Алпысқа кім келмей жатыр, аман-сау жүрген адамның алдынан әп-сәтте шыға келетін биік бір белес қана ғой ол деген. Қуанышбай, тек, біздің қатарымызға біразымыздан кейінірек келіп қосылды да, "қолда өскен бураның тайлақ аты қалмайды" дегендей, біз үшін әлі күнге ботатірсек бозбала сынды болып көрінетіні бар. Содан ғой, алпысқа келіп қалыпты-ау деп таңырқап жатқанымыз. Әйтпесе, ол жай ғана көптің бірі емес, көп ішінде ерекше көзге түсер көрнектісі. Оған ешкімнің дауы жоқ.
Аралас-құралас ағалары да, іліп-қаға қажасып жүретін әзілі жарасымды достары да, құрметпен қарайтын інілері де көп. Оны әрдайым арқаға қағып аялап келе жатқан Шерхан ағасы, Тұманбай, Қалдарбек сияқты көкелері де қағыта сөйлеп, қауқылдасып жүргендері. Қашан көрсең азу сала қалжыңдасып, тіресіп, "тістесіп" жататын Қадірбек, Бексұлтан, Серік Әбдірайымов, Ақселеу, Дулат Исабековтердің жөні тіптен бір бөлек. Олар кейде маған Қуанышбайды "жуас түйе" сияқтандыра жүндеп жатқандай да болып көрінетіні бар. Бірақ, әбден еті үйреніп, көнтері де көнбіс болып кеткен бе, артық-кем айтыла беретін әжуа-мысқылдың біріне қыңк етіп көңіл бөліп жатқан Қуанышбай да жоқ, сол былқ етпеген қалпы сирек мұртын ширата бір сыйпап қойып, миығынан мырс ете күліп алады да: "Ауыз өздеріңдікі, айта берсін!" — деп міз бақпай отыра береді.
Басқалар сияқты артық-ауыз әзіл-оспаққа барыспағаныммен, мен де Қуанышбайды, міне, қырық екі жыл бойына танып-біліп келеді екенмін. Ең алғаш біз "Лениншіл жас" ( қазіргі "Жас алаш") газетінің редакциясында, 1960 жылдың жазы аяқталар тұста танысып едік. Біздің редакцияға тікенек шашты, тікшелеу көзді уыздай жас балаң жігіт аяқ-асты тап болған. Хат бөлімін басқаратын Салық Молдахметовтің колтығына кіре жайғасып, бір бұрышта бұйығып қана үндемей отыратын еді. Өңкей ғана "сен тұр, мен атайын" деп жаланып тұрған сол кезгі жас пері журналистер бастапқы әзірде оған тіпті көңіл бөліп қарамады да ғой деймін. Тек әркім-әркімнің: "Салықтың інісі көрінеді, хат тіркеуші етіп орналастырыпты" — десіп жүргендерін естігенбіз. Жасымыз да үлкен, кім көрінгенді тең тұтып, қатарға ала қоюға да құлықсыздау кезіміз еді.
Сол жылы қыстың басында мен ауылға қарай қайта қоныс аударып кеттім де, Қуанышбаймен етене қауышудың да, дұрыстап танысудың да сәті араға он шақты жыл салып барып түсіп еді.
... Мен сөйтіп араға біраз жылдарды салып Алматыға оралғанда Қуанышбайдың едәуір ілгерілеп өсіп, өз тұстастарының кеуде тұсында жүргенін байқадым. Әскер қатарында болып қайтқан, офицер. Журфакті сырттай оқып бітірген, сол өзі еңбек жолын бастаған "Лениншіл жас" редакциясында бөлім меңгерушісі екен. Бұл кезде әбден ысылған, көпті көріп көсем бола бастаған, пісіп қатқан азаматтың бірі болыпты. Содан бергі тірлікте біз бір-бірімізден көз жазбай, аға дос, іні дос болып, бауыр-туыс болып, қапталдаса, қатарласа ғұмыр кешіп келе жатыр екенбіз.
Қуанышбайдың жұрт назарына көбірек ілініп, көзге түсе көрінген кезі — "Жалын" баспасының ашылуына тұспа-тұс келді ғой деймін. Баспаның алғашқы директоры, жалынды да алымды ақын Қабдікәрім Ыдырысов өз маңына кілең бір ығай мен сығай жігіттерді жинап алғандай көрініп еді. Қалдарбек, Бексұлтан, Қастек, Еркінбай, Жүсіп, қойшы, әйтеуір, сол кезгі әдеби ортада көзге түсіп жүрген игі-жақсы азаматтардың біразы осы баспада бас түйістірген болатын. Қуанышбай да сол ортада жүріп, асығып-аптықпай ғана сатылап өсіп, жоғарылай берді. Әсіресе, бас редактордың орынбасары қызметіне қадалып көбірек отырып қалды-ау деймін.
Лауазым ретінде біршама қомақты һәм тиімді болғанымен, бұл жер қып-қызыл оттың ортасы, үдей соққан ызғырық желдің өті сияқты болатын. Өз басымыздан да өткен, сондықтан да жақсы білеміз. Авторлардың атақтысы да, шатақтысы да бар. Кердеңі де, менмені де кездеседі. Соның бәрінің бабын таба білуің керек. Кейде басшылар да, бағыныштыларың да неше бір даулы қолжазбаны "білдірмей" ғана саған қарай сырғыта салып отыратыны болады. Ол кезде цензура деген пәле және бар еді. Халтурамен де күресу оңайлыққа түспейді. Жан-жағыңнан осылайша лап берген сол от пен өрттің ортасынан жол тауып шығу, жағаласа, жауласа келген дәукес автормен де тіл табысып, басшылардың да қырғи қабағына шалынбай өту екінің бірінің қолынан келе бермейтін. Ол білімпаздықты да, табандылықты да, төзімді де, әділдікті де қажет ететін жұмыс болатын. Біраз жұрт мертігіп жатқанда Қуанышбай сол қажет деңгейден көріне білді, сый-құрметке бөленді.
Бұдан кейін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің органы "Қазақстан коммунисі" журналының редакциясында бас редактордың орынбасары, "Қазақ энциклопедиясы" Бас редакциясында редакдия меңгерушісі сияқты "мен барайыншы!" деп жұлқынған көптің ілуде біреуі әрең жететін қызметтерде жүрді. Қайтадан келіп сол "Жалын" баспасында бас редактор болып біраз жыл тапжылмай тағы отырды.
Қуанышбай екеуміздің әңгімеміз жарасып, сыйлас, сырлас жүретінімізді білетін ақын достарымыздың бірі менен: "Осы жігіт соншалық қабілетті, іскер ме, жоқ, қолдаушы, қолпаштаушысы көп пе?" — деп те сұраған болатын. Дәл осы сарындағы сұрақты мен өзім де әлдебір әңгіменің ретіне қарай "Қазақ энциклопедиясының" бас редакторы (Қуанышбай сонда істеп жүрген) әйгілі ғалым Рымғали Нұрғалиға да қойған едім. "Пәлі, Сәкен, — деген Рымғали сонда, — басқа барлық қасиетін былай қойғанда дәл Қуанышбай сияқты кеңсе жұмысына орнықты, ыждаһатты, ұқыпты, орыс, қазақ тілдерінде дайындалатын құжаттарға бірдей сауатты жігітті мен көп кездестіре қоймай келемін". Рас та шығар. Міне, ол алты-жеті жыл болды, тағы сондай қайнаған оттың ортасы — Білім және ғылым министрлігіне қарасты алғашында республикалық баспа кабинеті, кейін "Ғылым" ғылми баспа орталығын басқарып, абыроймен келе жатыр. Мұндай жерде де сол жоғарыда айтылғандай мол білім, білгірлік, ынта-ықылас, әсіресе, табандылық қажет. Екінің бірі атқарып кете береді деп ойлаудың өзі әбестік.
Мен Қуанышбайдың аға досы ретінде бағзы бір кезде тасып та, тағы бірде жасып та жүрген шақтарының куәсі болған адаммын. Сондай бір көңілі жүдеп, жүйкесі жұқарыңқырап жүрген тұста ақын ініме арнап:
Бақшасын басқалардың суарыспай,
бағың да жанбай жүр ме, Қуанышбай?
біреулер анасының жатырынан
Құдайдың кіндігінен туады ұстай!
Біреулер біреулерді ағалады,
біреулер сол ағасын жағалады.
Сабыр ет, салқын сөзге құлақ түр де,
бағың да бір-ақ күнде жанады әлі! —
деп басталатын төрт-бес шумақ экспромт-өлең жазып бергенім бар еді. Ол өлең өзінде бар ма, жоқ па білмеймін. Мен, әйтеуір, осыдан басқа жолдарын есімнен шығарып алыппын.
"Ақын ініме" деген сөзді мен жайдан-жай айтып отырған жоқпын. Қуанышбайдың өлең жазатынын біреу білсе, біреу білмейді. Осыдан көп жыл бұрын ертелі-кеш жазған жырларының басын құрап, "Арман аралы" аталатын жинақ шығарған болатын. Өзіндік қолтаңбасы бар, бағыт-бағдары айқын шып-шымыр болып шыққан сол кітапқа мен барынша қадалып, үңіле үңгіп, кең көлемді пікір жазып, онымды дер кезі "Жұлдыз" журналында жариялаған да едім. Қазір көбі есімде жоқ, бірақ аз да болса саз жазатын Қуанышбай жырларына, әсіресе махаббат пен ғадауат тақырыбындағы терең ойлы тапқыр шумақтарына сүйсінгенімді қалтқысыз айтып, бірсыдырғы мақтап шыққанымды білемін. Өйткені ол кітабы қалай мақтаса да жарасардай, оқырман сынына толымды болып шыққаны ақиқат еді. Бірақ өзі салақсыды ма, әлде әлі де бір қолайлы сәтін күтіп жүр ме, о жағы маған беймәлім, әйтеуір көптен бері поэзия бағынан әдемі де әуенді үні естілмей кеткені рас. Соны ғана есіне сала кеткім келеді.. Барыңды базарлай жүргеннің де артықшылығы жоқ деп білем мен. Қуанышбайдың жұрт білетін басқа да толып жатқан ірілі-уақты еңбегін санап жатпай-ақ, бір ғана Мұқағали Мақатаев пен Тұманбай Молдағалиевтердің шығармашылық жолына терең үңги шолу жасаған мақалаларын оқырман есіне сала кеткім келеді. Әсіресе, аса бір ыстық ықылас, сүйсініс, сілкініспен жазылған Мұқағали жайлы еңбегі (ол мақала "Жалын" баспасы шығарған ақын туралы естелікке алғысөз орнына берілген) тұтас бір диссертацияның жүгін арқалап тұр десем артық айтқандық емес. Мұқағали жайлы жазылған жүздеген мақала ішінде ең өтімдісі де, татымдысы да, толғамды, талғамдысы да осы. Егер бұл сөз аузы дуалы "айтқыш" ағаларының бірінің қолынан шыққанда бар ғой, осы күнге дейін ең кемі он адам содан цитата алып, сілтеме жасап жатар еді. Бірақ, "өзіңде бармен көзге ұруды" білмейтін Қуанышбай аузынан шықты, амал не, "әй, ол да не айта қойды дейсің, қолында тұрған соң жаза салған да" дейтін қазақы самарқаулық бұл жерде де қылаң беріп қалатынын байқаймыз.
Қазақ әдебиетіне, мәдениетіне, баспасөз, баспа ісіне бір кісідей үлес қосып, тең тұстастарының алдында келе жатқан танымал да тарлан азаматтарымыздың бірі Қуанышбай Құрманғали жайында айтар сөзіміз әлі де көп еді. Жасаған мұрша берсе қалғанын ретіне қарай тағы да көре жатармыз деп түйдім. Бұл жерде тек "жақсының жақсылығын айту" парызынан туындаған ағалық, достық пейілімізді ғана білдіре кетуді мақсат тұтқан едік.
"Егемен Қазақстан " газеті, 2002 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі