1968 жылдың басында Талдықорған өз алдына дербес шаңырақ көтеріп, Алматы облысының құшағынан бөлініп шықты да, жаңадан ашылып жатқан “Октбярь туы” газетінің маңына жан-жақтан ағылып келген біраз адам бас түйістірген болатынбыз. Редакторымыз — аса бір аяулы азамат Баянжан Мәдиев еді. Оған орынбасар болып, біреуі Оралдан, біреуі Қостанайдан Жұрағали Ертілесов пен Жанайдар Мусин келген. Олардың да жас шамасы отыз бен қырықтың арасы. Ал ең үлкендеріміз сол кезде елудің үстіне шығып қалған Құлатай Қалиев пен Тыным Рысқалиев болатын. Құлекең осы өңірдің тумасы екен де, сүйегі Атыраулық болып келетін Тыным ақсақал бір кезде қызмет бабымен келіп, осында тұрақтап қалып қойыпты, елпілдеген, елгезек, ешкімге зияны жоқ ұшып-қонған жеңілтектеу кісі болатын.
Осы төңіректі жақсы білетіндіктен де болар, оның үстіне әлгіндей елгезек мінез-құлқын есепке алды ма, әйтеуір басшылар редакцияның машинистка, корректорлары сияқты кіші-гірім қызметкерлерін таңдап алуды сол кісіге тапсырып қойыпты. Орда бұзар отыздағы кезіміз. “Бойда қуат, ойда көз” дегендей, бұла күш те, буырқанған арын мен дарын да бар, оттай жанып тұратын жалынды шағымыз ғой. Редакцияның ішкі-сыртқы тірлігінен тысқары қалмай, біз де белсене араласып жүретін едік. Әлгі Тыным ағамыз таңдап алған қыз-келіншектердің ең алғашқы екі-үшеуінің сырт келбеттері бізге ұнай қоймады. Бірінің аяқтары қисық, бірінің беті томпақ па, әйтеуір, басқа жігіттерді білмеймін, менің көңілімнен шыға қойған жоқ. Апта сайын өтетін летучка (“лездеме” деп те жүрміз ғой қазір) үстінде редакторымыздан сөз сұрап алдым да, бірден төтесіне көшіп:
— Баянжан аға,— деймін ғой баяғы,— Тыным ағам түріне қарамай, тіліне ғана қарайды-ау деймін. Редакцияда, көңілдеріне келсе де айтайын, кілең бір ажар-көркі шамалы қыз-келіншек көбейіп барады. Осы жағын маған тапсырыңыздаршы, ендігі хатшы қыз, машинистка, корректорларды, қысқасы әйел кадрларды мен таңдап алатын болайын. Бір күн де болса айналамызда сүйкімді бір әдемі адамдардың жүргені абырой емес пе.
Біреулер күлді, біреулер: “Бұл жер саған театр емес қой, көркіне қарап таңдайтын, бізге білімі, іскерлігі керек емес пе!” — деп кекетіп жатты.
Күлгендердің ішінде Баянжан ағамның өзі де бар еді, бірақ ол сол жымиған қалпында, мәселені бірден шешті де:
— Несі бар, Сәкеннің ұсынысы да тегін емес сияқты. Бұл істі ендеше өзіне тапсырсақ тапсырайық. Шашау шығарып бара жатса, өз қолымызда ғой, о жағын тағы көре жатармыз,— деп бітірді сөз аяғын.
Сөйтіп мен қас-қағым сәттің ішінде “лауазымды” болып шыға келдім. Енді жұмыс іздей келген қыз-келіншек болса Тыным ағамыз да ең алдымен редакторға емес, менің алдыма алып келетін болды.
Редакцияда ол кезде “маш.бюро” “корр.бюро” аталатын бөлімшелер болатын. Оларда кілең ғана қыз-келіншектер істейді. Біреулері оқу бітірген, біреулері институттарға енді түсіп, сырттай оқып жүргендер. Тіпті мектеп қабырғасынан келгендері де бар.
Мен олардың білімі жөніндегі қағаздарына емес, кескін-келбеті, жүріс-тұрыс, мінезі мен мініне назар аударатын болдым. Арсы-гүрсіге жоқ, жылы жүзді, ибалы, инабаттыларын таңдап алуға тырыстым. Қысқасы, көп ұзамай сол машинистка, корректорлар қатары кілең бір сызылып тұрған иман жүзді, әдемі қыз-келіншектермен толысып, редакция іші гүл жайнап кеткендей болды.
Қаладағы (облыстағы десе де болар еді) құрамы кілең ғана қазақтардан тұратын жалғыз мекеме — біздің редакция. Арасында қазақ тіліне де, қазақ жігіттеріне де құмар Рената деген неміс қызы мен екі-үш орыс шоферінен басқа ұлт өкілдері жоқ. Түп-түгел қарға тамырлы қазақпыз десе де болғандай.
Әрине, қазақ жүрген жерде күңкіл сөз, өсек-аяң, ыбыр-жыбыр, қыбыр-сыбырдың қоса жүретіні белгілі. Менің де өз қызметімнен тысқары, редакцияның кадр мәселесіне әлгіндей араласуымды көпсініп, көре алмағандар арасынан қайдағы бір қаңқулар шығып, соңыма сөз ілесе бастағанын сезгендей болдым. Бірақ “жұрт не демейді” дедім де, оның біріне де мән беріп жатпай, бұрынғыдай еркін жүре беретінмін.
Сондай сөздердің бірі болмаса, бірі әлі оң-солын да танып бола қоймаған біздің жап-жас қатынымыздың құлағына да жете бастаса керек, бір оңаша қалғанда ол да:
— Сондай бір әңгіме естідім, ол не сөз?— деп сұрағаны бар.
— Жұрттың сөзіне құлақ түріп қайтесің,— дедім оған — “Ерлі-зайыптылар арасына есі кеткен түседі” дегендей, қайбір бізді жарылқайын деп айтады дейсің олар, өздеріне ұқсап ырың-жырың боп жүрсе дейді көбісі. Ондай-ондай өсек-аяң бола береді, біреуін де тыңдама, өз ақылың өзіңе жететін сияқты еді ғой, соныңнан айныма...
Біздің әйел мені айтқаныма имандай ұйыйды. Не десем де құран сөзіндей қабылдайтын әдеті, әлі де сол ғой.
Сол Мәрия бір күні кешкілік менің бала-шағадан оңашалап, ас үйге әңгімеге шақырды. “Отыршы,— деді, — тағы бір сөз бар. Анау сенімен істейтін Құлмахан бар ғой, әйелі де сонда көрінеді, сол әйелі бүгін маған дүкенде жолығып қалып: “Әй, Мәрия, сен немене соқырмысың, кереңбісің, жұрттың бәрі көріп, бәрі естіп жүрген нәрсеге былқ етпейтінің қалай?”— деп дүрсе қоя бергені. “Е, не болып қалып еді?” — деймін ғой мен. “Не болғанын естімей, білмей жүрген шығарсың. Саған жаным ашығасын айтам. Сәкен дегенің редакциядағы төмен етектілерден тігерге тұяқ қалдырмайтын болды. Сондағы ұрғашы атаулының бәрімен жүреді!”— деп тұр сампылдап. “Иә, сен оған не дедің?” — деп енді мен сұрайын әйелімнен. “Не деуші едім, Әйкеш, Сәкен сенімен де жүре ме? деп сұрадым. Әккеш сұрланып кетті, көгеріп. “Не деп тұрсың өзің? Бұл қай сасқаның?” — дейді. “Енді өзің ғой: “Редакциядағы әйелдердің бәрімен жүреді деп тұрған, сен де сол редакцияда істемейсің бе?”.
Әйкеш те ақыры, “Мынау бір есалаң екен ғой” деді ме, әйтеуір, сол долырған қалпы жөніне кетті”.
“Өте дұрыс істеген екенсің,— дедім мен сүйсініп. — Ақылы кен данышпан әйелдің сөзі ғой бұл деген жұрттың пыш-пышын қайтесің, осы бетіңнен тайқыма!..”
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі