1967 жыл болатын. Үйленсем бе деп жүрген қызым ЖенПИ-дегі оқуын енді ғана бітіріп келген. Өзі пысық, бірден аудандық көпшілік кітапханасына директор болды. Жұмыстан кешігу, әлдене өз шаруасымен сұранып кету деген онда болмайды. “Сұрансаңшы, бірнеше күн жайлауға барып келейік!” — деп жалынатынмын мен. Ол келіспей “болмайды ғой” деп үнемі бас шайқайтын.
Сол кітапханада аудандық партия комитетін басқаратын Мұжықов Күрдеубайдың да әйелі істеді. Мың болғырдың өзі де көпшіл, жайдары келіншек еді. Бізді қайын тұтып, еркелетіп жүретін. Ұлты ұйғыр десетін білетіндер, оған мән беріп жатқан біз жоқ, орынды-орынсыз әзілдесе беретінбіз.
Сол кісі де Мәрияға қарап: “Сәкен шақырып тұр ғой, барып қайтсаңшы, мәдениет бөліміне бір сылтау айтармын”, — дейді. Мәрия қасарысып көнбейді. “Жоқ, жұмыс көп” деп. Айтты-бітті, енді илікпейтінін білем де, әрі қарай қаузай бермейтінмін.
Сол кезде аудандық комсомол комитетін басқарып жүрген Тоқтар Жайғозин деген досым совхоз директоры болып ауысатын болды да, орныңа қояр кім бар деген басшыларға маған айтпастан Мәрияның кандидатурасын ұсыныпты.
Үйленгенімізге бірер ай өтпестен мені аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Татьяна Ковалева шақырды. Салмақты да орнықты, жақсы әйел еді. Мен облыстық газеттің осы өңірдегі үш ауданы бойынша меншікті тілшісімін, ара-тұра әңгімелесіп жүруші едік. Сол Татьяна Ильична күле отырып, маған Мәрияны аудандық комсомол комитетіне бірінші хатшылыққа ұсынғалы отырғандарын, Күрдеубай Мұжықовтың демалыста екенін, сол кісінің де келісім бергенін айтты.
— Болмайтын шығар, — дедім мен бірден. Татьяна апайымыз шошып түсті. Мұндайды күтпесе керек. Ол кезде райком айтты, бітті, қарсыласу, келіспеу деген болмайтын. Бәрін де сондағылар кесіп-пішіп, өздері шешіп үйренген дағды бар.
— Неге болмайды, болады! — деді Татьяна Ильична шегелей түсіп, — ол біздің кадрымыз. Қайда жіберуді біз шешеміз, біз солай ұйғардық.
— Жоқ! — деймін мен. — Ол ең алдымен менің әйелім, содан соң барып сіздің кадр, сондықтан да болмайды.
— Сәкен, сен ондайды қой, — дейді ол енді мені үгіттей бастап. — Сен де партия мүшесісің, түсінесің ғой. Бірінші хатшы айтып кеткен. Бірер күнде аудандық комсомол конференциясы өтеді. Соған құжаттарын дайындауымыз керек.
— Апыр-ау, түсінсеңізші, — деймін мен де шырылдап. — Мен журналистпін. Газет тілшісімін. Уақытымның көбі жол үстінде өтеді. Мен басқа ауданға іссапарға кеткенде, Мәрия комсомол жұмысымен колхоз-совхоздарды аралап жүрсе, сонда отбасы тірлігіміз не болады?
— Түк етпейді, біз де жүрміз ғой. Лауазымы өседі, карьера жасайды, — деп ол да болмайды қадалып. Бастығынан сондай бір “Қайткенде де көндіріңдер!” деген тапсырма алса керек.
Ақыры болмағасын мен оған ашуланып кабинетінен шығып жүре бергенмін.
Кешке жақын жұмыстан қайтқан Мәрия өзін тағы да Ковалеваның шақырғанын, “сен біздің жас кадрымызсың, күйеуің емес, біз шешеміз, келісіміңді бер!” деп қинағанын айтты. “Не істейміз?” — деп сұрады.
— Өзің қалай қарайсың? Сол жұмысқа барғың келе ме?
— Сен білесің ғой, өзің шеш, бар десең — барамын, қой десең — біржола жаба тұрайық, — деп жатыр ол да.
Буыны босаңқырап, кешегідей емес, сәл-пәл солқылдап қалғаны байқалады.
— Бар ендеше, — дедім мен. — Оларға да сен сияқты пысық, жігерлі, көрікті жас келіншек керек шығар.
“Қойшы, шын айтып тұрсың ба?” — дегендей әйелім маған үміт-күдігі аралас көзбен таңырқай қарады.
— Ертең Ковалеваға кір де, келіскеніңді айт. Мені де көндірдім де. Бірақ қазір бір арыз жазамыз, жолшыбай осыны да ЗАГС-ке апарып бере сал.
— Ол не арыз? — деген Мәрияның көзі бақырая қалды.
— Сенен ажырасатыным жайлы арыз. Күні-түні жұмыс деп үйде тұрмайтын әйелдің маған керегі бола қоймас.
Мәрия маған көзі жәудіреп біраз қарап тұрды да, әңгіменің мәніне әрең барып түсінді ғой деймін, құшақтай алып, сыңғырлай күліп кеп жіберді.
Ковалеваға не дегенін білмеймін, бұдан кейін біздің арамызда бұл әңгіме қайта қозғалған жоқ.
Демалыстан оралған Күрдекең (Күрдеубай Мұжықов, бірінші хатшы) көшеде қарсы ұшырасып қалып, мені үй болуыммен құттықтап: “Бәрін естідім, сенікі дұрыс!” — деді күле тұрып қолымды қысты да.
Сөйтіп, әйелімнің аяқ асты карьера жасауына осылайша өзім “бөгет” болғаным бар.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі