Иса Байзақұлы бүкіл Қазақстан жұртшылығына өнерімен, өлеңімен өзін танытқан әрі ақын, әрі артист еді.
Мен Исаның ең алғашқы рет 1925 жылдың июнь айының ішінде Қоянды жәрмеңкесінде көрдім. Жаздың өте бір көңілді күндерінде басталған жәрмеңке қызмет ретімен, шаруа жайымен келген алуан түрлі елдің бас қосқан орны болатын. Иін тірестіре тігілген үйлердің бірінде ән салынған, бірінде күйсандық ойнаған қызу думан. Батыс жағы айнадай шалқыған Қарасор көлі, күншығысы күрілдеп аққан Талды өзеннің арнасы, оңтүстік, солтүстік қойнау Қоңыр адыр, Қоянды, Тоқпан шоқылары. Осылардың ортасынан ашылған жәрмеңке орны шалғынды көкмайса еді.
... Күн еңкейіп қалған кезде тарқап бара жатқан мал базарының қалың тобын қақ жара ерекше бір топ адам түйдектеліп жүйтки береді.
Біз де сол топқа келдік, әлі ешнәрсені көргеніміз жоқ, тек бір құйындай бұрқыраған өлең серпіні аспанға шарықтайды.
Топ ортасында үсті ашық үлкен машина, оның үсті толған адам. Қызылды-жасылды киінген бір топ жігіт. Бірақ елдің өзеурей қарап, өзгеден гөрі құмарлана көз тіккені екі адам. Бірі — елден ерекше, алып денелі Қажымұқан да, екіншісі — қолындағы домбыраны біресе аспандата, біресе шалқыта, үні мен сөзін құйындай жүйткіте ән салған Иса ақын. Ол жүріп келе жатқан автомобильдің үстінде домбырамен желдірмені жүйткіте соғып, Қажымұқан балуанның күшін, дүние жүзін аралаған енерін өлеңмен келістіре сипаттап, елдің еркін билеп әкеткендей.
Бұл топтың ішінде Қалибек пен Зәрубай да бар. Қалибек жиылған топты шанышпа, тапқыр сөзімен күлдірсе, Зәрубай бірде қоян, жылан болып, сан-алуан ойын көрсетеді. Олардың бұл жүрісі «ертең үлкен ойын көрсетіледі, Қажымұқан үстінен автомобиль жүргізеді, жалпақ сом тасты кеудесіне қойып ұрғызып сындыртады», деген қолма-қол хабарландыру еді.
Ертеңінде Қажымұқан ойын көрсетті. Қажымұқан әрбір ойынды көрсетерде Иса домбырамен оның жайын түсіндіріп, желдірмеге толғайды. Бір жағынан гармонын құлаштай сермеп Майра да отырды. Адамның асқан күшті алыбы Қажымұқан, құйындай ұйтқыған ақын Иса, ән асқағы Майра түйдек бір жерде бас қосып, Омар мен Қалибектің де күлкі-сықағы араласып, ойын қыза түсті. Осы күннен бастап-ақ Исаның даңқы елге таралып кеткен еді.
Одан кейін Исаны Алматыда көрдім. Иса бірде сахнада, бірде концерттерде өн мен өлеңді талай ағытты.
1938 жылы Жазушылар Одағының үйінде Октябрь мерекесіне арналған бір мәжіліс болды. Сол мәжілісте осы қаладағы жазушылармен бірге Үмбетәлі Кәрібаев, Саяділ Керімбеков, Сапарғали Әлімбетов, тағы басқа да халық ақындары болды. Бұл атақты «Родина» самолеті Москвадан ұшып Қиыр Шығысқа қонбай жету сапарынан қайтып келіп, советтің ұшқыш қыздарының асқан ерліктері дүниежүзілік даңққа бөленген кез еді. Олардың басынан кешірген уақиғасы да ел аузында әсерлі аңыз болып таралған-ды.
Осы мәжілісте ақындарға кезекпе-кезек сөз беріліп, өлеңдер айтылды. Әсіресе, Исаға осы «Родина» самолетінің экипажы, үш қыздың басынан кешірген хал, әсіресе, Марина Раскованың он бір күн, он бір түн орманда адасқанын жырлап шық деген ұсыныс болды.
Иса қолына домбыра тиісімен, белгілі желпіну сарынмен біраз айқайлап алды, да, өлеңді заулатты. Сағат жарымдай уақыт жырлады. Үн шығарған жан болған жоқ.
Поэма болып жырланған үлкен жырды отырған жұрт сүйсіне тыңдап, осыны жазып таста деген ұсынысты да айтты. Артынан осы поэманы «Он бір күн, он бір түн» деген атпен жазып та шықты.
Бұдан кейін де Исамен талай кездестік. Соның бірі — 1940 жылдың көктемі, Турксиб жолының 10 жылдық мерекесіне байланысты ақын-жазушылар бригадасы ұйымдастырылып, жол бойына шыққанда, Исамен жарты айдай бірге болдым. Бұл жолда біз Шу, Луговой, Жамбыл, Шымкент және Қырғызстанға дейін барып қайттық. Осы сапарда ол әрқайсымызбен әр жағдайда іштей ұғысып, кеп сөйлесті.
Осы жолда біз Қырғызстанға бардық. Қырғызстан жазушылары бізді аса зор құрметпен қарсы алды. Біз барған кезде, Қырғызстан жазушыларының пленумы болып жатыр екен, ол жиындарына да қатынастық. Біздің бригаданы Қырғызстан жазушылар одағы, қырғыздың халық жыршылары, жазушылары бас қосып, қонақ етіп, туысқандық, достық мәжіліс ұйымдастырды. Мәжіліске қырғыз, қазақ жазушылары атынан Аалы Тоқамбаев, Сәбит Мұқанов сөйледі. Бұлардан кейін Иса сөз сұрап алып, сөзін өлеңмен айтты. Ол қырғызбен елінің тарихын шолып, сонау Енисей өзенінің Алтай атырабында болған көне уақыттардағы уақиғаларды байланыстыра келіп, сөз нөсерін ағылта шарықтады.
Қырғыз жазушылары мен халық ақындары — Халық, Әлімқұлдар ақындығына сүйсіне, зор құрмет көрсетті. Бұл күні Иса сан алуан жыр төкті, бірақ ол жерде бұл жыры жазылған жоқ. Кейін де оны өзі құнттап жазбаған болар, өйткені ақынның қолжазбасынан кездестіре алмадық.
Исаның осындай бір ерекше шақтары айтылғанда, оның өзі тұсындағы халық ақындарынан озық екені айқындала береді. Әсіресе, дайындалмаған жерден үлкен жырды өзекті етіп төге салатын әдеті Исаның бойына біткен айрықша қасиет еді.
Мұнан кейін Исамен сол жылғы июль айында сұлу Көкше, Бурабай курортында кездестім. Бір күні таңертең біз жатқан үйдің есігін біреу қақты. Біз үш адам едік. Ояу жатқан Қазы деген жас жігіт есік ашты. Есік ашылғанда-ақ Иса кіріп келді. Ойда жоқ жерден келген Исаға бәріміз де орнымыздан тұрып амандасып, мәз-мәйрам болып қалдық. Иса үйге өлеңдете кірді.
Жақын деп жанымды ұғар сәлем бердім,
Таң атпай баса-көктеп кірігі келдім.
Мөлтілдеп баурында Бурабай көл,
Көкшетау — жәннәті ғой ғұмыр жердің, —
деп ағызып барып тоқтады.
Біз курортта бір ай жаттық. Бурабай көлі, Жұмбақ тас, Оқжетпес, Бөлектеу бойына серуендеп, қайыққа мініп, көлдің арғы жағына да барып қайттық. Иса марқұм осы демалысында өте көңілді, шатты жүрді. Осында жатқан ауруларға арнап екі рет концерт ұйымдастырылды. Жиылған жұрт Исаның ақындығына, сөз тапқыш шешендігіне таң қалысты.
Соғыс кезінде Иса үнемі ел аралап жүрді де, кездесуіміз сирек болды. Ақырында, Исаны көбірек кездестіріп, жақын араласқан мезгілім 1946 жылы июль, август айлары болды. Жазушылар одағының, Қазақ-ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты Исаның өмірбаянын жазып ал деп маған тапсырды. Мен бұл тапсырмаға қарсы болғаным жоқ. Он екі түрлі себебі болды: бірі — Исаның өзі маған жолығып, сөйлесер едім деген тілек айтыпты. Екіншісі — Иса сияқты замандас ақынның, өзім аса қадір тұтатын жанның сол кездегі хал-жайын біліп, аз да болса көңіл күйіне ортақтасуды өзім де мақұл көрдім.
Мен Исаның жатқан үйіне іздеп бардым. Бұл июль айының 13-і еді. Мені көріп, Иса қатты қуанды.
Жай-күйіне танысқаннан кейін: «Мені емдетуге орналастыру қамын істеңдер. Қырда жазылмадым, жақсы күтіммен дәрігерлер қарауында, ауруханада біраз болсам, жазылам» деп, өмірге сондайлық құмар екендігін көрсеткендей болды. Уайым, мұңаю сияқты сезіктен ешбір белгі бермеді.
Әрине, мен де «жазылсын» деген көңіл көтерер сөздермен әңгімелесіп, біраз отырдым.
Ол күні Исамен хал-жай білуден арғы сөзге барғаным жоқ. Мен ертең келемін деп қайтып кеттім. Ертеңінде келсем, Мәкен мен Ертіс (бұл Исаның сол күнде бірі 12- мектепте, бірі театр училищесінде оқып жүрген балалары) келіп отыр екен. Екі баласына қуанып, тіпті сырқатын ұмытқандай серігіп, көңілденіп кеткен.
Біз тағы әр түрлі жағдайды әңгімелесіп отырғанда елден келген бір жас жігіт көңіл сұрады. Ол жігіт Исаның Зылиқа деген тәтесінің жақын ағайыны екен. Ол еліне қайтпақ болғандықтан, екі баланы тауып танысқан екен. Оған Иса соншалықты риза болып, екі баласына қарап:
— Сендер елді білмейсіңдер. Мына кісіні танып қойыңдар. Зылиқа апаларыңнан туған жиендерің бар. Апаларыңа сәлемдеме жіберіңдер, — деп тапсырады. — Сіз де білмейсіз, менің екі балам осы. Жаман болмайды. Мәкен би үйреніп жүр. Ертіс елі бетін түзеп, өнер таңдауға жетпей келеді. Ауру жаныма батса да, осы екеуін көріп, кешеден бері мүлде сауығып қалдым, — деді.
Исаның осы бір сәттегі балаларына мейірленген, олардың келешегіне, тәрбиесіне сүйсінген қуанышын көзбен көрген шақ оның Сәрсенбай дегенге айтқан: «Шығады менің қызым биші болып», — деп басталатын бір ауыз өлеңін еске түсіреді.
Одан кейін Исаны өкпе ауруларын емдейтін институтқа орналастырдық. Енді бұрынғыдан да жиі, үнемі барып тұрдым. Бірақ, Иса аса ауырлап қалған еді. Сондықтан оны ауруханаға орналастыру, емдеу тәртібін дұрыстау жағдайларына біраз уақыт етті.
Сөйтіп, Исаның өзі өмірі жөнінде айтқан сөздерін жазып алуды 26 июль күні бастадым.
Емдеу орнына жатып, дәрігер көмектері ұқыпты көрсетіле бастаған кезде, ол біраз көңілденіп, серігіп қалды. Өмірбаяны туралы әңгімелескенде Иса былай деді:
«Мен 1900 жылы күз айларында туған екенмін. Менің туған жерім осы күнгі Павлодар облысы. Ертіс ауданы, Корковский ауыл советі, «Үлгілі» колхозы, қонысымыз «Жабысқан» деген жер.
Әкем Байзақ шағын шаруалы еңбекпен күн көрген момын шаруа адам еді. Ескіше хат таныған, түркі сауаты бар, жасында ән салып, өз әлінше сауыққой кісі болып, бері келе өлең де жазатын әдеті бар еді.
Шешем Ғазиза Шоппей деген кісінің қызы. Аса әнші, ойынан өлең шығаратын, ашық көңілді, ер мінезді кісі болыпты. Байзақ пен Ғазизадан 9 ұл, 12 қыз туады. Соның 18-шісі болып мен туыппын.
Үлкендерден сұрап білгенімде, біздің аталарымыз ерте күнде Ертіс өзенінің солтүстік бойына Есіл өзені жақтан кешіп келіп, қоныстанған екен. Біз Қуандық ішінде Алтай боламыз. Өзім жеті атама дейін ғана білем, Әкем аты — Байзақ. Оның әкесі — Өтеген, оның әкесі — Оразбай, оның әкесі — Меңдібай, оның әкесі — Сағым, оның әкесі — Тілеуберді. Одан арғысын анық білмеймін.
Шешем Ғазиза тоғыз жасымда қайтыс болып, өзіммен бірге туған ағайым Мұса мен әйелі Қатираның тәрбиесінде қалдым. Әке бойдақ, мен жетім, біріміз келін, біріміз жеңге қолына қарадық. Менің бала кезімде әкем мен Мұса, Арын деген ағаларымның кәсібі Омбы, Қызылжар қаласындағы саудагерлердің елден жиған малын бағып, Омбыға айдап баруға жалдану болатын. Мен ес білгеннен кейін сол ағаларыммен бірге саудагерге жалданып, мал табуды кәсіп еттім.
Шешем өлгеннің келер жылында үлкен ағайымның қайны Нұртазаның қолына барып, соның аулындағы молдадан оқып хат таныдым. Содан кейін 1914 жылы медресе «Ғалиядан» оқып қайтқан Құрлеуітұлы Құсайын деген мұғалімнен торт ай оқыдым. Осы кейінгі оқығаным бұрынғы шала сауатымды жетілдіріп, қисса, өлең, кітаптарды өз бетіммен оқуыма жол ашты. Шешем өлгеннен кейін көбінесе нағашы шешем Жанбаланың қолында болдым. Нағашы шешем ер көңілді, сері, еркек мінезді, адуын кісі еді. Сауықты, өлеңді жақсы көретін, мені аса еркелетіп, бетімнен қақпай өсірді. Әсіресе, менің өлең айтқаныма аса сүйсінетін еді.
Шешеммен бірге туған нағашы ағайым Рақмет те әнді жақсы айтатын, сауыққой жігіт еді. Бала күнімде «Сал торы ат» деген әнді сол нағашымнан үйрендім», — деді.
Иса өлең шығаруды тіпті ерте бастаған, ол тоғыз жасында-ақ бір күні өзінің Зылиқа деген бірге туған апасына соқтығып, екеуі өлеңмен айтысыпты. Сонда Зылиқа:
Басыңда жұлма-жұлма ескі бөрік, Ағаш та астындағы жансыз көлік, Өң бойың құс күткендей түрің мынау, Қақсадың тумай жатып шешең өліп, —
деген, Иса:
Кекілін кер бесті аттық түймедім бе,
Тал шыбық бұрайын деп имедім бе,
Несіне бөркімді айтып мазақтайсың,
Бөркіңді тігіп берген кимедім бе? —
депті.
Ойламаған жерден мен осыны айтқанда, тәтем іс тігіп отыр еді. «Қағынды келгір, жеңдің деп қасында отырған жеңгем Қатираның иығына сүйене кетті» деп, өзі де сол кез есіне түскендей күліп жіберді.
Шешемнің «Құлагерді» айтқандағы әдемі даусы әлі құлағыма келіп тұрғандай болды. Менің тіпті бала күнім. Сонда Ертістің бір айырық жерінен су алып, шелегін қойып, ақырын өлеңдетіп:
Біз жүрміз Жабысқанның суын ішіп,
Жазғанын бір тәңірдің бастан кешіп.
Қанаты қаршығаның бітсе маған,
Өзім-ақ барар едім құстай ұшып, —
деп «Құлагер» әнімен айтты. Әрине, шешем онда аса жас емес еді. Бірақ туып-өскен елін (төркінін) сағынып жас кезінде айтқаны болар деймін.
Менің аз нәрседен сергіп кететін ақкөңіл жомарт мінезім шешеме, тез ашуланатын кіді мінезім әкеме тарқан.
Өзімнің кескінім де шешеме тартқан еді. Шешем Ғазизаның көп мінезі шешесі Жанбалаға тартқан. Жанбала аса есті, сауыққой сері мінезді кісі дедім. Сол нағашы шешем 1916 жылдың аяғында өлді. Өле-өлгенше мені аса еркелетіп, өлең айтқаныма сондай сүйсінетін еді. Осы кісі өлісімен-ақ аналық мейірімнен ажырап, қорғансыздыққа ұшырадым. Бірақ есейіп те қалған едім.
1916 жылғы уақиғаларда менің жасым толмаса да тізімге 21 жаста болып шығып, ағаларым Мұса, Арын, әкем Байзақ төртеуміз бірдей қара жұмысқа алынатын болдық. Көшпен бірге майдан жұмысына жүруге әзірлендік. Бір кезде майданның өзіне емес, байлардың өндірісінде де жұмыс істеп қалуға болады екен деп соған жіберді.
Томск қаласының қасында бір көмір шахтасы бар екен, біз сонда жұмысқа бардық. Бір біздің ел ғана емес, сол атыраптағы елдің бәрінен де адамдар барған екен. Біз барған соң-ақ әр елден келген адамдармен қоян-қолтық араласып кеттік. Әсіресе, менің өлең, ән айтқаныма сүйсініп, мені жеңіл жұмысқа қойды.
Көктем шыға «патша орнынан түсті» деген лақап жайылды. Осыдан кейін, еріксіз жұмысқа алынған жігіттер босанып, еліне қайтты. Біз де тобымызбен аман-есен елге келдік. Мен бұл жолдан олжалы қайттым. Ол олжам — «бала ақын» деп маған жігіттер ат қойды. Өзім осы жолы көп жігіттермен таныстым. Жол көріп, бетім ашылды.
Бірақ, жоқшылық бой жаздырмады, жазда тағы да үй ішімізбен жалданып саудагер байлардың малын бақтық. Әкем, Арын деген ағам бір қос малды бағып, бізден бөлінді. Мұса екеуміз, Бабашайық Жаныбекұлы деген ағайынымыз бар, Қажым деген жиеніміз бар, бір тайпа малды бағып, «Түлек» деген жерде жаттық, Шанышпа қосымыз бар, баққанымыз ылғи ірі өгіз. Күндіз бағып, түнде күзетіп, зыр қағамыз.
Бабашайық, Қажым екеуі де ертегіші еді, мен бұлардың ертегісін өте құмарлана тыңдайтынмын. Бір күні Бабашайық бір ұзақ ертегі айтты. Ертектің аяқ жағын шала тыңдап ұйықтап қалыппын. Түсімде ауыл ортасына күнбатыс жақтан астына қызылкөк бесті мінген бір адам келіп, өлең айтып тұр екен. Мен қасына жүгіріп келіп едім, домбырасын маған ұстата берді. Мен домбыраны ала сала жүгіріп, сол жақта тұрған қараша үйге кірсем, толып отырған ақын екен. Түрегелеп тұрып, бәрімен айтысып, жеңдім.
Түсімдегі айқайымнан оянып кетсем, Бабашайық менен бұрын тұрып, таңертеңгі тамақты істеп жатыр екен. Соған түсімді жорыттым. Ол— «сен ақын боласың», деп жорыды.
Осы жылдың өзінде-ақ ел арасына «бала ақын» атанып, атағым жайыла бастады. Сол жылы елге келгеннен кейін Бабашайық Қанжығалы ішінде Жұмабек деген нағашысы бар екен, соған баратын болып, мені ертіп жүрді.
Жұмабектің аулына келдік. Жұмабек алдына ақын барып, өлең айтпаған тәкәппар адам екен. Бабашайық маған «қорықпай айтып көр» деп сыбырлады. Ол кез өлеңді бастау дәстүрі де қиын кез, өйткені не дін, не ел аруағы, не адам шежіресінен бастап айттым. Жұмабек тыйым салмай тыңдап, «бала ақын екен» деп сараң ғана сөз айтты. Маған соның өзі үлкен сый болды.
Осы жолдан қайтқанда атым бұрынғысынан да жайыла түсті. «Жұмабекке өлең айтыпты...» деген алып-қашты сөздер де ел арасына тарап кетті.
Сол жылы қыстыгүні, 1918 жылдың бас кезінде «Құдас, Төбет» деген елдің ішіндегі Сағит деген ақынмен айтыстым. Түңғыш айтысым осы. Қосқұдық деген елдің ішіндегі Жүніс деген кісі келін түсіріп, той болды. Тойда ақын айтыстыру егесі басталды. Алдымен Құнанбай деген болыс ақша тастады. Шұбар ат поселкесінің бір бай орысы да ақша қосып, Сағит екеумізді айтысқа шығарды.
Сағит кексе, көпті көрген ақын, ол өлеңді ел руынан бастап айтты. Мен ол жағынан жеңе алмайтын болған соң жұмбақ айттым. «Бір шақырымда неше ине бар» деп сұрадым. Сағит біле алмады, тоқталып қалды. Оны өзім шешіп бердім. «24 000 иненің бойы бір шақырым болады» деп түсіндірдім. Сөйтіп бәйгені мен алдым. Осы айтыстан кейін бұрынғыдан да өлеңге құмарлығым асып, айтыс іздейтін болдым.
1920 жылдың қысы. Ел ішіне уәкілдер келді. Павлодардан келген қызметкерлер мені шақыртып алып, ертіп жүреді. Құдас деген елдің ішіндегі Бердалы Жылқыбаев дегеннің үйінде Құдайбергенмен айтыстым. Бұл айтыста да мен оны тоқтаттым.
Құдайбергеннің дауысы қырылдап барып, біраз қызғаннан кейін ашылады екен.
Сұрасаң өз атымды Құдайберген,
Халқыма айтқан сөзім ұнай берген, —
деп бастап, шалқып кететін, тасқын ақын екен. Бірақ мен ел аңғарынан бір жолды дау айттым, сонан бөгелді», деп өзі ұстаз көрген ақынды қасиет тұтып, Иса сол күнгі сезін аяқтады.
Содан кейін Исаның халін білуге август айының 2-сі күні келдім. Бұл келгенімде Иса нашарлап қалыпты. Әрине себебін сұрау қиын. Жайын сұрағанымда, өзі:
— Аурудың шығар кезі болар, осы кейінгі күндерде ауырлап жатырмын, — деді.
Бірақ, өлімді мойындап, жасыған жоқ. Өмірді сүйетіні сондай сергу көңілді мінезбен әңгімелесті.
— Менің жоғарыдан келген адамдармен танысуым ақындық атағымды қалаға да жайды. 1921 жылы Керекуде (Павлодар) автономия тойы болды. Осы тойға мені қалаға шақырды. Ұлы Октябрь ревалюциясының халыққа берген бостандығы, қазақ елінің автономия алуы халықтың көңілін сондай көтерген еді. Қаланың қыр жақ қабағына жүздеген үй тігілген, жүздеген бәйге ат жаратылған. Адам дегенің жер қайыстырады. Мұндай топқа шығып өлең айтып көрмеген жас кезім болғанымен, жүрексінбей-ақ, өлең айтқым келіп, делебем қозып, шабыттана бастадым. Мені үкімет адамдары шақырып, биік ағаштан жасаған сәкіге шығарып сөз берді.
Бір сағаттай демалып, қайтадан әңгімелестік.
— Мен ол күні ол күні тек өлең айтып қана қойғаным жоқ. Ат ойынын да жақсы білетін едім. Жарысқа түсіп ат үстінде алуан ойын көрсеттім. Онда менің қолымнан келмейтін өнер жоқ еді. Түс ауа тойтарқар басталды. Керекудің қызметкерлері мені орталарына алып, Нұрзата Алимов деген татардың үйіне әкелді.
Кешкілікте үлкен мәжіліс болды. Мен көп өлең айттым. Ел тарағанда сол үйдің иесі мені жібермей алып қалды. Сонан сол үйде тұрып қалдым. Алимов скрипкашы, музыкант, өнерпаз, әрі орысша оқыған адам екен, көп кітаптар оқып маған әңгімесін айтып беріп отырады. Мені қала жұртшылығы отырғызбай, қонақтан-қонаққа шақырып қайтармады.
Қалада оба ауруы жайылып, қатты ауырдым. Үй иесі ауру білінісімен мені емдеуге кірісті. Бірақ, көпке дейін осы аурудан көтеріле алмай, қатты жүдедім. Сонан соң қалада тұра алмадым. Баян жағынан келген жігіттер шақырып, қырға шығып кеттім.
Сол жолы ел ішінде қызмет істеп жүрген Қаныш Сатпаевқа жолықтым. Қасында болып, өлең айттым. Қаныш кешікпей Томскіге оқуға жүрмек болды. Бірақ, әлденеше күн бірге болып, маған Семейге баруға ақыл берді: «Ел ішінде жүріп қалсаң, надан ақынның бірі болып қаларсың, қалаға оқуға бар», — деп мені жақсы көрген ықыласпен ақыл берді.
Сөйтіп, октябрь ішінде кемемен Семейге келдім. Кемеге бірінші рет мінгенім де, алғаш үлкен қаланы көруім де осы. Кемеден киім-кешегімді арқалап, жаяу тарттым, іздегенім Баянның бір оқыған жігіті. Оның адресін Қаныш және басқа бір адамдар жазып берген еді. Сұрастыра отырып, қаланың татар жақ бөліміне келдім. Күн батып барады. Бір үйдің алдына келіп, сәкесіне демалып отыр едім, бір татар әйел шықты да жөнімді сұрады.
Алыстан келген жөн білмейтін халіме жаны ашып, үйіне кіргізіп: «Бүгін осында қон, іздеген адамыңа ертең атпен апарып саламын», — деп жібермеді.
Үйінде күй сандық бар екен, ол соны ойнап корсетті, мен оған табан аузында қосылдым. Ауызша да өлең айттым. Мені ертеңіне ат жектіріп, іздеген үйіме апарып салды. Иса осыны айтып болып, демалды.
«Мен бүгін бір нәрсені айтып жібергім келіп, соны жазуға шабыттанып отырмын. Өзің айтатын атақты Байсейттің қаралы аты сияқты шығандап, туған жерден алыс шығып кеттім», деп туған-туысқанын есіне алды. Біраздан кейін тағы көңілдене сөйлеп:
— Менің сонау өзіммен айтысатын апам Зылиқа қазір де бар, күйеуі өлген. Сонан туған жиенім де бар. Ақын болатын бала. Шіркінді қолыма алып оқытып тәрбиелемедім», — деп тағы бір қалын, ойларға кетті.
Келесі күні тағы келдім. Көңілді, сергу амандасып, менің күнде келетініме соншалық риза болып қалды. Біраз отырғаннан кейін кешегі жоспары жөнінде сөз бастап:
— Мен кеше көңілімдегі бір өлеңді бастағым келіп еді, біраз тәуірлене түсейін деп қойдым. Ұлы Отан соғысы жөнінде жазсам деп едім, — деді.
Исаның жазамын дегендері, ойда жүргендері мұнан бұрын да үнемі болып отырған. Оның сақталған қолжазбаларының ішінде қысқа лирикалардың да, поэма, дастандардың да кіріспелері, үзінділері кездеседі. Бір өлеңінде:
Ал кетті, ақын шапты шабыт мініп,
Қырандай қиядағы сөздерді іліп.
Сөйлемек өскен елдің тамаша ісін,
Күші берік, кім шыдамақ шықса ышқынып, —
дейді.
Міне, бұл өлеңнің бір ұсақ дастанға кіріспе екені өзінен-өзі-ақ белгілі болып тұр.
Иса сөзін тағы да бастап: — Оны қоймайтын едім, емдеп жүрген дәрігер келіп, «әбден жазылған соң кіріс. Қазір ауырлап қаласың, деп қағаз-қарындашымды сұрап алып кетті», — деп күлді. Әңгімені қайтадан бастадық.
— Менің іздегенім Керекулік бір мұғалімнің үйі еді. Оны тапқан соң мүлде еркіндеп алдым. Өзі бір татар үйінде пәтерде тұрады екен, мені Семей қаласының үйіне әкеліп орналастырды.
Құсыке сауықшыл адам екен, үйір болып кеттік. Семейде ашылған жұмысшы факультеті бар екен, соған оқуға түстім. Күндіз оқу оқимын, кешкілікте Құсыке қымызға ертіп барады, не оның үйіне кісілер келеді, әйтеуір өлең-аз отырмаймын. Біраздан кейін қаланың қызметкерлері де мені тани бастады.
Не бары 23 күн оқып, факультет жабылып қалды. Сонан кейін Семейдің клубтарында ойын қоятын қазақ жігіттерінен құралған труппаға кіріп ойындарға қатынастым. Әміремен осы ойынға қатынасып жүргенде таныстым. Семейде шығатын газет, қаладағы сауықшыл жұртшылық маған үлкен ой сала бастады. Әсіресе, сонау Баян тауында болған аз уақытым ойымда өзекті өлең болып таралғандай, бір үлкен шығармаға жетелейді. Тіпті кейбір мәжілістерде, өлең поэмаларымды жүгіртпелетіп айтып та жіберетін едім.
Сол жылдары кемемен ертісті өрлеп Зайсанға дейін барып қайттық. Марқакөл, Алтай алабы, Қалба, Тарбағатай тауларын көрдім. Осы көрген жерлерім, сол елдерден естіген ертегі, аңыз, әңгімелер «Алтай ертегісі», «Құралай», тағы үлкен жырларымның әңгімесін туғызды. Жер жараласа, Алтай болып жаралсайшы, — деп демалды Иса.
Екі күн өткеннен кейін тағы да келдім. Иса бұрынғыдан гөрі бәсеңдеп қалған екен.
— Мен осы аурудан жазылсам, шіркін, Баянға барып тұрып, Жасыбай келінің жағасында жатып, өлеңді өзен етіп ағытар едім. Бүгін жазам, ертең жазам деп жүрген ойларым бар еді. Әсіресе, «Рүстем-Зарап», «Назымбек», «Желбегей», «Қырмызы-Жанайдың» бітпей қалған ақыры деп бірсыпырасының атын айтты.
Бір ескерте кетерлік нәрсе, Иса жазамын деген тақырыптарының ішіндегі «Назымбек» жыры бастап жазылған да сияқты. Өйткені, Исаның қолжазбаларының ішінен, «Назымбек» деп ат қойып бастаған бір шумақ өлең бар:
Тағы бар сауыр етік табанында,
Ержігіт сөйлей білер заманында,
Өтіпті ноғайлы да Асылбек бай,
Кешегі Орманбет хан заманында... —
деп тоқтаған. Бұған қарағанда, «Назымбекті» бастаған.
— Мен желдірмені бес-алты түрлі етіп айтам. Оның өзі — өлеңді бастау, тынымдау, желпіндіру, аяқтау сияқты түрлендіру.
— Арқада Желбегей деген жүйрік болған екен. Екі жағымнан кезек жүгіреді екен. Мысалы, не қамшылар жақ, не мінер жақ аяғын құлаштап, бір жағын тынымдатады екен. Сөйтіп барып, тағы бір аяғын тынымдатып неше күндік жерден жіберсе де, бәйгенің алдынан келеді екен. Осы Желбегейді жазайын деп қызығып едім, — деп бір тоқталды. «Бірақ осы желдірмелердің бәрінің арғы түбі бір. Алғашқыда мен желдірменің өзім айтып жүрген үшінші түрін Құдайбергеннің сарынынан алдым. «Гәккудің» «Қыз Жібек» операсындағы түрін ел аузынан естігенімнен өңдеп, мен айтып бердім. «Қалқа» деген әнді халық ақыны Қалқа айтты дейді. Бұл сөз қате. Оның өлеңін мен жазғанмын. Әні халықтікі, Арқадан естідім. Бұл тексті жазуда үлкен сыр бар еді, айтайын», — деп Иса аз тынымдап демалды.
— Мен әйелім Шәрбануды 1924 жылы алдым. Одан бір жыл бұрын көріп танысып, көңілімізде айрықша сүйіскен уәде болды. Алғашқыда қыз үй-ішінен батып, менімен еріп кете алмады. Бір жыл ермей үйінде қалып қойды. Бұл өлең сол кезде айтылған еді. Бірақ кейіннен ғана ел ішіне таралды.
Екі баламның шешесі Шәрбану сондай жақсы адам еді. Бір-бірімізге сыйлы едік. Ол 1936 жылы 28 апрельде қайтыс болды. Менің басыма кейбір жүдеушілік те осы жарымнан айрылған соң кездесті, — деп, сәл өңі бұзылып, қамығайын деді.
— Мен елден ерте кеттім. Сонан ел ішіне барып Тұрғаным жоқ. Әкем Байзақ 1933 жылы, үлкен ағам Мұса 1932 жылы Қарағандыда қайтыс болған. Қазірде туысқандарымнан тірісі Зылиқа деген бір қыз, басқасы өлген, — деп, әлі азайған сайын туыс деген сезім билегендей болды.
Ендігі келгенімде, бұрынғыдан да әлсіреп жүдеп қалған екен. Бұл кездесуде ол:
— Енді осы аурудың шығатын кезі болды білем. Тәуір мұжыды ғой. Қалай да жазылуым керек. Бұдан артық аурудың менде не алмағы бар, — деп, азырақ күлімсірегендей болды.
— Менің көп қолжазбам әр жерде шашылып кетті. Мен оны сау күнімде құнттадым ба? Біразын өз қолымнан Академияның фондысына бергенмін. Ал біразы Тайырда болуы мүмкін. Қазір бәрі есімде жоқ. Орнымнан бір тұрсам бәрін жинап алар едім. Ертіс әлі жас, Мәкен — әйел бала ғой, олар тұрмыстан, өмірден жетімдік көрген жоқ, көрмейді де ғой», — деп екі баласы жөнінде арман тәрізді сырын айтты.
— Екі бала әлі жас, өмір сырын ұғатын жасқа келген де жоқ. Менің оларға қалдырған аталық еншім да азды-көпті еңбегім ғой... Балаларым үшін емес, халқым үшін, Отаным үшін істеген еңбегімнің «біздің әкеміздің еңбегі дер иесі солар болсын», деп бір ескертіп кетті. «Менің шығармаларым құнтталып жинақталсын», деген тапсырманы өзінің ақырғы өтініші еткендей болды.
Мен енді екі күн өткеннен кейін келгенде Иса:
— Сірә, осы ауру не алады, не кешікпей қалады. Тіпті әлімді азайтты, деп жымиып қана күлгендей болды. Даусыда бәсеңдеп қалған екен. Менде әңгіме сұрап, шаршатуды лайық көрмедім. Аз отырған соң: «Мен, бір дұрыс үйде болып, күтілсем, жақсы болар ма едім», — деп ойын айтты.
Исамен 1 августан кейін әңгімелесуді тоқтаттық. Тек барып, рұқсатпен көріп қайтып жүрдім. Күн санап әлі азая берді. Ақырғы күндерде үстіне кіруге біржолата рұқсат бермеді. Исамен қатар бөлмеде жатқан Бұрхан деген агроном жігіт қана хал-жайын бізге айтып отырады. Ол кейінгі сағатта Исамен қатар бөлмеде болып соңғы шағын көзімен өткізді.
Иса қайтыс болатын түнге дейін ешбір өлімді мойындамапты. Өзіне келіп халін айтып, кеңес берген дәрігерлерге: «Мен жазыламын, сендер не айтып жүрсіңдер, ауру мені жеңбейді, өмірді, өлім жеңуші ме еді», — деген ылғи үмітті сөз сөйлеген.
Бұрхан Иса өмірінің ақырғы түнін былай деп әңгіме етеді:
«Күндіз аптап, ыстық болды. Қаншалықты ауру меңдесе де, өлімге мойымай, ара-тұра қалыпты өзінің желдірмесінің сарынын шығарып, өлең айтады. Менімен бірге жатқан орыс жолдастары да бар еді, олар да осынша ауыр халде жатып Исаның өлең айтқанына орасан таңданды. Айдың ортасы ауған кез, кешігіңкіреп ай көтеріліп, үйге сәуле түсті. Түңгі қоңыр самал жел есіп, үйдің ішіне алма исі аңқып кетті. Өйткені, ауланың іші тола алма ағашы, қалың шыққан алманың толқып піскен кезі. Ұйқы жоқ, терезеден сыртқа қарап жатты. Алыста жал жатқан қарлы асқар, мұнартқан түн, табиғат қалғығандай, ақырын ғана демін алады. Әлден уақытта Исаның үні құлағыма келді.
Терезеден сығалаған ай сәулесі, ала-көлеңке жарығын түсіріп, сыр тыңдағандай болды. Жаратылыстың осы бір әдемі шағына қош айтқандай ақын Иса әлсіз үнмен қоңырлатып әлденені айтты. Мен әдейі тұрып барып тыңдадым. Ол әлсіз денесін ай сәулесіне шомылдырғандай, өн-бойын тұтас аялаған ай жарығына қадала қарайды. Сөйтеді де жар-жар өлеңін айтып, шұбырта-шұбырта жырлайды. Бір мезгілде әрі терең, әрі ұшқыр ойдың қанатына мінгендей болады.
Аздан кейін жаздың қысқы түні де өзінің міндетін атқарғандай, таң рауанына жол бере бастады. Шығыс жақ ақтаңдақ тартып таң сілемей өрлей берді. Исаның үні әлсіреп, денесі біртіндеп өмір жолын тоқтатқандай жуаси берді. Осы кезде:
Әуелде дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең, —
деген Абай сөзі ойыма түсті.
Ай сәулесі әлсіреп, таң нұры көтеріліп, айналаны өмір қызығына бөлей бастады. Ақын Исаның алып үні тоқталып, қимылсыз денесі төсегінде жатты». — дейді.
Исаны жазушылардан, енер, ғылым қызметкерлері коллективінен, оқушылардан көп халық жиналып, 1946 жылдың 3 сентябрь күні Алматыда жерледі.
Иса өзінен қалған екі баласы бар. Бірі Мәкен (Мақфуза), екіншісі — Ертіс. Қазір Мәкені әкесінің жолын қуған өнер адамы. Ол Еңбек Қызыл Ту орденді М. Әуезов атындағы қазақ драма театрының белді актері, Қазақ ССР ғылым академиясының қызметкері.
Иса ақынның өмірбаяны жайында жиналған материалдар әлі де жеткіліксіз. Сондықтан, Исаның толық өмірбаянын жазу, ақын жөнінде арнаулы еңбектер жазу алдағы күндегі әрі игілікті, әрі маңызды жұмыстарымыздың бірі деп білеміз.
«Құлақтап кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй» (Абай).
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі