Алпыс жылдық мерейтойды жалғастырамыз деп Алакөл жаққа арнайы барып қайтқан едім. "Қалай барып қайттыңдар?" — деп сұраушылар көп болған. Солардың бәріне жауап беріп отыру мүмкін еместігін ескеріп, сол бір жолсапар жайын қысқаша ғана хатқа түсірген жайым бар еді.
Жолға дайындықтың өзі де менің басымды біраз ауыртып, жүйкемді жұқарта түскен шаруа болды. Ең алдымен, менімен бірге Алакөлге кім баратынын келісіп алу да біршама әңгіменің өрбуіне әкеп соқты. Менің мерейтойымды өткізу жөніндегі комиссияның төрағасы, бірер ай бойы осы шаруаға атсалысып келген аға дос ақыным Тұманбай Молдағалиев, шығармашылық жолыма шолу жасаған Темірхан Медетбековтердің баратыны белгілі болған да, бұрынғы келісім бойынша тізімде достардан Қастек, Құттыбек, қызметтес Есенғали бартұғын. Есенғалидың бару-бармасы ақырғы күнге дейін белгісіз болып тұрды, кесіп-пішіп бір-ақ айтпай, сөзбұйдаға салып, діңкелете берді ол батыр.
Маусымның соңын ала Қастекке хабарластым.
— Мені масыл ғып қайтесің сол, түк те өкпелемеймін, қажет деген адамдарыңды алып өзің жүре берсеңші, — деді ол. — Ал, алда-жалда менсіз бара алмаспын деп жатсаң — қашанда дайынмын ғой, оны тағы көрерсің.
Құттыбекке көлік жағының қат болып тұрғанын айтып сипақтатқан болдым. "Бармай-ақ қояйын — деді ол да. — Ағайын арасында өкпе-наз деген бола береді ғой, ештеңе етпес", — деп ішкі ренішін де жасыра алмай қалды. Жүрек те (Құдаш Мұқашевтың баласы) дайын отырғанын айтып үйге телефон шалыпты.
Жолға шығардан үш күн бұрын үйіне барғанда інім Секен мен келінім Розаның да бірге жүргісі келетіндерін, мен әдейі ерткісі келмей отыр ма деген сыңай танытқандарын аңғарып қалып едім. "Көлік табыңдар да, еріп жүріңдер", — дедім оларға да. "Ат-көлік өзімізден еді, қара көбейтіп барып қайтсақ" дейтін бірі жоқ, бәрінің де маған міндет арта сөйлейтіндері қинап бітті. Ақыры, қойшы, баратындардың басы бүтінделе бастағандай еді.
Тұмекең өз машинасымен баратынын, қасына бәйбішесін ала жүретінін ескерткен.
Аудандағылар қалай қарайды, қанша адам барғанымыз жөн, көп болып шұбырамыз деп, ол жақты ыңғайсыз жағдайға қалдырып алмаймыз ба деген сияқты күдікті ойлар да мазалай беріп еді.
Жолдас-жораның реніш-өкпесін арқалағанша, бармай-ақ, тіпті осының бәрін жылы жауып қоя салсақ па деп те біраз толқығаным рас. Бірақ ел іші, аудан басшылары құлақтанып қалды, ағайын-жұрт күтіп отырғанын ескеріп, не де болса нар тәуекел деп бел буған жай бар еді.
Сәрсенбінің кешінде Есенғали хабарласып, әлдене себеппен бара алмайтынын айтты. Онысына да рахмет. "Жә" деп, сонымен жол жүруге дайын болдық.
Бейсенбі күні таңертең үйте Қастек, Темірхан, Ахметтер келді де, енді бәріміз сарылып Тұманбайды күттік. Бір күн бұрын өзі: "Ертерек, сағат ондарда шығып кетейік", — деп келісім жасағаны бар еді, бірақ кешіге берді. Айтқан сөзде қатып қалатын мен үшін мұндай қылықтың да жайлы болып тие бермесі хақ.
Біз сыртқа шығып, машинаға қажет оны-мұнымызды салып жатқанда Тұманбай да жетті. "Күлтай бармайтын болды, — деді ол. — Жол алыс, ауырсынды ғой деймін".
Оның машинасына Темірхан екеуміз отырдық та, Қастек, Ахмет, Мәрия үшеуі біздің көлікке жайғасып, "Иә, сәт!" деп, күншығысты бетке ала тартып бергенбіз.
Қапшағайға жеткенше соңымыздағы Мәриялар көріне қоймады да, жолдан бұрылып, соларды аз-кем күтіп тұрып қалдық.
Бір кезде олар да жетті. Бұлар әдейілеп бұрылып, Ахметтің үйіндегі Раушан келінді ала шығыпты.
Тұмекең бірден-ақ ініміздің бұл қылығын жарата қоймағанын аңғартты. "Мен Күлтайды артықсынып жүрсем, мына ініндікі не?" — деп маған қарап бір күңк етті де, Қастекті шақырып, бұл әңгіменің түп төркіні қайдан шыққанын анықтай түсті. "Келініңізді ала жүрейікші, орын бар ғой", деп Мәрияға қадалған Ахмет", — деді сыйпай қамшылауды білмейтін Қасекең.
Мен не дей қояйын. Кей кезде кейінгі інілеріміздің де осылайша арнасынан асып түсіп жататындары болып тұрады. Оған да еріксіз етіміз үйренген.
Күн дегенің бүгін төтенше ысып берді. Талдықорғанға 50-60 шақырым қалғанда, Тұмекең жол үстіндегі жеркепе, жұлым асханалардың бірінен ауқаттанып алсақ деген ниет білдірді. Менің оншалық құлқым соға қоймап еді, Темірхан, Қастек те қарсы болмағасын, көндім де, жолдан бұрылдық. Мен ойлағандай-ақ, киіз үйдің кеспесі ешкімге ұнамады. Шұқылап, тәбетсіз ғана дәм татқан болдық. Әйелдер жағы астан бас тартты.
Талдықорғанға кіре берісте Тұрсын Әбдуәлиев, Қанат Асқаров, Кемел Құсайыновтар бастаған бір топ адам күтіп тұр екен. Құшақтасып, сүйісіп жатырмыз. Жол шетіне дастархан да жайып жіберді жігіттер. Сусын ішіп, аз-кем аяқ суытып аялдаған болдық.
"Талдықорған" қонақүйіне орналасып, жуынып-шайынып жеңілденіп алған соң, университет ректорының кабинетіне бардық. Қала әкімі Керімжан Бижанов та сонда екен. Ректор Төлеген Қожамқұловты да, проректор Есенгелді Меңліғазиевті де бұрыннан танитын болып шықтым. Ректормен осыдан он жыл бұрын Мәскеуде, Есенгелдімен кейінірек Алматыда танысқан едім.
Сағат бесте басталған жиын едәуір ұзаққа созылып кетті. Зал іші қапырық, адам көп. Желпініп, жейдемізден желдеткіш жасаған боламыз.
Қала әкімі маған ат мінгізіп, иығыма зерлі шапан жапты. Серіктестерім де сый-сияпаттан құралақан қалған жоқ. Осы ырымды университет ректоры да айна-қатесіз аудармай қайталады.
Менімен бұрын қызметтес болған адамдардың біразы сөз сөйлеп, көңіл қошеметтерін аямай-ақ білдіріп жатты. Ең "қызық" сөз кешкі банкетте болды. Кешті басқарып жүрген қалалық газет редакторы Кемел Құсайынов інім біршама көпшік қоя келіп, сөз кезегін осы өңірдегі кәрі журналистердің бірі, менің ескі жолдасым Сейдеш Мұқаметшинге берді. Ирелендеп орнынан әзер тұрған "полтора қазақ" (мұндағылардың көбі бойының орасан ұзындығына қарай оны осылай атайды) менің осыдан отыз жыл бұрынғы жастыққа тән кейбір артық-ауыс қылықтарымды қазбалай теріп, қайдағыны езгені-ай дейсің келіп. Менің суға түсіп жүріп әлдебір офицер орыспен төбелесіп қалғаным, обком шопырының тұмсығын қызыл қан етемін деп милицияның сауықтыру бөліміне түскенім сияқты жас кезгі абыройсыз қылықтар түгел тізіліп, тосын құлақ үшін аяқ асты қайдағы бір қандышелектің өзі болдым да шықтым. Өзі соны аса бір тапқырлығым деді ғой деймін, маңғаздана, мардымсып тұрып ұзақ әңгімелегені. Біреулер күлді, біреулер жерге қарады. Ұзын адамдарда ақыл аз болатынын бұл "досым" осымен тағы бір "дәлелдеп" шықты.
Қала әкімі Керімжан Бижановты бұрын білмеуші едім. Сыртынан естуім бойынша, Қастек, Қанаттарға бөле, қазіргі тілмен айтқанда, іскер жастар санатына жататындардан сияқты болатын. Әйткенмен, жөн-жосықты біліп, қызметке төселіп қалған орнықты жігіт екенін байқатты. Жүріс-тұрысы маңғаз, сөзі салмақты, бір көргенге тартымды тәуір басшы көрінді.
Кешкі дәм салтанаты әнімен, сәнімен өтіп жатты. Қалыптасып кеткен әдет бойынша, менің атыма тағы бірқыдыру марапат, мақтаулар айтылды.
Мен бұл жолы Қанат пен Кемел сияқты ел басқарысып жүрген екі ініме қатты риза болдым. Екеуі екі жақтан жұртты иіре қайырып, кештің көңілді, мазмұнды өтуіне барынша күш салып бақты. Маған деген шын ықыластарын танытып, аянып қалмады. Қала әкімінің орынбасары Қуанышбек Жаңабаев та тілі орамды, орнықты жігітке ұқсады. Нәрлі, дәмді сөз айтты. Бұл кеште біз жақтан сөйлеген Қастек сөзі де қоюлау да әсерлі, айшықты шықты.
Қала әкімшілігі атынан бізге қызмет көрсеткен Баян Рысбекова қарындасыма да қатты риза болдым. Көргенді жердің баласы екенін байқатты. Баянның шешесі Жәкен бір кезде менің мұғалімім болған, әкесімен қызметтес (аудандық газетте редактор еді) болып көргенім бар. Өзі де осыдан он жыл бұрын аудандық партия комитетінің хатшысы ретінде менің елу жылдық мерейтойымды өткізуге атсалысқан болатын. Бұл жолы да соншалық жақындық танытып, қызметін бұлдамай, жанымызда жарқылдап жүріп, жақсы пейіл аңғартты.
Талдықорған әкімі Керімжан бізді қаладан едәуір жер ұзатып салып, қасымызға кешегі Тұрсын, Қанат, Кемелдерді қосып берді де, қайыра құшақтасып аттандырды.
Ақсудан асып, Сарқант ауданына кіре берісте бізді бір топ қыз-келіншек әндете қарсы алды. Өзін аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісімін деп таныстырған қарындастардың бірі: "Қазір әкім де келеді, сәл күтейік, ағай", — дегеніне қарамай, күн ыстықта далада тұра бермейік деп, қалаға қарай жүріп кеттік. Бұл ауданның әкімі Тұрсынбай Шантуұлы Ғалинов маған жекжаттығы бар, жақсы көретін жақын жерлес інім еді. Жиі араласып жүрем. Биязы, бапты Клара келінімнің қолынан сан рет шәй ішкен үйім. Енді сол Тұрсынбайдың тосып тұрмағанына жасаған қырым да болуы керек, бізге арнап дастархан жайылған асханаға бір-ақ тарттық. Енді отыра бергенде, қасында милиция бастығы подполковник Сәкен дейтін жігіті бар, Тұрсынбай да жетті. "Біз сіздерді 12-де келер деп мөлшерлеп едік, бір бес-он минутке қателесіппіз, кешіріңіздер!" — деп жатыр ол да жөн білетінін аңғартып.
Ол жерде үш-төрт сағаттай сұхбат құрып, ішіп-жеп, көңілді отырдық. Мен Тұрсынбай мен милиция бастығына қолтаңба жазып "Алакөлім — айдыным" аталатын кітабымды сыйладым. Тұрсынбай өз атынан Тұманбай Молдағалиевке ат мінгізудің жоралғысын жасады.
Қазақ әдебиетінің жақын досы болған, әсіресе Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыздың шығармаларын орыс оқырмандарына жеткізуге көп еңбек сіңірген Юрий Казаков жайлы естіген бір әңгімем бар еді. Ол бір топ достарымен кештетіп Валентин Катаевтың үйіне келсе керек. Юрийдің ішуді теріс көрмейтінін жақсы білетін жасы үлкен, дәулеттірек Катаев меймандарының алдына ішімдік шөлмектерінің жеті атасын жайнатып, жарқыратып қояды ғой баяғы. Бірақ оймақтай рюмкемен сыздықтатып бір рет, екі рет, үш рет алғызыпты. Достары "енді кетейік, ыңғайсыз ғой" деген сыңай танытады. Сонда Казаков:
— Ой, бауырларым, аясаңдаршы, аясаңдаршы мені! — деп шар ете түседі ғой. — Мынадай көп шөлмекті көзіміз қиып, қалай ғана тастап кете бермекпіз?
Сол айтқандай, майысып тұрған мол дастарқанды қиып кету де қиын, бірақ амал қанша, алдымызда бізді күтіп отырған қалың ел бар, жол ақысы жүруде дегенді ескеріп, орнымыздан ауыр көтерілдік-ау ақыры.
Көкиірім аталатын сайдан шыға берістегі төбеге көтерілгенде бүкіл Алакөл өңірі алақандай болып, қарсы алдымнан жарқ ете қалатыны бар. Сол төбенің үстінде аудан әкімі Оралбек Нұрсейтұлы Жақиянов, оның бірінші орынбасары Мұхтар Исағұлұлы Жолжанов бастаған бір қауым ел бізді күтіп тұр екен. Іштерінде Алматыдан осы жиынға арнайы келген менің ұстазым Мұхаметбай Мыңбаев та бар.
Қызыл-жасыл ұлттық киім киген қыз-келіншектер нан-тұз алып алдымыздан шықты. Біреулері қымыз сапырып, шара-шарасымен ұсынады біздерге. Құшақтасып, қауқылдасып, мәре-сәре болып жатырмыз. Бізге арналып ән-жыр айтылып, домбырадан төгілген күйде есеп жоқ.
Осындай сәт аудан орталығындағы қонақүй алдында да қайталанды. Қаумаласып құшақтасқаңдар ішінде менің досым Толғанбаев қана болмады. Сірә, мені аңғармай қалды десе керек, елпілдей амандаспағанын білдірмегенсіді. Мен де байқамаған, оншалық мән бермеген сыңай таныттым. Тегі, осы досым ертеңінде де, келесі күндерде де қасыма көп жолай қоймады. Әйелі де көзге түскен жоқ. Мәрия екеуміз бұған да таңырқап қана қойған болдық. Себебін әлі сұраған емеспін өзінен.
Күтіп алушылар көп-ақ екен. Үлкені де, кішісі де бар. Бірін танимын, бірін жай ғана шырамытқан болам. Бәрі де үпір-шүпір топырлай келіп құшақтасып, құтты болсын айтып, бетімнен сүйіп құттықтап жатыр. Мұндай ықылас-пейілге көп дағдыланбаған маған да оңай емес, көңілім бір түрлі босай береді.
Қонақүйге сәл ғана аялдап, маған жиен күйеу болып келетін Аман Омарбаевтың үйіне тарттық. Дастарқаны жаюлы екен. Райгүл де мәз. Туыстар түгел сол үйге жиналыпты. Шөл қандырып, күні бойғы жүріс, ыстықтан ептеп те болса ес жиғандай болдық.
Сағат деген дегбірімізді ала тықсыра тықылдап, әне-міне дегенше кешкі бес те болып қалды. Аудандық мәдениет үйінде өтетін жиынға келдік. Кіре берістегі кең залға менің шығармашылық жолымды паш ететін айшықты көрме жасалған екен. Кітаптар, газет-журналдағы материалдар, әртүрлі құжаттардан ойластырыла орынды жасалған көрме жұрт көңілінен шыққанға ұқсады. Жиынға әжептәуір-ақ ел жиналып қалыпты. Алматыдан келгендер жұп жазбаған қалпымызда сахнаға жайғастық. Залға қараймын. Алдыңғы қатарда бір кезде маған сабақ берген Болысбек, Құсайын, Зайыр, Әлмен сияқты ағаларым отыр. Құрдас, сырластар бар. Әріректе мен біле бермейтін бір топ жастар көрінеді.
Жиылысты аудан әкімі Оралбек ашты. Сөзін аяқтай келе менің иығыма шапан жапты. Тұмекеңе ат мінгізіп, басқа серіктеріме де сый-құрмет көрсетіп, қошемет білдірді.
Мұндағы жиында Мәкетай Жақыпбеков сөйлеп, тағы да менің бұрынғы Үйгентас ауданындағы Талдыбұлақта туғанымды тілге тиек етіп біраз дәлелдеп тұрып алды.
Мұның өзі бір бітуі жоқ өнбес дауға айналып келе жатқан әңгіме. Анау бір жылдары мен Халық депутаттығына сайланарда осы әңгіме біраз адамның басын ауырта өрбіп барып әрең басылған болатын. Себебі, менің қарсыласым болған Камал Үйгентас ауданынан еді. Алакөлдегі мені жақтап сөйлеушілер соны тілге тиек етіл, "қарыстан сүйем жақынды" сылтауратып, мені іштарта, өз жерлестері, Камалды сәл де болса бөліп, сырт ағайынға балап, біраз дүрлігіскен еді. Сонда да осы аға досым Мәкетай менің Талдыбұлақта туғанымды дәлелдеп, біраз елмен тәжікелескен болатын. Соны тағы көлденең тарта берді.
Талдыбұлақта туғаным да рас. Әкеміздің үйінің орны сонда әлі өшпей жатыр. Өйткені отызыншы жылдардың соңын ала колхозда бригадир болып жүрген жерінен менің әкем "халық жауы" ретінде ұсталыпты. Бар айыбы — бригадаға тиісті тұқымдық картоп шіріп кеткен. Түрмеге отырғызуға апарған жерінен жанашыр достары есебін тауып, тау асыра қашырып жіберген көрінеді. Талдыбұлақта орналасқаннан кейін әкем астыртын түрде өзінің отбасын да сонда көшіріп алып, 1938 жылы мен дүниеге келсем керек, 1942 жылдын басында әкем соғысқа алынып, біз қайта өз ағайынымыздың арасына — Алакөлге көшкенбіз. Ағайын жұртты екіұдай әңгімеге апарып, ара-тұра таластырып қойып жүрген де сол жәйт.
Мәкең де қайдағыларды қоңырсытып, қырық жыл бұрын менің чечен балаларымен төбелескенімді де айта кетті сөз арасында. "Әу, сен өзің мүлдем хулиган болыпсың ғой!" — деп Тұмекең күледі "табалап". Ақталып жатқым келмей, мен де бас изей құптай берем. Жоқ жерде сөз көбейтіп, дауласып жатқым келмейді.
Ұдайы ғана қошемет-құрмет көріп, кіл ғана ілтипатқа ілігіп жүрмеген адамға кілең мадақ пен одадан алқа тағып, мақтап, марапаттап жатқандардың сөзін міз бақпай тыңдап отырудан азапты нәрсе жоқ екен. Құшақ-құшақ гүлді де қысылып-қымтырылып отырып әрең аласың. Бір орнында байыздай алмай, қипақтай бересің.
Біздің руымыз Алдияр аталады. Бұл өзі аса көп өсе қоймаған, бірақ қыран балапандарындай шымыр азаматтары ешкімге есесін жібермейтін ауызбірлікті ел. Алдияр бабамыздан тараған ұрпақты күні бүгінге дейін алакөлдіктердің үлкендері айырықша қадірлеп, "Бабаң балалары" десіп отырады. Төрге де елден бұрын "Бабаң балалары" шығатын дәстүр әлі күнге сақталған. Жасы бізден егделері әсіресе осы жағын берік ұстанады.
Сол Алдияр балалары атынан Әлібек Ыдырышев сөйлеп, маған ат мінгізіп еді. Сыртта кісі көп, кілем жапқан атқа мені қолтығымнан алып мінгізуін мінгізді-ау. Бірақ әлгі маңқа болғыр былқ етіп орнынан қозғалмай қойды. Қоршаған жұрттан қаймықты ма, кім білсін, тізгінді қанша жұлқылап, екі өкпеге тепкілегеніммен, арам қатқыр аттап баспай, діңкені құртқаны. Шылбырды өздеріне лақтырып тастап, жерге қайта түсуге мәжбүр болдым.
Сол "Бабаң балаларының" бірі Құттыбек Сембеков әулеті шағын дәмхана ашқан екен. Рең-басы таза, ашық жүзді ақ-жарқын әдемі қыздарын білуші едім, бәрі бірдей жүгірісіп, солар 40-50 адамға қонақасы берді. Біраз адам сөйлеп, мұнда да емен-жарқын жақсы отырдық. Оралбек қана рұқсат сұрап ертерек қайтты да, қалғандарымыз түннің бір уағына дейін дүрілдестік-ау деймін.
Тұмекеңнің де кей-кейде орынсыз бір омыраулап кететіні болып тұрады. "Футбол көремін, теледидар табыңдар", — деп әлекке салды алдымен. Қонақүйдің телевизоры көрсетпейді екен, ақыры жалғыз өзін Аманның (жиен күйеу) үйіне апарып салып, аға бабын әзер тапқан жайлары бар.
Ертеңгі асты Зәуренбек пен Берік (бұл Берік дейтін жігіт жақсы журналист еді, аяқ астынан оқыс қазаға ұшырап кетті) бермек екен. Зәуренбек Мұсабеков менің парталас досым да, Берік болса облыстық газеттің осы өңірдегі меншікті тілшісі. Олар "бүрме" деп аталатын, қарынға салып, буға пісіретін айрықша бір дәм әзірлепті. Мұның өзі 5-6 сағатсыз пice қоймайтын көрінеді. Асхана алдына иіріліп ұзағырақ күтіп қалдық... Әйтсе де, еңбегіміз еш бола қойған жоқ, дәмді асты жалап-жұқтап жеп алдық.
Ендігі беталыс — Көктұма. Жаңа ғана бізді шығарып салған Мұхтар Жолжанов: "Онда жігіттер күтіп алады, жағдайларыңыз жаман бола қоймас. Біз ермеді деп сөкпеңіз, тосын бір шаруа туып қалды" деген болатын. Алматыдан Заманбек Батталханов дейтін зейнеткер келіпті. "Бұрын аудан басқарған сыйлы адам еді" дейді білетіндер. Сол кісіні күтпек екен енді. "Зейнеткер дегендер Алакөлдің өзінде де өріп жүр емес пе. Алматыдан келген тағы бірі не бітіретінін бір құдайдың өзі білсін" деген ойды арқалап әрі тарта бергенбіз.
Көл басында бізді Сапаш, Нұрбек, Сатайлар, Аман, Райгүл және басқа жастар күтіп алды. Біз өткен жылы Гауһар (қызым) бәріміз жатқан үш бөлмелі, әжептәуір жиһазы бар жеке үйге түстік. Жататын екі бөлмесі, демалатын залы бар.
Көл жарықтық баяғыдай болып мөлдіреп жатыр екен. Киімімізді шеше сала күмп-күмп еттіп қойдық та кеттік. Бірақ "бәрі сценарий бойынша" дегендей, ас күтіп қалғанын айтып, жігіттер бізді судан тез суырып алды.
Қонақасыға сірне дайындалған екен, дәмі тілді үйіреді. Бірақ су жағасында жүрген жастардың бізді танитыны бар, танымайтыны бар, шақырылғаны, шақырылмағаны бар, ұзын жасалған стол бойына 40-50 адам сығылып барып жайғасты ғой деймін. Әлгі сірнеге бәріміз бас сала кіріскенде әп-сәтте тақтұғын шығарып, табағына дейін жалап-жұқтап жібердік. "Ауылда мұндай да болады", — деп күлген болды Сапаштар.
Тегі, осы шаруаның бәріне бас-көз болып жүрген сол Сапаш (Сапарғали Әбдінов) екенін аңғардым. Көп жылдар бойына "Сарықұм" аталатын кеңестік шаруашылықты басқарып, ел мен жердің қатпары қалың құпиясын жақсы біліп алған бұл азамат осы жолы да айрықша кісілік қайрат танытты. Бүл өңірдің үлкен-кіші, келін-кепшік, бала-шағасына дейін тегіс танитын Сапашқа олардың барлығын шетінен айтқанынан шығармай, иіріп-жусатып отыру аса қиынға түспесе керек. Кешегі-бергі барша алашапқын қаракетінен мен соны аңғардым. Алыстан барып қосылатын туыстығымыз да бары анық қой, көбіне сырттан ғана бақылаушы болып жүріп алатын ағайынды да көріп болған жоқпыз ба. Олардың ішінен "ағайын бар болсаң — көре алмайды, жоқ болсаң — бере алмайтындарын" да танып-біліп жүрміз ғой біз. Ал Сапаш болса қызметін сатпай, өзіне қараған біраз азаматтың басын біріктіре жүріп, дос сүйініп, дұшпан қаймығардай әрекеттер жасағанын айтпай, несіне жасырайын.
Күн көтеріле келе соншалық ысып кетті де, аз-кем демалған сыңай таныттық. Бізді қоршаған үлкен-кіші көпшілік сәл сиреп, түс қайта тағы бір қойдың етін кеңірдектен өткізін жібердік те, Талдықорған жігіттеріне рахмет айтып, үйлеріне қайтардық.
Біз суға түстік, доп, карта ойнадық. Әйелдер де әр жерде күңкілдесіп, күбірлесіп қыдырып жүрген болды. Кештете Сапаш бәрімізді тағы жинап, Алдияр жігіттері атынан бәрімізге бір-бір түкті кілем сыйға тартты.
Сонымен бұл күнді де өткізіп тындық.
Жексенбі күні суға бірер сүңгіп шығып, жуынып, қырынып алдық та, азанғы асқа отырдық.
Тамақтан соң менің тағы да суға түскім-ақ келіп еді, Тұмекең дегбірсізденіп, "кетейік, кетейіктің" астына алды. Жасы үлкен бола тұра, бұ кісінің кейде осылай жоқ жерден ши шығарып, берекеңді алып жіберетіні бар. Бірақ мен де төзімділік танытып, бұл жолы үндей қоймадым. Ыңғайына жығылып, майыса бердім.
Сапаштың үйіне сағат 11-лерде келдік. Біз отбасымызбен ауыл молдасын ертіп, әке-шешімнің басына барып Құран оқытып қайттық. Аудан әкімінің орынбасары Мұқтар Жолжанов келді. Тұмекең таза кингіге (карта ойыны) кірісті, қолы жүрсе, күлмеңдеп, жүрмесе, кескіні ептеп күреңітіп қойып, картаны біраз ойнады-ау деймін.
Бұл үйде Аддияр балаларынан Сапаштан басқа Нұрбек, Сәтіш, Әбітайлар болды. Әрқайсына: "Маған көрсеткен құрметтеріңнің есесі кейінгі інілерімнен қайтсын!" — деп рахметімді айттым.
Сапаш өз отбасының атынан Тұмекеңе, Қастекке шапан жауып, Темірханға костюм кигізді.
Қимай қоштасып, тағы ілгері тартып кеттік.
Тентек өзеніндегі көпір аузында Аман, Аманжол сияқты жиен күйеу балалар, тақа өз туыстарым Қазиза, Қамар, Сәуле, Нәсима, Дәулет пен Айгүлдер күтіп тұр екен. Жағадағы көгал үстіне киіз, кілем төсеп, көрпе-жастықты үйіп тастапты. Ет асылып, шәй қайнап жатыр. Дастарханды қоршай кескен теректей болып сұлай-сұлай кеттік. Қай жерімізге кетіп жатқанын бір Құдайдың өзі білсін, алдымызға келген ас кері қайтып көрген жоқ.
Сәлден кейін соңымыздан шыққан Сапаш қуып жетіп, жаңа көргендей болып тағы біраз дүрілдестік. Кеше "кеттік, кеттік, енді қайтайық" деп дегбірімізді алып дігірлеп біткен Тұмекең де асығар емес, жан-жағына сергек қарап, әзіл-қалжың жаудырып, жадырай түседі. "О, көке!" деп ескерткен болып едім. "Енді несіне асығамыз, жетерміз түнделетіп, қоя тұр!" — дейді. Сонымен, ақыры барып сағат төртке таяғанда ғана ел-жұртпен әзірге қоштасып, Алматымызға қарай аттандық.
Тұмекеннің, Қастек, Темірхандардың айтуынша, бұл сапарымыз сәтсіз болмаған сияқты. Тек жаңа машинаға бірден бұлай тиеле мініп, салмақ салуға болмайды екен, көкем соны Ахметке реніш ретінде (біле тұра деп) бірнеше рет ескертіп айта берді. Мен не дейін. Жігіттердің ондай-ондайы да болып тұрады емес пе.
Алакөлден оралғалы Құттыбекті де, Жүректі де көпке дейін көре алмай жүрдім. Ренжіп, өкпелемегенімен де, көңілдерінде айтпай білетін бір түйткіл қалғанын аңғардым. Менің бір қызық-қуанышыма ортақтас болып келе жатқандықтан, осы бір тұста шетқақпай көргендей болғанға аңтарылып қалған секілденді. Қуанышбай болса, өз өкпесін ашық білдірді.
Бұл жолжазбада дастархан мәзірі көбірек сөз болып кеткенге ұқсауы мүмкін. Қазақы құрметтің өзі де дастарханмен, дәммен өлшенбей ме. Ең сыйлы адамын дәмге шақырмаушы ма еді қазақ. Әрине, артығырақ кетіп, кейде жалықтырып та жіберетін қонақасылар болады. Бірақ одан қайда қашып құтыларсың. Қашайын деп тұрған да ниетіміз жоқ, көңілдің өзі сол дәмді, сол ән мен сәнді сағына қалап тұрады ғой. Төрт күнге созылған бұл сапарда да дастархан көп жайылса — ол ағайынның байлығы асқанынан емес, көңілінің ақтығынан, ниетінің түзулігін көрсеткен қошаметі болар деп, шын жүрегімізбен қабыл алып жатып едік.
Елге барған бір сапардың ешбір алып-қоспасыз қысқаша жай-жапсары осындай еді, ағайын. Оқып шыққандар болса, алғыстан басқа айтарым жоқ. Жақсылықта жолыға берейік!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі