Өлең, жыр, ақындар

Желтоқсан боздақтары

     Қылышын сүйретіп қыс келсе, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін Жаңа жыл мен жапалақтап жауа-тұғын әппақ қарды күтеді.Айнала құдды ертегі әлемге айналып,табиғат ақ мамық көрпесін жамылады.

    Желтоқсанның бірінші жұлдызы туған сәттен-ақ Жаңа жыл мерекесіне аяқ басамыз,сән- салтанатын жарастырып мейрам жасаймыз.

      Десекте осы тұста алып айтулы күн көлеңкеде қалып кетіп жатады.16-желтоқсан - талай жастардың, жүрегі қазақ деп соққан боздақтардың қыршын қиылған күні.Салтымыз бен санамызға жат мейрамның кесірінен 1986 жылғы қаралы күн жадымыздан шығып кетеді.Небәрі 16-17 жасар, оқу оқып жүрген қазақ жастарының еліне деген махаббаты мен намысшылдығы һәм жанкештілігі, ұлтжандылығы қалайша елеусіз қалмақ?!

        Бұл күн тек көк жалауды сермеп, бір минуттық үнсіздік жариялаумен аттап өте салатын күн емес.Ұлт болашағына бей-жай қарамай,батылдық танытып,қозғалыс жасау екінің бірінің қолынан келе бермесі хақ.Қанмен қатқан етігін шеше алмай, биліктен тепкі көріп, желтоқсанның ызғарлы желіне қарсы жүрген боздақтардың есімі жадымызда мәңгі жаңғырса деймін.

       Өскелең ұрпаққа өткенді насихаттау ескілік яки артта қалу емес.Бұл- ақиқат, қанмен жазылған тарих."Бұрқасын-86"- бұл өткеннің үні, тарихтың таңбасы.Келешек ұрпаққа патриотизм мен ұлтжандылықты насихаттау жалпыға ортақ парыз.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз