Әділбек Абайділдановпен танысуымыздың өзі де бір қызық хикая еді. Облыстық газетіміз "Советтік Жетісу" деп аталатын да, Талдықорған өңірінде қалам ұстай бастаған жастар болса, ең алдымен сол газеттің редакциясын төңіректейтін. Бұл күндегі белгілі қаламгерлер Сайын Мұратбеков, Қастек Баянбаев, марқұм Құдаш Мұқашев, Тұрсынзада Есімжанов, Ұзақбай Доспанбетов, тағы басқаларымен де осы газет беті арқылы танысып-біліскен болатынбыз.
Біз жолдаған балаң шығармалар тағдыры жайлы жауапты көбіне-көп Әділбек Абайділдановтан алатынбыз. Оқтын-оқтын редакцияға түскен өлеңдерге, әңгімелерге шолу беріліп тұрады. Оны жазатын да Әділбек Абайділданов. Сондықтан бізге Әділбектен асқан бедел де, Әділбектен асқан құдірет те жоқ сияқты көрінуші еді ол кезде.
Мен орта мектептің соңғы класында өлеңді өндірте жаздым, оларды көбіне аудандық "Колхоз туы" газетінде жариялататынмын. Бір бетке кейде екі-үш өлеңім қатар шығып, солардың біреуінің астына "С.Қырұлы" деген лақап ат қойылатын еді. Оны да өзім ойлап тапқам. "Баубек Бұлқышев мақалаларын "Тауұлы" деген атпен жариялайды дегенді оқығаным бар болатын. Соған еліктегенім болуы керек.
Сондай Қырұлы атынан аудандық газетке шыққан бір өлеңімді көшіріп, өз атыммен "Советтік Жетісуға" жарияламаймын ба баяғы. Соны әлдекім жерден жеті қоян тапқандай, "Сәкен біреудің өлеңін ұрлап алыпты" деп облыстық газетке жазып жіберсе керек. Әділбек ағам кезекті бір шолуында: "Сәкен Иманасов аудандық газеттегі С.Қырұлына жиендік жасап, өлеңін көшіріп, бізге жіберген! Бұл жарамсыз қылық" — дегендей етіп, "көкеме" көрсете біраз сілтепті. Мешкей деген ат жаман, оған мен қайтіп шыдап тұрайын.
Отыра қалдым да, Әдекеңе хат жаздым. Жазғанда да, әдеп сақтап, сипай қамшылап сыпайылап жатпадым, тентектікті де тектілік деп ұғатын қайран жастық десеңші, ағама "ауызды салдым-ау" деймін біраз. "Сіздің фамилияңыздың жартысы Абай, жартысы Ділда екен. Құдай тағала Абайдың ақындығынан ептеп қарайласқанымен, Ділданың қатындығын да үйіп-төгіп қоса берген-ау, шамасы. Әйтпесе, кімнің кім екенін біліп, ақ па, қара ма, анықтап алмай жатып, айдай әлемге осынша дүзқара етуге болатын ба еді?!" дегендей сөздер де бар еді хатымның ішінде.
(Кейін білдім, Әдекең шабына шоқ түскендей тулап, маған газет арқылы ашық хат та жазбақ болыпты. Бірақ біраз үлкен кісілер араласып, "так-такпен" ғана тоқтатса керек. Оны маған Жұмабек Қалиасқаров дейтін ақсақал түгін қалдырмай, тігісін жатқыза айтып берген болатын).
Содан, не керек, 1958 жылдың күзінде тұңғыш peт "Советтік Жетісу" газетінің редакциясына соқтым. Редакция табалдырығын алғаш аттағаным сол еді, үш-төрт адам отырған кабинетке жүрексіне кіріп, аты-жөнімді айтып, Әділбек Абайділдановты қайдан табуға болар екендігін сұрадым.
— Әділбек осында. Күте түр, қазір келіп қалады, — десті кабинетте отырғандар. Айтқандай, көп ұзаған жоқ, болмеге соншалық бір жүзінен жылылық лебі ескен, қимыл-қозғалысының өзінен ақындық бөлек бір сәуле шашырап тұрғандай болып сезілетін сыптығай сұлу да сұңғыла, сұңғақ бойлы жігіт екпіндей кіріп келді. Шашын ұзын етіп, артқа қарай қайырып тастаған. Киімі де қыпша бойына құйып қойғандай жараса қалыпты. Екі қолын да қатар сермеп қойып, әлденені айта, әлденені сөйлей кірді. Басын шұлғып, жер тарпып тұратын жарау жүйрік болушы еді, бірден соған ұқсаттым. Әділбек екенін де айтпай біддім. Орнымнан тұра беріп едім, әлгі кабинетте отырғандардың бірі:
— Әділбек, мына жігіт Сәкен Иманасов екен, сені іздеп келіпті, — деді.
Басын шұлғып тастап, шашын артына қарай шалт бір сілкіп, жалт етіп маған қараған Әдекең:
— О, сайтан, Сәкен сен бе едің, — деді мені қапсыра құшақтай алып, — жүрші, далаға барып, оңаша еркін сөйлесейік.
Редакция үйі қалалық саябақтың шетін ала орналасқан екен, біз бақ ішіндегі оқшау отырғыштардың біріне барып құйрық бастық.
— Ой, сайтан-ай! (Бұл Әдекең аузынан жиі шығатын, мақтауы ма, даттауы ма белгісіз, төл сөзі екен). Сөйтіп, Сәкен мен едім де. "Абайдың ақындығынан гөрі, Ділданың қатындығынан көбірек бұйырыпты" де. Әй, көңілге қарап, ағаны сыйлау деген қайда бұл? Мен қайдан білейін, оның үстіне, сен туралы жазған әйел адам еді. Әйелге қалай сенбейсің. Аты, ұмытпасам...", — деп маған беймәлім бір есімді атады.
Мен кібіртіктеп, көзіммен жер шұқып қалдым. Соны сезген Әдекең ары қарай қазбалап жатпады. Өткен оқиғаға қатысты әңгімені сонымен доғарды.
— Ал енді, айтшы қайдан келесің, не бітіріп жүрсің, не жазып, не қойдың! — деп бастырмалата сұрап, сөз аңғарын басқа арнаға бұрып жіберді.
Мен жауап берген болам. Не деп, не қойғаным жадымда жоқ. Бірақ Әділбек Абайділдановты көріп, танысып, "ақын деген осындай болуы керек екен ғой!" деп сәт сайын сүйсіне түсіп отырғанымды әлі ұмытқан жоқпын. Күні бүгінгідей көз алдымда тұр.
Мен бұл пікірден Әдекең көз жұмғанша айныған емеспін. Аға деп, азамат деп, кішілікпен құрметтеп, сыйлап өттім.
Ол кезде, қарап отырсам, Әдекем не бәрі жиырма алты жастағы жас жігіт екен. Әлі жеке кітабы да жарық көрмегенін кейін білдім. Бірақ біздің бәріміз үшін әдеби ұстаз болғаны, қашанда бағыт сілтеп, бағдар беріп отырғаны ақиқат еді.
Бір жылдан кейін Талдықорған облысы тарап кетті де, араға айлар салып Әдекеңмен Алматыда табысқам. Аздаған уақыт мен "Лениншіл жас", ол кісі "Қазақ әдебиеті" газетінің редакциясында қызмет істедік. Бұл кезде Әдекең алғашқы жеңгеміз Зағирамен қазіргі Бөгенбай көшесіндегі бұрынғы Алатау қонақүйінің қарсысындағы бір бөлмелі пәтерде тұратын. Қолымыз қалт еткеңде сол үйге барамыз. Отау тігіп, оңаша шыққаны болмаса, олардың да қайбір ас та төк болып артылып жатқан жағдайлары бар дейсің. Бірақ жыр іздеп шалқыған көңіл мұхиттай шалқар кең еді. Бір үзім қара нанды бөліп жесек те разымыз, бір шыны қара шайға да қанып шыға келеміз. "Өлеңнің отын жағып жылытамын",— деп Қасым Аманжолов айтқандай, өлең оқып та тойынып, сәтті бір жыр жолына жадырап шыға келетін қайран жастық шақ еді-ау ол!
1961 жылдың күзінде мен Алматыны тастап, біржола ауылға кетіп қалдым да, Әдекең екеуміздің арамыз алшақтай түсті. "Көзден кетсе — көңілден ұмыт", бұрынғыдай жиі көрісіп жүрмеген соң, арамыз суыңқырай да түскен болатын. Алғашқы жеңгеміз Зағира да ажырасып кетіпті деген қауесет естігем. Анық-қанығын білмейтін едім.
Менің Талдықорғанға ауысып келген жылдарымның бірінде жұмысқа Әдекең телефон соқты:
— Әй, сайтан, қонақүйде жалғыз жатырмын, ағаңды іздеп, соғып кетпеуші ме едің? — деді.
Құстай ұшып жеттім. Төрт-бес жыл көріспей кеткенбіз. Біразға созылған сұхбаттан соң ағамды үйге шақырдым. Үй-ішіммен, шешеммен таныстырдым. Сып-сыпайы, бір көрмеге биязы Әдекең үлкен кісіге де ұнады. Жылы қабылдап, жөн сұрап жатқаны есімде.
Шәй іштік. Қысқы соғым кезі еді. Қазанда жылқының жылы-жұмсағы бұрқырап қайнап жатқан, жас қазы-қартаның иісі де танауды жарып барады.
— Пай, жарықтықтың иісін-ай! — деп Әдекең тамсанып отырған. "Пісіп те қалған шығар, сұрап келші", — деп мені екі-үш мәрте жүгіртіп алды.
Шәйдан соң, ет піскенше ермек болсын деп, преферанс ойнадық. Әдекеңе шырт ете түсетін, жоқтан өзгеге тыз етіп ашуланып шыға келетін оғаш бір мінез біткенін аңғарып қалдым. Карта ойынына аса төзімділік керек, әйтпейінше, қасындағылардың берекесі кетіп бітеді.
Әдекең астам сөйлеп, даусын қатты шығарып, артық-кем оғаш сөзге де кетіңкіреп қалып отырды. Мен бірде: "Оу, қойыңызшы, жалғыз отырған жоқсыз ғой, көкесі-ау!" — деп ескертіп қалып ем: "Ә, сен менің аузымды жабайын дедің бе, онда жөнімді табайын, несіне шақырдың, бүйтетінің бар!" — деп ерін бауырына ала туласын. Қой деп жалынсаң, ерегісе түседі екен. Ақыры шыдамай: "Әй, қорқытпай, кетсеңіз, кете бермейсіз бе?" — деп қалып ем, қайтып сөзге келместен, сырт киімін жүре киіп, үйден шықты да кетті. "Шақырып келген мейманыңды қуып, саған не көрінді, балам-ay", — деп шешем және ұрысты. Екі оттың ортасында дал ұрып мен қалдым.
Ішкеніміз ірің, жегеніміз желім болып, түнімен ұйықтай алмай, ертесіне жұмысқа бойкүйез күйде әрең барып ем, телефон безілдеп қоя бергені.
— Әй, сайтан, түндегі етті жеп қойдыңцар ма, жоқ маған да нәпақа қалды ма? — деп тұр түк болмағандай Әдекем.
— Ойбай, аға, сол күйі тұр, шешем де күтіп отыр, барып, соны жемейміз бе? — деймін мен шырылдап. Қуанып та кетсем керек.
Ақыры, қойшы, кешегі құрамда қайта бас қосып, қонақасымызды әрі қарай бейбіт қалыпта жалғап, татулықпен тамамдап едік.
Алды бар, арты жоқ, ақкөңіл адамның тек ығына көшіп, алдына түсіп алып жорғалай беру керек екен. Кейін тағы бір сапарлас болғанда бұған көзім бұрынғыдан да анығырақ жетті.
1974 жылдың желтоқсан айы еді. Әдекең қасына Қайсар Жорабеков дейтін жас жігітті қосып алып, менімен бірге біздің ауылға барып қайтпақ болды. Әдебиетті насихаттау бюросының жолдамасымен, жолақы, жамбасақыға берген азын-аулақ қаржысын малданып, жол жүріп кеттік. Облыс орталығы Талдықорғанға жұма күні кепштете келіп, қонақүйге қонып шықтық та, ертеңгісін обкомға бас сұқтық. Есіктегі милиционерден жөн сұрап едік, "Жұмыста тек обкомның қатардағы хатшысы Шаймұқан Сапиев отыр" дегенді айтты. О кісіні Панфилов ауданында бірінші хатшы болып жүрген кезінен білетін едім. Көп сөзге жоқ, кесіп-пішіп бір-ақ айтып отыратын орнықты адам сияқтанған. Осы обкомда да бірер ай бірге қызмет еткеніміз бартұғын.
Шәкеңе кіріп, жөн-жосық айттық та, Алакөлге апарып тастауға көлік сұрадық. Обалы не, сөзге келмей, әлдебіреулерге телефон соқты да, лыпып тұрған су жаңа "Газ-69" машинасын алып берді.
Машинаның алдыңғы орындығына жүргізушімен қатар мен отырдым да, арт жаққа Әдекең мен Қайсар жайғасқан еді. Былай ұзап шыға бере: "Әй, сайтан-ай, алдына өзі отырып алады бұл. Ағам бар еді деп, жайлы жерді маған ұсыну жоқ!" деп тиісті Әдекең. Машинаны тоқтаттым да, Әдекең екеуміз орын алмастырдық. Таға бір бес-алты шақырымнан соң: "Ә, бәсе, неғып лып етіп орнын бере қойды десем, алдыңғы әйнектен жел соғып тұр екен ғой!" — деп ағам тағы шала бүлінді. Қойшы, әйтеуір, ақыры қайтадан орын ауыстырып отырдық.
Сарқант қаласына жақындағанда Әдекең:
— Осында менің жақын нағашым тұратын еді, соға кетейікші, — деді. — Адресін анық білмеймін, бірақ мөлшерлеп тауып алармыз.
Саркантқа бұрылдық. Әлдебір лайсаң көшемен батпақтай жүріп, Әдекең нағашысын ұзақ іздедік. Олай да бұрыламыз, бұлай да бұрыламыз — ол көше болмай шығады. Қас қарая бастаған еді. Алда құлақтанып қалған, бізді тосып отырған адамдар бар. Оның үстіне, шопырдың да зықысы шығып, реніш білдіре бастады.
— Жә, Әдеке, қоялық мұны. Түнге қарай бейтаныс көшенің бірінде батпақтап қалармыз. Обкомның шопырынан да ұят болды. Кете берейік, қайтарда асықпай іздерміз, — деп мен машинаны бұрынғы бағытқа қайта бұрғыздым.
Сол-ақ екен, ағамның шала бүлініп бергені.
— Ә, машинаны сен сұрап алған едің-ау, айтпақшы, — деп кекете сөйлеп, сөзбен шымшып, ұзақ күйіп-пісті. — Оның үстіне, обкомда істегенсің, тәртіпті сақтайсың ғой!
Сарқант пен Үшаралдың арасы 150 шақырымдай жер, Әдекең бір тоқтамай мені сыбап сөгумен болды. Сөз қайтарып бірдеме десем, ушығып кететінін сезіп, қарсыласа қоймадым. Тек Үшаралға кіре берісте машинаны тоқтаттым да:
— Ал ағасы, мынау біздің ел. Мен жаман-жақсы болайын, осы елдің азаматымын. Енді ләм деп ауыр сөз айтсаңыз, сол тұрғыда жауап аласыз. Сондықтан енді доғарғаныңыз жөн болады, егер "боқтағаным аз болды" десеңіз, қайтар жолды тура осы арадан бастап қайта жалғастырасыз, — дедім түсімді қатты суыта тұжырым жасап.
Сол-ақ екен Әдекең сөзден қалды. Райкомда күтіп тұрғандар бізді қонақүйге орналастырды да, жөндеріне кетті. Інім осында тұратын еді, телефон соқсам, тамақ асып күтіп отырғандарын айтты.
Әдекең жатқан бөлмеге барып: "Осылай да осылай, шешемді де білесіз, ол кісі де осында еді, ас әзірлеп отыр екен. Киініңіз, сонда барайық", — деп жатырмын ғой баяғы. Әдекең шешініп те үлгерген екен. Шалбарын алып киіне бастады да:
— Әй, сайтан-ай, ағам еді ғой деп тым құрыса кешірім де сұрай салмайсың-ау, — деді маған қарап.
— Кінәсі жоқ адам кешірім сұрай ма екен, Әдеке? — дедім мен де қырсығып.
— Ә, мен екем ғой кінәлі, сол екен ғой айта алмай тұрғаның, — деп ағам шалбарын қайта лақтырып жіберіп, төсегіне қайтадан қисая кетті.
Амалымыз таусылған Қайсар екеуіміз інімнің үйіне барып, ет жеп, шай ішіп дегендей, біраз болып, мен сонда қалып қойдым да, ол қонақүйге қайтты.
Таң атпай: "Міне, осы ғой ініміздің түрі, өзі етке тойып, шайға қанып алған, шалжиып жатады. Аштан-аш біз жүреміз жүгіріп", — деген Әдекең сөзінен ояндым.
Ойына түк кіріп шығар емес. Кешегі көп әңгімесінің бір де бірі болмағандай. Шешеммен де қауқылдасып амандасып жатыр.
"Адам жылқы мінездес" деген сөз бар. Сол сөзді Әділбек Абайділдановқа да бағаштай айтуды оң көрдім. Алдына барсаң — тістеп, артынан келсең — теуіп, жанына жан жолатпайтын басы асау, қыршаңқы жылқылар болады. Ондай жылқының жанына бірте-бірте ақырын сақтана жақындап, жалынан, алқымынан, омырауынан жайлап сипап, қолтық астын қасып, дір-дір етіп тітіркеніп тұрған арқасына қарай қолыңды жылжыта бересің. Сөйтіп бойын үйрете бере ырғып мініп алсаң да, ер салсаң да енді еркіңнен шықпайтын болады. Бұл теңеуім жарасымды болып шықпаса да, Әдекеңді әрдайым мақтай отырып, ығына жығыла көпшік қоя отырып, өз ыңғайыңа көндіріп алу оңай еді. Көбіне саяқ жүріп, жалғызілікті болғаны да әсер еткен шығар. Әлгіндей сылап-сипаудан кейін алдыңа түсіп алып, айтқаныңнан шықпайтын әңгімешіл адамға айналар еді ол.
Аяқ асты бүлініп, аяқ асты құбылып қалатын, бірде шөл, бірде көл еді-ау біздің Әдекең.
Жұрт алдында өзін-өзі ұстауы, екпіндетіп өлең оқуы елден ерекше болатын. Тыңдаушы көпшіліктің сол сәттегі көңіл күйін сезе қояды да, оқитын өлеңді де соған лайықтап алып, өзіне ғана тән айрықша бір әуенді мәнермен үзілдіре оқитын еді десеңші. Егер залда отырған жұрттң құрамында жасамыс адамдар, әсіресе кәрі әйелдер, ақсақалды қариялар көп болса, сонау соғыс кезінің қиындығын көрсететін, майданда мерт болған әкелер мен ағалар, елде қалған тірі жесірлердің күйкі тірлігі сөз болатын жырларын ағызады-ау келіп. Жұрт онысын көзіне жас алып отырып тыңдайды. Ал жастар, әсіресе бойжеткен қыздар көбірек жиналған болса, кілең бір мөлдірете тізген махаббат жырын оқитын. Жастар да жадырай түсіп қол соғып, дүрлігісе қошамет білдіріп жатады. Оның өлеңдерін жең ұшымен жанарын сүртіп отырып тыңдаған жұртты талай көрдік.
Мен де Әдекеңнен қалыспау ниетімен кілең бір ойлы деген оңтайлы өлеңдерімді оқып көрген болдым. Жұрт селт ете қоймады. Сыртқа шыққанда Әдекең:
— Аудиторияға қарай отыр. Сенің терең философияңның бұл жерге титтей де керегі жоқ. Осы елдің өз құлағына сіңісті сөз керек бұларға. Тұрмыстық тақырыптағы қарапайым жырларың болса, соларды оқы, — деп кеңес берді.
Қаламдастары, қатар жүрген замандастары жайлы қатып қалған пікірі болатын да, одан айныту әсте мүмкін емес еді. Ағалары ішінен Сәбит Мұқанов, Қалижан Бекхожиндерді аса қадірлеп сыйлайтын. Тұрғылас інілері Тұманбай, Сайынды аузынан тастамай, көтере мақтап отыратын.
Мен ақын Жұбан Молдағалиевті аса жақсы көруші ем. Бірде Жұбақаңның әлдебір өлеңін оқимын деп, Әдекең алдында пәлеге қалғаным бар.
— Мұрныңа поэзияның иісі бара ма өзі, ойбай-ау, Жұбанды ақын деп жүрген кім саған?! Машықтан, күшенуден туған бірер поэмасы болмаса, іліп алар несі бар! — деп қатты сөкті.
Мұндайда онымен дауласып тәңірінің өзі түк өндіре алмас еді, сондықтан үйдей пәледен — үндемей құтылуға мәжбүр болдым.
Қолы ашық еді. Сол баяғы Қайсар үшеуіміз жолаушылап жүргенде қонақүй асханасындағы таңғы тамағына 25-30 сом (ол кезде мол ақша) шығарады екен. Қайсар: "Көке, мұныңыз не?" — десе:
— Артылғаны қалар осында. Айнала жұрттың бәрі бізге қарап отырғанда, бір тостақ сүт пен бір үзім нанды шұқылап, тамсап отыра алмаймыз ғой, — дейді екен.
Үшаралдағы қонақүйдің өзіме тиесілі бөлмесінде жатыр едім. Әлі ертеңгі асты іше қоймаған болатынбыз. Үшеуімізге тиесілі сома Әдекеңнің қалтасында. Алқынып Қайсар жетті:
— Ойбай, көке, Әдекең шақырады. Ресторанда отыр. Тез, кел! — деп дегбірімді алды.
Барсам, ұзын столды жағалай, кәрісі бар, жасы бар, он шақты әйел отыр. Орталарында Әдекең. Мені өз қасына отырғызып алды да:
— Бұлар Семей драмтеатрының артистері екен. Алматыға гастрольге кетіп барады. Жаңа таныстым да, дәмге шақыра салып едім, — деп менің аты-жөнімді айтып, әйелдерге таныстырды.
Сәлден кейін құлағыма сыбырлап:
— Ақша жетер түрі жоқ, батыр, қалта қағыла бастапты. Бірдеңе етіп өзің құтқармасаң, болмас, — дейді.
Ызадан өртеніп кете жаздадым. Өзіміз жолаушы жүрміз. Ақшамыз да тақ-тұқ. Соны біле тұра, мұнша мол бейтаныс әйелді ресторанға шақырып, таң атпай жатып шампандатып отырғаны мынау. Қайсар екеуміз қалтамыздың түбін қаға жүріп, әрең құтылдық.
Артынан білсем, әлгі "сұлулардың" бір-екеуімен Әдекең қалжыңдаса кетеді. Сөзден сөз шығып, қағынып жүрген келіншектер: "Бізді ресторанға шақырып қаларсыз"— дейді. Әдекең артын ойлап жата ма, "Әйда, кеттік!" деп, тобымен апарып тоғыта салған ғой.
Әйел дегеннен шығады. Аса сүйіп қосылған алғашқы жары Зағирадан ажырасқан соң, бұл жағынан жолы болыңқырамады-ау деп ойлаймын. Екі-үш рет үйленіп, тұрақтап тұрып қалмады. Байрон: "Әйелсіз өмір сүріп болмайды, ал әйелмен өмір сүру одан да қиын",— дейді екен. Сол сөзді Әдекеңе қарата айтуға әбден болғандай. Әлгі Зағираның бір әңгімесі де есімде қалыпты: "Сенің осы ағаң қызық, — деп бастап еді ол сөзін кездейсоқ бір жолыққанда мені оңашалап алып, — жақында телефон соғады. "Келіп кетші!" — деп өлердегі сөзін айтты. Барсам, бес бөлмелі үйінде жалғыз өзі жатыр екен. Көптен күтім көрмеген үй іші ыбырсып кетіпті... "Ең алдымен, Көкбазарға барып ет алып кел!" — деді ағаң. Оған да көндім. Қазанға ет салып қойып едім. "Енді менің мына бір киімдерімді жуып таста!" — дейді. Киімін де жуып, жайып қойдым. Бес бөлмелі пәтердің еденін жуып, тазарттым. Соның бәрін жасап болып, алдымызға ет табақты алып, тамаққа отырғанда:
— Осылай оқта-текте келіп тұршы, — дейді ағаң.
— Оу, үй-күйіміз басқа болып кетті. Қай бетіммен, кіммін деп келіп тұрмақпын саған? — деймін мен.
Зағира күліп отырып осындай бір әңгіме айтып еді.
Әдекеңнің ажалы, не керек, ақыры әйелден болды ғой!
Қолы ашық, жомарттығын сезіп, қасында әмісе бірер "арамтамақ" еріп жүретін. Кейде түн ішінде телефон соғатыны бар еді: "Саған қазір таксимен бір адам жұмсаймын, келінге білдірмей 100 сом беріп жібер!" — дейді күтпеген жерден. Бар болса, аямаймын ғой, оның үстіне, ұмытпай, алғанын айтқан күні қайтаратынын да білем. Кейде:
— Әдеке, мені миллионер дейсіз бе сонша, ақша деген менде де бола бермейді ғой, — десем:
— Әй, сөзді қой. Сен тұрғанда басқа біреуден сұрап жүреді деп пе едің, — деп тыйып тастайтын.
Тұзы жеңілдеу еді. Содан да ма, қайтыс болғалы 20 жылдай болды, әлі күнге бір кітабы жарық көрген емес. Таланты Әдекеңмен деңгейлес не одан да төмен қаламгерлердің көп томдық, қос томдық, құрығанда бір томдықтары жиі-жиі шығып жатады. Соңында іздеушісі болмағасын ба, бұл жағынан да Әдекең әруағы алдында ұятты болып келеміз.
Әдекең 50 жасқа толарда Қастек Баянбаев екеуміз ауылына бірге еріп баруға келісіп, дайындалып жүрдік те, соңынан әлдене себеппен біз ілесе алмай, Әдекең қасына Саттар Сейтхазинді ертіп кетті.
Ақсу, Сарқантқа ортақ болып жүретін Бақалы деген ауыл бар. Онда бірсыпыра қазақ зиялылары туып-өскен. Сол ауылдағы орыс, қазағы аралас орта мектепке келсе, дәліз төріндегі "Біздің мектептің түлектері" деген стенд бірден көзге түседі ғой. Тізімнің басында сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Кәкімжан Қазыбаев, одан кейін Д.А.Қонаевқа көп жыл көмекші болған Д.Бекежанов, М.Арынов деп кете беріп, бесінші ме, алтыншы ма болып Әділбек Абайділдановтың аты-жөні жазылса керек. Соны көріп Әдекеңнің талағы тарс айрылады ғой енді. "Бүкіл Совет Одағында шығатын жазушылар жайлы анықтамада мен бірінші болып тұрам, ал туған мектебімде неге кез-келген шенеуніктен кейін тұруым керек!" — деп әлек салыпты. Ақын сырын білетін біреулер болса: "Ойбай, қателесіппіз, ертең-ақ түзейміз!" — деп құтылар еді. Қырсыққанда мектеп директоры орыс әйелі болып шығады, ол қайдан қазақ ақынының қадіріне жете қойсын, оның үстіне, бұдан бұрын бетіне келіп ешкім ауыр сөз айтпаған да болуы керек, шамданып шыға келіп, екі жақты айнала тұрғандар "әке-көкелеп" әрең басыпты.
Сол жолғы бір отырыста Әдекеңнің туған совхозының директоры: "Аға, мынау мінгізген атымыз",— деп алдына конвертпен ақша қойыпты. Біреулер, бәлки, үндемей-ақ қалтасына салып алар ма еді, қайтер еді, ал біздің Әдекең: "Інім, бұның қанша ақша, ашық айтшы, жұрт естісін, оңаша барып санап жатам ба?", — дейді ғой. "Үш жүз сом, аға",— депті директор жігіт. Ол кезде бұл ортақол қызметкердің екі айлық жалақысы мөлшеріндегі ақша болатын.
— Әй, қарағым, — дейді Әдекең директорға қарап, — мені күн көре алмай жүр деп саған ешкім айтпаған болар. Ал шынына келсем, мына менің бұтымдағы ішкиімімнің өзі үш жүз сом тұрады. Өзің бай бол, рахмет!
Қатты қысылған директор ертесінде райкомның бірінші хатшысының көзінше бір мың сом ақша ұсыныпты Әдекеңе. Әдекең әлгі ақшаны қолына салмақтай отырып:
— Қарағым, сен кешегі сөзді ауыр алма. Ағалық назым ғой, жай. Ініме айтпағанда, кімге айтам. Ал енді саған бір қолқам бар. Осы маңда менің атам Смағұлдың мәйіті жатыр. Сен мына ақшаға сол атамның басына белгі тұрғызып бер. Сөйтсең, әруақ та риза, мен де разымын, — дейді ғой.
Директор да ризалығын күлкімен білдіре отырып, тез келісіп, уәде беріпті.
Өкінішке орай, Әдекеңнен де, Саттар Сейтхазиннен де сол директор жігіттің аты-жөнін сұрап алмаппын. Осы жолдарды жазу үстінде соған өкіндім, бірақ кеш еді, амал не!
Өзі мәрт адам, өзгеден де соны күтеді емес пе. Үлкен жерде қазанның құлағын ұстап отырған ұлықтың бірі Әдекеңнің парталас досы екен. Кездейсоқ соған жолығып, хал-күй сұраса келе, Әдекең пәтерінің тар болып жүргенін айтады. Ұлық досы: "Қанша бөлмелі пәтер керек еді?" — деп сұрайды. — Әркімнің есігін бір қаға берсем, не пара беріп, не бара берсем — үш-төрт бөлмелі пәтердің құлағын ұстап қалуым мүмкін-ау бір. Өзің сұрап тұрсың, ендеше, берер болсаң, бес бөлмелі пәтер бер, айта жүруге де жақсы!" — дейді.
Алматының ортасынан ойып алған сол бес бөлмелі пәтерінің де қызығын көре алмай кете барды Әдекең.
Кісіге қылдай қиянаты жоқ, ақкөңіл, аңқылдақ, өнерден басқаға батынып та, табынып та көрмеген адам еді-ау. Өзінен бірер жас қана үлкендігі бар, сол кезде "Жазушы" баспасының директоры болып тұрған Әбілмәжін Жұмабаев оны қатты сыйлайтын еді. Бірде қарауында істейтін маған:
— Сәкен, осы Әділбек жұмыс істемей жүр ғой, кей-кейде молырақ аударма беріп, көмек жасап жүрейік те, — деп ескерткені бар.
Тағы бір күні Әдекеңді баспаға қызметке қабылдады. Мойны бос, еркін жүруге әдеттенген ақын кеңсе жұмысына көндігіп кете алмай, қоңылтақси берді. Оның кіріп-шыққанын, жұмыстан кешігіп қалғанын сөз ете күңкілдеп жүретіндер де болмай қалған жоқ. Сондай кеңсе жағымпаздарының бірімен жүз шайысып қалып, столды сарт еткізіп бір ұрып, сыртқа шыға жөнелгені есімде.
Ертесінде маған телефон соғып:
— Сәкен, Әбекеңе барып, менің атымнан кешірім сұрашы. Сырттап жүрген мені қызметке шақырып, азаматтық жасап еді. Бірақ әркімдермен арпылдасып отыра алмайды екем. Рахмет айтты де. Енді бармай-ақ қояйын.
Әбекең бұл сөзге басын шайқап, күлген де қойған.
Қазақ поэзиясының жарық жұлдыздарының бірі Әділбек Абайділданов жайлы айтылар сөз әлі алда деп білем. Мен есімде қалғандарын ғана қағазға түсірдім.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі