Теміржан Базарбаев — біздің елден шыққан әйгілі сазгер еді, композитор. Көп сөзге жоқ, өзімен өзі болып, үндемей жүре беретін, көзге түсіп қалсам дегенді мүлдем ойламайтын қарапайым да момын қалпында тірлік кешті. Қалың ел — қазағы, әсіресе, оның “Ауылым” деп аталатын әнін жақсы көрді. Бұл әнді білмейтін, ас пен тойда нәшіне келтіре, әлдебір сағыныш, ішкі аңсаумен көзіне жас ала отырып жұртқа қосыла сызылта шырқамайтын адам кемде кем. Басқасын білмеймін, әйтеуір біздің жақта солай. Ғұмырымда бір рет “әу” деп көрмеген менің өзім де Теміржанның “Ауылымын” тыңдағанда көңіліме қай-қайдағылар оралып, егіліп, елжірей түсіп отыратыным, өзгелерге ілесе іштей де болса ыңылдап кететінім бар.
Теміржан шын мәнінде үлкен сазгер еді. Білетіндердің, мамандардың айтуынша ол әсіресе музыканың симфония сияқты күрделі жанрына келгенде мықты болыпты. Ол жағын мен жетік білмеймін. Менің білетінім, қайталап айтам, Теміржанның назды да сазды “Ауылымы”.
Бір ән арқылы да ел есінде мәңгілік қалып қоюға бола береді екен!
Сол Теміржан 1960 жылы, “Лениншіл жас” газетінде қызмет істеп жүрген жерімнен мені өзі іздеп тапты. Көп сөйлеп, созбады. Жерлес, туыстас екендігін айтты. Біздің ауданда “Колхоз туы” деп аталатын газет шығатын. Жоғарғы кластарда оқып жүргенде сол газетке өлең беріп тұратынмын. Газеттің редакторы Қоңырбаева Майнұр апам үнемі қолдап, қолпаштап, не жазып, не қойсам да жерге тастамай, жариялатып жүретін.
Сол газетте жарияланған “Өз колхозым — мекенім” деп аталатын 3-4 шумақ өлеңіме Теміржан ән шығарыпты. Онысын Қазақ радиосы қабылдап алған екен, бүгін соның қаламақысын бермекші көрінеді, бірге барайық, деп маған қолқа салды. “Қаламақы ән иесі маған да, сөзін жазғаның үшін саған да тиесілі. Барып, соны алайық. Ақша керек шығар”, — деп те қойды.
Ақша деген шіркінің керек емес күні болған ба. Желбіреген жас кезіңде тіпті жетіспей жүретін, қуанып кеттім де, Теміржанның соңынан ілестім.
Ол көп сөйлемейді. Көбіне үнсіз ғана ұғысқандай боламыз. Бірер сөзбен осындағы консерваторияда оқып жатқанын, Алакөлдегі Жағатал ауылынан екенін, мені сыртымнан бақылап, біліп жүргенін айтты. Мен болсам, оның атын алғаш рет естіп тұрмын, мұндай азаматпен ауылдас екенімді де білмейді екенмін.
Екеуміз салып ұрып, қазіргі Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан Қазақ радиокомитетіне де жеттік. Қаламақы алудың кезегінде тұрғандардың құрамы әжептәуір мол екен. Теміржан екеуміз де сол бір қара-құрым адамдардың соңғысын іздеп жан-жағымызға қарай бергенде:
— Сәкен, мұнда кел! — деп қалды кезекте тұрғандардың бірі.
Орта бойлы, дембелше, келбетті келген жылы жүзді жігіт екен. Сәл шырамытқандай да болып, жүзіне жалтақтап қарай беріп ем:
— Мен Айқын Нұрқатов ағаңмын ғой, кел, менің алдыма тұра қалыңдар,— деді ол кісі.
Айқын Нұрқатов — сол кезде аты дүрілдеп тұрған, әдебиет жайында сөз бола қалса есімі Серік Қирабаев, Баламер Сахариевтермен әмісе бірге аталатын көрнекті сыншы еді. Атағы зор, жасы үлкендігіне қарамай мені білетіндігіне, біліп қана қоймай, қасына шақырып, алдынан орын бергеніне төбем көкке жетердей болып, Теміржанның алдында “мінеки, мені көрдің бе?!” дегендей, шіреніп-ақ қалдым ғой деймін
Бірақ, масқара болғанда менің алдымдағы Теміржан өзіне тиесілі қаламақысын санап алды да, мен болсам ақшаның тізімінде жоқ болып шықтым. Еңкеңдеп жетіп келгенімді, Айқын ағаның алдынан кезек алғанымды қайтейін, салым суға кете сүмірейіп, кейін шыға бердім.
“Бұл қалай болды?” — деп Теміржан да қапаланып жүр. — Маған музыка редакциясында айтып еді ғой, саған да ақша бар деп, бұлары несі екен?
Бұлары несі екенін мен қайдан білейін. Өзім бәрінен де Айқын ағамның алдында жер болғаныма қысылып барамын. Жаңа ғана әлдеқандай болып қоқиланып тұр едім, біртүрлі жасып, көзіммен жер шұқи бердім.
Кассаның алдынан қолындағы ақшасын жүре санап, бізге қарай бұрылған Айқын ағам да бірдемені сезіп келеді екен, “Не болды?” — деп сұрады.
Біз жөнімізді айттық. Теміржан да өз әлінше түсіндірген болып жатыр.
Айқын ағам бізді жетелеп алды да, комитет басшыларының біріне (кім екені есімде қалмапты) алып кірді. Сол бастық кісі музыка редакциясының меңгерушісі Өмірбек Байділдаев деген адамды шақырды. “Мына Сәкен Иманасов деген жігітке қаламақы тиесілі екен, тізімде жоқ болып шығыпты. Анықташы” деп тапсырып жатты.“Бар сияқты еді” — дейді Өмекең. “Бар болса ақшасын алып беріңдер”,— дейді бастық.
Біз бастық алдынан сол Өмірбек Байділдаевқа ере шықтық. Ол да біреулерге кейіп жүріп, әлдене қағаздарды қайта ақтарта, әлдене құжатты қайта толтырта жүріп, енді өзі ертіп барып, кезексіз ғана тиесілі ақшамды алып берді.
Қанша қаламақы алғанымыз қазір есімде жоқ, сірә, аз да емес болуы керек, өйткені сол Айқын Нұрқатов ағам бар, жолшыбай ол кісіге ілескен және біреулер бар, Теміржан бәріміз болып, екінші Алматы вокзалының ресторанына барып “жуғанымызды” ұмытқан жоқпын. Бұл баяғыда:
Ақшаң болса — абзалы
Алматының вокзалы,
Құшақ жая қарсы алар,
Жуан бөксе Зав. Залы!”
деп Ілияс Жансүгіров айтты дейтін ресторан. Сол бір шумақ өлеңді Ілекең айтты ма, басқа бір ақынның аузынан шықты ма, мен білмеймін, әйтеуір көңілімізде көптен-ақ жатталып қала берген.
Теміржан Алматыдағы оқуын тәмамдап, Семей жағына қызметке кетті деп естідім. Сол бастапқы кездесуден соң ол да мені қажетсіне қоймады-ау деймін, мен де оны іздеп жарытпасам керек. Сөйтіп арамыз алшақтай берген.
Қалай десек те, қазақтың саз әлемінде үлкен орны бар азамат қой, ара-тұра Теміржанның атын әртүрлі концерттер жайлы жазылған мақала, филармония афишаларынан ұшыратып қалып жүрдім. Біздің жастық шағымыздың гимініне айналған әйгілі “Махаббат вальсінің” авторы Бекен Жамақаевпен дос екен дейтін білетіндер. Семей жағында ол екеуінен атақты адам жоқ дегенді де естіп қоятынбыз. “Теміржан деген — ірі талант қой!” деп тамсанатын оны жақсы танитындар. “Тек ішіп қоятыны бар!” — дейтін тағы біреулер.
Жетпісінші жылдардың басында Талдықорғандағы Құттыбек Баяндиннің үйінде Теміржанмен тағы бір рет бас қосып қалғаным бар. Екеуі (қазір екеуі де арамызда жоқ) сол Семейде танысыпты, бір-бірін көптен біледі екен. Сыйластықтарында мін жоқ, бірін-бірі қолпаштап, көтере мақтап отырды.
Теміржанның сол баяғы бұйығы қалпы екен, көп ашыла қойған жоқ. Өзі туралы да, не істеп, не қойып жүргендігі жайлы да мандытып ештеңе айта қоймады. Қайта оның Семейдегі музыка училищесін басқаратынын, шығармашылығы жайында Құттыбек көбірек айтып, көбірек баяндап отырды-ау деймін. Мен болсам, өз төтемнен олардың әңгімесіне еркін араласа алмадым да, шырықтарын бұзбайын деп, сыпайы қоштасқаным бар-тұғын.
* * *
1992 жылы болуы керек, ұрпақ жалғастығы жайлы кезекті бір науқан көтерілді де, Алакөлде туып-өскен, еліміздің әр түкпірінде жүрген ақын, ғалым және басқа да өнер мен мәдениет қайраткерлерінің басын қосу ниетімен бәрімізді аудан басшылары арнайы шақыртқан болатын. Алматыдан мен, әйгілі әнші, Қазақстанның халық әртісі Зейнеп Қойшыбаева, медицина ғылымдарының докторы Әділбек Нұрмұқамбетов, Семейден сол Теміржан Базарбаев, басқа да бірқатар жақсы мен жайсаңдар болып, туған жерде бас түйістіргенбіз. Аудан әкімі Әбдіғали Бектеміров дейтін азамат болатын да, оның мәдениет жөніндегі орынбасары ақын жігіт Ахмет Кендірбеков еді. Жөн білетін, сұңғыла жігіттер. Кездесу алдын-ала жасалған жоспар бойынша жақсы-ақ ұйымдастырылыпты. Мазмұнды да мәнді өтіп жатты. Әрқайсысымызды өзіміздің туған ауылымызға да апарып, оқыған мектебімізді аралатты. Аудан орталығындағы еңсесі биік ақ орда — Мәдениет сарайында үлкен-кіші бас қосқан үлкен жиын өтті. Онда Теміржаннан басқамыздың бәріміз де сөйледік-ау деймін.
Екі-үш күнге созылған бұл да бір ұмытылмас күндер еді. Ертең қайтамыз деген күні қала сыртындағы Тентек өзені бойындағы аудан әкімінің резиденциясында шағын қонақасы берілді. Оған жан-жақтан шақырылған біз сияқты меймандармен бірге, аудан басшылары, сол өңірдің бетке ұстар белгілі азаматтары да қатысты.
Іштік, жедік. Сөз сөйленіп, әртүрлі тілектер де ақтарылып жатты. Мен ұзын столдың төр жағында аудан әкімімен қатар отыр едім. Әкім кезекті бір сөзінде ауданның экономикасын, бүгінгі жетістігін, өзі мұнда келгелі не істеліп, не қойып жатқаны жайында айта келіп, дастархан басындағылардың аттарын атап, енді жеке-жеке мақтауға көшкен болатын. Теміржанға да арнайы тоқталып, “Кешелі бері байқап жүрмін, Темкең қандай қарапайым адам, аспайды, саспайды, әлдебіреулерше тасып-төгіліп те жатпайды екен. Егер мен “Ауылым” сияқты бір ән жазып, оны дүйім ел аузынан түсірмей айтып жүрсе, құдай біледі деп айтайыншы, осы кезге дейін Алакөлді әрі бір, бері бір жаяу кешіп өтер едім ғой!” — деп те жіберді.
Біз әкімді қолпаштап, қол соға беріп едік:
— Әй, кім... сенің атың кім еді?” — деп Теміржан шеткекірек отырған орнынан созалаңдай көтерілді де,— осы қырт мақтау, жалған көпшікті қашан қоясыңдар? Кешеден бері “Сөйттім де бүйттім, Алакөлде коммунизм орнатып жатырмын” деп құлағымыздың етін жеп біттің ғой. Стадион салғыздым, көше жөндеттім деп... Сені сол үшін, сондай жұмыс істеу үшін жіберген жоқ па осында. Соны да сөз деп... Ал мен айтсам, осыдан отыз жыл бұрын Алакөл дәл осындай болатын, он жыл бұрын да осындай еді, сен келмес бұрын да, сен келгелі де сондай. Өзгеріп кеткен, өніп кеткен ешнәрсе жоқ, әйтеуір ісіп-кеуіп бөсесіңдер келіп,— деп сөйлеп бір кетсін.
Үндемегеннен үйдей пәле шығады деуші еді, біз сілтідей тынып қалыппыз. Әкім тіпті, тілін тістеп алғандай, есеңгіреп тұрған орнында қақшиып қала берген еді, Теміржан сөзін бітіре орнына отырарда барып: “Идиот, кімді шақырғансың?!” — деп қасындағы орынбасарына түтіге күңк етті. Стол басындағы әбіржулі аз үнсіздікті пайдаланып, мен:
— Сәл-пәл үзіліс жасайық, перекур! — деп орнымнан тұрдым. Жұрттың бәрі соны ғана күткендей, орындықтарын сықырлата орындарынан тұра берген.
* * *
Араға азды-кем уақыт салып, бізді дастархан басына қайта шақырғанда арамызда Теміржан жоқ болып шықты. “Досыңыз қызып қалыпты, Ынталыда тұратын әпкесінің үйіне әзер деп апарып салдық”, — деп күлді сол кезгі аудандық милиция бастығы Жортуыл Өмірзақов бауырым.
Мен бас изедім де қойдым.
... Өз басым Теміржанды былай да жақсы көруші едім. Замандас ретінде де, өнерпаз ретінде де қатты қадір тұтатынмын. Бірақ әлгі оқиғадан кейін оған деген құрметімнің бұрынғыдан да күшейіп, еселеп арта түскенін сездім. “Жігіт екен-ау!” — деп, есіме алып үнемі сол жайлы ойлай беретін болдым.
Сол Теміржан өзі қырық жылдан астам мекен еткен сүйікті Семейінде осыдан бірер жыл бұрын дүние салыпты деп естідім. Иманы кәміл болсын, басқа не айтайын!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі