Анық қай жылы екендігі есімде қалмапты, 1974 жылдың соңы немесе 1975 жылдың көктемі шығар деймін, Қазақстан Жазушылар одағында кеңесші болып істеп жүрген менің бөлмеме мұнтаздай болып сықиып киінген, барынша жинақы, барынша сыпайы бір жігіт келіп кірген. Асқар Егеубаев деген ініңіз боламын деп таныстырды өзін, сізге рахмет айтайын деп келіп едім. Мен түсініңкіремей, оның бетіне бажырая қарап қалсам керек, ол сәл-пәл езу тарта күлді де:
— “Жазушы” баспасындағы менің кітабымның қолжазбасына пікір жазған екенсіз. Кейбіреулерше “сойып салмай”, оң көзіңізбен қарапсыз, соны айтайын деп едім.
Ол кезде сондай бір қалыптасқан тиімді дәстүр бар еді. Баспа өзінің тақырыптық жоспарына енгізейін деп отырған қолжазбаларын ең алдымен жұрт талқысына салып, біледі-ау дейтін адамдарға пікір жаздыратын. Мұндай сарапқа салудың екі жаққа да — баспаға да, авторға да — пайдасы мол болатын еді. Мен де мұндай іске өзімше ат салысып, кезінде баспалардың тапсырмасымен шикілі-пісілі қолжазбалардың біразына жабық рецензиялар жазған едім.
Асқар өзінің “Қазақ әдебиеті” газетінде қызмет істеп жүргенін айтты. Соның алдында оның бірлі-жарым шағын мақалаларын да оқып, ұнатқаным болды-ау деймін, енді, міне, өзі де ішкі бір мәдениеті, кішілік қылығымен іші-бауырыма кіріп бара жатты.
— Апыр-ай, қолжазбаңды қарап жатқан кезде келіп айтпағаның-ай, бәлки, басқаша көзқараспен оқып, оны-мұны ұсақ кемшілігін “байқамай” да кетер ме едім, — деймін мен оған.
— Жоқ, аға, осының өзі дұрыс болды. Айтқан сыныңыздың бәрін де құп алып, қабылдадым. Өңдеуге, жөндеуге бейілмін. Егер сізбен бұрыннан таныс болсам, қалай дегенде де қазақпыз ғой, көңіліме қарап, басқаша жазар ма едіңіз, кім біледі, — дейді ол барынша байсалдылықпен.
Қолжазбасы маған шынымен ұнаған еді. Әсіресе тілдік сапасы көңілімді аударған. “Сусылдап сұқсыр ұшты сайларынан” деген сияқты дыбыс үндестігіне орай құрылған бірен-саран жолдары есімде де қалыпты. Соны тәптіштеп жазып берсем керек. Авторына да біраз “ақыл” айттып жібердім-ау деймін.
Асқар өлең де жазды, әдеби сынмен де айналысты. Бұл екі жанрды қатар ұстаған адамдар біздің әдебиетте аз болмаған, бірақ солардың бәрінде де безбеннің бір жағы басыңқырап жататын еді. Асқар олай еткен жоқ, өзінің оң жамбасына келетін әдеби шығармаларының қай-қайсысына да барын сала кірісетіні сол бір балаң кезінен-ақ байқалып, оны басқалардан оқшауландырып тұратын еді.
Сол бір Жазушылар одағында қызмет істеп жүрген кезім бе еді, әлде одан кейінірек пе, анығын тағы ұмытыңқырап қалыппын, бірде қатар-қатар тізілген есіктердің бірін кездейсоқ ашып қалам деп, Әзілхан Нұрша йықов ағам басқарып отырған әлдене жиынның үстінен түскенім бар-тын. “Кел, кел, Сәкен, — деді мені көре сала Әз-ағаң, — жақсы болды, мына Асқар ініңнің кітаптарын жастар сыйлығына ұсынып жатыр едік, бірер ауыз пікіріңді білдіре кет!”.
Бөлмеде біраз адам бар екен. Біреулері сөйлеп қойған, біреулері енді сөйлеп жатты. Асқардың екі кітабы — бірі әдеби сын, екіншісі — өлеңдер жинағы — сол жылғы жастар сыйлығына ұсынылмақ екен. Одақтағы жастар секциясын, сірә, Әзекең басқаратын болуы керек, жиналыс артық-ауыс бұрмалаусыз, дау-дамайсыз өз бабымен өтіп жатқан. Асқардың әлгі екі кітабын мен де аудара-теңкере бір сүзіп шықтым. Пікір айту кезегі келгенде өзімше “білгішсіп”, “екі кеме құйрығын ұстамай-ақ, Асқардың осы бастан бір жақтанғаны дұрыс еді, біз не ақын Асқарды, не сыншы Асқарды қолдауымыз керек сияқты, сонда сөзіміз де өтімді, өзіміз де беделді бола түсер еді, деген сыңайда көсіліп бір кеттім-ау деймін.
Соңы не болғаны есімде жоқ, шамасы Асқар сол сыйлықты ала алмады-ау деймін. Өйткені сол кездің өзінде-ақ оның жолына көлденең тұрғысы келетін әртүрлі бөгесіндер бары байқала бастаған...
Асқар өз тұрғыластары арасынан суырылып шығып, әдеби ортаға тез сіңісіп кеткен жігіт еді. Сол отыздың о жақ, бұ жағындағы жасында ол салиқалы ой, салмақты пікірімен ел аузына ілігіп, бірте-бірте үлкен-кішінің бәрі санасарлық үлкен беделге ие бола бастады. Бірақ ол кісіге ішін бермейтін, артық ауыс әңгімеге де бармай, бойын өзгеден аулақ та салмай, сол бір өзіне ғана тән салқын саяқ қалпын бұза қоймайтын еді.
“Жазушы” баспасының басшылығы кезекті бір ауысқанда директордың креслосына Сайын Мұратбеков келіп отырды да, бас редакторлыққа Мұхтар Мағауин, оның орынбасары етіп осы Асқар Егеубаевты тағайындаған. Сайынның өз ықпалы болды ма, жоғарыдан солай ұйғарылды ма, ол жағын анық білмеймін, әйтеуір осы үшеуі баспаға бір мезгілде келген.
Сайын мен Мұхтар көпті көрген, сан алуан айтыстар мен тартыстарға да қатысып, әбден пісіп-қатқан, ыстық-суыққа төзімді, ысылған азаматтар ғой, өз қолдарына тиген екі тізгін, бір шылбырды берік ұстап, әжептәуір қомақты ұжымды өз икемдеріне тез-ақ көндіріп, істі игеріп алып кете берді де, Асқар біразға дейін қоңылтақсып, өзін сырғақ ұстаған қалпы, бөлектене берген. Баспада оннан астам редакция бар, әрбір редакцияның өз алдарына орындайтын айлық, тоқсандық жоспарлары болады. Бас редактордың орынбасары көбіне-көп сол жоспардың орындалу графигін қадағалайтын. Бұрын бұл жерде Қайрат Жұмағалиев істеген, елгезек, елмен тіл тапқыш, мінезі жұмсақ жігіт. Бөлме-бөлмеге өзі кіріп, графиктің қалай орындалып жатқанын есепке алып, редакциялардың да ішкі жұмысына араласып жүретін.
Асқар олай етпеді. Өзінің ішкі түйсік, дағдысы сол ма, әлде жоғарыдан “оқытып жібергендердің” ақылын малданды ма, әйтеуір, алғашқы күннен біз сияқты қырықтың қырқасына шығып қалған ағаларын кабинетіне шақыртып алып, жұмыс барысын сұрап, тапсырманы сол жерде беретін әдет шығарды. Мұнысы өзге түгілі, оны бұрыннан білетін маған да ұнаған жоқ. Соны өзіне сыр ғып айтып көріп едім, “жаңа басшы — жандайшап”, сөзімді құлағына ілер болмады. Сонысына мен де ерегесіп, сөзін жүре тыңдауға көштім.
Бірде баспа директоры өткізіп жатқан әлдене жиын үстінде ол маған қарата:
— Бұл кісі кейбір Мәскеуге тікелей шығатын министрлер мен ведомстволар сияқты директордың өзіне ғана бағынады ғой, — деп қағытып қалған еді.
Түсіне қойдым. Менің азды-кем үлкендік танытып жүргенімді ірілік көрсету деп біліп, намыстана бастаған сыңайы бар.
Жиын соңына мен Асқардың кабинетіне кіріп, оңаша отырып, асықпай ғана мән-жайды ұғындырдым. Бір-біріміздің мінез-қылығымызды түсінбей жүргенімізге екеуміз де күліп алдық. Ақылды жігіт қой, арғы жағын өзі де іліп әкетті. Арадағы азды-кем ұғыспаушылық сонымен біржола сейілді де, біз қайтадан қалтқысыз тіл табысып кеткен едік. Содан кейінгі қызметтес болған бірер жылда біздің арамызда басқадай шашау шығар әңгіме болған емес.
Асқар сол баяғы алғаш кездескен күнгідей салмақты, сыпайы да сылыңғыр, көзілдірік астынан кісіге тура қарайтын әдепті әдетінен айныған емес. Үсті-басына қылшық жуытпайды, қысы-жазы мойнынан галстугі түспейтін десе де болғандай. Сөйте тұра өзі көп іс тындыра жүріпті. Оның сол кезде Шығыс ғылымының шырқау биігі “Құдатлу-Білікті”, Қашқари, Баласұғынилердің қалың-қалың туындыларын бүгінгі қазақ тілінде сөйлеткенін білеміз. Бұлардың әрқайсысы бір-бір кісіге жүк боларлық қомақты дүниелер еді.
Ол кейінірек Ғылым академиясындағы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына бөлім меңгерушісі болып орналасты да, осы бір тұста қатты қайрат көрсетіп, қыруар іс тындырғанын білеміз. Махамбеттің 200 жылдық ұлы тойы қарсаңында оның басшылығымен дауылпаз ақынның қалың-қалың төрт томдық кітабы жарық көрді. Менің бір әдетім — өз қолымнан келмейтін шаруаны атқарып шыққан адамға аса бір құрметпен қарайтыным бар. Асқарға да соны айттым. Бар болғаны соңына екі қолдың саусақтарының саны жетер-жетпес жырлары қалған Махамбет ақын өмірінен дәл бұлайша төрт том шығару, арғы-бергі мәлімет-мағлұматтың бәрін жинастырып, басын құрау нағыз бір инемен құдық қазғандай-ақ ауыр еңбек еді. Асқар соған қаймықпай барып, артында із қаларлықтай адал атқарып шыққан.
Асқардың жанкешті еңбекқорлығына кейінгі бір жылдары көзім жете түсіп еді. Ол әдеби жыл қорытындысында, үлкен суреткерлердің дәстүрлі мерейтойларында аса бір білгірлікпен, терең талдаулы, кең ауқымды баяндамалар жасап жүрді. Өзі қолға алған ісін үлкен-кіші, маңызды, мәнді деп бөле-жара қарамайтыны көрініп тұратын.
Бірде сонау Катон-Қарағайдағы Оралхан Бөкейдің 60 жылдық мерейтойына бара қалдық. Алматыдан қарасы қалың бір қауым ел болып аттанған бізді мейманхана болмауы себепті жергілікті белсенділер үйді-үйге бөліп орналастырып еді. Асқар екеуміз үш-төрт күн бір үйде жатып жүрдік. Алғаш қонған күнгі түнде әлдене тықырдан оянсам, әлгі үйдің ас бөлмесіндегі ұзын столдың бір жақ шетінде Асқар отыр екен. Алдында қобыраған көп қағаз. Шұқшия түсіп, әлденелерді асыға жазып жатыр. Есіктен таңырқай сығалаған мені көріп: “Түннің осы уағында оянып, бірер сағат жұмыс істейтін әдетім еді, ұйқыңызды бұзып жіберген жоқпын ба?” — деп сұрады.
Ұйқы бұзылсын-бұзылмасын, мәселе онда емес, мәселе түннің бір уағында шырт ұйқыдан оянып алып, Асқардың жұмысқа беріліп кетуінде еді. Өз басым бұл мезгілде аяғымнан сүйресе де тұрмас едім, соны ойладым.
Тағы бірде Жазушылар одағындағы жиналыс үстінде менің қасыма келіп жайғасқан Асқар:
— Аға, мен бір роман жазып бітірдім. Құдай қаласа жуырда жеке кітап болып та шығып қалар, “Жұлдыз” журналының бірнеше нөміріне жариялау да ойда бар, — дегенді айтты. Жәй бір хабарлама ретінде, сыбырлап қана айтты.
Мен де оған сыбырлап:
— Асқар-ау, үндемей жүріп докторлық диссертация қорғайсың, қаншама ғылыми жұмыстар жүргізесің, қызмет және бар, енді роман жазып тастасаң, — осының бәріне қайда жүріп үлгересің! — дегенім бар еді.
Не десек те Асқардың артында адам қызығарлық мол мұра қалғаны рас. Соның бәріне алдағы кезде қаншама рет оралып соғып, әлі де қаншама бір әңгімеге алтын өзек ететін де болармыз деп ойлай беремін. Әзірше осымен азды-кем кідіре тұрайық.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі