Күре жолдан едәуір шеткері жатқан, арнайы бұрылып барып төбесінен түспесе, көлденең көк аттының көзіне түсе қоймайтын шалғайдағы біздің ауылда орыс атаулы болмайтын еді. Біздің бала кезімізде қыңқылдап, ата-анасының мазасын ала берген баланы: “Қазір орыс алып кетеді, қоймасаң — орысқа беріп жіберем!” — деп қорқытып жататын. Орысы болмағасын, әрине, ешкім орысша да білмейді, тіл үйрене қойсақ деп талап қылып жатқандары да шамалы болушы еді. Бір апамыздың үйіне келген орыс отбасы балаларының өзара шүйіркелесіп жатқанын көріп: “Апыр-ай, мыналардың орысшаға жүйрігі-ай, шүлдірледі де кетті ғой тіпті!”, — деп таң қалғаны да бар дейтін еді естігендер. Басқалардан гөрі жаңалық біткенге құлақ түріп, “өркениетке” біртабан жақын жүретіні — Айт деген ағамыз, бір кезде “приказшик” те болып, дүкен ұстаған. Аудан орталығына барып оқта-текте тауар әкелетіні болатын. Танау астынан міңгірлей сөйлейтін, сөзінің көбі түсініксіздеу, оның үстіне, Абай айтқандай “әсемсіп, сәнсіп, білгенсіп, бәлсіп” жүретін де адам еді. Білмейтінін “білмеймін” деп те әсте айтпайтын. Білегіне жылтыратып сағат тағатын. “Онысы жүрмейді”, — дейтін сырын білетіндер. Кей-кейде құрдастары қағытып: “Айтеке, сағат қанша болды?” — деп сұраса, ол кісі қолындағы сағатын өп-өтірік сілкілеген болып, “атаңа нәлет, тоқтап қалған ба, немене, жаңа ғана жүріп тұр еді” деп, күнге бір қарап алып, мөлшермен: “сағат пәлен болып қалды-ау деймін”, — деген тұрғыда жауап беріп, қастарынан тез-тез басып өте шығар еді. Сыртынан жұрттың күліп тұрғанын білсе де, білмегенситін әдеті және бар-тын.
Сол кісі бірде қасында жасы өзінен едәуір үлкен ағасы Сәдуақас бар, ат арбамен аудан орталығына бара жатса керек. Қалаға кіре берісте шағын отар қойды бағып жүрген орыс шалына кезігеді. Кілең бір шұжықтай болып тырсия семіріп алған марқаларды көріп көзі қызығып кеткен Сәдуақас:
— Сен орысша білем деуші едің ғой, сұрашы мынадан, әнеубір қара қозысын сатар ма екен? — дейді інісіне.
“Орысша білмеймін” — дейтін Айтекең бе, тамағын бір кенеп алады да:
— Әй, орис, кара козы сатасын? — деп сұрайды ғой өзіне ғана түсінікті тілмен міңгірлеп.
Орыс шалы аңырып айдалаға қарайды, не орысша емес, не қазақша емес, “бұл не деп тұр” деп таңырқаса керек, екеуіне жалтаңдап кезек-кезек қарай беріпті.
Сәдуақас та шыдамай кетіп:
— Оу, орысшаң осы ма? Мұның қазақша емес пе, құдай-ау! — дейді ғой інісіне кейіп.
Айтекең де саспайды. “Қазақшаң не, қазақша айтсам: “Қара қозыңды сатасың ба?” — демеймін бе” деп ақталатын көрінеді.
Тағы бірде ауыл шетіндегі жол айрығына салған бұлардың бау-бақшасын баса-көктей ат арбамен өтіп бара жатқан және бір орыс адамын тоқтатып алып: “Там дорога там пошел, тут дорога тут пошел, майсыз арбаң сықырлап, на огорода куда пошел?” — деп ұрсып берсе керек.
Ол Айтекеңнің: “Әне де жол, міне де жол, төтелеп қайда барасың?” — деген сыңайлы орысшасы екен.
Өз құлағымен естіді ме, жоқ па, әйтеуір осы әңгімені біздің ауылда екінің бірі күліп айтып жүретін еді.
Біздің де бәз-баяғы бір орысшамыз жетпей қалған жерде бір-бірімізге Айтекеңнің сол сөздерін айтып, өзара күліп алатынымыз бар.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі