Жасыратыны жоқ, ара-тұра болса да "бізде әдебиет сыншысы, әсіресе оның кірпияз да нәзік, күрделі де қатпарлы жанры поэзияның, өзімізше айтқанда, өміршең де өрелі өлең сөздің барша толық ұңғыл-шұңғылын жетік білетін, сыртын көріп қана қызықтамай, ішіне ене-үңіле зерттеп, ақау кеткен, артық-кем түскен тұсын сынықшыдай дәл басып айта алатын сыншы жоқ" деген пікірді де естіп қалып жүреміз. Аузымызды осылай ұдайы ғана қу шөппен сүрте берудің өзі де ыңғайсыз, ыңғайсыз да болса "жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды-ау", осының да астарында әлденелер жатыр-ау дегенге ой жүгіртіп көрсек теріс болмайтын сыңайы бар. Сын деген де көбіне біткен іске, бітімі бөлек іске айтылмайтын ба? "Сабасына қарай — піспегі" деген де сөз бар, сын жоқ немесе аз болып отырса, ол бүгінгі өлеңдеріміздің сапасыздығынан, поэзиямыздың деңгейі барынша төмендеп кетуінен де емес пе екен? Өлең деп аталатын інжу-маржан орнына бүгіндері бала жұбатуға да жарамсыз сылдырмақ пен жылтырақты ғана алға тартып жүрген жоқпыз ба өзі? "Өлең — сөздің патшасы" еді, бүгін кім көрінген қалаған жағына жүгірте жұмсайтын малай балаға айналып бара жатқан жоқ па екен?
Міне, осы тұрғыда біраз ойланып алғанымыз артық болмайтындай көрінеді де тұрады.
Бертін келе байқағанымыз, көбіне-көп әр нәрсені өз орнына қойып, байсалды байыппен ақиқатын айтар шынайы сынның орнына, әйтеуір біреуді мінеуді мақсат тұта мақала жазатындар белең алып бара жатқандай көрінеді. Онда да таяқтың қай жақ басын басқаным дұрыс болар еді деп, әдебиет тағдырынан гөрі жеке бас қамын көбірек күйттеген сақтықпен ғана, екі шоқып, бір қарау басым. Мұның өзі де сонау бір жылдарғы әдеби жиындардағы баяндамаларда болсын, жекелеген шолу мақалаларда болсын, өлең шаруашылығында көзге түскен кем-кетік жайында сөз еткісі келетіндер ең алдымен өзіне пәлендей зияны тие қоймайтын алыс аудан, облыстарда тұратын авторлар шығармасын нысанаға алып, тілге тиек ететіні сияқты, ішкі бір бақай есептен әріге ұзамай жатады. Ол кезде, әсіресе, газет-журнал редакцияларын басқаратынтардың, баспалар маңындағы алпауыт-азулылардың көкжасық шығармалары жайлы ауызға алу Пайғамбар сөзіне күмән келтіріп, тіл тигізгенмен бірдей есептеліп, әлгі, пікірді айтқан адамға ол нақ бір күнаға батып, күпірлік жасағандай күдікті көзбен қарай бастайтынбыз. Жазушылар одағын басқарып отырған адамдар тіпті сыннан тыс еді, олар жайлы, олардың шығармалары жайында күмәнданудың өзі күнаға саналатын.
Соның салқыны әлі де бар. "Пәледен машайық, айтса басқалар айтсын, аш құлақтан-тыныш құлақ"— деп, көбіне әліптің артын бағуға тырысамыз. Осыдан бірер жыл бұрын бүгінгі поэзия көшінің басында жүрген Қадыр Мырза Әли, Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы Ұлықбек Есдәулеттер еңбегін күстаналаған мақалалар үздік-создық жарық көре бастады. Әрине, шынайы жанашырлықпен сынаса, жылатып айтар достық пиғыл болса, ондай сынды бәріміз де құптар едік. Өйткені үріккен жылқының арт жағынан қиқу сала қумай, алдына шығып қайыратын, сол сияқты ұлттық поэзиямыздың температурасы төмендеп бара жатуының барша себеп-салдарын төменнен емес — төбеден, іркес-тіркес келіп, әдебиет озықтарына берілетін мемлекеттік сыйлық алып жатқан айтулы ақындар шығармалары арқылы іздеп, болашаққа солардың үні мен мұңы, жетістігі мен жетімсіздігі арқылы болжам жасаса болар еді-ау деп те дәметіп қалғанбыз. Бірақ ол мақалалардың түпкі мақсаты мүлдем бөлек болып шықты. Шығармаларындағы кедір-бұдыр келеңсіздікті көзге шұқи айтудың, сол арқылы ортақ мүддеге орай ой-пікір түйіндеудің орнына тырнақ астынан мін тере шала бүліну, шапқа түрту, келеңсіз кекетіп, орынсыз мұқату басым болды. Сынымыз, сол баяғыдан айтылып келе жатқандай, шын болудың орнына қанжар жасырған қын болып шыққаны ұнамады. Дәл айтып, дәлелмен сөйлеудің орнына әдептен озып, шеңберден шығып кету басымырақ болды.
Ойланбай сөйлеу, көздемей ату қай-қайсымызға болсын абырой әпермейді. Өлең егістігін жаппай басып бара жатқан күрмекпен күресеміз деп жүріп, соның ара-арасындағы аздаған күрішімізді төгіп-шашып, ысырап етіп алуымыз әбден мүмкін. Бұдан көп жылдар бұрын өлең-жырдың асқақ білгірі, даңғайыр ақынымыз Әбділда Тәжібаев "Қас бітіреміз деп көз шығарып алмайық" деген аса бір ойлы мақала жазып, әдеби ортаны дүр сілкіндіріп алғаны бар еді. "Батыл сынайық, бірақ біліп барып, байқап сынайық" — дегенді меңзеп еді ол кісі. Бәрімізді де теріс жол, бұрыс тенденциядан, қысқасы солақай сыннан сақтандырған болатын. Ол мақаланы біреу білер, біреу білмес, қазіргі жастар жағы оқыса да, ойға сап сараптамауы да мүмкін. Сондықтан классиктерімізді оқтын-оқтын үлкен-кішінің есіне салып, қайталай оқытып, өзіміз де оқып тұрудың зияны жоғын да жолшыбай еске сала кеткім келеді.
Бұларды айтқанда, мен тіпті де Қадыр, Нұрлан, Ұлықбектерге ара түсіп, қорғап алайын деп отырған жоқпын. Олар менің қорғауыма зәру де бола қоймас. Тек қана жасымыз да, жасамысымыз да арын арлап, сөзін сөйлеп жүрген әдебиет алдында ең алдымен өзіміз адал болуға тырысайық та дегенді айтпақ едім. "Ондай-ондай хан қызында да болады"— демей ме халық, "әй, ыңғайға келіп тұр екен, осыны да бір сілкіп көрейінші" деген іштар ниетпен солақай сынға ерік беріп, "тисе терекке, тимесе бұтаққа" қарай шоқпар сілтей бастасақ, онда бар ғой, құдай біледі деп айтайын, бірер мақалаға өзек боларлық мінді Абайдан да теріп алуға әбден болар еді. "Жақсылығың күнде ұмыт, сәл жаңылсаң болды кек", — деп сол жарықтық Абай атамыздың өзі айтқандай, қымс етсе қырғиқабақ болуға даяр тұратын қазақы пиғылмен кез-келген адам өзі қалаған қолайлы кезеңіне орай ұялып-қызармастан, қысылып-қымтырылмастан кез-келгеніміздің шаңымызды аспанға шығара бір сілкіп алуы оп-оңай. Ондайлардың қолын қағу да, бетін қайтару да бұл күнде мүмкін болмай бара жатыр. Оның да несін жасырайық.
Оған мысал ретінде мына бір жәйтті тілге тиек ете кетсем, ешкім мені сөге де қоймас. Сөгіп жатса, оған да амал жоқ, ауызға келген сөзді айтпай және тұра алмайды екенбіз. Осыдан бірер жыл бұрын өзі де, сөзі де маған көптен таныс, жұрт көзінде ұдайы білімділігі, пайым-парасатымен жақсы аталып жүрген ғалым математик ініміз Асқар Жұмаділдаевтың: "Жазған соң (өлеңді айтады) Қадыр, Мұхтар Шаханов, Тұманбай Молдағалиевше жазу керек, әйтпесе жазып қажеті жоқ" деген пікірін оқығаным бар еді. Егер қалам ұстап жүрген қазақ ақындарының бәрі бірдей тек қана әлгі аттары аталған үш қана шайыр сияқты етіп жазып кетсе, құдай-ау, не болар еді? Өлеңнің соры сонда қайнамай ма. Баяғы Владимир Маяковскийше айтсақ, "жақсы да әрқилы ақындардың көп болғаны" дұрыс емес пе. Мен, әрине, Асқарды көлденеңнен киліккен көкатты қаймана қазақтың бірі санағым келмейді, бірақ поэзияға төрелік айту үшін де оның барша қыр-сырына қанық болу керек емес пе еді. Тиіп-қашып болса да математиканы біз де оқыған едік. Киселевтың алгебрасындағы біраз есепті мектепте мен де шығарғамын. А: + В: = дегенді әлі де ұмытқаным жоқ. Бірақ сол білімім Асқар сияқты математиканың жілігін шағып, майын алып жүрген ғалымдар еңбегіне баға беруге жарамас еді де, оған менің батылым да жетпес еді. Ал өлеңге келгенде олар қысылып-қымтырылмастан кесіп айтып, үлкен-кішімізге жөн-жосық көрсетіп жатады. Оның үстіне сол ғұлама Асқардың өзі: "Абайды әлі күнге түсінбеймін" — деп те мойындап қалады. Сөйте тұра өлеңді қалай жазу қажеттілігін айтып, ақыл үйретуден тайсалмайды. Бұл жерде, көңілге келсе де айтайын, баяғы Крыловшылап: "мұндай да мұндай сыншыдан құдайым бізді сақтасын" — демеске тіпті де амалымыз қалмай отырғанын айта кетуге тиістіміз.
Басқаның ісіне сын айту үшін, өзгенің бағасые беру үшін өзіміз сол сала бойынша одан гөрі (ой мен бой, білім мен біліктілік, кісілік, шеберлік, талант, дарын) сәл де болса жоғары тұрсақ болар еді. Ақылды сонда ғана айтсақ ләзім. Әйтпесе, "жығылып жатып сүрінгенге күледінің" кері болып жүрмесіне кім кепіл. Бір кезде Қасым Аманжолов та Тәкен Әлімқұловқа: "Өз сыныңды өзіңе айтар бір шығармаң басылса екен", — деген еді. Қарсы дау туғызушылар табылып жатқан жағдайда өз сыныңды өзіңе айта алмастай жағын қарастырып, дәлдікпен, дәйекпен, дәлелді сөйлеген жөн. Жазушы мен оқушы арасына ұдайы дәнекер болуға тиіс дейтін сыншылдарымызға қарата айтып жатқан сөзім бұл. Әйтпесе, бұрынғыдай "Кім не жазыпты?" — деп емес, "Кімді кім сынапты, кімді кім қатырыпты?" — дегендей сыбыр арасынан күбір теріп кеткен оқырман көбейіп барады. Соған өзіміз мұрындық боламыз да, сол оқырманды тағы да кінәлай түсіп жатамыз.
Өлеңнің құны кеміп, сыры кетіп барады. Газеттер мен журналдар бетіне қараңызшы, будақ-будақ, шумақ-шумақ өлең. Арзан сөзден аяқ алып жүре алмайсың. Саңырауқұлақтай қаптап "журналист — ақын", "футболист — ақын", "заңгер — ақын", "балгер — ақын", "зейнеткер — ақын", "бейнеткер — ақын" дегендер шықты. Кимелеп тіпті жол берер түрі жоқ. Қазір оларға сөз айту, "Әй, мынауың өлең ауылынан алыс жатыр ғой"— деп уәж айтудың өзі бекер әурешілік. Құлағына қыстырып жатқан ешкім жоқ. Газет-журнал редакциялары да оларда өз есіктерін айқара ашып қойған. Ендеше өлеңнің құны түспей, асыл сөздің қадірі кетпей қайтсін! Жылтырағанның бәрі алтын болмай да не қылсын!..
Өлеңнің құны түсіп кеткенін ақындардың (мен шынайы жазба ақындардың талантты шоғыры туралы айтып отырмын) қазіргі хал-күйі, тұрмыс-тіршілік, күнкөріс қамынан да айқын аңғара алар едік. Кешегі "кері кеткен кер заман" деп, бәріміз жерден алып, жерге салып жүрген Кеңестік кезеңде ақындар да басқа барлық қаламгерлер сияқты жазып-сызған еңбегіне қарай лайықты өтемақы алатын. Ел алдына түсіп, алтын сарайда тұрмағанымен әрбір жұқалтаң кітабы жарық көргеннен кейін бірер жыл болса да алаңсыз отырып жұмыс істеуіне жетерлік мөлшердегі тиын-тебені қолына тиер еді. Жасына қарай, дарыны, дәреже-дәркеміне қарай кімнің қанша алатыны да күні бұрын белгілі болып тұратын. Үкімет белгілеген белгілі бір мөлшердегі ставка деген бар еді. Алғашқы кітабынан ақырғы кітабына дейінгі өсу жолында ақынға өлеңнің әрбір жолы үшін 70 тиыннан 3-4 сомға дейін қаламақы төленетін. Егер тиражы көбейген жағдайда бұл сома екі-үш есеге көтеріле түсетін. Енді соны қазіргімен салыстырып көріңізші, не болып шығар екен. Ол кезде прозалық кітаптың машинкаға басылған 23-24 беті бір баспатабақ, өлеңнің бір баспатабағы 700 жол болып келетін. Қаламақы да соған сай төленетін. Бүгінгімен салыстыруңа да келмейді, айтуға ауыз ұялады.
Бұл жайлы (қаламақы мәселесін айтамын) Роза Мұқанова, Марал Ысқақбай, Құрал Тоқмұрзиндер әр кезде ашына жазған да болатын. Басқалар да жазып жатыр. Мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптарға төленетін қаламақы мөлшері дәл қазір кісінің күлкісін келтірерлік дәрежеде. Аты бар да, заты жоқ. Жуырда белгілі жазушымыз, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразбек Сарсенбаев: "Мәселен, мен қалың кітабыма үш жүз мың теңге қаламақы алдым. Бәлкім, күлкілі естілер. Бірақ шыны солай" — дегенді айтыпты. Оразбектің өзі баспа басында отыр, соған орай 300 мың теңге алған ғой, әйтпесе, қазір баспа иелері келісіп алғандай (келісіп алуы да әбден мүмкін) жазушы еңбегін барынша қанап, сол үкімет берген азын-аулақ тиын-тебенді де жұлмалап, жырымдап жүріп, өз қалталарын ғана қалындатуды ойлайды, қақшып алып, қалам ұстар әріптесін қан-қақсатып жатқандары. Сәл реніш білдірсең: "Осыған да рахмет демейсің бе, мұны да бермесек қайтер едің?" — деп қыр көрсетіп, күлкіге айналдырады. Өзіңді мазақ етеді. Қорлайды. Күресуге дәрмен тағы жоқ. Бірқатар баспа басында да ақындар мен жазушылар отыр, бірақ "өзі болған қыз төркінін танымайдының" кері, оның үстіне "тоқ бала аш болм деп ойламайды" емес пе. Ал әлгі ставка дегенге қайыра соғар болсақ, қазір сол мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптарға үзіп-жұлып ақы төлейді, бірақ бұрынғыдай өлең деп, қара сөз деп, әрқайсысын өз деңгейінде лайықты бағалау жоқ, екеуінің ара-жігін ажыратып жатпастан "всем сестрам по серьгам" дегендей, баспа табағына орай төленетін болған. Бұл жердегі әділетсіздік неде дегенге келетін болсақ, қара сөз жазатын жазушылар ойында әбден пісіп-жетілген 20-25 баспа табақ роман-хикаяттарын бері салғанда бес-алты ай, әрі кетсе бір жыл ішінде жазып тастайды. Ал сондай көлемде өлең кітабын жазып шығу үшін ең талантты деген ақындардың өздеріне кем дегенде табаны күректей он жыл керек болар еді. Өз басымыз бірер жыл бұрын "Елорда" баспасынан жарық көрген "Өткірдің жүзі" аталатын кітабымызды (көлемі 15 баспа табақ) соңғы 12 жыл ішінде қағаз бетіне түскен шығармаларымыздан іріктеп құрастырған болатынбыз. Сол кітапқа алған қаламақымның мөлшері бар болғаны 1000 АҚШ долларына жетер-жетпес болымсыз ғана бірдеме.
Қазір "Аударма" аталатын баспа бар көрінеді. Оны ашқандар да өз есебін әріден ойлаған болулары керек, әйтеуір көркем аударманың әрбір баспа табағына 35-40 мың теңгеден қаламақы төленетінін білеміз. Қазақтың өз тілінде жазылған шығармаларға, мейлі ол өлең бе, проза ма, бәрібір 5-6 мың теңгеден әрең төлеп жатқанда, бұл неткен мырзалық? Бұл неткен келеңсіздік?
Аудармаға аз төленсін деп отырған жоқпыз. Бірақ ең алдымен төлтума шығармалар назарға алынса керек еді, өйткені аударма деген, әйтеуір, дайын дүниені бір тілден екінші тілге қотару ғана ғой.
Күнкөріс қамын күйттеп кеткен адамға қамсыз отырып, алаңсыз ғана шығармашылықпен айналысу қайда? Ондай жағдай бұл күнде мүлдем мүмкін емес. "Есектің артын жусаң да мал тап" — деген Абай өсиетін басшылыққа алып, өлмес қамыңды жасаудан әріге бара алмайсың.
Осылардың бәрін ойлай келе, "Жазушылықтан қайыршылыққа шейін" деген мақала жазып едім, жасыратыны жоқ, жариялауға жасқандым. Бәрібір ешкімді иландыра алмаспын деп те ойладым. Сөйттім де, арығанымды ағайынға білдірмей, сыртқа жүнімді қампайтып қойып жүріп жатқан жайым бар...
Ендеше, бір-бірімізді шапқа түртіп "ойнай" бергенше көп болып осынау зар-үнімізді үкімет құлағына сіңіру жағын неге ғана қолға алмаймыз. Алдымен өзіміз кіріптар болып отырған мәдениет, ақпарат және туризм жөніндегі министрлікке, одан қайыр болмаса елбасымыз — Президентімізге дейін жүгініп көрсек қайтер еді? "Елдің күші — селдің күші" деген бар, жалғыз қаздың үні шықпайды, көп болып дауыс көтере үн қатсақ солардың бірі болмаса бірінің құлағына жетіп қалар еді, бірі болмаса бірі мұншалық қуатты қауымның жан айқайына құлақ асып та қалар еді ғой деп те ойлаймын мен.
Әрине, ол үшін жалғыз-жарым жүріп байбалам салмай, қазіргі қалам ұстар қалың елге басшылық жасап отырған Жазушылар одағы тұтаса тұрып, тегеурінді қимылға барғаны оң болар еді. Сонда бұл қауымдастықтың беделі де, бедері де басқаша реңге ие болар еді. Өйткені ұлт сөзін ұстап жүрген зиялылар қауымының басын қосып отырған салмақты да салиқалы, ордалы да қордалы үлкен ұйым екендігімізді айнала жұртқа ұдайы сездіріп отырмасақ, жеке-жеке жүріп емес, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білетін біртұтас ел екенімізді білдіріп отырмасақ, бізді ешкім де мойындап, ешкім де санаса қояйын демейтін болады. Көп болып күш біріктіргенде ғана еңбегімізді ешкімге жегізбей, көрінгенге қолжаулық бола жалтақтамай күн кеше алмақпыз. Жақсы шығарма, саналы ой сонда туады. Бұл жайлы орыстың тағы бір ойшылы Д.И.Писаревтің: "Только сытые люди могут быть свободными гражданами, толпа голодных ... пойдут за тем человеком, который покажет ей ... кусок хлеба" — деп баяғыда жазғаны бартұғын. Егер біздің бәрімізді сол айтқандай ашынған аш тобырға немесе айналасына жалтаңдай қараған жағымпаздарға айналдырғысы келмесе, үкіметтің осы бір қаламақы саясатына да айрықша көңіл бөліп, кезінде әлдекімнің кінәсінен кеткен келеңсіздікті шұғыл түрде қайта қалпына келтіргені жөн болар еді. Іргеміздегі Ресей елі бұл мәселені түбірімен қайта қарап, оң жолға қадам басқалы қашан. Оларда тіпті Мемлекеттік сыйлықтың ақшалай сомасын отыз бес есеге көбейткенін де ақпарат құралдарынан оқып білдік. Бізде болса, әлі де сол біреулер жылап жүріп, біреулер сұрап жүріп алатын мемлекеттік сыйлықтың өзі де, оның азын-аулақ ақшасы да әдебиет өкілдері арасында әртүрлі алыпқашпа әңгімеге өзек болып келе жатқаны жасырын сыр емес. Ел ішінің жағдайы барлық жағынан қалпына келіп, үдере ілгерілеп, экономикалық тұрғыдан өркендей бастаған қазіргі кезеңде әдебиетке өгей баладай қарай берудің реті енді жоқ шығар деп те ойлаймыз. Ақын сөзі қашанғы жерде қала беруге тиіс?
"Қазақ әдебиеті", 2006 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі