Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің (АӨСШК) бірінші саммитінің өткізілгеніне - 20 жыл.
2002 жылы 4 маусымда Алматыда Азия кеңесінің (АӨСШК) бірінші Басқосуы болып өтті. Қазіргі кезде орын алып жатқан жағдайларда халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор маңыз беріледі. Бұл тек Орталық Азия өңірі үшін ғана емес, барлық дүниежүзілік қоғамдастық үшін өзекті мәселе.
Азиялық континентте қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінің саяси шешімі Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін (АӨСШК) шақыру туралы Қазақстанның бастамасымен байналысты. Азияның қазіргі әлемдегі ерекше орны оның орасан зор адами және табиғи ресурстарымен, қарқынды экономикалық дамуымен айқындалады. Ежелгі өркениетгер, мәдениеттер мен діндер бесігі ретінде белгілі Азия бүгінгі таңда жалпыәлемдік дамудың козғаушы күштерінін бірі ретіндегі маңызын қайта қалпына келтіруде. Алайда Азия бірнеше рет қарулы қақтығыстар мен шиеленістерге әкеліп соққан түрлі-түрлі жанжалдардың түйініне айналды, мұның өзі, сөз жоқ, жаһандық қауіпсіздікке теріс ықпал етеді.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, осы заманғы проблемаларды шешу мемлекеттердің ұжымдық өзара ықпалдастығы жағдайында ғана мүмкін болады. Еуразиялық кеңістіктегі соңғы оқиғалар жанжалдардың алдын алудың пәрменді тетіктерінің болмауы елеулі салдарларға әкеліп соғуы мүмкін екенін көрсетті. Сондықтан өңірлік қарым-қатынасты реттеу жүйесін дамыту қажеттігі айрықша өзекті.
Қазақстан Республикасының бірінші Президенті Н. Назарбаевтың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) шақыру туралы 1992 жылғы 5 қазандағы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 47-сессиясы мінберінен жасаған бастамасы жоғарыда аталған бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болды. Бастаманың негізгі мәні алдын алу дипломатиясының аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудағы ынтымақтастықты бейбіт жолмен реттеудің және тиімді тетігін құруы деген талпынуларды жаңарту болды. АӨСШК үдерісіне қатысушылар санының 27 мемлекетке дейін ұлғайуы бұл диалог алаңының өзектілігінің және қажеттілігінің расталуы болып табылады.
Форумды шақырудың қажеттілігі жаңа елдер мен жаңа саяси бөлімше Орталық Азияның пайда болуымен, сондай-ақ аймақаралық және жергілікті шиеленістердің дамуына байланысты дәстүрлі емес қауіптер мен қатерлердің күшеюімен түсіндіріледі.
АӨСШК-нің негізгі мақсаты көпжақты келісімдер негізіндегі ынтымақтастық арқылы Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақтылықты қамтамасыз ету болып табылады.
Қазақстан және АӨСШК үдерісін қолдаған мемлекеттер қауіпсіздіктің осындай құрылымын құру міндетінің төтенше күрделілігін айқын түсінді, өйткені Азия саяси, экономикалық, діни, этникалык және мәдени көріністердің барлық сипаттарында ең бір әртекті құрлық. Ұзаққа созылған тарихи жанжалдарға және қалыптасқан сенімсіздікке байналысты Азияның кейбір өңірлеріндегі шиеленістің жоғары деңгейін ескермеуге болмайтын еді.
Бүкіл әлемде қызығушылық тудырған форумның тұңғыш саммиті 2002 жылғы 4 маусымда Алматыда өткізілді. Қазақстан, Ресей, Қытай, Пәкстан, Түркия, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстан басшыларының, Әзірбайжан мен Үндістанның премьер-министрлерінің, Иран, Египет, Палестина және Израильдің уәкілетті ресми тұлғаларының, мемлекеттер мен бақылаушы ұйымдар өкілдерінің жоғары деңгейдегі кездесуі болып өтті.
Саммит барысында мемлекеттер мен үкіметтер басшылары Кеңес жұмысының тиімділігін арттыру үшін Кеңеске қажетті құрылымдар мен институттар беру туралы шешім қабылдады және тұрақты кездесулер мен саяси консультацияларды әкімшілік тұрғыдан қолдауды қамтамасыз ету мақсатында АӨСШК Хатшылығын құруды сыртқы істер министрлеріне тапсырды. Саммиттің қорытындысы бойынша лаңкестікті жою және өркениеттер арасындағы сұхбатқа жәрдемдесу туралы декларация қабылданды.
Кеңесті шақыру туралы бастама көтерілгеннен кейін 10 жыл өткен соң тұңғыш саммиттің жемісті түрде өткізілуі және оның құрылтайшылық құжатына — Алматы актісіне қол қойылуы Азиядағы проблемалар мен жанжалдарды реттеудің ымыралық жолдарын іздестіру мақсатында диалог үшін Кеңестің де-юре форумға айналуына мүмкіндік берді.
АӨСШК-нің Сенім шаралары бес өлшемді айқындайды, олар:
2006 жылдың 17 маусымында өткізілген форумның екінші саммиті барысында жан-жақты саяси құжат — II саммит Декларациясы қабылданды, сонымен қатар Кеңестің құрылымын іс жүзінде реттейтін негізгі құжат — АӨСШК Хатшылығы туралы келісімге қол қойылды. Сол күні, жарғылық құжатқа қол қойылысымен, Алматы қаласында АӨСШК Хатшылығы өз жұмысын бастады.
АӨСШК-нің ІІІ Саммиті 2010 жылы 7-9 маусымда Стамбул қаласында өтті. Бұл жиында өткен жылдар ішінде Азия Кеңесі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мәселесі жөніндегі беделді форумға айналып, жалпы өңірлік диалогтың маңызды тетігі ретінде қалыптасқаны атап көрсетілді. 2010 жылы Қазақстан алғаш рет АӨСШК тізгінін Түркияға сеніп тапсырды. Бауырлас бұл мемлекет Қазақ елі жүктеген бұл жауапты миссияны 2014 жылға дейін атқарды.
Азиялық Кеңестің 4-ші Шанхай саммиті 2014 жылы мамырда Шанхай қаласында өтті. Қытай Түркиядан Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесіндегі (АӨСШК) төрағалықты қабылдады.
2018 жылғы 24 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында БҰҰ БА 73-сессиясының алаңында тәжік тарапының бастамасымен Азия Кеңесінің алғашқы Арнайы министрлік кездесуі өтіп, оның барысында Қытай Халық Республикасы (2014-2018 жж.) Тәжікстан Республикасына Форумдағы төрағалығын тапсырды. Кеңеске мүше мемлекеттер Х.Мирзозоданың кандидатурасын, 2016 жылдан бастап Астана қаласында орналасқан АӨСШК Хатшылығының жаңа атқарушы директоры лауазымына бекітті.
2019 жылы 15 маусымда Тәжікстанның Душанбе қаласында АӨСШК-нің V Саммиті болып өтті. Оның негізгі қорытындылары қатысушылар қабылдаған душанбелік саммит Декларациясында айқындалды. Бұл Басқосуда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік қауіпсіздікке қауіп төндіретін қауіп-қатерлерге, идеологиялық және этнодіни қайшылықтарға алаңдаушылық білдірді. Ол азиялық қауіпсіздіктің түйінді мәселелерін шешудің жүйелік және кешендік тәсілдерінің қажеттілігін атап өтіп, ол үшін біртіндеп форумның тиімділігін арттырып, қайта құрып, аймақтық ұйымға айналдыру қажет екендігін атап өтті. 2020 жылы АӨСШК-індегі төрағалық Қазақстанға өтті.
Бүгінде АӨСШК – толық құқықты халықаралық форум мәртебесін иеленген қалыптасқан қауіпсіздік құрылым. Оның жұмысына Азияның 27 мемлекеті қатысады. Бұл – бүкіл планета тұрғындарының жартысы өмір сүріп жатқан барлық құрлық аумағының 90 пайызы деген сөз. Қазіргі таңда АӨСШК-ге мүше елдер аумағының жалпы көлемі 400 млн. шаршы шақырымды - Азияның 90 пайызын және Еуразия құрлығы аумағының 72 пайызын құрап отыр. Аталмыш елдерде 2,8 млрд. адам өмір сүреді және жер шары халықтарынын 45%-ын құрайды. АӨСШК-нің халықаралық қоғамдастық тарапынан толық сенімге ие болуының дәлелі ретінде 2007 жылғы желтоқсан айынан бастап Азия кеңесінің БҰҰ Бас ассамблеясы жанында бақылаушы ретінде қабылданғандығын атап өтуге болады. Кеңес Азия құрлығында тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудың шынайы факторына айналды.
Жиырма жылда орасан зор іс тындырылды, салмақты нәтижелерге қол жеткізілді.
Біріншіден, АӨСШК Азиядағы мәдениеттері, өркениеттері және даму моделдері әртүрлі мемлекеттердің үлкен бөлігін біріктірді. 20 жыл ішінде бес саммит, министрлер деңгейіндегі бес кездесу өткізілді.
Екіншіден, негіз қалаушы құжаттар әзірленіп, қабылданды. Олар АӨСШК аясындағы ынтымақтастық үшін қажетті саяси және құқықтық іргетасты жасады.
Үшіншіден, форумның институционалдану, яғни құрылымдану кезеңі аяқталды. Хатшылық пен оның жұмыс органдары табысты жұмыс істеуде.
Төртіншіден, АӨСШК қызметінің барлық дерлік бағыттары бойынша тұжырымдамалар мен іс-қимыл жоспарлары қабылданды.
Бесіншіден, оған мүше елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін қажетті негізді қалыптастыру бағытындағы үдеріс жүруде. Іскерлік кеңестің құрылуына жол ашылды, АӨСШК бизнес-форумы ұдайы өткізіледі. Ал алтыншыдан, АӨСШК пен басқа халықаралық және өңірлік ұйымдармен, форумдармен арада байланыстар орнатылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл Азия кеңесінің жұмысына үлкен мән беріп отыр. Соның бір көрінісі жақында ғана АӨСШК хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбайды қабылдады. Мемлекет басшысына АӨСШК хатшылығының қазіргі жұмысы туралы мәлімет берілді. Биылғы жылы 12-13 қазанда Қазақстан астанасында өтетін АӨСШК-нің VІ саммитіне дайындық барысына баса мән берілді. Кездесуде АӨСШК-ні Азиядағы ынтымақтастық жөніндегі толыққанды халықаралық ұйымға айналдырудың перспективалары талқыланды. Осы маңызды міндетті жүзеге асыру Қазақстан төрағалығының басымдығы екендігі айтылды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев одан бұрын да бұл мәселеге назар аударып, 2020 жылы мамырда «МИР» телеарнасына берген сұхбатында біздің еліміздің халықаралық саясатына қатысты сұрақтарға жауап бере келіп: «Біз сонау 1992 жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыруды ұсындық. Қысқартылған нұсқада біз бұл форумды АӨСШК деп атаймыз. Бүгінгі күні бұл форум қауіпсіздік мәселелерін шешудің ұжымдық тәсілдерін әзірлеу алаңы ретінде өзектілігін дәлелдеген кезде АӨСШК-ті толыққанды ұйымға айналдыруды бастаудың уақыты келді» деп түсіндірген болатын.
Бүгінде АӨСШК - әлем халқының үлкен бөлігін қамтитын, трансөңірлік құрылым. АӨСШК - өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бастамасының өмір шындығына айнала алатындығының жарқын мысалы, үлгісі болып табылады. Кеңес Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудағы бұрынғыдан да маңызды буынға айналуда. Қазіргі бар алғы шарттар да Кеңестің келешекте алдын алу дипломатиясы, шиленістерді болдырмау сияқты ынтымақтастықтың жаңа да сапалы деңгейлерге көшетіндігіне үміттенуге мүмкіндік береді. Қазақстан өзінің АӨСШК бойынша серіктестерімен бірге аталмыш бағытта қарқынды жұмыс атқаруда.
Сабырхан СМАҒҰЛОВ
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі