Өлең, жыр, ақындар

Қанатын қайырған мерген

«...Таң мен күннің арасы таянғанда,
Таудың басы алаумен боялғанда,
Тірілетін таудағы бар тіршілік,
Қанатынан аққудың оянған ба?!..»
       Мұқағали

Таң алдында тау басын қызғылт арай көмкергенде, даланың салқын самалы жанға жайлы тыныштық сыйлайтын. Бұл тыныштық—табиғаттың мәңгілік үндестігі еді. Бірақ сол үнсіздіктің өзі кейде жан айқайынан қатты шыңғырып, ғасырлар бойы шегінбес жара қалдыратынын кім білген…
Апам кейде түннің бір уағында шайға шақырады. Үй ішіндегілер тәтті ұйқы құшағында жатқанда, біз екеуміз алакөбең сәуле астында әңгіме айтамыз. Ол кісінің әңгімелері… бірін тыңдасаң, келесісін күтесің. Әсіресе, кейбір оқиғалар ойыңнан кетпей, санаңа сіңіп, жүрегіңді әлдебір мұңлы сезімге бөлейді. Бірде дәл осындай бір түнде апам маған ерекше бір хикаяны айтып берген еді.
— Бұл өмірде әр тіршілік иесінің өз сыбағасы бар, балам, — деп бастады ол әңгімесін баяу үнмен. — Табиғаттың өз заңы, жаратылыстың өз тәртібі бар. Оны бұзуға болмайды…
Апам қолындағы кесесін асықпай орнына қойып, терең бір күрсінді.
— Ерте заманда Шәкен деген мерген өмір сүрген екен. Оның атқан оғы ешқашан мүлт кетпейтін, қолына садақ алса, аң екеш аң да, құс екеш құс та тығыларға жер таппайтын. Бірақ адамның атағы артқан сайын, маңайында күмәншілдер де көбейеді ғой…
Бірде ел ішінде үлкен той болып, соған Шәкен де шақырылады. Кең дастархан басында отырған ел-жұрт әңгіме тиегін ағытып, түрлі қызықты оқиғаларды айта бастайды. Біреулер ерлікті сөз етсе, енді бірі аңшылықтың қызықтарын бөлісіп отырды. Әңгіме үстінде әлдекім Шәкеннің мергендігін тілге тиек етті.
— Шәкеннің оғы мүлт кетпейді дейді ғой? — деді әлгі адам, ішіндегі қызғанышын жасыра алмай.
— Иә, — деп жауап қатты екінші бірі. — Құралайды көзге атқан мерген ғой!
Сол сәтте біреу орнынан баяу көтеріліп:
— Олай болса, Шәкеннің нағыз мерген екенін дәлелдейік. Мынау көлде ұшып жүрген аққуды атып түсірсін! — деді жұртқа сұсты көзбен қарап.
Дастархан басында үнсіздік орнады. Аққу—қасиетті құс. Оны ату—жаман ырым. Бірақ еркекке сөз тасталды—енді үнсіз қалу намыс еді. Шәкен біраз кідірді. Айналасына көз жүгіртті. Жұрттың бәрі оның жауабын күтіп отыр.
«Жігітті намыс өлтіреді» дегендей, Шәкен жұрттың алдында үнсіз қалуды ар санап, садағын асынып, аспанға көз тастады.
Көк жүзінде қалықтап жүрген аққу… Оның мойны ұзын, қанаты сұлу, бейкүнә құс еді. Бірақ Шәкен оны көрген жоқ. Ол тек нысананы көрді.
Жебе ұшты. Аққу жанұшыра шырылдап, қанатын бір қағып, құлдилай жөнелді. Көз алдында арпалысқан ақ қанат… Бірақ бұл көріністің ең ауыры—жалғыз қалған жұбайының шыр көбелек айналып, серігін қимай, оның жаны үзілер сәтте қасына келіп, өзін де ажалға қиғаны еді.
Құлап бара жатқан қос аққуды көрген жұрттың көзі шарасынан шықты. Кеуделерін ауыр күрсініс қысып, үнсіз тұншығып қалды. Бірақ бәрі кеш еді…
Сол түні Шәкен үйіне үнсіз қайтты. Қолындағы садағын бос тастай салды да, ешкімге тіл қатпастан есігін жауып, түн қараңғылығында жалғыз қалды. Бірақ ол сол сәтте өзінің не бүлдіргенін толық түсінбеді.
Түсінді. Бірақ бір жылдан соң.
Сол бір жылдың ішінде оның көрген азабы қырық жылдық қайғыға татитын еді. Бірінен соң бірі, көзі көрінген тоғыз баласы да ажалдың суық құшағына кетті. Ана жүрегі қан жылап, әке болса, үнсіз жан азабын тартты. Көзіне көрінген перзенттерінен айырылғанда, Шәкен бәрін түсінді.
Аққуды атқан оңбайды.
Бірақ бәрі кеш еді.
Мен үнсіз отырдым. Апамның даусы түн қараңғылығында тербеліп, әлі естіліп тұрғандай болды. Ол терең бір күрсінді де, үнсіз шайын ұрттады.
— Аққулар ешқашан ұйықтамайды, балам… Олар біз жіберген қателіктерді үнсіз күзетіп тұрады. Сен де ешқашан мұны ұмытпа.
Адам кейде өзіне қойылған сынақтан қалай шығарын білмейді. Бірақ әр шешімнің өз салдары бар. Аққуды атқан мергеннің тағдыры—соның дәлелі. Мен сол түні көпке дейін ұйықтай алмадым. Көз алдымнан қанаты қайырылған қос аққу кетпей қойды. Сол түні көзімді ілсем де, аққулар қалықтап, жанұшыра шырылдап тұрғандай көрінді. Мүмкін, олардың үні әлі де түннің тыныштығын бұзып, бізге бір нәрсе айтқысы келетін шығар. Бәлкім, олар әлі де біреудің түсіне кіріп жүрген шығар…


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз