Аз ба, көп пе, ірі ме, уақ па — әйтеуір ұдайы ғана кісіге қол ұшын беріп, қолынан келгенінше жақсылық жасағысы келіп тұратын адамдар болады. Біреудің жоғын жоқтап, бүтінін түгендеп жүруді де өзінің бірден-бір парызы санайтындай. Айнала ағайынға қайыр жасасам ба деп дәйім ғана қалбалақтап жүретін, онысын көтере айтып, еңбегін бұлдау дегенді де, “көрерміз” деп бұлдану дегенді де білмейтін сондай адамның бірі — бүгін біз әңгіме еткелі отырған Мардан ағамыз Байділдаев еді.
Мен Мардекеңнің атын ауылда жүріп-ақ баяғыда естісем де, ол кісінің “қазақтың арғы-бергі әдебиетін тірілту” жолындағы ерен еңбегінен құлақдар бола жүрсем де, өзімен етене танысудың сәті сол өткен ғасырдың сексенінші жылдарында түсіп еді. Мен онда “Жазушы” баспасындағы фольклор және халықтық ауыз әдебиеті редакциясын басқаратынмын да, Мардекең М.О.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының ғылыми қызметкері екен. Қызмет жағы сабақтас болғандығынан шығар,— ол кісі біздің редакцияға күн құрғатпай келіп тұратын. Кісі жатырқамайтын мейірімі бар, жатырқап, жатсынбай бірден баурап, іші-бауырыңа кіріп кететін адам екен. Аты дардай адамның бәрімізге бірдей қалбырақтағанына бастапқы кезде таңырқап та жүргенмін, сөйтем, ол кергуді, көлгірсу атаулыны білмейтін Мардекеңнің туа бітті болмысы, өзіне ғана тән мінез-құлқы екен. Мен ойлайтынмын: Мардекеңнің үлкен ғылыми дәрежесі бар шығар деп. Ең алғаш Сағи Жиенбаев екеумізді үйіне түскі асқа шақырғанда “ғылым докторы” немесе “докторлыққа кандидат” деп атарымды білмей, “ғалым ағамыз” деумен кібіртіктей шектеле бергенмін. Соны байқап қалған екен, қайтар жолда Сағаң: “Сәкен, мен білсем осы кісі ешқандай диссертация қорғамаған болуы керек, атақсыз ғана абыройлы ғалым-ау деймін”, — дегені бар.
Әңгімемізді бекерден-бекер Мардекеңнің алыс-жақын таныстарының бәріне жәрдемдескісі келіп тұратын кісілік мейірімен бастап отырған жоқ едім, “қайсыбірін айтып тауысам” демей, өз басына, өрен-жаранына қатысты Мардекеңнің кейбір қылығына тоқталып көрейін.
1986 жылдың мамыр айында жылдағы әдетімше “Сарыағаш” курортында демалып жатыр едім. Кешкі астан кейін жан-жақтан келіп, жаңа танысқан үлкен-кіші бір топ демалушы корпус алдында қызу әңгімеге енді кірісе берген болатынбыз. Мені сырттай білетін бір келіншек сөзімді бөліп: “Сізді бір егделеу апай шарқ ұрып іздеп жүр еді, осында отыр деп айтайыншы” — деп бұрыла берген. Мен болсам: “Апай қайда қашар, алдымен өзіңіз іздесеңіз болмады ма?” — деп жатырмын. Соның арасында ол: “Ә, міне, апайдың өзі де келді” — деп ұзын бойлы, реңді келген, жүріс-тұрысы сыпайы да байсалды бір кейуананы көрсетті. “Іздегеніңіз мына кісі” — деп мені таныстырды.
— Мен Мәлік Қарағұлов ағаларыңның үйіндегі жеңгең едім,— деді әлгі кісі. — Мардан Байділдаевпен құдайы көршіміз. Осы жаққа жүрерде сол Мардекең мына бір сәлемдемені сізге тапсыр деп беріп жіберіп еді, сол үшін іздегем,— деп, жанқалтасынан алып маған жұқалтаң конверт ұсынды.
“Бұ не?” — дегендей таңырқап, конвертті ашып көрсем, ішінде ақша жүр, тілдей сәлемхатта: “Сәкен, мен алғашқы зейнетақымды алып едім, ырым бойынша ол ақшаны ең бір жақсы көретін адамыңа беруің керек екен, сен алыста демалып жүрсің ғой, бір керегіңе жарар деп, соны шып-шырғасын шығармай саған жіберіп отырмын” — деп жазған екен.
Сізге өтірік, маған шын — біршама қысылыңқырап та қалғаным рас. “Аттың сыры иесіне мәлім”, Мардекең де әжептәуір үлкен отбасының иесі, анау айтқандай өзінен артылып жатқан дәулеті де шамалы екенін айтпаса да білем. “Әлде мені бұл кісі шынымен-ақ күнін көре алмай жүрген біреу” деп қалды ма екен деп те ойладым. Неде болса кейін көрермін деген оймен, Мәлік ағамның жұбайына барша рахметімді айттым да, конвертті қалтама салып алдым. Жақша ішінде айта кетейін, сол ақшаның соқыр тиынына тиместен Алматыға ала келіп, алғашқы ойымды Мардекеңе айтқанмын. “О, не дегенің, қарағым,— деген сонда ағам, — сондай ырым бары рас. Сені екі туып, бір қалғандай іні санап жүрген соң, әдейі ырым етіп ем, қайдағыны айтпай, қалтаңа салып ғой”— деген, әңгіме бітті дегендей.
Мардекеңнің бір әдеті (жаман ба, жақсы ма, кесіп-пішіп айта алмаймын) жақсы көрген адамының үйіне “қалай болар екен?” — деместен, күн демей түн демей кіріп бара беретін. Егер әлдебір қат шаруасы бола қалса, уақытпен санасып жатпай, ерте ме, кеш пе, қызыл іңір немесе кісі шырт ұйқыда жататын таң алды ма, ойланып жатпастан телефон соға беретін. Төсектен көзіңді уқалай тұрып: “Иә!” — десең аржағынан жайбарақат қана: “Мардан ағаң ғой” — деп алып, әңгімесін айта беретін.
Бұл қылығына басында мен үйрене алмай-ақ жүрдім. Тіпті бірер рет бетін қайтарып тастасам ба деп те оқталғаным бар. Сөйтсем, ол да Мардекеңнің сүтпен бірге сіңген әдеті екен. Бірде үйіне қонаққа шақырғанда (бәйбішесі Гүлстан екеуі де аса қонақжай, үйінен кісі үзілмейтін, дастарқаны жиналуды білмейтін адамдар еді) өзгелердің де әңгімесін естіп, іштей күліп қойып едім. Ол үйде сол бір алғашқы қонақ болған күні марқұм Мырзабек Дүйсенов, көзі тірі қадірлі ағамыз Рахманқұл Бердібайлар күле отырып, Мардекеңнің осы қорлығын айтқан. “Қанша айтамыз, әкетай,— деген Мырзабек Дүйсенов күліп отырып, — таң алдында оятуды қоймады осы. Апыр-ау, сонда бір кейінге қалдыруға болмайтын аса бір тығыз шаруа болсашы, бар болғаны Хиуадан ба, Бұхардан да келген әлдебір ғалымдарды әуежайдан күтіп алып, енді ғана үйіне алып келгенін немесе ертеңгі айтысқа қатысам деп Қызылордадан Манап Көкенов келіп, бұлардың үйіне түскенін білуің ғана. Мардекеңнің ойынша одан маңызды жаңалық жоқтай көрінеді, ертеңге қалдырып, ел-жұрттың оянуын күтіп отыруға мұршасы жоқ”.
“Е, менің ренжіп жүргенім бекершілік екен-ау, қанға сіңді әдеті болды ғой!” — деп сонда Мардекең жүзіне мен де күле қарағаным бар еді. Келе-келе бұған біздің үйдегілердің де еті үйреніп кетті. Мезгілсіз уақытта телефон ызың ете қалса болды, балалар: “Мардан аға шығар, басқа кім дейсің” деп көтеретін. Расында, солай болып шығатын.
Сондай бір беймезгіл шақта Мардекең алдын-ала ескертіп жатпай біздің үйге кіріп келген. Мен суық тигізіп алып, сәл-пәл тұмауратып жатыр едім. Қыстың көзі қырау, үй салқындау болатын. Шешемнің желбегейін жамылып отыр едім. Шолақ жең бір жылы күртеше-тон болатын. “Мұндайда үй ішінде киіп жүруге сол жақсы” — деді Мардекең. Ойымда ештеңе жоқ, оны бізге кім беріп қойыпты дегем де қойғанмын.
Мардекең үнсіз кетіп қалып еді, бір мезетте қолында газетке ораулы бірдемесі бар кіріп келді. “Цумнан барып сатып алдым, осыны киіп алшы!” деп орауын жазып, маған әдемі тысы бар тоқты терісінен жасалған кеудеше ұсынды. Ықшам ғана жақсы тігілген. Қалам-қағаз салатын қалталары да бар.
Күлесің бе енді, жылайсың ба?
“Мұныңыз не, әуреге түсіп”,— деген болам ағама кейіп. “Түк әуресі жоқ, бардым да — алдым. Кеудеңе жылы болады, киіп ал” — деп ол да жік-жапар болып қояр емес.
Шынын айтқанда екі туып, бір қалған түгім жоқ. Өтіп кеткен дәнеңем тағы жоғын білем. Дәл осыған ұқсас бір жағдай бұдан бұрын да болған. Мардекең біздің үйге кезекті бір келгенде кішкентай қызым Гауһар теледидар қарап отырып: “Папа, мынандай ойыншық сатып әперші!” деп экрандағы әлдебір түрлі-түсті ойыншықты көрсеткен. Бала сөзіне мән беріп жатпастан: “Жарайды” дегем де қойғам.
Ертесіне Мардекең сол кешегі қызым көрсеткен ойыншықты әкеліп тұр...
Бұдан кейін мен де қуланып, ол кісінің алдында жеңіл-желпі жоқ-жітігімді білдіріп алмауға, әлденені айтып, арамыздағы достықты бүлдіріп алмауға тырысатын болдым.
Мардекең бір мен ғана емес, сол жылдары менің қарауымда қызмет атқаратын Тортай Садуақасов, Оңалбек Кенжебеков, марқұм Дәуітәлі Стамбековтердің де жоғын жоқтап, көп шаруаларына араласып, үй-іші тірліктеріне туған ағаларындай қатысып жүретініне куә болып ем.
Мардекең қазақтың ауыз әдебиетіне қаншама қалтқысыз, қарымта, қайырымсыз қызмет етті десеңізші.
Мұхтар Мағауинмен бірге барша ыстық-суығы, ауы мен бауы дегендей қара жұмысын қатар атқарып, әйгілі “Бес ғасыр жырлайды” кітаптарының бірнеше дүркін қайталана басылуына құрастырушының бірі ретінде қаншама еңбек сіңірді. Тұрмағамбет аударған “Шахнаманың” жарық көруі тікелей сол кісінің еңбегі еді. Бұлардан басқа сыр бойы сүлейлерінің еңбегін,— кейінгі жыраулар шығармаларын кітап етіп шығару ісінде бір өзі институттың бір бөлімінің жұмысын жеке-дара атқарды. Сол еңбектерінің бір де бірін “мен сөйтіп едім” деп бұлдап көрген емес. “Жыламаған балаға емшек бермейді” деген де бар, қызмет қылса да міндет қылмай өткен адамның бірі еді ол.
Үйіндегі үлкен бір бөлме үйіліп жатқан қағаз болушы еді, қазір сол мол дүние кімнің қолында екен деп те ойлайсың.
Құдай амандық берсе, мен ол кісі жайлы асықпай отырып әлі де жазамын. Өйткені Мардекең еңбегі, Мардекең кісілігі қандай әдеби естелікке де әбден татиды деп білетін адаммын.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі