Құрметті бас редактор мырза!
Сіздің газеттің 14 қаңтарындағы санында "Ашық хат орайында " айдарымен Аманхан Әлімұлының "Мен Нұрқаділовтен неге кеттім " дейтін материалы жарияланып еді. Соны мұқият оқып шыққаннан кейін ақын ретінде де, әкімшіліктің жаңа қызметкері ретінде де бұл мәселеге өз көзқарасымды білдірмей үнсіз қала беру мүмкін болмады.
Сондықтан Аманхан ініме қарата және де "Қызым, саған айтамын "деген тұрғыдағы аз-кем пікіріме газет бетінен орын беруіңізді сұрар едім.
Аманхан, менің кім екенімді Сен жақсы білесің. Осы араға қызметке келмей тұрып та Саған әрдайым тілеулес болып келе жатқан үндес, рухтас ағаң едім деп білемін өзімді. Сен өзің де соны сәт сайын шегелеп айтып жүретінсің.
Әрине, мен Әкімшіліктегі жаңа адаммын. Көп жағдай мен үшін әлі де жұмбақ, әлі де бұлдыр, сөйте тұра облыс өкімі Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділовке арнаған ашық хатыңды өз басым бірден қорыта алмай, біршама қиналған жайым бар еді. Енді соларға тоқталайын.
Сен Бас маман ретінде 10 айлық қызметінде ортаңа ықпал еткен, жұрт көзіне түскен жұмысыңды айтудың орнына қайдағы көр-жер, көмескі мәліметтерді жинап-теріп, жіпке тізіп жүргенсің бе, қайткенсің? Мақаланың тақырыбы да томпақтау екен. Өйткені Сен Нұрқаділовтен кеткен жоқсың ("Кетіспеймін" деп өзің де айтыпсың), Әкімшіліктен кеткен жоқсың ба? Сөзімді ауыр алма, ақын деген ұғымға ең алдымен ақыл мен адалдық кіруші еді. Ар мен ұят дегеніңіз де осы төңіректен табылса керек еді ғой, бауырым.
Ең алдымен Сен ресми лауазымы — Әкімнің орынбасары, қазақтың санаулы ғана тәуір қыздарының бірі — Жібек Әмірхановаға кінә таға, кей тұста кекете сөйлепсің. Ұмытпасам, осы Сен, Аманхан, осыдан біраз бұрын Жібекке арнап "Жан Апа" деген өлең жазып, оны "Жетісу" газетіне жариялап едің-ау.
Жанымның жабырқаулау сазды әлемі,
Сағынып жүрген кезде назды әдемі,
Ертіп ап Екіашаға барған едің,
Жан Апа, жадыраған жазда мені.
Табиғат таулы жерде сыр ашқан ба,
Төбеден бұлт үйірілді қыр асқанда.
Қауымның қамын көздеп қарап тұрдың,
Дегендей дауа бар ма, бұл аспанға?! —
деп те, бір көсіліпсің, бауырым.
Мен болсам Жібекті алыстан сырттай ғана білетін едім де, сенің өлеңің арқылы іш тарта жақсы көре түскендей болып едім.
Бұл — Сенің осыдан алты ай бұрын жазған өлеңің.
Сонда қай сөзіңе сендік? Көңіл ауаның қалай ауса, пікіріңді де солай өзгерте беретін бе едің? "Бір сөзінде тұрса еді жанса, күйсе..." демеуші ме еді Абай атамыз бұл турасында?
Сөз, баспасөз бостандығы дегенді мен де жақсы көремін. "Сөз бостандығы жоқ елдің өз бостандығы болуы неғайбыл" деп айтып тап, жазып та жүрген адаммын. Бірақ бұл жерде Сен құлай жығыла қызықтап, құптап отырған жекелеген қазақ газеттерінің іс-әрекетін де елдіктің белгісі дей алмас едім, өйткені бір емес, екі емес, үнемі үздіксіз, үзіліссіз құлағыңның түбінен ызындай берсе, қалай мезі болмассың. Ызындаған шыбын-шіркей емес, ел көзінде жүрген ежелгі газеттер болса: "Әу, бұларың қалай, тым құрыса ел алдында арылып, айтып өлтірсендерші!" деп, адам деген қортанбаушы ма еді. "Бұл демократияның белгісі, соның іс-әрекеті, оған тосқауыл болмасын!" деп айтуға аузың қалай барады? Егер сенің құлағыңнан қиқу кетірмей, әр түрлі гу-гу, ду-ду, өсек-аяң, алып-қашпа сөздерді қарша боратып, күн сайын кекетіп, мұқатып жатса, құдайшылығыңды айтшы, түк болмағандай-ақ мән бермей отыра беруге төзімің жете қояр ма еді? Әй, білмеймін, дәл Сен екеуіміз ең құрымағанда газет басындағылардың жағасынан алып, бір-бір сілкіп шығар едік-ау!
Өзгеге ақыл айтып, кеңес беруге келгенде желдей есеміз де, сол жерде өзіміз болсақ қайтер едік дегендей ой жүгірте қомайтынымыз да бар-ау осы біздің.
Қазір ұлттық идеология жайлы әңгіме көп айтылып жүр. Бірақ сол қалай жасалады, оның жөн-жосық, жоба-жолы қандай болуы керектігі жайлы бірыңғай тұжырымды, кесімді, келісті ұсыныс айтқан жан баласы жоқ. Алматы облысы қолға алып жатқан Рух мерекесі, әр түрлі ұлттық үрдіс, салт-дәстүрімізге қайта оралу қағидалары сол идеологияны қалыптастырудың, белгілі бір жүйеге түсірудің үзік-үзік әдістемесі, "осылай етсек қайтер еді?" деген ізденістің алғашқы айқын қарлығашы сияқты емес пе. Оны мансұқ етіп, іңгәламай қағып үнін өшіргеннен біз нені ұғамыз?
Рух мерекесін өткізуге 3 млн. теңге қаржы жұмсалғанын оң көрмейтініңді аңғартыпсың. Өзіміз үлгі тұта беретін Америка Құрама Штаттарында үгіт-насихат, жалпы белгілі бір мақсаттағы идеологияға арналып (мәселен Кеңес өкіметін құлату сияқты) миллиардтаған доллар шығарып жататынын жақсы білесің ғой, жаңа ой, жақсы идея ертең ел игілігіне қызмет етіп жатса, сен айтқан қаржы рухымыздың өзгерілуі, өрлеуі арқылы-ақ еселеп қайтпай ма?
Кітапханалар жөнінде де дауым бар. Бір кезде шағын мәдениет ошақтары қажет болған да шығар. Бірақ уақыт өтеді, заман басқаша көзқарастарды қажетсіне бастайды. Алматы облысының орталығында кішігірім бірнеше салалық кітапханаларды ұстанғаннан гөрі, "Алматы облыстық кітапхана мекемесі" сияқты орталықтанған ірі құрылым тиімді сияқтанады маған бүгін. Оның үстіне Алматыда әлденеше республикалық кітапханалар да бар ғой. Қазіргі тандағы әрбір жеке адамның кітапханасы да ондай шағын ошақтар қызметін тарылта түсері хақ. Ұлттық рухқа келсек, ол бір ғана кітапханалар жұмысымен өлшенбесе керек, әйтпегенде аясын тым-ақ тарылтып жіберерміз.
Сондай-ақ, маған жеткен ақпар бойынша, қазір Сен сынап отырған алтын қордың идеологтарының бірі де, бірегейі де өзің болған көрінесің. Үндеудің мәтінін де, атын да ойлап тапқан ("Алтын қорға — алтын қос") өзің екенсің.
Сен, Аманхан, облыс әкімі Заманбек Қалабайұлына: "Сіз қарапайым халықты қойғанда, өз аппаратыңыздағы қызметкерлердің қолына түспейтін жанға айналғансыз" — дей келіп, біраз кінә артыпсың. О жағын қайдан білейін, езім он ай емес он шақты күннің ішінде оның алдына әлденеше рет барып, әр түрлі мәселелер шешкенімді айта кетейін.
Сен оны да ашумен айтып қалған жоқпысың? Өйткені сен екеуіміз оңаша бір әңгімелескенде маған бұл туралы ләм-мим демеген едің, мен сатан ағалық ақылмен: қастасу емес достасу жағында жүрсеңші дегендей емеурін танытқан болатынмын, есінде шығар?..
Жүздеген мың адамы бар облысты басқарып отырған Әкім мен оның командасының үшкіріп-түшкіргенін ғана термей, қызметіне қарай бағалап, іс-әрекетіне қарай сараласақ жөн болмас па?
Кейде біз сылаймыз деп отырып, сындырып, сыйлаймыз деп отырып, бүлдіріп алатынымыз бар. Қазақ газеттеріне деген, оларды қорғай, қолдай жүруге деген жылы пейіл, жақсы ықыласына түгел қосыламын. Бірақ олардың да әрдайым жауластыру емес, елдестіру жатында болғаны абзал ғой деп ойлаймын.
Бұл күнде газеттеріміздің бір қатары халық қамы, ел намысын ойлап, ұлттық қасиетіміздің жыртысын жыртудың орнына, көр-жер, өнбес дау, өтірік пен есек, жала мен бәле қуалап кетіп бара жатыр. Мен соған күйінемін. Ызаланамын. Нелер бір ендігі ұлт қайраткерлері мен болармын-ақ деп жүрген азаматтардың бір-біріне айбат көрсетіп, ғайбат айтып, күйелеп, өзі ғана емес, оқырман жұртты да әуеніне ілестіріп, әуреге түсіріп біткеніне намыстанамын.
Ауылды жерде шәу етіп бір күшік үрсе болды, қалғандары әр жерден, әудем жерден үн қосып, бірінен-бірі асып түсіп, өршелене әупілдеп кетуші еді; кейде "мыналар неге ғана бәрінің көтеніне ұқсап шуылдап кетті?" дегендей болып, соларға қосыла марғау ғана бір маңқ етіп қойып, қайырыла жата кететін майтөбеттер де болатын. Біздің газеттеріміздің кейбір қаракеттері соны елестетеді. Одан не барқадар тауып, қандай бақыт табатындары беймәлім.
Солай, Аманхан! Сен екеуіміз негізінен Поэзия деп аталатын қастерлі патшалықтың құзырындағы пенделер едік қой, қызметтен сен кетіп, мен келіп жатқан соң айтқаны деп жүрмегейсің, ойымды әлі де болса ірке алмай отырмын.
Кеше ғана өзің тап-таза балап, ынтамен келіп, нанын жеп, дәмін татқан жеріңді бірер адамға деген пенделік өкпе үшін құстаналамай-ақ кеткенің жөн еді! Өйткені өзің түстеніп өткен жер емес пе еді, өзің суын ішкен құдық емес пе еді? Қайда кеттің, Аманхан? Ойлана жүрсең қайтеді?
* * *
Осылай деп жазарын жазып алып, екі-үш күн үстел тартпасында ұстадым. Жібектен бастап сол төңіректегі біраз адамға оқытып та алдым. "Қатып кетіпті, енді тездеп жариялау керек!" — деушілер көбейіп бара жатты. Содан сәл секем алғандай болып, Аманхан да бекерге шырылдап жүрген жоқ, оның сөзінде де жан бар шығар. Жеген нанымды ақтаудың басы деп біреуді ренжітіп, біреудің көңілін табудан не ұта қоймақпын осы, жұрттың бәрі неге мені қолдап, құптап кетті? Мұнда да бір гәп болып жүрмесін. "Әй, қайда қашар дейсің, жата тұрсын, арғысын тағы көрерміз" — деп, үстел суырмасына салып тастап едім...
Содан қазір ғана, бір жарым жыл өткізіп барып қайта қолыма алып қарап отырғаным осы. Ет қызуымен әлдебір газет бетіне жариялап жібермегенім қандай жақсы болған деп те құдайға шүкіршілік айтып қоямын.
Қарап жүріп қағажу көрген, өресі төмен әлдекімдердің сынап-мінеуінен, әртүрлі кекесін мен кеміте қарауынан ығыр болған жігіттің жан айқайы екен ғой ол.
Осы әкімшілікте істейтін бір қыз бала маған оңаша сыр ретінде: "...Аға, сіз байқадыңыз ба, жоқ па Аманхан аға мұнда жүргенде мүжіліп, жүдеп, көбіне-көп әлденеге әбіржіп жүргендей көрінуші еді, қазір кезігіп қалғанда байқаймын, ағы — ақ, қызылы — қызыл болып шырайлана, жүзі нұрлана түскен. Төмендегілердің түртпегі ақын адамды біз білмейтін әлдебір әуре-сарсаңға сала ма, әлде?" — деп айтқаны бар еді.
Ол қыздың өзі де мұндағы атмосфераға төзе алмай, ақыры көп Ұзамай кетіп тынған болатын.
Бастапқы кезде әжептәуір айыптап жүрсем де сол Аманханның да орынсыз қорлануға қарсы оқыс тулап қыр көрсетуін түсіне бастағандай болдым. Өйткені дәл осыған шамалас бір оқиға әкімшілікке келерден тұп-тура екі-үш ай бұрын өз басымнан да өткені бар болатын. Оны да айта кетейін.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі