1.
Әнуар Әлімжановтың аты ерте шықты, атағы ерте жайылды. Бір ел, бір өңірден екенімді айтып, сыртынан малданып, кейде мақтап, кейде мақтанып жүргеніміз болмаса, аса бір жақын білісіп те, біте қайнасып та кеткен кісілер емеспіз. Сыйласып жүрдік, сыр алыса сырласа қоймаппыз. Бүйрегі бұрса, бұрған шығар, бірақ жасы кіші ғой деп аса бауырына тарта қоймады, мен де оншалық бір үздігіп, ағам деп артынан ере қояйыншы деген ниет көздемеппін. Тіпті, ол бірінші хатшы болып тұрғанда Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істей жүріп, бір де бір өтінішпен алдына жалғыз бармаппын. Ол да мені оңаша әңгімеге шақыра қойған жоқ еді. Мені қызметке алған сол кезгі екінші хатшы Ілияс Есенберлин еді де, босатқан келесі екінші хатшы Шерхан Мұртазаев болатын. Әнуар, тіпті, менің бұл қызметке қашан келіп, қашан, қалайша кеткеніме де мән бере қоймаған сияқтанған.
Ең алғаш жақыннан танысып, сөйлесуім сонау алпыс сегіздің қыркүйек айы тұсында еді. Тәжік әдебиетінің Қазақстандағы онкүндігі аясында бір топ қаламгер Талдықорғанға келді. Облыстық газет қызметкері ретінде қонақтарды қарсы алушылар арасында мен де жүргенмін. Тәжік ағайындарды бастап келген Қазақстан Жазушылар одағының қатардағы хатшыларының бірі Қабдыкәрім Ыдырысов екен. Самолеттен түскен меймандарға қол беріп, дәм-тұз таттырып, гүл ұсынып жатқанда, алаңға тағы бір шағын ұшақ келіп қонып, одан жалғыз жолаушы — Әнуар Әлімжанов түскен. Тәжіктің белгілі ақыны Мумин Канаоат, ақын қызы Гүлрухсор Сафиевалар елеңдесе бұрылып, бізді тастай бере, Әнуарға қарай құрақ ұша ұмтылып еді. Бірін бірі жаңа көргендей болып, бас салып сүйісіп те жатты. "Ой, ты молодец, а то мы подумали черт то что!" — десіп орысшалап та қояды. Әнекең кеңкілдеп қана күле береді. Сөйтсек, әлде жолаушылардан қалып қойған ба, әлде басқа бір себеппен орын табылмаған ба, олар ұшып кете сала, Әнуар "Правда" газетінің тілшісі ретіндегі ерекше құқығын пайдаланып, жаңағы самолетпен жалғыз ұшып, бұларды адымын аштырмай қуып жеткен беті екен.
Сол күні меймандар құрметіне Киров аудандық партия комитетінің бірінші секретары Тұрсын Махметов қонақасы берген. Шеткерілеп отырған менің қасыма Әнекең келіп жайғасты. Ығысып, төрге қарай өткізейін деп едім, "отыра бер" дегендей ишара танытқан.
Облыстан, ауданнан, колхоздар мен совхоздардан жиналған адамдар көп еді. Ac үстінде Әнекең темекісін үсті-үстіне бұрқырата сорғыштап қойып, маған әлденелерді айтқан болып отырды. Сөзі анық естілмейді екен, көмейінен шыға үзіліп қала ма, жартысын өзі жұтып қоя ма, сұрауға әрі ұяламын, әрі батылым да жетпеді. Атағы да, абыройы да басым, жасы да менен біраз үлкен әйгілі адамның, елге белгілі жазушының өзімді елеп сөзге тартып отырғанын мәртебе санап, бар болғаны іштей марқая түссем керек. Мумин Каноат бірдеме деді ме, әлде өзі байқап қалды ма, әйтеуір, едәуір уақыттан соң кешті басқарып отырған Махметов:
— Оу, Әнуар Тұрлыбекович, бері төрге өтпейсіз бе, бұ не балаға ұқсап босағада қалып қойғаныңыз, — деп емеурін танытқан болды.
Әнекең екі колын бірдей көтеріп алғыс білдірудің ишарасын жасады да, орнынан жылжи қоймады. Әлгі маған айтып отырған әңгімесін әрі қарай жалғай берді.
Өзгелерді кимелеп әйтеуір төрге озғысы келіп өңмеңдеп тұратын осы күнгі ағайыңдардың қылығын көрген сайын мен Әнекеңнің сол бір қарапайымдылығын әмісе есіме ала беремін. Есіме ала беремін де, өз-өзімнен таңырқап, бас шайқап қоямын.
* * *
1971 жылы Мәскеуде оқып жүргенмін. Алматыдан Сайын Мұратбеков телефон соқты: "Ертең ұшып барамын, күтіп ал", — деп.
Сол жолы ол мені Әнуарға ертіп апарды. Жуырда ғана Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы болып сайланған Әнекең КСРО Жазушылар одағының кезекті хатшысы ретінде бірер ай Мәскеуде болмақшы екен. Калинин проспектісіндегі көп қабатты биік үйден екі бөлмелі пәтер тиіпті. Сол үйде біз, ішімізде Жұмекен Нәжімеденов бар, бір кеш бірге болып, ашыла сырласып, әжептәуір әңгіме-дүкен құрып едік. Сайын Әнекеңе еркін де, еркелей сөйлейді екен. Әзіл-қалжыңы бізден гөрі батылдау шығып жатты. Бір сөздің ретіне қарай ол: "Әнеке, орныңызды маған бірер айға қисаңыз қайтеді осы, әй, бір көсілудің қалай екенін көрсетер едім-ау!" — деді екі алақанын уқалап қойып.
Әнекең мысқылдай күлді ме, мырсылдай күлді ме, білмеймін, әйтеуір: "Саған да кезек келер, сол кезде көсілерсің, көсілсең", — деп кекеткені бар.
Кейін Жазушылар одағының билігі бірер жыл өз қолына тиген кездегі Сайынның қалай көсілгені маған беймәлім күйінде қала бергенін де несіне жасырайын.
* * *
1974 жылы Жазушылар одағы аппаратына қызметке келдім. Кезекті бір жиында үлкен залдағы жиналысты басқарып отырған Әнуар Әлімжановқа Тахаң (Тахауи Ақтанов) орта тұстан барып соқтықты. Өзінің ескі әдетімен бұйра шашы бұрқырап зал ортасында қайқая тұрып, Тахаң көсіле бір келіп шүйліксін дейсің бірінші хатшыға. Бурыл шашын оқтын-оқтын сілкіп қойып, қайдағы бір қадау-қадау дәлелді қалтасынан суырып алғандай алдымызға жайып салады. Әр сөзі мірдің оғындай. Сөзі де, ойы да дөп тиіп жатқанға ұқсайды. Біраздан соң өзімнің де Таханды құптап отырғанымды байқамай қалыппын.
Сол кезде сөз кезегін Әнуар алған: "Таха, пендешіліктен сәл де болса биігірек болайық та осы кей-кейде. Мен осында бірінші болып келе сала алғаш әңгімелескен адамым Сіз емес пе едіңіз. "Таха, тәжірибеңіз мол, беделіңіз бөлек белгілі адамсыз, екінші хатшының тізгінін біржола өз қолыңызға алыңыз, бірігіп қызмет етіп көрейік", — деп қолқа салғанымды ұмытпаған боларсыз. Сөйтіп, ортақ ісімізге бірдей жегіле, бірге қызмет істеудің орнына, бүгін келіп: "Өйтпеді, бүйтпеді", — деп, бүйректен сирақ шығарып, ортамызға іріткі салғыңыз келеді. Осы да ағайынның, тіпті ағаның сөзі, үлкеннің қылығы деп ойлайсыз ба?" — деп есіле сөйлеп бергенде, енді мен әп-сәтте Әнуар жағына қарай ойыса бастағанымды аңғармай қалыппын.
Қолын бір сілтеп, Тахаң өз жайына кеткен.
* * *
— Алпысқа толғанда ауылға барып қайттым, — деп әңгімеледі бірде Әнекең. — Қасымда Сауық Тәкежанов бар еді, түс қайта Андреевкадан аса Төңкеріс тұсындағы төбеге көтерілдік. Қарлығаш ауылына жете бере бұлақ басына тоқтап, айнала көз салып едәуір тұрып қалдық. Егін орағының кезі еді. Айнала қыбыр-қыбыр еткен жұрт, анадайда төрт-бес комбайн көрінеді, оңды-солды сабылған машиналар, атарбалар. "Әй, осы жұртты дүрліктіріп қайтеміз, бізді емешегі үзіле күтіп отырған да кім бар дейсің", — деп Ақтұма басындағы көгалға газет жайып жібердік те, Алматыдан ала шыққан жол азығымызды ортаға ала, Сауық екеуміз біраз әңгімелесіп, бұлақ суына беті-қолымызды жуып, ел-жұртқа қарап қош айтыстық та, қайқайып Алматыға қайта бердік.
"Елге шығып бара жатыр едім", — деп алдын ала хабар берсе сол өңірдің тайлы-таяғы қалмай, құрақ ұша қарсы алары сөзсіз еді ғой. Даңқынан даңғазасы көп, бергенінен алғаны басым, тындырғаны болмаса да, "тойымды өткізіп бермедіңдер" деп, жұрттың бәріне өкпелеп, той өткізе қалса, төңіректі дүрліктіріп, ағайын-туғанына міндетсіп, бәлсініп бітетіндерді көргенде де Әнекеңнің осынау "ерсі" қылығы есіме түсе береді.
* * *
1992 жылдың көктемінде Әлекеңнің туған жері Қарлығаш ауылында болдым. Осындағы жаңа салынған орта мектепке жазушының есімі берілген екен. Мектеп директоры — жас жігіт мені өзімсіне тұрып біраз өкпе айтты: "Екі рет жедел-хат жолдадық, бір рет арнайы кісі жіберіп шақырттық, бірақ Әнуар ағам келмеді", — деп.
Соның артынан іле-шала Жазушылар одағының фойесінде Әнекеңе ұшырасып қалдым да, әлгі директордың өкпесін жеткіздім. "Жуырда Жапонияға жүріп кетпек едім, — деді ағам — Содан қайтып келе-сала екеуміз барып қайтайықшы ел жаққа".
Мен құптап бас изедім.
Бұл кезгі одақтың бірінші хатшысы Қалдарбек Найманбаев болатын. Сол кабинетінен бір шығып, бір кіріп, әлдекімдерге тапсырма беріп, енді бірде Әнекеңе қарай бұрылып, әлдене сыбырлап жатты. Қалдарбек кабинетіне кіріп кеткеннен кейін, мен Әнекеңнен бұл не сыбыр дегендей сыр тартпақ болдым. Сонда Әнекең күмілжіңкірей тұрып: "Простор" журналына редактор сайламақ екен, соған өз кандидатурамды ұсынып едім, қазір секретариат мәжілісі өтіп жатыр, соның қорытындысын күтіп жүрген жәйім ғой, — деді.
Әлдене уақыттан соң іштен Қалдарбек тағы шығып, кінәлі адамдай екі қолын жая: "Әнеке, ренжімеңіз, болмады", — дегенді айтты. Түсі бұзылыңқыраған Әнекең бұрылып жүре берді. Ал редактор болып бұған дейін ешкімге белгісіз Петров дейтін біреу сайланғанын мен кейін білдім.
Мен Әнекеңмен сыртқа ере шықтым. Ренішін қанша жасырмақ болғанымен, реңі алабұүртып, біртүрлі қобалжып тұрғанын байқадым. Менімен сыр бөліскісі келмегенін де аңғартты. Сырылып қала бердім.
Секретариат мүшелерінің біразы маған белгілі адамдар еді, көңілдеріне келсе де айтайын, табандарының бүрі тайғанақ, принциптері шамалы жігіттер болатын. Әнекеңнің қысылыңқыраған кезде барып, "ат артына мінгестіре кетіңдер" деген емеурінін ұқпағандай, не ұға тұрса да елемегендерін мәртебе санап, ұлының бір тілегін мансұқ еткендеріне мәз бола тарасқандарын байқап та қалдым. Кейін соны біразы өзара әңгіме етісіп те жүрді.
"Сұңқарды сұқсұр табалап, қыранның күні күйкентайға түскен қайран да қилы заман-ай!" — деп бармақ тістегеннен басқа амалым болмай, еңсме түскен күйі солбырайып үйге қайтқан едім. Іште бір қыжыл қалған іркіліп...
* * *
Мың тоғыз жүз тоқсан үшінші жылдың мамырында Әнекең үйге телефон соқты:
— Мен социалистік партияның лидерімін ғой, — деді ол кісі, — екі тілде республикалық газет шығармақшымыз. Соған басшылық етсең қайтеді?
Мен келісім бергенмін. Қаржы табылды. Редакция құрамы бекітілді. Үш-төрт ай өткізіп барып газеттің алғашқы санын шығардық. "Қазақ мемлекеті", "Республика" деп аталатын газеттердің біріккен редакциясын мен басқаруға тиісті едім, артынан ойланып барып, әрқайсысын жеке басылым ету ұйғарылды.
Бұл кезде Әнекең де, мен де Қазақстан Республикасының халық депутаттары едік. Күзгі сессияға ол кісі қатыса алмады. Испанияға барған бір сапарынан қатты науқастанып қайтыпты де естігем.
Ұзамай емханаға түсті де, мені іздетті. Жалғыз кісілік палатада жатыр екен. Жүдеу көрінді, соның алдында мен Сирия, Иордания елдерінде болып қайтқанмын, сондағы бірер жазушылардың арнайы сәлемін жеткізіп едім, Әнекең пәлендей елендеп ықылас таныта қоймады.
— Ауруды асқындырып алыппын! — деп күрсініп қойды бар болғаны.
Аса маңызды ештеңе айтқан жоқ.
Тағы біраз күннен соң сол социалистік партия саяси бюросының хатшысы Антонов деген жігіт арқылы шұғыл шақыртып еді, бірақ тірі адамның тірлігі біткен бе, жөпелімде уақыт тауып бара қоймадым. Сөйтіп, араға біраз күн түсіп кете беріп еді.
Емханадан шықты деп естіп, үйіне телефон шалып ем, көп тостырып барып қинала тіл қатты: "Сәкен, дәрігер қарап жатыр еді, сен керексің маған, өзім хабарласайыншы", — деді.
Бірақ хабарласа алған жоқ...
2000 жылы Әнуар Әлімжанов қайтыс болған күні жазылған бұл өлең кезінде "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланып еді. Әнекеңді жерлеу үстінде Қазақ радиосынан үзік-үзік беріліп тұрды. Біреу оқыды, біреу оқымады. Біреу тыңдады, біреу тыңдаған жоқ. Әнекеңді еске түсіру ретінде қайта бір жариялауды жөн көрдім.
Ағам бар еді мір тілді,
Жағам бар еді — жыртылды!
Қан жылап тұрған жүрекпен
Жұбатам қалай жұртымды?!
Жасырып жерге мәрт ұлды,
Жұбатам қалай халқымды? —
Телегей теңіз дариясы
Тебірене тұрып тартылды!
Төре де болып төрге өтті,
Турасын айтып, өр кетті.
Барлайтын елдің ертеңін,
Шарлап та келіп жер-көкті!
Қайығы жүйрік кемеден,
Жазығы биік төбеден.
Алдына келген адамның
Атасы басқа демеген.
Беткейі шүйгін бел еді,
Белден де биік беделі.
Атқа да мінді, таққа да,
"Астым ғой елден!" демеді.
Алды бір Жайық, кең Еділ,
(Асықтың екен неге бұл?)
Сендей-ақ болар дейтін ек
Халқының қамын жеген ұл!
Амалың бар ма ажалға,
Аңырап қалдық азанда.
Әнуар өткен жол бірақ
Сия да қоймас мазарға.
Қолында барда алтынның
бағалай қойсын нарқын кім.
Қай елдің дәмін татсаң да,
Қамын ойладың халқыңның.
Шарлайтын едің көп елді,
Көлігің неге бөгелді?
Қай жаққа кеттің, Ағажан,
Көрсетпеймісің төбеңді?!
Үрімші ме әлде Үрім бе, —
Жүрген де шығарсың бірінде.
Сағындырып барып ортаңа
Оралармысың түбіңде?!
1993 жыл, қараша
2
Сол Әнекеңнің, сол әлемге танылған Әнуар Әлімжановтың туғанына да, міне, биылғы мамыр айының басында 80 жыл толып еді. Атына сай, атқарған қызметі мен қайраткерлігіне орай кеңінен аталып өтер деп те ойлағанбыз. Алдын ала еске салу мақсатымен өткен жылдың соңына таман, үстіміздегі жылдың басында өзі он жылға жуық басқарған Қазақстан Жазушылар одағына, одан кейін Үкімет басшысы К.Мәсімовтың, бәріміз бір кісідей әдебиет пен өнердің үлкен жанашырына балап жүрген Алматы облысының әкімі С.Үмбетовтің атына хаттар жазған едім. Үкімет Кеңсесінен «тиісті орындарға тиісінше тапсырмалар берілді» деген, ал облыс әкімінің орынбасары С.Мұқановтың: «Сіздің ұсыныстарыңыз Әнуар Әлімжанов мерейтойына дайындық барысында ескерілетін болады» деген сарындағы араға алты ай салып берген жауап хаттарына ғана қанағаттануға тура келді. Ол хаттардың ұзын-ырғасы Әнуардың туған ауылында ескерткіш-мүсін орнату, шығармаларының академиялық жиынтығы ретінде 6 том етіп кітабын шығару. Әнекеңнің жазушы, публицист, адам әрі қайраткер ретінде көретін өмір жолын көрсететін деректі фильм түсіру, т.б.
Бірақ әлі күнге Әнекең мерейтойын өткізу жөнінде ләм-мим деп жақ ашқан пенде баласын көре қойған жоқпын. «Баяғы жартас — бір жартас, маңқ етер түкті байқамас» — қалпында мызғымай қалып келе жатыр.
Қаншама айтпайын-ау десең де, ақиқаттан, ардан аттап кете алмайды екенсің. Ел мен жерге, мемлекет пен қоғамға Әнуар сіңірген еңбектің, Әнуар атқарған қызметтің бірін де жасамаған, жасай да алмаған әлдекімдерге 60 жылдығында алып ескерткіш тұрғызылып, жетпісінде жер бетінде теңдесі жоқтар қатарында марапатталып жатқанын көргенде Әнуар секілді өз заманының тұтқасы да, тұлғасы да болған азаматтың атына сай құрмет көрсетілмеуіне қарадан қарап тұрып күйінеді екенсің. Бұл жерде де ұлт намысы емес, ру жарысы бел алып кетпеді ме екен деп күдіктене түсесің. Төбешікті қанша өңеш жырта мақтасаң да өз бойынан асып одан әрі биіктемесі, ал еңсесі биік тауларды қанша жерден көзге ілгің, көгерткің келмегенімен, енді ешқашан аласармасын еске ала бермейтіндер әлі де барына күйінесің. Әйтпесе, таудың қашанда тау болып қала беретінін қаламдас замандастары, ізбасар іні-қарындастары, билік басындағы бүгінгі азматтар білуге тиіс еді ғой.
Әрине, бұл сөздерді оқи отырып біреулердің қабақ түйерін де, аузы-басын тыжыра тұрып: «Бұл өзі не айтып отыр?» — деп қос иығын қомдай, танау астынан күңкілдерін де сезіп отырмын.
Бірақ, амал қанша, айтпасаң сөздің атасы өледі, шындық деген, ақиқат деген ұғым әйтеуір түбінде бір арнасынан асып-төгіліп, иманы бар адамдарға бармақ тістетері хақ. Тірісінде де атақ-даңққа алашапқын болып ұмтыла қоймаған Әнекең, ортамызға қайта оралып, биліктің бір тұтқасын ұстап отырғандарға өкпе-наз айта қоймас-ау. Бірақ аруақ алдындағы парыз деген болушы еді, соған осыншалықты салғырттықпен, немқұрайлықпен қараған адамдар, тірілер алдында әйтеуір бір есеп берер деп ойлайтынымды жасырып қала алмадым..
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі