(Хизмет Абдуллин туралы)
Мен өзім жұртпен бірден-ақ ұғыса кетуге де, жұғыса кетуге де жоқтау адаммын. Бірге қызмет істейтін кісілермен де сыпайы сәлемдескенім болмаса, басқалар сияқты әпің-күпің араласып-құраласып кете алмай, көпке дейін оқшаулау, оңаша жүріп алатыным бар. Қазақстан Жазушылар одағына ең кіші қызметкер — кеңесші болып келген кезім еді. Бір бөлмеде Қадыр Мырзалиев, Қалихан Ысқақов және Аманжол Шамкенов ағамыз бар, қатар отырып жұмыс істедік. Ол кезде бірінші хатшы Әнуар Әлімжанов, екінші бастығымыз Ілияс Есенберлин болатын. Кеңесшілер де көп еді, оны секретариат мәжілісіне жиналғанда байқап жүрдім. Сонда ұйгыр әдебиетінің өкілі ретінде Хизмет Абдуллин оқта-текте сөйлеп қоятын. Оның орынды айтылған тұжырымды пікірімен басшылар да, басқалар да келісе кететін. Сөзі жерде қалмайтынын байқап, қызыға қарап жүрдім.
Бірде белгілі қаламгер, аса биязы ағамыз Баламер Сахариев пен Хизмет аканың көшеде әлденеге дауласып, екеуара дабырласып келе жатқандарының үстінде ұшырасып қалдым.
— "Бұл қазаққа берсең де жақпайсың, бермесең де жақпайсың" деген рас екен ғой өзі, — деп күледі Хизмет-ака алпамсадай денесі селкілдеп.
— Қоя тұр, — дейді Балағам бұртиып.
Содан кейін маған қарап, болған оқиғаны түсіндіре бастайды: "Үйге қонақ келіп қалып, — дейді Балағаң жеделдете тез-тез сөйлеп, — мына бір дүкенге бармаймын ба ет іздеп. Біреулердің қымқырып-жымқырып ет алып жатқандарын көрдім, ал мен барсам, сатушы "жоқ" дейді де тұрады. Мына Хизмет ұшырасып қалды да, қиналған жайымды айтпаймын ба, ол ертіп апарды да, әлгі сатушы баладан: "гөш ба ма?" деп сұрап еді, анау "ба,ба!" деп тақылдап, тұтас бір санды суырып бере салғаны. Алатын мен, ақша менікі. Маған "жоқ" дейді де, мынаған "ба, ба!" деп шыға келгеніне жыным келіп....", — деп күйінеді.
Еңгезердей денесімен селкілдей күліп, Балағаңды иығынан орай құшақтаған Хизмет-ака:
— Осыдан кейін қазаққа жақсылық жасап көр! Жә, бізді сорпа ішуге шақырмассың, осы арада алған етіңді жуып жібер Сәкен екеумізге, — дейді.
Хизмет-акамен тілдесудің, аз-кем сұхбат құрудың сәті алғаш рет солай түсіп еді.
Алпысыншы жылдардың басында Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетін басқаруға Исмаил Юсупов келіп, кейбір өресі тар ұйғыр ағайын орынды-орынсыз былайғы елте қоқиланып, қыр көрсетпек болғанда:
— Әй, ағайын-ай, Исмаил-ака да кетер-ау бір күні, сонда бәріңнің ұятыңды мен көтеретін боламын түбінде, — дейтін Хизмет Абдуллин сөзі жазушылар арасына кең тарап кетіп еді.
Сол кезгі көркем әдебиетті насихаттау бюросының командировкасымен Амантай Сатаев, ұйғыр жазушысы Шайым Шаваев үшеуіміз Талдықорған облысына сапар шеккеніміз бар. Шайымды алғаш рет көруім, астымызда соның машинасы, айдайтын өзі. Содан да болар, "Жаяу Мұса" біздерден гөрі өктемірек сөйлеп, еркіндеу басады аяғын. Бір үйде түнегелі отырғаңда, қаламдас ағайындар, жалпы жазушылар жөнінде әңгіме болып қалды да, аты аталған бір-екі тәп-тәуір жазушы жөнінде Шайым, "әй, соларды қойшы" дегендей сыңай танытып, аса құлап түсе қоймады. Жүз грамдатып отырғанда артық-кем сөйлей береміз ғой, ол түні үндемей қалдым да, ертесінде Шайымға: "Сен екеуміз құрдас екенбіз, сол үшін артық айтсам, кешір. Бірақ мен осы сапарға дейін Шайым Шаваев деген жазушы барын естісем, құлағым керең болсын. Алматыда қалған жазушылар жайлы әңгіме болғанда, ешкімнің басын кемітпей, сөзімізге абай болайық. Бір-бірімізді сырттан жамандап не табамыз?" — дедім.
Сол сөзге Шайым, шамына тиіп кетті-ау деймін, өкпелегендей болып, әйтеуір, Алматыға қайта оралғанша менімен ашылып сөйлеспей қойды. Біразға дейін томаға тұйық, дүрдараз қалпымызда жүріп алдық.
Біраз күннен соң "Қаламгер" дәмханасында түстеніп отырып, мен осы оқиғаны шып-шырғасын шығармай Хизметке әңгімелеп беріп едім, сол кезде үстімізге Шайым келе қалғаны. Хизмет-ака маған әлгі әңгімені қазбалап қайта айтқызды. Шайым қызараңдап, үндемей қалып еді, Хизмет-ака: "Тұр да, барып Рымкештен бір шөлмек коньяк алып кел, содан кейін әңгімелесеміз",— деді.
Сол коньяк үстінде, әйтеуір, бір-бірімізді сыйлап, қадірлеп, қатар жүруіміз керек екендігі жайында ол кісі біраз әңгіме айтып, Шайым екеумізді де ұялтты, қызартты, ақыры татуластырып, достастырып тынды. Содан кейінгі кезде Шайым екеуміз шәй десіп қабақ шытысып көрген емеспіз. Күні бүгінге дейін тату келе жатырмыз.
"Қаламгер" аталатын күні-түні істейтін бар болушы еді, Рымкеш, Рәзия дейтін келіншектер қызмет істейтін. Ақшамыз болмай қалғанда қарызға жаздырып, әйтеуір, күні бойы үлкен-кіші жазушылар гу-гулесіп сонда жүруші едік. Көп әңгіменің тиегі де сонда ағытылатын. Бірінші хатшымыз Әнуар:
— Бір тостақ кофе, — деп Рымкешке ымдайды. Рымкеш құйып береді. Хизмет-ака байқап жүреді екен, кофе емес, ол кісі коньяк ішеді екен ғой. Бірде Әнуармен иықтасып тұра қалып:
— Бізге де бірінші хатшының кофесінен құйып жіберші, дәмі қандай болады екен, — дегені ғой.
Әнуар қолын бір сілтеп, шиқылдай күліп, мәз болды да қалды.
Сол Әнекеңнің Джабахарлал Неру атындағы Халықаралық және мәскеулік бір журналдың сыйлығын алған кезі еді. Хизмет-ака коридорда бірінші хатшыны тоқтатып қойып, бәрімізге қарата бір әңгіме бастады:
— Әнеке, өзіңіз де білесіз, ауладағы көп тауық ішінде бір әтеш болатын еді. Жалғыз дән тауып алса, қылқына қыт-қыттап, жан-жағына жар салып тауықтарды түгел жинап алады да, бәрі жиналып болғанда, әлгі дәнді өзі жеп қоятын. Қалғандары қайтсін, жайылып, қайта бет-бетіне кетеді. Сіз де "пәлен жерде пәлендей сыйлық бар, оны алудың жолы мынандай" деп айтып жүресіз де, жеме-жемге келгенде өзіңіз иемдене қоятыныңыз не осы?
Біз де күліп жатырмыз. Әнекең де қолын сілтеп: "Әй, қойшы сен!" — деп қақалып-шашалып күлсін келіп.
Хизмет-аканың басқа да әзіл аралас біраз қылығын қазақ достары жазған шығар деп, тоқталып жатпадым. Қашанда жүрген жеріне нұр шашып, әрдайым айнала сәуле түсіріп жүретін бөлек жаралған тұлға еді ол кісі. Қандай жазушы, қандай дәрежедегі ақын еді, ол жағын әдебиет сыншылары айтып, бағасын бере жатар. Мен бірер жыл қатар қызмет істегенде ер мінезі, өзгеше бітім-болмысы, әлгіндей ел аузындағы әңгімелері арқылы төңірегіндегілерді өзіне үйіре тартып, қылығымен қызықтырып, үлгі бола білген ағамыздың өзім куә болған бірер қырына ғана тоқталдым.
Қайталанбас мінездің адамы еді ол деген. Сол үшін де үлкен-кіші жақсы көріп, аса қадірлеп сыйлайтын.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі