І
Ертеде ақылды да әділ патша болған деседі. Несі бар, ел билеушілердің ішінде де жұртқа жайлы жақсылары болуы әбден мүмкін. Сол айналаға әмірі жүріп, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған патша бір күні уәзірлеріне:
— Осы елдегі ақын біткенді түгел жинап, бәрін қалдырмай маған алып келіңдер? — деп бұйырса керек.
Әмір айтса, орындамауға бола ма, уәзірлері жан-жаққа шапқылап, күн демей, түн демей ел кезіп жүріп, ақын атаулының бәрін жіпке тізгендей етіп жинап алады да, хан алдына алып келеді.
— Ақындар түгел келді ме? — дейді хан.
— Түгел, — дейді уәзірлері.
Сонда хан ақынның бәрін сыңғырлаған ақ сарайға орналастырып, алтынмен аптап, күміспен күптеп дегендей, не ішіп, не кием дегізбей, керегінің бәрін алдарына тосып, ауыздарына ұстап, сән-салтанат, қадір-құрметтің бәрін жасатып, әй, не керек, әйтеуір жұмақтың төрінен бір-ақ шығарыпты.
Ақындардың аузынан ақ май ағызған бір жыл өтіпті. Бір жыл өткеннен кейін қараса, әлгі ақынмын деп жүргендердің көбі жақсы тұрмыс, марапат пен мадаққа масаттанып, өлең жазуды мүлдем естеп шығарған екен. Хан сонда байлыққа бөккенге мәз болып, өлең жазуды қойып кеткен ақындарды еркіне қоя беріпті де, қалғандарын қатқан қара су мен қара нанға қаратып, тас зынданға тастатыпты.
Арада тағы бір жыл өтеді. Жыл өткен соң байқап көрсе, арқа еті арша, борбай еті борша болған ақын байқұстардың аузы-басы кеберіп, еріндері кезеріп, байтал түгіл бас қайғы — өлең тұрмақ, өмірден күдер үзген екен де, тек сіңіріне сүйенген біреуі ғана бұрышта бүрісіп, қалтыраған қолымен өлең жазып жатқан екен.
Сонда ақылды патша:
— Міне, байлыққа тасымайтын, жоқтыққа жасымайтын шын ақын осы екен! Зормын деп кеуде кермейтін, қормын деп кісі қолына телмірейтін, өнеріне ғана табынып, өзіне ғана сенетін ақын осындай болса керек еді. Ендеше барша сый, құрмет, қошемет енді осы адамға жасалсын! — деп әмір етіпті.
Өтірік-шынын кім білген, біз естіген аңыз осылай дейді әйтеуір. Бірақ әрбір аңыздың астарында әрдайым бір шындық жататыны рас. Өйткені біздің халықтың өзі де байлыққа басын имейтін, өнерден басқаны құдірет деп білмейтін осындай біртуар талант иелерін ғана ақын деп танып, ардақтай бағалаған ғой.
Бүгін жасы алпысқа толып, аты алты мұқым елге мәшһүр болып отырған Тұманбай Молдағалиевті де мен осындай сирек ұшырасар даралар қатарына қосамын. Өйткені ол өзі қалам ұстай бастаған қырық жылдан астам уақыт ішінде басынан жоқ-жітік, жетімдікті де өткізді; ақыры дара, дарыны арқасында келе-келе ел құрметіне бөленіп, атақ пен даңққа ие болды.
Атқа да, таққа да мініп көрді. Бірақ соның бәрінде де ең алдымен өзін ақынмын деп білді, бір күн өлең жазбай қойған емес. Өлеңнен басқа керемет бар, қуат, құдіреті бар екен деп ойлаған жоқ.
Тұманбай өте көп жазатын ақын. Осы күнге дейін жеке-жеке, үш томдық болып шыққан, шығып жатқан кітаптарының өзін санап тауыса қою қиын.
Қазір таңертең радио тыңдар болсаң, күн сайын міндетті түрде Тұманбай сөзіне жазылған бір ән берілері сөзсіз. Әндері де шетінен жүрекке жылы тиіп, құйқылжып құлақтан кіріп, бойды алып тұрады.
Ол өзі балаларға арнап та көп жазатын ақын. Басқасын былай қойғанда, өзі бас редактор болып отырған "Балдырған" журналын оқыңдаршы, — әр санында Тұманбайдың бір өлеңі жүреді.
Әрине Тұманбай сияқты телегей-теңіз көп жазатын ақынның шығармаларын түгел оқып тауысу мүмкін емес. Ол бір ешқашан сарқылуды, тартылуды білмейтін, теңізге қарай тынбай ағып жататын дария суы тәріздес. Дарияның да суын ішіп ешбір адам тауыса алмас еді. Бірақ кенезесі кеуіп келе жатқанда өзеннің (немесе бұлақтың) жиегіне жата кетіп, талай-талай шөл қандырғандар болған. Қанша шөлдеп келе жатса да бұлақ суын ешкім түгел сарқып іше алған жоқ. Бірақ армансыз бір шөлі қанғанын да ешқашан ұмытпағаны даусыз. Тұманбай өлеңі де сондай, кез келген уақытта, кез келген өлең, кез келген кітабын оқып, өлеңге, жырға деген жүрек шөлін қандырып алуға болады.
Ал салқын бұлақтың суын бір ішкен кісі әрбір шөлдеген сайын тағы да ішсем-ау деп аңсары ауып тұратыны да ақиқат. Тұманбай өлеңін бір оқыған адам да ылғи іздеп, ылғи оқығысы келіп жүреді. Бұл сөзіме сенбегендер болса, кез келген кітабын тауып алып, тағы бір оқып көрсін.
"Ұлан" газеті, 1995 жыл
ІІ
Осыдан біраз жыл бұрын аз ғана уақыт "Балдырған" журналының редакциясында Тұманбай Молдағалиевпен бірге, дұрысырақ айтқанда, со кісінің қарауында қызмет істегенім бар еді. Кейде жұмыс бабымен, кейде жай амандық білу үшін бас редактордың кабинетіне күніге екі-үш дүркін кіріп-шығатыным болатын. Қай кезде кіре қалсам да Тұманбайдың алдында қобыраған көп қағаз жатады. Қол алысып, сәлем беріп үлгерер-үлгерместен: "Мына бір жаңа жазылған өлеңдер бар еді, тыңдашы", — деп, әлгі қағаздардың бірін суырып алып, сенің сөз тыңдауға деген құлқыңның бар-жоғына қарамай, суылдатып оқи бастайтын. Ол ол ма, кейде, тіпті, автомашина рулінде келе жатып, қойнынан суырып алған бір өлеңді қасыңда отырған саған ұсына қояды да: "Бір туыстың туған күніне бармақ едім, соған арнап жазғаным ғой, оқышы, тыңдайық", — дейтінін қайтерсің.
Өзі жақсы көретін ағаларының әрбір мерекелі күніне, торқалы тойларына өлең арнап жатады. Сол "Балдырғанда" жүргенде Кәкімбек Салықов 60 жасқа толды да, Тұмекең сол кісіге арнап, әй, аз дегенде алты өлең жазды ғой деймін. Қасына барған сайын: "Тыңдашы, Кәкеңе арнап тағы бір өлең жаздым", — дей берген соң:
— Тұмаға, одан да "Кәкімбекнама" деген тұтас атпен кітап жазып шықпадыңыз ба біржола! — дегенім де бар шыдамай.
Тағы да біраз жыл бұрын көше бойлап бара жатқан Тұмекеңді май құйрықтан әлдебір жеңіл машина "сүйкеп" өтіп, едәуір күн емханада жатып шыққаны бар. Үйіне оралған соң көңіл сұрап барсам, тау төбе қағаз жазып тастапты.
— Қане, отыр. Өлең тыңда! — деді де, мені отырғызып қойып, шай қайнатым уақыт жаңа өлеңдерін оқыды. Бәрі де әлгі авариядан кейінгі көңіл күйі, дос-жаран, тума-туысқан, жекжат-жұрағатқа деген ықыласы, разылығы, өкпесі аз реніші. Бәрі де сығып алсаң майы шыққан қызу қанды өлеңдер. Бәрі де оқырманды ұзақ-ұзақ ойға жетелеп, қиял құпияларына қарай сүйреп алып кетерлік жан айқайы, ақын ғана айта алар ақиқат.
— Апыр-ай, жеңіл сүйкеп өткенге осынша өлең жазыпсыз, құлап кетсеңіз — кітап та жазып тастайды екенсіз ғой, — деп оспадарлау әзіл айтып ем ағама.
Ол үндемей қалған...
Мұның бәрін тізбектеп жатқаным, өлеңнің күшіне, оның әсеріне, Тұманбайша сенетін... соған өзгені де еліктіріп, ұйытып алатын ақынды әлі кездестіре қойған емеспін. Өзінің өмірлік серігі өлеңмен бірге туып, біте қайнасып кеткен ондай қаламгер де сирек, сирек емес, жоқ та болуы мүмкін. Оның үстіне Тұманбай кітаптарын оқып отырып қанша атасы бар, олардың есімі кім, тірлігінде кім болған, жан-жары, жақын достары кімдер, балалары нешеу, олар қандай оқу бітірді, қаншаға келді, туған күндері қашан, қанша немересі бар — солардың бәрі жайлы дерек аласың, мұны тіпті отбасылық хроника десе де болғандай.
Ол ағаларына, апаларына, қаламдас достарына, жұрағат-жекжаттарына, қарындасы мен інісіне мол етіп өлеңнен сыбаға дайындап-ақ жатады. Біреу анау, біреу мынау дей берсін, көрмей, білмей, елемей, ескермей жүргеннен гөрі осы бір ықылас, осы бір ілтипат қайырлы деп ойлаймын мен. Таяуда ғана жарық көрген "Туған елім — тірегім" аталатын кітабының да негізгі дені таза ғана арнау өлеңдерден тұрады екен. Бәрін де оқисың, бәріне де тамсанып, сүйсінесің. Әйтеуір енжар қала алмайсың. Осы кітапты оқу үстінде аса көрнекті қазак ақыны, аға досым Тұманбай Молдағалиев жайындағы әрқилы ойларымды қағазға түсіріп көруді жөн көрген жайым бар.
* * *
Әдебиеттің ақ босағасын "әуп!" деп алқына аттаған алғашқы адымнан бергі қырық-қырық бес жыл ішінде Тұманбай Молдағалиевтің өзі де қаламын желдей жүйткітіп, құйындай ұйтқытып, бел шеше бұрқыратып, белсене дүркіретіп қанша көп жазған болса, Тұманбай мен Тұманбай таланты жайында да мақтауы мол, даттауы кем сөздер аз жазылып жатпағаны ақиқат. Ат-көпір десек те болғандай. Әлі күнге дейін өзі алдарынан кесе өтіп көрмеген әз ағалары да, қаламы берік теңдес-тұрғыластары да, қызғанышы аз құрбыластары да, бар шабыт, барша мінезіне әбден тәнті болып алған мен секілді ізетті інілері мен қымсынған қарындастары да жазып келеді, жазып жүр. Өзі қалай ойлайтынын білмеймін, менің байқауымша, дәл осы жағынан ақын мақтаудың да, даттаудың да, қайыра ақтаудың да небір түрін көріп келеді. Әділ де бағаланды, әділетсіз де сыналды, мадақ та естіді, марапатқа да тап болды.
Тұманбай таланты төңірегінде сөз етсем дейтін адам бір қиналса, алдымен осы жағынан қиналады. Әйтпесе, бұл ақынның өз арнасынан аспай да, басқаның жерін баспай да бірқалыпты баяу ағатын дариядай мол құнарлы, телегей-теңіз туындылары осы күнге дейін оқырманының ішін пыстырып, ешбірін енжар қалдырып көрген жоқ. Ұнатқаны да оқиды, жылатқаны да оқиды. Сызданғаны да оқиды, қызғанғаны да оқиды.
Солардың бірі өзіміз.
Мен Тұманбай өлеңдерімен алғаш ұшырасқанда әлі бір жолы тасқа басылып көрмеген бозбала ғана болатынмын. Мұның алдында Қасым Аманжоловтың үш томдық шығармалар жинағы қолыма тиген еді де, тасып төгіліп, асып көрініп жататын бүйра жалды тау өзенінің тосын сарынына ұқсаған Қасым өлеңдеріне елтіп, емініп жүрген шәкірт едім. Тұманбайдың алғашқы кітабы пышақ сыртындай "Студент дәптері" оқи бастағаннан-ақ мүлдем бөлек әуенге жетелеп, өзгеше әсер еткен. Менің енді-енді қыз құшып, қызық қуа бастағандағы алып ұшқан алақұйын жан-дүниеме орайлас келді ме, кім білсін, сол кітаптағы таңғы шықтай таза сезім, қайнап шыққан қайнар суындай мөлдіреген ой, жәудіреген көңіл дейсің бе, — бәрі-бәрі іші-бауырымды түгел жайлап, еліктіріп, желіктіріп әкете берген.
Сыбырлағанды құдай естімейді дейсің бе, сол кітапты бастан-аяқ жаттап алғанымды да жасыра алмаймын. Жаттайын деп жаттаған жоқпын, ежіктеп, күбірлеп көрмедім, бәрі де өз сөзім, өз ойым, өз ожданым секілді болып өзі-ақ жатталып қала берген.
Әрине, ақын өмірі де, ақын творчествосы да ұдайы бір қалып, бір сарында жөңкіле бермесі хақ. Іздену, ілгерілеу, даму, ширығу, шамырқану сәттерінде жорғасынан жаңылу, ой жеткен жерге бой жетпей мүлт кету, мүмкін, кібіртіктей кідірулер бола береді. Оған кейде "білгішси" сөйлейтін, "айттым бітті, кестім үзілді"— дейтін сыншылардың үзілді-кесілді байламы қосылып, көп ақынды өзінің бастапқы бағытынан бұрып, бағдарынан айырып жібере жаздайтынын қос. Көк жүзінде қалқып ұшқан қыран да біркелкі самғамайды, шырқап шыңға да кетіп, құлдырап құзға төмендеп жатпай ма. Бұл өмірлік зандылық. Бір жақсысы, Тұманбай ел сөзіне де, оқырманның айнымалы ықыласына да көп көңіл бөліп, "қайтсем екен?" — деп дағдарып көрмепті. Құдай берген майда шуақ мінезіне таланты мен дарынын парлап жегіп, өзі қалап алған кедірлі-бұдырлы, таулы-тасты, сулы-нулы соқпағымен ілгері тартты да отырды. Содан да оның өлеңдері кейде қайталау сияқты, кейде бір қызықты айнала басқан ізін шиырлау сияқты көрініп, әрі-сәрі пікірлердің тууына жел беріп, жеңіл ауыз біреулердің сыпсыңына себеп болғаны да рас. "Тұманбай отбасы, ошақ қасын күйттеп кетті" — дескен де, "бар тапқаны бала-шаға төңірегі", одан қалса "әркімге арнап арнау өлең жазады" дескен де сөздер шырмауықтай шырматылып, жүрсе-тұрса алдынан шығып, аяғына орала берді. Бірақ оған бола айылын жиып алданып, алаңдай қояр, үйреншікті сары желісін бұзып, шабысынан жаңыла қояр Тұманбай жоқ, жүргені де, күлгені де, жатқаны да, мақтаны да ақындықтан жаралып, талантымен кіндіктес болғандықтан шығар, бойдағы бар иман-жырын дұғасындай қайталап, өңді айтып, оңды айтып, әрбір келесі бел мен белесті асқан сайын оңалды да отырды. Ернін шүйіргендердің көбі ері мойнына кеткен аттай, енді айтарға сөз, дәйекке дәлелі болмай дал ұрып, қозы көш жер кейін қалып қойып жатты.
Су төгілмес жорғалар үшін қатқақ жол ма, батпақ жол ма — бәрі бір. Қатқақта көсіле сілтеп, батпақта сәл кідірер, бірақ жүрісінен жаңылып, жорғасын бұзбайды. Мен білетін Тұмекең де сондай. Кейде ол маған сахнада ойын көрсететін, қойны-қонышының бәрінен алқызыл ленталар суырып алып жататын сиқыршыдай болып көрінеді. Ол сиқыршы саған күле қарап тұрып, әлгі қызыл-жасыл матаның жеті атасын будақтата шығара береді, шығара берер еді, тоқтамай, таусылмайтын бір қызық сәттер... Тұмекеңнің өлең жазу тәсілі де сол сияқты; күн демейді, түн демейді, күй талғамайды. "Күйім келмей жүр" деп басқаларымыз сияқты сарыуайым сала зарламайды, жаза береді, жаза береді. Бір кезде мен Тұманбай творчествосын тоқтауды, толастауды білмес суы мөлдір тұнба бұлаққа теңеген едім. Бұлақ суын ешкім де ішіп тауыса алмайды. Бірақ аңсарың ауа жеткенде кез-келген жерінен еңкейіп ішіп, шөліңді қандырасың. Шекеңнен тер бұрқ ете түседі.
Сол сияқты Тұманбай жырларын да оқып түгесу мүмкін емес. Әйтсе де, кез-келген кітабының кез-келген тұсын ашып, кез-келген өлеңін, кез-келген шумағын оқып, ақынның алымына да, шалымына да, қарымына да сүйсініп, мейірің қанады. Оны әрдайым өзіне айтып та жүрем. Біреулерге ол шынында да ғұмыр бойына тек қана атасын, әжесін, әкесін, шешесін, апасын, тәтесін, әпкесін, енесін, қарындасы мен бөлесін, баласын, немересін, қыздарын, жиендерін, жақын достарын, барыс-келіс, алыс-беріс ағайынын жырлап келе жатқандай көрінеді екен. Қай кітабында да осы төңірегіндегі тақырыптар көбірек орын алатыны да рас. Оны жоғарыда айттық та. Бірақ сол тақырып арқылы өзі өмір сүріп келе жатқан заманның — өткен ғасыр мен бүгінгі күннің бар тынысын, мол ырысын, адамы мен әрбір қылт еткен жақсы қадамын түгел тізе көз алдыңнан өткізе білген кім бар?!
Ол тек Тұманбай талантына тән құбылыс. Кәрісі демей, жасы демей, әкімі, ақыны демей, қазақ жұрты бүгін түгел сыйлап, құрметтесе — ол ақынның сол көңіл жомарттығын танығандық, соған тәнті бола табынғандық дер ем мен. Сонау бір пышақ қырындай ғана шағын жинақ — "Студент дәптері" арқылы поэзия орбитасына шырқап шығып алған ақын ылғи ғана қасқа маңдайда тұрар. Мен тіпті де ол алдыңғы ағаларынан асыра жазып кетті, бірден олардың бәрінен артып түсті деп құдай алдында күнәһар бола алмаймын, бірақ сол кезгі жастардың (жастардың ғана емес) естігісі, тыңдағысы, оқығысы келетін сөзін, мөлдір тұнық сезімін:
Ай да бүгін аласырып төбемізден төнеді,
Жан-жарымды рұхсатсыз қайта-қайта көреді.
Көлегейлеп жабар едім албыраған жар жүзін,
Бірақ менің өзімнің де коре бергім келеді, —
деп дөп басқан алғашқы ақын Тұманбай болған. Сөйтіп, ол тұтас бір жас буынның алдына қойып, бойын түзер айнасы бола білген еді.
* * *
— Көке, — деп телефон соғам Тұмекеңе екі күннің бірінде, — өлең қалай, төгіліп, құйылып тұр ма?
— Бар, — дейді көкем. — Өлең бар, бүгін таңғы бесте "тұр-тұрлап" оятып еді, біраз сілтеп тастаипын шәйға шейін. Екі-үш өлең келді дүниеге.
Мен күлемін. Күлемін де аға досыма: аман жүре бер, ақиық ақын, қазақ жыры сенімен сұлу, сенімен ғана бақытты! — деп іштей тәуба етемін.
"Қазақ әдебиеті"
2001 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі