Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын,
Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын.
Ақылдылар арланып ұялған соң,
Ойланып түзеле ме деп айтқанмын, —
деген еді бір кезде Абай жарықтық. Бұдан бұрын "түбін ойлап, уайым жеген" сөздің біразын біз де айтқан болып ек. "Ұялған арлыны да, түзеле кеткен" зарлыны да көре қойған жоқпыз. Сондықтан да болар, тағы бір әңгіменің орайы келіп тұрғаны. Оған да себеп болған өз замандасымыз, өткен ғасырдың тағы бір үлкен ақыны Мұқағали Мақатаевтың "Сәби болғым келеді" деп аталатын әуенді де әдемі өлеңі еді. Бұл өлеңді де біразымыз білеміз, әртүрлі үлкен-кіші той-думанда даусымыз келсін-келмесін бәріміз қосылып әнмен айтып та жүрміз.
Бәз-баяғы әлдене себеппен көңілің нілдей бұзылып, жүйкеңнің босап сала беретіні болады. Сондай бір қарап тұрып күйзелген кезде: "Сәби болғым келеді-ау, сәби болғым!" деп іштей ыңылдап мұңды әуенге ауыса бастағаныңды аңғармай да қаласың. Сөйте тұра: "Ақын неге сәби болғысы келеді екен?" дегенге ой жүгіртіп, осы сөз астарына да үңіліп бір көрейікші деген қайсымыз бармыз. Өйтіп құлшына қояр құлқымыз болған емес те.
Мұқағалидың өлеңі есіме түскен сайын менің өзімнің де сәби болып кеткім келетіні бар. Өйткені, өмірге келген әрбір пенде баласының ең бір мөлдір-тұнық, судан таза, сүттен ақ кезеңі де сол бір ғана балалық шағы екен. Әлі тіпті аңғырт та емес, албырт та емес, ақ-адал ғана кіршіксіз сәби шағы, періште шағы.
Иә, дейсің тағы да, ішінде қулық сақтап, лықсып келген ойын іркіп қалуды білмейтін, артық айтып қоймадым ба деп айналасына екі шоқып, бір қарап әдеттенбеген ары да, жаны да таза адамды көрсек, жас сәбиге теңеп: "Өзі де құдды бір бала сияқты екен!" деп баға беріп жатушы едік қой.
Әрине, келе-келе, жүре, есейе, көпті көре келе бәріміз де "балалықтан арылып", тығылып-бұғынуды, жалтарып-бұлтаруды, иіліп-бүгілуді үйрене бастаймыз. Тік сөйлеп, турасын айтудан гөрі жалтара қалып, жалған сөйлеудің әлдеқайда тиімді де пайдалы екендігіне көзіміз жете түседі. Ойламай сөйлегеннің от басып, үндемегеннің үйдей пәледен құтылып жатқанын көресің. Сөйтіп, сен де бұға қашып, бұлтара тұруға дағдыланып аласың. Көре тұра көрмеген, біле тұра білмеген бола қаламыз. Ақ сөйлеп, адал айтпақ болған адамның өзге түгілі, өз ағайынына да жақпасын аңғарасың. Соның бәріне етің әбден үйреніп, күні кеше ақ болғаның да, пәк болғаның да бірте-бірте "ұмытыла" бастайды. Тірлік атты ұлы көште әсіре адалдықтың аясы тарлығына, ойлағанындай опа берекесіне біржола ден қойып, енді өзіңнің сол сәби кезіңді: "Әй, мүлде бала екенбіз-ау, ештеңенің байыбына бармай, парықсыз жүре беріппіз" — деп мысқылдай қарап, мүсіркей еске алып, "заманың түлкі болса — тазы боп шалуға" қай жерде жүріп бейімделіп алғаныңды аңғармай да қаласың...
Сәби мұның біріне де баспас еді...
Міне, осыларды ойлап отырып, Мұқағали ақын өзінің сәби шағына қимас бір құштарлықпен қарап, өлең құдіреті арқылы болса да Қарасазда өткен қайран балалығына қайырыла соғып, қайта оралып жүрген екен-ау дегенге бой алдыра беретінің бар. Өйткені балалық шағын жиі-жиі есіне алып, өзіне өзі сырт көз арқылы сынай қарап жүрген адам ғана дүние кірін бойына қаншалық дарытқан-дарытпағанын, дүние шуынан қаншалық жалыққан-жалықпағанын мөлшерлеп біліп, таразылап, талдап алар еді.
Ал, осыған қарама-қарсы, балалықтан ат-тонын ала қашып, енді қайта сәби болғысы келмейтін, яғни "болдым да толдым" деп бейғам балалықты есінен шығарған адамның бұдан өрі ізгілік іздеп, иманға ұйып, кісілік жолынан адасқан жоқ па екенмін деп ойлай қоюы да екіталай.
Бұл менің осы жасымда әбден-ақ көзім жеткен нәрсем.
Көптің бірі болып ел қатарлы өмір сүре беру бар да, туа бітті дегдар қалпында кісі болып тірлік кешу бар. Екеуі екі басқа ұғым. Өзін ақыл иесі санайтын әрбір адам тәңірі сыйлаған барлық қуат-күшін, парасаты мен білімін, көргені мен түйгенін, өнегесі мен үлгісін кісі болып қалсам деген бір ғана мұратты мақсат жолына жұмсаса, сол бағыттан айнымаса — діттеген жерінен түбі бір шығар еді. Айнала жұртты: "Әй, кісі-ақ еді ғой, шіркін!'" — дегізетін тұлғаға айналар еді.
Бірақ адам біткеннің бәрі сол біз айтқан кісілік жолына барын сала ұмтылмайды, ұмтылуды қажет деп те санамайды. Жаратушы бізді Адам атаның бауырынан айырып, өзіміз сияқты екі аяқты пенделермен бірге болып, біріге жүрсін деп көп ішіне қосып жібере салған кезде бір нәрсені ескермегенге ұқсайды. Біздің әрқайсымыздың жеке-жеке ой-арман, мұрат-мүддеміз болатыны ескерілмей қалған ба деймін. Жаратылыстан кеткен сол бір "шалағайлықты" жөндесек пе деп те қаншама ойшылдар, кемеңгерлер адам нанғысыз қайрат-жігер жұмсады. Соны басқалардың бәрінен де өзіміздің Абай тереңірек түсінген тәрізді. "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың, жақсы менен жаманды айырмадың, бірі қан, бірі май боп енді екі ұрғың" — деп күңірене жүріп:
Менсінбеуші ем наданды,
Ақылсыз деп кем тұтып,
Түзетпек едім заманды,
Өзімді тым-ақ зор тұтып, —
деп те дағдарған болатын.
Қайтерсің, "жарлы емеспін, зарлымын" деп күйзеліп өткен сол Абайдың өзі де ащы зарын аянбай төге келіп бірде: "Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр, сырымды тоқтатайын айта бермей!" — деп көп сөзін іште бүгіп қала бергенін жасырмайды. Бұл не сонда? Надан жұртым сөз ұқпас деді ме, болмаса шындықты іркілмей айтудан жалтарғаны ма? О жағы маған беймәлім.
Өзінің "оныншы сөзінде" сол Абай атамыз тағы да: "...Хош, құдай тағала бала берді, оқы өзің жақсы асырай білесің бе? Білмейсің. Әуелі өз күнәңді өзің көтергеніңмен тұрмай, балаңның күнәсіне тағы да ортақ боласың. Әуелі баланды өзің алдайсың: "Әне, оны берем, міне, мұны берем" деп. Басында баланды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің? ... қу бол, сұм бол деп, "пәленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді" деп, тірі жанға сендірмей шет жат мінез қылып, осы ма берген тәлімің? Осы балаңнан қайыр күтесің бе?" — дейтіні бар.
Біз де сол, кейде бір елден бөліне ой тастап, пікір білдірген адам болса: "Баланың сөзін айтып!" — деп кекетуге, тіпті мұқатуға дайын тұрамыз ғой. Шындықтың өзі сол баланың сөзінде екенін тағы ескеріп, елеп жатпаймыз. Ағынан жарылып, адалын айтып отырған адамнан безініп, ат-тонымызды ала қашамыз. Балалықтан арыла бере қулықпен карын бөле, сұмдықпен сыбайлас болуға итермелеп тұратын да бір күш бар. Сыртқы күш.
"Балалы үйдің ұрлығы жатпас" дейтін қағиданы туғызған да, тұтас бір патшалықтың адамын ақымақ қылып, мазақ еткен Андерсеннің әйгілі екі алаяғын әшкерелеп: "Король жалаңаш қой", — деп үлкен-кішінің көзін ашып, шындыққа жүгіндірген де сол сәби еді ғой. Құйтымдай бала екі жүзділікке еті үйреніп кеткен бүкіл бір елдің масқарасын шығарған жоқ па еді сөйтіп.
Орыс жұртыңда да: "Устами младенца глаголит истина" дейтін аталы сөз бар. Яғни, сөзге нанғыш, айтқанға иланғыш болғанымен де, жалтарып, жалтақтамай, барды барынша, жоқты жоғынша әрдайым өз орнына қойып беретін де сол сәби көңіл, кіршіксіз таза балалық екенін айтады.
Бұл аңғалдық та, аңқаулық та емес, расына көшсек — айна-қатесіз, алып-қоспасыз адалдықтың өзі.
Өзі адал адамның ешқандай күдік-күмән ойламай, айтқанға сеніп жүре беретіні де содан. Содан да барып басқаға сілтенген ащы таяқтың өзі алдымен адал адамның маңдайына барып тірелетіні бар...
Соның бәрін біле тұра, баз-баяғы Мұқағали ақын айтқандай, сәби болып кеткім келетіні бар менің.
Ал сенің сәби болғың келмей ме?
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі