Осыдан біраз бұрын Алматы қалалық әкімшілігінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев бір топ мәдениет, әдебиет пен өнер өкілдерімен кездесу өткізді. Өз басымыз ол жиынға қатыспасақ та, (ешкім бізді шақыра да қоймағанын айтам да) Нұрекеңнің теледидар арқылы айтқан бір сөзі көкейімде қалып қойыпты. Кейде ұдайы ғана оппозицияда жүретін жекелеген азаматтар, деп еді сонда Президент, аузына келгенін ақтарып, бет алды байбалам салып жатқанда, біздің зиялы қауым өкілдерінің бірде-бірі: "әй, қоя тұр!" — деп басу айтып, басалқы болғанын көрмеппін, қайта, керісінше, "қай жеңгенің менікі" дегендей бейтарап сыңай танытып, сыртқары қала бергісі келетіндері бар. Сөйте тұра: "бізге анау керек еді, мынау керек еді", "өйтпедің, бүйтпедің" деп өкпе айтып, реніш білдіріп жататындарын қайтесің!"
Дәл осы сарындас бір сөзді о кісі бұдан бес жыл бұрын тағы да бірқауым әдебиет пен өнер қайраткерлерін Алматыдағы өз резиденциясында қабылдаған кезде де айтқан болатын. Қазақтың бір баласы бола тұра, деген онда Президент, сол қазақ елін басқарып, халқына қызмет етіп келе жатып, ел мен жерге менің де жаным ашымайды, ел басына түскен ауыртпалыққа менің де қабырғам қайыспайды деп ойлайсыздар ма? Мен де өз елімнің аяғынан тез арада тік тұрып кетуі жолында жан беріп, жан алып жүрген адаммын. Ел мен жердің, еңбекшілердің, әрбір отбасының әлеуметтік жағдайы, тұрмыс-тіршілігі жақсара беруін ойлап жар құлағым жастыққа тимейді. Бірақ, амал жоқ, бірде қалауы табылмай, бірде алауы жағылмай жатады, бір-ақ орғып шығуға, бір-ақ секіріп түсуге мүмкіндік бола бермейді. Соны біле тұра көп болып көтермелеп, қолдап, қуаттап жіберудің орнына біреулеріңіз аяққа оралғы болып, біреулеріңіз мені іске алғысыз ете сықпырта сөгіп жатасыздар. Бәрін де көріп, бәрін естіп-біліп жүремін. "Былай етсек қайтеді?" — деудің орнына саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарағандай боласыздар. Соған күйінемін, ыза болсам, соған ыза боламын.
Бәлки, Президент бұл қауымның ақыл-кеңесіне де, көтерме, қолпашына да зәру емес шығар. Әлгі сөзді де елдестерін, отандастарын ұлы іске қарай жігерлендіру, қайрай түсу үшін айтқан болар.
Өз басым кейінгі Президент сайлауы алдында "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған "Мен қандай Президентті қалаймын?" деген шағын мақаламда осы төңірегінде біршама таратып айтып едім. Сонда біреулер: "жөн екен, дұрыс!" — деп құптаған, біреулер: "жағымпазданып бара жатқан жоқсың ба?" — деп, жарата қоймаған сыңай танытқан.
Мен — Қазақстан азаматымын. Қазақ ақынымын. Мемлекеттік қызметтегі адаммын. Күні кеше елмен бірге Президент үшін дауыс бергемін. Ендеше өзім қолдаған, дауысымда берген адамды сыйлауға, құрметтеуге, оның оң бағытқа орай құрылған идеологиясын, ел игілігі жолындағы бар жақсы бастамасын, ойын, мұрат-мақсатын қолдауға, қолдап қана қоймай ауыр жүгін қолдаса, көтеруге, әрбір шұғыл шараларды жүзеге асыруға өз биігім, өз білімім, қабілетім, қауқарым жеткенше үлесімді қосуға міндеттімін деп білемін.
Президент те көктен салбырап түскен жоқ, ол да ет пен сүйектен жаралған адам. Елбасының атқарар ұлы қызметінде бірде артық кетіп, бірде кем түсіп жататын тұстары да болар. Сөйте тұра, айналып келгенде, әрбір іс-әрекеті, әрбір жарлығы мен әмірі ел мүддесіне сай келіп жатыр ма, халықтың әл-ауқатын көтеруге септігі тие ме, еліміздің ертеңі не болмақ? Президент қай жолмен, қай бағытты бетке ала бастап бара жатыр? Бізге керегі ең алдымен осылар емес пе? Ел ішінің негізгі көпшілігі Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған жолды құп көріп отырып, оған ешқандай дау да, дамай да жоқ. Күдік келтірудің өзі күнә. Ендеше соңына ерген, өз қасында ұстап келе жатқан бір топ нөкері ғана емес, көп болып қолдап, ел болып соңына ергенде ғана, еріп қана қоймай, әрбір онды сөзіне құлақ асып, орынды нұсқауын бұлжытпай орындағанда ғана ісіміз оңға басатын болады. Сонда ғана ертеңге ұялмай бара алатын боламыз.
Күн қанша биік болғанымен кей-кейде оның бетін шүйкелей ғана бұл жауып, көлегейлеп алады. Зиялы қауым өкілдеріне наз айтып, орынды өкпе білдіргенде Президент араша іздемегені болар, әртүрлі алып-қашпа әңгімеге жол бермей, дер кезінде тойтарып, әлгі бір бұлтты көп кідіртпей сырып жіберіп отырсандаршы деген болар. Әйтпесе, өзге деген елеусіз өкпеге бола елге де, ел ішіндегі ерге де ренжи қоярлық кісіңіз Нұрекең емес еді ғой.
Қазіргі әдебиетте, сахналық шығармаларда, тіпті күнделікті баспасөз беттерінде де келеңсіз бір көрініс белең алып барады. Бұрын біз қожа-молда, бай-манаптарды жағымсыз кейіпкер ретінде жек көріп өсіп едік. Солардың орнын бұл күнде әртүрлі деңгейдегі әкімдер басыпты. Әкімді ақынға да қарсы қою, елге де кілең құбыжық етіп көрсетіп, жөн-жосықсыз тиісу, келсін-келмесін балағаттай жөнелу, қызметін құстаналауға біржола ойысып бара жатқандаймыз.
Адам қашан таяқтың бір ұшы өз басына тигенше көп нәрсеге мән бере қоймайтыны бар. Алматы облысы әкімінің қарамағына қызметке келгенге дейін өзім де ондай әңгімелердің біразына қосылып кете беруші едім. Ел ішінде орын алып отырған ірілі-уақты кеміс-кемшіліктің біразын әкімдерден көріп, солар бөгет болмаса әп-сәтте бәрі оңала кететіндей көрінетіні де рас болатын.
Жоқ, олай емес, мүлдем олай емес екен!
Біздікі көбіне сырттан қарап тон пішу болып шықты. Енді соны әлім жеткенше әр қырынан таратып, талдап көрейін.
Облыс әкімі Заманбек Нұрқаділовтің әр дүйсенбі сайын барлық орынбасарлары, әртүрлі саладағы басқарма, департамент, бөлім басшыларымен міндетті түрде өткізетін лездемелеріне үзбей қатыса жүре, бір шеті мен екінші шеті әлденеше күншілік жерді алып жатқан екі миллионға жуықтап қалған халқы бар үлкен өңірді басқарудың, басқарып қана қоймай ай сайын, апта сайын сынық сүйем, сыңар елі болса да ілгері дамыта түсіп отырудың қаншалықты қиындыққа түсетінін шамалай бастағандаймын. Ел билеп, жұрт шүйлеп жүрген бұл азаматтардың шын мәнінде жар құлағы жастыққа тимейтінін байқадым. Ауылшаруашылығында, өндірістегі кетеуі кетіп-ақ қалған тірлікті қайтадан қаз-қалпына келтіру, мыңдаған, жүз мыңдаған адамдарға жұмыс тауып беріп, күнкөрісін қамтамасыз ету, облыстың қаржы-қаражатын көз жазбай қадағалау, оны барынша тиімді пайдалану, әр теңге, әр тиынның қайда кетіп, неге жұмсалып жатқанына бақылау жасау, айта берсең Әкім атқарар істі күні бойы санап та тауыса алмайды екенсің.
Оның үстіне бір жерде мектеп жылусыз қалса да, балалы әйелдің жәрдем ақысы берілмей, дәрігердің қырсыздығынан емханадағы ем-дом дұрыс жүрмей жатса да таяқтың бір ұшы келіп тағыда Әкімге тіреледі. "Жағдайымызды көрмеді, тиісті көмегін бермеді!" — деп анталаған ағайын өз алдына. Бәрін и тыңдау керек, бәріне де қол ұшын созып, қолынан келген көмегін көрсету керек. Кейде түймедейді түйедей етіп көрсетуге дайын тұратын, әртүрлі алып-қашпа әңгімені еселей түсетін ресми, биресми ақпарат құралдары тағы бар. Содан да Әкім өзіне де, қарауындағы үлкен-кіші қызметкерлеріне де тыным беру дегенді білмейді. Екі тізгін, бір шылбырды уысынан бір сәтке шығармауға тырысады.
Бірақ бұл жалаң ұран, жай ғана көзбояуға құрылған ала-шапқын емес, күн сайын жүзеге асып жататын қауырт іс, сот сайынғы, сағат сайынғы қайнаған жұмыс. Ал әкімнің таңдап алған орынбасар, басқа да серіктестері, төменгі буын бастықтар соның бәрін қалай басқарып, қалай орындап, қалай жүзеге асырып жатыр. Ол енді келесі кезектің әңгімесі.
Құлдық санадан қашан ғана арылып болатынымызды анық кесіп айта алмаймын. Кешегі кеңестік психология да жейдесін біржола шешіп лақтырған жоқ. Өйткені, біздің халық әлі күнге ұядағы балапанға ұқсап, "берші де бершілеп" шиқылдаған қалпы, жоғарыға аузын ашумен отыр. Олар өз үйінің түтіні түзу ұшпаса да, өзі лоқсып, төрі қоқсып жатса да Әкімнен (өкімдерден) көреді. "Көмектеспеді, қол ұшын созбады" деп зар еңірей жамандайды онымен қоймай. Айтаққа айқай қосушылар соны іліп алып, тағы да сөзді көбейтіп, ду-думен көпіртіп әкететіні тағы бар.
Бәріміз де пендеміз. Болған үстіне болса берсе екен дейміз. Өйткені, "кедей бай болсам дейді, бай құдай болсам дейді" деген қағиданы құлағымызға құйып өскенбіз. Облыс, аудан әкімдерінің атқарып жатқан қызметіне күмән келтіріп, кейде бір жаңылып кеткен, сәл-сәл қате басқан ізін көрсе, атой салып шыға келетіндер де аз емес. Бұл Абайдың: "Жақсылығың күнде үміт, бір жаңылсаң болды кек", — дейтін сөзін еске салады.
Сондайда өз бағасын білетін, өз басын биік бағалайтым адамдар бір сәт ашуға бой алдырып қояды. Өйткені, олар ешқашан жалған жалаға төзбеуді дағды етіп үйренген. Бірақ ол мінез көпке жақпасы ақиқат.
Әрине, мен ешкімді де басшы атаулыға (Ел басына да) бас иіп, құлшылық етуге шақырып отырған жоқпын. Тек өз елінде, өзің туған жерінде сенің қамыңды қоса жейтін басшың барын ұмытпа, қолдан келсе соған серік бол, септігіңізді тигіз демекпін. Жоқ жерден ілік тауып, кісілік, лауазымдық намысына тие бермейік деп те айтқым келеді. Өйткені, әкім де адам, ол да азамат. "Таудай ісімді көрмей, тарыдай кінәмді тергені-ай!" — деп дау айтуға оның да қақысы бар.
Елім деп еңіреп жүрген азаматтардың әрбір шалыс басқан адымын андып, табалап, "шоқ-шоқ" деп әуре болғанша, арқасындағы ауыр жүгін демеп, өзін жебей жүргеніміз оң болмас па еді.
Ел басқару — аса қатпарлы, қалтарыс-құпиясы, шытырман шырғалаңы көп өнер. Екінің бірі игі жақсы атала бермейді. Жүзден озған жүйрік, мыңнан озған тұлпар ғана ел тізгінін өз қолына алып, берік ұстай алады.
Орыс ақыны Евгений Евтушенконың: "Поэт в России — больше чем поэт", — дегені бар еді. Қазір қазақы саясат көгінде беделін де, бедерін де жоғалтпай бірқалыпты жақсы көрініп келе жатқан, білері мол, әкімдігінен азаматтығы басымырақ бір шоғыр жас топ, жақсы топ бар. Ел басқару өнерін еркін игеріп, жолдан таймай келе жатқандар да әзірге солар сияқты. Солардың маңдайы жарқырай берсін, күн көзінен көлегейлеп, қолдан келсе көтере, көмектесе жүрейік дегім келіп еді, ағайын.
Артық сөзі, алып-қосары жоқ еді. Бәрі де өз орнында сияқтанған...
7 наурыз, 2000 жыл.
Әкімшілікке келгелі екі айдың жүзі болып қалды. Сөйлесуге, пікірлесуге, сырласуға болатын адам жоқ. Көбіне-көп мансапты ғана бақ санап, лауазымды ғана мұратқа балап ғадеттенген адамдар сияқты. Байқамайын — ақ, елемейін — ақ дейсің. Амал жоқ, көзің болған соң — көресің, құлағың болған соң — естисің. Әйтпесе, мен үшін, менің алдағы күнім үшін осыларға көңіл бөліп жатуым керек пе өзі? Бәрі демегенімен, біразы түймедейден түйе жасауға, түйір дәнді тірнектеп жинап, айналасына соңы көрсетіп байбалам салып қалуға құмар жұрт екен.
Сөзіңе қарасаң да, өзіңе қарасаң да бәрін өздері шешіп, бірдеңені қиратып жүргендей көрінеді. Байыптай келе байқасаң — тау қопарып тастаған түгі жоқ, бәрінікі сол баяғы күйкі тірлік, қиқым шаруа. Ел мүддесі, жұрт мұратын ойлап жүрмегендерін өздері де сезеді, сөйте тұра былайғы жұртқа: "біз, міне сондаймыз!" — дейтін баяғыдан қалған көзбояу.
Жібекке кіріп, әлдебір шаруа жайын әңгімелеп, әзіл айтысып отыр едім, үстімізге алқын-жұлқын болып, қобыраған көп қағазы бар Роза Кәрібжанова кіріп келгені. Кіріп келді де, маған қарама-қарсы отырып алып, қағаздарын жайып салып, міз бағар түрі байқалмаған қалпында Жібекке қарады. Мені барсың ба, жоқсың ба, деп елейтін түрі көрінбейді. "Бұған не болып қалды?" деп мен отырмын.
Бұрын өйтпейтін. Өтірік те болса жалбақтап амандасқан болып, жанасқан болып жүретін. "Апыр-ау, қарындастың бұл қай кердеңі?" деп ойладым да, Жібекке қарап: "Мен шыға тұрайын ба? — деп сұрадым. — Роза асығыс сияқты ғой, баса-көктеп кіргеніне қарағанда".
Жібек деген сұңғыла пәле. Ішкі ниетімді қабағымнан сезе қойды-ау деймін. "Роза, қазір біз бітеміз. Орныңа барып сәл күте тұр, өзім шақырам!" — деді.
Роза қағазын қайта жинап алып, қызара бөртіп шығып кетті.
Менің де білмейтінім бит ішінде, сезбейтінім тіптен жоқ. Мен туралы маған жағымсыз, өзі мен өзі сияқтыларға жағымды бір сөз естіген. Осы Жібектің аузынан да андаусыз шыққан әңгіме болуы мүмкін. Соны ести сала, "енді сенімен несіне санаса қоймақпын" деп қыр көрсеткендегісі. "Құл қожасынан қорықса да, құдайынан қорықпайдының" кері еді бұл.
10 наурыз, 2000 жыл.
Осындағы өзіме тиесілі қызмет орнына келіп отырғалы тұп-тура екі ай өтіпті: "Менің ғана қолымнан келеді, мен істедім!" — дерліктей әлі түгім жоқ екен. Мен болмасам да атқарыла берер, кез-келген адам еңсеріп әкетер сол баяғы осындағылардың бәріне тән қиқым ғана шаруалар. Ара-тұра кіріп шығатын Ахмет болмаса, ешкіммен әлі ашылып сөйлескен де, шешіліп сырласқан да емеспін. Әйелі де, еркегі де бір-бірінен үркіп, үрейленіп, секем-сезіктен арыла алмай жүрген біреулерге ұқсайды. Өз көлеңкесінен өздері қорқады. "Апыр-ай, ойдан қырдан осылардың басын қалай қосып жүр екен?" — деп ойлай беретін болдым.
Басқаша бір бетбұрыс жасамай болмас, сірә. Оның үстіне әлгіде ғана "Меридиан" дейтін арнаулы телефон арқылы Заманбек Нұрқаділов сөйлесіп, көңілге қонымды біраз пікір айтты. "Жылы-жылы сөйлесе, жылан іннен шығады" дегендей, әзіліне де, артық-кемсіз айтқан ақыл-нұсқауына да ішім жылып қалып еді.
31 наурыз, 2000 жыл.
Біз бүгін барлық аудандық, қалалық газеттер редакторларының, аудандар мен қалалар әкімдері орынбасарларының басын қосып үлкен жиын өткіздік. "Тойдың болғанынан боладысы қызық", осы жиынға дайындалу, өткізу төңірегінде мен тағы да біраз жәйтке қаныға түскендей болдым.
Бұл жиынды өткізудің қажеті, алдағы күнге белгіленер межесі жайлы ой өзімнің тарапымнан туындады да, аппарат басшысының орынбасары ретіндегі өзімнің тікелей бастығым Мұрат Мұсабаевтан қызу қолдау тапқан болатын. Әкімге кіріп айтып едім, жай-жапсарды түгел тыңдап алдыда, қарсы болған жоқ, разылығын берген-ді.
Бұл жерде аппарат ішінің ырымы мен жырыңынан әлі бейхабар менің тарапымнан біраз қателік кеткенін кейін барып аңғардым. Оған кейінірек тағы бір тоқтала жатармын, әзірге бағытымызды бұрылмай тұра тұрайық.
Жиын өткізудің жоспары жасалып, күні, сағаты белгіленді. Негізгі баяндаманы мен жасайтын болдым да, мәдениет, экономика, ақпарат және қоғамдық-келісім басқармаларының басшылары, облыстық екі газеттің редакторлары сөйлейтін болып келісілді.
Жиынды кіріспе сөзбен ашу үшін облыс әкімінің де алдын-ала келісімін алғамыз.
Бірақ жиын өткізуге бір күн қалғанда әкім Жібек екеумізді шақырып, дайындық барысын анықтап отырды да кенет: "Мен сіздерге Уссурий жолбарысы жайлы бір мысал әңгімелеп айтып берейін бе, — деп алып, әңгімесін: — Жолбарыс былай алғанда ормандағы ешбір аңнан қуатты да күшті де емес, бірақ ол жылына бір мезгілде екі рет елді мекен тұсына келіп, әй-дә бір ақырып береді екен. Бала-шаға, қатын-қалаштың зәрелері зәр түбіне кетіп, мал-жанның біразы тіпті бұтына жіберіп те қоятын көрінеді. Сөйтіп айнала біткеннің зәресін ала, үрейін ұшыра түсіп барып тынады да, жөніне кетеді екен сабазың, — деп жалғастырды.
Егер ол күн сайын ақырып-шақыра берсе, құлағы да, еті де үйренген жұрт елең етіп елеуді қояр еді. Үніне де, түріне де мән беріп жатпас еді. Сол сияқты мен де, әкім басыммен осында өтетін үлкенді-кішілі жиынның бәрінде сөйлей берсем, өзімнен мән, сөзімнен дәм қалмай жүрмей ме? Сондықтан бұл жиналысты, Жібек, сен басқарып өткіз. Сенен де сөз қалып көрген жоқ еді ғой", — деп әзіл араластыра бітірген.
Соның артынан іле-шала Жібек мені шақырып, жиналыс жоспарымен, баяндамашылар құрамымен танысып, құптап, қуаттап дегендей, өзі өткізетін болып келіскен. Солай ұйғарып тарасқанбыз.
Тағы бірер сағаттан кейін мені Мұрат шақырды өзіне: Жібек аяқ асты жиын басқарудан бас тартып отырып, сіз екеуміз өзіміз өткізе береміз. Дайын болыңыз!" — деп тапсырды.
Түк түсінсек бұйырмасын. Мұншама қақпақыл қылардай не пәлеге душар болдық? Бірақ шешінген судан тайынбас, ұрыста тұрыс жоқ дедік те, жиналысымызды өзіміз-ақ күн сайын көріп, қатысып жүрген басқосулар дәрежесінде талапқа сай өткізіп шығып едік.
"Бақсам бақа екен" дегендей, мұның бәрі саясатта "выжидательная позиция" деген болатын еді, содан шыққан сыңайы бар. "Ал көрейік, осы не тындыра қояр екен?" — деп аңыс аңдудың бір түрі болып шықты.
Мен де барымды салып едім. Мұрат қолдау танытты. Солтанқұлова, Жәйшібекова, Адасбаевтар да, Нұрғожаев, Оверко сияқты редакторлар да, жарыс сөзге шыққан жергілікті газет редакторлары мен әкімдер орынбасарлары да бос лағып кетпей, нақпа-нақ, дәлме-дәл пікір-ұсыныс айтып, бүгінгі тандағы жергілікті газеттер басындағы хал-ахуал, мұң мен мұқтаждық жайлы әңгімелеп, облыс әкіміне қарата біршама қолқа да білдірді. Ол сөздердің бәрі хатталып, қаулы алынып, әкім алдына жетті кейін.
Жиынға қатысқандар да, қатыспағандар да (мұнда сөз жатпайды) "жиындарыңыз аса мазмұнды, жақсы өтіпті!" — десіп жүрді артынан. "Всем смертям назло!" — деп ерегессем егескеннің көкірегін басуға білім де, білгірлік те, көрегендік те, ұйымдастыра білер қабілет те жоқ емес еді, соларды бір пайдаланып көргенмін.
Бірақ басшылар тарапынан (Заманбек, Жібек) не мақтау, не даттау ести алмадық. Мұратқа әкім айтса айтқан шығар, маған емеурін білдірген ешкім бола қоймады. Көңіліме келсе де, тырс етіп үндеген жоқпын.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі