Ақын Ғафу Қайырбековтың туғанына 70 жыл толу мерейтойы Қазақконцерт залында аса бір салтанатты жағдайда өтті. Ақынның тұрғыластары, құрбыластары, үзеңгілес серіктері, туған-туыс, іні-қарындастары тегіс жиналып келіп, зал ішін ақынға деген, қаламгер мұрасына деген құрмет пен махаббатқа толтырып жібергендей болды.
Сол салтанаттың куәсі бола отырып, осыдан төрт-бес жыл бұрынғы бір оқиғаны еріктен тыс еске алдым.
Бұрынғы Талдықорған облысының Ақсу өңірінде Ілияс Жансүгіровтың 100 жылдық ұлы тойы өтіп жатты. Сол тойда ақындар мүшәйрасын басқарған маған облыс әкімшілігі автокөлік мінгізді. Той тарқар кезінде мен Алакөл ауданынан арнайы келген жерлестеріме кіріп, қоштасып шықпақ болдым. Алты қанат ақбоз үйдің төрінде жұбайымен Ғафу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев, Рымғали Нұрғалиев сияқты менің сыйлы да күйлі қаламдастарым қонақ болып отыр екен. Мен асығыс амандасып, жөн айтысып кетпек едім, Ғафаң тұрып:
— Сәкенжан, көлігің құтты болсын. Бірақ машина деген де темір ғой, бүгін бар, ертең жоқ, — сынады да қалады. Сені елің сыйлап, құрметтейді екен. Мен соған разы болдым. Сол елдің махаббатына осылайша бөлене беруіңе әрдайым тілектеспін, — деп тост көтерген.
Сол кезгі аудан әкімі:
— Оу, ағайын, дастарқан иесімен ғой, рұқсатпен, кезекпен сөйлейік те. Дастархан түгілі, елу мың халқы бар аудаңды да басқарып отырмыз ғой, — деп Ғафаң сөзіне шолтаң етіп кейіс білдіріп қалды.
— Әй, қарағым, мен оғаш ештеңе айтқан жоқпын ғой, — деп өркөкірек Ғафаң бұл жолы мүдіре күңкілдей берді.
"Шолақ сай тез тасиды" дегендей, әлгі әкімнің орынсыз қыстырылғанына мен де ызалана бастап едім, орта жолдан сөзге Рымғали Нұрғалиев араласты:
— Әу, ағайын, — деді ол, — бүгін біз қазақ әдебиетінің айтулы классиктерінің бірін марапаттап, мерейтойын өткізіп отырмыз. Ішімізде сол ұлт әдебиетінің тағы бір асқар биік өкілі, тірі классигі Ғафаң отыр. Бұйырса, күні ертең бұ кісінің де кезегімен келер мерейтойларын осылай ел болып атап өтетін боламыз. Сондықтан бүйректен сирақ шығармай, тату-тәтті тарасайық та.
"Сөзіңді біреу сөйлеп жатса, аузың қышып бара ма?" дегендей, мұндай әділ айтылған аталы сөзден соң мен артымды қысып, Алматыға аттанып кете бергенмін.
Әйтсе де, ешқашан ауыздыға сөз, аяқтыға жол беріп көрмеген Ғафаңның сол күнгі бір сәтке мүдіруін, көңілінің сәл басылуын көру де маған ауыр тиіп еді. Өйткені ол кісі қай жер, қай ортада болсын өктем көрініп, ағыла, ағынан жарыла сөйлеп отыратын. Соңына ерген, көп жылдар Ғафаңның қарауында істеген үркердей бір топ інілері Сағи, Шәміл, Тұманбайлар ол кісінің алдынан кесе өту түгілі, бір рет кезексіз килігіп, сөзін бұзып көрмеген болар. Өздері де көлеңкелері күндік жерге түсетін көсем болып қалғандарына қарамай, Ғафаң алдында төменшіктеп тұратындарын көп аңғарып жүретін едім.
Тұманбай Молдағалиев 50 жасқа толып, үйінде бір топ адамға дастарқан жайғаны есімде. Тойдың тамадасы (әлде "асабасы" дейтін бе еді?) Кәдірбек Сегізбаев болатын. Ол да тілді жігіт, жұртты күлдіре ұйытып, кезегімен сөз беріп тұр еді, орта жолдан Ғафаң қосылды да, тізгінді бірден өз жағына тарта бастады. "Оу, аға, тамада мен едім ғой!" — дейді Кәдірбек. "Сенсің ғой тамада, білем ғой, бірақ тұра тұр!" — деп Ғафаң әрі қарай билікті өзі қағып алып, басқарып кете берген болатын.
Ордабасыда өткен ұлы жиынға (1993 жыл) жазушылар бірқауым ел болып барғанбыз. Біз Тұманбай Молдағалиевпен екі кісілік купеде едік, үстімізге қолында қомақты сөмкесі бар Ғафаң кірген. Ашық есіктен бір мезетте Әбдіжәміл Нұрпейісов кіріп, төрге озды. Ғафекең маған:
— Сәкен, ана сөмкеге қол жалғашы, жеңгең салған дәм болса керек еді, — деп бұйырды.
Қол салып едім, солаң етіп үлкен кесілген қазы шықты ішінен.
— Оу, әрірек сұқсаңшы қолыңды, — дейді Ғафаң. Әрірек сұғып едім, сопаң етіп енді бір шөлмек коньяк шықты.
— Е, бәсе! — деп жымың етті Ғафаң.
Қазыны Әбекең ұстады. Кертіп жеп, есіктен сығалағандарға керенау қарап, кертіп асатып отыр. Ғафаңның аузына ешнәрсе тие қоймады-ау деймін:
— Әй, Әбекем-ай, жұрттың қазысына келгенде, мүлдем шүлен болып кетеді екенсіз-ау! — деп қалды.
Біз дүрліге ду күліп едік...
... Әңгіме басында айтылған оқиғадан кейін ізін суытпай Ғафаңа жолықтым.
— Өткен жолы көңіліңізге ауыр алып қалдыңыз-ау деймін, аға. Сол жігіттің желігін басып, тәубесіне келтірер бір амалын ойластырсам қайтеді? — деп сұрадым.
— Өй, қайтесің соны. Оның үстіне, сол жігіттің өзі де қатесін мойындап, сен кеткесін кешірім сұрағандай болған. "Ит үреді, керуен көшеді" емес пе? Елеп қайтесін, — дей салған.
Сондағы Рымғали айтқан бір ауыз дәлелді сөз Ғафаңның 70 жылдығында тағы да еске түсіп, классик ақынымыздың алда болар ұлы тойларының басы осы екен-ау деп түйген едім.
Өзімнің Ғафанды таныған, білген кездерімді де ретімен барып еске алғам.
Жұмекен жайында жазылған бір естелігімде айттым ғой деймін, "Ақдариға" деп аталатын көлемі үш баспа табақтай ғана кітабымның қолжазбасын көтеріп, алдыма Нәжімеденовтың өзін салып, Ғафу Қайырбековке бардым. "Аға, аз ғана уақытыңызды қиып, осыны оқып шығыңыз, — деп жалындым, — ұнамаса енді қайтып сіздің мазаңызды алмауға сөз, осы көшемен жүрмеуге уәде берейін".
Ғафаңнан алыста жүрген, астанаға оқта-текте бір соғатын мен түгілі, көп жыл қатар отырып қызмет атқарған, өздерінің де күндік жерге көлеңкесі түсерлік атақ-абыройы бар өкшелес інілері Тұманбай, Сағи, Шәмілдер де ығыса жүретінін байқайтынмын. Жаңағы қолқама бір бөлмеде иық тірестіре отырған олар да таңырқасып, бір сәт алдарындағы жұмыстарынан бас көтерген қалпы, үнсіз бізге қарасып қалған.
Қолжазбамды қолына алып, салмақтап көрген Ғафекең: "Жақсы, қарағым, қол да тимей жатыр еді, бұрын мұндай қолқа салып көрмеп едің, тастап кет те, бірер сағаттан кейін қайта орал'', — деді.
Мөлшері болып-ақ қалды-ау деп, араға бірер сағат салып барып едім, Ғафаң:
— Әй, Сәкен, сен ақын екенсің ғой, қалқам. Қатты разы болдым! — деп қолжазбамды өзіме қайтарды.
"Кітап етіп шығарып береміз" деп айта ма деген бір дәмелі үміт жылт етіп барып сөнгендей болып еді ішімде.
Өлең жазғанның бәрі ақын бола қоймайтынын өзім де білетін едім. Ғафу секілді құдірет санайтын адамның аузынан "ақын екенсің!" деген сөз есту менің төбемді көкке жеткізіп тастағандай болғаны рас.
Ғафу Қайырбековтің өзін емес, сөзін бұрын танып едім. "Сөзіне қарап кісіні ал, кісіге қарап сөз алма", — деп Абай айтқандай, алғашқы өлең кітабы — алақан көлеміндей "Құрдасты" оқып шығып құмартқан ақыным болатын. Бұдан соң "Дала қоңырауы" дейтін үлкен дастан-романын оқыдым. 1969 жылы шыққан "Алтын бесік" деген (бұл Ғафаң кітабы ішіндегі тұла бойында бір міні жоғы еді) кітабын түгел жаттап та алғам.
Кейін Ғафаңмен бір шаңырақ астыңда (Қазақстан Жазушылар одағы) қызмет ете жүріп, жақынырақ араласа бастадық. Бірақ жұлдызымыз тым жарасып кетіп еді деп айта алмаймын. Оны Ғафаңның өзі де сезіп, әр жерде: "Бұл екеуміздің басымыз бір қазанға сыйыса бермейді" деп айтып жүретін. Мен әйтеуір алдынан кесе көлденең өткен емеспін. Өзі де бетті, өзі де текті адам. Содан да ма, жасы кішілердің бәрі ол кісіден имене, ығыса жүретін. Бірде маған телефон соғып, ел ақындарының бірінің кітабын: "Неге шығармайсың, өзі менің қасымда отыр, сендердің әмісе өстіп, алыстағы ағайынды шетқақпайлай беретіндерің не осы?" — деп қатты-қатты сөз айтып тастады. Даусы да қатты шығып кетті-ау деймін, мен де шамданып: "Оу, сіз неге сонша айғайлайсыз? Дауыс менде де бар", — деген болып едім, ағам бірден әдісін өзгертіп: "Сәкен-ау, мен ағаң емеспін бе, сондықтан айқайлаймын да!" — деп шыға келді. "Ә, онда жөн, аға. Айтқаныңыз болады, құп, тақсыр!" — демеске шарам қалмады.
Сөйтсем, Ғафаң қасында отырған, әлгі елден келген адамға: "Ол біздің бала ғой, қазір көзіңше қатты тапсырайын, кітабынды қалай шығармас екен!" — деп отырады да, қолма-қол маған телефон соққан. Және менен қарсылық бола қояды деп ойламаған ғой.
Пенделік қылықтан да құралақан емес еді жарықтық. 1985 жылға қорытынды жиналыста Ғафаң қазақ поэзиясына сол жылы қосылған шығармалар хақында баяндама жасаған. Жиналыс болардан бірер күн бұрын Қадыр Мырзалиев екеумізге кездейсоқ ұшырасып қалған Ғафаң:
— Сәкенжан, сенің "Бел-белес" дейтін кітабыңды Несіпбек әкеліп беріп еді, оқып бітіріп қалдым. Маған аса ұнап тұр, — деді жүре сөйлесіп.
— Ұнаса болды ғой, аға. Ар жағын өзіңіз білерсіз, — дегем де қойғам.
Қызығы жиналыс үстінде болды. Жыл бойына шыққан кітаптарға түгел тоқталып, бірін мақтап, бірін мінеп дегендей, біраз сөйлеп алған Ғафаң баяндамасы аяқталар тұста: "Өкінішке қарай, биыл шыққан кітаптар ішінен менің қолыма Сәкен Иманасовтың "Бел-белесі" түспеді. Сондықтан ол кітапқа баға бере алмаймын", — деген сөздермен аяқтағаны ғой.
Дағдарып, не дерімді білмей қалдым. Тағы да залда Қадырмен қатар отыр едім.
— Дымың ішінде болсын, мен сөйлейін, — деді ол менің қазіргі халімді айтқызбай ұғып.
Жарыссөзге шыққан Қадыр: "Ғафа, күні кеше ғана менің көзімше Сәкенге кітабын мақтап жатыр едіңіз, бүгін "қолыма түспеді" деп тұрсыз. Сонда қалай болғаны? Не кешегі, не бүгінгі сөзіңіз өтірік болғаны ғой, сірә", — деді.
Баяндамашы ағам қорытынды сөзінде бұл турасында ләм-мим демей, орағытып өте шықты.
Жиналыс соңынан екінші қабаттағы фоэде Сырбай Мәуленов ағама жолығып, әлгі жағдай жөнінде мұң шағып отыр едім, үстімізге қаңғалақтап Ғафаң келе қалғаны.
— Мына Сәкен маған сенің үстіңнен арыз айтып отыр, — дей бастап еді Сырағаң, Ғафаң киіп кетіп:
— Әй, Сәкенжан-ай, кейде мені де атар адам жоқ осы, болары болып кетті ғой, қойшы енді, қазбалай бермей! — деп тыйып тастады.
Аталы сөзге дау айтардай арсыз емеспіз деуші едік, әлгі мойындаудан кейін, үлкен-кіші болып, мәз бола күлісіп қана тарасқанбыз.
1994 жылдың күзінде Жезқазған жері Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдық тойын атап өтті. Алматыдағы ақын-жазушы түгел ғана сол жаққа көшіп барғандай болдық. Мен тағы да осындағы ақындар мүшәйрасына төрағалық еткен едім. Сол мүшәйраға қатысқан Ғафаң да бәйгелі орын ала тұра, оны өз бойына олқысынып қалғанын түсіндім. Мүшәйра соңынан менен: "Сәкен, арнайы дайындап келген сөзім бар еді, соны оқып берейін!" — деген. Жергілікті белсенділердің қарсылығына қарамай, "Ғафаңа бермеген сөзді кімге бермекпіз!" — деп, тізеге сала отырып, — Ғафу Қайырбеков сөйлейді, — деп хабарладым.
Ағам жақсы-ақ дайындалған екен. Бірақ бұрынгы тау суындай тасып тұрған екпін жоқ. Ентіге тұрып, қағаздағы сөзін әрең ғана оқып шықты.
Ертесінде Қарқаралыға қарай жүрер жол үстінде кездестік. Бір машинада Ғафаң, жеңгеміз Бәдеш, жазушы Дулат Исабеков бар екен. Жүгіре жетіп, амандасып қол беріп едім, о кісі сәлемімді салқын ғана алғандай болды.
Алматыға бір самолетпен ұштық.
Профессор Тұрсынбек Кәкішев, Жеңіс Қашқынов үшеумізден кейінгі орындықта бәйбішесімен Ғафаң отырды. Тұрсекең құрдас ретінде, мен еркелеу іні ретінде әзілдескен болып едік, көңіл қошы болмай отарғанын танытып, қабыл ала қоймады.
Ауырып жүрген кезі екен...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі