бала біздің ең соңғы үмітіміз болса қайтпексіңдер? Сонда осы баланы өлтірмекпіз бе? Жоқ, айналайындар, мен оны өлтіре алмаймын. Айтпақшы, мен үшінші тармаққа жауап бермеппін ғой. Өте жақсы, құлақтарыңды тоса беріңдер, қазір жауап берем. Мүмкін, сендер доктордың, колледж бітірген доктордың бізге күнбе-күн келіп-кетіп жүргенін бұйым құрлы 206 көрмейтін шығарсындар? Джон, сенің оқ тескен басыңа енді доктордың қажеті болмай қалғаны ма? Джордж Мерри, сені ғой әрбір алты сағат сайын безгек буындырып жүр, тіпті көзің де лимон құсап сап-сары болып кетіпті, енді сен докторда емделгің келмейді ғой, шамасы? Осында көмекке кешікпей екінші кеме келеді. Мүмкін, сендер, тіпті мұны да білмейтін шығарсыңдар? Иә, кеме кешікпей-ақ келеді. Міне, сол кезде аманат та қажет болады, осы айтқаным келмесе көрермін. Енді екінші тармаққа келейін: мені шарт жасасты деп айыптайтын көрінесіңдер. Шарт жасас деп менің аяғыма жығылған өздерің емес пе едіңдер?.. Аяғыма жығылып жорғалап, зәрелерің ұшып, аштан өлеміз деп қорыққан өздерің емес пе едіңдер?.. Тіпті мұның бәрі де түк емес. Міне, шарт жасасқандағы мақсат — мынау болатын!
Осыны айтып, ол еденге бір парақ қағазды лақтырып кеп жіберді. Мен оны бірден тани кеттім. Бұл — менің бір кезде Билли Бонстың сандығының түбінен тауып алған, үш қызыл кресі бар, сары қағазға сызылған аралдың картасы еді.
Доктордың неліктен оны Сильверге бергенін қалай ойласам да түсіне алмай далмын.
Қарақшылар картаны көргенде менен бетер қайран қалды. Олар тышқан көрген мысықша бас салысты. Боқтасып, айқайласып, балаша мәз болып күлісіп, картаны бірінің қолынан бірі жұлып алып жүр. Бұны көргенде, олар алтынды қолымен ұстағаны былай тұрсын, тіпті тұтасымен кемеге тиеп әкетіп те барады деп ойлап қаларлық еді.
— Рас, мынау дәл Флинттің қол қойысы, еш шүбәңыз болмасын, Д.Ф. депті, ал төменгі жағын шиыршықтап, түйіп тастаған. Ол әрдайым қолын осылай қоятын, — деді біреуі.
— Оның бәрі де жақсы-ау, бірақ кеме болмағасын, ол қазынаны қалай әкетпекпіз? — деді Джордж.
Сильвер кенет бір қолымен қабырғаға сүйеніп, орнынан ұшып түрегелді.
— Джордж, соңғы рет ескертуім, енді аузыңнан бір сөз шықса болды, өзіңді жекпе-жекке шақырам..., — деп айқайлап жіберді ол. — Қалай дейсің бе? Қайдан білейін қалай екенін? Қалай екенін сен айт, сенің көмегіңмен кемеден айрылып қалған басқалар айтсын, сайтан алғырлар! Жоқ, сенен ақылды сөз шығады деп күтуім бекер, өйткені сенің тарақанның миындай да миың жоқ. Бірақ менімен сыпайы сөйлесуді үйренуге тиіссің, әйтпесе сыпайыгершілікке өзім үйретіп шығарам сені, ұқтың ба?
— Дұрыс айтасың, — деді қария Морган.
— Әйтпегенде ше! Әрине, дұрыс, — деп кеме аспазы оны іліп әкетті. — Кемеден айрылып қалған сенсің. Сендерге қазына тауып берген мына менмін. Сонда екеуіміздің қайсымыздың құнымыз басымырақ болмақ? Бірақ, оллаһи шыным, мен бұдан былай сендерге капитан болғым келмейді. Кімді сайласаңдар, оны сайлаңдар! Осыған дейінгі көрген қорлығым да жетіп болды.
— Сильвер болсын капитан, — деп бәрі жамырай айқайлап жіберді. — Шолақ сан болсын мәңгілік! Шолақ сан болсын капитанымыз!
— Ә-ә, енді әндеріңді осылай салдыңдар ма?! — деді аспаз айқайлап. — Ендеше, Джордж, айналайын достым, саған келесі кезекке дейін күте тұруға тура келеді. Жамандықты жіпке тізбейтін, еске сақтамайтын әдетім бар, соған рахмет айт! Мінезім жұмсақ, жүрегім қайырымды. Ал енді мына қара таңбаны қайтпекпіз, достарым? Енді бұл кәдеге аспай қалды ма, қалай? Бостан-бос Дик күнәһар болып қалды-ау, Тауратын харамдап алды, соның бәрі зая кеткені ме?
— Мүмкін, әлде де ант берген кезде қолдануға жарaп қалатын шығар? — деп сұрады Дик, ол өзі Тауратты қорлағаны үшін қатты сескенетін тәрізді.
— Бір парағы қиылып алынған Таурат па? — деп Сильвер шошып кетті. — Айта көрме! Бұнда қазір не қасиет қалды, бұл да бір, өлең кітап та бір.
— Дегенмен, тастамаған жөн шығар, мүмкін, бір қажетке жарап қалар, — деді Дик.
— Ал мына біреуді сен ал, Джим, ескерткіш болсын, — деді Сильвер маған қара таңбаны беріп жатып.
Өзі кронның үлкендігіндей ғана екен. Дик Таураттың ең соңғы парағынан қиып алған болса керек, бір беті ақ күйінде, екінші бетінде Апокалипсис дұғасының екі өлеңі басылыпты. Айтпақшы, "Төбеттер мен қанішерлер" деген екі сөзі есімде қалыпты. Мәтін басылған бетіне күйе жағылып қарайтылған екен, қолымды күйелеп алдым. Ал таза бетіне көмірмен: "Құлатылдың" деген сөз жазылыпты.
Қазір сол қара таңба, міне, менің алдымда жатыр, бірақ көмірмен жазылған жазудың орнында тек тырнақпен сызылғандай ғана із қалыпты.
Бүгінгі түннің оқиғалары осымен аяқталды. Ром ішіп алып, біз ұйқыға кірістік. Сильвер жаза ретінде Джордж Мерриді күзетке тағайындап, егер бірдемеден көз жазып қалар болсаң, ажалың менен болады деп қатты ескертті.
Менің көпке дейін кірпігім ілінбеді. Бүгін өлтірген адамым ойыма орала берді, өз басымның да әлі қауіпте екендігі туралы ойлаймын, бәрінен бұрын мына Сильвердің, бір жағынан, қарақшыларды ноқталап ұстауға, екінші жағынан, өзінің сілімтік өмірін сақтап қалу үшін ретті де, жөнді-жөнсіз әдіске жүгінген құйтырқы ойыны туралы ойладым. Ол өзі қорылға басып, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр.
Дегенмен де, соған қарап отырып, осы сорлыны аяғын аттап басқан сайын өлім қаупі, ал елге оралса, тіпті масқара өлім жазасы күтіп тұрғанын ойлағанымда бір түрлі аяушылық сезім оянып, жүрегім шымырлап кеткендей болды.
XXX ТАРАУ
Уәде
Мені, дәлірек айтсам, бәрімізді:
— Әй, гарнизондағылар, тұрыңдар! Доктор келе жатыр! — деген ап-анық боп, қатты естілген дауыс оятып жіберді; бәрімізді оятты дейтінім — есік алдында отырып, қалғып кеткен күзетші де оянып, ұшып түрегелді.
Бұл келген, шынында да, доктор болып шықты. Даусын естігенде қуанып кеттім, бірақ қуанышыма аралас қысылу, ұялу сезімі де жоқ емес-тін. Өзімнің тіл алмай, жолдастарымнан жасырынып, үн-түнсіз қашып кеткенім есіме түсті. Міне, содан, ақыры, не күйге түстім? Қарақшылардың қолына келіп, тұтқында отырғаным мынау; енді бұлар қалаған уақытында өлтіре салса — еріктері. Доктордың бетіне қарай алар түрім жоқ. Ол өзі, тіпті, таң сәріден тұрғанға ұқсайды. Олай дейтінім — күн жаңа ғана көтеріле бастапты. Жүгіріп келіп, мылтық ататын тесіктен қарадым. Доктор шөккен тұманға тізесінен батып, осында, блокгаузға келген Сильверге ұқсап, төменде тұр екен.
— Сәлеметсіз бе, доктор! Қайырлы таң болсын, сэр! — деп, көзін мұқият сүртіп үлгерген Сильвер, құрақ ұшып, жарқылдай күліп, сәлемдесіп жатыр. — Тым ерте тұрыпсыз ғой! Бірақ "Ерте оянған құстың жемсауы да ерте толады" деген мақал бар. Джордж, балам, ұйқыңды аш, доктор Ливсидің кемеге көтерілуіне көмектес. Бәрі де орын-орнында, доктор. Пациенттеріңіз едәуір сауығып, көңілдене түсті!
Ол осылай әзіл-оспағын араластыра сөйлеп, балдағын қолтығына қысып, бір қолымен қабырғаға сүйенген күйі төбенің басында тұр, — даусы да, мінезі де, күлкісі де сол аумаған баяғы Джон.
— Біздің сізге тартпақ бір сыйымыз бар, сэр! — деп ол сөзін жалғастырды. — Бізге бір жас жолаушы келіп қонды. Хе-хе!.. Жаңадан келген қонақ, сэр, және қонақ болғанда қандай дейсіз! Өзі балпақ тышқан сияқты ұйқышыл қонақ екен Түнімен Джонмен қатар жатып ұйықтап шықты.
Бұл екі арада доктор Ливси ағаш шарбақтың үстінен асып түсіп, аспаздың қасына келген болатын. Ол:
— Джим емес пе? — деп сұрағанда даусынан діріл естілді.
— Тап өзі, — деді Сильвер.
Доктор кілт тоқтай қалды. Бұдан әрі аяқ-қолынан әл кетіп, жүре алмай қалғандай.
— Жақсы, — деді ол, ақырында. — Әуелі жұмысымызды бітірейік, содан кейін көңіл көтерерміз. Сіздерде осындай мәтел бар сияқты ғой? Алдымен ауруларды қарап шығайық.
Доктор үйге кіріп, маған салқын ғана бас изеді де, ауруларымен айналысып кетті. Мынадай екі жүзді, жауыз адамдардың арасында өмірі әр кез қыл үстінде екенін біле тұра, өзін жайбарақат, қарапайым ұстайды. Науқас адамды көріп кетуге моп-момын ағылшын семьясына шақырылған дәрігер құсап, пациенттерімен әлденелер жайлы сөйлесіп ауыз жаппайды. Қарақшылармен өзін осылай ұстауының да оларға әсері зор екен. Бір-бірімен еш нәрсе өзгермегендей сөйлеседі: бәрі бұрынғысынша, ол кеме дәрігері де, ал олар тіл алғыш, адал матростар сияқты.
— Достым, өзің кәдімгідей тәуір боп қалыпсың, — деді ол басы таңулы кісіге. — Басқа біреу сенің орныңда жан тәсілім қылар еді. Ал сенің басың шойын қазандай мықты екен...
— Иә, Джордж, сенің жағдайың қалай? Өзің сап-сары боп кетіпсің ғой? Бауырың ауыратын болғаны. Дәрі іштің бе?.. Айтыңдаршы, Джордж дәрісін ішіп жүр ме?
— Әрине, сэр, әрине! Дәрісін ішіп жүр, сэр, — деді Морган.
— Қарақшыларға немесе дәлірек айтсам, сендердің осы абақтыларыңа дәрігер болғанымнан бері сендерді король Георгке апарып дарға астыру үшін, құдай оның мерейін үстем етсін, мен бәріңді де елге аман жеткізуді өзімнің борышым деп санайтын болдым, — деп, доктор Ливси ақ жарқын кейіппен күле сөйледі.
Қарақшылар бір-біріне қарады, бірақ доктордың бұл әзілін үнсіз құп алмасқа шаралары болған жоқ.
— Диктің жағдайы мәз емес, сэр, — деді қарақшының біреуі.
— Мәз емес дейсің бе? — деп сұрады доктор. — Кәне, Дик, жақынырақ кел, тіліңді көрсет. Е-е, жағдайың мәз емес болса,оған таң қалатын да түгі жоқ. Мынадай тілді көрсе, француздың да зәресі қалмас еді. Дик те безгекке шалдығыпты.
— Бәсе, қасиетті Тауратты бүлдірген кісі неғып аман қалсын, — деді Морган.
— Есек сияқты ақымақ болса, бұл аурудан ешкім де аман қалмайды, — деп қарсылық айтты доктор. — Таза ayа мен жұқпалы ауруы бар ауаны, құрғақ жер мен уланған, жексұрын батпақты ажырата алмаса, ондай адам бұл аурудан қалай аман қалмақ? Достар, сендер осы шеттеріңнен безгек боп қалмасаңдар қайтсін, мен содан қорқам. Ал бір ауырса, адам бұдан көпке дейін жазыла алмайды. Дені дұрыс кісі батпақ түбінен лагерь тігер болар ма?! Сильвер, оллаһи шыным, мен сізге қайранмын. Басқалардай ақымақ емес сияқтысыз, бірақ өз қарауыңыздағы адамдардың денсаулығын сақтауға келгенде тым орашолақ екенсіз. Өте жақсы, — деді доктор пациенттерін қарап болып және оларға бірер медициналық кеңес беріп жатып; доктордың бұл айтқандарын олар қарақшы емес, тура сыпайыгершілік мектебінің момақан шәкірттерінше ізетпен тыңдады. — Бүгінге осы жетер. Ал енді рұқсат болса, мен мына жас жігітпен сөйлессем деп едім, — деп ол мен жаққа басын селқос изей салды.
Джордж Мерри есік алдында бетін тыржитып, бір ащы дәрі ішіп жатыр еді. Доктордың әлгі өтінішін құлағы шалғанда, қып-қызыл боп кетті де оған тура қарап:
— Бұл мүмкін емес! — деп айқай салды.
Және өрескел боқтап жіберді. Сильвер алақанымен бөшкені тарс еткізіп, салып кеп қалды.
— Жап аузыңды! — деп ақырып жіберді де, ашу шақырған арыстанша айбаттанып жан-жағына қарады. — Доктор, — деді содан кейін бипаздап сөйлеп, — мен сіздің Джиммен сөйлескіңіз келетінін сезгенмін, өйткені оған іш тартатыныңызды бұрыннан білетінмін. Біз арақтан кем көрмей сіздің дәріңізді ішіп жүрміз, өзіңізге үлкен сеніммен қараймыз, сізге деген алғысымыз ұшан-теңіз. Қазір өзім бәрінің де ретін келтірем... Хокинс, сен маған ешқайда қашпаймын деп, жас джентльмен ретінде уәде бере аласың ба? Бұлай сұрап тұрғаным — әке-шешең кедей адамдар болғанмен, сен өзің джентльмен жігітсің ғой...
Мен оған еш қобалжусыз-ақ уәде бердім.
— Олай болса, доктор, сіз шарбақтың ар жағына түсіңізші, — деді Сильвер. — Сіз ар жаққа түскен соң, мен Джимді төменге өзім алып барам. Ол шарбақтың бер жағында, сіз ар жағында тұрарсыз, шарбақтың шүйіркелесіп сөйлесулеріңізге бөгеті жоқ қой. Сәлемет болыңыз, сэр! Сквайр мен капитан Смоллеттке сәлем айтыңыз.
Сильверден қорыққаннан кейін өздерін әзер тежеп тұрған қарақшылар енді доктор есіктен шығысымен-ақ, бар ашу-ызаларын лақ еткізіп төге салды. Олар Сильверді екі жүзділік жасап жүрсің, өзіңді ала-бөле ақтап қалып, басқаларды сатқың кеп жүр деп айыптады. Қысқасы, бұлар Сильвердің шын пиғылын сезіп жүрген боп шықты. Сильверге тап осы жолы бұлардың шеңгелінен сытылып шығу қиынға түсетін шығар деп ойлап ем. Бірақ ол мыналардан әлдеқайда ақылды, бәрін қоссаң да бәрібір оның деңгейіне жете алмайды және кешегі жеңісі бүгін өзін едәуір өктем ұстауға мүмкіндік беріп тұр. Шеттеріңнен ақымақсыңдар, мен доктормен сөйлеспей болмайды. Тап бүгін, яғни, қазынаны іздеуге шығайын деп тұрған күні, шартты бұзбақсыңдар ма деп, тұмсықтарына тақап картаны сілкілеп, ұрса жөнелді.
— Жоқ, айтпады десеңдер, басыма жай түссін, оларды жақсылап тұрып тақырға отырғызатын да күн келер. Ал бірақ әзірше, тіпті ром құйып, етігін тазаласам да, мен мына доктордың көңілін табуға тырысам, — деп айқай салды Сильвер.
От жағыңдар деп бұйрық берді де, балдағын алып қолын менің иығыма салып қисаңдап төмен қарай жүрді; қарақшылар не дерін білмей дағдарған күйінде қала берді.
Оларға Сильвер айтқан дәлелдерден гөрі, оның қадалған жерінен қан алатын өлермендігі көбірек әсер еткен сияқты.
— Асықпа, достым, асықпа, — деді маған Сильвер. — Екеуіміздің асыға түскенімізді байқаса болды, олар бізді бас салады.
Құмдақ беткеймен біз жайлап төмен түсіп, шарбақтың ар жағында доктор тұрған жерге жақындадық. Сильвер тоқтай қалды.
— Доктор, мына Джимнің ажалына араша түсем деп, өзім капитандығымнан түсіп қала жаздадым. Бұның қалай болғанын Джимнің өзінен сұрап білерсіз. Менің айтайын дегенім, доктор, өмір қайығын өзінің қазасына қарай туралап, отпен ойнап, ажал күткен бейшара жан бір ауыз болса да біреуден жылы сөз естісемші деп телміреді екен. Мен тек өзім туралы емес, мына баланың да тағдыры жайында сөз етіп тұрмын. Доктор, аяғыңызға бас ұрып, өтінем, бір рет аяушылық етіңіз, үмітімді үзбей, бір жылы шырай танытсаңыз-дағы.
Енді жолдастарынан бөлек шығып, бетін блокгауздан әрі бұрып тұрған Сильвер, тіпті өзгеріп шыға келді. Ұрты салбырап, қартайып кетті, даусы дірілдеп шығады. Тірі өлік деп осындайды айтатын шығар.
— Шынымен қорқатын болғаныңыз ғой, Джон? — деп сұрады доктор Ливси.
— Доктор, мен қоян жүрек емеспін Мен тіпті мынадай да қорықпаймын, — деп ол саусағының ұшын көрсетті, — бірақ, шынымды айтсам, дар есіме түссе-ақ, тұла бойым қалтырап, берекем қашады. Сіз қайырымды, турашыл адамсыз. Мен өзім өмірімде сізден артық кісі кездестірген емен. Мен істеген жақсылықты ұмытпассыз деп сенем. Әрине, жамандықты да ұмытпайсыз, оны да білем. Мен әрегірек кетейін. Міне, көрдіңіз бе, Джим екеуіңізді оңаша қалдырып бара жатырмын. Менің осынымды да бағаларсыз деп ойлаймын, солай емес пе?
Ол әрегірек, біздің сөзіміз естілмейтіндей жерге барып, томар үстіне отырып, ысқырып ән сала бастады. Бірде маған, бірде докторға, бірде құм үстінде күйбеңдеп от тамызып жатқан ырыққа көнгісі жоқ томырық мінез қарақшыларға, бірде анау таңертеңгі асқа деп шошқа еті мен кепкен нан алып шығып, келе жатқан бекініс үйге қарап жалтақтады да отырды.
— Сөйтіп, Джим, осында келіп қалдым де, — деді доктор мұқата сөйлеп. — "Не ексең, соны орарсың" деген ғой, балам. Саған ұрсуға аузым бармайды. Бірақ капитан Смоллеттің дені сау болғанда, сен бізден бұлай қашып кете алмас едің, бұдан басқа саған не айта алам? Капитанның науқас кезінде, сені күшпен ұстап тұра алмайтын дәрменсіз тұсында кетіп қалуың — адалдық емес.
Шынымды айтайын, доктордың мына сөздерін естіген соң шыдай алмай, жылап жібердім.
— Доктор, құдай ақына, маған ұрыспай-ақ қойыңызшы. Өзіме-өзім ұрсып, өкінгенім де аз емес. Өмірім де қазір қыл үстінде тұр. Сильвер араша түспегенде, мен ендігі өлген де болар ем. Доктор, мен өлуден қорқады деп ойламаңыз, мен тек азаптан қорқам. Егер олар мені азапқа сала бастаса...
— Джим..., — деп доктор мені бөліп жіберді, толқып даусы сәл өзгеріп шықты, — Джим, мен бұлардың ондайына жол беріп, қарап тұра алмаспын. Шарбақтан қарғып шық, қашып құтылайық.
— Жоқ, доктор, мен уәде бердім ғой, — дедім мен.
— Білем, білем! — деді ол. — Бірақ амал қайсы, Джим?! Бұл күнәны мен өз мойныма алғым кеп тұр. Әйтпесе, сені еш қорғанышсыз қалай тастап кетпекпін? Секір! Бір секірсең-ақ бостандыққа шығасың. Еліктей орғып, көзді ашып жұмғанша ғайып боламыз.
— Жоқ, — дедім мен. — Сіз өзіңіз мұндай алдауға бармас едіңіз ғой. Сіз болыңыз, Сквайр мен капитан болсын, берген уәделеріңізді ешқашан бұзбас едіңіздер. Демек, мен де бұза алмаймын. Сильвер маған сенгендігінен әкелді ғой мені. Оған өзім адамша уәде бердім. Доктор, сіз мені бөліп жібердіңіз, сөзімді аяқтайын. Егер олар мені азаптап қинай бастаса, шыдай алмай, кемені қайда жасырғанымды айтып қоюым мүмкін. Доктор, менің бір жолым болғаны, өзімнің бір олжалы болғаным — мен олардан кемені алып кеттім. Қазір кеме солтүстік аялдаманың түстік жақ жағалауында тұр. Су келген кезде толқынмен көтеріледі, су қайтқан кезде қайтадан қайраңға отырады.
— Кеме дейсің, ә! — деп доктор қайран қалды.
Мен болған жайтты қысқаша айтып шықтым. Ол сөзімді бөлмеді, аяғына дейін үнсіз тыңдап шықты.
— Ендеше, бұны тағдырдың өзі солай жазған болды, — деді ол, мен әңгімемді аяқтаған соң. — Төніп келген ажалдан бізді ылғи сен құтқарып келесің. Осы жақсылығыңнан кейін де біз сені мыналарға пышақтатып өлтіртпекпіз бе? Бекер олай ойлайсың! Бізге істеген бар жақсылығың үшін ол қандай сый болар еді, балам? Мыналардың арам ниетін алдымен ашқан сен. Бен Ганнды тапқан сен. Енді, тіпті жүзге жетсең де, бүкіл өмір бойы бұдан артық іс істей алмайсың. Ол Бен Ганн деген, тіпті, керемет адам боп шықты! Айтпақшы, Бен Ганн туралы... Сильвер, — деп айқайлап жіберді ол. — Сильвер, мен сізге бір кеңес бергім келіп тұр, — деп аспаз жақындап келгесін сөзін жалғастырды. — Қазынаны іздеуге онша асықпағаныңыз жөн.
— Сэр, мен бұл істі кешеуілдете тұруға бар мүмкіндігімді салып көрейін, — деді Сильвер, — бірақ имандай шыным деп біліңіз, мен өзімді де, мына бейшара баланы да өлімнен тек қазына іздеумен ғана құтқара алатын сияқтымын.
— Жарайды, Сильвер олай болса, іздей беріңіздер, — деді доктор. — Онда бір айқай естісеңіздер, соған көңіл бөлгейсіз.
— Сэр! — деді Сильвер, — сіз маған көп сыр айтып тұрсыз ба, әлде айтпай тұрсыз ба, соны біле алмай далмын. Сонда сіздердің мақсаттарыңыз не болғаны? Бекіністі неғып тастап кеттіңіздер? Маған картаны неге бердіңіз? Осыны бұрын да түсінбеген едім, әлі де түсіне алғаным жоқ. Сіз маған ешқандай үміт ұстатпағаныңызбен, қойған талаптарыңыздың бәрін көз жұмып, орындап келем. Ал, енді, міне, тағы бір құпияға кезігіп тұрғаным мынау... Егер турасына көшіп, түсіндіргіңіз келмесе, солай деп айтпайсыз ба, онда мен де румпельді қоя берейін.
— Жоқ, — деді ойланыңқырап барып доктор, — бұл іске сізді қатыстыруға менің қақым жоқ. Бұл тек менің ғана купили емес, Сильвер. Әйтпесе, паригіммен серт етейін, мен сізге бәрін де айтып берер ем. Егер осы айтқаныма тағы бір сөз қосар болсам, капитан маған көресімді көрсетеді. Әйтсе де, Сильвер, сол де болса сізді үміттендірейін: егер осы қасқыр қақпаннан екеуіміз де құтылар болсақ, сізді дардан құтқаруға барымды салмақпын, тек әйтеуір, анттан аттамасам болғаны.
Сильвердің беті табан астында жадырап сала берді:
— Туған анам да мені бұдан артық жұбата алмас еді, — деді ол.
— Сізге менің бірінші айтайын дегенім осы болатын, — деп қосып қойды. — Және екінші бір айтатыным — мына баланы өзіңіздің қасыңызда ұстаңызшы, ал көмек қажет боп жатса, мені шақырыңыз. Сонда сізді не пәледен болса да құтқарып бағармын, сол кезде босқа сөйлемейтін кісі екенімді өзіңіз де көрерсіз... Джим, cay бол.
Доктор Ливси шарбақ үстінен менің қолымды қысты да, Сильверге басын изеді, содан кейін тез-тез басып орманға қарай кете барды.
XXXI ТАРАУ
Қазына іздеу. Флинттің бағыт сілтеуші жебесі
— Джим, — деді Сильвер, екеуіміз оңаша қалғаннан кейін, — мен сені құтқарып алып ем, ал сен — мені құтқардың. Және мен мұны еш уақыт ұмытпақ емеспін. Доктордың қаш деп үгіттеп тұрғанын да байқағанмын. Көзімнің қиығымен ғана қарадым, бірақ көргенмін. Не жауап айтқаныңды ести алғаным жоқ, бірақ, әйтеуір, көнбегеніңді көріп тұрдым. Мұныңды да ұмытады деп ойлама, Джим. Өткенде бекініске жасаған сәтсіз шабуылымыздан кейін, міне, бүгін алғаш рет қана үміт оты жылт еткендей болды. Және бұл да сенің арқаң. Қазына іздеугесоқыр тәуекелмен кіріскелі тұрмыз, мені қорқытатыны да осы. Бірақ, енді не қиындық кездессе де екеуіміз бірге болайық және мойнымызды ешкімге оп-оңай үздіре де қоймаспыз.
От басында күйбеңдеп жүрген қарақшылардың бірі бізге таңертеңгі ас әзір болды деп дауыстады. Оттың жанына, құмға отырып алып, бәріміз отқа қақталған шошқа етін жеуге кірістік. Қарақшылар лаулатып үлкен етіп жаққан от шошқа емес, тұтас өгіз етін қақтап, қуырып алуға да жетердей еді. Кешікпей от өршіп үлкейе түсті енді оған тек жел жақтан ғана, онда да аса сақтықпен жақындауға болатын еді. Мыналар тамақты да тым ысырап етіп пісіреді екен: шошқа етін қажеттілігінен кем дегенде үш есе артық пісіріпті. Біреуі жынды адамша кеңқ-кеңк күліп, еттің қалған бөлек-салағын отқа тастап кеп жіберіп еді, от әлгі ерекше отынды оп-оңай жұта салып, бұрынғыдан бетер лаулай түсті.
Ертеңгі күніне қалай болса солай қарайтын мұншалық бейқам адамдарды мен бұрын-соңды көрген емеспін. Ең болмаса бір істерін тындырымды істеп көрсе екен-ау, азық-түліктерін бейберекет құртып жатыр, күзетке қойса, ұйықтап қалады, қалған қылықтарының бәрі де осылай — ылғи шала. Жалпы бұлар өзі лап етіп тұтануға бар да, ұзағырақ әскери әрекетке келгенде, тіпті мардымсыз екен.
Тіпті, тотысымен болып, әрегірек отырған Сильвердің өзі де әлгі ысырапқорлықтары үшін оларға бір ауыз ескерту жасай қоймады. Оның алды-артын болжағыш, сақ адам екенін білетіндіктен мен бұнысына тіпті қайран қалдым.
— Әй, достар-ай, әйтеуір, бақтарыңа қарай, әрдайым қамдарыңды ойлап, бас қатырып жүретін Шолақ сан бар. Мен өзіме керек біраз жайтты білген сияқтымын. Кеме аналардың қолында. Тек қайда жасырғандарын әзірше біле алғаным жоқ. Қолымызға қазынаны бір түсірсек бүкіл аралды тінтіп шықсақ та кемені қайтадан басып алар едік-ау. Әйтеуір, қайықтар бізде ғой, бізге қуат беріп тұрған да сол қайықтар.
Ыстық шошқа етін аузына тыққыштап, күйсей түсіп, ол осылай сөйлеп те отыр. Қарақшыларын үміттендіріп өзінің шайқалып, әлсірей бастаған беделін қалпына келтірмек және соған қоса, өзіне-өзі дем беріп, жұбатып отырған да сияқты ма, қалай...
— Мына, біздің аманат баламыз жаңағы докторды пір тұтады, әлгі кездесуі — екеуінің соңғы кездесуі. Мұның айтқандарынан мен өзіме керегінің бәрін де біліп алдым, сол үшін бұған көп рақмет. Бірақ енді бәрі де осымен бітті. Қазына іздеуге шыққан кезде, мен бұл баланы жіп байлап соңымнан жетектеп жүретін болам, өйткені бұл енді біз үшін алтыннан да қымбат, сондықтан оны қайтсек те аман сақтауға тиіспіз. Алай-бұлай бола қалсақ бұл бізге кәдеге жарайды. Кемені де, қазынаны да қолымызға бір түсіріп алайықшы, содан кейін бүкіл көңілді тобымыз болып бірге теңізге шығамыз. Міне, сол кезде мистер Хокинспен де дұрыстап сөйлесудің кезегі келер, сонда мұның тиісті жазасы да ешқайда қашпас.
Бәрі көңілденіп қалды, олардың бұлай қуануларына таң қалатын да ештемесі жоқ-тын.
Ал мен болсам, көңілім быт-шыт боп, ұнжырғам түсіп кетті. Егер, Сильвердің жаңа ғана өзі айтқан жоспарлары жүзеге асар болса, бұл екі жақты бірдей алдап жүрген опасыз, не істеймін десе де беті шімірікпейтіні сөзсіз. Нәтижесі екіталай болғанмен, бұл өзінің осы ойынын шебер ойнап жүр және ретін тапса, біздің дардан құтқарамыз деген екі ұшты уәдемізден гөрі, қарақшы болуды, бостаншылықта жүріп, дәулетті адамша өмір сүруді алдымен қалайтыны еш күмән туғызбайды.
Тіпті, жағдай Сильверді докторға берген уәдесін орындауға мәжбүр еткен күнде де бәрібір бізді алдымызда өлім қаупі күтіп тұр. Сильвердің жолдастарының қазіргі күдігі кейін кез келген уақытта сенімге айналмасына кім кепіл? Онда Сильверге де, маған да аман қалуымыз үшін қорғаныс қамын ойластыруымызға тура келеді; Сильвер — мүгедек, мен баламын, ал олар — еңгезердей бес матрос. Осындай екі түрлі қауіп бар және менің достарымның бүкіл әрекет-мақсаттары мен үшін әлі құпия. Неліктен олар бекіністі тастап кетті? Неге мыналарға картаны берді? Доктордың Сильверге: "Қазына іздеген кездеріңізде бір айқай естілсе, соған көңіл бөліңіздер", — деген сөздерінің мәнісін қалай түсінуге болады? Осының бәрінен кейін мен үшін таңертеңгі астың дәмсіз боп көрінгендігін, қарақшыларға еріп, қазына іздеуге шыққан кезде менің көңіл-күйімнің мейлінше нашар болғанын түсіну онша қиын болмас деп ойлаймын.
Анадай жерден, сыртымыздан қарағанда, адамға түріміз түсініксіз әлем-жәлем бір тобыр боп көрінген болсақ керек: бәріміздің де кигеніміз салтақ-салтақ матрос күртесі, менен басқаларының бәрі де бақайшағына дейін қаруланған. Сильвер екі мылтық асынып алыпты: біреуі арқасында, біреуі көкірегінде, белбеуіне қанжар ілген. Етегі далақпандай шекпенінің екі жанқалтасына екі тапанша тығып қойған. Бұның бәрі аз дегендей, иығына капитан Флинт мініп алып, алуан түрлі теңіз сөздерін жөн-жосықсыз қақсап келеді. Менің белімнен мықтап тұрып жіп байлап алған аспаздың соңынан қыңқ деместен дедектеп еріп келем. Жіптің ұшын ол бірде бос қолымен ұстайды, бірде күректей тістерімен аузына тістейді. Мен бейне қолға үйретілген аю сияқтымын.
Әр қарақшының көтеріп келе жатқан өз жүгі бар: біреулері күрек, сүймен (қарақшылар бұларды "Испаньоладан" ұмытпай, бәрінен бұрын түсіріпті), екінші біреулері түскі асқа деп шошқа етін, кепкен нан, бренди алып келеді. Азық-түлік атаулының, шынында да, бекіністегі біздің қоймамыздан алынғанын байқадым да, кеше кештегі Сильвердің айтқаны айна қатесіз шын екен ғой деп түйдім. Егер ол доктормен келісім жасамағанда, кемеден айрылып қалған қарақшылардың қорегі — атып алған құс еті мен қара су ғана болар еді. Бұлар су ішуге онша зауқы соқпайтын адамдар ғой, ал құс атуға теңізшілер шорқақ келетін. Тамақ қорын жасамағандары өз алдына, тіпті оқ-дәрі қорын жасамағандарын айтсаңызшы. Қалай болғанда да біз, әйтеуір, 220 жолға шықтық, тіпті басы жарылған қарақшы да (әрине, оған төсегінен тұрмағанының өзі тиімдірек еді) ере шықты. Біріміздің соңымыздан біріміз шұбырып екі қайық тұрған жағаға жеттік. Мастықтан айығу дегенді білмейтін мына қарақшылардың сорақы бейқамдығы осы қайықтардың түрінен-ақ көрініп тұр: екі қайықтың екеуі де салтақ-салтақ, тіпті біреуінің орындығы да сынып қалыпты. Қайықтың екеуінен де айырылып қалмау үшін, екеуіне де бөлініп-бөлініп отыру ұйғарылды. Сөйтіп, екі топ болып бөлініп, ақыры, жағадан жүріп те кеттік.
Жол бойы карта туралы айтыс басталды. Қызыл крестің аумағы тым үлкен, сондықтан оның нақты бір орынды көрсететін белгі болуы, әрине, мүмкін емес. Картаның екінші бетіндегі жазулар тым қысқа әрі түсініксіз. Егер оқушының есінде болса, онда былай деп жазылған еді ғой:
Теңіз Дүрбісінің иініне мінбелеп тұрған биік ағаш, С. — С. — Ш-тан С-ке қараған бағыт.
Қаңқа аралы Ш. — О. — Ш. және Ш-қа қарай.Он фут.
Сөйтіп, алдымен картада көрсетілген биік ағашты табу қажет болды. Қарсы алдымыздағы аялдама биіктігі екі жүз-үш жүз фут шамасындағы жайпақтау төбеге тіреліп тұр, әлгі төбе солтүстік тұста Қарауыл Дүрбінің оңтүстік бөктерімен тоғысып, түстік жақта Бизань-діңгек деп аталатын құз-жартасты үлкен дөңге ұласып жатыр. Жайпақ төбеде өсіп тұрған үлкенді-кішілі қарағайлар коп екен. Ана тұста да, мына тұста да кей қарағай көршілерінен қырық-елу фут биігірек боп көрінеді. Капитан Флинттің бұл ағаштардың қайсысын биік ағаш деп атағанын баратын жерімізге әбден жетіп алып, компас арқылы ғана анықтауға болады.
Бірақ бәрібір, жарты жолымызды жүзіп өтпей жатып-ақ әркім өзіне әлгі биік ағаш осы болса керек деп, бір-бір ағаштан таңдап алысты. Тек ұзын тұра Джон ғана иығын қиқаң еткізіп, барғасын біржола көрерміз, шыдай тұрыңыздар деп басу айтты.
Сильвердің тәртіп беруімен біз күшімізді сақтап, онша қатты еспедік, ұзақ жүзіп барып, Қарауыл Дүрбінің орманды бөктерін бойлап ағып жатқан екінші өзеннің сағасына шықтық та, қайықтарымыздан түстік. Ол арадан солға бұрылып, бөктермен жоғары көтеріле бастадық.
Алғашында батпақ жердегі өсімдіктердің қау болып қалың өскендігінен жүрісіміз өне қоймады. Бірте-бірте бөктер құлама, тік жарға айналып, топырақ қатайып, тас кесектер көбейді, өсімдіктердің бойы биіктеп, әрі сирей түсті. Шөп азайып, хош иісті шырмауықтар, шешек атқан бұталар жиірек кездесе батады. Мускат жаңғағының жасыл бұталарының арасында ана жерде де, мына жерде де ересен сорайып мол көлеңкелі биік, сарғыш қарағайлар тұр. Мускат иісі мен қарағаш иісі қосылып, мұрын жарады. Ауа таза. Күн шақырайып тұрғанмен, жайлы самал бетімізді желпіп, сергітіп келеді.
Қарақшылар тарам-тарам болып, бір-бірімен көңілдене айқайласып сөйлесіп келе жатыр.
Орта тұста, басқалардан сәл кейінірек, мені арқанмен жетелеген күйі, Сильвер де ілбіп келеді. Сусыған қиыршықтас кешіп бөктерге көтерілу оған оңай тиіп келе жатқан жоқ. Бір емес, бірнеше рет мен қолтығынан демеп қалмағанда, ол әлдеқашан құлап, төмен қарай сырғып кетуі де ықтимал еді.
Осылай біз жарты мильдей жүріп, төбенің басына да жетіп қалып едік, сол жақ шетте бір қарақшы зәресі ұшып, жан даусын салып шыңғырып жіберді. Шыңғырғанын қоймаған соң жұрттың бәрі қасына жүгіріп барды.
— Сіздер оны қазынаның үстінен шықты ғой деп ойлайсыздар ма? Жоқ, біз ол ағашқа әлі жете алғанымыз жоқ..., — деді қария Морган, біздің жанымыздан асыға-үсіне жүгіріп өтіп бара жатып.
Шынында да, оның тапқаны қазына емес екен. Бір зәулім қарағай түбінде өлген адамның қаңқасы жатыр. Бұйралана өскен қалың шөп қаңқаға өріліп, оратылып қалыпты, кейбір ұсақ сүйектер орнынан жылжып, бөлектеніп көрінеді.
Қаңқаның кей тұсында жидіген, қураған киім қалдықтары сақталыпты. Арамызда тұла бойы түршікпеген бірде-бір адам қалмағанына менің еш күмәным жоқ.
— Мынау өзі теңізші ғой, — деді басқаларынан гөрі батылырақ Джордж Мерри, қаңқаның үстіндегі киім сілемдерін анықтап қарап тұрып. — Киімдері — теңізшінің киімі.
— Теңізші болмай кім болушы еді? — деді Сильвер. — Әлде, сен бұл жерден епископты кездестірем деп пе едің? Мені таң қалдырып тұрған қаңқаның жатқан түрі.
Шынында да, қаңқаның жатқан түрі әдеттегіден өзгеше еді.
Кездейсоқтық па, жоқ па, әйтеуір, мына кісі жебе құсап, түп-түзу болып, қол-аяғын созып жатыр (шоқыған құстар ма екен, әлде, мүмкін, жан-жағынан оратылып өскен шөппе екен бұған кінәлі). Аяқтары бір бағытты нұсқап созылған да, суға секірейін деп тұрған адамша, төбесіне көтерген қолдары екінші бағытты сілтеп тұрған тәрізді.
— Е-е, мен сәл-пәл түсінген сияқтымын, — деді Сильвер. — Мынау компас қой. Иә, тап өзі! Әне, Қаңқа аралының төбесіндегі шыңын қараңдаршы, тіс сияқты сойдиып тұр. Компаспен тексеріп көріңдерші, өлік қай жақты сілтеп тұр екен.
Компаспен тексеріп те көрді. Өлік, шынында да, Қаңқа аралын меңзеп жатыр екен. Компас Ш — О. — Ш пен Ш-ты көрсетті.
— Мен де солай ойлағанмын, — деді аспаз. — Бұл бағыт сілтеп жатқан өлік болды. Демек, ана жақта Темірқазық тұр да, мына жақта көңіл ашар қазына жатыр деген сөз. Өтірік айтсам, жай түссін, Флинтті ойыма алсам-ақ, денем мұздап қоя береді. Бұл — оның үйреншікті әзілдерінің бірі болса керек. Аралда алты жолдасымен қалып еді, алтауын да жайғастырған. Кейін өлген алтаудың біреуінен компас жасаған... Өліктің сүйектері серейген, ұзын, жирен шашты екен. Ойбай-ау, мынау, қателессем құдай ұрсын, Аллардайстың дәл өзі ғой! Том Морган, сенің Аллардайс есіңде ме?
— Неге болмасын? Әрине, есімде, — деді Морган. — Ол өзі маған борышты еді және аралға кетерде менің пышағымды сұрап алған.
— Демек, пышақ та алыс болмаса керек, осында бір жерде шығар, — деді екінші бір қарақшы. — Флинт өлген матростың қойын-қонышын ақтарып қарайтын ұсақ адам емес-тін. Құс шоқыды дейтін емес, пышақты құс неғылсын.
— Сайтан алсын сені, дұп-дұрыс айтып тұрсың! — деді Сильвер.
— Бірақ ештеме табылмады, — деді Мерри, өліктің айналасын мұқият сипалап қарап шығып. — Ең болмаса бір бақыр ақша немесе, мысалы, темекі салатын шақша ма бірдеме табылса екен-ау... Бұл өзі күдікті жайт болды...
— Дұрыс айтасың! Дұрыс айтасың! — деді Сильвер. — Бір сыр бар екені рас. Иә, қымбатты достар. Флинт тірі болса, бізге бұл арада бүгінгідей сайрандау қайда? Біз алтаумыз, олар да алтау болған-ды, ал қазір олардың сүйектері ғана қалыпты.
— Жоқ, қорықпа, ол өлді, мен оның өлгенін өз көзіммен көргенмін, — деді Морган. — Оның өлігіне мені Билли алып барған-ды. Екі көзін бақыр ақшамен бастырып қойған екен.
— Ол, әрине, өлді, — деп қостады басы таңулы қарақшы. — Бірақ өлгеннен кейін де адам жер бетіне оралып, қыдырып жүретіні рас болса, онда сол қыдырып жүретіннің нағыз өзі Флинт болмағанда кім болсын! Соншалық жаны қиналып өлді ғой байғұс!
— Рас, ол ерекше қиналып өлді, — деді екінші біреуі. — Бірде жын ұрғандай ашу шақырады, бірде ром сұрайды, енді бірде. Өліктің сандығына он бес адам" деп барылдап он салады. "Он бес адамнан" басқа он салып көрген емес қой ол. Және бар ғой, шынымды айтайын, содан бері сол әнді жек көріп кеттім. Күннің бір ыстық кезі болатын. Терезе ашық тұр. Флинт бар дауымен ән салады, ақыры, сол әні өлер алдындағы қырылына ұласты...
— Алға, алға! — деді Сильвер. — Осы мылжыңдағанымыз да жетер! Ол өлді, аруақ болып қыдырып та жүрген жоқ. Тіпті, моласынан шыққанның өзінде де аруақ деген тек қана түнде қыдырады ғой, ал қазір, көріп тұрсыңдар, күндіз емес пе? Алдымызда иен олжа күтіп жатқанда, өлгендерді әңгімелеп не жынымыз бар?
Біз әрі қарай қозғалдық. Күн жап-жарық боп тұрғанмен, қарақшылар енді жан-жаққа тарап, бытырауды да, алыстан дауыстап сөйлесуді де қойды. Өлген қарақшыдан зәресі ұшқандары соншалық екен, енді олар әңгімелесуді де қойды. Бір-біріне тақала жүріп, сыбырлап қана сөйлесетін болды.
XXXII ТАРАУ
Қазына іздеу. Ормандағы дауыс
Бір жағынан, жаңағы үрейдің жүйкемізді әлсіретіп, шаршатыңқырап кеткендігінен, екінші жағынан, Сильвер мен науқас қарақшылардың дем алуларына мүмкіндік беру мақсатымен бүкіл отряд жайпақ таудың төбесіне көтеріліп, аялдап кідіріс жасады.
Жайпақ тау батыс жаққа қарай сәл еңкіштеу келген екен, сондықтан біз отырған жерден екі жақ бірдей алақанымыздағыдай көрініп тұр, қарсы алдымыздағы ағаштардың үстінен жағасына толқын ұрып көбік атқан Орманды мүйісті көріп тұрмыз, кейінгі жағымыздан бұғаз бен Қаңқа аралы ғана емес, сондай-ақ қайраң мен шығыс жазығының арғы тұсынан ашық теңіздің шетсіз-шексіз көгілдір кеңістігі де көз алдымызда тұр. Тура алдыңғы жағымыздан сиректеу қарағай өскен, әредік-әредік шыңырау шатқалдары үңірейіп көрінген Қарауыл Дүрбі бой түзепті.
Жым-жырт тыныштықты бұзып тұрған тек жағалауға ұрған толқынның алыс сарыны мен сансыз шыбын-шіркейлердің дамылсыз ызыңдары ғана. Тірі жан жоқ. Теңізде бір желкен көрінбейді. Айналадағы көз жеткісіз кеңістік ат төбеліндей біздің елегізу сезімімізді күшейте түскендей.
Демалыс кезінде Сильвер компаспен кейбір өлшеулер жасап көрді.
— Мына жерде бір емес, үш биік ағаш тұр — үшеуі де Қаңқа аралынан тартылған түзу сызықтың бойына орналасқан, — деді ол. — Қарауыл Дүрбінің иық тұсы, меніңше, мына бір ойпаң сияқты. Енді қазынаны бала да оп-оңай тауып алған болар еді. Меніңше, алдымен тамақ ішіп алған жөн.
— Менің бір түрлі зауқым соқпай тұр, — деп күңк ете түсті Морган. — Флинт есіме түскенде, тамаққа төбетім тартпай қалды.
— Иә, балам, сенің бақытыңа орай, ол өліп қалды, — деді Сильвер.
— Өзінің ұсқыны да нағыз албасты сияқты еді ғой, — деп үшінші қарақшы тітіркеніп кетті. — Көкпеңбек болатын!
— Онысы ромнан болды ғой, — деп қосып қойды Мерри. — Көкпеңбек дейсің. Көкпеңбек болмай! Дұп-дұрыс, ром деген көгертпей қоймайды!
Өліктің қаңқасы мен Флинтті еске түсірулерінің мыналарға әсер еткені соншалық, тіпті дауыстарын бәсеңдетіп, бәсеңдетіп барып, ақырында, орман тыныштығын титтей де бұзбастан, естілер-естілмес сыбырға көшті. Сөйтіп отырғанда кенет таяудағы шоғыр ағаш арасынан біреудің:
"Өліктің сандығына он бес адам. Ио-хо-хо, тағы да бір шөлмек ром!" — деп жіңішке дауыспен қатты айқайлаған ащы дауыс естілді.
Қарақшылар үрейлері ұшып, жүректері жарыла жаздады. Алтауының да өңдері қу шүберектей боп кетті. Біреулері ұшып түрегелісті, екіншілері қалтырап-дірілдесіп бір-біріне жармаса түсті. Морган жерге жалп етіп құлап түсіп, жыланша жорғалап кетті.
— Бұл — Флинт болды ғой! — деді Мерри.
Ән қалай кенет басталса, нотаның орта шенінде әншінің аузын біреу жаба қойғандай кілт тоқтай қалды. Күннің көзі шайдай ашық нұрын сеуіп тұр. Ән салған кісінің де даусы сыңғырлап, қатты шықты. Ал енді мына, менің серіктерімнің неге сонша зәресі ұшқандары маған түсініксіз-ақ.
— Алға! — деді Сильвер, құл сияқты сұп-сұр боп кеткен еріндерін әзер қимылдатып. — Бүйте берсек түк те шығара алмаймыз. Әрине, бұл бір ақылға сыймайтын ғажап нәрсе, ана жақтағы пәленің кім екенін білмеймін, бірақ, әйтеуір, өлі аруақ емес, тірі адам екеніне еш күмәным жоқ.
Сөйлеп отырған кезінде ол бойын тежеп, ес жиды, бетіне сәл де болса қан жүгірді. Қалғандарына да бұның сөзі әсер етіп, олар да кәдімгідей тірілейін деді. Кенет алыстан жаңағы дауыс тағы естілді. Бірақ бұл жолы ол ән салған жоқ, жырақтау бір жерден айқай салып еді, даусы көмескі жаңғырық тәрізденіп Қарауыл Дүрбінің ойлы-қырлы шатқалдарының үстін аралап өтті.
— Дарби Мак — Гроу! Дарби Мак — Гроу! — деп зарлана айқайлайды.
Осылай қоймастан қайталай берді, ақырында, бір сөлекет боғауыз сөз айтып:
— Дарби, ром әкел деймін! — деп зарлай түсті.
Қарақшылар тұрған-тұрған жерлерінде сілейіп қатып қалды, көздері шарасынан шығып барады, дауыс әлдеқашан басылды, ал олар қаққан қазықтай мелшиіп әлі тұр. Алдыңғы жаққа қарап үнсіз телміреді.
— Енді түсінікті болды, зыту керек! — деді біреуі.
— Бұл — Флинттің соңғы сөздері болатын! — деп ыңылдап әзер айтты Морган.
— Оның өлер алдында айтқан соңғы сөздері осы.
Дик Тауратын шығарып, үсті-үстіне дұға оқи бастады. Теңізге шығып, қарақшы болмастан бұрын ол діни отбасында тәрбиеленіп өскен екен.
Тек Сильвер ғана иліге қоймады. Қорыққанынан тісі-тісіне тимей сақ-сақ етеді, сонда да бет алған бағыттан кейін шегіну керек дегенді тыңдағысы да келмеді.
— Бұл аралда Дарби туралы бізден басқа тіпті ешбір жан естіген емес қой, — деп күбірледі ол, қатты абыржып. — Бізден басқа ешбір жан... — Содан кейін тез бойын тежеп алды: — Мұнда не үшін келдім? — деп айқай салды. — Қазына іздеп тауып, соны қазып алу үшін келдім және мені енді адам болсын, албасты болсын, ешкім де тоқтата алмайды, естіп тұрсыңдар ма? Мен Флинттен тірі кезінде де қорықпаған болатынмын, енді сайтан алғыр, өлген Флинттен тіпті де қорықпаймын. Осыдан жарты мильдей жерде жеті жүз мың фунт стерлинг жатыр. Соншама ақшаны көре тұрып, қайдағы бір беті көкпеңбек маскүнемнен қорқып, қай олжашыл джентльмен кемесін кері бұра алады? Және тірі болса екен-ау, өлген маскүнем...
Бірақ, Сильвердің бұл сөзінің қарақшыларға онша әсері бола қоймады. Қайта, керісінше, аруаққа деген бейбастақ сөздері олардың бұрынғыдан бетер үрейлерін ұшыра түсті.
— Джон, тоқтат! — деді Мерри. — Аруаққа тіл тигізбе!
Зәрелері қалмаған басқаларының ештеме деуге шамалары келер емес. Олардың жан-жаққа бытырап қашуға да батылы барар түрлері жоқ. Бір-біріне тығылып, Сильвердің қасында болуға тырысады, өйткені іштеріндегі ең батылы сол еді. Ал Сильвер жаңағыдан бері кәдімгідей бойын билеп, үрейден құтылайын деді.
— Сонда осыны аруақ деп ойлайсыңдар ма? Болса болар. Бірақ маған түсініксіз бір нәрсе бар, — деді ол. — Біз жаңа бәріміз де жаңғырықты естідік емес пе? Ендеше, айтыңдаршы, іштеріңде аруақтың көлеңкесін көрген қайсың барсың? Ал егер аруақта көлеңке болмайтын болса, онда жаңғырық та болуға тиіс емес қой. Басқаша болуы мүмкін де емес.
Сильвердің бұл дәлелі маған онша ұтымды дәлел боп көрінген жоқ. Бірақ жын-пері, аруақ сияқты жоққа иланатын адамдар неге сенеді, неге қояды, оны күні бұрын болжау қиын ғой.
— Менің таң қалғаным, — Джордж Мерридің жүрегі кәдімгідей орнына түсті.
— Дұрыс айтасың, — деді ол. — Ойпыр-ай, басың істейді-ау, Джон!.. Қымбатты достарым-ау, бәрі де дұп-дұрыс қой! Сендер тек теріс бағытқа түсіп кетіпсіңдер! Әрине, дауыс Флинттің даусына ұқсайды. Бірақ сәл басқарақ естілді... Бұл дауыс, сірә...
— Қателессем жын ұрсын, осы — Бен Ганның даусы! — деді Сильвер гүрілдеп.
— Дұп-дұрыс! — деді Морган, жерден көтеріліп, тізерлеп отырып жатып. — Бұл — тап сол Бен Ганның даусы!
— Бірақ бұның біз үшін не айырмашылығы бар? Бен Ганн да өлген, Флинт те өлген, — деді Дик.
Мосқалдау қарақшылар оның бұл айтқанын менсіне қоймады.
— Ішін ұрғаным қанша Бен Ганның! — деп айқайлап жіберді Мерри. — Оның өлісі не, тірісі не, бәрібір емес пе?
Әлгілердің бәрінің тез естерін жиып, лезде-ақ беттеріне қан жүгіріп, адам боп қалғандары мен үшін ғажап көрініс болды. Бірнеше минут өтпей жатып-ақ олар тіпті ештеме де болмағандай дабырласып сөйлесіп кетті. Тек жаңағы жұмбақ дауыс қайтадан естілмес пе екен деп құлақтарын түріп ұстайтын сияқты. Бірақ дауыс естіле қоймады. Құрал-саймандарын иықтарына салып, енді олар тағы да жүріп кетті. Қаңқа аралымен қатарласа жүріп отыру үшін Джонның компасын қолынан тастамай, бәрінің алдында Мерри келе жатыр. Бен Ганнтірі болсын, өлі болсын, бәрібір одан ешкім қорықпайды деп ол шын айтқан екен.
Тек жалғыз Дик қана қолына Тауратын ұстап, жан-жағына алақтап қараумен болды. Бірақ оған аяушылық көрсетер ешкім табыла қоймады. Сильвер, тіпті оның жоққа нанғыштығын келемеж етіп келеді.
— Тауратың бүлініп пайдаға аспай қалды деп, мен саған айтпап па едім? Аруақ сенің ант беруге де жарамайтын Таура тыңнан қорқар деп пе едің? Иә депсің! Күт, күте тұр! — деп ол қолын Диктің тұмсығына тақап, саусақтарын сарт-сұрт еткізді.
Бірақ Дикті әңгімеге алдарқатып, көңілін көтеру қиын еді. Оның қатты науқас екенін байқап келем. Доктор Ливси айтқан оның безгек ауруы әрі күннің ыстықтығынан, әрі шаршап-шалдығып үрейі ұша қорыққандығынан болса керек, тез асқынып, меңдете бастады.
Төбенің жоғарғы жағында орман ағаштары сиреп, жүруіміз едәуір оңайлана түсті. Енді біз төмен қарай түсіп келеміз, өйткені, бұрын айтқанымдай, таудың жайпақ төбесі батыс тұсқа қарай сәл еңкіштеу біткен екен. Үлкенді-кішілі қарағай ағаштарының арасы бір-бірінен едәуір қашық бос кеңістік. Тіпті Мускат жаңғағы мен азалиялардың қалың бұталарының ара-арасында да күнге күйіп сап-сары боп қурап қалған бос алаңдар кездеседі. Солтүстік-батысқа қарай жүріп отырып, біз Қарауыл Дүрбінің иық тұсына жақындап келіп қалдық. Біздің астымызда, сонау, төменгі жақта жап-жалпақ болып, өткенде менің кішкене қайығымды лақтырып, шыр көбелек үйіріп, зәремді ұшырған батыс тұстағы шығанақ көрінеді.
Біз алғаш жанына келген биік ағаш, компаспен тексеріп қарағанда, біз іздеп келе жатқан ағаш болмай шықты. Екіншісі де бөтен ағаш болды. Үшінші биік ағаш — айналадағы өсіп тұрған ағаш, бұталардың бәрінен дараланып, екі жүз футтай биігірек көрінеді. Бұл өзі өсімдік әлеміндегі ең бір алып қарағай екен, қабығы қызғылт түстес, жуандығы бірнеше құшақ. Көлеңкесіне тұтас бір взвод емін-еркін сыйып кетерлік.
Бұл қарағай тіпті алыстан, теңіздің батыс тұсынан да, шығыс тұсынан да көрінеді, сондықтан оны теңізде жүзуге көмегі тиетін белгі ретінде картаға салу орынды екені даусыз.
Бірақ ағаштың жуандығында да, биіктігінде де менің серіктерімнің жұмыстары шамалы еді, олардың есіл-дерті нән ағаштың зәулім саясында көмулі жатқан жеті жүз мың фунт стерлинг қана болатын. Ақша ойларына түскенде үрей атаулы да жайына қалды. Көздері шоқтай жайнап, аяқтарын нық басып, тез-тез адымдай түсті.
Уыстарына түскелі тұрған келешек байлық, сол байлықтың арқасында қол жететін аса бір бейқам, сән-салтанаты ұшан-теңіз, шашылып-төгіліп жатқан молшылық, әсем өмір, олардың мақсат-ойлары тек осы жайында ғана болатын.
Сильвер де балдағымен шоқақтап, секіріп тез жүріп келеді. Танаулары делдиіп кеткен Қызарып, терлеп келе жатыр, бетіне шыбын қонса да жынды адамша боқтап, сыбап-сыбап алады. Мені иттің етінен жек көріп, бетіме қарап қояды, жетек жіпті қатты сілкіп, тартып-тартып жіберді. Енді ол өзінің шын ойын жасыруды қажет деп таппайтын сияқты. Кітаптан оқып білгендей бәрін сезіп келемін. Арман болған алтынына екі аттам жер қалғанда ол бәрін де ұмытты — өзінің берген уәдесін де, доктор айтқан ескертулерді де жайына қалдырды. Әрине, ойы қазынаны қолына түсіру, содан кейін "Испаньоланы" іздеп тауып алып, бәрімізді бауыздап өлтіріп, теңізге шығып кету ғой.
Осындай мазасыз ойлар жанымды жегідей жеп, қайта-қайта тасқа сүрініп, құлай жаздап, қарақшылардың соңынан әзер ілесіп келемін. Сүрініп кеткен сайын Сильвер мені оқты көзімен атып, жетек жіпті тартып кеп қалады... Дұғасын оқып, дұғасына кейде боғауызын да араластырып қойып, Дик ең артта келеді. Безгегі ұстап, науқасы күшейе түскен сияқты. Менің көңіл-күйіме осы да әсер етіп, күйзелте түсті. Және бұған қоса, бір кезде осы жерлерде болып өткен жан түршігерлік трагедия көз алдыма елестеп келеді. Саваннада өлер алдында барылдап-қырылдап ән салып, ром сұрап жатқан беті көкпеңбек қарақшыны да көріп келе жатқандаймын. Ол тап осы арада өз қолымен алты кісіні өлтіріпті. Бір кезде осы бір тып-тыныш шоқ тоғайдың мамыражай тыныштығын біреулердің өлер алдындағы шыңғырған, өкірген жан дауыстары бұзды-ау деп, соны ойлаймын. Сол бақытсыз сорлылардың ыңқылдап қиналып жатқандарын осы қазір де естіп келе жатқандаймын.
Қалың бұталар кейінде қалды.
— Достар, соңымнан еріңдер! — деп айқайлап жіберді Мерри.
Алдыңғы жақтағылар жүгіре жөнелді.
Он ярдтай жүгіріп өтпей жатып, олар кенет тоқтай қалысты. Айқай, ызы-қиқы шу көтерілді. Ағаш аяғымен секеңдеп Сильвер де жан ұшырып жүгіріп келеді. Келесі сәтте ол екеуіміз де тоқтай қалыстық.
Алдымызда нән апан жатыр, қазылғанына талай заман өткен тәрізді, өйткені жан-жағы омырылып құлап, түбіне шөп те шығып кетіпті. Апан түбінде бір күректің сабы, әр түрлі жәшік сынықтары, тақтайлар көрінеді. Бір тақтайдан қызған темірмен күйдіріп "Морж" деп жазған жазу оқыдық: бұл "Морж" деген — Флинттің кемесінің аты екен.
Қазынаны бізден бұрын-ақ біреу іздеп келіп, сыпырып алып кеткені айдан анық: сөйтіп, жеті жүз мың стерлинг фунты із-түзсіз ғайып бопты.
XXXIII ТАРАУ
Басшы құлатылды
Ұлан-асыр, тудай үміттің тап осындай тез, көзді ашып жұмғанша болмай, күйреп, тас-талқаны шығуын бұрын-соңды ешкім көрді ме екен, сірә?! Алтауы да, бастарына жай түскендей, сілейіп қатты да қалды. Алдымен есін жиған Сильвер болды. Осы қазынаға бір жетсем деп, барын салып бағып еді, міне, соның бәрі әп-сәтте быт-шыт болды. Бірақ есінен танбады, бойын тежеп, басқа қарақшылар өздері душар болған қасірет-бақытсыздықты әлі түсініп болмай жатып, бұл өзінің болашақ әрекеттерінің жоспарын тез өзгертіп, ойлап та үлгерді.
— Джим, мә, ұста мынаны және сақ бол, дайын тұр, — деді ол сыбырлап, қолыма қос ауыз тапаншаны ұстата салып.
Сол екі арада және өзі бос қарап тұрған жоқ, аяғын жайбарақат басып, баяу қозғалып, солтүстік жаққа шықты, енді бес қарақшы апанның бір жағында қалды да, біз Сильвер екеуміз екінші қарама-қарсы жаққа шықтық. Содан кейін менің бетіме қарап, "жағдай ауыр" дегендей, басын изеді, мұнысын ішімнен мен де құптадым. Енді маған қайтадан еркелете, сыпайы қарайтын болды. Осыншама екі жүзділікке шыдай алмай қатты ызам келіп кетті.
— Сөйтіп, сіз өз адамдарыңызға тағы да опасыздық істеп кеттіңіз ғой? — дедім сыбырлап.
Ол жауап қатып үлгермеді. Қарақшылар айқайласып, боқтасып, апанға секіріп-секіріп түсті де, тақтайларды жан-жаққа лақтырып-лақтырып жіберіп, қолдарымен топырақты аршып, қаза бастады. Морган бір алтын теңге тауып алды. Бәрін боқтап, балағаттап ақшаны жоғары көрсетіп тұр. Екі гинейлік теңге екен. Біраз уақыт әлгі ақша қолдан-қолға көшіп жүрді.
— Екі гиней! — деп күж ете түсті Мерри, ақшаны Сильверге беріп жатып. — Айтып жүрген жеті жүз мыңың осы шығар?! Өзің шарт жасауға құмар емес пе едің? Жолы болғыш адаммын дейтінің қайда, оңбаған қақбас!
— Қазыңдар, қазыңдар, жігіттер, — деді Сильвер жайбарақат, кекете жымиып. — Мүмкін, екі-үш жер жаңғағы табылып қалар. Ондай жаңғақтарды шошқа жақсы жейді деседі ғой.
— Екі-үш жаңғақ дейсің бе? — деп айқай салды Мерри. — Жолдастар, мынаның не деп тұрғанын естідіңдер ме? Айтпады демеңдер, осы — бәрін де күні бұрын білген кісі. Бетіне қараңдаршы, күні бұрын білгендігі бетінде ап-анық жазулы тұр.
— Ах, Мерри, — деді Сильвер. — Шамасы, тағы да капитан болудан дәмең бар ғой деймін Байқаймын, өзің қадалған жеріңнен қан алатын қайсар жігіт көрінесің.
Қарақшылар бұл жолы тегіс Мерри жағында болды. Біз екеуімізді көздерімен атып, бәрі де апаннан тырмысып шығабастады. Әйтеуір, бақытымызға, бәрі де апанның ар жағына шықты.
Сөйтіп, біз екі кісі бес кісіге қарсы тұрмыз, ортамызды апан ғана бөліп тұрды. Екі жақтың да алдымен әрекет істеуге батылы жетер емес. Сильвердің қозғалар түрі жоқ. Жайбарақат, ұстамды күйі, балдағына сүйеніп, дұшпан жақты көз алмай бақылап тұр. Өзі, шынында да батыл адам ғой.
Ақыры, Мерри өз жақтастарының рухын сөз сөйлеп көтермек болды.
— Жолдастар, — деді ол, — өздерің қараңдаршы, олар бар болғаны екеу-ақ: біреуі — өзімізді осында өлімге айдап әкелген мына тұрған кәрі мүгедек, екіншісі — оның жүрегін мен әлдеқашан-ақ пышақпен ойып алғым кеп жүрген анау тұрған кішкентай күшік. Сондықтан енді...
Ол отрядын дайындап, қолын көтеріп, даусын көтере сөйледі. Осы кезде кенет қалыңнан атылған үш мылтықтың даусы гүрс-гүрс етті. Мерри басымен төмен қарай сүзе, апанға құлап түсті. Басы таңулы қарақшы зырылдауық құсап, бірнеше рет айналды да, ол да ананың қасына сұлай қалды. Қалған үшеуі қаша жөнелді.
Сол мезетте-ақ ұзын тұра Джон апаннан шыққысы кеп, тырмысып келе жатқан Мерриге қарата, қосауыз тапаншасының екі шүріппесін бірдей басып-басып жіберді. Үзіліп бара жатқан Мерри өзін өлтірген Сильвердің бетіне бір қарап үлгерді.
— Енді, сірә, Джордж, екеуіміз есеп айырысып болған сияқтымыз, — деді Сильвер.
Мускат жаңғағы бұталарының арасынан шығып келе жатқан докторды, Грейді, Бен Ганнды көрдік. Әлі де мылтықтарының түтіні шығып болмаған екен
— Жігіттер, ұмтылыңдар! — деп айқай салды доктор. — Тезірек! Оларды қайыққа жақындатпауымыз керек!
Біз кей тұстары көкірегімізге дейін жететін қалың бұта арасымен бар пәрменімізше жүгіріп келеміз.
Бізден қалып қоймау үшін Сильвер ақтық күшін жинап, барын салып келеді. Балдағын секеқдетіп дедектегенде, осынша жүгірістен көкірегі қарс айрылып кетер ме екен деп қорқып келем. Доктордың айтуынша, мұндай жүгіріске сау адамның өзінің де шыдауы қиын. Біз құлама баурайға жүгіріп жеткен кезімізде әбден титықтаған Сильвер бізден отыз ярд шамасындай кейін қалып қойып еді.
— Доктор, ана жаққа қараңызшы! Енді, тіпті асықпасақ та болады! — деп айқайлап келеді.
Шынында да, енді асықпасақ та болады екен. Ашық алаңқайға шыға келгенімізде, аман қалған үш қарақшы Бизань-діңгек жаққа қарай алды-артына қарамастан зытып бара жатты. Сөйтіп, біз қазір қашқындар мен қайықтардың екі аралығына шығыппыз, енді асығып-үсікпей-ақ дем алуымызға болатын еді. Ұзын тұра Джон бетінің терін сүртіп, жайымен біздің қасымызға келді.
— Доктор, сізге шын жүрегіммен мың да бір рақмет айтам, — деді ол. — Сіздер дер кезінде жетіп, біздің екеуімізді де құтқарып алдыңыздар... Ә-ә, бұл сен бе едің, Бен Ганн? Апырай, өзің мықты жігіт екенсің ғой! — деп қосып қойды ол.
— Иә, Бен Ганнмын ғой, — деп, бұрынғы қарақшы Сильвердің алдында сөйлегенде, жыланша ирелендегендей, бір түрлі қызық әсер қалдырды. — Өз жағдайыңыз қалай, мистер Сильвер? — деп сұрады ол ұзақ үнсіздіктен кейін — Сірә, жаман емес сияқты ғой?
— Ойпырмай, Бен-ай, — деп күбірледі Сильвер, — сені күндердің күнінде менімен осылай әзілдеседі деп кім ойлаған!
Доктор Грейді қарақшылар тастай қашқан сүйменді алып келуге жұмсады. Біз асықпай бөктермен қайықтарымызға жеткенше, доктор соңғы күндерде болған оқиғаларды қысқаша айтып өтті. Сильвер бір сөзін жіберместен зейін салып тыңдады. Әңгіменің басты кейіпкері аздап ақылы ауыса бастаған тақуа Бен Ганн болды.
Доктордың айтуынша, ұзақ жылдар жападан-жалғыз арал кезген Бен Ганн қаңқаны да, қазынаны да тауып алыпты. Қаңқаның қалтасын қаққан да, шұңқырға көмілген қазынаны қазып алған да сол Бен Ганн екен, әлгінде апанның түбінде өзіміз көрген күректің сабы да соныкі болып шықты. Бүкіл алтынды ол биік қарағай түбінен арқалап тасып, аралдың солтүстік шығыс тұсындағы екі өркешті таудың бір үңгіріне жеткізіп, жинап қойыпты. Талай күн әрлі-берлі жаяулап, діңкені құртқан бұл жұмысты Бен Ганн "Испаньола" келместен екі-ақ ай бұрын аяқтаған көрінеді.
Осының барлығын доктор Бен Ганнмен бірінші кездескенде, яғни біздің бекінісімізге шабуыл жасалған алғашқы күні-ақ білген екен. Келесі күні таңертең кеменің ғайып болғанын көрген доктор Сильверге барып, енді ешқандай өжетке жарамай қалған картаны және бүкіл азық-түлігімен қоса бекіністі соған береді. Өйткені Бен Ганның үңгірінде тұздалған ешкі етінің мол қоры бар екен. Осының арқасында менің достарым еш қауіп-қатерсіз бекіністі тастап, безгек ауруының ұясы болған анау батпақтан алысырақ ұзап, екі өркешті тауға ауысуға, сол арада қазынаны қорғап, тыныш жатуға мүмкіндік алады.
— Әрине, Джим, айналайын, біздің бұлай көшіп кетуіміздің саған оңай тимесін мен күні бұрын-ақ білгенмін, — деп доктор сөзін жалғастыра түсті. — Және соны ойлап өзім едәуір қиналғанмын да, бірақ амал нешік, алдымен өз борыштарын адал атқарған басқа адамдар жайын ойлауым керек болды. Тіпті, шынтуайтқа келгенде, біздің қасымызда болмағаныңа кінәлі басқа ешкім де емес, өзіңсің ғой.
Бірақ доктор мені қарақшылардың қолында, тұтқында көрген күні олар кейін қазынадан құр қалған кегін менен алатынын түсінеді. Сондықтан ол сквайрды капитанның қасына қалдырып, өзі Грей мен Бен Ганнды ертіп, аралды төтелеп кесіп өтіп, тура үлкен қарағайға тартады. Жолшыбай біздің отрядтың ілгері озып кеткенін көріп, желаяқ Бен Ганнды ілгері жұмсайды. Ол өзінің бұрынғы жолдастарының жын-шайтан сияқты әрнеге сенгіштігін пайдаланып, ол байғұстардың зәресін ұшырып, қорқытады. Көмбе іздеушілерден көп бұрын жеткен Грей мен доктор қарағайға жақын бір жерге жасырынып үлгереді.
— Қасымда Хокинстің жүргені қандай жақсы болған! — деді Сильвер. — Ол болмаса ғой, доктор, аналар мені он жерден кескілеп жатса да, сіз қыңқ етпейсіз.
— Әйтпегенде ше, — деп күлді доктор Ливси.
Бұл екі арада біз қайықтарға да келіп жеттік. Доктор сол бойда қарақшылардың қолына түспесін деп, қайықтың біреуін сүйменмен быт-шытын шығарып сындырды да, екінші қайыққа бәріміз жабыла мініп, аралды айналып, Солтүстік аялдамаға қарай жүздік.
Бізге сегіз бе, тоғыз ба мильдей жер жүзіп өтуімізге тура келді. Сильвер есінен тана шаршағанына қарамастан ескек алып барлығымызбен бірдей есіп отырды. Біз бұғаздан өтіп, ашық теңізге шықтық. Теңіз үсті тыныш екен. Осыдан төрт күн бұрын "Испаньола" айналып өткен аралдың оңтүстік-шығыс мүйісін бүгін біз де айналып өттік.
Екі өркешті таудың жанынан өтіп бара жатып, Бен Ганның үңгірінің алыстан қарауытқан кіре берісін және оның қасында мылтығына сүйеніп тұрған бір кісіні көрдік. Ол сквайр болатын. Біз оған қарап орамалдарымызды бұлғап, үш рет "уралап" айқай салдық, тіпті бәрімізден де қаттырақ айқайлаған Сильвер болды.
Тағы да үш миль жүріп, біз Солтүстік аялдамаға кірдік және сол бойда "Испаньола" да көрінді. Су бетінде бостан-бос лағып жүр. Теңіз суы молайып, қайраңнан көтеріп, жүздіріп әкетіпті. Егер сол күні жел тұрып немесе Оңтүстік аялдамадағыдай, мында да, Солтүстік аялдамада да ағыс қатты болғанда, біз кемеден біржола айрылады екенбіз. Немесе тек кеменің сынған қалдықтарын көргеніміздің өзіне риза болып, кейін қайтуға тиіс едік. Бірақ бақытымызға, кеме аман екен, тек гроты ғана жыртылыпты. Сажын жарымдай тереңдікке кеменің артық зәкірін түсірдік. Содан кейін қайықпен Мастар шығанағына бет алдық. Бен Ганның қазына қоймасына ең жақын жер сол ара болатын. Сол жерде басқаларымыздың бәріміз түсіп, Грейді түнде кемені қарауылдап шығуы үшін "Испаньолаға" жібердік.
Жайпақ баураймен үңгірге көтерілдік. Жоғарыда бізді Сквайр күтіп алды.
Маған ұрысқан жоқ, жылы сөйлесті. Менің қашып кеткенім жайлы бір ауыз сөз айтпады, мақтамады да, даттап та жатпады. Бірақ өзіне Сильвер әскери ізет жасаған кезде, ашудан түтігіп, қып-қызыл боп кетті.
— Сіз, Джон Сильвер, нағыз жексұрын, опасыз адам екенсіз! Жиіркенішті малғұн боп шықтыңыз, сэр! Әттең, сізді қуғынға ұшыратпауымды өтінгесін, мен уәде беріп қойып ем. Бірақ өлгендердің қаны, диірмен тасындай, мойныңызды зіл боп басатын шығар.
— Сізге шын жүректен алғыс айтам, сэр! — деді, Ұзын тұра Джон тағы да әскери ізет жасап.
— Алғыс айтпаңыз маған! — деп ақырып жіберді сквайр. — Сіздің кесіріңізден адалдығыма, азаматтық борышыма қиянат жасап тұрмын. Менің тіпті маңыма жақындаушы болмаңыз!
Біз үңгірдің ішіне кірдік. Өзі кәдімгідей кең екен. Ауасы да тап-таза. Жер астынан жарып, қайнар шығып, мөп-мөлдір суы жан-жағын қалың қырыққұлақ тұмшалаған кішкене көлге барып құйып жатыр. Едені құмдақ. Лаулап жанған от жанында капитан Смоллетт жатыр. Әрегірек бір бұрышта күңгірттеу жылт-жылт етіп, сәуле шашып, алтын теңгелер мен құйма алтындар нән бір төбе болып үйіліп көрінеді. Флинттің қазынасы деген осы болатын, осы қазына үшін біз шаршап-шалдығып, осыншама ұзақ жол жүрдік, осы қазына үшін "Испаньоланың" экипажынан он жеті адам қаза тапты. Ал о баста осы қазынаны жинап алу үшін қанша адамның өмірі құрбан болмады, қанша азап шегіліп, қанша қан төгілмеді дейсіз! Қанша бір тамаша кемелер суға батырылмады, қаншама батыл жандар көздері тастай таңылып, тақтай үстімен жүргізіліп азаптан өлмеді дейсіз! Қаншама зеңбіректен оқ атылмады, небір өтіріктер айтылып, небір қаталдықтар — бой көрсетпеді дейсіз! Қазірде де аралда, бір кезде осыншама жан түршігерлік зұлымдықтарға тікелей қатысып, байлықтан өз үлестерін алу үмітін әлі де үзе қоймаған үш адам жүр, олар — Сильвер, кәрі Морган және Бен.
— Ә, Джимбісің, кір, — деді капитан — Жалпы сен өзің жаман бала емессің, бірақ сені енді ешқашан өзіммен бірге жүзуге алып шықпауға ант етемін, өйткені сен еркетотайлар қауымының жігіті екенсің: өзіңе ұнағанын ғана жасағың келеді... Ә, бұл сен екенсің ғой, Джон Сильвер! Ал, сені кім айдап әкелді бізге?
— Өз міндетімді атқаруға қайтып оралдым, сэр, — деп жауап қатты Сильвер.
— Ә-о, — деді де қойды капитан. Басқа түк те айтпады.
Сол күні кеште өзімнің барлық достарымның арасында кешкі асты қалай рақаттана ішкенімді көрсеңіз! Беннің тұздаған ешкі еті соншалық дәмді көрінді. "Испаньоладан" ала келген ескі шарап та жанымызға жаға түсті. Сильвер басқалардан сәл шегініңкіреп, қара күңгірттеу жерде отырды. Бірақ тамақ жеуден кенде болған жоқ, ал енді біреуге әлденеге қол жалғап жіберу қажет бола қалса, жып-жылдам ұшып түрегеледі, біздің әзіл-оспағымызға да қосыла кетіп, бірге күліседі, қысқасы, алғаш жүзіп шыққанымызда қандай болса, қазір де сондай сыпайы, бипаз, елгезек аспазшыға айналып шыға келді.
XXXIV ТАРАУ
Және соңғысы
Келесі күні таңертең біз жұмысқа ерте кірістік. Жағаға дейін толық бір мильдей жер екен Бар алтынымызды сонда тасып апарып, одан қайықпен "Испаньолаға" жеткізуіміз қажет. Ат төбеліндей аз адам үшін бұл оңай жұмыс емес-тін. Әлі күнге дейін әлдеқайда арал кезіп жүрген үш қарақшыдан біз онша қыңа қоймадық. Төбенің ұшар басына бір адам қарауыл қойсақ-ақ жетіп жатыр — тұтқиыл шабуылдан қорықпауымызға болады. Және-дағы олардың жаугершілік қақтығысқа құштарлықтары да біразға дейін ояна қоймас деп топшыладық.
Бәріміз де дамыл көрместен жұмыс істеп жүрміз. Грей мен Бен Ганн алтынды қайықпен кемеге тасыды, қалғандарымыз оны жағаға жеткізіп тұрдық. Екі құйма алтынды арқанмен байластырамыз да, бір-біріміздің иығымызға саламыз, өйткені бір кісі екі құймадан артық көтере алмайды. Мені ауыр нәрсе көтеруге шамам келмейтіндіктен үңгірде қалдырды. Кепкен наннан босаған қапшықтарға ақша толтырып әзірлей беруге тиіс болдым.
Билли Бонстың сандығында кездескен ақшалар сияқты, мұнда да талай елде жасалған теңгелер бар екен. Бірақ, әрине, оның сандығындағыдан әлдеқайда көп. Оларды сұрыптап болу менің өзіме қатты ұнады. Ағылшын, француз, испан, португал теңгелері, гинейлер мен луидорлар, дублондар мен қос қабат гинейлер, муадорлар мен ехиндер, Еуропаның барлық елдерінің соңғы жүз жыл бойғы бүкіл корольдерінің бейнесі салынған теңгелер, бір буда қайдағы бір жіптің, әлдебір өрмекші өрмегінің нендей бір бөлігінің де, әйтеуір, сондай бірдеменің бейнесі салынған түсініксіз шығыс теңгелері, дөңгелек теңгелер, төрт бұрышты теңгелер, мойынға тағып жүру үшін ортасы тесілген теңгелер, — қысқасы, бұл коллекцияда бүкіл дүние жүзі ақшаларының небір түрлері тегіс жиналған болып шықты. Күзгі орманда қурап түскен сары жапырақ қандай көп болса, бұл ақшалар да сондай қисапсыз екен. Соларды сұрыптап, күйбеңдеп отырам деп, арқам сыздап, қолымнан қол қалмады.
Күн соңынан күн өтіп, уақыт деген зырлап барады, ал жұмысымыздың таусылар түрі жоқ. Әр кеш сайын кемеге тау-тау қазына жөнелтіп жатамыз, ал бірақ үңгірде қалған ақша жөнелтіп үлгергенімізден әлі кеп болмаса, аз бола қоймас. Осыншама уақыт өтсе де, аман қалған үш қарақшыдан әлі ешқандай хабар-ошар біле алмадық.
Ақырында, жаңылмасам, үшінші күні кеште ғой деймін, доктор екеуіміз төбенің басына қарай көтеріліп келе жатыр ек, төменгі жақтан, тас қараңғы түнек арасынан кенет айқай ма, ән бе, бір дыбыс жетті. Анықтап ештеме ажырата алмадық.
— Құдайдың өзі кешірсін, осылар сол қарақшылар шығар, — деді доктор.
— Бәрі де мас көрінеді, сэр! — деген Сильвердің даусын естідім мен арқа тұсымнан.
Сильвер емін-еркін бостаншылықта жүрді және біз қанша салқын қарап, қабағымызды бергіміз келмесе, еркіндікке еті үйренген ақ жарқын қызметшіге ұқсап, бізбен өзін тағы да ескі достарымызша ұстай бастады. Жұрттың өзіне деген жиіркеніш сезімін сезбеген болып, бәрімізге де қызмет көрсетіп қалғысы келеді, бәрімізбен де сыпайы болуға жалығар емес. Бірақ енді жұрт өзін итше қорлайтын болды. Тек біз, Бен Ганн екеуіміз ғана, оған сол жылырақ қараймыз. Бен Ганн өзінің бұрынғы квартирмейстерінен әлі күнге дейін аздап сескенетін сияқты да, ал мен ажалдан құтқарды ғой деп, оған өзімді бір түрлі қарыздар сезінем: бірақ менің оны жұрттың бәрінен де гөрі қаттырақ жек көруге негізім бар-тын, өйткені мені екінші қайтара сатқысы келген пиғылын мен әлі ұмыта қоймаған болатынмын. Сильвердің жаңағы сөзін доктор ұнатпай зекіп тастады.
— Кім біліпті, ауырып, сандырақтағандары болып жүрмесін.
— Бұл айтуыңыз дұрыс қой, сэр, — деді Сильвер, — бірақ соған бола сіз бен біз бас ауыртып қайтеміз.
— Сізді мейірімді, ізгі жандар санатына қосады деп, мистер Сильвер, сіз өзіңіз де менен дәметпейтін шығарсыз, — деді доктор кекесін үнмен, — және сізге мені түсіну қиын екенін де білемін. Бірақ енді жаңағылардың ең болмаса біреуі ауырып, сандырақтап жатқанына шын көзім жеткен болса, онда тіпті өміріме қауіп бар екенін біле тұрсам да, өзім оларға дәрігерлік көмек көрсетпей, кете алмаған болар едім.
— Кешіре көріңіз, сэр, оныңыз үлкен қателік болған болар еді, — деді Сильвер. — Бар болғаны — өзіңіздің қымбатты, аяулы өміріңізбен қош айтысқан болар едіңіз. Мен қазір сіздер жаққа жан-тәніммен беріле шыққан адаммын, сондықтан отрядыңыздың тап сіздей адамнан айрылып қалуын қаламаған болар едім. Өзімнің Сізге соншалық қарыздар екенімді білемін... Олар деген айтқан сөз, берген уәделерінде тұру қолдарынан келетін адамдар емес қой. Ол — ол ма, олар тіпті сіз берген уәдеге де ешқашан сене алмаған болар еді.
— Оның есесіне, сіз уәдеңізді жақсы орындай біледі екенсіз, — деді доктор. — Бұған жақында тағы да көзіміз жеткендей болды.
Осыдан кейін біз үш қарақшы туралы ештеме де біле алмадық.
Тек бір күні алыстан атылған мылтық даусын естідік. Е, олар аң аулауға кіріскен ғой деп түйдік. Өзара кеңесіп, оларды өзімізбен бірге әкетпейміз, осында, аралда қалдырамыз деген қаулы алынды. Бұл шешімге Бен Ганн қатты қуанды. Мұны Грей де қуаттады. Біз оларға көп етіп оқ-дәрі, бытыра, көп етіп тұздалған ешкі етін, аздап дәрі-дәрмек, басқа да қажетті заттар, құралдар, киім-кешек, артық желкен, бірнеше ярд арқан және доктордың арнайы тілегі бойынша, едәуір темекі қалдырдық.
Енді аралда істейтін ештемеміз қалған жоқ. Кемеге алтынды да, ауыз суды да, қажеті болып қалар деп тұздалған ешкі етінің қалдығын да тиеп болдық. Ақырында, зәкірді көтеріп, Солтүстік аялдамадан теңізге шықтық. Үстімізде, өткен жолы бекіністі қарақшылардан қорғаған кезде көтерген туымыз желбірейді.
Осы арада қалып бара жатқан қарақшылардың біз ойлағанымыздай емес, бізді әжептәуір мұқияттырақ бақылап жүргендіктерін байқадық. Олай дейтінім, біз ол үшеуін бұғаз бойымен жүзіп, аралдың оңтүстік шетіне жақындаған кезімізде анық көрдік. Құм түбегіне тізерлей отырып, бізге қарай қолдарын созып, жалынып-жалбарынбасын ба келіп. Оларды елсіз аралға тастап кету бізге де оңай емес-тін. Бірақ басқа амалымыз да болмады. Егер кемеге мінгізсек, тағы да бүлік шығармасына кім кепіл? Елге аман оралса, оларды дар арқаны күтіп тұр, кемеге мінгізіп, дарға жетелеп апару — ол да қаталдық болмас па еді? Доктор айқайлап, олар үшін азық-түлік, оқ-дәрі қалдырып кеткенімізді айтып, қалдырған заттарды қалай табу керек екенін түсіндіре бастады. Бірақ олар біздің аттарымызды атап шақырып, аясаңыздаршы, жапанда жалғыз қалдырып өлтірмесеңіздерші деп жалынды.
Ақырында, кеменің, шынымен, қайырылмай кетіп бара жатқанын көрген біреуі — қайсысы екенін ажырата алмадым — шыңғырып айқайлап жіберіп ұшып тұрды да, мушкетіне бас салып, бізге қарай атып жіберді. Оқ Сильвердің төбесінен зу етіп барып, діңгекті тесіп өтті. Сақтанып фальшборттың артына барып тығылдық. Бір сәт тасадан басымды қылтитып қарап ем, құм түбектен қарақшылар кеткен екен, түбектің өзі де бірте-бірте көрінбеуге айналды. Түске жақын менің шексіз қуанышыма орай, Қазына аралының ең биік тауы да көкжиектен ғайып болды. Өзіміз соншалық азбыз ғой, жұмысымыз шамадан тыс көп. Капитан кеменің арт жағындағы төсекшеге жайғасып алып, бұйрықтарын сол жерден жаудырып жатыр. Ол өзі біршама айығып қалған, бірақ әлі де тыныштық сақтап жата тұруы қажет деп ұйғарылды. Біз енді жаңадан матростар жалдап алу үшін Испан Америкасының ең жақын портына қарай бағыт ұстадық: матрос жалдап алмай, елге қарай жүзуге батылымыз жетпеді. Жел жиі құбылып, кемеміз бағытынан жаңыла берді, оған қоса, екі қайтара сұрапыл дауыл соғып, Америкаға жеткенше, өзіміз әбден қалжырадық та.
Ақырында, күн батып бара жатқан кез болатын, табиғаты ғажап, бір әдемі жабық гаваньға келіп зәкір тастадық. Негр, мулат, мексикалық үнділер мінген қайықтар кемемізді тез қоршап алысты, олар бізге жеміс, овощ сатты. Суға ақша тастасақ сүңгіп алып шығуға әрдайым әзір тұрады. Осынау жылы жүзді негізінен қара түсті адамдар, үйіліп жатқан мына тәтті тропикалық жемістер, бәрінен бұрын, анау қала үстінде жылт-жылт етіп самсаған шам сәулелері, — осының бәрі көздің жауын алады. Сонау қанға бөгіп тұнжырап, кейінде қалған Қазына аралына еш ұқсамайды, соншалық бір ғажап көрініс! Доктор мен сквайр кешті қалада өткізбек болды. Олар мені де қастарына ертіп алды. Жағада біз бір ағылшын әскери кемесінің капитанымен кездесіп, соның кемесіне бардық. Уақытымыз өте жақсы өтті, "Испаньолаға" таң құлан иектене бастаған кезде ғана оралдық. Палубада жалғыз Бен Ганн жүр екен, біз кемеге көтерілісімен-ақ қатты өкінетінін, өзін үлкен кінәлі санайтынын айтып, небір өрескел қимылдар жасады. Бақсақ, Сильвер қашып кетіпті. "Сол жалғыз аяқ албастының кемеде жүруі бәріміз үшін қауіпті" болғасын, оның қайыққа мініп кетуіне өзім көмектестім деп, Бен Ганн шынын айтты. Кеме аспазы бірақ құр қол кетпеген болды. Білдіртпей тақтайды бұзып бір дорба ақша ұрлап кетіпті: үш жүз-төрт жүз гинейдей екен, оның біраз тентіреуіне мүмкіндік беретін сома. Одан оп-оңай әрі арзан құтылғанымызға өзіміз де риза болдық.
Енді әңгімемді ұзаққа созбай-ақ қояйын: кемемізге жаңадан бірнеше матрос жалдап алып, аман-есен Бристольге де келіп жеттік-ау.
"Испаньола" дер кезінде оралыпты, әйтпесе Блендли көмекке екінші кеме жіберсем бе деп қобалжи бастаған екен. Бар экипаждан бесеуіміз ғана елге аман оралдық. Басқалар жөнінен "Іше түс, жеріңе жеткізер шайтаның" деген сәуегей нақыл дәл келді.
Жетпіс бесі оралмады, бәрі де
Дүлей теңіз жұтты мініп кәріне, — деп қарақшылар әнге қосатын ана бір кемемен салыстырғанда "Испаньола" онша бақытсыз емес екен.
Қазынадан бәріміз де өз үлесімізді алдық. Бұл дәулетті орынды пайдаланғанымыз да бар, керісінше, орынсыз шашып-төккеніміз де бар. Ол енді әркімнің өз мінез-болмысына байланысты ғой. Капитан Смоллетт теңіз қызметін тастады. Грей ақшасын сақтай да білді, тіпті бұл өмірде мансапқа жетпей қоймаймын деп кенет теңіз ісін мұқият үйренуге кірісті. Қазір өзі штурман және біреумен ортақтасып жақсы жабдықталған тамаша бір кеменің қожайыны да болып алыпты. Ал Бен Ганнға келсем ол өзінің мың фунтын небары үш аптаның ішінде яғни, дәлірек айтсам, он тоғыз күннің ішінде жоқ қылып та үлгерді. Бұлай дейтінім, жиырмасыншы күн дегенде ол бізге қайыр сұрап келді. Беннің қатты қорқатын бір нәрсесі бартын, сквайр сонысын дәл тапты. Ол оған парктің күзетшілік қызметін берді. Бен осы күнге дейін деревня балаларымен бірде ұрсысып, бірде достасып күн кешеді. Ал жексенбі, мейрам күндері шіркеу хорына қатысып, тамаша он салатын да әдеті бар.
Сильвер жайында біз содан бері ештеме естігеніміз жоқ. Сұрқия жалғыз аяқ теңізші менің өмірімнен біржола кетіп тынды. Сірә, ол өзінің қара нәсілді әйелін іздеп тауып, сонымен бірге және өзінің капитан Флинтімен бірге, уайымсыз, қайғысыз бір жерде тұрып жатқан болар. Солай шығар деп сенеміз-дағы, әйтпесе Сильвер о дүниеде жақсы тұрар-ау деген үміт жоқтың қасы ғой. Қазынаның қалған бөлігі — құйма күміс кесектері мен қару-жарақтар — марқұм Флинттің көмген жерінде әлі күнге дейін жатыр. Жата берсін. Енді мені қарғыс атқыр сол бір аралға ешкім де қызықтырып апара алмайтын шығар. Аралдың жағасына соғылып тас-талқан боп, кейін шегініп жататын көбікті толқындар әлі түсіме енеді, ал капитан Флинттің:
"Пиастрлар! Пиастрлар! Пиастрлар!" деп қақылдаған қырылдақ дауысы құлағыма келгендей болса, әлі күнге дейін шошып, төсегімнен атып тұрам.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі