(Есенбай Дүйсенбаев шығармашылығы)
Есенбай есімді ақын барын бұл күнде иісі қазақ біледі десем, ешқандай артық болмас еді, ал жыр құмар жұрттың жөні бір бөлек қой. Өйткені жыр құмар жұрт та кәнігі құсбегі (птицелов), яғни баяғының мергендері сияқты емес пе?! Ит тұмсығы өтпейтін ну орманға кіре бергенде алдыңнан жүздеген әсем дауысты әнші құстар қарсы алар еді де, тек әккі, кәнігі құсбегі ғана сайрап тұрған қай құс екенін жазбай танитын, қателеспей ажыратар еді. Есенбай қолтаңбасын да жыр дауысты хор ішінен бірден танып алады жұрт.
... Сәуір келген сәріде
Сылқым, күміс сыңғырлы,
Бастап кетті бөрі де
Жалпыға ортақ бір жырды.
... Жастық шағы өткенде
Күрсінетін жыршыдай,
Сондықтан, Күн, көктемде
Күркірейсің тыншымай, —
деп сыңғырлай білетін Есенбай, бұдан әрі кілең осы көктем, гүл, бозала таң, бозторғай әуенімен әспеттеп, біркелкі шуақты, жылы, көктем лебіндей ырғақты жырлардан түзіпті. Жусаны жұпар атқан, бұлағы күліп, бөрісі ұлып, бақасы құрылдап, бозторғай шырылдап жатқан тума даланың тұнық әлеміне кезігесің.
Қарлы қыстың қойнында жаз жаралып,
Сәуірлерде сәулелі саздар ағып
Табиғаттың келеді көктемдерін
Қаңқылдаған қанатты қаздар алып, —
деген сәулелі, нұрлы шумақтар сенің де көңіліңе шуағын төгіп, кеудеңе көктем орната бастайды, өз көкірегінде де әлдебір құстардың сайрап ала жөнелгенін аңғарасың. Шынайы, шыншыл, назды, сазды поэзия деп өзім осыны айтар едім. Көр-жөрді тізіп көне аңызды қайта жырлап, ұйқастырып әңгіме жазып та абырой тауып жүргендер бар, оның қасында:
... Арманым алда бар қанша,
Жетпейін я жетейін, —
Өкпем бір өшіп қалғанша
Құмай боп қуып өтейін! —
дегендер түгін тартсаң майы шығып тұрған текті сөз, асыл поэзия емес пе!..
Дүние неткен жарық-ты,
Сағымнан азат сай-шыңдар.
Саф таза осы қалыпты
Сақтайтын мәңгі қайсың бар?! —
деген шумаққа тәнті болмай көр. Сезім де, ой да өзінде, селкеуі жоқ жолдар ғой.
Шынында да ағынан жарыла:
Бұл жүрек арманы мол, жыр-әні көп,
Ойламан мәңгі соғып тұрады деп.
Өртеген өзегімді өлең үшін
Дүниеге келгенмін мен бір-ақ рет, —
деп ақынның өзі айтып отырғандай нағыз өлең елінен өлең үшін келген бірен-саран ақындардың жырын оқып, мен өзім де шабыттана түсіп отырам. Өйткені, өзек жарып шыққан мұндай өлеңдер көкірегінде оты бар адамның көңілін желпімеу, үрлеп, түртіп, қоздыра маздатпауы әсте мүмкін емес. Шын поэзияның асыл қасиетінің бірі де осы екенін аңғарам. Әйтпесе, "әй, пәлі, дұрыс қой" дегізіп қана қоятын, жаны болса да, қыздырар қызулы қаны жоқ, дәні болса да, жалт қаратар нәрі, есте қалар дәмі жоқ өлеңдердің мың санын кездестіріп те, оқыған болып та жүрміз ғой.
Ондайға қосыла кеудеңнен құс ұшырмайсың. Елікпейсің, демікпейсің. Бас шұлғып, "осылай шығар" дейсің де қоясың. Солардың қасында:
Арманым қандай мол еді,
Ойым да онға бөледі.
Барлығын құйттай жүрекке
Сыйғызып кеткім келеді, —
деген жолдар еріксіз елең еткізіп, сенің де делебеңді қоздырып, бір іздете бастайтыны ақиқат емес пе? Ендеше бұл өлеңге неге қол соқпайық?! Өйтпесек қазақ жырына көпе-көрнеу қиянат болмай ма?
Ақын ауылы, өскен орта, тай-құлындай тебіскен құрбы-құрдасы, қиянат көрсеткен ұр да жық дойырлар, өз етіне тиген сойылдар, жәутеңдеген жетімек көз бен жетілген шақ, аяулы әже, әз достар — бәрі-бәрі көз алдыңнан өтіп, көлбеңдей түсіп көрініп барып, кейде жылымшы сезім астында көміліп қалып жатады.
Кимесек те біз көк сауыт,
Көз ілмей өтті не түндер.
Жиделі сайда шөп шауып,
Жорықта жүрдік жетімдер.
... Сыпа бір белден боратып,
Сыпыра сәуле томаға, —
Сыпыра бізді оятып,
Сықпыртушы еді сол аға.
Бұл соғыстан кейінгі ауылдың бәрімізге таныс қаракеті. Таң атпай жылы төсектен жұлып алып, құла бестісін борбайлай жүріп, жұмысқа айдап салатын мазасыз бригадир бәрімізге таныс. Менің де дәл осы тақырыптас "Бригадир" дейтін өлеңім болған. Идеясы да осы еді. Есенбай оны оқыды ма, оқымады ма, білмеймін, бірақ көркемдігі бұл өлеңнен артық емес еді, кітаптарыма кірмеген. Газетте басылған күйі қала берген көне жырлардың бірі ғана.
Балалық дәуір сағынышы сыңсыған бір тәтті әуен, әдемі шуақты армандай үлбіреп алып, өмірі көкейіңнен кетпейтін балалықтың балдәурен шаттық шағы жайлы өзекжарды жырлар осылай бір түйіндесе тұрады да, енді ержеткен, есейген Есенбай жанары алысты шолып, көкжиегі кеңейіп, әкелер өткен ізге, солардан қалған сүрлеу-соқпаққа үңіліп, содан сыр түйіп, алыс-жақынмен сырласа бастайды. Бұл реттегі жырлары да әйтеуір елден қалмауды ниет етпей, өзінше түйін, өзінше байлам іздеп, тың тұжырымдар жасаудың жақсы мысалдары бола алады екен.
Торғын түнде құшағыма толды өлең,
Әр тасыңа амандасып, қол берем.
Қасиетті Ленинград, келдім мен
Қалдайбектен шығып жатқан жолменен, —
деп Ленинград құрсауы, өмір мен өлім, ажал мен адам жайында көнекөз қарттарша майпаздап бір жырлап алады. Ялта, Қара теңізді шарлап, толқынға құлаш ұрады.
Бұдан соң қайтадан ауыл маңына оралып, өмір жайлы, тірліктің ащы мұңы мен тәтті рахаты жайлы, жауыздық пен кісілік, адал мен арамза, аласа мен биік туралы толғамды, философиялы ойларға кетеді. Бәріне де сол ақын қалпынан айнымай отырып, ойлы да парасатты азамат сөзін айтады.
Жиіледі бозаң қырда
Бозторғайым лүпілі,
Тудай шалқып көз алдымда
Туған ауыл түтіні, —
деп өзінің кіші отауы, былайша айтқанда, туған ауылы төңірегіндегі төгілмелі төкпе күйге басады. Ауылының құмын да, қыры мен қыратын да, жылғасы мен бұлағын, жусаны мен құрағын соншалық ыстық махаббатпен үздіге, үзіле жырлап келіп, енді Алматыға тұрақтаған ақын, өзінің Қалдайбек, Жарқамыс, Темірге деген ғашық көңілімен бүкіл елін құшсам деген игі ниетке ауысады. Сөйте тұра, аңсары ауылына ауады да тұрады, ауады да тұрады:
Көктем көңіл өсіріп,
Тұрмын қиял тауында —
Апарсам деп көшіріп
Астананы ауылға! —
дейді енді. Ауылды, ауылдастарын сағынып отырып:
Ақтөбеде жауып күн,
Сайрап көктем сайында.
Хат жаз маған Ауылдың
Жаңалығы жайында, —
деп те езіліп, тебіренеді.
Мұның бәрі де біз үшін шетімізден таныс сезім, белгілі, бастан өткерген жәйттар болғасын ба, өз сөзіңдей, өз ойыңдай болып, жүрекке дәл тиіп, дәлелмен ұялап жатады. Көп көңілінен шыға білген ақын қай-қайсысы болсын өз оқырманын, өзін іздеушіні табатыны айдан анық белгілі ақиқат.
Ақын — әрдайым табиғаттың төл баласы. Ел перзенті Есенбай табиғат тамашысына, қылт еткен құбылысқа өз көңілінің жарқылын ұштастыра отырып, жаңа бір тың, тосын дүние жасап шығуға шебер.
Титтей торғай тіл қатты
Тіршілікке жараған.
Қайырлы таң, қымбатты
Әрі әкем, әрі анам, —
деп қандай тауып айтса, енді бір тұста:
Қиян құмда қияқтары ырғалған,
Қимасым жоқ, екі туып бір қалған.
Алмау үшін өлең отын өшіріп,
Алматыға келгем бәрін көшіріп, —
деп өз тірлігінен де хабар береді.
Осыларға қарап Есенбайды таза тұрмыстың жыршысы деп атауға болар еді, бірақ талант, қашанда талант. Ол не жазып, не десе де, нені жырласа да тасқа тіл бітіре отырып, талантты жырлайды емес пе! Есенбайдың қоғам, заман туралы топтамасын оқып, осыған көзім тағы жете түскендей. Осы топтамадағы қырық шақты өлеңде ақын ысылған қайраткерлердей саясаттың өзіне батыл барып, публицистиканы лирикамен әдіптей отырып, әдемі-әдемі, биік-биік пікір айтады, ойлы, орамды тұжырым жасайды.
Осы реттегі жақсы өлеңдер қатарына мен қиналмастан "Тану", "Күлген жақсы-ау", "Жол балладасы" туындылары мен "Қайта бастау", "Сызу" дастандарын, тағы басқа толып жатқан шығармаларды қосар едім.
Ақын кейде ағымдағы саясат, әлем тірлігіне құлақ түре отырып, болып жатқан оқиғаларға байланысты өз ойын, өз көзқарасын білдіреді. Мұнда да жалаң ұран, жадағай айқай емес, ақындық түйсіктен туған байламын тың образға айналдырып, бейнелеп беруге тырысады. "Жер бетіне сызат түссе, ол алдымен ақын жүрегі арқылы өтеді" дейтін Гейне қағидасын қатаң ұстанған біздің ақын да әлемдік, әлеуметтік әділетсіздікке ашынуын, ызасы мен кектенуін құрғақ айқай, бос байбаламға айналдырмай, өзі де күйіне, күрсіне отырып, өзгені де соған ашындыра отырып, әдемі жырлай алады екен.
Ол шабытына мінген шақта қызды да, қызғалдақты да, қызық пен қиналысты да, әлеуметтік ақиқат пен әлемдік масштабты да жырлай алатынын, тамылжытып, тәтті жырлай алатынын дәлелдеп отыр. Елуге толған Есенбай ақынға ер көңіл, ұзақ ғұмыр тілейміз.
1990 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі