Қурап бара жатқан қырат бар, құрып бара жатқан бұлақ бар. Тартылып бара жатқан көліміз, тарылып бара жатқан жеріміз бар. Жазушыларымыздың біразы бес қаруын бойына асынып, соның бәрін қорғау қамына кіріскен. Мұхтар Шаханов — Аралды, Оралхан Бөкеев — Алтайдағы маралды қорғаса, Хамит, Ғафу ағаларымыз қыза-қыза келгенде халтура мен халтурщиктерді де қорғап кетеді. Жылына қайткенде қазақша бір класс аштырам, деп, Шона Смаханұлы ана тіл, ұлтының сөзін қорғаса, тағы біреулеріміз қардай бораған ғайбат, арыз-шағымнан өзін қорғап жүр. Әйтеуір, қаракетсіз қарап жатқаны жоқ, ел қорғап, жер қорғап, табиғат қорғауға құлшына кіріскен қаламгерлеріміз баршылық.
Сонда елдің елдігін, кемелдігін, кеңдігін көрсететін, өсіп-өну мәдениетінің, ілгері дамуының өлшемі — өлеңді кім қорғайды? — деп ойланып қаласың. Қарап отырсақ дәл қазір өлеңнен дәрменсіз, өлеңнен қорғанынсыз мүсәпір жанр әдебиетімізде қалмай бара жатқанға ұқсайды. Көрінгеннің қолжаулығына айналып, панасыз, бағусыз қалып барады.
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең, —
деп Абай айтқан аталы сөз де бүгін аяқасты болғанын көріп, көбіміз күйініп жүрміз. Өлең-жыр өмірдің өзімен өзектес екенін, өлеңсіз өмір жоғын естен шығарып алдық. Қазақ халқының барша тіршілік-тынысы, ащы тері мен азапты ырысы, қызығының мәні, аққан қаны, салты мен санасы, жас күні де, дәстүрі де өлеңмен өрнектеліп, өлеңмен өріліп, сан ықылым заманнан бері қарай бірге жасасып, біте қайнасып келе жатыр дегенге де ешкімді иландыра алмайтын халге жетіп қалдық.
Апыр-ау, бұ неге? Қаншама жылдар қойнынан, ғасырлар қойнауынан, қатпар-қатпар формациялардың зіл батпан қыш тыстары астынан әлі күнге тот баспай, тереңде қалмай, саф алтындай таза күйі бізге жеткен інжу-маржан жырларымыз, аңыздарымыз, ғашықтық тебіреніс, батырлық толғау, халықтық қасиет тұнған қара өлең бүгінгі бізге асыл мұра — поэзиямыз арқылы жетпеп пе еді. Сан мың зергер жасаған асыл бұйым, айға тірелген ғимараттар жер үстінен жоғалып, өшіп құруға айналып бара жатқанда, асыл ойлы, асқақ әуенді, таңдайдан дәмі кетпес, көкіректен нәрі кетпес өлең сөздің өлшеусіз үлгілері әлі күнге бүлінбей, өңін беріп ескірмей, тозбай, күні бүгін жазылғандай кәдеге жарап келе жатқанын кім мойындамас. Абай аузынан ақыл болып құйылған, Махамбет аузынан батырлық ұран болып саңқылдап шыққан жырларға пара-пар келер дүниелер батыс-шығыстың қайсысында шашылып жатыр екен? Өлеңді сондықтан да "сөз патшасы", сондықтан да "сөз сарасы" деп жүрген жоқпыз ба?
Сол өлең бүгін неге сорлы болды? "Шөңге де өлең, шөп те өлең" деп, күлдібадам, көр-жер бірдеңелерінің басын құрап, төрт жолға бөліп жазып, баспаға өлең етіп ұсынатындардың күнкөрісіне айналып, оқырман кәдесіне асудан біржола қалып бара жатқаны қалай? Поэзия дейтін аталы жанрдың, киелі өнердің осылай құлдырауына жауап беретін, обалын мойнына алатын біреу болуы керек қой.
Бас-аяғы бүтін, көркем шығарма деп атауға боларлық бір өлең жаза алмай жүріп, "мен кімнен кеммін?" — деп кеуде қағатындарды, жұрт көкейіне дарыған бес ауыз өлеңі жоқ, бірақ жүзі жанбастан баспадан бес том кітап сұрап шабынды болатындарды көре тұрып неге ымыраға көне береміз?
Бір кезде Абай:
Шортанбай, Дулатпенен, Бұхар жырау,
Өлеңі бірі жамау, бірі құрау, —
деп жыр тазалығы жолындағы кекесінін өзіне дейінгі жырауларға да білдіріп еді, не керек, біз сол "бірі жамау, бірі құраудың" астына көміліп бара жатырмыз ба деп қалам. Абай ащы әжуалап отырған әлгі ақын-жыраулардың бізге там-тұмдап жеткен үзік-үзік шығармаларының өзіне аузымыздың суы құрып оқып, қолдан түсірмеуге айналсақ, ол бір жағы Дулат, Бұхар сөздерінің асылдың көзіндей қымбаттығынан да болар, екінші жағынан бүгін сол "бір жамау, бір құрауға" зар болып бара жатуымыздан да шығар деп ойламасқа амалың қалмайды екен.
Өз басым (мақтанғаным емес) айналам, ақ пен қараны ажырата білетін әріптес дос-жарларым пікіріне орай ғана, "шынында ақын болармын" — дегенге осы соңғы жылдары ғана ден қойып, көңілімді діктеп, енді-енді ойыса бастадым. Өйткені ақындық дегеннің өзі өлең жазумен де, кітап санымен де, жұрт дақпыртымен де өлшенбейтінін, қанға сіңген, жан-дүние діріліне байланысты аса қасиетті ұғым екенін әріден болса да аңғарушы едім де, жолдастарым әлдекімдерге ақын деп таныстырғанда, не дерге білмей күмілжіп, өзімді ұрлық жасағандай ыңғайсыз сезініп, жанарыммен жер шұқып қалатынмын.
Қазіргі жұрт ұялмайтын болып та барады. Өзін-өзі "ақынмын" деп таныстырғанда, күркетауықтай қоқиланып, қырынан қарап, нығыздана, ыңырана түсетіндерін қайтерсің. Егер ақын ініміз Ұлықбек Есдәулетов айтқандай:
Ұлылық сырын ашатын,
Шетінен түгел ең дана,
Ақынның бәрі — бас ақын,
Екінші — жалғыз мен ғана, —
деп, шынайы дарындар өзара талант салыстырып, өнерімен жарысқа түсіп жатса бір сәрі-ақ, жұртқа танылуда өнерін емес, өзін әйгілеуден бастайтын ағайынды көргенде, амалың жоқтықтан: "Қайнайды қаның, ашиды жаның!" — демеске ешбір лажың қалмайды екен.
Көзі қарақты жұрт қазір романның, повестің, әңгіме, новелла, тіпті әдеби сын сияқты жанрлардың ара-жігін ажыратар, жақсы-жаманын айырар халге жеткен. Ал өлеңге келгенде, оқырман да, баспалар, баспасөз басында іс тұтқасын ұстап жүргендердің өздері де күмілжіи, ақ-қарасын анықтауды жазғыштардың өздеріне қарап ысыра салуды дағдыға айналдырып барады. Әлгі "жазғыштар" "өлең" ғана жазып қоймайды, төсектен тұра арыз да, шағым да жаза бастайды. Дедек қағып жоғары жаққа жүгіргіштер де солар. Қау-қау қағазды, төрт жолға бөліп орналастырылған өлеңге ұқсас өлексе дүниені көргенде жүрегі айни ма, жүзі шайлыға ма, әйтеуір: "апыр-ау, көп жазып тастапты ғой, шығарсаңдаршы!" деп қолында әмірі бар азаматтар кесікті билік айтып, бұрыштама соғып баспаға қарай тоғыта береді. Үсті-үстіне телефон соғып, айырықша бақылауға алып, артына түсіп бағады.
Өтірік дегеннің көзі шықсын, екі күннің бірінде болып тұрады мұндай.
Осыдан сәл бұрын Жазушылар одағындағы үлкен бір жиында Сағи Жиенбаев өлеңді қорғау тұрғысынан жақсы баяндама жасап, жұрт көңілін бір серпілтіп тастады. Ашынып айтты, біраз жәйтті ашық айтты. Сол Сағидың өзі көп жылдар бойы "Жазушы" баспасының поэзия редакциясын басқарып еді, халтурамен күрессе сонда қайда қалды екен, небір жасық-жаман кітаптар сол жылдарда жарық көріп еді ғой, деп ойлауға болар еді, бірақ жоғарыдан болатын жаңағы қысымды еске алып, оның да жайын түсінгендей болдым. Өлеңге өгей баладай қарау өз ішімізде де жоқ емес. Басқасын былай қойғанда, мына бір "дәстүрлі" жәйтке назар аудара кетейінші. Үлкен-кіші жиындарда әдебиет жайында баяндамалар жасалып, орталық, республикалық баспасөз беттерінде мақала, интервьюлер жарияланып жатады. Небір дуалы ауыз шешендер, жұрт басқарып жүрген азаматтар арғы-бергі әдеби үлгілерге, аты мәшһүр қаламгерлер творчествосына шолу жасайды. Сонда поэзия көбіне қағаберісте қалтарыс қала беретінін қайтерсің. Проза жанрында қалам тартып жүргендерді буын-буынға бөліп, жіліктеп, жіктеп, жіпке тізіп келеді де, ұяты бар бірі енді есіне түскендей: — "... әдебиетке ақындар да ат салысып жүр, мәселен..." деп өзіне заты емес, аты ғана белгілі бірер ақынның есімін еске түсірумен шектеле береді. Прозаиктердің данасын, баласын, шаласын түгел тізіп кеп, ең бір белсенді, белді ақынға келгенде тілі күрмеліп, тұтығыңқырап тұрып бірдеме деген болады.
Сонда мен ойлаймын: "апыр-ау, бұлар поэзияға қашанғы сол қосалқы шаруашылық тұрғысынан қарай береді? Әдебиеттің қос қанаты болса, бірі — поэзия емес пе еді", деп.
"Жазушы" баспасында жүріп, аз жылда үш бірдей директормен бірге жұмыс істеуге тура келді. Солардың бірі (жақсы азаматтың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын) кезекті тақырыптық жоспар жасау үстінде: "Мен үшін жоспарға айтулы деген ақыннан гөрі, Амантай Байтанаевты кіргізу әлдеқайда тиімді", — деп қалғаны бар. Байтанаевты кеміткені ме, өлеңді кеміткені ме, кім білсін. Тыңдап отырып ренжідік, өлеңнің қасиет-киесі жайлы еске салған болдық. Сөзіміз өте қоймады.
Бұл да жоғарыдағы салқын салғырттықтың салдары еді. Поэзия, әйтеуір, екінші кезекте тұруы керек дейтін келеңсіз тұжырымнан туған қисынсыз пікірдің жемісі болуы керек деп түйеміз. Өлеңнің қорғансыздығына бұл да дәлел болып қалар-ау.
"Ақын" аталатын ұғымның нарқы кеміп, поэзия қайраткерлерінің бағасы төмендеп бара жатқан жоқ па осы? Өйткені, қазір Жамбыл да "ақын", жүрдім-бардым өтіп жататын айтыстарда бір көрініп қалатын жезқазғандық Тазша бала да "ақын", Абай да "ақын", жақын-жанашырларының арқасында теледидардан оқта-текте "әу" деп қалатын Айжарық та "ақын". Шығармасы әлі жүз ғасыр жасайды десек күпірлік болар, әйтеуір, ел есінде ұзақ қалар Әбділда Тәжібаев пен Әбу Сәрсенбаев та, Манап Көкенов пен Көкен Шәкеев те іркес-тіркес бір мезгілде "халық жазушысы", "халық ақыны" деген атақ алды. Онда да қос Әбекең "халық жазушысы" да, Көкенов пен Көкен — "халық ақыны". Яғни, "жазушы" мен "ақын" ұғымы әлі де тең емес, әйтеуір біреуі кем. Өйткені бұл адамдар творчествосын салыстыру ешбір басқа логикамен сиыса қоймауы анық. Осының да басын ашып, белгілеп алып, бір межеге тоқтар тұс жетті.
"Ел іші — өнер кеніші" деп жазып жатады газеттер, дауымыз, таласымыз жоқ. Болсын. Бағалайық. Тек қана әр сөзі алтынға бергісіз профессионалдарды — бір сөзін тасқа басуға келгенде бәріміз қиналып қалатын әуесқойлармен қалайша қатар қоя алмақпыз? Әрқайсысына атақ, орден не үшін беріліп отырғанын ашып айтып, тоғытқан қойдай топтап айдай салуды қоятын уақыт жетті емес пе?
Радиодан әлдекімдер өлең оқып жатты. Өлең деуге келмейтін көк жасық бірдеме, мұнысы тағы қай пысық болды екен деп құлақ түре қалсам, диктор: "Сіздердің тыңдағандарыңыз ақындар Изенбасв Жусанбай, Арпабаев Сұлыбайлардың өлеңдері" (шартты түрде ) деп, шімірікпей соғып тұр. Құдайы шыным, жағамды ұстадым. Ондай, "ақындардың" атын естіп, өлеңін оқысам құлағым керең, көзім соқыр болып кетсін!
Халтураға қарсы ұлы қамал болуға лайық маңдайға басқан журналымыз "Жұлдыз" кей-кейде қабырға газетінің өзіне ойлана жариялайтын ортақол, дүмбілез шығармаларға бетін кең ашып қойып, аты-жөні беймәлім біреулерді үзбей насихаттап жатады. Кейде журнал Жұбан Молдағалиевке екі бет берсе, әлгіндейлерге келгенде орапайсыз жомарттық жасап, төрт-бес бетін ұсынып жататынын қайтерсің.
Ақындардың өзіне де обал жоқ. Ру-руға, қайдағы бір жүзге бөлініп бет жыртыса бергенше, рухтас, иықтас таза дарындар жиналып, талантты топ құрап, халтураға қарсы аяусыз ақтық айқасқа шықпас па. Оны қойғанда, алдына келген графоманға: "Әй, шырағым, мынауың көркем шығарма емес қой, әуре болмасаңшы!" дейтұғын, немесе бір пайдасы тиіп, жақсыны арашалап, жаманды жер етер ме деп, пікір айтуға берген халтура қолжазбаға көпе-көрнеу күлгірси, ат та өлмесін, арба да сынбасын деп атүсті тиіп-қашты ғана пікір айтатын, жалтаруға, жауаптан қашуға даяр тұратын нелер бір дарынды жігіттердің әрекетіне де ішің ашып, өлердей қорланасың. Бір айтса, осы айтар-ау деп дәмеленген үмітің осылайша жер болғанын көргенде, бәрінен біржола жеріп, айдалаға безіп кеткің келетіні бар екен...
Осындай ортақтаса күресер іске белсене, жең сыбана кірісудің орнына, тәп-тәуір аты шығып, айналаға таныла бастаған, ақын атын алып жүруге әжептәуір қақысы бар біраз жас азаматтар, "өлеңді жақсы жазып, жұртты жарылқап тастадық, енді бізге атқамінер кез жетті, тәуір қызмет керек, лауреат, депутат болатын кезіміз де асып барады" — деп, жер-жерге хат жазып, жекебас мәселесін күйттеп жүр. Сонда мен ойлаймын: осы жігіттердің біразына жалақысы мол жоғары лауазым берсе, бәлки, өлеңді біржола қойып та кетер ме еді, қайтер еді деп... Әйтпесе:
Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан,
нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан, —
деген, Абай даналығын еске тұта жүруіміздің артықшылығы болар ма еді?
Ақын деген қашан да қоғам қайраткері, аз мезгілінің ұлы тұлғасы емес пе. Ендеше ең алдымен оның басы дарынына, талант мөлшері, тындырған әдеби еңбегінің үлес салмағына қарай бағаланбаушы ма еді. Мақаламыздың әр тұсында ауызға алып кетіп отырған дара, даңғайыр тұлғаларды халық кезінде алтын тақта, лауазымды орында отырып ірі қызмет атқарғандықтан емес, артына өлмейтін, өлшеусіз ұлы мұра қалдырғандықтан бағалаған болуы керек. Ендеше талантсыз болсаң да — тағың, дарынсыз болсаң да — бағың болсын дегенді қояр сәттің де жетер күні болмайтын ба еді.
Енді бірер сөзді осы дамыған, толысқан поэзиямызға деген оқырман ықыласы, өлең насихаты төңірегіне қарай бұрсақ па деп отырмыз. Бұл өзі қазір ең өзекжарды мәселеге айналып отырғанын жасырып қажеті жоқ.
"Поэзияны ұқпаймыз, өлеңді оқып түсіне қоймадық",— деушілер де кездесіп қалады. Ол рас. Музыкалы слух (әдейі осылай алдым) әр пенденің басына бұйыра бермесе, өлеңге деген құлық та жұмыр басты көрінгенге қона берер қасиет, маңдайына бұйыра берер ырыс емес. Бірақ көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен болдым дегендей, ынта қойса, ауырсынбай, азға алданбай, әрірек үңіле түссе — өлеңді ұғуға да, сүюге де болады. Саналы, көзі қарақты адам жоғарғы математика, квантты физиканы да игереді ғой. Кейбір музыкаға құлықсыз адамдар концерт залдарына бара жүріп, камералық, классикалық музыканың өзіне құнығып, ақыры нағыз жанкүйеріне айналғанын естіп жүрміз емес пе. Поэзия деген де музыка. Мұны тек құлақпен ғана емес, көңіл-жүрекпен, бар діліңмен, тұла бойдағы дірілмен тыңдап білуің керек. Оның байыбына бармаған оқырмандарымыз нағыз бір ойлы ақынның оралымды, орамды, тұңғиық терең өзіне селт етпей мүлгіп отырады да, "Торғай пыр етті, трактор тыр етті" деген қайдағы бір арзан жатқан аяқ астылық әумесер өлеңсымаққа (өлең деп айтуға аузым барар емес) жатып кеп күліп, жапырлай қол соғып жатады. Амалсыз тағы да Абайға жүгініп:
Қайнайды қаның,
Ашиды жаның
Қылықтарын көргенде! —
дейсің де қоясың, күрсініп. Өлеңді осындай еріккеннің ермегі санайтындар кітабымды оқымай-ақ қойса екен деп те тілейсің.
"Шәкіртсіз ұстаз тұл" дегенді білеміз, соны сәл өзгертіп айтсақ, оқушысы болмаса — ақын тұл екен. Тағам дәмін таңдайымен сезгендей, өлең сөздің нәрін, шырынды балын қанымен, жанымен сезіне білетін оқушы болған жерде ақынның да, поэзияның да бағы жанып, жұлдызы жоғарылап жүре берер еді. Ол үшін ең алдымен орта мектептерде әдебиет пәнін оқытуға барынша қатал, барынша жауапты қарап, бұл жұмысқа мемлекеттік тұрғыда мән бере түскеніміз дұрыс бола ма деймін. Ақын дайындай алмасақ та, ойлы да саналы, көкірегі ашық, көңілі жүйрік оқушы дайындау қолдан келетіндігі жайлы қаншама айтылып, қаншама жазылып жүр. Амал не, әлі де нәтижесі ойдағыдай емес. Өрелі, ойы ұшқыр, ояу, түйсігі терең, ұғымпаз, зерделі — бір сөзбен айтқанда шын мәніндегі алдыңғы саптағы, мәдени тәрбиесі жоғары оқушы дайындай алмай келеміз. Күнбе-күнгі өмірден көріп жүрміз ғой, аты алты алашқа мәлім мәдениет қайраткерлері, әншілеріміз, артистеріміздің бірқатары қазіргі қазақ поэзиясы жайлы үстірт біледі. Теледидардан жиі көрініп, аты газет-журналға оқтын-оқтын көрініп жүретін бірен-саран ақындар болмаса, қалған көп белсенді, белді ақындардың атын да естімеген интеллигенция өкілдерімен жүздескенде олар үшін өзің ұялып қаласың. Әдебиетті өмір айнасы десең, сол айнаның ең таза, ең мөлдір тұсы поэзия ғой, ұлттың поэзиясын танып білмеген азамат қалай ғана ұлт мәдениетінің өкілі бола алады деп те таң қалмауға болмайды.
Мен орта мектепті бітіргелі де отыз жылдан асты. Отыз жыл ішінде орта мектептің әдебиет оқулығы көп өзгеріске ұшырамаған көрінеді. Біз де Жамбылдан бастап, Тайыр Жароковқа дейінгі қазақ совет әдебиетінің өкілдерімен үзіп-жұлып танысқан едік, менің мектеп бітіретін балам да солай, сол оқулық төңірегінде ғана әдеби білім алып отыр. Сол отыз жыл ішінде әдебиетке келген, жоғарыда мен атын атаған, атамаған көп таланттар тобы бүгінгі шәкірт назарынан тысқары қалып жатыр.
Отыз жыл бойына өзгеріссіз қалған әдебиет — өлі әдебиет. Ал біздің әдебиетті, біздің поэзияны өзгермей, дамымай, ілгері баспай, жаңарып, жаңғырмай отыр деуге кімнің ғана аузы бара алады? Олай болса, көп сөйлеп, жылдан жылға сағыздай соза бергенше, кесіп-пішіп бір-ақ тындырар қауырт бір қимыл, тоқетерлі әрекет керек сияқты. Ертеңге қалдырмай, осы бүгін, тап қазір шешілуге тиісті тығыз шаруаның бірі осы деп білемін. Мектеп бітіріп, тірліктің басқа саласында тізгін ұстап кететін азаматтар өз бетімен қайта оралып, поэзиямыздың қазіргі нұсқаларымен түбегейлі таныса қояды-ау деп тағы да сене алмайсың. Мектепте тұшынбаған, өлең дәмін алмаған бала, әй қайдам, ертең ержеткенде де білікті оқырман бола қояр ма екен? Күмәнім көп-ау.
Сонымен, өлеңнің өгей баладай болып, шетқақпай қалып бара жатқанын бірсыпыра дәлелдедік-ау деймін. Мен бір мақала жазып, сонымен іс оңғарыла кетеді, енді бәрі жөніне көшеді деген орынсыз оптимистік ойдан аулақпын. Бірақ, көп болып көтерген жүк жеңіл, дегендей, ары бар, абыройы биік азаматтар үн қосса, қолдаса, бірігіп жүріп, топтала отырып өз жанрымыздың арын арлап, сөзін сөйлесек, ақыры келіп, кімнің кім екенін көзіне айтар, асылды жасықтан айырар күн туып та қалуы мүмкін-ау деген үміт те жоқ емесін және жасыра алмаймын.
Ендігі сөзді әріптес аға, еңселі тұрғыластарымнан, қабырғалы қалың іні таланттардан — ірі таланттардан күтемін.
1989 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі