Мелодрама
ҚАТЫНАСУШЫЛАР:
М а ң ғ а с — ауатком председателінің орынбасары, бұрынғы жауынгер.
Е с т е м е с о в — командир.
Ғ а й н и — Естемесовтың әйелі.
F а л и я — қызы.
Б а б а т а й — шофер.
БІРІНШІ БӨЛІМ
Қараңғы сахна. Прожектор жарығы Маңғасты көрсетеді.
М а ң ғ а с (ауыр ойда. Толқып сөйлейді. Сахнадағы біреумен сырласып отырған тәрізді). Осы оқиға өзі аяқ астынан тап болғанда да, тура қақ маңдайдан салып жібергендей есеңгіретіп тастады. Бәрінен де Ғайни апайдың халі-ақ қиын боп тұр. Ол кісі тұрсын айдаладағы менің өзім күйреп қалдым... Тал түсте тоналып қалған адамдай құлазып... Әрине енді өмір болғасын ыстық-суығы бірдей болады ғой. Иә - өмір... өмір... тағдыр... Біреудің өмірі даланың жуас өзеніндей — тыныш қана баяу ағып, уақыты жеткенде сағасына құяды. Талай жандар сондай жайма-шуақ өмір кешеді. Жұрт ондайларды бақытты деп санайды. Ал, кейбіреулердің тыныш өмірі дауыл тұрғандай шайқалып, аяқ астынан астан-кестен боп, күйреп, қаусап жатады.
Менің өз өмірім ұйтқып толқымай, бұлталақсыз тыныш қана келе жатыр еді. Соғыстан кейінгі жылда ақырын аяңдап отырып, ауаткомның орынбасарлығына жеткенмін. Жұмыс бабында әрине қызыл өңеш боп керілдесіп қала береміз ғой. Оңашада аздап әйелмен де шаң-шұң боп қалады. Бірақ енді басқа жағына келгенде, менің өмірім тыныш қана болатын. Енді мінекей иірімде тұрған қайықты тасқын іліп әкеткендей... Мына оқиғаға мен де араласып кеттім. Кімді айыптап, кімді жазғырарымды да білмеймін. Біреуді ит-шошқа, хайуан дегеннен келер жеңілдік болса... онда пәленің бәрін өзгеге жауып құтылар едік қой. Асылың азғын, адалың арам боп шыққаннан жаның рақат табар ма?.. Мүмкін, мен бұл оқиғадан шет далар ма едім. Осының бәрі ойда жоқта басталды. Бұл ауданға жақында ғана келген кезім еді. Осы селода бір таныс адамды ұшыратқандай болдым... Көшеде келе жатыр едім, алдымнан он бес, он алты жасар қыз бала ұшыраса кетті.
Маңғас әлденені есіне алғандай сәл іркіліп қалды. Сахнаның қарсы шетінен мектеп формасын киген Ғалия келе жатыр, қолында портфель. Шамасы оқуға бара жатқан түрі бар. Маңғас оған елең етіп, аңырып тұрып қалған. Қыз бала бейтаныс адамның сұқтана қарағанынан именіп, портфелін көтеріп, кеудесіне қысып, ақырын жылыстап өте береді. Таңырқап қалған Маңғас та сөзін жалғайды.
Жүзі сондай таныс. «Осы кімнің баласы еді?»— деп өзін тоқтатқым да келіп, бетіне үңіле қараймын.
Келесі күні жұмысқа бара жатқанымда әлгі бала тағы кездесті. Ол бері қарай мектепке келе жатады. Сөйтіп екеуміздің жолымыз түйісіп қала беретін болды. Кездескен сайын бір танысымды көргендей селт етіп тұрып дала жаздаймын.
Осы баланың түрі неге сонша таныс? Бұл ауданға келгенім жуырда ғана. Әлі жыға танысқан жолдас-жораларым жоқ. Ал, мына баланың түрі көптен бері білетін, нағыз етене таныс адамға ұқсайды.
Ғалия келе жатады.
...І-і, қарағым, кішкене тоқтай тұршы.
Ғ а л и я (іркіліп). Сіз маған айтасыз ба, ағай?
М а ң г а с. Иә, иә, саған айтам, қарағым. Өзің қай жақтан келе жатырсың?
Ғ а л и я (таңырқап). Мектептен.
М а ң ғ а с. Ә-ә, солай де, қарағым. Атың кім өзіңнің?
Ғ а л и я. Ғалия.
М а ң ғ а с. Үйіңде кімдерің бар?
Ғ а л и я. Мамам бар.
М а ң ғ а с. Мамам, дейсің бе?.. Ә-ә, айтпақшы фамилияң кім?
Ғ а л и я. Естемесова.
М а ң ғ а с. Естемесова?.. Тоқта, тоқта, Естемесова?.. Естемесова?.. Папаң бар ма, айналайын?
Ғ а л и я. Жоқ.
М а ң ғ а с. Папаң қайтыс болды ма?
Ғ а л и я. Ол майданда қаза тапты.
М а ң ғ а с. Майданда?.. Тоқта... тоқта... Папаңның есімі Мырзахмет емес пе?
Ғ а л и я (таңырқап). Иә, Мырзахмет. (Екеуі бір-біріне қарайды.)
F а л и я. Сіз папамды білесіз бе?
М а ң ғ а с. Мырзахмет Естемесов... Егер сенің папаң Мырзахмет Естемесов болса... Онда білуге тиіспін...
Ғ а л и я. Шын айтасыз ба, ағай?
М а ң ғ а с. Иә, екеуміз майданда бірге болғанбыз.
Ғ а л и я. Рас айтасыз ба, ағатай! Сіз менің папамды көрдіңіз бе?
М а ң ғ а с. Атың кім деп едің, қарағым? .
Ғ а л и я. Ғалия.
М а ң ғ а с. Екеуміз майданда ұзақ уақыт бірге болдық. Сенің папаң тамаша кісі болатын, Ғалияш.
Ғ а л и я. Ағатай, сіз папамды жақсы біледі екенсіз ғой. Айтыңызшы, қайда, қашан көрдіңіз?
М а ң ғ а с. Кейін бір асықпай айтармын, Ғалияш. Мамаң үйде ме?
Ғ а л и я. Үйде. Ой, үйге жүріңізші. Мамамды бір қуантыңызшы. Мамам бізді көрсе бар ғой... жүріңізші, аға.
М а ң ғ а с. Жарайды, қарағым. Барайын. Үйің қайсы еді?
Ғ а л и я. Осы көшенің шетіндегі анау кішкентай там.
М а ң ғ а с. Жарайды, барып мамаңа ескерте ғой. Мен ұзамай келемін.
F a л и я (қуанып). Ой, аға, мен барып мамамды қуанта берейін. Келесіз ғой? (Артына жаутаңдап қарап шытын кетеді.)
Маңғас Ғалияның ізіне телміре қарап қалған.
Өткенді есіне алып, ой толқынына берілген түрі бар.
Бірінші көрініс
Шымылдық ашылғанда майданның жақын тылы. Орман ішіндегі шағып алаң. Ақырын ыңылдап, әндетіп Естемесов келеді. Түрі бейқам, демалыс сағатында жүрген адам.
Е с т е м е с о в (дауыстап). Маңғас!
М а ң ғ а с (сырттан). Мен мұндамын, жолдас лейтенант.
Е с т е м е с о в. Шайың қайнады ма?
М а ң ғ ас. Қазір қайнайды, жолдас лейтенант.
Е с т е м е с о в. Сенің котелогіңнің ішіне тас түсіп кеткен бе? Болдырсаңшы тезірек.
М а ң ғ а с. Өзі де болды. (Күйбеңдеп азық-түлік салған қапшығын, содан соң котелогін алып шытып, шай жасап жүр.) Бүгін өзіңізді бір шайға қандырсам, жолдас лейтенант. Мен сізге ғажап жаңалық айтайын: екі әшмәңке үнді шайын қолға түсірдім.
Е с т е м е с о в.. Қайдан? Немістерден бе?
М а ң ғ а с. Жоға. Немістерде күйін кеткен кофе болмаса сондай шай болушы ма еді. Өзіміздің старшинадан. Старшина деген солдаттың үстінен жырып қалған залым емес не, бергісі келмей.
Е с т е м е с о в. Бергісі келмесе, қалай алдың?
М а ң ғ а с. О жағың сіз сұрамаңыз, мен айтпайың. Қалай алғаным солдаттың.өз құпиясы.. Мемлекет құпиясына қандай берік болса, солдат өз құпиясына да сондай берік.
Е с т е м е с о в. Білемін солдаттың құпиясын. Мен солдат боп көрмегендей, қарашы мұны. Кәне шайыңды, құй.
М а ң ғ а с. Жолдас лейтенант, алдымен кішкене артподготовка жасап алмайсыз ба?
Е с т е м е с о в. Артподготовка дейсің бе? Бір есептен о да дұрыс. екен.
М а ң ғ а с (флягісін алып екеуіне арақ құяды). Амандық-саулыққа.
Е с т е м е с о в. Елге аман жету үшін.
Екеуі ішіп салады. Маңғас қайта құяды.
Е с т е м е с о в. Артподготовканы тым жиілетіп жібердің-ау, сен бала.
М а ң ғ а с. Үдере соқпаса жау жапырылмайды деп өзіңіз айтушы едіңіз ғой, жолдас лейтенант.
М а ң ғ а с командирше баптап, сырлы кружкаға шай құйып беріп отыр.
М а ң ғ а с. Сіздің тапсырмаңызды орындап қойдым, жолдас лейтенант.
Е с т е м е с о в. Қай тапсырманы айтасың?
М а ң ғ а с. Наградқа ұсынылатын солдаттарға сипаттама жаз деп едіңіз ғой.
Е с т е м е с о в . А-а, әкелші көрейін..
М а ң ғ а с (бірнеше парақ қағаздарды сумкасынан алы беріп). Мінекей.
Е с т е м е с о в (қағаздарға көз жүгіртіп, күбірлеп оқиды). Востриков... Сергей Иванович... қатардағы жауынгер... аса үлкен ерлік... жиырма бес фашисті өлтірді... Імм Спивак үлкен ерлік көрсетті... жиырма фашисті өлтірді, жан аямай соғысты. Імм Усубалиев... Шаршен Отан үшін жан аямай соғысты. Отыз фашисті өлтірді... Ерлікпен қаза тапты... Імм... мһ... мһ... Сержант Ғалиев елу фашисті өлтірді. Оһо! Өлген немістеріңнің саны тым көбейін кеткен жоқ па?
М а ң ғ а с. Аздап қосыңқырап жібергенім рас. Өзіміздің солдаттан аяйын ба?
Е с т е м е с о в . Аздап дейсің... Азың мынау болса.
М а ң ғ а с. Жолдас лейтенант-ау, олай жазбаса орден бермейді ғой. Штабта отырған қуларға өлген жаудың саны керек.
Е с т е м е с о в. Мәселе өлген жаудың санында ғана ма екен? Кейде дұшпанды көп өлтірмей-ақ үлкен ерлік көрсетуге болмай ма?!
М а ң ғ а с. Әрине болады.
Е с т е м е с о в. Мысалы анау Усубалиев Шаршен. Сен ол отыз фашисті өлтірді депсің. Оған күмәнім бар. Ол бір де фашист өлтірген жоқ. Бірақ нағыз қысылтаяңда, жеңіс ұстараның жүзінде тұрғанда — лап етіп ротаны алға көтерді. Егер ол болмағанда, бүкіл төгілген қан босқа кететін еді. Мен оның өлтірген адамының есебін білмеймін, білгім де келмейді. Ол бізге жеңіс әперді. Сол үшін өз жанын құрбан етті.
М а ң ғ а с. Айна-қатесі жоқ, жолдас лейтенант. Бірақ осының бәрін аналарға қалай түсіндіреміз. Олар қағаздан ең алдымен цифр іздейді. Бюрократ атаулының бәрі тылда қалып қойды дейсіз бе, олар майданға да келген, жолдас лейтенант. Усубалиев елі үшін өз өмірін құрбан етті. Кісі өмірінен артық несін береді.
Е с т е м е с о в . Оның рас. Біздің одан артық береріміз жоқ.
М а ң ғ а с. Маған салсаңыз Усубалиевке батыр атағын берер едім. Ал, оның ерлігіне лайық наград әперу үшін кішкене өтірік айтпасқа амалым болмады.
Е с т е м е с о в. «Өтірік айтпасқа амалым болмады» дейсің. Жоқ, шырақ, ерлік пен көлгірлік қатар жүрмейді. Бұл қағазды екеуміз қайта жазамыз.
М а ң ғ а с. «Ерлік пен көлгірлік қатар жүрмейді». Нағыз сөздің сойы екен. Мейлі, қайта жазсақ жазайық. Кім біледі, мықтылардың құлағына біздің де дұғамыз жетер. (Пауза.) Жолдас лейтенант, жұрт туралы айтасыз-ау, бірақ өзіңіз...
Е с т е м е с о в . Менің нем бар?
М а ң ғ а с. Сіз ғафу етіңіз, жолдас лейтенант, командирге ақыл үйретуге хақым жоқ екенін білемін. Бірақ...
Е с т е м е с о в . Бастаған екенсің, іркілме, айт.
М а ң ғ а с. Айтсам, командирге көзсіз ерлік қана емес, ақыл, айла, сабыр керек. Кеше контратакаға алдымен өзіңіз ұмтылдыңыз. Әрине пистолетін көтеріп алға ұмтылған командир көрер көзге сұлу көрініс. Бірақ біз сахнада жүрген жоқпыз, соғыста жүрміз. Ал, сіз оңқа ұшқанда, солдаттар басқарусыз қалатын еді.
Е с т е м е с о в (күліп). Нағыз дипломат болмасаң, неғылсын, Маңғасик. Командирге кейіген боп отырып мақтайсың.
М а ң ғ а с. Жоқ, мен мақтап отырған жоқпын, жолдас лейтенант. Шынында да.
Е с т е м е с о в . Рас қызып кетіппін. Бірақ мені жұрттан асқан батыр екен деп ойлама, шырақ. Контратакаға өзім бастап шығуым — одан басқа шара болмады. Бұға берген командирдің бастығына да, бағыныштыларына да қадірі болмайды. Оны есіңнен шығарма. Мен де есер емеспін. Ал кейде оққа еркелік жасағанды жек көрмеймін, Онсыз соғыстың сәні болмайды.
М а ң ғ а с. Немістің оғы нағашыңыз емес, ол шіркін еркелігіңізді көтерсе жақсы ғой.
Е с т е м е с о в. Көтермесе қайтеміз. Бірақ бұққан адам да аман қалмайды. Керек десең еруліктің өзі есеп. Сасқан адам оққа ұшады. Ал, саспаған адам қауіп-қатерді дәл есептейді. Алға шығар ұрымтал жерін де тап басады. Беталды уралап жүгіре берген адамды батыр дей алмаймын. Ал, шынын айтсам, менің өзім серілеу жігітпін. Жасымнан әдетім: жарқылдап көзге түскенде жақсы көрем. Оның несін жасырайын.
М а ң ғ а с. Қолдан келсе серілікке ие жетсін: Байқаймын, сіз сірә қыз-бозбала жиналған жерде той-думанның сәні болған шығарсыз.
Е с т е м е с о в. Тағы да көпшік қоя бастадың ба, қу бала. Бірақ бұл топшылауың да дұрыс. Ондай жиында есемді жіберген емеспін. Өтті ғой, шіркін дәурен.
М а ң ғ а с. Білмеймін, ынжық болдым ба, әлде жастау болдым ба, менің өзім қыздарға өтімсіз болдым.
Е с т е м е с о в (күліп). Осы құдай біледі, дәуде болса аузың аққа тимеген баласың ғой. Өзің қыз сүйіп көрдің бе?
М а ң ғ а с (қысылып). Жоқ еді.
Е с т е м е с о в. Шыныңды айтқаныңның өзі ерлік, әйтпесе сен сияқты боқмұрындардың көбі өтірік мақтанады.
М а ң ғ а с. Сіздің үйдегі жеңгей сұлу шығар-ау, ә?
Е с т е м е с о в . Бұл топшылауың қате. Жеңгең онша ажарлы кісі емес.
М а ң ғ а с. Қойыңызшы, жолдас лейтенант.
Е с т е м е с о в . Рас айтам, Маңғас. Ажарымен мақтана алмаймын. Сері ағаң бір шүйке басты ала салған.
М а ң ғ а с. Мен сізге нағыз сұлуларды лайық көріп жүрсем.
Е с т е м е с о в. Кейде ондай да болады. Сұлуынан жылуы деген мақалды білесіз бе? Бірақ әйтеуір мен дегенде жаны жоқ байғұстың. Кеше қызымның суретін жіберіпті. Мінекей (қалтасынан алып көрсетіп). Мен кеткенде бесікте қалын еді. Қазір үшке қарады.
М а ң ғ а с. Өзіңізден аумайды екен. «Артыңдағы тілекшің ғой. Нәрестенің тілегі қабыл болған деп Ғалияштың суретін ескерткішке жібердім, Ғайни», Жақсы жазған екен. Күнәсіз сәбидің тілегі қашан да қабыл болмақ деуші еді менің әжем. Бала кезімде әкем алысқа кеткенде — сен әлі пәксің, алла тағала алдымен сенің тілегіңді береді деп, әкеміздің тілегін тілететін.
М а ң р а с. Жоқ. Құдайға сенбеймін. Бірақ сәбилердің ақ тілеуіне сенем. Тумай жатып жетім қадатын олардың не жазығы бар? Жоқ, дүниеде әділет болса — олай болуы мүмкін емес қой.
Е с т е м е с о в (мұңайып). Бірақ қанша сәби жетім қалып жатыр.
М а ң ғ а с. Оны да білем. (Пауза.) Бірақ бәрібір сәбидің тілегі қабыл болуға тиіс. Көріңіз де тұрыңыз, елге аман қайтып, кішкене Ғалияшыңыздың бетінен сүйесіз. Сол үшін бәс тігісеміз бе, жолдас лейтенант?
Е с т е м е с о в . Ендеше сол бәсекенің бәйгесі сенікі болғай деп тілеймін ғой.
М а ң ғ а с. Айтпақшы сержант Ғалиев үйінен хат алды. Әйелі босаныпты. Бесінші ұлын тауыпты.
Е с т е м е с о в. Ол соғыс басталғалы майдандамын деуші еді ғой. Хат арқылы болғаны ма?
М а ң ғ а с. Жоға. Былтыр күзде ауыр жарақаттап кейін госпитальдан келе жатып, үйіне екі түнеген екен. Сол арада үлгертіп жіберген-ау, сабазың.
Е с т е м е с о в (күліп). Қызулы жігітке екі күн деген ойдай уақыт емес пе? (Күлкісін тиып.) Маңғас...
М а ң ғ а с. Тыңдап турмын, жолдас лейтенант.
Е с т е м е с о в (байсалды). Маңғас, осы маған ылғи «жолдас лейтенант» деп тақылдай бермей, тым болмаса оңашада Мырзеке деп атымды атасаң да болады ғой.
М а ң ғ а с. Бір түрлі жұрттан ала-бөле... ыңғайсыз көргенім ғой және устав бойынша...
Е с т е м е с о в. Уставтың да өз орны бар. Ал, қолымыз бос, демалыс уақытында өзіміз өз болуға хақымыз бар шығар. Оның үстіне көп ұзамай екеуміз ажырасқалы тұрмыз.
М а ң ғ а с (таңырқап). Ажырасқаны қалай? Сізді басқа жаққа жіберетін болды ма?
Е с т е м е с о в . Жоқ. Сені басқа жаққа жіберетін түрі бар.
М а ң ғ а с. Мені?..
Е с т е м е с о в. Иә. Сені сыртыңнан билеп, әскери училищеге ұсынып қойдым. Біздің рота тұрсын, батальонда сенен лайық адам болмады. Он жылдық білімің бар. Жасың жас. Қай жағынан алып қарасаң да сенен озары жоқ.
М а ң ғ а с. Менің өз басым әскери қызметті түпкілікті қол көрмеуші едім.
Е с т е ме с о в. Сен түпкілікті дегенді қоя тұр, шырақ. Кейде қойныңдағы қатының да түпкілікті болмайды. Ал, әзірге біздің әскерден басқа міндетіміз жоқ.
М а ң ғ а с. Әрине, ол солай ғой. Бірақ соғыс кезінде оқу дегеннің өзі...
Е с т е м е с о в. Алты айда дырдай офицер боп келесің. Соғыстан құр қалам деп қорықпа. Берлинге дейін әлі талай асу бар. Соғыстан бұрын қызмет атқарып па едің?
М а ң ғ а с. Жоқ. Мектепті бітірген жылым еді ғой.
Е с т е м е с о в. Жаман айтпай жақсы жоқ, ертең мүгедек боп қалсаң пенсия тағайындауға да керек қой. Тілімді алсаң қарсыласпа. Барып оқып қант. (Әзілдеп.) Мұңдағы жауды сенсіз де амалдармыз. Қалай, а?
М а ң ғ а с. Жарайды, сіз айтып қойсаңыз көнейін, жолдас лейтенант.
Е с т е м е с о в . Мырзеке де.
М а ң ғ а с. Жарайды, Мырзеке. Тек сізді тастап кетуім...
Е с т е м е с о в . Жә, мезгіл жетсе бастан жақ та айрылады деген. Бір-бірімізді қанжығамызға байлап жүреміз бе?!
М а ң ғ а с. Қиын кезде бір-бірімізге үйренісіп қалып едік.
Е с т е м е с о в . Сен бала өзің, көңілің босап жылайын деп тұрғаннан саумысың? Жә, шынымды айтсам, сенің кеткеніңді мен де жақсы көріп тұрғаным жоқ. Сен болмағанда тіпті ана тілімді де ұмытып қалатып түрім бар екен. Бірақ өзіме бола сенің бағыңды байлағым келмеді.
М а ң ғ а с. Майдан деген ұшы-қиырсыз нәрсе екен ғой. Осыдан кейін кездесеміз бе, жоқ па?
Е с т е м е с о в. «Ат бір баспаймын деген жерін үш басады» деген. Кім біледі, тірі болсақ кездесерміз.
М а ң ғ а с. Мұнда кездеспесек елде кездесерміз. Аман-есен елге жететін құн болса десеңізші.
Е с т е м е с о в. Елді сағындың ба?
М а ң ғ а с. Е, сағынбай...
Е с т е м е с о в. Қасымда сеп жүргенде — жанымда елдің бір кішкене бөлшегі бардай керуші едім. Сен кеткесін құлаққа ұрған танадай боп қалам-ау. Әніңді ұғатын адам болмаған соң жын шақырған бақсыдай жалғыз өзің әп де сала алмайтын шығарсың.
М а ң ғ а с. Мен де сіздің әніңізді естігенде Алатаудың бауырында жүргендей рақаттанып қалушы ем.
Е с т е м е с о в (ақырын ыңылдап бастап, бірте-бірте көтереді. «Әйкен-ай» әні).
Кел деп едің, Әйкен-ай, келіп тұрмын,
Отқа түспей өртеніп еріп тұрмын.
Әйкен-ай, кел ойнайық, кел, кел-ай.
Сертке тұрсаң мен сендік жаным құрбан,
Сырым осы сертіңді беріп тұрмын.
Әйкен-ай.
Кел ойнайық, кел, кел-ай.
Нағыз қазақтың даласында туған ән. (Әннің бас жағындағы ырғағын ыңылдап келтіріп.) Адырлары толқын-толқын боп алысқа, сонау шексізге маңып бара жатқан кең даланың суреті емес пе бұл? Нағыз қазақы лирика. Қазақ қызының сыры бар осында. Қарашы мінекей. Майда ескен жібек жел ме? Әлде желбіреген жібек орамал ма? (Ыңылдап әндетіп):
Әйкен-ай, кел ойнайық, кел, кел-ай.
(Келесі шумақты екеуі қосылып айтады.)
Айналайын қарағым, қара қасым,
Қара мақпал жібектей қара шашың.
Әйкен-ай, кел ойнайық, кел, кел-ай.
Баласындай еліктің егілемін,
Сені ойласам мөлдіреп көзден жасым.
Әйкен-ай, кел ойнайық, кел, кел-ай,
Әйкен-ай деп атыңды қойдым таңдап,
Әнге қостым атыңды әдейі арнап.
Әйкен-ай, кел ойнайық, кел-кел-ай,
Еркін таудың серкесі елік болсаң,
Мен де өзіңдей жалғызбын ерке саңлақ,
Әйкен-ай, кел ойнайық, кел-кел-ай.
Әннің қайырмасы баяулап барып маңиды.
Маңғас көрінеді.
М а ң ғ а с. Сол күні Мырзахмет Естемесовпен ұзақ сөйлестім. Кәдімгідей сырласып, бір-бірімізге ішек-қарынымызды ашқандай болдық. Бұрын ондай әдетіміз жоқ еді. Мырзекең мені жеңіл қағытып, кейде сықақпен шымшып алатын. Әлде маған деген достық, ағалық ықыласын сол әзілімен бүркеп н{үрді ме екен. Әйтеуір, сол күні — екеуміз қосылып «Әйкен-айды» айтып, елді бірге сағынған; күні — ие керек сол күні мен Мырзекеңді туған ағамдай жақсы көріп кеткен сияқтымын. Мырзахмет... Естемесов жолдас лейтенант... Мырзекең...
Мен оқуға жүруге қамдандым. Сол бетіммен оқуға жүріп кеткенде, біраз нәрсені білмеген болар едім. Кім біледі, онда жаным да тыныштау болар ма еді. Әйтеуір, қайткенде де көңілімде дәл осындай өшпес қаяу қалмас еді. Жақсы досымен жайдары күндері ажырасқан адам аз ба. Бірақ маған қапелімде шақыру келе қоймады да, сол екі арада басқа бір оқиға киіп кетті. Бізді аса жауапты тапсырмамен жау тылына барлауға жіберді.
Шығады.
* * *
Екінші көрініс
Кешкі мезгіл. Сахна елең-алаң. Маңғас дүрбімен алысты шолып тұр. Естемесов картаға жау бекіністерін түсіріп жатыр.
Е с т е м е с о в. Кәнекей, Гаубицаның координатын есептеп шығардың ба.
М а ң ғ а с. Мырзеке, гаубица деген әлгі қортық қошқар сияқты шолақ зеңбірек пе?
Е с т е м е с о в. Шолақ болғанмен оның атысы жойқын. Алдымен соны құрту керек. Кәне, бос сөзді қойып, тұрған жерін айт.
М а ң ғ а с. Тұрған жері анау оң жақтағы бір шөкім орманның шығыс шеті. Диірменнен бес жүз метр теріскей шығыста.
Е с т е м е с о в. Бері әкел. (Маңғастың қолындағы дүрбіні алып жау бекінісіне көз жіберіп.) Дұрыс екен. (Қайтадан қартаға үңіліп.) Ол орманың мынау. Координаты он сегіз бен жиырма үш. Бұған да белгі соғып қоялық.
М а ң ғ а с. Үш күннен бері күндіз бұғып, түнде ұрланып жүріп картаның бетін толтырдық. Ал тінте берсең, біздің қағазға түспегендері шыға береді. Мына немістердің зеңбірегі мен пулеметі қоздап жатыр ма?
Е с т е м е с о в . Иә-ә. Бұл арада неміс қаруы тым тығыз екен. Бұл жағдай біздің жоғарғы командирлерге белгісіз болатын. Шабуылды осы тұстан бастағанда біздің әскердің қанша шығынға ұшырайтынын байқадың ба? Картаны планшеткасына салады).
М а ң ғ а с. Апырай десейші. Сіздің мына картаңыздың бетінде талай боздақтың өмірі тұр-ау. Енді осыны арғы бетке аман алып шыға алсақ... Әттең шіркін-ай десейші... Бері қарай өткен жеріміз бір оңтайлы жер еді.
Е с т е м е с о в . Енді ол жердей өте алмаймыз.
М а ң ғ а с. Неге, Мырзеке? Немістер пытырлатып мылтық атқанмен біз жауап берген жоқпыз. Олар біздің өткен-өтпегенімізді анықтай алмай қалды ғой.
Е с т е м е с о в. Жоқ. Бәрібір секем алып қалды. Біздің жігіттер белгілеген жерлерде жатыр ма? Қыбырлап көзге түсіп қалмаңдар деп ескерттің бе?
М а ң ғ а с. Ескерттім. Жаны құрғыр тәтті емес пе, өздері де қыбыр ететін түрлері жоқ.
Е с т е м е с о в . Бүгін түнде өзіміздің жаққа өтетінімізді айттың ба?
М а ң ғ а с. Айттым.
Е с т е м е с о в. Көңіл-күйлері қалай екен?
М а ң ғ а с. Мойындарына су кеткен ешқайсы жоқ. Бірақ қабақтары қату. Қауіп-қатерді сезеді ғой түге.
Е с т е м е с о в (ауыр ойға батып, арлы-берлі кезіп кетеді). Қауіп-қатер... қауіп-қатер... қауіп-қатердің бар салмағын олар да, сен де сезбей тұрсыңдар ғой. Анада жарқ етін көзге түспегенде... мүмкін басқаларды жұмсар ма еді..; Кей бастықтар көргенінен жазбайды. Тәуір соғысқан бөлімшені қауіп-қатерге айдап сала береді. Көзге түспегендері тасада қала береді. Батыр адамның басы бесеу болады дей ме екен!.. (Ширығып). Бүгін түнде біз қайтсек те арғы бетке өтуіміз керек.
М а ң ғ а с. Ана бір хутордың оң жағындағы батпақты ойпаңда окоп тұтас қазылмаған, шеп сиректеу емес пе?
Е с т е м е с о в. О да неғайбыл жер. Әйтсе де сол арадан өтеміз. Бірақ бәріміз бірдей ол араға бармаймыз. Ғалиевтің отделениесі алты адам — хутордың оң жағындағы құрлықтан өтуге әрекет жасайды. Соғысады.
М а ң ғ а с. Ол жер қалың әскер емес пе? Сонда қалай, Мырзеке? Айналдырған алты адам... зеңбірексіз, түксіз...
Е с т е м е с о в. Мен оларға жауды құрту міндетін жүктеп отырғаным жоқ. Немістерді алдандыру мақсатын қоймақпын. Олар ұрыс салады. (Пауза.) (Дауысы бәсеңдеп.) Ал, ұрыс басылғасын бір сағаттан кейін немістер тынышталады. Дәл сол кезде біз батпақтың үстімен өз әскерімізге өтуге тиіспіз. Маған қырық минуттан кейін Ғалиевті шақырып кел. Бір сағаттан кенін ол операцияға кірісуге тиіс.
М а ң ғ а с. Тапсырманы орындауға ертерек қамдана берсін, қазір шақырып келсем қайтеді?
Е с т е м е с о в (сәл жібіп). Баламысың деген. Сүйінші сұрағың келді ме? Жоқ, мұндай тапсырманы алғаннан кейін кісінің көп ойланбағаны дұрыс.
М а ң ғ а с (енді ғана толың түсініп). Сонда олар. Олар ажалға барады ғой... (Естемесов үндемейді). Мырзеке, айналдырған оншақты адамбыз... Ебіп тауын, сол батпақтан бірге өтіп көрсек қайтеді?
Е с т е м е с о в (ызалы). Ал, өте алмай қалсақ қайтеді? Жоқ, мен ондай неғайбілге бара алмаймын. Картаны жау тылынан шығынсыз алып шыға алмаймыз. Сондықтан да ақылмен ойлап ақысын алдын-ала Төлеген дұрыс. Құрбандықсыз соғыс жоқ.
М а ң ғ а с. Әрине соғыс болғасын... Кісі ажалы аяқ астынан. Бірақ көрінеу көзге... дәтіміз шыдап қалай алдын-ала ажалға байлап береміз?!
Е с т е м е с о в (планшеткасын ұстап). Мына картаның құны алты адамның қанынан әлдеқайда қымбат.
М а ң ғ а с. Сонда да енді... шімірікпей... сонша адамның қанын...
Е с т е м е с о в. Жә, доғар. Командование маған тапсырманы қайтсең де орында деп бұйырған. Ал оны қандай жолмен, қанша құрбандықпен орындаймын — ол менің өз еркімде. Мұндай үлкен тапсырманың төлеуі де үлкен болмақ.
Пауза.
М а ң ғ а с. Жолдас лейтенант, бір өтінішім бар еді, айтуға рұқсат етіңізші.
Е с т е м е с о в. Рұқсат.
М а ң ғ а с. Маған Ғалиевтің отделениесімен бірге болуға рұқсат етіңіз.
Е с т е м е с о в. Жоқ. Рұқсат етпеймін.
М а ң ғ а с. Жолдас лейтенант, Ғалиев біздің ауданның жігіті еді. Екеуміз әскерге бірге алындық. Майданға аттанарда бес жасар үлкен баласын көтеріп едім. Ертең аман барсам шиеттей бес бала «папам қайда?» деп сұрамай ма? Сонда сәбидің бетіне қалай қараймын? Жалпы осыдан кейін қайтып жер басып жүрем?.. Ғалиевтың отделениесімен бірге кетуге рұқсат етіңіз, жолдас лейтенант.
Е с т е м е с о в. Доғар, қатынша күңіренбей. Соғыс саған сораңды ағызып отыратын ошағыңның басы емес. Тілегенің ажал болса о да қашпас.
Шам сөнеді.
Үшінші көрініс
Сахна қараңғы. Алыстап атылған пулемет дауысы естіледі. Оқта-текте гүрс етіп жарылған снарядтың алыс дауысы мен баяу жарқылы. Самарқау, түнгі майдан. Кенет атыс жақындап, мылтық, автомат дауысы естіледі. «Шнелл! Шнелл! Хальт! Хальт» деген неміс командасы «Назад, назад! Держи правее!» деген орыс командасы, дүбір естіледі. Сахнаға Маңғас жүгіріп шығады. Қараңғыда прожектор жарығының бір-екі рет бетін ғана көрін қаламыз. Ол еңбектей жүгіріп сахнаның екінші шетіне өте береді. Осы кезде арт жақтан «Маңғас! Маңғас!» деген дауыс естіледі. Бұл Естемесовтың даусы. Маңғас қайтып оралады. Аз уақыт көрінбей кетіп, аяғынан жараланған Естемесовты арқалап келеді. Екеуі бұғып аз жатады. Қуғын-сүргіннің дүбірі, пытырлаған автомат даусы алыстай береді.
Е с т е м е с о в. Спивак жарады. Жігіт екен. Қуғынның бетін бізден тайдырып әкетті. Енді тек өзі құтылып кете алса...
М а ң ғ а с. Мырзеке, сабыр етіңізші. Жаудың беті тайды ғой. Енді балтырыңызды таңып беренін. (Қалтасынан марлі алып Естемесовтың аяғын таңа бастайды.) Қараңғыда көрінбейді де. Байқадыңыз ба, сүйегі аман ба екен?
Е с т е м е с о в. Анығын білмеймін. Аман сияқты. Қан көп кетті ме, саным қозғалтпай ұйып қалды. Ал, біздің екінші топтың халі...
М а ң ғ а с. Олар қым-қиғаш айқасқа кіріп кетіп еді. Атыс пышақ кескендей тиылды. Сойысынан қорқам.
Е с т е м е с о в. Топшылауың дұрыс. Ай, аман қалған ешқайсы жоқ шығар.
М а ң ғ а с. Қайдам, енді үмітсіз шайтан деген.
Е с т е м е с о в. Спивактың халі де хал емес. Қуғыннан қарасын үзе алды ма екен?
М а ң ғ а с. Әй, қайдам. Қуғыншы көп қой, ұзамай-ақ қолға түсетін шығар.
Е с т е м е с о в. Иә-ә. Құтылуы екіталай. Сен қатты қысып жібердің ғой, босатыңқыра таңғышыңды.
М а ң ғ а с. Босатайын. Спивак қолға түссе, біздің халіміз қиын болмаса неғылсын. Фашистер тұтқынды маңдайынан сипамайды.
Е с т е м е с о в. Спивактан қорықпа. Ол нағыз қыңыр хохол. Борбай етін боршалап кессе де немістер оның сойдақ тісінің арасынан бір сөз суырып ала алмайды.
М а ң ғ а с. Мырзеке, енді қозғалсақ қайтеді?
Е с т е м е с о в. Жүрсек, жүрейік. Сенің көмегіңсіз мен жылжи алмаспын.
Маңғас Естемесовты сүйемелдеп бірнеше қадам ілгері жүреді. Үш-төрт қадам аттағаннан кейін Естемесов қатты қиналып ыңыранып жібереді.
Е с т е м е с о в . Тоқта. Тоқтай тұршы.
М а ң ғ а с. Мырзеке, қиналып тұрсыз ғой. (Оны отырғызады.)
Е с т е м е с о в. Жоқ, бұдан әрі мен бара алмайтын шығармын.
М а ң ғ а с. Бұл ара ит тұмсығы батпас орманның іші екен. Паналап тұрайық.
Е с т е м е с о в. Разведканың барлың материалы менде. Ал менің қозғала алмай жатқан түрім мынау.
М а ң ғ а с. Қайтеміз. Сіздің аяғыңыз келеге келгенше бірер күн осы жерді паналай тұрамыз да.
Е с т е м е с о в. Содан соң?
М а ң ғ а с. Содан соң алғы шептен өтіп өз әскерімізге жетеміз.
Е с т е м е с о в. Сен біздің алғы шептен қаншама қашықтап кеткенімізді білесің бе?
М а ң ғ а с. Топшылаймын.
Е с т е м е с о в. Топшыласақ — менің мына аяғыммен біз алғы шептің маңына да жолай алмаймыз.
М а ң ғ а с (сасып). Сонда не істейміз?
Е с т е м е с о в (планшетін мойнынан алып). Жау бекінісін түсірген карта да, менің жазған анықтамаларым да осы планшеттің ішінде. Байқадың ба?
М а ң ғ а с. Байқадым.
Е с т е м е с о в. Ендеше осы планшетті аласың да, бүгін таң атқанша алғы шептен өтесің.
М а ң ғ а с. Құн, жолдас... Сонда... қалай?.. Мен сізді тастап кетем бе?
Е с т е м е с о в. Мен осы арада боламын.
М а ң ғ а с. Жоқ, жолдас лейтенант, жоқ, Мырзеке... мен сізді тастап кете алмаймын.
Е с т е м е с о в. Мен осында қаламын. Бұйрықты орындайсың. Ұқтың ба?
М а ң ғ а с. Ұқтым, жолдас лейтенант. Бірақ мен сізді тастап кете алмаймын. Жараланған командирін далаға тастап кетуге солдаттың хақы жоқ.
Е с т е м е с о в. Мына планшеттің ішіндегі сызықтар үшін менің қанша адамды құрбан еткенімді білесің бе? Жаңағы жауды соңына салып әкеткен Спивак. Манағы шабуылға шығып қаза тапқан Ғалиевтың отделениесін ұмыттың ба? Осының бәрі мына планшеттегі сызықтың құны. Ұқтың ба?
М а ң ғ а с (жуасып). Ұқтым.
Е с т е м е с о в. Ұқсаң — бұл мәлімет ертең таңда командованиенің қолына тимесе... онда мұның пұты бес тиын.
Сен қиналмай-ақ қой, мен командир есебінде өз өмірімді қорғаштап бақтым. Ерлік пен көлгірлік қатар жүрмейді ден едім ғой. Менің орнымда сен болсаң да дәл осылай істер едің. Мына сызықтың құны тек солдаттың қанымен ғана өтелмейтін болды. Енді командирдің өзіне де кезек келді. (Әмірлі түрде.) Мә, мықтап ұста. (Планшетті Маңғастың қолына ұстатады.) Полк командиріне өз қолыңнан табыс етесің.
М а ң ғ а с. Құп, жолдас лейтенант. (Толқып.) Мырзеке... апырай...
Е с т е м е с о в. Жә, болды. Сумкадағы тамағың мен пакетіңді маған қалдыр. Бір-екі күннен қалмай біздің әскер шабуылға көшеді. Соған дейін шыдармын. Ал, сау бол.
М а ң ғ а с ілгері жүре береді. Авансценаға келіп тоқтайды. Оның желкесінен шымылдық ақырын жабылады.
М а ң ғ а с. Бас-аяғы бірер сағаттың ішінде мен Мырзахметтің қаныпезер қатыгездігін де көрдім, жан қияр ерлігін де көрдім. Мүмкін ақылға салып қарағанда Ғалиевтың қазасы — қатыгездіктен емес, қажетті жағдайдан туған шығар. Соғыста кісі өлімінен қашып құтыла алмайды. Бірақ көңілге салып қарасаң... Әй білмеймін. Адам баласын тұсіну қиын. (Пауза.) Менің соңғы есімде қалғаны — қараңғы орманның ішінде жалғыз қалып бара жатқан Мырзахмет. (Пауза.) Сол барлауға барған он бестен тірі қалған жалғыз мен екем. Мойнымда сол он бестің жүгі бар. Кейде тіпті солардың өмірін ұрлап алғандай күпті болам. Бірақ соның бәрінен де сонау қараңғы қалың орманның ішінде жалғыз қалған жаралы адам... Сопың алдында үлкен айыбым бар сияқты...
Шығады.
Төртінші көрініс
Сахна ашылғанда, жүдеу, ажарсыз әйел Ғайни кір жуып жатыр. Жүгіре басып қызы Ғалия кіреді.
Ғ а л и я (қуанышты). Мама, мама, мен бір қуанышты хабар әкелдім.
Ғ а й н и. О не, жаным-ау.
Ғ а л и я. Мына кіріңді қоя тұршы. (Кір жуған шылапшынын сыртқа шығарып тастайды.) Тезірек үсті-басыңды жөнге келтір.
Ғ а й н и (білегіне сыбанған жеңін түсіріп жатып). Не боп қалды, қарағым-ау? Алдымен түсіндірші.
Ғ а л и я. Қазір үйге кісі келеді. Үйдің ішін кішкене тәртіпке келтірейік. Содан кейін ар жағын өзің-ақ түсінесің.
Екеуі сахнаға стол, орындық кіргізеді. Столға дастарқан жауып, жасандырады. Кіріп-шығып жұмыс істеп жүріп сөйлеседі.
F а й н и. Жаным-ау, ол неғылған кісі. Біздің үйге кісі келмеуші еді ғой. Шаман нағашың жайлауда жүр. Ол қойын кімге тастап кетеді.
Ғ а л и я. Нағашың емес. Осы ауданға жақында ғана келген кісі.
F а й н и. О кім төбеден түскендей. Аты-жөні кім екей, білдің бе?
F а л и я. Аты-жөні дейсің бе? Оны тіпті сұрамаппын-ау, мама. Үстіңе таза көйлек киші. Келген кісіден ұятты.
F а й н и. Мені бір жасандырып ұзатайын деп пе едің. (Шығып кетеді. Ана жақтан сөйлейді.) Қарғашым-ау, сонда аты-жөнін сұрамағаның қалай? Кім екенін білмесең, ол мұнда неге келеді.
Ғ а л и я. Ол өзі танысты. Мені өзі таныды.
Ғ а й н и. Апырмай, біздің Мырзаштың ағайыны емес пе екен. Артында қалған біреуі бар ма екен?
Ғ а л и я. Жоқ, мама, папамның ағайыны емес.
Ғ а й н и (киініп шығып). Мырзаштың туысы ма ден жүрегім лүпілдеп кетіп еді.
Ғ а л и я. Қазір, мама, мен саған еш нәрсе де айтпаймын. Кішкене ғана сабыр ет. Одан да қазаныңа ас салып, самаурыныңды қойып жібер.
Ғ а й н и. Самаурын сенің сабақтан келуіңе қайнап тұр ғой. Қазан көтер дейсің, өзін көрмей тұрып кімнің сыбағасы деп салам.
Ғ а л и я. Ең бір қадірлі қонағымның сыбағасы деп сал, жарай ма, мама?
Ғ а й н и. Жарайды, қалқам. Мамаңның басын қатырып жұмбақтайсың да жүресің. Мейлі, әйтеуір, кім де болса құтты қонақ болсын.
М а ң ғ а с (сырттан). Рұқсат па?
Ғ а л и я. Әне келіп қалды. Кіріңіз.
М а ң ғ а с кіреді. Ғайни оны танымай, таңырқай қарайды.
М а ң ғ а с. Саламатсыз ба. Ұмытпасам сіздің есіміңіз Ғайни болар.
Ғ а й н и. Саламатсыз ба.
М а ң ғ а с. Менің аты-жөнім — Маңғас Нұржанов. Бұл ауданға жақында келдім. Ауаткомның орынбасары боп істеймін.
Ғ а л и я. Мама, бұл ағай папамды біледі. Папамның досы екен.
Ғ а й н и «...» деп таңырқап, басқа еш нәрсе айтуға шамасы келмей, орындыққа отыра кетеді.
Ғ а л и я (шешесінің қасына барып). Мама, бұл кісі папамның досы деймін. Неге үндемейсің. (Иығынан жұлқылайды.)
Ғ а й н и (мең-зең ұйқыдан оянғандай). Не деп тұрсың, қалқам?
Ғ а л и я. Айтып турмын ғой, папамның досы. Майданда бірге болған. (Ғайни Маңғастың бетіне қарап мелшиіп қатып қалған.) Мама, саған не болған?
Ғ а й н и (орнынан тұрып). Ойбай-ау, неғып отырмын?! (Маңғасқа.) Жоғары шығыңыз. Отырыңыз. Ғалияш-ай, айналайын, шайыңды әкеле ғой.
М а ң ғ а с. Рақмет, жеңгей, мен асығыс едім.
Ғ а й н и (үрпиіп.) Ойбай-ау, сонда тіпті... шайға да қарамайсыз ба?
Ғ а л и я (жалынып). Ағатай, кішкене отырып әңгіме айтсаңызшы.
М а ң ғ а с (қиналып). Жарайды.
Ғ а л и я. Ой, рақмет, ағатай.
Ғ а й н и (қуанып). Ғалияш айналайын, самаурыныңды әкеле ғой.
Екеуі жүгіріп шай жабдығына кірісіп кетеді.
М а ң ғ а с (залға). Уақытым тығыз болса да осы екі жетімді емексітіп тастап кете алмадым. Ғайни апайдың мен келгенде соншама сасып, тіпті есінен танып қала жаздағанына қайран болдым. Әлде бұлар осы күнге шейін Мырзахметтен күдер үзбей жүр ме екен? Бірақ, Ғалияш неге «папам қаза тапты» деді ендеше?
Адам деген қызық-ау, осыдан оп минут бұрын ғапа бейтаныс адамдар едік. Қазір екеуі де аңсаған жақындарын күтіп алғандай ерекше ықылас көрсетіп жатыр. Қайтсін, байғұстар, бұларға енді Мырзахметтің қасында болған адамның өзі ыстық.
Ғ а л и я. Аға, шайға келіңіз.
М а ң ғ а с стол басына барады. Ғайни шай құяды. Аз үнсіздік.
Ғ a й н и. Шай ішіңіз.
М а ң ғ а с. Рақмет. (Шай ішеді.) Ағайын-туғандарыңыз бар шығар?
Ғ a й н и. Мен өзім бір атадан жалғызбын. Бір немере ағайым бар еді. Қой бағады.
М а ң ғ а с. Мырзекеңнің туыстары жоқ па?
Ғ а й н и. О да ата-анадан жалғыз еді ғой. Жамағайындары болатын. Бірақ жерлері тым шалғай. Олармен таныстығымыз да, хабарымыз да жоқ. Мырзаштың елі алыс, ол бұл жаққа қызмет бабымен келіп еді ғой.
М а ң ғ а с. Апыр-ай, ат ізін салатын жақыны болмағаны-ау.
Ғ а й н и. Бір немере ағам бар деуші еді. Бізді ол іздеген жоқ, оны іздейтін бізде не қауқар бар. Соғыстан кейін ел еңсесін көтергенше де біраз уақыт өтіп кетті ғой. Ізін суытып алғасын кім іздей қояды. (Маңғастың кесесін алып шай құйып.) Шай ішіңіз. Мырзаш шайды жақсы көруші еді. Онда жүргенде рақаттанып ыстық шай да іше алмаған шығарсыңдар-ау.
М а ң ғ а с (күліп). Айна қатесі жоқ. Нағыз шайқор болатын. Мен Мырзекеңе бір жағынан атқосшы сияқты болдым ғой. Бірақ шайдың есебін тауып жүрдік. Және анау-мынау емес, үнді шайды да талай іштік.
Ғ а й н и. Апыр-ай, ә. Сүті де болды ма?
М а ң ғ а с (күліп). Сүт жағы тапшылау болды.
Ғ а й н и. Сүт демекші мен мынаны ұмытып кетіппін ғой (Маңғасқа шарап құяды.) Еркегі жоқ үйдікі осы ғой. Мынадан ауыз тиіп отыр, қайным. (Өзіне де аз ғана құйып алды).
М а ң ғ а с (жымиып). Мырзекең мұны «артподготовка» деуші еді. «Бала, ас алдында артподготовка жасап алайықшы» дейтін.
Ғ а л и я. Аға, артподготовка дегені не?
М а ң ғ а с. Шабуылға шығар алдында зеңбіректен оқ жаудырамыз ғой. Соған теңегені ғой.
Ғалия (Маңғастың иығына асылып). Сіз папаммен бірге болдыңыз ғой, аға. Папаммен бірге болған әңгімеңізді айтыңызшы.
М а ң ғ а с. Мырзекең екеуміз қыс бойы бір окоптың ішінде болдың қон. Шер кепеміз суық, қабырғасынан ызғар теуіп, ішін аяз қарып тұрады. Бір шинельді төсеніп, бір шинельді жамылып құшақтасын жататынбыз, Сонда кәдімгідей жылы болады.
Ғ а й н и (өлең етіп). Апырмай, Мырзаш суыққа төзімсіз еді. Ауырып қалған жоқ па?
М а ң ғ а с. Онда бәріне де үйреніп кеттік қой.
Ғ а й н и. Жөтелген жоқ па, әйтеуір. Ол өзі салақ. Аяғын жылы орап, қымтанып күтініп жүруді білмейді ғой. Үсті-басын қарайтын адам болмаса...
М а ң ғ а с. Жоқ, әрине азды-кем жөтел боп тұрады ғой.
Ғ а й н и. Мырзаштың басының сақинасы болушы еді. Кішкентай ғана терлеп далаға шықса ұстай алатын. Сонысы қинаған жоқ па?
М а ң ғ а с. Жоқ, ондайын байқамадым. А-а, айтпақшы өзінің бір айтқаны бар еді. Бұрын кішкене тершіп суық тигізін алсам басым сындырып қоя беретін. Қазір қысты күні жалаң бас жүргенде мыңқ етпеймін. Бұл соғыстан аурудың өзі де қорқады екен ғой деп күлетін.
Ғ а й н и. Апыр-ай, ә?!
Ғ а л и я. Мама, сен қайдағы ыстық шай, бастың сақинасын сөз қылын кеткенің не? Менің панам боевой командир болған. Аға, папам екеуің қалай соғыстыңдар, соны айтшы. Ең бір мықты батырлықтарыңды айтшы.
М а ң ғ а с (күліп). Ең мықты батырлық дейсің бе? Менің өз басым онша батыр болғаным жоқ. (Ғалияның ренжіп қалған түрін көріп.) Ал, сенің папаң шынында да батыр кісі еді.
Ғ а л и я (қуана елеңдеп). Рас па, аға?!
М а ң ғ а с. Айна-қатесі жоқ. Әрине, командир болғасын қарауындағыларына қатал болатын. Бірақ өзі де қауіп-қатерден тайынбайтын.
Ғ а й н и. Иә, ол сөйтеді. Өлгеніне қарамайды. Ондайда тежеп отырмадың ба, қарағым?
М а ң ғ а с. Тежейсің-ау, бірақ кейде сол теңеуіңе көнбей кетеді ғой.
Ғ а й н и. Айттым ғой, көнбейді ол. Шалғайына оратылып жатсаң да, ашуы келгенде қағып тастап жүре береді ғой. Сен еркексің ғой, тіліңді алғызып, тежеп ұстамасаң...
Ғ а л и я. Мама, сен ағайдың сөзін бөле бердің ғой.
Ғ а й н и. Ағаң әңгімесін айтып отыр ғой. Несіне бөлейін... Тек Маңғас қайныма Мырзаштың мінезін айтып жатқаным ғой. Ойбай-ау, оның мінезін біліп сақтандырып, көз қара боп жүрмесе болмайды ғой.
Ғ а л и я. Ой, мама-ай, қызықсың. Несін сақтандырады. Ол өтіп кеткен оқиға емес пе?
Ғ а й н и. Қайтейін, қарағым, мен үшін Мырзаш әлі сол баяғысындай. (Мұңайып қалады.)
F a л и я (жұбатып). Қойшы, мама. Ағам әңгіме айтсын. Аға, қалай соғысқандарыңызды айтшы. Ең бір қызығын айтшы.
М а ң ғ а с. Соғыс деген құрғырдың қызығы шамалы-ау, Ғалияш. Бір жолы дұшпан шабуылға шықты. Оқ жаудырып қаптап келеді. Біз қысылайын дедік. Тек Мырзашекең сасқан жоқ. Қанын ішіне тартып, сұрланып алған. «Оқ атқандар, жақын жіберіңдер» деп бұйырды. Содан жау дәл жақындағанда барып: «Огонь!» деп команда берді. Жақын жерден қоямыз ба, біразын жайпап салдық. Дұшпанның берекесі қашып, кейбіреулері шегініп, кейбіреулері жата бастағанда, Мырзекең «Алға, ер соңымнан» деп тұра ұмтылды. Бір уақытта тұтқиылдан жаудың бір пулеметі оқ жаудырсын кеп.
Ғ а й н и. Құдая сақтай көр. Аман қалдыңдар ма, әйтеуір?
Ғ а л и я. Мама, ағамның сөзін бөлмеші.
М а ң ғ а с. Бірнеше солдат оққа ұшты. Жұрт та қалды. Тек Мырзекең «алға» деп жүгіре берді. мен шыдай алмай артынан қуып жетіп, тобықтан жібердім де қалпақтай ұшырдым Мырзекеңді.
Ғ а й н и. Ойбай-ау, оның не, шырағым-ау. Бір зақым қылсаң қайтесің?
М а ң ғ а с (күліп). Құласа жер көтереді. Құлаған еш нәрсе етпейді ғой.
Ғ а й н и. Жер көтереді деп. Жүгіріп келе жатқанда қалпақтай ұшсақ өзіде де оңай болмас. Бала емес, шаға емес, дырдай адам салмағымен түскенде...
Ғ а л и я. Мама, сен де қызықсың. Ағам сүйтіп папамды ажалдан сақтап қалған ғой,
Ғ а й н и. Не дейсің?
Ғ а л и я. Пулемет оқ жаудырғанда — папамды шалып құлатпаса оған оқ тиеді ғой. Соны неге түсінбейсің?
Ғ а й н и. А? Солай ма еді? Ойпыр-ай, ажалдан қалған екенсіңдер ғой. Ой, нұр жаусын, Маңғасжан. Мен тіпті шала түсініп шатысып жатыр екем-ау.
Ғ а л и я. Мама-ау, ағама тамақты болдырайын та.
Ғ а й н и. Иә, ас болдырайық. Маңғас қайным асығыспын деді ғой.
Екеуі столдан шай жабдығын жиыстырып, ас қамына кірісіп, кіріп-шығып жүреді. Маңғас түрегеліп асхананың шет жағына тамақ келеді. Ойланып қалған.
Ғ а й н и (шығып бара жатып). Мырзашты көргендей бір жасап қалдым-ау, қайным-ай.
М а ң ғ а с (залға). Расында да бүгін біздің басымызды түйістіріп ойда жоқта бір-бірімізге жақын еткен Мырзахметтің аруағы емес пе. Табиғатымда философиядан гөрі әрекетке бейім болсам да, осы арада өзімше бір сыр аштым. «Адам күні адаммен» деуші еді қазақ. Иә-ә, адам күні адаммен. Кейде сенің жеке басыңның өмірбаяны дегенің жалғыз өзіңдікі болмайды екен. Дүниеде жақсылық көр мейлің, жамандық көр мейлің — сопың бәрі өзге адаммен қатынаста болады екен де, сол адамдар сенің өміріңе мықтап кіріп алады екен. Егер оның бірін өміріңнен сызып тастағың келсе, өміріңнің соған байланысты бөлшегін де қоса сызуың керек. Сол сияқты Мырзахмет өмірі осы отырған үшеуіміздің өмірімізбен тамырласып жатыр. Әрқайсымызда аз болсын, көп болсын Мырзахмет өмірінің бөлшектері жүр.
Маңғас сөзінің ортасынан ауа Ғайни мен Ғалия кіріп, столды тазалап жатқан. Ғалия ойланып қалған Маңғастың қасына келеді. Жанасып еркелегісі келетін де түрі бар.
Ғ а л и я. Маңғас аға, біздің үйге бұдан былай келіп тұрасың ба?
Ғ а й н и. Айналайын, қайтсін, папасының көзіндей көріп тұр ғой. (Көңілі бұзылып, теріс айналады.)
М а ң ғ а с. Сенің папаңның жақсы керетін бір әні бар еді. Білесің бе?
Ғ а л и я. Білем... «Әйкен-ай» ғой. Оны мамам жақсы айтады. (Ғайнидың қасына барып.) Айтшы, мама, біз қосылайық.
Ғ а й н и. «Әйкен-ай» әнін бастайды. Ғалия мен Маңғас қосылады.
Кел деп едің, Әйкен-ай, келіп тұрмын,
Отқа түспей өртеніп еріп тұрмын.
Әйкен-ай, кел ойнайық, көл, кел-ай,
Сертке тұрсаң мен сендік жаным құрбан.
Сырым осы, сертімді беріп тұрмын,
Әйкен-ай, кел ойнайық, кел, кел-ай.
Бірінші шумақтың қайырмасы біте бергенде, сахна сыртынан Естемесов дауысы естіледі. Оның дауысы әннің қайырмасына қосыла түсіп, екінші шумақты өзі жеке айтын кетеді. Бұл үшеуі әлдекімді еске алғандай залға қарап ойға кеткен.
Екінші шумақтың әніне тек іштей қосылады.
Естемесов.
Айналайын қарағым, қара қасым,
Қара мақпал жібектей қара шашың.
Әйкен-ай, кел ойнайық, кел, кел-ай.
Баласындай еліктің егілемін,
Сені ойласам мөлдіреп көзден жасым,
Әйкен-ай, кел ойнайық, кел-кел-ай.
Енді Естемесовтың елесі өшіп, үшінші шумақты үшеуі қосылып айтады.
Әйкен-ай деп атыңды қойды.м таңдап,
Әнге қостым атыңды әдейі арнап,
Әйкен-ай, кел ойнайық, кел, кел-ай.
Еркін таудың еркесі елік болсақ,
Мен де өзіңдей жалғызбын, ерке саңлақ.
Әйкен-ай, кел ойнайық, кел, кел-ай.
Сахна әбден қараңғы, әннің аяғы баяулап барып бітеді.
Ш ы м ы л д ы қ.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Шымылдық алдына Маңғас шығады.
М а ң ғ а с. Содан Ғайни апаймен бір үйлі жандай араласып кеттік. Ғалия да түк бөтендігі жоқ, біздің үйдің бір баласындай болып алды. Ептеп әкімшілігімді пайдаланып, о кісіге өз қасымыздан үй ауыстырып әпердім. Ғайни апайдың әдеті қызық. Екі сөзінің бірі Мырзаш. Басқа біреу жайлы әңгіме болып жатса да «Мырзаш сөйтуші еді, Мырзаш бүйтуші еді» дейді. Ескі дос тұрсын, уақыт озған сайын қайтыс болған туған әкең де бірте-бірте ұмыт болады ғой. Ал, бір ғажабы осы Ғайни апаймен араласқалы Мырзахметпен қайта жолығып, бұрынғы білгенімнің үстіне көп сырын, мінезін ұққандай болдым. Біз Ғайни апаймен күнбе-күн араласамыз. Ал Ғайни апай отырған жерде Мырзаш болады. Оның үстіне Ғалияш та мені папасының бір бөлшегіндей сезініп жақсы көріп кетті.
Менің бір қатты қиналғаным — сол алғашқы кездескен жолы да, кейін де Мырзахметтен қалай ажырасқанымды айта алмадым. Сонау қалың жаудың ортасында, қараңғы орманның ішінде жалғыз қалған жаралы адам...
Шығады.
Бірінші көрініс
Сахнада түгел жарық сөнеді. Ғайни апайдың үйінің бір бұрышы. Сахнада Ғайни мен Ғалия, Ғалияның үстінде жаңа көйлек. Ғайни сол көйлекті қызының үстіне өлшеп жатыр.
Ғ а й н и. Кеудесі сәл көтеріңкі емес пе?
Ғ а л и я. Жоқ, дегендей.
Ғ а й н и. Қолтығы қыспай ма? Қолыңды көтеріп көрші.
Ғ а л и я. Жоқ, қыспайды, мама.
Ғ а й н и. Кәне, айналшы былай. (Айна алдына Ғалия айналып көреді.) Етегі кеңдеу ме, қалай?
F a л и я (дөңгелене билеп). Билегенде етегінің кеңі жақсы. Рақмет, мама, мектеп бітіретін кешке дегендей үлгерттің. Мектепте үлкен бал болады.
Ғ а й и и. Мен де барсам қайтер екен?
Ғ а л и я. Әрине барасың, мама. Осындай қуанышты күні сені тастап...
Ғ а й н и. Тек ыңғайсыз боп жүрмесін. Ойнап-күлген жастардың арасында...
Ғ а л и я. Ыңғайсыз болғаны несі. Көрсін жұрт менің мамамды. Дүниедегі ең жақсы, ең ақылды, ең асыл мама менікі. Мен сені жұрттың бәріне көрсетіп мақтанам.
Ғ а й н и. Менің неме мақтанасың, қалқам-ау. Шын мақтансаң мақтанатын адамың папаң еді ғой. Мырзаш келгенде осы ауылдың өңі кіріп қалған-ды. Қой бастаған серкедей бүткіл қыз-бозбаланың көркі болды ғой кезінде. Жігіттің сұлтаны еді.
Ғ а л и я. Мама, папам сені жақсы көрді ме?
Ғ а й н и. Қайдан білейін, қарағым. Оны қайтесің?
Ғ а л и я. Айтшы, мама.
Ғ а й н и. Жақсы көрген шығар. Жек көрсе мені алып несі бар. Осы елде қыз құрып па? Мырзаш сөз салса, ханның қызы болса да шыдап тұра алар ма. Бері келші, қолтық астын сәл қымқыру керек пе, қалай?
Ғ а л и я (анасының қасына келеді). Маған салсаң осы көйлекті енді әурелеудің керегі жоқ. (Шешесіне қолтығын көтеріп көрсетіп.) Дегендей емес пе?
Ғ а й н и. Сәл кеңдеу ме деп едім. Дегендей екен.
Ғ а л и я. Мама, папама қалай ғашық болғаныңды айтшы?
Ғ а й н и. Қойшы, қалқам, ғашық болып мені бір Баян сұлу дейсің бе?
Ғ а л и я. Сонда қалай? Ендеше папама неге күйеуге шықтың?
Ғ a й н и. Ау, Мырзаштың өзі сөз салды ғой. Бір күні шілдеханадан шығып ек. Үйіңе шығарып салам деп Мырзаш мені жұрттан бөліп әкетті. Елден бөлініп жігітпен оңаша кетуге ұялсам да Мырзаш айтқан соң қайтейін. Тек жүрегім лүпілдеп үндемей жүре беріппін. Не айтып, не қойғанын да білмеймін. Тек әйтеуір «Байқаймын, осы ауылдағы қыздардың сенен тәуірі жоқ екен, ертең құда түсуге кісі жіберем» дегені ғана есімде қалыпты.
Ғ а л и я. Сол-ақ па? Одан басқа не айтты?
Ғ а й н и. Не айтсын. Ертеңіне құдалыққа кісі жіберіпті.
Ғ а л и я. Жо, тұра тұршы. Тым болмаса былай: «Қымбатты Ғайни бикеш, мен сізге шын жүректен ғашықпын, сізсіз маған бұл өмірдің мағынасы жоқ, менің арманым тек сіз ғана» деген сияқты бір жақсы сөздер айтқан жоқ па?
Ғ а й н и. Қалқам-ау, кісі өз әйеліне сондай сөз айта ма екен? Естіген құлақтан ұят емес пе?
Ғ а л и я. Жоқ, о кезде үйленген жоқ қой. Және оңаша айтады ғой.
Ғ а й н и. Бәрібір үйленетін болғасын қай-қайдағы сөздің керегі не.
Ғ а л и я. Ал, сен не дедің сонда?
Ғ а й н и. Не деуші ем. Үндеген жоқпын.
Ғ а л и я. Папам сонда да құдалыққа кісі жіберген бе?
Ғ а й н и. Е, айтқасын неге жібермесін.
Ғ а л и я. Егер сен көнбесең қайтер еді?
Ғ а й н и. Көнбегені несі тәйірі. Мырзашқа көбейтін қандай қыз. Оның үстіне сенің папаң өктем еді ғой. Дұрыс болсын, бұрын болсын, ойға алған ісін орындамай тынбайтын. Мен қанша жақсы көргенмен өзінен қорқатын едім.
Ғ а л и я. Қорыққаның қалай, мама? Кісі шын жақсы көрген адамынан қорқа ма екен.
Ғ а й н и. Е, қорықпай, еркектің аты еркек емес пе, қалқам-ау.
Еркектің пальтосын, бешпет-шалбарын құшақтап, сырттан Маңғастың шофері Бабатай кіреді.
Б а б а т а й. Ғайни апа-ау, іліп қойған киімдеріңізді жел ұшырып түсіріпті. Мал басып тастар деп ала келдім.
Ғ а й н и. Жолың болсын, Бабатай қарағым. Ғалияштың көйлегімен алаң болып, қарауға да мұршам болмапты. Нафталині кетсін деп іліп қойып ем.
Б а б а т а й. Басқа бір үйдікі ме десем сіздің қорада жатыр. (Бешпентті қолына алып.) Өзі соғыстан бұрынғы фасон ба, қалай? Сіздің үйде еркек жоқ еді ғой.
Ғ а й н и. Еркек жоғы қалай, Мырзаш ше? Бабатай (таңырқап). Мырзаш? Бұл сонда Мырзекең марқұмның киімі ме?
Ғ а л и я. Иә, папамның киімі.
Ғ а й н и (ұнатпай). Шырағым, қолыңнан жерлеген жоқсың ғой... Марқұм деп...
Б а б а т а й (ыңғайсызданып). Кешіріңіз, Ғайни ана. Баяғыда қара қағаз келген соң...
Ғ а й н и. Қара қағаз келсе неғылады? Бабатай (таңырқап). Сіз... Ғайни апа, сонда... әлі де үмітіңізді үзген жоқсыз ба?
Ғ а й н и. Үмітсіз сайтан болсын. Не деп үмітімді үзем. Мырзаштан үміт үзіп...
Б а б а т а й (әңгіменің бетін бұрып). Ау, мен тіпті арнап келген шаруамды ұмытып кетіппін ғой. Ал, Ғалияш, мектеп бітіріп, кәмелетке келуіңмен құттықтаймын. (Ғалияштың қолын қысады.) Алтын ба, күміс пе?
Ғ а л и я. Күмістен аса алмадым, Бабатай аға. Бабатай. Қуанышыңыз құтты болсын, Ғайни апa. Көрдіңіз бе, күмісті менсінбейді. Қанағат керек, Ғалияш. Үлкен той бүгін сіздің үйде екен. Қазір Маңғас ағам да осында келеді.
Ғ а й н и. Ендеше қазан жағып қамдайын. Бабатай. Ғалияштың оқу бітіруіне сақтаған бір нәрсеңіз бар шығар. Бүгін бір тоғытыңызшы соны. Ғалияш оқу бітіргенде, бір тойдым деп айтып жүрейін. Кәнекей, жүріңіз, етіңізді бұтарлап, отыныңызды өзім жарып берейін.
Ғ а й и и. Жүре ғой, Бабатай қарағым.
Ғайни мен Бабатай шығып кетеді. Ғалия жалғыз. Үй жинастырып жүр. Маңғас кіреді. Бір қолында гүл, қорапқа салынған әтір. Бір қолында оралған портрет.
М а ң ғ а с. Ал, Ғалияш...
Ғ а л и я. Маңғас аға... (жүгіріп келіп Маңғастың мойнына асылады.)
М а ң ғ а с. Тұра тұр. Сабыр ет. (Ғалияштың құшағынан босанып, қолындағы заттарын столға қойып). Кәнеки мен өзім дұрыстап, ресми түрде бір құттықтап алайын. (Гүлін ұсынып.) «Мінеки, ұста мынаны. Ал, Ғалияш, он жылдық мектепті күміс медальмен үздік бітіріп, кәмелетке келуіңмен шын жүректен құттықтаймын. (Әуелі қолын қысып, содан соң құшақтап сүйеді.) Енді аздай косметикаға да көңіл бөлуі де болады. (Әтірін ұсынады.)
Ғ а л и я. Ой рақмет, Мадрас аға. Жеңешем қайда?
М а ң ғ а с. Жеңешең үй шаруасынан босана алмай жатыр. Ұзамай келіп қалар. (Ғалияның ораулы портретке қарағанын сезіп.) Жоқ, жоқ, бұл саған емес. Мұның адресі басқа.
Ғ а л и я. Мен жәй әншейін, Маңғас аға.
М а ң ғ а с. Әшейін болса көзіңді алартпа. Бұл сюрприз - жұмбақ сый, кейін білесің.
Ғ а л и я. Жарайды, Маңғас аға. Енді өзің дұрыстап жайғасып отыршы. (Орындық ұсынады.)
М а ң ғ а с (отыруға асықпай, төрде ілулі домбыраны алады.) Сонымен мединститутқа баратын болып бекідің бе?
Ғ а л и я. Білмеймін.
М а ң ғ а с. Тоқта, жолдас. Білмегені қалай?
Ғ а л и я. Мамамды қимаймын.
М а ң ғ а с. Қала деген үйдің іргесі емес пе? Мамаңды сағынсаң, демалыс сайын келіп тұруыңа болады. Бабатайдың машинасы сау болсын.
Ғ а л и я. Мамам қартайды. Бір есептен жұмыс істеп, мамама көмектескім де келеді.
М а ң ғ а с. Сен өзің мамаңды кемпірсініп жүрсің бе? Ол қырыққа енді ғана келді. Сөзді қой да, мамаңда қайрат бар кезде оқуыңды бітіріп ал.
Ғ а л и я. Мен ес білгелі мамам жалғыз. Содан бері мені жалғыз арқалап келе жатыр. Мамам бір түрлі қажыған сияқты көрінеді. Аяймын.
М а ң ғ а с (күрсініспен). Иә-ә... Мамаңның еңбегі жанатын күн де жақындап қалды ғой. Қырқына шыдағанда біріне шыдар. Біз де біраз елміз ғой. Сен мамаңды уайымдама да оқуыңа бар. (Ақырын домбыра шертеді. Құлағын бұрап, күйіне келтіре алмай әуре.) Көптен ұсталмай қаңсып қалған екен.
Ғ а л и я. Папамның домбырасы. Соғыс біткен жылы болу керек. Мен жетіге қараған кезім. Әлі есімде, мамам жоқта осы домбыраны Самырат деген әнші жігіт алып кетіп, менен алдап алды... Сондағы мамамның ашуланғаны-ай. Қырық шақырымдай жердегі фермаға жаяу барды. Онда көлік қайда. Барса, ол Жайлауға кетіп қалыпты. «Мырзаштың домбырасын кісіге бердің» деп сонда мені тұңғыш рет сабады. Содан қайтып ұрған жоқ. Мамам қырық сабап алып, артынан мені ұрғаны үшін өзіне кейіп тағы жылады.
М а ң ғ а с (ойлы). Папаңды сен білмейсің ғой. Есіңде жоқ шығар.
Ғ а л и я. Папам соғысқа кеткенде, мен бір жаста болыппын. Бірақ мен сізге бір қызық айтайын ба? Папам менің есімде қалған сияқты, Маңғас аға, шынын айтыңызшы, бір жасар баланың көрген-білгені есіңде қала ма?
М а ң ғ а с (таңырқап). Бір жасар дейсің бе?
Ғ а л и я. Иә.
М а ң ғ а с. Сонда қалай? Түр-түсі, бәрі есіңде ме?
Ғ а л и я. Түр-түсін де көргендей болам. Кейде жүрген жүрісін, мамаммен сөйлескенін көріп тұрғандай болам. Мені тізесіне отырғызып шай ішіп отырғаны да көзіме елестейді. Бірақ енді бәрі сондай ап-анық емес. Сонда да көз алдыма елес береді. Осындай бола ма, Маңғас аға?
М а ң ғ а с (таңырқап). Бұл ғажап екен. Баланың есі төрт-бестен бастап кіреді. Торт жастан бұрынғысын есте сақтаған баланы көрген емен. Көбісі-ақ алты жастан бұрынғысын білмейді.
Ғ а л'и я. Осыны қыздарға айтайын десем өтірікші деп, мазақтай ма деп қорқам. Ал, мен папамды түсімде де талай көрдім. Егер кісі өңінде көріп-білмесе, түсінде қалай көреді? Солай емес пе, Маңғас аға?
М а ң ғ а с. Әрине. (Ойланып.) Суретін көріп жүрсің ғой. Бірақ өзін көрмеген адамның суретінде қандай мағына бар. І-і... мамаң екен ғой саған Мырзекеңді тірілтіп беріп жүрген.
F а л и я (таңырқап). Мамам денсің бе?
М а ң ғ а с. Иә, Ғалияш. Ғайни апай, Мырзекеңді бір сәт ажалға қиып көрген емес. О кісінің қасында жүргенде сен түгіл мен де Мырзекеңді арамызда тірі жүргендей, тек жаңа ғана үйден шығып кеткендей сезініп қалам.
Пауза.
Ғ а л и я. Маңғас аға, сізден бір нәрсе сұрайын ба?
М а ң ғ а с. Иә.
Ғ а л и я. Сіз папамның қаза тапқанын өз көзіңізбен көрдіңіз бе?
М а ң ғ а с (іркіліп). Жоқ. Ғалияш.
Ғ а л и я. Сіз папам туралы көп әңгіме айттыңыз. Бірақ папаммен қалай ажырасқаныңызды айтқан жоқсыз, Және қазір «сен түгіл мен де Мырзекеңді тірі жүргендей көрем» деп қалдыңыз ғой.
М а ң ғ а с. Рас, Ғалияш. Мырзекеңнің қаза тапқанын мен өз көзіммен көрген жоқпын.
Ғ а л и я. Маңғас аға, мен он сегізге келдім, оқу бітірдім. Ер жеттім. Шыныңызды айтыңызшы. Mен бәрін білуім керек қой.
М а ң ғ а с (іркіліп). Саған қалай десем екен, Ғалияш...
Ғ а л и я. Не де болса шынын айтыңызшы.
М а ң ғ а с. Мырзекеңнің қаза тапқанын өз көзіммен көрмегенім рас.
Ғ а л и я. Маңғас аға, сіз кешіріңіз. Мені неге сонша қадала береді деп ренжімеңіз. Сіз маған қанша әңгіме айттыңыз. Бірақ ылғи сіздің сөзіңізден... Тіпті көзіңізден, ар жағыңызда бір дүдәмал барын сезем... Ағеке... өзіңізді де... мені де күпті қылмай... шынын айтыңызшы...
М а ң ғ а с (аз уақыт қинала, ойланып қалады). Сен баладан сыр жасыруға болмайды екен. Дүдәмал... менің де кеудемді түйнеп жүрген сол дүдәмал ғой... Ендеше тыңда, Ғалияш. (Пауза.) Мен саған айтып едім ғой, Мырзекеңмен жау тылына барлауға бардық деп... Есіңде ме?
Ғ а л и я. Есімде.
М а ң ғ а с. Біз он бес адам едік. Соның оншақтысы қаза танты. Өзгелердің тағдыры белгісіз. Әйтеуір пе керек. Со кезде тірі қалған Мырзекең екеуміз болдық. Спивак деген украин жігіт... өзі мінезі тұйық, әншейінде кісіге жоламайтын жігіт еді... Сол қуғыншының бетін бізден бұрып әкетті. Сөйтіп Мырзекең екеуміз аман қалдық...
Ғ а л и я. Иә, содан...
М а ң ғ а с. Мырзекеңнің аяғынан оқ тиді. Жүре алмайтын болды.
Ғ а л и я (тағаты таусылып). Сосын қайттіңдер?
М а ң ғ а с. Үш күн бойғы барлаудың бар мағлұматы бізде болатын. Мырзекең маған соны біздің командованиеге жеткізуді бұйырды.
Ғ а л и я. Сіз... Сіз ше?..
М а ң ғ а с. Мен командирдің бұйрығын орындадым.
Ғ а л и я (сөз мағынасына ойланып барып түсініп, таңырқап). Сонда... сіз... менің папамды... жау тылына тастап кеттіңіз бе? (Маңғас үндемейді.) Жоқ, жоқ... сіз папамды тастап кеткен жоқсыз... жау тылынан бірге шықтыңыздар ғой, ә?
М а ң ғ а с. Жоқ, Ғалияш. Мен оны жау тылынан арқалап шыға алмайтын едім. Сен түсінбейсің ғой. (Қиналып.) Саған қалай түсіндірсем екен...
F a л и я (шошынып).. Түсінбейсің дейсің... Сонда жаралы адамды жауға қалдырып кетсеңіз, менің папамды...
М а ң ғ а с. Сабыр етші, Ғалияш. Саған жасырмай-ақ баяғыда айтуым керек екен. Ерлік пен көлгірлік бір жерге сыймайды деуші еді сенің папаң.
Ғ а л и я (қайталап). Ерлік пен көлгірлік бір жерге сыймайды... Ал, сіз жаралы адамды жауға тастан кеттіңіз.
М а ң ғ а с. Менде жау бекінісінің жоспары болды және соны жеткізуге командирдің өзі бұйрық берді.
Ғ а л и я. Жоспар... жоспар адамнан артық па? Шаралы жолдасыңызды құтқару сіздің борышыңыз. Оның сізге бұйрық беруге хақы жоқ... Мен сізді жақсы көруші едім, Маңғас аға... (жылап жібереді).
Пауза.
М а ң ғ а с (қаталдау). Сен бері қара, Ғалияш! (Сөзін жай бастап, бара-бара қызына береді. Бірақ даусын көтермей ішкі толқынмен сөйлейді.) Шынында да сен түсінбейтін нәрселер бар. Сендерді шошытып аламыз ба деп айтпайтын сырларымыз да көп. Бірақ, ер жеттім дедің ғой. Ендеше түсінуге тырыс. Жаралы командирді — майдандағы ең жақын досымды, қалың жаудың ішіне тастап кету... Маған оңай болды деп ойлайсың ба? Одан өзімнің қалғаным он есе жеңіл болатын... Шынтуайтқа келгенде командирдің бұйрығын орындамауға да баратын едім. Бірақ менің қолымда жау бекінісінің жоспары болды. Сол үшін қанша адам қаза тапты. Сол ақпарды аман алып шығу үшін командир Естемесов — Ғалиевтың отделениесін — алты адамды ажалға байлады. Сол үшін Спивак өзін құрбан етіп, бізді құтқарды. Егер оны біздің жаққа жеткізбесек — келесі күнгі шабуылда жүз адам, тіпті мың адам артық өлетін еді. Сол қаза тапқан он үш жолдасымыздың, ертеңгі ажалын тосқан мың адамның қаны папаң екеуміздің мойнымызда болатын еді. Ұқтың ба? Сонша адамның қанын сенің папаң да, мен де арқалай алмадық.
Пауза.
Ғ а л и я (үнсіз сұлық тұр). Кешіріңіз, Маңғас аға. (Пауза.) Менің папамның нағыз ер екенін енді білдім... Маңғас аға, сіз осыны мамама неге айтпадыңыз? Неге баяғыдан бері бүгін келдіңіз?
М а ң ғ а с. Бұл жайды, қарағым, адам баласының басына бермесін. Ал, мамаң болса, оның бұл дүниеден табынғаны жалғыз Мырзекең. Ол өзінің Мырзашы үшін жүз қайтара құрбан болуға даяр. Бірақ Мырзаштың басқа нәрсе үшін құрбан болуына түсінбейді. Ол тұрсын, менің өзім де Мырзекеңді қалай тастап кеткеніме кейде түсінбей қалам. Істеген ісімнің дұрыстығына, ақыл, ойыммен түсінсем де... көңіл түкпірінде қылмыс істеген адамдай, күпті болам да жүрем... Ғалияш, сен мұны мамада айтпай-ақ қой, жарай ма?..
Ғ а л и я (ойланып). Жарайды.
Ғайни мен Бабатай кіреді.
Б а б а т а й. Айттым ғой, әне Маңғас ағам да келіп қапты. Күн демалыс, бүгін бір дүрілдетейікші.
М а ң ғ а с. Ал, Ғайни апа, қуаныш құтты болсын.
Ғ а й н и. Рақмет.
М а ң ғ а с. Бүгінгі қуаныш Ғалиянікі емес, сіздікі. Еңбек кімдікі болса, қуаныш та сонікі деген.
Ғ а й н и. Рақмет, Маңғас. Бала-шағаңның игілігін көр.
М а ң ғ а с. Қуаныштың үлкені сіздікі деп едім, Ғайни апай, ендеше сыйдың үлкені де сіздікі болсын. (Столдың үстіндегі ораулы жатқан затын алып). Кәнеки, көзіңізді жұмыңыз.
Ғ а л и я. Көзіңді жұм, мама.
Ғалия мамасының көзін басады. Маңғас сыйлығын ораған қағаздан босатады. Бұл Естемесовтың үлкейтілген суреті. Маңғас оны Ғайнидың алдына тосады.
Ғ а л и я (мамасының көзінен қолын алып). Ал, көзіңді аш, мама.
Ғайни көзін ашып, суретті көреді. Шошып кеткендей селк ете түсіп, суретке қарап қатып қалған. Сәлден кейін Маңғастың қолындағы портретті рамкасынан ұстап жұлып алады. Бірақ сол үнсіз қадалған қалпы. Бір кезде барып тіл қатады.
Ғ а й н и. Мырзаш... Мырзаштың өзі...
Ғ а л и я (о да суретке кәп қадалған.) Мұндай суреті жоқ еді ғой. Сіз қайдан алдыңыз, Маңғас аға?
М а ң ғ а с. Майдандағы суреті ғой, сақтап жүр едім.
Ғ а л и я. Содан бері көрсетпей жүргеніңіз...
Б а б а т а й. Маңғас ағам оны сенің оқу бітіруіңе әдейі сақтап жүрді ғой.
М а ң ғ а с. Рас, Ғалияжан, сыйға сақтап едім.
Ғ а л и я. Рақмет, Маңғас аға.
Б а б а т а й. Маған айтқан алғысың қайда? Бүткіл
Екінші көрініс
Шымылдық ашылғанда сахна бос. Ғайни мен Бабатай стол көтеріп кіріп келе жатады.
Ғ а й н и. Бабатай-ау, столды басқа жаққа жылжытып қойдыңдар деп бізге кейіп жүрмей ме? Осындағы алдына ақ байлаған әйелдер ашушаң болатын еді.
Б а б а т а й. Шылп етпеңіз, Ғайни апай, мен мұның бастығының өзімен әмпеймін. Мына терезенің алдынан машинаға көз салып отыруға жақсы. (Шығып кетіп екі орындың әкеледі.) Ал, отыра қалыңыз.
Ғ а й н и (отырып жатып). Уһ, тіпті шаршап қалыппын ғой. Қалаға келсең сол, қарап жүріп шаршайсың. Ешқайда барған жоқ сияқты едік.
Б а б а т а й. Ешқайда бармағанымыз қалай, Ғайни апа-ау. Көк базарды үш айналдық, он екі дүкенді түгел, бес дүкенді жартылай араладық.
F a й н и. Солай ма еді. Шаһарға келгеніміз жаңа ғапа емес пе еді?
Б а б а т а й. Біз шаһарға құлқын сәріде — сағат сегізде келдік. Қазір түс ауып, бесін боп қалды. Сіз түгіл Ғалияштың өзі шаршады. Сабағын сылтауратып кетіп қалған жоқ па?
Ғ а й и и. Қайтейін. Айналайын қалағанын кисін дегенім ғой.
Б а б а т а й. Ғалияш ұнатып қалған киімді ана жері олайлау, мына жері былайлау емес пе деп, өзіңіз айнытып жібересіз.
Ғ а й и и. Е, бой жеткен бала. Олпы-солпы киім киіп, жұрт көзінен ұят емес пе. Қатарынан кем қалса, баланың көңілі басылып қалады. Айналайын өзі оқуға да алғыр. Биыл әлгі мықты стипендиясына ілігіпті. Енді маған ақша жібермей-ақ қой дейді.
Б а б а т а й. Несін айтасыз, Ғайни апа. Ғалияшыңыз адам болды ғой. Енді уайымыңыз жоқ. Үш-төрт жылда діңдей дәрігер боп шыға келеді.
Ғ а й н и. Рас айтасың. Ғалияшының адам болғанын Мырзаш көрсе қандай қуанар еді. Оның Ғалияшқа деген ықыласы бөлек еді ғой. (Мырс етіп.) Біздің Мырзаш та қызық. «Осы қызымның жылағанда даусы ащы, түбі үлкен әнші болады» дейтін. Мырзаштың әзілі қалмайтын.
Б а б а т а й. Сірә, Мырзекең жақсы кісі болған-ау деймін. Арада қанша жыл өтті — о кісіні Маңғас ағай да ұмытпаған.
Ғ а й и и. Е, неге ұмытсын. Мырзашты ұмытып, Маңғасқа не болған.
Б а б а т а й. Иә, екеуі майданда бірге болған, қанды көйлек жолдас қой. Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін деген... Маңғас ағам Ғалияшты өз баласынан бірде кем көрмейді. (Менюді ұсынып.) Ішетін тамағыңызды таңдай отырыңыз.
Ғ а й и н. Маңғастың жақсылығына мың да бір рақмет. Ол болмаса мен сияқты жесір әйел бала оқыта ала ма? (Менюді қайтып беріп.) Өзің таңдап ала берсейші, Бабатай-ау. Мен бір күнде столовойдан тамақ ішіп жүргендей... Әлгі даяшысы келе ме бүгін?
Б а б а т а й (меньюге үңіліп). Саспаңыз, Ғайни апа. Ac сіңімді болу үшін асханаға келген кісіні кемі бір сағат қаңтарып қояды бұлар.
Ғ а й н и. Суыт жүріп келген атты қаңтарып қоюшы еді. Қой, мен барып шақырып келсем қайтеді?
Б а б а т а й. Ойбай, тырп етуші болмаңыз, Ғайни апа. Ашуына тисеңіз екі сағат қаңтарып қояды.
Жас ортасынан асқан, шашы бурыл тартқан егде кісі кіреді. Шамасы, тамақ ішетін орын іздеп жүр. Бір қарағанда Естемесов Мырзахметтен аумайды.
Бірақ сұлу, жас лейтенант пен еңкіш тартқан егде кісінің арасында әжептеуір айырма бар сияқты.
К е л у ш і. Қасыңыздағы орын бос па екен? Бабатай. Бос. Тек орындығыңызды арқалай келіңіз.
Ғ а й н и (келушіге таңырқай қарап, кенет шошып, қолын қалқалап). Жоқ... жоқ... жоқ...
К е л у ш і (тақырып). Не дедіңіз? Ғайни (шошынып). Жоқ... жоқ... еш... өш.
Келуші әйелдің оқыс мінезінен шошынып, жағасын ұстап, ақырын шегіне береді. Сахнадан шығып кетеді.
Б а б а т а й (сасқалақтап). Ғайни апа... Ғайни. Мырзаш!.. Тоқта... тұра тұр, Мырзаш!
Авансценаға қарай тұра ұмтылады. Бабатай оны әзер ұстап қалады.
Б а б а т а й. Ғайни апа, Ғайни апа! Сізге не болды? Ғайни (Бабатайды елемейді). Мырзаш... сенің тірі екеніңді біліп едім, Мырзаш! Мен сені күттім... Күндіз өңімде, түнде түсімде. Бәрібір сенің келетініңді білдім. Біліп едім. (Алақтап жан-жағына қарап шошынып.) Мырзаш, қайда кеттің? Қайдасың, Мырзаш? (Жан-жағына қарайды. Аласұрып жұлқынып, Бабатайдың қолынан шығып кетеді.) Жоқ... жоқ... тағы да жоғалды. (Бар даусымен, шыңғырып.) Мырзаш!.. (Қулап түседі.)
Бабатай демей береді.
Ш ы м ы л д ы қ.
* * *
Авансценадан манағы әңгімелескен күйі Маңғас пен Бабатай келеді. Қасындағы Бабатайға оқыс бұрылады.
М а ң ғ а с. Өзі қандай адам екен? Түр-түсі қандай?
Б а б а т а й. Маңғас-аға-ау, Оның түріне қарауға мұршам болып па? Ғайни апайдың басын көтеріп әлек боп жатқанымда кетіп қалыпты. Тұрсын ба, сөйткенше қасымызға кісі жиналып қапты. Солардың көмегімен Ғайни апайды машинаға әзер мінгіздім. Біреулер дереу жындыханаға апар, деп жатыр. Құрысын, далаға тастағандай, онда қалай тастап кетем.
М а ң ғ а с (иегімен нұсқап). Қазір үйде ме?
Б а б а т а й. Иә.
М а ң ғ а с. Ғалияш қайда?
Б а б а т а й. О да үйде. (Күмілжіңкіреп.) Маңғас аға, Ғалияшқа қиын болып тұр.
М а ң ғ а с. Иә.
Б а б а т а й. Ғалияш шыдай алмай мамасының қасына екі рет барып еді. Ғайни апай алдымен «Мырзаш, Мырзаш!» деп ұмтыла түсті де, іле шошынып «жоқ, жоқ, сен емессің» деп айқайлады. Дәрігер де әзірге Ғалияшты мамасына жолықтырмай тұра тұрыңдар деді.
М а ң ғ а с. Неге?
Б а б а т а й. Бұл кісі не де болса үлкен бір потрясениеге ұшыраған дейді дәрігер. Бұл өзі психикалық сырқат. Ал, қызы жанына дерт болып жабысқан бір елесті есіне салатын сияқты. Әзірше аулақ ұстаңдар,— деді, Тсс... Әне өзі де шығып келеді.
Бұлардың қасына Ғалия келеді. Маңғасты көріп, жылап мойнына асыла кетеді. Пауза.
М а ң ғ а с. Сен біздің үйге бар, Ғалияш. Уайымдама... Мамаңды емханаға апарам. Азғана күнде жазылады. Кішкене көңілі бұзылған ғой. Шаршаған адам... Дәрігерлер қолға алса азғана уақытта айығын кетеді.
Б а б а т а й. Сен өзің көңілшектеу баласың. Көп егіле берме. Дәрігер маған айтып кетті. Әншейін жеңіл-желпі сырқат көрінеді. Мен машинаны алып келейін (шығады).
Ғ а л и я. Мамамның папамды көргені рас па, Маңғас аға?
М а ң ғ а с. Қой, бекер шығар. Қайтыс болған адам қалай тіріліп келеді?
Ғ а л и я. Ендеше мамам неге есінеп танып қалды?
М а ң ғ а с. Мырзекеде ұқсас біреу болар.
Ғ а л и я. Жоқ, Маңғас аға. Мамам бұрын да көрінген адамнан папама ұқсастық тауып отыратын ылғи. «Күлкісі Мырзаш сияқты, қарағаны Мырзаштан аумайды, отырысы құдды Мырзаш», деп әйтеуір кімді көрсе де папама ұқсатуға тырысатын. Ондайға еш нәрсе етпеуші еді ғой.
М а ң ғ а с. Кім біледі, қалқам. Адамға адам ұқсай береді. Мынау сондай бір адам шығар. Егіздің сыңарындай ұқсайтындардың талайын көргенмін. Мамаң шаршап жүр ғой. Кісі шаршағанда әр нәрсеге шалдыққыш болады.
Ғ а л и я. Маңғас аға, қалаға барып іздеп көрсеңіз қайтеді?..
М а д ғ а с. Кімді?
Ғ а л и я. Әлгі адамды?..
М а ң ғ а с. Аты-жөні белгісіз адамды қайдан іздеймін. Және өз көзіммен кергенім де жоқ.
Ғ а л и я. Маңғас аға, құлдығың болайын... іздеңізші... табыңызшы...
М а ң ғ а с. Кімді? (Өз сөзінен өзі сескенгендей үнсіз қалады.) Жарайды. Сен үйге бара ғой. (Пауза.)
Ғалия шығып кетеді. Маңғас жалғыз.
М а ң ғ а с. Не де болса Ғайни апайдың дерті — Мырзахмет. Майданға аттандырып салғанына жиырма жылға жуық уақыт өтсе де, жаманат хабарын естісе де, өлімге қимай, өз көңілінде мәпелеп, тірі сақтап келген. Бұрын Ғайни апайдың аузынан Мырзахмет атын жиі естігенге үйреніп кетіп онша мән бермеуші едім. Шынымды айтайын, осы қайғылы оқиға байғұс әйелдің көкірегін қақ жарып, ішінде не боп жатқанын көз алдыма ашып бергендей болды.
Жақсы де мейлің, жамап де мейлің, өзінің жеке өмірі жоқ. Өзге кісінің өмірінен тыныс алып өмір сүретін кісілер болады екен; Олар ағашқа біткен бұтақтай — терегінен үзіп алсаң солып қалады. Ғайни да кесілген ағаштың түбірінен өскен шыбықтай — сол баяғыда кеткен Мырзахметтің өмірімен өмір сүріп, соның қуанышымен қуанып, қасіретімен қайғырып жүрген адам екен. Майданда қаза болған баласының жолын тосып: «Өлгенін көрген жоқпын, қазасына сенбеймін»—деп отырған аналар барын естіп едім. Ал, дәл сондай әйел барын енді көрдім.
Сонымен шыдай алмай қалаға тартып кеттім. Егер Мырзахмет екені анық болса — ол бұл қалада тұрмауға тиіс. Шеттен келген болады. Ендеше қонақ үйден іздеу, керек. Бірақ таныс біреуінің үйіне түссе қайдан табам?
Сахнадан асығыс шығып кетеді.
* * *
Үшінші көрініс
Сахнаға жарық түседі. Диван, стол, орындық. Мейманхананың бөлмесінің бір шеті. Естемесов жалғыз. Манағы асханада көрген адамымыз болып шықты.
Өзінің онша мазасы жоқ, ауыр ойда бөлмені кезіп жүр. Есік қағылады.
Е с т е м е с о в. Кіріңіз.
М а ң ғ а с кіреді. Ол Естемесовке үңіле қарайды.
Е с т е м е с о в (оның көзқарасын байқамай). Анау арғы кереует бос. Сіздің орныңыз сол болар.
М а д ғ а с. Ғафу етіңіз, сіз Естемесов Мырзахмет емессіз бе?
Е с т е м е с о в. Иә. (Маңғасқа қадала қарайды.) Тоқтаңыз... Осы сіздің жүзіңізді шырамытып тұрмын.
М а ң ғ а с. Мен Маңғас Нұржановпын.
Е с т е м е с о в. Маңғас!.. Апырай, бар екесің-ау, бауырым. (Құшақтай алады.) Түһ, мынадай да кездесу болады екен-ау. (Айналдыра қарап.) Қане көрейінші өзіңді. Ана сүті аузыңнан кетпеген бала едің... Енді қартая бастағансың ба, қалай?
М а ң ғ а с (толқып). Тірі екенсіз ғой.
Е с т е м е с о в. Тірі болғанда қандай.
М а ң ғ а с. Сізді сонау жау тылына тастап кеткеннен кейін тірідей оққа байлап кеткендей... құса боп жүр едім.
Е с т е м е с о в . Иә... Иә... Ол бір, кісінің есінен кетпейтін сәт қой. Шынымды айтайын, сенің де аман-сау шығуыңа көзім жеткен жоқ еді. Қалай, уақытында жеттің бе, со жолы?
М а ң ғ а с. Өзіңіз білесіз, сондағы болған істен кейін менің дәл уақытында жетпеуге хақым жоқ еді ғой. Тіпті өлуге де хақым жоқ болатын.
Е с т е м е с о в . Жоқ, шырақ, ажал сенің хақыңның бар-жоғын сұрамайды.
М а ң ғ а с. Жоқ, дәл сол жолы мен өле қалсам одан үлкен қылмыс болмас еді.
Е с т е м е с о в . Ойлап қараған адамға — сенің бұл сөзіңнің терең мәні бар екен. (Әзілге ауысып.) Маңғас баланың үлкен азамат боп, ақыл тоқтатқаны көрініп тұр. Ау, біз неғып тұрмыз, кәнекей, беліңді шеш те отыр мына орындыққа. Таз қарманса... дегендей бір нәрсе табылып қалар. (Шымылдық тасасынан бір шыны ішімдік, алма, ол-пұл шайнамалар алып шығады.) Уақыт кеш. Ресторан жабылып қалған шығар. Әзірге осыны лекерлей тұрайық. Ау, неғып тұрсың, отырсайшы өзің.
Маңғас отырады.
М а ң ғ а с. Сонда біз шабуылға шыққаннан кейін — сол орманнан мен сізді екі күн іздедім...
Е с т е м е с о в . Еңбектеп, кейде таяққа сүйеніп ақсаңдап, ол арадан біраз қашықтап кеттім. Мені басқа бөлімнің адамдары тауып алды. Ол кезде есімді шала білетін едім. Аяғымның жарақаты асқынып, гангрена басталуға аз-ақ қалыпты. Хирургтердің қит етсе, пышағын ала жүгіретін әдеті емес пе. Кестірмей әзер алып қалдым. (Шарап құяды.) Ал, кәнекей, майдандас достардың кездесу құрметіне.
М а ң ғ а с. Сержант Ғалиев есіңізде ме?
Е с т е м е с о в . Сержант Ғалиев дейсің бе? Ол қайсы еді?
М а ң ғ а с. Әлгі бес баласы бар... менің жерлесім... Бізді жау тылынан өткізу үшін немістерді алдандырып атака жасап қаза тауып еді ғой.
Е с т е м е с о в . А-а, иә-иә, есімде.
М а ң ғ а с. Тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Балалары адам боп кетті. Әлгі біз майданда жүргенде туған кішкентайы биыл тоғызыншы класта оқиды.
Е с т е м е с о в (күліп). Ә-ә, есімде, әлгі госпитальдан қайтар жолдағы олжасы ғой. Ал, көтеріп жібер.
М а ң ғ а с. Мен ішпеуші едім.
Е с т е м е с о в (таңырқап). Ішпеймін дейсің бе? Егер мен жаңылмасам, майданда жүргенде наркомның паегінен отказ бергеніңді көрмеген сияқты едім. Бірақ енді уақыт өтеді, адам өзгереді. Біз көріспегелі де он бес жылдан асыпты-ау.
М а ң ғ а с. Биыл он жеті жыл болды.
Е с т е м е с о в . Иә, он жеті жыл. Уақыт қалай тез етеді.
М а ң ғ а с. Уақыт өтеді. Біз қартаямыз. Жастар ер жетеді. Өмір заңы.
Е с т е м е с о в . Сенің өзің әбден философ болып алыпсың ғой. Дегенмен, осы сиқырлы суды данышпандарыңның өздері де бөтен көрмеген. Дәл осы кездесуде қарап қалуың қылмыс болар. Mен командирлік правомды еске алып бұйрық бермей тұрғанда — өз еркіңмен қимылда. Есіңде ме, азғана артподготовка жасап алайық.
М а ң ғ а с. Рас енді. Мұндайға амал жоқ.
Е с т е м е с о в . Кел ендеше.
Екеуі қағыстырып көтеріп қояды.
Естемесов қайтадан құяды.
М а ң ғ а с. Артподготовканы жиілетіңкіреп жіберген жоқсыз ба, Мырзеке?
Е с т е м е с о в . Үдере соқпай жау жапырылмайды, жолдас жауынгер. Абылайдың асында шаппағанда атаңның басында шабасың ба. Жоғалып кетіп қайта табысқанда. Кәнекей.
Екеуі ішіп жібереді.
М а ң ғ а с. Апырай менің де тығыным босап барады.
Е с т е м е с о в . Е, бүгін босамағанда. Друзья встречаются вновь. Майдандас достар бас қосқанда мықтап бір дүрілдетпей тараудың өзі иттік болады.
М а ң ғ а с. Баяғыда сіз әнге құмар едіңіз-ау.
Е с т е м е с о в . Ән дейсің бе? Біздің бастан тарақ қалғалы қашан. Бірақ мен бүгін қасқырша ұлудан да тайынбаймын. «Адамның кейбір кездері...» деп Абай айтпақшы — менің бүгінгі халім жалғыз қалуды көтермейді. Сондықтан да бүгінгі түнді маған қиясың, Маңғас. Таң атқанша гәпті шертеміз. Кәне, айтшы өзің, екеуміз ажырасқаннан бергі хикаяны.
М а ң ғ а с (селқос). Менің өмірімде сіз қызығарлықтай еш нәрсе жоқ. Қой, хикаяңды.
Е с т е м е с о в . Өйтіп кішірейе берме сен. Кәне, жайып салшы, барша тарихыңды.
М а ң ғ а с. Жоға, соны қайтесіз.
Е с т е м е с о в (арақ құйып). Артподготовка аздау боп қалыпты. Кәне, көңіл ашар болсын.
М а ң ғ а с. Жоқ, жоқ. Мен болдым. Ойнасақ та біраз жерге шаптық. Енді доғарайық.
Е с т е м е с о в (іркіліп). Сөйлейтін мен, үндемейтін сен. Байқаймын жалпы көңіл хошың мықты емес сияқты. (Маңғас үндемейді. Іштей түйіліп отыр.) Әйтсе де уақыт дегенін істемей қоймайды-ау деймін. Жатырқасын қалған түріміз бар. Бес минуттан артыққа шұрқыраса алмадық қой.
М а ң ғ а с. Ғафу етіңіз, Мырзеке. Көңіл-күйім онша болмай отыр.
Е с т е м е с о в . Менің де айдарымнан жел есіп тұрған жоқ.
Пауза.
М а ң ғ а с. Сіз бүгін асханада Ғайни апайды көрдіңіз бе?
Е с т е м е с о в . А? Сен оны қайдан білесің?
М а ң ғ а с. Ғайни апаймен төрт жылдан аса көрші тұрып келеміз.
Е с т е м е с о в . Солай де!..
Пауза.
М а ң ғ а с. Сіздің маған басқа сұрағыңыз жоқ па?
Е с т е м е с о в . Байқаймын, сенің маған біраз сұрақтарың бар сияқты, іркілме.
М а ң ғ а с . Сізге беретін сауалым көп емес, Мырзеке. ; Бірақ...
Е с т е м е с о в . Несіне іркілдің? Бірақ... әйеліңді, балаңды неге тастап кеттің?— демексің ғой. Көмейің сол ғой?
М а ң ғ а с. Иә.
Е с т е м е с о в. Кәдімгі моральдық жағынан тұрақсыз боп шықтым. Осы жауабым жеткілікті ме?
М а ң ғ а с. Жоқ, жеткіліксіз.
Е с т е м е с о в . Іһі, тереңге барғың келе ме? Жарайды, айтайын. Госпитальда жатқанда бір қызға ғашық болдым. Жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ жоқ деген — адам жас кезінде қателеспей тұрмайды. Менің де алғашқы қадамым қате болған. Алғашқы қатесін жөндеп, қайта үйленгендердің алды-арты мен емес шығармын!?
М а ң ғ а с. Сіз ендеше, неге Ғайни апайға хабарламадыңыз?
Е с т е м е с о в . Екеумізге де ың,айлысы сол болды.
М а ң ғ а с. Не дейсіз?
Е с т е м е с о в . Ғайниға мені қаза тапты деп хабарлап қойғанын білдім. Бәрібір кететін болған соң бір түңілген адамды — қайта тірілтіп алып, қайтадан түңілтіп әурелеудің қанша қажеті бар? Өзің ойлашы.
М а ң ғ а с. Бұған менің ойым жетпейді.
Е с т е м е с о в . Жетпесе әуре болмай-ақ қой, шырақ. Әркім өзінің дұрыс дегенін істейді.
М а ң ғ а с. Бірақ қалай сонда... Сізді сонша күтіп отырған әйеліңізді, балаңызды тастап...
Е с т е м е с о в. Сен де мораль оқуға келдің бе? (Ызалана бастайды.) Осы жұрт жуылмаған қолымен біреудің ішек-қарнын ақтаруын қашан қояр екен. Ал, мен өз дегенімді істедім. Көңілім қалаған адамға қосылдым. Жұрттың мендегі шаруасы қанша? Ар жағыңды біліп тұрмын, сен маған әйел мен баланың қасіретін көлденең тоспақсың ғой. Ондай жерде қасіретсіз болмайды. Ал, менің өмірім шылғи жұмбақ па екен?!
М а ң ғ а с. Әрине мен сізге де оңай деп тұрғаным жоқ. Бірақ адамда борыш деген бар емес пе?
Е с т е м е с о в. Борыш... Ес білгелі сол борышты өтеуден мойным босаған жоқ. Алғаным көп пе, бергенім көп пе, білмеймін. Кешегі соғыста, мен қорқақ болмаған шығармын. Өз борышымды өтедім-ау деп ойлаймын. Керек жерінде жүрегім дір етпестен ажалға да басымды байлағанмын. Атақ-даңқ сұрағаным жоқ, бірақ содан кейіп өз қалағанымша өмір сүруге хақым бар шығар. Иә, иә, айт анау барлық ақылгөй, моралистеріңе. Көлгірситін жайым жоқ, талай ажалға басымды байлағаннан кейін менің де өмір сүргім келеді. Егер ерлік пен батырлықтың бір төлеуі болса, мен сол үшін көп сый алған жоқпын.
М а ң ғ а с. Батырлық... ерлік... Қандай асыл сөздер. Соғыста мен сізге қызығатынмын. Керек десеңіз, мен сізге ғашық едім. Сіз нағыз батыр адам болатынсыз. Ал, менің өз басым қорқақ едім...
Е с т е м е с о в . Сен... бе, қорқақ болған?
М а ң ғ а с. Иә, Мырзеке. Сіз таңырқамай-ақ қойыңыз. Мен қорқынышымды тірі жанға, әсіресе сізге сездірген жоқпын. Қашан жігіт болып әскерге алынғанша қараңғы түнде сыртқа жалғыз шығуға қорқатынмын. Бойыңа бітпеген батырлықты біреуден тартып аласың ба. Ана жолы сізді тастап жау тылынан жалғыз қайтқанда, зәре-құтым қалған жоқ, бірақ амалым қанша, жанымды шүберекке түйіп жүре. бердім. Сөйтіп алғы шепке жетсем сығылысқан әскер. Тышқан жүгіріп өте алатын емес. Зәрем зәр түбіне кетті. Бірақ қолымда сіз берген жау бекінісінің жоспары болатын. Сіздің жеткіз деп берген бұйрығыңыз бар. Сізге шынымды айтайын — сол арада қаршадайымнан құдайсыз өскен мен «я, құдай, арғы бетке өткізе гөр» деп аллаға сыйынып, еңіреп жылаппын. Сонан соң біз үшін өз басын құрбан еткен Спивак есіме түсті, қырылып қалған Ғалиевтің отделениесі есіме түсті. Жау арасында жалғыз қалған жаралы командирім — сіз, сіздің айтқан сөзіңіз есіме түсті. Со кезде барып көз жасым тиылды.
Рас, сіз жаужүрек батыр болдыңыз, мен болсам ылғи жаныңды шүберекке түйіп жүріп соғыстым. Бірақ айтыңызшы, ең жақын адамдарыңызға рақымыңыз түспегенде — сіздің батырлығыңыздың шипасы кімге тимек?
Е с т е м е с о в . Әуелі басыңа, қала берді досыңа деген. Шипа ден кімді кім жарылқап жүр дейсің, шырағым.
М а ң ғ а с. Сіздің Ғалиевті көрінеу көзге ажалға жұмсағаныңызға мен сонда түсінген жоқ едім. Міне, содан бері он жеті жыл өтті, соған әлі де түсінбеймін.
Е с т е м е с о в. Ол соғыс заңы.
М а ң ғ а с. Ненің заңы болса да түсінбеймін. Бәрібір оның бізге пайдасы тиген жоқ. Бекерге қаза тапты.
Е с т е м е с о в . Иә, рас, менің сол тактикам қате болды.
М а ң ғ а с. Сіз алты адамның өміріне қаталастыңыз. Әрине одан да үлкен қателер болады. Бірақ сіз көп қысылмай, қиналмай, оңай қателестіңіз. Керек болса Ғалиевтің өзі де ажалдан тайынбас еді. Анау Спивак бұйрықсыз-ақ басын ал;алға байлап бізді құтқарған жоқ па?
Е с т е м е с о в. Сен бет алды даурыға берме, шырақ. Мен де бас сауғалап тасада қалғаным жоқ.
М а ң ғ а с. Иә, сіз батыр болдыңыз. Бірақ батырлыққа егіз мейірбандық пен рақымшылық болмаса — ондай батырлық алмас қылыштың жүзі ғана. Ғалиев деймін-ау, тұла бойы тұңғышыңыз — жалғыз нәрестеңізге қайырылмаған соң...
Е с т е м е с о в . Саған бәрі ап-айқын, оп-оңай. Ал, кей нәрсені еске алудың өзі адамға азап екенін сен ұғасың ба? Ой, ұқпайсың ғой. Болмаса баяғыда өтіп кеткен, ұмыт болған нәрсені қайта қоздырып...
М а ң ғ а с. Сізге ұмыт болғанмен Ғайни апайға ұмыт болған жоқ. Мана сізді көргенде есінен танып қалған. Содан дертке шалдықты. Осы келгенде оны ауруханаға апарып келіп отырмын.
Е с т е м е с о в. Солай ма? Соншама толқығаны несі екен байғұстың.
М а ң ғ а с. Егер де сіз адам сияқты жөн-жосығымен ажырассаңыз, ол олай толқымас еді.
Е с т е м е с о в (тыжырынып). Оны айттым ғой саған. Ғайниға жеңіл болу жағын көздеген жоқпын ба?!
М а ң ғ а с. Одан да шынына көшіңіз. Сіз өзіңізге жеңіл жағын көздедіңіз.
Е с т е м е с о в . Жоқ, жоқ, сен...
М а ң ғ а с. «Ерлік пен көлгірлік бір жерге сыймайды» деген өзіңіз едіңіз. (Пауза.) Әрине, әйелінен ажырасқан адамның алды сіз емессіз, арты да сіз болмайсыз. Бірақ сіз әйеліңіз бен балаңыздан жасырынып қашып кеттіңіз. Сіз оларды сатып кеттіңіз. (Пауза.) Олар жиырма жыл тұлыпқа мөлдіреп, сіздің есіміңізді тұмар ғып тағып, аруағыңызға табынып келді.
Пауза.
Е с т е м е с о в. Айтылмаған сөз қалмады. Мені жерлеп болған шығарсың. Бірақ не де болса өтер іс өтті ғой. Енді маған беретін жәрдемің бар ма, соныңды айтшы.
М а ң ғ а с. Білмеймін. Сірә менен ешқандай жәрдем болмас.
Е с т е м е с о в. Ендеше иеге келдің? Мені жерлеп, тілдеп кету үшін бе?
М а ң ғ а с. Жоқ, мені Ғалияш жіберді.
Е с т е м е с о в. Ғалияш? (Пауза.) Маңғас, қанша ренжісең де, достық қарызы бар ғой. Ғалияшпен арамызды жалғастырсаң қайтеді. Мүмкін кешірер.
М а ң ғ а с. Ғалияш дейсің, талайды көрген менің өзім тоналып қалғандай ойсырап, құлазып тұрмын. Бұл жолы сірә сіздің өз әдісіңіз дұрыс болар. Ғалияштың өзі мақтан ететін, майданда қаза тапқан аяулы әкесі бар. Оны енді қайтадан өлтірмей-ақ қоялық.
Мырзахмет үнсіз сұлық отырып қалған. Маңғас бұрылып жүре береді. Авансценаға жақындап келіп тоқтайды. Ауыр ойда.
Бірақ бұл айтар ауызға ғана жеңіл. Есі кірген баланы қалай алдайсың. Ал, шынын айтсам... онда жас жүрегіне жазылмастай жара салмаймын ба? Шошынған жүрек тіпті түңіліп кетуі де мүмкін. Бірақ, өтірікпен қанша жерге барасың?.. Сонда не айтам Ғалияшқа?..
Ш ы м ы л д ы қ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі