Өлең, жыр, ақындар

Абай – дана, Абай – дара қазақта

Абайды тану - қазақ халқын танумен бірдей. Жаңа ой, мазмұнына лайық өзгеше көркемдік уақытқа ие. Абай қазақ сөзін ұстартып, әдеби тілдің негізін салды. Ол дүние жүзі даналығы мен дарылығын тани білген ғұлама. Ұлы ақын сөз өнерін өмір бойы қадірлеп, оның маңызын тани білді. Өлеңді тау шынарындай биік тұтып, құрамында иненің жасуындай кемшілік немесе артық сөз болмауын талап етеді.                    

А. Байтұрсынов Абай өнерінің не себепті қадірлі болатынын сырын ашып: «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орамды болуына сыншылық керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған» деген еді.  Ойшыл ақын «Түзетпек едім заманды» деп өз арманы тұрғысынан жас ұрпақты жаңа буын, жаңа дәуір, заман талабы деңгейінде тәрбиелеуді мақсат тұтып, ой толғады. Өз шығармаларында дүниенің, қоғамның дамуын түсініп батыс пен шығыстың әдебиеттерін біріктірген ақын. Аталған тұрғыдан алғанда, әсіресе, Абайдың қара сөздері – тұтас бір халықтың болашағы неде екенін ашып берген философиялық ойлардың жиынтығы. Қазақты өшіретін де, өсіретін де қазақ екенін көрсетіп береді. Абай атамыздан қалған сын өлеңдер мен қара сөздерін оқыған кез келген ұрпақ жаман әдеттен бойын аулақ ұстап, өзін адамгершілікке тәрбиелейтіні сөзсіз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас Темірқазық  іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс –бұрысын сараптай аламыз». Абай мұрасының келешек ұрпаққа тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашан да рухани азық бола алады.                        

Бұқар Жыраудың «Өлгенде не өлмейді? Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді » деген сөзі бекер айтылмағаның, Абай осыған үлгі бола алатынын көруге болады. Дархан даланың біртуар білімді ақындары көп болғанымен, Абайы біреу-ақ. Абайы бар ел қай халықпен де терезесін теңестіре алады. Абайы бар елдің мерейі үстем.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз

Пікірлер