Талдықорған облысы өз алдына қайтадан шаңырақ көтерген 1968 жылдың басында мен ауылда, қазіргі "Жетісу" газетінің Алакөл, Ақсу, Сарқант аудандары бойынша меншікті тілшісі болып істеп жүрген болатынмын. Газет редакторының орынбасары Кәкімжан ағам Қазыбаев телефон соғып:
— Қайда бармақ ойың бар? — Алматыға келесің бе, Талдықорғанға барасың ба? — деп сұрады.
Мен бұл жайлы ойланған жоқ едім, әлденені міңгірлеп, күмілжіп қалсам керек, соны айтпай-ақ аңғарған Кәкең:
— Өзің білесің ғой, дегенмен, ойлан: жаңа үйленген жігітсің, Алматыда пәтер жағы біразға созылып кетуі мүмкін, ал ерлі-зайыптылар арасындағы алғашқы кикілжің сол пәтер жоқтығынан туындап жататын, — деген уәж айтқан.
Сөйтіп, бізге деген біраз жылғы дәм Талдықорған қаласынан бұйырды да, облыстық "Октябрь туы" газетінің редакциясында екі-үш жыл бөлім меңгерушісі болып қызмет істеген жайымыз бар еді.
"Октябрь туының" алғашқы редакторы — аса бір аяулы жан, асыл азамат Баянжан Мәдиев сол жылдың күзінде ойламаған жерден аяқ асты дүние салып, орны үңірейе ойсырап қала берген кезде, Қызылордадан ауысып Ұзақ Бағаев келді.
Атын естігенім, әртүрлі газет жанрындағы шығармаларын оқығаным болмаса, бұрын жүз көрісіп, бетпе-бет келмеген кісім еді. Қазақтың кәдімгі "қарға бойлы" дейтініндей ғана, қағылез келген жұқалтаң жігіт ағасы екен. Жүзі жылы. Менмендігі де, кердеңдігі де жоқ сияқты.
Ұзекең редакция ұжымымен тұтас танысып шыққан күннің ертеңіне мені оңаша шақырып, әңгімеге тартты.
— Сәкен, мен сенің өлеңдеріңді білуші едім, — деп, қойын дәптерін парақтай отырып, менің біраз бұрын әлдебір газетте жарияланған өлеңдерімнің бірер шумағын оқып шықты.
Ішім жылып-ақ кеткенін несіне жасырайын. Таза ғана журналист адам, оның үстіне, маған бастық болып келіп отырса, сол алғашқы таныстық үстінде менің азды-көпті жазғаныммен таныс-біліс болып шықса, — одан артық мақтанар мәртебе болып па. Марқайып, мардымсып-ақ қалсам керек.
— Бірақ соңғы кезде көп көрінбейсің, әлде өлең жазбай кеттің бе? — деп сұрады Ұзекең.
Күмілжіп бірдеңелер айтқан болдым. Өлең жазудың сирекси бастағаны рас еді. Сөйте тұра: "Жоқ, жазып жүрмін", — деген болдым.
— Өзің істеп жүрген жер. Оқтын-оқтын жақсы өлеңдеріңмен көрініп тұрудың ешбір сөкеттігі жоқ. Жариялап жүр жазғаныңды, — деді жаңа бастығым.
Содан кейін: — Сен осындағы Журналистер одағы облыстық бөлімшесінің хатшысы көрінесің. Барлық жерде қалыптасқан дәстүр бойынша облыстық бөлімшені сол жердегі қазақ газетінің редакторы, яғни мен басқаруға тиіспін. Олай болғанда, хатшының міндеті орыс газетінің қызметкеріне көшеді. Сен ренжімесең, — деді.
Ренжіп те не бітіре қояйын. Қолдағы құжаттарымды сол күні-ақ "Заря коммунизма" аталатын орыс газетінің жауапты хатшысы Ю.Михайловқа өткізіп бердім.
Баянжан Мәдиев қанша жерден жақсы журналист, асыл азамат болғанымен де, әлде редакторлық тәжірибесі жетімсіздеу болды ма, әлде қызметтес серіктері ойлаған жерден шықпай, оралымсыздық көрсетті ме, әйтеуір, газетіміздің әр саны кешеуілдеп, кейде тіпті таң алдында барып соңғы бетіне әрең қол қоюшы едік. Мұның өзі редактор үшін де, кезекшілер мен корректорлар үшін де жан қиналарлық сүргінге айнала бастаған болатын.
Ұзекең кезекті бір редакциялық бас қосуда:
— Ең алдымен газеттің кешкілік өз мерзімінде шығуын жолға қойсам деймін, соның шегіне жеткенше материал сапасы, мақала мазмұнына қадалып қарай алар мұрша жоқ, әзірше соны есте ұстаңыздар, — деген.
Обалы не, көп ұзамай-ақ газеттің шығуы бұрынғыдай кешеуілдемей, қалыпты арнаға түсе бастады.
Әрбір дүйсенбі сайын таңертеңгі сағат 9-да редактор әдеттегі жеделдеме жиналысын өткізетін. Не қара басқанын білмеймін, мен сол жеделдемеге ылғи ғана кешігіп қалатын "дертке" ұшырағаным бар. "Әй, осы жолы кешікпейінші!" — деп тістене тырысып жүрсем де, әйтеуір бір себепке душар болам да, кешеуілдей берем.
Сондай дүйсенбіліктің бірінде тағы да кешігіп қалып, редактор кабинетіне "кірмей-ақ қояйын" деген маған хатшы қыз:
— Сіз келе сала кірсін деген болатын. Маған ұрысып жүрер, кіріңізші! — деп тықақтап қоймады.
Ішке кіре кешірім сұрап, әдеттегі үйреншікті орныма қарай өте берген маған редактор:
— Сәкен, осы сіз қайда ғана жүресіз? — деп қалды қатқылдау.
Орда бұзар отыздағы кезім. Ешкімнен бетім қайтып көрмеген.
— Қайда жүргенімді, қайда бара жатқанымды көріп тұрған жоқсыз ба? — дедім бетпақтанып, тіпті тәжікелесе кетуге дайьш екенімді аңғартып.
Ұзекең ақылды адам еді, әңгімені әрі қарай ушықтырмай, сап тыйды. Тек жұрт тарай бере мені оңаша алып қалып, қарама-қарсы отырғызып қойды да, әжептеуір "терлетіп" алды.
— Сенің жеке басыңнан, жұмысыңнан, ойыңнан, бойыңнан әзірге мін тапқан емеспін. Бәрі дұрыс, — деп алды да, — тек жалғыз ғана ескертпем бар. Бастық деп емес, 7-8 жас үлкен ағаң ретінде соны айтып қояйын, тықыршымай, тыңдасаң қайтеді?
— Құлағым сізде, Ұзеке, — деймін.
— Сен өзіңнен біреулердің жасы үлкен-ау, біреулердің жасы кіші-ау демейді екенсің. Атақ, дәрежесіне қарап та аяқ жинамайтын әдетің бар сияқты. Сәкен, жақсы көргеннен айтам, үлкенмен үлкенше, кішімен кішіше сөйлесуге дағдыланшы. Өзіңе де, өзгеге де теріс болмас еді ол.
— Жақсы, Ұзеке. Аға ретіндегі ақылыңыз құлаққа кіреді, — дедім де, соңынан, — бірақ отыздан асып бара жатқанда енді дүзеле қоям-ау деп уәде берудің өзі қиын секілді, — деп бітірдім.
Ол әрі қарай қазбаламады. Салқындау жымиған қалпында шығарып салды мені.
Қарауындағы адамдардың қабілет-қауқарын, ыңғай-икемін тез аңғарып, соған орай жұмсай білуінде де көп үйренерлік өнеге бар еді. Кейде кабинетіне шақырып:
— Мына бір хатты оқып шығып ем, қызық бір материал болғалы тұр екен. Мұқият оқып шықшы, сенін оң жамбасыңа келеді, — деп әлдебір оқырман хатын ұсынатын.
Бөлмеге келіп оқып көрсем, күн сайын редакция қоржынына түсіп жататын ондаған хаттардан айта қоярлықтай айырмасы шамалы сияқты. Аударып-төңкеріп оқып шығам да: "Әй, осыны маған ғана сеніп тапсырып отыр ғой" — деп, барымды сала, шеберлігімді түгел жұмсай отырып, қорытып шығам. Сөйтемін де редакторыма алып кірем. Ол көз жүгірте қарап көріп: "Айтқан жоқпын ба, қызық хат деп, міне, қандай материал болып шықты, тіпті құлпырып, қатып кетті!" — дейді мені жер-көкке сыйғызбай марапаттап.
Егер ол: "Мынадай бір хат түскен екен, тез өндеп, қорытып бер!" — десе де, мен айтқанын орындар едім. Бірақ онда дәл әлгіндей барымды салу-салмауым екіталай болар еді.
Бұл да болса басшының бағаныштысына жұмыс істетуінің бір рәсімі екен-ау деп ойлаймын осы күндері.
Көп ұзамай мен ол кісінің тағы бір кесек мінезіне тәнті болдым. Қыбыр-жыбыр, пыш-пыш, ұсақ өсек, кісі сыртынан баға беру дегенге де жаны қас екен. Өйткені басшылар ішінде де жиі-жиі өзгеретіндері де, келеңсіз сөзге еретіндері де кезігіп тұратын. Ондайды жантықтар мен жағымпаздар тігісін жатқыза шеберлікпен пайдаланып та жүретін.
Атын атап жатпайын, сол кезде біздің редакцияда да көбімізден жасы үлкен, кексе тартып қалған бір журналист болған. Жалпы жаратылысы жаман адам емес, әйтсе де сүтпен сіңген бір мінезі — ұдайы ғана басшыларды маңайлап, жасы кішісін де жағалап, қолтығына су бүркіп, пікір тудырып жүретінін байқап қоятынбыз. Үлкен адамның осал бір жері ғой деп, аса мән де бермеуші едік.
Со кісі бұрынғы әдетімен Ұзекеңнің де қолтығына кіріңкірей бастағанын аңғардық. Оның үстіне, өзі "жаңа редактордың руласы ма, жерлесі ме, әйтеуір, бір жақындығы бар" деген қауесет те тарап кеткен.
Бір күні редактор бәрімізді әдеттегідей өз бөлмесіне жинап алды. Әлгі ақсақал бастыққа жанаса жайғасты. Ұзекең орнынан тұрып:
— Ал пәленшеке, — деді ақсақалға қарап, — бәріміз болып бірден басына су құятын бір мәселе болып тұр. Сіз ғой маған осындағы біраз жігіттер жайлы мінездеме бердіңіз. Өзім де байқап жүрмін, әлгінде маған айтқан кемшілігін, бәріміздің көзімізше, өздеріне айтып берсеңіз, бәріміз болып ақылдасып көрсек.
"Ағамыз" мұны күтпеген болды-ау деймін, көзімен жер шұқыған қалпы бөлмеден шығып жүре берді. Оның соңынан едәуір қарап қалған Ұзекең:
— Бір-біріміздің мініміз болса, бүкпелемей, сырттан сөз тасымай, көзге айтып үйренгенге не жетсін. Сөйтейік те, жігіттер. Оның өзі біздің журналистігімізге де сын, — деп бізді таратып жіберген.
Бұл оқиға біздің арамызда көпке дейін сөз болып жүрді.
Бір айтқанын қайталап жатпайтын. Жайлап отырып жеткізген әмірінің бұлжымай орыңдалуына аса ыждағатты еді.
Бірде мен жолсапардан оралып, салып ұрып редакцияға соқсам, ұжым болып түгел сенбілік ұйымдастырып, аула тазартуға кірісіп кеткен екен. Ұзекең мені сонадайдан көріп, ымдап қасына шақырды. Сәлем беріп, барып қайтқан шаруамды тиянақты баяндап шықтым.
— Сәкен, "с коробля на бал" дегендей, оны кейін жазарсың, ізін суытпай тағы бір сапарға шығудың реті келіп тұр. Мына Жанайдар Мусин жолдас (редактордың орынбасары, кейін Көкшетау облыстық газетінде редактор, обком хатшысы болған жазушы-азамат) екеуіңіз обкомның тапсырмасымен Алакөл ауданына хат тексеруге барып қайтыңыздар. Бүгін жүріп кеткендеріңіз жөн бе деймін.
— Ұзеке, мен науқастаныңқырап тұр едім, жолды ауырлап қалам ба, — деп қалды Жанайдар.
— Онда бүгінше үйге барып, жақсылап демалып алыңыз. Сәкен жүре берсін, ертең сол ауданда кезігерсіндер, — деп тұжырды әңгімесін редактор.
Жанайдар екеуміз бір үйде тұратын едік. Қайтар жолда ол:
— Қой, не де болса сенімен бірге кетейін, мына кісі "ауырып түрмын" дегеніме де құлақ асар болмады ғой, — деді ренішін жасырмай.
Сонымен, не керек, Жанайдар екеуміз автобуспен Алакөл қайдасың деп тартып кете бергенбіз.
Бұл Ұзекеңнің кісі жұмсаудағы, әсіресе қарамағындағы адамдарды өз қабілетіне қарай әртүрлі іске тарта, жарата білудегі әдісі еді десек те болғандай.
Кісіге қамқорлығы да ерекше болатын. Бірде ақын Свет Оразаев маған қолқа салып, осы редакцияда істегісі келетінін, соған қол ұшын беруімді сұрағаны бар. Ұзекеңе айтып едім, сөзге келмей келісе кетті. Светтің де өлеңдерін оқып жүреді екен.
Амал не, жекелеген азаматтардың кісінің өзіне деген ықылас-пейілін аяққа басып, артығырақ кетіп қалатындары бар. 3-4 айдан соң Свет те бастапқы момақан мінезінен айнып, қыңыр, қисық қылық көрсете бастаған. Кейде жқмысқа қызыңқырап келсе, кейде тіпті бірер күн қара көрсетпей қоятынды да шығарып алды.
Светтің сондай ұшты-күйлі жоқ болып кеткен күндерінің бірінде Ұзекең мені өзіне шақыртты.
— Отыршы, Сәкен, — деді ол кісі өзіне ғана тән бірқалыпты биязы дауысымен. — Сен ренжіме. Бірақ ана досыңа айтшы, Құдай үшін. Еңді жұмысқа келмей-ақ қойсын. Қашан қолайлы жұмыс тауып алғанша бұйрық шығармай-ақ қояйық. Ақшасы жүре берсін. Сен өзің жайлап отырып бәрін түсіндір.
Свет жолың болғыр да тым ессіз жігіт емес қой, бәрін түсінді. Түсінді де ағасына үйіп-төгіп алғыс айтып, редакциядан өз аяғымен кетіп тынды.
Редакцияның жас журналистерінің көбіне мені жағалап, сырласа, сыйласа жақын жүретіндерін аңғарып қалса керек, тағы бірде:
— Сенің маңыңда бір топ жас жігіттер жүреді. Біз де жас болып көргенбіз, бойдақ адамға ақша жетіп көрген емес. Өзің реттеп, соларға кезегімен бас мақала жаздырып, көтеріңкі қаламақы бергізіп тұруды ойластыршы. Жауапты хатшыға да ескертіп қоярмын, — деген.
Ол кезде партиялық газеттің бас мақаласының қаламақысына тұтас бір қой сатып алуға болушы еді. Жеңіс, Жайырбек, Жарылқасын, Руслан сияқты жаланған жас журналистер де бөлім меңгерушілерімен бірдей бас мақала жазуға тартылып, бірте-бірте төселіп, бір жырғап қалғандары бар, әйтеуір.
Редакцияда әртүрлі той-томалақ, стол басындағы думанды басқосулар жиі болып тұрады. Ондайда Ұзекең оймақтай ыдысқа коньяктан бірер тамыздырып алып, әңгімеге де, ән мен күйге де араласып, топ ортасында жалықпай, өзгені де жалықтырмай, не пысымен баспай, күліп-ойнап отырып қайтатын. Оның үстіне, жаңа үйленіп жатқан жастар болса, оларға деген сый-сияпат, тойға әзірлік, оны өткізу жағын да өзі қарауына алып, бәрімізге нақты тапсырма жүктеп, соның орындалуын қатты қадағалушы еді.
Кейде бір жұмыс үстінде отырсақ, 3-4 адам жайғасқан біздің бөлмеге бас сұға кететін әдеті болатын. Соңда мен бөлім меңгерушісі ретінде әдеппен орнымнан тұрып қарсы аламын. Ұзекең екі алақанын уқалап:
— Күресесің бе, кәне! — дейтін қалжыңдап.
— Ұзеке, мен денелілеумін ғой, бастықты жығып алып жатсам, қалай болады? — деймін күліп.
— А, сен жығып алмауға тырысып күрес! — дейді ол кісі. Бөлмедегілер қосыла күліп, жұмыс арасында осылай әзілдесіл, бір жасап қалғандай болушы едік.
Бір жылдан соң Ұзекең республикалық "Социалистік Қазақстан" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетіне редактор болып ауысты.
1971-73 жылдары мен Мәскеуге оқуға бардым. Сол оқудың соңын ала Мәскеуге іссапармен келе қалған Ұзекең "Россия" қонақүйіне мені шақырып, Менделеев атындағы химия-технологиялық институтта оқып жатқан баласы Ерланмен таныстырған. Ерлан өлең жазады екен. Кейін қазақ университетіне ауысып, журналист мамандығын алған, қазіргі ақын Ерлан Бағаев сол жігіт.
Сол кездесуде Ұзекең:
— Сен оқуынды бітірген соң бізге кел. Әдебиет пен өнер бөліміне бастық боласың, — деді.
Ол бөлімде меңгеруші болып менің ескі досым, белгілі сыншы-ғалым Зейнолла Серікқалиев істейтін. Соны білетін мен:
— Зейнолла қайда барады? — деппін ғой.
— Зейноллаға да лайықты қызмет табылатын шығар, — деді Ұзекең күліп — Әзірше өз арамыздағы әңгіме болып қала тұрсын, оқуынды бітіргенше ешкімге айтып, жария етпей-ақ қоя тұр, — деді Ұзекең.
Жазмыш деген сол. Мен оқуымды тәмәмдар-тәмәмдамаста 1973 жылдың жазында Ұзекең аяқ асты қайтыс болып кетті де, "Социалистік Қазақстан" газетінің бөлім меңгерушілігі маған бұйыра қоймады...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі