Ертеде, елге Коммунистер партиясы үстемдік етіп тұрған заманда, осындай бір “партиялық жаза”(“партийное взыскание”) деген айыптау түрі болушы еді. Қымс етсең болды, партия жолынан ауытқып кетті деп, “Жарғыға лайық емес” деп ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс беріліп жататын. Сондай жазаның бір ауырын өзім де Компартия қатарына алғаш өткен 1964 жылы алдым-ау деймін.
Мемлекет билігінен Н.С.Хрущевтың жаңа тайдырылған кезі еді. Біз онда Бас хатшының өз орнын оңайлықпен неге бере салғанын білген жоқ болатынбыз, газеттердің бәрінде: “Н.С.Хрущев денсаулығына байланысты қызметінен кетті” — деп жазылып жатқан. Мен аудандық газетте жауапты хатшының орнын басып жүр едім, кезекті нөмірді құрастыру кезінде материал жетіспегесін, “Н.С.Хрущев жайында кино түсіріліп бітті” — деген ТАСС хабарын салып жібергенбіз.
Сол-ақ екен аупарткомдағы “қырағы көздер” жерден жеті қоян тапқандай шу ете түсті. “Әдейі жасап отыр, Хрущевтің биліктен кеткенін біле тұра, мұндай материалды жіберуге болмайтынын біле тұра, қасақана жасап отыр!” — деген айыппен мені дедектетіп отырып аупартком бюросынан бір-ақ шығарды. Ол кезде “бюроға түсу” дегеннен өтіп кеткен сорақылық жоқ. Бірақ көнбеске лажың қайсы, шақырды, шақырған соң бардым. Бюро мүшелерінің бәрін де танитын едім, бірде-біреуі маған араша түспеді. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай-ақ, шетінен шешенсіп, бірі сынап, бірі мінеп, жан-жақтан жабыла өре түрегеліп, әй, бір “әкемді танытты-ау” дейсің. Шырылдап мен де болмаймын. “Ойпырым-ай, “өз еркімен қызметтен кеткен адам туралы кино түсірілмесін деген де, сол туралы Советтер Одағы Телеграф Агенттігінің хабарын жарияламасын” деген де нұсқау жоқ қой ешбір жерде. Мен қайдан білейін!” — деп ақталып-ақ жатырмын ғой. “Қалай білмейсің, білуің керек еді”, — дейді бір ағам. “Сол материалды сол жерге жапсырмасаң да болар еді ғой”, — деп “ақыл” айтады екіншісі.
Қысқасы, не керек, сол күнгі бюродан партиялық қатаң сөгісті арқалап, сүмірейіп шыққаным бар.
Түнімен ұйықтай алмай, ертесінде ертемен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Күрдеубай Мәтенбайұлы Мұжықовтың алдына бардым. “Ағатай-ау, өзіңіз ойлаңызшы, менің қандай жазығым бар? Партияға өткенім кеше ғана, міне, қатаң сөгіс алдым, болашағым не болады?” — деп жатырмын ғой жыларман болып.
Мұжықов та сөз түсінетін дұрыс адамның бірі еді. Менің шын қиналып тұрғанымды көріп: “Сәкен, сен ренжіме, тәртіп солай. Өзің білесің, осындағы мекеме басшылары ондай сөгістің күнде біреуін алып жатады. Бірер айдан соң өзіме кел, сөгісіңді алдырып тастаймыз”, — деп жұбатты.
Сол уәдені малданып, сабама түскендей болып мен кеткем.
Сондай сөгістің тағы бірін кейін, қырықтан асып барып, қылшылдаған жігіт шағымда ала жаздағаным бар. Енді соны айтайын.
Ол біраз кітабым жарық көріп, әжептәуір танымал бола бастаған кезім. “Жазушы” баспасында редакция меңгерушісі болып істеп жүрген-тұғым. Партиялық жарна деген бар. Айлық жалақың ба, әдеби басқа да табысың ба, әйтеуір тапқан-таянғаныңның белгілі бір пайызын партияға беріп тұрасың. Оны жасырып қалудан, уақытында төлемеуден ауыр күнә жоқ, жарғыда да солай жазылған. Қалалық партия комитеті жыл аяғында барлық бастауыш партия ұйымдарындағы жарна төлеу жағын тексеріп тұрады екен, бірде Ғабит Мүсіреповке де табысыңды жасырыпсың деп пе, жарнаңды уақытында төлемегенсің деп пе, жаза қолданғанын естігенбіз. Содан қорқып, мен айлық жарнамды ұдайы ғана артығымен төлеп жүруші едім. Бірақ жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ жоқ, қанша сақтанғаныммен, әлдебір тұста ши шығарып алдым ба, салақтық болды ма, білмедім, бір күні менің де ойламаған жерден тұтылып, “қара тізімге” ілігіп-ақ қалғаным бар. Баспадағы бастауыш партия ұйымының хатшысы ескі досым, белгілі ұйғыр жазушысы Тұрған Тохтамов болатын. Соны бір күні аупарткомға шақырып, біраз сілікпесін шығарыпты. Мен және тағы бірер коммунист айлық жарнамызды аз төлеп қойыппыз. “Сенікі бәрінен де көп, 89 сом қарызың бар екен! — дейді дегбірі қашқан Тұрған. — Аупартком бюросында қарамақ болып жатыр”. “Төлейді ғой” деп сипақтатып көріп ем болмады, әнеу бір біздің куратор нұсқаушымыз тіпті шаш ал десе бас алатын неме екен, өзіме шабуыл жасап, түтіп жердей болғаны”.
— Е-е, түк етпес, біздің бас не көрмеген! Онысын да көріп алармыз, — десем, Тұрғанымның әбден-ақ үрейін ұшырып жіберген бе, қарадай қорқып, дір-дір етеді.
“Құдай салды, біз көндікпен” амалсыз шақырған күні аупарткомға да бардық. Мен сол кезде жұқарған жүйкеге бірден-бір ем дегесін, әлдебір дәрігердің кеңесімен қолыма салақұлаш тәспих ұстап жүруді дағдыға айналдырып едім, есіктен кіре бергенде қолымдағымды көре қойған сол Тұрған айтқан “қырағы” нұсқаушы: “Мұныңыз не тағы?” — деп дүрдие қалғаны. “Тәспих қой жәй, нервіге дұрыс дегесін”, — деп ақтала бастап ем, әлгім тіпті еліріп: “Бұл райком ғой, мешіт емес, қайда келгеніңізді де білмейсіз бе тіпті!” деп, одан әрі әулікті. “Әй, Әзірейілім азар бүгін сен болсаң да қоя тұршы”, — деп оны жолдан ысырып тастап ішке енгенмін. Атарға оғы болмай ол қалған. Бәрін де байқап келемін. Осы бір жігітті суқаным сүймеуші еді. Екпіні үй жығардай болып, баспаға шірене келген бір тұста, кекірейген қылығын жаратпай, бетін қайтарып тастағаным бар болатын. Соны кек тұтып қалған сыңайы бар. Мұндайлардың шөңгедей жабысып, пәле болып жүрерін сезе тұра, айыл жиғым келмегені де бар еді.
Сонымен аупарткомның бюросына да кірдік. Сол жақтағы ұзынша столда әйел-еркек, кәрі-жасы бар, алты-жеті адам жайғасыпты. Бюроның мүшелері. Төрдегі столда аупартком хатшылары. Сол кезгі Совет ауданының бірінші хатшысы екі беті уылжып піскен алмадай томпиған, қараторының әдемісі дерліктей қиғаш қас сүйкімді келіншек еді. Атын ұмытқам жоқ — Айгүл, фамидиясы не Қадырбаева, не Қыдырбаева болатын.
Партиялық жарна төлемегендер құрамы біраз бар екенбіз. Әртүрлі мекемелерде істейтін, әртүрлі мамандық иелері. Бүгінгі мақсат — бәрімізді де қан-сөлімізді шығара қатаң жазалау екен. Басқаларға да сабақ болсын деген ниет байқалады. Бюро мүшелері де сіресіп отыр, атуға да, асуға да даяр сияқты, сайланып келген, шетінен сұсты.
Құдай ұрғанда, партияға ең көп борышкер мен болып шықтым. Анау-мынау емес, бақандай 89 сом. Ол кезде орта дәрежелі кеңсе қызметкерлерінің айлық жалақысы 100-120 сом болып келетін.
Менің де азын-аулақ партия органдарында істегенім бар, білемін, мұндайда кімге қандай жаза қолданылуы жөніндегі қаулы жобасы алдын-ала дайындалып, секретариатта бекітіледі де, бюрода қаралып, қатаң талқыға түскеннен кейін жазалаушыға тиісті ақтық үкім бір-ақ оқылады. “Қарсы бар ма, қалыс ше” — деп сұрайды бірінші хатшы. Суырылып шығып, ешкім үндемейді. Еттері үйреніп кеткен. Біреудің тағдырына біреудің жаны ашымайды. “Адами тұрғыдан мұның бәрін түсінуге де болар еді, бірақ біз партиялық принципті берік ұстауға тиіспіз, сондықтан әркім өзіне лайық жазасын алсын!”, — деп пәлсапа соғатындар да болып қалады. Партия бюросы дегенде жұрттың жер астынан жік шыққандай болып, зәре-құты қалмайтыны да сондықтан.
Бұл жолы да солай болыпты. Алдын-ала жасаған қаулының жобасы бойынша қарызы ең көп маған жазбаша, қалғандарына ауызша сөгіс, кейбір бес-он сом төлемегендерге ескерту жасамақ екен. Әлгі көбік ауыз нұсқаушы соның бәрін тәптіштеп оқып шықты.
Енді бірер секунд кешіксем, ауыр жазаны арқалап кете беретін түріміз бар. Жан-жағыма қарасам — ешкім үндемейді, бұтына жіберіп қойған баладай тұқиып, бәрі де көздерімен жер шұқып қалған. Еріксіз қол көтердім. “Бірер ауыз сұрақ қойып, сөз айтуға бола ма?” — деп сұрадым бірінші хатшыдан. Осылардың ішіндегі жалғыз иманжүздісі де сол сүйкімді келіншек еді. “Түрі игіден түңілме” дегенді халық бекер айтпаған ғой. “Сұраңыз!” — деп қалды ол да елеңдеп. Өйткені бюро үстінде өзін ақтап сөйлеу, “жаздым, жаңылдым” дегеннен басқаша бірдеңе айту ол кезде сирек кездесетін. Бәрі де мәселені одан әрі ушықтырып алам ба дегеннен сескенетін. “Үндемеген үйдей пәледен құтылады” — дейтін де бір қағида бар еді.
— Мен партия қатарына жарғысын түгел-толық мойындай отырып, саналы түрде өткен адаммын. Ай сайынғы жарналарды да артық болмаса, кем төлеп келмеген едім. Қалам ұстап жүрген соң — жазасың. Жазғаның әртүрлі газеттер мен журналдарға жарияланып жүреді. Бірінен аз, бірінен көп, тиісінше қаламақы алып тұрасың. Ілгерінді-кейінді алған сондай бір қаламақы есебінен жаңылысып кеткен болуым керек. Жалғыз-ақ рет. Егер жыл бойы қайталанып жүрсе бір сәрі. Тексерушілерге рахмет, дер кезі көрсетіп берді. Енді шып-шырғасыз төлеймін, тіпті төледім де қарызымды. Әдейі жасаған түгім жоқ.
— Оның үстіне, — дедім одан әрі, — қай заманнан бері партиялық жаза жарна сомасына қарай белгіленетін болған? Біреудің табысы аз, біреудікі көп. Біреулер 4-5 ай жарна төлемей жүрсе де 89 сом болар, мен бір ай ғана төлемегендіктен осындай қарыз болып қалыппын. Партияға қарыздың азды-көптігі емес, жарнада айтылғандай жалпыға бірдей бірыңғай тәртіп керек шығар.
Осы тұста бірінші хатшы әлгі қаулының жобасын дайындаған нұсқаушыға қарап:
— Иманасов жолдас мұндай жағдайға алғаш рет душар болып отыр? — деп сұрап қалды.
Анау да бір көкезу неме екен, беті бүлк етпей:
— Бұл кісінің мәселесі осымен үшінші рет қаралып отыр, — деп қалғаны, көпе-көрнеу жала жауып.
— Оу, жігітім, — деп мен де шыр ете қалдым, — менің аупартком үйіне бас сұғып тұрғаным осы болса, оның бюросына бірінші рет қатысым тұрсам, менің мәселемді үш рет қайда жүріп қарағансыңдар? Мені қатыстырмай ма? Ол бюролардың қатталған қаулы-қарары болмаушы ма еді, соларды көруге бола ма?
Бірінші хатшының сүйкімді жүзі суи түсті, нұсқаушыға жирене қарап:
— Сізбен оңаша сөйлесуге тура келетін шығар, — деді де. — Иманасов жолдас дұрыс айтып тұрған сияқты, бюроға мәселе дайындауда асығыстық кеткен, олай болса осы талқылаумен шектелейік.
Сөйтіп мәжілісті таратты. Менің жанымда отырған тағы бір “кінәлі жігіт” физкультура һәм спорт институтының жас ректоры екен, сол жалма-жан қолымды қысып:
— Аға, мені де қыл тұзақтан құтқардыңыз-ау! Өзім ректор болып жаңада тағайындалып ем, әлдебір ғылыми жұмысыма алған сыйақымнан жарна төлеуде қате кетіпті. Мен қолыма тиген соманы ғана көрсетіппін, сөйтсем алым-салығы ұсталмай тұрған алғашқы мөлшері есепке алынады екен де, — деп жатты.
Сөйтіп, бірінші хатшының кісілігі арқасында Тұрғаным да мәз, мен де мәз, ауыр жаза арқаламай-ақ аман-есен үйімізге оралып едік.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі