Ақын Сабырхан Асанов жаз болса Алматыға сыймай кететін, тыныс алудан қалып, тұншыға беретін беймәлім бір дертке ұшырады да, көбіне-көп оңтүстіктің Сырдария жағына кетіп қалып, астананың ыстығы әбден қайтқанда барып қайта оралып жүрді. Ол менің де жаз шыға Алакөл қайдасың деп тартып кетіп, кейде көлге түсіп, кейде тауға, жайлауға шығып, жыл сайын он-он бес күн армансыз аунап-қунап қайтатынымды жақсы білетін еді де, 1991 жылы: “Мені де өзіңмен ертіп ала кетші!” — деп қолқа салды. Содан бір-екі жыл бұрын Қырымдағы Көктөбелге де бірге барып демалғанымыз бар еді, менің жолдасын жолға қалдырмайтынымды жақсы біліп алса керек.
“Көктұма” аталатын совхозда көптен бері директор болып істейтін ескі досым Серік Толғанбаев Жабық тауының Ойжайлау аталатын ең бір шырайлы да шұрайлы ойпатына қос киіз үй тіктіріп, екі бие, бір түйе байлатып, Алматыдан келген екі ақынды айрықша бір қамқорлығына алған. Ел жайлауға жаңа шығып жатқан мезгіл еді, бізден басқа адам аяғы тиіп көрмеген түкті кілемдей түрленген көк шалғында көсіле түсіп жатқанымыз бар-тын. Киіз үйдің есігін айқара ашып қойып, қай жағыңа қарасаң да — көркіне көз сүйсінетін сұлу сурет. Егер қолыңызда фото не видео аппарат болып, кез келген тұсынан суретке түсіріп ала берсеңіз, әйгілі пейзажистердің қылқаламынан туған туындылардың ешқайсысынан кем болмайтын келісті дүние болып шыға келер еді-ау дерліктей.
Серік бізді көп жылдар кеңшар қойын бағып келген тындырымды азамат Шырмолда мен соның қазан-ошақтың ханшайымы дерліктей қонақжай келіншегіне тапсырған. Екеуі де ешкімді жатырқамайтын, кісі күтіп үйренген, керегіңді айтқызбай-ақ қас-қабағыңнан танитын ибалы, инабатты адамдар екен. Қысылып-қымтырылуды білместен, өз үйіміздегідей-ақ еркін бір аунап-қунап жатып едік. Сабырхан тіпті еркінсіп алды. Қазан-ошақ жағына да көз салып, қай кезде қандай тамақ ішкісі келетінін де айтып, үй иесі әйелге тапсырма да беріп қояды. Бірер күннен кейін жаңағы Шырмолданың әйелі менің алдымнан шығып:
— Сәке, ана жолдасыңыз “бізге шұбаттың қажеті жоқ, әуре болып қайтесіңдер” деп, түйені ағытып, келеге қосқызып жіберді,— деп тұр.
Онысы несі екен деп Сабырханның өзінен сұрасам:
— Ой, Сәкен-ай, құдайский қымыз тұрғанда кісі шұбат іше ме екен? Бізге осы қымызы да жетпей ме, — дейді.
— Оу, сенің нең шығып барады? Біреу бағады, біреу сауады дегендей... Пісіп, сақтайтын да, салқындатып алдыңа тартатын да біреу,— деген болдым. Деуін десем де, ары қарай қазбалап жатпадым.
Сол біз жатқан сай аузынан бір-екі шақырымдай жерде Қаметхан деген шопанның да үйі бар еді. Жасы бізден кішірек, “сәлем берейін деп едім” деп, күн сайын келіп, бізбен бірге қуырдақ жеп, қымыз ішіп кетеді. “Мұндайы жоқ сияқты еді, осы да қайдан сәлемші болып кетті!” — деп үй иесі әйел күледі.
Қаметхан кей күндері үйіне кетіп бара жатып: “Әлі біздің үйде де қонақ боласыздар”,— деп қояды. Өзі тағы бір келгенде Күлімханнан:
— Бұл кісілер кім? Ауданның басшылары емес пе? — деп те сұрапты.
— Жоқ, Алматыдан келген ақын-жазушылар,— депті Күлімхан.
— Ақындар болса, айтысатын шығар,— деп сұрайды Қаметхан.
— О жағын білмейді екем, өздерінен сұрасаңшы,— дейді үй иесі.
— Е-ее, мен бұларды үлкен-үлкен бастықтардың бірі ме деп жүрсем, жай ғана ақындар де,— деп танауын шүйіріпті Қаметхан.
Соны айтып Күлімхан күлетін. “Енді қараңыз да тұрыңыз, сіздермен бұрынғыдай жалпылдамай, басқаша амандасатын болады әлі”,— деп қояды өзі тағы.
Сол жігіт тағы бір келгенде Сабырхан:
— Әу, бауырым, сен бізді қашан шақырмақсың, ала жаздай осында жата береді деп жүрсің бе? Енді көп ұзамай үйімізге қайтатын шығармыз,— демей ме.
Анау үн-түнсіз аттанып кетті де, біз қайтқанша қайыра соғып, ат ізін салған жоқ. Сірә, бастық болмағасын, ақындардан не пайда? — деген болуы керек.
Сабырхан қымызға құмар-ақ. Таң елең-алаңнан тостағанын ұстап, бие сауып жатқан Күлімханның қасында тұрады. Жаңа сауған бие сүтін асыға сүзгізіп, сол жып-жылы қалпында бірер тостақты басына көтере сіміріп алады да, сайды бойлап жүгіре жөнелетіні және бар.
Мен де сол көп жалқаудың біреуі едім, ол менен де асып түскен еріншектің өзі болып шықты. Тұяқ қимылдатқысы келмейді. Жан-жағымыздың бәрі, әлгінде айттым, көрсең көз сүрінердей көркем табиғат, көк белдер, сүйір төбе, жатаған жоталар. Киіз үйдің есігінен соның бәріне көз сала отырып, аяқ жетер-ау деген біреуін көрсетем де:
— Шәйдан кейін асықпай аяңдап анау бір төбе басына шығып қайтайық,— деймін оған.
Сабырхан ыршып түседі. “Таудан таудың несі артық, осылай жата берейік те!” — деп азар да безер болады. Ана бір жылы екеуміз қыдырып Қырым барғанда да осындай еді, айтқанға көнуі қиын болатын. Жағажайда жантайып жата бермей, тауға шығып келейік деп қолқаласам, немесе: “Сонау бір Көктөбені көріп тұрсың ба, соның басына шығып қайтайық та”— дей қалсам болды: “Әй, сен де бір төбе құмар жігіт екенсің, мұндай тау Алматы іргесінде де тиіп тұрған жоқ па, одан гөрі аңсап келген теңізімізге шомылып, төменде-ақ жүре берейік те!” — деп, жуық маңда иліге қоймайтын еді.
Қазіргісі де сол. Бір күні оны ақыры қояр да қоймай сүйрелей жүріп, көз алдымызда мұнартып қана ұдайы “кел мұндалап” тұратын жатағандау төбе басына зорлап алып шыққандай болдым. Ол маған зорға ілесіп, біресе үйден сүйрете шыққан шапанын шалғын үстіне жайып салып қисая кетеді, біресе: “Осы да жетер, біраз жер жүрдік қой, енді кері қайтсақ та болмай ма?” деп отырып алады. Мен де қасарыса түсемін: “Жүр-жүрдің” астына алып, сүйрелей жүріп, әлгі төбенің басына алып шықтым-ау...
Түскі ас үстінде ашық тұрған есіктен сол төбеге тесіле қарап отырған Сабырхан үй иесі әйелге:
— Апыр-ай, Күлеке-ай, біз ерінбей-жалықпай сонау бір көктөбенің ұшар басына шығып қайттық-ау! — деп күпінгенін қайтерсің. Бейне бір жау түсіріп қайтқан бұрынғының батырлары сияқты кеудесін кере түседі.
— Е-ее, біз ол төбенің басына күніге екі-үш рет шығып, отын алып қайтып жүрміз ғой,— дейді үй иесі әйел миығынан күле отырып жайбарақат қана.
Отын дегеннен шығады, жаңағы үй иесі әйел күн сайын біз үшін де, өздері үшін деп те әлденеше рет ас дәмдейді. Бүгінгісін ертең қайталамай, әйтеуір, ас мәзіріне келгенде айрықша ыждағат танытып, ошағын оттан түсіріп көрген емес. Келімді-кетімді адамдары да бар, дәміл-дәміл қазан көтере беру үшін де қыруар отын керек қой. Үй иесінің әлі мектепке бара қоймаған жұдырықтай ғана 6-7 жасар баласы бар. Өзі жасына қарамай пысық-ақ. Атқа міне шауып, мал қайырады. Отын-су жағы да соның мойнында. Кейде бір кешкі ас үстінде киіз үй іргесінен мал сүйкене қалса: “Ойбай, аю!” — деп Сабырханды да қорқытып жүреді. Сабырхан бар денесімен ытып кете жаздаса, бала да соған мәз болып, сықылықтап күлетінін қайтерсің. “Өй, занталақ!” — деп Сабырхан да оны ұстап алып, бауырына баса умаждап жататын.
Сол баланың мықшыңдап арамен ағаш кесіп, отын жарып жатқанын көріп: “Сабырхан, жүрші, арасының бір жағын ұста, көмектесіп жіберелік”— демеймін бе пысықсып.
Сабырхан тағы да бүйі тигендей шоршып түседі. “Қойшы, қайдағы пәлені шығармай, өздері-ақ тындырып жатыр ғой”, — деп басын ала қашады. Амал жоқ, әлгі балаға енді өзім барып, қолымнан келгенше көмектесе бастаймын.
Сабырхан дегенің бұрын атқа да мініп көрмеген екен. Бірде Құдайберген деген менің ескі танысым, өзі де өлең жазатын ветврач жігіт келіп: “Бір үйде жамбастап жата бермеңдер, мына бір белдің астында әйгілі шопанымыздың бірі отыр. Жөндеріңді айттым. Маңында тағы ауқатты екі-үш үй бар, әдейі ат алып келдім, соларды аралап, бірер марқаның басын мүжіп қайтыңдар”,— деп қолқа салды.
Сабырханның тағы да да шыр-пыры шықты.
— Құдыш-ау, салпақтап жүреміз бе сол, береріңді осында-ақ алдырып бере бермейсің бе?! — деп ат-тонын ала қашқандай болды. Біз де бой бермедік.
Құдайберген бізге арнап ер-тұрманы жарасымды екі атты да жетекке ала келген екен. Соның біріне Сабырханды әрең деп мінгіздік-ау. Екі жігіт екі жақ қолтығынан алып, аяғынан көтеріп, денесі де ауыр, мінер жағынан мінгізе берсе, қамшылар жағынан ауып түскеніне қарамай, әйтеуір, жабыла жүріп әуріпіммен атқа қондырып, қолына шылбыр-тізгінін ұстатқан болып жатырмыз-ау.
Сабырхан ердің қасынан ұстап, аттың жалына тас кенедей жабысып алған. Тау бөктерінің қол саласына ұқсас тарам-тарам жолына түсіп, қатарласа шұбырып кете беріп едік, Сабырхан өзінен сәл жоғарылау келе жатқан жігіттердің біріне:
— Әй, қарағым, сен не алға түс, не соңымыздан еріп отыршы. Әйтпесе сенің астыңдағы ат құлап кетіп, менің атымды өзімен қоса-моса төменге домалатып жүрер,— дейді үрейлене.
Ана жігіт ішек-сілесі қата:
— Ой, аға-ау,— дейді өзі,— біз бұл жермен күн сайын көкпар тартып жүрміз ғой,— деп күледі келіп.
— Мейлі,— дейді Сабырхан,— көкпар тартсаң да, не қылсаң да өзің біл, бірақ менің оң жағымнан тым таяу жүрмеші, не алға шық, не артта қалшы, айналайын! — дейді жалынып.
Тау жолы тарам-тарам ғана емес, ылди-төмен, бұралаң, ой-шұқыры көп болатын әдеті ғой. Кейде бір оқыс кезігетін тікшелеу тұстан асып түсуге де тура келеді. Ондайда Сабырханнан зәре қалмайды. “Жоқ, мен анау түстан барып айналып өтіп көрейін” — деп, әудем жер орағытып барып, қатарымызға қайта қосылады. Соған қарап мен:
Құдыштың жалғыз сөзін қапы қылмай,
Жол шықтық жеті-сегіз шақырымдай.
Соңында солбырайып Сабырхан жүр,
Қалмақтың қолға түскен батырындай! —
деп бір шумақ өлең де шығарғаным бар.
“Не десең, о де” — дегендей Сабырхан оған шамданбайды, жауап та қайтармай үнсіз төзеді. “Сіз де бұл кісіге өлең шығармайсыз ба?” — деген үй иесі әйелге: “Кейін бір ретін келтірем ғой, әзірше айта берсін”,— дейтін де қоятын.
Жайлаудағы сол бір күндер турасында мен кейіннен Серік Толғанбаевқа арнап “Жайлауда. 1991 жыл” деген өлең де жаздым. Алдымен “Қазақ әдебиеті” газетінің бетінде жариялатып, кейін кітаптарыма да енгізіп жүрмін. Өлеңді тұтас келтірсем, бас-аяғы:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі