Тельман Жанұзақов жайындағы осынау шақын естелігімді қысқаша ғана бір кіріспеден бастауға тура келіп тұр...
1959 жылдың соңғы күндерінің бірі еді. Алакөл аудандық газетінің редакциясына қызметке орналасқаныма көп бола қоймаған, ойламаған жерден сол кезгі республикалық бірде-бір жастар газеті “Лениншіл жастың” редакторы Ә.Бөлдекбаевтың: “Біз Сізді қызметке шақырамыз, келіскен жағдайда — хабарласыңыз!” деген сарындағы телеграмма алдым. Жиырмадан жаңа асқан кезім, әп-сәтте жерге сыймай желпініп, көңіл шіркіннің .......... қарай самғап ұшып бергенін несіне жасырайын, алып-ұшқан қалпымда өзім көптен бері жатқа білетін редакция адресіне “Согласен!” деген жеделхатты жеделдете айдап кеп жібердім де, қозыкөш жердегі ауылда тұратын әкеме барып, рұқсатын алдым.
“Лениншіл жас” редакторының жеделхаты қалтамда, құдды бір жұрттың бәрін өз аузыма қаратарлық төтенше билікке ие болғандай өзімде алды-артына қарамастан самолетке билет сатып алдым да, “Алматым қайдасың?!” деп тарттым да кеттім.
Ол кезде өзім де “жазғыш-ақпын”. Соның алдында ғана “Отардан жазылған хаттар” деп аталатын топтама очерктерім “Лениншіл жас” бетінде бірнеше санында жарияланған. Одан бұрын да жастардың сүйікті газетіне жиі-жиі жазып тұратынмын. Мекен-тұрағы жадымда, ұшақтан түскен бойда салып ұрып “Коммунист” проспектісі, 63 үйдегі редакцияға да жеттім. Үшінші қабатқа көтеріліп, қуықтай тар дәліз бойындағы қатар-қатар есіктерге көз салып келемін. Бірінің сыртында “Редактор” деген жазу бар екен. Мен үшін енді барлық есік бөгетсіз ашылады дерліктей көтеріңкі көңілмен рұқсат сұрап, кіріп бардым. Шағын ғана кабинетте аласа бойлы, бүйрек бет кісі отыр екен, амандасып, аты-жөнімді айттым. Ол пәледей елеңдей қойған жоқ.
— Ие, бұйытайыңды айта бер! — деді маған қарап жайбарақат ғана.
Естімей қалды ма деген үміт-күдік аралас оймен әлі де:
— Мен Сәкен Иманасовпын,— дедім әр сөзімді нығарлап.
— Сәкен екеніңді айттың ғой, келген шаруаңды сұрап тұрмын,— деді ол. — Неғып жүрсің?
Екі-үш күннен бері жерге сыймаған балаң көңіл басылайын деді.
— Неғып жүргені қалай? Осында қызметке келмеймін бе? — дедім тұтыға күмілжіп.
— Қызметі... қалай. Журналымыздың өзі жабылғалы жатыр. Қазір ондай мүмкіндік жоқ қой,— деді әлгі кісі. (Кейін білдім, бұл сол кезде тарап кетіп, кейін “Білім және еңбек” болып шыққан “Пионер” журналының редакторы Б.Ыдырысов екен).
“Журналымыз” дегенде барып қайта ес жиғандай болдым. Үн-түнсіз шығып кеттім де, есік сыртына бір қарап, анадай жерде темекі тартып тұрған өзім құралпас жігітке таяу барып, жөн сұрадым.
“Лениншіл жас” газетінің редакторы қай жерде отырады? — дедім.
— Міне, мына есік,— деп ол сол жақтағы бұрышты нұсқады. “Аузы күйген үріп ішеді, енді екпіндеп, ентікпей, жайлап басып, жаңағы шылымшы жігіт көрсеткен есікке бас сұқтым. Төр жақта екі-үш жігіт тұңқаңдап бірдеңе талқылап жатты. Босағада отырған келіншектен тағы да жөн сұрадым. Ол редактордың хатшысы Халида екен. Кейін білдім, бұл арада секретариат жігіттері де отырады екен, әлгілер кезекті нөмір макетін талқылап жатқан болып шықты.
Халиданың жөн сілтеуімен төргі бөлмеге өттім. Төрде бұйра бас, күлім көз сары жігіт отыр. Жүзі жылы екен. Әлгіндегіден гөрі батылдана түстім.
— Аға, мен Сәкен Иманасов едім,— дедім бірден.
Ол маған тіктеп қарап:
— Оу, Сәкен сен бе едің, жас екенсің ғой өзің,— деді. — Біз сені...,— деп бір тоқтады да, аржағын айтпай, сөзін үзіп, әлгі есік сыртындағы хатшысын шақырды.
— Редколлегия мүшелері түгел келсінші!— деп бұйырды.
Бөлмеге үздік-создық бес-алты жігіт келіп кірді де, үйреншікті орындары болуы керек, бірі жоғары, бірі төмен жайғаса бастады. Бәрі отырып болған соң редактор:
— Әлгі айтып жүрген Сәкеніміз мына жігіт екен. Әнеукүнгі уәде бойынша келіп қалыпты,— деп мені таныстырды.
Алдын-ала бәрі де ойластырылып, келісіп қойған болуы керек көп сөз болмады.
— Сәкен, сен комсомол тұрмысы бөліміне әдеби қызметкер боласың,— деді маған қарап. — Бөлім бастығы қазір жұмыста жоқ, бір ай шамасында келіп қалап. Оған дейін,— деп жағалай көз тастады да: — Тельман, сенің қарауыңда бола тұрсын,— деп тағы да маған қарап: Тельман Жанұзақов — насихат бөлімінің меңгерушісі,— деп әдеміше келген қағілез жігітке қарай иек қақты. Тельман бас изеді де қойды.
— Онда не отырыс бар, Тельман өзің алып барып, Сәкенге орнын көрсет, жұмысқа кірісе берсін,— деді.
... Сөйтіп, мен “Лениншіл жас” газетінің, сондағы насихат бөлімінің қызметкері болып, сирек те болса дәмді мақалаларын өзім үзбей оқып жүретін Тельман Жанұзақовтың қарауынан бір-ақ шығып едім.
Бірер күнле байқап, аңғарғаным Тельман редакция ішінде аса бетті де беделді екен. Айтқан сөзі орнықты. Қарауындағылар да, қатарластары да қалтқысыз сыйлап, сөзін жерге тастамай құп алады екен. Мен оған да көтеріле марқайып қалдым.
“Ағалап”, айтқанын екі етпеуге тырысып-ақ жүрмін. Кейін білсем, ол менен 3-4 жас қана үлкен екен. Бірақ жүріс-тұрысы мығым, сөзі орнықты. Сақайып қалған журналист екенін әрбір қимыл-әрекетінен аңғарып отырасың.
Ертесінде Тельман менің алдыма бір “қапшық” хат тастады. Редакцияға түйдек-түйдегімен келіп жататын оқырман хаттары. “Оқып шығып жарағанын жаратып, жарамағанына жауап берерсің”,— деп тапсырды. — Бірақ әуелі маған көрсетіп ал”.
Кірісіп кеттім. Үйреніп қалған жұмысым. Іліп алары болса — іріктеп, бөлек қойып, қалғандарын да сұрыптап жатырмын. Тельман өзі ертіп жүріп, қарсыдағы “машбюро” қыздарымен де таныстырған. “Біздің су жаңа қызметкер” деген де болатын әзілдеп. Үлкендері құптай бас изеп, жастары шамаластары күлімдеп қалған.
Салиха деген қара қыз бар екен. Кісіге үйірсек, қалжыңдаса кетуге дайын тұрады. Бәрі бума хаттарды қолтықтап соның алдына келдім. Өзім түгел оқып, мөлшерлеп алған бағытта “диктовка” жасаймын. Салиха да қамшы салғызбады, айтқаныңды аузыңнан шыққанша қағып алып, әрі қарай тықылдата жөнеледі. Осылайша жұмысқа біршама төселіп, айналамен танысып, етім әбден үйреніп қалған күндердің бірінде, түскі үзіліс алдында Тельман мені оңашалап алып:
— Сәкен, сен хат қорытқанда “диктовка” жасайды екенсің ғой,— деп сұрады.
— Иә,— дедім, — “бірдеңе бүлдіріп-ақ алдым ба” деген күдік те, “онда не тұр екен” деген сенім де бар үнмен.
— Жоқ, сен шамданба. Бүлінген түк жоқ,— деді Тельман менің ойымдағыны оқып қойғандай басып. — Пәлендей кінә да қоя алмаймын. Бәрі жақсы. Бірақ әлі жассың ғой. Мамандыққа төселу үшін де қолмен жазғанға не жетсін. Бұл күйіңде де әбден жарайды. Бірақ кейбір еш тәуір деген хаттарды қолмен жазып қорытшы. Өзің көрерсің, бұдан да жақсара түсер еді, қолың да жаттығады,— деп ескертті.
Мен оның сөзін ауырламай, айтқанын бұлжытпай орындауға тырысып-ақ бақтым. Өзі де соған разы болды ма, маған бұрынғыдан да іш тарта бастағанын аңғардым. Осында отыра бер, редакторға өзім айтам. Бекеңе (Бекмырза Баймаханов әлі көрмеген менің бөлім бастығым) басқа бір жігіт берер,— деп жүрді.
Жігіттермен таныс-біліс бола бастадық. Кілең бір “сен тұр, мен атайындар”. Жарыса жазғанда бірінен бірі өтеді. Жүзіктің көзінен өтердей болып жұтынып тұр. Мен бастапқы кезде біржола ғана хат қорытумен айналысып қалдым да, өзіме төл ештеңе жаза алмай жүрдім. Бірде мазмұны қызықтырды ма, білмеймін, әйтеуір, оқып шыққан оқушы хаты негізінде суреттеме-очерк жазып, ұсынып жібердім. Сол дүнием жарияланған күні Тельман мені тағы да оңашалап:
— Сен Нарынқол жақта болып па едің? — деп сұрады.
— Жоқ,— деймін мен күмілжіп.
— Ендеше мына очеркіңдегі оқиғаларды қайдан алдың, бәрі жер-су аттарын да, олардың бағыт-бағдар, жоғары-төменін де шатастырып жіберіпсің,— деді.
Мен оқиға негізіне сол жақтан түскен оқушы хатының себеп болғанын айтып, ақталған болып жатырмын.
— Мұндай практика орыс журналистикасында бер,— деді Тельман. — Бірақ олар сол хатта айтылған оқиға, мекен-тұрағымен бірге танысып барып жазады. Сен долбарлап, төте тарта бергенсің. Бұл жарамайды. Ұятқа қаласың. Жабулы қазан жабулы қала берсін, бұдан кейін есіңде жүрсін,— деді.
Мен қатты қысылдым. “Ұялған тек тұрмас” деп бірдеңелерді міңгірлеген болуым да керек. Ол мені оңаша қалдырып, орнынан тұрып кете берді.
Бір күні редакторға Гурьев (Атырау) облысынан хат келді. Облыс орталығындағы мектеп-интернат оқушылары, біраз ата-аналар жазыпты. Жоғарғы класта оқитын қыз бен жігітке мектеп директоры “өйтіп қойдыңдар, бүйтіп қойдыңдар” деп, өзара оңашалана қалса соңына аңдушы салып, күн көрсетпейтін болған. Ақыры жас қыз “бүлініп” қалды деген сылтаумен намысына тиіп, оны гинеколог-дәрігерге дейін қаратқан. Олар “бүлінген түк жоқ” деп анықтама бере тұрса да қоймай, жиналысқа салып, қыр соңынан қалмайды екен.
Сол хатты тексеріп, анық-қанығына жету мақсатымен мені Гурьевке жұмсады. “Жақсылап тексер”,— деп тапсырды редактор. — Мұғалімдермен, ата-аналармен сөйлес. Облыстық, қалалық оқу бөлімдеріне бар. Мұндай жағдай басқа да мектептерде бар сияқты, балалардікі дұрыс болса, мораль тақырыбына жақсы бір ойлы мақала жазу керек.
Мектеп-интернат директоры отыз бен қырық арасындағы орнықты жігіт екен. Қазығы мықты болуы керек, асқақ сөйлеп, аяғына тұрғызар болмады. Аптадан артық жүріп, бірнеше кластың балаларымен, оқытушыларымен сөйлестім, облыстық комсомол комитетінде болдым, ақыры қойшы, ұстаздар қылығын өрескел санап, Алматыға оралысымен үлкен материал жаздым. Көсіле кел еәлгі директорды да біраз “сүмірейтім” жібердім-ау деймін, араға апта салмай редактор шақырды. Алдында әртүрлі хат жатыр. “Отыр, Сәкен,— деді ол кісі, — үстіңнен арыз жауып жатыр. Комсомолдың Мәскеудегі, Алматыдағы орталық комитеттеріне, “Комсомольская правда” газетіне де жазыпты. Сен мектеп-интернат директорына жала жапқан көрінесің.
Зәрем зәр түбіне кетті. Кісіге орынсыз жала жабудан сорақы кінә бола ма. Ешбір уәж айта алмай, қарсы қояр дәлелім де жоқ, амалым құрып отырып қалыппын.
— Сол жаққа Тельман Жанұзақовты жұмсап отырмыз. Тәжірибені қызықтар. Барсын, көрсін, анық-қанығына жетсін. Сол келген соң сөйлесейік, әзірше алаңсыз жұмысыңды істей бер,— деп мені еркіме жіберді редактор.
Алаңсыз болу қайда! Алғашқы командировкам еді. “Бүлдірген менмін-ау!” деген бір ой жегідей жеп, іштей мазасызданумен енді Тельманның жолын тостым.
... Тельман келіпті, ертең жұмысқа шығады, — дегенді естіп, ертесінде тоғыздан көп бұрын келіп, редакция маңында жүріп алдым. “Егер менің жазғанымды теріске шығарып келсе, редакцияға кірместен, жөніме кете берейін” деп те түйіп қойғанмын.
Бір кезде жеңіл басып келе жатқан Тельман ағамның да жылы жүзі көрінді-ау. Екі көзімді көзінен алмай, алдынан шығып сәлем бердім. Ол менімен жылы амандасып тұрып, не үшін абыржып жүргенімді сезді-ау деймін.
— Сәкен, сен сырттай ғана сыйпай қамшылап, сыпайылық жасапсың. Мынау бір сорақылық қой. ........ етпе, жазғанды енді мен көрсетейін оларға! — деді.
Қуанып кеттім. Әрі қарай не дегенім есімде жоқ. Төбем көкке жеткендей болып, жұмыс орныма дүрдиіп барып отырсам керек, әйтеуір.
Тельман жазды. Жазғанда да әрі-беріден қопара қозғап, мұның бәрі педагогикаға да, біздің моральға да жат іс екенін дәлелдей отырып, газеттің бір бетіне жуық материал берді. Көп ұзамай Гурьев облыстық партия комитетінен осы мақала бойынша іс қаралғанын, мектеп директоры орнынан алынып, бұдан әрі ұстаздық қызметке жолатылмайтын болып шешілгенін, оның шашбауын көтерген басқа да мұғалімдерге жеке-жеке шара қолданылғаны жайлы хат келіп түсті.
Сөйтіп, Тельманның мені де күдік-күмәннан біржола арылтып, редакция абыройын сақтап қалғаны бар еді.
Ол кезде ең бір өткір де “бармақ жалап оқырлық” қызғылықты материалдар осы Тельман басқаратын насихат бөлімінен өрбитін еді. Оқта-текте бөлім бастығының өзі де сүбелі де салиқалы мақалаларымен жарқ етіп бір көрініп қоятын. Иә, ол тіпті де төпеп жаза беретін, оң жамбасына келе ме, жоқ па, оған қарамай төпеп ұрып жаза беретін журналистер сапынан емеседі, көздемей атып көрмейтін. Нысанасын белгілеп алып, реті келді-ау деген жағдайда ғана өкпе тұстан дәл тигізетін еді. Оны өз ортасында ерте танытқан да, айналасына абыройыла ете түскен де сол қасиет-қадірі болса керек.
... Бекең (Бекмырза Баймаханов) де жұмысқа оралды. Таныстық. Біз отырған бөлмеге келіп, менің столымды салалы саусақтарымен тықылдатып тұрып: “Сәкен, сен өз орныңа барып отырмайсың ба?”— деп қоятынды шығарды. Мен көз астымен ұрланып Тәкеңе қараймын. Ол болса жымыңдап қана қойып, үндемейді.
Сол әдет қайтанала берді. Әлде редакторға сөзін өткізе алмады ма, әлде Бекеңнен сескенді ме, әйтеуір өз бастығым столды тықылдатып келген кезекті бір жолы: “Сәкен, сен енді өз бөлмеңе бара ғой, Бекең деген біздің бәріміз сыйлайтын ең тәжірибелі журналист. Ол кісіден көп нәрсе үйренерсің әлі,— деп мені арқадан қағып, көрші бөлмедегі көршілес бөлімге (комсомол тұрмысы) шығарып салған.
Мен елге қайтып кетіп, он шақты жылдан соң Алматыға оралғанда Тельман Жанұзақов қызмет жағынан да, шығармашылық жағынан да көп ілгерілеп, әртүрлі басшылық қызметте жүргенін көрдім. Жолымыз қайта түйісе қойған жоқ. Бірақ жолыққан кезде сол баяғыдай шұрқыраса хал сұрасып, жылы амандасып жүрдік. Басқадай аралас-құраластығымыз болған емес.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі