Қазақта: “Қалған көңіл — шыққан жан” деген сөз бар ғой. Бұрындары оқта-текте ойға оралып, аузыма түскенімен, бабына барып, мән бере қоймағандай екенмін. Әйгілі орыс ақыны Ев.Евтушенконың бір өлеңін аударып отырып осы бір тіркес тіліме орала кеткені. Өлең “Жерлеп келіп отырмын жолдасымды (“Я товарища хороню”) деп басталады.
Өзгелерге өйткені ол әлі тірі,
Жаны сірі, жанында жар үкілі,
Сырт көзге мен онымен доспын әлі,
Онсыз кіре қоймайды кештің әрі.
Әлі күнге онымен тірі өбісіп,
Сырахана жақтарда жүрем ішіп, — деген жолдардың орысшасы:
Для других он еще живой,
Для друхиг он еще с женой,
Для других еще с ним дружу,
Ибо с ним в рестораны хожу
Не браню, а молчком хороню, — болатын.
Шынында да бірге туып, біте қайнасып кетпесең де көп жылдар сыйлас, сырлас болған, бірақ саған сырын түгел алдыра қоймаған, сөйтсе де сіңісіп жүргендей қылық көрсетіп, дос-жараның болатыны да рас қой. Солардың бірі болмаса бірі оқыста кезіккен қысылтаяң кезде сені сатып кете береді. Бірақ түк болмағандай бетіңе жылмия қарап, қулығымды асырдым ба дегендей жымиып қоятынын қайтерсің.
Сол бір екіжүзділікке, сол бір, қысқасы, иттігіне әбден көзім жеткенде мен де енді оны біржолата өлдіге санайтыным бар. Жоқ, біржола атқұйрығын да кесісе алмаймын. Көп ішінде кезіге қалғанда қол беріп амандасып, тіпті құшақтасқан болып, өп-өтірік сүйісіп те жатамыз. “Қатырдым ба, бәлем!” — деп мәз болып ол кетеді, “Мен үшін тірі өлік екенін де сезбейді-ау бұл шіркін” — деп сен қаласың.
“Сондай барынан — жоғы” деп білетін бірер таныс менде де бар. Жасы кіші бұл жігіт жұрт көзінше де, екеуара оңаша қалғанда да өзінің маған шын көңілімен берілгендігін әңгіме сайын дәлелдей сөйлеп жүретін. Соның екіжүзділігіне, алаяқтығына әбден көзім жеткенде барып көңілімнің оған деген есік-терезесін берік етіп жаптым да, біржола өлдіге санадым. Көңілімде оған деген сенім-құрметтен ештеме қалмағанын аңғардым. Өлді. Бітті! Енді оның өзіне де, өзгелердің ол туралы айтып жүрген әртүрлі әңгімелеріне де ренжіп, күйіп-пісу деген мүлде болмайды. Қалған көңіл — шыққан жан... Жолыға қалса, амалсыз қолын алам, бірақ ол енді мені қуанта да, ашуландыра да алмайды. “Пустое место” дейді орыстар мұндайды. “В упор не вижу!” деп те жатады.
Серттен тайған, сөзінде тұрмаған, достық ниетке жүрдім-бардым қарайтын, пайдакүнем, өтірік айтатын, оған бола қысылып-қымтырылып та жатпайтын, суайт, нойыс, кісімсіп, басқаны баса көктеп өткісі келетін ұрда-жық адамдардан бойымды аулақ салуға тырысып-ақ бағамын. Олар менің санамнан мүлдем сызылып қалған, мен үшін енді бұл дүниеде жоқ, тірілер санатында да жоқ адамдар.
Бұлар көбіне-көп еркек пішінді адамдар, іштерінде сирек те болса әйелдер де кездеседі, амал қанша! Қалдарбек айтып еді бір кезде: “Әйелдерге өкпелеуге болмайды”, — деп, сол да дұрыс шығар деп ойлай беремін.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі