Алтынбек Сәрсенбайұлының қайғылы қазасы жайлы естігенде жаным қатты түршігіп еді... Ел аман, жұрт тынышта бұл не сұмдық деп төбе құйқам түгел шымырлап, күллі дүние көз алдымда дөңгелеп кеткендей болған...
... Сонау бір жылдары жап-жас журналист Алтынбек Ақпарат министрі бола қалды да, бәрімізді де, күллі баспасөз маңында жүрген біздердің көңілімізді елең еткізген. Одан бұрын арагідік ұшырасып, есен-саулық сұрасып қана жүретін едік. Менің ескі досым Мақсұт Нәрікбаев екеуі қалалық мәслихатқа депутат боламын деп, бір орынға балама кандидат ретінде таласып қалды да, ақыры келіп Алтынбек озып шыққан. “Өзім барып бірінші болып құттықтадым, — деді Мақсұт маған, — адал күрес болды, сен жеңдің, мен жеңілдім, баянды болсын! — деп ақ жол тіледім”.
Сол Мақсұт бар, тағы біраз азаматтар бас қосқан бір жиында Алтынбек маған:
— Аға, маған кіріп шықпадыңыз ғой, — деп қалған еді.
— Е, министр кел десе — неге бармасқа, барамын, — дегенмін.
— Сіздің тұрғыластарыңыздың біразы кіріп-шығып жатады, бір келіп кетіңіз, — деген Алтынбектің өзі тағы да.
— Бар, — деді Мақсұт та, — министр шақырса жағдайың жаман бола қоймас.
Араға бірер күн салып мен де министрдің қабылдау бөлмесінен табылғам. Ауыз үйде кісі көп екен, мені танитындар да, бейтаныстар да бар. Кілең бір басқан жері солқылдаған сол кездің ығайлары мен сығайлары. “Әй, маған кезек тие қоймас-ау!” — деген күдікпен көмекшісіне таяп барып, жайымды айттым. “Өзі кел деп еді”, — дедім. Бөтен бұйымтайым жоқтығын да қадап айтып жатырмын. Ішке кіріп, лып етіп қайта шыққан көмекші жігіт есік ашып, “Сіз кіріңіз!” — деді маған.
Өзім де мақтанға бейімдеу адаммын, әлгі сірескендердің алдында беделім көтеріліп, мәртебем өсіп шыға келгенін байқадым.
Дәл сол кезде мен Әнуар Әлімжанов марқұмның өзі бас болып ұйымдастырған “Қазақ мемлекеті” аталатын газеттің бас редакторы едім. Социалистік партияның басты органы болатын.
Өзі де асықпай, мені де асықтырмай хал-күй сұрасып, әжептәуірге созылған сұхбаттан соң, Алтынбек:
— Қызметіңіздің перспективасы шамалы-ау деймін, аға, басқа бір қолайлы жұмыс қарастырайын, қалай қарайсыз? — деді.
Мен бірден құлай түспей, өзің біл дегендей ыңғай таныттым. Сол күйі жылы қоштасып, ұзатып салды ол мені. Екі-үш апта ішінде хабарласып қалатынын шегелеп айтқан.
Мен бұл әңгіме турасында тірі адамға жақ ашып, ләм-мим деместен үш-төрт ай министр жағынан бір хабар күтумен болдым да, ақыры шыдамай, мұнысы қалай дегендей етіп, қарауымдағы орынбасарым Жүрсін Ермановқа сыр ғып айтқан болатынмын. Жүрсін де әртүрлі жорамал айтып, өзара күле отырып, “жә, түк ете қоймаса, көре жатармыз” — дегенге табан тірегенбіз.
Арада екі-үш ай өтіп, кездейсоқ кездесіп қалғанда, Алтынбек:
— Бір кілтипаны болып, уәде үдесінен шыға алмай жатырмын. Ұмытқан жоқпын, — деген де қойған.
Содан күндердің бір күнінде мені “көлік жіберейін” деп қолқалап, министрдің сол кездегі орынбасары Әлібек Асқаров інім шақырды. Ол күле отырып, өзі емес, министрдің атынан сөйлеп отырғанын, Алтекең маған “кітап музейіне директор болсын” дегенді айтқанын, соған қалай қарайтынымды сұраған.
Мен ол қызметті қомсынып қалып едім.
— Жалақысы қанша екен? — деп сұрадым Әлібектен.
— Пәлендей үлкен жалақы жоқ, — деп Әлібек тоқ етерін айта қоймады.
— Онда өкпе жоқ, рақмет, — дедім Әлібекке. — Қай жағынан алып қарағанда да, кісі қызығып баратын қызмет емес екен, тұздығы татық болмайды, қоя-ақ қойғандарың жөн шығар, — деп солбырайып үйге қайта бергенмін.
Бірер апта өткізіп барып, Алтынбек мені тағы шақырды. Бұл жолы салқын қабақтау қабылдап, суықтау сөйлесті. “Мен айтқан қызметтен бас тартқаныңыз қалай?” — деді реніші барын жасыра алмай.
Әлібекке айтқанымды оған да айттым. “Не моральдық, не материалдық жағынан тиімді емес екен” — дегенді қосып қойдым.
— Бәрі де менің қолымда емес пе, — деді Алтынбек, — бір баспаның директорының жалақысы мөлшеріндегі айлық қоймақ едім. Коллегияға мүше боласыз, менен басқа Сізді жан баласы іздемес еді. Кітапты қасқыр жеп кетпейді, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік жасайын деп ойлағам. Өлеңіңізді жазып, еркін жүрер едіңіз ғой.
— Пәлі, Әлібек маған бұлай түсіндірмеді ғой, онда айтқаның болсын, барайын, — деп қалбалақтадым.
— Жоқ, ол жерге басқа бір азаматты тағайындап қойдым, тағы бір реті келгенше күте тұрасыз енді, — деп, ол тағы да құр қол қайтарды.
Мен бұл жолы іштей күліп қана кете берген болатынмын.
Араға тағы да бірер ай салып Алтынбек өзіне қайта шақырды. “Сәкен аға, ойланып жатуға уақыт жоқ, келісерсіз деп отырмын, өзіңіз істеп кеткен “Жазушы” баспасына бас редактор болып барасыз. Егер көңіліңізге ұнамаса — бес-алты айдан кейін маған қайыра келіп жағдайыңызды айтарсыз, одан арғысын тағы да көре жатармыз”, — деді.
Сөйтті де, Әлібекке телефон соғып: “Сәкен аға келісіп отыр, қазір апарып өзіңіз орнына отырғызып қайтыңыз!” — деді де, күліп тұрып, менің қолымды қысты.
Алды-артымды министрдің өзі осылай орап тастаған соң маған келісім беруден басқа жол қалмап еді. Қайта айналып барып, ақыры сол баспаға бас редактор болғанмын.
Бірақ мен бес-алты айдан соң да, бес жылдан соң да Алтынбектің алдына қайтадан барған емеспін. Баспа директоры Есенғалимен бірден тіл табысып, ағалы-інілі адамдардай болып кеттік те, министрге барып тірелердей бұйымтай бола қоймаса керек, сірә.
Кейін, 2000 жылы бір кездескенде Алтынбек жағынан өзіме деген әлдене қырын қараушылықты аңғардым. Әлдебір антұрған бірдеме деді ме, о жағын білмедім, сұрап, анықтап жатудың ретін келтіре алмадым. Қырғи-қабақ қалпымызда алыстан сыйласып жүретін халге түскенбіз, әйтеуір.
Содан ол Мәскеуден оралған күндердің бірінде Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин, Оразбек Сәрсенбаев, Бексұлтан Нұржеке, Баққожа Мұқай және басқа біразымыз бар, басымызды қосып, 3-4 сағат оңаша отырып, сұхбаттасқан едік. Алтынбек те өз кезегінде елбасының алдынан өтіп, арылғанын, ол кісіге ешқандай өкпе-реніші жоқтығын, қайта мұның жастығына қарамай, үлкен лауазым құлағын ұстатқан қамқорлығы, көтермелеп, ұдайы қолдап келе жатқаны үшін разы екенін айтып, бірақ айналасының оспадар қылығы ұнамайтыны, оны еркін саясаткер ретінде болмаса, қатар жүріп көзге шұқып көрсету мүмкін еместігін түгел жеткізгенін, сол үшін таза ғана саясатпен айналысқысы келетінін білдірген. Бізден де ақыл-кеңес сұрағысы келетін ыңғай танытқан.
Кімнің кім екенін айтқызбай-ақ жақсы білетін Алтынбек министр болып тұрған кезінде бұл азаматтардың қай-қайсысының да мұңына құлақ түріп, мұқтажын өтеуге қолғабыс еткен болатын. Сөзімізде соны да тілге тиек еткен біз қолымыздан келгенінше қарымтасын қайтару жағында болатынымызды айтқанбыз.
Сол жолы Алтынбек суырыла сөйлеп, ағымдағы саясатты, ел ішінің ішкі, сыртқы жағдайын, қазіргі хал-ахуалдан бізге қарағанда анағұрлым көп білетінін көрсетіп, өзгеміз аңғара бермейтін көп жағдайдан барынша мол мағлұмат беріп еді.
Кейін “Ақ Жол” партиясының құрылтайына қонақ ретінде шақырылып, өз тарапымыздан ықылас-пейіл білдіріп қайтқанымыз бартұғын.
Сол Алтынбектен ақыры жан түршігерлік жағдайда айырылып қала бердік. Сол қайғылы қаза жайлы естігенде ерекше тебіреніп, бар ойымды өлеңмен ақ қағаз бетіне түсіріп едім. Алтынбектің қазасы үстінде оқылған сол өлең кейін “Жас Алаш” газетінде жарық көрді.
Біреу оқып, біреу оқымаған шығар. Сондықтан сол өлеңді осы шағын естелігіме тағы да тіркей кетуді орынды санап отырмын.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі