Ертеде бір бай болыпты, малы көп болыпты. Әсіресе, жылқысы сондай көп болыпты. Жылқысының саны алты айғыр үйір болыпты. Жаз өтіп, күз таяғанда, жылқыларды бағу қиынға түседі. Бір жағынан жылқыларға қасқыр тисе, екінші жағынан жылқыны шетінен білдірмей ұрлайтын белгісіз бір ұры пайда болады.
Бай қыстың, таянып келе жатқанын ойлап, қар түскенде жылқыларды далаға бақтыру әрі күнделікті жоғалуын тыю үшін, жылқы бағушы адамды іздеуге кіріседі.
Сол кезде елге аты шыққан жылқышы, әрі батыр, әрі мерген, мал дегенде жалғыз торы аты бар, Ақжан деген кедей бар екен. Ол туралы бай ести сала, Ақжанның үйіне барады. Ақжан батырға жалынып: «Алты үйір жылқымды бағып бер, қыстан аман-есен алып шықсаң, бір айғыр үйір жылқыны ақың үшін аласың», – дейді.
Ақжан батыр: «Қасыма бес кісі бер», – дейді. Бай «Қасыңа өзімнің інімді берем, қалған төрт жылқышы ауыл адамдары болады», – дейді.
Ақжан батыр «құп» деп торы атына мініп, байдың ауылына келеді. Одан кейін ол түгел санап, алты айғыр үйір жылқыны бес кісі бақташысымен қарамағына алады. Бұдан кейін бұлар қостанып, алты айғыр үйір жылқыны шөбі қалың, суы мол, қопалы жерге айдап әкеледі. Қопаның ішінен ынғайлы жерге жылқышылар алты қанат киіз үй тігеді. Онда тамақ ішеді, басы артық киім-кешектерін қояды, кезекпен демалады, боран күндері паналайды. Күндер артынан күндер, айлар артынан айлар өтіп жатады. Бірақ жылқы ішінен жылқы жоғалу деген болмайды.
Күндерде бір күн Ақжан батыр алты үйір жылқымен жалғыз өзі қалып, қалған туаршыларын үйге тамақтануға жібереді. Кешке қарай бесеуі келісімен, біреу биені сойып, етін тай қазанға салып, киіз үйідің ортасына жер ошаққа асады. Бесеуі етін пісіріп, жеп, жайғасып болған соң, жылқыға бармақ болады. Бірақ байдың інісі ту биенің етіне тойған соң, ұйқысы келіп «ауырады» да, ол киізге оранып үйде қалады. Қалған төртеуі аттарына мініп, жылқыға барып, Ақжан батырды үйге тамаққа жібермек болып жөнеледі.
Бұлар барған соң, Ақжан батыр үйге қайтады. Оның торы аты сондай жүйрік болған екен дейді, тіпті алдынан кеткен қараға жетпей тынбайды екен, артынан қуған қараға ешбір ізін білдірмейді екен. Ақжан батыр атын желдіріп келе жатса, алты қанат киіз үй орнынан төрт сүйем жоғары көтеріліп, астынан оттың сәулесі көрініп тұр екен дейді. Есіктің тұсына таман қарсылай жүрсе, үйдің нақ ортасында жалғыз көзді дәу қолына үйде қалған байдың інісін алып, оны отқа қақтап жеп отыр екен дейді. Ақжан батыр киіп кетіп, жалғыз көзді дәудің тап көзінен көздей отырып саржамен атады. Сол кезде дәу алты қанат киіз үйді көтеріп ала жөнеледі.
Барса, Ақжанның жолдастары жылқыға үйден аттанып кетісімен, дәу үйге келіп, қазандағы етті жеп, одан кейін киізге оранып жатқан жалқауды ұстап алып, отқа қақтап жей бастаған екен дейді.
Бұдан кейін Ақжан батыр дәудің ізіне түсіп, соңынан қуған да отырған екен дейді. Таң қараңғысы болған кезде барып жаудың үңгіріндей бір інге кіреді. Ақжан батыр атын қаңтара тастап, қолына саржасын ұстап, дәу кірген інге кіреді. Көп жүрмей-ақ қолы жалаңаш дәудің денесіне тиеді. Сүйреп алып шықса, дәу өліп қалған екен дейді. Көңілі тынған Ақжан батыр құйғытып жолдастарына келеді. Оқиғаны түгелдей айтып, киіз үйін қайтадан құрап тігіп береді.
Ақжан батыр жолдастарына: «Мен елге барып, байға болған оқиғаны айтайын, бұл дәу үш ағайынды дейтін еді. Қалған екі тумасы маған келер, сендерге тимес, жылқыны жақсы бағыңдар, мен барып қайтайын», – дейді. Жолдастары мақұлдап, қош айтысып, Ақжан батырды шығарып салады.
Елі салт аттыға үш күндік жол екен дейді. Ақжан батыр шыққан күні кешке бір ауылға қонбақ болып, келіп түседі. Кешке түскен үйіне бір жат адам келіп, Ақжан батырмен сөзге кіріседі. Әлгі жат адам кетерінде, Ақжаннан кешке қай жерге ұйықтайтынын сұрап, өзінің бұның қасына жатқысы келетінін айтады. Ақжан батыр оған: «Есіктің алдына, ақ жадағайымды айқара жамылып, торы атты беліме байлап жатармын» – дейді.
Ақжан батыр мұның жат адам екенін сезіп, түнде есіктің алдына томар ағаш тастап, оның үстіне ақ жадағайын айқара жауып, атын томарға байлап, өзі есік алдындағы сайға жасырынып, саржасын қолына ұстап, бақылап отырады. Түн ортасы ауған соң, бір кезде аспаннан бір үлкен қара құс ұшып келіп, ат байлаулы тұрған томарды келе бүреді. Ақжан батыр саржамен атып қалады. Дәу томарды сүйрей жөнеледі. Атына мініп, ізімен Ақжан батыр барса, өліп те қалған екен дейді. Одан кейін қонған үйімен қоштасып, Ақжан батыр бағытымен еліне жөнеледі. Келесі күні де жолда қонған үйінде осындай оқиға болып, сонымен үшінші дәуді де өлтіреді.
Ақжан батыр еліне жетіп, барлық болған оқиғаны айтады және де байға байдың інісін дәу өлтіргенін айтады. Бай інісінің өлгеніне жылап, малдарының аман қалғанына қуанып, елін жиып, той жасап, ат шаптырады.
Ақжан батыр да кері оралып, жылқыларға барып, жолдастарымен байдың жылқыларын айдап әкеліп, байға тапсырады. Бай жылқыларын амап алып шыққаны үшін, дәулерді өлтіргені үшін Ақжан батырға келісім бойынша бір үйір жылқыны береді. Ақжан батыр бір үйір жылқыны үйіне айдап келеді. Бұрын басынан өткен кедейлігі ұмытылып, Ақжан батыр барша мақсатына жеткен екен дейді.
«Еңбек етсең, дұрыс ет» деген мақал осыдан қалған екен дейді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі