1971 жылы Талдықорған облыстық газетінде істеп жүрген жерімнен аяқ асты Мәскеуге оқуға бармақ болдым. Ол кезде Отанымыздың жүрегі болып есептелетін Мәскеу қаласында екі жылдық Жоғарғы партия мектебі бар еді. Дәл сол сияқты, бірақ дәрежесі сәл төмендеу, республикалық деңгейдегі мектеп Алматыда да болған. Партия-Кеңес қызметінде жүрген белгілі де белсенді азаматтардың көбісі дерлік соларда оқып, білім алушы еді. Жоғарғы партия мектебін бітіру деген де өзінше бір оқшау дәреже саналатын.
Содан бір жыл бұрын Мәскеудегі сол оқу орнына бізбен бірге қызмет етіп жүрген Серік Қалиев те кеткен еді. Ол — белгілі қоғам қайраткері, соңғы кезге дейін Қазақстан Парламентінің депутаты болып келген Жекен Қалиевтің туған ағасы, журналист. Мінезі қызық, болмыс-бітімі басқалардан бөлегірек кісі. “Серік ағаңмен бірге оқитын болдың”, — деп жатты екеумізді де білетіндер. “Бір жыл да болса бұрын барып, көрмеген жердің ой-шұқыры көп, таныс-біліс болып қалды ғой, саған алғашқы айларда жөн сілтесе де қайда жатыр” дегендей де болып еді.
Мәскеуге орналаса сала Серік ағамды тауып алдым. Менен бір күрс жоғары оқиды. Бірақ мінез-құлқы қызық адам еді дедім ғой, жерлесім еді, туысым еді деп бауырына тарта қоймады. Өзімен өзі. Мен де сосын көп жолай бермей, өз күнімді өзім көру жағына көшкенмін...
Бірде аз күнгі демалысқа ауылға барып қайтпақ болдым. Үй — Талдықорғанда. Серік ағамның үйі де сонда.
Ол кезде немене, Мәскеу мен Алматы аралығына самолет деген ағылады да жатады. Жоғарғы партия мектебінің біз сияқты тыңдаушылары үшін онсыз да аса қымбат емес билет бағасы екі есе арзандатылған. Алматыға дейін самолет үш сағат ұшады. Мәскеу мен Алматы арасындағы уақыт айырмасы да үш сағат. Мәскеуден 6-да ұшып шықса, Алматының уақытымен де сол сағат 6 болғанда әуежайдан түсесің де, ағылып жатқан ұшақтардың көздеп келген біріне отыра салып, тағы бір сағаттан соң Талдықорғандағы үйіңде отырасың.
Сөйтіп, мен үш-төрт күнге үйге барып, бала-шағамның қасында болып келуді ұйғардым. Соны білетін Серік ағам әйеліне әлдене сәлемдеме беріп жібермек болды. “Бірақ, — деп ескертті маған алдын-ала, — сен ұмытшақ сияқтысың, бір жерде тастап кетіп айырылып қалып жүрме”.
Алматыға ұшатын самолетке отыру үшін де ең алдымен Мәскеу орталығындағы аэровокзалға барасың. Жолаушыларды сол жерден арнаулы автобуспен Домодедово аэропортына алып барады.
Серік ағам мені шығарып салмақ болды. Әрине, түнделетіп ұшпақ болған маған жаны ашып жүрген жоқ, сол әлгі үйдегі жеңгемізге беріп жіберетін сәлемдеменің қамы.
Ол кезде дүниенің бәрі қат. Ағамыз әйеліне етік сатып алған екен. “Таптырмайтын-ақ зат, айлап іздеп, әрең кезіктіріп едім, әйтеуір, жоғалтып алма!” — дейді маған. “Жарайды, көке, жоғалтпауға тырысамын”, — деп уәде беремін мен.
Ол әлдене материалға жұтындырып ораған әлгі етікті менің көнелеу шамаданымның бір жақ сыртқы қабырғасына жабыстыра таңып берді. Шамаданды жерден көтеріп, сілкілеп те көрді. “Түспейді, — деді, — тек бір жерге ұмытып тастап кетпесең болды!”.
“Ұмытып кетпе!” — деген бір сөзін қайталай беріп мені де мезі ете бастады. Дәл автобусқа отырғыза бере: “Ал, Сәкен, осы етікті бір жерде ұмытып кетпей, жеңгеңнің қолына тигіз, телефонмен айтып та қойған едім!” — дейді. “Бопты, аға, қам жемеңіз”, — деймін мен.
Қол алысып, қоштаса бере: “Ал, әйтеуір...” деп келе жатыр еді, мен де шырт етіп:
— Оу, көке, сенбейтінің бар, мені несіне әурелейсің. Миымды ашыта бермей, алып қалыңызшы! Басқа біреуден беріп жіберіңіз! — дедім ашумен.
— Жә, буып-түйіп қойдық қой. Сен аңғал да алаңғасарсың, ұмытшақ да жігітсің, бір жерге тастап кетпесін деп жатқаным ғой, — деді Секең міз бақпай. Менің күйіп-пісіп тұрғанымды да қаперіне алар емес, “Ұмытып кетпе” деген бір сөзін қайталап айта береді.
Әй, ақыры ажырадық-ау. Біз аэропортқа қалай аттанып бердік, Секең сол мені шығарып салған жерде қол бұлғап қала берген.
Бұл жолғы біздің рейсіміз — Мәскеу-Қарағанды-Алматы бағыты еді. Қарағанды қабылдамай, амалсыз барып сол кезгі Целиноградқа қонатын болдық. “Жарты сағат тұрамыз” деп хабарлап жатты ұшақ дикторы.
Целиноград аэропортынан түсе сала бір құшақ қазақша газет-журналдар сатып алдым да, сағынып қалыппын, күту залындағы креслолардың біріне жайғасып отырып, соларды шетінен оқуға кірістім. Оқта-текте аэропорт ішіндегі радиоға да құлақ түрген болып қоямын. Оның үстіне бізбен бірге қазақтың екі-үш әдемі қыздары бірге ұшып келіп еді, залдың әр тұсында ерекше қыдырыстап жүрген сол қыздарды көріп қоям да, соларды белгі тұтып, қаперсіз газет оқып отыра беріппін. Бір кезде солардың бірі келіп:
— Аға, сіз Алматыға ұшпақ едіңіз ғой, — дегені.
Мен аңырайып оның бетіне қарайын. Әрең дегенде түсініп “иә” деймін ғой баяғы.
— Самолетіңіз ұшып кетті ғой.
— Ал, сендер ше?
— Біз Қарағандыға ұшамыз. Біздің жүгімізді түсіріп берді де, Алматы жүргіншілерін алып, біз келген самолет ұшып кетті.
Жүгіріп диспетчерге барайын. “Енді қайттім?” — деп. “Апыр-ау, радиомен әлденеше рет қақсап хабарладық қой. Қайда жүрсіз?” — деді ондағылар.
Менің екі көзім әлгі Мәскеуден бірге ұшып келген қыздарда болды да, солардан қалмасам болды деп, қаннен-қаперсіз отыра беріппін. Аэропорт іші ұдайы у да шу, радио хабарын да ұға қоймасам керек.
— Енді не істеуім керек? — деп сұраймын аэропрот диспетчерінен.
— Үш сағаттан соң Алматыға самолет ұшады, сонымен кетесіз, — дейді олар.
Амалым жоқ, соған келісіп, енді шығар есікті аңдумен болдым.
Мен өзімнің самолеттен қалып қойғаныма емес, Серіктің айтқаны дәл келіп, өз мүлкіммен қоса, оның да сәлемдемесінен орта жолда айырылып қалғаныма өкіндім. Алматы әуежайындағылардан сұрастырып көрермін, табылмай жатса, амал не, Серікке “осылай да осылай болды” деп, бар шынымды айтармын деп ойладым.
Алматы әуежайынан түсе осындайды ойлап, жан-жағыма қарап қойып келе жатқанмын. Жүргіншілердің қол жүгін беретін бөлмеге қарай бұрылып, мойнымды соза түсемін. Құдай сәтін салғанда, сонау бір шеттегі бұрышта жалғызсырап менің шамаданым тұр екен!
Әйелім ұл тапқандай қуанып, сол көнекөз шамаданымды бара бас салсам керек. Біреулер күліп жатты, оған көңіл бөле қойған жоқпын...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі