Атағы мен шатағы жарыса шыққан ақын Тоқаш Бердияровтай-ақ болар. Өлеңін оқымай жатып, біз оның сыртынан "өйтеді екен, бүйтеді екен" деген лақап тарап, дақпырттан даңғазаға айналып кеткенін естіп жүруші ек.
Ең алғаш көргенде әлгі әңгімелердің бәрі жалған екен-ау деп қалдым. Мұнтаздай таза киінген, танау астын қарайтып бармақ басыңдай мұрт қойған, сол мұртын бір дірілдетіп алып, оқыс мырс ете түсетін жігіт атасы аса сыпайылығымен де есте қалыпты.
Алпысыншы жылдардың басында шұбырып соңына ердік. Тоқаң көбіне Төлеужан Исмайыловпен бірге жүретін. Мен сол жылдары газет беттерінде жиі көрініп, біраз белгілі бола бастадым да, әлдене себеппен біраз жылға әдебиеттен қол үзіп, елге кетіп қалып ем. Бірде мені өзбек жазушысы Нәсір Фазыловпен таныстырып тұрып:
— Отставкадағы талантты ақын, — деп мінездеме бергені бар.
Тағы бірде кештете көше кезіп келе жатыр едік, алдымыздан Қапан Сатыбалдин ұшыраса кетті. Ол кісі "Қазақ әдебиеті" газетінің редакторы болатын. Тоқаш амандасып, мені таныстырып тұрды да: "Қапеке, айтыңызшы, осы марксизмнің де тоны тозып, көйлегі көнере бастаған жоқ па?" — деп сұрады оқыстан.
Капекең от басқандай ыршып түсті. "Қой, Тоқаш, ондайды айтпа маған!" — деп жан-жағына қарап алып, қоштаспастан зытып берді.
— "Әй, қатырдым-ау өзін!" — деп күледі Тоқаң.
Бұл әңгіме маған да тосаң, құлағама түрпідей тиді. Бірақ үндеген жоқпын.
Беріректе тағы бір күні Тоқаң екеуміз сырласып келе жатыр едік, совет армиясының екі-үш офицері шыға келді алдымыздан. Орыс жігіттері екен. Тоқаң солардың алдына тәлтиіп қалт тұра қалды да, бір саусағын шошайтып:
— Офицеры оккупационных войск, ненавижу я вас! — дегені.
— Мы знаем, знаем! — деді шатақ іздеп шықпаған орыстың жас офицерлері.
Мен Тоқаңды сүйрей жөнелдім.
Бұл Тоқаңның "шатақ" мінездерінің көріністері. "Ішкіш" еді, "бұзық" еді дегенде, жұрт осындай қылықтары үшін айтатын болар.
Әйтпесе елге ұқсамайтын оқшау қылығы бар азамат еді ол.
1974 жылы Алматыға біржолата ауысып келіп, Жазушылар одағында кеңесші болып қызмет істеп жаттым. Бір күні аяқ асты 100 сом ақша керек болып қалды да, зәрулік шіркін әрі-сәрі ойға жетеледі. Кімнен сұрарымды білмей, біраз дағдардым. "Жығылсаң — нардан жығыл" деген бар, өлеңдерін жақсы көріп оқитын ақындарымыздың бірі Сырбай Мәуленов еді. Жүрісі де, күлісі де жомарт жаратылған адамға ұқсайтын. "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы. Сәлеміміз түзу. Салып ұрып кабинетіне кіріп, аз қипақтап тұрдым да, "сүт сұрай келіп, шелегімді жасырғандай болмайын" деп, біраз күнге болмашы қарыз ақша сұрай келгенімді айттым.
— Апыр-ай, Сәкен-ай, — деді Сырағаң, — бұрын бұйымтай сұрап көрмеген едің, қиын болды-ау, бірақ жоққа жүйрік жете ме, амал не, ақшам болмай тұр!
Төбеге ұрғандай есеңгіреп шықтым да, сол дәліздің бойындағы Ғафу Қайырбековтің кабинетіне кірдім. Өлеңдерінде: "Үйде де, түзде де алдым кең, алақаным ашық", — деп жататын еді, бір берсе со кісі беріп қалар деп ойлағам.
— Сәкенжан, садағаң кетейін, қалтамда көк тиын болмай тұр, қинама, — деп шығарып салды ол ағам да.
Өз қатарластарым Қадыр, Қастек, Қайраттарды жағалай сипақтатып едім, аяқтарына да отырғызар болмады.
Бәрінен түңіліп, енді не істесем екен деп, есік алдына шығып тұр едім, анадай жерде Тоқаш Бердияров келе жатыр екен. О кісіден қарыз сұрайын деген ой түсіме де кірмес еді. Көбіне үйсіз-күйсіз қалпында, оның үстіне, ептеп ішіп жүретінін білетін едім.
— Иә, түрің өрт сөндіргендей болып кетіпті ғой, жай ма? — деп жөн сұрады Тоқаң.
— Тоқа, мен мұнда Талдықорған обкомынан келіп едім. Ол жақта бір-бірімізден қарыз ала беруші едік. Мына жазушыларыңыз қысты күні қар татырмастың өздері екен ғой. Түңілдім, түге! — дедім.
— Қанша керек еді? — деді Тоқаң.
— 100 сом.
Ол қолымен көше жақты нұсқап:
— Ұста такси! — деп бұйырды.
Құдайшылығымды айтайын, бұл кісіден ақша табыла қояды деп үш ұйықтасам түсіме кірмейтін. Сондықтан да болар, көп елпілдей қоймай, енжарлау барып такси ұстадым.
Қай жерге барғанымыз есімде жоқ, таксиспен келісіп, автокөлікті есігінің алдына қаңтара салды да, мені үйіне алып кірді "Дәм тат!" — деп алдыма бес-алты құрт қойып, әлдебір шарап шөлмегінің тығынын ашпақ болғанын да білем. Асығыс едім деп, азар да безер болып, Тоқанды үйден алып шықтым.
Сол кездегі Коммунистік даңғылы мен Гоголь көшесінің қиылысқан жеріндегі жинақ кассасынан ақша алып, маған сұрағанымды берді де, қояр да қоймай сүйреп Жазушылар одағының барына алып барды.
— Қанша ішетін едің? — деп сұрады Тоқаң.
— 150 грамнан жетер, — дедім мен "Варциха" коньягін нұсқап.
Маған өзім айтқан мөлшерде коньяк пен кофе алып беріп, пұлын төледі де:
— Өзің іше бер, сен қызметтегі адамсың ғой, жұрт көрсе, Тоқашпен ішіп отыр деп жүрер, мен кете берейін, — деп менің қарсыласқаныма қарамай, шығып жүре берді көкем.
Қарызымды қайтарам деп берген уәделі күні Тоқаш телефон соқты:
— Сәкен, бүгін айдың пәленшесі ғой, — деп есіме салып жатыр.
Ақшамды қолыма ұстап күтіп отыр едім:
— О, Тоқа, келе қойыңыз! — дедім қуанып.
Міне, бұл да "Ашаршылықта жеген құйқаның ауыздан дәмі кетпес" деген сөзге мықты дәлел бола алар еді. Оның үстіне, көбіне өзімен өзі ғана болып бұйығы тірлік кешкен ақынның бойында бұғып жатқан мәрттіктің де бір көрінісі еді бұл. Көбімізге сол мінез жетпей жатады. Сырт көзге мырза көріне тұрып, жеме-жемге келгенде, кім екенімізді тез білдіріп алатынымыз да бар-ау.
Бүкіл тірлігін өлеңге ғана, әдебиетке ғана арнап, сол жолға қалған қызықтың барлығын құрбан еткен мәрт ақын Тоқаш Бердияровтың бір қыры осындай еді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі