Әдебиетімізге азды-кем үлес болып қосылар әрбір жаңа туындыға елең ете түсетін әдетіміз бар, оның үстіне сол шығарма өзің жақсы білетін, аралас-құралас жүрген азаматтың қаламынан туып отырса, тіпті елпілдеп, оқып шыққанша асығып тұрасың.
Осыдан бес-алты жыл бұрын Құттыбек Баяндин Жетісу жеріне кеңінен мәлім, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов жайында "Нар тұлға" деп аталатын көлемді кітап жазып, қазақ әдебиетінде кенжелеп келе жатқан өмірбаяндық хикаят жанрында шеберленіп қалғанын бір байқатып еді. Сол кітапты оқып шыққан, бар нәрсеге кірпияз талғаммен қарайтын менің талантты ақын інім Есенғали Раушановтың өзі: "Құттыбек аға, кітабыңыз оқылады екен, қатты тәнті болдым!" — деп еді.
Мен де сол кітапқа сүйсіне отырып пікір жазып, оны осы "Қазақ әдебиеті" газетінің бетінде жария еткен де болатынмын.
Міне, сол автор араға жылдар салып барып әйгілі химия ғалымы, өткен жылы ғана Қазақстан меценаттары клубының "Тарлан" сыйлығын өз саласы бойынша жеңіп алған Еділ Ерғожин жайында "Ғылым тарланы" деп аталатын кітап жазып шығарыпты.
Айтары жоқ, "сабақты ине сәтімен" дегендей, дер кезінде жазылған, оқырман ойынан шыққан еңбек екен. Бір-бірімен желілес жеті толғаудан тұратын осынау өмірбаяндық хикая көтеріңкі көңілмен, жедел де желдірмелете жазылған екен. Мұндай үлгідегі шығарма кез-келген қарапайым әңгіменің өзіне айрықша ажар бітіріп, оқырмандарына деген әсері де айырықша толымды бола түсетіні белгілі.
Сонымен бұл кітап не туралы болды? Бұл инемен құдық қазғандай білімнің қия жолына қарай әлі күнге тынымсыз өрмелеумен келе жатқан Еділ сияқты ғалым азаматтың туған жер, өскен ортасы, бақытты балғын балалық шағы, өсу, өрлеу, сүріну, жығылуларға толы 60 жылдық ғұмыр жолын тұтас қамтыған көркем әңгіме. Құттыбек бұл жерде ғалымның аузына қарап, әнгімесін тыңдаушы ғана емес, әрбір қызықты оқиға, күрделі түйін, кедергілі кезең жайында өзі де ойланып, өзгені де ойландырып, асықпай, саспай бәріне де жазушылық сыни көзбен қарай отырып, оқиғаға оң, құбылыс-болмысқа жан бітіріп, байыппен баяндай алған. Оқырманын жалықтырып алмауды ұдайы есте ұстайтын автор әрбір деталь, әрбір сюжеттік ұтымды құбылыстар мен бұрылыстар жан-жақты қамтылып, темірдей берік мотивировка арқылы әңгіме арқауының ширатыла, шымырлана түсуіне күш салады. Бұл реттегі табыстарын құптауға әбден болғандай.
Қаршадайынан жетімдікті де көрген, жетіспеушіліктің де дәмін татқан Еділ ыстыққа да, суыққа да төзімді, алған бағытынан адаспауды ойлаған, қажырлы да қайратты болып өседі. Бұл жолда оған үлгі болған да, өнеге көрсетіп баулыған да апасы Тәттібала, ағасы Елеусіз. Бұдан кейін мектеп мұғалімі Бекбосын да шәкірт баланың болашағынан үміт күтіп, жігер бере, сенім көрсете жүруінің өзі неге тұрады.
Алғаш рет Алматыға оқуға барғанда талапкер баланың тауы шағылмасын деп жылы сөзбен демеп, көңіліндегі үміт отын өшірмей үрлеп жіберген ғалым Батырбек, қойшы Асқар мен соның әйелі, ферма меңгерушісі Далабайлар да "болар бала боғынан" дегендей, қосшы болдым деп кемсітіп, кекетіп-мұқатпай, жастың өсіп, жарлының байыйтынынан күдер үзбей, қамқорлық жасай білуі де оқырман есінде ұзақ қалып қояды.
Кейін ғылымның кедір-бұдыры көп, қиясы, құзы, шыңырауы мен шыңы таусылып бітпейтін азапты да ауыр жолына бел шеше біржола бекініп түскен шақта ғылыми жетекшісі болып ұшырасқан Сағит Рауфұлы, сол Батырбек Бірімжанов, Евней Букетов, Нина Ефимовалар жас маманды қанат астына ала қамқорлық жасап, жебеп, демей жүрулерінің өзі де тұтас бір қауымға үлгі боларлықтай. Автор мұның бәрін жел сөзге ұрынбай, барынша нанымды етіп, жеріне жеткізе баяндайды.
Құттыбек Баяндин, өмірбаяндық хикаяттар жазуға бейімделе бастағанын әу баста айтып едік. Бұл жанрдың озық үлгілері Батыс әдебиетінде көптен бар. Мәселен Андре Моруаның Дюма, Бальзак, Жорж Сайд, Гюголар жайындағы шығармаларын, Стефан Цвейктің кітаптарын қызыға оқитынымыз рас қой. Бұл жанрдың "Тамаша адамдар өмірі" сериясымен шығып жүрген кітаптардан азды-көп айырмасы бар. Оларда құрғақ фактілерге, даталар мен өмір кезеңдеріне, кейіпкер еңбегіне көбіне көңіл бөлінсе, мына өмірбаяндық хикаядан кейіпкердің ішкі сарайы, қайғысы, мұңы, мұқтажы, реніші, өкініші, өнегесі, күйініш-сүйініші түгел қамтылып, көркемдік шешімін таба орнықты әңгімеленеді. Мұндай кітап сонысымен де құнды, сонысымен де қымбат.
Мақтауын мақтап жатырмыз ғой, ал енді "осы кітапта кемшілік бар ма" дегенге келейік. Көлемі жуан қос елі болатын кітапты әлі де біраз сығымдауға, суын сарқи түсуге болатындай екен. Көр-жер ұсақ оқиғалар, жұмыс үстіндегі айтысқа құрылған эпизодтар қысқара түссе жаман болмас еді, кітаптың ширай түсуіне септігін тигізер еді. Маған бұл ретте қызықтылығы, көркемдік құндылығынан гөрі автор кітап көлемін көбірек қуалап кеткендей әсер етеді. Бұл жағынан сақ болу керектігін әдейілеп ескертіп жатырмын.
Бұл — Құттыбек Баяндинге алдағы кезде, жаңа еңбектер үстінде сақ болсын деп айтып жатқаным. Әйтпесе, оның осынау жаңа туындысы да өз оқырманын таба алатынына ешқандай күмәнім жоқ.
"Жетісу" газеті
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі