Өлең, жыр, ақындар

Кісі ақысы

Дүкеннен келген Асан анасына есеп беріп,​ алған заттары мен артылған ақшаның қайтарымын столға қойды. Бірақ оң қолының кішкене саусақтары жұмылып,​ алақаны әлденені жасырып тұр еді.

— Аш қолыңды — деді анасы сұраулы жүзбен. Қолын артына жасырған Асан,​ қипақтап аша қоймады.​ Анасының қастары түйіліп,​ көзі тесіле қарап тұр. Амалсыз алақанындағы 85 теңгені көрсетті.

— Мынау не? Сенде артық ақша болмады.​ Қайдан алдың?

— Жаңа сатушы апай..​ байқамай...​ шатасып...

— Артық беріп қойды ма..?!

— Иә..

— Неге бірден қайтарып бермедің?

— Басында қуанып кеттім...​ Сосын..​ Сіз ұрсатын шығар деп...

— Әлбетте,​ ойламаған жерден артық тиын алғанға басында қатты қуанып кеттің.​ Сосын ұжданың мазалай бастаған ғой?! Балам,​ кел,​ отыр.​

Жас кезімде маған да анашым осындай арам ақшадан аулақ болуды жиі айтатын. Бірде базар маңындағы сатушыдан банан алмақ болдым.​ Адам қаптап, шатасқан сатушы,​ маған байқамай бір бананды артығымен беріп жіберді.​ Дәл сол сәтте қатты қуанып кеттім.​ Үндемей банандарды алып, ұзай бердім. Бірақ,​ үйге таяған сайын әлгі банан маған жеміс емес,​ жылан секілді көрініп,​ өкіне бастадым.​ Қайта апарып беруге​ ерініп,​ әрі ұялып,​ ертесі күні қайтсем де ақшасын апарып беремін — деп шештім.​ Сол түні ұйықтамай шықтым десем болады. Егер алда-жалда не мен,​ не әлгі сатушы өліп кетсе,​ қабірде осы 50 теңге тұратын банан айдаһарға айналып тосып тұрардай,​ қатты шошыдым..

Базар ашылып,​ саудагерлер шығатын уақытқа дейін әзер шыдап,​ қолыма 50 теңгемді қыса ұстап, базарға қарай құстай ұштым.​ Кеше сатушының түріне дұрыстап қарамаған екенмін. Ал тапсамшы. Көп іздеп,​ әркімнен сұрап,​ еш таба алмадым.​ Сосын сол сатушыға ұқсас бір әйелге ақшамды ұстаттым да:

— Кеше осында бір келіншектен бір банан артық алып кетіппін.​ Кім екенін таба алмадым. Тым болмаса сіз алыңызшы!- деп, жауабын күтпестен жылдам кетіп қалдым.

Балам,​ қазақ ешқашан үйіне құлып салмаған,​ кісі затына тимеген.​ Керісінше қолы ашық жомарт, көмекке әзір, арамнан сақтанғыш, аманатқа адал халық болған.​ Бұрын өзге ұлттар біреуге сәлемдеме бергісі келсе,​ қазақтарды іздейді екен.​ «Қазақ — аманатқа қиянат жасамайтын халық» — деп, біздің ұлттың адалдығы түркі тілдес ұлттар арасында аңыз болған екен..

Ал,​ қазір ше?!​ Аманатқа адалмыз ба? Қолымыз бен арымыз таза ма?​ Не дейсің?

—​ Анашым,​ кешіріңізші..!​ Мен барлығын түсіндім - деген Асан,​ дүкенге қарай жүгіре шықты.​ «Енді мына тиындарды әлгі апайға қалай қайтарамын?» — деп,​ уайымнан терлеп те кетті. Дүкен сыртында тағы біраз аялдаған Асан,​ бір кісімен қабаттаса кіріп,​ бірнеше тиынды сатушының алдына тастай сала,​ атып шықты.

— Әй,​ бала!​ Мынау не ақша?​ Не керек?- деп айқайлаған сатушы,​ иығын қиқаң еткізіп,​ сыңғырлаған тиындарды суырмаға сала бастады.

Гүлмекен Қасенбай
26.06.2022


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер