Ақын Серік Ақсұңқарұлын өз басым шын мәнінде жақсы көрем. Маған оның өзгелерге мүлдем дерлік ұқсай бермейтін өзіндік дара дарыны ұнайды. Бүкіл болмыс-бітімі, кескін-келбет, жан-тәні түгел ғана өлең-жырдан жаратыла салғандай болып көрінетін ақындар болады. “Ақын деген барша жұрттың алдында ақ жанын айқара ашып тұратын адам”, — депті ғой шығыстың бір ойшылы Акутагава Рюноскэ. Серік солардың бірегейі. Сүтпен сіңген, сүйекпен ғана кететін туа бітті мөлдір-тұнық тазалық, ақ жолдан өлсе айнымас аңғал-ашық адалдық оның тұла бойынан, жүрісі мен тұрысынан дәйім ғана “мен мұндалап” атой салып тұрады. Өз бойы, іші-сырты түгел ғана кристалдай таза болғандықтан да, ақын Серіктің дүние шіркіннің қылт еткен былығы мен шылығына жирене қарауы, бастан асып бара жатқанда шыдап тұра алмай, кірпідей жиырылып, ашуға басып кетуі де содан. Былғаныштар мен кір-қағыстарға, жалғандық пен жарыместікке кезіге қалса тітіркеніп, өзін қоярға жер таппай біржола тіксініп, “бетті басып, қатты сасатыны” да, байбалам сала “тұра қашатыны” да содан.
Жүрек — күпті.
Сынып өң,
жазығым не Құдайға?
Мөлдірді іздеп шығып ем,
түсіп кеттім лайға.
Дүние — теңіз,
Толғанып,
Олай да ұштым, былай да.
Жүрегімді қолға алып,
Жүзіп жүрмін лайда.
Мөлдір бұлақ кемелмен,
Қызығым қайсы кенелген?
Лай басқан денемнен
Лаңға батып келем мен, —
деп жырлайды ол содан кейін.
Бір сөзі, жалғыз ауыз өлеңімен дүние біткенді кір-қоқысынан арылта қоятындай аптығып, апың-ғұпың әрекетке көшеді, жалғанның жыртығын жалғыз барып жамайтындай-ақ болып, келеңсіздікті көріп күйіп-пісіп, кейде тіпті күрсіне күңіреніп кетеді:
Ауылдағы Шариков, қаладағы
тап береді жан-жақтын, талағалы.
Тағы кімді қаппақсың қапылыста,
Тоқта деймін!
Тоқта!
Иттің балалары!
— деп, кейде асқақ та айтқысы, қатарластарын жасқап та айтқысы келетіні де көрініп тұрады.
Мен оның кейінгі жеті-сегіз жыл ішінде іркес-тіркес жарық көрген үш кітабын (“Адам Ата — Һауа Ана”, “Өмір деген — күнді айналу”, “Төбемнен жауһар жауып тұр”) түгелге жуық қайта бір ақтара-төңкеріп, сүзгіден өткізіп шықтым. Бұрын оқып сүйсінген де өлеңдерім бар екен, әлі оқи қоймаған шумақтарым да жеткілікті көрінеді.
Мен баяғыда байқаған кейбір хрестоматиялық, тіпті антологиялық өлеңдері де бір кітаптан екінші кітабына қоныс аудара көшіп жүретіні де байқалады. Соларды саралай келе аңғарғаным: ол кешеден бүгінге қарай ұдайы бір екпіндей ілгері ұмтылумен, қылаң елі болса да биіктей түсуге, көкке қарай көтеріле түсуге тырысумен келеді екен. Сөз жоқ, бірде артығырақ айтам, бұрынғымнан артылта айтам деп отырып, асыра сілтеп жіберетін, ақындық адуын мінездің ауыздығын тартпай, сезім еркіне жіберіп алатын тұстары да кезігіп отырады. Бірақ соның бәрінде де Серік Ақсұңқарұлының өз демі, өз қанатының сусылы бар. Өзінше талпынады, өзінше алқынады.
Ол өзі біздің оқта-текте айтып жүргеніміздей, бүгінгі күннің ғана емес, дәл қазіргі сәттің, осы шақтың, осы қазір өтіп жатқан мезет-мезгілдің ақыны. Оның әрбір өлеңінен сол сәттің, кешегі түндер мен бүгінгі күндердің лебі есіп тұрады. Ол әлдекімдерше әлемдік әуен-хорға қосылып, соларға ілесем деп әуреге түсіп жатпайды. Мәңгілік тақырыптарды игерсем деп өз басын оңды-солды тау мен тасқа да ұра бермейді. Сондықтан да болар, оның үні айнала қаптаған қалып нөпір көпшілік ішінен ащырақ та, айқынырақ та естіліп жатады. Рас, өмірде де, өлеңде де асығып келе жатып алқына сөйлеп кеткендей әсерге бөлейтін шақтары да аз емес. Осынау бір тұста оның сөзі осынау сұсты қоғамның жекелеген өкілдеріне, әсіресе “белсенділер” аталатын қауымға ұнамай қалуы да әбден мүмкін. Бірақ оған бола абыржып, айылын жиып жатқан Серік жоқ, қарсыласына қарсы қарап, қасқайып тұрып өлеңін оқи береді. Өйткені ол:
Бас қатырмай қаламақы, ақша үшін,
Өрге салды өзегінің бақсысын.
Өлеңімен быт-шыт қылды сол шәйір —
аупарткомның небір қатал хатшысын.
Үрейлене қарап, тіпті, жатсына:
“Жынды” дейді оны Ақтоғай, — бақсы да.
Не десе де, одан басқа бір адам
қарсы сөйлеп көрмеп еді хатшыға! —
деп өзі жазған өз кейіпкеріне де егіздің сыңарындай ұқсар еді. Атшысың деп кемітпей, хатшысың деп елікпей, ойындағысын еркін айтып берер еді.
Біздің арамызда сезімге ғана бой алдырып, таза ғана жүрегінің әмір-әсерімен жазатындар да, салқын ақылымен-ақ санаңды солқ еткізе сілкіндіріп, соңынан ерте жөнелетін үздік ойлы ақындар да бар-ау. Серік Ақсұңқарұлы бұлардың бірде-біріне ұқсай қоймасы ақиқат. Ол аса бір шамкөс (жақсы мағынасындағы), қай тақырыпты қозғамасын, долбарлап қана бетімен қалқымай, іштей беріле, санасын сілке отырып, жүйкесін тоздыра жазатын ақын. Басқамыз: “Осы қалай болар екен, поэзияға тақырып бола ала ма, жоқ па”, — деп ойлана кідіріп, тұтқиыл тосылып қала берген тұстарда да ол “шешінген судан тайынбастың” керімен көзді жұмып жіберіп, тұңғиық түбіне қойып кеп кететіні бар.
Ішқұса боп, айта алмай, өлемін бе,
Басқа тағдыр не салса көнемін де.
Өзім білем, — өзгелер қайдан білсін,
Өмірім де ертегі, өлеңім де.
... Періштеге сан мәрте серік болдым,
Пері қыздың шашын да өріп бердім.
“А” дегенде аузынан алтын түскен
Жеті басты жалмауыз көріп келдім.
Алдында оның алып бір дию отыр,
Қалай мынау ғаламға сыйып отыр?
Айдаһар кеп құсқанда, тау боп кеткен
сары алтынын алаңсыз жиып отыр.
Қарап отыр,
алтынын санап отыр,
Қалған ел-жұрт қайыршы.
Қара қотыр.
Жер тәңірі, апыр-ай, осы болса,
Көк тәңірі қай жаққа қарап отыр?! —
деу үшін де дара бір дарындылық, ішкі қайрат, саналы ақыл керек шығар-ау дейсің еріксіз.
Өйткені ол ешкіммен де жасырынбақ ойнап жатпайды. Жасырып, жабатыны жоқ. Ақ сөйлеп, адалын айтуға барын салады. Жанына жағып кеткен жағдайда Пушкинмен де үндесіп, Блокпен де тілдеседі. Көңілін күпті еткен сауалдың жауабын беріден таппаса, әріге барып, Абайға жүгінеді. Шалкиіз, Қазуған, Махамбет жырауларды да бір төңіректеп шығып, бүгінгі Мұхтар Мағауин, Тұманбай, Қадыр сияқты әріптес ағаларынан, іні досы Есенғалидан емеурін іздейді, тегеурін күтеді. “Сендердің мына бір ойыңды ұнаттым, бірақ мен мұны былай етіп айтқан болар едім”, — дегендей, солар түткен жібектен жаңаша бір жіп есіп, өзіндік өрнек-оюмен айрықша айшықтап, көз жауын алар бас-аяғы бүтін жаңа дүние жасап шығарудан да қаша қоймайды.
Сөйте тұра, ол тікелей еліктеуге әсте ат басын бұрған ақын емес. Не айтса да Серік болып айтады. Құласа да Серік болып құлап, жыласа да Серік болып жылайды. Мына бір “Капитализм келді біздің маңайға” дейтін өлеңіне қараңыз. Әкетіп бара жатқандай әлеуметтік астары жоқ та болып көрінері хақ. Бірақ бір оқып шыға сала іштей қажып, өз өзіңнен мұңға батасың. Жалған дүние дәмін татасың. “... Бес қабатты біздің бетон үйді кеп, қоршап алды қос қабатты сарайлар”, — деп алып, әрі қарай:
Алтынменен аптап қойған бұл үйді,
Күміспенен күптеп қойған бұл үйді.
Қабаған ит күніменен абалап,
Түніменен Айға қарап ұлиды.
Ашулы иттер күндіз-түні үрді кеп,
Бізбен неге ақын өмір сүрді деп.
Мен өлгенде тақта ілмеңдер бұл үйге
“Ақсұңқарұлы тұрды” — деп.
Екі-ақ қадам бұл екі үйдің арасы,
Иесінің, иттің де жоқ санасы.
Өздерінің маған көрші болғанын
Сезбей өтсін, өңкей иттің баласы!..
Қандай да бір қалтарыс-қараңғы жолдармен, жымысқы жүріспен көлденең байлыққа бөгіп алған жәдігөй-жылпос жерлестерінің керенау, кердең қылығына күйінгеннен туған дүние сияқты. Бірақ... Иә, мәселе сол “бірақта” жатыр. Тағы бір оқып шығыңыз...
Алқына күліп, асқақ сөйлеп кеткен тұстағы өлеңдерін оқи отырып, осы біздің Ақсұңқарұлының қазақта өзінен басқа тым тәуір ақын санайтындары болса болар, бірақ кереметке балайтын, кемеңгер деп қарайтын ешкімі жоқ-ау, сірә, деп те бір ойлап қалғандайсың. Сол оймен кітабын ақтара келе “Қазақ поэзиясының бес кезеңі” туралы кандидаттық диссертациясының жобасы” дейтін өлеңге тап боласың. Тап боласың да, кіріспесінен бастап оқи жөнелесің. Бұл топтама (толғау десе де болады) қазақтың маңдайына біте қалған Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Жұбан Молдағалиев, Төлеужан Ысмайылов, Кеңшілік Мырзабековтер рухына бағышталған екен. Әрқайсысының жеке бөлек тағдыры, шырқап шыққан шыңдары мен шырылдап түскен шыңыраулары жартастағы жаңғырықтай бүйіріңді бүлкілдете көңіл елегінен тағы бір өткендей болады. Алқымына ащы өксік, ашу мен ыза тығыла ашынған ақын:
Поэзия демін ішке тартып тұр
Жидебайдың тұсында.
Дантес — Қарасартовтың
Мылтығының ұшында.
... Аза тұтып алыбым
Тұманданып санасы,
Қасқыры өліп даланың,
Қалды итінің баласы!..
— деп Шәкәрімді жоқтаса, Мағжанды мазақ еткен сона бір кесапатты қоғамға да лағнет айта отырып:
... Хош!
Өмірім — өңім емес, түс мүлде,
Романовтан кетіп, тиген күш кімге?
... Біржан салға қамшы ала жүгірген
Қызыл мундир — Поштабайлар үстінде!
деп бір толғанып өтеді.
Күні кеше қандықол Колбиннің ызалы ызбарынан ығыспай, қаһарынан қаймықпай қатал үкім айтқан Жұбан ағасына, өр де өміршең ақын ағасына қосыла:
Ұрғызбаңдар ұлдарыңды басынан,
Жұлғызбаңдар қыздарыңды шашынан! — деп ұран тастайды.
Ал өз дәуіріне, сол дәуірдің қысаң қалыбына сыймастан шиыршық ата ширығып өткен Төлеужан мен оны өз елі, өзінің жеріне де, қала берді қиырсыз кең дүниеге де сыйғызбағандар жайында:
Ах, Төкем!
Хош, Көкем!
Тұл — әні...
Паравоз, керуені.
Келдім! — деп жар салып
Ұмытшақ вокзалдар тұр әлі,
Ұрыншақ... ұлдарын қарсы алып!..
— деп кекесін толы кесек ой тастайды.
Замандасы Кеңшілік жөнінде де жоқтауға бергісіз жыр төге келіп, оның соңында не қалып, не қойғанын тізбелей түседі де:
Анаң қалды — желтоқсанда дір еткен,
Ғалам қалды — көз ашпаған түнектен.
Рак болса, арман бар ма — бейдауа,
Біздің буын өледі өстіп жүректен!
деп сөз аяғын тағы да замана тарлығына, әлі де ер еңсесін басқан зілмауырдай құбыжық кесапаттар барлығына апарып тірейді. Бұл өлеңдердің әрқайсысы жоғарыда аттары аталған адамдарға деген тұтас бір реквиемдей естіледі.
Ой дәлдігі мен сөз дәлдігі бір-бірімен ажырамастай берік байланыса келіп, өзара шиеленісе қиюласқанда ғана барып осындай өлмес өлең туса керек еді. Бұл әуен, осынау сарын Серіктің жақсы жырларының бәріне де тән. Қай өлеңі болса да бір ғана бояумен емес, қалам ұшын қалыңға малып отырып, қатпарлы қалтарысы, әралуан ажары бар өрнектермен көңілге түрлі ой салар түйін тастап отырады.
Серік, тегі өзіне керегін бір ғана Алаш ұлдарынан іздеп, өзін-өзі шектеп, өзін өзі тежемейді. Мәселен, ол әлемнің бізден іргесі бөлек тағы бір түкпірінде дүниеден өткен француздың “басбұзар” ақыны Франсуа Вийонмен де сырласып, сыбырласып, тосыннан ой бөлісетіні бар. Өзі де оның бірер өлеңін қазақшаға аударыпты. Франсуаның орыс тіліндегі:
Я — Франсуа, чему не рад,
Увы, ждет смерть злодея
И сколько весит этот зад
Узнает скоро шея! — дейтін жолдарын Серік:
Мен — Франсуа Вийон,
Жалғанның сездім жалғанын!
Ойнақтап жүріп осылғаны ма мойыным
Белімнен төмен белгісіз жерімнің салмағын
Білетін болды бәрінен бұрын мойыным,
— деп қазақшалаған екен. Әңгіме аударманың сапасында, көркемдік құндылығы мен дәлдігінде емес, қазақ ақынының кейбірдегі өз мінезі, өзгеше қылығы да Франсуа өмірін еске салатындығында болып тұр. Әрине, біздің Серік француз ақыны сияқты бас жарып, көз шығарып жатқан жоқ, бірақ қамыты қасаң, қысастығы басым қоғамға деген көзқарастарында әлдене бірегейлік бары байқалып-ақ тұр емес пе. Араларында қаншама жол шалғайлығы, уақыт кеңістігі жатқан екі елдің екі ақынының бір-бірінен рухани ұқсастық іздеуінің өзіне таңырқамай болмайтындай.
Серіктің маған тағы бір ұнайтын жері — оның шығармаларының сегіз қырлы, бір сырлы болып келетіндігінде де жатыр. Мен де ақын адаммын ғой, баз-баяда бір деммен қағазға түсіп берген өлеңдерімде бір әуен, бір сарындылық басым болып кететінін өзім де сезіп қаламын. Ақсұңқарұлы ондай “пәлеге” ұрына қоймаған сыңайлы. Бір беттегі өлеңін сүйсіне оқып отырып, екіншісіне ауысқанда — оның енді не айтарын алдын ала болжай қою тіпті де мүмкін емес. Серік турасында сөз бола қалған жерде әркім-әркімнің (ағалары мен інілері, замандас-қаламдастарын айтам) — тіліне тиек болып жүрген “Қасқырдың монологы” деген әйгілі бір өлеңі бар.
... Қаңқу сөз жүрек кегін үрлейді,
Қорлық — қарғысқа барабар.
Бізбенен иттің тегі бір дейді.
Рас па, қасқыр — бабалар?!
Өлексе үшін жұлысқан болсақ,
Өмірі бітпей кегіміз,
Иттермен біз де туысқан болсақ —
Не болды ата-тегіміз?!
... Неге үндемейсіңдер?
Ұрлық түн еді:
Жатқаным мынау — жау іші,
Аспанның астын дүрліктіреді
Үрген иттердің дауысы...,
— деген кекшіл кекесін, ащы әжуаға толы жолдардан соң келетін “Әлди, бөпем” аталатын өлеңнен мүлде басқа леп, басқа сарын еседі. Бұл өзі бүгінгі поэзиямыздағы шыншыл да шымыр публицистиканың шынайы үлгісіндей болып ақ қағазға әуеден құйыла салғандай көрінетін салмақты дүние.
Осыған көз тоқтата келіп, Серік Ақсұңқарұлы шығармашылығының диапазоны қаншалықты кең екендігін де әбден аңғаруға болатындай. Ел ішінің жақсылығына сүйініп, жаманшылығына күйіне жүріп, қоғамның саяси-әлеуметтік ісінде де ол белсене килікпейтін тұс болмайды екен. “Қайтем соны!” — деп, енжар жүрген күні жоқ. Дінсіздермен алысады, тілсіздермен қағысады, әйтеуір қай-қашан болсын атыс пен шабыс ішінде жүретіндей әсерге бөлейді. Соның бәрінің сыртында біресе ат үстінде айғайға басқан, біріне күйіп-пісіп күйгелектеніп жүрген автордың өз тұлғасы тұрады. Ақындық алабөтен белсенділік деп те осыны айтсақ керек!
“Атам Ата — Һауа Ана” аталатын кітабындағы аннотацияда айтылғандай, оның шығармаларынан “келісті теңеу, көркем ойдың” алуан үлгісін кездестіре аласың. Суыртпақтай суыра отырып қолыңдағы кітаптың соңғы бетін қалай жапқаныңды да аңғармай қала бересің. Поэзия дейтұғын қызыл-жасыл сансыз бояумен әшекейленген алып лабиринт-ғимараттың есігінен төріне, төменінен төбесіне дейін еркін бір аралап шыққандай болып, арқаң кеңіп, жаның жадырап сала бергенін де соңынан барып бір-ақ сезінесің.
Ақсұңқарұлын тым тәуір-ақ дәріптеп жібергендей болып барамыз ба өзі, қалай? “Сонда бұл Серіктің тал бойында тарыдай мін жоқ па, саған ұнағанның бәрі елге де ұнай береді деп ойлайсың ба?” — дейтін бір сұрақтар туындайтынын іштей түйсінесің. Өтірік айтпайын, оның өлеңдері ішінде менің өзіме де ұнай қоймайтындары болуы әбден мүмкін. Бірақ ол басқа бір кезеңнің әңгімесі ғой деп, кейінге қалдырып отырмын. Өйткені ұдайы ғана ізденіс үстінде жүрген ақынның оқыста шалыс кеткен тұсын көзіне шұқып көрсетіп жату да аса бір абырой әпермейтін шаруа. Оның үстіне сен оның мінін тауып, бетіне айтам дегенше, адуын ақын онысын өзі де түзеп үлгерер еді ғой. Сондықтан да шығар, кемістігі болса онысын оңашада өзіне айтармын деп те түйген жайым бар. Серіктің өзі:
Күнәм көп қой,
Адал еді ниетім де.
Араздаса көрмеңдерші менімен.
Кешіріңдер,
Мына жердің бетінде
Мен өмірге бірінші рет келіп ем.
Бірінші рет...
Пәктігіңе шөлдегем,
Бірінші рет көріп қайғы-шеменді,
Қайта тусам қателігімді жөндер ем.
Бірақ қайта келмеймін ғой
Мен енді! — демей ме аударма ретінде берген бір өлеңінде.
Қазақ жыры қайраткерлері қатарында өз қателігін де бір кісідей білетін, қадыр-қасиетінің де қай дәрежеде бағаланып жүргенін сезінетін осындай бір ақынның болғанына да разысың. Болмай жатып “болдым” деп, толай тұрып “толдым” дейтін кеудемсоқтар кезеңінде бұған қалай шүкіршілік айтпассың!
Ақын Серік Ақсұңқарұлын мен бұдан бұрын да ұнатып жүруші едім, мына кітаптарын қайталап оқып шыққан соң ақын інімді одан әрі жақсы көре түскендеймін. Қаншалық жылы сөз айтсам да аздық ететіндей көріне беретіні содан. Нағыз бір ащы тері алынып, аш қолтығы сөгілер тұсқа жеткен екен, Құдай жолын оңғарсын деп тіледім. Нұрмахан Оразбеков ағасына арнап жазған бір өлеңін Серіктің өзі:
... Қызық болып қырық жастан асқанда,
Көкті көрдім көзімді бір ашқанда.
Бір сұлу қыз бұлбұл ұшып көзімнен,
Бір сұлу құс әлі ұшып жүр —
Аспанда, — деп тәмамдапты.
Сол Аспандағы құсы қалқып ұшып жүрген шақтарда Серіктер де әлі талай-талай бусана терлеп, алқымы іспестен алысқа қарай самғайтын-ақ шығар деп ойлай бересің... Ләйім солай болсын да...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі