1.
1958 жылдың жазы еді. Аты дүрілдей, атағы жер жара шығып, газет-журнал біткеннің бетін бермей жүрген Өтежан Нұрғалиев Қастек екеумізді Жазушылар одағына, сол ғимараттағы редакцияларға ертіп баратын болып алған. Өзі тым еркін, есікті "теуіп ашып", екпіндей кіреді екен. "Жұлдыз" журналының редакциясында бізді Шәміл Мұхаметжановпен таныстырды. Мен босағадан орын тигеніне де мәз едім. Бөлмедегі таныс-бейтаныстарымның жүзіне жаутаңдай қарап, бетегеден биік, жусаннан аласа күйде жұп-жуас болып отырмын. Олардың күлгені де қызық, жүргені де таң. Сөйтіп тұрғанда бөлмеге екпіндей басып, омырауы кестелі тік жаға жейде киген, келбетті келген бір адам кіріп келді. Бөлмедегілердің бәрі генералды көрген солдаттай бойларын жиып ала қойды. Бірден таныдым — Жұбан Молдағалиев. Осының алдында ғана бір томдық шағын "Таңдамалысын" сатып алған едім. Соның бірінші бетінде омырауы кестелі тік жаға көйлек киіп түскен, еріндері қалың, келбетті автордың суреті бар болатын. Көңілім қобалжи толқып жүре берді. Бірақ Жұбан ақын бізді кім екен деп қараған да жоқ, елеп-ескерген де жоқ, Шәмілге:
— Анау райком секретары болып істейтін ақынның өлеңдері қайда, Байтуғановтың? — деп бірден шүйлікті.
— Беремін, Жұбақа! — деп Шамқаң жығылып-сүріне беріп еді.
— Әй, осы қылықтарың-ай сендердің, айтқанды айтқан сәтіңде орындай салсандар қайтеді! — деген қалпы есіктен жіті басып шығып кетті.
Жұбан Молдағалиев ол жылдары қазіргі "Жұлдыз" журналының бас редакторы болатын.
Бес-алты жылдан кейін, енді біз де жас ақын ретінде танылып қалғамыз, сол кездегі әдеби қордың директоры Ахметов ағам: "Сен арыз жаз да, жәрдем ақша сұрап, Жұбанға кір. Ол қолыңды қаға қоймас, сірә!" — деп, арызды өзі маған "диктовайт" етіп жаздырды да, ол кезде Жазушылар одағының екінші хатшысы болып істейтін Жұбақаң кабинетіне итергеңдей етіп кіргізіп жіберді.
Жұбан ағаның алдына барып, амандық айтып, кім екенімді мәлімдедім де, осы маңдағы демалыс үйінің бірінде демалып жатқанымды, қалта түбі қағылып, көмек сұрай келгенімді білдіріп, арызымды ұстата қойдым.
О кісі арызымды аударып-төңкеріп қарап шықты да:
— Одаққа мүше емес жастарға көп ақша бере алмаймыз, менің әмірім 50-60 сомға ғана жүреді, — деп, арызыма сүйкелете қол қойып берді.
Алдына алғаш барғанымда меселімді қайтармағанына мәз болып мен кеткен едім.
Кейін де әлдеқалай ұшырасып, бірде бас изесіп, бірде жұртпен бірге қол алысып амандасып жүрдік. Бірақ ол кісінің менің кім екенімді жыға танымайтынын аңғарып қалатын-мын.
Жетпісішпі жылдардың соңында теледидардан бір өлең оқығаным бар. Ертеңінде Баспочтамтың қасынан Жұбағаң кезіге кетті де, мені танып, жылы жүзбен сәлемдесті. "Сәкен, кеше оқыған өлеңдерің тым тәуір екен, құттықтаймын!" — деп қолымды алды. "Бұл бұрынғы өлеңдерім еді, газет-журналдарда басылған, көңіл бөліп оқымайсыз-ау" — дегім келіп бір тұрдым да, батпадым.
Көп ұзамай Жұбағаң Қазақстан Жазушылар одағына бірінші хатшы болып сайланды. Кезекті съезд өтерде мәскеулік Виктор Широков деген ақын маған телефон соғып, бір топ өлеңімді "Литературная газета" жариялағалы жатқанын, "соған атақты бір адамға шағын алғысөз жаздырсаң, жақсы болар еді, Жұбан Молдағалиев болса, тіпті қатып кетеді, ол кісімен өзің сөйлессең қайтеді", — дегенді айтты. Мен "жарайды" деп уәде берсем де, әлі уақыт бар шығар деп жүргенде, естен шығарып алыппын. Дәл съезд болатын күні өлеңдерім Жұбақаң алғысөзімен орталық газетте басылып шықты. Жоғарғы Кеңестің мәжіліс залында өтетін съезге қатысу үшін биік баспалдақтарды бойлап көтеріліп келе жатыр едім, алдымнан әлдекімдермен тұрған Жұбақаң ұшыраса кетті. "Сәкен, "Литгазетаға" шығуың құтты болсын. Менің сөзімді сен жазып бердің бе?" — деп сұрады.
Ішім қылп ете қалды да, не де болса деп: "Не, Жұбан аға, маған қимайтын сөздер ме екен, соншама?" — деп қитыға қыңыр сөйледім.
— Жоға, — деді Жұбақаң, — тек өзіме айтқанда, бұдан да жылылау, бұдан да салмақтылау жазар ма едім дегенім ғой, әншейін.
Риза болып қалдым. "Ұялған тек тұрмасқа" бағып, арсалаңдап күле беріппін.
Бір күні о кісіге телефон соқтым. "Бір бұйымтайым болып тұр, қабылдай аласыз ба?" — деп сұрадым. "Тез келе ғой" — деді Жұбақаң.
Абай даңғылы мен Гагарин даңғылының қиылысқан тұсыңдағы Баспалар үйінен Жазушылар одағына қарай бір ғана 22-автобус жүретін еді. Соны біраз күтіңкіреп қалып, тездеттім-ау деп жүгіре басып, Жазушылар одағына жақындап едім, Жұбақаң машинасына отырғалы жатыр екен. Әдеп дегенді біржолата ысырып тастап, сонадайдан қол көтере айғайға басып келем. Жұбақаң мені көріп, сағатына бір қарап алды да: "Әй, Сәкен, тез келе ғой дегенім қайда саған, көп күтіп қалдым ғой, бір шаруамен кетіп бара жатыр едім", — деп кейіс білдірді.
— Ойбай-ау, Жұбан аға-ау, менде сіздікі сияқты ақ машина бар дейсіз бе, қаланың автобусын күтем деп, ол да осылай күткен кезде қырсығып, келмей қалады, — деп асыға сөйлеп, ақталып жаттым.
Жұбақаң күліп, менің қолтығымнан алды да, бұрылып, кабинетіне қарай бастады. Арнайы барған бұйымтай арыз-мұңымды енді айта бастап едім, үстімізге мен істейтін баспаның бас редакторы Есет Әукебаевтың кіріп-ақ келгені. "Кісі бар" дегенге, "кім" деп сұрасам, өзіміздің Сәкен дегесін. "Е" деп, кіре салдым" — деп қалжыңдайды тек тұрмай.
— Апыр-ай, Есаға-ай, — деймін мен шырылдап, — баспада бастық екеніңізді сәт сайын көрсетіп, сағат сайын білдіріп, еске салып, дігірлеп бітесіз, Жұбақаңа жалынып, бір бес минутқа қабылдауын сұрап, әрең кіріп едім, оны да бұйыртпайын дегеніңіз бе бұл, немене?!
Жұбақаң қарқылдап күліп алды да:
— Есаға, шынында, бізді сәл-пәл оңаша қалдырсаңыз қайтеді, Сәкеннің шаруасы көп болмауы керек, — деп зорлағандай етіп Есағаңды шығарып жіберді.
Сол жолы Жұбақаң күле отырып, ортамызға өзі шақырып алған екінші хатшы Қалтай Мұхаметжановты қоса отырып, бар шаруамды бірден бітіріп беріп еді.
Жұбан Молдағалиев бірінші хатшы болып тұрған кезеңде Жазушылар одағы біраз шаруаның басын қайырып жататын.
Жаңа жыл қарсаңында барлық жазушылар ерлі-зайыпты болып әдебиетшілер үйіне жиналатын. Бас қосып, шүйіркелесіп, мәре-сәре қауқылдасып, қаужаңдасып қалатынбыз. 8-Март мерекесі қарсаңында әйелдерімізге: "Қаласаңыз, еріңізді де ерте келуге болады!" — деген әзіл аралас арнайы шақыру жіберіп, кіре берісте олардың құшағын гүлге толтыра мәз ететіні де есте жүр.
Осының бәрі бір қарағанда соншалық әңгіме етуге тұрарлық та дүние болып көрінбеуі мүмкін. Сөйте тұра, әйел жолдастардың әлі күнге дейін айтып жүрулеріне қарағанда аса нәтитжесіз де болмаған сияқты. Жұбақаң сондай-ақ облыс-облыстардағы қазақ әдебиетінің күндерін өткізіп те, бәріміздің ел танып, жер көруімізге кеңірек жол ашып еді. Сондай бір сапармен 30-40 жазушы Маңғыстау өңіріне барып, апта бойы алыс-алыс ауылдарды аралағанымызды да ұмыта қойған жоқпын. Әрқайсысымызға облыстың білдей бір мекемесінің басшысын дербес көлігімен бекітіп беріп, шын мәніндегі ықылас пен құрметке бөленгеніміз қалай ғана естен шыға қойсын. "Семіздікті қой ғана көтереді" дегендей, халықтың сол құрметіне танау шүйіріп, шолжандық көрсеткен әріптестеріміз де болып еді-ау, не керек!
Ақтау қаласындағы кешкі бір дәм үстіндегі отырыста темекі шексек деп елден бұрын орнымыздан жиі-жиі көтеріле берген ақын Сағи Жиенбаев екеумізге үзілісте қатты кейіп:
— Осының бәрі сендер үшін жасалып жатыр ғой, қопаңдамай, отыра тұрмайсыңдар ма! — деп бұрқылдай ұрсып тастағанын да ұмытпақ емеспін.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, сондағы "қанды қол" Колбиннің алдында қасқайып тұрып қас батыр қаһарманның сөзін айтқан Жұбан Молдағалиевтің ерекше әрекеті жайлы мың сан айтылып та, жазылып та жүр. Ол жиынға мен де қатысып, ақынның ірі сөзіне сүйсінген едім. Қолын алуға жұрт арасымен сығылысып жете алмай, үйге келіп құттықтап телефон соққаным бар. Біреулер Колбинмен жанасып, біреулер қасына отыруға таласып жатқанда, жалғыз өзі ғана бәріміздің ішіміздегі қып-қызыл оттай қайнаған ыза-кекті ақ жалындай етіп ақтарып беріп еді-ау ағамыз. Кейін ғой, бәріміз де батыр, бәріміз де батыл болып, "өйттік те бүйттік" дейтінімз. Ал сол бір желтоқсанның ызғарлы соңғы күндерінде Жұбан ақын шын мәнінде артына жалтақтап қарамай, басын бәйгеге тіге отырып, ұлттың ары, жұрттың намысы үшін омырауын отқа төсеген жалғыз жалаңтөс батыр болып көрініп еді маған.
Поляк тілінде қазақ поэзиясының антологиясы шықпақ болды да, соны құрастыру маған тапсырылған. "Жазушы" баспасында бас редактордың орынбасары едім. "Орыс, қазақ тілдерінде 300-400 жол өлең беріңіз", — деп үлкен-кіші ақындардың бәрімен хабарластым. Жұбақаң ауруханада жатыр екен. Бір парақ қағазға хат жазып, кітаптарын жіберіпті. "Сәкен қарағым, осының ішінен өзің таңдап аларсың", — депті хатында. Бұл сеніміне де риза болып, бір топ өлеңін таңдап алып едім. Бірақ Польша елі де аяқ асты аласапыранға ұшырап, ол кітап ақыры жарыққа шықпай қала берген болатын.
... "Жұбақаң қайтыс болыпты" деген хабар кейінгі біз сияқты інілері үшін төбеден жай түскенмен бірдей әсер етіп еді. Отыра қалып, сол сәттегі көңіл-күй сезімімді қағаз бетіне түсіріп, "Қазақ әдебиетіне" бастырдым. Біраз жігіттер телефон соғып: ''Бәріміздің ойымыздағыны айтыпсың!'' — дегендері бүгінгідей есімде.
Жаратылыстан текті Жұбан аға бейнесі теледидардан көрінсе де, сырт тұлғасы, қимыл-қозғалысының бәріне үй-ішіміз болып сүйсініп, риза болып отыратынбыз!
Соны да сағынасың кейде!
2.
Шын жақсының қазасы қашан болсын жан дүниенді түгел езе тебірентіп, қабырғаңды қайыстырып-ақ жіберетіні бар-ау. Мұндайда күнделікті қым-қуат тірліктен де біржола түңіліп кетердей боласың...
Ол азаматтың өзін соншалық жыға танымауың да мүмкін...
Аралас-құралас болмаған алыс ағайын ғана шығарсың...
Қатпар-қатпар көп қырының біреуіне ғана енді-енді бойлап, енді ғана байқап, кісілік құнын жаңа ғана пайымдай бастауың да мүмкін...
Жұбан аға, ақын Жұбан дүниеден өткенде көкірегім тұтас күңірене, күйзеле күйрей отырып, іштей ғана иманды болсын айтқан көп інісінің біреуі мен едім.
Сол азалы шақта алқымға тығылған ащы өксік аралас сөзімді қағазға түсіріп, "Қазақ әдебиеті" газеті арқылы ақын оқырмандарына амалсыз көңіл айтқаным да бар-ды.
Сол күндері жолыққан үлкенді-кішілі жігіттердің біразы: "Ағамыз жайлы бәріміздің аузымыздағы сөзді айтыпсың", — дескен де болатын.
Оңаша отырып бар болғаны екі-ақ рет ауызба-ауыз әңгімелескен, көзі тірісінде бір рет қана сапарлас болуға жазған, телефонмен жалғыз рет тілдескен, қолымда емханада жатып өзіме жолдаған бір жапырақ сәлем хаты ғана бар Жұбан Молдағалиев бейнесі маған неге ыстық болды соншама? Айналып соғып, азаматтығын айрықша ілтипатпен еске ала беруімнің себебі неде?
Қазақта ақын аз болмаған, әлі де бар. Творчестволық қауқар-қуаты, талант-табиғаты, дарын деңгейі жағынан Жұбаннан гөрі мойны озық тұстастары да, тетелестері де барын айтуға борыштымыз. Бірақ олардың бәрі бірдей Жұбан емес. Тек мөлдіретіп, төгілтіп, жігі білінбес кестедей келісіммен жақсы өлең, жақсы дастан жазып қана, еңбегіне орай, соның игілігін көріп қана қатарымызда жүре берсе, Жұбан ақын да біз таныған, шетімізден құрметтей қадір тұтқан Жұбан Молдағалиев болмаған болар еді.
Ақын атын иемденген әр адамнан өз басым ылғи ғана азамат-қайраткер тұлғасын қатар көргім келетіні бар. Бір ғана өлең емес, азаматтық тағы бір жүкті, әрине, екінің бірі көтере бермейтін ауыр жүкті қоса арқалай жүрмесе — ол өзімшіл талант. Құдай берген бар күш-жігерін, арыны мен дарынын, бісмілдадан басталған барша білімін ел-жұрты үшін түгел жұмсағанда ғана айналасына абыройлы азамат, арқалы ақын аталып, біртуар тұлға ретінде халқының ыстық ықыласына бөленбек.
Қалғып-мүлгуді білмейтін, әрдайым көңілі сергек, көкірегі ояу жүретін Жұбан ағаны өзім жұрты үшін жаралған сондай тыңтұяқ ақын санауым да сондықтан шығар деп ойлаймын: Ақындық пен азаматтықтың өзі де ара-жігі ажырамас егіз ұғым екенін Жұбан өнегесінен, Жұбан тәлімінен танығам. Жұбан Молдағалиев атына "ақын" сөзін қосқанда, астарында бұдан да гөрі молдау мағына жатқанын аңғаратынмын.
Әрине, біреуді біреуге шағыстырып, өліні тіріге қарсы қояйын деген ниетім жоқтығы белгілі. Өйткені күнгей жақты көбірек қуалап, кісікиік құба тірлік кешіп жүрмесе де, көп қақ-соқпен жұмысы жоқ, арпалыс-күреспен әлек болып жатпайтын, әділет іздеп, әлі келмес әбілетпен тек тұтас творчествосы арқылы ғана шайнасып, шайқасып өтетін, көкіректі езген қыжылдан күйініп, ашынып, асығып жүріп, өзін-өзі іштей мүжіп, қажап, біржола жанын жеп тауысатын да ірі таланттар болады. Олар да ел есінде жүреді. Өнегесі өлмейді.
Жұбан үлгісі бұл айтқаннан да бөлектеу. Жұбан үлгісінен творчестволық қана емес, тірлік белсенділігін, қайраткер, күрескер келбетін көре алар едік.
Шыншыл шайырдың шығармалары да әрдайым өзіне ұқсап тұрады деп жатады жұрт. Дұрыс та болуы керек. Ал онда "Өзің алма, сөзін ал" дейтін қағида қайдан шықты? Менің Жұбан ақынға деген інілік ізетке толы махаббатым да сөзін оқудан басталған болатын.
Алдағы күнге асқақ үмітпен ғана қарап дағдыланған, газет бетінде оқта-текте жарқ етіп көрінген өлең-жырларымыздың өзіне төбеміз көкке жете қуанып, тұшымды жыр оқысақ, қыз құшқандай құшырлана мәз болатын сонау бір ботатірсек бозбала шақта қолыма Жұбан Молдағалиевтің алғашқы бір томдық "Таңдамалысы" түскен болатын. Көркем безендірілген кітапты ашып оқи бастағам. Кітаптың ішкі бетін ашқанда, көзіме бірден түскен ақын суретіне қайталап қарағам. Сол кездің сәніне (модасына) орай, хохолдардың қисық жағалы көйлегіне ұқсас кестелі жұрын салынған жарасымды ақ жейде киген, екі көзінде ықылас-мейір, қайсарлық-қажыр қатар ұялаған, ерінді, мұрынды келген жайсаң жігіттің ажары баурай тартып ала берді. Мұндай келбет дарыған адам әркім бір айта беретін арзан сөзге аяқ баспаса керек деп тұжырым жасағам. Осы арада жақша ішінде әдейі айта кететін бір нәрсе, мен сол сенімнен, Жұбанның өзіне де, сөзіне де сүйсінуден айныған емеспін, тірісінде ара-тұра теледидардан көргенде үй-ішіміз болып қошеметтеп, ал оның творчестволық талантына баға беруде сыңаржақ пікір білдірген кейбір тұрғыластарыммен қызыл кеңірдек болып таласып та қалып жүрдім.
Кейін аңғарсам, Жұбан Молдағалиев "әуп" деп атқа қонғаннан бері іс басында жүріпті. Кейінті жылдарға дейін жазушы жұртын жұмылдыртып ұстайтын шылбырдың бір ұшы сол кісінің қолында болған екен. Ел билеп, жұрт басқаруға келгенде, төрт аяғы бірдей түсер жорғаның еріксіз ебедейсіздік танытып, орашолақтық көрсетіп жататыны бар. Жұрттың басын қосып, шашыратпай, шамдандырмай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып басқарудың орнына, ұйымдастырушылық, ұстамдылығы жетпей, ағайынды атыстырьш, шабыстырып, айқаймен алмақ болып, беделінің берекесін кетіріп бітетіндерді де көргенбіз, көріп те келеміз. Жұбан басқарған бірер жылдар Жазушылар одағы тілеулес, мұңдас-сырлас, пікірлестер бас қосатын ұядай ыстық мекенге айнала бастап еді. Кім айтқанын білмеймін, бір жерден оқығаным бар, жұрттың бәріне жағу үшін ең құрығанда зәндемі жауыз, не алаяқ болуың керек екен. Жұбан да сол тұста біреуге жағып, біреуге жақпаған шығар. Бірақ әзірге рушылдығы да, бұрушылдығы да құрып біте қоймаған біздің жазушы ағайындардың үлкен-кіші көпшілігі ол кісіге разы болғанын айтып жүр. Мақсат біреу болғанымен, жұмыс стилі әркімде әртүрлі болады ғой, Жұбақаң шікірейіп сіресіп қалған әдебиет шенеуніктеріне ұқсамай, жазушылар үйін ықылас, ынтымақ орталығыша айналдыруға тырысты. Кейбір ірі мерекелерде ол үйде жазушылар бала-шағасымен бас қосып, әңгіме-дүкен құрып, аралас-құралас жүру де сол кезде басталып, сол кезбен тәмамдалғанын кім өтірік дей алады?
Сол бір жылғы облыс-облыста қазақ әдебиеті күндерін өткізу дағдыға айналып еді Елмен етене танысудың, әдебиетті насихаттаудың, оның көрнекті өкілдерімен қалың жұртшылықты жүзбе-жүз жақын таныстырып отырудың бұл да бір ғанибет тиімді жолы сияқты еді. Сондай күндердің бірі көне Маңғыстау жерінде өтті де, құрамында марқұм Ілияс Есенберлин, бүгінгі Әбдіжәміл Нұрпейісовтер бар өңкей бір қазақ әдебиетінің ығайы мен сығайы отыз-қырық адамды өзі басқарып барған. Менің ұғымымда қашан болсын өзі тұрғыластардан еңсесі алып, кеудесі биік тұратын ақын аға беделінің ел ішінде де құрметті екеніне сонда көзім жете түсіп еді.
Сол сапарда Жұбан ақынға, сол кісі арқылы, сол кісінің арқасында қалған бәрімізге, қала берді күллі қазақ әдебиетіне деген ел құрметін, облыс басшысынан жасөспірім баласына дейінгі шын ықылас, таусылмас пейілді көріп, бәріміз де разы болған едік. Қазір әдебиетті насихаттаудың сол түрі сиырқұймышақтанып барып, біржола құрдымға кеткеніне қинала қарайсың.
Жұбан ағамыздың кім екенін анық аңғартқан, азаматтық тұлғасын биіктете түскен тұс 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына орай келіп еді. Сол жылдың ең ақырғы күнінде Қазақстан жазушылар одағында республика партия ұйымының сол кезгі басшысы Г.В.Колбин интеллигенция өкілдерімен кездесу өткізген болатын. Ішімізді ащы өксік аралас ыза кернеп тұрса да, бірімізге сөз тимеді, сөз тиген енді біріміз күйгелектей күмілжіп, Колбинге көпшік қоя сөйлеп: "Қазақ халқына Құдайдың өзі әкеп бере салған мейірімді жалғыз басшысы сен болдың", — деп, кездейсоқ келген кезекті "көсемнің" аузын жалауға таласып жатқанда, баяғының қас батырына ұқсап, қасқайып тұрып шындықты айтқан, шымбайға батыра шырылдап тұрып айтқан жалғыз Жұбан Молдағалиев болып еді. Ойы толып, бойы жетіліп болмаған өрімдей жас қыз-жігіттерді өкпеге теуіп, өлімші ете қуып сабаған, солдат етігімен таптатып, үрейін ұшырғандарға қарғыс айтқандай: "Мұны көргенше, кешегі қанды соғыс кезінде оққа ұшып өлгенім артық еді", — дей тұрып, ердің аузымен елдің сөзін, ағаның, азаматтың өзін айтып еді. Жиын соңында жұрт арасымен сығылысып барып, ризалықпен қолын алмақ едім, жете алмадым, ақын жүзі әлі де алабұртып, ішкі солығы басылмай, күйіп кетердей болып қиналып тұрғанын байқап едім.
Сол сөзі кейіннен "Парасат" журналына да жарияланды. Бұрын құлағы шалғандар енді өздері оқып шықсын деп, әдейі жариялаған журнал қызметкерлеріне де мың алғыс! Сөзбұйдаға сала бермей, жедел қолға алып, ақын жайлы естелік кітабын шығарсақ деген мына бір жақсы ниетке де разылығымды айтар едім. Үлкен-кіші ағайынның өтелмей жүрген үлкен бір парызы да осы еді.
Оның өзінен кейінгі ізбасарларына әдеби тұрғыдан да, адамдық тұрғыдан да жасаған ізгі қамқорлық-кісілігі жайлы елден естігеніміз де, өзіміз аңғарған пайымдауларымыз да аз емес.
Бұл Жұбан ақын өмірінің біз таныған негізгі бір қыры ғана. Ендігі бір қырын ақын творчетвосымен таныса келе аңғарар едің. Әрине, мен Жұбан еңбегін зерттеуші емеспін. Бірақ Абайдан бастап, өзіме замандас қаламгерлерге дейін оқтын-оқтын оралып соғып, қайталап оқып отыратын ақындарым бар. Сонда байқағаным — Жұбан "тисе терекке, тимесе — бұтаққа" деп сықпыртып жаза беретін, шығармаларының барар жері — бағдары жоқ ақындар сияқты емес, ең алдымен, өз сөзін кімге арнап отырғанын, не үшін қалам алып отырғанын анық біліп барып қана ақ қағазға үңілетін тәрізденеді. Содан да барып оның әр кезеңде жарық көрген шығармалары сол тұсқа орай белгілі бір ойға жетелеп, пікір таласын туғызып, ешкімді енжар қалдырмай, ел ішіне тез тарап отырыпты.
Осыдан жарты ғасырға жуық бұрын жарық көрген "Жыр туралы жыр" дастанын-ақ алып қараңыз. Мұса Жәлил былай да елге танылуы әбден мүмкін еді ғой. Тар қапаста отырып, қайсар да қажырлы жырларын жауға қарсы оқ қып атқан азамат ақынның Моабит түрмесіндегі ауыр да азапты күндері өз шығармалары арқылы да жұрт құлағына жетуі мүмкін еді. Бірақ "Жыр туралы жыр" сол процесті тездете түсті. От шарпыған ыстық дем, жалынды леппен жазылған жыр "құлақтан кіріп бойды алып", оқырманына бірден жетті де, қазақ елінде Мұса Жәлил есімі жұлдыздай жарқырап шыға келді.
Кезінде ұлтымыздың кім екенін айтуға аузымыз әрең барып, қазақ жерінде өтетін мереке-мейрамның өзін "Орыс қысы" деп атап жүрген абыройсыздау күндерде Жұбан ақын "Мен — қазақпын" поэмасын жазған болатын. Поэма ауыздан ауызға тарап, саңқылдап сахнаға да шықты, орыс тіліне де, басқа тілдерге де аударылды. Ақынның өзін ғана емес, ұлтын да, ұлттық әдебиетін де аспандата бір көтеріп тастаған бұл поэма әлі күнге дейін сол алғашқы жарияланған жылдардағыдай оқылады. Әрине, дәл бүгін жазылса, бұл поэманың әсері басқаша болар еді, оның құндылығы да, әсіресе, әлгі айтқандай, "қазақ" сөзін үркіп айтуға дағдыланған ұр да жық кезеңде тұрғандығында болып тұр. "Мына жерін бүйтсе болар еді" дейтіні жоқ, поэма бір дем, бір лепрен көктен құйыла салғандай тәкаппар, тау көкірек қалпында оқыған сайын құшырыңды қандырады да отырады.
Әлдекімдер жүрегі сіркелеген,
Ұлт атына уларын бүрке берген.
Көргенсіздік, пасықтық, надандығын
"Қазақшылық" дегенмен бүркелеген.
Жо-жоқ, маған ондайды жапсырмасын,
Еңкеймейді ездікке тақсыр басым.
Жаным ада қараңғы қалтарыстан,
Менен тапқан адалдық ақ сырласын.
Жұбан Молдағалиевтің "Мен — қазақпын" поэмасының кездейсоқ бір бетін ашып қалып, осы жолдарға тап болдым. Ақын поэзиясына, поэманың ұзақ жасар идеясына дәлел бола кетті бұл шумақтар. Ақын абыройын да, міне, осы тұстан іздеу керек.
Біздің әдебиетте бұл Ілияс салған қасқа жол — дастаншылық дәстүр. Жұбан творчествосынан ләйім эпика лебі есіп тұрады. Кейбір қысқа қайырған шағын шығармаларының өзінде эпика тынысы айқын сезіліп жатады. Ақынды асқар биікке шығарған да осы жанр.
Кейінгі "Қыран дала", "Сел", "Байқоңыр баспалдақтары" оқырман тарапынан да, мемлекеттік тұрғыдан да өзінің лайықты бағасын алған шығармалар. Оларға арнайы тоқталып жатқым келмеді.
Кім біледі, Жұбан ағаның жырдан жырақтап, қаламсыз жүрген кездері болған шығар, бірақ елін ойламай, жұртының қамын жемей, алаңсыз жүрген күндері бола қоймағанына көзім жетті. Бұл да оны биіктете түсетін қасиеттерінің бірі.
Жұбан ақынның әр шығармасы бір-бір ғылыми еңбекке арқау болуға жарарлық. Жазылып та жатыр, әлі жазыла берер. Біз оларды талдап, өреміз жете бермес жерлерге ұмтылып, бекерге тыраштана беруді артық санадық та, өзіміз анық білетін тұстарына ғана тоқталып өткен болдық. Одан ақын беделі кеми қоймасы белгілі.
3.
Жұбан Молдағалиев жайында әртүрлі жағдайға байланысты әр тұста қағазға түсіп, өз кезінде газет беттерінде жарық көрген бұл екі естелік-мақала бірін бірі қайталап, бірін бірі толықтырып тұрғандай көрінді. Мен бірақ бүгінгі күн талабына орай қайтадан қарап, өңдеп, жөндеп отыруды артық әурешілік санадым. Өйткені уақыт өтіп, заман да, адам да өзгере берер, бірақ Абай айтқан "Шын көңілмен сүйсе екен кімді сүйсе, бір сөзінде тұрса екен жанса, күйсе" деген қағиданы қазық етіл ұстамақ болсақ, аға ақынға деген көңілдің сол баяғы қалпында екенін білдіре кету үшін де ешбір сөзін өзгертіп жатқым келмеді. Бұүл менің жалқаулығымнан емес екенін жанашыр қауым түсіне жатар. Әйтеуір оқырман талабынан шықса болғаны ғой деп ұйғардым.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі