Анық қай жылы екенін кесіп айта алмаймын, бірде Сайын Мұратбековті іздеп "Жұлдыз" журналының редакциясына барған болатынмын. Даңғарадай бөлмедегі төрт-бес стол басы бос тұр да, босаға жақтағы бірінде маған бейтаныс жігіт отыр екен. Келдің бе, кеттің бе деп мені елең қылған жоқ, шұқшиып бірдеме жазып жатты.
— Сайын қайда екен? — дедім мен сұрау рәсімін жасап.
— Жоқ, — деді ол.
— Жоқ екенін өзім де көріп тұрмын ғой, қайда екен, қашан келеді? — деп жатырмын мен.
— Білмеймін, — деді ол қағазынан бас алмаған күйі. Менің де қайбір жібектей есілген мінезім бар дейсің, мынау бір қаршығадай болып қатып қалған бүркіт мұрын жігіттің менсінбегеніне жыным келіп, ұстаса кетсем бе деп бір тұрдым да, оған да зауқым болмай, есіктен шығып жүре бердім.
Сайынға жолығып, оны іздеймін деп жүріп сондай бір жігітке тап болғанымды айтып едім, "Е, ол Асқар ғой", — дей салды. "Асқарың кім?" деп мен де сұрап жатпадым.
Бұл менің Асқар Сүлейменовті алғаш көруім еді.
1966 жылы болар, Қазақстан жазушыларының кезекті бір съезіне тұңғыш рет қатыстым. Маған бәрі таң еді. Төрде отырған республика басшыларына, атақты жазушы ағаларыма, сырттай суретінен таныс белгілі де әйгілі меймандарға қарай берем. Сол съезде жап-жас сыншы жігіт Асқар Сүлейменов сөз сөйледі. Орысшасы да бірсыдырғы тәуір ме деп қалдым. Жазып алған екен, ішінде бүгіндері көп айтылатын, ол кезде әлі ести қоймаған "инфляция", "спекуляция" деген терминдердің жиі қайталанғанын білем. Өзгесі есімде қалмапты. Қабағын түйіл алып, қағаздан бас көтермеген қалпы сөзін оқып шығып, өзімен өзі оңаша кетті. Оның сөзіне қалмақ ақыны Давид Кугултинов әлдене дау айтып, жөнге шақырып сөйлегені де ұмытылған жоқ.
Бұл менің Асқар Сүлейменовтің сөзін алғаш рет естуім еді.
1971 жылы жерлесім, аға досым Құдаш Мұқашев қайтыс болды да, жерлеуге қатысу үшін Талдықорғаннан арнайы келіп, қаралы жиынның басы-қасында жүргенім бар. Бір топ жігіт сыртта ұзын столды жағалай отырғанбыз. Ішімізде, әйтеуір, Зейнолла Серікқалиев барын білем. Бір блок "Қазақстан" сигаретін қолтықтап, қасымызға Асқар келді "Оу, Асеке, темекі тартқызыңыз!" — дедім мен, онымен көп сырлас болмасам да. Ол менің алдыма бір қорап сигарет тастады. Қолын созған Зейноллаға бір тал сигарет ұсынып еді, ол: "Әу, маған да бір қорабын берсеңізші", — деді.
Ұсына берген бір тал сигаретін қорабына қайтадан салып алған Асқар үн-түнсіз тура тартып кете берді. "Өзіңе де сол керек!" — деп жатты Зейноллаға Асқардың мінезін білетіндер. Зекең танау астынан "кеңк" деп бір күлді де қойды.
Мен 1974 жылдың күзінде Алматыға ауысып келдім де, бірде Бексұлтан Нұржеке баласы ерулікке шақырды. Асқар, Сағат Әшімбаев, қайдан жүргенін білмеймін, бізге жерлес Жұматай Жақыпбаевтар болды.
Дастарқан үстіндегі бір әңгімеде Асқар:
— Сәке, мен сенің өлеңдеріңді сүйсіне оқып жүрем. Сен аса арқалы ақынсың, — деді маған.
Дастарқандас болып отырып мұндай әңгіменің сан түрі айтыла беретінін білетін мен оның сөзіне сене қоймадым да:
— Қоя ғой, мені қайдан оқи қойдым деп едің. Жай айтыла салған сөз шығар, — деп едім, Асқар ерін бауырына алып тулап, ашуланған қалпы далаға шығып кетті. Соңынан қуып барып, Сағат, Жұмабайлардың әрең қайтарғаны есімде.
Мұндай әңгіменің көзбе-көз отырғанда өтірік көпе-көрнеу қолпаштау болып тұратыны да рас еді. Әсіресе, астаналық қаламгерлердің шеткері қалада, ауылда тұратындарды оқымай, астамдықпен сырттай үстірт қорытынды жасай салатындары болушы еді. Долбарлап сынай салу, артық-ауыс мақтаудың да талайын кездестіргенбіз. Соның алдында "Ұлы ақындар кітапханасы" сериясымен Жалаладдин Румидің кітабын аударып, сыншы Аян мырзаның оқымастан мені де көппен бірге "сойып салғаны" бар. Кейін кезігіп, аудармамды өзіне оқып бергенде, әлгі сынды оқымай жазғанын мойындап еді Аян. Асқар да соған бағып отыр ма деп топшылап едім. Ол шынын айтқан екен.
Бұл менің Асқармен алғаш тілдесуім болатын.
Бірде Қадыр Мырзалиев екеуміз "Қаламгер" кафесінде отырдық. Үстімізге келген Асқар мен Кәдірбек Уәлиев ыдыс-аяғын алып, бізге қосылды. Жайма-шуақ отырыстың арты қызылкеңірдек бір керіске айналып, Асқар екеуміз жүз шайысып қала бердік...
Содан біз көпке дейін бір-бірімізге қыр көрсеткендей тоңтеріс күйде жүріп алдық. Бірде тағы сол кафеде отыр едік, қолында бір шөлмек армян конягі бар Асқар қасымызға келді де:
— Жігіттер, сендерде түк шаруам жоқ, мына Сәкеңе айтар бір ауыз сөзім бар еді, — деп маған бұрылды. "Ер шекіспей бекіспейді" деуші еді, бір есіктен кіріп, бір есіктен шыға жүріп амандаспаған қиын екен, өкпені қоюға қалайсыз? — деді.
— Бас сынып, көз шыққан түгі жоқ қой, қойдық, — деп мен оны құшағыма қыстым.
Ертесінде қасымда қызметтес қыз-келшшектердің біреуі бар, бір-бір тостақ кофе ішейік, деп тағы да барға келейін. Барда Рымкеш дейтін келіншек істейтін, кофеге ақша төлейін десем: "Сіз үшін төленіп қойған", — деп ақы-пұлын алудан бас тартты.
Мен болсам, аң-таңмын.
Сөйтсем, Асқар: "Сәкен Иманасов қашан келсе де, кіммен келсе де, не ішіп, не жесе де, ақша алмай, менің есебіме жаза бер. Кейін бәрін өзім төлеймін!" — деп тапсырып қойыпты.
Мұнысы қай қыры екен, шыны ма, қалжыңы ма деген сыңаймен, екі-үш рет тегін коньяк ішіп мәз болып қалдым. Үшінші күні сырттан бақылап жүрген Асқарды көріп қалып: "Асеке, көп рахмет, бірақ мына "құлдықтан" құтқарыңыз. Сізге қашанғы қарыз бола берем, ат-шапан айыбымды төлейін",— дедім шырылдап.
Ол құс тұмсығын тыжыра бір күліп алды да:
— Мен де осы сөзді қашан айтар екен деп күтіп жүр едім, артылып бара жатқан ақшам бар дейсің бе, қайтер екен дегенім ғой, — деп тұр.
Бұдан кейін анау айтқандай қимас дос болып кетпесек те, арамызда әжептәуір тату дипломатиялық қатынас орнап еді.
Асқардың не нәрсенің болса да байыбына бара біліп алмай, беталды жобалап айтпайтынына бірте-бірте қаныға бастадым. Менің өлеңдерім жайлы сөз ете қалса, неге екенін білмедім, енді тек мысалмен сөйлейтін болды. "Қазақ әдебиеті" газетінде жарияланған "Бір ақбоз ат шықпай-ақ жүр түсімнен" деген өлеңіме ұзақ тоқталып, мақтай тұрып пікір айтқаны есімде. Бір дастарқан басында: "Егер қазақ поэзиясында Менделеев таблицасы бар деп білсек, Сәкен соның бір ұясын тұрақты мекендеген ақын", — деген сөзін де әркім-әркімдер әр жерде пайдаланып, маған қарата жазған пікірлеріне тұздық ретінде қолданып та жүр.
Асқардың бірмойын қыңыр қылығы жайлы да әртүрлі алып қашпа әңгімелер бар. Қазақ театрында әдеби кеңесші боп жүріп, екі арасы екі-үш квартал ғана болатын Жазушылар одағының үйіне такси жалдап келетінін де айтып күліп отыратын еді достары. Ол кезде көше тәртібін бұзғандарға бір сом елу тиын айып салынатын.
Жазушылар одағының тұсынан көшені қиып өткен Асқарды милиционер тоқтатып, айып төлеңіз десе:
— Қазір осы жермен кері қарай өтемін. Мына үш сомды ал, қайта-қайта квитанция жазып әуре болып жатасың ба, — дейтін де қырсықтығын қайталап айта беретін еді жұрт.
Менің сары түсті әдемі дипломатым (қобдиша) бар еді. "Семейге командировкаға бармақ едім, ұстап барып қайтуға бере тұр", — деп соны сұрап алды бірде. Араға ай салып қайтарып еді, әлгі қобдишаның сырты әлдебір мекен-жайлардың, әркім-әркімнің телефон нөміріне толып кетіпті. Бәрі де сиямен жазылған. "Оу, Асеке, кісі мүлкін осынша бұлдіріп, мұның қалай?" — деп реніш білдірсем: "Аяқ асты қағаз таба алмай қалып, жаза салып едім, жуса, кетпес пе екен?" — деп тұр ол.
Бірде әлдене себеппен Зейнолла Серікқалиев екеуі біздің үйде болды. Сол жолы: "Брехтті алдым. Қайтарам. AC", — деп тілхат қалдырып, Бертольд Брехттің бір томдығын алған. Сол қағаз менде әлі сақтаулы жүр.
Ол "Парасат" журналында, мен "Балдырғанда" қызмет жасағанымыз бар. Бір коридордың бойы болғасын, күн сайын дерлік кезігіп жүрдік.Тыным алмай оқып, түртпектеп жазып жүретін. Кейде оларын маған оқып та беретін. Бір күні үйте қайтуға шықсам, Асекең кабинет есігін жауып жатыр екен. Көре сала: "Асеке, ассалаумағалейкум", — дедім дауысымды созып. Ол маған түксие бір қарап алды да, ләм-мим деп тіл қатпай, түнерген қалпы лифтіге бірге мінді. "Асеке, сәлем алмадың ғой", — деп едім, оған да жауап бермеді.
Тоғыз қабат газет-журналдар баспасынан шыға мен троллейбус аялдамасына бұрылдым. Асқар қолсандығын көтерген қалпы үн-түнсіз көкбазарға кіріп кетті.
Ертесіне біреулерге айтты-ау деймін сол қылығын. Кім екенін ұмытыппын, жақсы таныстардың бірі: "Апыр-ай, сол күні менің де сәлемімді алмап еді", — дегені есімде қалыпты.
Бұл менің Асқар Сүлейменовті соңғы көруім еді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі