Ісін көріп исініп, сөзін естіп сүйсініп жүретін бір адамдарың болады. Сен оны жыға танымауың да мүмкін, көрсең — көп ішінде көрген шығарсың, қол беріп, қол алыcып амандасқаннан әріге ұзаған таныстығың да жоқ. Сөйте тұра ауыздан ауызға тараған, ауыздан аңызға айналған әрбір ісі, әрекетіне қыбың қана разы болып, алғырлығына, азаматтығына айызың қана: “әп-бәрекел-де!” — деп қостай түсіп, қолпаштап отырасың. Мен үшін сондай азаматтың бірі — Аманкелді Ермегияев. Бір ғана емес, бірегейі де болуы мүмкін...
Бізді қолымыздан сүйреп әкеп таныстырған ешкім жоқ. Алғаш рет мен оны 1997 жылдың қоңыр күзінде көріп едім. Біздің жақтың ағайынға сыйлы арыс азаматтарының бірі, көрнекті ғалым-математик Тайтөлеу Ахметқалиұлы жер ортасы жастан аса бергенде аяқ асты жастай қосылға жары Зинагүлден айырылып қала берген. Есеңгіреп қалған ер, шиеттей бала-шаға, дәрменсіз жекжат-жұрағат арасында бір қора жора-жолдас болып біз де жүргенбіз. Қайғысына ортақтасып, қара көбейткеніміз болмаса, жөн-жоралғы айтып, жәрдем беріп жатқанымыз да шамалы
Өлім деген біреудің малын шаша, біреудің артын аша келіп, алды-артын ойлай білетін есті адамның өзін есеңгіретіп тастайды ғой. Біз білетін алпамсадай Тайтөлеудің өзі де бір уыс болып шөгіп, есеңгіреп қалғандай болған. Сонда сұңғақ бойлы, шалт қимылды бір жігіттің даусындағы екпін-жігер, әр нәрсені рет-рет, жөн-жөнімен айтар сұңғылалығы еріксіз өзіне қаратқан. Айнала жөн сілтеп, жоралғысын жасап, үлкен қайрат танытып жүргенін бірден байқап едім. Бұрын-соңды көрмеген жігітім болған соң, менің “бұл кім болды екен?” деген ымыма қасымдағылар: “Аман ғой, Аманкелді Ермегияев, Тәкеңнің іні досы, қалтасы да қалың, қайырымды азамат” — десіп жатты. Фамилиясы ауырлау екен, есімнен шығып кетті де, есімі жадымда жатталып қала берді.
Араға бес-алты жыл салып, сол Тайтөлеудің өзі де бақиға аттанды. Оны жөнелтудің бар ауыртпалығын тағы да сол Аманкелді өз мойнына алды. Бір жыл бойғы жол-жоралғысын атқаруға бас-көз болғанын және көріп едік. Көріп қана қоймай, досқа деген адалдықтың, адами парызды өтеудің куәсі болғанбыз. Кейін сол Тайтөлеудің туған апасы Рақыш інісі жайында “Өткендерім мен өткелдерім” деп аталатын кітап жазып, сол шығарманың өн бойында Аманкелдіге деген шексіз алғысын айтып, бір өзі ғана емес, Тайтөлеу әулеті, ағайын-жұртының әлі күнге разы екендігін білдіріп отырыпты. Мына мың құбылған бейдауа тірлікте екінің бірінің қолынан келе бермейтін кісілік қамқорлыққа аналық үлкен алғысын сыпайы ғана жеткізіпті.
Кейбір әлемді аузына қаратардай, жер жүзін жарылқап тастардай болып күпініп жүретін жігіттердің кісіге қол ұшын беруге келгенде уәдесінің өзі су аяғы құрдымға кетіп жататынын осындайда ойлайсың. Ал Аманкелді болса, сондайлардың мыңына татитын жігіт. Кейін біршама таныса, білісе келе өзім де Аманкелдінің қазіргі жұрт назарында жүрген қалталы азаматтардың қай-қайсысынан да еңселі, шоқтығы биік тұратынын байқадым. Сәті түсіп аз-кем сырласа қалған тұстарда оның малтабар көп пысықтың бірі емес, нағыз ұлт перзентіне айналған, елі мен жері үшін барын түгел жұмсаудан тартынып, аянып қалмайтын біртуар тұлға екендігіне көзім жете түскен-ді. Оның оқыған-тоқығаны да аз емес, ойы ордалы, түйсігі қордалы жігіт екендігін аңғармау мүмкін емес. Әлдекімше бұғына қалу, біреулердің сыртына тығылып қалу онда жоқ. Қаймана қазақтың басына іс түссе шақыру күтпей алдымен жүгіретін қасиеті бар. Кілең бір қызу істердің ортасында жүреді. Онда да қосақ арасында емес, дау мен дамай, айтыс пен тартыстарда көзге оқшау түсетін азамат. Өз бағытының дұрыстығын ісімен де, іскерлігімен де дәлелдеп жатады. Елдің жақсылығына алдымен қуанып жүретін ақкөкірек азамат та осы Аманкелді.
Аманкелді Ермегияев — “Алматықұрылыс холдинг” компаниясының президенті. Алматы қаласындағы біршама ірі құрылыс мекемелерінің негізінде құрылып, іріленген, өткелектерден де, өткелдерден де өтіп, қазір сан-салалы алып құрылымға айналған компанияның не істеп, не қойып жатқанын талдап жатуға, саралап айтып беруге менің шамам жетпес. Бізге керегі — “Алматықұрылыс” мекемесінің басшысы Аманкелді Ермегияевтың бас көтеруге мұрша бермейтін күнделікті қызметі емес, қайырымдылық жолындағы азаматтық тірлігі, оның туған жерге, қалың елге жасап отырған қамқорлығы. Бүгінде Ермегияевтерді білмейтін қазақ жоқ. Ол әулеттің абыройы асқақ, мерейі үстем. Аманкелдіні жерлестері мақтан тұтады, оның жоқ-жітікке қамқорлық жасап, жәбір көрген адамға құшағын кең ашатын азаматтығына тәнті болады.
Аманкелдінің өзі Райымбек ауданының азаматы. Ол әулет сонда көктеп, көгерген. Бір заманда ата-бабасы осында ауып келіп, тұрақтап қалған. “Ер туған жеріне” дейді ғой. Ендеше оның ең алдымен өзі туып өскен Жалаңаш ауылын тікелей қамқорлығына алуы заңды құбылыс еді. Туған жер қай перзентіне болса да ерекше ыстық. Күні кеше көгіне аунап, өзен-көліне шомылып өскен аймағының күн санап гүлдене түсуіне сөзбен емес, іспен қол ұшын бере алсақ, одан артық ғанибет болар ма?! Біріміз “әттең тонның келтесі-ай” дегізер қол қысқалығынан, қолы ұзарғандар болса сол баяғы бақай есеп енжарлықтан ештеңе тындыра алмай жүреміз. Тындырғандарды көріп, үлгі алайын, үйренейін дерлік ынта мен ықылас және жетіспей жатады. Өйткені, Аманкелді де тапқанын қайда жіберерін білмей жүрген жоқ шығар. Бірақ қашанда халқына қамқор көңіл танытып, туған жұртының жыртысын жыртып, қолда барын аяп, аянып қалмайтын мәрттігі оны қатарластарының алдына шығара береді. Мерзімді баспасөз беттерінен оқимын, сол өңір азаматтарының ауызекі әртүлі әңгімелерінен естиміз, Аманкелдінің туған жеріне жасап жатқан еңбегінде есеп жоқ екен. Мемлекеттің өз қолынан келмей жатқан кешегі бір қысталаң тұста өзі оқыған Жалаңаш орта мектебін күрделі жөндеуден өткізіп, жерге орналасқан қосалқы шаруашылығының қаз тұрып кетуіне мүмкіндік жасапты. Мектеп маңына мыңдаған түп шырша, басқа да ағаштар отырғызылған. Екі бірдей сыныпқа интернетке қосылған компьютер орнатылған. Жүзу бассейні, спорт залы жаңадан салынған. Жасөспірім спортшылардың шет елдегі жарыстарға қатысуына қажет материалдық шығынның бәрін өзі көтеріп алыпты. Ол осының “қайырымы бола ма, жоқ па?” деп әлдекімше екі шоқып, бір қарамайды. “Қыран баласы алғанын айналасына шашып жейді” деген қағиданы берік ұстанған ол мұның бәрін азаматтық борышым, елге тигізген қолғабысым деп біледі.
Қазақ бір перзентін басқаларынан айрықша жақсы көргенде: “осы ұлым бір төбе де, өзгелері бір төбе” дейді. Аманкелді туған өңірде одан да қалталы, одан да дәулетті іскер жігіттер жоқ емес, бірақ біздің білетініміз — солардың бәрі жиылып келіп әзірге Аманкелді тындырған шаруаның оннан бірін де жасай алмаған секілді.
Екінің бірі біледі, елімізде өтіп жатқан, басы-қасында Жүрсін Ерманов жүрген айтыс атаулы Ермегияевсіз өтпейтін болды. Міне, қанша жыл болды, Алматыда, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш жағында өтіп жататын айтыс жайлы хабарламадан әмісе: “Бас демеуші — “Алматықұрылыс” компаниясының президенті Аманкелді Ермегияев” деп жатады. Жұрттың құлағы да, еті де оған әбден үйреніп болған. Айтыссыз Аманкелдіні, Аманкелдісіз айтысты елестету қиын.
Шынында айтыс өнері соңғы жылдары өзінің шырқау биігіне көтерілді. Қазіргі мәдени тірлігімізді “айтыссыз” елестету де мүмкін емес. Жұрт не десе, о десін, бүгінгі таңда халықтың ең көп қызығып тамашалайтыны да осы “Айтыс”. Біздің бұл сөзімізге соңғы кездері айтыс өнері жайында бүгінгінің ғұламалары Мырзатай Жолдасбеков, Тұрсынбек Кәкішщев, Рымғали Нұрғалиевтер үзбей жазып келе жатқан мақалалар дәлел бола алады. Ендеше, сол айтыстың тартымды өтуіне Аманкелді Ермегияев аз еңбек сіңіріп жүрген жоқ. Әсіресе, соңғы бірер ай үрдісінен Республика Сарайында апта сайын жалғасып, “Хабар” телеарнасы бойынша тікелей эфирден көрсетіліп келе жатқан айтыстарға қаншама қажыр-қайрат, уақыт пен қаржы керек десеңізші. Басқасын білмеймін, дәл осы айтыс өткізуге, оған демеуші болып, бәйге тігуге Аманкелді Ермегияев басқаратын “Алматықұрылыс” компаниясының (кейін оған “Отан” партиясы қосылды) ондаған миллион теңге шығарғаны белгілі.
Қазір “меценат” сөзін жиі қолданып жүрміз. Біреу білер, біреу білмес. Римнің алғашқы императоры Октавиан Августың тұсында Гай Цильный Меценат деген аса дәулетті адам өмір сүрген. Жасында саясатқа белсене араласып, императордың кеңесшісі болған. Кейін біржола ақындар мен өнер адамдарының қамқоршысына айналып, император Августың ақыл-кеңесі бойынша, ғұмырының бәрін қазіргіше айтқанда демеушілік, қайырымдылық жолына арнаған. Өшпес өнер жасай білетін шынайы өнерпаздардың шығармашылықтан басқаны ойламай қамсыз тірлік кешуіне жағдай жасап отырған. Оның тұсында әсіресе Рим поэзиясы күрт көтеріліп, Вергилий, Торации сияқты ақындардың бүгінге жеткен мәңгілік мұралары дүниеге келген. Аманкелді Ермегияев та айтыс өнерінің дами түсуіне барын салып келеді. Бұл оның таза меценаттық ісінің бір жағы болса, екіншіден, бірқатар белгілі-белгісіз авторлардың кітабын шығарып беруге де себепкер болғанын білеміз.
Жұрттың бәрін құдай болмаса ешкім де жарылқай алмайды. Сөйте тұра торқалы той, топырақты өлім дегендей, көпшіліктің басы қосыла қалған жиындарға Аманкелдінің баратынын білетін адамдар оның алдын орап, хат тапсырып, оңашалап алып шығып, көмек сұрап, өтініш білдіріп жатады. “Ұлық болсаң кішік болуды” өнеге тұтқан Аманкелді жымиып күліп, бәрінің көңілін табуға тырысып, жұрт арасынан сытылып шыға алмай, шырмалып жүреді үнемі.
Жоғарыда біз тілге тиек еткен Август тұсындағы Меценат та жасында саясатпен айналысып, ұлғая келе ел ісіне араласудан мүлдем қол үзбесе де біржола қайырымдылықпен ғана шұғылданса, Аманкелді Ермегияевтің дәл қазір қып-қызыл саясат өртінің ішінде жүрген сыңайы бар. Ол қазір еліміздегі ең беделді “Отан” партиясы жетекшілерінің бірі. Әрине, партия басшысы Президентінің өзі. Орынбасарлары қатарында Парламент спикері, кешегі вице-премьерлер бар. Ол бұл қызметте мүлдем шегенделіп, темір құрсау ішінде қалғандай көрінуі мүмкін. Мен бірер минутқа созылған бір әңгіме үстінде осы жайлы оның өзінен де сұрағаным бар еді. Сонда ол: “Бәрі де көз алдыңызда өтіп жатыр ғой, біздікі әйтеуір ел мен жерге, замандастар мен болашақ ұрпаққа қанатымен су тасыған қарлығаштай болса да пайдамыз тисе деген ниет қой, беталыс нәтижесіз емес, қалғанын уақыт көрсете жатар”, — деп еді.
Аманкелдімен сапарлас та, қатарлас та жүрген кездеріміз аз емес. Сөйте тұра әлі күнге сол алғашқы танысқан сыпайы дипломатиялық қатынастан әріге ұзап кете қойған емеспіз. Оның үстіне Абайдың:
Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан,
Нең кетеді жақсы өлең, сөз айтқаннан,
— дейтін қағидасын берік ұстанып келе жатқан жайымыз бар. Біздікі бұл жерде жақсының жақсылығын айту парызынан туындайтын шынайы ниет қана.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі