Осы кітаптың әр тұсында аты аталып қалып отыратын Сейдахмет Бердіқұловпен мен сонау алпысыншы жылдың алғашқы күндерінде "Лениншіл жас" ("Жас алаш") газетінің редакциясында танысқан болатынмын. Осында жұмысқа орналасқаныма да көп бола қоймаған, әлі жігіттермен де араласып, аса білісе алмай жатырмын. Ауылдан ала шыққан азын-аулақ ақша тақа таусылды, бұл жақтан жалақы алған жоқпын. Түскі үзіліс кезінде редакция бөлмесінде жалғыз қалып, газет оқыған болып отыра бергенмін. "Лениншіл жасқа" келгелі бері өзіне де, сөзіне де сүйсіне қарап, жүріс-түрыс, киім-киісіне де қызыға түсіп жүрген бір адамым Сейдекең еді. Ол да үйіне кете қоймай, сол маңды айналсоқтап жүріп алған. Оқшау отырған менің қасыма таяп келіп:
— Сәкен, неге тамаққа бармай отырсың? — деп сұрады.
— Барам ғой, аға, — дедім күмілжіп. Редакциядағы беті, беделі, өктем ірі сөйлейтінінен қымсынам ба, — мен ол кісіні бірден "аға" деп кеттім. Кейін білдім ғой, өзімнен төрт-бес-ақ жас үлкен екенін.
— Әй, осы сенің ақшаң болмай отырсың ғой деймін, шыныңды айтшы, — деді ол. "Жоқ еді" деп шынымды да айта алмай, "бар" деудің ретін тағы таба алмай, көзіммен жер шұқи бердім-ау деймін, Сейдекең:
— Сәкен, ақша кейде бізде де болмай қалады. Қысылмай, жігіттерден сұрап ала бер. Бәріміз де сөйтеміз, — деп маған ақша ұсынды. — Мына көшенің қарама-қарсысында асхана бар. Содан тамақтанып келе ғой.
Мен шынында да қысылып отыр едім. Соны дәл білгеніне, соншалық сұңғылалық танытқанына ішім елжіреп, әлгі ақшаны (сомасы есімде жоқ) ала сала, асхана қайдасың деп ұштым-ау деймін.
Мен газеттің комсомол тұрмысы бөлімінің әдеби қызметкері едім. Бөлім меңгерушісі бізге қарағанда кебе тартыңқырап қалған журналист Бекмырза Баймаханов болатын. Аса еңбекқор. Көп сөйлемей-ақ, жасы кішілерді бауырына тартып, қамқорлық жасап жүретін адам. Барынша әділ де әділетті. Шұқшиып жазады да отырады. Менің де дайындап берген екі-үш материалымды үстінен қарап, қып-қызыл қылып шимайлап берген. Іштей намыстанып, қысылып жүр едім. Бірақ Бекеңе батылым жетіп айта алмаймын. Соны Сейдекең де сезген екен:
— Сәкен, сенің жазғандарынды оқып жүрмін. Бағытың дұрыс. Бекең мұнда көптен істейді, стилі бөлек журналист. Бәрін иіп өз ыңғайына бейімдегісі келіп тұратыны бар. Өз мәнеріңнен адасып қалып жүрме, — деп пысықтады.
Сол жылы республикалық мұғалімдер съезі болды да, содан газетке есеп жазып тұруға бекітілген Сейдекең қасына мені қосып алды.
Съезд екі-үш күнге созылды-ау деймін. Алғашқы күні түске дейін қатар отырдық, түс әлетінде Сейдекең: "Ал енді бар да, газетке арнап съезд күнделігін жаз. Екеуміздің атымыздан кетеді, бір бетке жуық етіп береміз, түстен кейінгісін мен жазамын", — деді.
Әй, сол күні терге малшындым-ау. Сейдахмет Бердіқұлов күн сайын өзгелерге ұқсап газет бетінде жылтылдап көріне бермейді. Не жазса да, сол кездің тілімен айшықтап, "бармақ жалап" тамсана отырып оқырлықтай етіп, майын тамыза, бәрімізге үлгі боларлықтай талғампаздықпен жеріне жеткізе, биік деңгейде жазатын. Жас журналистердің көбі ол кісіге еліктеп, жазғандарын бас қоса қалған жерде талдап, талқылап жататын.
Енді, міне, сондай майталман қаламгерлерге қосалқы автор ретінде, өзім бұрын қалам тартып көрмеген жанрда үлкен жиналыстың есебін жазбақпын. Құдды бір роман жазып шығардай-ақ болып, бойдаға бар қабілетімді жұмсап, "әй, осы жарап қалар-ау" деген сеніммен съездегі жағдайды қағазға түсірдім. Қорқа-қорқа Сейдекеңе бердім де, ақырын күттім.
Сейдекең түс қайта менің жазғанымды алып, машбюроға кіріп бара жатты... Не керек, ертеңінде екеуміздің атымыздан бір бет есеп газетке жарияланып шықты.
Сөйтіп, съезд біткенге дейін кейде мен бастап, ол аяқтап, кейде ол бастап, мен аяқтап, сондай бет-бет есеп беріп тұрдық! Кешкілік мені съезд делегаттары орналасқан қонақүйлерге ертіп барып, республикаға танымал ұстаздармен таныстырып, интервью алдырып, соның да қалай жазылып, қалай жарияланғанын өзі қадағалап жүрді.
Съезд біткеннен кейінгі бір редакциялық жедел жиналыста ол кісінің мені жер-көкке сыйғызбай мақтағаны да бар...
1961 жылдың басында мен елге кетіп қалдым да, Сейдекеңмен оқта-текте ғана кездейсоқ жолығып жүретін болдым. Сол сирек жолығулардан ол кісінің мені әжептеуір іштартып тұратынын аңғарғаным болмаса, анау айтқандай жақындасып кете алған жоқпыз.
Бірде Жазушылар одағындағы "барға" кірсем, төр жақтағы стол басында сол кезде "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы болып істейтін Шерхан Мұртаза мен "Ленишпіл жас" газетінің бас редакторы Сейдахмет Бердіқұлов екеуара әңгімелесіп отыр екен. Бас изеп қана орғыта өтіп бара жатыр едім: "О, Сәкен батыр, бері келе кет!" — деп мені қастарына шақырып алды олар.
Амандасып, өздері нұсқаған жерге жайғастым. Менен бұрын да қастарында біреулер болған-ау деймін, алдарындағы шөлмектің түбі көрініңкіреп қалған екен. Екеуі де сырбаз, екеуі де кісіге күнін салмайтын тектілер.
Сөйте тұра, Сейдекең: "Ал батыр, мынаны қайталап жібер!" — деп маған коньяктің босаған шөлмегін көрсетті.
— Оу, көкелер, — дедім мен де тіл-жағыма сүйене қалып, — анау бізді көріп отырған жұрт: "Мына сорлыны-ай, екі бірдей бас редактор отырғанына қарамай, бүрсеңдеп буфетке жүгірген!" — демей ме?
Екі ағам да мәз бола күліп алды да: "Әй, осыныкі дұрыс екен, өзім барып келейін!" — деп Сейдекең орнынан көтерілді. Отырып қалған қыздай болып Сейдекең көп жылдар "Лениншіл жас" газетінде редактор болып жүріп алды. Жазушылықты журналистикадан бөліп қарамайтын ағалар газет жұмысына да жан сала кірісетін еді де, айналасына кілең бір ой-пікірі тың, қаламы жүйрік, жұлынып тұрған жастарды жиып ала беруші еді. Бердіқұлов басқарған тұстағы жастар газетінің оқырман арасында ең биік беделге ие болуы да осы сөзімізді айғақтай түсер еді.
Газетке бір топ өлең ұсындым да, күте-күте жалығып, күндердің күнінде жоқ іздеп бас редакторға кірдім. "Аға, мен газетке шығуға көп құмартпайтынымды білесіз, қаңғалақтап сіздерге бір өлеңдер беріп едім, таныды ма, немене, күдер үздіріп барады жігіттеріңіз", — деп шағым айттым.
— Сәкен, — деді Сейдекең, — маған Хамит Ерғалиев телефон соғып "Ой, Сейдахмет, менің өзім жаманмын ба, болмаса өлеңім жаман ба, неге жарияланбай жатыр?" — деді. Сонда: "Хама-ay, — деп едім, — жеңін сыбанып кіжініп келген авторларға: "Сеңдер түгілі, Хамит Ерғалиевтың өзі де кезегін күтіп жатыр", — деп айту үшін азырақ кешеуілдетіп едік, енді шығарамыз". Саған да сол сөзді айтам да, басқа не дейін. Ұзамай шығып қалар, қам жеме, — деп шығарып салып еді.
Сол сөзге де разы болып қайтқанмын.
Ол кісі "Жалын" баспасына директор болып келгенде құттықтай барып: "Қалам ұстар қауымға лайық елеулі бір орын босаса болды, "анау барады, мынау келеді екен!" деп, белгілі болып алған бес-алты адамның атын атайды жұрт. Соның ішінде әмісе сіз де жүресіз. Бірақ сіздің алдыңызды дәйім басқалар орап кете береді-ау деймін",— деген едім.
— Әй, Сәкен, оның рас, талайлар өзімді күні бұрын сол орынға қойдырып, құттықтап келіп те жататын, — дейтін ағамыз.
1988 жылы мен 50 жасқа толдым. Ауыл жаққа Қастек Баянбаев пен Құттыбек Баяндиндер еріп барды. Екеуі де "Жалын" баспасының қызметкерлері еді. Бір күні сол баспаның бас редакторы Қоғабай Сәрсекеевті іздеп барып, дәлізде Сейдекеңе ұшырасып қалдым. Ол, "менің қолтығымнан демеп жүр" деп, кабинетіне қарай икемдей беріп еді, қай сайтан түрткенін қайдам, "Мен Қоғашты іздеп келіп ем, соны күтіп тұрғаным" — деппін.
Ойымда түк жоқ, бесінші қабаттағы өз орныма келіп отыра бергенім сол еді, соңымнан Қастек келді: "Апыр-ау, сенің осы бір кертартпа мінезің-ай!" — деді ол. — Біздің бастық боғын пышақтап жатыр. "Мына Сәкен қандай жігіт еді өзі, жөн білмейді екен ғой. Қасына екі бірдей білдей қызметкерлерімді қосып жібердім, соған рахмет айтуға келген екен деп, кабинетіме сүйресем: "о, жоқ, мен Қоғашқа келіп едім", — деп кергиді.
Қастек ауыз жиып үлгермеді, Қоғабайдың өзі келді ентігіп: "Ойбай, Сейдекең шала бүлініп жатыр. Өзің барып жуып-шаймасаң, біздің сөзімізді тыңдар емес. Сәкеннің ондайы жоқ еді деп көріп едік, "Жоқ, барып тұрған кекірт, бюрократтың өзі екен ғой" деп бой бермейді",— дейді ол да.
Ол жұма күні еді, шұғыл шаруамен Талдықорғанға жүріп кеттім де, дүйсенбі күні аңдып отырып, тура сағат тоғызда Сейдекеңе ілесе кабинетіне кірдім. "Аға, менің қалам ұстар қауым ішінде саусақпен санарлықтай ғана сыйлайтын, құрмет тұтып, алдынан кесе көлденең өтпейтін адамдарым бар, сіз соның ең алдыңғы қатарындасыз. Сіздің өкпеңізді арқалап жүре алмаймын, білместік жасап алыппын, кешіріңіз", — дедім. — "Мен өзім, бірақ ондай-ондайға мән бермеуші едім" дегенді де қосып қойдым.
Томсырайып отырған ағамның жүзі жадырап сала берді. Мені құшақтап тұрып: "Әй, Сәкен, нансаң, мен де ондайға мән бермеуші ем, сірә, қартайған болуым керек", — деп күлді.
Ағамның өкпесін өстіп әрең тарқаттым ғой.
Кейде ойламаған жерден кездесіп қалсаң, әй, көсіле бір әңгімеге кірісіп кетер еді. Білмейтіні де жоқ, танымайтын ұлы-кіші адамы да жоқ. Әсіресе, Шыңғыс Айтматовпен араласуынан қызық-қызық сыр шертетін. Бірде үш-төрт жігітке сондай бір әңгіменің тиегін ағытып, ұзақ ұстағаны бар. "Апыр-ай, қайран қызық әңгіме далаға кетіп қор болды-ау, ағатай, жазсаңызшы осыны!" — дедім мен.
Сейдекең ойланып қалып еді. Көп ұзамай "Жас алаш" газетіне бір бет болып сол әңгімесі жарқ ете қалды. Оқи сала барсам, ол кісі тағы шәт-шәлекейі шығып ашуланып жүр екен.
— Осы біздің жігіттер қызық, — дейді, — күйініп, — мына қарашы: "Осы әңгіменің жазылуына аса жақсы көретін талантты ақын інілерімнің бірі Сәкен Иманасов себепкер болды" деп жазған едім, жоқтан өзгені қызғанып, сенің аты-жөніңді алып тастапты редакциядағылар. Телефон соғып реніш білдіріп едім, біріне бірі сілтейді. Жай ғана дерексіз, кім екені белгісіз "Менің аса жақсы көретін талантты ақын інілерімнің бірі болған да шыққан".
— Түк емес, ағатай, кейін кітабыңызда орнына келтірерсіз, — деймін мен. Өзімді жұбаттым ба, аға көңілін ауладым ба, о жағы беймәлім қала берген.
Сейдекеңнің 60 жылдық мерейтойы, айтары не, Алматы мен Ұзынағаш арасында ас та төк болып, аса биік деңгейде өтті. Алматыда әртүрлі дәрежеде өткен тойдың аяғы Қарақыстаққа барып жалғасты. Ондаған үйлер тігіліп, ат сайысы, бәйге, көкпарға ұласып, ұлан-асыр өткен той оған қатысқандардың есінде әлі жүрген де шығар.
Сейдекең өзі сол жылдары екі томдығын шығарып, көңілі көтеріліп, желпініп-ақ жүр еді. Сондай кезеңдердің бірінде туған інім Секеннің бір шаруасымен кіргенім бар. Баспаның директоры еді, менің бұйымтайыма қатысы бар адамдарды жинап алып:
— Мына Сәкен маған, көп болса, жылына бір-ақ шаруамен келеді. Одан артыққа өзі де бармайды. Мен ол шаруасын қолымнан келгенше орындаймын. Сондықтан, кейде өз қолдарыңнан келгенін маған айтқызбай-ақ, айтқанын екі етпеуге тырысыңдар, — деп тапсырды.
Төбем көкке екі елі жетпей мен кеттім.
... Тұманбай Молдағалиев Орталық концерт залында кезекті шығармашылық кешін өткізіп жатты. Мен де сөз сөйлеуге тиіс едім. Қасыма Қаржау Айтолқын таяп келіп: "Сейдахмет қайтыс болыпты!" — деді құлағыма сыбырлап.
Денем дір ете түсті. Байыз тауып отыра алмай, залды қақ жарып сыртқа беттедім.
Әлі де сене алмай келем. Жалғызбын. Жабырқаулымын. Осыдан аз күн бұрын Қастек Баянбаев екеуіміз кіріп, көңілін сұрап шығып едік. "Әй, тұрып қалармын ұзамай!" — деп еді ағам.
Көрер қызығы сол-ақ екен, амал не!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі